Абай Мауқараұлы. Тау барысымен алысқан Арысбай (Деректі хикаят)

ӘДЕБИЕТ
18389

Абай Мауқараұлы.Абай Мауқараұлы.Арысбай көзінің дүрбіден де өткір екенін бозбала кезінде білген. 

Құрдасы Шүкір екеуі Ұртыбұлақтың тіреме басына барып, батыс қапталынан шығыс жақ беткейіне дүрбі тартып отырды. Күзгі талтүстегі күн сәулесі қып-қызыл қына басқан күрең шың-құздарды одан әрмен әрлендіріп, жартастардың  арасындағы  сап-сары бидайық  жайқала көз тартады. Тәуешкілер ат аяғы жетпейтін осы құзар беткейлердің күрке-қос қана сиятын қысылтаң текшелерінде жусап жатуға тиіс. 

Шүкір бір көзді дүрбіден бос көзін тіпті қысып сыбырлай: 

«Әне, арты тұйық ең биік жалама жартастың жиегінде екі ешкі тұр...» деді. Арысбай солай қарай қадала қалды. Күрең жартастар мен ақселеуден айырып алу қиын күзгі күрең жүнді, ақшыл төсті тәуешкілерді  дәл тапты. Рас, екі ешкі бірінің артынан бірі қатар жайбарақат күйсеп тұр екен. Арысбай олардың  маңайын жіті шолып шыққанда, бір текше төменде бір теке мойынын қайыра қалғып  жатқанын көрді, одан ары қуыс болып кететін көлеңке тұста көрінер-көрінбес болып бидайықтың арасында жатқан бір топ аңды тағы байқады. 

Шүкірге: «Одан басқа жоқ па?» деді, әдейі. Ол дүрбісін ары-бері ақырын қозғап, үнсіз қалды. Арысбай: «Алдыңғы ешкіден он қадамдай алға, содан тіке төмен қарасаң бір теке жусап жатыр» деді. 

Шүкір: «і.і.і... шын айтасың, теке әрең көрініп жатыр...» деді. Арысбай тағы да: «Енді, текенің алдынан төрт-бес адым жерден үстіге қарай көлеңке басқан қуыс көрінеді, соның ішін байқа!» деді. 

Шүкір қуысты тапқандай болды, көп қарады, бірақ: 

«Шөптен басқа іштеңе көрінбейді ғой...» деп, мыңғырлады. Арысбай: 

«Бүкіл ешкі үйірі соның ішінде шөп арасында» дегенде, Шүкір дүрбіден көзін жұлып алып, Арысбайды жаңа көргендей бажырайып қалды. Бала күннен етене досының  көзіне үңіле қарады, бүркіт қабақтың астынан тесілген сарғыш жанарының ортасындағы қарашығы иненің  көзіндей тіпті жіп-жіңішке болып, міз бақпай өздері бақылаған жартасқа қадалып қалыпты. «Әй, сенің көзің дүбіден де өткір ғой, ей!» деген, таңғала... 

Шүкір осыны елге жайып жіберді. Өзі содан бері Арысбайды «Дүргікөз» атандырып кеткен-ді. Арысбайдың өзі де көзінің дүрбіден де өткір екенін сол жолы білген...

Көзінің өткірлігі туабітті қасиеті шығар. Дегенмен, бес жасынан жалаңаяқ дала кезіп, зыр жүгіріп өткен бала шағынан бері, қой тастары өрген қойдай қаптаған, селеу шөптері желмен ырғалған  бұйрат-бұйраттың  арасынан  күнұзақ тарқұйрық көздеумен қылп еткенді қалт жібермей жаттықаны көзін осындай қыранкөз өткір болдырғанына шәгі жоқ...

Көзінің осы өткірлігі жиырмадан асқанда әскерге барып, Моңғолдың шығыс-оңтүстігін түгел алып жатқан, сағым  бұлдыраған сары шөл Ғобыда үш жыл бойы шекара күзетінде жүргенде абыройын талай асырды. Жоғалған түйесін іздегендерге, лағып кеткен үйір жылқысын жоқтағандарға, жолынан қияс кетіп көздеген жерінен адасқандарға Арысбай қаншама рет қапысыз жол сілтеп, сол өлкенің ғобылық малшыларына мәшһүр болғаны сонша «мергін хасыг» атанған еді.

Расында, ғобылықтар күндіз шегі жоқ сахараның  көкжиегіндегіні мүлт жібермейтін қыранкөз, түнде құмда қыбыр еткен құмрысқаның сыбысын еститін саққұлақ, желемік жақтан өткен аң мен малдың иісін қапы жібермейтін иісшіл келеді. 

Өйткені, төрт құбыла, сегіз тарабын бөтен адам айырып болмайтын сары шөл оларды солай еткен. Сәл көтеріңкі қыр оларға асқар тау, болымсыз белегір болса биік төбе саналады. Жылғаны үлкен сай атандырып, кішкене шұңқырды көл-көсір ойпат дейді. Міне, сондықтан ғобылықтар Алтай тауы мен Хөвөсгөлдің тайгасынан келген бейтаныстың түймедей өзгешелігін түйедей ерекшелік қып асырып айтатын жайсаң адамдар. Өздерінің алаң-ашық шөл даласы секілді мінездері де аңқылдаған ашық-шашық. Арысбайдың да жақсы атануы ғобылықтарың осындай жақсылығы еді. 

Арысбай міндет атқарған шекара заставы Ғобы құмының ең қиян түстік шегі болатын. Жүз шақырымнан астам созылған шекара шөлін бақылайтын. Ғобының шөлге төзімді, жүріске көнімді құлан іспетті аласа аттарымен күн-түн демей ары-бері жүріп өтетін. Сонда, он-жиырма шақырым аралығында ғана жалғыз малшы үй ұшырасатын-ды. Уығы иінсіз, қалың киіз туырдық  жапқан, сырты ақ шұғамен қапталған ұядай баспана. Оны кәдімгідей бір ауыл санайды. Жолай ондай малшы үйлерге кезіксе түспей өтпейді. 

Үй иелері кемпір-шалдар болса қалбалақтап қатты қуанып қалады. Бірден қай жерден екенін сұрайды, «Қобдаданмын, қазақпын» десе, «Ойбу, балам-ай, жердің түбінен  жүр екенсің ғой, үйіңді сағындың-ау...» деп аялап, көзін сығырайта үңіле қарап: «Қазақ деп, естіп қандай халық екен деуші едік, өзімізден аумайды екенсіңдер ғой...» деп, құрақ ұшып сүтті шайын қайнатып, тәтті-дәмдісін алдарына қойып бәйек болады. 

Ғобылықтарда төрт түлік мал түгел болса да көбінде түйе түлігі басты мал шаруашылығы саналады. Өйткені, судың тапшылығы, ғобыдағы негізгі өсімдіктен сексеуіл мен шөл қарағаны, шөл ұшқатының түйенің ең сүйіп жейтін азығы болуы осы түлікті малдануға өте қолайлы. 

Ғобының жәндігі де өзіне тән ыстыққа төзімді, суға шыдамды қой-кесіртке, шырылдауық-шегіртке тәрізділер. Ал, аң атаулыда құйындай ұйтқып жүретін жүйрік құба құландар көз ұшынан көрінсе табанда зымырап көзден ғайып болады, жақындатып таятпайды. Қаптағай деп аталатын жабайы түйе болады. Олар адамдардан үрікпейді, бірақ қолға үйретуге көнбейді.

Ғобы сырттай ессіз сахара, егілген құм болып көрінсе де суы тартылмайтын  бастау көздері де кезігеді. Ондай жерлер қора аумағындай көгалды келеді. Ғобының  бүкіл тіршілік иелері қандай кезде де сол суаттарды  алыстан дымқыл иісінен-ақ  адаспай тауып жетеді. 

Арысбай ары-бері өткенде сондай суаттардан талай рет шөл қандырып аттанған. Бірде суат басында шөгіп жатқан боталы қаптағай-түйелердің орнынан сүтті желінінен ағып қалған қою сүтінің күннің ыстығында ірімшік-уыз болып қалғанын алып жегені де бар. Оны оған ғобылықтар айтып еді яғни адасқан адам аштан қатып қалатындай үрейлі қу медиен секілді көрінетін ғобы шөлі шын бауыр басқан адам үшін құба құмы қайрымға толы екенін Арысбай үш жыл жүргенде әбден білген-ді. Әрі, ғобыда өткен айлары оның қырағылығын тіпті артырған-ды.

Әскери отрядтағы нысана көздеу бәсекесінде үнемі ондықтан тигізгенімен қоймай, атқан үш оғын бір жерге түйістіріп үшбұрыш тесік шығарғаны моңғол офицерлерді тәнті қылатын. Осы қапысыз мергендігі үшін әскерден кеудесіне үш алтын медаль тағып қайтқан-ды...

Әскерден келе, бала жасынан бері арманы болған бесатарды мойынына асынып, жылқышы болып кетті. Жылқышының үйде болуынан түзде болуының қызығы көп, екі аяғымен жер басып жүруінен ат үстінде жүруі артық, бел ешіп дастарқан басында отыруынан иендегі аядай қара қостағы ошақ қасында жамбастап жатуы рахат, деп жүргенде екі құлағы таскерең болып қалды. 

Өзі оны Қобда бетінде үздіксіз соғатын  желден көреді. Жаз жайлауда шөпті суылдатып құлақтан ызыңдап кетпейтін қоңыр жел, қыста иен жондарда ақбұрқақтатып тынбай гуілдеп тұратын қарлы боранның ысқырығы құлағның естуін азайта берген. 

Бір білгенде әлгі мезі қылған желдің зуылы да мүлде азайып, арқырай кісінеген әрбір жылқысының үнінен айыра таныйтын үйірлері түгел құр аузын аңқайта ашып бұрлығып қалғандай, үйге келгенде онсыз да сызыла сөйлейтін келіншегінің әдемі еріндері ғана жыбырлап тұрғандай, шіңкілдегені шекеден өтетін екі ұлының сөзі де еміс-еміс әрең естілгендей... сонда ғана саңырау болғанын білген. 

Енді, өзін бұрын «дүрбікөз» деп, шақыратын Шүкір досы «әй, тасқұлақ» деп, мазаққа айналдырып, сөз айтпай-ақ  ауызын ғана ашып-жұмып келеке қылып алған-ды. 

Бірақ, осы «тас құлақтықтан» да өткен қызық болды. Келіншегі үшінші баласын тапқан қайбір жазда бір үйір жылқысының шекара жақ тұйық дараға шығып кеткенін, баяу самалдан ырғала толқыған жасыл шалғын мен иісі мұрын жарған түрлі бәйшешекті алқапты қақ жарып өткен іздерден тап басып, жедел артынан түскен. 

Дара деп аталған сайдың тұйығы арғы беті қытай жері саналатын биік кезең. Етек жағы әр жерінен атылып шығып жатқан тастай суық мөлдір бастауға толы, ол сулар төмен жайыла-жайыла саздауыт көкмайса болып кетеді. Одан жоғарылау атты адамның бойы жетпейтін андыз-андыз үйтастар, арасы ат аяғын орайтын шалғын шөп, бұрқыраған иісі басқа шөптен алабөтен аңқып тұратын ойдым-ойдым қарабұта тоғайы, одан өрге жүрген сайын шалғын сиреп, қымыздық, сасыққұрай деп аталатын жапырағы жайылған табан секілді үлкен, собығы баланың білегіндей ұштары үкіленген қурайдың неше түрі үзеңгі қағады. 

Олар біткен кезде түйетайлы қорым тастар тау беткейіне қайқая жол бермей орқаш-орқаш боп жатыр. Ара-арасында андыздап өскен тау қарақатының жаңа бүршік жарған таңсық ісі мұрын жарады. Енді, атпен жүретін соқпақ жоқ.

Тымақ түсірердей кекжиіп, иек көтере жоғары көз салғанда, жарты шақырымдай жалғасқан қорым аяқталып, одан ары қысқы жауған қары әлі толық ерімеген, шөбі тықыр, сарқыш тартқан тақыр беткей көрінеді. Арғы жағы көкпеңбек аспанмен астасқан қырқа, қырқалардың аржақ, бері жағында қаланың қабат үйлеріне ұқсайтын бөлек-бөлек, неше түрлі қына басқан жартас құрылыстар көз тартады. Аяқ жете қою қиын осынау биік кезең төмендегілерге маған жете алмайсың  дегендей үстіне қонақтаған сұлу ақша бұлтты құшақтап жатыр...

Сонда лағып кеткен жылқы қайда? Осы дараның екі жағы да қорымды, сылырама тасты, көкжусан мен жайдақ тау аршасы ғана өскен, аң болмаса адам мен мал жүруі машақат тік қия беткей. Бірақ, мал ішінде жол табу жағынан жылқыдан асқаны болмайды. Дараға шығу үшін осы дара мен қия беткейдің қиылысқан жерін қуалай көтеріліп, жонға шығып кетуі жалғыз кәдік. 

Сол күмәнмен көзін жүгірте өрлете қарады. Айтқандай, күрең төбел айғырдың үйірі құла биелер мен жабағы-тай аралас жылқы қорымның арғы шетіне жете бере қамалыпты. Кезең жақтадағы қорымның тасы төменгілерден де үлкен болып жүкті түйелердей қатпарлана тізілгені ары бір қадам бастырмайтын қорған секілді. Тіке алға тартып барып қамалған жылқының  жолбастары тұйыққа тірелгенде артынан ергендері оның қайтар жолын бөгеп, бірін-бірі кимелеп, құйрық айналмай ошарылып тұрудан басқа амалы қалмаған. Егер иесі келіп шығар жол таппаса, шөлден я аштықтан түгел қырылып қалуы оп-оңай... Ал, бұл жылқы жоғалғалы үшінші күн, демек шөлден қаталап тұр!

Арысбай бұдан бұрын да осылай құзға қамалған жылқысын құтқарғаны бар. Ең әуелі қамалған жылқыға таяп барып, қандай бір шығар жол, соқпақтың сорабын табу шарт. Содан, ең шетте тұрған бірін ұстап, ноқталап сол тапқан сораппен жетелеп шығар жолға салса басқасы ере жөнеледі. 

Ал, кейде ондай таяп баратын мүмкіндік болмағанда, мылтық атып үркітсе, шошынған жылқы өлер-тірілерін білмей құйын-перен жол тауып шығады, бірақ мұндайда жылқының біразы мертігіп, өліп-жітуі болмай қоймайды, дегенмен көбін аман алып қалу үшін аз шығын амалсыз шығады. Бірақ, мұнда мылтық ату жоқ, дәл шекараның түбі. Сондықтан, жалғыз амал жаяулап жылқының жанына жету керек, содан кейінгісін барған соң көреді. 

Арысбай атының ауыздығын шығарып, тізгінін жағына түріп, жайлып тұрсын деп, шылбырын қарабұтаға қазықбау шалып қалдыра салды. Жаздық елтірі ішігін шешіп, асынған мылтығын да қалдырып, жеңілденген соң соң, атқа мінгенде аяғынан тастамайтын өкшесіне нәлі қаққан саптама етігімен қына басқан қорым тастардың бірінен біріне ырғи аттап, оң қолындағы ұзын сапты қамшысын тайғақ жерде тіреу етіп өрлей жөнелді. 

Қорым тастардың арасы кейбірі өте алыс, кейбірі бір-біріне түйісіп жатқандықтан бірінен біріне өту кей сәтте оңай болса да, келесі сәтте, егер көздеген тасыңа дәл жетпей қалсаң тереңінде сылдырап су ағып жатқан қараңғы шұңғырға қас-қағымда тайып түсуің оп-оңай. Ондай кезде, келіп тоқтаған тасқа аяқ тіреп, келесі ырғитын тасты жақсы межелеп алуға тура келеді. 

Сөйтіп, тұрғанда қорым тастың жалғыз иесі секілді түйеқұлақ тышқан қол созым жерден таңырқай қарап, ауызындағы тістеген шөбін тастай салып, шиық ете түскені, «әй, адам қорықпай жүре бер!» дегендей жігер береді. Бірақ, алдан кезіккен үшбұрыш бір үлкен тас қынасыз жылтыр, мұз секілді тайғақ екен, секіріп барып арғы қырынан жабыса кетем дегенше етігінің табаны төмен қарай суылдай зырғып оңбай тайып жығылды. Енді, алға жүру жоқ, оң жағы адым жетпейтіндей ортасы терең екі тас, сол жағына тізерлеп қана тырманып шығуына болады. Одан сөйтіп әрең өтті, тағы сондай-сондай қорымдарды артқа қалдырды.

Сөйте-сөйте қамалған жылқыға да таяп келді. Жазда ат үстінде киіп, құлағын түсіріп иек астынан тас қылып байлап алатын сигай тымағының маңдайынан тер сорғалап, самайынан құлдай ақты. Көздерінің қырымен алая қараған жылқылары иесін танығанын білдіргендей қуана оқыранды, тай-жабағылар құтқарушысы келгенін сезгендей шіңгірлей кісінеп жіберді. 

Арысбай белін қарманды, қанжығасынан тастамайтын қайыс өрме арқанын алуды ұмытыпты, беліне ішігіне буынатын әскери белбеуін тағыныпты. «Әй, әттеген-ай!» деді, бірін ұстап алып, қия жақ жолға жетектесем, оңай-ақ шығып кетер еді. Енді, қайта барып арқан әкелуге уақыт жоқ қой...

Шығар жолды шамалап, жылқының  келген жағындағы қияға жету үшін ең шеткі қорым тасты басып таяп келді. Алдында болжағанындай бұл жақта ылғи тай-жабағылар тұр да, жол бастаған айғыр мен мама биелер түкпірге қамалған екен. Ең шеткі тұрған жабағыны жолға салмақ болып, ақырын «шүу... шүу...шүу»-леп, қамшысымен сауырынан ақырын шықпыртып еді, ол одан әрі жылқыларға тығыла түсті. 

Тағы бірнешеуін солай етсе де, жолға шыққанша енелерімен бірге өлуді артық көргендей балаң жылқылар нұсқаған жаққа аяқ басар болмады. Арысбай әбден дағдарды. Енді, тау жаңғырта айқай салып, жылқыны дүрліктірсе ғана қамауда тұрған ересек жылқылар шапши ұмтылып, бөгеп тұрған тай-жабағыларды күшпен кимелеп, жолға шығаратын жалғыз амал қалды. 


