Ирәдж Фазелбахшеши есімді парсы жазушысының бүкіл әлемге жайылған қауіпті індет жайлы әңгімесін Иран...
АБАЙ МҰРАСЫ және «ҚАСҚЫРЛАР ТОБЫ»
Абайдың аса тебіреністі өлеңдерінің бірінде: «Мен ішпеген у бар ма?!» делінген ғой. «Атаңның баласы болма, Адамның баласы бол!» деп өсиет айтқан дала данышпаны маңайындағы адамдардан меселі қайтып ашынғанда жазған бұл өлең жолдарын. Артында қалған өлеңдері де, ұрпағы да күштілер атанғандардан қуғын көрді. Ұлы ақын аруағын әспеттегендер де бертінге дейін «көзге шыққан сүйелдей» күй кешті.
Шығармашылық шыңы уақыт өткен сайын биіктеп бара жатқан Абай есімін баршамыз қадірлеп еске алуды үйренсек те, мән-мағынасы терең де байтақ туындыларына тәнті бола түссек те, ұлы ақынның әдеби мұрасын бізге жеткізу, таныту үшін тер төккен жандардың тағдырын біле бермейміз. Олар сол жолда бастарын бәйгеге тігіп, жұрт қатарлы жұмысын, жан тыныштығын, күш-қуатын, бүкіл уақытын, денсаулығын, өмірін де тәрк етті. Отбасының жай-күйін де ойлай бермеді. Есі-дерті кемеңгер ақынның ғибратты әрбір сөзін, қарапайым да құдіретті өлеңдерінің әрбір тармағын жиып-теріп түгендеу, аман сақтау, кейінгі көпшілікке жеткізу болды. Сондай қиын тірлік кешкен Қайым Мұхамедханұлы туралы жай ғана баяндау іспетті бір кітап емес, байсалды ғылыми-зерттеу еңбек, тіпті шытырман оқиғалы хикаят сипатты сан кітап жазуға болады. Абай жайындағы зерттеушілік ғылыми жұмысқа ден қойған ол көп жылдарын сыңаржақ сын, қаңқу сөз қыспағында ғана ма, қуғын-сүргін жолында, түрме мен лагерьдің азап пен қорлауында өткізді...
Тынымсыз ізденістегі Қ. Мұхамедханұлы 1940-жылдардың орта шенінде Абай шығармаларының оған дейін беймәлім тізімін, ондағы өлеңдерді тауып, олардың Абай туындылары екенін ғылыми текстология жасап дәлелдеп, Шығармалар жинағына енгізді. Соның нәтижесінде 1945-жылы ақынның туғаны 100 жыл толуына орай шыққан кітабына жаңа тоғыз өлеңі қосылды.
Абайдың Семей қаласындағы мұражайы 1947-жылы Қазақстан Ғылым академиясының құзырына қаратылып, академия президенті академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев мұражай директорлығына Қайым Мұхамедханұлын тағайындады. Бұрын ол орында талайлар отырған еді. «Өзі жақсылар мен көзі жақсылар» баяғы. Абайтануға дәрмені жоқ болса да, партбилеті барлар. Олардың ішінде кәдімгі шаласауаттылар да болды. Қайым ағамен әңгімелесіп отырған кездеріміздің бірінде ол, қынжыла жымиып қойып, бір директордың Абайға қатысты сурет, құжаттарды алдырып тастап, орнына Социалистік Еңбек Ері атағы бар онбір бақташының портреттерін ілгізіп қойғанын айтты. Ал келесі директор, әйтеуір, ол кісілердің Абайға ешқандай қатысы жоғын біліп, суреттерін иелеріне қайтарып беріпті.
Содан көп кейін Қ. Мұхамедханов қуғынға ұшырады. Мұражай жұмысында кеңес өкіметінің саясатына қайшылық, ұлтшылдық бар делінді. Ол республика Ғылым академиясы президиумының 1951-жылғы 28-тамызда өткізген мәжілісі қаулысының Семей қалалық мұрағатжайда сақтаулы көшірмесінде менмұндалап тұр. Мәжілісте баяндамашы Абай мұражайының жұмысында «идеологиялық ірі қателіктер барын», сондай-ақ «Абайдың әдеби мектебі» буржуазиялық-ұлтшылдық бейғылыми тұжырым таратып, зиянды насихат жүргізіп келе жатқанын» мәлімдеген. Мұражайдағы кейбір көрнекі үгіт құралдары теріс идеологиялық бағытта, қайсыбірі қазақ халқының қаскөйі болған Кенесары Қасымовты дәріптеуге арналған, ал «Абайдың туыстары», «Абайдың отбасы» бөлімдерінде патриархалды-рушылдықтың қалдықтары бар, қазақ еңбекшілерінің қас-дұшпаны болған Құнанбайдың сөздері жазып ілінген делінді. Алғашқы екі бөлімде хандардың, сұлтандардың, билердің, қайдағыбір шалдар мен молдалардың, болыстардың, ауыл старшиналарының және патша отаршылдарының, ал «Абайдың әдеби мектебі» бөлімінде саяси сенімсіздердің портреттері бар» деген айыптау айтылды.
