Оспан батыр
ҚАЙРАТКЕРОспан батыр (Оспан Исламұлы) (қаз. Оспан батыр; түр. Osman Batur; қыт. 欧斯曼•巴图尔; (1899—1951) — 20 ғ. алғашқы жартысында Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт азаттық қозғалысының көсемі. Алтай қазағы. Өмірбаяны 1899 жылы Алтай аймағының Көктоғай өңірінде туған. 12 жасында қазақ серкелерінің бірі Бөке батырдың қасына келді. 1951 ж. сәуірдің 29-ында Үрімжіде қытайлар тарапынан өлім жазасына кесілді. "Қазақ үшін сайтанмен сөйлесуге де бармын!" Ұрпағы Оспан батыр 1940 жылы атқа қонып, 1951 жылға дейін, Қытай, КСРО, Моңғол әскерлерімен 11 жыл соғысқан. Жарықтық, «мен ислам діні үшін атқа қондым» деген екен. Батырды 1951 жылдың 28 сәуір күні Үрімжіде атты. Оспан батыр атылғаннан кейін де қудалау тоқтаған жоқ. Көп адамдар жазаланды. Бұл үрдіс батырдың ұрпақтарын айналып өтпей қоймады. Үлкен ұлы Шердиман 1973 жылы Құлжа түрмесінде өлді. Екінші баласы Нығметолла 1976 жылы дүниеден өтті. 1928 жылы туып 12 жасында қолына қару алып соғысқа қатысқан кіші ұлы Нәби 2002 жылы қайтыс болды. Нәбидің алты баласы бар. Кенжесі Өркенбек Нәбиұлы ата-жұртына келіп, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітіріп, Қазақстанның азаматтығын алып Алматыда тұрақтап қалған еді. Діні мен ұлтты үшін шаһит кеткен Оспан батыр дүниеден озып, арада 60 жыл өткенде немересі Өркенбектің баласы дүниеге келді. Батырдың шөбересіне Нұресіл деп ат қойды. Күресі 1911 жылы Бөке батырдың жағында қытайлар және орыстарға қарсы күрес бастаған Оспан батыр бүкіл Алтай жерін және Шығыс Түркістанның қытайлар және орыстардан азат етілуін мақсат етіп қойды. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Қытай үкіметі тарапынан Шығыс Түркістан жеріндегі түркі халықтарына қарсы қысым күшейгенімен бірге түркі халықтарының жауап әрекеттері де күшейе түсіп, Оспан батырдың көтерілуіне себеп болған жағдай қалыптасты. Алтайды қытайлардан тазалай бастаған Оспан батыр, 1943 жылы мақсатына жеткендей болып көрінді. 1943 жылы шілденің 22 Бұлғында жасалған жиында Оспан батыр Алтай қазақтарының ханы болып жарияланды. 1945 жылының басында Шығыс Түркістанда бірнеше қала сыртында бақылау көтерілісшілердің қолына түсті. Жағдай қытайлар үшін бұдан артық төзгісіз болып және одан да қауіпті жағдай қалыптаспайынша Қытай әскерлері өлкеде қатаң және жойқын операциялар өткізді. Тарбағатай және Алтайдан шығарылған Оспан батыр күрес отыз мың кісімен бастаса да 1950 жж. басында осы сан шамамен төрт мың ғана болды. Бұл санға әйелдер және бала-шаға да кіреді. 1951 жылы Қанамбалда қоршалған Оспан батыр тұтқын болды, Үрімжіге жөнелтілді. Оспан батыр, халық арасында жүргізіліп көрсетілді және 1951 ж. сәуірдің 29-шы күні үкім бойынша өлімге кесілді.
