Джихат Бурак. Ақын өлімі. 1967 жылӨМІРБАЯН1902 жылы туыппын,Қайда тудым – соққаным жоқ мен қай...
Айгүл Кемелбаева. «АЙБОЗ» мен үшін әділ өтті
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы алғаш жарияланғанда баршамызға көптен күткен оң құбылыс болып сезіліп, айрықша шығармашылық серпін туғызды. Шын мәнінде әдебиет – мемлекеттік іс. Мұны ежелден терең білген дана халықтар алтын тұғырынан ешқашан таймаған. Мың жыл бұрын теңдесі жоқ шедевр «Шахнаме» солай туған. Бұл эпосты Дакики бастап, ол өлген соң Фирдауси аяқтағаны Иран жұртының мемлекеттік мүддеге адалдығы болатын. Елдік асыл рухты қызғыштай қорып, бөгде ықпалдан аман сақтау үшін, жеңілген халықтардың қатарына енбеу үшін жазылған ұлы дастан. Сөздің қасиеті шексіз, жаратылысы тылсым. Қазақ дүниеде сөз өлмейді деп білген соң айтты.
18 жасымда ең алғашқы республикалық жабық конкурсқа қатысып, бағым жанғанына аттай 39 жыл өтіпті. 1983 жылдың қарашасында «Жалын» баспасының балалар әдебиетіне арналған жабық байқауында алған II сыйлық. II сыйлық 1000 сом болды. Бас жүлде 1500 сом, ол классик ақын, натурфилософ Есенғали Раушановқа бүйырды. Ол уақытта бұл мол ақша еді. Жол бастауым, алғашқы қадамым әділдіктің ақ жолымен ашылған. Содан бері әдеби конкурстар менің еншіме айналды. Егер 2002-2003 жж. Сорос қорының қазақстандық роман конкурсы болмағанда «Мұнара» романы жазылмас еді.
Әдеби жабық байқаулар ешқашан таусылмасын! Бұл өркениет еншісі, жабайылықтан арылу. Мысалы, Германияда 200-ге тарта әдеби сыйлық бар. Одан ел байлығы түк кеміп жатқан жоқ. Гете-Институты неміс әдебиетінің кең таралуына және әлемдік рухани байланыс, халықтардың өзара жақындасуына ықпал етіп, киелі рөл атқарып келе жатыр. Бұл мықтылық, данышпандық әрі бары мен нәрін көрсету, артықтығын таныта білу! Фейсбукте әдеби сыйлықтар дау-дамай, таласқа себеп болып жатыр, оның не керегі бар деп өзеуреп, қаралап, көсемсіп жатқан топқа айтарым осы.
Өйткені әдебиет бір адамның меншігі емес, бүкіл ұлт қазынасы. Әрине, ымырасыз, үстем уақыттан көнермес құнды, шынайы көркем туындылар арқылы ұлттық дүние әлемдік әдебиеттің ортақ қазынасына айналарына дау жоқ. Мұны да екі ғасыр бұрын немістің ұлы ақыны фон Гете асқан көрегендікпен айтып кеткен. Ол болжаған құбылыс шындыққа айналды. Әлемдік тұғыры биік елдер басқа халықтардың шынайы деңгей-дәрежесін тек әдебиеті және өнерімен өлшейтініне талай көзім жеткен. Сондықтан «Айбоз» ұлттық әдеби қорын тағайындап, оны жүзеге асырған ҚР Мәдениет министрлігіне алғысым ерекше.
Мені құттықтағанда өзім ерекше сыйлайтын мықты жазушы Серік Асылбек: «Осындай әдеби конкурстардың жиірек болғаны дұрыс қой. Әдебиеті, өнері дамыған елдерде неше түрлі байқаулар бар және сыйақылары да аса үлкен. Мұнымен қазақ елінде творчестволық ахуал бірте-бірте жанданып, түзеліп, жан кіріп дамиды деп ойлаймын», – деді. Мұнан артық не айтуға болар.
