Манарбек Ержанов
Манарбек Ержанов - (08.03.1901, Ақтоғай ауылы, Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы — 14.11.1966, Алматы) — әнші, композитор, күйші, актер, Қазақстанның халық артисі (1938; 1936 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі), Қазақстан композиторлар одағының ең алғашқы мүшелерінің бірі (1942). Әкесі күйші, зергер, ұста болған. Анасы Нақбала да әншілігімен ауыл арасына танылған. Болашақ өнер иесінің музыкаға деген құмарлығы анасының ықпалы арқылы ерте оянады. Ержановты музыка әлеміне жетелеп, оның әсем сазын көкірегіне ұялата білген ұстазы — әнші әрі күйші Күсенбай. Бұдан кейін Манарбектің әншілік шеберлігін ұштауда Шашубай Қошқарбайұлы мен Әміре Қашаубаев игі әсер етті. 16 — 17 жасында-ақ Ержанов Біржан сал, Ақан сері, Жарылғапберді, Естай, Шашубай әндерін айтып, ауыл арасындағы айтыстарға қатысып, ел аузына іліккен. 1928 жылы Қазақ драма театрына қабылданып, алғашқы актерлерінің бірі болды; осы театрда қойылған спектакльдерде ойнап, сан қырлы бейнелерді сомдады. 1931 — 32 жылы Риддердегі жұмысшы жастар театрында қызмет етті. 1934 жылы Алматы музикалық театрында (қазіргі Қазақ опера және балет театры) өнер көрсетті. И.В. Коцыктың “Айман—Шолпан” спектакліндегі Жарас, А.Қ. Жұбанов пен Л.А. Хамидидің “Абайындағы” Әзім, М.Төлебаевтың “Біржан — Сарасындағы” Естай, т.б. рөлдері оның әншілік әрі артистік талантын кең танытып, даңққа бөледі. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде Е.Г. Брусиловскийдің опералары — “Қыз Жібектегі” Шегенің, “Ер Тарғындағы” Сақанның, “Жалбырдағы” Елеместің рөлін ойнап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Ол 1953 жылдан өмірінің ақырына дейін Қазақ филармониясында жеке дауыстағы әнші болып, халықтық ән өнерінде кең орын алатын терме, желдірмелерді, кең тынысты әндерді (“Ардақ”, “Ағашаяқ”, “Смет”, “Топайкөк”, “Жанбота”, “Балқадиша”, “Ақ қайың”, “Толыбай”, “Хорлан”, “Ақ сиса”, т.б.) нақышына келтіре орындады. Сөйтіп, ұлттық өнердегі Арқа әні дәстүрінде өз мектебін қалыптастырды. Ержанов композитор ретінде де халыққа кең танымал. Оның “Жетісу”, “Астанада”, “Батыр жорығы”, “Күсенбай”, “ҙрнек”, “Шалқар көл”, “Аққу көлі” күйлері, хорға арналған “Партизан жорығы”, “28 гвардияшы-панфиловшылар”, “Жастар тойы”, “Жастар әні”, “Бейбітшілік маршы” атты шығармалары, “Паровоз”, “Амангелді”, “Бақыт жыры”, “Қуанамын”, “Қойшының әні”, “Әнші Біржанға”, “Сайра, бұлбұл”, “Шегенің термесі”, т.б. әндері бар. Музикалық жинақтары жарық көрді. Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен, медальдермен марапатталған.
ЖасыруЕлорда төрінде 2021 жылдың 24 ақпанында 17-00 де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиял...