Қажымұқан Мұңайтпасұлы
ҚАЙРАТКЕРҚазақ елінің мақтанышы, алып күш иесі, теңдессіз палуан, әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ
ТолығырақҚажымұқан Мұңайтпасұлы (7 сәуір 1871 ж., Ақмола облысы Қараөткел ауылы, — 12 тамыз 1948 ж., Ленин туы колхозы, Оңтүстік Қазақстан облысы) — қазақтың атақты палуаны және и цирк артисі. Кәсіпқойлар арасындағы классикалық күрес бойынша әлем чемпионаттарында бірнеше дүркін (1908, 1909, 1911, 1913 және 1914 жылдары) жеңіске жетті. Француз күресі бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған ең алғашқы қазақ; классикалық күрес бойынша ауыр салмақ палуандары арасында әлемдік, ресейлік, аймақтық, одан кейін одақтық чемпионаттарда бірнеше рет жеңіске жеткен. Елуге жуық наградалар мен медальдардың иегері.
Ресей құрамасында өнер көрсете аламауына байланысты, Маньчжурия атынан Ямагата Муханура деген жапон есіммен халықаралық жарыстарға қатысты. Қажымұқанды «Қара Иван» деп те атаған, ал 1912 жылы қажылыққа барып келгеннен кейін, ол өз атына «Қажы» атауды қосып алып, осы атпен бүкіл әлемге танымал болды.
Революцияға дейінгі кезеңде Қажымұқан аты аңызға айналған Иван Поддубный, Георг Лурих және Иван Заикин сияқты палуандармен бірге түрлі халықаралық ареналарда өнер көрсетті. Қазан революциясынан кейін Кеңес үкіметінің орнауына белсене ат салысты, Қазақстан тарихындағы ең бірінші кәсіби театрдың негізін қалаған, одан сол заманның атақты артистері шықты, түрлі чемпионаттар ұйымдастырды.
Ұлы Отан соғысының жылдарында Қажымұқан халық арасында өнер көрсетіп, жиналған қаржыға майданға Амангелді Иманов есімі берілген ұшақ сыйлаған. Отан алдында атқарған борыштарына қарамастан, өмірінің соңғы жылдарында жергілікті билік өкілдерінен қолдау таппады және өкпесіне суық тигеннен қайтыс болды деп болжанады.
Шығу тегі
Қажымұқан, өз батырларымен аты шыққан, Қыпшақтың Алтыбас руынан шыққан. Қажымұқанның шығу тегі: қыпшақ Тоқтарбай, одан кейін Қобыланды, Тірлікбай, Ойбас, Ұзын, Алтыбас, Қарыс, Жоламан, Санбай, Шадибатыр (Абылайхан дәуірінде өмір сүрген), одан кейін Қажымұқан атасы Ернақ, әкесі Мұңайтпас және Қажымұқанның өзі.
Қажымұқанның нағашы атасы Лек палуан ағаштарды тамырымен жұлып алуға шамасы жететін күші туралы аңыздар бар.
Жастық шағы
Қажымұқан 1871 жылдың 7 сәуірінде (паспорт мәліметі бойынша) қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген, дегенмен Қажымұқанның қай жылы және қай жерде дүниеге келуіне байланысты мәселелер бойынша басқа да пікірлер бар (Дүниеге келген жері ОҚО, Отырар ауданы, туған жылы 1883). Оның әкесі Ернақұлы Мұңайтпас қарапайым, бірақ өте күшті адам болған, палуандар күрестерінде көптеген жеңістерге жеткен, сондықтан «жуанаяқ палуан» деген атқа ие болған. Қажымұқанның атасы Ернақ та ерекше күштің иесі болған дейді және ол немересіне қазақша күрестің ережелерін үйреткен.
Қажымұқанмен бірнеше рет кездескен журналист Қазбек Сүлейменов, Қажымұқан 9 жасында жетім қалып, байлардың қойын баққан дейді. Әлімқұл Бүркітбаевтың повестінде Мұқан 19 жасында жетім қалған деп жазылған, дегенмен кейін ол Қажымұқанның әкесі 1914 жылы қайтыс болды деген пікірді ұстана бастады, яғни ол кезде Қажымұқан 43 жаста және Рига қаласында болған.
Қажымұқан жастайынан байларға жалданып, ауыр жұмыстар істеген. Ол жұмыс іздеп Қызылжарға аттанып, ұлты татар, жергілікті байдың қолында жұмыс істейді. Сол татар-байдың шешесінің айтуына қарағанда, Қажымұқан бәсекелесіп, бір қойдың етін жеп қоя алатын. Батпаққа батып қалған өгізді жалғыз өзі тартып, шығарып алғаны туралы аңыз бар. Сонымен қатар, мынадай тағы бір оқиға белгілі, 1889 жылы Қажымұқанның қожайыны қыстың қақаған уақытында, құрғақ шөп алып келуді тапсырады. Жолда арбаны сүйреп келе жатқан бір ат әлсіреп құлап қалғанда, оны арба үстіне лақтырып, екінші атты арба артына байлап, арбаны жалғыз өзі сүйреп әкелген.
Қажымұқан 17 жасқа толмай жатып, күшті палуан ретінде атағы шыға бастады. Ол Ақмола облысының ең атақты палуандарын жеңгені туралыәңгіме бүкіл қазақ даласына тарады. Қажымұқанның айтуына қарағанда 18 жасынды оны циркке шақырған. Ат қорада жұмыс істеген ол, цирктік күрестің қыр-сырларын меңгерді. Ол 20 жасқа толғанда, бірінші рет аренаға шықты.
Дебюты
1901 жылы Омбы қаласында француз күресі бойынша чемпионаттың ашылуы өтті. Кәсіпқой палуандардың өнері және жеңістері туралы жаңалықтар Қажымұқанға да жетеді. Кәсіпқой палуандармен күрескісі келген Қажымұқан, олардың ішінде ең күштісі Андрей Злобинді шақырады.
Бұл белдесу тек Қажымұқан үшін ғана емес, Злобин үшін де ауыр сынақ болды. Дегенмен күресу техникасын жақсы меңгерген тәжірибелі Злобин 18 минуттан кейін жеңіске жетеді. Жас қазақ палуанының орасан зор физикалық мүмкіндіктерін көре білген орыс палуаны, Қажымұқанға, «Дядя Ваня» деген атпен белгілі Иван Владимирович Лебедевтің атақты күрес мектебіне бару кеңесін берген екен деген аңыз бар. Қажымұқан лебедев мектебінде 1903—1904 жылдары оқыған деп айтылады. Алайда, бұл сөздер күмән туғызады, себебі Лебедевтен он жас үлкен Қажымұқан, оның мектебінде оқыды деген әңгіме цирктік афишаға арналған аңызға көбірек ұқсайды. Бірақ бұл аңыз Қазақ энциклопедиясына да кірген. Лебедев мектебінің ашылу уақытын, яғни 1905 жылдың маусым айын, Қажымұқанның спорт каръерасын бастаған нүктесі деп есептейді, дегенмен ол кезде Қажымұқанның жасы 34 болатын, ал оның 20 мен 34 жас аралығындағы өмірі туралы еш нәрсе белгісіз. Оның үстіне Қажымұқанға кеңес бергендердің ішінде, жоғарыда аталған Злобиннен басқа, Поддубныйды, тіпті Қазаннан шыққан жолбарыс аулаушы – Добрый-Рябыйды да атайды. Атақты «көне атлетика коллекционерлерінің» назарында Қажымұқан осы кезде пайда болған: В.М.Пивкинде 1905 жылы, Ю.В.Шапошниковта 1908 жылы.
20 мен 35 жас аралығында Қажымұқанның немен айналысқаны жөніндегі мәселе әлі ашылған жоқ. Бұл мәселе, Қажымұқан 1871 жылы емес, 1883 жылы дүниеге келген деп жорамалдасақ шешімін табады. Бұл жорамал Сәбит Мұқановтың сөзімен сәйкес келеді: «Біз бірге саяхаттағанда (1925 жылы), Қажымұқан қырықтан асқан еді» (яғни, бұл жерде ол 1871 жылы емес, 1885 жылдың алдында туылуы керек еді).