Ресми марапаттаудан соң мейрамханада қазақ дәстүрімен дастархан басында әдебиет әңгімесі жалғасты. Мәдениет министрі Дәурен Абаевтың ұстанымын білім деңгейі, сөз мәдениеті айқын аңғартты. Креативті идеяларды жақтайтыны анық көрінді. Министр мырзаның 7 номинацияның бірі етіп комикс жанрын қосқызғаны кітап оқығысы келмейтін балалардың көркем әдебиетке қызығуын оятады. Абаев құнды идеяларды қолдауға даяр отыр. Мұны министрдің айналасындағы жастар, мемлекеттік қызметке тартылған білімді, талантты жігіттерден де аңдауға әбден болады. Құдайға шүкір, көз алдау, өтірік жылтырау, жақсы атты көріну кезеңінің уақыты, хлестаковщина дәуірі келмеске кеткен сияқты. Мәдениет тұтқасын осындай жастар – өркениетті елдердің даму заңдылықтарын көріп, оқып-тоқып оралғандар нық ұстауы керек. Марапаттау рәсімінде сахнада жеңімпаздардың шығармаларын жинақ етіп, 478 беттік бір томдық кітапты қолымызға ұстатып қоя бергені бұрын-соңды болмаған игі құбылыс! Ел алдында Дәурен Абаев сөз сөйлегенде: «Мен менеджермін», – деді, оның ұйымдастырушылық қабілетін осыдан-ақ көруге болар.
Ас үстінде Ұлықбек аға «Айбоз» номинациясына қазақ әдебиетін шет тілдеріне аудару туралы, әдебиет институтын ашу көкейкесті идеяны тағы қозғап айтты. Қазақ әдебиеті соған келе жатыр. Дәстүрлі конкурсқа айналса «Айбоз» өрлейді. Бұл жолы конкурсты ұйымдастыру жұмысына атсалысқан «Кітап палатасы» қазылар алқасын бір-бірінен жасырған және авторлардың атын көрсетпей талқылауға ұсынғаны оның әділ өтуіне жол ашты. Ал әлеуметтік желіде айтылып жатқан сыни пікірлер бұл байқауды күшейте түседі деп ойлаймын.
13 сентябрь, дедлайн, қабылдау мерзімі аяқталуына 17 күн қалғанда ғана «Тырнақ» атты әңгімемді жаза бастадым. Оның алдында 1,5 айға созылған бір күрделі жазуды 7.09. күні бітіріп (оны ысырып тастауыма болушы еді, бірақ олай жасай алмадым), дереу Шерхан аға мен Дүкенбай ағаға арнаған эсселерімді 13 сентябрьде аяқтап іске алаңсыз кірістім. Аруақ сыйлау қанда бар қасиет. Өзіме баталарын берген сол кісілердің рухы риза болсын дедім. Қомақты ақша тігілген мына конкурсқа үлгермей қала жаздасам да құдай бұйыртса болады, бұйырмаса қайтейін деген казақы сенім баяғы. Жүгірген жетпейді, бұйырған қашпайды.
«Айбоз» ұлттық сыйлығы әдебиетке деген енжарлау көзқарасты шайқап, оның мәртебесін асырып жіберді. Осы кезге дейін, 30 жыл қаламақысыз өмір кешуге көндіккен, мойынсұнған адамның бірі мен. Мемлекет іргесі нығайса түбі шын әдебиет жерде қалмас деген сенім – жазудың мұраты дүниелік ұсақ-түйектен өзгеше болады!
Айтылып жатқан дау-таластарды келесі жылы қазылар алқасы мұқият ескермей қалмасы айдан анық. Талай конкурстан шын лайық бола тұра құр қалып жатсам да, кей сәт әділетсіз төмен ысырылып шеттеп қалсам да ешқашан жүлдеге таласқан немесе ар-намыстан аттап сүмірейіп сұрап алған емеспін. Негатив көңіл-күй жұмыс істеуіме нұқсан келтіреді.Мендегі бұлжымас принцип біреу – жазылып қалған шығармам олжа. Осы жолы өзіме-өзім: «Алла берсе алдың, алмасаң күйінбе!» дедім. Көкейде сюжеті айқын жүрген әңгіме осылай туды. «Айбоздың» арқасында.
Қаламгерлер қауымы неше түрлі категорияларға бөлінеді. Шығармашылықпен еркін айналысуына жағдайы аса зор және жағдайы жоқ болып бөлінеміз. Ақын-жазушылар шоу-бизнес және тележұлдыздардың көлеңкесінде қалғалы қашан. «Айбоз» ұлттық сыйлығы сірескен сол сеңді бұзды деп қабылдадым.
9.12.2022.