Тәуекел деп, кеудесін кере бар дауысымен, ақыра айқай салды, кенет оң жағынан қатты тарс етіп мылтық атылды. Қас-қағым сәтте құлап бара жатса да ойлағанындай, түкпірдегі ірі жылқылар дүрліге айналып, шұрқырай ұмылғанын көріп өлсем де тағы бір айғайлап өлейін, жылқы құтқарылсын деген соқыр түйсікпен бар пәрменімен тағы бір шыңғыра айқай сала бере сол жағынан тағы бір рет мылтық есінен тандыра қатты тарс еткенде жартастан тайғанап құла бара жатып тай-жабағыларды екі жаққа ысыра жарып атылып шығып бара жатқан күрең айғыр мен түйедей үлкен құла биені көзі шалып қалды...

Енді, болды, бітті деп, көңілі жайлана көзін жұмып, қорымның қуысына түсіп кетпеу үшін қамшысын тірене қатты тасты жастана берді... 

О, құдірет өлмеген сияқты, тек сәл есі шығып қалғандай. Қайта басын көтергенде, өзі көздеген сылдырама қиямен тауды азан-қазан қылып, тастарды сырғыта домалатып тіп-тіке дүрліге құйындатып бара жатқан жылқысына көзі жасауырай қарап өңім бе, түсім дегендей отырды. «Мылтық атқан кім болды?» деген ой енді ғана келіп, жан-жағына жалтақтады, маңайында өзінен басқа тірі жан жоқ. 

Бірақ, қалайда бір қызық болған секілді. Таудың үдей соққан қоңыр самалының үні желке тұсынан екілене ызыңдап тұр, анау төменде күн сәулесімен жылт-жылт шағылысып тастақ арнамен сылдыраған бұлақ үні де екі жақтағы қарасұр жартастарға жаңғырып сар-сар етеді. Бағана шыққанда байқамаған ба, қаптап жүрген таудың сұр торғайларының шиқылы құлақ тұндырады, көк сона ма, дәу қара шыбынның ызыңы ма... анау қия беттегі қара шегіркенің шырылы ма, айнала дүние адамның есін шығарғандай шуға толып кетіпті. Бұл не ғажап, ә!

Жылқысын тапқан қуанышы мен жаңа ғана басынан өткен қорқынышы көңілінде кезек тайталасып, төменге қарай қайта қорыммен түскеннен гөрі жылқы жол салып кеткен құлама беткеймен түсуді артық көріп екі-үш адымдап барып, сылдырама тік беткеймен шаңғы тепкендей, шаңдақты бұрқырата, жаңқа тастарды сырғыта ілезде құлдыйлап түсті. 

Шөл қысқан жылқы шұрқырай кісінеп, берідегі шалғынның ара-арасымен сусып жатқан бастауға құныға бас қойыпты. Көкшалғын былқылдақ сазды тақ тұяқтарымен жаншып, жұп-жұмсақ қылшықты еріндерін мөлдір суға жартылай матырып, үнсіз сімірген судың өңештен үздіксіз өтіп жатқаны сағақ астындағы тақыр түктерінен анық көрінеді. Қарындары да суға толып қампия түскен. 

Суға әбден қанған жылқылар енді есі кіргендей оқырана рахаттанып, серги сілкініп, жалы тізесіне түсіп, кекілі көзін жапқан айбынды күрең айғырдың соңынан шалғынды қарпи жұлып, байырқалай келген жағына қарай жылжыды. 

Шұбатылған жалы мен ұзын кекілін сілке өзіне қиқаштай көз салған күрең айғырдың бейтаныс кезеңнің арғы жағына үйрін бастап кетуіне Арысбайдың ақылы жетпей келе жатқада, осыдан жеті жыл бұрынғы оқиға есіне сарт етіп түсе қалды. 

Қазір өздері тұрған осы сазды қойнауға сонау төменнен көз салып тұрғанда сұлық тұрған бейсауат жалғыз жылқыға көзі түсіп, «бұл неғылған мал?» деп, ат сабылтып келген-ді. Сөйтсе, оң жақ санын қасқыр жұлып, жан-далбаса кезең асып қашып келген құлындауға күні жетіп тұрған қулық бие екен. Жат өлкенің қасқыры бөтен жерге кірмейтін бөрілердің қатаң тәртібінің арқасында  жас бие ажалдан аман қалған. Бәлкім, жас бие де қасқырдың осы әдетін білетіндіктен бөтен өлкеге қашып кіріп жан-сауғалаған болар...

Шаранасы көрініп әне-міне туғалы толғатып тұрғанын көргенде, үйрінен бошалап бөлініп кетіп осындай бөтен жерге Құдайдың қалауымен аман жеткен жануарға жаны ашыған Арысбай тұмса биенің туғанын тосу үшін атын шідерлеп отқа қойып, қатар тігілген қос секілді жақпар тастың қуысына астына тоқымын  төсеп, ерін жастанып жата кеткен. 

Бір аптадан бері байланған биені таң құланиектене өрістен жиып әкелумен шала ұйқы жүрген жылқышы жігіт таудың салқын самалы желпіген қой жуа мен тау жалбыздың иісіне масайып тас-қатып ұйықтаған-ды. 

Таң сібірлей емірене оқыранған дыбыстан ояна келсе, жіңішке аяқтарын талпына тіренген қасқа құлынды жас бие тұмсығымен түрте жалағыштап жатыр екен... Міне, мына күрең қасқа айғыр сондағы құлын еді. Жылқы мүшесі кесек біткен, айырықша зор денесіне қарап әрі тегі бөлек, бөтен жердің малы ғой деп, айғыр қойған-ды.

«Япыр-ай, ә! деді, Арысбай сонда, енесінің ішінде келген жылқы да байырғы мекенін көксейтін болғаны ма, егер мына дүниеге келген жерін аңсаса анау кезеңге қарай кетіп несі бар?!» 

Кең бұйрат ішіндегі тау өзені сарқырай аққан жайлау жұрттағы екі ақшаңқан киіз үйге түс ауа жетті. Сабауды ат қылып ойнап шақпылап жүрген екі тете ұлы алдынан жүгірді, екеуінің «әкелеген» дауысы құлағын жарып кетті, екеуін екі қолына ала беріп: «Үй, әй... ақырын...» дей, берді. 

Ою-өрнекті ағаш есікті ашып, үйге еңкейе кіргенде, шаңырақтан түскен күннің сап-сары сәулесі сол қанаттағы қазан жақтан жоғарырақ тұрған құлпырған шым кестелі түскиіз бен жарқыраған қызыл торғын шымылдық құрылған шыттай жасаулы, жылтыр бас темір кереуеттің алдына түсіп тұр екен. Төсек алдындағы сырмақ үстіне салған жұмсақ жаялықта құйрығын жаңа басқан ақ домалаққызы әкесін танып әлдене былдырлап жалп-жалп талпынды. 

Топ ортадағы темір пешке асқан қалайы қазанда жаңа қайнап, жағымды иісі үй ішін алған ыстық шайға сүт қоса сапырған келіншегі Бәтима қуана жалт етіп: «Жылқыларың аман ба, әйтеу!» дегені, күндегі  ұяң дауысынан  бір түрлі ашық болып кеткеніне селт етіп «Ә, дараға қамалыпты, әрең түсірдім...» деп жүре сөйледі. 

Төрдегі жүкаяқ, сандық-кебежелерге қойылған түрлі-түсті шымадандардың үстіндегі шар айналар мен рамкадағы фотосуреттердің алдында үздіксіз сөйлеп тұратын «VEF-320» деген төртбұрыш қара түсті радоқабылдағыш та әлдебір ән шырқап бұрынғыдан қатты сайрап тұрғанына таңданған Арысбай төрге жайылған тап-таза қызыл ала сырмақтың үстіне келіп, ең алдымен иек астындағы бауын шешіп тымағын басынан алды. 

Дәл осы сәтте құлақшынның екі жағынан жұмыр оқ пішінді екі салмақты нәрсе қатты киіз сырмаққа тырс-тырс етіп түсе қалды. «Бұ не? Бағана тауда атылған оқ осы ма?» деп, қолына алып қарағанда, екі елідей ұзынша қарындаш секілді жұмыр, тастай қатты қоңыр затты көрді. «Әй, Бәтима! Мына нәрселер құлағымнан шыққан сияқты, бері келші! Бәсе, жан-жағымның бәрі неге жаңғырып кетті, десем...» деп, тырқылдай күліп, қасына жүгіріп келген келіншегіне көрсетті. Оның көзі дөңгелене таңырқап: «Енді, құлағың әдемі есітіп тұр ма, өзі?!» деп, ол да сыңғырлай күлді...

Арысбай құлағынан шыққан әлгі екі қоңыр нәрсені қалтасына салып қойғаны есіне түсіп, бір жолы орталықтағы емхананың  дәргері Сейтке көрсеткенде: «Е, серый проб деген осы тасқа айналған құлық қой, пө.ө.ө. ағасы, бәлен жыл босқа саңырау болып жүріпсіз ғой, бес минөтте ала салатын нәрсе еді ғой...» деген.

Қазан айы туа дараларды  ат бауырлайтын қалың қар басқан кезде Арысбай бүкіл жылқы үйірін батыстан шығысқа қатпарлана созылып жатқан қызыл күңгей тауларға отарлатуға әкелетін. Қара қосын «Ілбіс сай» деген шатқал шыңға қарама қарсы беткейдегі ұядай жылы үйтастың қуысына тігіп алатын. 

Қос тұрған осы биік тұрғыдан сонау шығыстағы Мөнх Хайрханның мәңгі мұз құрсаған биік шыңдары көрініс беретін. Ақбасты ұшпа құздардан ары қарай тұнық көк аспан көз жеткісіз болып бұлдырап кете барады. Ұшпа құздардан бері ақша бұлттар басына жете алмаған қарлы шыңыраулар жалғасып, одан беріректе қыратары пышақ қырындай жал-жал, қойнауларын қар басқан қоңыр таулардың таусылмайтын тізбегі көз тартады. Бір жағы күнес, бір жағын еш күн түспейтін көлеңке жапқан жалама жартастан басқа түгі жоқ тақыр таулар тіршіліксіз сұп-суық секілді бойды мұздатады. 

Айнала дүниеде сонау қатпар-қатпар болып жатқан жансыз таулардан басқа ештеңе жоқтай жалғызсырап қайтқан жылқышы жігіттің өткір жанары қарсы алдындағы жалама жартасты, тас қабырға жықпылды, орқаш-орқаш беткейлі, қызыл, сары, жасыл қына бетін бедерлеген үйтас тола қойнау-қойнау сайлар түсіп жатқан кең көсілген төскейге көзі түскенде дүние жанданып кеткендей жаны жадырап шыға келетін. 

Үздіксіз жел гулеген ең биік үстіртегі ұшпа жартастың үстінде бүкіл денесімен шоқиып тау жаңғырата айбарлы үн шығарып, доғал құлағын тігіп, сарғыш өткір көздері қанжардай қадала қарап, мысық тұмсығын көтере, ұзына бойына қатар-қатар жалғасқан әсем теңбілдері көз тарта өзіне айбат берген тау ілбісі қарап отырады. 

Сондай сәтте, әй дейтін жерден бетбе-бет келгендей екеуінің көздері бірін-бірі анық көріп ұшырасып қалатын кездері көп еді. Қабақ үстіндегі төрт-бес теңбіл тарғылдары басына киген тәжі секілді айбарына сән қосқандай көрінетін. Ол кіріпік қақпай қадалған қалпы ауызын кере ашқанда ішіне қарай имиген ұшы біздей, қайқы қанжар секілді асты-үстіндегі сұмдық сом төрт азу тістерін әдейі көрсетіп тұрғандай қорқынышты болса да, қызу тірліктің демі бұрқыраған қызыл тілін жаланғаны оның  да нәпақа іздеген тіршілік иесі екенін айғақтағандай болатын. 

Ол тағы да арқырай ақыра тау жаңғыртып, шыңғырысқа ұқсас үнін тау шатқалына таратқан сәтте одан төменде мысықтың мауықан дыбысына ұқсастау үн іле жауап берген сәтте-ақ, еркек ілбіс он неше қадамнан кем емес жартастан орғи секіріп төмендегі текше жартасқа оңай түсе қалады. 

Ұшы сәл қайқая иірілген екі жағы да денесіне ұқсас теңбілдермен безенген денесінің ұзындығымен қарайлас ұзын құйрығы оны биіктен қорғап қалатын ала арқан секілді, ал жұп-жұмсақ үлпілдек  жүндері ауырлығын  жеңілдетіп тұрғандай  ауада баяулатып, көздеген жеріне дәл келіп түседі. 

Қысқалтаң бола тұра сом аяғына жарасқан жалпақ дөңгелек табандары түскен жеріне жабыса қалатындай берік, жалама қияның өзінде теп-тегіс жерде тұрғандай тұрақты. Ол өзінің осы кереметтігін паш еткісі келгендей жеп-жеңіл адымдап келіп, қияда көлденеңдей тұра қалып алдыңғы аяғын алға соза, артқы аяқтарын тірене қайқая керіліп, ауызын аша рахаттана есінеп алады. 

Бұл мақсатына жететініне сеніп көңілі жайланғаны іспетті. Енді, сыбыссыз жылжып, жартастардың түбіне сирек өскен түп-түп ақселеу шөптен басқа қылтанақ жоқ қыраттағы қызыл, жасыл қынамен бедерлеген тастарды еппен басып, басбалап барған сәтте үстірттеу жерде бүк түсіп жатқан ұрғашы ілбіске «ә, таптым ба, бәлем!» дегендей артынан қаусыра бас салады. 

Жыныстық жанасулары өте жылдам, келесі сәтте ұрғашы ілбіс еркегін ашу шақыра аударып тастап, екеуі бір-біріне разылығы ма, ызасы ма, белгісіз ар-ыр етіп дыбыс шығарып, бірін-бірі алдыңғы аяқтарымен бір-екі тырмалап алып, өз-өз жайларына кетеді. 

Кейде, ілбістер жалама керегетастардан да төменірек түсіп, жартас арасындағы сылдарама қия беткейлерге бес-алтыдан жиналып алатын кездері де болады. Еркектері өзара ұрғашыларына таласқаны ма, әлде солай арасынан ойнағаны ма, белгісіз екеуі бетпе-бет кезіге қалса, алдыңғы аяқтарымен беттерінен тырналасып қия беткейдің шаңын бұрқыратып жіберетін кездері көп. 

Ілбістің еркек, ұрғашысының  өзгешелігі сырт көзге анық білінбейтіндіктен  қайсысымен қайсысы алысып жатқанын айыра алмайсың. Мұндай таластары не ойыны тағы да ұзаққа бармайды, тез айрылсады. Әлгі алысқан жерінде кейбірі дәл мысық секілді шалқалап жата береді де, онымен таласқаны үстінен жайбарақат аттап кетіп бара жатады.

Ұрғашы ілбіс те басқа жануарлардың ұрғашысы тәрізді күшігіне қамқор болады. Екі жасқа келгенде денесі ересектерге таяп қалса да, енесі әлгі жатқан күшігінің жанына іздеп келіп, кәдімгі еркелеткен секілді, құлақ тұсынан, тұмсығынан, мойынынан жалап мейірімін білдіреді.

Ілбістің мекені қалтарыс-бұлтарысы көп жақпартастар мен үңгір-үңгір қия беткей, терең әрі тар шатқалдар, асты не үсті көзге түспейтін ұры текшелер, шұғыл бұрылыстарға толы айналма жартастар болғандықтан ұрғашысы күшігінің адасып кетпеуі үшін әрі жем тапқанда ұрымтал жерге әкеліп шақыру мақсатында бір-біріне арнайы белгі қалдырады. 

Ілбістің бірден-бір мекендесі тәуешкілер ғана жүре алатын осындай шым-шытырық тас қиядағы жам жолдармен жымып басқан ілбіс өз бойынан сәл биік жақпартасқа келген кезде мойынын созып оны иіскеп көреді, сонсоң кері айналып тұра қалып дәл иіскеген тұсқа зәрін шаптырып жіберіп, ары қарай кете береді, тағы қанша белгілерін осылайша өз зәрімен қалдырады. 

Қатерлі қияны мекендеген екі хайуанның бірін-бірі қалт жібермей аңдуы мен бірі қашып, бірі қуған кездегі көз ілесбес қимылдарын  Арысбай ондаған жыл бойы қаншама көрсе де, бір жолғысы басқа жолғысына ұқсамайтын қапысыз қозғалыстары көз алдынан елесі кетпестей боп қала берген-ді. 

Тәуешкілер мұндай жалама жартастарға жайылу үшін келмейді. Онсыз да өсімдік атаулы аз, құп-қу селдір селеу, жартас жақпарына оқыс өскен тасжарған бұтасынан басқа түгі жоқ жерге қамсыз түнеу, қатерсіз жусау үшін келеді. Ілбіс олардың осындай ұрымтал сәтін аңдыйды, ешкілер де жауынан қапысыз емес болса да, өзара бір-біріне қолданатын  алуан тәсілдерімен бетбе-бет келетін кездері аз емес. 

Ілбістің ересек күшігі астыңғы текшеде ашық көрініп жатқанын байқаған ешкілер, өздерінің жусайтын текшесіне қаперсіз келетінін білген ұрғашы ілбіс жартас астында жасырын жата береді. Иіске де, тықырға да сақ қазық сирақ тау түсті қоңыр ешкілер, айнадай жалтыр, мұздай тайғақ тас бетінде жеп-жеңіл билеп басып, үйіріліп тұра қалған қас-қағым сәтте құйрығы шұбатыла суылдап жетіп келген ілбістің арандай ашылған ауызындағы біздей өткір, қанжардай қайқы азуына әуелгі мезетте санынан ілініп қалатын талайсыз ешкілер де аз болмайды. 

Көбінде дәл жанынан сарт етіп шыға келген ілбістің жебедей атылған жылдамдығынан да жедел оқтай жарқ етіп қашқан ешкінің шолақ құйрығынан шаншыла шүйіліп келген ілбіс кей сәтте қарпып үлгеретіні де бар. Олжасынан айырылғысы келмеген ілбіс төрт аяғын тапжылпай тіреп ұшпа жартасқа жабысып қалғандай табандап тұра қалады, жанталаса құтылғысы келген ешкі артқы екі аяғымен тепкілей тебініп, ашық ауада қалған алыңғы аяғын сермей ұмытылғанда құйрығы шорт үзіліп, тіп-тіке кереге тас болып жатқан шыңның етегінде ақ өркеш болып ағып жатқан өзенге күмп етіп түсіп, су бетінде басы қылтылдап құлдай ағып құтылып кетеді. 

Ілбіс ұшпа таста төрт аяғын жиып «енді, амалым қалған жоқ» дегендей, қызыл тілімен езуін жаланып қала береді. 

Емшектен шыққан күшіктерін аңға баулып жүрген кезде ілбіс көбінде кәрі, арық-тұрақ аурулау тәуешкілерді аңдыйды. Оны қапы жібермей ұстайды. Бір қызығы онадай ұстаған ешкінің көтенінен ойып, ішін үңгіп жейді, енесі алдымен сүйек-саяғын уататын болу керек, соңынан күшіктері кезек-кезек інге кіргендей бітеу тұлыпқа бас сұғып азықтанғанын талай көрген-ді. Сондай құр қалған бітеу тұлыптардың желге ұшып етекке түскен бірнешеуін үйге де әкеліп қолданған. Тұлып адам сойғаннан бетер терінің іші жылмағай тап-таза екеніне таңғалысатын.

Ілбіс аяқтының ұшқыры тәуешкіні аңдып ұстағанындай, ең биік қыратқа келіп бидайыққа жайылатын қанатты ұларды да ебін тауып ұстайтын кезі болады. Ілбіс терісінің бедерінен аумайтын текшедегі тарғыл қына басқан жертастардың арасындағы бітік бидайықтың ішінде қимылсыз жатқан сәтте, жайылудың қызығына берілген топ ұлар тіпті, оның құйрығын шоқып, дәл ауызына барған сәтте, жалғыз арс етіп, бір қанатынан ұларды қарш еткізіп далпылдатып ұстап алады. Үркіп ұшқан тобы не болғанын да аңдамай дүрлігіп көзден таса болады. 

Осы қия беттің жота жақ тұсы жайдақтап, қорымды төскейге айналып, құлдай аққан өзеннің де жағалауы алыстау болып жатқан маңайға күз айларында ілбіс ересек күшіктерін ертіп келеді. Күшіктер жасырынуға ұрымтал тастың арасынан, түйеқұлақ тышқандарды аңдып шиық еткізіп оңай ұстап ала береді, сөйтіп күшіктер де аң ұстауға дағдыланады. Аузына тістеген шөбін тастың қуысына тасып жүрген жұдырықтай семіз тышқандар ілбіске осылай оңай олжа, татымды азыққа айналатын кезі көп. 

Аттыны қойып жаяу адамның аяғы жетпейтін, мал баласы қадам баспайтын осы тас төскей өзіне сай осындай қым-қуыт қызық пен шыжыққа толы тіршілік мекені болғандығы Арысбай сынды айлар бойы адам көрмейтін жылқышыға таптырмайтын ермек. Осыларды көре-көре, анау алыстағы бұлдырай көрінген меңіреу тауларда да осындай өзіндік қайнаған тірлік барына көзі жетіп, жайып жүрген жылқысы жан жолдастарындай, анау көз жетер жерде жүрген неше түрлі хайуандар қоныстас-ауылдастарындай  болып, жалғызсырау дегенді ұмытқан-ды. 

Тау барысы өзі мекен еткен қия беткейден кейде ау үшін көбінде қыс айларында келесі жайдақ баурайларға шығатыны болады. Қарға түскен іздері тіп-тіке атқан оқтай түзу жүріп өтеді, басқа аңдардай олай-бұлай бұрылу, бөгелу деген болмайды. 

Жиырмадай жылдан бері қыста қарсы бетке қосын тігетін осы шатқалды «Ілбіс сай» деп атаған өзі ме, өзінен бұрын да солай атала ма, қазір мәлім болмай қалған-ды. Әйтеуір, содан бері осы сайдан қанша ілбіс неше күшік туды, қанша күшік аман-есен өрбіді, қаншасы өлді көз алдында. 

Тіпті, осы мекендегі ілбістерді кішкене күшік күнінен ересек болғанша көре-көре өзінің жылқысы секілді түстеп танитын болып алған. Өйткені, сырттай бірінен-бірі айырғысыз біркелкі көрінген теңбілдері әрбірінде әр түрлі, әсіресе қарсы қараған кезіндегі көз арасы, маңдай үстіндегі төртбұрыштанған шатырша теңбілдері бір-бірінен өзгеше болады. Содан да, оншақты ілбіске түріне, жүріс-тұрысына, мінезіне қарап ат қойып алғаны да бар. «Ешкіаңдығыш», «Құйрықтістегіш», «Қыршаңқы», «Секіргіш», «Айғайшыл»... 

Міне, осының ішіндегі «Қыршаңқы» деп ат қойған етене таныс ілбістіңөзіне шауып, жай шауып қана қоймай тағы бір еркек ілбіспен қосыла шауып, қиян-кескі айқас боларын, ол айқастың артынан Арысбайға қылмыстық іс қозғалып түрмеге кетіп қалудың  аз алдында қаларын, осы айтулы дау-дамайдың ел ішінде аңызға айналып, өзінің аяқ астынан «Барыспен  алысқан  батыр» деген мақаланың кейіпкеріне айналып  Қазақстанның жұрналына суретімен жарияланып бүкіл қазаққа мәшһүр боларын... ол кезде иенде лағып жүрген жылқышы жігіттің бұл ойы тұр ғой түсіне де кірмеген болжамсыз оқиға еді. 

  ** ** **

Ең соңында осындай хикаят болып жазыларын менің өзім де осы қызық әңгімені тыңдаған уақытта қаперіме алмағаным анық. Өйткені, ол кезде дәлірек айтсам, осыдан отыз екі жыл бұрын осы әңгімені кейіпкердің өз аузынан ет құлағыммен естіп, куә болған шақта жазу-сызуға әуесқойлық  деңгейде жүрген кезім, ал нақтырағы  кәсби дәргерлік қызметте едім. 

Шілде айының орта шені болу керек. Орталықтан алпыс шақырымдай алыс, жолы өте қиын жайлауда қатты ауырған әлдебір малшыға «дәргери жедел жәрдем» ге жүретін «Уазикпен» барғаным есімде.

Қайтар жолда көрші киіз үйден, алпыстың ар-жақ, бер-жағындағы еңсегей бойлы қария орталыққа ала кетуімізді өтінді. Басында үкісі бұлғақтаған қызыл торғынмен тысталған құндыз жұрынды пұшпақ тымақ, үстіне қызыл елтіріден тіккен паң барқыт жаздық ішік киген, аяғында нәлі қағылған ұзын қоныш саптама етігігі жарасқан бейтаныс кісіні мәшинемізге отырғызып алдық. 

Ойлы-қырлы тастақ жолдың мәшинені орғытып-орғытып алатыны өз алдында, шұғыл-шұғыл бұрылыс жасап жүруге мәжбүрлейтін жол сорабындағы сандық тастар мен қой тастар одан үлкен түйе тастардан кілт бұрылған сайын әлгі қария орындық арқалығындағы жұмыр темірден сарт етіп ұстай алады. 

Бір жолы қолына көзім түскенде күректей жалпақ қолының сыртындағы орып түскен жарақатқа хируригялық тігінді жасалған үлкен тыртыққа көзім түсті. «Ақсақал, қолыңызға не болған, тігіс салыпты ғой?» дедім, жүзіне бет бұра.


Мысықтікі секілді сап-сары өткір жанары алдағы жолдан көз айырмай қадалып қалыпты. Сол жақ беті, оң жақ қабағының үстінде де орып түскен ұзын тыртықтар көзіме шалынды. Су ағарын таңқита қырған ұзын мұртын қозғай жұтына тамсанып алып: 

«Е, балам, бұл тыртықтардың кілтипаны көп...» деп, кеңкілдей күліп алды. «Тыңдасаңдар айтайын, мен өзім Қобдалық қазақпын, жәңе өздерің көруге барған кәрі қойшы менің немере туысым болады. Көңілін сұрайын деп келіп едім, қылтамақ  ауру секілді ғой, суішері біледі енді...» деп, біраз ойланып қалды. Неден бастасам екен, деп отырған іспетті.

«Шешем жарықтық Қошағаш жақтан келген Шүй қазағының қызы еді. Ұмытпай жүр, жылың барыс, дейтұғын. Содан айтқандары түгел есімде ғой, осы жақтың қазағы сенің жылың сол тау барысын ілбіс дейтін көрінеді. Киелі жануар ғой, бұл жақтың тауында да мекендейді екен, ол жүрген жерде пәле-қала болмайды. Мекен еткен маңайында жұт-жұрқа, сел, тасқын жүрмейді, қоныстас аң-құс та амандықта болады. Соған жақын қоныстағыларды  жау алмайды, деп дәріптеп отыратын. 

Шешем жарықтық осы айтқандарын ұлымның көңіліне қондырдым-ау, дегендей болып сөзін қатты пысықтап еді. Сонда айтқаны, барысқа әлгі ілбісіңе қайткенде де тиіспей жүр, өз жылың да барыс қой, оның үстіне. Тиіссең киесі қиын, Құдай оны тегін жаратты дейсің бе, түр-түсін де айбынды ғып қойғанын көрмейсің бе, деп аманат айтқандай болған... 

Е.е.е. дүние-ай, сонда іші бірдеңені сезді ме, кім білсін... Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой, сол шешем айтқан ілбіспен қоныстас та болдым, шешем айтатын сол тау барсының тірлігіне де әбден қанық болдым, соңында киесіне де ұрындым...»

Жол бойы жалғасқан ұзын қызық кеңес осылай басталған-ды. Әңгімеге елтіген жүргізуші жігіт де айдаған мәшинесін баяулатып қарияның әңгімесіне құлақ түріп қалған. Бастан кешкенін кеше болғандай көз алдыға елестетіп, бастан өткен нәрселерін түсірмей де, ісірмей көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп, керей қазақтарының төгілмелі қоңыр тілімен әңгімелеп берген-ді. 

Туып өскен жерінің төл табиғатымен  біте қайнасқан, қазақы мінезін бұзбай сақтаған, көшпенді өмірдің соңғы асыл тұяғы іспетті дегдар қарияның әңгімесін өз айтқанындай анық-айқын жеткізу қолымнан келмесе де айтылған шындықтың сұлба суретін кітаби тілмен суреттегенім анау жоғарыдағы тау барысы туралы әңгімелермен басталған қарияның сөздері еді. Ендігісі осы соңғы жалғасы. Сонымен: 

  фотосурет inform.kz ** ** **

Маусым айы туа Арысбай жылқысын қыстап шыққан қызыл күңгейден айдап, қары кетіп көгалдана бастаған жайлау жаққа, тұйық дараға қарай бағыттап жіберген-ді. Үш айғыр үйір, ұзын саны жүзге тартатын мама биеден бастап, міністің құр аттары, құнан, тай-жабағыларды санамай-ақ айдап келе жатып түстеп түгендей беретін. 

Сөйтсе, Ғоб-Алтайдан арнайы айдап келіп арзанға жылқы сататын  халқа жылқышылардан  былтыр күзде алған екі жирен құнан жоқ болып шықты. Қыстан күйлі шыққан құр аттар жерін көксеп келген еліне қашып кеткен болуы әбден ықтимал, қуа іздеу салу керек болған. 

Жоғалған жылқыны іздеуге он беске келіп қалған ұлы Тілеуді жұмсап, қашқан жылқының қандай-қандай жолмен жүруі мүмкін екенін әбден ұқтырған-ды. 

«Егер, Өншінтолғайға дейінгі жолдан табылмаса, ары қарай іздеме!» деген. Өздеріне үйреншік болып, ырым етіп алған жоғалған малды іздегенде жолы болғыш құла атты мінгізіп, әбден күнге күйіп ат өңдес болып кеткен сары барқыт кең-мол шабанды желбегей киіп, сыралғы бесатарды мойынға асынып, ердің артқы қасына бір жақ қанжығаға шумақтаған өрмелі қайыс арқанды, бір жағына жолазыққа деп алған жас малта құрт салған тері дорбаны бөктеріп беріп, жолға шығарған еді. 

Сол кеткеннен үшінші күні кешке таман мінген аты да, өзі де сап-сары түсті Тілеу тау қырқасына қып-қызыл боп құдиған күннің қан қызыл бояуына  матырылғандай болып шығыс жақтан үйге таяп келе жатқаны көрінді. 

Арысбай баласының жоқты таппағанын білсе де, аман-есен келгеніне іштей қуанып, қыстаудан біраз алыстау салынған мал туғызуға көктеме кезінде отыратын шағын там-үйдің алдында  ұлын күтіп тұрды. Таудың жақпар тасынан қабырғасы қаланып, төбесі жартылай сырғауыл ағаштармен жабылған қой қора жақтан кешкі ызғырық соғып бойды мұздатса да, құлаққа естілген жас қозы-лақтардың шіңгірлей маңыраған жағымды үні, мұрынға келген құрғақ көңнің таңсық иісі бойға жылу әкелгендей бей-жай тұрған.

Тілеу ұзақ жолдан титықтаған құла аттың сылбыр жүрісімен аяңдап кеп, үй алдындағы ат байлайтын мама-ағашқа келіп тоқтады. Етене таныс жеріне жеткеніне қуанғандай болған құлат үстінен иесі түсе бере, ішін тарта қатты пысқырып, ер-жүген, үзеңгі, құйысқандарын түгел сылдырлата дүр сілкініп қырындап тұра қалды. 

Дәл осы сәтте, Арысбай ердің қанжығасына байланған құйрығы шұбатылған ілбістің күшігіне көзі түскенде не болғанын білмей, іші мұздай боп, қолына ұстап тұрған бишігін сығымдай қысып сіресіп қалды. 

Сәлден кейін ес жиғандай: «Әй, бұның не?! Қайдан атып алдың?» деді, өз дауысы өзіне сұмдық суық естілді. Тілеу: «Ілбіс сайдан, қайтар жолда... қорым түбекте енесі үш күшігін ертіп тышқан аулап жүр екен...» 

«Не дейсің!?» ызалана ақырып жіберді. Ештеңе болмағандай қаперсіз жүрген бозбала үзеңгісін шалдырлатып аттың арқасынан алып жатқан ерін көтерген қалпы әкесіне үрпие жалт қарғанда, Арысбай келесі жақ қанжығада тағы бір ілбістің күшігінің терісі салақтап тұрғанын көріп: «Өй, көксоқан!» деп, ауызынан бұл сөздің қалай шыққанын да білмей, тағы ақырды. 

«Өй, көксоққыр! Ілбіс атқанды қайдан шығардың сен! Туғанына бір ай ғана болған емшектегі күшіктер ғой мынау. Киесі атады сені! Әй, оны қойып заңға не айтасың, мынаны көрдіңдер ме, дегендей болып, ашық қанжығалап келе жатқаныңды жолда біреу көрмеді, деп тұрсың ба?!» 

Күйеуінің қатты ақырған дауысынан үрейленгендей көзі дөп-дөңгелек болып әйелі үйден асыға шықты. Келіншегі қандай ширыққан жүйкені мап-майда ғып сипап жіберетіндей жұп-жұмсақ үнмен: «Шөлдеп келді ғой, ұрспасаңшы!» дегені, Арысбайдың есін кіргізгендей, сабасына түсе: 

«Сол іздеп барған жеріңе дейін, қашқан аттардың жаңа құмағын байқадың ба?» деді. Тілеу: «Құмақ та жоқ, із де жоқ... аттар қашқан болса, сіз айтқан жолмен жүрмеген ғой деймін... ол жақта торғауыттардың  сарлық  жайған сиыршыларының тағалы аттарының ізі ғана» деді, дауысы сенімді шықты. Арысбай батып бара жатқан қызыл күнге қарап кірпік қақпай ойлана қалды. Содан жаңағы ашудан қарлыққан дауысын жұмсартып: 

«Жоқ, ол екі жирен қашпаған екен. Қашса, сол жолдан басқа жолға олар қадам баспайды. Басқа жолдың бәрінде тоғауыттардың қыстаулары бар болғандықтан аттар қолға түсетінін  бізден жақсы біледі. Екеуі сол қыстап шыққан қызыл күңгейде өздері жеке бөлініп қалған болды. 

Сөйтіп, оңашаланып бізді көз жаздырып алып, қуғыншы түспейді-ау, деген межелі күні қашпақшы ғой... ай, жануарлар-ай!» деді, оларға разы болғандай. 

«Адамнан да айлаларың артық қой, егер сол күні қашқан болса, сенің қолыңа түсуі сөзсіз еді...» деді де, өзімен-өзі күбірлеп кетті: «Құдайдың құдіреті, осы кіндік қан тамған туған жерге адам да, жылқы да неге құмартып тұрады екен, ә?» Тағы да шұғыл көңілі бұзылды:

«Әй, андағы күшіктердің терісін тошала үйге апарып тық! Еріңді ауызғы үйге кіргіз! Атты көң үйілген қораның бұрышындағы ыққа апарып қаңтарып қой, әбден суыған соң жатарда шөп саларсың...» деді, жарқышақтанған өз дауысы өзіне бөтен болып естілді. 

Арысбай таң намазына қашан да бүреу түртіп қалғандай селк етіп оянушы еді. Там үйдің шығысқа қаратқан төрт бұрышты терезесіне қарғанда сонау Ғоб-Алтай жаққа қарай аласара шұбалған өркеш таулардың үстінен аппақ таң қылаң беріп, тау қырқалары қарақошқылдана алыстан көз тартып тұрды. Үй іші ортадағы керпіш пешке түнде салған қидың қызуынан жып-жылы. 

Ерте аттанып кетпек болып, төрдегі қабат сырмақтардың үстіне, сеңсең тонын жамылып киімшең жата кеткен еді, басын көтеріп алакеуім үй ішіне көз сала біраз отырды. Оң жақтағы жылтырбас темір төсекте әйелі, сол жақтағы төсекте жолсоқты ұлы қаперсіз ұйықтап жатыр. 

Үйіші тап-тұйнақтай, есік жақ бұрыштағы қолжуғыштың жанында гүлкестелеп тіккен қалта-қапшықта тіс шөткілері мен бор, сабын тізіліп тұр, жанында қарынкөз кіршіксіз ақ орамал ілінген. Қазан жақтағы тәбір деп аталатын сырлы сөреде айнадай жуылған ыдыс-аяқтар. Төрде арыстан бейнесі салынған өрнекті екі сандықтың  бірінің үстінде қонақтарға арналған көрпе-жастықтар, бірінің үстінде киім салатын шымадандардың  беті қолдан тоқылған өрнек-жапқыштармен безендірілген. 

Келіншегі Батиманың қолы тиген нәрселер осылай тап-таза болып жарқырап, бүкіл заттары жаңа алған секілді көз тартып, орын-орынында тұратыны Арысбайдың жанына қатты жағатын. Бәтима нені болса да қарбаласпай-ақ ретке келтіретіні – кімді болса да тәртіпке үйретіп, ұқыптылығына үйіріп тұратынына  әбден үйренген еді. 

Арысбай орнынан түрегелді, пеш үстінде суы жылып тұратын құман, сырлы шелекте суып қалмасын деп қойған езілген құрт. Сеңсең тонын жамыла етігін аяғына қоңылтаяқ сұға сыртқа шықты, шығыс жақ сары жалқындана, ақшыл шұғыла аспан биігіне көтеріліп таң ата түсіпті. 

Маусым айының таңғы салқыны тітіркендірді,  жөткірініп еді, тасада тұрса да құла аты иесін танып оқырана дыбыс берді, үні сергек, ұзақ жол жүрген сайын жарап, еті ширап  қунақы тұрғанның белгісі. 

Толыскей дейтін ернеуі жұмыр ақ елегенге дәрет алды, төрдегі бітеу қабырға жақтағы таза сырмақтың үстіне сәлдебоздан қабаттап тігіп, басына қызыл шүперектен белгі салған жайнамазға тұрып таңғы намазға жығыла бастады. Көңілі мына дүниеден алыстап, жанын рахатқа бөлейтін бір тыныштыққа кетіп бара жатқандай жайланды. Алақанын жайған кезде қазір жолға шығып, қу тіршілікке араласатыны есіне түсіп, көңілі қайта құлазыды. 

Артына бұрылған кезде дөңгелек шайтақтайда Бәтиманың таңертең ішіп кет, деп дайындап қойған ыстық шәйнекке құйған шәйін көріп, оның жанында тұрған қызылала шыныға құйып ішуге қолын созды. Табақтың бетіндегі ормалды көтергенде иісі тәбет тартқан жылқының тураулы тұрған майлы етінен үш саусағымен бір кесек жапырағын алып ауызына салды, жеңіл шайнап жұмсақ етті жұта бере, әлі суымаған ыстықтау шәйдан «үүф» деп, дыбыс шығара бір ұрттады. Тағы да сөйтіп, дәмді еттен аузына сала шалалау шайнап, шәйді дыбыс шығара ұрттап ішумен болды. 

   ** ** **

Арысбай жазғы күн көкке тікке көтерілген кезде «Ілбіс сайдың» терістік жағындағы үздіксіз жалғасқан қорған секілді биік жартас жалдардың етек жағына жетіп қойған еді. Бұл тұрғыдан төңірек түгел көрінеді. Шығыстағы күн астында бұлдырап көкжиекке дейін бір бітпей қатпар-қатбар созылып жатқан тау сілемдері тұңғыйық көк аспан жиегіне сіңіп жатыр. Түстік шығысқа таман осы қоп-қоңыр қатпар жоталардың төбесінен қарап тұрғандай көкке шаншылған мұздаудың шыңырау шыңдары жылт-жылт етіп көз тартады. Теріскей жақта тас қабырға секілді кенереленіп шекараны бөліп тұрған құз таулар батысқа дейін жалғасып кете береді. 

Тік өрге қатты аяң салған жарау құласы бусанып та қалыпты, қарасұр түксіз жылтыр әдемі танаулары желпілдей тыныс тартып, солықтай дем алады. Оң аяғын үзеңгіден шығарып, сол қолымен ердің алдыңғы қасынан ұстай сол аяғындағы үзеңгіге тірене жерге түсті. Енді ғана жетіле бастаған балғын шөптердің иісі мұрынға келді. 

Әсіресе, түп-түп болып өсетін көкжусанның иісі тынысты ашады. Аты да ауыздығын сылдырлата еңкейіп, жас шөптерді иіскелеп, жұлсам ба, жоқ па дегендей еріндерін қыбырлатып тұр. 

Қабат-қабат қалың жапырақ боп шығатын қасқыржем күнгейдің тастай қатты топырағынан әзер қылтия бастаған. Шоқ-шоқ бидайықтың сабақтары жіп-жіңішке болып жаңа бой көтеріпті. Үзеңгіге ғана жетіп одан ары биіктемейтін қызыл тікенді сарықараған  бұталары балпан жапырағын енді ғана жайып, маңайда андыз-андыз көрінгені осы тақыр таудың ең биік ағашы секілді көңілге жылы тиеді. 

Арысбай екі жиреннің қай маңайда жүргенін болжалдап, «Ілбіс сай» секілді түстікке қарай созылып жатқан келесі тайқылау, шолақтау сайлар жаққа көз тікті. Тұйықбастау дейтін сондай сайдың бірінде жылымшылап ағып ұзамай тас арасына сіңіп кететін шолақ бұлақ бар еді. Аттар су ішу үшін ту төмендегі өзенге барғанша осы бұлақтан су ішіп, сол маңдағы қуыс-қуыстарда жайылып жүруге керек. 

Оншақты жылдан бері әрбір түйе тасы мен үй тасы тұр ғой, шашырап жайылып жатқан сансыз сандық тас, домаланған қой тасына дейін көз таныс болған қойнауды дүрбі көзімен тінте қарай бастады. Айтқандай, Тұйықбастаудағы бір қуыстың көлеңкелі тұсына көз тігіп еді, қызыл қына басқан жартас түбінен бір нәрсе қылаң етіп, түсіп тұрған күннің сәулесіне шағылысып барып жоғалды. 

Тірі нәрсе. Енді, дәл сол тұсқа қадала үңілді. Тағы да дәл солай жылт етіп, сол уақыт мөлшерінде тағы жалт етті. Мырс етіп күліп жіберді, жусап тұрған екі жиреннің біреуінің шыбын қағып тұрған құйрығы екен. 

Көңілі жайланып қалды. Түнімен жайылған екі ат күн көтеріле жартасқа жанаса жусап тұрғаны белгілі болды. Жас жусанды жұмсақ еріндерімен еріне жұлып тұрған атының тізгінін жедел көтеріп, сол аяғын үзеңгіге сала бере, сол қолымен алдыңғы қайыс оралған жұмыр темір ердің қасынан тарта қатты ұстап, жерде тұрған оң аяғын қатты итере жеңіл көтеріліп жып-жылы, жұмсақ тоқымның үстіне сарт етіп отыра қалды, оң аяғы да үзеңгіні өзі тауып тіренгені сол еді, иесінің бүкіл қимылын жатқа білетін елпек жануар дәл көздеген жаққа қарай еңкейе аяңдай жөнелді. 

Жеңіл пысқырып қойды, құлағын алға тігіп, көзін алысқа қадағанына қарағанда екі жиреннің анау мүйісте тұрғанын «жолы болғыш құла» да сезген секілді. Тау басында түс мезгілінде ғана саябырситын қоңыр жел ақырын су-су етіп қана тұр.

Аттар жусап тұрған тұмсықтың желке тұсына аяңмен барып, құланың ауыздығын алып, тізгінін жағына түріп, ұзындау шылбырын ердің үстіне асыра тастады да, бөктерудегі қайыс шідерді алып, тұсап отқа қойды. Алдымен ердің алдыңғы қасына қамшысын іліп, соңынан бесатарының жалпақ бауын екі орап іле салды. 

Қанжығадан өрме қайыс арқанды шешіп алып, иығына салды да тықыр шығармау үшін тізесін имектей бүгіңкіреп, бүкшеңдей басып аттарға таяды. Жартастың тұмсығынан ақырын сығалап еді, екеуі бір-біріне артын беріп екі жаққа қарап бастарын сәл төмен сала жусап тұр екен. 

Шумақталған қайысты иығынан сырғытты да, шалмаға әзірлеп қайта шумақтады. Сәл тықыр шығармау үшін саптама етігін шешіп тастады. Киіз байпақпен тасқа арқасын беріп, жар жағалағандай аттарға таяй түсті, оншақты қадам қалғанда аяқ сыбысынан не басқадан сезік алды ма, бері қарап тұрғаны басын оқыс көтеріп, пысқырып жіберді, артын беріп тұрғаны мойынын бұрып жалт қарап үлгергенше, Арысбай да жеңіл байпақпен бір ырғып алға ұмтылған қалпы, арқанын бір үйріп мойын бұрған жиреннің екі құлағын көздей лақтырып жіберді. 

Көтерілген басқа киілген өрме арқанның  доғасы аттың мойынына өтіп, кеуде мен шоқтыққа тірелгенше кәнігі жылқышы да арқанын сарт қатты тартып қалды. Бері қарап тұрған жирен қатты үріксе де бес-алты ырғып анадай жерге барып көзі шатынай қарап айналып тұра қалды. Мойынына арқан түскен жирен ыра тартып үлгергенше, Арысбай алдында жатқан қойдай жұмыр тасқа екі аяғын тіреп отыра кетті. 

Өз тебінімен арқанды қатты тартқан жирен құнан, арқан қозғалмай керіле қалғана еріксіз қайта айналып қарсы қарап табандап тұрып қалды. Қатты шошынғаннан бүкіл денесі діріл қағып кетсе де, «құру, құру... жануар!» деген құлағына таныс дыбысқа ілезде селт етіп, «е.е.е. ием екенсің ғой!» деп, қуанғандай оқырана, шолақ кісінеп қойды. Анау жирен болса, екеуі тұрған жаққа бір қарап алды да ештеңе болмағандай жайыла бастады. 

Арысбай алыстан айыра танығысыз екі жиреннің бірінің маңдайында тырнақтай ғана төбел бар екенін білетін, мына шалмаға түскен сол екен. Арқанмен ыспалап жанына таяды, тайында үйретілген болуға керек, бас асаулығы жоқ екен, майға шыланған жұп-жұмсақ қайыс арқанның шалма жасауға арналған ағаш тиегін ұттырып қайта күрмеп, тиек шыққан жағын тұмсығынан асыра мойынындағы ілгеке тағып ноқта жасай салды. Енді жетектеп кете береді, анау шымқай жирен өзі еріп отырады. 

Күн шырқай көтеріліп шалқар түс те таяған екен. Жолы болып, жоғы табылған Арысбай талма түстің жайлы ыстығына маужырап ұйқысы келді. Асығатын не бар, енді. Етігін киіп, әй дейтін жерде жылтырап көрініп жатқан Шолақбастауға қарай жиренді жетектей жаяулады. Бұлаққа жете бере жиреннің арқанын қазандай тасқа бірнеше орай салып көгалға керіліп жата кетті. Ілезде мызғыды. Бастау басының өзен бойы секілді көгалды атырабы, бойды меңдеген түскі әлет, жаңа бүршік жарған ақ, күлгін бәйшешектердің жұпар иісі, ары-бері ұшқан сұрторғай, көбелек, аралардың  шырылдаған, дызылдаған үніне бүкіл денесімен батып бара жатқандай рахаттанды.

Оянған кезде түс ауыпты, басын көтермек болып екі алақанымен жер тіренгенде етіне шөп  сап-салқын тиді. Қайта еңкейіп, тізесімен тіреніп орнынан тұрды. Бұлақ басына келді. Бастау көзі табақ көлемінен аспайтын шұңқыр екен, ақ, сары, көкшіл, шұбар түсті арпаның көлеміндей құмдақ тастар қайнап жатқандай айнала қозғалып, мөп-мөлдір су тынымсыз ағып шығуда. 

Арысбай әуелі жоқ іздегенде киетін күнге қуарған сары барқыт желбегей кең шапанын иығын қозқап-қозғап жерге сырғытып түсірді. Содан кейін қынына пышақ салған кіселі күміс белбеуін ағытып, етегі тізе-балтырын түгел жабатын, ұзын жеңі қамшы сабын жасырып тұратын кең-мол қара барқыт шапанын шешті. 

Суға екі қолын малғанда бүкіл өн-бойына суық жайылғандай сәл тітіркеніп қалса да, түскі ұйқыдан  бойкүйезденген денесін оятып, ширатып жіберді. Екі алақанына су толтырып білектерін, шықшыты мен бетін жуды, киіз байпақтың ішінде жып-жылы жатқан аяқтарына суық су тигенде сірескен арқасы да серпіліп, жүгіріп кеткісі келді. 

Дәрет алып болған соң, жалпақ алақанын тостағандай қуыстап су толтырды, алақан бедерлері ап-анық көрініп мөлдіретіп тұрған тұнық суды ернін тигізе жұтқанда алдымен жұтқыншағы сұп-суық болды да, кейін өңешімен жылжып бара жатқан суды сезді. Жолсоқтылықтан талығып қалған бүтін іші-бауыры да дүр сілкініп қалды. 

Қарсы беттегі бірінен бірі биік қатарласып тұрған  үш қызыл жартасты қыбыла деп межелеп, көкжасаң үстінде отырып-тұрып, сәждеге барғанда маңдайына салқын шөптің ілебі мен жас иісі қатар келді. Қобалжып тұрған көңілі жайланды, талма түстегі жарқыраған күн өзіне ғана жылуын төккендей, айналасындағы андағайлап тұрған қызыл қына басқан тақыр таулар тек өзіне ғана қарап тұрғандай, мына иендегі көзге көрінген-көрінбеген тірлік иелері осы отырған адамды ес тұтқандай, үш аты да иесі болған соң жайбарақат жайылып жүргендей сезілді. Намаздан тұрған кезде-ақ осы жайлы сезімі көңілінен ұшып кеткен құсап тағы құлазыды. 

Жолазығы есіне түсіп құлат жаққа қараса, ол да шідерімен жайыла-жайыла бұлақ басына келіп қалған екен. Өзіне қарай жүрген иесін көріп, «мен де келдім» дегендей оқырана жұмсақ кісінеп қойды. Құлаттың қасына барып, бөктеріп қойған тері қоржынды алды. Бұлақ басындағы көкалға сары шапанды жайып малдас құра отырып, қоржынның аузын шешті, ішіне қол жүгіртіп пысқан жылқы еті түйілген орамалды, қайта қолын сұғып езген құрт құйылған бұрандалы қақпақты қалайы торсықты шығарды. 

Қақпағын ашқан торсықты  ауызына таятқанда көмейіне келген ащы сілекейімен қоса, қоймалжың қышқыл құртты қылқ-қылқ жұта, бір қолымен орамалдың түйіншегін де шеше отырып, туралған майлы етті оң алақанына толтыра салып асады. Сол қолымен торсықтағы салқын құртты әлсін-әлсін жұта түсіп, оң қолымен уыстап алған етті қайта-қайта толғай шайнап «ішіне ел қонып» ілезде тоғайып қалды. 

  ** ** **

Арысбай төбел жиренді жетке алып, оң қолының білегінен бүлдіргісі түспейтін ұзын сапты сарала қамшысын сипай қамшылағанда тынығып қалған құлат қой-жорға аяңға салды. Мойынын бұра артына көз қиығымен қарағанда, ноқталанған құнан бас білгі аттай жеделдей ілісіп, сыңары да «әй, қайда кеттіңдер, мен жалғыз қалмаймын» дегендей жерден басын көтере сала шыңғырлай кісінеп алды да, ол да арттарынан ерді. 

Түстікке қарай созылып жатқан сайлардың кенересімен керегетас күнгейді етектей батысқа қарай жүрді. Екі сай өткен соң «Ілбіс сайға» жетеді. Қоянбүлкекпен ілезде Ілбіс сайдың жайдақ қорымды тұсына да келді. 

Арысбай ұлы Тілектің ілбістің екі жас күшігін осы маңда атқаны есіне түсіп, орқаш-орқаш қорым тастарға  жіті көз салып сақтана жүрді. Қорымнан жоғары жалдана созылып барып үшкір-үшкір қызыл қия болып кететін биік тұрғыға дейін сүзе көзін жүгіртті. Күн екінтіге қарай еңкейгендіктен бергі беттегі жақпар тастардың ұзара бастаған көлеңкесі қанша қадалса да іздеген нәрсені  жасырып тұр. Осы тұстан өткенде құлат біртүрлі құлағын тіге, көзі алақтап, шала пысқырып, аяғының астынан үріккендей бөтен мінез шығарды. 

Арысбай атының бұл мінезінен жақын маңдағы тұрғыда ілбістің өздерін бақылап отырғанын сезді. Ілбіс тегінде адамға шабуы сирек, оларға қоныстас болған оншақты жылдан бері жылқыларының  мінезін, әрекетін қалай білсе, ілбісті де дәл сондай білем ғой деп, ойлайды. Бірақ, күшігін алдырған ілбістің не істейтінін қалай білсін!? 

Дәл қазіргі пайымынша осы маңның бүкіл ілбісі өзін жазбай таниды, ал күшігін алдырған ұрғашы ілбіс құлатты қапысыз танып, аңдып жатқан болуы сөзсіз. Өткенде, қалған жалғыз күшігін қорғау үшін бұғып қалса да, енді ашынған хайуанның қандайбір қимыл жасауынан бихабар халде. 

Сол үшін Арысбай Ілбіс саймен құлдап түсу қатерлі деп, шешті. Сондықтан, Ілбіс сайдан екі кезең ары жатқан тақыр саймен өзенге түсуді жөн көрді. Осы тұспалмен атын жеделдете тебініп қарсы бетке қарай өтуге асықты. Құлат та иесінің құлқын ұққандай басын қиғаштай бұрып шадырайыңқы көзімен артына қарағыштай-қарғыштай жеделдей аяңдады. Қарсы бетке өтіп, келесі сайдың қырасына шыққанда Арысбайдың иығынан бір жүк түскендей жеңілдеп, «үһ» деп күрсіне тыныс алса да, арқа тұсынан бір өткір нәрсе тесіп тұрғандай жауырыны шымырлады. 

Құлат та дәл сондай халде секілді, алайған көзін қиғаш тастап, жеңіл пысқырып, тізгінін кере тартып, жедел желіп кеткісі келгендей сыңай білдіреді. Бірақ, жетек жылқы болғандықтан Арысбай онша асығып желіп кеткісі келмеді. Құрғақсайға  да келіп жетті. Бұл сайдың сол жағы дәл Ілбіс сай секілді жалама жартасты болса да табаны жылқы айдап өтердей кең, оң жағы болса жартассыз тақыр беткей, ұшқат, түп жусан көп өскендіктен малға өріс. 

Құрғақсайдың орта тұсына келе бергенде арттағы екі жирен оқыс пысқырып, жетек арқанды кере тартып қалған сәтте, астындағы құла шыр айнала осқырып тұсындағы текше жартасқа жалт қарады. Арысбай да селк етіп жоғарыға көз тіккені сол еді, тарғыл ілбістің жоғарыдан атылып, ауада ысылдап келіп үстеріне төніп қалғанын бірақ көрді.

Терең тыныс алуға да шама келтірмей, қаспен-көздің арасында ұзын құйрығы мен созылыңқы денесі тіпті сұмдық ұзын секілді көрініп, арандай ауызынан төрт қанжар тісі жарқырап, қызыл тілі мен өңеші де анық көрінген аждаһадай ілбіс құлаттың бас пен мойын тұсын ала қатты соққанда, Арысбай ерден көтеріліп, үзеңгіден шығып кеткен екі аяғы өзіне жоғарыдан көрініп, екпінмен аттан ұшып түскенін, аты да оң жақ қырымен бір аунап түсіп, одан да тоқтамай тағалы төрт аяғы көкке көтеріле тағы да аунап-аунап бара жатқанын, өздерін соққан ілбістің де тебінмен бес-алты қадам жерге барып жерді ыра шаңды бұрқыратып, төрт тағандап тоқтағанын көріп қалды.

Осынша қысқа уақытта не қам жасауды ойлаймын дегенше ұшқыр көзі бәрін бағып үлгерді. Еңкейіске қарай мойыны қайырылып түскен құлат, арқасындағы  ері көрінген қалпы қимылсыз қалыпты. Аттан жығылған кезде жетектегі жирен қатты үркендіктен тақымына қысқан қайыс арқан суырылып, шұбалған арқанымен шаңды бұрқырата тақ тұяғы сартылдап ол да қашып барады. Оған ерген жирен де тақыр беткейдің етегіне ілінген.

Өздеріне шапқан ілбіс шұғыл бұрылып, түскен жерінде төрт тағандап қарсы қарап жата қалды. Тани кетті, екі көзінің арасындағы төртбұрыш бедерінен ұрғашы «Қыршаңқы» екенін, демек күшітердің енесі осы. 

Арысбай мойындағы мылтығын қалай тез қолына алғанын, шақпағын сарт еткізіп оқпанына оқ жүгірткенін өзі де білмеді. Қарсы қарап жатқан ілбістің маңдайын көздегені сол еді, апасының сөзі құлағына естілгендей қалт тоқтады. «Балам, барысқа тиісушы болма, жылың барыс қой...» 

Қарауылды көздеген қалпы, ойланам дегенше, сол жағындағы биіктен тағы да ысылдаған үн құлағына шалынды. Шұғыл мойын бұрғанда дәл жаңағыдай болып, он қадамнан да артық биіктен тағы бір пәлекет тарғылдың өзіне тура төніп келгенін аңдады. Бір-екі тыныс алуға да келмейтін шолақ сәтті қырағы көзімен шалт шамалап, оңға қарай жалт бұрылып түсті. Ілбістің жұмсақ қалың жүні бетіне тие сипап, созған алдыңғы аяғы иығын сәл қаға өзінен екі-үш қадам алға төрт аяғымен жерге тік етіп түскен еркек ілбіс, тез шыр айналып, қарсы қарап мысық секілді бүгіле көз тігіп тұрды. Оның маңдайындағы жалқы үшбұрыш көзіне таныс көрінгенде, аяусыз жыртқыш өзіне амандасуға келгендей көңілі жылып «Өй, мынау Секіргіш қой!» деп, күбірледі. 

«Қыршаңқы» сол орнында көз айырмай әлі жатыр. Секіргіштің де қозғалар түрі жоқ, баспалай аңдуға көшкендей. Арысбай қас пен көздің арасындай мезетте болып өткен сұмдық жағдайды жылдам ой елегінен өткізді. Жаңа күшік өргізген ұрғашы ілбіс пен еркегі бұларды көре сала Ілбіс сайдан өткен кезде қалмай қапталдай ілесіп отырған болды. 

Секіруге қолайлы биік тұрғыға дейін еріп келген. Ұрғашысы құлатты көздегендіктен нысанасынан мүлт кетпей жанды жерінен соқты. Тәуешкіні де өкпе тұсынан шабулдағандағы ілбістің ең ұтымды тәсілі екенін Арысбай бұрын талай көрген, кенет бас пен мойын тұсынан соғылған аң, сәл сәт естен танып, биіктен қорғаныссыз құлайтындықтан көбінде мойыны қайырлып өліп кетеді. Құлат та дәл солай болды. Ал, еркек ілбістің өзіне шабуы бәлкім, ұрғашысын қорғауы. 

Осы ойға бекіген Арысбай ілбіс енді өрге қарай өзіне ұмтыла қоймас деп, артқа қарай шегіншектеп екеуінен кезек көз айырмай алыстай берді. Межелі жерге жете тік тұрып, сол жақ беткейге қарай үркіп кеткен төбел жиренді көзімен іздеді, қарасы да шалынбайды бел асып безіп кеткен сияқты. Енді, қайіту керек? Аңдыған ілбістен қаша жаяулап үйге жетуден басқа не амал бар!? Көктемедегі үйі жиырма шақырымдай жерде. 

Сол жақтағы тақыр бөктерге таяу сораппен жеделдей төмен құлдады. Ілбістердің жатқан тұсына таяғанда көз қырын салды, екеуі де өзіне қарай бұрылып алып жер бауырлап жатыр. Сағақ бауынан ұстаған мылтық сол қолында, оң қолында ұзын қамшысы. Оларды ату деген ойдан бірден бас тартты. Әсіресе, апасының аманат сөзі дәл қазір құлағында шыңылдап тұр. Міне, тиісіп еді, не болды! Ілбістің де күшігі үшін кек қайтаратынын өз көзімен алғаш көрді. Енді, бұл хайуандарға тиіспей өз жанын құтқарса, сол олжа. 

Құрғақ сайдың өр жағы кең болғанмен орта тұсына қарай сай тарайып, екі жағы да шатқалданып кететін. Онша қаперсізденбей  бойын ықшам ұстап, сай табанындағы қиыршық тастарды сылдырлата басып, осы маңға келе бергенде үстіңгі жақтан тастың сылдыры кенет естілгені сол еді, дәл тұсынан өзіне қарай ырғып келе жатқан ілбісті көрді. Төніп келген кезде жалтарам дегенше болмай, сол жақ иығын іліп түскен тырнағымен қоса желбегей шапанының  жеңі дар етіп айырылып кетті. 

Алға ытқып түскен ілбіс, қайта жалт етіп ұмтылғанда шала құлаштаған мылтықтың дүмімен басын көздеп ұрғаны алқым тұсынан тиіп қаптағы жүнді ұрғандай жай былқ ете қалды. Одан ытырыла қашып бес-алты қадам барғанша, иық тұсынан тағы біреуі орғи тап берді, ұзын қамшысының сабын қос қолдай ұстап, ілбістің өндіршек тұсынан бөгей тіреп итеріп жібермекке табан тірей тосты. Ол көздегенінен биік келген екен, қамшы сабы өндіршектен емес, кеуде тұсынан тірелді, ауыр салмағын еңсере үстінен асыра оң жағына қарай ілбістің өз тебінімен аунатқан қысқа мезетте оның сабалақ бауыр жүнін, шабының артына таман томпайған жұдырықтай енін көзі шалды. Қамшы тіреуі тебінді болған секілді, еркек ілбіс төрт аяқтап түсуге үлгермей, шалқалай бір аунап, қайта айналғанда басы қарсы қарап төрт тағандай бере, көзді ашып-жұмғанша тағы атқыды. 

Енді, бетбе-бет келуден басқа жол жоқ. Жас жігіт кезіндегі күрес әдісімен ұмтылып келген қарсыласының  астына қарай еңкейіп, оны үстіне қарай ұмтылдыра шығарып алып, сол екпінімен өзінен асырып құлату үшін екі тізесімен шірене қайқайып серпіп жіберу тәсілін қолданды. Өзіндей балуаннан әлдеқайда жеңіл ілбістің жұқа шабы басына киілгендей боп бой жаза көтерілген кезде тағы хайуанның өзгеше иісі мен қызуы мойын-басына біліне бере өзі алға ытырыла шықты. 

Ілбістің мығым, қатты тебінді артқы аяғын арқа жағына тигізуге үлгертпей алға ытқып үлгерді. Ілбістің тісін де, тырнағын да денесіне дарытбай құтылса да, ең қысыл-таяң шақта болмаса оқ жұмсармын деп, ішке түйген үміті үзілді. Ілбіс үсінен ағындап өткенде, сол қолында сүйретіліп жүрген мылтықтың құндақ жақ бауы оның артқы аяғына ілініп кеткен екен. Балуанды жыққан кездегідей ілезде жалт етіп кере қарай қалғанда темірі тасқа тиіп шақ-шақ еткен мылтықтан қатты сескенген ілбіс мылтықтың бауы аяғынан сырғып түскенше әлденеше ытырылып, секіре алыстап кетті. 

Үрейленіп, қорықуға да үлгертпей бас салған алыс-жұлыстан ілезде ентіге, терлеген Арысбай жан-жағына жалт-жұлт етіп ұрғашы ілбістің қайда екенін іздеді. Бұлар шабуын тоқтатпаса келесі кезек соныкі, бірақ ол көрінбейді. 

Сол жағы бөксеріліп түскен жамылғы шапанын иығынан сілкіп тасап, жанталаса төмен қарай жүгірді. Нәлі қаққан саптама етік тиген жаңқа тастардың шақ-шақ еткен дыбысы бүкіл сай ішін жаңғыртып, әскер кезіндегі жүгіру әдетімен тынысын терең алып, тез шығарып, екі қолын да алға, артқа кезек сермей тастап, жылдамдық қосуға септестіріп келеді. Қолына қамшысын бүктей ұстаған, күміс белбеуінің сол жағына тағылған қындағы пышағы мықынына сартылдады. «Е, тіпті жаным қысылса пышағым бар екен ғой...» деген өз ойы көңіліне демеу болды. 

Жартастар күні бойы ыстық сіңіргеннен бе, сай іші қапырық. Жазғы күн сайдың оң жақ қырқасына ілінгендіктен терең жылғаның шығыс беті сап-сары сәуле, батыс беті алакөлеңке тартқан-ды. Қатты жүгірістен маңдайды желпіген қоңыр самал бар, жылғаны жағалай өскен қой жалбыздың жұбар иісі мұрын жарып, адамның сарайын ашады. Жер еңіс болғандықтан бір шақырымдай ұзаған еді. Бұл тұс сайдың ортасынан ауған шамасы болғандықтан тіке түзу емес, шұғыл бұрылыстары көп екен. Жүгірісін баяулатты, өн бойын тер басып, тынысы ашылыпты, қатты ентігі басылған, тоқтамай жүгіре берсе де болғандай. 

Ілбістер енді, қуғанын қойған шығар. Кере тыныс алып, бетін жапқан терін жеңімен сүрітпек болып бір бұрылысқа тоқтай берді. Бір қадам ғана жердегі оң жақ бұрылыстан басы ғана көрініп, жыландай иіріліп шыққан ілбіс өзіне қарсы тап берді. Өте шұғыл, тәсіл жасауға да келмейді. Бірден бетін қорғап, екі қолын көтере тосып, алқымынан алмақ болды. 

Бірақ, табан тіремегендіктен ытқып келген ілбістің тебінімен шалқасынан түсті. Екі қолымен кеуде тұсынан итере қамданды, сырғи жылжыған ілбістің алдыңғы аяғының тырнақтары бұра берген бетінің сол жағын осып, басынан тымағын да сыпырып бара жатты. 

Осы мезетте ілбістің сабалақ жүнді кеудесінен сырғыған екі қолы бауырына жеткенде буылтық-буылтық сыздаған тығыз емшегі мен жұп-жұмсақ үрпіге қолы тиді. Қолға ілінген сол жерінен қатты сығымдай ұстап, содан тартынып басын көтере, екі шабының арсынан алға жылдам ұмтылып, түрегеле бере кері жалт бұрылып, әлі бері бұрылып үлгермеген ілбістің жон арқасынан қамшымен қатты тартып жіберді. Ыр еткен дауыспен қоса, ұзын құйрығы ыс етіп екі жағын иіріле ұрып ол алдына қарай орғып-орғып кетті. 

Арысбай енді ғана ұқты, екі ілбіс те ізіне түсіп алған екен. Өз тәсілдерімен ұрымтал жерді аңдып, кезек шабуылдап қалмай келеді. Тер тамшылаған сол жақ беті ашый жөнелді. Бетіне саусақ ұшын апарғанда алқызыл қан жұқты. Жарақатын білмекке сол қолының үш саусағын ашыған тұсқа апарғанда үш-төрт елідей ұзын ырсия тілінген бет терісінен жып-жылы қан құлағының алдын ала, жағын жағалай мойынына жылжып аға бастады. Жалаң бас қалған бас құйқасы да тырналып, қан жылымшылап тұрғанын байқады. 

Қан тоқтатып тұруға мұрса қайда!? Ілбістер амал тапқанша тағы да жол ұтып қашу ең дұрысы. Төмен қарай дедектеп тағы адымдай жүгірді, енді қай жағынан келеді? Ілбіс сайда қанша жыл бойы бұл хайуандардың бүкіл тірлігін өз жылқысындай білдім деп, жүруші еді. Олай болмай шықты. Бұлар да өзін аңдығанға оңай алдыратын, ал аңдығандарын қапы қалдыратын адамның батырларына ұқсайды екен ғой. Аңшылықтан түк те хабары жоқ бозбалаға екі күшігін оп-оңай олжа қылып аттырған ілбіс, енді тау-тас та білмейтінім жоқ дейтін «дала батырының» басын қатыра қойды. Енді, қуа ма, жоқ па белгісіз... егер қуса енді қай жағынан қалай келеді, оны да біліп болмайды. 

Жалғыз амал, мына сайдан шығып өзен бойына жету, онда жетсе жолдың жартысын алады, бәлкім кісі-қара да кезігіп қалар. Бірақ, жоқ іздеген біреу болмаса, ешкім жүре қоймайтын қысқы отар жақ, иен күнгей. Өзен өрлеп жайлау жаққа шығуға әлі біршама күн бар. 

Пәледен қашқан үрейдің әсері бар, алыс-жұлыстан денесі де қызып алғаны бар, желген аттан кем емес тасырлата жүгірді. Өзі талай рет жылқы еңістетіп түсірген жері томпақ, түбір, тасына дейін көзтаныс болғаны – маңайын межелей жүруіне, ұрымтал тұстан сақтануына жақсы-ақ. 

Алайда, бағанадан бергі ілбістердің әрекетіне қарағанда ештеңені де дәл болжауға қауқарсыз екені анық болды. Нақ білетіні енді, бес-алты бұрылыстан өтсе болды, сай ауызна жетіп, жалпақ өзен бойына ілінеді. Онда, бәрі алаңқай, ұры жер жоқ, қай жағымнан сап ете түсер екен деп, тым құрығанда үрейленбей жүруіне жақсы болар еді. 

Сайдың ауызы көрінді. Ілбіс артта қалған шығар деген үміт те оянды. Жүгірісін аяңға ауыстырып, содан бір-екі басып тоқтады. Бетінің қаны тиылып қатып қалыпты, бағанағы саулаған тер де азайған, арам тері ағып, көмбеге таяған жүйрік аттай бүкіл денесі жеңілдеп кетіпті. 

Күн жылжи-жылжи батыстағы қара тауларға қарай құдиған екінті уақыты. Осы қалпы аяңдай берсе, үйге күн батпай жетіп те қояды. Сай ауызының екі босағасындағы қылтанақсыз аппақ шаңдақ тақыр дөңестің тұсына келді. Сол жақтағы доңғылдың үстіне таман көрінген суыр інінен «аңқит... аңқиттаған» дауысқа жалт қарағанда, дәл алдындағы сел тасқыны ырып кеткен терең соқпақтан сумаң етіп шыққан ілбіс қарсы ұмтылды. 

Қамшысын жерге тіреп аласа жарға секіріп шығып доңғылға ұмтыла қашты. Ілбіс те артқы аяқтарын жарға тірген болу керек, қатты ырғып келіп екі-үш қадам қашып үлгертпей желкеден келіп жабысты.Үстіңгі екі қанжар тісі шапанына кіріш ете бере, құшақтай жабысқан ілбісті айналдыра сілкіп жіберді. Қатты сілкігендіктен өз салмағымен шайқалған ілбістің тісі қапқан жерінен ажырамаған қалпы, шапанды жағасынан төмен дар айырып анандай жерге ұшып түсті. Шапаннан өткен тістері арқа етін қоса жыртып кеткенін  ашып, ауырсынғанан білді.

«Бұл неғылған қалмайтын пәле!» деп, ашыған арқасымен қатар ашулы сөзі ауызынан қатар шығып, қайта ұмтылуға қамданған ілбіске қамшысын көтере қарсы ұмтылды. Серпілгенше үлгерпей сегіз өрме қамшысымен екі құлақтың ортасын ала осып өтті. Қамшыгердің сұмдық соққысынан ілбіс шыр айналып, ары қарай қаша ыршып кетті. Қайқайта көтерген ұзын құйрығының астынан еніне көзі түскенде ілбістің еркегі  шапқанын білді. 

Сәл аялдаса ұрғашы ілбіс шабатынын түйсігімен тез аңғара сала, ұйма-жұйма суыр ініне аяғын тығып алмауға бар назарын аудара ақтатыр доңғылдан  етпеттей  құлай жаздап асыға жүгіріп етекке жетті. Қанша жерге дейін енді, бұлардың қалмайтынын анық ұқты. Бірақ, неге өйткендеріне таңқалды. Егер, жем үшін шапқан болса, құлаттың қасында қала берер еді. Кек үшін болса, бұлар жылқышыны өлтіруге бекінгені ме!? Қалай да қаша беруден басқа амал қалған жоқ, жанды құтқару ғана, ендігі қалғаны. 

Жайлауға баратын мәшине жолға түсе сала шоқытқан аттан кем емес жылдамдықпен жүгіре берді. Жол шетінде жатқан аткөпір көп ақсұр малта тастар бірнен кейін бірі кейінге қалып жатыр. Тас арасында өскен тықыр көк жусанның иісі тақыр жолдың шаңдағымен араласып танауды түшіркендіреді. Тарпылдаған өз аяқ дыбысына елігіп жүгірісін үдете түсті.

Бір шақырым астам жүгірген кезде арт жағынан бірқалыпы қайталанған тысыр құлағына шалынды. Тағы жетті, деді. Тез кідіре бере, айналып тұра қалды. Еңкейген күннің кешкі қызғылт шапағында, шаңдақ жолдан қызыл тозаң ұшқындатып, әр ырғыған сайын жүндес ақшыл төсі жалт етіп, артынан шұбатылан жылан құйрығы серпіле түсіп, алдындағы  ұзарған көлеңкесін өкшелеген ілбіс артынан келіп үлгеріпті. Әрбір ырғығаны бес-алты қадамнан кем емес екенін байқап, жетіп келген кезде қалай айқасуды шалт ойлана қалды. 