Алғашқы жетістігі
Қажымұқан алғашқы ірі жетістікке 1905 жылы Харбинде қол жеткізді. Ол «джиу-джитсу» күресі бойынша чемпионатта ешкімнен жеңілмей алтын медаль жеңіп алды. Харбиннен қайтып келгеннен кейін Қажымұқан «Маньчжурия чемпионы» деген атақ алады. Оның бірнеше лақап аты болған: «Муханура», «Қара Иван», «Қызыл маска», бірақ «Муханура» деген лақап есімнен Қазан революциясына дейін арыла алмады.
Революцияға дейінгі кезең
Революцияға дейінгі уақытта чемпионаттардың директорлары мен репортерлар Қажымұқанды не жапондық, не маньчжур деп жариялады. Мысалы, 1909 жылы Қажымұқан атақты эстон палуаны, әлем чемпионы Георг Лурих тобында өнер көрсеткен. Өз палуандарының алдыңғы тобы туралы айтқанда, Лурих Қажымұқанды былай деп суреттеген: Шығыс ұлы – жапондық Муханура. Ол өте сирек кездесетін, мықты бітімді палуан, күрескенде жабайылығымен және қаһарлығымен ерекшеленеді.
1909 жылы Гётеборг (Швеция) қаласында өткен француз күресі бойынша әлем чемпионатында алтын медальды жеңіп алып, күрес бойынша әлем чемпионы атанған бірінші қазақ болып табылады.
1910 жылы европалық және ресейлік палуандардың үлкен тобы Америкаға аттанады. Америкада олар бірнеше топқа бөлінді, сол топтардың біреуінде Қажымұқан да болды.
Оңтүстік Америка қалалары бойынша турнеде Қажымұқанның ең сәтті өнер көрсеткен қаласы Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласы, онда ол, алтын медальмен мараппатталды.
1910 жылдың желтоқсанында — 1911 жылдың қаңтарында Қажымұқан Москвада өткен халықаралық чемпионатта өнер көрсетті, демек осы кезде ол, Америкадан қайтып келген. Бұл чемпионатта Қажымұқан қысқа уақыттың ішінде Разумов, Шнейдер, Иоганесов, Винтер және Аполлонды жеңіп шықты. Циклоп атты палуанмен өткен теке тірес күрес, тең есеппен аяқталды. Жетінші күні Қажымұқан, чемпионат қожайыны Георг Лурихпен кездесті. Жиырма минуттық бірінші жекпе-жек тең нәтижемен аяқталып, келесі күні Лурих Қажымұқанды реваншқа шақырады, ол кездесуде де екі палуан бірін-бірі ала алмайды, Лурихке жақтасып отырған төрешілер, жекпе-жек уақытын созып, соңында Лурихті жеңімпаз деп жариялайды.
1911 жылы сәуірде Қажымұқан Петербург қаласында өнер көрсетті. «Фаре» жазғы бағында өткен чемпионатқа қатысушылардың ішінде бірнеше әлем чемпиондары болды, оның ішінде Рауль де Руан және Георг Лурих. Алдыңғы чемпионаттың тағдыры бұл жолы да қайталанды, чемпионат ортасында Қажымұқанды, тәртіп бұзды деген жаламен дисквалификация жасады.
Осыдан кейін Қажымұқанды Варшавада өткен халықаралық жарысқа шақырады, ол жерде Қажымұқан атақты Поль Абс, Ресей чемпионы Иван Яго және неміс палуаны Вейланд-Шульцпен кездеседі. Қажымұқан алтын медальды жеңіп алса, Лаубе мен Поль Абс күміс және қола медальдарын жеңіп алды.
Жарты жылдан кейін Қажымұқан, Варшава біріншілігіне қатысу үшін, Польшаға қайтып келеді. Ол жүлделі орын алды, бірақ чех палуаны Карл Поспешил, әлем чемпиондары Карл Завт пен Георг Лурих одан жоғары орын алды.
