Сәбит Оразбаев
АКТЕРОразбаев Сәбит Қоңырбайұлы, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Еңбек қызыл ту», «Парасат», «Отан», 1-дәрежелі «Достық» ордендерінің, «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері.
1936 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданында дүниеге келді.
1955-1959 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық консерваториясының театр факультетінде оқып, актерлік мамандық алып шықты.
1960 жылдан М. Әуезов театрында еңбек етеді.
Алғашында негізінен комедия жанрында, Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», Қ. Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» спектакльдерінде жарқырады. Осы сахнадағы жарты ғасырдан аса шығармашылық өмірінде қазақ және әлем классикасы, қазіргі заман драматургиясынан жүзге тарта сахналық кейіпкер сомдады. Олардың үздіктері қатарында Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Жантық, Ә. Тәжібаевтың «Майрасындағы» Дүрбіт, З. Шашкиннің «Жаяу Мұсасындағы» Жаяу Мұса, А. Островскийдің «Жазықсыз айыптылардағы» Муров, Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Исабек, О. Бодықовтың «Дала тұтқынындағы» Достоевский, Т. Ахтановтың «Антындағы» Әбілхайыр хан, Н. Гогольдің «Ревизорындағы» Дуанбасы, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу, Ә. Таразидің «Жолы болғыш жігітіндегі» Асан, Д. Исабековтің «Тыныштық күзетшісіндегі» Демесін, Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымындағы» Серебряков, т.б. сияқты біріне-бірі ұқсамайтын кесек кейіпкерлер бар.
Көрнекті актердің тәуелсіз Қазақстанның сахна өнерін дамытудағы еңбегі үлкен. Бұл кезеңде ол жасаған күрделі бейнелер қатарында А. Сүлейменовтің «Төрт тақта-жайнамаз» драма-диалогындағы Әбдінәсім шал, Д. Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуіндегі» Айтөре, Б. Мұқайдың «Өмірзаясындағы» Әли, қырғыз драматургы М. Ғапаровтың «Тұзды шөліндегі» Президент, К. Аширдің «Қабыл – Адам ата перзентіндегі» Ібіліс, М. Байсеркеновтің «Абылайханның ақырғы күндеріндегі» Бұқар жырау, Ф. Буляковтың «Отыз ұлың болғаншасындағы» Абдулла және қырғыз драматургы Б. Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай…» драмасындағы басты кейіпкер Қария сынды бір-біріне ұқсамайтын, жан дүние драматизмі күшті кейіпкерлерін жүрегінде заманның дерті бар әлеуметтік тип деңгейіне көтерді.
Халықтық өнер бастауынан қанып ішкен өнерпаз, әнші, сазгердің әндері де халық арасына кең тараған. Және бұл өнері М. Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Мағауия, З. Шашкиннің «Жаяу Мұсасындағы» Мұса, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Майсалбек рольдерінде кезең-кезеңімен жарқырай көрінді.
Өнердегі жемісті еңбегі лайықты бағасын алып, ол 1976 жылы Қазақстан Республикасының халық артисі (1976), ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1994), сондай-ақ Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген артисі (1994) атақтарына ие болды.
Жасыру– Балалық шаққа сапар шегіп қайтсақ…Бала кезіңіздегі есіңізден кетпейтін көрініс?Жасымн...