Әлiбек Байбол
ЖАЗУШЫБайбол Әлiбек 1987 жылы 3-ші қарашада Алматы облысы, Райымбек ауданы, Үлкен Жалаңаш ауылында дүниеге келген. Алматы қаласында №147 мектеп-гимназиясын, 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазіргі кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші болып қызмет істейді. 2010 жылы «Теміржол вокзалы» атты повесты Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің ынталандыру сыйлығына ие болды. 2014 «Тәуелсіздік танытқан таланттар» фестивалінде драматургия номинация бойынша бас жүлде алды. 2015 жылы Халықаралық Махмұт Кашқари атындағы сыйлықты иеленді. «Теміржол вокзалы» мен «Құлдар патшалығы» кітаптарының авторы.
Әфсанашы
Әлібек қысқа жазады. Және ең бастысы, қаны сорғалаған тақырыптарға жазады. Сондықтан фантастикалық реализмді, бейнелеу құралдарынан аллегорияны таңдап алған. Сюжетсіз, шағын прозаның өкілі, оған оқиғаны тәптіштеп сипаттау, ұзын сонар диалогтар беру қызықсыз. Ол оқырманымен жасырынбақ ойнайды, ребус, кроссворд ұсынады. Бұл ребустарды шеше алған оқырман да бақытты, шештіре алса, жазушы да бақытты.
Әлібек кімнен үйренді дегенде, бұлай жазатын қаламгер қазақ әдебиетінде көп емес. Оның бұл жобаға ұсынған үш әңгімесі де тақырыбы өзекті, формасы жаңаша, идеясы ұшқыр. Мұндай әдебиеттен типтік бейнелер, эпикалық баяндау, нәзік психологизм күтпейсіз. Оның қуаты да, мұраты да басқада.
Таласбек Әсемқұловтың «Талғам дегеніміз − эстетикалық арұят» деген сөзі бар. Бұл жинаққа ұсынылған үш шығарма да Әлібектің эстетикалық ар ұятынан хабар береді. Сол сияқты, жалпы, жазушылық дегеніміздің өзі азаматтық арұят деуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда осы үш әңгімесімен ғана (басқа шығармаларын оқымағанымызды мойындаймыз) автор азаматтық міндетін атқарды деуге болады. Әрине, талай адамның ішінде өліп жатқан шындықтарды көре білу бар да, оны «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтіріп алмайтындай» етіп жеткізу бар. Осы тұрғыдан алғанда Әлібек, ойын жеткізудің ұтымды формасын тапты деуге болады. Бұл Эзоп пен Крылов жазған мысал емес, бірақ бүгінгі күннің әфсанасы.
«Шындықты іздеу»
Әңгіме оқырманның ассоциативтік қабылдауына негізделген. «Қараңғы бөлме. Қара шаш. Қара көз. Қара қас. Қаражүзді пенделер». Композициялық тұрғыдан шағыншағын бес бөліктен тұрады. Алдымен бәрі бар. Абзац сайын бірбір ұғымнан азая береді.
Жүз жоғалады, бас жоғалады, көз жоғалады, шаш жоғалады, бөлме ғана қалады. Автордың не айтқысы келгенін түрліше тәпсірлеуге болатындай. Қара бөлме дегеніңіз қоғам. Ал қара шаш, көз, қас, жүз дегендеріңіз адамдардың сипаты. Мысалы, бұл ұғымдарға қазақтың Кеңестер одағына кіргеннен бергі тарихын түгел сыйдыруға болады. Алдымен жүз жоғалды: ар, ұят келмеске кетті. Бауыр бауырды сатты, бала әкесін атты. Одан кейін сана уланды, парықсыз, менмен ұрпақ дүниеге келді: «Асу немкетті ғана жауап қатты. Жауабында менсінбеушілік бар. Қасына май жақты». Сол қалпымызбен егемендікке жеткен кезде көзіміз әлі көріп тұр еді.
«– Біріне-бірі жаны ашитын адамдар әлі бар екен ғой, – деді бір жанар.
– Біз тіріміз! – деді көбісі. Қалғандары қалғып отырды».
Бұл да халықтың аянышты ахуалы. Одан әрі оқыңыз: қараңғы бөлме ғана қалған. «Әркім әр бұрышқа жайғасты. Араларында ызғар қалды». Бұл ызғар, қазіргі қоғамның негізгі нышаны. Жазушы соны дөп басып, өз жүрегінен өткізіп, сізге ұсынып отыр.
«Көз тиген шығар» дейді Әлібек. Тисе, өзіміздің көзіміз тиген шығар.
Бәлкім, бұл әңгімемен жазушының айтпағы мүлдем басқа болуы да ықтимал. Бірақ бізде туындаған алғашқы ассоциациялар осындай болды.
«Қуыршақ»
Бір қуанарлығы, Әлібектің саясат жайлы жазған аллегориялық әңгімелерінде балаңдық пен аңқаулықтың көлеңкесі де жоқ. Қоғамдағы көптеген оқиғаларды сабырлы, байыпты көзқараспен бағалайды. Қақ маңдайдан ұрмайды, иекпен қағып қана жеткізеді. Сонысы ұтымды шығады. «Қуыршақта» да қоғам үшін маңызды көп шындықтар айтылған. Бірақ алдыңғы әңгімедегідей шартты емес, барынша реалды, түсінікті образдар. Оның қуыршақ театры деп отырған қоғамын, Қол, актер, директор дегендерінің кімдер екенін танып отырсыз.
«Шыны керек қуыршақтарға жаным ашып кетті. Байқұстар үйретілген иттерден айнымайды. Сондай кезде сол ағамызды сағынамын... Сол кісіні Саясат жұтты дегенде қатты өкіндім. Өкінуіме себеп, халқымыз жақсы перзентін қызметінен қуды. Ұзынқұлақтан естігенім: «Сол кісі қазір оппозицияның Сол қолымен бірге жұмыс істеп жүр екен. Және жақын аралықта оны ешкім көрмейтін сияқты...».
Бұл тұстардан сіз «саясаттың асқазанына түсіп», өнерден алыстаған режиссер ағамызды танисыз. Ол реформатор еді, жаңалықшыл еді, театралды ортаны тірілтіп еді. Өкініштісі, оның қазақ театрына әкелетін төңкерістерін енді ешкім де жасамайды. Аянышты. Және ғажабы, автор ешкімді ашық айыптамайды. Емеурінін түсінер ояу оқырманның ойына ой салады.
«Бір ай өткен соң Қуыршақ театрының директорына бардым. Барсам... Артистер ойнап жатыр екен. Екі қолынан, екі аяғынан, басынан жіп өткізіп алып, бір әлеуетті бір Қол арлы-берлі қозғалтып, ойнатып жатыр.
– Аға мені жұмысқа аласыз ба?
– Сен билей аласың ба?
– Түсінбедім.
– Мен тұр дегенде тұрып, мен жат дегенде жатасың ба? Мен айтқанда билейсің.
– Ондай өнерім жоқ.
– Онда жұмыс жоқ.
– Ол жұмыс емес қой.
– Ой, балам әлі жассың ғой. Көп нәрсені білмейсің. Түсінбейсің!..
– Сау болыңыз».
Директор мен баяндаушының диалогынан олардың мінезболмысын қапысыз танисыз. Шертиген қарнына кәстөмінің түймесі жетпей тұрған бастықтың: «Ой, балам, әлі жассың ғой» деген самарқау бейнесі көз алдыңызға келеді. «Жассың ғой» деген сөздің астарында да біраз сұмдықтар жатқанын ішіңіз сезеді...
«Диктатордың өлімі»
Атауы «Патриархтың күзі» деген сияқты әсер қалдырады. Баяндалған оқиға да, оны автордың қабылдапбағалауы да Г.Г.Маркестің әйгілі шығармасымен үндес. Әрине, салыстыруға келмейді, бірақ айтар ойы соған сайып тұр. Әңгіменің экспрессивтік бояуы қанық:
«Диктатор өзі ішкен қанды құсыпты. Кезінде. Ой, сол қырқыншы жылдары ғой. Баяғы. Екі миллион адамның қанын ішкен. Әдемі өрнектермен әдіптелген тостаған мен одан кейін дәу бөтелкемен ішкен. Басында қасықтап, одан кейін шөміштеп... Шөлі содан кейін басылыпты. Оған дейін көңілінде Ұлы шөл орнаған деседі көргендер. Адам терісінен тіккен сәнді қолғаптарды қыздарға сыйлаған екен». Біз үшін жаңа, бірақ әлем әдебиетінде бар ескі принциптер. Детальдар ұтымды пайдаланылады. Қиял-ғажайып сюжет арқылы гротескілі бейне туады:
«Бір кезде диктатордың қарнынан дауыстар шыға бастайды. Жанындағылар Ібіліс пе деп шошынып, жан-жаққа қашады. Сөйтсе, ол диктатор бұрын басын жалмаған адамдар екен. Ақырындап, асықпай бірінен соң бірі шыға бастайды». Тілдік тұрғыда жұтаңдығы байқалып тұрса да, эмоционалдық әсері орасан, автор мақсатына жетіп тұр.