Ортасы ойылып, ордасы бұзылмаған қалың қазақ жұртына жиырмасыншы ғасыр ала келген Қазан төңкерісі отамалы оқтай әсер етті. Таған тартқан жаңа Кеңес өкіметінің айперен әмірі мен қалыпқа сыймайтын қағидасы ұлан даланы еркін жайлаған көшпелі елдің көшелі жұртының барақат өміріне тұсау салып, дәмді дәстүр, сарқынды салтынан айырды. Қара қазан, сары баланың қамы үшін атқа қонған қалың жұрттың алды сеңдей сөгіліп, селдей төгіліп, атажұртын тастап ауа көшті. Қайта айналып келмейтін барақат өмірден енді барқадар таппасын сезінген елге жаңа өкіметтің тақияға тас тастағандай етіп айтқан өктем өкімі мен қорадағы малына, қосақтағы жанына ауыз сала бастауы тікендей қадалып, топ құрап, топар сайлауға еріксіз мәжбүрледі. Бөрте бесікке бөленген баласын ат арқасына артып үдере көшкен елдің алды Алатау асып, аспан асты еліне табан тіреген.
Қаралы көш
Тебінгісін тер шіріткен ұзын көш ұңғыт жүріспен Қытайдың шегіне жеткенде артта қалып бара жатқан ата жұртты қимай дауыс салған әйелдердің қаралы жоқтау үні жер жаңғыртып, орқаш тауларды теңселте күңірентіп тұрып алды. Ұзын көштің ұлардай шулаған қаралы үніне бесіктегі сәбидің ішегі түйілгенше жылаған ащы дауысы қосылып, көз ұшында мұнарға маңып, сағымға сіңіп жоғалып бара жатқан туған жерге деген қимас көңілдің қош-қошы көзден жас болып төгілген. Айқай дүние теңселіп кеткендей еді. “Елім-айлап” егілген қаралы көштің ішінде Можан байдың ауылы да бар болатын.
Арғы бетке асар алдында көштің етек-жеңін жинап, дамыл алуын қош көрген Можан ұлы Қуанғанға малдарды ықтияттауды тапсырып немересі Кәлимашты ертіп көш қоналқаға тоқтаған кезеңнің үстіне шыққан. Төменде түйелерді шөгеріп, белін теңнен босатып, кешкі астың қамымен жүрген бала-шағаның қарбалас қимылдарына ұзақ қараған Можан ақсақалдың ойын немересінің:
- Ата, ауылдан неге көштік? Қайда барамыз? - деген сұрағы бөліп жіберді.
- Е-е, балам-ай, қайбір жетіскеннен көшіп барады дейсің... - деп ауыр күрсінді. Алда не күтіп тұрғанын кім білсін. “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар” демекші, ата-бабасы жатқан, кіндік қаны тамған туған жерін тастай қашуға жаңа өкімет еріксіз мәжбүрледі емес пе. Кеңес өкіметінің айперен өктемдігі мен шап айылға жармасқан қиянатына көнгісі келмеді. Апы кіріп, күпі шығып жататын туған жердегі мамыражай барақат өмірдің қайта айналып келмесін ойлағанда еріксіз еңсесі езіліп, әжім торлай бастаған жүзін қуалай қос тамшы төмен сырғыды. Көз жасын немересіне көрсеткісі келмей теріс айнала берді...
Үрімші
Туған жерден осылайша үрке қашқан үркердей көш Үрімшіге жетіп бел суытқан. Мұнда да өздері тәрізді ауа көшкен бірқауым ел бар екен. Ауылдарына қоныс, малдарына жайылым алып, бөтен жерге де бірте-бірте үйренісе бастаған. Қарасы молайған елдің жарым көңілі сәл болса да сабасына түскенімен енді өздері үшін “арғы бет” болып қалған туған жерге елеңдеу мен алаңдау басылмаған. Басыла да қоймас, сірә...
Үрімшіге келіп қоныстанған ел тірлік қамына кірісіп, осылайша жаңа өмір бастады. Ауылы аралас, қойы қоралас ұйғыр ағайындармен де тіл табысып жатты. Балалардың сауатын ашуды да ұмытпаған үркердей ел балаларын Ақыт қажыға оқуға беріп, ескіше қара танытты. Қажының ауылы Үрімшіге ауа көшкен қазақтардың игі жақсылары бас қосатын ақ ордасы іспетті еді. Соңынан ерген елдің алдағы тірлігі қалай болмақ, мал жайылымы, көші-қон жағдайы - бәрі-бәрісі де қажы ауылында өтіп тұратын бас қосуларда шешіліп, кесімді пікір айтылатын. Былайғы жұрт өздерінің атқамінер азаматтарының айтқан сөзінен ауа шықпайтын. Бірлі-жарым ел ішіндегі телі менен тентегін де өздері тезге салып алатын.
