Атақ-даңқы алты алашқа жайылып, әулие атанған қасиет иесі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын бәріміз жақ...
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: «Жазушы ізгіліктің иесі болуы тиіс»
Сөз - қасиетті де киелі өнер. Шәкәрімнің "Сөз - құдайдан шыққан бу", - деуі тегін емес. Ол ой-сананы имани қалыпқа айналдырып, жан-дүниемізді нұрландыра түседі.
"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева Тәңір сыйлаған сол сөз құдіретін өзінше қастерлеп, өзінше өрнектейтін жан. Қаламгермен әңгімеміз осы бір қастерлі әлем жайында өрілген еді.
- Айгүл апай, Мұхтар Мағауин өзінің "Тағдыр жазуы" атты мистикалық әңгімесінде жазушылық болмысты "Тәңір құты" деп таниды. Сіз қалай пайымдар едіңіз?
- "Тәңір құты" деген асқақ ұғымды көне замандарда жарты дүниені жаулап алған ұлы патшалар өздеріне теліп айтқан. Еділ (Атилла) мен Шыңғысхан тәрізді ерекше жаратылыс иелері қанды жорықтарымен әлемнің бейнесін түбірімен өзгертіп жіберді. Қазіргі заман көрінісі солардан қалған мұра. Мұндай шексіз билеушілерге ешқашан біржақты баға бере алмайтынымыз сондықтан. Ал сөз өнеріне келсек, мұның жөні бөлек. Пушкин өлеңінде өзін "властитель дум" деп атаған. Оған дейін осы тектес таңғажайып жасампаз идеяны грек-рим классиктері мен шығыс жұлдыздары көркемдеп айтып кеткен.
Жазушылықты адам тілеп ала алмайды. Ол Алла тағаланың мейірімімен берілген тылсым сый. Шашубайдың әніндегідей: "Болғанмен малға кедей, әнге баймын". Байлықты аса іздетпейтін бір құдіреті бар болған соң Шашубай ақын осылай дейді. Оған шын лайық болу керек. Өнерін ұстай алмай қалғандарға құдайдың қаһары келеді деп ойлаймын. Өнерді әу баста арзан бағалап, пайда көзі не атақ-даңқ алу жолы деп адасып келгендер де өзінен шеберлігі асқан жақсыға қылған қиянатының сазайын тартып, түбі опық жейді. Өнердің киесі ұрады. Өнер - Алла тағала жаратқан көркемдіктің сырлы формасы. Құдайға құлшылықтың ұлықталуы өнердің астарында жасырулы. Жазуда жанды елжірететін керемет сүйіспеншілік жататыны сондықтан. Әдебиеттегі менің кредом: "Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді". Жазылуы нәсіп етілген шығарма сөзсіз туады.
- Бүгінде осы бағзы мистикалық аңыз-әңгімелер жаңаша түрленіп, жаңа сипатқа ие болғаны байқалады. Бұл оның тым тартымды құбылыс болғанынан ба?
- Мистиканың тым тартымды екені рас. Соны білген соң қазіргі американ киносы қансорғыштардан, сайтандардан романтикалық образ жасап алды. Бұл қатерлі адасу. Зұлымдықты сұлуландырудың түбі неге апарып соғатынын болжау қиын. Жазушы құдай сүйген ізгіліктің құлы болуы тиіс.
- Кейбір сыншылар прозаның кенжелеп бара жатқанын, поэзияның өскенін айтуда. "Қазіргі прозада образ жоқ", дегенге саятын әңгімелер де естіліп жатады.