1912 жылы мамыр айында Қажымұқан саратов чемпионатына қатысты, ол халықаралық дәрежеде өтті. Ол күміс медальмен мараппаталды және өз есімімен жарияланды, бірақ ұлтын татар деп беріпті.
1912 жылы Қажымұқан нижгородтық «Сур» циркінде өткен жарысқа қатысты. «Бүкілресейлік чемпионаттың» үлкен және кіші медалін кім алады деген мәселе шешілуі тиіс еді. Бірінші күннен сәтті шыққан Қажымұқан барлық қарсыластарын жеңіп финалға шықты. Бірақ, чемпионаттың аяғында ережеге сай болмаса да, жарысқа тәжірибелі палуан және цирктік артист Николай Турбас түсті. Турбас пен Қажымұқан жекпе-жегі І және ІІ орынның тағдырын шешті. Турбас бірнеше рет жеңіліс таба жаздады, бірақ шебер тығырықтан шығып отырды. Турбас бұл жекпе-жекті былай еске алады:
«Біздің арамызда өз дене бітімімен және күшімен кырғыз палуаны Қажымұқан ерекшеленеді. Оның иығы кең, орасан зор күші және ұзын қолдары болды, ол күресте өте маңызды… . Палуандардың көпшілігі одан қорқатын және күреске түскісі келмейтін».
Қажымұқан Турбасты сахынадан құлатып жібергенде, көрермендер өз жерлесінің осындай жағдайға ұшырағанына ашуға батып, төрешілікке белсенді араласып отырды. Қажымұқан киімін ауыстыру үшін сахына сыртына келген кезінде оны қаруланған адамдар тобы күтіп тұрды. Қажымұқан, амалсыз, қосалқы есіктен шығып кетуіне тура келді. Осылайша, үлкен алтын медальмен Николай Турбас марапатталса, кіші алтын медалмен Қажымұқан марапатталды.
1913 жылы Қажымұқан Иван Поддубный, Иван Заикин, Николай Вахтуров және Алекс Аберг сияқты көрнекті палуандармен бірге бірнеше ірі халықаралық жарыстарға қатысты, кейбіреулерінде алғашқы үштік жеңімпаздар қатарынан көрінді.
1913 жылдың аяғында Троицк қаласында өткен жарыста Қажымұқан үлкен жетістіктерге жетті, 18 рет кілемге шыққан ол, еш жеңілген жоқ. Жеңілгендердің ішінде атақты неміс палуаны Вестергард Шмидт, француз Фисури Колос, эстондық Тигане, орыс палуаны Петров.
1914 жылы Қажымұқан Нижний Новгород қаласына келді, бұл жарыста оның негізгі қарсыласы Вестергард Шмидт болды. Жеңілетінін білген Шмидт Қажымұқан орындай алмайтын шарт қойды: ол 100 сом көлеміндегі жеке сый үшін ғана күресемін деп жариялады. Қажымұқан көрермендерден көмек сұрайды, сол кезде Нұрлан және Абдулла Есеркеновтар атты екі қазақ ортаға шығып төрешіге қажетті соманы ұсынады. Шмидтпен болған бұл күрес, Қажымұқанның жеңісімен аяқталады.
Қажымұқанның сансыз жеңістерінің арасында, жапон палуаны Саракики Джиндофумен болған жекпе-жек ерекше орын алады. Харбинде өткен (кейбір деректер бойынша Жапонияда болған дейді) француз күресі бойынша ресми чемпионат аяқталған кезде, Саракики кілемге шығып джиу-джитсу жапон күресімен кез-келген палуанды жеңе аламын деп жариялайды. Бұл үндеуді тек Қажымұқан ғана қабылдайды. Жекпе-жек кезінде Саракики Қажымұқанның құлағы мен астыңғы ернін жыртып жұлып алады, дегенмен Қажымұқан Саракикиді ұстап алып, кілемге жығады. Осы жекпе-жектен кейін Саракики қайтыс болған, біреулер Қажымұқан оның бетін жұлып алған десе, біреулер жүргегі тоқтап қалған, не жынданып өлген дейді.