Сынаптай сырғып, уақыт өте берді. Бұл жақта да өкімет бар екен. Жөн-жосықсыз көшіп келген қаймана жұртқа қыр көрсеткені ме, әлде өзге себебі болды ма, түртпек көбейе бастаған. Бергі бетке өткелі тиесілі алым-салығын малымен төлеп келген елдің жайылымы мен қонысына тыныштық бермей ұры-қары, сойқан-содырын саңылаудан сығалата бастаған жергілікті өкіметтің айтары көп көрініп, біртін-біртін бұл жақтағы “ұзын арқан, кең тұсау” тірлік те тарыла түскен. Күнделікті күйбең тірліктің соқпа-соқпасында қажы ауылына ат басын бұрушылардың қарасы көбейіп, ауыл арасында “Оспан батыр бәлен жерде қол жинап жатыр екен” деген алып қашпа дақпырт та тарай бастаған. Шаруа баққан ауыл адамдары оның не сөз екеніне ой жүгіртіп бойлай қоймаса да бір тықырдың таяп қалғанын іштей сезінген. Көп кешікпей-ақ ауыл арасындағы алып қашпа сөз расқа айналған.
Оспан батыр
Құмырсқадай қаптаған қалың қытайдың төрінде отырып, Гоминдан өкіметіне ат ойнатқан Оспан батыр кім еді? Енді соған келейік. Оспан батыр Сіләмұлы - Шығыс Түркістан үшін болған ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі, қазақтың соңғы ханы Кенесарының тағдырын құшқан, ерлігі ел ауызында аңыз болып қалған тарихи тұлға. Оспан батырдың іс-әркеті жайлы “Егемен Қазақстан” газетінің 2008 жылғы 22-ші наурыздағы санында “Даланың соңғы нояны” деген тақырыппен мақала мен Оспан батыр мен оның ұрпақтары туралы фотодерек берілген. Авторы Бекен Қайратұлы. Онда былай делінген: “...1940 жылы көтеріліс тізгінін қолына алған Оспан батыр 1944 жылдың қысында қол астындағы елін бастап Моңғолияға ауып барды. Әрине, екіжақты келісімнің нәтижесінде. Кеңес Одағының басшысы Сталиннің нұсқауымен Оспан батырға Моңғол елінің басшысы Чойбалсан барып жолықты. Бұл кездесуді ұйымдастыру кезінде КГБ генералы Ланпанг, әскери кеңесшілер Греднев, Пахомов, Кеңес Одағының елшісі Иванов болды..
..Келесі 1945 жылы Оспан батыр Алтай аймағын азат етті. Бұл іске Моңғолия жағы әскер беріп көмектесті. Қазақстан тарапынан да адамдар барды. Дәл осыдан кейін Оспан батыр мен Кеңес Одағы және Моңғол елі арасында араздық басталады. Себебі, Сталин мен Чойбалсан Шыңжандағы қарсыластарын Оспан арқылы “жуасытып” алғаннан кейін оларға енді көтерілісшілер көсемін (Оспанды) тізгіндеу қажет болды. Алтай аймағы азат етілген соң аймақтық билік орындарына Оспанның келісімінсіз Қазақстан адамдарын әкеліп отырғызды.. Бес жыл ұйқы көрмей қан кешіп жүріп жеткен жеңісі бөгденің игілігіне айналып кеткенін аңғарған Оспан батыр әскерін бастап тауға шығып кетті. Осылайша 1946 жылдан бастап Ұлы Отан соғысында шыңдалған, кеңестік арнаулы құрылымдардан жасақталған, бірақ Шығыс Түркістан әскерлерінің формасын киген әскерлермен, Моңғолияның қарулы күштерімен, коммунистік қытай сарбаздарымен қатар соғысты. Сөйтіп, жаңа бір жойқын майдан ашылды. Бірақ Оспан да қарап қалған жоқ. Бұрынғы жауы қытайлық Гоминдан күштерімен одақтасуға ұмтылды. Маоға қарсы тұрған Чан-Кай-Шиді қолдады. Әрі коммунистердің күшейіп кетуіне мүдделі емес елдер АҚШ пен Ұлыбритания елшіліктерімен байланыста болды” деп жазады. Бұл деректер Оспанның батыр ғана емес, саясаткер көсем де болғанын айғақтайды. Әрі қарай мақалада: “...