- Кім не десе де одан әдебиеттегі бар нәрсенің қадірі кемімейді немесе өзгермейді. Таңқурайды "мынау бөдененің жұмыртқасы" деп бергенмен, оның жеміс дәмі өзгеріп кетпесі анық. Бірақ атаулар дұрыс аталмаса, айналасындағы бар құбылысқа оның кесірі кем тимейді. Проза жұрттың бәрінің көкейін тесіп тұратын биік өнер деп ойлаймын. Ол - бір ұлттың тұтас образын жасай алатын кереметтігімен артық жаралған, рухани толысқан халықтарға тән көркем дүние. Көрмес түйені де көрместің керімен жүре бергісі келетін субьективті сынға өкпе жүрмейді. Негізінде көп жұрттың әдебиетті дұрыс тануы, түйсінуі кемшін тәрізденеді. Талғам мен өре жоқ жерде нағыз құндылықтар бағаланбайды.
Бізде орыс әдебиетіндегідей әбден жүйеге түскен, қалыптасқан эстетикалық танымдық артықшылықтар күшейсе, ағымдағы прозаның бағы анағұрлым жанар еді. Оның үстіне қазіргі қалалық болып кеткен көпшілік, тіршілік тауқыметімен тырбанған қазақ өзіне ең қажет адамдарды бағалай алмайтын халге жеткен. Бір ғана мысал: жыраулардың алтын тұяғындай Эльмира Жаңабергенова тәрізді 18 түрлі мақаммен шырқайтын сирек әншіні продюсерлік іскерлікпен әлем сахнасына шығарып жіберуге бек мүмкіндік бар. Ол сонда қазақ ұлтын танытқан үстіне танытар еді. Бірақ, сирек талант иелері әйтеуір ел қатарлы күнін көріп, биік шырқай алмай қор болуда. Шетелден шақырылатын әншілерге бір сәтте кетіп қалатын қаржыға-ақ қанатын қомдап, көкжиекке қалықтап кетер еді. Әттең, бізде ұлтжандылық жетіспейді. Бай қазақтар меценаттықты тар мағынада түсінбеуі керек. Мұндай жерде бақай есепке негізделген жікшілдік адым аштыра қоймасы анық.
- Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының үлкен бір жаңалығы - дін тақырыбы. Бүгінде исламдық сарын, мұсылмандық құндылықтар жас жазушылардың шығарма-ларына арқау болуда. Сіздің "Тобылғысай", "Ғибадат", "Қияда" атты әңгімелеріңіз бен "Мұнара" атты романыңызға да осы тән. Дін тақырыбына қалам тарту ненің белгісі?
- Еске түсіріп қарасам, "Ғибадат" атты әңгімемде: "Ортодаксальды діндердің көркем әдебиеттен алшақ емес екені мені ерекше баурап алды", деп жазыппын. Расы сол. Орыс философы Владимир Соловьевтың діндердің мифологиялық табиғатын зерттеген эссесін оқысаңыз, әдебиеттің жаратылысында Тәңірге жалбарыну жатқанын ұғасыз. Мұнда ежелгі гимндер, Жаратушы иеге мадақ жатыр. Шәкәрім қажы: "Сөз - құдайдан шыққан бу", десе, бұл-дағы христиандық ілімнен алшақ түспейді. Күллі діндердің шығуы бір. Мен ата-бабамнан қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық дүниетанымның құлымын. Исламды о баста біздің салт-дәстүрімізді бұзбай, лайықтап кеткен әулиелерді пір тұтамын. Біздің далалық болмысымыз орасан бай, құпиялы қатпарларға толы болғанмен, қазақ жер бетін-дегі ең санасы айқын халық. Ауыз әдебиеті керемет болатыны сондықтан. Осындай ұлттан шығып, бар қазынаны ұқсата алмасақ, Құдай кешпейді.
- "Қоңырқаз" атты алғашқы әңгімеңіз - фантастикалық антропология. Мәскеудің М. Горький атындағы Әдебиет институтына түсуіңізге септігі тиген де осы туындыңыз екен. Прозадағы көркем антропология мен фантастикалық антропология туралы не айтасыз. Олар өз бағасын ала алды ма?
