Бердібек СоқпақбаевӘркім өзінің, қалай үйленгенін айтып жатты. Кезек бурыл бас журналист Бекәділге к...
Алаш Кеңшілікұлы. Елдің құты
Әңгіме
Үш ойғыр өлкесінде елге әйгілі екі адам болды. Бұлар елдің еркесі, «Шайқыфәни» атанған, өз өтіріктеріне өздері сеніп, қиял әлемінде ғана жасап жатқан, ауызың қайсы десе мұрынын көрсететін, әсіре Қожанасыр жандар еді. Бойы ұзын, инеліктей имиген, арық қара шалды ел өзінің айтқан әңгімесіне қарап «Арқар атаң» деп атап кеткен-ді.
Азан шақырып қойған шын атын көз көрген үлкендер жағы болмаса, жастар жағы біле бермейтін. Екіншісі – шынашақтай ғана тәпелтек бойы бар, қимыл-қозғалысы ширақ, орқояндай орғып жүретін елулер шамасындағы қағлез адам. Ел бұл кісіні «Оқтимес шал» деп атайтын. Бұл енді шын аты ма, ол жағы да жастарға беймәлім. Екеуі бір жылы туған түйдей құрдас болғандықтан қандай бір жиын тойда кезігіп қалса, бір-біріне есе бермей лепіріп, өтірікті шындай қылып соға жөнелетін. Қуларға да керегі сол ғой, «Ойпырай-ай, ә! Расымен де Оқаң сізден мықты болған екен ғой» деп Арқар атаңның қолтығына су бүркетін.
Ондайға айылын жиятын Арқар атаң ба?
– Қартайған соң ерлігіңді айтпа деген. Бұл тапалды жас күнімізде лақтай қылып ат үстінен талай іліп алушы едім, – деп мойыны үзілердей болып, басы қисаңдап бұрқ ете қалатын.
Оқаңда қалыс қалсын ба:
– Іммм, ұзын сирағыңды аспаннан келтіргенімді ұмытқан екенсің, ә! – деп, сүзеген бұқадай ежірейе қалатын.
Бір қызығы бұл кісілердің айтқан әңгімелері ауыз әдебиетінің үлгісімен ел ішіне кеңінен тарап кеткенінде еді. Балалар жағы шын сеніп қисса-дастандардағы қас батырларға ұқсататын.
Әсіресе, Оқтимес шалдың «Жапон соғысына қатысқанымда» деп басталатын әңгімелері еш түгесілмейтін. Әңгімеге тұздық себушілер жорта қарап:
– Оқа, сіз андағы алпамсадай денеңізбен албаты ұсақ-түйек, кішкене мылтық ұстамаған шығарсыз? – деп күлісетін.
Екі иығын ұшатын бүркіттей қомдап алып, отырған орнынан қозғалақтаған Оқаң шеңберінен шығып кетіп:
– Мен сол жалғыз мылтыққа қарап қалды деп пе едіңдер? Атпен шауып барып, жапондардың пүлеметтерін шалмалап сүйреп келіп, өздерін қырып салатынмын, – дейтін беті бүлк етпей.
– Алла сақтасын! Оқ қайтып тимеді екен? «Қоянға оқ өш» деуші еді ғой, аха ха, – деп өзін қоянға теңеп қарқылдай күлгендерге:
– Жәбірейіл өзі жебеп тұрса, оқ неге тисін? – деп дүрсе қоя береді.
– Шынашақтай бойымен қарауылға қайдан ілінсін? – деп кейісі мысқылдай күліп жататын.
Арқар атаңның әңгімелері тіптен қызық.
– Осы Қобда бетінде менен асқан мерген болған жоқ, – деп бастайтын.
– Расымен де, сізден асқан мерген жоқ деп естідік үлкендерден. Бір оқпен сексен арқар атқаныңызды айтып беріңізші! – деп әзілкештер бір-бірлеріне қарап көздерін қысысып, өтірік таң қалысып Арқар атаңа таяй түседі жан-жағынан жабырлап.
«Бір оқпен...» деп өтірігін шығару үшін әдейі айтып тұрғандарын аңғармай. Арқар атаң көптің назары өзіне ауғанына мәз болып желдей есетін.
– Ол былай болған... Бірде әлгі жаман аңшы Ұзақбай бар ғой. Сол келіп «Үкіметтің аң ату жоспарын орындай алмай қалдым. Ақа аға, оғыңыз жерге түспейтін мергенсіз ғой, біраз арқар атып келсек қайтеді» деп қолқа салған соң қандыауыз «калебирь» мылтығымды мойныма аса салып, аңға мінетін торы атымды шаужайлап, арқартұраққа жөнеп бердік. Ұзақбайдың астына мінген жаман бурыл аты шалдығып жүрмеген соң, «Ер жаманы жолда қалдырады, ат жаманы орда қалдырады» деген мақал есіме түсіп, амалсыз тосып отыруыма тура келді. Әйтпесе, көптен қансонарға шықпай, әбден ширығып қалыппын. Ұзақбайдың мойнында бесатар мылтығы бар. Қойын-қонышы тола оқ-дәрі. Бәрін үкіметтен береді ғой оған. Соның өзінде жоспарын орындай алмай, жаман неме маған жалынып жүргендегісі ғой, баяғы...
– Ойпырым-ай! Жаманның жамандығы қалмайды деген рас та. Сонша оқ-дәрімен... Сізге сенбей ме, үкімет? Неге оқ-дәрі бермейді өзіңізге? Нағыз аңшыны білмей жүр ғой! – деп сөзін бөлген қутыкешке жаратпай жөткіріне қарап:
– Қай жеріне келіп едім, сөзімді бөлмей отырыңдаршы! Түһ, недеген қырт едіңдер. Неге бермесін, кебежесімен әкеліп тастайтын. Көңілшек басым аңшыларға таратып жіберіп, өзім құр мылтықты көтерген кездерім көп болды...
– Түһ, нетен ақкөңіл жан едіңіз... Сосын, қанша аң аттыңыздар? – деп әңгімеге май құюшылар, тезірек созбақтатпай аңды қырғанын айтқызу үшін ұмсына түседі.
– Мә, атқанда ғой, қырып тастадық. Нақтырақ айтсам қырып тастадым. Жаман Ұзақпай не қарық қылсын, ол мылтығын оқтап үлгергенше, олай-бұлай жата қалып атқылап, сексен арқарды жайратып тастаппын. Оғым таусылып қалмағанда, бұнан да көп атып тастағандай екенмін. Мен атқан арқарды санай алмай қалған Ұзақпай жүгіріп жүр қуанып. Ақкөңіл басым біреуінде алмастан, жиыстырып екі түйеге теңдеп, Ұзақбайдың үйіне жеткізіп бердім...
– Ойдойт деген! Міне, нағыз аңшы. Бір оқпен сексен арқар атып, екі түйеге сыйғызып, теңдеп артып кеткен аңшыны алғаш көруіміз, – деп шулағандардың сөзін Арқар атаң расымен алқап жатыр екен деп ойлап, өз өтірігіне өзі сеніп, жығылып қалуға дәс қалатын.
Бір тойда ауылдары шалғай отыратындықтан көптен кезікпеген қос құрдас Арқар атаң мен Оқтимес шал дастархандас болып қалды. Тойға тігілген оншақты ақбоз үйдің біріне Құдайдың құдіреті ме, немесе той иесі әдейілеп кіргізді ме екен, өңкей ығай мен сығайлар бас қосыпты.
«Осы өңірге әйгілі бір тоқтының етін екеуі ғана жеп кетеді» деп ел таң қалатын қос мешкей Түкен мен Кәкен, бұлармен жасы құралыптас әзілкеш қулар Арын мен Шарғын, қарау байлар атанған Берді мен Келді, алып күш иелері Асым мен Тасым, ұзынқұлақтар Мекен мен Шеген, бұларға Арқар атаң мен Оқтимес шал қосылғанда, кигіз үйдің ішін жел кеулеп кеткендей желпінді дерсің.
Тостағанға толтыра құйылған қымыз қызу әңгіме үстінде лезде босап, қайталай толтыра құйылуда. Атақты қулар Арын мен Шарғын қос мешкейді мықтайық деп өзара келісіп алды. Қымызға әбден қыздырып алған соң, Арқар атаң мен Оқтимес шалды да күрестіріп қызығын көрейік деп уағдаласты. Қарау байлардың да санын бір соқтырайық десіп жоспар құрды жасырын.
Уәделескендеріндей, екеуі бұл үйдің күтуші қызметтерін қолдарына алып, мешкейлерді бір құстырып, ел алдында масқара етейік деп Түкен мен Кәкенге жорта құрақ ұшып, «ішіңіздер, жеңіздердің» астына алып шараларына қымызды әлсін-әлі құйдыра берді. Түкен Кәкендей емес, қу адам еді, анадан гөрі аздап ішіп отырды. Кәкен қулардың құрған тұзағын сезбей, қымызды сіміре түсуде.
Бір біріне кереғар екі бай Келді мен Бердіні де желдірте мақтап, «Бай болса сіздердей жомарт болсын» деп көпшік тастап қойысты арасында.
Қымызға әбден қанды-ау деген кезде төре табақ ет тартылды. Екі қу қос мешкей отырған дастарханға үстеме табақ тартқызып құрақ ұшуда.
Әсей-мүсейі көп, қындарындағы пышақтарын алып, Түкен мен Кәкен ет кесуге кірісті. Пышағы бар сүйгенін жейді, пышағы жоқ тигенін жейді деген сол ма дерсің, қу құлқын қаратсын ба, екеуінің кескенінен жас етті өз ауыздарына қарбытқандары басым болды.
Бір саба қымызды түгесіп, төре табақ етті обырлана соққан қос мешкейге жасамыстар таң қалып отыр.
Ет желініп болып, қонақтарға сорпа құйылғанда екі қу бетінің майын қалқымай үлкен аяқ шынымен Түкен мен Кәкенге сорпа ұсынды. Ел бір-екі ұрттап, сырлы аяқтарын қайтарғанда қос мешкей бес-алты аяқтан ішіп, «ішімізге жаңадан ел қонды-ау» дегендей майлы ауыздарын сүрткіштеп, дастарханнан шегінді.
– Ойбүу, бір қойдың етін жеке дара жеп кетеді деп ел мақтаған Түкен мен Кәкен сендер болсаңдар, қой-ақ қой. Бір қора жігіт бір қазан сорпаны тауыса алмадыңыздар – деп Арын қу әдейі сөз бастады.
– Сен досым, бұл кісілердің шамына тиме. Ақаң мен Оқаңа қарағанда ішсе ішіп шыдайды. Күрессе күресіп шыдайды. Мықты болсаң бәс тігейік. Еркек қойдың құйрығын алып кел, бұл кісілер жұмырына жұғын да қылмайды, – деп Шарғын іліп әкетті.
– Күресеміз, неге күреспейді екенбіз? Бұл өңірде бізден өткен алып палуандар болмаған, –деп Оқаң шал орнынан атып тұрғанда ел ду күлді.
– Бұл тапалды қолтығыма қысып алайын, – деп Арқар атаң да елеуреп шыға келді.
– Ойбай, үлкен кісілер, сабыр! Алдымен бәс тігілсін, сосын сыртқа шығып күресесіздер. Әйтпесе, екі алып мына жаман лашықтың быт-шытын шығарасыздар ғой, – деп екі қу өтірік жыламсырап шалғайларына оралып, сабаларына зорға түсірді.
Істі тындырған екі қу енді қарау байларға қолқа салсын.
– Бұлар екі еркек қойдың құйрығын тұтастай жеп кетер болса, бір-бір қойларыңызды қиясыздар ғой? Бердекеңе қарағанда Келеағаң мықты ғой, қолы ашық, – дегенде Берді бай өңі томсарып, жұлып алғандай:
– Беремін, бермей не істейін! Алдымен тауысып жесінші, – деді.
Түкен мен Кәкен еркек қойдың құйрығын жеке дара ысырап қылып, құспай жеп кетер болса, бір-бір қой алатын болып келісті.
Бәс соңынан Арқар атаң мен Оқтимес шалдың қайсысы жықса, жығылған палуанның бәсін өзіміз береміз деп екі қу елге уәделерін берді. Бұл кеңестерді құлақтары едірейе тыңдап отырған ұзынқұлақтар құйрықтарымен жылыстап, басқа үйлердегі қауымға жеткізу үшін үйден сытылып шықты. Оларға мән берген ел жоқ, езулерінен майды ағыза соғып жатқан қос мешкейге зейіндері ауған. Ең алдымен жеп біткені еркек қой алатын болды. Он минутқа сыйыстырып, қалыспай жеп шыққаны бойдақ қой алатын болып келісілген. Ал, жей алмаған жағдайда қойға қой берісетін болған қос мешкей барын салуда.
Алдына келгенін жайпай берген Кәкен Түкендей емес, құйрық майды білемдей қылып кесіп екі-үш асаған соң жұмыршағы айнып, құсуға дәс қалды. Суық судан көбірек ұрттап, күшеніп отырып қалды. Түкен қарбытып отыр, түк болмағандай. Екі қуда тықыршып, уақыт тез өтсе екен дегендей сағаттың тіліне қарап қояды. Қарау байлар да жей алмай қалса екен деп мысықтілеулес болып отыр. Мешкейлер майды асаған сайын тыжырынып, бір тоқтыларын қимай жандары шығып барады.
Арасында Арқар атаңның арқасы қозып:
– Тәйірі, еркек қойдың құйрығында не бар дейсің? Жас күнімде бір арқардың етін жалғыз өзім жеп кетуші едім, – дегенде Түкен бөжбенің сөзіне күлемін деп, аузындағы майын лақ еткізе жаздады.