Не керек, «Диктатор өлді» деген хабар бүкіл елге жария болды. Оны жерлеу рәсіміне өзі қанаған рухтар келді. Ал, зиратқа тірілерден ешкім аяқ баспады».
Әрине, әңгіменің солай аяқталатыны о бастан анық еді. Бірақ диктаторларға және оларға табынатындарға ойланарлықақ әңгіме.
Қорыта келгенде, шығармалардан жаңашылдық еседі. Бірақ бұл жаңалықтың ныспысы не? Фантастикалық реализм дейін десеңіз, кейбір тұстары фантастикаға келгенімен (диктатордың қарнынан шыққан дыбыстар, Саясаттың асқазанында кездесіп қалу, адам терісінен қолғап жасау, т.б.), бұл әңгімелерде фантастикадан гөрі шындық көп. Дәл жоғарыда аталған мысалдарды сюрреализмге, немесе абстрактылы реализмге де телуге болады. Бір анығы, бұл әңгімелерде де қиялдан туған образдар шындықпен бітеқайнасып, бүтіндікті құрап тұр. Бұл – шығармалардың күшті тұсы. Ал әлсіздігі – мұнда айтылған ойлар ұстанымға айнала қоймаған, үзікжұлық тұжырымдар сияқты әсер береді.
Әлібектің жазуын біреулер қабылдамауы мүмкін. Алайда бір нәрсе анық: ол «жақсырақ не жаманырақ» жазбайды, бар болғаны басқаша жазады. Жалпы, жазушыларды техникасы, тақырыбы, идеясы, тілдік шұрайы жағынан классификациялап, стильдік бағыты жағынан бірін жоғары, бірін төмен қоюға қарсымыз. Бердібекше жазғандар сол бағытты жазсын, эпикалық құлашқа жақындап келе жатқандар сол бағытта дамысын, Дархандар сюжеттік әңгімені, Серік Сағынтай лирикалық прозасын жазсын. Әдебиет әр түрлі болсын, жазушылар бірбіріне ұқсамасын, бірінбірі қайталамасын. Сол әртүрліліктің ішінде, әрине, Әлібектің фантастикалықаллегориялық реализміне де орын табылады.
Қорыта келгенде, түсінілмей қалудан, «жасанды күрделілікке құмар» деген айыптаулардан сескенбей осы жолға қадам басқан жас қаламгерге құрметіміз жоғары. Әлібек Байбол әлі де «базарға бара жатыр», сондықтан ол жөн деп тапқан әдістәсілдердің іріленіп, көркемдік концепцияға айналуын күтеміз.
Иоганн Гутенберг туралы алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті кезінде естігем, 1-ші курст...
Танысып қойыңыз, бұл ‒ Сальвадор Доменек Фелип Жасинт Дали-и-Доменек маркиз де Дали де Пуболь. Еге...
Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының, «Қыр баласы» ҚҚ мүшесі, әдебиеттанушы, ж...
Тұрлаусыз-тұрақсыз жаһан жағдайындағы бүгінгі Қазақстан жастары алдында экологиялық апат, экономикал...
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАН КІТАПБиылғы Қазақстан Республикасының әдеб...
Орыс суретшісі Татьяна Яблонскаяның атақты «Утро» картинасы жайлы Александр Беляков фейс...
Пьеса Қазақстан Республикасы Авторлар қоғамының қорғауындаPraeambulusЕкеуі қырымен отыр. Б. Тын...
ДҮН-ДҮНИЕ ДҮР СІЛКІНГЕН КЕЗӘлқисса...WhatsApp мессенджері рақат болды, небір қажетті ақпарды кесіп-к...
Гарольд ПИНТЕРГарольд ПИНТЕР – Әдебиет аталымы бойынша 2005 жылғы Нобель сыйлығының лауре...
Жазушы-драматург, әдебиеттанушы Әлібек Байболдың «Үн... Түн...» атты микро-әңгімелер цик...