Осы кезде Қажымұқанның атағы бүкіл әлемге тарады. Бір оры палуаны жазғандай: «Әлем бойынша орыс батыры Иван Поддубный мен қазақ батыры Қажымұқанның аты гүрілдеп тұрды».
Қажымұқан жетістіктерін жерлестері мақтаныш тұтты, ұлт батыры деп есептеді. 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Батыр қазақ» атты мақала жарияланды.
Кеңестік кезең
Қазан революциясынан кейін Қажымұқан Кеңес үкіметін құруға белсенді қатысқан.
Азамат соғысынан кейін ол өзінің сүйікті ісіне кіріседі – Қазақстан территориясында түрлі чемпионаттар ұйымдастырды.
1926 жылы Қызылордада алғашқы кәсіби театр ашылды. Бұл театрда Әміре Қашаубаев, Қазақстан халық артисі Қалибек Қуанышпаев, атақты ақын Иса Байзақов сияқты белгілі азаматтар өз өнерлерін бастады.
1940 жылы Қажымұқан халық алдында соңғы рет өнер көрсетіп, ұзақ жылдық қызметін тоқтатуға бел буады. Бірақ Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін цирк артистерінің көпшілігі өз жинақтарын майданға көмек ретінде аттандырып жатты. Қажымұқан өз әріптестерінен қалғысы келмей, майданға өз үлесін қосу үшін, жасының келіп қалғанына қарамастан, цирк-шапито ұйымдастырып, халық алдында өнер көрсетеді. Балға, шынжыр және кір тастар сияқты қарапайым реквизиттерді пайдаланып, ол қазақ ауылдарын аралайды. Кейде жүк машинасы табылмай қалған жағдайлар болса, дарбаза астына жатып, үстінен бүкіл ауылды өткізетін.
1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарында соңғы өнерін көрсеткен Қажымұқан, жиналған 100 мың рубль ақша сомасын КСРО Қорғаныс Қорына аударды. Бұл ақшаға өз атынан Кеңес армиясына ұшақ сыйласа деп және оны Амангелді Иманов құрметіне атауды сұрады.
Қажымұқан сұраныс хатына жауап ретінде И.Сталиннен телеграмма келіп, оның сұрауы қанағаттандырылады. Қажымұқан бұл ұшақты жас ұшқыш-қазақ Қажытай Шалабаевқа салтанатты түрде табыс етті. Қажытай Шалабаев Прибалтика және Ленинград майдандарында соғысты, ол 217 әскери ұшулар (120 түнгі) жасаған және жалпы 430 сағат ұшқан.
Қажымұқан өмірінің соңғы жылдары биліктің назарынан тыс қалды, тіпті өз отбасын асырау үшін медальдарын сатуына тура келді деген сөздер де бар. Тағдыры қиын болған досы Иван Поддубныйдың көңілін сұрап, барып келу сұранысын да қабылдамады. Қажымұқан және басқа да палуандардың көпшілігі, «патшаға» қызмет етті немесе басқа «қылмыстары» үшін ІІХК (НКВД) тарапынан қудалауға ұшырады. Соған қарамастан, Қажымұқан қуғын-сүргінге ұшыраған туысқандарына өз беделімен жәрдем беріп отырды.
1947 жылы, қайтыс болуынан бір жыл бұрын, Қажымұқан Совмин төрағасы Нұртас Оңдасыновқа соңғы өтінішін жазды. Ол белгісіз себептерден қартайған палуанға жәрдем беруге, зейнетақы мәселесін өзі шешпестен, өтінішті Орталық Комитеттің хатшысы Жұмабай Шаяхметовқа бағыттайды. Бірақ Орталық Комитет аты аңызға айналған палуан тағдырына немқұрайлы қарап, оның мәселесін шешпеді. Бұл жерде ескере кететін бір жәйт, зейнетақыны тағайындау және төлеу Орталық Комитеттің айналысатын мәселесі емес еді.
Қажымұқан хатының мәтіні Қазақстан мемлекеттік мұрағатында сақталған.
Қажымұқан 1948 жылдың 12 тамызында, 77 жасында, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылдық кеңесінің (сельсовет) «Ленин туы» колхозында қайтыс болды. Ол өзінен кейін байлық та қалдырмады, шәкірт те дайындамады.
Қажымұқан мазары Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірланнан бес шақырым жерде орналасқан.
Аңыз әңгімелер
Қажымұқан әңгімені жақсы айтатын адам және өз тыңдарманын сендіргіш болған. Оның шексіз жеңістері және жойқын күші туралы сансыз аңыздардың көпшілігін ұлы палуанның өзі ойлап тапқан. Қажымұқанмен бірнеше рет кездескен жазушы Сәбит Мұқанов ұлы палуанның көп сөйлейтінін, әңгімелерінде мақтанып, асыра сілтеп жіберетінін айтқан, мысалы 56 елде болып, 56 рет әлем чемпионы атанып, 56 медаль алғанын мақтанышпен айтқанын жазған. Оның әр медалінің чемпиондыққа берілгеніне күмәнданатынын айтқан. – Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» (ІІІ том).
Алайда Сәбит Мұқановтың әзілдік кекесіні Қажымұқанның кешкі өнерін көрген кезде сейілді, ол қалың зіл темірлерді майыстырып, кеудесінде жиырма пұттық тастарды балғамен ұрып сындырып, үстінен жүк тиелген арбалар өтті. Сонымен қатар, Сәбит Мұқанов, Қажымұқан ақын Иса Байзақовты ойнап сілкіп қалғанда ол үй төбесіне басын ұрып алыпты дегенді жазған.
Коммунистік партияның бесінші съезіне Орынбордан Ақмешітке (Қызылорда) келе жатқан арнайы поезде, Қажымұқанға төрт адамдық купе бөлген, оны орналастыру үшін, арасына қосымша орындық қойып төменгі екі орынды қосуға тура келді.
Қажымұқанның қасқырлар үйірімен болған қақтығысы туралы әңгіме де әйгілі. Оның дәлелі ретінде ол, әр қолында үш-үштен алты өлі қасқырды көтеріп тұрған фотосуретін көрсететін.
Мыңдаған адам Қажымұқанның бір қолмен пароходты қозғалтқанының куәгері болғанын айтады, бірақ солардың көпшілігі кеме жүретін өзенді де көрмеген.
Қажымұқан халық арасында өте танымал, аңызға толы тұлға болатын. Кез-келген танымал адамның жан-жағында сияқты, Қажымұқан туралы да ақылға сыймайтын аңыздар тарап кеткен. Кейбір баспасөз құралдары Қажымұқан бір рельсті мойнына галстук етіп орай алатын қабілеті туралы жазған. Ал ол кездегі стандартты рельстің салмағы 295 килограмм болған және оны жәй майыстыру үшін бірнеше ондаған адамдардың көмегі қажет болатын.
Отбасы және ұрпақтары
Қажымұқанның әр түрлі уақыттарда төрт әйелі болған, олардан төрт ұлы (Халиолла, Ғабдолла, Айдархан, Жанаділ) және үш қызы (София, Азия и Рашида) болған.
Оның бірінші әйелі цирк артисі Надежда Чеповская болған. Ол күйеуге шыққаннан кейін ислам дінін қабылдап, Батима (Фатима) мұсылман есімін алған. Олар 1909 жылы Рига қаласында танысып, Омбы қаласында үйленіп, той жасаған. Одан Қажымұқанның Халиолла атты ұлы бар. Қажымұқан екінші әйел алғанда, Батима Ғабдолланың қолына барып тұрды. Олар Ғабдолланы балалар үйінен асырап алған болатын. Батима 1966 жылы Омбы облысы, Называй ауданы, Редкое селосында, Разия атты өз немересінің (Халиолланың қызы) қолында қайтыс болды.
