Чернего Романның қолтумасы – «Комплимент»– О-о-о! Қалай құлпырып кеткенсің!...
Әбіш Кекілбаевтың аудармашылық құдіреті (рецензиялық толғам)
ХХ ғасыр қазақ жазба әдебиеті мен аударма мәдениеті қатар дамыған озғын әрі олжалы дәуір. Аударма дегенде әуелі – Абай еске түседі. Ал шын мәнінде аударма Абайдан да бұрын болған. Ол кездегі қазақтардың аударма мәдениеті көбіне-көп нәзиралық үлгіде болды. Әсіресе, Шығыстық қиссалар, ертегілер, аңыздарды қазақ ақындары өлең түріне аударып, жырлады. Бұл әрине қазақ халқының сол кездегі эпикалық тынысы және поэтикалық қуатының алапат болғандығын көрсетеді.
Абай дәуіріне келгенде, дәуірі дейтініміз – Абай барлық өнердің эталоны болды. Сол сияқты аударма өнерінің де эталоны, үлгісі. Абайдың аудармадағы ғаламат шеберлігін әдебиеттанушы Тұрсынжан Шапай жеріне жеткізіп жазды. Абайдан кейін Алаш арыстарының да аударма саласына өзіндік үлесі зор. Бірақ заманның тарлығы және аумалы-төкпелі саяси оқиғалардың салдарынан аударма өнері де біршама кешеуілдеп қалғаны мәлім.
Ал аударма кәдімгі өнер биігіне өрелеуі – ХХ ғасырдағы алыптар шоғырының есімдерімен байланысты. Ұлы Әуезовтен жұғысты алтын жүлге Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қалихан Ысқақ қатарлы қаламгерлерге жалғасты. Осынау ғасыр тудырған қарымды қаламгерлер аударма мәдениетін мейлінше мелдектетіп, шарықтатып әкетті. Қалың қазақ оқырманы алыс-жуықтағы халықтардың, басқа үйектегі әр түрлі нәсілді жазушы-ойшылдардың шығармаларымен ана тілінде сусындап, мейірі қанды. Мерейі өсті. Қиял көкжиегі шарықтып, әлемді кең шарлады. Бұрын аяғы баспаған жерлерге қиялы жетті. Сырты сұсты көрінген нелер басқа ұлттар жылы ұшырай бастады. Кейбір адамдардың басқа ұлттарға деген (жалпы адамға тән) фобиялардың бәрі осынау аудармалардың арқасында азайды. Адамдарды бір-бірін сүюге үйретті. Міне, осындай қазақ халқының ой-көкжиегін кеңейтуге зор еңбек сіңірген және бірегей аударма жасаған, аударма мәдениетін өнер биігіне көтерген телегей тәржіман, классик жазушы Әбіш Кекілбайұлы еді.
У.Шекспир, Л.Н.Толстой, Г.Мопассан, А.П.Чехов, К.Гоцци, Вальехо Антонио Буэро, Генрик Ибсен, Л.Дарко, М.Фриш секілді біз білетін әлем әдебиетінің жауһарларын аударды. Әсересе, драматургия саласындағы аударма жұмысына басымдық берген. Әбіш аудармашылығы үш-ақ беттік мақалаға сыймайтын мол мирас. Бүтін бір толымды ғылыми-әдеби еңбектің жүгі. Сондықтан да мен бұл мақаламда Әбіш аударма өнеріндегі өзімнің пайым-парасатым жеткен бір-екі мысалға тоқталып өтпекпін.
Әбіш аудармашылығы – түпнұсқадағы қиын иірімдер, психолгиялық нәзік сырларға қазақ тілінде сәтті балама таба отырып, ұлттық бейнелі ойлау жүйесін құбылтып, классикалық шығарманың стильдік-көркемдік кестесіне лайық бояудан жаңылмай, соны тіркестер, жаңа сурет жарату шеберлігімен биік прозалық үлгісін қалыптастырды.
Аударма өнеріндегі шеберліктің бір қыры – аудармашы өзінің стилінен алшақ, мейлінше түпнұсқаға жақын болуымен ерекше. Иә, аудармашылықтың ең озық үлгісі – аудармашы өзін жазбауы.
Әбіш Кекілбаев әлем әдебиетінің озғын үлгілерін ұлт әдебитіне шебер қотарды. Сәтті тәржіме жасады. Л.Н.Толстойдың «Қожасы мен Қызметшісі», «Қызметкер Емельян және қуыс барабан» атты әңгімелерін аударды. Осы әңгімелерді оқығанда құдды Л.Н.Толстойды түпнұсқада оқып отырғандай боласың. Түпнұсқасын сосын аудармасын оқығандағы әсер бірдей. Кейін өзің аң-таң боласың, осы мен қай тілде оқыдым деп. Міне, бұл шеберлік. Түпнұсқадағы атмосфераның қалпын бұзбай беру – өнерге деген мол жауапкершілік.