Қарсы қатты тебінмен келетіндіктен қамшымен ұрып үлгертпейді, қамшы сабын кеудесінен тірей итерсе болар еді, салмақпен соғатындықтан қамшы сабы сынып кетуі сөзсіз. Қашуға болмайды онда оған тіпті қолайлы, тағыда желкеден келіп жабысады. Онда, ең ұтымдысы қайсы?.. 

Жол шетіндегі қазандай жер тасқа оң жақ аяғын мықтап тірей, сол аяғын алға жарты қадам созып, бүктеген қамшысын екі қолымен кеуде тұсын ала көлденең ұстап тұра қалды. Таяп келген ілбіс екінші ырғығанда өзіне жететіні белгілі, сарғыш жанары оқтай қадала қарап, аңқита ашқан ауызындағы төрт қанжар азуы сұмдық айбын беріп өзіне жебедей атылып келіп қалған ілбістің маңдайындағы төртбұрыш белгісінен ұрғашысы екенін таныды.

 Екеуінің айнымай кезектесе шауып келе жатқаны ғажап еді. Ыршыған екпіннің құйын-желі, ілескен шаң-тозаң, жыртқыштың ырыл-демімен аралас ашылған арандай ауызға қамшының сабын тыға, қарсы тебе итерді. Қамшы сабы ауызын бөгеген ілбіс ауада асылғандай  алғашқы сәтте екі жақ тепе-тең тіресіп қалса да, балуан денелі адам ілбісті еңсере шалқасынан түсірді. 

Күрескенде итжығыс түскен балуандарша Арысбай ілбістің кеудесіне тістелген қамшысымен бірге құлады. Ілбіс қамшыдан ауызын босата бере, жатқан қалпы қамшындан бос қалған сол жақ қолына ұмсына қаппақшы болып ұмтылды. 

Бала жасынан күресе-күресе, мұндай итжығыстау түскен сәтте көз ілеспес жылдамдықпен жығылып жатқаннан бұрын тұрып үлгерудің тәсілін әбден білетіндіктен босаған қамшымен жерді тірей көтеріліп тұрғанша, ілбіс сол қолының сыртын шала қауып та қалды. Қанжар азулар тамыры бадырайған қолының сыртқы терісін жалбыратып салды. 

Тұра сала қамшыны айналдыра ысқыртып, ілбістің кеуде тұсынан оңға, солға осып-осып өтті. Қамшысын үйірген қалпы шегінгенде ілбіс жанына аунап түсіп, жер бауырлап жатты. Арысбай бағанадан бергі ілбіспен болған алыс-жұлыста көкейінде мынаны түйді. 

Ілбіс болғанда, қасқыр не басқа жыртқыштар секілді бір ұстаған аңымен жалғасты алыса бермейді екен. Жалғыз оңтайлы шабуылмен ісін бітіреді, егер ол болмаса, тағы солай келесі шабуылға дайындалып тәсілін өзгертеді. Жартас бетінде тәуешкі ұстаған ілбістердің үнемі ұрымтал жерден жалғыз рет тап беретін кездерін талай көргені көз алдынан елестеп өтті. Мынау енді, дәл қазір шаппайды, келесісі келгенше жер ұту қажет. Қаны сорғалаған сол қолын, қалтасындағы беторамалымен жүре байлап, жүгіре жөнелді. 

Шамамен екі-үш қадамдай ілгері кеткен кезде жолдың оң жағындағы жатқан үйтастың тұсына келгенде оң иығына қарай ілбістің жабыса кеткенін бірақ білді. Санасында үрейден гөрі таңданыс оты жарқ етті. Бұл еркек ілбіс мұнда қашан келіп қойған, ә!? Бүйірдегі жолсыз жермен зымырай шауып, алға шығып алып, өкпе тұстан соғуды ойластырған екен! 

Қамшы ілбіс қапқан оң қолда қалғандықтан енді, қамшыны қолданатын амал жоқ. Ілбіс иыққа жабысып алып, алдыңғы аяқтарының тырнақтарымен бетке шапшып ұрғылай бастады. Енді, жас жігіт кезінде әскерден үйренген тәсілін қолданудың сәті өзінен-өзі келгендей, таңып алған жаралы сол қолының жұмырығын қатты түйіп, иығына жабысып тұрған ілбісті тұмсықтан соқты, осы қимылмен қатар оң аяғымен құрсақ тұсынан тепті. Жұдырықтан ауырсынған ілбіс тісін босатпай кейкие тартынып, іштен тебілген екпінмен шалқалай жығылғанда шапанның жеңі қолтықтан сөгіліп, білегінен сыпырыла суырылып азулы аңның ауызында кетті. Қамшылы білегі жалаңаш қалды. Ілбіс тістеген жеңін олжа көргендей ұзын құйрығы жерді сипай кері айналып барады екен.

Артына қарады, күн қаратаудың қырқасына қызара төніпті. Қысқа сәтте теріскей жақтағы сирек орманды қара тауға бір қарап, сол жағында шалқая шұбатылып жатқан қызыл күнгей тауға бір жалт етіп қарағанда қай межеге келгенін де тұспалдады. Үйіне бес шақырым шамасындай жақындапты. 

Енді, ұрғашы ілбіс қай жақтан сап ете түседі? Ілбістердің  амал-есебін біле алатын емес. Ентіккен кеудесі мен дүрсілдей соққан жүрегі «Қаш! Қаша бер!» деп, жанталасқаны құтылудың бұйрығын беріп тұрғандай. Бүлдіргесін бір сипап көріп, енді қамшыдан айрылып қалмайын дегендей сабын сығымдай ұстап ытырыла жүгірді. Кешкі күннің қызыл шұғыласы жайылған тап-тақыр мәшине жолға түскен ұзын көлеңкесін баса, бастырмалата алға ұмтылды. Қысы, жазы бір үзілмейтін Алтайдың қара желі кешкі ызғырықпен ызыңдай бастапты.

Бір шақырымнан астам тынымсыз жүгірді, күннің соңғы сәулесі қырқадан қылт етіп жоғалғанда, айнала кешкі жарықтан біркелкі ақсұр тартып, сонау алыста шығыс жақта көрінген аласа таулар қарақошқыл түске еніп, аспан көксұрғыш реңге боялды.

Енді, сүтпісірім уақыт өтсе, апақ-сапақ алакөлеңке шақ туады. Соған жеткізбей үйге таяп алуға барын салды. Өзен бойындағы жайлау жақтағы ең шеткі қыстақ өз үйі болғандықтан бұл маңнан ешкім кезіге қоймайтын иен-түз. Оқыс біреу-мүреу жолығып қалар деп, дәмеленбейді. 

Тағы да, үйге қанша таяғанын межелеу үшін екі жағына жалт-жалт қарғыштады. Әлі, бір шақырымнан астам бар. Айналаны анық көрсетіп тұрған ақсұр сәуле біртін-біртін өшкіндей, жол бойындағы андыздап жатқан қойтастардың батыс жақ беті бозамықтап, шығыс жағы қара-күңгіртеніп бүктүсіп жатқан хайуанға ұқсады. Мойынын бұра артына бір көз тастады, батыс тау қырқаларында қызыл шапақ семіп, ақсарғыш рең түнге мойынсұнғандай бозғылт тартыпты. Ақбоз аспанда сап-сары жалғыз жұлдыз жарқырайды, көзге жылы ұшырап «қорықпа, батыр!» дегендей.

Сай ауызынан шыққандағы тебіні азайып аяғы ауырлаған секілді. Жүгірісін сәл баяулатты. «Әй, енді қуғанды қойған шығар...» деге үміт де көңілінде жылт етті. Осы ойын дөп басқандай, мысық жылдамдықпен сыбыссыз жетіп келген, апасы айтатын «тау барысы» алға қарай көтере берген аяғының астынан киіп-жарып өте шықты. 

Қатты екпін шалқасынан түсірді. Есін жиып, аяғын тіренгенше шұғыл айланған барыс сарт етіп сол жақ санына жабыса кетті. Қамшымен сол жақ көзін ала қиғаштай тартып жібергенде, басын оңға жұлқа қорғанған ілбістіңүстіңгі қанжар тістері жалаң қабат шалбардан сан етін жұлып түсті. Қатты ауырсынып, қалай да тез тұрмақ болып екі шынтағын тіреніп басын сәл көтере бере, ұрғашымен құйрық тістесе жеткен ерек барыс ауызын аңқайта үстіне төнгенде оң қолындағы қамшыны ауызына қарай тығып, сол қолымен демей бар шамасынша төңкере итерді. Сабына жез бен мыс сақинаны кезектеп ораған берік сапты қамшы барыстың үңгір құлқынына ортан беліне дейін жүгіріп кіріп кеткенде, денесіне ауыз салуға шамасы келмей, жалпақ, зілді табандарымен басып-жаншып өте шықты. Бүлдіргісі үзілген қамшы барыстың аузында кетті. 

Сол аяғы ауыр жарақаттанған екен, жедел тұрып тізесін жазғанда сол жағына қарай қиқаң етіп теңселіп тұрды. Сонда да, бүкіл қайратын шақыра, ауырсынған аяғын ақсаңдай жолдан тездетіп төрт-бес қадамдай алыстады. 

Жүгіруге шама қалмады. Бүтін денесінде оң аяқ қана сау. Жалғыз қаруы қамшыдан да айырылды. Барыстардың өліспей-беріспейтінін білді. Бірақ, барыстардың бұл «соғысы» ержігіттердің жекпе-жегіне ұқсайтынын, айла мен күш сынасқан шайқасқа айналғанын байқады. Бәлкім, ақырғы жекпе-жек қалған шығар!?

Оң жақ жеңі жұлынған, желке-жағасынан беліне дейін қақ айырылған мақталы барқыт шапанға буынған кіселі күміс белбеудің сарала қынындағы сақиналы қазақ пышағын жарақат алған сол қолымен демей ұстап тұрып, оң қолымен сабынан тарта суырып сығымдай қысты. Бағана оң иығынан барыстың тісі осып кеткен жарақаты шымырлап қатты ашыды. 

Ақсаңдай аяңдап, денесін ширақ ұстап айналаға жіті қарады. Көз байланып кетіпті, мәшине жолдың сорабы сәл ағараңдағаны болмаса, маңайдағы тас, бұта түгел қаруытып түр-түсі мәлімсіз қара көлеңкеге оранған. Аспан биіктеп кеткендей шырқау көкте жұлдыздар жылтылдайды. Үй жағына көз тіккенде шығыстағы түн пердесінің астынан жылт-жылт еткен әлсіз ұшқын-от көрінді. Үйінің алды, қораның екі жағына түн бола іліп қоятын «Денлу» дейтін коресин шамның жарығы екенін шамалады. 

Алыстағы жылт-жылт еткен жарықтан өз отбасының жылуын сезгенде шаршағанын да, жарақатын да ұмытып «Құдай қаласа, үйге жетіп қалдым...» деп күбірледі.

Осы аз жайланған сәтті бағып тұрғандай-ақ, қараңғыда төсі ағараңдап, екі көзі жасыл от секілді жанған түнгі барыс оң жағынан жеңіл секіріп келіп жырым жейденің жеңі қалған жалаңаш білекке жабысты. Арысбайдың алғашқы айқастан кейін-ақ барысқа бойы әбден үйреніп кеткен секілді, қорқыныш та жоқ, енді тек қандай амал тапсам деген ой жалт ете қалатын болған. 

Барыс төрт қанжар тісін білегіне бірдей батырғандықтан, «Алла. а. а !» деген қиналған дауыс ауызынан шығып кетті. Бірақ, алақанынан сусып түсуга тақау қалған пышағын жаралы сол қолына алып та үлгерді. Барыс тістеген жерін жұлып әкеткісі келгендей, алдыңғы аяқтарымен бүйрін тепкілей тартынды. Жылқы бауыздап жүрген алқымды пышақты барыстың көтеріліп тұрған тамағының астынан бір тартса бітті, бауыздалып түсетіні анық еді. Олай ету оңтайына да келіп тұр. Мал бауыздаудың ыспары болғандықтан солай оңтайлана берді. 

Кенет көкірек тұсынан өзі білмейтін бір түйсік үн «өлтірме.е.е!» деп шыңғырғанда сілтегелі тұрған қолы қалт тоқтап қалды. Тек қана, пышақтың ұшын барыстың  дәл иегінің астынан көтере баяу сұғып алды, ауырсынған жыртыш тісін босатып ауызын ашып қалғанда, астыңғы тісі мен тілінің ортасынан екі-үш елі қылтыйып шығып тұрған пышағының ұшын байқады. Барыс тістерін білектен суырып кері серпілгенде, иек астына қадалған пышағын да қайта суыра тартып алды. 

Ұрғашы барыс «шайқас бітті!» дегендей ауызынан қаны сорғалай ары қарай шұғыл айналғанда ұзын құйрығы қамшы секілді суылдап кеп санын бір соғып өтті.

Осы кезде оттары жылтылдаған үй жағынан орит пен ақтөс деп аталатын екі сақ төбетінің қасқыр көргенде шығаратын шебелене үрген дауысы құлағына талып жетті. Жаңа ғана білегіне түскен жарақтаты жырымдалған жейденің жеңімен орай қанын тоқтатпақышы болып әрі қайта қашуға қамданып дағдарып тұрған еді «Иә, сәт... иттерім сезген екен ...» деп, арқаланып қалды. 

Сол қолының алақан сырты, оң қолының білегі жарақат болғандықтан ендігі жалғыз қаруы пышақты қай қолына ұстағаны оңтайлы дегендей екі қолымен де қатар ұстап кеудесіне таман әкелді. Барыстың шайқастан әбден қызған сұйық қаны мен құшырлана қапқан кездегі сілекейі жұққан пышағынан біртүрлі бөтен иіс мұрнына сезілді. Пышағын солайша қосқолдай уыстай ұстап, алға қарай ақсаңдай, екі жағына жалтаңдай алға басты.

Иттердіңүргені жақындай түсті. Олардың өзіне қарай бар екпінімен ұшыртып келе жатқанын пайымдады. Мұны байқаған барыстар да не бұғып қалды, не жансауғалап қашып бара жатқан шығар. Бойы жеңілдеп терең күрсінді «Я, Жаратқан Ием пәледен өзің қақтың...» деді. 

Үрген үндері мен аяқтарының топырақты суыра ырғығанда шығатын қатты тысыры қабаттасып, түнгі пердеден қараңдаған иттері іркес-тіркес таяп келді. Олар қатты ағынмен келгендіктен  жанынан зулай өтіп анадай барған соң орағыта айналып, екеуі екі жағынан денесін сүйкей келіп тоқтады. Алғыр хайуандар иесінің қолын, аяғын иіскелей «Ием, жарақаттаныпсың ғой!» дегендей, шағымдана қыңсылады. Содан арттарына мойын бұра арс-арс етіп бірнеше рет қатты үріп қойды. 

   ** ** **

Көктемелік шағын тамының есігін ашып, биік табалдырықтан атағанда үй-іші жап-жарық, жып-жылы қарсы алды. Осы жылылық күні бойғы басынан өткен қатерлі шайқастың ауырпалығын сәл-сәтте естен шығарды. Оның үстіне пысып дайын тұрған тамақ пен сарымай сапырылған саршайдың ашөзекті қытықтаған жағымды иісі сілекейін жұтындырып денесін демдеді. 

Енді, малдан келсе де, жолдан келсе де бәрін осылай жұтыныдырып  сақадай-сай қылып қоятын келіншегі Бәтиманың қуанғанда тіпті, күлімдеп кететін қоңыр-күрең көздері мен еріндерінің арасынан күлкісін үнсіз білдіретін ақ тістерін көрсе болды, оның ыстық құшағына кіргендей бойы дүр сілкінуі ғана қалған-ды. 

Олай болмады. Тамақ қамдайтын жақтан есіктің сықырымен жалт қараған Бәтиманың көзі шарасынан шығып, қызғыл сары өңі ілезде ақ шүперектей қуарып, қолындағы ожауының жерге салдыр етіп түскен үнімен қоса: «Ибай-ай! Құдайым-ау, не болды саған!» деген шар ете түскен ащы дауысы, арқасын шымырлата селк еткізді. Он жеті-он сегіз жыл отасқаннан бері келіншегінің осынша қатты үн шығарып шошығанын, сабырдан айырылып есі шыға қорыққанын алғаш көруі. 

Өзі де үрейленіп, «Не болды!?» дегендей, әйелінің бетіне қарағанда олның өнбойынан көзін ала алмай қадалып қатып қалғанын байқады. Сонда ғана, өз үстіне көз салды. Басы жалаңбас, үстіндегі барқыт шапаны арқасынан айырылып, түймелері жұлынып, жан-жағынан жырымдалған, сол жақ бетін қан жапқан, шапанының оң жақ жеңі түбінен жұлынып, білегі қан-қан жейдесімен таңылған, шалбарының сол жақ балағы айырлып қан айғыздаған саны көрінген... түрі кинодағы жанкешті жауынгерден де үрейлі еді. 

Келіншегін тез жұбату үшін зорлана ақырын күлді: «Бәтимаш, қорықпай-ақ қой! Түк те болған жоқ, аттан жығылдым... Жараларға тез иод жағып, таза марылмен орашы, кәне деп...» етігін босағаға шеше сала, төрге шығып, тап-таза сырмаққа отырып, жүкке арқасын сүйеді. 

Бәтима осы сөзді ести сала, үнсіз іске кірісіп кетті. Бойына біткен шалымды, жедел қозғалыспен, нәзік әйелдерге тән епті қимылмен күйеуінің қатты ауырсынып қалған денесінегі жыртылып, шаңға былғанған киімдерін оңай шешіп, ырсиған жарақттардың шет-шетіне иод жағып, таза бинтімен түгел орап тастады. Жаралары қатты ашыса да, келіншегінің көңілін ойлап, тістеніп жатқан Арысбай: «Тілеу қайда жүр?» деді. 

Бәтиманың үнемі жайдары жүретін жүзі қатты жүдеу тартып: «Таңертең мектептегі балаларға хабарласуға кеткен...» деді. «Онда, қайда жүр? Келетін болды емес пе?» деген сұраққа, жауап қатпай үнсіз қалып біраз отырды да, жылап жіберді. 

Арысбай бір жамандықты іші сезгендей, жүрек тұсы сұп-суық тартып: «Айтсаңшы, менің өтім жарылады ғой деп отырсың ба?» деп, дауысы қатты шығып кеткеніне келіншегін аяса да, неде болса тәуекел болар іс болды дегендей: «Міне, көрдің ғой, ілбістер жабыла таласа да, аман қалдым, өтімді жарған жоқ!» деді. 

Бәтима шошына жылап, төсек жағына бұрылып кетті. Дауысын шығармай, сәл уанғандай болса да көзінің жасы қайта-қайта аққанын басындағы шытының ұшымен сүрте жүріп, дөңгелек ас үстеліне тамағын дайындап, иісімен-ақ шөлді қандыра қоятын бапты шәйін қызылала шыныға құйып күйеуіне ұсынды. Шайды ұрттағанда Арысбай өмірінде осынша қатты шөлдегенін алғаш білгендей болды. Тағы да жеделдете екі-үш шыны шайды ұрттай ішкенде екі самайынан тер сорғалап ақты. 

Күні бойы үлкен бәйгенің ұзақтығындай жерді жаяу жүгіріп келгенін, онымен қоймай екі бірдей азулы жыртқышпен жеке-жеке айқасқанын шай іше отырып ойлағанда, осынша күш-қуаттың қайдан шыққанына таңдана, әйелінің уайым толған жүзіне сұраулы жүзбен жылыұшырай қарады. Сонда ғана Бәтима: «Тілеуді түсте екі сергелкі-сақшы мәшинемен келіп алып кетті...» деп, сәл бөгеліп «Тошалүйдегі ілбістің күшіктерінің екі терісін де...» деді.

Арысбай денесіндегі бүкіл жарақаты қатты ауырып кеткендей, қабағын қинала түйіп, тістене күбірледі: «Көксоққан! Осы пәленің бәрі содан келді...» 

Бәтима селк етіп: «Үйтіп айтпашы, бала ғой, қызық көріп атқан шығар... Олар сені де сұрады, мылтықты іздеді...» деп, тағы жыламсырады. 

Арысбайдың шайға шөлі қанған кезде, тамақ жеуге зауқы да соқпай төр алдында қисайған қалпы қалғып кетті. Бәтима үстіне сеңсең ішігін жауып қойған екен, түн ортасы шамасында ояна келсе, бүкіл денесі қалтырап, жарақаттары ашып, ыстығы қатты көбейіп жатқанын білсе де әйеліне жаны ашығаннан дыбысын шығармай сіресіп жатты. 

  ** ** ** 

Там үйдің қапырық ауасынан тынысы тарылып, енді бірнеше күнде жайлауға көшетіні есіне түскенде, киіз үйдің іргесінен балауса шөптің иісімен араласа келіп сарайды ашатын салқын самалды аңсады. Киізүйдің есік алдына шыққанда шаң-топырақсыз тап-таза құлпырған жасыл шалған, қол созым беткейдегі қарабұта мен тауаршасының тынысты кеңейтетін жағымды жұпары... дәл қазір көз алдында тұрғандай кеудесін кере тыныс алып басын көтере бергенде сырттан мәшиненің гүрілі естілді. Бәтима мал жайғауға шыққан ба, үйде жоқ.

«Бұлар кім болды?» деп, қобалжи елеңдеп, ішікті иығынан сырғыта, жарақаттан сіресе ауырсынған денесін әрең қозғап малдасын құруға шамасы келмей аяғын соза есікке қарады. Есік сықырлап ашылды. Биік табалдырықтан қонышты бәтеңке ішке аттады, соңынан дөңгелек жасыл төбелі, қызыл жиекті сақшы қалпағын киген жігіт кіріп келіп, төрдегі өзіне қарап: «Сайн байн уу, та?» (Аман-саусыз ба?) деп, амандасты. Иығындағы пагонына көзі түскенде төрт жұлдызша көрініп тұрды. Өзін әкетуге келгенін білгенде, ішібауыры мұздағандай болып, дауысы сәл дірілдеп шықты: «Аманшылық, төрле жігітім...» 

Ол басын шайқады: «Киініп бізбен жүресіз, сізге орталық сақшы бөлімінің бастығының шақыртуы бар. Балаңыз тиым салған аңды атуға байланысты, мәселе... Мылтығыңызды ала жүріңіз!» деді. Осы кезде, көкала қалат киген Бәтима да қолында сүт сауған шелегі бар, ашық қалған есіктен кірді. Сақшы бас ізеп сәлемдесті. 

Әйелі түсі құп-қу болып күйеуіне қарап қалды. Арысбай жарақатының қатты ауырғанынан үні шығып кете жаздаса да тістене орынан көтеріліп: «Бәтима, мені киіндіріп жіберші! Шақырып жатыр дейді, барып келейін... Ештеңе болмас, көп болса торғул (айыппұл) салар... уайымдама! Қайта, көші-қонға қамдана бер...» деп, әйелін жұбатты. Сақшы бұл кезде сыртқа шығып кеткен еді. 

Бәтима үнсіз қалпы көзінен жасы сорғалдап, жылдамдата жүріп, жүкте жиюлы тұрған қызыл елтірі ішікті жарақат қолдарын ауырсынтпай жеңдерін жеке-жеке кигізіп, төрде ілулі тұрған күміс белбеуін буып берді. Басына жаздық жұқа пұшпақ тымағын кигізді, есік алдына барғанда етігін де қоншынан қос қолдап тартып демеп кигізді. 

Арысбай сыртқа шықанда есік көзіне таяу тоқтаған «уазик»-тің жанында тұрған жаңағы капитан өзіне бажырая қарап қалғанын байқады. Мәшинаның рулінде тағы сондай қалпақты жігіт өзіне үңіле қарап отырғанын көрді. 

Шығыстағы мұнартқан аласалау таулардан күн тіп-тік арқан бойы көтеріліпті, көң иісі бұрқыраған қора маңында мал қалмапты, бір-екі кенже туған лақ құлдыраңдап секіріп жүр. Капитан: «Сізге не болған аттан жығылғансыз ба?» деді, түріне шошына көз салып.

Арысбай: «Кеше жылқы қарап жүріп аттан жығылдым, ат өліп тауда қалды, мылтық та сонда қалды...» деді, болған жағдайды барған соң айтармын дегендей, ашылған есіктен артқы орындыққа арқасын тірей отырды. Ескі мәшине бензин иісін мүңкіте оталған соң, қорадан алыс емес жердегі ақтақыр жолға түсіп, шығыс-түстік  жақтағы орталықты бетке ала зымырады. Мәшине жүре бере, рулдегі жігіт екеуара жол бойы сөйлесіп келіп, шала қалған әңгімені қайта жалғағандай: 

«Жоқ...былтырғы шұбарды биыл жаратпаймын, Батадан күзде сатып алған көк дөненді ұстап әкеп қойдым, қатты күйлі семіз шығыпты, алымен етін қатырып біраз міну керек сияқты... надымға әлі ай жарым уақыт бар, ал шұбар жүйрікті той таяғанда көрем, ол өте арық күзде көп мінілгеннен болды...» Капитан да өзінің ағасының  жүйрігі туралы әңгіме қозғап, соңында биылғы аймақ тойында, шағанда саңлақ болған Дорж арыстан болып қалар...» деп, арасында екеуі қызарақтай дауласып қалып, әңгімелері одан ары қыза берді.

Екі сағаттық жолдан соң Орталық көрінді. Түп-түп ши мен бозқараған өскен, көгалы аз ақтағыр жазықтағы елді-мекеннің шет жағындағы әктеген ақшыл тоқал тамдар ауыл-үй, одан ары тал-тереңтердің  арасындағы шатырлы үйлер әкімшілік, мектеп, дәргерхана басқадай қоғамдық ұйымдықтың құрылыстары. 

Мәшине қала шетіне кіре Арысбай алында отырған капитанға: «Мені алдымен дәріханаға апарсаң қайтеді, жарақатым қатты ауырып отыр...» деді, қырылдаңқы жұмсақ дауыспен. Ол қалпағының маңдайын қолымен ұстай, артына қарай мойын бұрды: «Ағасы, алдымен сақшы бөліміне барып шығыңызшы, содан кейін барарсыз, бізге тез келіңдер, деген еді» деді, амалсыздық үнмен. 

Күрең түспен боялған екі қабатты, жасыл шатырлы мекеменің алдына келіп мәшине тоқтады. Капитан жылдам түсіп есік ашты, Арысбай алдымен екі аяғын қатар түсіріп жерге тіреген соң, қолымен мәшине жақтауына сүйене ақырын қозғалып, оның «былай қарай» дегендей иек қақан жағына бұрылып, үлкен есіктен ішке кірді. 

Дәліздің кіреберісіндегі үстелде отырған күзетші-сақшы, бара беріңдер дегендей немқұрайлы бас изеп қойды. Арысбай капитанның артынан ергенде тақтай еден нәлі қаққан етіктен тақ-тақ етіп сықырлады, ауасы тұмшаланған жайсыз там иісін бөтенси түсіп алға жүрді.

Екінші қабатқа шыққанда ұзын бойында көп есігі бар дәлізден милиция киімді жалаңбас жас жігіттер мен милиция киімді бола тұра шолақ етек сұр көйлек киіп, шашын қырққан бір-неше қыз-келіншектер қыр киімді Арысбайға таңырқай көз тастап ары-бері өтіп жатты. Дәліздің ең түкпірінде көрінген терезеге жеткенде оңға бұрылған тағы бір кеңдеу оңаша дәлізде бір-біріне қарама-қарсы екі есік көрінді. 

Сол жақтағы есік көзіне ұзынша орындық қойылыпты, капитан Арысбайға «отыра тұрыңыз» дегендей соны нұсқап, өзі ішке қарай кіріп кетті. Біраз уақыттан кейін әлгі капитан есікті шала ашып: «Бері кіріңіз!» деді, орындықтан екі қолымен тірене ішке бас сұқты, кірген бөлмеде терезе алдындағы үстелде отырған егделеу әйел жазу мәшинесін тықылдата басқанын қоя қойып, бөтен кісіге қатты назар аудара қарап қалды. Сол жақ қабырғада тағы үлкен есік бар екен. Капитан соны ашып Арысбайды алға салып, өзі ере кірді. 

Есіктен жеті-сегіз қадам түкпірге таман қойған ұзын үстелге тірей көлденең қойылған кең үстелде отырған қасқа бас, денелі бастық бұлардың тықырымен алдындағы үңілген қағазынан басын шала көтеріп, кіргендерге көзінің астымен қарады. Арысбай кірген адамның ізеті бойынша «Аман-саусыз ба?» деді, ыстықтан кеберсіген еріні, құрғап қалған тамағынан шыққан қарлығыңқы үнмен. 

Иындағы пагонында екі жалпақ сары таспаға үлкен үш жұлдызша қадалған бастық, ерінін ғана жыбырлатты. «Анда отырыңыз» дегендей екі үлкен терезенің ортасына қатар қойылған арқалық-орындықтарға қарай басын қисайтып нұсқады. Бастықтың тұсындағы тұғырда ортасы көк, екі жағы қызыл ел туы, қабырғада  бидай масағының  пішінімен қоршаған шыққан күннің алдында сәйгүлік мінген адам бейнесі салынған гербке көз сала келіп орта тұстағы орындыққа аяғын ауырсына ақырын отырды. 

Өзін ертіп келген капитан бастықтың алдындағы ұзын үстелге келіп Арысбайға қарсы қараған орындыққа жайғасып, қолына қалам алып, ақ қағазға жазуға ыңғайланып бастыққа көз тастады. Бастық: 

«Мәліметтерін толтыра бер!» деді, елеусіз бұйырып. Капитан Арысбайдан аты-жөнін, қайда-қашан туғанын, қазіргі әкімшілік мекенін, жұмыс-шаруасын, от-басы жағдайынан сұрақ қойды. Бәрін айтты. 

Әлдене жазып, басын көтермей отырған қасқабас бастық, жазуын тоқтатып, әкелген адамға көз қырын да салмай: «Заңмен атуға тиым салынған аңды балаңа сен атқыздың ба, әлде өзің аттың ба?» деді, дауысы сұп-суық боп, ысылдап шықты. Арысбай не дерін білмей сәл бөгеліп қалды. 

Бастық сол тұқырайған қырыс мінез қалпы, өзінің сол жағына еденге қарай меңзеп: «Әлде, атқан жоқпын, демексің бе!? Анау жатқан екі ілбісті кім атты деп, отырмын саған!» деді, дауысын көтере, сестене. 

Арысбай нұсқаған жаққа қарап еденде қатар жатқан алыңғы күнгі баласы қанжығалап әкелген екі шұбар теріні таныды. Өзін кінәлі санап қысылып отырса да, мына бейтаныс бастықтың жөнсіз басынғанына зығырданы қайнап, сөзін қысқа қайырды: «Балам атыпты, мен атқызған жоқпын» деді. Бастық:

«Олай болғанда өзің де бұрын жасырын атып жүрген болдың ғой, ә!?» деді, үнінде сенбестік араласқан кекесін бар. 

Арысбай: «Өйтіп жала жаппаңыз! Жайында жүрген аңда нем бар!» деді. Бастық кенет басын көтеріп, Арысбайға көз тікті: «Аң атқан мылтықтарың қайда!?»

«Кеше жылқы іздеп тауға шыққам-ды. Сонда өзіме ілбіс шауып, атым өліп, мылтығым да далада қалды, өзім жаралы болып үйге жаяу әрең жеттім...» деді, Арысбай бар жөнін айтуға ыңғайланып. Бастықтың қасқа басы ілезде қызара түсіп, еріндері дірілдеп, жуан жұдырығымен алдындағы үстелін дүңк еткізіп ұрып:«Оңбаған, отанның  жаулары!» деді, ақырып. 

Капитан да, Арысбай да ештеңені түсінбей оған таңдана, шошына қарап қалды. Бастықтың дауысы тіпті күшейіп: «Айтым ғой, әне! Таудағы қалған ілбісті атуға шыққан екенсің ғой! Әй, сен, оңбаған! Сол ілбістің терілернін анау капиталстерге валютаға айырбастайтын еліміздің ең қымбат байлығы екенін біліп қастандық жасап жүрсің бе, а!» деп, тағы ақырды. 

Арысбайдың өн-бойында кеше өзіне ілбіс шапқанда да шықпаған ашу бұрқ ете түсті. Мына бастық боп отырған сұмырайдың  сөзі, кешегі етін жұлып кеткен ілбістен әлде қайда жанына тиді. Орынан атып тұрды:

«Сен өзің оңбағансың!» деді, жарақаты жанын қинап тұрған оң қолының жұдырығын оған түйе нұсқап: «Сен адамның етімен жемдеген ілбістің терісін капиталистерге сатуды артық пайда көріп тұрсың ба, оңбаған!» деді. 

Бастық моп-момақан болып отырған жылқышыдан мұндай мінез шығады деп ойламаса керек, көзі шадырайып сасып қалды. Капитан да сасқалақтап орынан атып тұрды. 

Арысбай дауысын одан ары қатайтып: «Кәне! Кәне! Кәне! Сенбесең көр! Көзіңмен көр! Ілбіс талаған қазақтың қандай екенін!» деп, күміс белбеуін шешіп ендеге лақтырып, ішігін лезде сілке шешіп жерге тастап, жейдесін жағасынан екі қолымен ұстап түймелерін бытырлата жұлып, мақталы мешпетімен қоса анандай жерге лақтырып жібергенде жарақат толы денесі жалаңаш қалды. Тымағын да басынан жұлып алып, қасындағы орындыққа тастады. 

Бұл кезде оқыс дауыстан шошынған болу керек, ауызғы бөлмедегі хатшы әйел де кіріп келді. Егер, осы әйел үстіне кірмегенде Арысбай шалбарын да шешуге де оқталып еді. 

Полковник  пен капитан екеуі қаспен-көздің арасында шалаңаштанып қалған, үсті-басы ауыр жарақатқа толы айбарлы жылқышыға шошына қарап, не істерлерін білмей аңтарылып қалды. Тымағын алғанда ораған биінті қоса сыпырылып қалған сол жақ бетіндегі ырсиған жарақатынан қан тамшылап, ашудан адырайып кеткен көзі қып-қызыл боп қанталап, сап-сары өткір жанары барыстың көзінен де бетер адамның өңменінен өте шадырайған адамнан екі сақшы үрейлене сілейіп қалды. 

Жаңағы шалт қозғалыстан ба, сол қолының алақаны мен оң жақ иығы, білегіндегі бинтпен оралған жарақаттардан жылымшып қан аққаны да көзге түсті. Бастыққа келіп, күту бөлмесінде отырған бірнеше милиция қызметкері де ашық қалған есіктен мына көрініске үрпиісе қалып, ештеңе түсінбегендей қарасып тұрды. Егде жастағы хатшы әйел ғана бәрінен бұрын, болған жағдайды ұға қалғандай:

«Өй, інішегім! Ашуыңды бас, кәне! Киіне ғой, қалқам!» деп, қамқор үн қатты. Және бастыққа қарап: «Дарғы.а.а! Мына кісінің жағдайы ауыр екен, тез жеделжәрдем шақырайық!» деді. Қасқабас бастық та өзінің артық кеткенін ұққандай түрі жуасып, басын изеп орындығына отыра кетті.

   ** ** **


 «Түргэн тусламж» дейтін, белуарын қызылмен бояған ұзын «уазик» Арысбайды Орталық дәргерхананың «Хүлээн авах» деген қабылдау бөлімінің алдына әкелгенде іштен арбалы зембіл итерген ақ қалатты жігіт шығып мәшинеге тірей тоқтатып созылып жатқан жаралыны жылжыта жатқызып алды. 

Өмірінде алғаш рет дәргерханаға келуі осы еді. Есігінен кіргенде дәрі-дәрмектің  иісі кеңсірігін қауып, бөгде дүниеге өткендей бөтенсіді. Дыбыссыз доңғалағы сырылдаған арба-зембіл бұрыштағы жап-жарық бөлмеге әкеліп, ақжаймалы аласа төсекке жатқызып шығып кетті. Сырт киімдерін мәшинеде шешіп алғандықтан  жейдешең жатқан-ды. 

Сесер деген бұрыннан таныс-тамыр болып жүрген хирург дәргер кіріп келіп: «О, Арсеке, не болды жайшылық па?» деп, өзімсіне, жанаши қасына келіп қолынан ұстады. Арысбай кешеден бергі көрген машақаттан көңілі жаси бастаған ба, жылы сөзге жаны жылып дауысы жыламсырап шықты: «Ой, Сесерім, аман-саусың ба, тауда жүріп ілбіске таланып қалдым...» деді. 

Дәргер ілбіске таландым деген сөзді естігенде, сәл аңтарылып қалды да маңайда жүрген медбикелердің атын атап жылдам шақырып, тапсырма бере бастады. «Вакцин, ауруды басатын қоспаны тездетіп егіңдер!» деді. 

Төбесіне аққудың құйрығы секілді аппақ телпек таққан, үстіндегі ақ қалаты білегіне дейін шалаңаш, қолы жұп-жұмсақ ұялшақтанған жас қыз келіп иығына жып еткізіп екпе егіп жіберді. Иығына салған емнен кейін сыздап жатқан жарақаттары ауырғанын қойып, бойы біртүрлі балқып, ұйқылы-ояу секілді халде, аққалаттылардың өзіне жасаған қызметіне жылыұшырай қараумен жатты. Осы аралықта дәргерлер жарақатын жуып, тазалап, ырсиып кеткен терілерді біріктіре тігіп, отқа шала қарылған шүперектің жағымды иісі бұрқыраған таза ақ матамен орап та тастады. 

Арысбай қатты ұйқыдан оянғанда терезесінен кешкі қызғылт шұғыла түсіп тұрған бөлмеде екенін көрді. Айналасында тағы үш төсекте үш сырқат жатқанын байқады. Өзі бас жағы сәл көтерілген темір төсекете екен. Мұның оянғанын көрген жаңа көршілері де бастарын көтеріп, төсектен аяқтарын салбыратып жабырласа жағдайын сұраса бастады. Оған таңдана, қызықтай, үңіле көз тіккендеріне қарағанда бәлкім, өзінің ілбісбен алысқан хикаясын бәрі естіп алғанға ұқсайды. 

Олардың бірі Дүгэр деген жастау жігіт басы таңылған, «мотоциклден жығылдым» дейді, орта жастағы Гончиг дегені аяғында гипс қойылған қойшы «мініп жүрген аты суыр ініне аяғын тығып сүрінгенде аттың астында қалып жіліншігім үзілген» дейді, иығы мен басына қоса мүйөт салынған Баяр атты бозбала «құрылыстан құлап кеттім» деп күледі, әрқайсысы қалай жарақат алғандарын айтысып, ақкөңіл, аңқылдақ мінездерін ашып өзін сөзге тарта бастады. Сөйтіп, «мертік-жарақат» бөліміне түсіп қалғандар екен. 

Бүкіл денесі қозғалтпай, басы зыңылдап, тамағы мен еріні құрғап сөйлеуге еш шамасы болмағандықтан «Бәрін ертең айтайын...» деді. Ұйықтап жатқанда біреу әкеп қасына қойып кеткен «ыстық шәйнекті» тұтқасынан көтеріп, кесеге ұқсас шылтыр қақпағын бұрап ашты, тар ауызын тығындаған екінші тығынды ырғап суырып алғанда іштен шыққан буы бетін шарпып бұрқыраған сүтті шайдың иісінен жұтынып қатты шөлдегенін білді. 

Төсек жанындағы кішкене тумбошканың үстінде тұрған әйнек стақанға еппен құйып алып, қос қолдай көтеріп ерініне апарып ақырын ұрттады. Неткен дәмді! Осыған дейінгі талай шөлдеп, талай ішкен сусындары есіне түспей, өмірінде алғаш мұнша қатты шөлдеп, осынша шөлін басқан шәйді тұңғыш татып отырғандай тамсанды. 

Тағы ұйықтап кетті. Оянғанда түн ортасы екенін терезеден көрінген түнгі аспандағы жұлдыздардан білді. Алдыңғы күннен бері намаздары қаза болғанын уайымдап, мұндай жарақат жағдайда шариғат бойынша қалай екенін өзінше ойластырып еді. 

Баяғыда Моңғолдан  Өр-Алтай асып барып, Оспан батырға көмек үшін партизан болып барған Төкен деген кісініңқұлағының  алдындағы жақ сүйегінен тиген бесатардың оғы, келесі жағынан өтіп шыққанда түк етпей тірі қалғанын, сол кісінің қария болған кезінде осы қызық кеңесін естіп, оқ тесіп өткен ойық жарақатына саусағын тигізіп көргенін жымия ойға алды. Ол кісі өстіп жаралы жатқан кездегі намаз үзірлі саналады, кесек топырақ  жынысымен тәйамум алып, ишаратпен оқуға болады деп, айтып отыратыны есіне түсті. 

Түн секілді қоршап келген қаншама түрлі уайымнан, жан жарасынан құтқаратын ұйқы екенін ойлап көзін жұмғанда өзінің қайда екенін ұмыттырған ауыр ұйқы меңдегенін сезді. Ойы тұманданып  тағы ұйқыға кетті.

Дәргерлер таңертең ерте келіп қарап кеткеннен кейін, таңғы шайға әкелген күріш ботқа мен қарай шайды ішіп бола бергенде, палаттың есігінен үстіне желбегей ақ жамылғы бүркеп алған кешегі капитан кіріп келді. 

Ол Арысбайдың  хал-жағдайын сұрағаннан кейін, тауда өзіне ілбістің не себептен, қалай шапқанын, қандай жағдай болғанын, мылтықтың қайда қалғанын түгел айтып беруді өтінді. Қолына қаламын оңтайлап, әскери сөмкесін алдына қойып, «Ал, ағасы...» бетіне қарады. Гончиг,  Дүгэр,  Баяр үшеуі жаңа ғана үкіметте биыл кімнің «аварга» балуан болатынын айтысып, дауласып отырған кеңестерін  кілт тиылып, бұлар жаққа құлақ түріп қалды. 

Арысбай бала жастан моңғолдардың ішінде өскендіктен бұл тілде де судай жаттық сөйлейтін. Ғоб-Алтайдан сатып алған екі жиренді іздеп шыққан таңнан, екі ілбіс ізінен қалмай үйінің маңына дейін қуып келген түнге дейінгі бүкіл жағдайды қоңыр дауысымен байыппен баяндаса да, капитан дәл артынан ілбіс келіп бас салардай көзі ежірейіп кейде шошына, кейде бақырая таңданып,  айтқандарын  шимайлай жаза берді. Анау үшеуі, әлсін-әлсін таңдайдарын тақылдатып, кейде дауыстары да шығып кетіп, соғыс кино көргеннен бетер қатты қызықтады. 

Капитан кеше кеңседе Арысбайдың  бастыққа қарсы сонша ашуға мінген себебін енді, нақты ұққандай, риза кейіппен, жылқышының жарақат қолынан аялай сипап «Сізге алғыс, нағыз батыр екенсіз!» деді. 

Кетерінде, осы жағдайды бастыққа таныстырған соң, қандай шешім шығаратынын айтып қайта хабарласатын боламын, дегенді айтып шығып кетті.

Капитан шыға бере, Гончиг қойшы гипстелген аяғын сүйрете, қос балдағын тоқылдата Арысбайдың алдына келіп, қос қолдап қолын алды, жел қақты боп әбден қоңырлап кеткен жүзін әжім араласқан күлкімен толтыра, қатты риза пішінде ыржия күліп: «Енді, мен сені Батыр хасыг, деп атаймын!» деді.  Дүгэр мен Баяр құптағандай мәз бола қол соғып қойды.

«Қазақ пен ілбістің айқасын» бір палатада жатқан үшеуі сол күні-ақ бүкіл ауруханаға жайып тынды. «Батыр хасыгтың»  қанай екенін көрейікші,  дегендей  ауруханада  жатқандардан есіктен сығалап жылтыңдап кететіндер де көбейді. Дәргерлер мен медбикелер болса, Арысбайға  Халхингол  соғысының  ардагері  секілді құрмет көрсете, барынша сыпайы қатынасып жүр. 

Ертеңінде капитан қайта келді, бастықтың комиссия құрғанын айтты. Өзінің комиссия басшысы болып, ілбіспен айқасқан жерлерді тексеретінін, ілбістердің не болғанын анықтап акт жасайтынын, содан кейін ғана сот мәселесі болатын түсіндірді.

Арысбай капитаннан үйіне қайтарған баласын өзіне шақырып әкелуін өтінді, өзінің жүрген жерлерін оған жақсылап айтып беретінін, сөйтсе ол адастырмай комиссияға жақсы жершілдік жасайтынын ұқтырды. Капитан бәрі айтқаныңыздай болады, дегендей ықыластана басын изеп кеткен-ді. 

  ** ** **

Арысбай ауруханаға жатқалы бір апта уақыт та болып қалған еді. Капитан уәде бойынша Арысбайға баласын да әкеліп, «ілбіс шайқасы» өткен жерлермен де түгел жүріп, өлген құла аттың ертоқыммен жатқан суретін, одан төменде қолдан ұшып кеткен бесатар мылтықтың да табылғанын, оның да суретін, жол бойынан шапанның жұлынған жеңі де, айырылған  жаға да жатқанын, ең соңында үйге бір шақырым қалғанда сабы шала сынған сарала қамшыны тастың түбінен тапқанын айна-қатесіз, қаралықсыз, бұлтарыссыз анықтағанын айтып келді. Жаралы жылқышының көкейінде, «ілбістің әлдебірі өліп қалып, жемтігі табылған жоқ па, екен!?» деген үрейлі күдігі тұрған-ды. 

Капитан да сол негізгі мәселені кейінге қалдырғандай, Арысбайға жылы жымиып: «Өзім де өлмейін, ілбіс те өлмесін деп, өте әділ шайқасыпсыздар! Ілбістер тірі, аман екен!» деді. 

Бұл жаңалықты қапы қалмай тыңдап жүрген палаттағы үшеу сол замат, өздеріне үйлерінен, тамыр-таныстарынан сорпа-шай тасып келіп жүргендерге де бұл қызықты әңгімелеп үлгерген сықылды. «Батыр хасыг» хикаясы бұл кезде Қобда қаласындағыларға да аңыз болып тарап кетсе керек. 

Өйткені, өзіне қатысы жоқ кісі де іздеп келді. Ертең ауруханадан үйге шығамын деп, отырған күні бұрындары сыртынан ғана танып, атын естіп жүрген, былайғы жұрт түгел «қазақстан» деп, атайтын кеңесші-агроном Лайық деген жігіт ақ желең жамылып, палата есігінен әдеппен қарап: «Оржы болық уу?» (Кіруге рұқсат па?) деді, моңғолша бұзыңқырай сөйлеп. Анау үшеуі оған таңдана қарап: «Ор, ор!» деді, жамыраса. 

Шыттай таза киініп, галстук таққан аласалау бойлы, жылы жүзді қырыққа аяқ басқан жігіт ағасы «дәу де болса Арысбай сен шығарсың» дегендей, төсекке таяп келіп: «Ассалаумағалейкүм» деп, қолын ұсынды. Содан қағаз қорапқа салған сәлемдемесін тумбошканың үстіне қойып: 

«Лайық деген алыстан жүрген бір ағаң боламын, өзіңе хабарласайын деп, келдім!» деп, жайдарлана күліп алды да: «Менімен бірге қызмет жасайтын моңғолдардың бәрі барыспен алысқан батыр қазақ больницада жатыр деген соң көрейін деп, келдім» деді.

 Арысбай да күлді: «Қорқақты қуа берсе, батыр болады» дегендей, біздікі әшейін жан сауғадан шыққан тырақылық  қой. Нағыз батыр сол тау барыстарының өзі ме, деп қалдым» деді.


Лайық бұл жауапқа ойланып қалғандай, басын изей түсіп: «Баяғыда жекпе-жекке батыр мен батыр ғана шығады екен, оның өзінде дәрежесі тең болса ғана... Ол тау барыстары батыр болса, тау қазағы сен де батыр болмай қайда қаласың!» деді. Осылайша, екеуінің кеңесі жарасып кетті. Үй-жай, бала-шаға, туған-туыс, ел-жұрт, артағы елі жайлы ашық-жарқын айтысып, қазақы кеңеспен мәз болысты... Арысбай жайлауға шыққан соң  Лайықты үйіне арнайы қонаққа келуге шақырған-ды. 

  ** ** **

Жылқышының үйі жайлауға шығып бір айға таяу уақыт өткен кезде, аймақтық сот шешімі шығып, Арысбайдың өз басын кінәсіз деп тапты. Бірақ, бәлиғат жасқа толмаған балаға мылтық бергені үшін және баланың заңмен қорғалған аңның күшіктерін атып өлтіргеніне байланысты заңды айыппұл салды. Арысбай ілбістің өлген екі күшігі үшін екі сауын сиырдың бағасындай құн төлейтін болған. Оның үстіне осындай апалас-төпелес шақты қапы жібермеген екі жирен де «өз еліне» қашып, (моғолдарда еліне қашқан атты жолай ұстамайтын, ұстаған адамды ұрыдан бетер көретін дәстүр бар) жылқышыға қосымша шығын жасап кеткен-ді.

Осы кезде Лайық агроном да сөзінде тұрып, жайлаудағы Арысбайдың үйіне келіп, қой сойғызып, жаңа байлаған жас қымыз ішіп, гүл-бәйшешектерінің  жұпары аңқыған, бұлағы сарқыраған салқар жайлау-жұртта бірнеше күн аунап-қунап қайтқан-ды. 

Ақындығы бар Лайық текке жатбай Арысбай мен барыстың айқасы жайлы да блокнатына белгілеп алып, алып жүрген фотоаппаратымен  қазақи киімдегі, киізүйдегі өздерінің де суретін түсіріп әкеткен-ді. 

Арысбайлар сол жаздағы жайлаудан күзеуге түскен кезде Лайық қолында желбіретіп ұстаған журналы бар, «Ей, Арысбай шүйінші, шүйініші!» деп, күліп келді. Қазақстаннан шығатын «Білім және Еңбек» деген көпшілік-ғылыми журналға «Барыспен алысқан батыр» деген Лайықтың мақаласы Арысбайлардың суретімен жарияланыпты. Бұл жетпісінші жылдардың соңына таманғы жылдардың бірі еді. Жылқышы Арысбай осылай моңғолдардың ішінде «батыр хасыг» деген атағы шығып жүргенде, қобдалық  жергілікті қазақтар оның Шүкір құрдасының «Дүргікөз»-ден кейін қойған «Тасқұлақ» атының орнына қойған «Ілбіс шапқан» лақабымен атап кеткен-ді. Бөтен ел-жұрт «батыр» деп алқап жатса, өз жұрты «ауылдағының  ауызы сасық» дейтін әдетімен қыжыртып жүретіні  қазақы қырыс мінездің бір түрі секілді.

   ** ** **

 Жол бойы жалғасқан ұзын қызық кеңес осылай аяқталған-ды. Әңгімеге елтіген «жедел жәрдемнің» жүргізуші жігіті де айдаған мәшинесін баяулатып қарияның әңгімесіне құлақ түріп қалған еді. Бастан кешкенін кеше болғандай көз алдыға елестетіп, өткен оқиғаларды түсірмей де, ісірмей көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп, керей қазақтарының төгілмелі қоңыр тілімен әңгімесін тамамдағанда орталыққа таяп қалған едік. 

Мен: «Ағасы, Тілеу балаңыз өз орныңызға жылқышы болды ма?» деген сауалдың ауызымнан қалай шыққанын да білмей қалдым. Қария үнсіз қалды. Содан дауысын созып, күрсінісін соған жеңдіргендей: 

«Е, балаларым-ай! Айтсаң  да қиын, айтпасаң да қиын» дейтін бір тәмсіл сөз бар, қазақта. Сұрамасаң, айтпағаным абзал еді. 

Шариғатта ауызыңа кіргенге де, шыққанға да сақ бол, дейін бір асыл сөз бар. Кіргенге сақ бол дегені, ауызыңа салған ас адал ма, арам ба біл, дегені және де ауру артық астан деп, қанағатпен жеуді тапсырғаны. Ал, шыққаны дегені сөз. Шамаң келсе жақсы сөз айт, болмаса үндеме, деген тағы бір асыл тәмсіл бар. 

Әгәрки, жаман сөз айтсаң, бір де күнәлі боласың, екі де айтқан жаман сөзіңе періштелер әмин деп қойса, жамандық қабыл болып басыңа келеді, содан сақ бол дегені. Бұл мұсылман адамның үнемі біліп жүруі лазым заңы. Бағанағы кеңестің басында айтқан шығармын, Тілеу ұлым ілбістің екі күшігін атып әкелгенін көріп, «Үй, көксоққыр!» деп, қатты ашуланғынымды. Шайтан айтқызған шығар, лағынат үнемі сенің ашуыңды аңдып тұрып ауызыңа сөз салады, дейді ғой. Солай болған шығар... 

Өзім үнемі Алланың жаратқан киелі аңы деп, алқап жүретін хайуанды  себепсіз атты деп, және апам жарықтықтың жылың барыс, барысқа тиіспе дейтін аманатын есте ұстайтындығымнан қатты ашуланған шығармын... Сол ауызмнан шығып кеткен қарғыс сөзім, бәлки киелі аңның қарғысы да өз басыма келді, он жылдан кейін... Тілеу балам келіншек алып отау тіккеніне екі жыл болып еді. Жылқы бақпады, малшылардың жүн-жұрқасын жиып тапсыратын  шаруада еді. Осыдан үш жыл бұрын, егіз ұлды болып, солар қырқынан шыққан күні жиырма бес мүшелінде қайтыс болды...» 

Қария қатты күрсініп қалды, мен жылап жібермесе екен, деп арқам шымырлап қысылып кеттім. «Алдынан жарылқасын, арты қайырлы болсын» дедім. 

Шопыр жігіт те: «Иманы жолдас болсын! Мүшелі дедіңіз бе, ауырды ма?» деп, сұрап жіберді. Қария: «Жоқ, жоқ, дәл сол айтқанымдай көк соқты» деді. 

Біз екеуміз де мына сөзден қатты тіксініп үнсіз қалдық. Қария дауысын жұмсартып: «Орталыққа жүк мәшинемен жүн апарған екен, соны түсіруге биік жүктің үстіне шығады, ал мәшине тоқ жүгірткен бағынаның  дәл  астында тоқтаған. Балам  сол тоқ жүгіріп тұрған жіптен аңдаусыз  ұстап қалған, болған біткені сол...» 

Біз қарияға қайтара ештеңе де айта алмадық.

 16.01.2020 – 26.01.2020.  


author

​​Абай Хамза (Абай Мауқарұлы)

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...