Қайым директорлықтан босатылды. Ол туралы Қайым аға былай деді: «Маған байлар мен хандардың өмірбаянын паш еткен бөлім ашты деген кінә тағылды. Шіркін-ау, Құнанбай болмаса, Абай қайдан келер еді? Шыңғыс пен Уәли болмаса, Шоқанды кім берер еді? Осыны ойлағылары келмегенге не дауа?!»
(Аудармашыдан: Қайым Мұхамедханұлын Абай мұражайына директор еткен Қаныш Сәтбаев оны сыңаржақ сыннан, негізсіз жаладан қорғай алмады. Республиканың жоғарғы партиялық басшылығындағы «мықтылар» Қанекеңнің де аузын аңдып, ізін бағып, қара мылтықтың қарауылына іліп қойған болатын, көп ұзатпай, 1952-жылдың басында, орнынан алып тынды.)
Қ. Мұхамедханұлының Абай мұражайын негіздеу, нығайту, толықтыру ісіне аса мол үлес қосқаны мәлім. Ол туралы тарихи-әдеби мұражайдың қазіргі директоры жазушы, сыншы Төкен Ибрагимов: «Мұражайдағы әрбір мүлік Қайым аға жайында сыр шерте алады. Қакең мұражайдың әкесі болды» дейді.
1940-жылы ашылған мұражайға Қайым бірден көңіл бөліп, жұмысына белсене араласты. Абайға, оның төңірегіндергі адамдарға қатысты нәрселерді және суреттерді жинастырып, жалпы саны бес жүзден аса құнды мүліктерді мұражайға өткізді. Мысалы, Абай мен балаларының 1896-жылы бірге түскен фото-суретін тауып, мұражайға (1941-жылы) табыс еткенінің өзі қаншалық?! Ақын қайтыс болғаннан кейін, отыз алты жыл соң ашылған мұражайды жарақтау жұмысының игілігін Қайым аға еңбегінсіз көзге елестету мүмкін емес!
Семей тарих-өлкетану мұражайына көп көмек көрсеткен қайраткерлер қатарында Қайым ағаның да үлесі елеулі. Абай 1885-жылы өзінде мейман болған Н. Долгополов арқылы мұражайға елуден астам экспонат беріп жіберген екен. Қазақтың тұрмыс-салтына айғақ бағалы мүліктер. Қайым ақынның ол игілікті ісін сақталған тиісті құжаттар бойынша дәлелдеп, нақтылап жазып берген және сол мүліктердің 23-ін іздеп тауып берген.
40-жылдары Абай мавзолейін салдыртқан да, Жидебай қыстауындағы құрылыстарды қалпына келтіртіп, онда ескерткіш тақта орнаттырған да - Қайым Мұхамедханұлы. Оның республика және Ғылым академиясы басшыларына хат жазып, Абайды есте қалдыру шаралары ақынға ескерткіш орнатумен, салтанатты жиын-тоймен шектеліп қалмауға тиіс, Пушкинге, Лермонтовқа, Толстойға, Чеховке... арналғандай мұражай-үй және кең қанатты ескерткіш кешен салу керек деген ұсыныс-құжаттары сақтаулы. Амал не, Қайым ағаның тілек-талабы кейінге қалды. Абай туып-өскен киелі жерге Семей атом-ядролық сынаулар полигоны орналастырылып, халқымыз қасіретке ұшыратылды.
Қайым аға хақында сөз болғанда атап айтарлық жәйттердің ерекше бірі - оның өзі оқыған және оқытушы болып істеген (1939 - 1950-жылдары) Семей пединститутында әдеби ізденіс-зерттеу жұмыстарымен тынбай шұғылданып, «Абайдың әдеби мектебі» атты ғылыми үлкен еңбек жазғаны және Ақылбай мен Мағауияның, Әсет Найманбаевтың, Әріп Тәңірбергенев пен Көкбай Жаңатаевтың шығармаларын тұңғыш талдап, ғылыми-зерттеу аясына енгізгені. Бұл тұрғыда бұрын ешбір сөз-әңгіме болып көрмеген еді. Аталған осы ақындардың, Абай мектебіндегі басқа да талаптылардың жарық көрмеген, негізінен өзі іздеп тапқан шығармаларын зерттеу барысында Қайым диссертация жазды (мәшіңкемен 318 бет, қосымша-түсініктерімен -478 бет). Ол еңбегі Абай ауылын аралағанда жазып алған естеліктермен еселеніп, неғұрлым құнды болды.