«Міне, батырлық!» деп ел Арқар атаңа қыран-топан күлісіп жатыр.
«Жапон соғысында...» деп қырылдай жөнелген Оқаң шалды да, «әңгімені кейін айтасыз» деп зорға тоқтатып алысты.
Түкен Кәкеннен бұрын ең соңғы білемдей майды ауызына тоғытып жібергенде, алдымен бәс тіккен Берді бай «Бұған дәт жоқ екен» деп шалқалай берді. Кәкен де қиналса да көп қалыс қалмай, бір құйрықты түгесіп шықты. Екі бай амалсыз бәске тіккен малдарын беретін болды. Қулар қос мешкейге шыдамаса да, екі байды сан соқтырғандарына мәз.
– Алыптардың белдесуін тамашалаңыздар!
Тойға тігілген ақшаңқан кигіз үйлердің алдыңғы жағындағы алаңқыдағы жаршының үні елді елең еткізіп сыртқа сүйреді.
Ұзынқұлақтардан құлағдар болып үлгерген жастар жағы екі шалдың күресін көрмекке ортаға бұрын жиылды. Не болғалы жатқанын ұқпаған құлағы мүкіс кемпір-шалдар таяғына сүйеніп, ортадағы алаңға бет алған. Ұққандары «алыптар күрескелі» жатыр деген сөз болды.
Тарамыс қолдарымен көздерін күннен көлегейлей келіп көргендері, белдеріне қайыс белбеу ораған, тыртиған арық Арқар атаң мен шынашақтай Оқтимес шалдың күлкілі бейнелері еді.
– Ой, тәйір-ай! мына бәтшағарлар екен ғой, елді шулатып жатқан. Алыптар қайдан келіп қалды десек, – деп еріндерін сылп еткізіп, ақжаулықты әжелер күліп жатыр.
– Қойыңдар, бәтірлер, бір-бірлеріңді жазым қыласыңдар, – деп кейісі шын жанашырлық танытуда.
Елдің кеу-кеулеуімен екі палуан бір-біріне қарай беттеді. Өмірі күресіп көрмеген жандар намысқа тырысып ортаға шығып кеткендері болмаса, қалай ұстасудың ығын білмей дал. Үп еткен жел соқса ұшып кетудің аз-ақ алдындағы сидиған Арқар атаңның аяқтары шалынысып, тізесі дір-дір етеді. Оқаңның да оңып тұрғаны шамалы. Қысық көзі сығырайып, қарағайдың басындағы тиінге қарағандай, Арқар атаңның қылқиған мойынынан бір ұстасам дегендей армандайды.
Екеуі таяп келеді де, ұстасуға батына алмай кейін кетіп қалады. Елдің де іші пыса бастады. Әрі нағыз палуандар күресі, жуан ат бәйгесі бар дегендей еріккен екі шалға қарап тұрсын ба, «енді қашан... Тездетіңдер...» деп шуласуда.
Қулар да ұстастырудың амалын тапты-ау, ақыры.
– Оқаң палуан Арқар атаңнан қорқып ұстай алмай жүр, – дегенде Оқтимес шал оқша атылып, тырбық қолымен сидиған ұзын Ақаңның мықынына жабыса кетті. Арқар атаң сидиған аяғын тартып қаламын дегенде екеуі де жерге үйме-жүйме болып, қатар құлады. Ел ұлар шу.
– Менің палуаным жықты! – деп Арын Арқар атаңды көтере жүгірді өтірік айғайлап.
– Менің палуаным әдісті бұрын жасаған. Менің палуаным жеңді, – деп Шарғын қу Оқтимес шалды көтеріп алыпты жерден.
Ел көңілдері қалмасын деп «итжығыс» түсіп, тең болдыңыздар деп екеуіне де жақтасып жатыр.
– Алла, құдай өзі сақтапты. Жер белуарға дейін ойылып кетіпті, – деп Шарғын қу жөлерлене жағасын ұстағанда:
– Сендерге айттым емес пе, сақ болыңдар деп, – Оқаң көзі сығырайып жан-жағына қарағанда күлмеген пәнде қалмады.
«Балапан басында, тұрымтай тұсында» диірмендей айланған ұршық дүние тарих сахнасына жаңа бір ұрпақты алып келді. Бұл кісілер дүниеден озғанда жыламаған жан жоқ екен. Қулық-сұмдық дегенді білмейтін сәби кейпінде қалған шайқы фәнилер елдің құты екен ғой. Олардың айтатындары тек зиянсыз өтірік. Олар өмірден қайтқанда күн тұтылған. Ел «құтымыздан айырылдық» деп шынымен күйзелген деседі.
Мәдениет порталы
Картина авторы Еркін Қайшыбек