Ақыры 1951 жылы ақпан айының 1-і күні Қытай әскері Оспанды қолға түсіреді. Батырдың ісін халық соты мен әскери трибунал қатар қарайды. Оған жүздеген адам өлтірді, мыңдаған мал тонады деген айыптар тағылады. Соның ішінде “Америка мен ағылшындардың тыңшысы болды” дейтін жалған айып та бар. Оны Оспан мойындамаған. “Мен тыңшылық істеп көмектесетіндей олар менің құдам ба екен. Одақтас болғаным рас. Қазақ үшін сайтанмен де тіл табысуға әзірмін” дейтін атақты сөзін айтқан.
Батыр 1951 жылдың 28-ші сәуірі күні Үрімшіде атылған. Оспан батырдың мүрдесін елі үкіметтен сұрап алып Көктоғай ауданының Күрті деген жеріндегі Тамырды қорымына жерлеген” деген деректер келтірілген.
Шырын тірліктің шырышты шуағынан гөрі соңына ерген елінің еркіндігін жоғары қойған Оспан батыр осылайша мерт болған. Көбімізге есімі бала кезден таныс, “Қашқын” атанған Дауылбайдың өміріне арналған Садық Смағұловтың “33 жыл оқтан қашқан адам” атты кітабында Дауылбайдың Тарбағатай тауларын бөктерлей Алтай асып, Оспан батырдың қолына қосылғаны жайлы айтылады. Кітапта: “Қытайға өтіп кеткен өр Алтайдың Керей, Уақ руларының ортасына бір жетсем, қанымыз бір Орта жүздің баласымыз ғой, төске теуіп, тентек мінез көрсетпес, сіңіп те кетермін” деп мақсатын анықтап алған Дауылбайдың Оспан батырдың қолына барып қосылған тұсын автор былайша баяндайды: “..Еренқабырға тауының терең сайлы аңғарларында мыңнан аса қол жиған Оспан батыр жаңа қосылған сарбаздарына ат үстінде мылтық атуды үйретіп жатқан жеріне жалғыз келді. Танымайтын адамға тексеру жүргізіп, сарбаздардың арасында түнетіп, ертеңіне Оспан батырдың алдына әкелді. Сәлемнен соң қайдан жүрген қазақ екенін тәптіштей сұрап, білген соң жеке басының қарым-қабілетін көсетіп жауынгерлік сыннан өтіп, Оспан батырдың ризашылығын алады. Бірнеше қақтығыстарға қатысады. Сенімге ие болған Дауылбай Оспан батырдың қасындағы ондықта қалады. Дауылбайдың мергендігіне көз жеткізген Оспан батыр бес қаруы бойындағы жігіт ағасын мейірбандықпен әскери кеңестерге қатыстырады... Сатқындықтың салдарынан қоршауда қалып, Оспан батыр қолға түскеннен кейін Дауылбай аттың басын кері бұрады” деп аяқтайды автор сөзін.
Демек, бұл кез Оспан батырдың бұрынғы “жақтастарының” өзіне көз аларта бастағанын, пыйғылдарының бөлектігін байқап қалғаннан кейін әскерін ертіп тауға шығып кеткен кезі, яғни, Моңғолия, Қытай және Кеңестер Одағының мұздай құрсанған әскеріне қарсы жалғыз ұрыс салып жатқан тұсы. Міне, тап осы тұста Сарыарқаның сайын даласынан саяқ құрлы сая таппай Алтай асқан Дауылбай Алтай тауына бекініп, қол жинаған Оспан батырға жолыққан. Ұлан даланың қос ұлын талайлы тағдыр осылайша аз уақытқа табыстырып қайта айырыпты. Тарихи деректерді оқып отырып, бала кезімізден санамызға “қашқын” деген атпен сіңіп қалған Дауылбай жайлы түсініктің қате екеніне қуандық. Қуана тұрып, Шығыс Түркістан үшін болған ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Оспан батырмен тізе қосып көрсеткен ерлігін елі біле жүрсе екен деп тіледік.
