Алма Кәкішева: ...Ішіміздегі рухымызды оятса, сол жетеді деп ойлаймын

ТЕАТР
2795

II Дүниежүзілік «Астана» театр фестиваліне Әуезов театры Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» тарихи қойылымын алып келді. Қазақ халқының тектілігі мен ұлттық болмысынын бояусыз көрсететін шығарма Бейбітшілік және Келісім сарайында сахналанды. Қойылым басталар алдына «Таңсұлуды» сахналап жүрген Әуезов театрының режиссері Алма Кәкішевамен аз-кем сұхбат құрған едік.

-Алма Жұмашқызы, биыл елордамызда екінші мәрте өтіп жатқан Дүниежүзілік «Астана» театр фестиваліне қош келдіңіздер дейміз! Қазір бірер уақыттан кейін Ғарифолла Есімнің «Таңсұлуын» Елорда төрінде сахналағалы тұрсыздар! Фестивалге қатысып жатқан қойылымға режиссер ретінде қандай да бір жаңашылдық енгіздіңіз бе? 

-Таңсұлу менің театр қабырғасында өткерген көп жылдарымның жемісі деп ойлаймын. Біз бұрын спектакльдерге декорациямен қоса видеомен көркемдеуді де араластыратынбыз. Осы жолғы «Таңсұлудың» қойылымына голографиялық көркемдеулер қосып, сәл де болса өзгеше эксперименттерге бардық. 

-Бәріміз білеміз, «Таңсұлудың» алғашқы премьерасы осыдан төрт жыл бұрын көрсетілді.  Ал бүгін фестивальге қатысып жатқан «Таңсұлудың» өзгерген тұсы бар ма?

-Егер осы фестивальге келген «Таңсұлуда» қандай да бір өзгеріс бар десек, ол осыдан төрт жыл бұрынғы ойнаған жас әртістердің есейгені, толысқаны дер едім. 

-«Таңсұлу»  бүгінгі қазаққа моральдық тұрғыдан не бере алады деп ойлайсыз?

-Біздің қазаққа негізі көп нәрсе керек емес. Ішіміздегі рухымызды оятса, сол жетеді деп ойлаймын. Бұл қойылымның негізгі тақырыбы - ұлттық кодымызды сақтау. Қазақ қыздары қашан да намысты, рухты болған. Ол біздің генетикамызға сіңген биік қасиет. Бойымызда осы биіктігіміз барда елдігімз ешқашан аласармайды деп ойлаймын.

-Осыдан өрт жыл бұрын ең алғашқы премьераға дайындалып жатқан сәттерді есіңізге түсіріп көріңізші. Бұл қойылымның актерларынан режиссер ретінде нені талап еттіңіз?


-Бұл өте аз уақыт ішінде, қызу дайындықпен дүниеге келген туынды. Небәрі бір айдың ішінде дайындалып, сахналанған қойылымда актер ән де айтуы керек, би де билеуі керек, аспап та да ойнауы керек. Ал осыны бәрін менің шәкірттерім өте аз уақыттың ішінде меңгеріп, домбыра да тартты, жетігенде де ойнады. Әрине, бұдан да басқа қиындықтар болды, актер мен режиссер арасындағы түсініспеушілік, көрермендерің біреу қабылдап, біреу қабылдамады деген сияқты кезеңдерді өткердік. Осы тұста бізге ерекше қолдау көрсеткен, сол кездегі Әкемтеатрдың директор Еркін Жуасбеков. Ол кісі сахналық костюмерден бастап, қойылымның әр премьерасына жанашырлық танытып, қолдап отырды. 

-Алма Жұмашқызы, осындай күрделі әрі тарихи қойылымдарға әртістерді қалай таңдайсыз?

-Мұндай қойылымдарға ең алдымен ішкі қуаты мықты, еңбекқор әртістер таңдалады. Сонымен қатар, ұлттық мәселелер қозғалатын қойылымдардың әртістері өмірде рухы мықты, жаны терең, болмысы бөлек жандар болуы тиіс деп ойлаймын. Мен өзім режиссер ретінде, тіпті психолог ретінде әртістерді сыртынан ұзақ уақыт бақылап жүремін. Кезі келгенде өзіне лайықты рөлін ұсынамын. Мысалы, Гүлшат Тутова, Гүлнар Жақыпова, Дулыға Ақмолда сынды актерлар театрдың нағыз бетке ұстар қаймақтары десем болады. Әбден піскен, толысқан, кемелденген, өз ісіне шынайы берілген, нағыз өнер иелері.

-Әңгімеңзге рахмет! Еңбегіңіз жемісті болғай! 


Сұхбаттасқан Ажар Қанатбекқызы




Жаңалықтар

Алматы қаласы Әл-Фараби даңғылындағы элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінде күзетшіні аяусыз өлтірг...

Жаңалықтар

Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімб...