Әміре Әрін
1957 жылы Алматы облысы, Қаратал ауданының Дөңши ауылында дүниеге келген. 1980 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 2012-2013 жылдары Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетінде оқып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды. 1978-2015 жылдар аралығында Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» газетінде тілші, жауапты хатшы, Киров аудандық «Еңбек туы» газетінде редактордың орынбасары, Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінде аға тілші, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары, «ТУЗ» акционерлік қоғамының бас директоры, «Спорт» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас маманы, Алматы облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2015 жылдың ақпан айынан Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ҚР Спортына еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Еңбектегі ерлігі үшін» және де отандық мерекелік алты медальмен, республикалық «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» омырау белгісімен марапатталған. Бүкіләлемдік Шыңғысхан Академиясының академигі, Педагогика ғылымдарының магистрі, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының (2008 жыл) лауреаты, «Ақ қарға алау жаққан Азиада» (2010 жыл) республикалық мүшәйрасының Бас жүлдегері, облыс және республика көлеміндегі өзге де мүшәйралардың жеңімпазы, Қаратал және Көксу аудандарының Құрметті азаматы.
1999 жылы «Тылсым тыныс» атты деректі повесі, 2004 жылы «Тамызық» деген атпен өлеңдер жинағы, «Кенен жерім – Көксуым» публицистикалық еңбектер жинағы, 2006 жылы «Ауғанның от-жалыны» зерттеу кітабы, 2007 жылы «Маздақ» жыр жинағы, «Томирис» әңгімелер топтамасы, 2017 жылы «Айқабақ» жыр жинағы жарық көрді. Топтама өлеңдері Жыр жауһары қазақ поэзиясының антологиясына, өзге де бірқатар республикалық жинақтарға енген.
Жасыру