Оспан батырдың келіні Кәлимаштың әңгімесі
“Оспан батырдың келіні Ақадырда тұрады екен” деген сөз шығысымен іздеп бардық. Кәлимаш шешей Құрметбек деген баласының қолында екен. Келген шаруамызды айтқан соң оңалып отырған шешей: “Тоқсанның үшеуіне аяқ бастым. Құлағым мен көзімнен басқа әзірге кінәрат жоқ. Алланың мұнысына да шүкір” деп қойды. Тоқсаннан асса да сөзі ширақ. Сыры кетсе де сыны кетпеген, кешегі ата жұрттан ауа көшкенде Можан байдың қасындағы атасына сұрақ қойған немересі осы Кәлимаш шешеміз. Әңгімесін әріден бастады. “Ұлы әкем Можан әжептәуір мал біткен ауқатты адам еді. Жарықтық, 104 жасқа келіп қайтты. Менің әкем Қуанғаннан 7-8 бала болдық. Қазір көзі тірісі 3-4-еу-ақ. Екі сіңілім мен бір інім бар. Інімнің аты Жолбарыс. Туған жерді әкелеріміз тастай қашқанда мен 10-11-лердегі ойын баласы едім. “Басқа түссе - баспақшыл” демекші, басқа түскеннен кейін ауа көштік қой. Біз нені біліппіз. Қытайға барып паналадық. Не көрсек те елмен бірге көрдік қой. Шешемнің сүйегі Тоқа, оның ішінде Молқы еді. Мен бой жетіп, әркім-әркім сөз сала бастағанда шешем өзінің аталасы Зарқын деген кісінің Әбілқасым деген баласына беруді жөн санады. Бұлар да Тоқаның Молқысы болады. Сөйтіп, нағашы жұртыма келін болып түстім. Ауылдан келімді-кетімді кісі арылмайтын. Бір күні енем Күлән “Бүгін тентек қайным келеді” - деп ерте тұрып қазан көтертті. Бұл кісінің “тентегі” кім болды екен деп мен де елеңдедім. Сәскеге қарай ауылға бір топ атты келіп түсті. Баяғының батырлары сияқты қару асынған топтың алдында орта бойлы, дембелше келген, дөңгелек сақал-мұртты адамға ерекше құрмет көрсетіліп жатты. Киіз үйдің жабығынан сығалап тұрған мені қонақтар үлкен үйге жайғасқан соң енем шақырды. Үлкен кісілер отырған үйге кіріп, сәлем жасадым. Төрде отырған манағы сақалды адам енеме қарап: “Жеңеше, келініңнің көрімдігі мойнымда” деп орнынан тұрып келіп маңдайымнан сүйіп: “Бақытты бол, айналайын” - деді. Енем: “Иә, тентегім, келінім осы” деп жатты. Ел аңыздай ғып айтатын Оспан батыр осы екен. Бұл менің Оспан батырды алғаш көруім еді. Одан кейін ауылға келіп жүргенде сан рет көрдік қой. Көзі өткір кісі болатын. Жүре келе білсем, батыр менің атам Зарқынмен немерелес екен. Дәкілден Сіләм, Қали туады. Сіләмнен Оспан, Қалидан Зарқын туады екен. Менің шалым Әбілқасым Зарқынның баласы. Сонда Оспан батыр маған бір жағы ата, бір жағы нағашы болып келеді. Енем Күлән Оспан қайнысын қатты сыйлаушы еді. Оспанның үлкен баласы Шердиманды да ауылға келіп жүргенде көрдім. Кейінде бізді Моңғолияның жеріне бастап барып, Шегіртай өзенінің бойына қоныстандырған да осы Оспан батыр ғой.