- Мен Мәскеудегі жоғары оқу орнына түсер алдында КазГУ-дің журфагында 3 жыл білім алғанмын. Яғни, 8 жыл студент болғанмын. Менің екі бірдей жоғары оқу орнында студент атануыма Сапар аға Байжановтың ерекше көмегі тиді. Ал осы «Қоңырқаз» атты әңгімеммен Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтының шығармашылық конкурсынан өттім. Конкурстан өтпегендерді қабылдау емтихандарына жібермейді. 1989 жылы осы институтта дәріс оқып жүрген, жазушы Роллан Сейсенбаевтың жазған хаты менде сақтаулы тұр. Ол: "Мына әңгімеңнің қазақшасын жібер", деген еді. Ал мен конкурс үшін орысша аудармасын жібергенмін. Бірінші курста семинар өткенде шығармаларымызды топта талдайды. Орысшамның нашар кезі. Әйгілі орыс жазушысы Андрей Георгиевич Битовтың семинарында оқыдым. Ол кісі "Қоңырқазыма" магиялық романтизм деп баға бергені жадымда. Расында оның идеясын Ханс Кристиан Андерсеннен алғанмын. Әңгіме эпиграфында мұны жасырған жоқпын. Әдебиетте қарызға алу тым көнеден келе жатқан құбылыс. Мықты жазушылар одан сүрінбейді.
Нашарлары ұқсатпай бүлдіреді.
- Ал қазіргі қазақ прозасындағы тотемдік ұғым жөнінде не айтасыз...
- Тотемдік ұғымдарды өте жақсы көремін. Әдебиеттің көшпелі алтыны. Овидийдің "Метаморфозасын» енді оқи бастадым. Классиканы қайталап оқи беру керек. Менің "Қо-ңырқазым" фантастикалық әңгімеден гөрі осы Овидий жырлаған құбылуларға келетін сияқты. Бұл әңгімеме тура 20 жыл өткенде киносценарий жазғаным жайдан-жай емес. "Жамбыл" журналының 2010 жылғы 3 санына белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы басты. Қобыз бен диуана сарынын қостым.
Әдебиет уақыты өтіп кетті деген ұғымнан алшақ. Тобық Жармағамбетовтің "Отамалы" атты повесін қыста оқып шығып, ерекше сүйсініп, қайран қалдым.
Овидийлік, жер мен көкті біртұтас орайтын сөз құдіреті бар екен! Қазақта есімі көп атала бермейтін марқұм жазушыларды қайта ақтару, жарыққа қайта алып шығу әдебиетшілердің парызы. Солай етсек, шынымен көсегеміз көгереді.
- Қазіргі қазақ жазушылары киноға ерекше мән беруде. Экрандалуға үміттісіз бе?
- Мағжан Жұмабаевтың "Шолпанның күнәсі" атты классикалық әңгімесін 2005 жылы кинорежиссер Болат Шәріп экрандады. Менің бұл фильмге сценарист ретінде атсалысуымды ғайыптың күші, Құдайдың бұйыртуы деп қабылдадым. Болат аға Мағжан туралы екі эссемді оқып, газет арқылы тауып алды. Ұлы ақынның рухы риза болсын. Қазір бірнеше сценарий менде даяр тұр, біреуі өз әңгімем бойынша, екіншісі Әзілхан Нұршайықовтың "Мәңгілік махаббат жыры" романы желісімен. Үшіншісі "Ер Төстік" ертегісі бойынша анимациялық фильмге сценарий.
- Қоғамдағы саяси оқиғаларға қалай қарайсыз?
- Атам Кемелбай Насырханов 1937 жылы халық жауы ретінде атылған. Репрессияның зардабы, уыты оңай тарқамайды. Ұрпағының өмірін улайды, санасында қалып қояды, тез түзеле алмай, зорға ес жияды.
- "Қазақ әдебиеті өзінің ұлттық мазмұны арқылы әлемдік әдебиетке шығады", - дейсіз. Бұл ретте әлемдік әдеби үдерістердің ықпалы мен әсері қаншалықты?