1925 жылы Қажымұқан Тыныбайқызы Ырыстыға үйленеді, одан үш қызы бар (София, Азия, Рашида), 1938 жылы Мінәйімге, ал 1946 жылы Айшагүлге үйленген. Мінәйімнен Айдархан, ал отыз жас кіші соңғы әйелінен Жанаділ деген ұлы болған. Ол кезде Қажымұқан 78 жаста болатын.
Қажымұқанның асырап алған Ғабдолла есімді баласының ұлты орыс болған. Ғабдолла алдымен Омбы қаласында, одан кейін Украинада прокурор қызметін атқарған, ол жерде бендеревшілерге қарсы күресте қаза тапқан.
1996 жылы Қажымұқанның Францияда балалары бар екен деген әңгіме шықты, бірақ оның ұрпақтары ол шақыруларға жауап бермеді.
Қажымұқан немересі Шаттық Қажымұқанов карате-до бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері болып табылады. 2002 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.
Бақытжан Қажымұқанов атты басқа немересі – белгілі композитор, «Жас Қанат» пен «Азия Дауысы» премияларының жүлдегері.
Физикалық сипаты
1946 жылы мамыр айының ішінде Шәуілдір ауданында Қажымұқанның үйінде болған филолог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев оны былай сипаттайды: 75 жастағы палуанның жалаңаш салмағы – 174 кг, басқаша айтқанда он бір пұт. Шалбарының өзіне үш метр мата, көйлегіне 6 метр сұрып кетеді екен. Бойы – 195 см., төбеден белге дейін – 77 см., белінен аяғына дейін – 118 см. Кеудесі – 146 см., кіндік тұсы – 173 см., жуан қара санының қалыңдығы – 71 см., сан жілігінің ұзындығы (жамбастан тізеге дейін) – 65 см., балтыр – 49 см., балтырының ұзындығы – 58 см., табаны – 35 см., аяқ киімі – шамамен 54 қалып (размер). Шалбарының белдігі – 220 см., жауырынының жалпақтығы – 60 см., қолтық еттің қалыңдығы – 50 см., қар еті – 47 см., екі иығы – 56 см., мойын жуандығы – 56 см., жатқанда – 60 см., саусақ басы білекке дейін 25 см., ортан қол ұзындығы – 14 см., саусағының жуандығы – білек жуандығы – 27,5 см., самайы – 9 см., жақ ұзындығы – 24 см., мұрын ұзындығы – 7 см., құлақтың айналасы – 10 см., үстінгі еріннің ұзындығы – 10 см., асты да осындай, бас аумағы – 65 см., төбесінің 55 см.
Қажымұқан теңдесіз күштің иесі еді, оған мына оқиға дәлел болады:
Бірде, Жмеринкада, палуандарға үлкен сейфті апарып тастау өтініші түсті. Жолдастарының бұл жұмысты атқара аламай жатқанын көрген Қажымұқан арқан жіптің көмегімен сейфті арқасына салып алып екінші қабатқа көтеріп кеткен. Куәгер адамдар бірде-бір сөз айта аламаған, себебі олар, сейф салмағының 450 килограмм екенін білген.
Лақап аттары
«Ямагата Муханура» деген лақап атты Қажымұқанға Иван Лебедев қойған, осы арқылы көрермендердің қазақ палуанына назарын аударғысы келді. Муханура, ол, «қаһарлы самурай» және «Жапон Императорының оққағары» деген әңгіме бар еді.
«Қара Иван» деген лақап атты «төрт Иван» құрамында өнер көрсеткен кезінде алған еді, олар Иван Поддубный, Иван Заикин және Иван Шемякин.