Шегіртай деген өзен бастауын Алтай тауларынан алатын үлкен өзен екен. Екі елдің, Қытай мен Моңғолияның арасын бөліп жатқан осы өзеннің бойын атажұртқа қайтқанша мекен еттік. Оспан батыр қол жинап, тауға бекінген кезде Қали атамның 6 ауылы, ішінде біз де бармыз, осы Шегіртайдың бойында қалатынбыз. Оспан батыр бала-шағаға кесірі тимесін деп солай істеді-ау деймін. Өзім 6-7 құрсақ көтердім, бәрі сол Шегіртайдың бойында өсіп, жетілді. Ұлдың үлкені қайтыс болған, мына Құрметбегімнің тілеуін тілеп отырмын. Қыздарым бар, келіп тұрады - деп әңгімесін аяқтаған Кәлимаш шешей сөз соңында: - Немерелерімнің алды тұрмыста, мына күшік солардікі - деп 2-3 жастағы жиен-шөбересін айналып-толғанып жатып, - Біреуі ойутын, - деп қалды. Бұрын естімеген бөтен сөзге елеңдей қалғанымызды аңғарған үй иесі Құрметбек:
- Апам өзін әлі Моңғолияда екенмін деп қалады кейде. “Ойутын” моңғолша студент деген сөз. Ұлым жоғарғы оқу орнында оқиды, студент, соны айтқаны ғой, - деп түсіндіріп жатыр. Құрметбек 1956 жылы туыпты. “Әкем Әбілқасым Ақыт қажының оқуын тауысыпты. Моңғолияда тұрғанымызда май зауытын басқарды. Өзіміз ата жұртқа 1992 жылы келдік. Елге қайтар кезден бірер жыл бұрын ауылға Халифа Алтай ағамыз келіп, мектеп ашқан. Қыздарым сол мектептен де шамалы уақыт білім алды” - дейді Құрметбек. Өзі жол бойында жұмыс істейді екен. Дөңгеленген шаруасы бар.
Оспан батырдың көзін көрген Кәлимаш шешей жасаураған көзін жаулығының ұшымен сүртіп қойып бізге батасын берді. Біз де тоқсаннан асқан кейуанамен қимай қоштастық.
Түйін
Тәубе айтар тұстары көп тәуелсіздігіміздің бедерлі беттерінің бірі кеңестік кезең кесапатынан атажұртын тастап, ауа көшкен қандастарымыздың туған топыраққа қайта оралуы десек, соның көзі тірі куәсі Кәлимаш шешей өз ғұмырының алпыс жылдан астамын жат жерде өткізген екен. Қайта оралған қандастарымызбен қоса қалтарысы көп тарихымыздың бізге беймәлім беттері де ашыла түсуде. Қалтарыс тарихымыздың бір парағы Оспан батырмен ұштасып жатыр. Өкпесін сыз, өкшесін мұз тістеген қиын кезеңде соңына ерген еліне пана болсам деп ат жалына жармасқан, күші басым жауменен қайсарлықпен арбасқан ұлан даланың соңғы батыры Оспанның талайлы тағдыры терең зерттеуді қажет етеді. Деректерде келтірілгендей Шығыс Түркістан үшін болған ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Оспан батыр Сіләмұлы 1951-ші жылы 1-ші ақпанда ұсталып,Үрімшіде атылды. Оған да биыл аттай 58 жыл толып отыр екен. Елім деп еңіреп өткен ердің әруағы риза болсын. Шағын мақаламызда біз батырдың көзін көрген Кәлимаш шешеміздің айтқан әңгімесін қаз-қалпында оқырманға жеткізуді ғана мақсат еттік.
Дәулетқали Асауов,
Серғазы ҚАБЫЛДАҰЛЫ
Моңғолияның Үкіметбасшысы маршал Хорлоогийн Чойбалсан мен Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресінің басқ...
Кешегі Оспан батырдың 120 жылдығына орай өткізілген "Қайқая шапқан қарагер" театрландырылғ...