- Расында мен ой қайталап тұрмын. Негізінде оны кемеңгер Гете айтқан, ол "әлем әде-биеті" деген тың терминді 185 жыл бұрын алғаш енгізгенде жаңа дәуірдің сипатын болжап айтқан Әулиелік сөз. Әлемдік үлгілер туралы: ай астындағы айшылық дүниеде бәрі ескіден қалған. Постмодернде қазір жансыз көшірмелер қаптап кетті, нашар клиптегі бұраңдаған әнші қыздардың макияжы бір-бірінен аумай қалғаны сияқты біртекті. Пысық адамдар жасайтын коммерциялық әдебиет. Көпшіліктің шала талғамына сай тоғыта беретін романсымақтардың бір әрпін оқып әуре болмаймын. Біреуге еліктейтін кезеңнен өтіп кеткенмін.
- Әдебиеттанушы-ғалым Айгүл Ісімақованың сіз туралы: «Айгүл өз туындыларында саналы түрде еуропалық, мифтік есімдерді де кіргізіп қояды. Онысы эксперимент болғанымен, өте сәтті пайдаланылған амал. Өйткені, дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, сол деңгейде ойлана отырып, қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелуде», деп айтқан пікірін оқыған едік. Бұл ретте сіз: "Мен дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелдім", - деп айта аласыз ба?
- "Майя" атты повесімде біраз мифтік образдар болғанмен, мен негізгі қоректі өзіміздің халық ауыз әдебиетінен аламын. "Ер Төстіктің дүниеге келуі" атты әңгімемде баланың аты бұлай емес, бірақ астарлы түрде бұл бір әулеттің құриын деп барып, аман қалуы, қайтадан жаңғыруы болып табылады. Магиялық проза деген осы. Ұлттық нышан. Сөздің астральдық қасиетін ұққандықтан, жазушы ретінде маған миллиондаған доллар табыс көзін әкеледі десе де, зұлымдықты әрдайым клондап отыратын қатерлі сюжеттерді жазбаймын. Батыс мәдениетінің рухани тоқырауға ұрынып, азғындықтан тұншығып жат-қаны сондықтан. Баяғыда ақшадан қиналып жүргенде бір қызық ұсыныс түскені есімде. Қаптаған сары басылымдар үшін порнографиялық дүниелерді бүркеншік атпен жазып тұруға. Қаламымды, қазақтың ардақты тілін сонша қорлап, былғайтындай қара басыма не күн туыпты?! Ал балаларымның ырзығын Құдай өзі береді.
Шетелдік проза туралы айтар болсам былай. Мәскеудегі Әдебиет институты 5 жылда антикалық әдебиеттен қазіргі заманға дейінгі ең мықтыларын теріп оқытты. Алайда, білім деген ұғымның өзі салыстырмалы әрі шартты нәрсе екенін мойындауымыз керек. Сосын әдебиет тұңғиық, терең сала. Оның бәрін түгендеуге бір адамның ғұмыры жетпейді. Бірақ Мәскеуде ерен оқымысты, ғұлама академиктердің алдын көргеніме қуанамын. Шетінен өте зиялы, ерекше әділ, қарапайым жандар. Білімі өскен сайын адам баласы зиялы бола түсуі заңдылық. Ол өйткені, надандықтан ажырайды.
Стильге келер болсақ өзімді-өзім қайталамаймын. 12 әңгімем 12 түрлі, үш повесім үш алуан. "Тобылғысай" атты әңгімемде ежелден бар тәсіл: "әңгіме ішіндегі әңгіме". "Ғибадат" атты діни әңгімемді көбі қабылдай алмайды, сонда біраз стильдік тәсіл бар. "Мұнара" атты шағын романымда зоологиялық проза тәсілін қолдандым. Мен үшін зоологиялық прозаның ең мықты өкілі Герман Мелвилл, оның "Моби Дик немесе ақ кит" атты романын қайталап, сүйсіне оқыдым.