Ақын Ақылбай бірнеше дастан жазған екен, алайда қайсысының қайда екені белгісіз болып қала берген. «Зұлұс» дастанының 104 беті ғана бар. Ал Қайым ол дастанның да, басқаларының да толық нұсқасын ел ішінен тапты. Әсет Найманбаевтың ғажап әсерлі «Салиха-Сәмен» дастанын да жалықпай іздестіре тауып алып, жан-жақты талдау жасады.
Ғалымның абайтану тарихында қалуына осы еңбектері-ақ жетіп жатыр еді, бірақ ол тоқмейілсіп тоқтамады, өзіне тән білмекке құмарлықпен ілгері аттап, Абайдың ізін қуушы әдебиетшілер мектебінің іргетасын қалап, босағасын бекітіп, шаңырағын биік көтерді. Ол жаңалығы революцияға дейінгі қазақ әдебиетін, арасында Абай бар, кейінгі - кеңестік қазақ әдебиетімен байланыстарған көпір болды. Қайым сол арқылы Абайдың және оның ізбасарларының шығармаларын зерттеу, Абай алға тартқан әдеби міндеттерді шәкірттерінің түсіну, орындау қабілет-шеберліктерін саралау, жас талап ақындардың әрқайсысының жанрлық өрісін, өресін анықтау, шығармаларын сыни тұрғыдан салыстыра пайымдау әрекеттерін жүргізді. Әрбір әрекеті ойлағанындай, күткеніндей жеміс берді. Демек, жас ғалым мақсатына жетті: іздену, зерттеу жұмыстары тыңғылықты, жүзеге асырған әдеби-ғылыми жаңалықтары бар. Енді жұртшылық алдына шығару, бағын сынау қажет. Ол диссертациялық жұмысын 1951-жылғы көкек айында республика Ғылым академиясының: Тіл және әдебиет, Тарих, Археология және этнография институттарының Біріккен ғылыми кеңесіне ұсынды. Диссертацияны қорғау үш күнге созылды. Үш күн бойы пікірталас болды. Ол жәйт Абайды, оның шәкірттерін ұлықтау күресінің, оған әдеби, мәдени және саяси астар берілген бір бұлыңғыр қарекеттің басталғаны еді. Сонда, басқасы «жә» дейік, ал саясаттың ақындар мен тіл мамандарының жұмысына килігетін не жөні бар?
Мәселе тотаритарлық жүйеде. Ол қашан болсын әр саладан біреуді шашбаулап шығарады да, оны сол салаға өнеге, яғни идеологиялық бағдар етіп, өзгелерді соның ізімен жүруге мәжбүрлейді. Ақылың өзіңе болсын, бірақ біздің айдағанымызға жүр. Сталиннің батасымен, мысалы, Маяковский «заманымыздың заңғар ақыны» атанды, оның шығармалары көп жылдар бойы басқаларға өлерменді өлшем болды. Совет өкіметін суханы сүймеген Горькийді «революцияның дауылпазы» деп атап, оны Кремльдің алтын торына қайтарып алды. Қазақ әдебиетіндегі жалғыз тұлға - Абай. Енді әлдекім оның «поэтикалық мектебін» ашпақшы, оған совет басшыларына беймәлім біреулерді жинамақшы. Ғылыми мәні жоқ әурешілік. Әдебиет әрқашан билікпен үндес болуға тиіс. Қ. Мұхамедханұлының диссертациясы қажетсіз. «Сарай филологтары» қайдағыбір «Абай мектебі» дегенге жол бермеуді жөн көрді, өйткені бізде бір ғана мектеп - «марксизм-ленинизм» бар!
Диссертацияны талқылау барысында профессор Х. Жұмалиев: «...автор бисаяси бағытта. 1928-жылы байлығы тәркіленген Тұрағұлды, Абайдың баласын, енді келіп Абайдың шәкірті дейді... «Көкбай Абайдың ең сенімді, ең жақын досы болды» дейді. Көкбай ешқашан Абайдың шәкірті бола алмайды. Оның дастандары... кертпалық сарында. Қасымовтардың хандық-монархиялық қозғалыстарын дәріптейді. Қазақ хандарын дәріптеу Көкбайға Абайдың шәкірті деген құқық алып бере алмайды. Партиялық баспасөз совет жұртшылығы алдына Кенесарыны мақтау идеяларының көріністерінен бас тарту міндетін қойды» деп шықты. Басқалардың пікірлері де одан кем соқпады. Мысалы, профессор С. Нұрышев: «мұны диссертацияны қорғаушының да, Мұхтар Әуезовтің де советтік ғылымға антимаркстік көзқарасты тықпалауы деу керек!» деп екіленді.
Ғылыми жетекшісі М. Әуезовтің ғылыми еңбектерінен үзінді алып пайдаланғаны да Қайымға кінә болып тағылды. Өйткені жетекшісінің бұрын саяси қателігі үшін жауапқа тартылып, түрмеде отырып шыққаны бар.
Жас ғалымға ең өкінішті нәрсе қазақ әдебиетінің ақсақалы, сергек те сезімтал Сәбит Мұқановтың сыңаржақ сыншыларды жақтағаны болды.
Әншейіндегідей ғылыми пікірлесу саяси сайысқа ұласып кетті. Ленин мен Маркс еске алынып, феодализмнің құбыжықтарына лағнет айтылды, панисламизм туралы шу көтерілді. «Ғалым төрешілердің» көпшілігі Абай шәкірттерінің шығармаларын оқып көрмесе де, оларды тілдерінің жеткенінші күстәналады. Лақпасөзге құмарлар М. Әуезовтің: «Абайтану үрдісінде өздерің ғылыми еңбек жаза алмасаңдар да, бұл салада жүзеге асқан жұмыстарды, жетістіктерді көргілерің келмей, оның бәрін бір-ақ сызып тастамақшы болып отырсыңдар... Абайдың әдеби ортасына назар аудару, жете танысу, ғылыми-зерттеу жүргізу орнына Абайды ол ортадан бөліп тастауды көксеудесіңдер. Бұларың - осы тақырыпты он екі жыл бойы тәптіштеп зерттеп, тартымды еңбек жазған, шын мәнінде талантты, ізденімпаз жас ғалымды ғалым болып қолдау емес, оны іштарлықпен аяқтан шалу!» дегеніне тоқтамады. Қазақ әдебиетінің білгірі профессор З. Кедринаның: «...Мұхамедханов диссертациясының тақырыбы ауқымды, әдеби сынның аса зәру мәселелерін зерттеуге көмектеседі. Бұл жұмыс - мұрағатжайлық зерттеу емес, жетіліп келе жатқан ғылымның ықпалды құралы!» дегеніне де құлақ қоймады.
Алайда, аяусыз айтыстың ақырында естиярлық күш алып, диссертация қорғалды, бірақ егес-талас алысты меңзеп кете барды. Диссертацияның негізгі мәні абайтану жөніндегі пікірлердің тууы мен түзу қалыптасуына жол ашқаны еді. Тек Қайымның ой түйіндеріне бас қарсылас С. Мұқановтың болғаны жараспады. Қайым да бетінен қайтпай, мәселе өзінің жұмысын бағалатуда емес, Абайдың әдеби мектебі барын мойындатуда екенін баса айтты.
1951-жылдың маусымында Қайым ғылыми жұмысы жайында арнаулы баяндама жасап, онда былай деді:
«...Абайдың қанатты сөздерінің бірі: «Шәкіртсіз ұстаз - тұл». Халыққа аса қадірлі Абайдың өзіне қол көтере алмаған жаулары оны шәкіртсіз қалдыруға жанталаса тырысуда. Қорқыту, үркіту, сатып алу, мүгедек ету, өлтіру сияқты қарулары бар «қасқырлар тобы» Абайды шәкірттерінен, жақтаушыларынан айырмақшы. Абайдың әдеби мектебі барын жоққа шығарғысы келетін жолдастар ол әрекеттерімен ұстазды шәкірсіз, ақынды тыңдаушысыз қалдыратындарын, Абайды қасіретті жалғыз, тұл ететіндерін ойлай ма екен? Абайды жоққа шығару оның біздің әдебиет, мәдениет тарихымыздағы асқақ орын-дәрежесін жоққа шығару екенін ұға ма екен? Бұл - Абай кездейсоқ құбылыс, өлді, бітті деген сөз!»
Пікірталастың соңы «Казахстанская правда» гәзетіне барып тірелді. Республиканың «бас гәзеті» 1951-жылдың 13-қазандағы санында жариялаған мақаласында Қ. Мұхамедханұлына, оның «жалған» ғылыми тұжырымдарына шұқшиып: «...Қазақстанның кейбір әдебиеттанушылары поэтикалық «Абай мектебі» деген буржуазияшы-белсенді бейғылыми тұжырымды насихаттап, үлкен саяси қателік жасады... Істің насырға жапқаны соншалық, биылғы көкек айында ҚазКСР Ғылым академиясы гуманитарлық институттарының Бірлескен ғылыми кеңесі Қ. Мұхамедхановтың «Абайдың әдеби мектебі» деген диссертациясын мақұлдады, ал онда Абай «шәкірттері» деген атпен буржуазияшыл ұлтшылдар - Совет өкіметіне өтіп, оның жексұрын жауына айналғандар дәріптелді» деп айқұлақтанды.
Қайым Мұхамедханұлы кандидаттық диссертациясын қорғауы үстінде «жауған қамшыға» да, орталық баспасөздің шабуылына да, жергілікті партия белсенділерінің нұсқауына да мойын ұсыған жоқ. Бірақ табандылығы үшін іле-шала жазаланды. Сол кезеңнен көп жыл кейінде Д. Қонаевтың «Менің кезімдегі туралы» деген кітабында жазғанындай жағдай болды. Оқиық:
«...Қазақстанның көрнекті мәдениет және ғылым қайраткерлерін жазықсыз жазалау соғыстан кейінгі жылдары да тоқтамағанын атап айту керек. Тарихшылар Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов тұтқындалып, ұзақ мерзімге сотталды. Филолог ғалымдар Е. Ысмайылов пен Қ. Мұхамедханов та тұтқындалды, соңғысының кінәсі Абайдың әдеби мектебі туралы жазғанда «ұлтшылдық қателер жібергені» болды».
Ол тағы былай деп жазды: «... Ж. Шаяхметов ұлт зиялыларына қатысты мәселелерде үлкен қателіктер жіберді. Ол қателіктер М. Сужиков Орталық комитеттің идеология жөніндегі секретары болып тұрған 1951 - 1954-жылдары ерекше асқынды. Қазақстан КП Орталық комитеті ауыз әдебиеті дастандарының озық үлгілерінің мәні халыққа қарсы деп тауып, ол дастандар туралы ғылыми еңбек жазған көптеген ғалымдарды, тарихшыларды, тіл мамандарын, тұтас ұжымдарды қаралаған қаулы қабылдады. Көркем әдебиеттің таңдаулы туындылары тас-талқан етіліп сыналды. Мысалы, «Казахстанская правда» гәзетінің 1953-жылғы маусымдағы санында шыққан редакциялық мақалада М. Әуезовтің Абай жайындағы романы қатты сыналды. Баспасөздегі сондай ұр да жық сындардан, жұртшылықтың сондай жиналыстарынан кейін жоғарыда аталған көрнекті қайраткерлер абақтыға жабылды...».
(Аудармашыдан: Мұхтар Омарханұлы Әуезовті қуғындаудың ең сорақысы да соңғысы Ғылым академиямыз бен Жазушылар одағымыздың қазақ эпостары жайында бірлесіп өткізген конференциясы болды (1953-жылы, көкек айының 11-15-күндері). Конференцияны Академияның президенті Дінмұхаммед Қонаев ашып, Мәлік Ғабдуллин баяндама жасады. Мұхаң төрт күн бойы кергіленіп, оған «буржуазияшы-феодалшы, ұлтшыл» деген қара таңба басылды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің оны тұтқындау туралы түпкілікті шешім жасауы содан кейін. Яғни Д. Қонаев өзіне тікелей қатысты оқиғаның ақиқатын айтпай, бұрмалап жазған.)
«Қазмемкөркембас» 1951-жылы шығарған «Абай төңірегіндегі ақындар туындыларының жинағы (алғысөзін жазған - М. Әуезов; құрастырған және өмірбаяндық, текстологиялық түсініктерін жазған - Қ. Мұхамедханов)» теріс кітапқа айналды. «Абайдың шәкірттері» диссертациясының негізінде жазылған монография баспаханада тәркіленді. Ол еңбек 42 жылдан кейін, 1993-жылы, «Абайдың шәкірттері» топтамасының бірінші томы шыққан соң ғана жарық көрді. Топтаманың соңғы, төртінші томы 1997-жылы шықты. Бұл мол еңбек абайтанудың ғылыми негізіне, хрестоматиялық құралға айналды. Оған Қайым Мұхамедханов енгізген ақындардың шығармалары бүгінде қазақ әдебиеті жөніндегі оқулықтарда, ал ақындардың атында көшелер, мектептер бар. Тек бұл игі істің мән-жайы әлі баяндап берілген жоқ...
(Жалғасы бар)
abaialemi.kz