Ал атақты «Соғыс және бейбітшілік» романын және Мопассан романдарын Әбіш унивеситет қабырғасындағы студент кезінде аударыпты десе кім сенеді. Қазіргі студент классиктерді аудармақ түгілі, дипломын өзі жазушы ма еді, тәйірі... Ол ол ма, Әбіш «Соғыс және бейбітшілікті» сегізінші сынып кезінде аударуға ниет танытып хатта жазыпты. Мұны естіген мүйізі қарағайдай жазушылар жағасын ұстапты деседі. Әй, қайдам, бұл сөзіме оқырман сене ме? (Менің қолымда деректер бар, бірақ мына шағын мақала талабы ондай мол сілтемелерді көтермейді).
Шығарманы оқып болған соң мұны кім аударды екен деп іздейсің. Әбіш Кекілбаев. Мүмкін емес? Сосын таң қаласың. Себебі Әбіштің өз шығармаларындағы тыныс, сөз, сөйлем, диалогтар – қазақтың бай құнарлы, шұрайлы тілі аудармада жоқ. Шешендік пен шеберлік, дәлдік пен ділгірлік, даналық мен дегдарлық – бәрі-бәрі арнасынан асып төгіліп жататын Әбіш сөз қолданысы – аудармада мүлде бөлек. Жаңаша, соны.
Классик Ги де Мопассан есімі де қазаққа Әбіш Кекілбаевтың шебер тәржімасымен таныс. «Өмір» және «Пьер Жан» романдарын жастау кезінде аударыпты. Бірақ бір таңқаларлығы сол авторлардың әсері, әуелі Әбіш шығармашылығына табын түсірмеген. Әбіш әлемнің сан-түрлі авангарттық, модернистік, постмодернистік, авантуралық туындыларды оқып, аударып жүрсе де өзінің сүре сүрлеуінен ауытқымайды.
Кейде ойлайсың, әлемнің осындай классикалық шығармалары басқа бір бәкенелердің қолына түскенде не болар еді?..
Әлем тамсанған талай ұлы жазушылардың қазақ халқымен «танысуының» өзіндік әр қилы тағдыры бар. Осы тұрғыда алғанда Әбіш Кекілбаев талай ұлыларға өз туған әдебиетіне зор құрметпен есік ашқандай.
Әбіш аударма өнеріндегі ең бір айтпай кетуге болмайтын шығарма «Шенеуніктің ажалы». Қазақ әдебиетіне А.Чехов әртүрлі аудармашылардың аудармасымен енді. Әуелі ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан бастау алды. «Хемелон» әңгімелерін ғажап аударды. Одан кейін Б.Кенжебаевтың тамаша аударманың үлгісін жасады. Жалпы саны оннан астам аудармашы әр түрлі қысқа-қысқа әңгімелерін қазақшалады. Ішінде қазақтың нелер мықты жазушы және аудармашылары бар. Бірақ қазақ тіліндегі Чехов шығармалары әр түрлі аудармашылар аударған соң ба, әртүрлілік, ала-құлалық басым. Чеховтың қолтаңбасын байқау, атмосферасын сезіну қиынға түседі.
Осы бір шоғыр аудармалардың басында Әбіш Кекілбаев аударған «Шенеуніктің ажалы» атты шағын әңгімесі бар. Оқып отырып: «Чехов – осы ғой» дейсің. Тіптен қазақы ментальге де жат емес. Бәрі адам баласына тән мінез-құлық, іс-әрекет.
Мұнда да Әбіштің өзіндік сөйлем қолданысы, өзіне тән шешендігі байқалмайды. Тек қана аудармашылық шеберлігі көрінеді. Және түпшығарманың әсері үнемі санаңда жүреді.
«Кереметтей көңілді кеште білдей мекеменің шаруашылық жағын күйттейтін кереметтей бір қызметкері Иван Дмитриевич Червяков екінші қатардағы креслолардың бірінде Корневиль қоңырауларын дүрбімен қарап отыр еді».
«Ештеңені көрместен, ештеңені естіместен есікке қарай шегіне берді, көшеге шығып, ілбіп басып жүріп кетті...Үйіне кірген бойда вицмундирін шешпестен диванға сұлай кетті де...»
Әңгімеден келтірген шағын үзіндіге қарасаңыз кереметтей және ештеңені деген сөздер бір сөйлемнің ішінде екі рет қайталанып тұр. Бәлкім бұл сөз қайталау сияқты боп көрінеді. Ал түпнұсқасына үңілсеңіз де сөз қайталанған. Яғни бұл Чеховтың сөз қолданысы.
«В один прекрасный вечер не менее прекрасный экзекутор, Иван Дмитриевич Червяков, сидел во втором ряду кресел и глядел в бинокль на «Корневильские колокола».
«Ничего не видя, ничего не слыша, он попятился к двери, вышел на улицу и поплелся... Придя машинально домой, не снимая вицмундира, он лег на диван и...»
Әбіш аударма өнеріндегі шеберліктің осындай әр ұсақ және ірі детальдеріне тоқтала берсеңіз нелер қилы мысалдарға тап боласың. Әбіш аударма өнеріне шеберлік дегеннен гөрі – аудармашылық құдыреті деген сөз өз кетігін тапқан қыш секілді қона кетер еді...
Бақытбек ҚАДЫР