Хайуанаттар этимологиясына асқан сүйіспеншілікті Мелвилл үйретті. Қазақ ауыз әдебиетінен бері хайуанаттар туралы анималистік проза дамып кеткен. Тегінде прозаның мүмкіндігі поэзиядан гөрі шексіз.
- Тәуелсіздік тұсындағы әдебиет несімен артық? Әдебиет сүйгіш қауымға қандай жаңалықтарыңыз, тосын сыйларыңыз бар?
- Тәуелсіздік тұсындағы әдебиетте цензура жоқ. Қазір халтураны толтырып әкеп берсең де баспалар ақша үшін баса береді. Сондай-ақ, нағыз шығармаларға жол ашық. Сосын, бұрын үлкен буын кіші буынға ептеп үстемдік, әлімжеттік танытатын еді, дер шағында басқызбай қоятын. 1987 жылы жазылған "Қоңырқазымды" газетке бастыра алмағаным ойымда. Атын айтпай-ақ қояйын, бір жазушы маған: "Жап-жас болып неге мұндай әңгіме жазасың? Бесіктен белің шықпай тұрып, классик атанғың кеп жүр ме?!" деп ұрысқаны есімде. Шынында, ол кісінің не айтқысы келгенін түсінсем бұйырмасын. Қайдағы классик? Әдебиетте аты жоқ, 22 жастағы адам қалайша өзін классик сезінсін?! Уақыттың еншісіндегі дерексіз ұғым үшін алдын-ала бас қатырудың қажеті қанша! Классик болу, болмауды ойлап отырып жазбайсың ғой. Оны бір Құдай біледі. Мен ол кісі іштарлық қылды деп түсіндім. Сол әңгімемнің ең таңдаулы институтқа түсуіме септігі тигені рас.
Литинститутты ғұмырында аңсап өткен жазушылар қаншама. Егер Құдай оны маған бұйыртып тұрса, бұл бір белгі, әсте тегін емес. Әңгіме 7 жылдан соң жарық көрді.
Баяғыдан жасырып, тығып, ешкімге көрсетпей жазатын ғадетім әлі қалмаған. Мамам ауылда нан илегенде көз тиеді, сұқтанбаңдар деп бізге көрсетпей қоятын. Сол сияқты жазу да ерен нәзік дүние. Шығармашылыққа ерекше аңсармен, асқан сүйіспеншілікпен қарайтынымды айтсам, сол жетіп жатыр.
- Қазақ әдебиетінің ақсақалы Герольд Бельгер шығармашылығыңызды ерекше бағала-ды, оған әбден мақтануға болады. Қазір мемлекеттік тапсырыспен қаншама еңбек-тер жарық көріп жатыр. Неге ұсынбайсыз? Бұл орайда, Жазушылар одағының қамқорлығы қаншалықты?
- Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинге алғыстан басқа айтарым жоқ. 10 жыл бұрын жазсам деп ниеттенген «Көкенай мен Қалқаман» атты эпикалық прозам былтырғы қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Жаңа кітабыма сол да енсін дедім. Ол ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының әйгілі «Қалқаман-Мамыр» поэмасының желісімен, нәзирашылдық дәстүрде жазылған. Осы идеяны берген Көкенай батырдың ұрпағы Әнуарбек Исаханұлы. Мен әңгімемді жазып біткенше ол кісі бұл фәни дүниеден өтіп кетті. Әңгімемде екі эпиграф бар, сюжеттің негізгі иесі Шәкәрім қажыдан алынған бір жол өлең және Әнуарбек ағаның рухына арнадым деп көрсетуім сол себепті. Бұл өмірден алынған деректі әңгімеде кілең тарихта өткен адамдардың аттары аталады.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
«Егемен Қазақстан» газеті