«Қара Мұстафа» деген лақап атпен Түркияда өнер көрсеткен, яғни түріктер үшін түсініксіз «жапондық» лақап аттың орнына. Түріктің ең атақты палуаны Нуруллахты жеңген кезде, Қажымұқан Стамбул билеушісі Шәкір-пашаның назарына ілінеді, ол жұмбақ «орыстың» мұсылмандық тегін анықтайды. Шәкір-паша Қажымұқанға қажылыққа бірге барып келу ұсынысын жасайды. Ұсынысты бірден қабылдаған ол, қажылықтан кейін Мұқан деген есімініе Қажы деген қосымшаны иеленеді. Осы кезден бастап ол, Қажымұқан есімімен атағы шықты. Осы есіммен ол, алғаш рет 1912 жылы саратов қаласында өнер көрсетті.
Наградалары
Қажымұқан 24 елде өнер көрсетіп жалпы 48 медаль жеңіп алған. Бұл есепке 1910 жылға дейін жеңіп алған наградалары кірмейді, олар Челябинсктің «Турци» циркінде болған өрттің кезінде жанып кеткен. Алайда осы медальдардың біреуі де не әйелдерінде, не балаларында сақталмаған. Ақкөңіл адам болған Қажымұқан өз наградаларынан еш қиналмай айырыла берген. Рига қаласында жүргенде, әкесінің қайтыс болғанын естіген Қажымұқанға ақша керек болуына байланысты өз медальдарының жартысына жуығын атақты палуан Вейланд-Шулцке тастап кеткен екен. Қажымұқан наградаларының ішінде мыналар болды:
1910 жылы парсы чемпионы Машрутты жеңгені үшін Персия шахы Қажымұқанды «Алтын Арыстан мен Күн» орденімен марапаттады.
Манчжурияның «Қайырымдылық» орденін 1912 жылы Харбинде Жапон палуаны Саракики Джиндофумен белдесуде иеленген.
1927 жылы Қазақстан Орталық атқару комитеті Қажымұқан Мұңайтпасовқа, күрестен әлем чемпионы болған бірінші қазаққа, «Қазақ халқының батыры» — ресми құрмет атағын берді.
Отан алдындағы сансыз еңбегін ескере отырып, 1945 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов «Құрмет белгісімен» марапатталды.
Еске алу
ХХ ғасырдың 80 жылдардың басында Шымкент облысы (қазір Оңтүстік Қазақстан облысы), Бөген ауданы (қазір Ордабасы ауданы), Темірлан ауылында атақты палуанға арналған мұражай ашылды. Ұзақ жылдар бойы бұл мұражай бір бөлменің ішінде орын алды, тәуелсіздік алғаннан кейін билік өкілдері мұражайға арналған арнайы ғимаратты салуға ақша бөліп, Қажымұқанның 130 жылдық мерей тойына арнап салтанатты түрде ашты. Осы мереке аясында қазақстандық, өзбекістандық және тәжікстандық палуандары арасында жарыс өтті. Мұражайда бес жүзге жуық жәдігер сақталған: Қажымұқанның жеке заттары, наградалары, дерктік кинохроникалар мен фотосуреттер.
Алматы қаласында бір көше мен спорт бағытындағы мектеп-интернат, Астана қаласында бір көше мен Орталық стадион, Шымкент қаласындағы Орталық стадион Қажымұқан Мұңайтпасов атында. Ол туралы «Қажымұқан» (1978) және «Знай наших!» (1985) атты Бахытжан Есжанов, Георгия Мартиросян, Александр Панкратов-Чёрный қатысқан кино түсірілді.
Қажымұқанға арнап Қалмахан Әбдіқадыров «Қажымұқан» («Жалын», Алматы, 1981) және Әлімқұл Бүркітбаевтың деректік повесті жарық көрді («Жалын», Алматы, 1983).
Жасыру
Қазақтың атақты халық әнші-композиторы, айтыскер-ақын, ат үсті ойынының түрлі тәсілдерін меңгерген е...
Осы біз біреу намысымызға тимесе, «мәу» демейтін халықпыз. Көрші Ресей «Поддубный&...
Қажымұқан – Қазақ спортының алып бәйтерегі. Екі ғасырдың куәгерінің кеудесінде әлемнің әйгілі...
Қазақ елінің мақтанышы, алып күш иесі, теңдесі жоқ кәсіпқой палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы ...