...Жаңбырдың әдемі екенін бұрын білмеппін. Тіпті сезінбеппін де. Жер лайланып, батпақтар бауырласып...
Альбер Камю. Оба (роман)
Роман
Егер бір түрмеге қамауды басқа біреу
арқылы сипаттап беруге болатын болса,
шынайы өмірде бар кез келген затты тіпті
атымен жоқ бірдеңелер арқылы да бейнелеуге ықтиярлы сияқтысың.
Даниэль Дефо
БІРІНШІ БӨЛІМ
Осынау әңгіменің арқауы болған оқиғалар 194... жылы Оранда өтті. Жалпы пікір бойынша, аталмыш оқиғалар бұл қалаға сыйымсыз еді, өйткені олар кей жағдайда әдеттегі ауқымнан шығып та кететін. Шынында да, бір қарағанда, Оран әдеттегі қала, Алжир жағалауындағы кәдімгі префектура.
Мұндай қалалардың недәуір келбетсіз келетінін мойындау керек. Оның үстіне Оранды күллі ендіктер астындағы өзге де жүздеген сауда қалаларынан не даралап тұрғанына бірден емес, белгілі бір уақыт өткен соң барып назарың түседі. Әйтпесе кептерсіз ағаштар мен бау-бақсыз, қанаттардың сусылы, жапырақтардың сыбдыры естілмейтін - бір сөзбен айтқанда, айрықша белгісі жоқ қала туралы қалай түсінік берер едіңіз. Жыл тәулігінің ауысуы туралы хабарды аспан ғана айтады. Көктем өзінің келгенін ауаның соны саф сапасымен, гүлдердің сан алуан түсімен хабарлайды. Ал гүлдерді себетке салып, қала маңындағы мекендерден бақал саудагерлер алып келеді. Былайша айтқанда, бұл аралай жүріп сататын көктем болып шығады.
Жазда күн онсыз да ыстыққа қақталған үйлерді күйдіріп, қабырғаларын сұрғылт күлмен жабады. Ондайда тарс жабылған терезе қақпақтарының астындағы көлеңкеде ғана күн көруге болады. Оның есесіне күз дегенің - лай батпақтың топаны. Ашық күндер тек қыста ғана туады.
Қаламен танысудың ең қолайлы тәсілі - жұрттың қалай жұмыс істейтінін, бірін-бірі қалай сүйетінін, тұрғындардың қалай өлетінін білуге тырысу. Бәлкім, ауа райының әсері болуы керек, біздің қалада бәрі де мидай араласып, бәрі де түк көрмегендей асығыс-үсігіс жасалады. Бұл мұнда жұрт зеріккендіктен өзіндік әдет-ғүрып жасауға талпынады деген сөз. Біздің көрбілте тұрғындар жұмысты көп жасайды, бірақ тек баю үшін ғана жасайды. Олардың бар мүддесі бір бастан сауда төңірегінде шыр айналып, өздері айтқандай, "іс істеуден" қолдары бір босамайды. Өздерін әйел сүю, кино көріп, теңізге түсу сияқты қарапайым қызықтан да қақпайтыны және түсінікті. Алайда ақылды адамдар ретінде олардың бәрін сенбінің кеші мен жексенбіге қалдырып, қалған алты күн бойы ақшаны көбірек табуға тырысады. Кешкісін өз кеңселерінен шығып, олар белгіленген сағатта дәмханаға жиналады, жағажолда қыдырады немесе өз балконында отырады. Жасында бәрінің де тілек-ниеті тойымсыз да тұрақсыз болатын, салиқалы жасқа жеткенде олардың алабұртпалығы шар ойнайтындар қауымының шеңберінен аспайды, ақша қосып, банкет жасаудан, ірі құмар ойындар ойналатын клубтарды қызықтаудан артпайды.
Бұның бәрі бір біздің қалаға ғана тән бе екен, шынтуайттап келгенде, күллі замандастарымыз осындай емес пе деп маған қарсылық білдірушілер, әрине, табылады. Әлбетте, қазір жұрттың таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істейтіні, кейін жеке тірлігіне қалған уақытты өз талап-талғамына қарай карта ойнап, дәмханада отырып, мағынасыз мылжың әңгімелер тыңдап өлтіретіні ешкімді де таңдандырмайды. Алайда, бұдан да басқа бірдеңелер болатынына ауық-ауық күмәнданып қоятын тұрғындары бар қалалар мен елдер де ұшырасады. Жалпы алғанда, одан олардың өмірі өзгеріп жатқан жоқ. Әйткенмен жылт еткен күмән-күдік бар, оған да құдая тәубә! Ал мынау Оран - керісінше, тегі ешқашан, ештеңеге күмәнданбайтын басы бүтін осы заманғы қала. Сондықтан бізде сүюдің қалай болатынын бақайшақтап жатудың қажеті жоқ. Ерлер мен әйелдер махаббат салты деп бірін-бірі не тым тез жеп бітіреді немесе бірге тұрмыс құрудың ғұрпына бірте-бірте дағдыланады. Бұл екеуінің арасында орта меже жоқ. Өзгеге ұқсамайтын өзіндік салт деп айтуға бұл да келмейді. Барлық жердегідей, жұрт
Оранда да уақыттың тарлығынан, ойлау қабілетінің аздығынан сүйе тұрып, сүйетінін білмейді немесе елемейді.
Оның есесіне мұнда басқа бір мәселенің баламасы жоқ - өлім дегеніңіз біраз қиындықтар туғызады. Айтқандай, қиындық деген құрғақ сөз емес, барып тұрған қолайсыздықтың өзі. Ауру қашанда жаман, бірақ науқастанған кезінде кісіге қолдау көрсетіп отыратын қалалар мен елдер де бар. Оларда жұрт аурудан қорықпайды. Сырқат жан аялауға, біреуді таяныш тұтуға зәру болатыны - табиғи талап. Ал Оранда бәрі-бәрі: ауа райының кіділігі, іскерлік тірліктің кең құлашы, айналаның сұрықсыздығы, қараңғылықтың шапшаң түсуі, тіпті көңіл көтерудің тәсіліне дейін денсаулықтың мықты болуын талап етеді. Онда ауру, шынында да, өзімен-өзі болып жалғыз қалады. Күллі қала телефон арқылы не дәмханада отырып сауда келісімі, тауар тізімі және қарыздардың есеп-қисабы жөнінде әңгімелесуден қолы тимей жатқанда, аптаптан тітіреп тілім-тілім болған қабырғалардың ар жағында аһ ұрып, ажал тұзағында тыпыршып өлім аузында жатқандарда кімнің шаруасы болушы еді. Тіпті өлім деген жері қашанда құрғақ, осы заманғы жағдайы толық мекенде келгеннің өзінде тым қолайсыз тиетінін түсінерсіз.
Осы бір үстірт сипаттамалардың өзі қаламыз туралы бірсыпыра нақты түсінік беруге тиіс деп сенеміз. Айтқандай, ештеңені асырып көрсетудің жөні жоқ. Айрықша атап көрсетерлігі - қаланың көнетоз келбеті, ондағы өмірдің ескі енжар қадамы. Ал қаламыз тың бір дағды қалыптастырса, өмір тақтайдай тегіс арнамен ағылар еді. Демек, оған қаламызда қолайлы жағдай болса, барлығы да жақсылыққа бастайды деп айтуға толық хақымыз бар. Әрине, бұл тұрғыдан өміріміз онша тартымды да емес. Оның есесіне біз тәртіпсіздіктің не екенін білеміз. Біздің әділ, әдемі әрі іскер азаматтарымыз саяхатшылардың заңды құрметін туғызады. Жасыл желегі мен жан шуағы аз, онша әсем де емес қаламыз тынығу кентіне айналып, ақыры ұйқыңды келтіреді. Әділдігіне көшкенде, оның төңірегі ештеңемен де салыстыруға келмейтін көрініске толы екенін айтпай кетуге болмайды. Ол айналасын жалтыраған жоталар қоршаған жалаңаш төбеде, айшықты шығанақта тұр. Бір өкініштісі - шығанаққа жонын беріп тұрғаны, сондықтан да еш жағынан теңіз көрінбей, оны ұдайы іздеп жүргенің.
Жоғарыда айтылғандардан кейін оқырман биылғы көктемде орын алған оқиғалар біздің ағайындарды күтпеген жерден тарпа бас салғанымен келісер деймін. Ал олар ию-қию алапат оқиғалардың жаршысы болғанына көзіміз кейінірек жетті. Осы хамсада да солар жайында баяндалғалы отыр. Кейбіреулерге бүл оқиғалар бастан-аяқ шындық болып көрінсе, енді біреулерге қиял сияқты көрінуі ықтимал. Алайда жылнамашы ондай қайшылықтармен санасуға міндетті де емес. Оның міндеті шынында не болғанын көріп-білсе "осылай да осылай еді" деп баяндап беру ғой. Болған оқиға тұтас халықтың тірлігіне қатысты боп, әңгіменің дұрыстығын іштей бағалайтын мыңдаған куәлар отырса, бұрмалауға кімнің батылы бармақ.
Оның үстіне, есімін біз кейінірек білетін әңгіме айтушы ондай ағаттыққа әсте бармақ емес. Өйткені ол - тағдырдың ырқымен сол оқиғалардың ен ортасында жүріп, баяндауға тиіс нәрселердің бәріне тікелей араласып, жеткілікті айғақтар жинаған жан. Мұның өзі оның тарихшы ретінде сөйлеуіне мүмкіндік берген. Ал тарихшы қанша үстірт шолушы болса да, әрқашан құжаттармен жұмыс істейтіні өз-өзінен түсінікті. Осы тарихты айтушының да құжаттары барына күмән жоқ, ең алдымен, олар: оның жеке айғағы және басқалардың айғақтамасы, өйткені ол қалыптасқан жағдайға орай кейіпкерлердің барлық айтқанын тыңдаған, ақыр аяғында қолына түскен қағаздар бар. Қажет болған жағдайда соларға жүгінеді, қолайына қалай жақса, оларды солай пайдаланады. Сондай-ақ ол... Жарайды, енді құрғақ топшылау мен жартылай пайымдауды қоя тұрып, тікелей әңгіменің өзіне көшейік. Алғашқы күндерді сипаттау айрықша ұқыптылықты, мұқияттылықты талап етеді.
Сәуірдің он алтысы күні ертеңгілік дәрігер Бернар Риэ пәтерінен шыға беріп, баспалдақ алаңында өлі егеуқұйрыққа сүрініп кетті. Оған онша мән бермей бәтеңкесінің тұмсығымен теуіп тастап, баспалдақпен төмен түсті. Алайда көшеге шыққан соң есіне түсті: есігінің алдына егеуқұйрық қайдан кеп жүр? Ол жайында күзетшіге хабарлағалы қайта оралды. Қақпа күзетшісі мсье Мишель мұны мейлінше оғаш оқиға екен деп топшылады. Дәрігерге үйінен өлген егеуқұйрықтың шығуы оғаш көрінсе, күзетші үшін көрінеу көзге масқара боп елестеді. Айтқандай, мсье Мишель бұл үйде егеуқұйрық жоқ деп азарда-безер болып, айтқанынан танбады. Дәрігер егеуқұйрықты екінші қабатта, есік алдынан өз көзіммен көрдім деп сендірсе де, мсье Мишель өз айтқанын жөн деп тұрып алды. Демек, үйде егеуқұйрық жоқ болса, оны біреу қасақана әкеп тастап отыр. Былайынша, біреу қалжыңдаған болды.
Сол күні кешкілік Бернар Риэ өз пәтеріне кірмес бұрын, есік алдында кілт іздеп қалтасын қарап тұрып, кенет дәліздің шеткі қараңғы бұрышынан бүйірімен жылжыған үсті су-су үлкен егеуқұйрықты көрді. Бейне бір қалпын сақтап қалғысы келгендей кеміргіш тоқтай қалды, сосын дәрігерге қарай жылжып қайта тоқтады, одан арқасына аунап түсіп, шиқ етіп еденге құлады және тұмсығынан қан атқып кетті. Дәрігер егеуқұйрыққа қарап сәл тұрды да, үйге кіріп кетті.
Ендігі оның ойлағаны егеуқұйрық емес. Шашыраған қанды елестеткенде ол ойша өз қам-қарекетіне оралды. Зайыбы ауырғалы, міне, табаны күректей бір жыл, ал ертең таудағы санаторийге аттанбақ. Бағана шығарда өтінгені бойынша ол жатынжайда жатыр. Осылай жатып ертеңгі жалықтырар сапарға қамданулы. Ерін көріп жымиып:
— Ал мен өзімді тіптен тамаша сезінемін, - деді ол Дәрігер өзіне бұрылған оның жүзіне көз тоқтатты, оған түнгі шамның жарығы түсіп тұр екен. Отыз жастағы әйелдің бет ажары Риэге уылжыған жас кезіндегідей көрінді. Жымиған күлкісі ауыр науқастың табын да білдірмей жіберген.
― Ұйықтай алсаң ұйықта, - деді дәрігер. - Сағат он бірде аяшы келеді де, екеуіңді он екідегі пойызға апарамын.
Ол ернін әйелінің сәл дымқыл маңдайына тигізді. Келіншек оны бәз баяғы жымиған күлкісімен есікке дейін шығарып салды.
Он жетінші сәуір күні ертеңгілік сағат сегізде қасынан өтіп бара жатқан оны күзетші тоқтатып, бәз бір көксоққан қылжақбастардың дәлізге үш бірдей өлген егеуқұйрық тастап кеткеніне шағынды. Шамасы, олар аса қуатты тәпіге түскен болуы керек, үшеуі де қанжоса. Қаскөй қылжақбастар бәз бір зілді әзілімен көрініс беріп қалар ма екен деген дәмемен күзетші егеуқұйрықты аяғынан салбыратып есік аузында бірер минут тосып еді, онысынан түк те шықпады.
— Жарайды, тұра тұрыңдар, тірі болсам оларды, сөз жоқ, қолға түсіремін, - деп уәде етті мсье Мишель.
Осы оқиғадан күмән алған Риэ аралауды ең бір кедей емделушілер тұратын қотандардан бастауға бел буды. Олардан жуынды-шайынды, күл-қоқысты әдетте қала орталығынан әлдеқайда кеш әкетеді. Шаңы бұрқыраған тік көшемен зырғып келе жатқан автомобиль бүйірімен табанжолдың жиегінде тұрған қалдық салынған жәшіктерді қағып кете жаздады. Дәрігер өзі жүрген көшелердің біреуінен ғана кір шүберектер мен қоқыс арасынан ондаған өліп жатқан егеуқұйрық көрді.
Алғашқы кірген ауруын ол терезесі шолақ көшеге шығатын бөлмеде төсегінен тапты. Оның жатынжайы да, асханасы да - осы тар бөлме. Ауру беті омсырайған тұрпайылау испандық болатын. Алдында көрпенің үстінде бұршақты екі кәстрөл тұр. Дәрігер кіргенде төсегінде тұрып отырған ауру ескілікті демікпесін білдіріп қоятын қырылдақ тынысын басу үшін жастыққа жата кетті. Әйелі леген алып келді.
― Олардың қалай сұлап жатқанын көрдіңіз бе, дәрігер? - деп сұрады шал Риэ укол жасап жатқанда. - Бармайтын, шарламайтын жері жоқ.
— Рас, көршіміз үшеуін ұстап алыпты, - деп оны кемпірі қостап қойды.
Шал қолын уқалады.
― Өріп жүр өздері! Жуынды-шайындының бәрін шарлайды. Бұл ашаршылыққа көрінеді.
Риэ егеуқұйрықтар жайында бүкіл қотан гуілдей бастағанын байқады. Ауруларды аралауын аяқтап үйіне қайтты.
— Сізге жеделхат келді, - деді мсье Мишель.
― Тағы да егеуқұйрық көрген жоқсыз ба, - деп сұрады.
— Е-е, жоқ, - деп жауап қатты күзетші. - Өзіңіз де білесіз ғой, енді көзден қағыс ештеңе де кетпейді. Ешбір жексұрын тұмсық тықпайды.
Жеделхатта ертең Риэнің анасы келетіні хабарланыпты. Ауру келіні жоқта үйді сол ұстайды. Дәрігер пәтеріне кірсе, аяшы күтіп те отыр екен. Зайыбы түрегеп жүр, үстіне қара ағылшын костюмін киген, ептеп боянған сияқты. Оған ері күле қарады.
― Міне, тамаша, - деді ол, - өте жақсы!
Вокзалда оны жұмсақ вагонға жайғастырды. Келіншегі купені шолып өтіп:
— Біз үшін ғой бұл тым қымбат, ә? - деді.
― Олай деме, - деп қайырды Риэ.
— Әлгі егеуқұйрық дегендері не пәле?
― Оны өзім де білмеймін. Жалпы ғаламат, бірақ бәрі де ойдағыдай болады.
Осы арада ол сөзін түйіндеп, жиірек көңіл бөле алмағаны үшін әйелінен кешірім сұрады. Келіншек үндеме деп жалынғандай басын шайқады, сонда да ол ойын аяқтап үлгерді.
— Сен қайтып оралғанда, бәрі де басқаша болады. Бәрін басынан қайта бастаймыз?
― Солай ма? - деп келіншектің көзі жайнап кетті.
— Бастайық.
Ол еріне жон арқасымен бұрылып, терезеге қарсы тұрды. Перронда сапырылысып әбігерленген жолаушылар жүр. Паровоздың тұншыға пысылдаған үні купеге де жетті. Бері қара деп дауыстағанда, бұрылған әйелінің жүзінен дәрігер көз жасын көріп, жылап тұрғанын аңдады.
― Жарамайды, жылама, - деді оны еркелете.
Оның көзінде мөлтілдеген жас әлі тұр, алайда ол жымиып қайта күлді, ерні сәл дірілдеп кетті. Сосын сәл күрсінді.
— Ал бар енді, бәрі де жақсы болады.
Ол келіншегін құшағына қысты да, сыртқа шығып, енді перронда тұрып:
― Өтінемін сенен, өзіңді өзің сақта, - деді. Оның сөзін естімесе де әйелінің жауабы жымиған күлкісі болды.
Вокзал алаңына шыққанда Риэ кішкентай ұлын қолынан жетектеп алған тергеуші Отон мырзаны көрді. Зайырлы адамға ұқсас ұзын бойлы, қара Отон мырза, бір ретте біреулер айтқанындай, жерлеу бюросының шырақшысына да келетін. Ілтипатпен жауап қатып:
— Мадам Отонды қарсы алмақпын, ол менің туғандарымның хал-жағдайын біліп қайтқалы кетіп еді, - деді аз сөзбен.
Паровоз ысқырығы естілді.
― Егеуқұйрық... - деп бастады тергеуші.
Бірақ оған мән бермей Риэ пойыз жаққа аттай түсіп, қайтадан шығар есікке қарай бұрылды.
Осы бір минуттардан оның есінде ұстап қалғаны теміржолшы болды. Ол өлген егеуқұйрықтар салынған жәшікті бүйіріне қысып алып бара жатты.
Сол күні түстен кейін кешкі қабылдау басталғанға дейін Риэ бір жас жігітті қабылдады. Оған ол журналист, ертеңгілік келіп кеткен деп хабарлады. Аты-жөні Раймон Рамбер екен. Орта бойлы, кең иықты, батыл жүзді, ойлы, көгілдір көзді, спортшы үлгісімен тігілген костюм киген жігіт өмірге өкпесі жоқ жанның кейпін танытады. Ол бірден іске кірісті. Ол Париждің бір үлкен газетінен, осындағы арабтардың тұрмыс жағдайы жөнінде дәрігерден сұхбат алғалы келіпті. Түпкілікті халықтың санитарлық жай-күйі туралы да деректер жинамақ ойы бар көрінеді. Риэ жетісіп тұрған жай-күй жоқ екенін айтты. Алайда әңгіме-дүкен құрмас бұрын журналистің шындықты ашып жазуға батылы жетер-жетпесін сұрады.
— Ол айқын жай ғой, - деп жауап берді журналист.
― Менің айтпағым - айыптауыңыздың бұлтақсыз, бүкпесіз болу-болмауы?
— Сөзсіз, бүкпесіз дейсіз бе? Ашығын айтайын - жоқ. Бірақ ондай айыптауларға жеткілікті негіз жоқ шығар деп сенгім келеді.
― Бәлкім, ондай кінә артуға, шынында да, негіз жоқ шығар, - деді Риэ жайлап қана; осы сұрақты қоюдағы жалғыз-ақ мақсаты Рамбердің ештеңені жуып-шаймай куәлік бере алатынын білу еді.
— Мен ештеңені жуып-шайып жеңілдетпейтін куәлікті ғана мойындаймын. Сондықтан да сіздің куәліктеріңізді растайтын қажетті деректер ұстап отырмын.
― Сен-Жюстке лайық тіл ғой, - деп жымиды журналист.
Дауыс ырғағын өзгертпей Риэ:
— Оныңыздан ештеңе түсінбеймін, менікі мынау өмірден әбден қажыған адамның тілі, бірақ қажысам да соған егіліп, қандай болсын әділетсіздік пен келісімпаздыққа қарсы тұрамын.
Рамбер басын ішіне тартып оған қарап қалды.
― Сізді түсіндім ғой деп ойлаймын, - деген сөзді созалақтай айтып, сосын орнынан көтерілді. Дәрігер оны есікке дейін шығарып салды.
— Істің мәніне осылай қарағаныңыз үшін рахмет!
Рамбер баяу ғана иығын қозғап қойды.
― Түсініп тұрмын, мазалағаным үшін кешіріңіз, - деді тағы да.
Дәрігер оның қолын қысып тұрып, кеміргіштер жөнінде елең еткізер бір репортаж жасауға болатынын, қаланың қай жерін қарасаң да өліп жатқан ондаған егеуқұйрық ұшырасатынын айтты.
— Оһо! - деп дауыстап жіберді Рамбер. - Шынында да, қызық екен.
Сағат он жетіде дәрігер ауруларды аралауға қайта шыққалы жатқанда баспалдақтан әлі қартая қоймаған тығыршықтай толық, беті жалпақ, бірақ ашаң, қалың қасы айрықша дараланып тұрған кісіні кездестірді. Дәрігер оны ара-тұра өз подъезінің ең жоғарғы қабатында тұратын испан бишілерінде ұшырататын. Аты-жөні - Жан Тарру. Ол баспалдақта аяғының астында аласұрып жатқан егеуқұйрықтан көз алмай, шылымын құныға сорып тұр. Дәрігерге байсалды, өткір, сұрғылт көзінің жанарын қадап амандасты да, Тарру қайткенмен де мына егеуқұйрықтар шабуылының қызық көрінетінін қоса айтты.
― Иә, - деп келісті Риэ де, - бірақ ақыр соңында бұның өзі жыныңа тиюге айналды.
— Жалпы бұл бір ғана, иә, бір ғана көзқарас тұрғысынан солай, дәрігер. Бар пәле бұрын біз бұндай ештеңе көрмегенімізде болып тұр ғой. Ал мен бұны қызықты, иә-иә, өте қызықты жайт деп білемін.
Тарру алақанымен шашын сипап кері серпіп тастады да, тыпырлауын қойған егеуқұйрыққа қарап, Риэге жымиып қойды.
― Жалпы, бұл енді қақпа күзетшісінің жұмысы, дәрігер.
Дәрігер өздерінің кіреберісінен күзетшіні көрді, ол қабырғаға сүйеніп түр екен, әдетте қызара бөртіп жүретін өңінен шаршау табы сезіледі.
—Иә, білемін, - деп жауап қатты Мишель шал дәрігер жаңадан табылған егеуқұйрықты айтқанда. - Енді олар екеулеп, үшеулеп табылып жатыр. Өзге үйлерде де солай көрінеді.
Уайымдап, күйзелген, қиналған сыңайы бар оның. Шалт қимылмен мойнын сүрткіледі. Дәрігер оның денсаулығын сұрады. Аяқ астынан ауырып қалды деуге келмейді о л
Әйткенмен ұнжырғасы түсіп, берекесі қашқаны анық. Оны іштей жеп жатқан - мына күндердің қам-қарекеті. Түбіне егеуқұйрықтар-ақ жетіп болды, ал олар әлдебір жаққа ауар болса, бұның да бойы сергіп, еңсесі көтеріледі.
Алайда ертеңіне, яғни он сегізінші сәуірде, дәрігер анасын қарсы алып, вокзалдан алып келгенде мсье Мишельдің еңсесі түсіп, бүкшиіп кеткенін байқады: енді баспалдақтармен егеуқұйрықтар ондап өрмелеп, подвалдан шатырға көшіп жатқан секілді. Көрші үйлерде бақтардың бәрі өлі егеуқұйрықтарға толып кеткен. Дәрігердің анасы бұл хабарды ешбір таңданыссыз жайбарақат тыңдады.
― Ондай-ондай болады.
Ол шашын күміс қырау шалған, өткір қара көзді кішкентай ғана әйел екен.
— Сені көргеніме бақыттымын, Бернар, - деді ол қуанышын жасырмай. - Сондықтан бізге ешқандай егеуқұйрық бөгет бола алмайды.
Ұлы басын изеді, расында да, ол бар жерде бәрі дәйім жеңіл боп көрінеді.
Әйткенмен Риэ егеуқұйрықтарды қырумен айналысатын қалалық бюроға телефон шалды, оның директорымен тікелей таныстығы бар-тын. Қисапсыз көп егеуқұйрықтар інінен шығып қырылып жатқанын директордың естіген - естімегенін сұрады. Директор Мерсье бұл туралы естіпті, жағалауға жақын жердегі оның кеңсесінің маңынан жарты жүздей кеміргіштер табылыпты. Жағдайдың қаншалық ушығып бара жатқанын оның да білгісі келетін көрінеді. Риэның бұл мәселені шешілер шамасы жоқ, сондықтан арнаулы кеңсе шаралар қолдануға тиіс деп санайды.
― Әрине, - деп мойындады Мерсье, - шараны тек нұсқау алғаннан кейін ғана қолданамыз. Егер сен еңбектенуге тұрар шаруа деп санасаң, тиісті нұсқау алуға қам жасап көрейін.
— Еңбектенуге бәрі де татиды, - деп жауап берді Риэ.
Олардың бір қызметші әйелі ері жұмыс істейтін ірі зауытта жүздеген өлі егеуқұйрықтардың жинап алынғанын хабарлапты оған.
Шамамен дәл осы мерзімде біздің ағайындар да мазасызданудың белгісін бере бастады. Өйткені он сегізінен бастап күллі зауыттар мен қоймалардан, шынында да, жүздеген егеуқұйрықтардың өлігі табылды. Кейде кеміргіштердің жан ұшырып аласұрғаны ұзаққа созылса, сорлыны қиналтпай қолдан өлтіруге тура келді. Қаланың шетінен бастап ортасына дейін Риэ болған жердің бәрінде, біздің азаматтар шоғырланған маңда, егеуқұйрықтар солардың жиналуын күткендей-ақ, қоқыс жәшіктеріне топырлай толып, суағар жыраларға тізіледі де қалады. Сол күннен бастап іске газеттер кірісіп, муниципалитеттің алдына қарекет-қимыл жасайтын ойларың бар ма, жоқ па деп мәселені бүйірден қойып, өз қарауындағыларды мынау жүрек айнытар жиіркенішті шапқыншылықтан құтқару үшін не шара қолданып жатқанын хабарлауды талап етті. Муниципалитет болса, түк бітіру ойында жоқ, тіпті ешқандай шара қолданбай, жағдайды талқылау үшін басқосумен ғана шектелген-ді. Бар болғаны егеуқұйрықтарды құрту қызметіне кеміргіштердің өлігін жинау жөнінде бұйрық берілді. Сонан кейін кеңсенің екі жүк машинасының екеуі де тышқандардың өлігін жинап, қоқыс күйдіретін стансаға өртеуге апаруға тиіс болды.
Алайда кейінгі күндері жағдай нашарлап кетті. Өлген кеміргіштердің саны күннен-күнге артып, кеңсе қызметкерлері әрбір ертеңгілік сайын өліктен бітік өнім жинайтын болды. Төртінші күні егеуқұйрықтар жарыққа топ-тобымен шығып, топырлап өліп, үйіліп қалды. Сарайлар мен подвалдардан, ұралар мен суағар жыралардан тізіліп тәлтіректей шығып, жарыққа жете беріп адамдарға жақын келіп жантәсілім етіп жатты. Түн баласы шолақ көшелерде, баспалдақ алаңдарында егеуқұйрықтардың өлер алдындағы үзік-үзік шиқылы төбе құйқаны шымырлатады. Ертеңгілік қала түбіндегі елді мекендерде оларды тұмсығы қан жалап, суағар жыраларда үйіліп жатқанынан тапты: біреулері ісініп тұлып боп кетіп, біреулері шіри бастаған, басқалары әбден жаураса да, мұртын тікірейтіп айбат шеккен болады. Тіпті қаланың орталығындағы үйлердің баспалдақ алаңдары мен аулаларда төбе-төбе боп үйіліп жатқан кеміргіштердің өлігі. Ал бірлі-жарымы қазыналық ғимараттардың вестюбильдеріне, мектеп аулаларына, кейбірі тіпті дәмхана террассаларына шығып кетіп, сонда өрем қауыпты. Біздің ағайындар оларды қаланың жұрт ең көп жүретін жерінен көріп таңданды. Кейде ол жексұрындар Зеңбірек алаңында, жағажолдарда, теңіз серуен жайында да өріп кетті. Таң ата қаланы өлімтіктерден аршудай-ақ аршиды, алайда егеуқұйрық өліктері күні бойы жинала - жинала қордаланып қалады. Түнде жүргендердің былқ еткен өлі денені басып шошып, шар ете қалғандары жетерлік. Үйлеріміз тұрғызылған жердің өзі қойнауында қордаланып қалған арамдықтан арылып, ішінен үңгіп жеп жатқан жамандық ісіп-кеуіп кеп, жарадан сыртқа шығып жарылып жатқан іспетті. Күні осы уақытқа дейін ұйқыға бөгіп қалғып жатқан бейбіт қаланың қалай абыржып сасқалақтағанын, осынау бірнеше күннің оны қалай дүр сілкінткенін елестетіп көріңізші. Ол да денсаулығы мығым адамның тамыр-тамырында жайлап ағып жатқан қанның буырқанып таси жөнелгені сияқтанды.
Тіпті жағдай мынаған дейін барды. Құжхабар (хабар, құжаттама және кез келген мәселе жөніндегі анықтама) агенттігі ақысыз хабарларға бөлінген сағаттарда радиотыңдаушыларға тек жиырма бесінші сәуір күні ғана 6231 егеуқұйрық жиналып, өртелді деген мағлұмат берді. Бұл сан күнделікті үйреншікті болып кеткен көріністің мәнін айқара ашып, нәтижесінде жаппай дүрбелеңді үдетіп жіберді. Бұл хабарға дейін жұрт кеміргіштердің шабуылына жиіркенішті бір оқиға ретінде қарап келген еді. Олар бұл құбылыстың қандай қатер әкелетініне енді ғана көз жеткізді. Алайда, онда ол қасіреттің көлемін ешкім анықтап, оның неден туған себебін ешкім түсіндіріп бере алмаған еді. Тек демікпеден тұншыққан испандық шал ғана бұрынғыша қолын уқалап қойып: "Өріп келеді, өріп!", - деп бажылдайды.Жиырма сегізінші сәуір күні Құжхабар агенттігі шамамен 8000 егеуқұйрық өлігі жиналып, қаланы қатты үрей биледі деп хабарлады. Тұрғындар батыл шаралар қолданылуын талап етіп, билік орындарына кінә мен күнәні үйіп-төкті. Жағалаудағы виллалардың кейбір иелері қаладан көшіп, сыртқа шығатын уақыт болды деп қыңқылдай бастады. Бірақ ертеңіне агенттік шапқыншылық аяқ астынан тыйылды, тазарту қызметі санаулы ғана егеуқұйрық өлігін жинады деп хабарлады. Қала "уһ" деп жеңіл тыныс алды.
Әйткенмен сол күні талма түстің кезінде Риэ үй алдында машинаны тоқтатып, өз көшелерінің аяқ тұсынан күзетшіні көзі шалды. Басын салбыратып, ағаш күлдіргі сияқты қолы мен аяғына ие бола алмай, әрең жылжып келеді. Күзетші шалды қолтығынан демеп әрең сүйреп келе жатқан поп екенін Риэ бірден білді. Бұл Панлю атай болатын. Өзі асқан оқымысты әрі пәрменді иезуит. Онымен талай мәрте кездескен Риэ поптың қалада үлкен беделге ие екенін, дінге тіпті енжар қарайтындардың өзі де сыйлайтынын біледі. Мишель шалдың көзі әдеттен тыс жарқылдап, тынысы кеудесінен ышқына, ышқына шығады. Кенет тынысым тарылып ауаға шыққым келді деп баяндай бастады Мишель. Алайда қыдырып жүргенде мойын тұсымнан қатты шаншу қадалып, қолтығым мен шабым шаншып ауыра бастады. Содан қайта бұрылып Панлю атайды үйге апарып салыңыз деп қолқалауға тура келді.
― Сонда сылқ ете қап, үйге жете алмайтын болдым, - деп ақталып жатыр.
Автомобильдің әйнегінен қолын сыртқа шығарып дәрігер саусағымен шалдың мойнын сипалап, бұғана тұсын қарады, ағаштай қап-қатты бір түйнек тапты.
― Барып жатыңыз да ыстығыңызды өлшеңіз, кешке қарай соғармын.
Күзетші кеткеннен кейін Риэ Панлю атайдан кеміргіштер шабуылы туралы сұрады.
— Зайыры, індет басталатын шығар, - деп жауап берді киелі атай, көзілдірігінің дөңгелек әйнектері көлегейлеген көзінен күлкі жылт етті.
Таңертеңгі астан кейін Риэ зайыбының санаторийге келіп жеткенін хабарлаған жеделхатын оқып отыр еді, телефон шыр ете қалды. Телефон соғып тұрған мэрияда қызмет істейтін ескі емделушісі екен. Ол күретамыры тарылудан көптен бері зардап шегіп жүр, тұрмысы да тар, сондықтан Риэ оны ақысыз-пұлсыз емдейді.
― Иә, бұл мен ғой, есіңізде бар шығармын, - деді ол телефоннан. - Бірақ әңгіме қазір мен жайында емес. Тезірек жетіңізші, көршімнің жағдайы онша бол май тұр.
Дауыс үзіліп кетті. Риэ күзетші хақында ойланып, кейінірек кіріп шығармын деп шешті. Бірнеше минуттан кейін ол ішкі қотандардың біріне жетіп, Федерб көшесіндегі аласа үйдің есігін ашты. Дымқыл, сасық баспалдақтың ортасында мэрия қызметкері, өзін қарсы алғалы шыққан Жозеф Гранды көрді. Қушық жауырынды, ұзын, еңкіш, аяқ-қолы жіңішке, шылымнан мұрты сарғайып кеткен ол өзінің елу жасынан әлдеқайда егде көрінеді.
— Қазір сәл тәуір, - деді ол Риэға қарсы адымдап. - Ал мен өліп кетеді ғой деп қорқып едім.
Ол сіңбіріп тастады. Үшінші, ең жоғарғы қабатта сол жақтағы есіктің сыртынан қызыл бормен жазылған: "Кіріңіздер, мен асылып өлдім" деген жазуды көрді Риэ.
Олар үйге енді. Төңкеріліп қалған орындықтың тұсындағы люстрадан жіп салбырап түр, үстел бұрышқа қарай ысырылған. Бірақ тұзақта ешкім жоқ.
― Тұзақтан оны дер кезінде босатып алдым, - деді Гран қажет сөзін қашанда әрең сұрыптап айтатын дағдысымен, қайтсін, сөздік қоры онсыз да кедей жазғанның. - Сыртқа шыққаным сол еді, кенет бір шу келді құлағыма. Ал жазуды көргенде жай бір ойын -қалжың шығар деп ойлағанмын. Қайта кірсем, шын асылып, қырылдап түтігіп барады...
Осыны айтып ол желкесін қасыды.
— Меніңше, асылу дегенің мейлінше азапты болу керек. Қалай қарап тұрасың, түсінікті ғой...
Есікті серпе итеріп олар жарық, жиһазы жұтаңдау жатынжайдан бір-ақ шықты. Жез бүршікті кереуетте жуантық тапал жатыр. Ауыр тыныстап, кіргендерге ісіңкі көзін аударды. Дәрігер табалдырықта тұрып қалды. Оған екі тыныстың арасындағы үзілісте бәсең, егеуқұйрық шиқылы естілетіндей елестеді. Бірақ бөлме бұрыштарында тіміскіленген ештеңе көрінбеді. Риэ кереуетке жақындап келді. Шамасы, жігіт онша биіктен құламаса керек, омыртқалары аман. Белгілі ғой, ептеп тынысы тарылатыны бар. Айнаға түсіріп алса, артық болмас еді. Дәрігер аурудың тамағына камфора шашып, бірнеше күннен кейін бәрі қалпына келеді деді.
― Рақмет, дәрігер! - деп міңгірледі ауру.
Риэ Граннан полиция комиссарына хабарлап па едің деп сұрағанда, анау қипақтап бетіне алақтай қарады.
— Жоқ, жоқ-а! - деді ол - Мен, ең мәндісі...
― Сіздікі дұрыс, онда мен хабарлайын, - деді Риэ.
Ауру осы арада қозғалақтап, мазасыздана басын көтеріп, кереуетінде отырып, өзін қазір жақсы сезінетінін, бұл туралы ешкімге ештеңе хабарламауды сұрап жалынды.
— Тынышталыңыз деді Риэ. - Маған сенсеңіз, бұның бәрі түк емес, алайда мен мұндай оқиғаларды хабарлап отыруға міндеттімін.
― Оһ, - деп күрсінді ауру.
Сосын жастығына аунап түсіп, тісін шықырлатты. Үнсіз мұртын шымшып тұрған Гран төсекке жақындап кеп:
— Жә-жә, мсье Коттар, - деді. - Сіз өзіңіз түсінуіңіз керек. Өйткені дәрігер мұндай нәрсенің бәріне жауап береді. Ал сіздің басыңызға осындай тағы бірдеңе келсе қайтеміз...
Алайда Коттар кемсеңдеп, енді келмейді, әншейін бір сәттік қана есті алған ызаның ұшқыны бұл, оның бар тілейтіні ешкім мазасын алмай тынышына қалдыру ғана. Риэ дәрі жазып берді.
― Жарайды, - деді. - Бұл жайында хабарламай-ақ қояйық. Екі-үш күннен кейін кіріп шығамын. Тек байқаңыз, тағы бір ессіздік жасап жүрмегейсіз.
Баспалдақ алаңына шыққан соң Риэ болған оқиғаны хабарлауға тиістімін, алайда комиссардан тергеуді екі күннен кейін баста деп өтінермін.
— Түнде оған байқас болу керек еді. Отбасы бар ма өзінің?
― Жалпы, өз басым, оның ешкімін білмеймін, бірақ өзім сырттай бақылап жүрейін, - деп басын шайқады ол. - Анығын айтсам, оны өзім де онша жақсы білмеймін. Дегенмен бір-бірімізге көмектесуіміз керек қой.
Дәлізден өтіп бара жатып Риэ бұрышқа кілт бұрыла қарап, Горннан егеуқұйрықтар бұл қотанда тегіс жойылып бітті ме деп сұрады. Шенеунік бүл жайында мандытып ештеңе айта алмады. Рас, егеуқұйрықтардың қаптап кеткені туралы біреулер айтқан, бірақ бұл көршілердің өсек-аяңына әсте мән бермейді.
― Менің өз шаруам өзімде, - деді ол
Риэ асығыс қоштасып оның қолын қысты. Әйеліне хат жазуы керек, оның алдында күзетшіге кіріп шығып көңілін білу тағы тұр.
Кешке шығатын газеттерді таратушылар кеміргіштер шабуылының жолы қырқылды деп айқайлап жар салып жүр. Алайда ол күзетшінің тар бөлмесінің табалдырығын аттай бере қарияның кереуеттен салбырай түсіп, ішін ұстап, жуынды шелекке басын қойып қызыл, қышқыл запыран құсып жатқанын көрді. Қатты лоқсып зорланып құсудан діңкесі құрыған ол әрең демалып, кереуетіне қайта жатты. Ыстығы көтеріліп 39,5 градусқа барыпты, тамақ безі мен буындары бағанағыдан да күштірек ісіп, бүйірінде екі қара дақ пайда болыпты. Енді ол бүкіл іші-бауыры сыздап алып кетіп бара жатқанына шағынды.
―Күйдіріп барады, оһ, қалай қатты күйдіреді оңбаған! - деп кіжініп қояды.
Әдеттен тыс қоңыр түсті ерні әрең қимылдап бірдеңелерді міңгірлеген болады ол Әлсін-әлі тыпыршып дәрігерге шаян көзін аударады. Тым төзгісіз бас ауруынан көзіне жас құйылады. Әйелі тас болып үндемей тұрған Риэға жаутаңдайды.
—Дәрігер, бұған мұнша не боп қалды? - деп сұрады.
―Бәрі де болуы мүмкін. Әзір нақты ештеңе айтуға болмайды. Кешке дейін тамақтан тартына тұрыңыздар. Іш жүргізетін дәрі беру керек. Сұйықты көбірек ішсін.
Айтса айтқандай, күзетшіні ұдайы шөл қысып азапқа салып жатыр еді.
Үйіне оралған соң Риэ өзінің әріптесі, қаладағы ең беделді дәрігерлердің бірі Ришарға телефон шалды.
— Жоқ, соңғы кезде әдеттен тыс айрықша жағдайды мен байқамадым, - деді Ришар.
― Ыстығы тым көтеріліп, сандырақтауға дейін барған жағдай да кездескен жоқ па?
— Аһ, иә, без жүйелері қатты қабынған бірер жағдай кездесті-ау деймін.
― Мөлшерден тым жоғары ма қабынуы?
— А-ал, мөлшер, білесіз ғой... - деп күмілжіді Ришар.
Қалай десең олай де, кешке қарай күзетшінің ыстығы
40 градусқа көтеріліп, ол сандырақтап, қайдағы бір егеуқұйрықтарды айтып, шағына бастады. Риэ оның ісігін өлетіндерге ем қолдануға бел буды. Терпентиннің күйдіргенін сезген аурудың "Ой, оңбағандар!" деп жан дауысы шықты.
Без жүйелері бұрынғысынан да күшті ісініп, сипағанда ағаштай қап-қатты болып көрінді. Ауру әйелінің мүлдем есі шықты.
― Қасынан кетпеңіз, - деп кеңес берді дәрігер. - Қажет боп қалсам, мені шақырыңыз.
Келесі күні, отызыншы сәуірде, дымқыл көгілжім аспаннан кәдімгі көктемдегідей жылы жел есті. Ол шалғай жатқан қала шетінен гүлдердің жұпар иісін алып келді. Таңғы шу әдеттегіден айқынырақ, көңілдірек естілді. Ауыртпалығы бір апта бойы еңсені езген уайымның бұлдыр сағымын серпіп тастаған шағын қаламыз үшін бұл күн нағыз көктемнің туған күні болды. Келіншегінен көңілді хат алған Риэнің өзі де төмендегі күзетшіге жаны желпініп, серпіліп түсті. Шынында да, таңға қарай шалдың ыстығы 38 градусқа түсіпті. Ауру басын жастықтан көтермей әлсіз жымиды.
—Жағдайы түзеліп, тәуірленіп келе ме, дәрігер? - деп сұрады оның жұбайы.
― Әлі де аз-кем күте тұралық.
Алайда түске қарай ыстығы бірден 40 градусқа жетіп, ауру дамылсыз сандырақтап, құсуын жиілетті. Мойын бездері қол тигізбей ауырып, күзетші өз денесінен аулақ ұстағысы келгендей басын сілки берді. Әйелі төсектің аяқ жағына жайғасып, көрпенің сыртынан аурудың аяғын ұстап, дәрігерге үнсіз қарап қояды.
Мәселе былай, - деді Риэ. - Бұны бөлек жатқызып, арнаулы емдеу курсын жүргізу керек. Мен госпитальға телефон соғайын, сосын "жедел жәрдем" көлігімен сонда апарып саламыз.
Екі сағаттай уақыт өткенде дәрігер мен аурудың әйелі "жедел жәрдем" машинасында шалға үңіліп отырды. Ұшық шығып дүрдиіп ісіп кеткен еріндерінен "Егеуқұйрық! Егеуқұйрықтар!" деген сөздер үздік-создық шықты. Жүзі жасыл тартып, ерні балауызға ұқсап, қабағы қорғасынмен қаптағандай сұрланып, екі иінінен үзік-үзік әрең дем алып, ісінген бездері керіп тастағандай серіппелі төсектің бұрышына ығысып, ол аударылып астына түскісі келгендей тыпыршыды. Көзге көрінбейтін бір зіл батпанның астында тұншығып жер қойнына талып жеткен бәзбір үнді естігендей оны тынымсыз шақырып қырылдап жатыр. Әйелі жылап отыр.
—Демек, енді үміт жоқ қой, дәрігер?
― Ол өтіп те кетті, - деді Риэ ізінше аурудың демі үзілгенін көріп.
Былайша айтқанда, күзетшінің ажалы аранын ашқан қатердің алғашқы кезеңіне нүкте қойып, бұдан да қиын күндердің басталатынынан белгі бергендей болып, алғашқы таңданыс бірте-бірте үрейге ұласты. Бұрын біздің қалашық тапайдың тал түсінде егеуқұйрықтар қырылып, күзетшілер күмәнды бір сырқаттан қаза табатын орын болады деген ой азаматтарымыздың қаперіне кіріп шықпаушы еді, оған енді көздері жетті. Осы көзқарас тұрғысынан біз адасып келген екенбіз. Сондықтан дүние туралы түсінігімізді дереу қайта қарауға тура келді. Егер, мәселе осымен шектелсе, дағды бел алып кетер еді. Алайда күзетшілер мен кедейлер ғана емес, біздің көбімізге бірінші соқпақты мсье Мишель салған жаққа аттануға тура келді. Міне, сол уақыттан бастап, қорқыныш шаң беріп, оған уайым-қайғы қосылды.
Одан арғы оқиғаларды бастан-аяқ баяндауға кіріспей тұрып, әңгімені осы кезеңге қатысты басқа бір куәгердің ой-тұжырымын алға тартқысы келеді. Оқырман осы баяндаудың бас жағынан таныс Жан Тарру төтенше оқиғалардан бірнеше апта бұрын Оранға табан тіреп, қала орталығындағы ең үлкен мейманханалардың бірінде тұрып жатқан-ды. Жүріп-тұруына қарағанда, ол кедей емес, өз табысына тәп-тәуір өмір сүре алатын адам. Қала оған бірте-бірте үйренгенімен, оның қайдан келгенін, неге мұнда тұратынын білген пенде жоқ. Оны қоғамдық орындардың бәрінде қарсы алады. Көктемнің алғашқы күндерінен-ақ оны жағажайдан жиі көруге болатын еді. Ол суға сүңгіп, жүзіп керемет рақаттанатын. Миығынан күлкі кетпейтін ақжарқын жігіт жан-тәнімен қызық-думанға берілгенімен де, ешқашан олардың құлы болған емес... Шынында оның бір дағдысы -қаламызда баршылық испан бишілері мен музыканттарына ынтыға баруы.
Қалай дегенмен де оның қойын дәптері осынау қиын кезеңнің оқиғаларынан да хабардар етеді. Алайда, шынтуайтын айтқанда, біз бұдан өзгеше бір хабарларға тап боламыз. Шамасы, автор біле тұра бәрі үшін кешірім өтінуді алдына мақсат етіп қойған тәрізді. Бір қарағанда, Тарру бүкіл жұртты, күллі затты дүрбінің екінші жағымен қарап көргісі келген секілденеді. Жаппай дүрбелеңнің ортасында ол шын мәнінде жалпы жоқ тарихтың шежірешісі болуға талпынғандай. Әрине, ондай шәлкес пікір үшін өкініш білдіріп, жанының қасаңдығына ренжуге болады. Дегенмен, оның жазбалары сол кезеңнің деректерін өзіндік мәні бар көптеген қосалқы мағлұматпен толықтыра алатыны күмәнсыз. Олардың өзіндік сарыны қарекеттен қолы тимей жүрген кейіпкер туралы атүсті пікір айтуға жол бермейді.
Жан Таррудың алғашқы жазбалары оның Оранға келген мерзіміне қатысты. Әу бастан-ақ автордың мынадай ұсқынсыз қалаға тап болғанына есі шыға қуанғаны сезіледі. Одан біз мэрияның алдын көркейтіп тұрған екі қола арыстанның сипаттамасын толық табамыз. Жасыл желектің жоқтығы, ғимараттардың ұсқынсыздығы, қаланың қалай болса солай жобаланғаны туралы жанашырлық ескертпелер де бар. Бүл ескертпелерді Тарру трамвайлар мен көшелерде естіген әңгімелермен кезектестіріп отырады. Және автор кез келген түсініктемеден іргесін аулақ салады. Оған Кан туралы әңгіме ғана жатпайды, оның өзі де кейін қосылса керек.
— Сен Канды білуші ме едің? - деп сұрады бірінші.
― Қай Канды? Қара мұрты бар ұзынды ма?
— Соның өзін. Ол жол бақылаушы болып та істеген.
― Әрине, білемін.
— Ендеше сол қайтыс болыпты.
— Ә, қашан?
― Әлгі, анау егеуқұйрық оқиғасынан кейін.
— Қарай гөр! Оған не болып қалыпты?
― Білмеймін, безгек болған дейді. Жалпы оның денсаулығы нашар болатын Жарасы жарылып қолтығының астынан ағып жүретін. Зады, сол ақыры алып тынған ғой.
— Ал өңіне қарағанда, жұрттың бәрінен еш айырмасы жоқ сияқты еді.
― Жоқ, оның көкірегі нашар болатын, соған қарамай үрмелі аспаптар оркестрде ойнайтын да. Ал біле білсең корнет-а-пистонда үрлеп ойнау зиянды.
— Әрине, - деп тұжырымды екінші. - Денсаулығы нашар кісіге корнетте ысқырудың еш қажеті жоқ.
Осы жайттарды таразылап екшей келіп Тарру Канның өз мүддесіне нұқсан келтіре отырып неліктен үрмелі оркестрге кіргені туралы толғанып, жексенбілік салтанаттарға қатысудың күмәнды ләззаты үшін өз өмірін қатерге тігуіне не себеп болғанын ойлап, бас қатырады.
Одан әрі Тарру өз терезесінің тура қарсы алдындағы балконда құдайдың құтты күні дерлік қайталанатын бір көріністің жағымды эсер еткенін атап көрсетеді. Оның бөлмесі қабырғалардан қиылып түскен көлеңкеде мысықтар жайбарақат қалғып жататын шолақ көшеге қарайтын. Күн сайын түскі астан кейін аптаптан титықтаған қала жартылай ұйқыға енген шақта Тарру терезесінің қарсы алдындағы балконға бір шал шығады. Ақ шашын мұқият тараған, үстінде әскери үлгіде тігілген костюмі бар, өзін солдатша қатал әрі тік ұстайтын шал "кис-кис" деп еркелете дауыстап, мысықтарды шақырады. Мысықтар орнынан қозғалмай жатып оған ұйқыдан ағарып кеткен көздерін көтереді. Сол сәт қария қолындағы бір парақ қағазды ұсақтап жыртып, төменге себелейді. Ал мысықтар болса, қалбалақтаған көбелектер ғой деп қызығып, іргеге жүгіріп кеп батылсыздау көтеріліп аяқтарын созады. Сонда шал құшырлана шырт еткізіп мысықтарға қарай түкіреді. Зәуде бір түкірігі оларға тиетін болса, қарқылдап кеп күледі.
Ақыр соңында біздің Тарруды тегі қаланың саудалы бейнесі әбден баурап алса керек -өйткені бұндағы тіршіліктің өзі, тіпті бар рақат, сауда-саттықтың қажетіне бағындырылған ғой. Осынау ерекшелік (дәл осындай мәтінді біз оның жазбаларынан табамыз) автордың қошеметіне ие болып, мадақ жазбаларының бірі тіпті мынандай сөздермен аяқталады: "Міне, қандай керемет!" Тек осы жазбаларында ғана жеке көңіл күйі шаң береді. Әйтпесе бұл естеліктердің мәні мен маңызын толық бағалай қою қиын. Мейманхана кассирінің өлген егеуқұйрықты көріп, шоттан қате жібергені туралы оқиғаны сипаттай келіп Тарру әдеттегіден айқындығы сәл пәстеу қаріптермен мынаны қосады: "Сұрақ: уақытты зая жібермеуге қалай қол жеткізуге болады? Жауап: уақытты ұзына бойында сезіне білу керек. Амалдары: тіс дәрігерінің қабылдауындағы күнді қатты орындықта өткізу; жексенбіде түскі астан кейін балконда отыру; өзіңе түсініксіз тілде баяндамалар тыңдау; ең ұзақ, ең қолайсыз теміржол сапарын таңдау, әлбетте пойыздарда түрегеп; театр кассалары алдындағы кезектерде сандалтылып, ешбір спектакльге билет алмау, т.т.с.с". Ал ой-пікірмен жазу мәнерінің осыншалық жүйткуінен кейін қойын дәптерінде қала трамвайларының, вагон түрлерінің толық сипаттамалары жосылып, олардың өңсіз қоңыр түске боялып, ылғи кір-қожалақ болып көрінетіні аталып: "Бұл назар аудартады!" деген ой-түйінмен аяқталады, одан басқа ештеңе айтып мандытпайды.
Айтпақшы, Таррудың қойын дәптерінде егеуқұйрықтар оқиғасы жөнінде ескертпе бар, соны келтірейік."Бүгін қарсыда тұратын қарияның қабағы қарс жабылып кеткен. Маңайда бір мысық жоқ. Көшелерде жүздеп қылжиып жатқан егеуқұйрықтарды көріп жүрегі айныған олар желге ұшқандай шынында да ізім-ғайым. Меніңше, мысықтар өлген егеуқұйрықты жалпы жемейді. Айтқандай, менің мысықтарым оның иісін иіскеп тұра қашқан-ды. Қалай дегенмен де, олар подвалда жүруге тиіс, содан да шалымыздың көңілі пәс, қабағы қатыңқы. Шашын да бұрынғыдай сылап тарамай, ұнжырғасы бірден түсіп кеткен. Көңілі келмейтіні сезіліп-ақ тұр. Балконда аз тұрды да бөлмесіне кіріп кетті. Кетіп бара жатып айдалаға бір түкірді.
Мейманханамыздағы түнгі күзетші, былайынша сенімге әбден лайық кісі, егеуқұйрықтар шабуылынан сан алуан қасіретке толы жамандық күткенін айтты. "Егеуқұйрық кемені тастап қашса, бір пәленің болары анық. Мен "кемеге келгенде бүл күмән дұрыс та шығар, ал қалаға қатысты әлі дәлелденбеген күдік" деп қарсы уәж айттым. Бірақ оны сендіре алмадым. Оның пікірінше, қазір бізге қандай қатер төніп тұрғанын сұрадым. Ол өзі де білмейді, бірақ бәлені алдын ала болжап білу мүмкін емес қой дейді. Алайда жер сілкініп зілзала болса, онда тұрған таңданарлық ештеңе жоқ. Бүл да мүмкін деп оның болжамына келіскен едім, ондай болашақ оқиға үрейіңізді ұшырмай ма деп сұрады.
― Мен үшін ең маңыздысы - іштей тыныштық сақтап, үрейге бой алдырмау, - дедім мен.
Ал күзетші мені тамаша түсінді.
Қонақүйіміздің мейрамханасында есте қалар бір отбасын әлденеше рет ұшыраттым. Әкесі биік, арық, крахмалданған тар жағасына өрме қара галстук таққан кісі. Төбе тұсы жалтырап, құлағының үстінде екі шоқ ақ шаш жалбырап тұрады. Көзі кішкентай, дөп-дөңгелек әрі өткір, мұрны нәзік, аузы әдеттен тыс үлкен, езуі құлағына жетеді дейтіндей-ақ. Осының өзі оның тәрбиелі үкіге ұқсастығын тереңдете түседі. Келген сайын ол мейрамхананың есігін ашып, босағаға жабыса қалып, қара тышқан тәрізді кішкентай әйелін өткізіп, сосын өзі кіреді, сосын цирк иттері сияқты ширатылған ұлы мен қызы келе жатады.
Әйелі жайғасып болғанша үстелдің қасында түрегеп тұрып, соңынан отырады, содан соң екі күшігі орындыққа жармасып жатады. Әйелі мен балаларына ол "сіз" деп сөйлейді. Өз сыңарын қағытып, сөзбен шымшып отырады, ал балаларына өктем үнмен тіл қатады:
— Николь, бері қойғанда сізге қараудың өзі ыңғайсыз.
Қыз бала көз жасына ерік беруге сәл отыр. Ал ұлға керегінің өзі де осы.
Бүгін ертеңгілік ұлы бір орында байыз тауып отыра алмады, өйткені оған егеуқұйрық оқиғасы маза бермей қойды. Ішіне сыймаған соң шыдамай әңгіме бастай беріп еді, әкесі тыйып тастады:
― Ac үстінде егеуқұйрық жайында айтпас болар, Филипп. Сіздің "егеуқұйрық" деген сөзді ауызға алуыңызға осыдан бастап мәңгі тыйым саламын.
― Әкеңіздің айтқаны өте дұрыс, - деп қостай жөнелді қара тышқан.
Екі күшігінің екеуі де паштет салынған тәрелкеге бас қойған, өзі болса басын изеп, әйеліне алғыс сезімін білдірді, алайда бүл ишаратты әрқалай топшылауға болатын еді.
Күллі қала қазір егеуқұйрық туралы гу-гу етеді, былайынша бүл еліктеуге тұратын да өнеге. Тіпті бүл іске газеттердің өзі араласып кетті. Қалалық хабар бөлімі әдетте әртүрлі материалдар құраумен отырушы еді, енді муниципалитетке қарсы табанды науқан жүргізуге кірісті. "Қала басшылары көшелерде іріп-шіріп сасып жатқан кеміргіштердің қандай қатер туғызатынын көз алдына елестете ме екен?" дейді. Мейманхана директоры осы егеуқұйрықтардан өзге сөзге баспайтын болды. Аузына одан өзге сөз түспейтінінің де реті бар, іргелі саналатын мейманхананың лифтінен егеуқұйрықтың қалай табылғанына миы жетпей-ақ қойды. Оны сабасына түсіргелі: "Бар жерде де егеуқұйрықтар өріп жүр ғой" дедім.
— Айттым ғой, - деп өрекпіді ол - Міне, енді солардың бірі біз болдық.
― Қалада қобалжу туғызған қайдағы бір безгектің алғашқы көрінісі туралы маған айтып жүрген өзі. Оның да қызметші әйелдерінің бірі ауырып қалыпты.
— Ал аурудың жұқпалы емесі айқын, - деп дәлелдеуге асыққаны және бар.
Маған мұның бәрібір дегенмін.
― О, түсінікті, мсье де мен сияқты фаталист екен ғой.
— Олай дерлік ештеңе айтқан жоқ едім, жалпы мен тағдырға құлдық ұратын фаталист емеспін. - Солай деп оған ашық айттым.
Сол күннен бастап Таррудың қойын дәптерінде көпшілікті қобалжытып үлгерген тылсым безгек туралы мәліметтер мүмкін қадерінше толығырақ беріле бастайды. Егеуқұйрықтар ғайып болғаннан кейін мысықтар қайтып оралып, нысаналы түкірігін төзімділікпен жалғап жетілдіре түскен қария туралы жазбаларынан кейін Тарру әдетте ақыры өлімге соқтыратын әлгі безгектің тағы да ондаған оқиғасын келтіреді.
Таррудың бірнеше жолға сыйғызып сипаттаған Риэ дәрігердің бейнесі де құжаттық тұрғыдан құнды. Бағасын әңгімешінің өзі бере алатын болған соң, бүл кескіндеме дұрыс шықса керек.
"Сырт пішініне қарағанда, жасы отыздарда. Орта бойлы. Кең иықты. Көзі қара, тіке қарайды, бет сүйегі шығыңқы. Мұрны кесек, бітімі дұрыс. Шашы қара, қысқарақ етіп қиылған. Аузы айқын айшықталған, еріндері дүрдіңкі, ұдайы дерлік жымқыра жұмып жүреді. Ептеп сицилиялық шаруаға ұқсайды - солар сияқты тотыққан, түгі қара-көк. Оның үстіне қара киім киіп жүреді және онысы өзіне жарасады.
Жүрісі шапшаң. Көшеден өткенде қадамын бәсеңдетпейді. Өткен сайын қарсы беттегі табан жолға ытқып шығады. Мәшинені сасқалақтап жүргізеді, қажет жағына бұрылғанның өзінде бұрылыс шамын жағуды жиі ұмытады. Ұдайы қалпақсыз жүреді. Жан-жақты хабардар адамның нышаны бар".
Тарру келтірген сандар ақиқатқа толық сай келеді. басқа-басқа, ал доктор Риэ оны жақсы біледі. Күзетшінің мәйітін оңашалайтын орынға апарып салғаннан кейін Риэ шап безінің ісігі жөнінде ақылдасқалы Ришарға телефон соқты.
― Өзім ештеңеге де түсінбеймін, - деп мойындады Ришар. - Менде де екі кісі өлді, бірі екі тәуліктен кейін, екіншісі үшінші күні. Ал мен оған ертеңгілік кіріп шыққанмын, жағдайы недәуір жақсарған сияқты көрінген.
— Мұндай жағдайлар кездессе, мені құлағдар етіп отырыңыздар, - деп өтінді Риэ.
Ол тағы басқа дәрігерлерге де телефон соқты. Жүргізген сауалнаманың нәтижесінде соңғы бірнеше күннің ішінде осындай аурулардың шамамен он оқиғасы байқалған. Олардың бәрі дерлік өлімге апарып соққан. Риэ Оран дәрігерлер қоғамының хатшысы Ришарға қайта телефон шалып, жаңадан ауырғандардың дереу оңашалануын талап етті.
― Менің қолымнан не келеді? - деді Ришар. - Бұл арада қаланың билік орындары шара қолдануы керек. Бұл ауру жұқпалы дегенді сіз қайдан шығарып жүрсіз.
— Қайдан шығарушы едім! Әншейін нышандары тым алаңдатарлық.
Бұл мәселеде "білігім шамалы" деп мәлімдеді Ришар. Оның қолынан бар келетіні -префектпен әңгімелесіп көру.
Келіссөздер жүріп жатқанда ауа райы бұзылды. Күзетші қайтыс болған күннің ертеңіне аспанды қалың тұман торлады. Қалаға өткінші нөсер жауын құйып берді. Бүл төтен нөсер нажағай алдындағы аптап ыстыққа ұласты. Тіпті теңіздің өзі көгілдір күңгірт түсінен айырылып, сұрғылт аспанның астында күмістей, дәлірек айтқанда, құрыштай жарқылдап көз қаймықтырды. Биылғы көктемдегі ылғалды ыстықпен салыстырғанда жазғы аптап жылап көріскендей екен. Жатаған төбелерде ұлуға ұқсап жатқан, тек теңізге ғана беті ашық қаланы мұңға толы тылсым тымырсық басты. Алба-жұлба қабырғалардың ұбақ-шұбақ қатары арасына қысылған жұрт жарнамаларын шаң басқан көшелерде, сатпақ сары трамвайларда өздерін осынау түнерген аспанның тұтқыны сияқты сезінді. Жалғыз ғана Риэ дәрігердің емделушісі бір шал мына күндері демікпесінен айықты.
― Күн күйдіріп тұр, - деді қария. - Көкірек үшін ең пайдалысы осындай ауа райы екен.
Шынында да, күн күйдіріп, күйдіріп қана емес, безгектей безілдетіп өртеп тұр. Бүкіл қала безгектей күйіп-жанып жатқан секілді. Коттардың өзіне-өзі қол салуын тергеу ісіне қатысу үшін Федерб көшесіне аттанған сол күні дәрігер ) дәл сондай әсерде болды. Алайда ол табан аузында өз ойын ерсі деп білді. Оны жүйкесінің жұқарғанша, мойнына түскен ауыртпалықтың молдығына сайып, өзін-өзі қолға алып, ақыл-ойын бір арнаға келтіру керек екен деп түйді.
Федерб көшесіне ол полиция комиссарынан бұрын жетті. Гран баспалдақта күтіп тұр екен. Екеуі оның бөлмесіне кіріп тоса тұруға, алаңға шығар есікті ашық тастауға келісті. Мэрия қызметкері жұпыны ғана жиһаздалған екі бөлмелі пәтерде тұрады екен. Көзге түсетіні -екі-үш сөздік қойылған сырланбаған ағаш сөре мен қабырғадағы грифель тақтасы. Одан жартылай өшірілген "гүлденген саяжолдар" деген сөзді оқуға болады. Гранттың айтуынша, Коттар түнді тыныш өткізіпті. Ал таңертең қайдағы бір бас ауруын айтып, бәзбір дәрменсіз адамдай көрініпті оған. Гранның өзі де шаршаңқы көрінді, күйгелектеніп бөлмеде ерсілі-қарсылы адымдап, үстел үстінде жатқан жазулы қағаздарға толы жуан папкасын қайта-қайта ашып-жабады.
Бөлмені кезе жүріп ол дәрігерге шын мәнінде Коттарды білмейтінін, бірақ жинаған азын-аулақ байлығы барын сезетінін айтты. Жалпы Коттар қызық жан. Көптен қатар тұрып жатыр, бірақ кездескенде тек бас изесіп қана амандасатын.
— Іс жүзінде мен онымен небәрі екі-ақ рет сөйлестім. Біраз күн бұрын баспалдақ алаңында бор салынған қорапшаны түсіріп алдым. Ішінде қызыл және көк борлар болатын. Тура сол кезде үйінен Коттар шығып борды жинауға жәрдемдесті. Түрлі-түсті борлар не үшін керек деп сұрады және ол Гран оған жадымда латын тілін қайта қалпына келтірмек едім деп жауап беріпті. Латын тілін ол лицейде оқыған екен, қазір біраз ұмытыңқыраған көрінеді.
― Айтпақшы, латын тілін білу француз сөздерінің мағынасына терең бойлауға көмектеседі деп сендірді мені, - деді дәрігерге қарата айтып.
Тақтаға ол бірнеше латын сөзін жазады. Ережеге сай септелетін және жіктелетін сөздердің астын көк бормен жазып, ал өзгермейтіндерін қызыл бормен даралайды.
— Коттардың мені түсінген-түсінбегенін білмеймін, сырттай қарағанда, ынта қойған сияқты. Өйткені қызыл бор сұрап алды. Әрине, онысына таңдандым, алайда не болса о болсын... Ол бордың ойлаған жымысқы ойын жүзеге асыру үшін қажет болғанын мен қайдан білейін.
Риэ екінші рет кездескенде әңгіме не жайында болды деп сұрады. Алайда сол сәт хатшысын ертіп полиция комиссары келіп қалды да, алдымен Гранның куәлігін тыңдауға тілек білдірді. Дәрігер Гран Коттар туралы айтқанда оны "ашынған адам" дегенін ішке бүгіп қойды. Ол тіпті "қатерлі шешім" деген сөз де қолданды. Сөз өзіне өзі қол жұмсаудың себебі туралы болып отыр, сондықтан Гран сөз іріктеуде жауаптылық танытты. Ақыр аяғында ақылдаса отырып: "Ашыналық сипаттағы ашыну" деген қисындама тапты. Комиссар Коттардың әрекетінде "оның шешімі" дегенді алдын ала көріп-білуге болатын бірдеңе бар-жоғын білгісі келетінін айтты.
― Кеше ол есігімді қағып сіріңке сұрады, - деді Гран. - Мен оған бір қорабын бердім. Ол мазалағаны үшін кешірім сұрады, бірақ көрші тұрған соң... Сосын сіріңкені қазір әкеп беремін деп сендіре бастады. Жарайды, өзіңде қалсын дедім мен.
Комиссар Граннан Коттардың мінез-құлқында оғаш ештеңе байқалмап па еді деп сұрады.
— Маған бір-ақ нәрсе оғаш көрінді - ол оның менімен сөйлескісі кеп қайта-қайта ыңғай танытқаны. Ал маған ештеңеге қарайламай жұмыс істеу керек болды.
Гран Риэге жалт қарап қибыжықтап:
― Өз жұмысым ғой, - деді.
Комиссар ауруды көрмек ниет білдіріп еді, Риэ бұл кездесуге Коттарды алдын ала әзірлеп алғаны жөн болар деп шешті. Ол бөлмеге кіргенде Коттар сұр фланель пижамамен төсегінде басын көтеріп есік жаққа қобалжи қарады.
— Полиция ма, ә?
― Иә, - деп жауап қатты Риэ, - бірақ қобалжудың қажеті жоқ. Жай ғана бірер сұрақ береді де жайыңызға қалдырады.
Алайда Коттар қарсылық айтып, мұндай әуре-сарсаңның түк қажеті жоқ еді, ең бастысы полицияның бетін көргім келмейді деді. Риэ шыдамсыз қылықты тыйған жоқ.
— Мен де оны ұнатпаймын. Бірақ бұл істі мүмкін қадерінше тез тындыру керек, сондықтан сұрақтарына тез әрі дәл жауап беріңіз.
Коттар үндемей қалды да, Риэ есікке беттеді. Алайда ауру оны шақырып алып, қасына келгенде қолынан шап етіп ұстап:
— Дәрігер, айтыңызшы, ауруды немесе асылып өлгісі келген адамды олардың алып кетпейтіні рас па? - деп сұрады.
Риэ бір сәт Коттарға қарай қап, сосын алып кету туралы сөз болуы мүмкін емес екенін, өзі емделушісінің мүддесін қорғау үшін әдейі келгенін айтты. Шамасы, ауру сабасына түсті деген тұста Риэ комиссарды шақырды.
Коттарға Гранның куәлігін оқып беріп, өз қылығының себеп-салдарын нақтылай түсіне алар ма екен деп сұрады. Комиссарға қарамай "ашыналық сипаттағы ашыну" деп өте жақсы айтылған екен деді. Коттар өз әрекетін тағы да қайталауға тырыспас па екен деп сұрады. Ол енді ондай қадамға аттап баспайтынына сендіріп, тек өзін жайына қалдыруды өтінді.
— Ескертіп қоюға мәулет етіңіз, - деді шамданып қалған комиссар, - дәл мына жағдайда жұртты жайына қалдырмай мазасын алып жүрген мына сіздің тап өзіңіз.
Риэ оған аңдатпай қолын сілтеді де, комиссар сөзін кілт үзді.
― Жоқ-ау деймін, тек зер салып ойлаңыздаршы, - деп күрсінді баспалдақ алаңына шыққан соң комиссар, - біздің қам-қарекетіміз бен әбігер-шуымыз мына безгек деген бәлеге байланысты онсыз да кеңірдегімізден келеді...
Дәрігерден ол жағдай шынымен көңіл аударарлық па деп білгісі келіп еді, Риэ нақтысын өзім де білмеймін деді.
— Бұл арада ең бастысы ауа райы болып тұр ғой, бар пәле сонда, - деп түйді комиссар.
Әлбетте, бәріне кінәлы ауа райы еді. Күн барған сайын ысып, ұстаған затың қолыңа жабысып қалатын сияқты. Риэ болса, ауруларды аралап, әрқайсысын қараған сайын өзінің қиындықтан құтқарылатынына сенімі беки түсті. Кешкісін ол қала шетінен бір-ақ шығып, демікпесі бар қарт емделушісінің көршісіне кірді. Кірсе, ауру шабын басып сандырақтап, толассыз құсумен азаптанып жатыр екен. Қабынған без жүйелері одан бетер ісіп, күзетшінікінен де асып кеткен. Бір сыздауық әбден пісіп тырсиып, шіріген жемістей дәрігердің көзінше жарылып кетті. Үйіне оралысымен Риэ департаменттің дәрі-дәрмек қоймасына телефон шалды. Оның дәрігерлік ескертпе-естеліктерінде сол күні "Жауап теріс болып шықты" деген жалғыз-ақ жазу бар. Ал оны сондай сырқатқа шалдыққан басқа ауруларға шақырып жатты. Сыздауықтарды ашып көрудің қажет екені айқын болды. Қандауырмен айқыш-ұйқыш екі тіліп жібергенде сары су аралас қанды ірің бұрқ ете қалады. Ауру қансырап, керіп тастағандай сілейіп жатады. Қарнына, аяқтарына теңбіл-теңбіл дақ түседі. Сыздауықтан қанды ірің сарқылғанда орны долырып қайта ісіп шыға келеді. Көп жағдайда бұндай аурулар сұмдық иістеніп, сасып-бықсып өледі.
Егеуқұйрық оқиғасын мейлі білгенше айбақтатып, айқайлатып жазған газеттер қазір аузына су толтырып алғандай тырс етіп үндемейді. Ол түсінікті де: егеуқұйрықтар көшеде қырылып еді, кісілер үйінде өліп жатыр. Ал газеттер болса көшені ғана жазады. Алайда префектура мен муниципалитет ойланайын деді. Әрбір дәрігер өз тәжірибесінде жұмбақ аурудың екі-үш оқиғасына тап болмағанша, ешкім саусағын да қимылдатпаған. Біреуінің қарапайым ғана есеп жүргізуі мұң екен, алынған нәтиже барлығын естен тандырды. Бірнеше күннің ішінде кісі өлімі үдеп кетті де, осынау тылсым сырқатты ұшыратқандарға мәселе нағыз індет туралы екені айқын болды. Дәл осы күндері қарт дәрігер Кастель өз әріптесі Риэге әңгімелескелі кірді.
— Риэ, мұның не екенін білетін боларсыз деп ойлаймын, - деп бастады карт дәрігер.
― Талдау нәтижелерін күткім келеді.
— Мен онсыз да білемін. Талдау дегенің маған қашанда қажет болмайтын. Қытайда көп жыл жұмыс істедім, оған дейін жиырма жыл бұрын Парижде біраз жағдайды өз көзіммен көріп бақыладым. Тек ол кезде бүл ауруды өз атымен атауға батпағанбыз. Қоғамдық пікір дегеніміз қасиеттің қасиеттісі ғой, үрей туғызбау керек болған. Оның үстіне бір дәрігердің: "Бұл миға кірмейді, батыста ол ауру толық жойылғаны баршаға белгілі" дегені бар. Ол аурудан опат болғандардан басқаның бәрі білуін білді. Сіз де бұны менен кем білмейсіз.
Риэ ойға батып үндемеді. Кабинет терезесінен жағалау жартастарының шалғайдан шығанаққа кеп сұғынатын тас тармақтары көрініп тұр. Аспан көгілдір болғанымен мұнарды жарып көмескі бір жарқыл білінеді, бұл күн кешкіріп келе жатқанының нышаны.
― Иә, Кастель, дегенмен де сенгің келмейді, - деп қалды ол, - әйткенмен барлық жағдайға қарағанда, бұл - оба. Кастель көтеріліп есікке қарай беттеді.
— Бізге не деп жауап беретінін өзіңіз де білесіз, - деді қарт дәрігер. - "Ауа райы қалыпты елдерде ол бағзыда-ақ жойылған" дейді.
― Ал шын мәнінде "жойылған" дегеннің өзі не? - деп иығын қиқаң еткізді Риэ.
— Иә, жойылғанын елестетіп көріңіз. Және Парижде жиырма жылдай ғана бұрын жойылғанын ұмытпаңыз...
― Жарайды, бізде де бәрі сондағыдай сәтті өтетініне сенейік. Әйткенмен сене алмайсың, сене алмайсың.
"Оба" деген сөз ауызға алғаш рет алынды. Дәрігер Риэні өз кабинеті терезесінің алдында қалдыра тұрып, оқырман алдындағы тебіреніс пен дәрігердің таңданысын ақтау үшін өзімізге сәл шегініс жасауға мұрсат берейік. Ал дәрігердің таңданысы, оның алғашқы әсері сәл-пәл өзгешелігін айтпағанда, біздің азаматтардың көпшілігі бастан кешкендей болды. Табиғи апат шын мәнінде әдеттегі нәрсе ғой, бірақ соның өзіне әрең сенесің, тіпті өз басыңа түскенде де иланғың келмейді. Әлемде әр кезде оба болған, әр кезде соғыс болған. Алайда оба да, соғыс та жұртты әдеттегідей тұтқиылдан басқан. Біздің барша ағайындар секілді дәрігер Риэні де оба ойламаған жерден аңдаусызда бас салды, сондықтан оның толқып жалтақтауын түсінуге тырысайық. Сондай-ақ оның дегбірсіздіктен үміттенуге ауысып неліктен үндемегенін де ұғынуға ұмтылған ләзім. Әдетте соғыс бұрқ ете қалғанда жұрт: "Ал бұл ұзаққа созылмасқа тиіс, созылуы қисынсыз" деп өзін өзі жұбатады. Асылы, соғыс дегенің, шынында да, қисынсыз нәрсе, сондықтан да оның созылуына жол бермейді. Жалпы қисынсыздықтың өзі ақымақтық қой, ал ол мейлінше берік келеді, ұдайы қарақан басыңды ғана ойламасаң, оны аңғару қиын екен. Бұл тұрғыдан біздің азаматтар өзін бүкіл жұрт сияқты ұстады - өздері туралы ғана ойлады, яғни бүл жөнінен гуманист болып, құдайдың қаһарына сенді. Табиғи апат адам ойының өлшеміне сыймайды, сондықтан да ол бақытсыздық болып саналады, ол өтер де кетер үрейлі түс сияқты ғайыптан пайда болады. Бірақ түс таусылмайды, бір үрейлі түстен кейін екіншісін көріп жүріп адамның өзі таусылады. Ең алдымен, гуманист аталатын ақкөшек аңқаулар кетеді, өйткені олар сақтық шараларын елемейді. Бұл ретте де біздің ағайындар басқа жұрттан артық кінәлы болған жоқ, тек қарадан қарап жүріп қарапайымдықты ұмытып, өздері үшін бәрі мүмкін деп топшылап, табиғи апаттың боларына сенбеді. Бұрынғысынша шаруасын шаруалап, саяхаттарға әзірленіп, төл пікірлерін шыңдап жатты. Бір деммен болашақты жоққа шығарып, сапарларды ысырып, дау-дамайды тыйып тастайтын обаға қалай сенсін?! Олар өздерін азат, еркін санады, ал апат бар жерде ешкім ешқашан азат бола алмайды.
Тіпті дәрігер Риэнің өзі досы Кастельге қаланың әр бөлегінде оншақты ауру обадан опат болғанның өзінде де оған қатер шындық болып сезілмегенін мойындаған жоқ па!
Егер дәрігер болсаң, сенде қайғы-қасірет туралы белгілі бір ұғым қалыптасады да, сол сенің қиялыңды қамшылайды. Терезеден ешбір өзгермеген өз қаласына қарап тұрып дәрігердің қауіп-қатер аталатын келешекке жеңіл жиіркенішпен қарай қоюы неғайбіл Ол мынау ауру туралы мәліметтердің бәрін ойша бір арнаға саюға тырысты. Жадына іркес-тіркес сандар қалқып шығып, ол іштей тарихқа шамамен отыз шақты үлкен обаның белгілі екенін, олардың миллион адамның өмірін үзгенін қайталап тұрды. Ал жүз миллион өлі жан деген не? Соғысты кеше жүріп, бір өлі жанның не екенін әрең елестетесің. Өлген адам оны өлі күйінде көрінгендіктен ғана көз алдыңда мәнге ие боп салмақ алып кетсе, онда адамзат тарихының он бойында шашырап жатқан жүз миллион мәйіт, шынтуайттап келгенде, қиялыңды көлегейлеп тұрған түтін ғана. Дәрігер, Прокопийдің дәлдеуінше, Константинопольдегі оба күн сайын он мың адамның өмірін қиғанын еске алды. Он мың өлі жан бұл ірі кинотеатрдың көрермендерінен, былайынша, бес есе көп. Былай да жасауға болатын еді. Бес кинотеатрдан шыққан адамды шыққан бетінде қалалық алаңға алып кеп, бәрін бірден өлтірсе, сол сұрықсыз тобырдан таныс жүздерді ажыратуға болар-болмасын айқын елестете алар ма едің. Бірақ бұл жүзеге аспас далбаса жоба, он мың адамның түр-түсін кім танымақ! Оның үстіне Прокопий сияқты кісілердің санай білмегені белгілі. Жетпіс жыл бұрын Кантонда апат адамдарға аумай тұрып алдымен қырық мың егеуқұйрық сеспей қатты. Сондай-ақ 1871 жылы да егеуқұйрықтарды санаудың мүмкіндігі болмады.
Үйіліп жатқан жерінен жуық мәнінде санаған болды, әрине, қате кеткені сөзсіз. Айтқандай-ақ, бір егеуқұйрықтың ұзындығы отыз сантиметр болса, бір қатарға тізген жүз қырық мың өлі егеуқұйрық қанша жерге созылатынын есептей беріңіз...
Алайда дәрігердің шыдамы сыр берді. Ол өзіне өзі ерікті көбірек беріп жіберіпті, бұлай етуге әсте болмайтын еді. Бірнеше өлім бүл әлі індет емес, бірақ қажетті шаралар қолдануға жетіп жатыр. Белгілі жайларды, мәселен, меңзеңдік, селқостық, көздің қызаруы, ерінге ұшық шығу, бас ауруы, шап безінің шошынуы, өлердей шөлдеу, сандырақтау, дененің теңбілденуі, іштің бұрауы сияқты көрнеу мәлім нышандарды назарда ұстау керек еді, ақыр соңында... Ал ақыр соңында дәрігер Риэ оқулықта ауру нышандарын тізумен тәмамдалатын сөз тіркесін ойша есіне алды: "Тамыр жіптей жіңішкеріп, ең бір елеусіз қозғалыстың соңы өлімге әкеп соғады". Иә, айтты-айтпады, бәріміз де қыл үстінде тұрмыз. Жұрттың төрттен үші әлгіндей болмашы қимыл жасаса мұрттай ұшқалы тұр.
Дәрігер терезеден әлі көз алар емес. Әйнектің ар жағында көктемгі ашық аспан, бер жағында бөлмеде әлі басылмаған жалғыз-ақ сөз: "Оба". Бұл сөзде ғылым сабақтағысы келген мән-мағына ғана емес, сары-сұрқай қаламыздың еті үйренбеген таңданарлық көріністердің шұбыртпалы шоғыры да жатыр еді. Бұл сәт қаламыз, шынында да, ызы-шумен жаны кіріп өзін бақытты сезінгендей де, бірақ бақыт пен қайғы қатар жүрмей ме. Осынау бейбіт, бәріне де енжар қарайтын тыныштық қайғы-қасірет, бәле-құлағанның белгілі көріністерін баяғыда-ақ сызып тастағандай. Олар арасында оба жайлап, құстары тастап кеткен Афины, үн-түнсіз өлгендерге лықа толған қытай қалалары, қаны сорғалаған мәйіттерді орға лақтырып жатқан Марсель каторгашылары, обаның адуын дауылына тосқауыл болуға тиіс ұлы Вансаль қабырғасының құрылысы, жексұрын қайыршылары жол бермейтін Яффа, Константинополь лазаретінің жер еденінде жалбырап жатқан шіріген, дымқыл төсеніштер, қармақпен сүйрелген обаға шалдыққандар, Қаралы оба тұсында бетперде киген дәрігерлердің карнавалы, Милан молаларындағы тірілерге қойылған белгі, үрей баураған Лондондағы өліктерге арналған көліктері, адам өксігімен күңіренген күндер мен түндер, тағы басқа жан түршігерлік көріністер бар-тын. Тіпті осылардың бәрін жинағанның өзінде бүгінгі күннің тыныштығына нұқсан келтіре алмас еді. Терезенің ар жағынан көзге көрінбейтін трамвайдың тарсылы естіліп, қатыгездік пен күйзелісті ысырып тастады. Шахмат тақтасы сынды күңгірт ғимараттардың ар жағындағы теңіз ғана мынау ештеңеге елеңдемейтін әлемде дамыл-тыныштықты білмейтін де бірдеңе бар екенін паш еткендей. Дәрігер Риэ шығанаққа қарап тұрып Лукреций айтқан оттарды еске алды. "Аурудан шошынған афиналықтар теңіз жағасына от жақты" деуші еді ғой ол Түнде оған өлген адамдардың мәйітін апаратын, бірақ жағалау жетіспей, от басынан орын алу үшін тірілер төбелесіп, бір-біріне шала ала жүгірді. Өзіне қымбат адамның мәйітін тағдырдың тәлкегіне тастамас үшін олар қанды шайқасқа да әзір болатын...
Судың тыныш күңгірт айдынына таяу оттардың қызыл жалынын, қараңғылықты айғыздаған шырақтар жарқылын, түнере төнген түнгі аспанға тік шаншылған ащы түтіннің улы шудасын көз алдыңа келтіру қиынға түспейтін. Көз алдыңа келгенде дір етпей және қалмайсың...
Алайда ойды жаншар осы көріністің бәрі ақыл болжамының алдында тас-талқан болды. "Оба" деген сөз әбден дұрыс айтылған, ол ауызға алынған сәтте тағдыр қамшысы ысқырып, екі құрбандықты бір сілтегеннен қағып түсті. Ал не тұрыс бар - оны тоқтату әлі кеш емес. Ең бастысы - ұғынылғанның өзін айқын ұғып, тұлдырсыз елестерді аулақ қуып, тиісті шаралар қолдану. Сонда ғана оба ауыздықталады; тегі адам баласы обаны елестете алмайды, елестетсе де дұрыс ұғынбайды. Егер ол тоқтаса, тоқтауы әбден мүмкін, бәрі орнына келеді. Келмеген жағдайда жұрт оба деген не, онымен әуелі орайласар, сосын аластар амал бар ма екен - соны біледі.
Дәрігер терезені ашты, бөлмеге қаланың шуы лап қойды. Көрші шеберханадан механикалық араның бір сарынды ызыңы жетті. Риэ дүр сілкінді. Иә, адам баласына батылдық беретін осы күнделікті еңбек. Қалғанының бәрі қыл үстінде болмашы қимылға тәуелді боп тұрады. Оған жармаса алмайсың. Ең бастысы - өз ісіңді ойдағыдай етіп жақсы атқару.
Жозеф Гран келді деп баян еткенде дәрігер Риэ, міне, осылар жайында ойлап тұр еді. Гран мэрияда шенеунік болып қызмет атқарса да, әр алуан шаруамен шұғылданады, жеке орындаушы ретінде оған ара-тқра статистикалық кесте құрау жүктелетіні де бар. Мәселен, қазір ол кісі өлімі туралы есеп алып жүр. Тыңғылықты адам ретінде дәрігерге өз есебінің көшірмесін беріп тұрады.
Гранмен бірге оның көршісі Коттар да келді. Шенеунік табалдырықтан аттамай жатып қағазын бұлғады.
— Есеп өсіп барады, дәрігер, - деп хабарлады ол - Соңғы қырық сегіз сағатта он бір өлім.
Риэ Коттармен амандасып, оның көңіл күйін сұрады. Гран осында келуге Коттардың өзі өтінгенін, дәрігерге алғыс айтып, әуреге салғаны үшін кешірім сұрамақ екенін жеткізді. Риэ болса, тізімді алып алған еді.
― И-иә, - деді ол даусын созып, - бәлкім, ауруды нағыз өз атымен атайтын уақыт болған да шығар. Осыған дейін созып келдік. Менімен еріп жүріңізші, зертханаға бас сұғайық.
— Дұрыс, дұрыс, - деп қайталады Гран баспалдақпен төмен түсіп келе жатып. - Әр затты өз атымен атау қажет. Ал мынау ауруды қалай ата дейсіз?
― Әзір оны атай алмаймын, әйткенмен одан сізге келіп-кетер ештеңе жоқ.
— Міне, көрдіңіз бе, - деп жымиды Гран. - Бұл онша оңай шаруа емес.
Олар Зеңбірек алаңына беттеді. Коттар тас болып үндемеді. Көшелерде халықтың төбесі көріне бастады. Ымырт тез үйіріліп, түн қараңғылығына орын беріп, заңғар аспанда алғашқы жұлдыздар жылтырады. Біздің өлкедегі іңір қашанда осылай. Бірнеше секундтан кейін көше шамдары жарқ ете қалып, күллі аспанды қара перде тұмшалап, дауыстар қаттырақ шықты.
— Кешіріңіз, мен трамваймен барамын, - деді Гран Зеңбірек алаңының бұрышына жеткенде. - Кеш дегенің мен үшін қасиетті. Біз туған жерде "Бүгінгі істі ешқашан ертеңге қалдырма..." деген сөз бар.
Риэ Монтелимар тумасы Гранның сөйлегенде келсін-келмесін жергілікті сөздерді қыстырып қалуға құмарлығын бұрын да әлденеше байқаған. Ол және барлық жерде бар "баурап алар ауа райы", "ертегідей жарық" деген сияқты сөз тіркестерін ұдайы қосып отыруға тырысады.
― Дұрыс, - деді Коттар, - түстен кейін оны үйден сүйреп шығара алмайсың.
Риэ Граннан кешкілік мэрия үшін жұмыс істейсіз бе деп сұрады. Гран жоқ, өзім үшін ғана істеймін деп жауап берді.
— Ә-ә, - деді даусын созып Риэ, әйтеуір бірдеңе айтып қалу үшін ғана сөйлеп, - қалай, жұмысыңыз жақсы жүріп жатыр ма?
― Мен қызмет істегелі қанша жыл, демек жұмыс жүреді ғой... Әйткенмен, басқа жағынан алып қарағанда, ауыз толтырып айтарлықтай табыс байқалмайды...
— Ал, шынтуайттап келгенде немен шұғылданасыз? - деп сұрады дәрігер кідіріп.
Гран әлде бірдеңелерді түсініксіздеу міңгірлеп, дөңгелек қалпағын арбиған құлағын бастыра киді... Риэ әңгіме бәзбір жеке басылық өзін өзі жетілдіру жайында екенін топшылады. Гран болса қоштасып, Марана бульварындағы фикус ағаштарының саясында жорғалай басып жөнелді. Зертхана есігі аузында Коттар дәрігерге тағы да бір кездесіп, ақыл сұрауға өте құмар екенін айтты. Қалтасында жатқан кестені күйгелектене жетектеп Риэ оны бүрсігүні қабылдауына келуге шақырды да, қателескенін табанда байқап, бүрсігүні олардың қотанында болатынын, сонда кешке қарай өзі кіріп шығатынын айтты.
Коттардан ажырағаннан кейін Риэ өзінің бағанадан бері Гран жөнінде ғана ойлап келе жатқанын елестетті. Әрине, қазіргідей емес, бұдан әлдеқайда қатерлі, тарихқа енген алапат індеттің бірі дейік. Бірақ ол "оба да аяйтын адамдардың" тегінен тәрізді. Осы арада Риэнің есіне әлдебір жерден оқығаны түсті. Кей болжамға қарағанда, оба күйкі жанды кісілерді аяп, ең алдымен, алып тұлғалы, қуат-күші мол адамдарды қағып түсіреді екен. Осы ойын өрбіте келіп ол қай жағынан алып қарағанда да, Гран өзіндік кішкентай құпиясы бар кісі сияқтанып көрінді.
Бір қарағанда, Жозеф Гран - орнына лайық ұсақ қызметкер. Ұзын бойлы, сидаң арық, костюмі қолпылдап жүретін кісі. Зайыры көбірек киіс береді деп қашанда бір өлшем артық алатын болса керек. Астыңғы иегінде бірнеше тісі сақталыпты, ал үстіңгі жағында біреу де қалмаған. Күлген кезде үстіңгі ерні мұрнының астына сүңгіп кетіп, ауыз орнында үңірейіп қара жыра ғана қалады. Егер бұл кескіндемеге семинаристің жүрісі, қабырға бойлап сырғанап отырып есіктен бір-ақ шығатын ешкімде жоқ өнері, подвал мен темекі түтінінің ескі иісі және күйкі пенденің күллі мінез-құлқы қосылса, мұндай адамды жазу үстелінің басында қалалық монша-кір жуу мекемесі үшін тариф тексеріп немесе жас іс жүргізуші үшін баяндамаға кір-қоқыс пен жуынды-шайынды шығарудың жаңа ақысына қатысты материалдар әзірлеп беруден басқаға қимайсың. Тіпті асыра сілтеу табиғатында жоқ бақылаушының өзі оның күшіне алпыс екі франк отыз сантим жалақы алып, мэридің штаттан тыс қызметшісі ретінде қарапайым ғана, бірақ өте-мөте пайдалы жұмыс атқару үшін жарық дүниеге келген жан екенін байқар еді.
Шынында дәл осындай анықтама, Гранның өз сөзіне қарағанда, оның жеке ісіндегі "біліктілігі" деген бағанда тұр. Бұдан жиырма екі жыл бұрын қаржысы жоқтықтан диплом ала алмай, оқудан шығып қалғанда осы қызметті қанағат тұтқан. Сонда қызметке ала тұрып, оған аттестация да қыр астында емес екенін ескерткендері бар. Қаламыздың әкімшілігі алдында туып қалар кейбір шетін мәселелерде өз біліктілігін жуық арада көрсетпесе және қиын. Содан кейін оны, сөз жоқ, іс жүргізушіге дейін өсетініне, оның өзі тәп-тәуір өмір сүруіне мүмкіндік беретініне сендірді. Демек, оны мансапқорлық о бастан-ақ еліктірмегенін ол мұңая отырып күле баяндайды. Әйткенмен оны алаңсыз да адал өмір сүру қатты қызықтырғаны анық, ал ондай тұрмыс сүйікті ісіне адал ар-ұжданымен кірісуіне жағдай жасайды емес пе. Осы қызметке ол ең бір ізгі ниетпен келіскен болса, онда ол бәз-бір мұрат үшін еңбек етіп жүр деп айтуға болатын тәрізді.
Міне, осы сипаттама Риэ байқап көрген Гранымыздың төрт құбыласын түгел ашып, айқын көрсетеді. Оның көптен ойластырып жүрген баянхатын жазуына, жағдайға байланысты басқа да қадамдарға баруына бөгет болып жүрген - осы қасиеттері. Оның өзі айтқанына сенсең, "құқық" деген сөзді қолдануға қабілетсізбін деп сезінеді өзін, өйткені оған сенімі жоқ. Сондай-ақ "уәде" деген сөзден де қарадай қорқады, оны ауызға алу өзіне қосымша міндет арқалап, кеуде қағу сияқты көрінеді, ал ол қатардағы қызметте жүрген қарапайым адамға келіспейді. Екінші жағынан ол "тілектестік", "қадірлестік", "өтініш айту" деген сөздерден ат-тонын ала қашады, себебі олар кісілігіне нұқсан келтіретін көрінеді. Міне, сондықтан да ол дәл орнын таппай шашы ағарғанша ең бір болмашы міндеттер атқарумен жүр. Айтқандай, дәрігер Риэге өзі хабарлағанындай, материалдық тұрғыдан Гранның өмірі алаңсыз сияқты. Әрине, ақшасының молдығынан емес, тұрмысын негізінен табысына орайластыра білгендігінен. Сонысымен ол біздің мэріміз, Оранның ірі өнеркәсіп алпауыты аузынан тастамайтын қанатты сөздің әділдігін растайды. Мэр сөйлегенде, ақыр аяғында (көбіне осы "ақыр аяғында" дегенге барлық ой-толғамын тоқайластырып, ерекше екпін түсіре айтатын), яғни ақыр аяғында біреудің аштан өлгенін көрген емеспін деп жұлқынатын. Қалай дегенмен де, Жозеф Гран кешкен тақуалық тұрмыс ақыр аяғында үйреніп алса, ешкімді де аштан өлтіріп, көштен қалдырмайды, басқаға алаңдатпайды да. Ол осыған қолданар сөздің баламасын іздеп әуре.
Турасын айталық, белгілі бір жағдайда оның өмірі өнеге болуға да лайық. Ол біздің қалада, тіпті одан тыс жерлерде де сирек кездесетін өзінің игі сезіміне өлердей берілген адамдар санатына жатады. Дәрігерге өзі жайында айтқан азғантай мағлұматтың өзі-ақ оның мейірбандығы мен ізгі жандылығының куәсі, ал ол жөнінде ашық айтуға екінің бірі бүгінде бата бермейді. Ол жиендері мен әпкесін жақсы көретінін еш қысылмай-ақ айтты. Туғандарынан жалғыз ғана тірі жүрген әпкесін көріп қайту үшін Францияға екі жылда бір барады екен. Жас шағында айрылған ата-аналарын еске алу жанын әлі күнге ауыртатынын ол жасырған жоқ. Олардың қотанында күн сайын сағат бесте қағылатын бір қоңыраудың айрықша сүйкімді естілетінін де мойындап отыр. Алайда осы қарапайым сезімді жеткізерлік сөзді іздеп ол керемет азапқа түседі. Сөйтіп, сөз іріктеу жөніндегі азапты еңбек ақыр аяғында оның ең басты қам-қарекетіне айналып кеткен. "Шіркін-ай, өз ойымды жеткізуді қашан үйренер екенмін, дәрігер!" деп ағынан ақтарылады және Риэмен кездескен сайын осы сөзін қайталайды.
Сол кеште ұзап бара жатқан Гранның сыртынан қарап тұрып Риэ "шенеунік кітап немесе сол сияқты бірдеңе жазып жүрген шығар, ойын жеткізер сөз іздеп қиналатыны сонан болар деп" шешті. Жол бойы қашан зертханаға жеткенше ол осы ойынан арыла алмады. Ол мұның оғаш екенін де білді, бірақ қалада оба орнығып, апаттың көзіне айналды дегенге сенгісі келмеді. Шенеуніктері әлгіндей игі әуестікті кие тұтатын қаланы ондай жамандыққа әсте қимайды. Анығырақ айтқанда, әлгіндей әуестікті ол қандай орынға қоярын білмей, бұдан оба деген пәле біздің азаматтар арасында тайраңдамасқа тиіс деген түйін жасады. Ертеңіне көпшілікке орынсыз көрінген керемет табандылық танытып, дәрігер Риэ префектурадан санитарлық комиссия шақыруға келісім алды.
― Айтып айтпай не керек, тұрғындар қобалжулы, - деді Ришар. - Ең жаманы өсек-аяң мен өсіре айту болып түр. Префект жеке өзіме: "Қажет болса, қане, тезірек қимылдайық, тек шу шықпасын", деді.
Айтқандай, ол осының бәрі жалған үрей екеніне сенімді.
Риэ өз машинасымен Кастельді префектураға дейін әкеліп салды.
— Департаментте дертке қарсы егетін дәрінің жоқ екені сізге мәлім бе? - деп сұрады қария.
― Мәлім. Қоймаға телефон шалғанмын. Директоры аспаннан түскендей. Ондай дәріні Парижден жаздырып алуға тура келеді.
— Әуре-сарсаң болмайтынына сендірсе екен тек.
― Мен телефон соғып та қойдым, - деді Риэ. Префект комиссия мүшелерін жылы ұшырай қарсы алғанымен, күйгелектенуден ада емес-ті.
― Іске кірісейік, мырзалар, - деді ол. - Қалыптасқан жағдайдан қысқаша қорытынды жасауыма бола ма?
Ришар бұны артық деп санады. Дәрігерлерге қаладағы жағдай онсыз да белгілі. Бәрінен бұрын қандай шаралар қолдану керегін өзің анықтап алуың керек.
— Бәрінен бұрын, - деп Кастель қария Ришардың сөзін өрескел бұзды, - бәрінен бұрын өзің бұл оба ма, жоқ па - соны анықтап алуың керек.
Дәрігерлердің бірі таңырқап таңдайын тақ еткізді. Қалғандары әрі-сәрі. Префект болса орнынан ыршып тұрып, мынау оғаш хабар дәлізге шығып кетпеді ме екен деп шошып есік жаққа қарады. Ришар үрейге бой алдырмау керек деп мәлімдеді, оның пікірінше, қазіргі әңгіме безгек туралы ғана, рас, шап бездерінің шошуы асқынған жағдай бар - қазіргі кезеңде бар айтарымыз осы ғана, ал алыпқашты болжам, өмірдегі сияқты, ғылымда да қауіпті. Кастель қарт никотиннен сарғайып кеткен мұртының сапарын тістелеп, жарқын жанарын Риэге аударды. Сосын мейірлі де, пейілді көзқараспен қатысушыларды шолып өтіп, бұл міне, тұп-тура обаңның өзі. Ал егер бұл жәйтті ресми мойындайтын болсақ, аса қатал шаралар қолдануға тура келеді. Шын мәнінде бұл қадірлі әріптестерін үрейлендіретінін біледі, олай болса, оларды мазасыздандырмау үшін оба емес дей салуына да болады емес пе. Бірақ істің мүддесі бұған барғызбайды. Префект тыпыршып орындығында отыра алмай, барлық жағдайда да бұл тұжырым дұрыс емес деп қызарақтады.
Маңыздысы - дұрыс не бұрыс деген емес, маңыздысы - мұның ойлануға мәжбүр еткені.
Риэ үндемей отырғандықтан өз пікірін білдіруін өтінді.
― Сөз сүзек сипаты бар безгек туралы болып отыр. Ауру шап безінің шошынуымен, дамылсыз запыран құсумен астасып асқынып барады. Мен ісікті тіліп, талдау жасатып едім, зертхана табылған микробты обанікі болу керек деген болжам жасады. Алайда әділдік үшін айта кету керек, табылған микробтың оба микробының классикалық сипаттамасынан белгілі ауытқулары бар.
— Дәл осы жағдай дәрігерлерді сақтандыруы керек, - деп атап көрсетті Ришар, сондықтан талдаулар легінің қорытындысын күту керек, бір игіліктісі олар бірнеше күн бойы жасалып жатыр.
— Микроб үш тәуліктің ішінде көк бауырды төрт есе ұлғайтуға қабілетті болса, одан шажырқай бездері қабынып, іші ботқа тектес затқа толы апельсиннің көлеміне жетсе, менімше, бұл арада екіұдайлыққа орын жоқ, - деп сәл кідірістен соң сөз бастады Риэ. -Жұқпалы дерттің ошағы ұлғайған үстіне ұлғайып барады. Осыншалық жайылған ауруды тоқтатпаса, екі айға да жеткізбей, жарты қаланы жусатып кетеді. Демек, мәселе бұл ауруды оба я безгек атауда емес, атауында тұрған ештеңе жоқ, мәселе оның жарым қаланы қырып кетуіне бөгет қоюда.
Ришар бұл пікірге қарсы шықты, түймедейді түйедей етудің қажеті жоқ, аурудың жұқпалы екені әлі белгісіз, аурулардың жақындары мен туыстары аман жүр деді.
― Ал аурулар өліп жатыр ғой, - деп уәж айтты Риэ. - Әлбетте, дерттің жұғу қатері шексіз шама емес. Әйтпесе ауру алапат шапшаңдықпен ұлғайып, күллі тұрғындарды қас қаққанша баудай түсірер еді. Түймедейді түйедей етпеу керек деген дұрыс. Бірақ тиісті шаралар да қабылдау қажет.
Ришар жарыссөзді қорытындылағысы келіп, жиналысқа қатысушыларға егер індет өршуін өзі тоқтатпаса, онда таралуының жолын қырқуға болады, заңда белгіленген алдын алу, сауықтыру шараларын қатаң жүргіземіз деді. Мұны жасау үшін соз оба жайында болып отырғанын ресми мойындау керек. Ал оған әзір толық сенім болмағандықтан ойлану керек, тағы да ойлану керек.
— Мәселе заңмен белгіленген шаралардың қатаң болу, болмауында емес, - деп қарсылық білдірді Риэ. - Мәселе мынада - қаланың жартысын ажалдан құтқару үшін қатал шараларға бару қажет пе, жоқ па? Қалғанының бәр-бәрі әкімшіліктің шаруасы. Заңдарымызда мұндай мәселелерді шешу префектілерге жүктелгені тегін емес.
― Ол даусыз, - деп растады префект,- бірақ бұл үшін сөз оба індеті жайында деп ресми мойындауларыңыз керек.
— Егер біз тіпті олай деп танымасақ та, қаланың қақ жартысын қырып кеткелі тұр емес пе! - деді Риэ.
Тағы да сөзге шамданған Ришар араласты:
― Бар мәселе әріптесіміздің бұны оба деп сенуінде болып отыр. Бұл оның аурудың белгі-нышандарын сипаттауынан да көрініп тұр.
Риэ бұл пікірге қарсы болып, аурудың белгі-нышанын емес, оз көзімен көріп байқағанын баяндап бергенін айтты. Екі тәуліктің ішінде ол бездердің шодырайып іскенін, денедегі теңбіл дақтарды, ыстықтың шамадан тыс көтеріліп кеткенін, сандырақтауды, тіпті көз алдында жан тәсілім еткенді де көрді. Ал Ришар мырза қатаң алдын алу шараларын қолданбай тұрып індеттің өз-өзінен тоқтайтынына бар жауапкершілікпен сендіре ала ма?
Ришар күмілжіп Риэге қарады:
― Қолыңызды жүрегіңізге қойып айтыңызшы: сіз шынында да мұны оба деп санайсыз ба?
— Сіз сұрақты дұрыс қоймай отырсыз. Мәселе мәтінінде емес, мәнінде, мерзімінде.
― Демек, сіздің пікіріңізше, бұл оба ма, оба емес пе - бәрібір оба індеті жағдайында көзделетін алдын алу шараларын қолдану керек дейсіз ғой, - деді префект.
— Егер сізге менің пікірімді білу керек болса, солай жасау қажет деп есептеймін.
Дәрігерлер біраз ақылдасып, Ришар ақыр аяғында:
― Демек, бар жауапкершілікті мойнымызға алып, бұл ауру бейне оба деп қарекет-қимыл жасауымыз керек қой, - деді.
Осы тұжырымды қатысушылардың бәрі қызу қолдады.
— Сіздің пікіріңіз қалай, қымбатты әріптес? - деп сұрады Ришар.
― Тұжырымның маған бәрібір,- деп жауап қатты Риэ. - Оңайлатып айтқанда, қаланың қақ жартысына ажал төніп тұрмағандай қимылдауға хақымыз жоқ. Әйтпесе олар, шынында да, қырылып қалады.
Өз әріптестерін шамдандырып Риэ кетіп қалды. Ұзамай май мен несеп иісі аңқыған қала шетінде шабындағы шошыған безден жан даусы шыққан әйел ауру мүжіген жүзін бұған аударды.
Кеңестен кейінгі келесі күні ауру тағы бір кішігірім секіріс жасады. Ол жайындағы хабар тіпті газетке де шығып кетті. Хабар әзір залалсыз тұспал ғана. Тағы да бір күн өткенде Риэ ақ қағазға жазылған хабарландыру оқыды, оны да префектура асығыс-үсігіс елеусіздеу бір бұрышқа жапсыра салған. Одан билік орындарының қалыптасқан жағдайдың алаңдатарлық екенін айқын түсінген сыңайы байқалмайды, ұсынып отырған шаралары да мардымсыз. Осыдан келіп билік басындағылар қоғамдық пікірді қобалжытпас үшін қандай құрбандыққа да баруға әзір-ау деген әсер туады. Өкімнің кіріспе бөлімінде Оран коммунасында кеселді безгектің бірнеше оқиғасы тіркелді, бірақ оның жұқпалылығы туралы айту әлі ерте деп хабарланған. Аурудың алғашқы нышандары айтарлықтай үрей туғызарлық емес, сондықтан тұрғындардың тыныштық сақтайтынына еш күмән жоқ. Соған қарамастан префект саналылық танытып, бәз-бір ескерту шараларын қабылдауға бел буды. Бүл шараларды тұрғындар толық түсініп, қалтқысыз орындаған жағдайда індет үрейінің тамырына балта шабуға болады. Сондықтан да префект өзіне сеніп тапсырылған халықтан оның дербес ынта-жігерін белсене қолдайтын адал көмекшілер табатынына бір сәт те күмәнданған емес.
Одан әрі хабарландыруда шаралар тізімі келтірілген, олардың ішінде кеміргіштерге қарсы ғылыми негізге қойылған күрес, егеуқұйрықтарды суағарлардағы улы газдың көмегімен құрту, ауызсудың сапасына қырағы бақылау қою көзделген. Азаматтарға тазалық сақтау тапсырылып, ең соңында бүрге таратушы бүкіл орландықтардың қалалық диспансерлерге келіп көрінуі міндеттелген. Аурудың туысқандары дәрігер анықтаған кез келген сырқат жөнінде жедел хабарлап, ауруларды аурухананың арнаулы палаталарына оңаша жатқызуға қарсылық көрсетпеуі керек. Палаталардың жабдықталуы ауруларды қысқа мерзімде емдеп, толық жазып шығаруға жағдай жасайды. Қосымша тарауларда ауру жатқан орындарды міндетті түрде дезинфекциялау, сондай-ақ тасымал құралдары жөнінде айтылған. Басқалармен қоса билік орындары аурулардың туысқандарына санитарлық бақылаудан өтуге кеңес берумен шектеліпті.
Дәрігер Риэ жарнама тақтадан кілт бұрылып өз үйіне беттеді: онда Жозеф Гран күтіп отыр екен оны. Дәрігерді көре сала қолын сермеді ол
— Білем, білем, сан өсіп барады, - деді Риэ.
Осының қарсаңында қалада оншақты ауру қаза тапты. Гранға дәрігер мүмкін кешке кездесетінін, өйткені Коттардың көңілін білуге баратынын айтты.
― Жақсы ниет, - деп қолдады Гран. - Сіздің келіп жүргеніңіздің оған пайдасы тиді, кей мәселелердің өзі өзгеріп кетті.
— Қай жағынан?
― Әдепті болып келеді.
— Ал бұрын қалай еді?
Гран күмілжіп қалды. Бұрын әдепсіз еді деп тіке айта алмады - ол атау оған дәл көрінбеді. Ол жалпы томаға тұйық, үндемес, турасын айтқанда жабайы қабан сияқты. Коттардың күллі өмірі өз бөлмесінде отырумен, қоңыртөбел бір мейрамханаға барумен және тылсым бір шаруалармен шектеледі. Ресми ол шарап және ликер сату жөніндегі делдал болып есептеледі. Ара-тұра оған екі-үш адам келіп кетіп тұрады, тегі аларман болуы керек. Кейде үй алдындағы киноға барады. Гран тіпті оның гангстерлік фильмдерді артық көретінін де байқаған. Қай жағдайда болсын делдал тұйық әрі күмәншіл Енді Гранның сөзіне қарағанда, бәрі де өзгерген.
― Дәл айта алмаймын-ау деп қорқамын, алайда менде мынандай әсер қалыптасты, ол жұртпен татуласқысы, олардың ілтипатына ие болғысы келеді. Менімен сөйлесетін болды, бірде тіпті серуендеп қайтайық деп өтінді, тілегін қайтара алмадым. Айтқандай, ол мені қызықтыра бастады, өйткені оның өмірін арашалап қалдым ғой.
— Айтқандайын, мынау үй иесі әйел барып тұрған зымиян, - деп сөзін созды Гран. - Осы ойымды Коттарға айтсам, ол қателесесіз, оның жақсы жақтары көп, тек көре білу керек дейді.
Кейін Коттар Гранды екі-үш мәрте айтулы мейрамханалар мен дәмханаларға да апарды. Ол былайынша олардың тұрақты қонағына айналып кетті. "Онда отыру ғанибет, - дейтін болды ол. - Және жиналатын қауымы да сыпайы". Гран қызмет көрсетушілердің бәрі Коттарға айрықша ілтипатпен қарайтынын байқады, бақса ол шайлықты аямайды екен. Көрер көзге Коттар өзі аялаған даяшыларының риза боп бас изеп жалпақтағанын жарататыны мен мұндалап тұр. Бәз-бірде аға даяшы оны вестибюльге дейін шығарып сап, пальтосына дейін кигізіп еді, Коттар риза боп Гранға:
― Тамаша жігіт, қажет жерінде куәлік те бере алады, - деп қалды.
— Қалай, ол неткен куәгерлік?..
Коттар күмілжіп қалды.
― Жай, әншейін... жақсы адам дегенім ғой.
Арагідік бұрынғысынша бұлқан-талқан болатыны да
бар. Таяуда дүкенші түс бермей қойып еді, әдеттегідей үйге оралған соң ызадан жынданып кете жаздады.
— Мынау сұржыланды ма! Басқалармен ауыз жаласқан ғой тегі, — деп дүрілдеді.
― Басқа кімдермен тағы?
— Гран темекі дүңгіршегінде болған өте-мөте бір ерсі жағдайға өзі де қатысқан. Коттар үй иесі әйелмен қызу әңгімелесіп түр еді, анау жақында бүкіл Алжирды дүрліктірген бір тұтқындау туралы соз бастады кенет. Әңгіме жағажайда бір арабты өлтірген сауда кеңсесінің жас қызметкері туралы өрбіді.
― Бұл жексұрындардың бәрін торкөздің арғы жағына апарып тықса ғой, адал адамдар еркін тыныстар еді...
Әйел ойын аяқтап үлгермей, Коттар сыртта біреу шақырғандай дүңгіршектен атып шығып, ай-шайға қарамай тұра тартты. Гран мен әйел таңданғаннан тілі байланғандай тас боп тұрып қалды.
Кейінірек Гран Коттардың тағы бір өзгерістерін Риэге хабарлау қажет деп санады. Ол әдетте либералдық көзқарасты берік ұстанатын. Мәселен, оның сүйікті мәтелі "Қашанда үлкендер кішілерді жұтып қояды" болатын. Алайда ол біраз уақыттан бері Оранның ең ізгі ойлы газетін сатып алатын болды, бәз-бір пиғылмен және оны қоғамдық орындарда оқып отырады. Тағы бір мысал: осыдан бірнеше күн бұрын, яғни сауыққаннан кейін ол Гранның поштаға бара жатқанын біліп, қарындасына жүз франк аударуын өтінді - ай сайын осындай соманы аударып отыру оның ежелгі әдеті. Алайда Гран кетіп бара жатқанда қайта шақырып ап:
— Одан да екі жүз франк жіберіңізші, таңданып, қуанып қалсын, - деді. - Кім біледі, мен оны ұмытып кетті деп жүрген шығар. Ал іс жүзінде ол дегенде жаным қалмайды.
Ақыр соңында Гран екеуінің арасында қызықты әңгіме өріс алды. Гранның кешкі шаруасы ынтықтырып жүрген Коттар оны сұрақтың астына алып, оған жауап қайтаруға тура келді.
― Демек, сіз кітап жазып жатырсыз ғой, - деді Коттар.
― Солай деуге келетін болса - иә, бірақ бұл, әлбетте өте қиын да күрделі.
— Oh, - деп дауыстап жіберді Коттар, - менің де жазумен айналысқым келетінін айтсайшы!
Гран таңданысын жасыра алмады, ал Коттар қысыла күбірлеп, суреткерге бәрі де жарасады деді.
― Неге олай деп ойлайсыз?
— Өйткені суреткерге басқалардан гөрі көбірек құқық берілген. Бұл әркімге-ақ белгілі. Оның қолынан бәрі келеді.
― Әйтсе де онда не тұр?- деді Риэ. Гранға префектураның хабарландыруын алғаш оқыған күні ертеңгілік, - мынау егеуқұйрық оқиғасы көптеген басқа адамдар сияқты оны да дұрыс жолдан жаңылыстырып жіберген болар. Бәлкім ол жалпы жұқпалы кеселден қорқатын шығар.— Қорқа қоймас, - деп үн қатты Гран, - егер, дәрігер, менің пікірімді білгіңіз келсе...
Терезенің түбінен құлақты жарардай гүрілдеп егеуқұйрықтарды қыратын қызмет машинасы өтті. Үндемей отырған Риэ машина гүрілі ұзаған соң Граннан Коттар туралы пікірі қандай екенін абдыраңқырап сұрады.
— Бұл кісінің арын азаптайтын бірдеңе бар, - деп қалды Гран.
Дәрігер иығын қиқаң еткізді. Анада "бұның ісі онсыз да жетеді" деп полиция комиссары дұрыс айтқан.
Кешқұрым Риэ Кастельмен әңгімелесті. Ауруға қарсы егетін дәрі, яғни сыворотка әлі келмепті.
― Ал соның өзі көмектесе ала ма? - деп сұрады Риэ. - Үйренбеген бацилла ғой.
— Білгіңіз келсе, менің пікірім басқаша, - деп қарсылық білдірді Кастель. - Анау мақұлықтарыңның түрі қашанда әдеттен тыс сұмпайы ғой. Ал шынтуайттап келгенде, бәрі бір сөз.
— Дәлірек айтқанда, бұл сіздің топшылауыңыз. Ал шын мәнінде біз жарытып ештеңе біліп жатқан жоқпыз.
― Түсінікті, топшылау ғана. Бірақ басқалар да топшылап отырған жоқ па.
Күн ұзақ дәрігер ептеп басы айналғанын сезіп жүрді. Оба туралы ойласа-ақ болды, басы айналады. Ақыр аяғында ол үрейленетінін мойындауға мәжбүр болды. Аузы мұрнынан шыға лық толған дәмханаға екі рет кірді. Коттар сияқты ол да адам ілтипатын, жылы қабақты қажетсінді. Риэ бұны әбестік деп санады да, сондықтан бүгін делдалға кіріп шығамын деген уәдесін есіне алды.
Кешкісін дәрігер Коттарға кіргенде, ол ас үйде үстелдің жанында тұр екен. Үстел үстінде беті ашылып детективті роман жатыр. Қас қарая бастаған кез ғой, оқуға қараңғы. Ең дұрысы, осының сол ғана алдында Коттар үстел басында отырып осы ымырт жайында ойлаған еді. Риэ оның саулығын сұрап, көңілін білді. Коттар отыра беріп, "тәуір" деп бұрқ етті де, ешкім мазаламаса тіпті жақсы болар еді деді. Риэ адам өмірбақи жалғыз қала алмайды деп ескертті.
— Жә, жоқ, ол жайында айтып тұрғаным жоқ. Мен кісіге көбірек жамандық жасаумен айналысатындар туралы айтып тұрмын.
Риэ үндей алмай қалды.
― Есіңізде болсын, мен өзім туралы айтып тұрған жоқпын. Міне, мына романды оқыдым. Бірде ай-шай жоқ, бір сормаңдайды ұстап әкетеді. Бақса оны торып жүреді екен, ал бұл оны білмейді. Ол туралы талай бюроларда сөз қозғап, есімін кәртішкеге де кіргізіп қояды. Олай болса, сіздіңше, осы әділдік пе. Демек, жұртқа адаммен ойына келгенін істей беруге болады екен ғой?!
— Бұл енді жағдайға байланысты, - деді Риэ. - Бір есептен сіздің айтқаныңыз дұрыс, ойына келгенін жасауға болмайды. Ал бұл бөгде, екінші кезектегі мәселе. Мәңгі қамалып отыруға болмайды. Жиі-жиі шығып тұру керек. Коттар шынымен шамданып күн сайын көшеге шығып тұратынын, күмәнданса осы қотанда оны куәландыратын кісілер табылатынын айтты. Оның тіпті бұл қотаннан басқа жерде де таныстары бар.
― Риго мырзаны, архитекторды білетін боларсыздар. Біз онымен доспыз.
Бөлмеде қараңғылық бірте-бірте қоюлана бастады. Шеткі көше жанданып, төменнен шыққан қатты дауыс жарқ етіп жанған шамды қошеметтегендей болды. Риэ балконға шықты, Коттар да соңынан ілесті. Шеткі қотандардың бәрінен, қаламыздың күнде кешкі әдетінше, самал жел үн-сыбысты, қуырылған еттің иісін айдап, еркіндіктің қуанышты да қошеметті самбыры - жастардың шуына толы көшені арнасынан асырып жіберді. Осыдан сәл ғана бұрын Риэ мынау сүйкімді кешкі шақты - іңір қараңғылығын, бұл арадан көзге шалынбайтын кемелердің қырылдақ айқайын жақсы көруші еді. Теңізден көшені қақ жарып келе жатқан дабыра-шуды да ұнататын. Ал бүгін ол барлығын бес саусағындай біліп отырғанда бірдеңе мүжіп жаны жай таппай қойды.
— Бәлкім, жарықты жағармыз? - деді Коттар.
Электр жарығы жарқ ете қап, Коттар көзін жыпылықтатып дәрігерге қарады.
― Айтыңызшы, дәрігер, егер мен ауырып қалсам, ауруханаңызға алар ма едіңіз?
— Неге алмаймын...
Осы арада Коттар клиникада немесе ауруханада емделіп жатқан адамды тұтқындайтын жағдай бола ма деп сұрады тағы да. Кей жағдайда ондай да болады, бірақ аурудың хал-ахуалы ескеріледі, деп жауап берді Риэ.
― Сізге сенемін, - деді Коттар.
Сосын ол дәрігер өз машинасымен қаланың орталығына дейін жеткізіп салмас па екен деп өтінді.
Орталықта көшедегі тобыр онша қалың да емес, жарық жаңа сиреген сияқты. Бірақ үйлердің кірер аузында балалар әлі шулап жүр. Коттардың өтініші бойынша Риэ машинасын балалар топырлап жүрген тұсқа тоқтатты. Олар алақайлап сынып ойнап жүр екен. Шашын әсем қырықтырып жылтырата тараған, бірақ сатпақ-сатпақ біреуі жасқантардай мөлдір көзін Риэге қадап қапты. Риэ жерге қарады. Коттар машинадан шығып, табанжолдың жиегінде тұрып дәрігердің қолын қысты. Ол қырылдақ булығыңқы үнмен сөйледі. Әңгімелесіп тұрып және жан-жағына жалтақтай берді.
— Мына жұрт індет деп шуласып жүр, онысы шын ба, дәрігер?
― Жұрт жоқ-барды қашанда шатпақтай береді, онысы түсінікті де, - деп жауап қатты дәрігер.
— Сіздікі жөн. Ең көп болса оншақты-жиырма шақты кісі өлер, ондай шығын болмай тұрушы ма еді! Жоқ, бізге керегі бұл емес.
Мотор тұншыға гүрілдеді. Риэ алақанын шапшаңдыққа салар тұтқада ұстап отырған. Ал екі көзі бағанағы қадала қараған балада, ол да қалпын бұзбай сол баяғыша маңғазданып қаздиып тұр.
― Ал, сіздіңше, бізге керегі не? - деді дәрігер жауап қайтарудың орнына сұрақ қойып.
Коттар кенет машинаның есігінен ұстай алып, кетер алдында ызалы үнмен айқай салды, даусы көз жасымен дірілдей шықты.
— Зілзала, керегі, міне, сол! Жер және қаттырақ сілкінсе. Алайда ертеңіне ешқандай зілзала болған жоқ. Риэ бар күнін қаланы аралаумен, емделушілердің туысқандарымен әңгімелесу, емделушілердің өзімен дауласу сияқты шым-шытырық қарекетпен өткізді. Оған дәрігердің кәсібі бұған дейін дәл осындай қиын көрінген емес. Күні осы уақытқа дейін оған басы бүтін сеніп, жұмысын аурулардың өзі жеңілдетіп келген екен. Енді ол дәрігерлік тәжірибесінде тұңғыш рет емделушілердің тылсым тұйықтығына тап болып отыр: өз сырқатының тереңіне тұншығып олар бұған біртүрлі сенімсіздікпен қарайтын болды. Ол дағдыланып үлгермеген күрес басталды. Сағат ондар шамасында мәшине келіп, демікпе шалдың үйінің алдына тоқтағанда ол орындықтан әрең тұрды. Бұны кеп қарауды Риэ әдейі соңына қалдырған-ды. Қараңғы көшеге, жұлдыздары бірде жанып, бірде сөніп тұрған күңгірт аспанға қарап ол кідіре берді. Демікпе шал оны төсегінде күтіп отыр екен. Демалысы жеңілдепті, әдетінше бұршақтарды бір кастрөлден екіншісіне ауыстырып салумен әуре. Дәрігерге ол тіпті көңілдене қарады.
― Демек, дәрігер, тырысқақ ауруы басталды ғой?
— Оны қайдан алдыңыз?
― Газеттен оқыдым, радиодан да хабарландырып жатыр.
— Жоқ, бұл тырысқақ емес.
― Біздің білгіштер тағы да бәрін дабырайтқан екен ғой, - өрекпи үн қатты қария.
— Ал сіз оларға сенбеңіз, - деп ақыл берді Риэ.
Ауруды қарап болып ол енді жұтаң жиһаздалған асүйдің ортасында отыр. Оны енді үрей билей бастады. Қаланың осы шетінде ертең-ақ шабындағы ісіктен көз айырмайтын ондаған аурулар күтетінін ол біледі. Екі-үш без ісігін тілгеннің өзінде нәтижесі ойдағыдай болмай шықты. Ал аурулардың көпшілігі үшін үміт дүниесі аурухана ғана. Ал ол дәрігер ретінде кедейдің ұғымындағы аурухананың не екенін біледі. "Олардың оған тәжірибе жасауын қаламаймын", - деп мәлімдегені бар бір аурудың әйелі. Оған ешқандай тәжірибе жасамайды олар, ол өледі де бәрі бітеді. Жақсы шаралар жетіспейтіні көрінеу көзге ұрып тұр. Ал "арнайы жабдықталған палатаның" не екенін, өзге-өзге, Риэ өте жақсы біледі: екі корпусты жұқпалы емес аурулардан тазартады, терезелерін торлайды, сосын айналасына санитарлық тосқауыл қояды. Егер індет өз-өзінен өшпесе, бұл тектес әкімшілік шарамен оны аластауға болмайды.
Әйткенмен кешкі ресми хабарлар әлі де үміт-сенімге толы болды. Ертеңгілік Құжхабар агенттігі префектураның өкімін тұрғындар асқан ықыласпен қарсы алды деп жариялады және аурудың отыз оқиғасы туралы хабарланды. Кастель Риэге телефон шалды:
― Корпустарда қанша төсек бар?
— Сексен.
― Ал қалада отыздан астам ауру бар деп ұғыңыз.
— Иә, көпшілігі қорқып қалған, ал басқаларына келсек, ауырғандар әлдеқайда көп, тек хабарлап үлгермей жатыр.
― Өлгендерді жерлеу бақылана ма өзі?
— Жоқ. Мен Ришарға телефон соғып, құр даурықпамен уақыт оздырғанша аса қатаң шаралар қабылдау керек, сөйтіп індетке қарсы нағыз тосқауыл қою шарт, өйтпесек жалпы ештеңе істемей қол қусырып отырған жақсы, - дедім.
― Иә, одан әрі?
— Оның тиісті өкілдігі жоқ. Ал, меніңше, ауру өрши түседі.
Айтқаны айдай келмесін бе, үш күннен кейін екі корпустың екеуі де ауруларға лық толды. Ришардың мәліметіне қарағанда, мектепті жауып, онда қосалқы лазарет ашпақ көрінеді. Риэ қарсы егер дәріні күте жүріп, шап ісіктерін жаруын тоқтатқан жоқ. Кастель жалғанның жарығына күллі ескі кітаптарын шығарып, кітапханада сағаттап отырды.
― Егеуқұйрықтар обадан, болмаса соған ұқсас бір аурудан қырылды, - деген қорытындыға келді ол - Олар бүргелерді, ондаған мың бүргелерді таратып қырылды, оған қарсы дер кезінде шара қолданбаса, індетті геометриялық прогрессиямен таратады.Риэ үндеген жоқ.
Зайыры, бұл күндері ауа райы түзелсе керек. Күн соңғы нөсерден кейін тұрған қақ суын жұтып қойды. Барлығы тыныштыққа ұйыған сынды - таңғажайып көгілдір аспан, одан құйылған жалқын нұр, лыпып келе жатқан ыстықтың арасынан естілген ұшақ гүрілі - бәрі соның айғағындай. Бұл екі арада, әсіресе соңғы төрт күнде ауру қарыштай қарғып, алғаш он алты, сосын жиырма төрт, жиырма сегіз, отыз адамның өмірін қырқып түсті. Төртінші күні балабақшада қосымша лазарет ашылғаны жарияланды.
Риэ префектің өзіне телефон соқты.
— Қабылданған шаралар жеткіліксіз.
― Маған ақпар беріп еді, шын мәнінде де жағдай алаңдатарлық екен,- деді префект.
— Жағдай алаңдатарлықтан да бетер, оған еш күмән болуға тиіс емес.
― Генерал-губернатордың бұйрығын алдыртайын.
Риэ сол арада Кастельге телефон шалды.
— Бұйрық дейді! Бұл жерде бұйрықтың қажеті жоқ, ой-толғам керек.
― Сыворотка хақында не хабар бар.
— Келесі аптада келеді.
Дәрігер Ришар арқылы префектура Риэнің баяндама жасақтауын өтінді, оны отар астанасына жіберіп, нұсқау алдырмақшы. Риэ баяндамада деректі сандарды тізіп, аурудың клиникалық сипаттамасын қоса жазды. Сол күні қырыққа жуық өлім тіркелді. Префект сол күннен бастап, нар тәуекелге басып қатаңырақ шаралар қолдануға бел буды. Бұрынғыша аурудың барлық көрінісі туралы хабарлап отыру қалалықтарға міндеттелді де, ауырғандар міндетті түрде оқшаулауға жатты. Ауру шыққан үйді тазалап, дереу дезинфекциялау жүктелді, аурумен аралас-құралас болған кісілер карантиннен өтуге тиіс болды. Префектураның айрықша нұсқауымен өлгендерді жерлеумен қала өкіметі айналысады. Енді бір күннен кейін ұшақпен сыворотка да келді. Ауырғандарды емдеуге ол жетіп жатыр. Ал індет таралатындай болса, оның жетпейтіні айқын. Дәрігер Риэнің телеграфпен жіберген сауалына ол дәрінің қоры бітіп қалды, жаңасын әзірлеуге кірісті деген жауап келді.
Бұл екі ортада қала шетінің бәрінен базарларға көктем келіп түсті. Табан жолдың ұзына бойына тізілген мыңдаған райхан себеттерде солды, қала үстінде гүлдің жұпар иісі тұнып тұрды. Сырттай ештеңе де өзгермеген тәрізді. Бұрынғысындай қауырт сағат кезінде трамвайлар аузы-мұрнынан шығады да, күндіз кір-кір болып қаңырап бос жүреді. Тарру бұрынғысынша шалын қадағалап, шалы бұрынғыша мысықтарға түкіреді. Баяғыдай Гран кешкілік үйіне өзінің жұмбақ еңбегіне асығады. Коттар қаланы шарлап, тергеуші Отон мырза үйіндегі аңдарын жаттықтырады. Демікпе шал әдетінше бұршақты бір кастрөлден екіншісіне ауыстырып салып әуре. Көшелерде жұрт жан-жағына қызыға көз тастап маңғаз басып жүре беретін журналист Рамберді кездестіреді. Кешкілік сол тобыр табанжолдарда ұйықтап, кинотеатрлардың алдында иін тіресіп кезекте тұрады. Айтқандай, індет айылын жинады, соңғы күндері оншақты ғана өлім болды. Содан соң өлім тағы да күрт көбейіп кетті. Қайтадан отыз өлім тіркелген күні Бернар Риэ префект өзіне дербес тапсырған ресми арызхатты қайталап оқыды. "Қорқыт дегенде, осылай қорқыт деп пе едім" деп жазылған арызхат мынаны мәлімдепті: "Оба індеті туралы ресми жариялансын. Қала жабық деп саналсын".
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Сол сәттен бастап оба біздің ортақ ісімізге айналды деп батыл айтуға болады. Бұған дейін ағайындарымыз шектен шыққан оқиғалардан туған үрей мен түйткілге қарамастан бұрынғы орындарынан тырп етпей, өз шаруасымен шұғылданудан бір танбаған. Әлбетте ол солай жалғасып жүре беруі де тиіс еді. Алайда қала қақпасы таре жабылуы мұң екен, барлық тұрғындар, ішінде әңгімелеуші де бар, бірі қалмай кенеттен торға түсіп қалғанын байқап, енді соған бейімделіп тірлік жасауға кірісті. Ой жүгіртіп көріңізші, тіпті терең жан сезімінің өзі, сүйген пендеңмен айырылысу алғашқы аптадан бастап-ақ күтпеген жерден баршаға ортақ бүкілхалықтық көңіл-күйге айналып, үрей сезімімен астасып ұзақ мерзімді айдалудың ең басты азаптаушысы боп шықты.
Шынында да, қаламыздың жабық деп жариялануының ең бір көзге түсер салдарларының бірі - айырылысуға титтей де әзірлігі жоқ жан иелерінің аяқ астынан бөліп жіберілуі. Осы таяуда ғана біздің вокзалдың перронында бір-бірімен сүйісіп, қимай қоштасып, бірнеше күннен немесе бірер аптадан кейін қайта қауышатындарына кәміл сеніп, әдеттегі сапарға бола күнделікті қам-қарекетті ұмытпайық дегендей ақыл-кеңес алмасып шуылдасқан аналар мен балалар, ерлері мен әйелдері, ашыналар ажырасудың енді мәңгілік екенін, қайтып бас құрап қосылмасын алғаш білген жоқ. Өйткені, қала іс жүзінде префектің бұйрығы жарияланбай тұрып бірнеше сағаттың ішінде жабылды, әрбір жеке жағдайды ескеріп жатуға мұрша келмеді. Тіпті індеттің тұтқиылдан баса-көктеп кіруінің алғашқы нәтижесі біздің азаматтардың жеке сезімнен айырылғандай жанталаса қимылдауы деп айтуға да болады. Бұйрық күшіне кірген бастапқы сағаттарда келушілердің тұтас тобыры префектураны кәдімгідей құрсаулап қоршап алды, біреулері телефонмен, біреулері қызметкерлер арқылы себепті сылтауларын алға тартып еді, олардың бірі де қаралған жоқ. Дәл біздің сол жағдайымызда "келісу", "біреуге бола кешіру", "жақсылық жасау" сияқты сөздер өз мағынасын жойып, кез келген ымырашылдықтың жолы қырқылғанын көп күндер өткен соң ғана ойға алып, елеп-екшеп отырмыз.
Бізге, ең ақыры, хат жазысуға да тыйым салынды. Бір жағынан қаламыздың қалған елдермен қатынастың дағдылы құралдарымен байланысы шын мәнінде болмады, екінші жағынан тағы бір бұйрық жазып-сызып байланыс жасаудың кез келген түріне тыйым салды, себебі хат деген індет таратушы болуы ықтимал. Алған атақ-дәрежесі барлардың кейбіреуі кордон солдаттары арқылы сәлемхат жіберіп те байқаған. Бірақ бұл індеттің бастапқы кезеңі болатын, онда күзетшілер жалынып-жалпайғандарға жәрдем жасап та жүрді. Алайда біраз уақыттан кейін оларға жағдайдың қиындығын түсіндірген соң өз көңілшектігінің қандай зардаптарға соқтыратынын сезген күзетшілер жауапкершілікті өз мойнына алудан үзілді-кесілді бас тартты. Бастапқыда қалааралық телефонмен сөйлесуге де рұқсат берілген, бірақ телефон жүйесінің қуаты жетпей, сөйлесетін кабиналардың төңірегі топырлап кеткен соң оған да тыйым салынды, содан соң кісі өлімі, бала тууы, үйлену тойы сияқты "ерекше жағдайларда" жеңілдік жасалатын болды. Сөйтіп біздің жалғыз жүретін де, жүгінетін де жеріміз телеграф болып қалды. Өзара туысқандық, сүйіспеншілік және рухани арқаулармен жалғасып жатқан жандар бұрынғы жақындығының белгісін қысқа қайырым телеграф мәтінінің арбиған әріптерімен білдіруге мәжбүр болды. Жеделхат құрағандағы жаттанды сөздер де сарқылмай тұрмайды екен -ұзамай бәрінің айтары: "Бәрі де жақсы. Ойлайтыным - өзің. Сүйемін" деген үш-төрт сөзге сыйып кететін болды.
Алайда біздің біразымыз бүл қыспаққа көнген жоқпыз, қасақана жаза бердік, күндіз-түні ойланып талай айла-амал таптық, сыртқы әлеммен қайтсек те байланыс жасамақ әрекетіміз кейде түкке аспай жатты. Тіпті кейбір ойлап тапқан қулық-сұмдығымыз жүзеге асқанмен, оның нәтижесін біз бәрібір білген жоқпыз, өйткені жауабын ала алмадық. Сол себепті біз бірнеше апта бойы баяғы бір жазғанымызға қайта оралып, сол мәліметтерді хабарлап, сол жауапты сұратып, бәрін бастан-аяқ қайталадық та отырдық. Қайталай берген соң сөзден де қадір кетеді екен. Алғаш жүрек қанымен жазған сөзіміз кейін мән-мағынадан жұрдай болды. Осынау өлі сөздер арқылы еңбек етіп жатқан тірлігімізден бір белгі беру үшін хаттарды лезде қайта көшіріп жазудан танбадық та талмадық. Сөйтіп, ақыр аяғында біз осынау келіссөз де жеміссіз толғауларымыздан, таскерең қабырғалармен сырласқан зар-мұңымыздан телеграф ұрандарының шартты бейнесін артық көрдік.
Айтқандай, арада тағы бірнеше апта өтіп, қаладан тыс шығу енді ешкімнің қолынан келмейтіні әбден айқын болғанда, бәз-біреу Ораннан індет басталмай тұрып кеткен кісінің қайтып оралуына бола ма деп билік орындарына сұрау салыпты. Бірнеше күн ойланып префектура ризалық білдіріп жауап қайтарыпты. Қайта оралған адам қаладан ешбір жағдайда қайтып шыға алмайды, олардың оралуына еркі бар да кетуіне еркі жоқ деп жауабын және нақтылай түскен. Тіпті біздің ағайындардың бірен-сараны қалыптасқан жағдайға тым жеңіл қарап, түбін ойламай жақындарымен кездесіп қалу үшін оларға мүмкіндікті пайдаланып қалыңдар деп ақыл да берді. Бірақ обаның тұтқындары өз жақындарын қандай қатерге байлап бергенін ұғынып, алыста жүрсе де аман болғанын артық көрді. Осы сұмдық қырғынның қайнап тұрған кезінде адам сезімінің азапты өлім алдындағы қатерден күшті болып шыққанының жалғыз ғана оқиғасына куә болдық. Күткенімізге қарама-қайшы, бұлар әсте ғашықтар емес еді. Махаббат буына балқып ең бір сұрапыл қайғы-мұңды да елең қылмай бір-біріне ынтығатын жастар да емес. Олар ұзақ жылдар бойы некеде тұратын ерлі-зайыпты кәдімгі Кастельдер болып шықты. Індеттен бірнеше күн бұрын Кастель ханым көрші қалаға кетіпті. Жалпы олардың некесі өзгелерге жұбайлық бақыттың ешқашан үлгісі боп көрінген емес. Әңгімелеушінің өзі де жұбайлардың ешқайсысы жұптасқан өміріне разы екенін, бақыт құшқанын тап басып сеніммен айта алмайтынын баяндауға толық хақым бар дейді. Бірақ мынау тұтқиылдан тап болып, төтеннен кездескен айырылысу олардың бірінсіз бірі тұра алмайтынын бар қырынан айшықтай көрсетті.
Ойда жоқта айқындалған осынау ақиқаттың қасында обаңның өзі түкке тұрмай қалды.
Әйткенмен де олардың оқиғасы өзгеше көпшілік үшін тегі бөлек түру індетпен бірге аяқталуға тиіс еді. Біздің бәріміз үшін күллі өмірімізге алтын арқау болып тартылған, өзімізге сондайлық таныс сезім (азаматтарымыздың құмарлығы онша күрделі емес екенін бұрын да айтқанбыз) жаңа кескін-келбетін тапты. Нақсүйерлеріне имандай сенетін еркектер мен ашыналар кенет қызғанышқа да бейім екенін байқады. Махаббат мәселесінде өзін жеңілтек санайтын еркектер кенет тұрақтылыққа қол артты. Қатар тұрған шешесін бұрын елемейтін ұл енді ана жүзіндегі әрбір әжімге ойша аяй әрі үрейлене қарайтын болды. Осы бір амалсыз айырылысу, ең бір саңылауы жоқ айырылысу, болашақты көз алдына келтіре алмайтын айырылысу бізді абдыратып, әлі де сондай жақын, бірақ енді сондай алыс елес туралы еске алу қабілетінен айырып, естелікпен ғана күн кештіріп қойды. Шын мәнінде біз екі бірдей азапқа түстік, бірі - өз азабымыз, екіншісі -қиялымыздағы жанымызда жоқтардың, яғни балаңның, жарыңның немесе сүйгеніңнің азабы.
Айтпақшы, басқадай жағдай болса, біздің азаматтар қиындықтан қайткенмен де шығар жол тауып, бұдан жігерлірек әрі ашық өмір салтын құрар еді. Алайда оба оларды тырп еткізбей, қарекетсіздікке душар қып, есте қалған ескі күндерді ойлап, шерлі қаланы шыр айналып қапалануға мәжбүр етті. Сол бір мақсатсыз сандалыста бір басқан жерімізді мың басып, қаламыз шағын болғандықтан оның көшелерін қайта-қайта шиырлап, сонау жақсы күндерде қазір жанымызда жоқ жандармен бірге қыдырғанымызды еске алдық.
Сөйтіп, оба бір бастан біздің ағайындарға былқ еткізбес бұғауын салды. Сол себепті әңгімелеушіміз сонда өзі көзбен көрген, жерлестерімен бірге бастан кешірген жағдайларды баяндауға хақылымын деп санайды. Өйткені біздің басымызға түскен жағдайдағы жан жадаулығын қуғындалушының көңіл күйімен сипаттау уақытты ойланбастан кері бұрып, жүрісін жылдамдатуға асығу, ақыр аяғында естеліктердің жебесіне іліну болып шығар еді. Егер біз бәз-бірде қиялға ерік беріп, өзімізді қайта оралғандардың берер белгісіндей кірер ауыздағы есік қоңырауы мен баспалдақтағы таныс аяқ дүрсілімен алдарқатсақ, егер сондай сәттерде пойыздар жүрмейтінін ұмытып, кешкі экспресспен келетін жолаушы біздің қотанға жететін уақытын шамалап үйінің алдынан бір-ақ шыққымыз келсе - бұлардың бәрі ұзаққа бармайтын ойын болып шығар еді. Амал нешік, пойыз қайтып жүрмейтінін айқын түсінген сәт те туды. Сонда ғана біздің бөлек тұруымыз ұзаққа баратынын мойындап, қазір бүгінгі болмысқа бейімделу қажеттігін сезіндік.
Шынтуайттап келгенде, жағдайдың әдеттегі тұтқыны екенімізге көзіміз әбден жеткен соң ендігі қалғаны өткенді ойлау ғана болды. Арамыздан бір батырсымақ шығып болашақпен өмір сүруге талпынса, ол талабынан тез қайтып, қиялы қанатынан қайырылып, өкінішпен жанын жаралап тынды. Қиялға ерік бергендердің бәрі соның кебін киді.
Атап айтқанда, біздің азаматтардың барлығы ықтимал айырылысу мерзімін адамдарға шағып есептеудің қалыптасып келе жатқан дағдысынан бас тартты. Неліктен дейсіз ғой? Айталық, ең бір барып тұрған торықпалар бұл мерзімді жарты жыл деп санасын, егер алдағы айлар уайымының дәмін алдын ала татса, егер олар орасан күш-жігер жұмсаудың арқасында өзінің ерлігі мен өрлігін пешенесіне жазылған сынақ деңгейіне дейін көтеріп, әйтеуір рухын жықпас үшін, әйтеуір көп айға созылған қайғы-шердің биігінде болу үшін бар күшін салып бекісе, онда бәз-бір досымен кездесуден не газет мақаласынан, сәл ғана, тіпті тұтқиылдан көңіл көзі ашылып ширау оларды індет жыл да емес, одан артық та емес, тура жарты жылда басылады деген пікірге әкеп тірейді.
Мұндайда олардың ерік-жігерінің, ерік күшінің, шыдам-төзімінің аяқ астынан күйреуі өздері түскен ордан ешқашан шыға алмайды деген сөз. Сондықтан олар ешбір жағдайда құтылу мерзімі туралы ойламауға, өз назарын болашаққа аудармауға, көзін төмен салып салбырап жүрмеуге өздерін күшпен көндірді. Алайда бұл игі ниет, жан азабын алдауға тырысу, қылышыңды қынында жасырып, айқастан бас тарту тәрізді тым жұтаң сый-сияпат болатын. Егер олар барын салып түбегейлі күйреуден құтылар болса, онда өздерін сүйікті жанымен қауышатын таяу көріністің бір қауым сәтінен айырады.
Сөйтіп, олар күллі тұтқындалушы мен күллі қуғындалушының ежелгі азабын бастан кешірді, ал азап дегеніміздің өзі жады ешбір кәдеге аспай қалған кезде еске алумен өмір сүру деген сөз. Олар еске ап ойлайтын өткеннің өзі қанша аңсаса да, өкініштің кермек дәмін әкеледі. Олар ол өткенге кезінде, өкінішке орай, үлгере алмағанның, бүгін күтіп отырғандарымен бірге жүріп сезіне алмағанның бәрін тоқайластырғысы келеді. Тіпті олар барлық жағдайға, біршама тәуірінің өзіне де, тұтқындардың бүгінгі өміріне де қазіргі көзі жоқтарды қосып отырмаса, тірлігі қанағаттандырмайтын тәрізді. Бүгінгіні төзгісіз тықсырып, өткенге ала көзбен жауыға қарап, келешегінен жұрдай болған біз адамзаттың әділ соты немесе адамзаттың ашу-ызасы торкөзде қамап ұстап отырғандарға ұқсаспыз. Ұзын сөздің қысқасы, адам төзгісіз созылған мынау демалыстан құтылудың жалғыз-ақ жолы - қиялыңмен қамшылап пойыздарды болат жолмен күтіп алумен толтыру, сонда осы күнге дейін тас болып тілсіз тұрған кірер есіктің қоңырауы да сылдырлай бастайды.
Ал бұны жер аудару деуге болса, онда біз көп жағдайда өз үйімізге жер аударылдық. Әңгімелеуші жалпыға ортақ жалғыз-ақ жер аударуды білсе, оның журналист Рамбер сияқты басқа да бірталай азаматтарды ұмытпағаны абзал болар. Біздің қалған әлемнен бөлініп қалуымыздың барлық азабы обаның жоғарыдағыдай саяхатшыларды аңдаусызда тұзаққа түсіріп, кіндік кесіп, кір жуған елінен, жақын-жұрағатынан бөліп тастап, қосылуға мүмкіндік бермеуімен тереңдей түсті. Жер аударылған біздің арамызда олар өздерін екі мәрте айдаудағы жандай сезінді. Уақыттың үрдіс шабысы жұрттың бәрі сияқты олардың көңілінде де мұңлы үрей туғызуына қоса, өздерін белгілі бір жерге байлап-маталғандай сезініп, қайда көз салса да, обаның қаша қоршауы айырылып қалған отанынан бөліп тұрған тас қабырғаға соғылды. Кез келген уақытта үнсіз ғана өз атамекенінің атқан таң, батқан күніне табынғандай біздің шаңды көшелерімізде сендетіліп жүретіндер де, әрине, солар. Жан жарасын және олар кез келген себеппен ушықтырады: қарлығаштардың қалықтауы, шөпке қонған кешкі шық, табан жолда жылтыраған шұғыла дағы, бәрі-бәрі көз алдында қолға ұстатпас елес болып, аржақтан келер күйінішті хабардай көрінеді. Олар барша бақытсыздықтың мәңгілік емшісі сыртқы әлемге көз жұма қарап, қиқарлықпен өзінің, тым шынайы кереметін аялап, бар пәрменімен таныс бейнелерге жармасты, нысандары мүлдем ерек нұр құйылып тұрған жер, бірер төбе, сүйікті ағаш, сүйкімді әйел жүзі болып ештеңемен айырбастауға келмейтін айрықша ауан туғызды.
Ең соңында, әңгімеші зор негізбен айта алатын қуғындалушылардың ең бір елеулі тарабы - ғашықтарға арнайы тоқталсақ, оларды опынуы басым басқа мұң іштей мүжіді. Біздің қазіргі жағдайда олардың өз жан сезімін әділ де әбжіл көзбен көруіне толық мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда олардың өз осалдығы көз алдынан бар болмысымен көбіне тыржалаңаш өтеді. Себебі олар өз сүйгендерінің ісі мен күнін көз алдына нақпа-нақ келтірудегі дәрменсіздігін төл кемшілігі есебіне жатқызғысы келеді. Олар уақытты немен оздыруды білмей қайғырады, бұл жайында бұрын ойланбағаны үшін өздерін өздері кінәлайды, сүйген жар үшін сүйген жанының не істеп, не қойып жатқанын бүге-шігесіне дейін білу шексіз қуаныштың қайнар көзі екенін қасақана білмегенсиді. Сөйтіп оларға өз махаббатының бастауы көзіне қайта оралып, оның жетілмеген, жеріне жетпеген тұстарын біртіндеп зерттеу әлдеқайда оңайға түседі. Әдеттегі уақыт болса, мойындасақ та, мойындамасақ та, әйтеуір бір махаббат барын, оның шеті, шегі жоғын түсінер едік. Соған қарамастан махаббатымыздың онша әкетіп бара жатпағанына, екінші деңгейден аспағанына да келісе салар едік. Алайда адам жады кіді де кінәмшіл Темірдей берік бұлтартпас қисынға сай, бізге сырттан келіп, бүкіл қаланы тарпа бас салған бақытсыздық жазықсыздан жазықсыз жөнсіз азап әкеліп қана қойған жоқ, сонымен бірге жан күйзелісіне қарсы шауып, өзімізді өзіміз іштей жеуге мәжбүр етті. Мұның өзі індеттің ңазарды өзінен аударып, күллі қартты шатастырып жіберу тәсілі еді.
Сонымен, әрқайсымыз күн өткен сайын сорайып жалғыз-жарым өмір сүруге мәжбүр боп, аспанмен бетпе-бет қалдық. Бұл бір бүтіндей баршаға ортақ күтімсіздік уақыт өте келе мінез-құлықты шыңдауы керек еді, бірақ олай болмай шықты, жұрттың әбігері көбейіп кетті. Біздің ағайындардың көбісі құлдық қамыты астына түсті, олар шелек пен жауын-шашынға тікелей тәуелді болды да қалды. Соларын көрген бойда-ақ осылар ауладағы ауа райын елден бұрын біліп отыра ма деп алғаш таңғалатынсың. Табанжолда күн шұғыласы ойнаса-ақ болды, екі езуі екі құлағына жетіп, олар масайрап мәз боп қалады, ал жауынды күндері олардың да қабағын бұлт басып қарс жабылып кетеді. Ал бірнеше апта бұрын олар мұндай осалдыққа, мұндай есуас құлдыққа дес бермейтін, себебі онда байтақ әлемнің алдында жалғыз болмайтын, бұрын бірге болған жан иесі ретінде өз болмысымен-ақ жауын-шашынды серпіп тастайтын. Енді олар қай жағынан қарағанда да, аспан қытымырлығының шеңгелінен шыға алмай, біз сияқты азапқа түсіп, біз сияқты ойсыз -мәнсіз үмітке иек артады.
Ақыр аяғында, осынау шырқау шегіне жеткен жалғыздықта ешқайсымыз да көршіміздің көмегіне арқа сүйеуді ойламай, барлық қам-қарекетпен бетпе-бет жалғыз қалып, жеке қимылдауға мәжбүр болдық. Егер бәз-біреуіміз кездейсоқ басқаға сенетін болсақ немесе өз көңіл күйіміз туралы жай ғана әңгімелесек, алатын кез келген жауабымыз әдетте қорлау сияқты қабылданды. Бұл арада сұхбаттасы екеуі мүлдем басқа мәселе жөнінде айтып отырғанын ол ғана аңғарады. Өйткені ол бәз-бір мәселе жөнінде сарқылмас ойларының тереңінен, мұң-шерге толы жанының түкпірінен сыр шертеді. Ал басқаларға ашпақ болған бейнесі күтуден көз еті сарғайып, құмарлық отымен шарпылған. Екіншісі болса, керісінше, ойша көне көңіл күйді күйттеп, әдеттегі жан күйзелісі, таптаурын уайымшылдық құшағында отыр. Демек, жауап қандай болса да қарсы не ізгі ниетті -бәрібір нысанаға дөп тимейді, сондықтан шын ықыласты әңгімеден бас тарту керек.
Болмаса үндемеуді азап көргендер ерікті-еріксіз әр алуан жаргонға жүгіріп, жаттанды сөздікті, оқиға айдарымен берілетін қарапайым хабарлар сөздігін пайдаланады да, әңгімесі газет репортажы іспетті боп шығады. Өйткені жүрек түкпірінен шығатын тілді төңіректегілердің ешқайсысы игерген емес. Сондықтан шынайы қайғы-шердің өзі бірте-бірте таптаурын сөз тіркестерімен сыртқа шығатын болды. Тек осындаймен ғана оба тұтқындары күзетшінің аянышты күрсінісін естіп, тыңдаушылардың ықыласын аударуға үміт артады.
Әлбетте, біздің үрей-қорқынышымыз қанша азапты болғанымен, ағаттығымыз кеудеге зіл қара тас боп батқанымен, мынау қуыс жүрек қудаланушылар қырғынның бастапқы кезеңінде дәрежесі артықтар қатарында жүрді. Шын мәнінде тұрғындардың еңсесі түсіп, жүнжіп кетті де, бүл лектегі қуғындалушылардың арман-мұңы, бар назары күткен жандарына ауды. Жаппай ашынудың арасында оларды махаббаттың өзімшілдігі сақтап қалды, олар оба жайында ойласа да, ол уақытша айырылысуымызды мәңгілік қып жібермес пе екен деп ойлады. Індеттің аптап аузында жүріп, олар салқынқандылық деп қабылдауға болатын осы қарекетті тауып алды. Үмітсіздік оларды үрейден қорғап, қайғының өзі игілікке айналды. Айталық, сондай адамды ауру алып кетті десек, аурудың қашан да ес жиюға мұршасы келмейді. Оны сүйікті көлеңкесімен таусылмайтын іштей сұхбатынан ай-шайсыз жұлып әкетеді де, еш өткелсіз қара жердің мызғымас тілсіз топырағына тапсырады. Ал оны байқауға да үлгермейді ол бейбақ. Біздің азаматтар үш ұйықтаса түске кірмеген мынау жер аударумен ауыл-үй қонғанша, оба қала қақпасына кардон қойып, Оранға келе жатқан кемелердің бағытын өзгертіп үлгерді. Қала жабық деп жарияланған күннен бастап бізге бірде-бір мәшине өткен емес. Міне, енді бізге автомобиль мақсат-мүддесіз белгілі бір кемені ғана шиырлап айналып жүре беретіндей көрінді. Сондай-ақ порт та оғаш бір көріністі көз алдыңа тартады, әсіресе оған жоғарыдан, бульвар жақтан қарасаң қаңырап қалғандай. Заңды түрде жағалаудағы бірінші порт болғандықтан ығы-жығы боп жататын ол әп-сәтте тыныштала қалды. Мүйісте карантинге байланысты ұсталған бес-ақ кеме тұр. Аймақтағы қажетсіз алып крандар, бір-біріне аударылып қалған вагонеткалар, кеспектер мен қақпақтардың жалқы қатарлары - бәрі-бәрі сауда-саттықтың да обадан майып болғанын айғақтап тұрғандай.
Осынау келеңсіз көріністерге қарамастан біздің азаматтар өздері нендей күйге түскеніне әреңдеп ой жіберді. Әрине, баршаға ортақ айырылысу немесе қорқу сияқты сенімдер жоқ деуге болмайды, сөйте тұра көпшілік үшін алдыңғы орынға өз қам-қаракеттері шығады. Іс жүзінде індетті ешкім де қабылдаған жоқ. Көпшілігі шын мәнінде өз әдет-дағдысының бұзылуынан болмаса іскерлік мүдделерінің кемсітілуінен жапа шекті. Мұның өзі ашу шақыртып, ыза қылды, ал ашу-ыза обаға қарсы қояр сенім емес қой. Сонымен, олардың алғашқы жауап қарекеті бәрі үшін қала өкіметін кінәлау болды. Баспасөз де қосылып кеткен ("Қабылданатын шаралардың жұмсартылатынына үміт артуға болмас па екен?") Бұл сыншыларға қала өкіметінің жауабы қайткенде де оқыс болды. Күні осы уақытқа дейін газеттер де, Құжхабар агенттігі де аурудың барысы туралы статистикалық ресми мәлімет алған жоқ-ты. Енді префект агенттікке ол мәліметтерді күн сайын хабарлап, оларды күнделікті ақпар ретінде жариялап отыруды өтінді.
Алайда көпшілік әлі өзіне-өзі бірден келе алған жоқ еді. Расында да, үшінші аптада індет үш жүз екі адамның өмірін үзгені туралы хабар жарияланғанда, бұл деректі сандар ой-қиялымызға ештеңе де айта алмады. Бір жағынан олардың бәрі, бәлкім обадан өлген жоқ шығар. Екіншіден, әдеттегі уақытта қалада аптасына неше адам қайтыс болатынын тап басып ешкім білген емес. Қалада жалпы екі жүз мың тұрғын бар деп есептелетін. Ал оған өлімнің мына пайызы әбден қалыпты да шығар. Мұндай мәліметтер күмәнсыз қызығушылық туғызғанымен, әдетте олар ешкімді де толғандырмайды. Белгілі жағдайда көпшілік салыстыратын материалдар жетіспеді. Тек кейін ғана өлім-жітімнің көрсеткіші күрт көтеріліп бара жатқанына көзі жеткенде барып қоғамдық пікір ақиқатты мойындады. Шын мәнінде індеттің бесінші аптасы - үш жүз жиырма бір, алтыншы аптасы үш жүз қырық бес кісі өлімін берді. Міне, бүл секіріс бұлтартпайтын жайт. Алайда ол да күрт деуге келмейтін еді, сондықтан біздің ағайындар абыржығанымен де, індетті өкінішті болса да, өткінші деп көңіл аулады.
Олар бұрынғысынша көшелерде қыдырып, бұрынғысынша дәмхана баспаларында мәжілістесті. Жұрттың көзінше қорқақ боп көрінгісі келмей, әзіл-қалжыңға басып, бұл қолайсыздықтың бәрі уақытша ғана дүние, ол жақсы көңіл күйден айыруға тиіс емес дегенді білдіргісі келді. Сөйтіп, сыпайы әдеп сақталды. Алайда айдың аяғына қарай, шамамен, ғибадат аптасына таман (ол туралы сөз кейінірек) қаламыздың сыртқы келбетінде елеулі өзгерістер болды. Әуелі префект көлік қозғалысы мен жабдықтауға қатысты шаралар қабылдады. Жабдықтау лимиттеліп, бензин сату қатаң шектелді. Тіпті электр қуатын үнемдеу де көзделді. Оранға жерүсті және әуе көліктерімен тек бірінші кезектегі ғана қат заттар әкелінді. Сөйтіп көлік қозғалысы күннен күнге азайтылып, ақыр тоқтап тынды, сәнді бай дүкендер бірінен кейін бірі жабылып, кейбіреулерінің жарнама әйнегіне ана бұйым да, мына бұйым да жоқ деген хабарландырулар ілінді, соған қарамастан олардың есігі алдында ұзыннан-ұзақ алармандар кезегі тұрды.
Жалпы, Оран өзіндік бір ерекше түрге енді. Жаяулар саны недәуір артты, тіпті көшелер әдеттегідей бос қалып, кеңселер мен дүкендердің жабылуына орай көп жұрт қарекетсіз қалғанның өзінде бульварлар мен дәмханалар аузы-мұрнынан шықты. Әзір олар жұмыссыздар санатына қосылмай, демалыстағылар деп саналады. Сонымен, күндізгі сағат үште тамаша түстік аспаны астындағы Оран бәз-бір мереке басталған қаланың көз алдар кейпіне енді. Тұрғындар жаппай сауық-сайранға қатысу үшін тік көтеріле көшеге шыққанда бүкілхалықтық салтанатқа бөгет болмас үшін автомобиль қозғалысын тоқтатып, барлық дүкендерді әдейі жауып тастағандай көрінеді.
Осы бір жаппай каникулды кинотеатрлар кеңінен пайдаланып, ірі істер атқарғаны аян. Бірақ біздің департаментте фильмдерді тарату тоқтатылды. Екі аптадан кейін кинотеатрлар бір-бірімен бағдарлама алмасуға мәжбүр болып, ұзамай экрандарда сол баяғы бір фильмдер өзгермей жүре берді. Түсім түк те кеміген жоқ.
Тура сол секілді сауда ішімдіктің мол қоры бар қаламыз шараппен сауда жасайтын болғандықтан, дәмханалар тұтынушылар тілегін үзіліссіз қанағаттандырып тұрды. Ашығын айтқанда, жұрт жақсы-ақ ішетін. Әйткенмен дәмханалар көпшілікті қызықтырып "қаншалық көп жұтсаң, соншалық микробты да құртасың" деп жарнамалап жатты. Спиртті ішімдіктер жұқпалы аурудан сақтандырады деген әбден табиғи пікір көңілімізге басы бүтін орнығып та алған. Түнгі сағат екіден кейін дәмханалардан қуып шығарылған маскүнемдердің біразы таңға дейін көшелерде сендетіліп, үміт оятар болжамдар жасайды.
Бірақ бұл өзгерістердің бәрі кей жағдайда таңғажайып болғаны сондай, олардың қас қағым сәтте өтуі әдеттегі берік құбылыс деп санауға жүрек дауалатпады. Нәтижесінде біз үшін алдыңғы орында бұрынғысынша жеке бас сезімі тұрды.
Қала жабық деп жарияланғаннан кейін екі күннен соң Риэ лазареттен шыға бере қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Коттарға бетпе-бет келіп қалды. Түріне қарағанда аурудан толық айыққан тәрізденген оны Риэ сауығуымен құттықтады.
― Рас, рас, өзімді өте жақсы сезінемін, - деп растап жатыр Коттар да. - Айтыңызшы, дәрігер, мынау зұлмат оба, шынында да, шетімізден ала бастай ма, өзі?
Дәрігер шындықты мойындады. Ал Коттар қанағат тұта тіл қатты:
― Былайша, індеттің тоқтауына себеп те жоқ сияқты. Барлығы астан-кестең болды ғой.
Жарым жолды олар бірге өтті. Коттар өз қотанындағы үлкен азық-түлік дүкенінің иесі кейін екі бағасына өткізу үшін азық-түлікті оңды-солды сатып ала берген екен, санитарлар келіп оны лазаретке алып кеткенде кереуетінің астынан консервілердің тұтас қоймасын тапқанын айтты. "Ол өлсін, өлмесін, ал обадан байи алмайтының айқын". Жалпы Коттарда індет туралы өтірік-шыны аралас қыруар әңгіме бар? Мәселен, бір кісі жұқтырған ауруының алғашқы нышанын байқап көшеге ата шығып, өтіп бара жатқан әйелді тарпа бас салып, құшағына қатты қысып, жартылай сандырақ сияқты менде оба деп кеңірдегін жырта айқайлапты деген аңыз бар.
— Ғажап! - деп түйді Коттар оның кейінгі сөзіне үйлеспейтін сыпайы үнмен. - Ұзамай бәріміз де есімізден адасамыз, оған сеніңіз! Сол күні кешқұрымға таяу Жозеф Гран ақыр соңында Риэмен ашық әңгімелесуге бел буды. Бәрі оның дәрігердің жазу үстелінен мадам Риэнің суретін байқауынан басталды. Сұрақты көзбен қараған сұхбаттасына Риэ әйелінің қалада емес екенін, емделіп жатқанын айтты.— Былай алып қарағанда, бұның өзі сәттілік, - деді Гран.
― Сөз жоқ, сәттілік, енді әйелімнің түбегейлі айығатынынан үміттену ғана қалды, - деп жауап қатты Риэ.
— Ә, иә, түсінемін, түсінемін, - деді даусын созып Гран.
Танысқаннан бері Гран тұңғыш рет сөзуарлыққа ерік беріп отыр. Рас, ол әлі де қажет сөздерін іздейді, бірақ баяғыда-ақ ойланып алғандай оны табан аузында таба қояды. Ол мүлдем жас кезінде көршідегі байлығы шамалы уылжыған жап-жас қызға үйленіпті. Сол үшін оқуын тастап, жұмысқа тұруға тура келген. Ол да, Жанна да ешқашан өз қотанының шегінен шығып көрмеген. Жаннаға барып жүргенінде оның ата-анасы қалтыраған және аузынан бір сөз алу қиын үндемес жігітке сырттай күледі екен. Жаннаның әкесі теміржолшы болған. Бос уақытында ол дәйім терезеге тақау бұрышқа жайғасып, лапардай алақанын тізесіне қойып, көшеде ағылып жатқан жұртқа ойлана көз тастайтын. Анасы ертеден қара кешке дейін үй шаруасында салпақтап жүрген. Оған Жанна ғана көмектесетін. Ол тым талдырмаш, әрі кіп-кішкентай болатын, көшеден өткен сайын қорқыныштан Гранның жүрегі тоқтап қала жаздайтын. Машина атаулының бәрі онда қатерлі бір хайуандай көрінетін. Бірде Ғайса пайғамбардың туған күні қарсаңында Жанна мерекеге безендірілген жарнама әйнектің алдына тоқтай қалып, серігіне көзін аударып: "Не деген әдемі!" деп сыбырлады. Ол оның білегін қысты. Осылай үйлену мәселесі шешілді.
Тарихтың тәмамдалуы, Гранның айтуынша, тіптен оңай болған. Жұрттың бәрі сияқты үйленеді, бірін-бірі біразға дейін сүйеді, жұмыс істейді. Жұмысты және махаббат жайы естен шыққанша істейді. Бастық берген уәдесінде тұрмаған соң Жанна да қызметке кіруге мәжбүр болды. Осы арада Гранның одан арғы әңгімесін ұғыну үшін дәрігердің ой-қиялды көмекке шақыруына тура келді. Титықтап шаршаудан Гранның еңсесі түсіп кетті, келіншегімен әңгімесі де барған сайын сиреп, оны сүйетініне сендіре алмайтын жағдайға жетті. Жұмыс жеп тастаған еркек, болашақ жолын біртіндеп жабатын кедейлік, көпшілік дастарқан басында көңіл құлазытатын үнсіздік құмарлық пен құштарлыққа қайдан жол ашсын.
Зайыры, Жанна қиналып жапа шегеді. Алайда кетпейді, Кісі қиналады, қасірет шегеді, бірақ онысын өзі де білмейді - мұндайлар өмірде жиі болады. Жылдар өтеді. Ақыры келіншек кетеді. Әрине, жалғыз кетпейді ғой. "Мен де сені мейлінше сүйіп едім, бірақ тым шаршап кеттім... Кеткенімен онша бақытты да емеспін, бірақ өмірді қайта бастау үшін бақытты болу міндетті де емес". Шамамен, оның жазғаны осы.
Жозеф Гран да аз қайғырған жоқ. Дәрігер әділ атап өткеніндей, оның да өмірді қайта бастауына қақысы бар. Тек ол мұндайға енді сенбейді.
Әншейін ғана ол әр уақыт оны ойлайды. Бәрінен бұрын Жаннаға хат жазып, оның көз алдында өзін ақтағысы келеді. "Тек қиын, өте қиын, - дейді ол - Мен оған жазсам деп баяғыда-ақ ойланғанмын. Бір-біріңді сүйген кезде сөзсіз-ақ бәрі тынатын, біз де солай түсінісетінбіз". Гран қалтасынан салфеткаға ұқсас ала қол орамал алып қатты сіңбірініп, мұртын сүртті. Риэ оған үнсіз қарады.
― Кешіріңіз мені, дәрігер, - деді Гран, - қалай дұрысырақ айтсам екен... Сізге сеніммен қараймын. Міне, сізбен сөйлесе де аламын. Әйткенмен, әрине, толқимын да. Өз ойымен Гранның обадан мың шақырым шалғай жүргені бесенеден белгілі.
Кешкісін Риэ әйеліне жеделхат жіберіп, қаланың жабық деп жарияланғанын, өзінің аман-сау екенін, оның өзіне өзі қарап, абай болуын өтініп, ұдайы ойынан шығармайтынын хабарлады.
Қала жабылғаннан кейін үш апта өткенде Риэ лазареттен шығып келе жатып, өзін күтіп тұрған жас жігітке жолықты.
— Мені танитын шығарсыз деп ойлаймын, - дейді ол
Риэ оны бір жерден көрген сияқты, бірақ қайда екенін есіне түсіре алмады.
― Сізге осы оқиғалардан бұрын келгенмін, - деді бейтаныс.Арабтардың тұрмыс жағдайына қатысты мағлұматтар сұрағанмын. Мені Раймон Рамбер дейді.
— И-иә, - деп есіне түсірді Риэ. - Енді не, бізде қазір репортаж үшін бай материал бар.
Рамбер шамданып қалды. Сөз репортаж жайында емес деп ол дәрігердің көмегін сұрай келгенін айтты.
― Сіздің алдыңызда кешірім сұрауға тиіспін, - деп ол сөзін жалғастырды. - Бірақ мен қаладан ешкімді де білмеймін, ол біздің газеттің бұндағы тілшісі, өкінішке орай, барып тұрған есуас.
Риэ Рамберге өзімен бірге қаланың орталығына дейін баруды ұсынды, жұмыс бабымен диспансерге кіріп шығуы керек болатын. Олар негрлер қотанының тар көшесімен адымдап келеді. Қас қарайған кезде, дәл осы мерзімде шулап жататын қала енді таңданарлықтай тып-тыныш. Байыған күннің жалқынымен алтындай жалтылдаған аспанға самғаған керней үні ғана әскерлердің әлі де өз міндетін орындап жатқанын, дәлірек айтқанда, орындап жатқандай көрінгісі келетінін айғақтайды. Ашық көк, сары және күлгін мавр үлгісіндегі үйлердің арасындағы тік көшемен келе жатып Рамбер қызына сөйлеп келеді, сөйлеп келеді. Парижде әйелі қалыпты. Шынын айтқанда, әйелі де емес, бірақ оның маңызы қанша. Қала жабық деп жарияланғанда, оған телеграф арқылы хабар берген көрінеді. Алғаш бұл ұзаққа созыла қоймас деп ойлап, сосын онымен үзбей хат жазысып тұрудың қамын ойлайды. Әріптестері - Оран журналистері оған ештеңе істеуге болмайды деп тура ашық айтыпты, поштада оны қуып шығыпты, префектурада хатшы қыз бетіне қарап қарқылдап күліпті. Ақыр аяғында ол телеграфта екі сағат ұзыннан-ұзақ кезекте тұрып: "Барлығы ойдағыдай, ұзамай жолыққанша" деген мағынада баянхат жөнелтіпті.
Ертеңіне ертеңгілік ол төсектен тұрып жатып мұның қаншалықты ұзаққа созылатынын тіпті тірі пенде білмейді деп ойлайды, сондықтан кетіп қалуға бел байлайды. Жолдау хаты болғандықтан ол префектура кеңесінің бастығына кіре алатын еді (журналистерді әйтеуір бетке көп қақпайды ғой). Рамбер оған өзі келіп, Оранға ешқандай қатысы жоғын, мұнда босқа сандалып жүргеннен түк шықпайтынын, жалпы бұл жерге кездейсоқ келіп қалғанын, сондықтан тиісті карантиннен өтуге тура келсе де, кетуіне рұқсат бергендері әділдік болатынын айтты. Кеңсе бастығы барлығын жақсы түсінетінін, бірақ ешкімге бөле-жарып рұқсат бере алмайтынын, жалпы жағдайдың қиындығын, ал өзі ештеңе шешпейтінін, сонда да ойланып көретінін айтып жауап берді.
— Ал мен сіздің қалаңызға мүлдем бөтенмін ғой, - деп Рамбер де қоймады.
― Айтқаныңыз ақиқат, дегенмен індеттің созылмайтынына сенейік те.
Рамбердің көңілін көтеріп жігерлендіру үшін дәрігер Оранда қазір қызықты репортаж үшін қыруар материал бар екенін, сындарлы ойлағанға ең бір қайғылы оқиғаның да өзіндік жақсы жағы болатынын айтты. Рамбер иығын қиқаң еткізді. Сөйткенше олар қаланың орталығына да келіп қалды.
— Дәрігер, түсініңізші мені, мұның бәрі де ессіздік. Бұл дүниеге мен репортаж жазу үшін келмеген болармын... Бәлкім, жарық дүниеге жар құшу, әйел сүю үшін келген шығармын. Ал бұл әдеттегі нәрсе емес пе?!
Риэ мұндай ой ақылға әбден қонады деп жауап қатты. Орталық бульварларда әдеттегідей тобыр болмай шықты. Олардың көзіне қала шетіне асыққан бірнеше жаяулар ғана түсті. Күлкі үйірген бірде-бір жүз байқалмайды. Зайыры, Құжхабар агенттігі жариялаған бүгінгі мәліметтің нәтижесі осындай болуы керек деп ойлады Риэ. Тәулік өткен соң біздің азаматтар тағы да үміттене бастайды. Алайда бүгін күндіз жарияланған дерек сандардың әсері жадта әлі жаңа күйінде болатын.
― Мәселе мынада, - деді тікелей Рамбер, - мәселе екеуіміздің таяудан бері ғана кездесіп жүргенімізде ғой, жақсы келісіп, тамаша үйлесуші едік.
Риэ үн қатқан жоқ.
— Тегінде сізді әбден мезі етіп тойдырып біттім ғой деймін, - деп Рамбер сөзін әрі қарай сабақтады. - Сізден менің өтінерім тек қана мынау: сіз маған мынау сайтан соққыр оба дегенің жоқ деп ресми бекінетін куәлік бере алмас па екенсіз. Ондай қағаз кәдеге асар еді деп ойлаймын.
Риэ үнсіз басын изеді, сол сәт жүгіріп келіп тізесіне басымен кеп соғылған баланы қағып ап үлгеріп, аяғынан жерге тік қоя қойды. Жолын одан әрі жалғап олар Зеңбірек алаңынан бір-ақ шықты. Басын салбыратып қатып қалған тәрізді фикустар мен пальмалар шаң-шаң құрсаумен Республика ескерткішін қаумалап тұр. Ескерткіш те шаң басып кір-қожалақ болыпты. Олар соның тұғырына тоқтады. Риэ аяғымен, әуелі оң, сосын сол аяғымен жер тепкілеп, кебісіне қонған ақшыл тозаңды қағып түсіргісі келді. Және ұрлана Рамберге қарап қойды. Ол фетр қалпағын желкесіне бастырып, аузын бұртитып ренжіп түр: сақалы алынбаған, жағасының галстук астындағы түймесі де салынбаған, ал көзінде қиқар ерегес ұшқыны бар.
― Сізді өте жақсы түсінетініме сеніңіз, - деп ақыр соңында сөз бастады Риэ. - Алайда ой топшылауларыңызда дұрыс сілтеме жасамайсыз. Сізге мен анықтама бере алмаймын, себебі осы ауруға шалдыққан, шалдықпағаныңызды білмеймін, сондықтан кепілдік те беру қиын, бұл дегенің минуттың бір бөлшегі сияқты дүние: менің кабинетімнен шығып, префектураға кіргенде жұқтырып алуыңыз да мүмкін. Айтқандай, тіптен...
— Не тіптісі бар? - деп сұрады Рамбер.
― Тіптен мен ондай анықтама берген күннің өзінде де ол кәдеге аспас еді.
— Неге?
― Өйткені біздің қалада сіздің жағдайыңыздағыдай мыңдаған адам бар. Бірақ біздің оларды бұл арадан жіберуге хақымыз жоқ.
— Ал олар обамен ауырмайды емес пе?!
― Бұл жетерліктей себепті сылтау емес. Жағдайдың ақылға қонымсыз екенімен келісемін, бірақ біздің бәріміз де торға түсіп қалып отырмыз ғой.
— Апырау, мен бұл жерлік емеспін ғой.
― Жоқ, белгілі уақыттан бері сіз де осы жерліксіз.
Рамбер күйіп-пісті:
— Арыммен ант берейін, бұл дегенің адамгершілік мәселесі емес пе! Бәлкім сіздер бір-бірімен жақсы түсінісіп, жақын болған екі адам үшін айырылысып бөлек тұрудың не екенін түсінбейтін шығарсыздар?!
Риэ бірден жауап қайырған жоқ. Сонан соң тегінде түсінетіндігін айтты. Оның үстіне Рамбердің зайыбымен қауышуын жанының бар жалынымен қалайтынын білдірді. Жалпы ол бірін-бірі сүйгендердің тезірек бірге болғанын тілейді. Бірақ, өкінішке орай, белгілі бір заңдар мен өкімдер, ең бастысы - оба бар, сондықтан оның жеке рөлі өзіне жүктелген істі ғана атқару.
― Жоқ, сізге бұны түсіну қайда! - деді ашына қарсы шыққан Рамбер. - Сіздің аузыңызбен ақыл-ой ғана сөйлеп тұр, сіздер абстракция әлемінде өмір сүресіздер.
Дәрігер көзін Республика ескерткішіне тастап, өзінің аузымен ақыл-ой ғана сөйлеуі екіталай екенін, бұның жалаңаш шындық екеніне сенімділігін, бұл екеуі ұдайы бір бола бермейтінін айтты. Журналист галстугін түзетіп:
— Басқаша айтқанда, о ғып,бұ ғып бұлтарып шығуға тура келді. Бәрібір қаладан кетемін, -деп түйді Рамбер шамырқанып.
Дәрігер Рамберді тағы да түсінетінін, бірақ бұның өзіне қатысы жоқтығын айтты.
― Жоқ, қатысы бар, - деп жарылып кете жаздады кенет Рамбер. - Менің сізге келіп отырғаным тегін емес, қатал шаралардың қабылдануын табандап отырып талап еткен өзіңіз. Мен болсам, сіз кісіге бір жақсылық жасау ретінде бір-ақ мәрте болса да өзіңіз айтқан шешімді бұзар-ақ деп ойлап едім. Шамасы, сіздің онымен ісіңіз жоқ екен. Сіз ешкім жөнінде де ойлаған жоқсыз. Амалсыз айырылысып, бөлек тұрып жатқандарға қолды бір-ақ сілтегенсіз.
Риэ оған келісті, бәз-бір мағынада Рамбердікі де дұрыс, оның қолды бір-ақ сілтегені анық.
— Білем, білемін, - деп дауыстап жіберді Рамбер, - қазір сіз қоғамдық пайда жөнінде айта бастайсыз. Ал қоғамдық игіліктің өзі әрбір жеке адамның бақыты емес пе!
― Білгіңіз келсе бар ғой, - деп дәрігер онша абдырамай, бұрынғысынша қысылмай үн қатты, - бақыт бақытымен, бірақ басқа да бір нәрселер бар ғой. Ешқашан албаты жазғыруға болмайды. Құр босқа ашуланасыз. Егер осы шытырманнан құтылып кетер болсаңыз, оған мен жан-тәніммен қуанамын. Тек жұмысымның сипатына қарай маған тыйым салынған нәрселер де бар. Журналист шыдамсызданып басын шайқады:
— Сіздің айтқаныңыз дұрыс екен, босқа ашуланыппын. Оның үстіне қаншама есіл уақытыңызды алдым. Риэ Рамберден өз ісі жөнінде құлағдар етіп отыруын, ішке кек бүкпеуін өтінді. Зады, Рамбердің іс-қарекет жоспары болуы керек, бәлкім бәз-бір мағынада оларың жүзеге асып қалар. Рамбер Риэге сасқалақтай қарады.
― Мен де соған сенемін, - деді ол сәл үнсіз қалып, - өз ойыма қарамастан, сіздің осында айтқандарыңызға қарамастан сенемін оған. - Бөгеліп қалып сөзін қайта сабақтады. -Бәрібір сонда да сіздің іс-қимылыңызды қостай алмаймын.
Сосын қалпағын маңдайына бастырып, тез-тез басып тайып тұрды. Риэ көзбен шығарып салып тұрып журналистің мейманхананың Жан Тарру тұратын подъезіне кіргенін көрді.
Дәрігер ойлана басын шайқады. Журналистің жанталасып бақытқа құлшынуы дұрыс. Бірақ ол Риэні кінәлағанда дұрыс жасады ма?.. "Сіздер абстракция әлемінде өмір сүресіздер" дейді. Сонда оба еселенген қомағайлықпен құрбандарын қылғып, аптасына орта есеппен бес жүз адамның өмірін жалмап жатқан лазаретте өткізген күндер абстракция болғаны ма?.. Иә, сөз жоқ, қайғы-қасіретте де абстракцияның өз үлесі бар, онда шындықтан тыс бірдеңе бар. Ал абстракция өлтіруге әрекет жасай бастаса ғана онымен айналысуға тура келеді. Риэнің бір білетіні - оның онша оңай еместігі. Бар жауапкершілік өзіне жүктелген қосалқы лазаретке басшылық ету де оңай шаруа емес. Дәрігер кабинетіне жапсарлас бөлмені алғаш түскен ауруларды қабылдайтын орын жасады. Еденнен үңгіп шұңқыр қазып, тұтас крезол көлшігін жасап, ортасынан кірпішпен қалап аралшық тәрізді бірдеңе тұрғызды. Ауруды әуелі сол аралшыққа отырғызып тыр жалаңаш шешіндіреді де, киімдерін крезол ерітіндісіне тастайды. Ауруды бастан-аяқ шомылдырып, құрғағанша сүртіндіріп, аурухананың бүртік-бүртік жейдесін кигізгеннен кейін Риэнің қолына береді, содан өткен соң ғана палаталардың біріне жөнелтеді. Лазаретте төсек саны бес жүзге жетіп, оның бәрі толғаннан кейін мектептің шатырланған ішкі аулаларын пайдалануға тура келді. Аурулардың бәріне вакцина еккізіп, без ісіктерін жарған Риэ таңертеңгі өзі жүргізген аралаудан кейін статистикалық мәліметтер түзілген қағаздарды қарап шығып, түстен кейін ауруларды аралауды қайта бастады. Соңынан ол күнде кешке үйде емделетін ауруларды қарап, үйге кеш, түннің әлдебір әлетінде оралып жүрді... Тура соның қарсаңында ғана анасы Риэге әйелінің жеделхатын тапсырып тұрып ұлының қолы дірілдегенін байқады.
- Рас, қолым дірілдейді, - деп келісті ол - Бұл жүйкенікі ғой, өзімді өзім бақылаймын.
Табиғатынан ол қуатты да табанды. Шынында да әлі шаршап шалдығып көрген жоқ. Дегенмен ауруларды аралап, үй-үйге кіру төзімін тоздырып барады. "Жұқпалы безгек" деп диагноз қою ауруды оңашалау дегенді білдіреді. Міне, қиындық дәл осы арада туады да, абстракция әлемі басталады: аурудың отбасы оны жазылған жағдайда немесе табытта көретінін өте жақсы біледі. "Бізді аяй көріңіз, дәрігер" деп тапсырды Тарру тұратын мейманханадағы күтуші қыздың анасы мадам Лоре. Ал аяу деген не? Әрине, ол жаны ашып аяды. Бірақ бұдан ештеңе өзгерген жоқ. Телефон шалуға тура келді. Бірнеше минуттан кейін "жедел жәрдем" машинасының сиренасы естілді. Әуелі көршілері терезелерін ашып көшеге қарады. Аздан соң қайта асығып, терезелерінің қақпасын жаба бастады. Шын мәніндегі күрес, көз жасы, жалыну, жалпы алғанда абстракция сонда бел алды. Безгек пен үрейден ауасы от боп жанғандай көрінген бөлмелерде есуастықпен шектескен көріністер ойналды. Алайда ауруды бәрібір алып кетті. Риэ сонда ғана үйге қайтуға мүмкіндік алды.
Індеттің бастапқы күндері ол телефон шалумен шектеліп, "жедел жәрдем" көмегін күтпей келесі ауруға асығатын. Ал ол кеткен соң аурудың туыстары есіктерін тарс бекітіп, сырқат жанды үйден шығармай, жұқпалы дертпен бетпе-бет қалғанды артық көретін, шығарса-ақ ақыры немен тынатынын жақсы білетін. Айқайласып, бұйрық беріп, полиция, кейіннен әскерилер араласып алғаш ауруларды үйінен әрең алып шығып жүрді. Алғашқы апталардан-ақ "жедел жәрдем" қашан келгенше күтіп отыруға тура келді. Кейін дәрігерге еріп еріктілерден тартылған санитарлық инспекторлар келетін болған соң, Риэ бір аурудан екіншісіне бірден жүгіруге мүмкіндік алды. Бірақ ең басында "жедел жәрдемді" күтіп аурулардың қасында отырған кештер мадам Лоренің пәтеріндегі кешке ұқсады. Қағаз желпуіштермен және жасанды гүл шоқтарымен малындыра безендірілген шағын пәтерінде қарт ана оны табалдырықтан қарсы алып, мұңлы кейіппен жымиып:
— Бұныкі жұрттың бәрі айтып жүрген безгек болмас деп сенемін, - деді.
Ал бұл ақжайма мен түнгі көйлектің етегін көтеріп қыздың іші мен шабын қанталап жауып кеткен теңбіл дақтарға, долырып ісіп кеткен бездерге қарады. Қызының жалаңаш шабына көзі түсіп шыдай алмаған анасының жан даусы шықты. Әрбір кеш сайын дәл осылай баласының жалаңаш қарнына ойсыз үңіліп, ажалдың қызғылт теңбілдерін көріп дауыс салған аналар дірілдеп-қалшылдап Риэнің қолына жармасып, көз жасы жалыну мен жалбарынуға ұласып, "жедел жәрдемнің" сиренасына зар еңіреп жан айқайымен жауап беретін. Осындай кештердің шексіз-шетсіз тізбегінің соңына қарай Риэ өзін әлгіндей бір-бірінен айнымайтын, әлсін-әлі қайталана беретін көріністер күтіп тұрғанын түсініп, басқа ештеңеге сенуден қалды. Иә, оба да абстракция сияқты бірсарынды болып шықты. Өзгерген жалғыз Риэнің өзі ғана. Мұны ол Республика ескерткішінің түбінде Рамберді жұтып жіберген мейманхана есігіне қарап тұрған кеште мойындаған. Сонда бір түйсінгені - өзін бірте-бірте қорғасындай ауыр немқұрайдылық меңдеп бара жатқаны.
Күллі қала сыртқа лықсып шығып, көшелерде ойсыз-күйсіз сендетіліп сапырылысып жүретін сол бір титықтатқан апталардың соңына қарай Риэ кенет енді аяушылықтан қорғанудың қажеті жоқ екеніне көз жеткізді. Жаны ашып аяу пайдасыз болғанда адамды қажытып жібереді... Жүрегі бірте-бірте өз аясында тұйықтала бастағанын түсініп, дәрігер аптаның зілдей басқан ауыртпалығынан алғаш босағандай бір жеңілдік сезінді. Осыдан бастап міндет те оңайлайтын тәрізді. Оның қуанған себебі де осы. Дәрігердің анасы ұлын түнгі сағат екіде қарсы алып, қалжыраудан кілегейленген көзін көріп күйзеліп, тағдыр сыйлаған жалғыз жұбанышынан да айырылды-ау деп уайымдаған еді. Ал абстракциямен күресу үшін оған аз да болса жақын жүру керек. Сонда мұны Рамбер қалай сезінеді? Рамбердің көз алдында оның бақытына бөгет болатынның бәрі абстракция. Риэ болса, қолын жүрегіне қойып белгілі мағынада журналистікі жөн екенін мойындайды. Сондай-ақ ол абстракцияның адам бақытынан басым түскен жағдайын да біледі. Ондайда бұл туралы ойлануға тура келеді. Зайыры, бұл Рамбер бастан кешкен оқиға болуы керек, дәрігер оны журналистің тек мойындауларынан көп кейін түсінді. Сөйтіп, ол әрбір жеке адамның бақыты мен оба абстракциясының арасындағы сұмдық шайқасты тың тұрғыдан қадағалай алды. Сайып келгенде, бұл шайқас ұзақ уақыт бойы біздің қала өмірінің мән-мағынасын құрады.
Ал кейбіреулер абстракция көрген жерден енді біреулер ақиқат көрді. Обаның алғашқы айының аяғы індеттің көрінеу көзге жаңадан өршуімен және Панлю атайдың қызу уағыздарымен қытымырлана түсті. Панлю - ауырып қалған Мишель қарттың үйіне жетуіне қолұшын берген иезуит. Ол "Оран жағрапиялық бюллетенінде" тұрақты қатысып тұруы арқасында әжептәуір танымал болған адам, ежелгі тас жазуларын ажырату жөніндегі еңбегімен басылымда тәп-тәуір бедел жинаған. Ал бұдан да үлкен аудиторияны ол маман-оқымысты емес, қазіргі индивидуализм жөнінде сериялы баяндамалар оқитын лектор ретінде баурап жүр. Өзінің лекцияларында ол ең жаңа келісімпаздықтан да, өткен ғасырлардың ғылымға қарсылығынан да алшақ ымырасыз христиандықтың жалынды күрескері болып көрінеді. Осыған орай ол аудиторияға ең бір ащы шындықты айтудан тартынбайды. Оның атағы осылай дәуірледі.
Алғашқы айдың аяғында қаланың шіркеубасылары келер аптаны жаппай жалбарыну аптасы деп жариялап, обаға қарсы өз тәсілімен күресуге бел байлады. Дұға оқып жалбарынудың бүл бір көпшілік шеруі өзі де обадан опат болған обаға шалдыққандардың қорғаушысы Рох әулиенің құрметіне жексенбі күні салтанатты ғибадатпен аяқталуға тиіс. Сол себепті Панлю атайдан уағыз айтып, дұға оқуды өтінді. Табаны күректей екі аптаға оның әулие Августин мен африка шіркеуіне арналған еңбегінен қол үзуіне тура келеді, ал бұл оған иезуит қауымынан құрметті орын әперген еңбек еді. Табиғатынан жалынды да жігерлі ол жүктелген міндетті қабылдауға бірден келісті. Уағыз жүрерден көп бұрын қалада гу-гу сөзге азық боп, белгілі жағдайда осы кезең шежіресінің ол да айтулы белесі болды. Тақуалық аптасы қыруар жұртты жинады. Бірақ әсте де ол біздің орандықтардың жай уақытта айрықша діндарлықпен айырықшаланатынын аңғартпаса керек. Мәселен, жексенбі таңындағы теңіз жағдайы шіркеу ғибадатының қашаннан бергі бәсекелесі болатын. Сондықтан біздің азаматтар көзі кенеттен ашылғандықтан құдайға жалбарынды деуге келмейді. Қала жабық деп жарияланып, портқа кіруге тыйым салынып, теңізге түсуге болмайтын болған соң орандықтар бірпара бөлек көңіл күйге түсіп, төбесінен түскен күтпеген оқиғаны жанымен қабылдай алмай, көп нәрсенің өзгергенін көмескілеу түсінді. Рас, бәз-біреулер індет кеміп, өздері мен жақындары құдай жарылқап аман қалар деп үміттенгені даусыз. Сондықтан әзір олар ешкімге ештеңе қарыз емеспіз деп есептеді. Олардың ойынша, оба шақырылмаған қонақ сияқты, қалай келсе, солай кетуге тиіс. Қорыққанмен де торыққан жоқ олар, өйткені оба тірліктің бір түрі болып қарсы алдынан шығып, індетке дейінгі өмірді ұмыт етер шақ әлі туған жоқ. Ұзын сөздің қысқасы, олар әлі күту үстінде. Әйткенмен де оба көрінеу елеске ұқсап олардың дінге, басқа да толып жатқан мәселелерге деген көзқарасын өзгертті, ал бұл көңіл күй парықсыздыққа да, құштарлыққа да үш қайнаса сорпасы қосылмай, "ақиқат" деген сөзбен ғана айқындалғандай еді. Құдайға құлшылық қылушының біреуі дәрігер Риэге айтқан "Қалай болғанмен де бұдан зиян жоқ" деген сөздің астына қол қоюға барды. Таррудың өзі күнделігінде қытайлар осындай жағдайда обаның рухын риза қылу үшін барабан соғады екен, ал барабанның сауықтыру шараларынан тиімді екенін дәлелдеу мүлдем мүмкін емес, деп жазыпты. Одан әрі бұл мәселені оба рухының бар екені жөніндегі мәліметтерді қолға ұстай отырып қана шешуге болады, бірақ біздің бұл саладағы надандығымыз бұған байланысты пікірді жоққа шығарды дейді.
Қалай болғанымен де біздің кафедралдық собор апта бойы жалбарынушыларға толы болды. Алғашқы күндері біздің ағайындардың көбі собор қақпасы алдындағы пальмалар мен анар ағаштарының саясында топырлап тұрып, толқындай есіліп жатқан шіркеу әндерін тыңдап жүрді, олардың әуені тіпті көшелерден де естіліп жатты. Алайда, жат өнеге жұқпалы емес пе, дәл әлгі тыңдаушылар еті үйрене келе батылданып соборға кіріп, өздерінің ұяң үнін хордың жалпы даусына қосты. Жексенбі күні үлкен тобыр ұзынша дәлізді лық толтырып, кіре беріс басқышты толтырып, баспалдақ сатыларында тұрды. Соның қарсаңында сенбі күні аспан түнере қалып, нөсер жауды. Храмға кіре алмағандар қолшатырларын көтерді. Мінбеге Панлю атай көтерілгенде, әтір қарамайдың хош иісі мен дымқыл жібектің лебі есті.
Панлю атай ұзын бойлы болмағанмен, мығым денелі дембелше кісі болатын. Кесек қолдарымен мінбенің шетінен ұстағанда құлшылық қылушылардың көзіне қолпылдаған кең қара қаптал, одан жоғары қып-қызыл екі бет, металл жиекті көзілдірік қана түсті. Оның даусы алысқа кететіндей күшті, екпінді екен; әулие атай: "Бауырларым, сіздерді қырсық шалды, ниеттеріңе қарай тап келіп отырған қасірет бұл, бауырлар!" деген алғашқы шабытты шымыр сөздер саңқ еткенде, храм кіре беріске дейін қозғалақтап толқып кетті.
Келесі сөйлемдер логикалық тұрғыдан жолдардың алғашқы екпінімен кіріге қойған жоқ. Біздің азаматтар қадірмен атайдың алғыр шешендік тәсілмен өз уағызының негізгі айтарын алғашқы сөйлемге сыйғызып, қамшымен тартып жібергендей еткенін сөздің орта шенінде ғана ұқты. Панлю атай тиянақ толғауы тәмамдалысымен, Египет отбасы туралы қиссадан үзінді келтіріп: "Жаратқанның жауларын баудай түсіру үшін тарихта тұңғыш рет осы қамшы пайда болған. Перғауын жаратушының бұл шешіміне қарсы шығады, бірақ оба оны тәңір алдында тізе бүгуге мәжбүр етеді. Осылайша адамзат тарихының басынан бастап, құдайдың қамшысы қатыгездер мен көрсоқырларды жуасытқан. Осыған ой жүгіртіп жақсырақ толғаныңдар да тізелеріңді бүгіңдер".
Жаңбыр қайта жауды да, жаппай үнсіздіктің ортасында айтылған соңғы сөйлем түрлі-түсті әйнекке көңілсіз тамшының тысырымен ұласып жаңғыра шығып, жалбарынушылардың кейбірі сәттік қана қобалжудан отырған орындықтарынан сырғып түсіп, шынында да тәу еткендей тізелерін бүкті. Қалғандары да әлгілерге еріп, орындықтардың сықыры ғана естілген құлаққа ұрған танадай тыныштықта аз-аздап иіліп, ақыры бүкіл аудитория тізесінен тұрды. Сол сот Панлю атай бойын тіктеп, алқына дем алып, әрбір сөзін дауыс ырғағымен даралап сөз бастады: "Әгәрки, оба бүгінде сіздерге соқса, демек, ойланатын уақыт болғаны. Адал жандарға қорқып-үркетін ешнәрсе жоқ, ал адамдар үрейі ұшып, қалтырап отырғаны сөзсіз. Әлемнің көз жетпейтін шексіз-шетсіз алқабында аямас қамшы адам дәнін мекенінен ажырағанша шықпыртып соғады. Сонда біз дөңнен қауыздың көп екенін, таңдаулыдан жауыздың көп екенін, бұл ғаламатты құдайдың қаламағанын көреміз. Жауыздыққа ұзақ, тым ұзақ төздік, құдайдың мейіріміне ұзақ, тым ұзақ сүйіндік. Күмәніміз үшін опынып, кешірім өтінсек-ақ болды, не істесек те еркіміз білді. Сондықтан әркім өзінің кінәсы үшін қатты өкінеді. Бірақ бәрі үшін жауап беретін мезет келеді. Ал әзір өмірді сүргеніңше сүре берген оңай, құдайдың мейіріміне сенсең бәрі оңғарылады дедік. Енді көрдіңіздер ғой, бәрі ойлағандай жалғаса бермейді екен. Қала тұрғындарына мейірбан жүзін ұзақ аударған құдай-тағала мәңгілік ой-арманында ұдайы алданып, тұлдырсыз тосудан қалжыраған соң бетін бұрып әкетті. Сөйтіп, тәңірдің жарығынан айрылып, обаның қараңғы қапасында қалдық".
Тыңдармандардың біреуі жылқының пысқырғаны сияқты оғаш дыбыс шығарды. Аз-кем үнсіз қап, қадірмен атай сөзін қайта бастады, бірақ екпіні сәл төмен. "Алтын аңыздан" оқығанымыз бар. Умберто Ломбарский корольдің тұсында Италия сұмдық көрлі обадан тып-типыл боп, тірілер өлілерін көміп үлгере алмай, әсіресе індет Рим мен Павияда зәрін шашқан ғой. Сонда жұрттың бәрінің көз алдында қайырымды періште келіп, қызыл иегіне аңшы найзасын қыстырған қаскөй періштеге үйлерді талқанда деп әмір етіп, қай үйге найза шаншылса да, одан ата шыққандардың бәрі жансыз сұлап түседі".
Осы тұсқа келгенде Панлю жаңбырдың тербелген пердесінде бірдеңе жасырынып тұрғандай кіре беріс баспаға қысқа ғана қолын сүртті. "Бауырларым! - деп бар күшімен дауыстады. - Өлім шашқан сол аңшылық енді біздің көшелерде сайрандап жүр. Қараңыздаршы, қараңыз әне, оба періштесі, Люцифердей сұлу, жауыздықтың өзіндей жалт-жұлт еткен ол әне шатырларыңызға шығып қаһар шашып, қызыл иегіне қыстырған қанды найзасын өз басында бұлғап, сол қолымен сіздің үйлерді нұсқап тұр. Бәлкім, дәл қазір ол саусақтарын сіздің есікке шошайтып, найзасы қарш етіп ағашқа кіріп, сол сәт үйлеріңізге оба еніп, бөлмеңізде оралуларыңызды күтіп отырған шығар. Ол шыдамды да қырағы, әлем тәртібіндей дауасыз. Оның өздеріңе созылған қолын жер бетіндегі ешбір күш, тіпті - мұны естеріңізде берік ұстаңыздар - алас ұрған адам білімі де серпіп тастай алмайды".
Бұл жерде қадірмен атай бояуды аямай-ақ баттитып, жұрттың бәрін үрейлендіретіндей құдай қамшысының суретін сөзбен салып-ақ берді. Оның айтуынша, алып ағаш найза қаланың үстінде айналып жүрген көрінеді, сөзсіз кеп бір жерлерге соғып кетеді де, қаны тамшылап жоғары ыршып шығып, адам ауруын шашады, міне "осындай егістік жайқалып ақиқат егіні өсіп шығады".
Осынау ұзақ кезеңді аяқтап Панлю атайдың үні өшті, шашы қобырап маңдайына түсті. Тұла бойы қалшылдап, үнсіздік пен өміріміздің ең ақтық ұстанымына бастап бара жатқанның өзінде де қасиетті, киелі. Міне, бауырлар, сіздерге көптен айтқым келіп жүрген жұбанышым осы. Осы арада естігендеріңіздің бәрі жазғырып жазалар сөз болып қана қоймай, салиқалы сабыр мен тату тыныштық әкелсін.
Панлю атайдың уағызы тәмамдалып келе жатқаны бар жағынан да сезіліп тұрды. Жаңбыр басылды. Аспаннан дымқыл мұнарды көктей өтіп алаңға жаңа туған күн түсті. Көшеден автомобильдердің гүрілі, машиналардың шиқылы, сампылдаған дауыстар естілді - оянып келе жатқан қаланың қалыпты тілі ғой бұлар. Шу шығармас үшін тыңдармандар ептеп басып жинала келіп, храмда ыбыр-сыбыр басталды. Сол сәт қадірмен атай қайта сөйлеп кетті. Обаның құдайы түп-тегі, тәңір қамшысының жазалар міндеті бар екенін дәлелдеп, бұл тақырыпқа қайтып оралмайтынын мәлімдеп, енді әңгіме қасіретті оқиғалар турасында өрбитін болғандықтан қызыл сөздің қызығына түспей жай ғана баяндайтынын ескертті ол. Оның ойынша, барлығы жұрттың бәріне онсыз да аян болуы керек. Тыңдармандардың есіне тек мынаны ғана түсіргісі келетін көрінеді. Жылнамашы Матье Марэ Марсельге тарпа бас салған ұлы обаны бейнелей келіп, еш көмек, ешбір үмітсіз тозақта қалғанына шағынады. Шағынбай қайтсін, Матье Марэ бейшара соқыр болған ғой! Панлю атай керісінше дәл қазір әрбір адамға құдайы көмек пен христианның, мәңгілік үміті қол ұсынып отырғанын дәлелдеуге тырысады. Оның осы күндері күллі үміт-күдікке қарамастан, күллі қорқыныш-үрейге қарамастан, жантәсілім етіп жатқандардың ақтық жанайқайына қарамастан, ол біздің ағайындардың махаббат аталатын жалғыз сөзбен, хақ христианның сөзімен аспанға алақан жайып жалбарынатынына сенеді. Ал қалғанын тәңірінің өзі жеріне жеткізеді.
Бұл уағыздың біздің азаматтарға әсер еткен-етпегенін айту қиын. Мәселен, тергеуші мсье Отон дәрігер Риэге, өз ойынша, Панлю атай сөзінің негізгі желісі "тіптен бұлтартпайтындай" екенін айтты. Алайда орандықтардың бәрі бірдей бұл үзілді-кесілді пікірге қосылған жоқ. Былайша айтқанда, олар күні осы уақытқа дейін өздері білмейтін қылмысы үшін тұтқын болып неліктен торда отырғанын күңгірт топшылап келсе, енді тереңірек түсінгендей болды. Егер кейбіреулер өзінің қарапайым тірлігін одан әрі жалғастырып, тұтқындыққа бейімделуге тырысса, енді біреулер керісінше мынау түрмеден қалай сытылып шығып құтылып кетудің ғана амалын ойлады.
Алғаш жұрт сыртқы әлемнен бөлініп қалғанына, кейбір дағдыға ғана нұқсан келтіретін уақытша ыңғайсыздық сияқты, көндіге бастаған-ды. Ал олар зынданға түсіп қалғанына, төбесінен шатырға ұқсап жазғы аспан шыр айналғанда барып қамалудың күллі өміріне қатер төндіргенін бағамдап, кешкілік салқын жігерін жаныған шақта ара-тұра ақылға сыймайтын ең бір шалт қимылдарға да барды.
Мұның өзі әншейін ғана дөп келу ме, әу бастан о жағын айту қиын, бірақ сол жоғарыда аталған жексенбіден кейін қаламызды үрей кеулеп кетті, оның тереңдігі мен қамту көлеміне қарағанда біздің ағайындар, шынында да, өз жағдайына көз жіберіп екшей бастаған сияқты. Демек, белгілі көзқарас тұрғысынан қаламыздағы ауан сәл-пәл өзгерді. Ал, бұл өзгерістер қаланың өз ауанында ма, әлде адамдардың жүрегінде болды ма - міне, мәселе осында.
Жексенбілік уағыздан кейін бірнеше күн өткен соң Риэ Гранмен бірге айтулы оқиғаны әңгімелеп қаланың шетіне бет алып келе жатқан еді, кенет олардың алдын бір адам кес-кестеді, қолапайсыз жер таптап, ол бір орыннан және қозғалған жоқ. Сол сәт жарқ етіп көше шамдары жанды, кейінгі кезде оларды да кеш жағатын болған. Биік мачтаның басына ілінген шамның жарығы олардың ту сыртынан түсіп әлгі адамды айқындап берді, ол көзін тарс жұмып алып, сылқ-сылқ күліп жүр. Оның үнсіз күлкіден өзгеріп бозарған бетінен тер парлайды. Олар жанынан өтті.
― Есі ауысқан жынды, - деді Гран.
Жолдасын бұл көріністен аулақ алып кету үшін қолтығынан ұстаған Риэ Гранның бүкіл денесі дірілдеп қалшылдағанын сезінді.
— Ұзамай қаладағының бәрі де есі ауысқандар болады,- деп қалды Риэ. Күні бойы тыным таппай қалжырағандікі болар, оның тамағы кеберсіді.
― Кіріп бірдеңе ішіп шығайық.
Олар кірген тар кафедегі үлдірік үстелдің жоғары жағына ілінген жалғыз шамның қызылкүрең сәулесі жарық болып жарытар түрі жоқ. Неге екені белгісіз, ешқандай себеп-салдары болмаса да кафедегілер сыбырлап сөйлесіп отыр. Дәрігерді қайран қалдырып Гран өзіне бір стақан ром ғана беріп, оны бір демнен қағып салып, керемет күшті екен деді. Сосын олар сыртқа беттеді. Көшеге шыққанда Риэге түн қараңғылығы ыңқыл-сыңқылға толып кеткендей көрінеді. Қара аспаннан құйылып, шамдардың жоғарғы жағында қалықтап тұрған ысқырық тәңірдің көзге шалынбас қамшысын еске түсіріп, ол жылы ауаны тілгілеп тұрған сияқтанды.
— Қандай бақыт, қандай бақыт! - деп қайталай берді Гран.
Риэ оның нені бақыт деп тұрғанын білуге тырысты.
― Рас, бұл шынында да орасан артықшылық, - деп растады Риэ.
Әлгі ысқырықты басқысы келіп ол Граннан:
— Жұмысыңа көңілің тола ма, - деп сұрады.
― Сізге қалай айтсам екен, жалпы дұрыс жолдамын ғой деп ойлаймын.
— Әлі қанша еңбектенуіңіз керек? - Гран көңілденіп, ішімдіктің буына елтігендей дауысы да қаттырақ шықты.
― Білмеймін, дәрігер, бірақ мәселе басқада, иә-иә, мүлдем басқада.
Сұхбаттасының қолын сермеп қойып келе жатқанын Риэ тіпті қараңғыда да байқады. Ол өзі туралы толғау айтып келе жатқандай, сөзі сыртқа лықсып шығып, еш мүдіріссіз ағытылып келеді.
— Менің не тілейтінімді білесіз бе, дәрігер, мен бар ғой, қолжазбам баспагердің қолына тиген күні, ол оқып шығып, орнынан тұрып өз қызметкерлеріне: "Мырзалар, атыңдар аспанға бөріктеріңді!" дегенін естісем деймін.
Мынау күтпеген мәлімдеме Риэні таң қалдырды. Гран қалпағын шешетін кісіше қолын басына апарып, сосын алға қарай сермеді. Анау аспанда оғаш бір ысқырық, тың бір күшпен шылдырлады.
Әдеби шаруада өзі ысылып көрмеген Риэ тегінде бәрі оңай болып жатпаған шығар, бірақ баспа қызметкерлерінің кабинеттерінде қалпақпен отыруы неғайбыл-ау деп ойлады. Бірақ оны кім біледі деп Риэ үндемей қоя салғанды артық көрді. Өз ырқынан тыс ол обаның тасыр-тұсырына құлақ түрді. Олар Гран тұратын қотанға таянды, жол жоғары қарай көтерілетін болған соң самал жел есіп, қаланың бар шуын алып кетті. Гран әлі сөйлеп келеді, Риэ бірақ сөзінің жартысын ғана аңдады. Түсінгені - сөз болып отырған шығарманың жүздеген беттен асқаны, ал ең бір азабы - шеберлік шыңына шығуы екені...
― Тұтас кештер, тұтас апталар бойы бәз-бір сөзді қырнап... жә болмаса үйлесім іздеп отырғаның.
Осы арада Гран аялдап, дәрігер пальтосының түймесін қармады. Оның опырық аузынан былдырлап сөзі әрең шықты.
— Түсініңіз мені, дәрігер. Ақыр соңында "және" мен "бірақтың" арасынан біреуін таңдау онша қиын емес. Ал "және" мен "сосынның" қайсысына артықшылық беру недәуір қиындық. "Сосын" мен "сонан соң" туралы сөз қозғалса, қиындықтың көкесін сонда көресің. Әрине, ең қиыны, жалпы "және" деген сөзді қою керек пе, жоқ па - соны айқындау.
― Иә, түсінемін, - деді Риэ.
Ол қайтадан алға адымдады. Гран шынымен сасып қалып дәрігерді қуып жетті.
— Кешіріңіз мені, - деп міңгірледі ол, - бүгін кеште маған не болғанын өзім де білмеймін.
Риэ оны аялай иығынан қақты да, қолынан келсе көмектескісі-ақ келетінін, оның айтқандарының бәрі керемет қызықтырғанын айтты. Былай қарағанда Гранның көңілі жайланған сияқты. Кірер ауызға келгенде ол қалталақтап дәрігерден өзімен бірге пәтеріне көтерілуін өтінді, Риэ келісті.
Гран мейманын үстінде қағаздар қобырап жатқан асүйдегі үстелдің басына отырғызды. Әрбір парақ ұп-ұсақ әріптермен тізілген жазудан көрінбейді, сызудан қарауытып кетіпті.
― Иә, мыналар сол ғой, - деді Гран Риэнің сұраулы көзқарасын байқап қап. - Бәлкім, бірдеме ішерсіз. Менде азын-аулақ шарап бар.
Риэ ішуден бас тартты. Қолжазба парақтарынан көз алар емес.
— Тесіле қарамаңызшы, - деп жалынды Гран. - Бұл алғашқы сөйлемі ғана. Осыған бола әуреге түстім ғой, оһ қалай әурелендім десеңші!
Ол да үстел үстінде шашылған қағаздарға қадала қалып, жеңсік бермес шабытқа бағынып, қолы өзі жазған бетке созылып, оны абажурсыз электр шамына тақап әкелді. Парақ қолында дірілдеп тұр. Риэ оның маңдайына шыпшып тер шыққанын байқады.
― Отырыңыз да оқыңыз, - деді оған.
Гран дәрігерге көз тастап, разылықпен жымиды.
— Дұрыс, - деді ол, - сізге менің де оқып бергім келіп тұрған.
Жазылған беттен көзін алмай сәл тұрды да, отырды ол Риэ болса, қамшының ысқырығын сүйемелдегендей көрінетін қаланың ың-шыңына құлақ тосты. Дәл осы сәт ол тарс жабылып құрсауланған өзіндік бір әлемге айналып, түн қараңғылығы жұтып жатқан төбе құйқаны шымырлатар өксікке толы төмендегі қаланы айрықша жіті түйсінді. Ал қасында қатты ызыңдаған Гранның дауысы: "Мамырдың тамылжыған таңында сәнді киінген амазонка тамаша торы атпен Булон ормандарының гүл жайнаған саяжолымен шауып бара жатты..." Сосын тыныштық қайта орнады да, өзімен бірге азапкер қаланың балдыр-батпақ түсініксіз даусын алып келді. Гран парақты үстелге қойды, бірақ одан көзін айырған жоқ. Сәлден соң Риэге қарап:
— Ал, қалай? - деді.
Риэ басы тартымды көрінгенін, одан әрі не боларын білген қызықты болатынын айтты. Бұл пікірге Гран қызу қарсы шығып, ондай көзқарас дұрыс болмайтынын білдірді. Тіпті парақты алақанымен салып та қалды.
― Әзір бұның бәрі жуық мәнінде ғана қиялымда қонақтаған суретті қапысыз дәл қайта жаңғыртып, әрбір сөзді топ-топ түскен ат тұяғының дүбіріндей дәл түсіре алсам, қалғаны оңай өріліп, есіліп жүре береді, ең бастысы бірінші жолдан басталған бұлдыр қиял шырқау шегіне жетіп: "Кәне, сыпыр бөркіңді!" - деп батыл айтуға болады.
Әзір оның жұмысының шеті, шегі көрінбейді. Мұндай сөйлемді еш баспагердің қолына дүниенің бар жақсылығын үйіп берсе де ұстата салмақ емес. Әредік бір сөйлем авторлық қанағат сезімін туғызса да, әзір ол шынайы көріністі бере алмайтынын, тым жеңіл жазылып, етене жақын болса да жаттандылыққа ауыл-үй қонғалы тұрғанын өте жақсы ұғады. Терезеден жүгірген кісілердің дүрсілі естілген шақта оның сөзінің мағынасы шамамен осыған кеп сайған еді.
— Бұны қалай бұрағанымды әлі көресіз, - деп терезеге қараған Гран, - осының бәрі бітетін күн бар ма, өзі?! - деп күрсінді.
Тағы да асығыс аттаған аяқ дүрсілі естілді. Риэ да аптығып көшеге түсіп еді, қасынан екі адам өтті. Зады олар қалалық қақпаны бетке алып бара жатса керек. Шынында да, біздің ағайындардың кейбіреуі оба мен аптапта басынан айырылып, күш қолдануға бел буып, қырағы кордонды алдап қаладан шығып кетпек болған.
Басқалар да, айталық, Рамбер сияқтылар, өрши түскен үрей құрсауынан сытылып шығуға тырысты, бірақ табысты болмағанмен де табанды әрі әккі қимылдады. Бастау үшін Рамбер барлық ресми шаралардың бәрін қолданды. Оның өз сөзіне қарағанда, ерте ме, кеш пе, табандылық әйтеуір бір жеңеді, ал белгілі көзқарас тұрғысынан кез келген жағдайдан сытылып шығып, құтылып кету - оның кәсібіне тән қарекет. Сондықтан ол көптеген кеңселердің есігін қағып, кісілердің мазасын алды және білігінде күмән жоқтарды жағалады. Алайда, дәл мынандай жағдайда олардың білігі кәдеге аспай, далада қалды. Әдеттегідей олар барлық жағынан мол да дәл мағлұматы бар адамдар болатын. Табақтай дипломдары мен ізгі ықыластарын айтпағанның өзінде, банк операцияларына немесе экспортқа цитрус тектестер мен шарап саудасына қатысты қыруар тәжірибе жинаған сот шешімі немесе сақтандыру саласынан бұлтартпас білімі бар кісілер. Әсіресе олардың ізгі ықыласы қайран қалдыратын, баурап тастайтын. Алайда обаға келгенде бәрінің де білімі нөл болып шықты.
Соған қарамастан Рамбер әрқайсысына кездескен сайын өз ісін түсіндірді. Оның дәлелдері негізінен бұл қалада бөгде екеніне, сондықтан шаруасы да айрықша қарауды талап ететініне сайды. Әдеттегідей сұхбаттастары бұл дәлелмен қуана келісті. Әйткенмен олардың бәрі дерлік тура осындай жағдайда жүргендер көп, сол себепті бұның басындағы жай айтарлықтай бөлекше емес екенін түсіндіріп бақты. Оған Рамбер қарсылық білдіріп, солай болған күннің өзінде де дәлелдерінен танбайтынын айтты, жүгінгендері бұл пікірін өзгертуі керек екенін, өйтпегенде билік орындары кез келгенді беттен қақпай еркіне жіберіп, теріс үлгі бермес үшін бөгет жасары айқын деді, оның ыңғайына жығылмай. Бірде Рамбердің өзі жасаған талдауы бойынша мұндай адамдарды "төрешілердің" тобына жатқызатынын айтқаны бар Риэге. Төрешілерге тағы мәймөңкелер қосылды, олар өтініш айтушыны бұл жағдайдың ұзаққа созылмайтынына сендіруге тырысты, ал олардан нақты шешім талап еткенде, ақыл айтуға сараңдық жасамай, Рамберді тіпті бұның бәрі ертең-ақ өтетін уақытша қолайсыздық, шыдамдылық керек деп жұбатты. Сондай-ақ мансаптылар да кездесті, олар өтініш айтушылардан тілегін білдіріп қағаз жазып беруін сұрап, шешімі жөнінде кейінірек хабарлайтынын айтты; пәтердің ордерін ұсынып, арзан пансионның мекенжайын хабарлаған таңқылдақтар да ұшырасты; тәртіп бойынша кәртішке толтырып, сол замат іске тігіп қойған тақуа қағазқұмарлар ұшырасты; қолын аспанға жайған қиялилар ұшырасты; көзінің астымен қарайтын қыңырлар да ұшырасты, ал ақыр соңында дағды бойынша Рамберді көрші кеңсеге жұмсаған немесе жаңа бір жолдарды айтқан сілтейсалмалар ұшырасты. Осынау сандалма жүрістің бәрінен журналист титықтап бітті, бірақ оның есесіне мэрия мен префектура деген не екені жөнінде толық түсінік алды. Өйткені қалың матамен қапталған орындықта ебедейсіз үлкен плакаттың алдында отырып талай сағатты қабылдау күтуге сарп етуге тура келді. Сонда отырып ол бәрін де көрді: біреулер салық салынбайтын мемлекеттік заемға жазылуды, біреулер - отарлау әскеріне кіруді ұсынады; табаныңнан тік тұрып кеңселерде көрінгенге көз сату қандай азап; қызметкерлерінің жүзі папкалар сықалған сөрелер сияқты ештеңе оқи алмайсың. Рас, Рамбер дәрігер Риэге қынжыла мойындағандай, бұл ырду-дырдудың да бір артық жағы болды: әуре-сарсаңның, істің нақты жағдайын бүркемелеп, білдірмей қойды. Іс жүзінде ол індеттің орши түскенін байқамапты. Бүкіл қаланы аясына алған мынадай алашапқында күндер көз ілестірмей зулап, әрбір өткен күн әр адамды басына түскен сынақтың соңына жақындата түседі, тек соған дейін жетсе ол. Мұндай көзқарас көңілге қонады деп мойындауға мәжбүр болды Риэ, алайда оның ақиқаты тым жалпылама.
Ақыр аяғында Рамбер үшін бір үміт жылт еткен де сәт туды. Префектурадан мүмкіндігінше нақтырақ толтыр деген өтінішімен анкета алды. Анкета жібергендерді оның нақты аты-жөні, отбасылық жағдайы, бұрынғы және бүгінгі табысы, бір сөзбен айтқанда, өмірлік сипаттамасы қызықтырған тәрізді. Алғашқы бетте оған мұндай анкетаны әдеттегі тұрған жеріне жіберуге болатындардың бәріне бергендей көрінді. Кеңседен алынған мәлімет бұлдыр болса да, осы ойды растағандай әсер туғызған. Алайда Рамбердің бір батыл қадамынан анкетаны жіберген бөлім табылып, сұрастыра келгенде "бір жағдай бола қалса" деп таратып жатыр екен.
― Қандай жағдай? - деп сұрады Рамбер.
Қандай жағдай екенін кеңседегілер жасырған жоқ. Егер обаға шалдығып опат болып кетсе, бөлім бұл қайғылы оқиғаны оның туысқандарына хабарлайды - бұл бір, екіншіден, оның лазаретте жатқан күндеріне қала бюджетінен төлене ме, төленбесе ол соманы марқұмның туыстары қалпына келтіреді деп сенуге бола ма - бұл соны анықтау үшін керек. Әрине, мұның өзі оның анау жақта күтіп отырғандардан түпкілікті ажырамағанын дәлелдейді, себебі оның тағдырымен қоғамның өзі айналысып отыр. Рамбердің тағы бір байқағаны - сұрапыл сұмдықтың асқынған кезінде бәз-бір кеңсенің жайбарақат қана өз ісімен айналысып отырғаны, обаға дейінгі тәсілмен бастама көтеріп, одан басшылықты да хабардар етпей, әйтеуір осындай шаруа үшін құрылдық қой деп өзінше өгіз айдап жатқаны.
Кейінгі күндер Рамбер үшін ең оңай, сонымен бірге ең ауыр кезең болды. Ол есінен айырылғандай өз-өзінен мәңгіріп қалды. Журналист кеңселердің бәрінде болды, қажет қадамның бәрін жасады, ақыры тығырықтан шығар жол тосқауыл қойылып түгел жабылғанына көз жеткізді. Содан соң оның дәмханадан дәмхана қоймай шарлауы басталды. Ертеңгілік алдына бір күрешке жылы сыра алып, дәмхананың баспасында отырып газет қарады. Қарағандағы себебі - індеттің таяу күндері аяқталуына бәз-бір сілтеме табу. Өткен-кеткенге көз тастап, көңілсіз жүздерді көргенде жаратпай бетін бұрып алады. Қарсыдағы дүкендердің жарнамаларын он шақты рет қайталап оқып, тәбет ашар тамаша ішімдіктер жарнамасына да қайта-қайта үңіліп, орнынан көтерілді де, қаланың сап-сары көшесімен басы ауған жаққа жүре берді. Осылай уақыт өтіп жатты. Ертеңгілік дәмханада жападан-жалғыз отырып, ауқат жасаудан кешкісін мейрамханаға барып ас ішуге дейінгі уақыты сандатылып бос қыдырумен өтеді. Риэ де оны дәл осы дәмхананың аузында батылсыздау қалыпта тұрғанынан көрді. Ақыры, ол көңіл қобалжуын басып ішке кірді де, залдың арғы бұрышына барып отырды. Жоғары жақтың нұсқауы бойынша дәмханалар мен мейрамханаларға жарық барған сайын кеш берілетін уақыт та күннен күнге жақындап келе жатты. Залға іңір қараңғылығы сығалап, батар күннің су түстес күңгірт сүр, күлгін сәулелері терезе әйнектеріне шағылып, қоюланып келе жатқан қараңғылықта тек үстелдердің мәрмәр беті ғана көмескі жылтырайды. Қаңыраған залдың ортасында Риэге бұл журналист үшін жұрттан безіп жалғыз қалу сияқты көрінді. Әйткенмен оба жайлаған қаланың басқа да тұрғындары, анығырақ айтқанда тұтқындары, осындай аласталуды бастан кешіп жатқан жоқ па, олардың азат болар шағын жақындатуға жан салу керек қой. Риэ бұрылып кетті.
Рамбер осылай сан сағатты сапаржайда да өткізді. Перронға шығуға тыйым салған-ды. Бірақ алаңнан кіруге болатын күту залының есіктері ашық, кейде аптап ми қайнатқан күндері онда қайыршылар паналайтын - іші көлеңкедегідей салқын-ақ. Рамбер сапаржайға пойыздардың ескі кестелерін, еденге түкіруге тыйым салатын хабарландыруды және темір жол полициясының жұмыс тәртібін оқығалы келді. Сосын ол бұрышқа барып отырды. Көп айлар бойы жағылмаған ескі шойын пештің бүйірі - залалсыздайтын заттардың шашырандысынан сатпақ-сатпақ. Қабырғадағы ондаған плакаттар Бандоль немесе Канны сияқты бір жерлердегі азат та бақытты өмір туралы хабар берді. Осыны көріп Рамбер адам ақтық сызыққа жеткенде пайда болар үрейлендіретін бір бостандықты түйсінгендей болды. Көзге ұрар көрнекі ескерткіштердің бәрінің ішінен жанын азапқа сап қатты қинағаны Париж суреттері болды, былайша доктор Риэні оның өзі осылай сендірді. Париж енді елеске айналды, таныс табиғат көріністері - су мен көне тастар Поле-Рояльдағы көгершіндер, Терістік вокзалы, Пантеон маңындағы құлазыған кварталдар, тағы басқа тамаша қала түкпірлері іс-қимылға деген талап-тілекті құртып кетті, әйтпесе бұрын Рамбер олардың бәрін өлердей сүйетініне шүбә келтірілмейтін. Риэ журналист бұл бейнелерді өз махаббатымен ғана көкке көтеріп пір тұтады ғой деп ойлаған-ды. Рамбер бірде оған таңғы сағат төртте оянып, туған қаласы туралы ойлайтынын айтқанда, дәрігер оны өзінің аса аяулы тәжірибесімен салғастырған - оның да дәл осы уақытта оянып, әйелін ойлайтыны бір ғанибет сияқты көрінетін. Дәл осы сағатта оянып оның лебін түйсінгендей болатын. Сағат төртке дейін адам түк бітірмейді, тырп етпей ұйықтайды, тіпті ол опасыздық түрі болса да сөйтеді. Иә, адам ұйықтайды және өте жақсы ұйықтайды осы сәт, өйткені үреймен шошынған жүректің жалғыз қалауы - сүйгеніңді алаңсыз аймалау, ал айырылысу сәті туғанда оны түс көрмейтін ұйқыға бөлеп, қашан қауышқанша шыдау.
Уағыз аяқталған соң ұзамай аптап ыстық маусымы басталды. Маусым айы да аяқталуға таяу. Айтулы уағызды есте қалдырған кенже нөсерден кейінгі келесі күні жаз көгілдір аспан мен үй шатырларында жайнап шыға келді. Оның келуі кешкісін ғана басылған ыстық дауылды желден басталды, ол қаладағы күллі қабырғаларды кептіріп үлгерді. Күні бойы аптап пен жарық нұр қаланы жарқыратты да тұрды. Үйінен сәл шыққан адам көше дарбазасынан бас қылтитса болды, иісі қалада мынау көз қарықтырған шұғыла шапақ түспеген бұрыш қалмағандай көрінері сөзсіз. Алау күн бір меңіреу бұрылыс-бұрыштардан да біздің ағайындарды тауып алып қыр соңынан қалмай қыздырды да тұрды. Алғашқы ыстықтар өлім-жітім көрсеткішінің күрт өсуіне тура келіп, сол аптада шамамен жеті жүз жан құрбан боп, қалғанын уайым-қайғы меңдетті. Біртегіс көшелерінде баспалы үйлері сап түзеген қала шетінде әдеттегі у-шу сап болды, барлық өмір табалдырықта өтетін қотандар да құлаққа ұрған танадай, терезе қақпалары тарс жабық. Әйткенмен, кейбір үйлерден ыңқылдап ыңырсыған үндер шығады. Бұрын мұндай болғанда көшелерде жұрт жиналып, әлгі үйге құлақ түріп, ыбыр-сыбыр көбейетін. Ал қазір үрей ұзай соғып бара жатқанда жұрттың жүрегі қасаңданып, әркім әлде бір жақта өмір сүріп жатқандай, анау-мынау ыңқыл-сыңқылды елемейтін болды, аһылап-уһілеудің өзі адамның табиғи тіліне айналды.
Жандармдардың қару жұмсауына тура келген қала қақпасындағы айқас іштен тынған үнсіз толқу туғызды. Әрине, жаралылар да болды, алайда аптап пен үрейдің салдарынан бәрін үрлеп өсіріп жіберетін қалада қаза тапқандар да болды деп жүрді. Қалай айтқанмен де, анығы біреу ғана, ол - наразылықтың ары қарай өршімегені. Істің насырға шабарын көре білген қаланың билік орындары қамшының күшімен сабасына түскен тұрғындар кенет қайта толқыса не амал жасаудың шараларын ойластыра бастады. Газеттер бұйрықтар жариялап, оларда қала шетін тастап шығуға тыйым салынғаны тағы да қайталанып, оны бұзғандар түрмеге қамалатыны ескертілді. Қаланы бақылау күзетшілері тексеріп жүрді. Аптап қақтаған көшелермен терезелері жабық қос қапталдың арасымен өзі жүргенін тұяқ дүбірімен хабарлап атты күзет өтеді. Күзет қызметкерлері бұрыштан әрі асса болды, қасіретті қаланы тыныштық құшағына қайта алады. Ара-тұра мылтық даусы естіледі - бұлар арнайы берілген бұйрық бойынша бүргенің ықтимал тасушысы мысықтар мен иттерді атады. Осы құрғақ дүрсілдің өзі қаланы әскери үрей ауанына шомдырады.
Бәрі де біздің азаматтардың шошынған жүрегінде қисынсыз көп мәнге ие болды, ал оған кінәлі - бір жағынан аптап ыстық пен тымырсық тыныштық. Азаматтарымыз жыл тәулігінің ауысқанын паш еткен аспанның бояуы мен топырақтың иісін алғаш байқай бастады. Әрқайсысы-ақ аптаптың, індеттің өршуін үдететінін үрейлене түсініп, әрқайсысы-ақ сонымен бірге жаздың да келгенін көрді. Кешкі аспанда қала үстінен қалықтаған сұр қарлығаштардың үні де күйрек шықты. Алайда біздің өңірде көкжиекті кеңейтіп жіберетін маусым ымырты ол үшін әлдеқайда кең. Базарға енді көктемгі шешекті емес, құлпырып ашылған гүл шоқтарын әкеліп, ертеңгілік сатылған олар кешке шаң басқан табанжолдарға төселіп қалады. Көктемнің өтіп бара жатқанын, ол қызыл-жасыл киініп, сахнада ән салып, би билеп жүрген қыздардай, бірін-бірі ауыстырған мың сан гүлдің түсіне еніп, енді мынау аптап пен обаның екеулеген салмағына төзе алмай, сола бастағанын жұрттың бәрі көзбен көрді. Ағайындарымыздың көз алдында жазғы ашық аспан, шаң мен мұңның бояуын бойына сіңірген мынау көшелер қала мойнына сор боп асылған жүздеген өлік сияқты шошынарлық мәнге ие болды. Аяусыз аптаған күн, жазғы тыныс пен қалғудың дәмі сіңген ұзақ уақыт бұрынғыдай су мен ду мейрамына енді шақырмайды. Керісінше, біздің мәңгірген бұйығы қалада олар зындандағыдай баяу күңгірлейді. Ол уақыттар жазғы көңілді айлардың күнге күйген қала түсінен баяғыда айырылған. Обаның күні бояу біткеннің бәрін өшіріп, қуаныш атаулыны қуып тынған.
Обаның салдарынан болған ұлы төңкерістердің бірі, міне, осыдан көрінді. Әдетте біздің азаматтар жаздың келуін қуана қошеметтейтін. Онда қала кеудесін теңізге айқара ашып, аясындағы жас біткеннің бәрін жағажайға лықсытатын. Ал биылғы жазда тиіп тұрған теңізге баруға тыйым салынып, тән атаулы қуанышынан құралақан қалды. Мұндай жағдайда қалай өмір сүруге болады? Сол бір қайғылы күндердің шынайы бейнесін тағы да Тарру берген. Обаның өршуін ол жалпылай ғана алып, өз қойын дәптеріне қазір радио хабарламайтын жайттарды түсірген. Аптасына неше жүз адам опат болғанын тізбей, бір күнгі ғана мәліметті беріп, күніне тоқсан екі, жүз жеті, жүз тоғыз өлік шыққанын келтіреді. Билік орындары мен баспасөз болса, қулығын обадан да асырғысы келеді. Тоғыз жүз оннан жүз отыз аз болғандықтан ғана ұпай арттыратындай қиялдайды олар деп жазады. Сондай-ақ о л індеттің елең етерлік немесе жай ғана тиімді қырларын ғана қағазға түсіріп, қаңыраған қотанды тарс жабылған терезенің тұсынан өте бергенде екі қақпасы бірдей ашылып, сыртқа басын шығарған бәз-бір әйелдің екі рет шыңғырып жіберіп қақпасын қайта жауып алғанын, сөйтіп бөлменің қою қараңғылығын жарық күннен бөліп тастағанын әңгімелейді. Енді бір жерде ол дәріханадан тәтті шелпектер жойылып кеткенін жазады, бақса, оны көп жұрт індет жұқтырмас үшін әдейі сорып жүреді екен.
Сол сияқты ол өзінің сүйікті кейіпкерлерін қадағалауды да тоқтатқан жоқ көрінеді. Атап айтқанда, мысық шалды да қасірет шегіпті. Бірде ертеңгілік олардың көшесінде мылтық атылыпты, Таррудың жазбаларына қарағанда, одан мысықтардың көпшілігі тұрған жерінде қатып, қалғандары тым-тырақай қашып кетіпті. Со л күні шал әдеттегі уақытында балконға шығып, иығын ештеңе түсінбей қиқаң еткізіп, жақтауға асылып тұрып көшені о
шетінен бұ шетіне дейін шолады, бірақ ешқайсысын таппай, тағдырға бас иіп күтуге бел буады. Саусақтары жақтау темірін тықылдатып біраз күтіп тұрады, тіпті табанжолға туралған қағаз тастап та көреді. Одан бөлмесіне кіріп, қайта шығады, сосын балкон есігін сарт еткізіп жауып жоқ боп кетеді. Келесі күндері осы көріністер нақпа-нақ қайталанады, бірақ енді шалдың жүзін уайым мен абыржу шимайлап, еңсесі түсіп кетеді. Ал бір аптадан соң Тарру оның күнделік көрінуін босқа күтеді, терезелері қайтып ашылмай қояды. Ар жақта, әрине ешкім түсініп болмайтын бір аза-мұң буып жатқан болуы керек. "Оба тұсында мысықтарға түкіруге тыйым салынады" деген әйгілі сөздермен аяқталады бұл жазба.
Оның есесіне Тарру кешкілік өзіне оралғанда дамылсыз ерсілі-қарсылы адымдап холда жүретін түнгі күзетшінің түксиген түнеріңкі түрін көретініне сенімді. Күзетші жұрттың бәріне де қазіргі жағдайды күні бұрын болжап білгендей көрінеді. Оның сәуегейлігін өзі көргенін дәлелдеп, Тарру тіпті былай деп жазады: Бәрінен бұрын зілзала болуы керек деген болжамымды айтқанда қария қарсы шығып: "Ей, зілзала болса ғой! Жер жақсылап бір дүмпиді де, іс бітеді... Ізінше өлілер мен тірілерді санайды - бар болғаны осы ғана. Ал мынау сайқал обаны айтсайшы! Тіпті ауру емес, саудың өзі жүрегінде бәрібір сырқаты бардай сезінеді" деді.
Мейманхана директоры да кем қапаланған жоқ. Алғашқы кезде Ораннан шыға алмай қалған саяхатшылар қаланың жабық деп жариялануына байланысты мейманханада тұруға мәжбүр болды. Саяхатшылардың көптігіне орай бұрын бос болмайтын бөлмелерінің біразында қазір ешкім жоқ, өйткені қалаға жаңадан келем деушілер жіберілмейді. Тарру мұнда сол соңғы тұрғындардың санатында қалып қойды, оны көрген сайын есіне директор: - Мейманхана баяғыда-ақ жабылуы керек еді, бірақ ақтық клиенттерді аяп оған бармай жүрмін, - дейді. Індеттің ықтимал созылуы жайында Таррудан және жиі сұрайды. "Бактерияның өсуін суық бөгейді дейді ғой", - деп жауап береді Тарру. Оны естігенде директордың есі шығып кетеді: "Апырау, бүл жерде суық дейтін суық ешқашан болмайды ғой, мсье, ендеше мұның біраз айға созылады десеңізші!" Оның үстіне ол індет біткеннен кейін де саяхатшылардың бұл қаланы айналып өтетініне сенімді. Мынау оба дегеніңіз -туризмнің ажалы.
Мейрамханаға біраз күн келмей кетіп, үкі адам Отон мырза төбесін қайта көрсетті, бұл жолы ол өзінің жаттықтырылған екі күшігімен ғана келді. Сұрау салу нәтижесіне қарағанда әйгілі ауру анасын күткен екен, оны жерлегеннен кейін қазір карантинде отырған көрінеді.
— Мұнысы маған ұнамайды, - деді директор Тарруға.
― Карантин карантин болсын, ал анаған күмән бар емес пе, демек, бұлар да күмәнды.
— Бұндай көзқараспен келсек, жұрттың бәрі күмәнді емес пе, -деді Тарру. Алайда директор айтқанынан қайтпады, бұған байланысты оның белгілі бір пікірі болатын.
― Жоқ, мсье, сіз екеуіміз күмәнды емеспіз. Ал аналар күмәнды.
Отон мырза болса, оба сияқты түкке тұрғысыз бірдеңе үшін дағдысын өзгертер түрі жоқ. Соған қарағанда, обаның өзі де жаңылысқан секілді. Үкі мейрамханаға бұрынғыша маңғазданып кіреді, бұрынғыша жүгірмектерімен үйреншікті әңгімесін сабақтайды. Тек жалғыз ұл бала ғана өзгеріпті. Қарындасы сияқты қара киінген ол мойнын ішіне тығып, әкесінің құйтақандай көлеңкесі болған да қалған. Отон мырзаны суқаны сүймейтін түнгі күзетші бұрқылдап қояды.
— Бұл ма, бұл киінген қалпында өледі. Оны арулап қайта киіндірудің қажеті жоқ. О дүниеге осылай тура тарта береді.
Күнделіктен Панлю атайдың уағызына да орын табылыпты, бірақ оның ол жайындағы жазбасында төмендегідей түсініктеме бар: "Мынау жалынды жігер маған түсінікті, тіпті сүйкімді де. Қайғы-сордың басталуы, аяқталуы сияқты қашанда шамалы көпірме сөзбен астасып отырады. Біріншісінде, дағды қалмайды, екіншісінде, ол қайтып оралады. Ал бақытсыздықтың өршіген кезінде шындыққа мойынсұнып, үнсіздікке көшесің. Әліптің ақырын күтелік".
Тарру сондай-ақ Дәрігер Риэмен ұзақ әңгімелескенін жазыпты, бірақ оны баяндамай, тек әңгіменің жақсы нәтиже бергенін атап өтіпті. Дәрігердің анасының көзі қара екен деп жазыпты, бұдан мұндай көзқарастан кез келген обадан күшті қайырымдылық шығады деген қорытынды шығарады да, ақыр соңында Риэ дәрігердің емделушісі демікпе шалға бір бет дерлік арнайды.
Әңгімелерінен кейін аурудың халін білуге аттанған дәрігерге ол да ілеседі. Қария қонақтарын дағдылы қиқылдақ мысқылмен қолын уқалап қарсы алады. Төсегінде шалқасынан жатыр екен, жауырынының астына жастық тығылыпты, екі жағында бұршақ салынған екі кәстірөл― Оһо, тағы біреу ме? - деді ол Тарруды байқап- Бұл дүниеде бәрі де керісінше, ауруынан дәрігері көп. Ал қалай, істің беті тез оңғарылды ма, ә. ... дұрыс, бағасына қарай жазасы.
Келесі күні Тарру оған тағы да ескертусіз келді. Оның жазғандарына сенсек, демікпе шал бұрын айна-тарақ сияқты ұсақ-түйек жасайтын кәсіпші болған, елу жасқа толған соң өз өмірімде бір адамға жетерліктей еңбек еттім деп төсекке жатқан да қайтып тұрмаған. Алайда түрегеп жүрсе, демікпе оны мүлдем қинамайды. Солай ол жетпіс жасқа жеткенше болмашы дәулетін азық қып, жылдар салмағын қиналмай көтеріп келеді. Сағат атаулыны жаны жаратпайды, сондықтан үйінде қоңыраулы сағат та жоқ. "Сағат па, керемет қымбат, дейтін ол - Оның үстіне сұмдық жексұрын". Уақытты, әсіресе езі үшін ең маңыздысы тамақтанатын уақытты ол бұршақтардың көмегімен айырады. Оянғанда оның төсегінің жанында кәстірөл тұрады, бірі бұршаққа толы болады. Бұршақтарды ол бір-бірлеп алып, ықтияттап айғайлап отырып бос кәстірөлге салады, ол толған соң екіншісіне қайта қотара бастайды. Бұршақ толы кастрөл - оның уақыт өлшейтін дербес бағдары. "Жиырма кастрөлді аударыстырғанда ауқат жасар уақыт та болады, - дейді ол - Осыдан оңай не керек".
Кемпірінің сөзіне сенер болсақ, оның оғаш мінезі жасынан бар екен. Шынында оны өмірі ештеңе қызықтырмаған: жұмысқа да, достарына да немқұрайлы қараған. Ол осы қаладан да аттап шығып көрген емес, жалғыз-ақ бірде отбасының шаруасымен Алжирге аттануға тура келеді. Оранға таяу тұрған стансадан түсіп қалып, бірінші кездескен пойызбен қайтып келеді үйіне. Одан әрі жол жүруге шамасы да, шыдамы да жетпепті.
Осынау өз еркімен елден безіп оқшаулануға таңдануын жасыра алмаған Тарру мырзаға шал себебін баяндай бастады: дінге сәйкес, адам өмірінің алғашқы жартысы - өрлеу, ал екіншісі - құлдырау, ал құлдырау басталғанда кісінің көрер күні өзіне тиесі болмайды, оны кез келген сәтте алып қоюы ықтимал Бұған қарсы ешбір лаж жасай алмайсың, сондықтан жалпы ештеңе істелмеу керек. Алайда бұл қағиданың ақылға анық қонбайтындығы оны түк те қысылтпайды, өйткені ол ештеңеге сенбейді. Осы араның өзінде Тарруға құдай жоқ, құдай болса, поптардың не қажеті бар деп отыр. Одан арғы әңгімеде шалдың философиялық тұжырымдамасының неден шыққаны Тарруға айқын болды. Бұның бәрі оның шіркеу қауымында жиналатын қайырымдылық салыққа деген наразылықтан туған. Оның кескіндемесіне керек соңғы сызық ретінде шалдың ең көкейкесті арманын еске түсіруге болады: өз сөзінде ол әбден қартайып барып өлетінінен үміттенетінін айтқан-ды.
"Бұл кім өзі, әулие ме? - деп сұраған өзінен-өзі Тарру. - Иә, әулие, егер әулиелік дегеніміз дағдының жиынтығы болса," - деп жауап берген.
Тарру сол кездің өзінде оба жайлаған қаланың бір күнін бүге-шігесіне дейін бейнелеп, азаматтарымыздың тұрмысы мен жұмысы туралы толық мағлұмат беруді қолға алған. "Мұнда маскүнемдерден басқа ешкім күлмейді, - деп жазған Тарру. - Ал олар тым көп және жиі күледі". Одан әрі баяндау басталады.
"Таңсәріде қала бойлап жеңіл бір леп жүгіріп өтеді. Сол мезет, түнде кім өлгені, күндіз кім өлетіні аралығындағы мезетте апат бір сәт ес жиып алғысы келгендей тына қалған сияқтанады. Дүкендердің бәрі әлі жабық. Алайда әредік жарнама әйнектерге жапсырылған "Обаға байланысты жабық" деген хабарландырулар - бұл дүкендердің тиісті уақытта ашылмайтынының куәсындай. Ұйқысы әлі еркін ашылмаған газет сатушылар соңғы хабарларды айғайлап айтпай, көше бұрышындағы қабырғаға сүйеніп, айқарақтың қимылымен өз тауарын шамға тосады. Бірер минуттан кейін алғашқы трамвайлардың тарсылынан оянған газетшілер бүкіл қалаға шашырап, қолындағы газет парақшасын бұлғайды, оның бетінде қарауытқан бір-ақ жазу: "Оба!". Одан арғысы "Оба күзге дейін созыла ма? Профессор Б: "Жоқ!" - деп жауап берді". "Жүз жиырма торт өлім оқиғасы -індеттің тоқсан төртінші күнгі қорытындысы осындай" деген жазуларды оқисыз.
Айы барған сайын өте бастаған қағаздың дағдарысына қарамастан, соның салдарынан көптеген басылымдардың көлемі қысқарғанын елеместен "Індет жаршысы" деген жаңа газет шыға бастады. Оның мақсаты - "біздің азаматтарды аурудың өршуі не өшуі жайындағы мәліметтермен мүмкіндігінше әділ хабардар етіп отыру; бақытсыздыққа қарсы күресуге бел буған белгілі, белгісіз адамдардың бәріне өз бетінен орын беру; халықтың рухын көтеру, билік орындарын қолдау - бір сөзбен айтқанда, тап болған қасіретке ойдағыдай қарсы түру үшін баршаның, әрбір адамның ерік-жігерін бір уысқа жиып, бір арнаға салу". Шынында да, газет бас-аяғы бірнеше күннің ішінде өз міндетін обаға қарсы жаңа да сенімді сауықтыру шаралары туралы хабарларды жариялаумен шектеді.
Таңғы сағат алтыда ашыларынан бір сағат бұрын дүкендердің есігі алдында кезекке тұрғандар, сосын иін тіресіп қала шетінен келе жатқан трамвайдағылар таласа талап сатып алып кетеді. Трамвайлар енді бірден-бір көлік болып қалды, сондықтан жұрттың бәрі сықаса мініп, табалдырығына дейін бос орын болмаған соң ауырлап әрең ілбіп жүреді. Назар аударар бір жайт - ауру жұқтырып алмас үшін жолаушылар трамвайда мүмкіндігінше бір-біріне бетпе-бет қарамай, арқасын беріп тұрады. Аялдамаларда трамвай топ-топ қып ерлер мен әйелдерді түсіріп тастайды да, олар дараланып жүру үшін жан-жаққа тұра жүгіреді. Трамвайда дау-жанжал, ұрыс-керіс те аз болмайды, жұрттың көңіл күйі келмегендіктен ондай қақтығыстар тіпті жиілеп кетті.
Алғашқы трамвайлар өткен соң халық бірте-бірте ояна бастайды, тіреу ағашына "Кофе жоқ", "Қантты ала келіңіздер" деген тәрізді хабарландырулар жапсырылған сыраханалар ашылады. Сосын дүңгіршектер ашылып, көшелерде у-шу көбейеді. Онымен бір мезгілде бүкіл қаланы күн шапағы аялап, ыстық мамыр аспанын қорғасын мұнармен торлайды. Сол тұста не істерге білмей, екі қолы алдына сыймағандар саяжолдарда жүріп қайтқысы келеді. Жұрттың көбі көз алдына жайып салар байлықтың көмегі болса да, қайткен күнде обаны арбағысы келе ме екен деген де әсер туады. Күн сайын сағат он бірлерде қаланың басты көшелерінде жас жігіттер мен жас бикештердің шеруі өтеді, соларға қарап тұрып алапат апаттардың аясында да өмір сүруге деген керемет құштарлық бүр жаратынына көз жеткізесің. Егер індет ұлғайса, парасат шеңбері одан сайын кеңейе түсетін тәрізді. Онда Милан мейрампаздарын бөлек-бөлек қабірлеуді де көруіміз мүмкін.
Талма түстің кезінде таңғажайып аса таяқтың сілтелуін көргендей-ақ жұрт мейрамханаларға лық толады. Енді бірнеше минут өткенде орын жетпеген жүрт топ-топ болып есік аузында тұрады. Аптаптан аспан бірте-бірте қарауыта бастайды. Алып мата қалқалардың көлеңкесінде қарны ашқандар күн көзінен енді ғана күйзеліп тұрған көшелерде кезек күтеді. Мейрамханалар және тағам мәселесін оңай шешетін болғандықтан да лықа толады. Алайда ол ауру жұқтыру қаупін жоя алмайды. Түстенушілер ыдыстарын ұзақ ысқылап сүртіп отырғаны. Таяу уақыттан бері мейрамханалардың жарнама әйнегінде: "Бізде ыдыс-аяқты қайнатады" деген хабарландыру шықты. Сонан соң мейрамхана иелері кез келген жарнамадан бас тартты, өйткені көпшіліктің бәрібір келетінін білді. Оның үстіне келушілер тартпақ сараңдығын да қойды.
Думандатушылардың таусылмас жарысы ең жұмсақ әрі айтулы саналатын шараптар мен қымбат тіскебасарларға тапсырыс беруден басталады. Бір мейрамханада мынандай да қос үрей шу шығып қалыпты дейді: түстік жасаушылардың бірі өзін нашар сезініп, үстел басынан әрең тұрып, боп-боз болып теңселе асығып-үсігіп шығар ауызға беттеген екен, жұрт шошып кетіпті.
Сағат екілерге таман қала бірте-бірте қаңырап бос қалады да, сол сәт көшелерде шаң-тозаң, күн шапағы, оба мен үнсіздік - бәрі-бәрі тоқайласады. Осынау ұзақ абақты сағаты жалқынданған кешке ұласып, қыбырлаған жұрт пен ызыңдаған қаланы құшағына алады. Ыстықтың алғашқы күндері, неге екенін кім білсін, кешкілік көшеде ешкім болмайды. Ал қазір түнгі салқынның лебі үмітпен ой сергітпесе де бой сергітеді. Барлығы үйлерінен сыртқа шығады. Мылжың әңгімемен, болымсыз даумен көңілін басқысы келеді де, алқызыл шілде аспаны астында күллі қала жұп-жұп болған жұрттың даусымен жаңғырып, ыңыранған түнді қарсы алады. Бекер-ақ бір фетр қалпақты көбелек сынды галстук таққан елірме шал топты кимелеп: "Құдай ұлық, соған келіңдер!" - деп далбасалайды, оған керісінше елдің бәрі де бәз-бірдеңеге асығады, нені көксейтінін бірақ өздері де білмейді, әйтеуір құдайдан маңыздырақ бірдеңеге ұмтылатын сияқты. Алғаш бұрқ ете қалған індет жай ғана індет деп саналған кезде діндікі орынды да еді. Жұрт істің беті нашар екенін түсінгенде бәрі бірден өмірдің қуаныш-қызығы да барын еске түсірді. Күндіз бет біткенді бүлдіріп ажарын алатын уайымды үрей мынау шаңға көмілген, алаулаған кешқұрымда бәз бір белгісіз желпініске, күллі қаланы өрекпіткен ебедейсіз азаттыққа орын береді.
Мен де дәл солар сияқтымын! Айтары не! Ажал мен тәрізді адамдарға түк те емес. Біздің дұрыстығымызды дәлелдейтін жай бір оқиға!
Күнделігінде еске алған - Риэмен кездесуді сұрап жүрген - Таррудың өзі. Келісілген кездесу кешінде Риэ қонағын күтіп отырып, ас үйдің алыс бұрышында қаздиып отырған анасына көз салды. Үй шаруасының күйбең тіршілігін жайғап болып, ол осы арада, дәл осы орында бүкіл бос уақытын өткізеді. Қолын тізесіне қойып күтеді де отырады. Риэ оның осылай отырып дәл өзін күтетініне онша сенбеуші еді. Бірақ бұл үйге кіргенде оның жүзі өзгеріп сала берді. Ұзақ еңбек өмірінде меңіреулікке сайғанның бәрі оның бойында бірден жанданып жүре бергендей болды. Сосын ол тағы да үнсіз қалды. Кеш бойы ол терезеден көз алмай қаңырап қалған көшеге қарады. Көшенің жарығы қазір үштен екідей азайған. Тек жарығы күңгірт сирек бір шамдар ғана қараңғылық қойнын тіледі.
— Бүкіл індет кезінде электр осылай жарты күшімен жанбақ па? - деп таңырқады Риэ ханым.
― Ол да ықтимал
— Тым құрыса қысқа дейін бітсе ғой. Әйтпесе қыс мүлдем қайғылы болары сөзсіз.
― Рас, - деп келісті Риэ.
Ол анасының көзі мұның маңдайын аялағанын байқады. Соңғы күндердегі әбігер мен қалжырау оңдырмай жүргенін Риэнің өзі де біледі.
— Ал қалай бүгін, оңға баспай тұр ма?
― Ә, жоқ, қашанғысындай.
Қашанғысындай! Бұл Парижден жіберілген жаңа сыворотка бұрынғысындай емес, әлсіздеу сияқты, өлгендер саны өсіп барады дегенді аңғартатын сөз. Алайда бұрынғысынша алдын алу вакцинациясын оба болып кеткен отбасыларында ғана жасау керек. Ал вакцинаны қажетті ауқымда шашу үшін оның өндірісін жолға қою қажет. Көпшілік жағдайда шап ісіктері қасарысып жаруға көнбейді, неліктен екенін кім білсін, олар шемен боп қатып қалып ауруды еселеп қинайды. Кешеден бері қалада аурудың тыңнан тағы да екі түрі тіркелді. Енді без обасына өкпенікі қосылды. Сол себепті зыр жүгіріп, табанынан таусылып не лаж жасарын білмеген дәрігерлер абыржыған префект шақырған мәжілісте аурудың жұғу қаупін алмастыру үшін жаңа шаралар қолдануды талап етті, әйтпесе өкпе обасы ауа арқылы да тарай береді. Әдеттегідей ол туралы ешкім де ештеңе білген жоқ. Ол анасына қарады. Қара көздердің сүйкімді қиығы оның перзенттік мейірімін тербеп, тебірентіп жіберді.
— Ана-ау, сіз осы қорықпайсыз ба?
― Әсіресе менің жасымда қорқатын не бар?
— Күн ұзақ, ал мен үйде ешқашан болмаймын.
― Сенің келетініңді білгендіктен, қанша қажет болса, сонша күтемін. Ал сен үйде жоқта балам не істеп жүр екен деп ойлаймын. Хабар бар ма, өзі?
— Иә, соңғы жеделхатқа сенер болсақ, бәрі де ойдағыдай. Бірақ оның мені алаңдатпау үшін ғана осылай жазып отырғанын ішім сезеді.
Есіктің қоңырауы шылдыр ете қалды. Дәрігер анасына жымия қарап, есік ашуға кетті. Баспалдақ алаңы әлден-ақ қараңғы тартыпты, сондықтан сұр костюм киген Тарру алып аюға ұқсап кетті. Риэ қонағын өз кабинетіндегі жазу үстелінің қасына жайғастырды. Өзі мамықтақтың арқасынан ұстап тұрып қалды. Оларды үстел үстіндегі шам ғана бөліп тұр, осы үйде жалғыз жанып тұрған сол ғана.
― Сізбен ашық сөйлесе алатынымды білемін,- деп бастады сөзді Тарру тұспалдамай-ақ.
Таррудың сөзін құптағандай Риэ үн қатқан жоқ.
— Екі аптадан, болмаса екі айдан кейін сіз бұл арада пайдасыз болып қаласыз, жағдайдың өзі басып озып кетті.
― Оныңыз дұрыс, - деп келісті Риэ.
― Санитарлық қызмет өте нашар ұйымдастырылған. Сіздерге уақыт та, кісі де жетіспейді.
Риэ мұны да мақұлдады.
— Префектура барша жарамды ерлердің ар-намысын оятып, адамдарды құтқару жолындағы күреске қатыстыру үшін тұрғындардан арнаулы қызмет ұйымдастыруды ойластырып жатқанын білемін.
― Мәліметіңіз дұрыс. Бірақ наразылық онсыз да күшті, сондықтан префект ойланып қалып отыр.
— Ондай жағдайда еріктілерге неге сөз салмайды?
― Салып та көрген, бірақ нәтижесі мардымсыз.
— Сөзінің өтер-өтпесіне өздері де сенбей, олар ресми жолмен сөз салды. Оларға ең бастысы - ой-қиял жетіспейді. Сондықтан да бақытсыздықтың ауқымына ілесе алмай қалып отыр. Обамен күресіп жатырмыз деп ойлайтын да болуы керек, ал күресінің құралы әдеттегідей тұмауға қарсы қимылдың деңгейінен аспайды. Егер біз араласпасақ, олар құриды. Біз де бірге құримыз.
― Мүмкін, - деп келісті Риэ. - Сізге айтуға тиістімін, олар сондай-ақ қара жұмысқа тұтқындарды тартуды да ойластырып отыр.
— Мен жұмысты азат адамдар атқарғанын артық көремін.
― Мен де солай? Шынында да, неге?
— Өлім жазасына кесер үкімдерді жек көремін.
Риэ Тарруға қарады.
― Ал, онда не тұр? - деді ол
— Әйтпесе менде ерікті жасақтарды ұйымдастыру жөнінде жоспар бар еді. Осы шаруамен шұғылдануды маған тапсырыңыз да, басшыларды жайына қалдырыңыз. Олардың онсыз да қам-қарекеті кеңірдегінен келеді. Менің қай жерде де достарым баршылық, ұйымның ұйытқысы солар болады. Әрине, өзім де жасаққа кіремін.
― Өз басым, бұған қуана келісетініме күмәнданбассыз деп ойлаймын, - деді Риэ. - Адам қашанда көмекті қажетсінеді, әсіресе, ол біздің кәсіпте көбірек керек.
— Ұсынысыңызды префектурада өткізу міндетін өз мойныма алайын. Алайда оларда басқа жол да жоқ. Бірақ... - Риэ үндемей қалды.
― Бірақ бұл жұмыстың керемет қатермен астасып жатқанын өзіңіз де білесіз. Бұл турасында бар жағдайды ескертіп отыруға борыштымын. Осының өзін жақсылап ойластырып па едіңіз?
Тарру байсалды сұр көзін дәрігерге қадады.
— Ал сіз Панлю атайдың уағызы жайында не айтар едіңіз, дәрігер?
Бұл сұрақ сондай табиғи шықты да, дәрігер Риэ оған кәміл табиғи жауап қайырды:
― Ұжымдық жаза туралы пікір мені баурап алатындай, уақытымның денін ауруханаларда мен әсте де аз өткізген жоқпын. Алайда христиандардың өзі шындап сенбесе де, осы тақырыпта сырласуды кейде жақсы көретінін сіз білесіз бе? Олар бір қарағанда көрінгенінен жақсырақ.
— Демек, сіз де Панлю атай сияқты, обаның жағымды жағы да бар, ол жұрттың көкірек көзін ашады, ойлануға мәжбүр етеді демексіз ғой.
Дәрігер шыдамсызданып басын сілкіп қалды.
― Әлемдегі ауру атаулының бәрі солай. Мынау жалғандағы сырқаттарға қатысты ол пікір дұрыс болса, обаға қатысты да дұрыс. Бәлкім, бәз-біреуге ол сабақ болып жақсартар. Алайда обаның қаншалық қайғы-сор мен қасірет әкелгенін көре тұрып, оған төзіп, апатына келіссең, есі ауысқан есалаң, түк көрмес көрсоқыр немесе иіс алмас сұмпайының өзі болар едің.
Риэ даусын түк те көтермей сөйледі. Тарру бірақ оны сабасына түсіргісі келіп қолын сілтеп қалды. Ол күліп жіберді.
— Иә, - деп Риэ иығын қозғап қойды. - Бірақ сіз маған әлі жауап берген жоқсыз. Оны сіз жақсылап ойластырдыңыз ба?
Тарру мамықтаққа ыңғайлырақ жайғасып шамға қарай ұмсынды.
― Ал сіз құдайға сенесіз бе, дәрігер?
Бұл сұрақ та әбден табиғи естілді. Бірақ бұл жолы Риэ бірден жауап берген жоқ.
— Жоқ, бірақ оның бұл арада керегі қанша. Мен қараңғы қапаста тұрамын, сондықтан бірдеңені үңіліп көргім келеді. Ал оны баяғыдан-ақ дара дүние деп санаған емеспін.
― Сізді Панлю атайдан алшақтататын да осы ғой.
— Олай ойламаймын. Панлю - кабинет оқымыстысы. Өлімді ол жеткілікті көрген жоқ, сондықтан ақиқат атынан сөйлейді. Ал өзіне келгендердің күнәсін кешіртіп, жантәсілім еткендердің ақтық демін естіген кез келген ауыл попы дәл мен құсап ойлайды. Ол ең алдымен қайғы құшқандарға көмек көрсетуге тырысады, сосын барып оның жақсы қасиеттерін дәлелдейді.
Риэ орнынан көтеріліп, жүзін көрсетіп тұрған жарық кеудесіне түсті.
― Менің сауалыма жауап бергіңіз келмейді екен, онда мұны тасталық, - деді.
Бұрынғысынша мамық тақта қозғалмай жайлы отырған Тарру күлімсіреді.
— Жауап орнына сауал беруге бола ма?
Дәрігер де жымиды.
― Байқаймын, сіз құпиялықты жақсы көреді екенсіз, онда еркіңіз, - деді.
— Онда былай, - деді Тарру. - Құдайға сенбейтін болсаңыз, оз ісіңізді не үшін осынша жан салып атқарасыз. Бәлкім, сіздің не айтарыңызды біліп, жауабын өзім де бере аламын.
Бұрынғысынша жартылай қараңғылықта тұрып дәрігер бұл сұраққа жауап бергенін айтты, егер құдіреті күшті құдайға сенсе, ауруларды емдеуін доғарып, барлығын жаратқанның өз қолына берер еді. Алайда мәселе мынада, дүйім дүниеде бірде-бір адам, иә, тіпті ол Панлю атай болса да, бұндай құдайға сене тұрып иек артпайды, ал Риэ болса, орныққан ғалами тәртіпке қарсы күресіп, өзін дұрыс жолдамын деп санайды.
― Ә-ә, - деп даусын созды Тарру, - демек, сіз өз кәсібіңізді осылай ұғынады екенсіз ғой.
— Шамамен, - деп доктор шамнан түскен жарықтың төңірегінде әрлі-берлі жүрді.
Тарру баяу ғана ысқырып, доктор оған тесіле қарады.
― Иә, - деп соз бастады Риэ, - бәлкім, сіз бұл арада өзімшілдік керек дейтін боларсыз. Менің менменділігім де, өзімшілдігім де бір басыма жетеді. Өзімді алда не күтіп тұрғанын, одан әрі не болатынын мен білмеймін. Қазір аурулар бар, соларды емдеу қажет. Олар да, олармен бірге мен де кейін ойланып-толғанамыз. Ал қазіргі көкейтестісі -соларды емдеп жазу. Мен болсам, оларды білгенімше қорғаймын, бар болғаны осы.
— Кімнен қорғайсыз?
Риэ терезеге бұрылды. Алыста аспанның бояуы қалыңдап, қарауытқанынан теңіздің бары білініп тұр. Оның жалғыз ғана түйсінгені - көп күннен бері қара жанына бір дамыл болмай шаршағаны, соның өзінде де алдындағы мынау мінезі оғаш, бірақ жанының бір бауырмалдық жақындығы бар адаммен аяқ астынан сыр ашып, сырласуға бойын тартып, өзімен-өзі іштей күресуге өзі жетіп отыр.
― Өзім де білмеймін, Тарру, ант етейін, білмеймін. Бұны енді ғана бастағанда көп жағдайда дерексіз қимылдауға тура келді, өйткені менің қалауым солай болды, қазір жастардың көзі құмартып жүрген дәрігер мамандығының өзгелерден кем емес екенін көрсін дедім. Мүмкін оның жұмысшының баласы менің қолыма оңайлықпен түспегенін жұрт білсін деген шығармын. Содан соң адамның қалай жан тапсыратынын көруге тура келді ғой. Білсеңіз бар ғой, өлгісі келмейтін адамдар көптің көбі. Жантәсілім еткелі жатып әйелдің: "Жоқ, жоқ, ешқашан!" - деп айқайлағанын сіз естімеген шығарсыз. Ал мен естідім. Бұған ешқашан көндікпеспін деп сонда-ақ ойлаған едім. Онда не, аузынан уызы арылмаған сары ауыз балапанмын, өзімнің жиіркенішімді әдеттегі іс қой деп ойлаймын. Уақыт өте келе бәріне етіміз үйренді. Сонда да өлім көрінісіне етім өліп көндіге алмай-ақ қойдым. Одан артық өзім де ештеңе білмеймін. Алайда, амал не...
Риэ ағат кеткенін біліп, үндемей қалды. Кенет тамағы құрғап, аузы кеуіп қалғанын сезді.
— Амал неңіз не? - деп сұрады Тарру баяу ғана.
― Амал не? - деп қайталаған доктор Тарруға ықыластана зер салып тағы да үнсіз қалды. -Әйткенмен, мен қателескен жоқпын, оны сіз сияқты кісі түсінуге тиіс... Міне, мәселе мынада, істің мәні өліммен анықталатын болса, бәлкім Құдай тағалаға, жалпы, өзіне сенбеген жақсы шығар, жұрт мелшиген үнсіздік жайлаған аспанға назар аудармай, бар күшін салып өлімге қарсы күреседі ғой.
— Рас, - деп қостады Тарру, - түсінемін. Бірақ біздің кез келген жеңісіміз қашанда өткінші болған, солай қала да бермек - мәселе, міне, осында.
Риэ тұнжырап кетті.
― Қашанда солай болатынын білемін. Бірақ бұл күрестен бас тартуға желеу бола алмайды әлі.
— Желеу емес екені анық. Алайда сіз үшін мүндай жағдайда обаның не екенін шамалаймын.
― Иә, шегі, шеті жоқ жеңіліс, - деді Риэ.
Тарру бір минуттай дәрігерге тесіле қарап тұрды да, содан кейін есікке беттеді. Риэ оның соңынан кетті. Ол қуып жеткенде Тарру аяғының астына қарап тұр еді, кенет сұрақ қойып қалды:
— Осының бәріне сізді үйретіп жүрген кім, дәрігер?
Жауап іле қайтарылды:
― Адамның қасірет-қайғысы.
Риэ кабинеттің есігін ашып, дәлізде Таррумен бірге шығатынын айтты, оған қала шетіндегі бір ауруға барып қайту керек екен. Тарру оған шығарып салайын деп өтінді де, дәрігер қарсылық еткен жоқ. Дәліздің ең шетінде оларға Риэ ханым кездесті де, дәрігер оны қонағына таныстырды.
— Танысыңыз, мынау менің досым, - деді ол
― Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын, - деді Риэ ханым.
Ол өткен соң Тарру бұрылып сыртынан қарады оған. Баспалдақ алаңына шыққан соң Риэ электр шамын жақпақ боп әуреленді. Кіре беріс тастай қараңғы екен. Доктор электр қуатын үнемдеу жөніндегі жаңа бұйрықтың күшіне енгенін білді. Бірақ кім білсін, таяудан бері қалада да, үйлерде де бар шаруаның қиюы қашты ғой. Бәлкім, бұл күзетшінің жай ғана қарамауының кесірі шығар, ал біздің ағайындар жалпы ештеңенің қамын ойламайды ғой. Доктор осыны ойлап үлгергенше, ту сыртынан Таррудың даусы шықты.
— Тағы бір ескертпе, дәрігер, мейлі ол сізге күлкілі болса да айтайын: сіздікі бастан-аяқ дұрыс.
Тарру қараңғыда оның қимылын аңдай алмайтын болса да Риэ иығын қиқаң еткізді.
― Ашығын айтқанда, менің өзім де білмеймін. Ал сіз, сіз білесіз ғой.
— А-ал, - деп даусын ықылассыз созды Тарру, - мен оқымысты адаммын.
Риэ тоқтай қалды, соңында келе жатқан Тарру баспалдақтан сүрініп кетіп,мұның иығынан ұстап әрең құламай қалды.
― Демек, сіз өз ойыңызша, өмір туралы бәрін білесіз ғой? - деп сұрады дәрігер.
Қараңғыдан сол бәз баяғы байсалды дауыспен қайтарылған жауап құлаққа жетті:
— Иә, білемін.
Тек көшеге шыққан соң ғана олар уақыт тым кеш екенін, сағат он бірлерге барып қалғанын сезді. Қала тып-тыныш, сыбырдан басқасының бәрі тынған. Әлдеқайдан түу алыста "жедел жәрдемнің" дабылы естіледі. Олар машинаға отырып, Риэ моторды от алдырды.
― Ертең лазаретке келіп кетіңіз, - деді ол. - Сізге сақтандыратын укол салу керек. Сіз мынау тарихқа килікпес бұрын соны жасау шарт, есіңізде болсын, бұдан аман шығар мүмкіндіктің сіз үшін біреуі-ақ бар.
— Бұл долбар есептің еш мәні жоқ, оны өзіңіз де өте жақсы білесіз, дәрігер. Бұдан жүз жыл бұрын Персиядағы оба індетінде қаланың күллі тұрғыны қырылып, бір-ақ адам аман қалған ғой, бақса ол мәйіттерді арулап жуып, бір минут та дамыл-тыным таппаған екен.
― Яғни, оның үлесіне үшінші мүмкіндік тиген, - деді Риэ және даусы әдеттен тыс қатқыл шықты. - Сіздің айтуыңыздың да жаны бар, оба жайындағы мағлұматымыз әлі де онша мәз емес.
Енді олар қала шетін аралай бастады. Қаңыраған көшелерде автомобиль жарығы жарқ-жұрқ етеді. Дәрігер машинаны тоқтатты. Есігін жауып жатып Таррудан аурудың үйіне кірер ойыңыз бар ма деп сұрады, анау кіретінін айтты. Олардың жүзіне түнгі аспаннан шашыраған сәуле ғана жарық түсірді. Ойламаған жерден Риэ ықыластанып қарқ-қарқ күлді.
— Айтыңызшы, Тарру, мына тарихқа килігуге сізді не мәжбүрлеп жүр? - деп сұрады ол
― Білмеймін. Сірә, адамгершілік алдындағы ой-толғам, түсінік болуы керек.
— Ал ол неге негізделген?
― Адамгершілік түсінікке.
Тарру үйге қарай бұрылды да, Риэ оның жүзін демікпе шалдың үйіне кіргенде ғана көрді.
Келесі күні-ақ Тарру іске кірісіп, алғашқы ерікті жасақты құра бастады, оның ізімен басқалары да ұйымдастырылуға тиіс болды.
Осынау санитарлық ұяларға тым зор мән беру әңгімешінің ниетінде әсте жоқ. Рас, әңгімешінің орнында болса, біздің ағайындардың біразы-ақ бұл жасақтардың рөлін асыра көрсетуден аянбас еді. Алайда әңгіме айтушы басқа бір жайтқа бой алдыратын сыңайлы, ол жақсы істерге мейлінше мол мән беріп, жамандықтың өзін көкке көтеріп керемет мақтайды деп санайды. Өйткені мұндай жағдайда жақсы қылық сирек құбылыс болғандықтан ғана бағаланады деп топшылауға болады, ал жауыздық пен енжарлық -адам қарекетінің әлдеқайда кең тараған қозғаушылары. Міне, осы көзқарасты әңгімеші титтей де бөлісе алмайды. Дүниедегі зұлымдық атаулы қашанда надандықтың жемісі, егер ағарту жағы жеткіліксіз болса, кез келген игі күш-жігер жамандықтан кем зиян әкелмейді. Адамдардың жаманынан жақсысы көп, шын мәнінде, мәселе мұнда да емес. Олар кей жағдайда ештеңе білмей түсінбестікпен жүреді, бұны рақымшылдық немесе кемістік деп біледі. Ал ең үлкен кемістік - осы түсінбестік, ол өзі ойына не келсе соны істеуге болады, тіпті кісі өлтіруге де болады деп ойлайды. Кісі өлтірушінің көңілі көрсоқыр, бәрін бастан-аяқ айқын көрмейінше шынайы мейірбандық та, шын тамаша махаббат та болмайды.
Таррудың бастамасы бойынша туған санитарлық жасақтарды қуаттай отырып, әділдіктен аумау керек дейтініміз, міне, сондықтан. Әңгіме айтушының аса ділмар шежіреші кебін киіп, игі ерік-жігер мен ерлікті қолдай тұра көкке көтеріп мадақтаудан аулақ тұратыны да содан. Ол бұдан былай да қайғырса да қайыспайтын қайсар жүрегінің шежіреші тарихшысы болып қала береді, өйткені бізді оба осындай етті.
Санитарлық жасақтарды ұйымдастыруға жанкештілікпен кіріскендердің еңбегі оншалық ұлық та емес, олар басқаша істеуге болмайтынын берік білді және, керісінше, бұны қолға алмаудың өзі түсініксіз болып қалар еді Бұл жасақтар азаматтарымыздың обаға үңгіп енуіне көмектесіп, бір жағынан олардың көзін ауру келген жерде оған қарсы күресетін амал табу қажеттігіне жеткізді. Өйткені обамен күрес бір пара адам үшін парыз болып қана қоймай, шындығында баршаның ісіне айналды.
Мұның өзі өте жақсы. Екі жерде екі төрт болатынын оқытқан мұғалімді мақтау миына кіріп те шықпайды. Бәлкім, осы тамаша мамандықты таңдағаны үшін мақтайтын болар. Айталық, мен тағы басқалардың екі жерде екі төрт болатынын дәлелдеуге кіріскені өте-мөте мақтарлық, тіпті оларды мейірбан ерік-жігері жоғарыда аталған мұғаліммен, жүрегі сол секілділердің бәрімен туыстырып тұрған сияқты. Ал адам баласының абыройына қарай мұндайлар әңгімелеуші ойлағандағыдан әлдеқайда көп. Рас, ол қандай қарсылық болса да, ең бастысы, бұл адамдардың басын бәске тігіп, өмірін де аямағаны екенін түсінеді. Алайда тарихта әрқашан әрі сөзсіз мынадай сәт те туады: әлгі екі жерде екі - төрт болатынын дәлелдеген адамды өлім жазасына кеседі. Мұғалім мұны өте жақсы біледі. Мәселе мұндай ой-толғам үшін қандай жаза немесе қандай марапат болатынында да емес. Мәселен, екі жерде екі торт бола ма, болмай ма - соны білуде. Біздің азаматтардың сонда да өмірін таразыға тартып, басын бәйгеге тіккенде екі мәселені: біріншіден, бұл оба ма, оба емес пе, екіншіден, оған қарсы күресу керек пе, жоқ па деген мәселені шешуіне тура келді.
Жаңадан шыққан көптеген Оран уағызшылары бұған қарсы ештеңе жасауға болмайды, ең ақылы - апат алдында тізе бүгу деп дәлелдеп-ақ бақты. Тарру да, Риэ де, олардың достары да оларға анау деп, мынау деп қарсы айтуына болар еді, бірақ олардың тұжырымын қолдарынан қалай келсе, солай жасады; ол - әр алуан тәсілмен күрес жүргізу, қиындық алдында ешқашан тізе бүкпеу. Бар мәселе адамдарды ажалға қайтсе де көп бермеуге, оларға оралмас айырылысудың азабын тартқызбауға кеп тірелді. Бұған жеткізер жалғыз ғана амал - обаны жеңіп шығу. Былайша, бұл ақиқат таңданыс туғызуға тиіс емес, таңданыстан гөрі бұның ойға қонымдылығы, қисындылығы басым.
Міне, сондықтан да Кастель қарияның сыворотканы осында, жергілікті жерде, қолда бар материалдардан өндіруге бар сенімін, бар жігерін сарп етуі әбден заңды әрі табиғи. Риэ мен олар қаланы шарпыған микробтың дақылдарынан жасалған сыворотка сырттан әкелінгеннен күштірек әрі шипалырақ, өйткені жергілікті микробтың оба вакцинасынан, анығырақ айтқанда, оның классикалық сипаттамасынан аздаған айырмашылығы бар. Кастель сыворотканың алғашқы легін осы таяу күндері алуға есеп жасап отыр.
Міне, сондықтан да шын мәнінде тарихи тұлға деуге келмейтін Гранның бұл күндері жасақтардың әкімшілік кіндігі болуы да әбден заңды, әрі табиғи. Тарру ұйымдастырған жасақтардың бір бөлігі халық тым көп тұратын қотандарда сақтандыру көмегін көрсетуді мойнына алды. Жасақ мүшелері мұнда қажетті тазалық енгізуге тырысып, дезинфекциядан өтпеген шатырлар мен подвалдардың есебін алды. Қалған жасақшылар тікелей дәрігерлерге көмектесіп, олармен бірге шақырту бойынша пәтерлерге барды, аурулардың тасымалдануын еді.
Жаңадан шыққан көптеген Оран уағызшылары бұған қарсы ештеңе жасауға болмайды, ең ақылы - апат алдында тізе бүгу деп дәлелдеп-ақ бақты. Тарру да, Риэ де, олардың достары да оларға анау деп, мынау деп қарсы айтуына болар еді, бірақ олардың тұжырымын қолдарынан қалай келсе, солай жасады; ол - әр алуан тәсілмен күрес жүргізу, қиындық алдында ешқашан тізе бүкпеу. Бар мәселе адамдарды ажалға қайтсе де көп бермеуге, оларға оралмас айырылысудың азабын тартқызбауға кеп тірелді. Бұған жеткізер жалғыз ғана амал - обаны жеңіп шығу. Былайша, бұл ақиқат таңданыс туғызуға тиіс емес, таңданыстан гөрі бұның ойға қонымдылығы, қисындылығы басым.
Міне, сондықтан да шын мәнінде тарихи тұлға деуге келмейтін Гранның бұл күндері жасақтардың әкімшілік кіндігі болуы да әбден заңды, әрі табиғи. Тарру ұйымдастырған жасақтардың бір бөлігі халық тым көп тұратын қотандарда сақтандыру көмегін көрсетуді мойнына алды. Жасақ мүшелері мұнда қажетті тазалық енгізуге тырысып, дезинфекциядан өтпеген шатырлар мен подвалдардың есебін алды. Қалған жасақшылар тікелей дәрігерлерге көмектесіп, олармен бірге шақырту бойынша пәтерлерге барды, аурулардың тасымалдануын қаматамасыз етті, тіпті бара-бара арнаулы қызметшісі болмай қалғанда "жедел жәрдем" машинасы мен мүрде таситын фургондарды жүргізді. Мұның бәрі Гран өз мойнына алған статистикалық есепті талап етті.
Белгілі бір көзқарас тұрғысынан әңгіме айтушы Гранды, Риэ мен Тарруға қарағанда, жасақшыларға өз жұмысында дем беретін байсалды ерліктің нағыз өкілі деп санауға бейіл "Иә" дейді ол өзіне тән мейірбан ерік жігермен еш абыржымай. Күрделі жұмыс үшін кәрі екенін айтып, өзін жеңілірек жұмысқа пайдалануды сұрап жүрген де жалғыз сол. Он сегіз бен жиырма сағаттың арасындағы оның уақыты дәрігердің билігінде. Риэ оны қызу қошеметтеп алғыс айтқанда, ол тіпті қайран қалды: "Ең қиыны бұл емес қой. Қазір - оба, жарайды, онымен күресу керек екені айқын. Шіркін-ай, бұл жалғанда бәрі де осындай оңай болса ғой!". Ізінше ол өзінің жазылып аяқталмай қалған сөйлеміне оралды. Кейде кешкілік статистикалық есептер біткен соң, Риэ Гранмен сұхбат құрады. Бұл кешкі әңгімелерге олар Тарруды да тартты. Гран екі досының алдында өз жүрегін зор ықыласпен жайып салады. Ал олар ояз тартпас ықыласпен Гранның мехнатты еңбегін қадағалайды, обаның өршіген кезінде де одан қол үзбей жүргеніне таңданады. Ақыр аяғында бұл екеуі үшін де өзіндік бір сергек серпілу болады.
"Ал, Амазонка қалай?" деп жиі сұрайды Тарру. Гран болса қинала жымиып, әрдайым баяғы бір сөздермен жауап қатады: "Шауып барады, шауып!" Бірде кешкісін Гран өзінің Амазонкасына орай қолданған "сәнді" деген эпитетті түпкілікті алып тастап, "сымбатты" деген сөзді алғанын хабарлады. "Осылай дәлірек болады" деді. Келесі бір кездескенде ол тыңдаушыларына қайтадан сомдалған алғашқы сөйлемін оқыды: "Бірде, тамылжыған тамаша мамыр таңында сымбатты сұлу Амазонка таңғажайып торы атпен Булан орманының гүл жайнаған саяжолында шауып бара жатты".
— Шынында да, оны осылай жақсырақ көрмейсіз бе? - деп сұрады ол - Сосын мен "мамыр таңы" деп жазғанды дұрыс көрдім, "мамырдың таңы" деген аттың аршындауын бәсеңдететін сияқты.
Содан соң ол "таңғажайып" деген эпитетпен айналысты. Оның сөзіне қарағанда, бұның екпіні бәсең, ал оған сәйгүлік тұлпарды фотосуреттік дәлдікпен бірден сипаттап беретін сөз керек, ал әлгі теңеу мұның қиялындағы атты көз алдына келтіре алмай тұр. "Семіртілген" деген сөз дәл болса да ұнаспайды. Бір сәт "күтімді" дегенге көңілі құлап еді, ырғақ жағы аталмыш сөйлемге үйлеспейді. Тағы да бір кешкілік ол таптым деп мәз болды, таптым "алма түстес торы". Оның пікірінше бүл жануардың сұлулығын айнытпай береді.
― Бұлай болмайды, - деп қарсылық білдірді Риэ.
— Ал неліктен?
― Өйткені алма да аттың түсі, бірақ торы емес.
— Қандай түс?
― Қандай түс екенінде ештеңе тұрған жоқ, қалай болғанда да алманың түсі торыға жатпайды.
Гран жан-жүрегімен айран-асыр, таң-тамаша болды.
— Рахмет, рахмет! - деді ол. - Сіздерге оқып бергенім қандай жақсы болды. Жарайды. Бұның қандайлық қиын екеніне енді өздеріңіздің де көздеріңіз жетті.
― Ал "сән-салтанатты" деп жазса қайтер еді? - деп ұсыныс жасады Тарру.
Гран оған қарап, біраз ойланды.
— Иә, - деп ақыры үні шықты,- тура солай!
Бірте-бірте оның езуіне күлкі үйірілді.
Бірнеше күн өткен соң ол достарына "гүл жайнаған" деген сөздің сұмдық бөгет жасап жүргенін айтты. Ол өзі Оран мен Монтелимардан асып ешқайда бармағандықтан Булон орманындағы саяжолдар жайнай ма, жоқ па деп өз достарынан сұрастыруға көшті. Ашығын айтқанда, Риэге де, Тарруға да әсіресе гүл жайнау деген ұғым ешқашан әсер еткен емес, ал Гранның бұлтартпас дәйектері олардың сенімін шайқалтып кетті. Гран да олардың күмәніне таңданды. "Тек суреткерлер ғана көре біледі!" Бірде дәрігер оны әдеттен тыс өрекпіген жағдайға ұшыратты. Бақса, ол жаңа ғана "гүл жайнаған" деген тіркесті "гүлге толы" деп өзгертіпті. Ол қуана қолын уқалап: "Ақыр соңында оларды көретін, сезінетін болды. Ал, кәне, сыпыр бөрікті, мырзалар!" Ол сөйлемін мәз боп оқи бастады: "Бірде, тамылжыған тамаша мамыр таңында, сымбатты сұлу Амазонка сән-салтанатты торы атпен Булон орманының гүлге толы саяжолында шауып бара жатты". Алайда сөйлемдегі үш бірдей жатыс септігі дауыстап оқығанда тілді тұсап, Гран мүдіре берді. Ол орындығына қинала ренжіп отырды. Сосын дәрігерден кетуге рұқсат сұрады. Оған демалыста ойлану қажет.
Дәл осы тұста ол жұмысында кешіргісіз селқостық аңдатып, онысы өкінішті жағдай деп қабылданыпты. Рас, ол да кейінірек белгілі болды. Ол күндері мэрияда онсыз да кісі жетпей, қыруар ауыр міндетті аз құраммен атқаруға тура келіп жатқан-ды. Жұмыстың ақсағанында сөз жоқ, сондықтан кеңсе бастығы қатты сөгіп, оған жалақы жұмыс істемегені үшін емес, істегені үшін төленетінін ескертті. "Естуімізше, сіз қызметтен бос уақытта ерікті түрде санитарлық жасақтар үшін жұмыс істейтін көрінесіз, - деді тағы да бастық. - Оның маған қатысы жоқ. Маған жалғыз-ақ қатысы бары - ол сіздің мына мэриядағы жұмысыңыз. Мынау сұмдық шақта жұртқа пайда келтіремін деп шын құлшынғандар ең алдымен өз жұмысын үлгілі атқаруы керек. Әйтпесе басқаның бәрі бос әуре".
― Оныкі дұрыс, - деді Гран дәрігерге.
— Иә, дұрыс, - деп қостады Риэ.
― Мен шынында да енжар болып кеттім, әлгі сөйлемнің соңына қалай шығарымды шынында да білмеймін.
Ол барлығы жай да түсінікті болады деп, Булон деген сөзді жалпы сызып тастамаққа бел буды. Ал онда сөйлемде "гүлдер" деген сөзге немесе "саяжолға" не жалғасатыны белгісіз болып қалды. "Орманның гүлге толы саяжолдары" деп жазғысы келді оның. Онда орман айдалада қалып, шөгір құсап сораяды да тұрады. Бірақ шындықтан қашып құтыласың ба, кей кештері оның жүзі әбден шаршаған Риэден жаман әлем-тапырық болады.
Иә, Гранды титықтатып түбіне жетіп, басымен бірге жұтып жүрген қажет сөзін іздеу, соған қарамастан ол есеп жүргізіп, санитарлық жасақтарға қажет статистикалық мәліметтер жинауын тоқтатқан жоқ. Әр кеш сайын сабырмен ғана кәртішкелерін шығарып, көрсеткіштерін түсіріп, мүмкіндігінше, мейлінше дәл көріністі беруге бар күшін салды. Ауық-ауық Риэге кіріп, лазареттің баз бір кабинетінен немесе қабылдау бөлмесінен бір үстел бөлуін өтінеді. Өтініш орындалған соң тура мэриядағы үстеліне жайғасқандай, қағаздарын орналастырып, сиясы тезірек кепсін деп парақшаны жайымен бұлғап отырып, дезинфекция жасаған заттар мен аурудың өзінен айналадағы ауаның тымырсықтанғанын да аңдамайды. Мұндай сәттерде ол тиісті ғана жұмысын атқарып, басынан амазонкасын алып-ақ тастағысы келеді.
Егер жұрт өзіне әдетте қаһармандық деп аталатын мәртебелі үлгілер мен бейнелердің берілуін қаласа, егер тарихымызға өз қаһармандары сондай қажет болса, әңгіме айтушы оқырман назарына жүрек мейірімі мен мұратынан өзге ештеңесі жоқ мүлдем мәнсіз, көзге қораш, алғаш қарағанда күлкі туғызатын кейіпкерді ұсынады. Сөйтіп әрқайсысы заң бойынша өзіне тиесілісін алады: ақиқат - екіні екіге көбейткендегі мәңгілік төртін, ал ерлік - екінші дәрежелі, бірақ ғасырлардан бері пешенесіне жазылған өз орнын алады. Сондай-ақ біздің хамсаға да шынайы деректер жөніндегі игі сезімнен туған кез келген әңгімеге тән әбден айқын сипат беріледі. Ал ол сезім мүлдем нашар, мүлдем шаттанарлық та болмауы мүмкін.
Оба жайлаған қалаға сырттан кеп түсіп жатқан шақырулар мен дем берулерді газеттерден оқып, радиодан тыңдағандағы дәрігер Риэнің пікірі шамамен осындай болды. Жермен және әуемен келіп жататын көмектермен бір мезгілде радиотолқындар мен баспасөз қазірден бастап жалғыз қалғандай болып отырған қаланы құдайдың құтты күні көпірме көп сөзді тебірентерлік түсіндірмелер тасқынына тоғытады да жатады. Олардың ауаны мен мақамы, мейлі эпикалық, мейлі риторикалық болсын, дәрігерді шамдандырып, сабасынан шығарып жібереді. Әрине, ол бұл көңіл білдірулердің әсте де екіжүзділік емес екенін біледі. Алайда олар ол ниетін жұрт өзін адамзатпен байланыстырып отырған шартты тілде айтуларына болады ғой. Ал бұл тіл, айталық, Гран атқарып жатқан күнделікті елеусіз еңбектерге қолдануға келмейді, сондықтан оның індет өршіген кездегі қызметін ешкім көзге елестете алмайды.
Кей-кейде түн ортасында, қазір қаңырап қалған қаланың алып үнсіздігі құшағында аз ғана көз шырымын алып алу үшін төсекке қисаярда дәрігердің радиоқабылдағышты іске қосатыны бар. Жер шарының қиыр шет түкпірлерінен, мыңдаған шақырым қашықтықтан бейтаныс бауырлар ебедейсіздеу көңіл білдіріп, ынтымақтығын айтудай-ақ айтады, әйткенмен бәрінің де қасіретті дәрменсіздігі білініп тұрады, өйткені адам өз көзімен көрмей, біреудің қайғысын шынайы бөлісе алмасы анық. "Оран! Оран!" дейді. Бұл шақыру көк теңіздерді көктей өтіп бекер жетті, Риэ де ішін бекер тартты, ұзамай қыздырмалы қызыл тіл көпіршіп, Гран мен шешенді екі бөгде адамға айналдырған айырмашылық бәрінен де айқын көрінді. "Жо-жоқ, бір ғана амал бар, ол - сүю және бірге өлу деп ойлады дәрігер. Бірі - олар бір-бірінен тым шалғай".
Бақытсыздық бар күшін бір жұдырыққа жинап, қаланы бастан-аяқ шеңгеліне алған обаның шарықтау шегі туралы әңгімеге көшпес бұрын, Рамбер сияқты өз бақытын қайта тауып, озбырлық атаулыдан аянбай қорғап қалған өзінің бір бөлшегін сақтау үшін дамылсыз, біркелкі, жанкешті әрекет жасағандар жайында айтуға тура келіп тұр. Өздеріне төнген құлдық қатерін серпіп тастаудың тәсілі, бұл қарсылық сырттай онша пәрменді көрінбегенмен, әңгімелеушінің сенгеніндей, оның да өзіндік мәні болып, жеміссіздігіне, нәтижесіздігіне және қарама-қайшылығына қарамай, әркімнің де өз ерлігі барын паш етті.
Рамбер обаның қамшысына өз басын остырмас үшін жанталасты. Ашық жолмен қаладан кетудің мүмкіндігі жоқтығына көзі жеткен соң ол Риэге айтқандай, өзге арналарды шолды. Журналист оны дәмхана даяшыларынан іздеді. Дәмхана даяшысы күллі істен қашанда хабардар. Ол әңгімелескен алғысының өзі мұндай күдікті қадамға бел буғандарды қандай қатаң жаза күтіп тұрғанын жақсы білетін боп шықты. Ал енді бір дәмханада көп сөзге бармай-ақ оны арандатушы деп қабылдады. Тек Коттармен кездейсоқ кездескеннен кейін ғана ісі өлі нүктесінен жылжыды. Сол күні әңгіме Риэ мен Рамбер арасында журналистің әкімшілік мекемелеріне барғандағы нәтижесіз әуре-сарсаңы төңірегінде өрбіген. Арада бірнеше күн өткенде Коттар көшеде Рамбермен кездесіп қалды да, онымен жылы ұшырай амандасты, біраздан бері ол таныстарымен ұшырасқанда іші-бауырынан өтетін болған.
— Қалай, бұрынғыша ештеңе жоқ па? - деді Коттар.
― Ештеңе жоқ.
— Жалпы шенеунік атаулыға сенім бар ма? Кеңседе олар жұртқа жәрдемдескелі отыр дейсіз бе?!
― Айтуыңыз орынды. Ал мен басқа бір жол тапқалы жүрмін. Бірақ бұл қиын екен.
— Қиын болғанда қалай? - деп растады Коттар.
Алайда оған кейбір айналма жасырын жолдар мәлім боп шықты, аң-таң болған Рамбердің сұрағына ол Оран дәмханаларының көпшілігінде ол баяғыдан бері өз адамы саналатынын, олардың бәрінде достары барын, осындай істермен шұғылданатын ұйымды да білетінін айтып жауап берді. Ақиқатын айтқанда, тапқанынан қапқаны, жұмсағаны көп Коттар астыртын тауар тасушылармен сыбайлас болатын. Сигареттер мен нашар ішімдіктерді алып-сатумен айналысып, азын-аулақ дәулет те жинап алған.
― Ал сіз бұған сенімдісіз бе?
— Әрине, менің өзіме ұсынған.
― Мүмкіндікті пайдаланбадыңыз ба?
— Жақсы адамға сенбеу күнә, - деді Коттар жайбарақат қана, - менің пайдаланбаған себебім, өз басым осы арадан ешқайда кеткім келмейді. Оның өзіндік себебі бар.
Сәл-пәл үнсіздіктен кейін сөзін қайта жалғады:
― Қандай себеп екені сізді қызықтырмай ма?
— Меніңше, оның маған қатысы болмас, - деп жауап қатты Рамбер.
― Баз-бір мағынада дұрыс, қатысы жоқ. Ал басқа жағынан... Жарайды, бір сөзбен айтқанда, мынау айқын: оба басталғаннан бері арқам кеңіп, еркін тыныстайтын бол дым.
Коттардың сөзін тыңдап болып Рамбер:
— Ал, ол ұйыммен қалай байланысуға болады? - деп сұрады.
― Қиын іс, - деп күрсінді Коттар, - менімен бірге жүріңіз.
Сағат төрт болып қалған. Төбеден алаулай төнген аспан астында қала маздаған отқа қыздырынғандай қақталып тұр. Көшеде тірі жан жоқ. Коттар мен Рамбер дарбазаның астынан бұрылып біраз жүрді. Оба көрінбес көзбояушыға айналған шақ. Тынып тұрған тұңғиық ауаның үрей-қорқынышпен әлде шаң-тозаң, аптаппен шүпілдеп тұрғанын біліп көр. Обаны білу үшін ойлану, қадағалау қажет. Өйткені ол өзінің тек келеңсіз жақтарымен ғана көрінді. Мәселен, онымен айрықша қатыста болған Коттар Рамбердің назарын иттердің жоқтығына аударды - әдеттегі кезде олар арандай ашылған аузымен ыстық ауаны қармап, жер-көкте жоқ салқынды іздеп табалдырықтың алдында солықтап жатар еді ғой.
Олар Пальма бульварымен жүріп отырып Зеңбірек алаңын кесіп өтіп, Флот қотанынан бір-ақ шықты. Жасыл бояумен сырланған сол жақтағы дәмхана қалың сары матадан тігілген айқыш-ұйқыш перделермен көлегейленгісі келгендей. Ішке кірген соң екеуі де үйреншікті бір қимылмен маңдайларының терін сүртті. Сосын бетін қаптаған темірі тағы да жасылмен сырланған үстелдің алдындағы құрастырмалы бақша орындықтарына жайғасты.
Залда тірі пенде жоқ. Төбеде шыбындар ызыңдап жүр. Сары торда отырған жүні түсіп сидиған тоты тырнағымен тырбанып таяқшаға асылады. Қабырғаларда соғыс сюжетіне салынған көне суреттер ілулі тұр, төңірегі - түгел шашыраған батпақ, ұйысқан өрмекшінің ұясы. Үстелдің барлығының үстінде, тіпті Рамбердің алдындағыда да тауық саңғырығы жатыр. Бұл жерге тауық саңғырығы қайдан келеді деп журналистің басы қатып отырғанда, кенет қараңғы бұрыштан қозғалып, сары ала сирағы дірілдеп бір сілкініп алып әйдік қораз шықты.
Оның көрінуіне орай аптап күшейіп кеткен сияқтанды. Коттар қалпағын шешіп үстелді тықылдатты. Баз-бір мақар өз бойына шақ емес көк алжапқышына сүрініп арт жақтағы үйден шықты да, Коттарды көріп, алыстан басын изеп, солардың үстеліне қарай беттеді, жол-жөнекей қоразды оңдырмай бір теуіп, соның қыт-қыттауымен жарыса нендей қызмет көрсетейін деп сұрады. Коттар өзіне бір стақан-ақ тапсырыс беріп, Гарсиа деген біреуді сұрады. Даяшы тапалдың сөзіне қарағанда, Гарсиа бірнеше күннен бері бұлардың дәмханасына келмепті.
— Ал, сіздіңше, ол кешкісін келер ме екен?
― Барып біл, - деді даяшы. - Оның қай сағаттарда болатыны сізге мәлім ғой.
— Иә, шын мәнінде асығыс ештеңе жоқ. Тек қана оны досыммен таныстырайын деп едім.
Даяшы тершіген алақанын алжапқышына сүртті.
― Мсье де іспен шұғылдана ма?
— Әрине, - деп жауап қатты Коттар.
Тапал ауаны ішіне пысылдай тартты.
― Онда кешкісін келіңіз. Мен оған шақыртып бала жіберейін.
-Көшеге шыққан соң Рамбер қандай іс жөнінде сөз болғанын сұрады.
— Түсінікті ғой, контрабанда жайында. Олар тауарларын қала қақпасы арқылы алып өтеді және жоғары бағамен сатады.
― Тамаша, - деді Рамбер, - Демек, олардың сыбайластары да бар ғой.
— Онсыз бола ма!?
Кешкісін дәмхананың перделері көтеріліпті, тоты өз торында жағы сембей шырылдап тұр, ал темір үстелдердің айналасында бешпенттерін шешіп тастап келушілер отыр. Олардың бірі жасы отыздар шамасында, кең етек сабан қалпағын желкесіне бастыра киген, омырауы ашық ақ жейдесінен жүндес бурыл кеудесі көрінген жігіт Коттарды көрген бетте-ақ орнынан көтерілді. Бет пішіні дұрыс, қатты тотыққан жүзі қоңыр, көзі қара, кішірек, саусақтарында бірнеше жүзік жалт-жұлт етеді, аппақ тістері жарқырап көрінеді.
― Сәлем, - деді ол, - жүріңіз, үлдірік үстелге барып ішейік.
Олар үнсіз тұрып ішті, үшеуі кезек-кезек сыйлады.
— Ал шықсақ қайтеді? - деп ұсынды Гарсиа.
Олар портқа бет алып, Гарсиа өзінен не талап етілетінін сұрады. Коттар оны Рамбермен әсте де өз істері жөнінде таныстырғалы жүрмегенін, бұның сыпайылап айтқанда, "сытылып" шығу үшін қажеттігін баяндады. Шылымын тісіне қысып ап, Гарсиа серіктеріне қарамай адымдап келеді. Сұрақ қойып, Рамберді "ол" деп сөйлеп, жалпы оның бар-жоғын елемейтіндей көрінеді.
― Ал, не үшін кетеді?- деп сұрады.
— Оның Францияда әйелі бар.
― Ә-ә!
— Ол немен айналысады? - деп сұрады кідірістен соң.
― Журналист.
— Олардың кәсібінде тіс жармай, ауыз ашпай отыра алмайды ғой.
Рамбер үндеген жоқ.
― Ол дос, - деді Коттар.
Олар қайтадан үн-түнсіз жүріп келеді. Ақыры жағалауға да жетті, оған кірер ауыз биік дуалмен қоршаулы екен. Бірақ олар тәбет тартар хош иісі алысқа тарайтын қуырған шабақтармен сауда жасайтын дүкеншіге тура тартты.
— Жалпы, бұл менің шаруам емес, мұнымен Рауль айналысады, - деп тұжырды Гарсиа. -Ал оны әлі іздеп табу керек.
― Демек, жасырынып жүр екен ғой, - деп абыржи сөйледі Коттар.
Гарсиа жауап қатқан жоқ. Дүкеншінің алдына кеп тоқтаған ол Рамбердің жүзіне алғаш анықтап қарады.
— Бүрсігүні, сағат он бірде, қаланың жоғарғы бөлігіндегі кеден казармасы тұсындағы бұрышта.
Ол кетпек ыңғай танытты да, кенет сұхбаттастарына қайта бұрылды.
― Шығын болады, - деді.
Бұл өзінен-өзі белгілі жайттай естілді.
— Түсінікті, - деді келісе кеткен Рамбер. Араға бірнеше минут салып журналист Коттарға алғыс айтқанда, ол көңілденіп:
― Жә, айтуға тұрмайды. Менікі әншейін сізге қызмет көрсету ғана. Оның үстіне журналистсіз, бір орайында есептесе жатармыз.
Араға енді бір күн салып, Рамбер мен Коттар көгал мен көлеңке дегенді білмейтін кең көшемен қаланың жоғарғы бөлігіне беттеп келе жатты. Казарманың бір қанатын лазаретке айналдырған екен, қақпаның алды топырлаған кісілер, кейбіреуі кіруге қатаң тыйым салынғанына қарамастан өткізіп жіберер деп үміттенеді, енді бірі аурудың халін сұрап білгісі келеді, мәліметтің қашанда кешігіп жүретіні қаперінде де жоқ. Қалай болғанмен де, мынау тобырды, ерсілі-қарсылы жүрген сапырылысты көріп, Рамбер кездесуді белгілегенде Гарсианың нені мегзегенін енді ғана түсінгендей болды.
— Дегенмен де қызық, - деп бастады Коттар сөзді, - кетуге осынша асыққанымыз не екен? Қазір ғой қалада қызық нәрселер болып жатыр.
― Тек мен үшін емес ол қызық, - деп жауап қатты Рамбер.
— Жарайды, түсінікті, дегенмен белгілі қауіп-қатер бар. Ал обаға дейін қауіп-қатер болмап па еді, болғанда қандай, тұмсық батпайтын шолақ көшеден өтіп көр, нанбасаң!
Сол сәт олардың қатарына келіп Риэнің автомобилі тоқтай қалды. Рульде Тарру отыр, шамасы, дәрігер мызғып жатыр. Алайда ол оянып, журналисті Тарруға таныстырды.
― Біз таныспыз ғой, - деді Тарру, - бір мейманханада тұрамыз.
Ол Рамберге орталыққа дейін апарып салайын деді.
— Жоқ, рахмет, осы арада кездесуіміз бар.
Риэ Рамберге қарады.
― Рас, - деп алғашқы сөзін бекіте түсті ол.
— Oho, - деп таңданды Коттар, - демек, дәрігер де бәрін білетін болып шықты ғой.
― Ал ол аз болса, міне, тергеуші де келе жатыр, - деп Тарру Коттарға қарады.
Коттар тіпті бозарып кетті. Шынында да көшеде жігерлене басып, бірақ бір қалыпты адымдап, Отон мырза келе жатыр еді. Машинаға қатарласа беріп ол қалпағын көтеріп қойды.
— Қайырлы күн, тергеуші мырза! - деді Тарру. Тергеуші өз кезегінде машинада отырғандарға қайырлы күн тілеп, әрегірек тұрған Коттар мен Рамберді көзбен шолып, басын иді. Тарру оған журналист пен жолдасын таныстырды. Тергеуші бір сәт көзін аспанға қадап, ауыр күрсінді де, қайғылы кезеңдер туғанын мәлімдеді.
― Сіз сауықтыру шараларын енгізуді қолға алды деп хабарлады ғой, Тарру мырза. Өзімнің разы боп қайран қалғанымды айтпай тұра алмаймын. Дәрігер, сіздіңше қалай, індет жайыла бере ме?
Риэ үміт білдіріп:
— Жоқ, - деді де, - тергеуші ешқашан үмітті үзбеу керектігін, өйткені құдай жолы беймағлұм, болжаусыз екенін қайталады. Тарру кейінгі оқиғалардың жұмыс көлеміне эсер еткен, етпегенін білгісі келді.
― Керісінше, біз қылмыстық деп айтатын іс қазір азайып кетті. Негізінен соңғы өкімдерді өрескел бұзатындар жөніндегі істерді көбірек қарайтын болдық. Бұлай ешқашан ескі заңдарды құрметтеген жоқ едік.
— Бұл жаңаларымен салыстырғанда, олар жақсырақ деген сөз емес пе, - деп жымиды Тарру.
Тергеушінің жүзіндегі арманшыл реңк әп-сәтте ғайып боп, таңырқаған назары аспаннан да тез тайып, заматта өзгере қалды. Тарруға ол ызғарлана қарады.
— Ал бұдан не қорытынды шығады? - деді ол. - Маңыздысы - заң емес, жаза. Тергеу бұл арада түк те емес.
― Міне, сізге керек болса нөмірі бірінші дұшпан, - деп сөз бастады Коттар тергеуші топқа кіріп көрінбей кеткенде.
Машина табанжолдан әрі қарай кетті.
Арада бірнеше минут өткенде Рамбер мен Коттар өздеріне қарай беттеп келе жатқан Гарсианы көрді. Ол тақап келіп, амандасудың орнына: "Тоса тұруға тура келеді", - деді.
Олардың төңірегіндегі топ - негізінен үнсіз ғана күтіп тұрған әйелдер. Барлығы дерлік ас-су салған себет алып келіпті, орындалмас армандары ептеп-септеп соларын ауруларға беріп жіберу, алғанмен олар оны жей ала ма, жей алмай ма - онда ешқайсының шаруасы жоқ. Кірер ауызда қарулы күзетшілер тұр. Ара-тұра казарма ғимаратын көшеден бөліп тұрған ауладан төбе құйқаны шымырлатар айқай естіледі де, бүкіл тобыр бірден жалт бұрылып үрейлене лазарет жаққа қарайды.
Кенет ту сыртынан қысқа да мәнді "сәлеметсіздер ме!" деген сөзді естіп жалт қарағанда, үш еркек үн-түнсіз әлгі көрініске қарап тұр еді. Ыстыққа қарамастан Рауль қабылдауға баратын адамдай киініпті. Қос қапталды қара костюм оның сұңғыла, сымбатты тұлғасына құйып қойғандай, басында етегін жоғары қарай бұраған фетр қалпақ. Жүзі бозарыңқы, көзі қара, ерні жымқырулы ол шапшаң да нақты сөйлейді екен.
— Орталықты бетке ұстап тартыңдар, - деп бұйырды ол, - ал сен, Гарсиа, жүре беруіңе болады.
Гарсиа темекі тұтатып, орнынан тапжылмай тұрып қалды. Үшеуі шапшаң басып жүріп кетті. Рамбер мен Коттар арасында аршындай адымдап келе жатқан Раульдан қалмауға тырысты.
― Гарсиа айтты маған, - деп сөз сабақтады Рауль. - Жасауға болады. Ұзын саны он мың франкке барып қалар. Рамбер келісемін деді.
— Ертеңгілік Флот алаңындағы мейрамханада ауқат жасайық.
Рамбер тағы да келісемін деді. Рауль оның қолын қысып, алғаш рет күлімсіреді. Ол кеткен соң Коттар кешірім өтініп, ертең бос емес екенін, Рамбер оның көмегінсіз-ақ қонағын күтетініне сенетінін айтты.
Келесі күні журналист испан мейрамханасына кіргенде бас біткеннің бәрі бұрылып бұған қарады. Кіру үшін төмен қарай бірнеше баспалдақ түсуге тура келетін қара көлеңкелеу бұл ұра аптаптан өртенген сарғыш шағын көшеге орналасқан екен, келушілерінің бәрі -испан тектес ерлер. Артқы үстелде отырған Рауль жақын кел деп журналистке қол бұлғағанда, отырғандардың Рамберге деген ынтасы бірден басылып, бәрі алдындағы тәрелкеге бас қойды. Үстел басында Раульмен қатар баз бір ұзын бойлы, сақал-мұрты қырылмаған, мынандай тарамыс арық денеге үйлеспейтін кең иықты, ат жақты, тым сирек бұйра шашты бейтаныс біреу отыр. Рауль оған журналисті таныстырды, ал бейтаныс басын үш мәрте шайқады. Рамберге оның есімін атамады, сөйлесіп отырып Рауль оны "біздің дос" деп қана атады.
― Біздің дос сізге көмектесе алатынына сенімді. Ол сізді...
Рауль сөзін кілт үзді, өйткені тапсырыс алуға даяшы келіп қалды.
— Ол қазір сізді біздің екі досымызбен жолықтырады, олар өз кезегінде біз байланыс жасап жүрген қарауылдармен кездестіреді. Бірақ бәрі бұнымен бітпейді. Ең оңтайлы уақытты қарауылдардың өзі табуы керек. Ең оңайы, меніңше, бірер түн қарауылдардың біреуінің үйінде қонып шығу, үйі қақпаға жақынырақ болса, тіпті жақсы. Ал біздің дос жуық мәнінде қажет байланыстарды қамтамасыз етеді. Бәрі орнына келген соң ақшаны соған бересіз. "Біздің дос" ат жақты басын тағы да шайқап қойды және қызанақ пен тәтті бұрыштан жасалған салатты сыпырып-сиырып шайнап отыр. Сосын ол аздаған испан акцентімен сөз бастады. Ол Рамберге бүрсігүні сағат сегізде собордың алдында кездесуді ұсынды.
― Әлі екі күн, - деп даусын созды Рамбер.
— Оңай шаруа емес, - деді Рауль. - Әуелі адамдарын табу керек.
"Біздің дос" ат басты адам замат бұл сөзді басын изеп қолдады да, Рамбер сылбыр ғана келісті. Ертеңгі ас әңгімеге тақырып іздеген дағдыдан тыс жағдайда өтті. Ал Рамбер мынау ат басты адам Конь футболшы екенін естігенде бәрі оңайланып кетті. Кезінде мұның өзі де футболмен жан сала шұғылданған-ды. Әңгіме өз-өзінен Франция чемпионатына, ағылшын кәсіби командасының деңгейі мен "дубль венің" тактикасына ауысып жүре берді. Астың аяғына қарай Конь ешкімге сөз бермей, Рамберді "сен" деуге көшіп, кез келген командада жартылай қорғауда ойнаудың тиімділігіне мұның көзін жеткізуге тырысты. "Түсінсеңші, сен, - деп сөзін бекіте түсті, - ойынды айқындайтын -жартылай қорғау. Футболдағы ең бастысы - осы". Өзі ылғи шабуылда ойнаса да Рамбер лажсыз келісті. Алайда олардың дауына радио нүкте қойды, бәзбір сентименталдық музыкаға негізделген шақыру белгісін қайталап, ізінше кеше оба жүз отыз жеті адамды құрбан еткенін хабарлады. Отырғандардың ешқайсысы тіпті бұрылып та қараған жоқ. Конь иығын қиқаң еткізіп, орнынан тұрды. Рауль мен Рамбер де оған ілесті.
Қоштасарда жартылай қорғаушы Рамбердің қолын қысып:
― Менің атым Гонсалес, - деді.
Қалған екі күн Рамберге таусылмастай ұзақ көрінді. Ол Риэге барып, қамданған қадамы жайында бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып берді. Содан дәрігерге еріп жүріп, онымен обаға шалдықты деп күмәнданған ауру жатқан үйдің есігі алдында қоштасты. Дәлізде аяқ дүрсілі мен дауыстар естілді: бұлар дәрігер келгені туралы отбасын ескертуге жүгірген көршілер еді.
— Тек Тарру кешікпесе екен, - деп күбірледі Риэ. Оның түрінен шаршағандығы көрініп тұр.
― Шамасы, індет қарқын ала бастаған ғой, - деді Рамбер.
— Басты мәселе ол емес, ауырғандардың көрсеткіші бұрынғыдан баяу көтеріліп барады, -деп жауап қатты Риэ. Тек қана обамен күрестің тиімді құралдары әлі жетіспейді.
― Бізде материалдар жетімсіз, - деп баяндай бастады ол. - Әлемнің кез келген әскерінде материалдық олқылықтың орнын әдетте адамдармен толтырады. Ал бізде адамдар да жетіспейді.
— Қалаға дәрігерлер мен санитарлар келген жоқ па еді?
― Рас, келген, - деп келісті Риэ. - Он дәрігер мен жүз шақты санитар келді. Бастап қарағанда, әжептәуір көп сияқты. Бірақ бұл індеттің қазіргі сатысының өзінде әрең жетеді. Ал індет өршіп кетсе, бұл мүлдем жетпейді.
Риэ үйдегі күбір-сыбыр әбігерге құлақ түріп, Рамберге жымия қарады.
— Иә, сізге жолдағы сәттілікке асықпаңыз деп кеңес беремін, - деді.
Рамбердің жүзінен көлеңке жүгіріп өтті.
― Ал сіз білесіз ғой, - деп баяу үн қатты ол - Мен жалпы ол үшін бұл арадан сытылып шыққалы отырған жоқпын ғой.
Риэ білетінін растап келе жатыр еді, Рамбер оған ойын аяқтауға мұрша бермеді.
— Өзімді қорқақтар қатарына жатпаймын ғой деп топшылаймын, қорықсам да сирек қорқамын. Мұны тексеретін сәттер аз болған жоқ. Ал мен үшін тіпті де төзгісіз ойлар баршылық.
Дәрігер оның бетіне тура тесіле қарады.
― Сіз ол қызбен кездесесіз, - деді ол
— Мүмкін, бірақ мен осының бәрі ұзаққа созылып, оған дейін ол қартайып қалады деген ойға жан-тәніммен қарсымын. Алайда адам отызында қартая бастайды, сондықтан әрбір минутты пайдаланып қалу қажет... Сіз мені түсінер, түсінбесіңізді білмеймін.
Риэ түсінем деп қипыжықтап еді, осы арада әбден жанығып алған Тарру келді.
― Жаңа ғана Панлю атаймен сөйлестім, оған жасаққа кіріңіз деп ұсыныс жасадым.
— Ал ол не деді? - деп сұрады дәрігер.
― Әуелі ойланып қалды, сосын келісті.
— Өте қуаныштымын, - деді дәрігер. - Оның уағызынан өзі жақсы болғаны үшін қуаныштымыз.
― Барлық адам сондай, - деп мәлімдеді Тарру. - Тек оларға қажетті жағдай туғыз. - Ол жымиып Риэге көзін қысты. - Тегі, жұртқа қажетті жағдай туғызу менің мамандығым болса керек.
— Кешіріңіздер, кетер уақытым болып қалыпты, - деді Рамбер.
Белгіленген бейсенбіде Рамбер собор басқышына сағат бес минутсыз сегізде келді. Ауа әзір әжептәуір салқын, таза болатын. Аспанда дөңгелек ақша бұлттар қалқып жүр еді, ұзамай оянып келе жатқан аптап түтін қалдырмай оларды жұтып қояры анық. Аптап күйдіре бастаған сыздауыт көгалдардан дымқыл иісі толқындап келе жатыр. Қаланың батыс бөлігіндегі үйлерінің сыртына жасырынған күннің нұры Жанна д' Арктың дулығасын сипап үлгерді, басынан аяғына дейін алтындаған бұл ескерткіш мүсін алаңының ең басты әшекейі болатын. Сағат сегізді соқты. Рамбер қаңыраған басқыш күмбезі астында ерсілі-қарсылы жүрді. Собордан қарамай мен дымқыл подвалдардың ескі иісіне қосылып ән-күйдің үзіктері жетті. Кенет ән-күй тоқталды. Қара киінген оншақты кішкентай құдай үйінен жүгіре шығып, көшемен тымпылдай жөнелді. Рамбердің төзімі таусылуға айналды. Сол арада жаңадан қарайған тағы бір топ кішкентай кісілер баспалдақпен жоғары өрлеп, басқышқа беттеді. Ол темекі тұтата жаздап, шылым шегетін жерді онша сәтті таппағаны есіне түсіп, тоқтап қалды.
Сағат сегіз он бесте собор органы ақырын ғана ойнай бастады. Рамбер қараңғы күмбездің астына кірді. Алғаш ол жанынан өткен кішкентай қара сұлбаларды көрді. Олар табанда ойластырылған алтарьдың алдындағы бұрышқа шоғырланды. Жедел тапсырыспен қаламыздың мүсін шеберханаларының бірінде жасалып, жақында ғана орнатылған әулие Рохтың статуясы осы арада. Енді тағзым етуші сұлбалар мынау мәңгі сызда мүлдем бүрісіп, қалың көлеңкенің сәл қою, сәл қозғалғыш бір уыс түйіршігіне айналып, буалдыр мұнараға жұтылып кеткелі түр. Төбелерінде орган бәзбір сазды әлденеше әуенмен құйқылжытып дамылсыз ойнайды.
Рамбер шыққанда Гонсалес баспалдақтан түсіп келе жатты, шамасы, орталыққа бет алған сыңайы бар.
― Ал мен сені кетіп қалған екен дегем, - деді ол журналиске. - Кеткенде дұрыс жасар едіңіз.
Өз сөзінің астарын ашып ол кездесу белгіленген достарын осы араға таяу жерде сағат жеті елу бесте күтіпті. Бірақ жиырма минут босқа тосыпты.
— Бірдеңе бөгет болғаны анық. Біздің шаруада бәрі біртегіс болмайды ғой.
Ол ертең осы уақытта опат болғандар ескерткіші маңында кездесуді ұсынды. Рамбер фетр қалпағын желкесіне күрсіне сырғытты.
― Оқа емес, оқа емес, - деді Гонсалес күліп. - Өзің де білесің, допты торға түсіргенше қанша пас беріп, амал тауып, айла қолданып, алыстан соғып әуреге түсесің ғой.
— Әлбетте, - деп келісті Рамбер. - Бірақ матч бір жарым сағатқа ғана созылмай ма.
Опат болғандар ескерткіші Орандағы теңіз көрінетін жалғыз-ақ жерге орнатылған, ол -портқа төніп тұрған тау жоталарының арасындағы қылта. Келесі күні кездесуге тағы да бірінші келген Рамбер ұрыс алаңында опат болғандардың ескерткіш бетіндегі тізімін зейін қойып оқып шықты. Бірнеше минуттан кейін тағы бір-екі адам келді, Рамберге селсоқ қарап, әрі барды да қылтаны көлегейлеп тұрған қоршауға шынтағын қойып, қыбырлаған тірі жан жоқ айтақыр жағалауды шолып тұрды. Екеуінің де бойы бірдей, екеуі де көк шалбар киген, үстерінде шолақ жең теңізші кеудешесі. Журналист ескерткіштен шегініп, орындыққа жайғасып, істер іс болмаған соң бейтаныстарды барлап пайымдай бастады. Сонда ғана олардың сырт пішініне қарағанда жиырмадағы жастар екенін аңдады. Сол сәт ол жолай кешірім сұрап келе жатқан Гонсалесті көрді.
― Әне, біздің достарымыз, - деп ол Рамберді әлгі жас жігіттердің жанына алып келіп таныстыра бастады, біреуінің есімі - Марсель, ал екіншісі - Луи екен. Олардың бет пішіні де бір-біріне ұқсас, сондықтан Рамбер оларды бірге туған бауырлар ма деп қалды.
— Міне, енді таныстыңыздар, - деді Гонсалес. - Қалғаны - шаруа жайында ақылдасу.
Марсель ме, әлде Луи ма, қарауылдағы олардың сменасы екі күннен кейін басталып, бір аптаға созылатынын, оңтайлы күнді содан іздеу керектігін айтты. Олардың төрт адамнан тұратын қосы батыс қақпаны күзетеді екен, қарауылдың екеуі тұрақты офицерлер көрінеді. Оларға бүл әрекет жайында сездіру сөз болуы да мүмкін емес. Біріншіден, бұлар сенімсіз халық, екіншіден, шығын көбейіп кетеді. Кейде олардың әріптестері түннің бір уағын өздеріне таныс бардың артқы бөлмесінде өткізеді. Сондықтан да Марсель мен Луидің біреуі Рамберге қақпаға жақын бұларға қоныстанып, келіп алып кеткенше күтуді ұсынды. Сонда қаладан шығып кету қиынға соқпайды. Алайда асығу керек, ұзынқұлаққа қарағанда таяу күндері сырт жақтан да күшейтілген күзет қойылатын көрінеді.
Рамбер іс-қимыл жоспарын мақұлдап, ағайындыларға қалған темекісін сыйлады. Екеудің бағанадан бері ауыз ашпаған біреуі Гонсалестен сыйақы мәселесі шешіліп пе еді, шешілсе аванс алуға бола ма деп сұрады.
― Оның қажеті жоқ, - деп жауап берді Гонсалес. – Бұл - өзіміздің жігіт. Ойланған шаруа орындалсын, ақысын сосын төлейді.
Жаңа кездесу жөнінде де келісті. Гонсалес бүрсігүні испан мейрамханасында түстенуді ұсынды. Сол арадан ағайынды қарауылдардың үйіне баруға болады.
— Қаласаң, алғашқы түні мен де сонда қонып шығайын, - деді ол Рамберге.
Келесі күні өз бөлмесіне көтеріліп бара жатқан Рамбер баспалдақта Таррумен соқтығысып қалды.
― Риэге бара жатырмын, - деп хабарлады Тарру. - Бірге жүрмейсіз бе?
— Білсеңіз бар ғой, мен ылғи оған бөгет жасап жүретіндей көрінемін, - деді Рамбер батылсыздау.
― Олай ойламаймын. Ол сіз жайында жиі айтады. Журналист ойланып қалды.
— Құлақ қойыңызшы, - деді ол - Егер кешкісін, тіпті одан да кеш болса мейлі, бос уақыт тауып екеуіңіз барға, осы мейманханаға келсеңіздер қайтеді?
― Ал бұл әуелі оған, сосын обаға байланысты, - деп жауап қатты Тарру.
Алайда сағат он бірде екеуі де - Риэ мен Тарру мейманханасының енсіз тар барына кірді. Келуші отыз шақты адам тар орында қақтығып-соқтығып, гуілдеген дауыстар құлақ тұндырды. Екеуі де табалдырықта тұрып қалды - оба жайлаған қаладағы тылсым тыныштықтан кейінгі мынау у-шу оларды қайран қалдырды. Бірақ олар мынадан көңілді дудың себебін бірден білді.
— Мұнда алкогольді ішімдік беріледі екен. Шалғай бұрышта үлдірік үстелдің алдында биік тәбіреткеде отырған Рамбер оларға қолын бұлғады. Олар таяп келіп, Тарру тым еліріп кеткен көршісін жайымен ғана итеріп, ысырып жіберді.
― Ішкілік сізді үркітпей ме?
— Жоқ, керісінше, - деп жауап қатты Тарру.
Риэ танауымен стақаннан шыққан қышқыл шөп иісін ішіне тартты. Мынандай шуда әңгіме үйлеспеді, Рамбердің өзін де сөзден гөрі ішімдік қызықтыратын сияқты. Шағын бардың бос кеңістігінің тең жартысын алып тұрған екі үстелдің бірінде екі бикешті екі жағына алып жайғасқан бір офицер қып-қызыл нарттай бір жуанға Каирдағыдай бір індет жайында айтып отыр.
― Лагерьлер! - деп сөзін бекіте түсті ол - Онда жергілікті тұрғындар үшін лагерьлер ашып, шатырлар тігіп, айналасына әскери кордон қойып, ауруға тәуіп әйел жасаған дәрілерді жасырын беруге тырысқан туысқандарын табан аузында атып тастауға бұйрық берді.
Басқа үстелдің басында отырған сәнді киінген жастардың не жайында айтып отырғанын айырып болмады - онсыз да түсініксіз жеке сөйлемдер "Сент-Джеймс ауруханасы" сазының жарықшақ ырғағымен жұғылып кетіп, төбеде дарылдап тұрған күй тартқышқа жалт қаратты!
— Қалай, қуанып жүрсіз бе? - деп сұрады Риэ даусын сәл көтеріңкіреп.
― Енді жақын, бәлкім осы аптада сәті түсіп қалар, - деп жауап берді Рамбер.
— Өкінішті! - деп айқайлап жіберді Тарру.
― Несі өкінішті?
Тарру жаудырап Риэге қарады.
— Білесіз ғой, - деді дәрігер. - Таррудың олай айтып отырған себебі сізді осы арада пайда келтірер еді деп санайды, ал мен сіздің кету ниетіңізді кәміл түсінемін.
Тарру тағы да бір-бір стақаннан тапсырыс берді. Рамбер тәбіреткесінен қарғып түсіп, осы кеште алғаш рет Таррудың көзіне тура қарады.
― Ал мен немен пайда келтірер едім?
— Немен пайда келтірем дегеніңіз не? - деді стақанды асықпай қолына алған Тарру. - Тым құрмаса біздің санитарлық жасаққа көмектесер едіңіз.
Рамбер ойланып қалды, үн шығармай тәбіреткесіне қайта барып отырды, жүзі әдеттегі қайсар, тұнжыр кейіпке енді.
― Демек, сіздіңше, біздің жасақтар ешқандай пайда келтірмейді екен ғой? - деп сұрады Тарру босаған стақанды үстелге қойып, Рамберге тесіле қарап.
— Әрине, келтіреді және келтіргенде де қандай! - деп жауап берген журналист стақандағыны ішіп салды.
Риэ оның қолы дірілдейтінін байқап қалды. Одан өзінше ой қорытып, Рамбер шынында да жүйкесі жұқарып, қатты күйгелектеніп жүр екен деп шешті.
Келесі күні Рамбер екінші рет испан мейрамханасына келгенде, оған тура есіктің аузында көшеде тұрған орындықтардың арасымен өтуге тура келді. Оларды күндізгі ыстықтың бетін қайтарған жасыл-алтын кешті қызықтаймыз деп келушілер залдан әдейі алып шыққан екен. Олар бір айрықша ащы темекі тартып отыр. Мейрамхананың өзі тіпті бос дерлік. Рамбер Гонсалеспен алғаш кездескен ең шеткі үстелді таңдады. Даяшы қызға танысын тосып отырғанын айтты. Жетіден отыз минут кетіп қалды. Сыртта отырғандар біртіндеп залға оралып, үстелдерге кеп жайғаса бастады. Даяшылар тағам тасып, мейрамхананың аласа күмбезі астында ыдыстар сылдырап, сыбыр-күбір көбейді. Ал Рамбер сағат сегіз болса да күтіп отыр. Ақыры, жарық та берілді. Жаңадан келушілер оның үстелінің басына жайғасып жатыр. Рамбер де өзіне деп тамаққа тапсырыс берді. Асын сағат сегіз жарымда ішіп тауысты, ал Гонсалес те, ағайынды қарауылдар да әлі жоқ. Ол шылым шекті. Мейрамхана іші біртіндеп босауға айналды. Сыртында қас қарайып, қараңғылық қоюлана түсті. Теңізден ескен жылы самал терезе перделерін желпіп тұр. Сағат тоғызда Рамбер мейрамханада ешкім қалмағанын, ал даяшы қыз өзіне таңдана қарағанын байқады. Есеп айырысып, сыртқа шықты. Мейрамхананың қарсысындағы баз бір дәмхана әлі ашық тұр екен. Рамбер мейрамхананың кірер аузын көруге болатын үлдірік үстелге сүйеніп біраз тұрды. Сағат тоғыз жарымда Гонсалесті қайдан табуға болатынын ойлап бас қатырып мейманханаға тартты. Ол шіркін мекенжайын да тастамай кеткен, енді бәрін басынан қайта бастау керегін ойлағанда оның жүрегі шаншып кетеді.
Дәл осы сәт санитарлық машиналардың шамдары тілгілеген қараңғылық құшағында Рамбер кенет бірі мен бірін бөліп жатқан меңіреу қабырғаларынан саңылау іздеп жүріп, осында өткен уақыттың он бойында әйелін бірде-бір рет есіне алмағаны ойына түсті. Онысын кейін Риэ де мойындады. Алайда оған деген барлық жол жабылған сәтте ол кенеттен өзінің күллі ой-ниетінің ұштасар нүктесі әйелі екенін түйсініп, жаны күйіп, көкірегін бірдеңе кесіп өткендей болды. Ол басы сынып, шекесі шыңылдап, мына бір күйініштен қайтсем құтыламын деп мейманханаға қойып кетті. Қапа мен жападан қайда қашып құтылады пенде.
Келесі күні ол таңнан тұрып, Коттармен қалай жолығысуға болатынын сұрағалы Риэге кірді.
― Енді маған жалғыз-ақ қалғаны - барлығын басынан қайта бастау, - деп мойындады ол
— Ертең кешкісін келіңіз, - деп ақыл берді Риэ. - Тарру, неге екені белгісіз, Коттарды шақыруымды сұрады. Ол сағат ондарда келеді, ал сіз он жарымда соғып кетіңіз.
Келесі күні дәрігерге Коттар келгенде Тарру мен Риэ өзінің лазаретінде бір аурудың жазылып кеткені туралы айтып отырды.
― Онның бірі. Айы оңынан туған қасқаның, - деді Тарру.
— Демек, оныкі оба болмағаны ғой, - деді Коттар жайбарақат қана.
Дәл обаның өзі деп оны иландыруға асықты аналар.
― Жазылса, ол қайдағы оба! Обада аяушылық деген жоқ екенін сіздер менен артық білесіздер.
— Жалпы, сіздікі дұрыс, - деп келісті Риэ. - Ал салмақты салыңқыраса, күтпеген жағдай да болуы мүмкін. - Коттар қиқылдап күлді.
― Бұл қалай айтуға байланысты. Кешкі мәліметті тыңдадыңыздар ма?
Тарру Коттарға ықыластана қарап, естідім деп жауап берді, жағдай, шынында да, өте ауыр, бірақ ол шынтуайтына келгенде не дәлелдейді? Басым шаралар қолданудың қажеттігін ғана дәлелдейді.
— Еһе! Ол шараларды қолданып жатқан жоқсыздар ма?
― Қабылдап та, қолданып та жатырмыз ғой, енді әркім өз шарасын қабылдасын.
Коттар Тарруға меңірейіп қарады. Ал Тарру:
— Жұрттың көпшілігі қол қусырып қарекетсіз отыр, індет - әркімнің ісі, әрбір адам өз борышын орындауы керек, - деді. Санитарлық жасақтар бейіл білдіргендердің бәрін қабылдайды.
― Олай болса, дұрыс, - деп келісті Коттар, - тек қана бәрі бекер. Оба күштірек.
— Қолдан келгеннің бәрін жасап бағайық, нәтижесін сосын көреміз, - деп шыдамнан шықпай айтарын айтып болды Тарру.
Бұл әңгіме тұсында Риэ үстел басында отырып кәртішкелерді жаңадан көшіріп жазып отырды. Ал Тарру бұрынғысынша орындығында мазасызданып қапалақтап отырған Коттарға тесіле қараумен болды.
― Мсье Коттар, сізге неліктен бізбен жұмыс істемеске?
Коттар ине шаншып алғандай орындықтан атып тұрып,қалпағын қармап:
— Бұл менің шаруам емес.
Сосын шамданған сарынмен шаңқ етті:
― Айтқандай, оба тұп-тура маған қол Сол себепті оған қарсы күрескендерге қайтіп көмектеспекпін.
Тарру ақиқатқа кенет көзі жеткендей маңдайын алақанымен бір салып:
— Аһ, иә, айтқандай ұмытып барады екенмін ғой: оба болмаса сізді баяғыда-ақ тұтқындайтын еді.
Коттар тіпті шоршып кетіп, еденге сұлап түсемін деп шошынғандай орындықтың арқасынан ұстай алды. Риэ қаламын қойып оған байыппен барлай көз тастады.
― Мұны сізге кім айтты? - деп айқайлап жіберді Коттар.
Тарру таңдана қасын керіп:
— Өзіңіз емес пе айтып тұрған! Болмаса, анығырақ айтқанда, дәрігер екеуміз осылай түсіндік.
Ашуға булыққан Коттар түсініксіз бірдеңелерді міңгірлеп жатқанда Тарру тағы да бастырмалатты:
― Жә, шамданбаңыз бұлай. Қалай дегенмен де, дәрігер екеуміз үстіңізден арыз түсірмейміз. Сіздің шаруаларыңыздың бізге қатысы жоқ. Оның үстіне біз полицияның жанкүйерлері де емеспіз. Ал қане, отырыңыз.
Коттар орындыққа сенімсіздеу көз тастап, бірден отыруға батпады. Үні шықпай ауыр күрсінді сосын.
— Бұл өзі баяғыдағы іс, - деп мойындады ол, - соны олар жарық дүниеге сүйреп шығарып жүр ғой. Мен жазған оны ұмыт болды деп жүрмін де. Шамасы, бәз біреуге осы керек болған. Олар шақырып алып тергеу біткенше ешқайда кетпе деді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір түн етегімнен ұстайтынын сонда білдім.
― Сөзге тұрар іс пе еді өзі? - деп сұрады Тарру.
— Сөз етуге тұрар-тұрмасы оны қалай түсінуге байланысты ғой. Құдайға шүкір, кісі өлімі емес әйтеуір...
― Түрме ме, әлде каторга ма?
Коттардың ұнжырғасы түсіп кетті.
— Іс оңынан келсе, түрме болар...
Сәл кідіріп алып желпіне сөйлеп кетті ол
― Қателік өтті. Бәрі де қателеседі ғой. Тек қана мені ұстап, барымның бәрін: үйімді де, күйімді де, дағдыма дейін тартып алады-ау, дос-жаран, таныстан да ешкімді қалдырмайды - ау деген ойдан төбе шашым тік тұрады.
— Ә-ә, яғни сол себепті асылып өлмек болған екенсің ғой, - деп қалды Тарру.
― Иә, сол себепті. Әрине, бәрі де есуастық.
Осы арада бағанадан бері үнсіз отырған Риэ сөзге араласып, Коттардың алаңдаушылығын түсінетінін айтып, бірақ бәрі де қалпына келер деп жұбатты.
— Білем, дәл қазір мен қорқатындай ештеңе жоқ екенін білемін.
― Сонымен, жасаққа кіргіңіз келмейді ғой, - деп қыжыратты Тарру.
Коттар дірілдеп қолындағы қалпағын умаждай тұрып, Тарруға жасқаншақтай қарады:
— Тек қана сіз ашуланбаңызшы маған...
― Ашуланып не ақым бар сізде, - деп жымиды Тарру. - Әйткенмен өз пайдаңыз үшін айтамын, оба микробын таратпауға тырысқайсыз.
Коттар қарсы дау айтты: жалпы ол обаны қалаған емес, ол пәле өзі келді, ал оба қолайына жағатын болса, ол бұның кінәсі емес. Табалдырықтан Рамбердің қарасы көрінгенде Коттар жігерленіп кетті:
— Алайда сіздердің ештеңеге қол жеткізе алмайтындарыңызға мен сенемін.
Коттардан Рамбер Гонсалестің мекенжайы оған да белгісіз екенін білді, алайда алғашқы, шағын дәмханаға тағы да барып көруге болады. Ертең кездесуге сөз байласты. Риэ келіссөздің нәтижесін білгісі келетін пейіл танытқан соң, Рамбер Тарру екеуін аптаның аяғында түннің кез келген шағында өз нөміріне шақырды.
Ертеңіне таңертең Коттар мен Рамбер кішкентай дәмханаға келіп, Гонсалеске бүгін кешке, басқа бір жағдай тап боп қалса, ертең кездесейік деп сәлем айтты. Кеш бойы олар босқа күтті оны. Есесіне Гарсиа келесі күні келді. Рамбердің әуре-сарсаңы жөніндегі әңгімені ол үнсіз тыңдады. Істің мәнінен өз басы хабарсыз көрінеді, бірақ таяуда бір тәулік бойы бірнеше қотанды қоршап алып, үйден үй қоймай тінткенін естіпті. Гонсалес пен ағайындылардың сол қоршаудан шыға алмай қалуы әбден мүмкін Оның қолынан енді келетіні - Раульмен қайта жолықтыру. Кездесудің бірер күннен бұрын бола қоймасы және түсінікті.
― Зайыры, бәрін басынан қайта бастау керек болар, - деп түйді Рамбер.
Рамбер белгіленген жерде Раульмен көше қиылысында кездескенде ол Гарсианың топшылауы дұрыс екенін, қаланың төменгі қотандарын бөліп тастағанын растады. Гонсалеспен байланысты қалпына келтіру керек еді. Ал арада екі күн өткенде Рамбер футболшымен ертеңгілік ас ішіп отырды.
— Мына ақымақтықты қойсаңшы, - деді Гонсалес. - Бір-бірімізді қалай табатынымыз жайында келісіп алмаймыз ба!
Осы пікір Рамбердің де көкейінде тұр.
― Ертең ерте әлгі балаларға барайық, бірдеңе жасауға тырысармыз.
Келесі күні балалар үйінде болмай шықты. Оларға ертең түсте Лицей алаңында кездесу тағайындалды. Түстен кейін Рамберді кездестірген Тарру оның кісі өлтіргендей түріне таңғалды.
— Реті келмей жатыр ма? - деп сұрады Тарру.
— Иә. Мәссаған, басынан бастаған, - деп жауап қатты Рамбер.
Сосын ол шақыруын қайта еске салды:
― Бүгін кешке келіп кетіңіздер.
Кешкісін қонақтар Рамбердің нөміріне енгенде, ол төсекте жатыр екен. Орнынан көтеріліп, бірден дайындап қойған стақандарын толтырды. Риэ өз стақанын қолына алып, істің барысын сұрады. Журналист бар айналымды басынан бастап, негізгі бағытқа қайта шықтық, таяуда тағы бір соңғы шешуші кездесу болады деп жауап берді. Қолындағысын ішкен соң:
— Тек олар тағы да келмей қалады-ау, - деді.
― Жалпылама қорытынды жасауға болмайды, - деді Тарру жұбатып.
— Сіздер оны әлі бастан кешірген жоқсыздар ғой, - деді иығын қозғап қойып Рамбер.
― Оныңыз кім?
— Оба.
― Ә-ә, - деп даусын созды Риэ.
— Жоқ, сіздер түсінбедіңіздер, оба дегеніміз - бәрін басынан қайта бастау.
Рамбер нөмірдің бұрышына қарай барып, шағын патефонның құлағын бұрады.
Алыстан екі дүркін атылған мылтықтың даусы естілгенде патефон табағы әлі айналып тұр еді.
― Иттерді не қашқындарды атқылап жатқан ғой, - деп қалды Тарру.
Бір минуттан кейін патефонның үні өшіп еді, тап осы таяу маңнан санитарлық машинаның клаксоны безілдеп қоя берді, даусы одан сайын үдеп нөмір терезесінің түбінен өтті де, ұзап барып ақыры сап болды.
— Көңілсіз күйтабақ екен, - деді Рамбер. - Оның үстіне бүгін бұны он шақты рет тыңдадым.
― Сізге сондай ұнаған ғой онда?
— Жә, жоқ-ә, басқасы болмаған соң амал не? - Сәл кідіріп барып сөзін әрі жалғады:
― Сіздерге айтып отырған жоқпын ба, бәрін басынан қайта бастау деген осы...
Сосын ол Риэден санитарлық жасақтардың қалай жұмыс істейтінін сұрап білді. Қазірдің өзінде олардың саны беске жетті. Тағы да бірнешеуін жасақтаймыз ба деген үміт бар. Журналист кереуетінің шетіне жайғасып, бөлекше ден қойып аяғының тырнағына тесіле қалды. Риэ оның дембелше әлеуетті тұлғасына барлай қарады, кенет Рамбердің де өзіне тесіліп отырғанын сезді.
— Білсеңіздер бар ғой, дәрігер, мен сіздердің жасақтарыңыз туралы көп ойландым, - деп сөз бастады журналист. - Егер мен сіздермен бірге болмасам, оның айрықша себебі бар. Ол себеп болмаса, басымды бәске тігіп орталарыңызда жүрер едім. Испанияда соғысқан жанкешті екенімді білесіздер.
― Кім жағында соғысып жүрсіз? - деп сұрады Тарру.
— Жеңілгендер жағында да. Алайда одан бері он ойланып, жүз толғандым.
― Не жайында? - деп тағы да білгісі келді Тарру.
— Ерлік жайында. Енді мен адамның ұлы істер жасауға қабілетті екенін жақсы білемін. Сонымен бірге ол ұлы сезімдерге де қабілетті болмаса, мен үшін ондай адам өмірде жоққа тән.
― Байқаймын, адам бәріне де қабілетті ғой тегі, - деп қалды Тарру.
— Жо-жоқ, ол ұзақ қайыруға немесе ұзақ сүюге қабілетсіз. Демек, ол іске татыр ештеңеге де қабілетті емес.
Рамбер өз қонақтарына кезек-кезек қарап алып:
― Ал мына сіз, Тарру, махаббат жолында жан қиюға, яғни өлуге қабілеттісіз бе? - деп сұрады.
— Білмеймін, дәл қазір қабілетсіз шығармын...
― Міне, көрдіңіз бе! Ал сіз идея жолында жаныңызды пида етуге барсыз, ол аспапсыз көзге де көрініп тұр. Ал мен үшін идея жолында құрбан болатын адамдардың қажеті шамалы. Өз басым ерлікке сенбеймін, мен қаһарман болу қиын емесін білемін және ерліктің апатты екенін де білемін. Мен үшін ең құндысы - сүйетініңді біліп өлу, сүйетініңді біліп өмір сүру.
Риэ журналисті ықылас қойып ынтамен тыңдады. Одан көзін айырмай, жылы ұшырай жұмсақ тіл қатты:
— Адам дегеніңіз идея емес, Рамбер.
― Жоқ, идея, идея болғанда да, құдайың білсін, адамды сүюге қабілетсізбіз. Мүмкін болса, қашан қабілетті болғанша күте тұрамыз, қаһарманның кейпінде ойнамай, жалпыға ортақ азаттықты тосамыз. Өз басым одан әріге бармаймын.
Риэ орындығынан тұрды, жүзі шаршаған кейіп танытты.
— Сіздікі дұрыс, Рамбер, бастан-аяқ дұрыс, дүниенің бар игілігін ұсынса да, сізді бел буған ісіңізден бас тарт деп үгіттеуге бармас едім, өйткені оны әділ әрі жақсы іс деп санаймын. Алайда сізге мынаны ескертуге тиістімін: шынтуайттап келгенде бұл араға ерлікті тықпалаудың қажеті қанша? Бұл - ерлік емес, кәдімгі адалдық. Бәлкім, ой-пікір сізге күлкілі болып та көрінуі, бірақ обаға қарсы бірден-бір қару - осы адалдық.
― Ал адалдық дегеннің өзі не? - деп сұрады Рамбер мүлдем басқа, байыпты үнмен.
— Жалпы оның не екенін менің өзім де білмеймін. Алайда өзімнің қазіргі жағдайымда адалдық, адал болу деген - өз ісіңді атқар деген сөз.
― Ал мына мен өз ісімнің не екенін білмеймін,- деп ызалана күрсінді Рамбер. - Бәлкім, махаббатты таңдап мен дұрыс жасамаған шығармын. Риэ оған жалт қарады.
— Жоқ, олай ойламаңыз, - дегенді ол әрең айтты. - Сіздікі дұрыс.
Рамбер оларға ойлана көз тастады.
― Меніңше, сіз екеуіңіз де қазіргі жағдайда ештеңе жоғалтпайсыз. Игі істен сырт қалу оңай.
Риэ құюлы шарабын тауысты да:
― Кеттік, - деді Тарруға, - бізде әлі күтіп тұрған қыруар жұмыс бар.
Ол нөмірден бірінші болып шықты. Тарру оған ілесіп табалдырыққа дейін барды да, есіне бірдеңе түсіп кетіп, журналиске бұрылып:
— Ал сіз Риэнің әйелі осыдан жүздеген шақырым жердегі санаторийде жатқанын білесіз бе? - деді.
Рамбер таңданып алақанын жайып тұрып қалды да,Тарру шығып кетті.
Ертеңіне таңертең ерте Рамбер дәрігерге телефон шалды:
― Егер мен де сіздермен бірге жұмыс істесем, қарсы болмас па едіңіз, қашан қаладан кетудің орайы келгенше істей тұрайын.
Желінің ар жағында аз-кем үн болмай қалып, сосын шықты:
— Әрине, Рамбер. Сізге рахмет!
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Ұзақ апталар бойы оба тұтқындары қолынан қалай келсе, солай жан далбаса жасады. Ал айталық, Рамбер сияқты кейбіреулері, жоғарыда көзіміз жеткендей, қиялға бой алдырып, әлі де таңдау құқығы берілген еркін адамдардай қимылдады. Ал соған қарамастан, тамыздың ортасына таман оба бәрі-бәрін бастан-аяқ еңсерді деп кәміл айтуға болады. Енді жеке, дербес тағдыр деген тегіс жойылды, жалғыз-ақ қалғаны-ұжымдық тарихымыз, дәлірек айтқанда, оба және одан туындаған баршаға ортақ түйсік-сезім. Қазіргі ең мәндісі - айырылу мен жер аудару және осыдан шығатын үрей мен ыза. Міне, сондықтан да әңгімені дәл қазір, аптап пен індет өршіп тұрған шақта, жалпы ауанда болса да, тірі қалған азаматтарымыздың ашу-ызасын, өлгендерді жерлеу мен айырылысуға мәжбүр болған ғашықтардың шер-мұңын мысал ретінде суреттеп беруді орынды санайды.
Дәл осы жылы жаз ортасында сұрапыл жел тұрып, бірнеше күн қатарынан оба жайлаған қаланы сабады-ай кеп. Оран тұрғындарының жалпы желді жек көруге барлық негізі бар: қала бой көтерген жотада желге табиғи тосқауыл болатын тұлдыр жоқ, сондықтан ол жын ұрғандай ұйтқып қала қабырғасын әп-сәтте көктеп өтіп, білгенін істеп жүре береді. Оранға биыл бір тамшы жаңбыр жауған жоқ, бірнеше ай қуаңшылықтан кейін ол жел тұрса көз аштырмайтын шаң-тозаңға көміліп, тіпті сұрғылт тартып кетті. Жел шаң бұлтын аспанға көтеріп, қағаз қиқымдары жүруі күннен-күнге азайып бара жатқан адамдардың аяғына оралады. Үйінен жоқшылық қуып шығарған сол аздардың басы жерге жеткенше бүгіліп, аузын қол орамалмен немесе алақанымен басып көшеде әрең жүреді. Өмірінің қалған күнін ұзартуға тырысып, енді халық көшеде көп топырламайды, бірен-саран кешкісін ғана шығады. Жұрт көбінесе үйіне не дәмханаға асығады. Ымырт ерте үйірілетін болғандықтан, қала мүлдем қаңырап бос қалғандай көрінеді. Тек қабырға бойлай тынымсыз ұлыған жел ғана тыныштық шырышын бұзады. Бұл арадан көрінбейтін мазасыз теңізден тұз бен балдыр иісі еседі. Теңіздің иісіне толы, шаңнан үсті-басы бозарып, гуілдеген желден қабырғалары сықырлап шайқатылған біздің қаңыраған қала құдайдың қарғысына ұшыраған арал сияқты ыңырана ыңқылдайды.
Бұған дейін оба орталықта емес, халқы көп қолайлы тұрмыстық жағдай жасалмаған шеткі аудандарда адамдарды баудай түсіріп, көбірек қырып жатты. Алайда ол кенеттен бір-ақ қарғып, іскер қотандарға жетті де, сонда орнығып алды. Тұрғындар ауру тұқымын жел таратады деп жүрді. "Барлық қартты араластырып жіберді" деп шағынар еді дәйім мейманхана директоры. Айт, айтпа не керек, өздеріне кезек келгенін орталық қотандағылар да түсінді, өйткені енді түн баласы "жедел жәрдем" машиналарының терезе түбінен обаның селқос та шерлі шақыруын паш ететін гуілі жиі естілетін болды.
Бәз біреулер қаланың орталығындағы оба жайлаған бірнеше ауданды қоршап, бөліп тастап, олардан тек жұмыс бабымен жүретін адамдарды ғана шығарып, кіргізуге ғана рұқсат беріп, билігін асыра пайдаланып жатты. Осы қоршауға түсіп қалғандардың кейбіреуі бұл шараны өздеріне қарсы жеке басқа жасалған қиянат деп ұғып, сәл еркіндеу басқа қотандықтардың тұрғындарын азат адамдар деп санады. Ал әлгі азат адамдар мынау қиын-қыстау сәтте халі өздерінен де мүшкілдер барын байқап көңілін демдеді. "Олар бізден де берік құлыпта отыр" деген сөздерден бәрімізге ортақ жалғыз ғана үміт оты жылтырайтын.
Шамамен, осы кезде әсіресе Оранның батыс қақпасы жақтағы думанды қотандарда бірінен кейін бірі өрт басталды. Тергеу бұның дені карантиннен келгенін, жақындарынан айырылып, басы қайда қалғанын білмеген адамдардың қолынан келгенін, олар оба отқа жанып өлетіндей-ақ өз үйлерін өртегенін анықтады. Қала билік орындарының бұйрығымен жүргізіліп жатқан дезинфекция аурудың жұғуына ешқандай жол бермейтінін сан-сапалақ, бірақ пайдасыз түсіндірулерден кейін жазықсыздан жазықсыз үй өртеушілерге шұғыл шаралар қолдануға тура келді. Бұл бейморальдарды торға түсу қаупі қорқытқан жоқ, шошындырғаны - түрмеге қамалу деген өлім жазасына кесілумен бара-барлығы еді, қалалық абақтыдағы өлім-жітім құлақ естімеген көрсеткішке жеткен-ді. Сөз жоқ, бұл сенімнің баз бір негізі де бар. Әбден түсінікті себептерге байланысты оба дағдыға немесе қажеттілікке байланысты жұрттың топтасқан жерінде, яғни солдаттардың, сопылардың және тұтқындардың ортасында өршіп кетті. Обаның өз тұрғысынан, оның байсалды көзқарасы тұрғысынан түрме бастығынан бастап соңғы тұтқынға дейінгінің бәрі бірдей өлімге басы байланған, бәлкім бұл ұзақ жылдардан бері қамауда бәріне бірдей әділдік орнағанының белгісі болар.
Қала өкіметі жалпыға ортақ осы теңестіруге баз бір иерархиялық айырмашылық енгізбек болып, обадан опат болған, қарауылдарды қызметін міндетін орындау барысында қаза тапты деп марапаттамақ ниет білдіргені бекер-ақ болды. Себебі қала қоршау жағдайында деп жарияланып, белгілі көзқарас тұрғысынан қарауылдар күзетке шақырылып, өлгеннен кейін марапатталып жатыр екен деген пікір туады ғой. Ал тұтқындар бұндай жағдаймен тіл таппай келіссе, әскери билік, керісінше, іске басқаша қарап, бұл шара орандықтардың ақыл-ойын уайым-қайғымен шатастырады деп ойлады да, бұйрығын жариялап жіберді және жариялауы негізсіз де емес. Әскер басыларының өтінішін құрметтеп, бәрінен дұрысы - қарауылдарды індетке қарсы күресте қаза тапқаны үшін марапаттау деп шешкен-ді. Алайда болар іс болды - обадан алғаш қаза тапқан қарауылдардың медалін қалай, қайтып аларсың, оның үстіне әскери билік өз көзқарасын жөн деп көнбейді. Екінші жағынан індетке қарсы күрес үшін медалінің елеулі кемшілігі бар: ол әскери награда бергендей есте қаларлық әсер туғызбайды, өйткені індет жылы оған қарсы күрес үшін медаль алу әдеттегі құбылыс. Бір сөзбен айтқанда, бәрі де наразы болды.
Оның үстіне түрме басшылығы діни билік орындағандай қимыл жасай алмайды, ал әскерилер туралы тіпті сөз де жоқ. Қаладағы екі монастырьдың екеуінің де сопылары тақуа отбасыларына бөліп таратылып жіберді. Сол сияқты казармадағылардан алғашқы мүмкіндік туғанда-ақ шағын қосынмен солдаттарды шығарып, оларды мектептер мен басқа да қоғамдық ғимараттардың күзетіне бөліп берді. Сөйтіп қала тұрғындарын топтастыруға тиіс сияқты көрінетін індет, қоршау жағдайындағыдай емес, дәстүрлі қауымдастықты ыдыратып, жұртты қайтадан жалғыздыққа душар етті. Бұның бәрі алашапқын әбігер әкелді.
Осы жағдайдың бәрі және адуын жел кейбір көңілдегі өрт жалынын үрлеп өршітіп жіберді десек қателеспейміз. Түнде қала қақпасына тағы да бірнеше дүркін шабуыл жасалды, бұл жолғы шабуыл жасаушылар қаруланған болып шықты. Екі жақтан да мылтық атылып, бірнеше адам жараланды, бірнеше адам бостандыққа сытылып шықты. Алайда қарауыл күзеті күшейтіліп, қашып шығуға әрекеттенгендердің жолы кесілді. Бірақ қалада бүлік дауылы дүрілдеп жүре беруіне осының өзі жетіп болды, буырқанған көріністер басталды дейсің. Жұрт бірінен-бірі ұрлап, санитарлық тұрғыдан өртенген және жабылған үйлерді тонауға лап қойды. Ашығын айтқанда, бұның алдын ала жобаланған пиғылмен жасалып жатқаны ақылға қонбайды. Көбінесе құрметке толық лайық деп жүрген кісілер келеңсіз қылықтарға барып, табанда оларға еліктеушілер көбейіп кеткені жаман болды. Қайғыдан тірі өліп тұрған үй иесінің көзінше жанып жатқан үйге қойып кетіп, бірдеңелер арқалап шыққан жанкешті өлермендер де табылды. Үй иесінің дәрменсіздігі мен немқұрайдылығын пайдаланған қызықтаушылардың біразы әлгі жанкештілерге еліктеп, өртке қойып кетіп, олар да қолына іліккенін алып шығып, жан-жаққа қашып жатты, өрттің жарқылынан әр-әр жерде мамықтақ немесе орындық арқалап бүкшеңдеп бара жатқан дүниеқоңыздар көзге шалынып қалды, кейбіреулерінің иығында киім-кешек оралған түйіншектер бар. Осындай оқшау қылықтар үшін қала өкіметі оба жағдайын қоршау жағдайына теңестіріп, соған сәйкес шаралар қолдануға мәжбүр болды. Екі тонаушы атылды, алайда бұл жазаның жұртқа қаншалық әсер еткені беймәлім, өйткені қаладағы қисапсыз қазаның арасында бұл екі жаза теңіздегі тамшы сияқты емес пе. Шынын айтқанда, осы іспеттес көріністер қайталана бастады, билік орындары болса, ештеңе көріп-білмегендей кейіп танытты. Зайыры, әсер еткен жалғыз шара қалада комендант сағатын енгізу ғана болса керек. Сағат он бірден кейін қараңғылық құшағына көмілген қаламыз тас боп қатып қалғандай әсер туғызды.
Айлы аспан астында ол өзінің ақшыл қабырғалары мен түзу көшелерін көрмеге қойғандай көзге ұрады, бірақ онда ағаштың бірде-бір қара көлеңкесі көрінбейді, бірде-бір адамның аяқ дүсірі немесе бірде-бір иттің үргені естілмейді. Тымырайған үнсіз үлкен қала мұндай түндерде кесек те жансыз текшелердің жиынтығы сияқты көрінеді, солардың арасында адам баласының баяғыда ұмыт болған жарылқаушылары мен қалаға қуып тығылған қазіргі әлем ұлыларының статуялары көзге ұрады. Тас пен темірдегі олардың бұрмаланған бейнесі мен бет-жүзі ғана кезінде олардың да адам болғанын айғақтап тұрғандай. Орта қолды бұл әулиелер тамыздың бояуы қалың аспаны астында тірі пенде жоқ қаңыраған қиылыстарда бой көрсетіп, тобымызбен тап болған меңіреу қимылсыздықтың бұлжымас бейнесіндей болып елестейді. Оның соңғы бейнесі, оба мен қапастан және тастан тұратын мазар бейнесі ақыры жанды адам үнін тұншықтырып тынған.
Ал қара түнек қапас бар жүректі тұмшалап тастаған, сондықтан қолданылып жүрген жерлеу рәсіміне қатысты аңыз бен ақиқаттың азаматтарымызды айрықша сергіте қоюы неғайбіл Өйткені қаласаң да, қаламасаң да жерлеу жөнінде айтуың керек, ол үшін әңгімеші алдын ала кешірім өтінеді. Ол барынша заңды кінәны тіл қатпай қабылдауға әзір, бірақ оның жалғыз-ақ ақталары мынау - осы кезеңнің бәрінде жерлеу деген болып тұрды ғой, біздің барлық азаматтар сияқты оларға әңгімешінің де қатысуына тура келді. Былайша айтқанда, ол жалпы мұндай рәсімдердің әуесқойы емес, одан да тірілердің ортасын артық санап, жағажайды, теңізге түсуді жақсы көреді. Бірақ теңізге түсуге тыйым салынды, тірілер қауымын өлілер қауымы ығыстырып шығара ма деп қауіп ойлады. Ақиқат осындай. Әлбетте, оны көрмеуге тырысуға болар еді, көзді тарс жұмып, елемей аттап өтсе де ештеңе емес, бірақ ақиқат дегеннің ғаламат күші бар, ол қашанда салтанат құрып шыға келеді. Ал айтыңыздаршы, сол күні өзіңіз жақсы көретін адамды жер қойнауына тапсыру керек болғанда, жерлеуді қалайша елемей кете аласыз.
Міне, енді біздің жерлеу рәсімімізге тән сипат, ең алдымен, шапшаңдық. Әдет-ғүрыптың барлығы оңайланды, аза тұту рәсімі әзір тоқтатылды. Аурулар жақындарының көз алдында үйде өлмейді, дәстүрлі түрде шілдехана күзетуге тыйым салынды, сондықтан айталық, кешке өлсе түнде жалғыз жатады, ал күндіз өлсе, сол күні жерлеуге тырысады. Отбасын хабардар ететіні түсінікті, бірақ көп жағдайда туған-туысқандар қалада еркін жүріп-тұра алмайды, өйткені аурумен тікелей байланыста болса карантинде ұсталады. Егер марқұм туысқандарынан бөлек тұрса, олар белгіленген уақытта, яғни мәйіт аруланып табытқа салынып, зиратқа алып жүрер кезде келеді.
Айталық, мұндай рәсім дәрігер Риэ басқаратын қосымша лазаретте өтсін. Мектепке кіретін жер бас ғимараттың сыртында, дәлізге шығатын қосалқы үлкен бөлмеде табыттар сақтаулы. Дәлізден отбасы жабылып шегеленіп қойған табытты тапсын. Сол замат ғұрыптың негізгі бөлігіне көшіп, басқаша айтқанда, отағасына қол қою үшін қажетті қағаздарды береді. Сосын табытты жабық автомобильге салады, кейде ол кәдімгі фургон, кейде жедел жәрдем машинасы болуы мүмкін. Туысқандары ол кезде әзір таратылмаған таксилерге отырып, қаралы шеру шеткі көшелермен молаға қарай жөнейді. Қала қақпасында шеруді жандармдар тоқтатып, ресми рұқсат қағазға мөрін басады, онсыз қазір ақтық тыныс орнына жол жоқ, содан кейін ғана машиналар өткізіліп, біздің ағайындар айтып жүргендей, шаршы алаңға тоқтайды да, қатар-қатар тізілген орлардың бірінің аузына жүгін түсіреді. Мүрдені қарсы алуға поп шығады, өйткені шіркеуде жаназа шығару тоқтатылған. Дұға оқылып жатқанда мәшинеден табыт түсіріліп, жіппен буылып, сырғыта отырып орға түсіріледі, поп қасиетті құтысын бұлғап тұрғанда алғаш тасталған топырақтар табыттың бет тақтайына тарсылдап тиіп жатады. Дезинфекциядан өту керек болғандықтан фургон бірден кетіп қалады; күрекпен лақтырылған топырақтардың тарсылы күшейген кезде туысқандар таксиге отыра бастайды.
Сөйтіп, барлығы да мейлінше шапшаң, ешбір қауіп-қатерсіз өте шығады. Әлбетте, індеттің алғашқы кезеңінде мұндай шапшаңдыққа шын жан сезімімен туысқандары ренжіп те жүрді. Бірақ оба кезінде ондай түсінік есепке алынбайды, істің пайдасы үшін барлығы құрбан етіледі. Айтқандай, басында бұндай тәжірибеден тұрғындардың зардап шеккені анық, себебі жақсы жерлеуге деген арман-тілек қашаннан да қастерлі әрі кең тараған, сондықтан о ғып-бұ ғып көме салуға ешкімнің де көнгісі келмейді. Алайда қиындық бәріне көндірді, бәрін де жеңдірді. Ол ол ма, азық-түлік жағынан қиындық туып, тұрғындарды басқа қам-қарекет алаңдатты. Бізді кезекте сағаттап тұрудың өзі-ақ жеп қойды. Тамақ табу үшін орындауға тура келетін әр алуан салт, қам-қарекет адамдардың айналасында жұрт қалай өліп жатқанын, сағаты соқса ертең өзі қалай өлетінін ойлануға да уақыт қалдырған жоқ. Сөйтіп, өз алдына бір зауал саналатын материалдық қиындық, қызық қылғанда, игілікке айналды. Қазірдің өзінде көріп отырғанымыздай, індет мұншалық кең тарамаса, барлығы да жақсы болар еді ғой.
Табыт азайып, кебінге керек мата таптырмай, зиратта жер жетпей жатты. Бәрінің де бір амалын табу керек болды. Ең оңайы және ең пайдалысы - бірнеше жерлеу рәсімдерін біріктіру деп табылды, мұндай қажеттілік туған соң лазарет пен мола арасындағы көлік қатынасын жиілету шарт. Бұл кезде дәрігер Риэнің басқаруындағы лазареттің қарауында небары бес-ақ табыт қалған еді. Олардың бәрі толған соң машинаға тиеді. Қабір басында табыттарды босатып, тот басқан темір түстес мәйіттерді зембілге салып, арнайы жабдықталған сарайға қойды. Сонан соң табыттарды дезинфекциялайтын ерітіндімен шайып, лазаретке қайтып апарды, бұл қарекет қанша қажет болса, сонша қайталанды. Бұл істің үлгілі жолға қойылғаны сондай, префект бірнеше мәрте қанағат сезімін білдірді. Ол тіпті Риэге обаға арналған ескілікті жылнамаларда қарапайым арбаларға мәйіттерді артып алып молаға апара жатқан негрлердің суретін көргенін, оған қарағанда жерлеуді біздегі ұйымдастыру әлдеқайда жетілдірілгенін айтады.
- Рас, жерлеудің бәрі сондай, - деп келісті Риэ. - Бізде тек оған қоса кәртішкелер толтыру керек болады. Әйтпесе ілгерілеушіліктің бары анық.
Бұл саладағы жетістіктердің бәріне қарамастан префектураның жерлеу кезінде туысқандарының қатысуына тыйым салуына тура келді, өйткені уақыт өте келе жерлеу ғұрпы недәуір ұсқынсыз тарта бастады. Туысқандарға зират қақпасына дейін ғана келуге рұқсат етілді, оның өзі де ресми емес. Бүл өзгеріс жерлеу рәсімінің қорытынды бөліміне қатысты жасалды. Зираттың шет жағындағы ұйысқан бұға өскен бос жерден үлкен екі ор қазылды. Бір ор - ерлерге, екіншісі әйелдерге арналды. Бүл мәселе әкімшілік алғаш әдеп салтын сақтап, сосын біраз кейінірек қалыптасқан жағдайға байланысты сыпайылықты тастап, өлгендерді еркек, әйеліне қарамай топтап бір жерге көме бастады. Бір жақсысы -бұл ақырзамандық ағаттық ауыртпалықтың аяғына ғана тап келді. Оған дейін бөлек бөлек қабір қазып жерлегендеріне префектура әжептәуір мәз боп мақтанып жүретін. Әрбір ордың түбінде қалың ғып құйылған сөндірілген әк бұрқ-бұрқ етіп жататын. Олардың шетінде сондай әктердің үйіндісі жататын, олар ауаның әсерінен бұрқылдап, көпіршіп тұрады. Көлік қатынасы аяқталған кезде сарайдан зембілдерді шығарып, оларды бір-біріне жанастыра тізіп сәл бүріскен жалаңаш денелерді орға тастап, үстінен жаңадан әк құйып, оны топырақпен жауып, келесі көмілгендерге орын қалдырып отырады. Келесі күні туысқандарын шақыртып, тіркеу кітапшаларына қол қойғызып алады, мұның өзі, айталық, итке дейін бақылап отыратын адамдар арасындағы айырмашылықты айғақтағандай еді.
Осы қарекет-қимылдың бәріне кісі керек, күн асқан сайын солар жетпей қала ма деген қауіп күшейе түседі. Алғаш кәсібилерден құралған, кейін сырттан алынған санитарлар мен қабіршілердің көпшілігі обадан опат болды. Қалай сақтанып, қандай амал жасаса да жұқпалы ауру өз дегенін істеді. Жақсылап ойлансақ, ең ғажабы - індет етек алған кездің бәрінде де ынталылардың табылғаны. Сын сағат аурудың деңгейі ең биікке көтерілерден сәл бұрын туды, сондықтан Риэнің алдын ала дабыл көтеруі өте орынды болды. Білікті қызмет былай тұрсын, қара жұмысқа да адам қолы жетіспеді. Алайда оба қаланы әбден жайлап, билеп-төстеп алғанда, оның шетіндігінің өзі пайдаға шешілді. Індетке байланысты Оранның бүкіл экономикалық өмірі сансырап, мұның өзі жұмыссыздар санын өсіріп жіберді. Олармен мамандардың орнын толтыруға болмағанымен, қара жұмысқа қатып кетті. Шынында да, дәл осы күндері қайыршылық үрейден де күшті болып шықты, өйткені еңбекақы қауіпке бел байлауына қарай төленді. Санитарлық қызметтің жұмыс күтіп жүргендер жазылатын өз тізімі болды, бос орын болса-ақ тізімде бірінші тұрғандарға телефон соғылып, тірі болса ол табан аузында жетіп келіп отырды. Сондықтан қосалқы жұмыстарға тұтқындарды жегуге ұзақ уақыт бел байлай алмаған префектура шетін шаралар қолданудан құтылды. Жұмыссыздар барында күте тұруға болады деп санады ол.Жаман болсын, жақсы болсын тамыздың аяғына дейін біздің азаматтар өздерінің мәңгі тұрағына айтарлықтай болмағанмен де, үлгілі тәртіппен жөнеліп, билік орындары өз борыштарын орындадық деп көңілін демдеді. Алайда, сәл ілгері озып, жерлеуді басқаратын қызметтің перде сыртында тағы қандай шаралар қолдануға мәжбүр болғанын айта кеткен абзал Тамыздан бастап індеттің сол тұстағы шарықтауына орай құрбандардың саны шағын зиратымыздың мүмкіндігінен недәуір асып кетті.
Қоршаудың бір бөлегін алып тастап, төңірегіндегі біраз жерді өлгендердің билігіне бергенмен де, тез арада басқа мүмкіндіктер іздестіруге тура келді. Бастапқы бетте жерлеуді түнде ұйымдастыру шешілді, мұның өзі қызметшілерді басы артық шегіндіктен арылтып, машиналарға мәйіттерді толғанша тиеуге мүмкіндік берді. Комендант сағаты енгізілгеннен кейін тыйым салынғанына қарамастан, шаруасымен кешігіп қалған (немесе қызмет бабымен түнде жүруге мәжбүр болған) бәз біреулер ақ түспен сырланған ұзын машиналардың қатты гүрілі қараңғы көшелерді жаңғырықтырып, бар пәрменімен жүйткіп бара жатқанының куәсі болды. Сосын мәйіттер асығыс-үсігіс орға тасталды. Олар бірінің үстіне бірі былш ете түсіп, бет-аузы еріген әкке көміліп жер жарықтық осынау атсыз-атаусыздардың бәрін жасырып, енді әдейі терең қазылатын орлар жұтып жатты.
Араға біраз уақыт салып, дегенмен, жаңа жолдар іздеп, жаңа шептерге шығуға тура келді. Префектураның бұйрығымен ескі қабірлер қозғалып, қазып алынған мүрделер пешке жағылды. Ұзамай обадан өлгендердің мәйіті өртеле бастады. Бұл мақсат үшін қаланың шығыс бөлігіндегі, қақпаның сыртында тұрған қоқыс өртейтін пеш қайта жабдықталды. Күзеттерді әрірек әкетті, ал мэрияның бір қызметшісі әкімшілік жұмысын жеңілдетер ұсыныс жасады, оның ақылымен өлік тасуға бұрыш тау жолымен теңіздің үстімен жүретін теңізге баратын, қазір тоқтап тұрған трамвай пайдаланылатын болды. Ол үшін тіркеме мен мотор вагонындағы орындықтар алып тасталып, трамвайлар бұл желідегі ақырғы аялдама - қоқыс өртейтін стансаға дейін жіберілді.
Жаздың аяғында, күзгі нөсерлердің төпелейтін тұсында көгілдір түн қойнын тілгілеп, тау жолымен жолаушысыз трамвайлар легі сылдырлап, шиқылдап теңіз үстімен кетіп бара жатқанын күн сайын көруге болатын еді. Ақыр аяғында тұрғындар бұның не екенін тіміскілеп білді. Күзет тобының текшеге жақындауға тыйым салуына қарамастан кісілердің кейбір тобы толқын ұрып жатқан жартастарды бойлап барып жанынан өткен трамвайдың тіркемесіне гүл шоқтарын жиі лақтырып жүрді. Жазғы түндерде мүрделер мен гүлдер тиелген трамвай вагондарының сылдыры бізге де жетіп жатты.
Бастапқы кезде жүрек айнытатын қою түтін қаланың шығыс қотандарын торлап тұратын. Дәрігерлердің бірауыздан дәлелдеуіне қарағанда, бұл булану мың жерден жағымсыз болса да ешқандай зиян келтірмейді. Алайда бұл қотандардың тұрғындары оба аспаннан жауып жатқандай көріп, үйреніскен жерін тастап басқа жаққа көшпек болды, сондықтан күрделі түтінтұтқыш жүйе жасауға тура келіп, жұрт сол іске қосылғасын ғана басылды. Тек дауылды жел күндері ғана шығыстан ұратын сасық иісті толқын енді біздің бәріміз де жаңа тәртіп жағдайында өмір сүретінімізді және оба жалыны әр кеш сайын өз сыбағасын талап ететінін еске салады.
Шырқау шыңына шыққан обаның зарары мен салдары осындай. Алайда, бақытқа орай, індет тұрақтады, демек қала көкелерінің қиялы, префектураның тапқырлығы, яғни бұйрық шығаруға шеберлігі, тіпті пештердің өткізу қуаты сарқылуға жақын деп ойлау ләзім. Риэ торығудан туған тағы бір жаңа жобалар ұсынылды деп естіді, мәселен, біреу мәйіттерді теңізге тастау керек депті. Дәрігердің қиялы көк толқында қайнаған қорқынышты көбікті оп-оңай көз алдына елестетті. Егер өлгендер саны арта беретін болса, кез келген, тіпті ең мүлтіксіз ұйымның өзі дәрменсізденіп қалатынын, жұрттың топ-тобымен қырылып, префектураның күллі айла-амалына қарамастан мәйіттер көшелерде іріп-шіріп, қала бульварлары мен алаңдарда өлгелі жатқандар әбден түсінікті өшпенділікпен және ессіз үмітпен тірілердің етегіне жармасып жатқанын көретінін ол жақсы біледі.
Қалай болғанмен де, осынау айқындық пен абайлаушылық біздің азаматтардың бойындағы қуғындалу мен бөлініп қалу түйсігін күшейте түсті. Осы тұрғыдан, әңгімешінің өз хамсасын әсерлі беттермен жеткілікті безендіре алмағаны, мәселен, сергек серпін берер қаһарман бейнесін сомдамағаны немесе ежелгі хикаяларда кездесетіндей шығаннан шыққан оқиғалардың жоқтығы өкінішті-ақ, оны өзі де өте жақсы түсінеді. Демек, бақытсыздық суретінен әсерсіз ештеңе жоқ, ең ұлы ауыртпалықтың өзі бірсарынды, ұзаққа созылғандықтан толықтырып, қамықтырып тастайды. Обаның үрейлі күндерін бастан кешіргендердің жадында олар қаһарлы да қатерлі өрт бейнесінде емес, бәрінен бұрын барлығын астына басып алып, бір орынды ұшы-қиырсыз таптау болып қалады.
Жоқ, обаның дәрігер Риэнің індет басталғаннан-ақ қыр соңынан қалмаған есте қалар көріністермен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бәрінен бұрын оба баз бір әкімшілік тетік болды. Болғанда да аса сақ әрі мүлтіксіз барлық жағдайда қалтқысыз қызмет істейтін тетік. Әңгімеші ақиқат алдында күнә жасап алудан жасқанып, ең бастысы - өзіне өзі қарсы шығудан сескеніп, бірінші кезекті әділдікке ұмтылды. Стилінің әсемдігі үшін, кейбір мазмұндау өрнегіндегі әнтек талаптар болмаса, ештеңеден де тайынған жоқ. Тұп-тура әділдіктің өзі, қазір осы дәуірдің ең ұлы азабы, баршаға ортақ ең терең уайым-қайғысы -айырылысу болса, обаның осы сатысындағы жаңа сипатын барынша пәк ар-ожданмен суреттегісі келсе, онда бұл қайғы-қасірет алғашқы арынынан айрылғанын жасырмауды бұйырар еді оған.
Біздің ағайындар, әсіресе, бұл бақытсыздықтан бәрінен көп азап шеккендері, өз жағдайына үйреніп, еті өліп кеткен жоқ па екен? Бұлай деп үзілді-кесілді пайымдау әділетсіздік болар еді. Олар тән азабынан гөрі жан азабын көбірек тартып, ең алдымен, ой-болжамдарының таяныш тірексіздігінен жапа шекті деген дәлірек болар. Індеттің басында қиял шіркін қапияда көз жазып қап, уайым жегізген жақын пендені айқын суреттеуші еді. Ал, олар сүйкімді жүзін, таныс күлкісін кейін ең бір бақытты шағым деп білген күндерін есінде айқын сақтаса, енді сүйіктісінің сонау алыс өлкеде дәл қазір не істеп, не қойып жатқанын анық елестете алмайды. Жалпы осы кезеңде олардың жады жұмыс істейді де, ой-қиялы шабан тартады. Обаның екінші сатысында жады да өшеді. Бұл олардың сүйікті жүзін ұмытқанынан емес, жоқ бейненің өзі бұлдыр тартып, қайтып оны жүрек түкпірінен таба алмауынан туады. Індеттің алғашқы апталарында олар өз махаббаты бар қыр-сырымен көлеңкеге айналып кетті деп шағынса, кейін сол көлеңкенің өзі тексізденіп, жады болмашы белгісіне дейін киедей көріп сақтап жүргендердің бәрі буалдыр тартып, бара-бара ғайып болады. Демек, шексіз айрылысудың аяғына қарай олардың баяғы жақындықты да, сүйікті пендесімен бір кезде қоян-қолтық жақын тұрып, кез келген сәтте қолына қолын тигізетінін де елестетуге шамасы келмей қалады.
Егер іске осы тұрғыдан қараса, олар обаның күнделікті, сондығынан да пәрменді тәртібіне кірігіп, әбден дағдыланып кетеді. Сол себепті ешқайсымызда да ұлы сезім қалған жоқ. Оның орнына бәрі дерлік бір болбыр сүлесоқ сезімнің құшағында жүрді. Бәрі де тезірек бітсе екен деп, көкірегі қарс айрылды ағайындарымыздың, өйткені ауыртпалық кезінде ортақ қайғы-мұңның ақырын тілейтін ежелгі әдет, оның үстіне олар бұл алапаттың аяқталуын шынымен-ақ тіледі. Алғашқы апталардың адуын ашуының орнын меңіреу немқұрайдылық басты, оны әсте де бағыныштылықпен шатастыруға болмайды, бірақ екеуі де уақытша амал екенінде дау жоқ.
Біздің азаматтар кезеңге бағынды, дәлірек айтқанда, бейімделді, өйткені басқа лаж қалмады. Олардың сырттай қайғы мен уайым мұқалтқан кісілер екені белгілі, бірақ бірінде де алғашқы күйзеліс жоқ. Алайда дәрігер Риэ ең басты қасірет осы дейді, торығудың өзінен торығуға үйреніп кету жаман. Бұрын бөлек тұрғандар ақыр-тақырына дейін бақытсыз болмайтын, олардың азап-қайғысының өзінде жылт еткен үміт ұшқыны бар-тын, қазір ол да сөнді. Ал қазір оларды қайда кездестірсең де, мейлі көше қиылысында не достарының үйінде болсын, сабырлы не алаңдаулы қалпында да көздері сондай мұңлы көрінеді, соған қарап біздің қала басы бүтін күту залына айналып кеткен бе деп қаласың. Шұғылданар шаруасы барлардың өзі оны обаның ырғағында мұқият, бірақ жарқылдамай атқарады. Жұрттың бәрі шетінен иіс алмас момын болып алды. Өмірінде алғаш айрылысқандар өзінің жанында жоқ сыңары туралы таныстарымен ештеңе болмағандай тым жайбарақат сөйлеседі және сөздері де жаттанды, бөлек тұруларын өлім-жітімнің санымен бағалайтындары да қызық. Тіпті осы уақытқа дейін өзінің уайым-қайғысын ортақ қасіретпен шатастырмауға жанталасып келгендердің өзі қазір теңгермешілікке кетті. Жады мен үмітінен айырылғандар қазіргіге, бүгінгі күнге табандап тұрып қалды. Шынын айтқанда, көз алдында барлығы да бүгінгі боп кетті. Оба бірін де қалдырмай, бәрін махаббат пен достықтан айырды деуге болады. Өйткені махаббат тамшыдай болса да болашақты талап етеді, ал біз үшін тек қазіргі сәт қана бар.
Бұның бәрі недәуір тұрпайыландырылғаны өз-өзінен түсінікті. Өйткені бөлек тұрып мұңға батқандардың барлығы, әділдігін айтқанда, бұндай халге бір мезгілде келген жоқ, олар жаңа жағдайға үйренісіп кеткенмен, ойламаған жерде ой оянуы, күтпеген кезде қайта оралу, кездейсоқ айығу - сезімнің сонылығы мен осалдығын қайта-қайта сілкінтіп, өткенді еске түсірді. Осы сәттер оларға қажет те болды, бүгінгі күннің күйбеңінен қолы босағанда соларды көз алдына келтіріп, оба тоқтағандай-ақ келер күндерге жоспар құрды. Сондай-ақ дерексіз қызғаныштың тұтқиыл шаншуы да қажет болды, ол шамырқантып жақсылыққа ұмсынтты. Қайта түлеп жаңғырудың осындай күтпеген кезеңін басқалар да бастан кешіріп, аптаның белгілі бір күндері болса да томаға-тұйықтықты сыпырып тастап, әсіресе сенбі мен жексенбінің кешінде баз бір отбасы салтына байланысты өткізілетін шараларды еске түсірді. Болмаса әсіресе кешкілік меңдеп кететін сағыныш, өзін-өзі ұдайы ақтамаса да, жады қайта оралар деген үмітке жетелейді. Католиктер өз ар-ожданы алдында арылып, ғибадат қылатын кешкі мезгіл тұтқындағы мен қуғындағы пенделер үшін өте ауыр, олардың бос кеңістіктен басқа табынары жоқ. Осылай олар бір сәтке дүр сілкініп, сосын қайта қатыгездік шеңгеліне түсіп, обамен тұйықталады.
Ал бұл өзіндік атаулының бәрінен бас тарту екенін, шамасы, оқырман түсінген болар. Індеттің алғашқы күндері олардың көңілі басқалар үшін еш мәні жоқ болмашы нәрсені дық алса, өздері үшін сондай мәнді сол болмашылар жиынтығы өмір тәжірибесін толықтырып отырса, ал енді, керісінше, оларды басқалар, ықылас аударғандар ғана қызықтырып, ортақ идеялар шеңберінде шыр айналып, тіпті махаббаттың өзі басқа қияпатқа ие болды. Осылардың өздерін обаның уысына ұстатып қойғаны сондай, кейде тіпті сол сыйлаған түске сеніп: "шаптың безі шошыса шошысын, тек бәрі бітсінші" деп бебеу қағатын болды. Ұйықтағанның өзінде де оларға мынау ұзақ кезең іс жүзінде шегі, шеті жоқ түс сияқты болып көрінді. Қаланы кілең шала оянған ұйқышылар мекендеген сияқты, олар тағдырдың матасқан торынан сирек құтылып, тек түнде жазылып келе жатқан жарасының аузы ашылып кеткенде ғана оянатын тәрізді. Ауырсына оянған олар нажағай жарқылымен көзіне түскендей жаңғырған қайғы-мұңымен қоса өз махаббатын, абыржыған жүзін көріп, ісінген ернін жалайды. Ал ертеңгілік бәрі ауыртпалыққа, дәлірек айтқанда, ескілік әдетіне мойнын тосады.
Алайда оқырманның әлгі айырылысу шерменделері сырт көзге қалай көрінуші еді деп сұрайтын шығар. Қалай көрінуші еді - кәдуілгідей, қажет десеңіз, жұрттың бәрі сияқты көрінетін, түрі де барлығымызға ортақ жалпы пішін, күллі қала сияқты, балалық аңқаулық пен әбігерлік жағдайында өмір сүрді. Салқынқанды болып көрінемін деп сыншыл сезім сыңайынан айырылды бәрі. Мәселен, ақылды деген адамдардың өзі айналасындағылардың дүрмегіне еріп, індеттің тез жойылуы туралы ишаратты газеттер мен радиохабарлардан іздеп, баз бір журналистің есінеп отырып жазғанына үміт артып, кейде тіпті қауіп ойлап отырғанын байқауға болатын еді. Ал қалған қарекетінің бәрінде сырасын ішіп, ауруын күтіп, болмаса қара тер болып статистикалық кестелер құрастырып, қала берді күйтабақ тыңдап күн кешті, бір-бірінен сонысымен ғана дараланды. Басқаша айтқанда, басқаша ештеңе қалаған жоқ. Оба оларды бағалай білушілік қабілетінен айырды. Мұның өзі еш пенденің сатып алған киім-кешегі мен азық-түлігінің сапасына зер салмауынан-ақ көрінді. Барлығын талғамай қабылдайтын болды бәрі.
Бұл мәселені тәмамдау үшін айрылысу шерменделерінің ең қызық артықшылығынан көз жазып қалғанын қосар едім. Олар махаббаттың өзімшілдігін, содан туындайтын оның артықшылығын жоғалтып алды. Оның есесіне жағдай айқын болды, бақытсыздықтың соқпаған ештеңесі қалмады. Біздің бәріміз де қала қақпасында атылған мылтықтың гүрсілі астында, өміріміздің ырғағы мен жерленуіміздің жайын айқындайтын штемпель тықылының астында, өрт-жалын мен тіркеу кәртішкелерінің, үрей мен әдет-ғұрыптың ортасында әбес әрі ұятты, бірақ бар тәртіп бойынша өлімге кесілгендер, сасық түтін шудасы мен "жедел жәрдем" машиналарының үрей ұшырған сиренасы арасында біздің бәріміз де бірдей дәрежеде қуғынның дәмін татып, өзімізге де белгісіз жүрек тебірентерлік қауышу мен татуласу таңын күттік. Махаббатымыздың бұрынғысынша өзімізбен бірге болғаны түсінікті, бірақ ол ештеңеге таңылмай, баршамызды ауыртпалығымен жаншып, қылмыс немесе өлім жазасы сияқты жүрегімізге сылбыр ұялады. Біздің махаббатымыз келешегі жоқ, күтуі көп шексіз шыдамдылық болды. Осы тұрғыдан қарағанда, азаматтарымыздың баз бірінің тәртібі қаланың әр шетіндегі азық-түлік дүкендері алдында тізілген ұзыннан-ұзақ кезекті еске түсірді. Онда да, мұнда да қиялдан ада төзім мен көнуге деген қабілет шаң береді. Тек қана осы сезімді мың есе өсіру керек, өйткені бұл арада айырылысу туралы, барлығын да жұтуға қабілетті басқа бір аштық жайында сөз болады.
Қалай болғанмен де баз біреу біздің айырылысу шерменделерінің көңіл күйінің нақты бейнесін білгісі келсе, бәрінен оңайы - мынау көгалдан жұрдай қаланың көшелеріне ерлер мен әйелдер өріп кетпей тұрып түскен жалқын шаңды таусылмас кештерді қиялыңа қайта келтіру. Өйткені қала көлігі мен автомобильдердің жоқтығынан кешкілік алтын күннің жалқынына малынған террасалардан машиналардың шиқылы мен металдардың шыңылын, яғни қалалардың қалыпты әуенін емес, не бітпейтін, не қоймайтын біркелкі аяқ тықылын, жұрттың жамыраған күбір-сыбырын, мыңдаған табандардың тырпылын естисің. Тымырсық аспандағы қамшының суылындай кеңірдекті қабатын сол тықыл мен сол тырпыл күллі Оранды кеулеп, бір кештен екінші кешке ұласып, жүректеріміздегі сүйіспеншілік сезімін алмастырған көрсоқыр қарыспалықтың үні және мұңлы үні болып кетті.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
Мизам мен қазан айларының өн бойында оба қаланы табанының астында таптады. Таптау жайын еске түсіргеннен соңғы жерде жүз мыңдаған адамдардың ұзақ апталар бойы тарпылдап қала көшелерін босқа таптауға мәжбүр болғанын айта кеткен абзал Аспан бірде тұманын, бірде ыстығын жіберіп, кейде жаңбыр бұлтын да үйіріп тұрды. Түстіктен ұшқан сарышымшықтар мен қараторғайлардың үнсіз тізбегі сонау биікте самғап, Панлю атай айтқан қарғыс қамшысындай қаланы айналып өтті. Тәңірдің отты найзасы үйлердің үстінде ысқыра үйіріліп, құстарды недәуір қашықта ұстап Оранға жолатпаған сияқты. Қазанның басындағы нөсер жаңбырлар қала көшелерін жуып, шаң-тозаңнан бір арылтты. Осы мерзімнің он бойында айта қалардай ештеңе болған жоқ. Тыныштық қаймағын шайқаған тек баяғы бір тарпыл, тынымсыз көше таптау.
Риэ мен оның достарының қаншалық деңгейде қалжырағаны тек осы арада ғана білінді. Шынында да, санитарлық жасақтардың мүшелері шаршап-шалдығуын өздігінен еңсере алмайтындай жағдайда еді. Дәрігер Риэ бақылау жасап көріп, өзі мен достарында сүлесоқ енжарлық белең алып бара жатқанын байқады. Мысалға, бұрын обаға қатыстының бәрін қалт жібермей зер салатын бүл кісілер қазір оған қызықпайды да, ынта да қоймайды. Мейманханасына жақын орналасқан карантиндердің бірі тапсырылған Рамбер өз қарауындағыларды көзін жұмып атап беретін. Сондай-ақ ол аяқ астынан ауру нышаны байқалғандар үшін ұйымдастырылған төтенше тасымал жүйесі жөнінде ештеңесін қалдырмай бүге-шігесіне дейін айтып беретін. Бірақ ол оба құртқан құрбандықтардың күнделікті санын айтып бере алмады, ауру азайып келе ме, жоқ па - одан ол, шынында да, хабарсыз болып шықты. Соған қарамастан ол осы ең таяу күндері қаладан қашып шығу арманын әлі де аялаумен жүр.
Талай күндері мен түндерін осы жұмысқа сарп еткен басқалар да газет оқымайтын, радио тыңдамайтын болды қазір. Егер оларға кезекті статистикалық мәліметтерді хабарласа, өліп-өшіп тыңдайтындай кейіп танытады, ал іс жүзінде бұл деректерді қалай болса солай немқұрайды тыңдайды. Әдетте мұндай енжарлық ұлы шайқастарға қатысушыларда болады деуші еді, ұрыс қимылдарымен қажыған, күнделікті борышын орындауға, тек рухын түсірмеуге тырысқан жауынгерлер одан әрі не шешуші қимылға, не жуық арадағы өзгерістерге сенбейтін халге жетеді ғой.
Оба кезінде соншалық маңызды есеп-қисап жүргізіп жүрген Гран жалпы қорытындыларды атауға қазір қабілетсіз болып қалды. Әлі шаршап-шалдығуға түбегейлі бой алдыра қоймаған Тарру, Рамбер және Риэге қарағанда, Гран денсаулығымен ешқашан мақтана алатын пенде емес. Ал ол өзінің мэриядағы жұмысын Риэнің хатшылығы қызметімен ұштастырып, оның үстіне түнде отырып өзі үшін еңбек ететіні және бар. Сондықтан ол күш-қуаты әбден сарқылған жағдайда еді, бірақ оны құлатпай ұстап жүрген екі-үш алдамшы идея бар, атап айтқанда, олар - індет тоқтағаннан кейін тым құрыса бір апта толық демалу және "сыпыр бөркіңдіге" ғана еңбек ету, өз сөзіне қарағанда, бұл жұмыс оңға басып, қарқын алып келе жатқан тәрізді. Ара-тұра оның есіне қай-қайдағы түсіп, ет жүрегі елжіреп, мұндай сәтте дәрігер Риэмен ұзақ сырласып, Жанна туралы әңгімелесіп, қазір оның қайда жүргенін білгісі келеді, газеттерден оқып өзін еске алды ма екен деп ойланды. Онымен әңгімелесіп отырып дәрігер Риэ өз әйелі туралы да бұрын аузына түспеген әбес сөз айтып қалғанын аңғарды... Әйелінің көңіл жұбантар жеделхаттарына онша сеніңкіремей, ол емделіп жатқан санаторийдің бас дәрігеріне тікелей телефон шалған-ды. Аурудың жағдайы нашарлап барады деген жауап алды, алайда бұны бас дәрігер қолдан келген шараның бәрін жасап, аурудың бетін қайтаруға тырысамыз деген уәдемен сендірді. Риэ бұл хабарды ішінде сақтап жүр еді, мынау әбден шаршап, жүйкесі жұқарғандықтың салдарынан жеделхат жайында Граннан жасырмай айтып берді. Әуелі ол Жаннасы туралы ұзақ сөйледі, сосын Риэден әйелі жайында сұрап, ол жауап қайырды. "Білесіз ғой, біздің кезде ондай ауруларды тамаша емдейді" деп жұбатты оны Гран. Шынында да, жақсы емдейді деп Гран да оны растап, айырылысудың тым ұзап кеткенін, жанында болса, зайыбының сырқатпен күресі дұрысырақ өрістерін, қазір ол жазғанның жалғыздықтан да жапа шегіп жүргенін айтты. Сосын ол қайтып көп сөйлемей, Гранның сұрақтарына жалтара жауап беріп отырды.
Басқалардың да жағдайы шамамен осындай болатын. Өзгелерге қарағанда, Тарру ғана өзін бекем ұстады, алайда оның қойын дәптері байқампаздығы пәс тартпағанмен де, қадағалау ауқымы тарылғанын аңғартады. Мәселен, ол осы уақыттың өн бойында жалғыз Коттарға ғана көңіл бөлді. Кешкісін дәрігер Риэнің үйінде ол Гранның сөзін сыпайылық үшін ғана тыңдады. Бұл кезде ол мейманхана карантинге жабылған соң дәрігердің үйіне қоныс аударған-ды. Сондықтан ол сұхбаттасының сөзін орап, өмірінің өзін ұдайы қызықтырып жүретін өзге де қырларына ауыстыруға тырысты.
Кастель сыворотканың әзір екенін Риэге айтқалы келген күні олар мән-жайды саралай келіп, дәріні әуелі тергеуші Отонның лазаретке әлгінде ғана әкеп салынған ұлына салып сынап көруге пәтуаласты. Риэнің өз басы жағдай үміт күтерліктей емес деп санайды, сонда да қарт досына соңғы статистикалық деректерді айтпақ болып бұрыла беріп еді, ол мамықтақтың арқасына шалқайып жатып ұйықтап кетіпті. Кастельдің жайшылықта әзіл шашырап, сондығынан жас болып көрінетін жүзінен әр тайып, жартылай ашық аузынан сілекей ағып, бетіндегі уақыт белгілері айқындалып, айғыздалған түріне қарап тұрып, Риэ көкірегі сыздап, тамағы құрғап қалғанын сезді.
Өз бойынан осындай осалдықтың байқалуын Риэ әбден шаршап-шалдықканынан көрді. Сезім құрғыр бағынудан кетті. Керіп тұрып тартылған, қасаттанып қатып қалған ол ара-тұра сызат беріп, көңіл күйінің ауанынан шыға алмай, санаға тізгін бермей қояды. Одан қорғанудың сенімді тәсілі - көңілдің қатыбас қалқанына жасырынып, жаныңның ішкі торабын қысып байлап, таңып тастау. Жұмысты әрі жалғастырудың бірден-бір мүмкіндігі осы екенін ол өте жақсы түсінді. Ал қалғандарына келсе, олардан енді қиял-елес те табылмайды, сақталғанының өзін қалжырап, қажу күл-талқан қылды. Шекарасын өзі де анықтай алмайтын қазіргі кезеңде ол елігерлік қызметін доғаруға да әзір екенін аңғарды. Енді оның міндеті - диагностика қою ғана. Бар жұмысы - ауруды анықтау, көзбен көру, сипатын жазу, қағазға тіркелу, сосын өлетінін айту. Әйелдері оның қолына жармасып: "Құтқара көріңіз, дәрігер!" деп зар еңіреп жалбарынады. Ол болса, ауруға оның өмірін ажалдан арашалау үшін емес, оңашалау үшін келеді. Жұрттың жүзінен оқылған наразылық та ештеңені өзгертуге көмектеспейді. "Сізде жүрек жоқ!" деді бірде оған баз біреу. Жо-жоқ, керісінше, онда жүрек болды. Сол жүрек оған тәулігіне жиырма торт сағат бойы өмір үшін жаралған адамдардың қалай өліп жатқанын көруге, ертеңіне бәрін басынан қайта бастауға көмектесті. Бұдан былай жүректің дәрмені бір осыған ғана жетеді. Басқа біреудің өмірін құтқаруға халі жоқ.
Жоқ, ол күнұзақ көмек емес, анықтама береді. Әлбетте мұндай шаруаны кісінің кәсібі деп атау қиын. Бірақ мынау үрейленген, әрі әжептәуір сиреген топтың ортасында өзіңнің адами кәсібіңмен шұғылданудың өзі асылық емес пе! Әйтеуір, шаршап-шалдығудың бары да жақсы. Риэ мұншалық қажып-қалжырамаса, бүкіл жерге сіңген өлім иісі, бәлкім, оның сезімталдығын оятып, мейірімін арттырар ма еді. Бірақ тәулігіне төрт сағат ұйықтай жүріп өзеуреуге қайдан орын болсын. Ондайда затты өз түсімен ғана, кәдімгі әділдік, жексұрын да жосықсыз әділдік түсімен көресің. Апатқа душар болғандардың бәрі бүны жақсы сезеді. Обаға дейін жұрт дәрігерді құтқарушымыз деп білетін. Қазір ол төрт-бес домалақ дәрі беріп, укол жасайды - сонымен бәрін тындырады да, оны алғыс айтып есікке дейін шығарып салады, қолын қысады. Бұнысы мақтарлық, бірақ арты қатерге душар ететіні жаман. Ал енді ол, керісінше, ауруларға солдаттар ертіп келіп, есікті мылтықтың дүмімен тықылдататын болды, әйтпесе науқастың туысқандары анау-мынауға есік ашпайды. Әйтпесе аурулар бұны керексінеді, бұны қойып ала бүкіл адамзатты өзімен бірге көрге ала кетуге де бар. Дұрыс-ақ қой, шіркін! Адам адамсыз тұра алмайды, осы бейбақтар сияқты Риэ де дәрменсіз, ол да өзін біреу аяғанын, аялағанын жақсы көреді, сол сезім аурулардан шыққан кезде әсіресе күшейе түседі.
Осынау шетсіз-шексіз ұзақ апталар бойы дәрігер Риэні айырылысуы мен сағынышы аралас сезіммен баурап, меңдеп алған осы ойлар еді. Осы ойлардың жарқылын ол достарының жүзінен де оқығандай. Алайда бірте-бірте барлығын меңдеген жүдеу мен шаршаудың сұмдық салдары сыртқы дүние оқиғаларына деген селқостық қана емес, өзгелердің көңіл күйін елемеушілік қана емес, олардың бәрі де - бой алдырып үлгерген салдыр-салақтық. Олардың бәрі, бірінен бірінің артық-кемі жоқ, тиісті жұмысын атқарумен ғана тынды, тіпті оның өзін де көпсінгендері бар. Сондықтан обамен күресушілер бара-бара гигиена тәртібін өздері енгізсе де сақтамай, ұмытшақтықтан дезинфекциялайтын заттарды бытыстырып, аурудың жұғуына қарсы сақтық шаралар қолданбай, кеш шақырғанды сылтау ғып өкпе обасына шалдыққандарға шапқылап келгенде, жол-жөнекей дәрігерлік пунктке соғып, қан құйдыруға ерінген күндері көп болды. Қауіптің өзі де осында бұғып жатты, өйткені қоян-қолтық қызметінің өзі обаға қарсы күресушілердің денсаулығын ауру жұқтыруға бейім етті. Шын мәнінде олар сәттілікке ғана арқа сүйеді, ал сәттілік ұдайы бола бере ме!
Әйткенмен қалада шаршамаған да, шалдықпаған да бір адам қалды, ол тіпті өзіне-өзі разылықтың өнегесіндей болып көрінді. Бұл - Коттар еді. Бұрынғысынша ол сырттап жүрді, бірақ жұртпен қарым-қатынасын үзген жоқ. Әсіресе ол Тарруға тәнті болып, оның қолы міндетті жұмысынан қалт босай қалса, онымен жүздесіп көрісуге тырысты. Бұның екі себебі бар, бірі - Тарру, оның іс-әрекетінің қыр-сырын түгел біледі, екіншіден, комиссионердің көңілін тауып, желпіндіріп жіберуге оның жүрегінің жылылығы да, ізгілігі де жетіп артылады. Сірә, бұдан асқан керемет жоқ шығар, Тарру тозақтай азапты жұмысына қарамастан сұхбаттасына қашанда ілтипатты, қашанда сергек. Кейде тіпті кешкілік аяғынан сүрініп жығылса да, ертеңіне тың күш-жігермен үр жаңа боп шыға келеді. "Онымен сырласуға болатын себебі, ол - нағыз адам,- деп сендіреді Рамберді Коттар. - Ол қашанда бәрін түсініп отырады".
Міне, сондықтан да қойын дәптерінде Тарру Коттарға қайта-қайта оралады. Ол Коттардың уайым-қайғысы мен ой-толғамын өзі айтып жеткізгеніндей немесе Таррудың өзі қалай қабылдағанындай беруге тырысты. "Коттар және оба туралы байқаулар" деген тақырыппен жазылған бүл сипаттама қойын дәптерінің бірнеше бетін алып жатыр, сондықтан әңгімеші одан үзінділер келтіруді пайдасыз емес деп топшылайды. Коттар туралы өзінің жалпы пікірін Тарру: "Міне, өсіп келе жатқан кісі!" деп пайымдапты. Айтқандай өсіп келе жатқан оның өзі емес, рухының сергектігі. Ол тіпті оқиғаның бетбұрысына разы. Таррудың алдында ол көкейкесті ойларын жиі айтып, оны былайша өрнектейтін: "Әрине, бәрі тақтайдай тегіс жүріп жатқан жоқ. Алайда оның есесіне бәріміз де бір шұңқырда отырмыз".
"Әлбетте, өзгелерге төнген қатер оған да төніп түр, - деп жазады Тарру. - Өзгелерге деп айрықша астын сызып айтамын. Ал ол болса, ауру мені ала алмайды және жұқпайды да деп кәміл сеніммен айтады. Зайыры, ол идеямен және онша келеңсіз де емес идеямен өмір сүретін сияқты, мәселен, баз бір қатерлі дертке шалдығып, не керемет бір үрей билеп ауырып жүрген адам басқа сырқаттар мен қорқыныштан өздігінен қорғалатын, сақталатын көрінеді. Айталық, сіздің жазылмайтын дертіңіз бар, мейлі ол рак немесе туберкулез болар, ендеше ешқашан оба немесе сүзек сізге жоламайды - бүл айдан анық. Айтқандай, одан әрі тереңдей түссек, ракпен ауырғандардың бірде-бірінің автомобиль апатына тап болғанын көргеніңіз бар ма! Бүл идея мейлі дұрыс болсын, бұрыс болсын, әйтеуір Коттардың рух сергектігін сақтап, еңсесін өсіріп жүр. Оның жалғыз-ақ қалайтыны -жұрттан жырылып қалмау. Ол жападан-жалғыз тұтқын болып отырғаннан, жұртпен бірге баршамен бірдей қоршауда отырғанды артық көреді. Оба кезінде құпия тергеулер мен шағымдарға, астыртын нұсқаулар мен тұтқиыл тұтқындауларға уақыт қайда? Былайша айтқанда, полиция енді жоқ, ескі немесе жаңа қылмыс деген де жоқ, айыптаушылар мен айыпталушылар да жоқ, тек қана өлім жазасына кесіліп, неге екені белгісіз, кешірім сұраушылар, соның нәтижесін күтушілер бар, олардың ішінде полицейлер де бар". Сөйтіп, Таррудың сөзіне қарағанда, Коттар біздің азаматтардың біразы бой алдырып жүрген үрей мен абыржу нышандарында бәз бір шафқатты түсіністікпен, қанағатшылдықпен қарауға бейім. "Қалай айтсаң, олай айт, сізге дейін де бұл рақаттың бәрін көргенмін" деген қанатты сөз соның көңіл күйін көрсет кендей.
"Жұрттан жырылмаудың жалғыз-ақ жолы - ең алдымен, арыңның таза болуы деп оған бекер-ақ айттым. Ол маған алая бір қарап: "Білсеңіз бар ғой, бұлай десеңіз, онда адамдар бір-бірінен қашанда бөлек"- деді де, сөзін әрі қарай сабақтады: "Не айтқыңыз келсе, соны айтыңыз, ал мен адамдарды біріктірудің бірден-бір жолы - оларға оба жіберу дер едім. Нанбасаңыз жан-жағыңызға қараңызшы!". Ашығын айтқанда, оның не мегзеп отырғаны белгілі, біздің қазіргі өміріміз оның қолайына жағатыны айтпаса да түсінікті. Оқиғаларға басқалардың көзқарасы мұның өзі бастан кешкендермен сай келетінін ол адым сайын аңдап жүр; осылай әркім-ақ жұрттың бәрі өзімен бір болғанын қалайтыны хақ; осыдан келіп адасып жүрген жанға жөн нұсқаған сыпайылық, басқа бір жағдайлардағы жеккөрушілік, салтанатты мейрамханаларға асыққан топтың үстел басына жайғасып рақаттануы; көпшіліктің іркес-тіркес болып киноға ағылуы, билеттің шексіз кезегі, театрлардың, тіпті дансингтердің лықа толуы - бәрі-бәрі осы бірге болу тілегінен туады. Бір сөзбен айтқанда, күллі көңіл көтеретін сауық-сайран орындарында тоғызыншы толқын: кез келген байланыстан қорқу да, кісіні бір-біріне итермелеп, шынтақ пен шынтақ түйістіретін, жыныс пен жынысты жақындастыратын кәдімгі адами жылылық та осында. Коттардың бұны жұрттың бәрінен бұрын бастан кешкені анық. Тек бұлардың арасында әйел мәселесі болмауы, өйткені мұның бетіндей бетпен ол жағы қиын шығар... Әлденеше мәрте қызға баруға оқталған да болар деп шүбәланам, бірақ ол түбі бір қырсыққа соғып жүрер деп, ондай рақаттан бас тартуы анық.
Қысқартып айтқанда, оба оның нағыз қолы болды. Жалғызілікті адамды, оның үстіне жалғыздықтан жапа шегіп жүрген жанды ол сыбайластыққа тартты. Ол нағыз сыбайлас болып, сол сыбайластығымен құмардан шықты. Көзіне не түссе, соның бәріне өзін қатысты санады: діни нанымдарға да, лайықсыз үрейлерге де, тебіренген жанның күйзелісіне де, олардың оба туралы ауыз ашқысы келмей, одан қарадай қорқатынына да, оба бас ауруынан басталады деп бастың болмашы сақинасына да қиналды, ақыр аяғында қит еткенге әсерленіп, кез келгенге ренжіп, ұмытшақтықты керемет бір зәбір көріп, шалбарының түймесі түсіп қалса, апаттан бетер өкінетін болды.
Енді Таррудың талай кешті Коттармен бірге өткізуіне тура келді. Сосын ол екеуінің іңір қараңғылығын жамылған топқа қалай сүңгігендерін жазады, бөгде біреулермен иық тіресіп, көше шамдарының жарығы тілгілеген ақшыл қара бұқараға сіңіп, обаның көрдей ызғарынан қорғайтын өрттей қызу сауық-сайранға асыққан адамдар тобына қалай ергенін баяндайды. Коттардың небары бірнеше ай бұрын аялаған арманы енді оны қанағаттандырмайтын болды, қоғамдық орындардан ол іздеген сән-салтанат пен шалқар өмір, жүгенсіз ләззатқа алаңсыз берілу мүмкіндігі қазір екінің бірі, тіпті бүкіл қала айналысатын кәсіп болып қалды. Барлығының бағасы толассыз өскеніне қарамастан, ақшаны бұлай шашқан кез бізде болған емес, көпшілікке бірінші қажет заттардың өзі жетпей жатқанда, ешкім әртүрлі керек емес нәрселер мен болмашы дүниеден қаржы аяған жоқ. Қызықшыл топ әуес құмарпаз ойындар кең өріс алды. Ал біздің жағдайда қызықшылдықтың өзі жұмыссыздық болды. Бірде Тарру мен Кохтардың баз бір жұптың соңынан ұзақ ергені бар. Бұрынғы кез болса олар өз сезімін жасыруға тырысар еді, енді бүкіл қаланы қақ жарып біріне-бірі жабысып алып келеді, төңірегіндегі топты жанды елең қылар сыңайы жоқ, ұлы құмарлыққа тән құштарлықпен өліп-өшкен бір жандар. Коттардың іші-бауыры елжіреп: "Әй, сабаздар!" - деп дауыстап жіберді. Сол даусымен ол мынау безілдеген топтың ішінен, баршаның көз алдында басталғалы тұрған арандатушылықты баса көктеп адақтап шықты.
Соған қарамастан Тарру Коттардың қарекетінде кекті ештеңе сезілген жоқ деп атап көрсетті. Оның: "Бұл рақаттың бәрін бұларға дейін көргенмін" дегені - салтанаттан гөрі, бақытсыздықтың куәсі. "Ол тіпті аспан мен туған қаласының қабырғалары арасына қамалған осы жандарды бірте-бірте жақсы көруге айналды деп ойлаймын", - деп жазды Тарру. - Мәселен, ол мұның бәрі онша қатерлі емес деп түсіндірер еді, ерік берсе оларға. "Жоқ, сіз тек оларды тыңдаңызшы, - деді ол маған. - Обадан кейін мен ананы да, мынаны жасаймын деп өзеурейді... Өзінің өмірін уламай тып-тыныш қана жайына отырмай ма! Өз басының пайдасын білмейді. Міне, мен "тұтқындалғаннан кейін ананы қылам, мынаны қыламын" деп бірдеңе айттым ба? Тұтқындау - басы ғана, ал аяғы емес бұл. Ал оба... Менің пікірімді білгіңіз келе ме? Олардың бақытсыз болатын себебі ағыс бойлап жүзе білмейді. Мен бе, не айтып тұрғанымды білемін".
"Шын мәнінде де ол біледі, - деп жалғастырады Тарру. - Адами жылылыққа деген керемет қажеттілік түйсініп отырған біздің орандықтарды түршіктіретін қайшылықтарды ол мейлінше дұрыс бағалай біледі, ал жақындасқысы келетін кісілер бір-біріне сенбегендіктен бұл сезімге үміт арта алмай, араларын алшақтата түседі. Жалпы, бұрылып қарағанша оба сыйлап, сенгіштігіңді пайдаланып ауру жұқтыра қоятын көршілерге онша иек артпау керек екені бізге өте жақсы таныс. Егер уақытты Коттар өткізгендей өткізсе, яғни қоғамына сұранып кірген адамдардың бәрінен үстінен арыз айтушы жансыздарды көрсе, онда жағдайды түсінуге болады. Оба бүгін болмаса, ертең иығыңа қолын салып, сол сәт секіруге дайын тұрғанда әзірше дін аман, бүтін екеніне қуанатын кісілерді аямай, қалай шыдарсың. Жаппай қауіп-қатердің ортасында ол өзін аз да болса, мүмкін-қадерінше жақсы сезінеді ғой. Алайда ол осының бәрін бізден көп бұрын бастан кешіргендіктен, осы сенімсіздіктің барлық қатыгездігін бізбен бірге толық сезінуге қабілетсіз-ау деп ойлаймын. Қысқартып айтқанда, обадан өле қоймағандар қауымында ол өмірі мен еркіндігі күн сайын ажал аузында тұрғанын тамаша түйсінеді. Осынау қиын-қыстау жағдайды таяуда ғана өз басынан өткізгендіктен ол басқалардың да оны білгенін орынды деп санайды. Егер ол мұндай жағдайда жалғыз өзі ғана болса, үрей ахуалы әлдеқайда азапты болар еді. Бұл арада, әрине, оныкі дұрыс емес, өзгелерге қарағанда, оны түсіну де қиынырақ. Әйткенмен, ол дәл осы жерде өзгелерден көбірек түсінікті болуға татиды".
Таррудың жазбалары Коттар мен обаға шалдыққандар арасында бір кезде туған айрықша көңіл ауанын өте әдемі көріністермен береді. Әңгіме кейбір жағдайда осы кезеңнің ауыр ахуалын қайта жаңғыртады, әңгімеші оны аса маңызды санайтыны да сондықтан.
Олардың екеуі де Глюконың "Орфейін" қойғалы жатқан қалалық опера театрына аттанады. Коттар өзімен бірге баруға Тарруды шақырады. Мәселе былай: көктемде, дәл індет басталар алдында бірнеше спектакль беруге есеп жасап, біздің қалаға опера театрының труппасы келеді. Оба басқа әлемнен кесіп тастаған труппа біздің операның директорымен келісімі бойынша аптасына бір спектакль қойып тұруға тиіс болады. Сөйтіп, бірнеше айлар бойы әрбір жұма сайын біздің қалалық театр Орфейдің сазды шағымымен, Эвредиканың дәрменсіз маңырауымен жаңғырды да жатты. Алайда спектакль көрермендер алдында зор табысқа ие болып, қыруар пайда да түсірді. Бенуардағы ең қымбат орындарға жайғасып Тарру мен Коттар жоғарыдан біздің ең сәнді киінетін азаматтар лық толып отырған партерді қызықтауға мүмкіндік алды. Кіргендер мүмкін-қадерінше өз келуінің әсерлі болуына барын салғаны айқын. Рампаның көз қарықтырар жарығында, саз тартушылар сурдинка әуенімен аспаптарын күйге келтіріп алғанша, таныстарына бастарын әсем иіп бір қатардан екіншісіне қарай жылжып бара жатқандардың сұлбасы айшықтала көрінді. Зайырлы әңгімелердің жеңіл гуілімен ерлер жағы бар-жоғы бір сағат бұрын қараңғы көшеде қаперіне де кірмеген сенімділікке ие болды. Оба фрак алдында шегінді.
Бүкіл бірінші көрініс бойы Орфей жеңіл ғана, даусын көтермей өз тағдырына шағынды, ежелгі туникаға малынған бірнеше қыз әдемі қимылмен оның бақытсыздығын түсіндіріп, арияларда махаббат жырға қосылды. Зал жылылықпен қатар ұстамдылық та танытты. Екінші көріністегі арияға Орфей сазгер қарастырмаған тремолоны енгізгенін көрермендердің байқай қоюы неғайбіл. Ол даусы дірілдеп сәл көтеріңкі мақаммен әміршіге көз жасымды көр деп жалбарынады. Кейбір тым шапшаң қимылдарды театр білімпаздары стильдендірудің еншісіне жатқызып, әншінің түсінігін байыпты деп бағалады.
Үшінші актідегі Орфей мен Эвридиканың атақты дуэті кезінде (Эвридика өз ғашығынан тайып шыққан тұста) залды бойлап бір жеңіл діріл жүгіріп өтеді. Әнші тыңдарман көпшіліктегі осы қозғалысты немесе партерден сахнаға жеткен түсініксіз тысырды күтіп тұрғандай, сәтін пайдаланып ежелгі тупикадан көрінбей тұрған аяқ-қолын жайып жіберіп кенеттен рампаға күмп берді де, қашанда көненің көзі болып көрінетін жасанды декорацияға көмілді де қалды, көрермендердің көз алдында бәр-бәрі құлазыды да кетті. Өйткені сол замат оркестр де сап тынып, партердің көрермендері орындарынан тұрып, шіркеудегі дұғадан немесе мәйіт жатқан бөлмеден шыққандай үнсіз ғана баяу ілбіп залдың шығар есігіне беттеді: әйелдері етектерін қармап, еркектері орындыққа соғылып қалмас үшін сыңарларын шынтағынан демеп барады. Қозғалыс бірте-бірте шапшаңдап, сыбыр айқайға ұласып, тобыр қосалқы есіктерге лап қойды. Есік аузында сығылысқан жұрттың ойбайы шықты. Коттар мен Тарру орнынан енді ғана тұрып, біздің бүгінгі өміріміздің өзіндік бір қырына бетпе-бет келді: оба дірілдеп-қалшылдаған кейіпкер бейнесінде сахнадан бір-ақ шықты, залда енді қажеті жоқ сән-салтанат қызыл барқыт мамықтарға жабысқан желпуіштер мен бас орамалдар кейпінде шашылып қалды.
Қыркүйектің алғашқы аптасының он бойында Рамбер жұмысқа шындап жегіліп, Риэге қолғабыс берді. Дәрігерден ол тек қана ерлер лицейі ғимаратының алдында Гонсалеспен және ағайынды жігіттермен кездесетін күні босатуын өтінді.
Түс әлетінде Гонсалес пен журналист анадайдан бірдеңеге күліп келе жатқан ағайындыларды көрді. Олар өткен жолы ештеңе істей алмағанын, оның өзі күтпеген жағдай да болмағанын баяндады. Ал бұл аптада олардың кезегі жоқ, сондықтан келесісін күту керек. Сонда бәрін басынан бастаймыз. Міне, айттым ғой бәрін басынан деп, деді Рамбер. Гонсалес келесі дүйсенбіде кездесуге ұсыныс жасады. Ал онда Рамберді Марсель мен Луиға қоныстандырады. "Біз екеуміз ғана кездесеміз. Жазатайым келе алмай қалсам, жалғыз тарт. Қазір саған бәрін түсіндіреді". Ал Марсель мен Луи екеуінің бірі өз достарын ала келген дұрыс деген. Егер Рамбер тым талғампаз болмаса, жақсылап ауқаттандырады, тамақ төртеуіне де жетеді. Ол өстіп-өстіп істің мән-жайына кірігеді. Гонсалес бұл ойдың шынында да тамаша екенін айтып, төртеуі портқа тартты.
Марсель мен Луи Флот қотанының ең шетінде, теңіз жағасы тас жолына шығар қақпаға жақын тұратын. Олардың үйі испан үлгісіндегі аласа, қабырғалары қалың, терезелері ашық түспен сырланған болатын, бөлмелері бос әрі салқын. Балалардың анасы жүзін әжім айғыздаған күлімсіреген испан кемпірі оларға күріш басып беріп жатыр екен. Гонсалес қалада көптен күріш жоқ еді ғой деп таңғалды. "Қақпаның аузынан қашанда бірдеңе тауып аласың", - деп мәнісін баяндап жатыр Марсель. Рамбер жеп те отыр, ішіп те отыр. Гонсалес өзіміздің жігіт деп нығарлап қояды, өзінің жігіті оның сөзін тыңдай отырып, бұл арада әлі де бір апта сандалуға тура келетінін ойлайды.
Шын мәнінде бір емес, екі апта күтуге тура келді, себебі қарауылдарды қысқартып, күзетшілер айына екі-ақ рет ауысатын болды. Осы екі аптаның ішінде Рамбер күш-қуатын аямай, бұрап қойған машинадай, бәріне көзді тарс жұмып, күні-түні жұмыс істеді. Өте кеш жатып, бірден тұяқ серіппей қатып ұйықтап қалады. Қарекетсіздіктен титықтатар ауыр жұмысқа бірден қойып кетуі оны күштен де, түстен де айырды. Жуық арадағы құтылуы жайында да ауыз ашпайтын болды. Елең еткізер жайт: бірінші аптаның аяғында ол дәрігерге ұзақ уақыттан бері тек өткен түнде ғана сылқия іштім деп мойындады. Бардан шыққанда оған шабының безі шошығандай, қолтығының асты ісіп, қолы көтертпейтіндей болып көрінді. Ол оба екен ғой деп ойлады. Оның Риэмен келісіп, оған қайтарған жалғыз әрі бүкпесіз жауабы қаланың биігірек бөлегіне жүгіріп барып, теңіз көрінбейтін, бірақ аспаны кеңірек шағын алаңда тұрып алып, оба жайлаған қала қабырғасының бер жағында атын атап, қатты айғайлап әйелін шақыру, сөйтіп көкірегін кернеген сағынышты сыртқа шығару болды. Үйге оралып, аурудың ешқандай нышанын таппай, жайдан-жай шала бүлінгеніне қатты ұялды ол. Риэ мұндай қылықты өте жақсы түсінетінін айтты. "Қалай болғанмен де, осылай да бір көру керек деген ниет әбден түсінікті", - деп түйді дәрігер.
― Айтқандай, бүгін таңертең мсье Отон менімен сіз жайында сөйлесті, - деді Риэ Рамбер онымен қоштасып кете бергенде. - Сізді білесіз бе деп сұрады менен. "Білетін болсаңыз, контрабандист ағайындардың арасында сандатылмасын деп ақыл беріңіз. Көзге түсіп қалыпты", - деді.
— Мұның бәрінде не мән бар?
― Мәні сол, асығуыңыз керек.
— Рахмет, - деді Рамбер дәрігердің қолын қысып.
Табалдырыққа барып қалып кенеттен жалт қарады. Риэ індет басталғаннан бері Рамбердің алғаш күлімдегенін көріп, ішіне түйді.
— Менің кетуіме неліктен бөгет жасамайсыз, о? Әйтпесе ондай мүмкіндік бар ғой сізде.
Риэ өзіне тән қимылмен басын шайқап, бүл оның Рамбердің өз ісі, ол бақытты қалаған екен, оған қарсы болуға дәрігердің ешқандай бұлтартпас дәлелі жоқ деді. Мұндай шаруада қайсының жақсы, қайсының жаман екенін сезетіндей қабілет өзінде жоқ екенін айтты.
― Онда маған асығыңыз деп ақыл бергеніңіз қалай?
Риэ күліп жіберді.
― Өйткені бақыт үшін менің де бірдеңе жасағым келетін шығар.
Келесі күні олар бірге жұмыс істесе де, қайтып бұл тақырыпқа оралған жоқ. Одан кейінгі аптада Рамбер ақыры испандықтар үйіне ауысты. Оған ортақ бөлмеден төсек жасап берді. Бозбалалар күндіз түстік ішуге келмегендіктен, бұған қия басып ешқайда шығуға болмайтындықтан, ол күн ұзақ жалғыз қалып, іші пысқандықтан испан кемпірмен, яғни Марсель мен Луидің анасымен мылжыңдасты. Осынау ап-арық, ылғи қара киінген, тотыққан әжімді жүзі жалтырата жуылған аппақ шашының астында ашыла түскен тарамыс кемпір сирек кездесетін қарекет иесі, пысық та қайратты жан боп шықты. Әдетте ол көп үндемейді, тек Рамберге қарағанда ғана оның көзіне күлкі үйіріледі.
Кейде ол әйеліңе ауру апарамын деп қорықпайсың ба деп сұрағанда Рамбер, әрине, ондай қауіп жоқ емес, бірақ өте болмашы ғана, ал бұл қалада қала берсе, жалпы қайтып кездеспеуіміз мүмкін деп жауап берді.
― Ал ол сүйкімді ме еді? - деп сұрады кемпір жымиып.
― Өте сүйкімді.
— Жақсы ма еді?
— Меніңше, жақсы.
― Ә, демек, сондықтан екен ғой, - деді кейуана.
Рамбер ойланып қалды. Әрине, сондықтан, бірақ тек
қана сондықтан деген де жөн болмас.
— Сіз Құдай тағалаға сенбейсіз бе? - деп сұрады кейуана, өзі күнде таңертең қалт жібермей шіркеуге барып ғибадат қып қайтады.
Рамбер құдайға сенбейтінін мойындады, ал кейуана тағы да "сондықтан да" деп қосты.
― Онда сіздікі дұрыс, келіншегіңізге барыңыз. Әйтпесе одан басқа не қалады сізге?
Рамбер ұзақты күн әкпен ақталған жалаңаш қабырғалардың ортасында айналшықтады да жүрді. Әрі өткен-бері өткенінде қабырғаға шегеленген желпігішті қозғап көріп, үстелге жапқан жүн кілемнің түйінімен шашақтарын санайды. Кешкісін бозбалалар да оралады. Олар сөзуарлығымен көрінген жандар емес, әлі уақыты болған жоқ деді де қойды. Түстіктен кейін Марсель гитара ойнап, барлығы анис ликерін ішті. Рамбер ұдайы бәз бірдеңелер жайында ойлап отырғандай көрінеді.
Сәрсенбіде Марсель оралған соң: "Ертең түн ортасында, алдын ала әзір болыңыз!" - деді. Олармен бірге кезекші болған екі күзетшінің бірі обамен ауырып қалыпты, онымен бір бөлмеде бірге тұрған екіншісін карантинге алыпты. Сөйтіп, екі-үш күн Марсель мен Луи екеуі ғана кезекші болады. Бүгін түнде олар соңғы дайындықтарын жасайды. Зайыры, ертең ең қолайлы күн. Рамбер алғысын айтты. "Қуаныштысыз ба?" - деп сұрады кемпір. Ол: "Қуаныштымын" - деді, бірақ өзі басқа бірдеңе ойлап еді.
Келесі күні түнере түксиген аспаннан қапырық, дымқыл аптап құйылды. Оба туралы мәлімет те көңіл көншітерлік емес. Тек испан кейуана ғана рух айқындығынан айырылған жоқ. "Күнәлі болуын болдық қой біз, - дейді ол - Енді таңданатын не бар". Марсель мен Луиға еліктеп Рамбер де жейдесін сыпырып тастады. Бірақ ол көмектескен жоқ, екі жауырынының арасы мен жалаңаш кеудесінен тер сорғалап ақты да тұрды. Терезе қақпалары тарс жабылған жартылай қапас қараңғы бөлмеде олардың жалаңаш омыраулары күп-күрең болып, лактап қойғандай жылтырайды. Рамбер үнсіз ғана бөлмені айналып жүр. Кенет ол түскі сағат төртте киініп, кеткелі тұрғанын айтты.
― Тек ұмытпаңыз - тұп-тура түн ортасы, - деп ескертті Марсель. - Бәрі әзір тұр.
Рамбер Риэге бет алды. Дәрігердің анасы оның жоғарғы қаладағы лазаретте екенін хабарлады. Лазареттің алдында қарауыл бөлмесінің маңында бұрынғысынша жұрт топырлап жүр. "Ал кәне, өт", - деді көзі тас төбесіндегі сержант, күртесі терге малшынып. Өткен жұрт ауланы бір айналып, қайта кері қайтады. "Күтетін мұнда түк те жоқ!" - дейді терге малшынған күртедегі сержант. Мынау тобыр да дәл осы пікірде, сонда да өртеп өлтірер аптапқа қарамастан ешқайсысы тарамайды. Рамбер сержантқа рұқсат қағазын көрсетті де, ол оны Таррудың кабинетіне жіберді. Кабинетке ол тура албардың өзінен түсті. Рамбер кабинеттен шыққан Панлю атаймен соқтығысып қала жаздады.
Дәрі мен дымқыл мата иісі сіңген қабырғалары ақталған тар да кір бөлмеде қара ағаш үстелдің басында Тарру отыр; жейдесінің жеңін түріп алған ол умаждалған қол орамалмен шынтағы бүгілген жердегі қар мен білектің арасындағы иінінің терін сүртіп қояды.
— Әлі осында жүрсіз бе? - деп таңданды ол
― Иә. Риэмен сөйлесіп кетпек едім.
— Ол палатада. Шаруаны онсыз жайғастыруға болса, оны қозғамай-ақ қойған жөн.
― Неге?
― Ол аяғынан әрең тұрады. Сондықтан мен оны басы артық машақаттан арылтқым келеді.
Рамбер Тарруға қарады. Ол да жүдеп кетіпті. Көзінен, жүзінен шаршағандықтың табы байқалады. Оның кең өлуетті иықтары күдістене бастапты. Есік қағылып, ақ бетперде киген санитар кірді. Ол жазу үстеліне Таррудың алдына бір буда кәртішкелер қойып, небары "алтау" деді аузына ұстаған дәкеден даусы баяу естіліп, Тарру журналиске көз тастап, қолына желпуішке ұқсатып ұстаған кәртішкелерді нұсқады.
― Сүйкімді кәртішкелер емес пе, ә? Жо-жоқ, ойнап айтамын, - бұлар өлгендер. Түнде қаза тапқандар.
Оның мандайын әжім сызғылапты. Ол кәртішкелерді бір пәшкеге салды.
― Бізге қалғаны жалғыз - осы есебін шығару.
Тарру көтеріліп, алақанымен үстелдің шетіне сүйенді.
— Жақында жүресіз бе?
― Бүгін түн ортасында.
Тарру бұған шын жүректен қуанатынын айтып, Рамбэрге абай болып, сақтану керектігін ескертті.
― Бұл шыныңыз ба?
Тарру иығын қиқаң еткізді:
— Біздің жасымызда қаласаң да, қаламасаң да шыншыл болуың керек. Жалған сөйлеу жалықтырады.
― Тарру, - деді журналист, - менің дәрігермен жүздесуім керек еді. Кешіріңіз мені, тілеуің берсін.
— Білем, білемін. Ол маған қарағанда адамгершілікті. Жарайды, кеттік.
― Жә, жоқ, ол үшін емес, - деп Рамбер әрең айтты да, үнсіз қалды.
Тарру оған қарап, кенет күліп жіберді.
Олар қабырғасы ашық жасыл сырмен сырланған, сондығынан аквариумның түбі құсап көрінетін тар дәлізбен өтті. Екі қабат әйнектен тұратын есіктен баз бір көлеңкелер қисынсыз әбігерленіп жүргені көзге шалынады. Тарру бұрылып Рамберді құйтымдай бөлмеге алып кірді, іші толған қабырға шкафтары. Ол шкафты ашып, стерилизатордан екі гигроскопиялық бетперде алып, біреуін Рамберге ұсынды да, ки деп ақыл берді. Журналист бүл титтей де болса бірдеңеден сақтай ма деп сұрап еді, Тарру: "Жоқ, оның есесіне басқаларға басу болғандай әсер етеді", - деді.
Олар әйнек есікті ашты. Ыстыққа қарамастан барлық терезелері тарс бекітілген үлкен палатадан бір-ақ шықты. Қабырғада төбенің тап түбінде желдеткіштер ызылдап тұр, олардың қисық қалақшалары майлы ауаны сапырып, екі қатар ғып қойылған сұр кереуеттердің үстінен қуалайды. Барлық бұрыштардан тұншыққан ыңқыл естіліп, кейде олар жанұшырған айқаймен ұласып, дауыстардың бәрі бір сарынды бітпейтін зар-мұңға айналады. Ақ халатты адамдар көз қарықтырған өткір жарықтың астында баяу қозғалады. Терезелері торлы мынау қапырық қапас палатада жүрегі лоблыған Рамбер Риэні әрең таныды. Ол қатты ыңқылдап төсекте сұлап жатқан бір сұлбаға еңкейіп қарап тұр екен.
Дәрігер аурудың шабындағы ісікті жарып, екі санитар екі бүйірден оның аяқ-қолын тас қып ұстап тұр. Риэ белін жазып, аспаптарды фельдшер тосқан подносқа тастап, сәл қозғалмай тұрды да, жарасын таңған ауруға қарады.
― Не жаңалық бар? - деп сұрады ол жанына жақын келген Таррудан.
- Панлю карантинде Рамберді ауыстыруға келісті. Ол көп нәрсе істеп тастады. Енді үшінші инспекциялық жасақты үйымдастыру керек. Рамбер кететін болған соң сол дүрыс.
Риэ үнсіз басын изеді.
— Кастель алғашқы дәрі-дәрмектерін әзірледі. Сынап көруге үсынады.
― Оһо, мұнысы енді керемет! - деп қуанып қалды Риэ.
― Ең аяғында енді осы арада Рамбер тұр.
Риэ бұрылып қарады. Бетпердесі жоқ көзін журналистке сығырайта сүзіп:
― Ал сіз неге мұнда жүрсіз? - деп сұрады. - Сізге бүл жерден алыста болу керек еді ғой.
Тарру бүгін кешке Рамбер алыста болады деді, ал Рамбердің өзі "теориялық тұрғыдан" деп қосты.
Әңгіме барысында бетперде желпілдеп суланып, ауызга жабысты. Сондықтан әңгіме шынайы реңк алмай, тақұл- тұқыл сұрақ-жауапқа айналып кетеді.
- Менің сізбен сөйлескім келеді, - деді Рамбер.
- Олай болса, қазір бірге шығайық. Мені Таррудың бөлмесінде күте тұрыңыз.
Арада бірнеше минут өткенде Рамбер мен Риэ дәрігер автомобилінің артқы орындығында отырды. Машинаны
Тарру айдады.
- Бензин таусылуға жақын, - деді ол шапшаңдықты іске қосып жатып. - Ертең екі аяққа міндет артуға тура келеді.
- Дәрігер, - деп сабақтады сөзін Рамбер. - Мен кетпеймін, осында қалғым келеді, сіздермен бірге.
Тарру тырс етіп үндеген жоқ, машинасын бұрынғысынша айдай берді. Ал Риэ болса қалжырау қойнауынан сүңгіп шығуға дәрмені жетпей жатқан сияқтанды.
- Ал әйелің не болады? - деп баяу сұрады.
Рамбер коп ойланып-толғанғанын, бұрынғысынша бұрын сенгенінен бас тартпайтынын, бірақ кетіп қалса өзіне ұят болатынын айтты. Әрине, бүл оның алыста қалдырып кеткенін қалтқысыз сүюіне бөгет болады. Дәл осы арада Риэ дүр сілкініп тіктеніп отырып, мұның ессіздік екенін, махаббатты құрмет тұтып қадірлеуде ешқандай ұят жоқтығын батыл айтты.
- Дұрыс, - деп келісті Рамбер. - Дегенмен де, жалғыз өзіңнің ғана бақытты болуың ұят.
Бұған дейін үндемей келген Тарру басын бұрмай, егер Рамбердің жұрт қайғысын бөліскісі келсе, онда ол өз бақыты үшін бос минөтті ешқашан таппайтынын айтты. Демек, біреуін ғана таңдау керек.
- Бұл арада мәселе басқа, - деп сөз бастады Рамбер. - Бұрын мен өзімді бұл қалада бөтен санағанмын, сондықтан бұнда жүріп не бітіремін деп ойлағанмын. Ал енді көру керегімді көргенде, қаласам да, қаламасам да, өзімді осы аралықпын деп сезінемін. Бұл тарих ала-құласы жоқ бәрімізге бірдей қатысты.
Оған ешкім жауап қайырған жоқ, сондықтан Рамбер шыдамсызданып қозғалақтап қалды.
- Мұны өздеріңіз де өте жақсы білесіздер. Әйтпесе лазаретте не үшін жүрсіздер? Болмаса сіздер де өз таңдауларыңызды жасап, бақыттан бас тартқан жоқсыздар ма?
Бұл сауалға Тарру да, Риэ де жауап берген жоқ. Үнсіздік желісін ұзай тартып, тіпті Риэнің үйіне дейін созылды. Сосын Рамбер өз сұрағын қайта қайталап, жауабын табандап күтті. Тағы да тек қана жалғыз Риэ бұрылды оған. Осы қимылдың өзі оған үлкен күшке түсіп отырғаны сезіліп тұр.
― Мені кешіріңіз, Рамбер, - деп қалды ол - Менің өзім де білмеймін. Қалғыңыз кеп тұрса, қалыңыз бізбен.
Машина бір жағына кілт бұрылғандықтан ол үндемей қалды. Сосын желдеткіш әйнекке қарай отырып қайта сөйледі.
― Бұл жарық дүниеде өзің сүйген адамнан бас тартқызуға татитын бірдеңе бар ма, осы? Алайда мен де бас тарттым ғой, неге екенін өзім де білмеймін.
Ол орындықтың арқасына қайта шалқайды.
— Әншейін мен деректерді ғана дәйектеп отырмын, бар болғаны - осы, - деді шаршаңқы үнмен. Бәрін де қатерге аламыз да, қорытындысын шығарамыз.
― Қандай қорытынды? - деп сұрады Рамбер.
― Ей, бірден-бір мезгілде емдеп, бір мезгілде білуге болмайды гой, - деп жауап қатты Риэ. - Сондықтан мүмкіндігінше шапшаң емдеп жазуга тырысамыз. Ең кезек күттірмейтіні осы. Түн ортасында Тарру мен Риэ Рамберге өзі инспекциялауға тиіс қотанның жоспарын берді. Тарру кенет сағатына қарап, басын көтеріп еді, Рамбердің көзімен арбасып қалды.
― Ескертіп пе едіңіз?
Журналист көзін тайдырып әкетті.
― Қағаз жазып жібергенмін, - деп әрең айтты ол - Бағана осында сіздерге келмес бұрын. Кастельдің сывороткасын тек қарашаның аяғында ғана байқап көрді. Іс жүзінде бұл Риэнің соңғы үміті еді. Сәтсіздік қайталанатын болса, қала обаның шеңгеліне қайтып шықпастай боп іліккеніне Риэнің сенімі кәміл, ол тіпті індеттің әлі ұзақ айлар бойы ойран саларына да, болмаса кенет сап боп тоқтап қаларына да қарамайды.
Риэге Кастель келер күннің қарсаңында мсье Отонның ұлы ауырды да, бүкіл отбасын карантинге аттандыру керек болды. Осының алдында ғана карантиннен шыққан анасының өзі де оған қайта оралуға мәжбүр. Билік орындарының бұйрығын қалт жібермейтін тергеуші баласының денесінен алғашқы белгілерді байқай сала дәрігер Риэні шақыртты. Риэ келгенде ата-анасы төсектің аяқ жағында түр еді. Қыз баланы үйден шығарып жіберді. Баланікі аурудың алғашқы сатысы екен, әл-дәрмені құрып, қарауға түк қарсылық көрсетпеді. Дәрігер басын көтергенде әкенің көзін, ананың бозарған өңін шалып қалды, ол әрегіректе қол орамалды ерніне жапсырып көзін кең ашып, дәрігердің қимылын бағып тұр еді.
— Соның өзі ме, солай емес пе? - деп сұрады тергеуші салқын ғана.
― Иә, - деді Риэ балаға қайта қарап.
Анасының көзі үрейден бажырайып кетті, бірақ ләм-мим деп тіс жармады. Тергеуші де үндеген жоқ, сосын барып жартылай сыбырмен:
— Қалай, дәрігер, мұндай жағдайда тағайындалатынның бәрін жасауға тиістіміз бе? - деді.
Риэ бұрынғысындай әрегіректе аузын орамалмен басып тұрған анаға қарамауға тырысты.
― Қазір мен телефон шалсам, бәрін тез жасайды, - деді ол батылсыздау.
Мсье Отон оны телефон тұрған жаққа бастап барғысы келді. Алайда дәрігер оның әйеліне бұрылып.
— Өте өкінішті. Сіздің кейбір заттарды жинастыруыңызға тура келеді. Оның бәрі қалай жасалатынын сіз білесіз ғой.
Мадам Отон оның сөзін баз бір бейтарап қалыпта тыңдады. Салбыраған басын көтерген жоқ.
― Иә, білемін, - деді басын изеп. - Қазір жинастырайын.
Олардың үйінен шықпас бұрын сәл кідіріп Риэ тағы да
бірдеңелер керек жоқ па деп сұрады. Анасы бұрынғыша үнсіз қарады да қойды. Ал бұл жолы тергеуші көзін аударып әкетті.
— Жоқ, рахмет, - деді ол сілекейін әрең жұтып. - Тек қана баланы құтқарыңыз.
Алғаш карантин деген аты ғана еді, ал істі Риэ мен Рамбер қолға алған соң, оңашалаудың барлық тәртібі бұлжытпай орындалатын болды. Атап айтқанда, олар отбасы мүшелері аурудан бөлек орналастырылуын талап етті. Егер олардың бірі ауруды жұқтырып алғанын өзі де білмей қалса, қатерді үстемеу жағын қарастыру қажет. Риэ осы ойларын айтып еді, оны ақылға қонады деп тергеуші қабыл алды. Сосын әйелі екеуі жаутаңдап бір-біріне қарасты да, оны байқап қалған дәрігер алда тұрған айырылысудың екеуіне қалай бататынын аңғарды. Мадам Отон қызымен карантинге жазылып, Рамбердің қарауына көшкен мейманханаға орналастырылуы тиіс еді. Бірақ онда орын жоқ, тергеушінің еншісіне оңашаландырылатындарға арналған лагерь ғана қалды. Бұл лагерьді жол мекемесінен қарызға шатырлар алып, қалалық стадионнан префектура ұйымдастырған. Риэ лагерьдің жетілдірілмегені үшін кешірім сұрап еді, тәртіп бәріне де бірдей, барлығының сіздерге бағынуы әділетті деді Отон.
Баланы бұрынғы сынып бөлмесіне он кереует қойып жасаған қосымша лагерьге орналастырды. Жиырма сағатқа созылған күрестен соң үміт жоқ екеніне Риэнің көзі жетті. Кішкентай ғана дене жалмап жұғып жатқан микробтардың билігіне көшті. Нәзік буындардағы ісік онша үлкен болмағанымен, денені қозғалтпай құрсаулап қатты ауыртты. Бала сырқатқа алдын ала жеңілді. Міне, сондықтан да Риэ Кастельдің сывороткасын осыған сынап көруге бел буды. Сол күні кештің алдында оған тамшылату тәсілімен дәріні құя бастады. Бірақ бала оған мыңқ етпеді. Келесі күні таңда шешуші тәжірибенің нәтижесін байқағалы барлығы баланың төсегі жанына жиналды.
Алғашқы қимылсыздық халінен шығып бала діріл қағып, көрпенің астында аунақшып жатты. Таңғы сағат төрттен бастап Кастель мен Тарру оның төсегі қасынан кетпей, аурудың күшейгенін немесе бәсеңдегенін бақылап тұрды.
Тарру қуатты кеудесін сәл иіп төсекке төніп, оның басында тұрды. Риэ аяқ жағында тұрды да, қасында сабырынан танбаған Кастель жайбарақат көне бір медициналық еңбекті оқып отырды. Таң ағара бұрынғы сынып бөлмесіне басқалар да біртіндеп жинала бастады. Бірінші болып Панлю келді, ол Таррудың қарсы алдына келіп, қабырғаға арқасын сүйеп тұрды. Жүзіне мұң ұялап, ауру жұқтырып аламын ба деген үрей мен көп күн бойғы шаршап-шалдығудан қып-қызыл маңдайына әжім іздері түсіпті. Жозеф Гран да келді. Сағат жеті болып қалған, Гран демалып та үлгермегенін айтып кешірім өтінді. Ешқандай жаңалық жоқ па екен деп білгелі бірер минөтке ғана соғып кетпек екен. Риэ оған баланы нұсқады, ол қабағын түйіп, қатты тістеніп, әлі жеткенше шыдауға тырысып, аурудан беті тыржиып, басын тек оңға да, солға да дамылсыз шайқай береді. Ал әбден жарық болғанда алып тастауды көшіргендер ұмытып кеткен, сыныптың қара тақтасындағы теңдеудің өшірілмеген сызықтары көзге шалынды. Рамбер келіп, көрші кереуеттің аяқ жағында қабырғаға сүйеніп қалтасынан шылымын суырды. Алайда балаға қарап оны қалтасына қайта тықты.
Орнынан тұрмастан Кастель көзілдірігі үстінен Риэге көз тастады.
— Әкесі жайында хабар-ошар бар ма?
― Жоқ, - деп жауап қатты Риэ, -ол - карантинде, лагерьде.
Дәрігер бала ыңқылдап, ыңырсып жатқан кереуеттің басын бар күшімен қысты. Көзін айырмай ол қарап тұрған ауру бала кенет күшеніп, тісін қайта шықырлатып, біртүрлі бүгіліп, бір уыс бола қалды да, аяқ-қолын бірте-бірте баяу жазды. Қатқыл солдат көрпесі жабылған құйтақандай денеден тер мен малшынған жүннің өткір иісі бұрқ етті. Баланың тұла бойы тершіп, қолы мен аяғын жиып, ол бұрынғы көзі көрмейтін, тілі сөйлеуге келмейтін қалпы жиі-жиі дем алды. Риэ Таррудың өзіне қадалған көзін шалып қалып еді, ол жанарын бірден аударып әкетті.
Олар бала өлімін әлденеше мәрте көрген: қалада бірнеше ай бойы буырқанған сұмдық құрбандығын таңдаған жоқ-ты, алайда баланың қатты қысылып, қиналғанын бүгін таңда ғана минут санап бақылап, өз көздерімен алғаш көрді. Бейкүнә жан иесін осынша азапқа салған қаскөй ауруды олар масқара ұят бірдеңе сияқты қабылдағаны шексіз. Алайда күні осы уақытқа дейін ұят оларға дерексіз ұғым болып келген-ді, өйткені бейкүнә сәбидің өмір үшін жанталасып, қалай аласұратынын бұрын бірі де ешқашан көрген жоқ.
Осы арада бала ішін бірдеңе шағып алғандай тағы да бүрісіп, бүктелді де қалды. Осылай бүктетілген қалпы ол біраз жатты, тұла бойы дірілдеп, қатты ышқынып, құйтақандай шытынағыш сүйектер обаның адуын алапатынан майысып, лап қойған екпінінен сытырлап сынғалы жатқандай. Алапат топан өткенде, оның денесі болбырап бусанып, безгек кері шегінгендей, жантерге түсіп, тұншыға жаздап, аласұрып, сәл тыныстың өзі өліммен пара-пар халде жатқан балаға қайтып оралмастай көрінді. Өрттей лыпыған ыстық үшінші рет қайта соққанда бала төсектен көтеріліп, бүктетіліп бұрышқа жабысып, көрпені лақтырып тастап, шыдай алмай басын әлсін-әлсін шайқады. Ісінген қабағының астынан баданадай көз жастары бұрқ ете қалып, қорғасындай сұп-сұр жүзін жуып, ағып жатты, әбден әлсіреген бала екі тәуліктің ішінде шидей боп қалған аяғы мен қолын жайып жіберіп, креске керілгендей сұлық жатты.
Тарру еңкейіп баланың оймақтай бетінен күректей алақанымен көз жасын және терін сүртті. Кастель кітабын жауып бір сәт ауруға көз салды. Ол сөз бастап келе жатып, алғашқы сөйлемнің ортасында жөтеліп қалып, даусы жарықшақтанып табиғи шықпады.
— Таңертеңгі бәсеңсу байқалмады ма, Риэ?
Риэ: "Байқалған жоқ, бірақ бала аурумен әдеттегіден көп арпалысты", - деді. Шаршап қабырғаға сүйеніп тұрған Панлю баяу үнмен:
― Егер маңдайына өлім жазылып тұрса, ол әдеттегіден азапты ұзағырақ тартады, - деді.
Дәрігер оған жалт қарап, ауыз аша беріп, өзін әрең тоқтатты, шамасы, оған үндемей қалу біраз күшке түссе керек, сосын көзін балаға қайта қадады.
Палатаға күндізгі жарық кең жайылды. Көрші бес кереуеттен шыққан ыңқыл онда жатқандардың саналы адами ұстамдылығын аңғартқандай еді. Тек арғы бұрыштан ғана айқай шығып, ол ауық-ауық қысқа ғана аһыл-үһілге ауысып, оның азабынан гөрі таңданысы көбірек секілденді. Індеттің басында болғандай үрей қазір аурулардың өзінде де жоқ сияқты, еті әбден өліп кеткен бәрінің. Олардың ауруға бүгінгі көзқарасынан оны қабылдаған сыңай аңғарылады. Тек жалғыз мына бала ғана аурумен арпалысып, бар күшін салып беріспей жатыр. Риэ ара-тұра оның тамырын ұстап қояды, жалпы оны қажеттіліктен жасамайды, өзін-өзі қимылға келтіріп, тас боп тұрып қалмас үшін істейтін тәрізді, көзін жұмып ойға шомғанда да басқаның дірілі өзіне беріліп, жат біреудің қаны өз тамырында бүлк-бүлк етіп жатқандай сезінеді. Мұндай сәттерде ол ауру алқымдап қиналып жатқан сәбиге ұқсатып, әлі сарқыла қоймаған күшінің барын салып қолдауға тырысады оны. Алайда арада минөт өтпей жатып, бүл екі жүрек бірдей соғу ырғағынан айырылып, сәби Риэнің ырқынан сырғып шығып кетіп, дәрігердің бар күш-жігері далаға кетті. Ол шидей білекті қоя беріп, өз орнына шегінді.
Әкпен ағартылған қабырғаларға терезеден түскен қызғылт жарық бірте-бірте сарғыш реңк алды. Терезе әйнектерінің ар жағында аптап таң шашырап атып келе жатты. Төсектің айналасында тұрғандардың, Гранның тағы да соғармын деп шығып кеткенін байқай қоюы неғайбыл Олар күтіп түр. Көзін жұмып жатқан сәби сәл тыншығандай болды. Құстың шеңгеліне ұқсас саусақтары кереуеттің шетін сипалайды. Сосын олар жоғары сырғып, көрпені тырналай бастады, кенет бала аяғын айқастырып ішіне тартты да, тырп етпей қатты да қалды. Осы арада ол көзін ашып, жанында тұрған Риэге тура қарады. Ауру мүжіген беті сүр балшықтан жасаған бетперде кигізіп қойғандай, аузы ашылып, ернінен айқайы бірге шықты. Өзі жалғыз, созылыңқы, өксік боп тұнып қалатын осы айқай палатаны бір сарынды, жарықшақ аяныш зарымен кернеп кетіп, күллі адамдардан бір демде білінетін наразылықты паш еткендей болды. Риэ тістеніп, Тарру бұрылып кетті.
Рамбер алға аттап, тізесіндегі кітабын жауып жатқан Кастельдің қасына барып тұрды. Панлю атай баланікіндей емес, өз жасына келмейтін айғай шыққан, аурудан еріндері әбден кезерген ауызға қарады. Ол тізерлеп отыра қап: "Құдай-ау, мына сәбиді құтқара гөр!" деп ешкімге ұқсамайтын өксік аралас үнмен жаратқанға жалбарынды. Басыңқы болса да, айқын естілген бұл сөздерді қалғандары әбден орынды, тіпті табиғи деп қабылдады.
Алайда сәби тыншыған жоқ, палатадағы аурулар толқи бастады. Анау бұрыштағы бұрынғыдай ауық-ауық айқайлап қояды, енді үні өзгеріп, ырғағы жиілеп, айқайы өксікке айналып, басқа аурулардың күшейе түскен ыңқылына ұласты. Палатаның барлық бұрышынан Панлю атайдың дұғасын тұншықтырып, өксіп, еңіреу толқыны жайылды. Риэ қалшылдап саусақтарымен кереуеттің басын қармап, көзін жұмды, шаршау мен жиіркенуден мас болған сияқты.
Қабағын ашқанда қасында Тарру тұр екен.
— Кетуіме тура келеді, - деді Риэ. - Мынаны көтере алар емеспін.
Кенет аурулар әмір берілгендей үнсіз тына қалды. Осы арада баланың шырылы әлсіреп, сәт сайын бәсеңдеп барып, кенеттен мүлдем үзілгенін тек дәрігер ғана түсінді. Айналадан тағы да ыңқыл естілді, бірақ бәсең, жаңа ғана тәмамдалған күрестің алыстан жеткен жаңғырығы тәрізді. Демек, күрес аяқталды. Кастель кереуетті айналып шығып, аяғы осы деді. Енді үнсіз қалған аузын жұмбай, сәби умаждалған көрпенің арасында баяу ғана бақиға аттанды, ол мүлдем құйтақандай ғана екен, ал бетіндегі көз жасы сол қалпы кеппепті.
Панлю атай төсекке жақындап кеп марқұмды шоқындырды. Сосын қапталының етегін жинап, басты өткелмен жөнеп берді.
― Демек, бәрін тыңнан қайта бастаймыз ғой, - деді Тарру Кастельге.
Қарт дәрігер басын шайқады.
—Мүмкін, - деп мырс етіп күлді сосын. - Қалай дегенмен де бала ұзақ арпалысты ғой.
Бұл кезде Риэ палатадан шығып та кеткен еді: оның шапшаң адымдағаны сондай, дәлізде қуып жеткен Панлю атай оған шошынған жүзбен қарап, шынтағынан ұстап тоқтатты.
― Ой-ой, дәрігер, - деді ол
Сол қызбалығымен жалт бұрылып, Риэ ыза буып, Панлюдің бетіне ойындағысын айтып салды:
— Бұл балада ешқандай да күнә болмағанын сіздің өзіңіз де өте жақсы білесіз, оған мен кәміл сенемін.
Сосын ол жалт бұрылып, Панлюді басып озып, мектеп бағының түкпіріне бет алды. Онда шаң басқан ағаштардың арасында тұрған ұзынша отырғышқа жайғасып, алақанымен маңдайынан қабағына сырғыған терін сүртті. Оның айқай салғысы, өкіріп жылағысы келді, тек жүрегін қақ айырып, екіге бөлген мынау лағнет жауғыр түйін ақыр соңында үзілсе болды. Аптап бірте-бірте фикус жапырақтарының арасынан көктей өтіп келеді. Таңғы феруза аспан көзге түскен ақтай ақшыл үлпекпен әп-сәтге торланып, ауа қапырықтана түсті.
- Менімен неге бүлай ашына сөйлестіңіз? - деген дауыс шықты оның ту сыртынан. -Бұл көрініске мен де әрең шыдадым.
Риэ Панлю атайға бұрылды.
- Айтқаныңыз орынды, мені кешіріңіз, - деді ол - Ал шаршау да есіңнен адасу сияқты, кей кездері мен үшін мына қалада қарсылықтан басқа ештеңе жоқ секілді.
- Түсінемін, - деп күбірледі Панлю. - Бүл шынында да қарсылық туғызбай қоймайды, өйткені біздің адами өлшеміміздің бәрінен асып кетті. Бірақ біз, бәлкім ақылмен орай алмайтынның бәрін сүюіміз керек шығар.
Риэ бойын кілт тіктеп ала қойды. Ол Панлю атайға тесіле қарады, осы көзқарасына табиғаты берген бар күші мен қүмарлығын салып, басын бір сілкіп қойды.
- Жоқ, атай, - деп саңқ етті ол - Менің өз басымда махаббат туралы мүлдем басқа үғым бар. Тіпті ажал аузында түрып та балаларды қинайтын қүдай қауымын қабылдай алмаспын.
Панлюдің жүзі көлеңке түскендей қарауытып түнеріп кетгі.
- Дәрігер, енді мен рақат дегеннің не екенін түсіндім, - деді мүңайып.
Алайда Риэ өз орындығында қайта жібіді. Шаршағаны тереңнен қайта білінді де ол жүмсағырақ сөйледі:
- Рақат дегеніңіз менде жоқ, оны білемін. Бірақ мен сізбен ондай айтысқа түскім келмейді. Біз өзімізді не біріктірсе, сол үшін білек біріктіріп, еңбек етіп жүрміз, ал бүл қүдайға қүлшылық ету мен дүға оқудан тыс. Жалғыз осының өзі-ақ мәнді.
Панлю атай Риэмен қатар келіп отырды. Толқыған, абыржыған түрі көрініп түр.
- Иә, сіз де, сіздер де адамды құтқару үшін еңбектеніп жүрсіздер.
Риэ қинала жымиды:
— Жарайды, білсеңіз бар ғой, мен үшін адамды құтқару сияқты сөздер тым асқақ, тым артық естіледі. Мен олай алысқа көз тастай алмаймын. Мені адамның денсаулығы, ең алдымен денсаулығы қызықтырады.
Панлю атай батылсызданып үндемеді.
― Дәрігер, - деді ақыр соңында.
Бірақ бірден іркіліп қалды. Маңдайынан тер бұршақ-бұршақ тамды. "Жолыққанша" деп бұрқ етті де, орнынан тұрды, көзі жалт-жұлт етті. Ол әрі аттап жүре бермек еді, ойда отырған Риэ де орнынан тұрып, оның жанына келді.
— Мені тағы да бір рет кешіріңіз, тәңір жарылқасын, - деді ол - Сеніңіз, бұл қақтығыс қайтып қайталанбайды.
Панлю атай дәрігерге қолын созып, мұңая үн қатты:
― Әйткенмен, сізді сендіре алмадым!
— Ал ол не берер еді? - деп қарсылық білдірді Риэ. - Менің ажал мен жауыздықты жек көретінімді өзіңіз де білесіз. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да біз бұл арада осыдан азап шегу үшін, осымен күрес жүргізу үшін біргеміз.
Риэ Панлю атайдың қолын өз алақанында ұстап тұрып:
― Міне, көрдіңіз бе, - деді сөзін жалғап және оған қараудан қашқақтап, - енді бізді Құдай тағаланың өзі де ажырата алмайды.
Санитарлық жасаққа кірген күннен бастап Панлю атай лазареттер мен оба жайлаған қотандардан шықпай қойды. Жасақ мүшелерінің арасында ол, өз ойынша, шеніне қарай тиесілі, яғни бірінші орын алды. Өлім дегенді ол артығымен көріп біткен. Теориялық тұрғыдан ол обадан алдын ала егу арқылы қорғалған, дегенмен өз өлімі туралы ойламай тұра алмайды. Сырттай ол барлық жағдайда да сабырлылық сақтайды. Алайда бірнеше сағат бойы жантәсілім еткелі аласұрып жатқан сәбиді көрген күннен бастап, оның ішкі дүниесінде бірдеңе шатынап кеткен сияқты. Жүзінен ішкі аласапыран менмұндалап тұрады. Бірде жымиып қойып Риэге: "Діндар адам дәрігерге көрінуге тиіс пе?" деген тақырыпта шағын трактат жазып жүрмін дегені бар, дәрігер ол сөздің астарында бұдан әлдеқайда зор бірдеңе жатқанын сезген. Риэ ол еңбекпен танысып көруге тілек білдіріп еді, Панлю таяуда ғибадат кезінде уағыз айтатынын, сол уағызда әлгі еңбекке енген кейбір ойларын ортаға салатынын аңғартып, сырғақтатты.
- Уағызға сіз де қатыссаңыз қуанар едім, дәрігер, оның жұрттың бәрін қызықтыратынына сенімдімін.
Панлю атайдың екінші уағызы желді күнге тура келді. Шынын айтқанда, қатысушылардың қатары біріншіге қарағанда недәуір сиреген. Ең бастысы мұндай жиындар біздің азаматтар үшін бұрынғы сәнінен айырылған. "Жаңа, соны" деген сөздердің өзінде де қаламыз бастан кешіріп жатқан мына қиын күндерде бұрынғы мән-мағына қалмады. Оның үстіне азаматтарымыздың көпшілігі діни ғұрыптарды орындаудан бас тартпағанымен де немесе оларды жекебасылық парықсыз өмірімен терең ұштастырылмағанмен де, әдеттегі шіркеуге баруын ерсі, ескі нанымдармен астастырды. Олар ғибадат етуге барғаннан гөрі мойындарына обадан қорғайтын медальон немесе әулие Рохтың суреті бар бойтұмар салып жүруді артық көрді.
Көзге ұстар мысал ретінде, біздің азаматтардың әр алуан сәуегейліктермен еріксіз елігуін келтіруге болады.
Мәселен, көктемде бір сәт сайын обаның тоқталуын асыға күттік, індеттің қанша мерзімге созылатынын көршіден сұрау онда ешкімнің де есіне келген жоқ, өйткені оны әркім-ақ әне-міне қарасын өшіреді деп өзін-өзі сендіруге тырысты. Күндер өтіп жатты, жұрт қырсық ешқашан кетпейді деп қорқа бастады, сөйтіп індеттің аяқталуы жалпыға ортақ арманға айналды. Міне, дәл осы кезде ежелгі католик әулиелері мен пайғамбарларының айтқанынан алынған әр алуан сәуегейліктер қолдан қолға көшті. Қала баспаханаларының иелері бүл елігулерден қандайлық пайда түсетінін тез бағамдап, бүкіл Оранды айнала аралап жүрген мәтіндерді коп данамен басып шығарды. Алайда бүл көпшіліктің қомағай құштарлығын қанағаттандыра алмайтынын көрген пысықайлар қалалық кітапханаларды ақтарып, жергілікті жылнамаларда шашырап жүрген осы тектес деректерді тауып, күллі қалаға таратты. Бірақ жылнамалар мұндай сәуегейлікке сараң болған соң журналистерге тапсырыс бере бастады. Бұл ретте олар бұрынғы өткен ғасырлардағы ұстаздар сияқты білмейтіні жоқ екенін танытып-ақ бақты.
Бұл сәуегейліктердің кейбірі газеттерге етектей мақала болып басылды. Оқырмандар оларға денсаулықтың мизамшуақ шағында газеттердің ақырғы беттерінде басылатын ашыналық оқиғалар сияқты бас салды. Бұл сәуегейліктердің кейбірі керемет есепке құрылып, ішінде бәрі мидай араласып жүрді: міндетті түрде мың деген сан болды, өлім-жітімнің есебі, обаның қыспағында өткен айлар көрсетілді. Басқалары жайындағылардың көріпкел әңгімелерінде аталатын ұлы оба қырғындарымен салғастырып, өздерінің азды-көпті елесті есептерінен қазіргі бастан кешіп жатқандарымыздың деректерін тізген болады. Әсіресе көпшілік Апокалипсистің әулиелігі сарынында құрастырылған сәуегейліктер мен оқиғалар легіне қайта оралатын дүниелерді жоғары бағалады, өйткені оларды еш қиындықсыз өз қаламызға қолданып, сондайлық шатасқан жағдайды әркім өз талғамына қарай талдауына мүмкіндік туды. Күн сайын Нострадамус пен әулие Одилияның туындыларын қотарыстырып, ақтарған сайын бітік өнім жинады. Бұл әулиеліктердің бәрінің басын ортақ сипат біріктірді, ол нәтиженің көңіл көншітерлігі еді. Жалғыз-ақ бұл қасиет обадан ғана табылмай тұр.
Сонымен, ырымшылдық біздің азаматтар үшін дінді теріс алмастырғандай, соның салдарынан Панлю атай өзінің уағызын оқитын шіркеудің төрттен үш бөлігі ғана толды. Кешкісін Риэ соборға кіргенде жел жындана ысқырып кірер есіктің жармасынан өтіп, жиналғандардың арасында ызып жүрді. Тыныштық құрсаулаған дымқыл, суық ғибадатханаға жалғыз ерлер ғана жиналған екен, орындыққа отыра беріп Риэ қадірмен атайдың мінберге көтеріліп бара жатқанын көрді. Алғашқы уағызындағыдай емес, ол жуасып, баяу, ойлы мақаммен сөйледі, ғибадат етушілер оның іске біраз толқып кіріскенін іштей аңғарды да. Енді оның "сіз" емес, "біз" деп сөйлеуі де елең еткізер қылық болды.
Алайда бірте-бірте оның даусы нығая түсті. Бастама үшін ол обаның қаламызда ұзақ айлар бойы өктемдік етіп отырғанын еске түсіріп, қазір оны жақсы білетінімізді айтты, көп ретте біз оның өзімізбен бірге дастарқан басына отырғанын немесе жақын адамдарымыздың басында тұрғанын, жұмыстан шыққанымызда күтіп алатынын көруші едік, енді оның бізге жағы сембей не айтатынын түсінетін болдық, алғаш абыржып, абдырап қалып оны жете ұғынбаппыз. Мынау мінберден Панлю атай хабарлағанның бәрі дұрыс, бері қойғанда оны өзі солай ойлайды. Алайда, бәлкім, мына біздің бәріміз сияқты... - деп келе жатып Панлю атай сарт еткізіп кеудесін соқты. Мүмкін, бұл оның жалпы жағдай жайында қынжылыссыз айтуынан да болар. Әйткенмен оның сөзінде ақиқат дәні жоқ емес: бәрінен де тағылым болар нәрсені қашан да табуға болады. Ең қатал сынның өзі христианин үшін игілік. Ал христианин дәл осы жағдайда сол игілікке асығуы керек, іздеп тауып түсінуі керек.
Сол сәт Риэнің айналасында отырғандар орындықтарының арқасына шалжия кетіп, шіркеуде болатын бар қолайлылықты пайдаланып жайғасты. Киізбен қапталған есіктің бір жармасы ашылып кетіп, желмен қозғалып босағаны баяу ұрып тұрды. Отырғандардың бірі көтеріліп барып ұстап, оны қозғалтпады. Осы әрекетке еліккен Риэ үзілістен кейін Панлю атайдың не айтқанын ұға алмай қалды. Ал ол шамамен мынаны айтты: обамен келген оқиғаны түсіндіремін деп тыраштанудың қажеті жоқ, ал игере алатынды игеруге тырысу керек. Қысқаша айтқанда, уағызшының сөзіне қарағанда, бұл арада түсіндіретін ештеңе жоқ - оны зейін қоймай тыңдаған Риэнің іштей келген тұжырымы осы болды. Алайда уағызшы даусын көтеріп, Құдай тағаланың алдында көп нәрсе ұғынықты, басқалар бұлай ұғындырылмайды деген жерлерін Риэ зор ынта қойып тыңдады. Әрине, жақсылық пен жамандық қатар өмір сүреді, әдетте әрқайсысы араларындағы айырмашылықты қиналмай-ақ көреді. Бірақ біз жамандықтың, яғни зұлымдықтың ішкі мәніне үңілгенде қиындыққа тап боламыз. Мәселен, сырттай қажетті жамандық болады, сырттай пайдасыз жамандық болады. Тозаққа тасталған Дон Жуан бар және бейкүнә сәбидің қазасы бар. Егер бұзылғанды құдайдың қылышы әділ ұшырып түсірсе, сәбидің азап тартуын түсіну қиын. Шынында да, жарық дүниеде сәбидің азап шегіп қиналғанынан ауыр да аянышты ештеңе жоқ, сол азаптың себебін табу керек. Жалпы, құдай бізге бәрін жеңілдетіп береді, бұл тұрғыдан алғанда, біздің дін мақтауға тұрады, ол табиғи. Ал, мына жағдайда керісінше, құдай бізді қабырғаға тықсырады. Сөйтіп, біз оба қабырғаларының астында отырмыз, дәл осы қатерден өзіміз үшін игілік табуымыз шарт. Панлю атай тіпті мынау қабырғадан қарғып өтуге жағдай жасайтын жеңілдік пен қолдаудан да бас тартады. Оған сәбиді күтіп тұрған бақилық рақат оның жердегі азабын үш еселеп қайтарады деу түк те емес, солай ма, солай емес пе - өзі де білмейді. Расында да, жұмақ рақатының дәуірі адам азабының бір сәтін өтей алады деп кім дәлелдемек. Дәлелдеуші, әрине, христианин болмас еді, өйткені біздің ұстазымыз азапты жанымен де, тәнімен де, рухымен де тартқан. Жоқ, Панлю атай бейнесі крест болып табылатын төртке бөлуге адал қалпымен қабырғаның түбінде қалады да, сәбидің азап-шерімен бетпе-бет келеді. Ол қорықпай-үрікпей, өзін тыңдаушыларға қазір де былай дей алады: "Бауырлар, уақыт келді. Не бәріне сену керек, не бәрін жоққа шығару керек... Ал сіздердің араңызда бәрін жоққа шығаруға кімнің батылы барады?.."
Бір сәт Риэнің басына қасиетті атай сандырақтауға дейін барып қалды ма, қалай деген ой келді. Бірақ шешен тың күшпен осының бәрі жоғарыдағының жазуы, бұл айқын талап христианның игілігіне асады деп дәлелдемек болды. Ол оған рақымшылық боп есептеледі. Панлю төменде сөз болатын ол рақымшылықтың бойында шектен шыққан бірдеңе барын, ілтипаты мол, классикалық парасатқа бауыр басқан біраз ақыл-ойды бұзатынын біледі. Алайда оба уақытындағы дін біздің күнделікті дініміз болып қала алмайды, егер жаратқан тәңірі бақыт кезінде жан жүрек тыныш тауып, шаттануын тілесе, сын сағат жылдары діннің қаһарлы болуын қалауы керек. Қазір құдай өзі жаратқандарға құлақ естіп, көз көрмеген қайғы-қасірет жіберіп, мейірбандық көрсетіп отыр, пенделері осыдан ең биік адамгершілік табады. Бәрі немесе Ештеңе дегеннің не екенін біледі.
Бұдан көп ғасыр бұрын бір зайырлы ойшыл өзіне шіркеудің құпиясы мәлім, ол тазартқышсыз өмір сүреді деп дәлелдепті. Осы сөз арқылы ол шалажансар шараның қажеті жоқ, тек жұмақ пен тозақ қана бар, оз таңдауына орай адамға не жұмақтың рақаты, не тозақтың азабы әзір тұр дегенді айтпақ болған. Панлю атайдың сөзіне қарағанда, бұл барып тұрған сандырақ, мұндай пікір тек еркін ойлының жүрегінде ғана тууы мүмкін көрінеді. Демек, тазартқыш та, таразы да бар. Әлбетте, ұсақ күнәлар туралы айтуға болмайтын замандар да болады. Кез келген күнә - ажалды, кез келген енжарлық - қылмыс. Не бәрі ештеңе емес.
Панлю атай сөзін тоқтатты, Риэнің құлағына есік астындағы саңылаудан өтіп ысқырған желдің өксігі айқын жетті. Алайда әулие атай сөзін қайтадан бастап, жоғарыда айтып өткен рақымшылдық пен сөзсіз игі ізгілік тар мағынасында қабылдана қоймайды, бұл арада сөз қадірсіз бағыныштылық пен қиямет кіріптарлық жайында да емес, деді. Иә, бұл арада ол кіріптарлықты емес, адам қорыққанынан өз еркімен баратын қорлануды айтып отыр. Шынында да, сәбидің тартқан азабы - ақыл-сана, жан-жүрек үшін қорлық. Міне, сондықтан да оны бастан кешіру керек. Сондықтан да Панлю атай өз тыңдармандарына бұл сөздерді айту оған ауыр екенін, сондықтан тәңірінің өзі тілегендей оларды аяу ләзім деді. Басты, басқарушы таңдауына қол жеткізу үшін тығырықтан шығар жолы жабылған христианин ғана аямасқа барады. Және бәрін жоққа шығарушылыққа бармас үшін бұлтарысы жоқ дін жолын таңдайды. Безі шошып ісіп кеткен шабын көріп, бойындағы пәле табиғи жолмен шығып жатыр деп сенген әйелдің шіркеуде: "О тәңірі, мынандай ісікті оған да жібер" деп жалбарынғаны сияқты, христианин өз еркін құдайға беруі керек, қабылдай ма, қабылдамай ма деп жалтақтаудың қажеті жоқ. "Мұны мен түсінбеймін", "Бұл маған келмейді" деудің де қажеті жоқ, өзіміз осы таңдауға барған екенбіз, сол келмейдінің ең ортасына күмп беруіміз шарт. Сәбидің азабы - біздің ащы нанымыз, ол нан болмаса жанымыз семіп, солып қалар едік.
Әдетте Панлю атайдың уағызындағы үзілісте булығып қалатын шу осы арада қайта дабырлап кетті де, әулие атай сөзін екпіндете бастап, өзін тыңдармандардың орнына қойып, мұндайда қалай әдеп сақтау керектігін ұқтырғандай болды. Ол алғашқы ой, алғашқы сөз үрейлі "фатализм" деген сөз болатынына сенімді еді. Олай болса ол бұл сөзден алдына "белсенді" дегенді қосып айтудан да жалықпайды. Өткен жолғы уағызында мысалға келтірген христиан дініндегі абисинниялықтардан өнеге алмауды тағы да ескертпек. Парсыларға еліктеуді ойға да алмау керек, олар оба кезінде өз шүберектерін христиандардың санитарлық түйіншектеріне тастап, көк тәңірін құдайдың жіберген қамшысына қарсы күрескен кәпірлерді обамен жайпауға шақырған. Екінші жағынан мысыр сопыларынан да үлгі алмау керек, олар өткен ғасырда бұрқ еткен оба індеті кезінде ауру жұқтыруы мүмкін кезерген ыстық еріннің қабыршақтарын қысқашпен алған. Обаға ұшыраған парсылар мен мысыр сопылары құдайдың алдында бірдей күнәлі. Алғашқылар үшін сәбилердің азабы түк те емес, ал екіншілері аурудан қашамын деп адами сезімнен жұрдай болды. Екі жағдайдың екеуінде де мәселе бұрмаланды. Олардың екеуі де тәңірінің даусына тас керең болып қалды. Панлю атай жиналғандардың есіне салатын басқа да мысалдар бар. Ұлы Марсель обасын баяндайтын ежелгі хамсада Мерси сопыханасындағы сексен бір сопының төртеуі-ақ қаскөй сүзектен аман қалғаны айтылады. Ол төртеудің үшеуі қайда қашқаны белгісіз. Жылнама осылай дейді, ол жылнама түсінік беруге тиіс емес. Алайда хамсаны оқи отырып Панлю атай өлген жетпіс жетіге, ұшты-күйлі жоқ болған үшеуге қарамастан жалғыз аман қалған сопы туралы ғана ойлады. "Бауырларым, қашанда қалғанмен бірге болу керек!" деді қадірмен атай мінбердің шетін жұдырығымен бір салып қалып.
Әрине, бұл қоғам стихиялық апатпен күресе жүріп енгізген сақтық шараларынан, ойластырылған тәртіптен бас тарт деген сөз емес. Қарсылық ештеңе жасамай, тізеңді бүгіп оқиғаның өз ағысымен өрбуіне жол бер дейтін уағызшыларды да тыңдаудың қажеті жоқ. Керісінше, қараңғыда қарманып жүріп, тіпті көзің көрмей қалса да жақсылық жасауға тырыс. Ал басқа ұсақ-түйектің бәрінде оз орныңнан табылып, тіпті жас балалардың өлімінде де бойсұнып құдайға көну керек, басыңа пана іздеу қажет емес.
Осы арада Панлю атай жиналғандарға Марсель обасы кезіндегі Бельзенс епископтың тарихын айтты. Індеттің аяғында епископ парызы талап еткеннің бәрін жасап, енді жұртқа ешқандай көмек бере алмайтынын білген соң, азық-түлік қорын жинап алып, өз үйіне қамалып, қақпасын бітеп сылап тастайды, азабы мен қайғы қасіреті арнасынан асқан марсельдіктер бұрын пір тұтып келген адамынан тұрақсыздығы үшін заңды түрде айнып, ауру тарату үшін оның үйінің айналасына өліктерді үйіп тастайды, тіпті кейбіреуін ауласына да лақтырды. Сөйтіп, сәл осалдыққа бой алдырып, аранын ашқан ажалдан қашып құтылмақ боп үйіне тығылған епископтың үстіне аспаннан өліктер құлайды. Міне, біз осы мысалдан тағылым алуымыз керек: оба кезінде ешбір арал болмайды, болуға тиісті де емес. Екінің бірі дейтін және жоқ. Арың не қаласа, соны істе, құдайға деген махаббат пен қарсылықтың арасынан таңдауыңды ал Құдайға қарсылықты таңдауға қайсыңның батылың барады?
"Бауырларым, - деп сөзін жалғастырды Панлю, оның дауыс ырғағынан жиналғандар уағыздың аяқталып келе жатқанын аңғарды. - Құдайға деген сүйіспеншілік - қиын сүйіспеншілік. Оған деген сүйіспеншілік өзіңді-өзің ұмытуыңды, жеке басыңды жаратпауыңды талап етеді. Алайда жалғыз сол ғана азаптың сұмдығы мен балалардың ажалын жуып-шая алады, сол ғана оны қажеттілікке айналдыра алады, әйтпесе адам оны түсінуге қабілетсіз. Міне, бүл, өздеріңізбен тізе қосып бірге игергім келетін қиын сабақ. Мынау нанымды алыңыздаршы, пенденің көз алдында ол - қатал, ал құдайдың көз алдында бірден-бір бағалы дүние, біздің бәріміз соған жақындасуға, соған жанасуға тиіспіз. Осыншалық сұмдық оқиғаның алдында біздің бәріміз бірдей болуымыз керек. Бұл құзар биікте бәрі бір арнаға сайып, барлығы теңеледі де, көрінеу әділетсіздік қойнауынан жарқылдап ақиқат шығады. Францияның түстігіндегі көптеген шіркеулерде обадан өлгендердің шіркеу хоры тақта тасының астына жерленетіні, діни қызметшілердің өз пікіріне осы зираттар биігінен соз арнайтыны, міне, сондықтан. Олар уағыздайтын ақиқат осы күлден жылтырайды, ал онда кішкентай сәбилердің де үлесі бар".
Риэ шіркеуден шыққанда дауылды жел жартылай ашылған есіктерге лап қойып, үйді-үйіне тарағалы шыққандарды беттен ұрды да тұрды. Соборға жел жауын мен дымқыл асфальт иісін қуып тығып, дұға оқығандар кіре берістегі басқышқа жетпей-ақ көз алдына қала бүгін қандай көрінетінін білді. Дәрігердің алдында жас диакон мен қарт поп қалпақтарына жармасқан желмен алысып бара жатты. Қария осы тең емес күрестің үстінде де уағызды талқылаудан бір танған жоқ. Ол Панлю атайдың ділмарлығын лайықты бағалап, уағызшы ойының батылдығы шамына тигенін де жасырған жоқ. Уағызда күштен гөрі үрей басым деп тауып, ол Панлю атайдың жасындағы діни қызметшінің қобалжуға хақысы жоқ деді. Желдің соққысынан жалтармақ болып басын тұқыртып алған жас дьякон Панлю атайда жиі болатынын растап, оның жанында болып жатқан өзгерістерден хабардар екенін, трактаты бұдан да батыл болғандықтан жариялауға шіркеу цензурасының рұқсат бере қоюы неғайбыл екенін баяндады.
— Дегенмен, оның басты идеясы қандай? - деп қарт поп тықақтай сұрады.
Олар басқышқа да шыққан еді, бірақ уілдей ұмтылған желдің қырсығынан дьякон бірден жауап қата алмады. Сәл ғана толасты пайдаланып өз ойын айтты:
― Егер діни қызметші көмек үшін дәрігерге жүгінетін болса, бүл арада қайшылық айқын.
Панлю атайдың уағызын Риэ айтып бергенде, Тарру соғыс кезінде көзінен айырылған бозбаланы көріп, папымын жоғалтқан попты жақсы білгенін айтты.
— Панлюдікі дүрыс, - деді Тарру. - Бейкүнә жан иесі көзінен айырылғанын көргенде хақ христианин ғана не нанымын жоғалтады, не көзсіз қалуға рауа болады. Панлю нанымын жоғалтқысы келмейді, ол ақыр-тақырына дейін барады. Ол, міне, осыны айтпақ болған.
Бәлкім, Таррудың ескертпесі кейінгі бір келеңсіз оқиғалар мен жақын адамдарының өзіне де жұмбақ Панлю «тайдың жүріс-тұрысына недәуір жарық түсіреді.
Сонымен уағыздан кейін араға бірнеше күн салып, Панлю атай жаңа пәтерге көшіп алуды ойланды. Дәл осы тұста індеттің күшеюіне орай күллі қала өздерінің әдеттегі тұрақжайларын ауыстырып жатқандай көрінді. Таррудың мейманханадан шығып дәрігер Риэнің үйіне қоныстанғаны сияқты, Панлю атай да орден бөлген пәтерден әзір оба қырына алмаған керемет құдайшыл бір кемпірдің үйіне көшуге мәжбүр болды. Панлю атай жаңа тұраққа қалжырауы үдеп, қорқынышы артқан жағдайда көшіп-қонды. Сондықтан ол пәтер иесінің құрметінен сол бетте-ақ айырылды. Өйткені кемпір әулие Одилияның таңғажайып әулиелігін қызу мадақтай бастағанда поп болмашы шыдамсыздық танытып, қарсылық білдірген, бүл, әрине, оның шаршап - шалдығып жүргенінен еді. Кейін кемпірдің тым құрыса тілеулес бейтараптығына жетуге қанша тырысқанымен, одан ештеңе шықпады. Себебі ол алғашқы бетте-ақ оған жаман әсер қалдырыпты. Кеш сайын ол қонақжайдан өзіне бөлінген бөлмеге беттеп бара жатып, оны өзі тоқыған өрнектермен әлеміштеген кемпірдің жон арқасын ғана көзі шалады да, құлағында оның: "Тынышты түн болсын, атай!" деген кебір үні ғана қалады. Осындай кештердің бірінде ол төсекке жата беріп шекесі мен білегі қызып, басы алып кетіп бара жатқанын байқады, бірнеше күн бойына құрыстатып жүрген безгек толқыны жеткен екен деп ойлады.
Одан арғының бәрін пәтер иесінің әңгімесінен ғана білуге тура келді. Таңертең кемпір әдеттегідей өте ерте көтерілді. Өз тұрғынын босқа күтіп, қадірмен атайдың жатынжайдан әлі шықпағанына таңданып, абайлап қана есігін қағуға бел буды. Оның ұйқысыз түннен кейін әлі тұрмағанын байқады. Тынысын тым ауыр алып жатқан оның беті қашанғысынан да қызыл екен. Кемпірдің сөзіне қарағанда, ол сыпайылап қана дәрігер шақыртайық деген екен, атай ол ұсынысты бірден кілт қайтарып тастапты. Ренжіген үй иесі аулақ кетіпті. Біраз уақыттан кейін Панлю атай қоңырау соғып, оның кіріп кетуін өтініпті. Ол өзінің қателігіне кешірім сұрап, оба туралы сөз болуы да мүмкін емес, оның ешқандай нышаны жоқ, бәрі мейлінше қажып қалжырағандықтың салдары деп мәлімдейді. Оған қарт .»әйел әдептен озбай қарсылық білдіріп, дәрігер шақыруды ұсынса, әсте де ол өз денсаулығы үшін алаңдағандықтан емес екенін, ұзамай оның да дені-қарны құдайдың ырқында болатынын білетінін, тек қана қадірмен атайдың хал-жайына алаңдайтынын, ол үшін өзін жауапты сезінетінін айтты. Алайда ол үндемеген соң, өзінің тікелей борышын өтеу деп біліп, дәрігер шақыртуды тағы да құлаққағыс етті. Әулие атай қайтадан бас тартты, бұл жолы алғашқыдай емес, өзінің бас тартуына қайдағы бір Оуалдыр себептерді қосып, түсініксіздеу ақталған болды. Қарт әйелден оның ұзақ-сонар түсініксіз көп сөздерінен жалғыз ғана ұққаны - әулие атай өз ұстанымына қайшы келетін болғандықтан дәрігер шақыртудан бас тартатыны. Ол өз тұрғынының ақыл-ойы бойдағы төзгісіз қызудан бұлдырай бастағанын сезіп, бір кесе дәрі тұнбасын әкеп берумен ғана шектелді.
Жағдай осылай болған соң, өз міндетін мұқият орындауға бел байлаған үй иесі әрбір екі сағат сайын тұрғынына кіріп, халін біліп тұрды. Бәрінен бұрын оны қайран қалдырғаны -аурудың күн ұзақ басылмаған ересен қызуы, дірілдеп-қалшылдауы. Ол көрпесін біресе лақтырып, біресе қайта қымтанады, алақанын тершіген маңдайынан алмайды, жастықтан басын көтеріп жөтелмек болады, жөтелі қырылдап, булығып оғаш шығады, іште бірдеңе үзіліп кеткен сияқты көрінеді. Сырттан қарағанда, тамағына тұрып қалған мақтаны қақырып тастағысы келетін секілді. Осы ұстамалардан кейін ол әбден әлсіреп, жастыққа сылқ етіп құлады. Сосын ол қайтадан басын көтеріп, әлдеқайда қабырғаға қадалды, көзі алайып, біртүрлі табиғи емес қалып танытады, қызуы бұрынғыдан да өршіп, еліріп кетті. Бірақ ауруды шамдандырып аламын ба деп қарт әйел дәрігер шақыруға батпады. Сірә, сырттай сұмдық үрейлендіретін бүл ауру кәдімгі безгектің ұстамасы болуы да мүмкін.
Алайда ол кешкісін батылдық жасап Панлю атаймен тағы да ақылдасып көріп еді, көңілге қонарлықтай жауап ала алмады. Ол өз ұсынысын қайталады, бірақ бұл жолы әулие атай төсегінен басын көтеріп, алқынса да, сөзін үзіп-үзіп айтса да, дәрігерлерге қаралғысы келмейтінін айқын аңғартты. Осы сөздерден кейін үй иесі таңға дейін күтуге бел буып, егер Панлю атайдың халі жақсармаса, нөмірін радиодан қысқа күнде қырық рет қайталап жататын Құж-хабар агенттігіне телефон шалармын деп ойлады. Өз міндетін мүлтіксіз орындай отырып ол түнде де ауруға кіріп, халін біліп, қадағалап тұруды көздеді. Алайда кешкісін бір кесе жаңа түнба беріп, қисая тұрайын деп жата қалса, тек күн шыға оянғаны ғой. Тұра сала, әуелі ол ауруға жүгіріп барды. Панлю атай қозғалыссыз сұлық жатыр екен. Терісінің кешегі қызылы өлідей қуарып боп-боз, бірақ бет пішіні бұрынғы дөңгелек жүзінен ажырамаған. Ауру кереуеттің тұсына ілінген түрлі-түсті хрусталь салпыншақтары бар шамға қадалған да қалған. Пәтер иесін көргенде ол басын бұрды. Түні бойы біреу ұрып-ұрып, таңға жақын төңірегінде не болып жатқанын сезбейтін халге жеткізіп тастап кеткен тәрізді. Ол халі қалай екенін сұрады. Әулие атай қарт әйелді таңдандырып оғаш, бәрінен безгендей бір үнмен халінің нашар екенін, бірақ дәрігер шақырудың қажетсіздігін айтып, қалыптасқан тәртіпке сәйкес өзін лазаретке аттандыруын өтінді. Үрейі ұшқан қарт әйел телефонға ұмтылды.
Риэ түс әлетінде келді. Кемпірдің әңгімесін тыңдап болып, Панлю атайдікі әбден дұрыс екенін, алайда өзін, өкінішке орай, тым кеш шақыртқанын айтты. Панлю атай оны да бейжай, бейтарап қарсы алды. Риэ аурудың денсаулығын қарап көріп, қайран қалды, без немесе өкпе обасының денесінде ешқандай нышаны жоқ, тек кеудесі қысып, булыға береді. Ал тамырының соғысы өте әлсіз, жалпы халі қатерлі, үміт деген жоқтың қасы.
― Бұл аурудың тән нышандары бізде атымен жоқ, - деді Риэ Панлю атайға. - Алайда толық айқындық болмағандықтан сізді оңашалауым керек.
Панлю атай, разылықтан ба екен, бір түрлі кейіппен жымиды да, үндеген жоқ. Риэ телефон шалғалы көрші бөлмеге кірді де жатынжайға қайтып келді. Панлю атайға барлай қарады.
— Сіздің қасыңызда қаламын, - деді аялы үнмен.
Бұл сөзді естігенде ауру ептеп сергіген секілденіп, дәрігерге сәл жылыған көзбен қарады. Сосын сөздерін әрең құрап, бірдеңе айтты, оның даусында мұң бар-жоғын дәрігер аңғара алмады.
- Рахмет, - деді Панлю. - Дін қызметшілерінде дос деген болмайды. Олар бар сезімін өз сеніміне, дініне береді.
Ол кереуеттің басында ілулі тұрған Ғайса керілген кресті сұрады, өтініші орындалып, оны алған соң теріс айналып креске ұзақ қарады.
Лазаретте Панлю атай ауыз ашқан жоқ. Ешбір сезім-түйсік жоқ зат сияқты белгіленген ем-домның ешқайсысына қарсылық көрсетпеді, бірақ керме-кресті қолынан қайтып шығарған жоқ. Алайда оның ауруы айқын емес: оба ма, басқа ма - біліп болмайды. Сірә, соңғы кезде диагностика картын шатастыру обаны мәз қылатын болса керек. Бірақ Панлю атайдың ауруына қатысты бұл айқынсыздықтың ешбір мәні болған жоқ.
Ыстығы күшейіп кетті. Жөтелі бұрынғыдан да қырылдай шығып, ауруды күні бойы азапқа салды. Ең аяғында кешке қарай Панлю атай тамағында тұншықтырып тұрған мақта сияқты бірдеңені құсып тастады-ау, ақыры. Қақырық қан аралас болып шықты. Безгек қанша буырқанып безілдетсе де, Панлю атай қалыс қалпын бұзбай, жан-жағына қараумен жатты.
Ертеңіне таңертең санитарлар оның суып қалған денесін көрді, кереуеттен жартылай сырғып түскен оның көзінде жан жоқ екен. Кәртішкесіне: "күмәнді жағдай" деп қана жазылды.
Сол жылы бүкіл Әулиелер күні әдетте өтіп жүргеніндей өткен жоқ. Әрине, бұл арада ауа райының да себебі болды. Күн кілт құбылып, апшыны қуырған аптап ыстықтың орнына күзгі салқын түсті. Өткен жылдар сияқты, суық жел ызыңдады да тұрды. Күллі аспанды торлап құшақ-құшақ бұлттар жөңкіді, олардың көлеңкесі төменде жолында тұрған үйлерді орап, ол өткенде қарашаның алтын түстес сәулесі оларды қайтадан құшағына алды. Көшелерде су сіңірмейтін алғашқы плащтар пайда болды. Ұзамай бүкіл қала сол жылтырақ маталардың суылына толып кетті. Бақсақ, газеттер ұлы Францияның түстігіндегі ұлы оба жылы дәрігерлер ауру жұқтырудан сақтану үшін үстіне сыртын майлаған матадан тігілген киім кигенін жазған көрінеді. Дүкен иелері осы жағдайды пайдаланып, сөрелерге сәннен шыққан өтпей жатқан бұйымдарды қайта шығарып, сол арқылы бацилладан қорғанамыз деп жұрт таласа-тармаса талап алды.
Күздің белгілері қаншалық көзге ұрып тұрса да, бәріміз бүл күні зират жайымен қалғанын білдік және еске алдық. Өткен жылдары трамвайлар хризантеманың тұщы иісіне толып, әйелдер туысқандарының моласын гүлмен безендіру үшін лек-легімен жақындары мәңгі тыныс алып жатқан жерге қарай ағылатын. Бұрын тірілер жалғыздығы және ұмыт болғаны үшін өлілерді қастерлеп, аруағына құрмет көрсетуге асығатын. Ал биыл ешкім марқұм болғандар туралы ойлаған жоқ. Онсыз да оларды ел коп ойлайды десе керек. Енді таныс молаға қайта келіп, құрмет көрсетіп, өкінішті жаңғыртуды артық санаған сыңайы бар бәрінің. Енді марқұмдар да бұрынғыдай емес, ұмыт қалдырмас үшін олардың басына жылына бір келіп, бейітін тазалап жүру қалды. Олар тезірек ұмытылуға тиіс тілемеген дауа сияқты болды. Міне, сондықтан да биылғы бүкіл әулиелер мерекесі табиғи болмай шықты. Таррудың пікіріне қарағанда, тілі ащы болып бара жатқан Коттар айтқандай, қазір бізде әрбір күн - өлілер мерекесі.
Шынында да, крематорий пешінде обаның мерекелік алауы лаулап-ақ жанды. Рас, өлім-жітім тұрақтады. Оба енді ең биікке орналасып алып оңтайлы орындағы шенеуніктей ыждаһаттап, күнделікті өлім-жітімді тәптіштеп отыратын тәрізді. Білетіндердің пікіріне қарағанда, бұл іс жүзінде игі нышан. Мәселен, өлім-жітім көрсеткішінің жоғары бір көтеріліп алып, құбылмай тура бара жатқаны - үміттендіретін жайт. "Тамаша, ғажап қисық" деп растап қойды дәрігер Ришар. Індет үйдің төбесіне жетті, енді құлауы ғана қалды деп сендіреді. Мұнда дәрігер Кастельдің, дәлірек айтқанда, ол жасаған сыворотканың үлесі мол, ол кейбір жағдайда тамаша нәтиже берді. Кастель қарт мастанған жоқ, оның пікіріне қарағанда, әзір алдын ала ештеңе айтуға болмайды, өйткені індеттің ойда жоқ секірістер жасайтыны тарихқа мәлім. Орандықтардың санасына сабырлылық сіңіруге көптен құлшынып жүрген префектура қиын кезеңнен өттік деп ойлап, тиісті баяндама әзірлеу үшін дәрігерлерді жинау керек деген ұсыныс жасады. Кенет көрсеткіш төбеге жеткен кезде оба дәрігер Ришардың да өмірін үзіп кетті.
Сөз жоқ елең еткізер, бірақ ештеңе дәлелдемейтін бұл оқиғаны естіп, алдындағы негізсіз еліргеніндей қала билік орындары торығуға қайта түсті. Кастель болса, ештеңеге қарамай, өз сывороткасын бұрынғыдан да мұқият әзірлей берді. Онсыз да аурухана немесе лазаретке айналдырылмаған бірде-бір қоғамдық ғимарат қалмады, ал префектураға ауыз салмаған себебі - әр алуан жиындар үшін бәз бір орын қажет болды. Жалпы, індеттің жуық мәнінде тұрақтанған кезінде Риэ ұйымдастырған санитарлық қызмет өз міндетін толық орындады деуге болады. Барын салып жұмыс істеген дәрігерлер мен санитарлар енді бұдан артық күш-жігер талап етілмес деп үміттенді. Оларға ендігі қалғаны -кісіліктен де асқан парызын мүмкін қадерінше мұқият орындау. Обаның өкпені зақымдайтын түрінен алғаш бірнеше ғана оқиға тіркелген еді, енді ол бүкіл қала бойынша тез тарап барады, бәз бір адамдардың кеудесіне өрт қойып, соны үрлеп өршіткен жел сияқты. Қанды құсық қинаған аурулар әлдеқайда тез өледі. Аурудың бұл жаңа түрі жағдайында жұғуы да оңай болатын тәрізді. Дегенмен, бүл жөніндегі пікір екі жарылды. Қауіпсіздік мақсатымен медицина қызметкерлері дезинфекциялайтын дәрілер сіңірілген бетперде киіп, жұмысын жалғастыра берді. Алғаш қарағанда індет тарала беретін тәрізді еді. Бірақ без обасымен ауыратындар саны сиреуіне байланысты қорытынды теңелуге айналды.
Соған қарамастан, қалалық билік орындарын алаңдатар басқа да мәселелер аз болған жоқ, азық-түлік тапшылығы айқындала түсті. Саудагерлер, әрине, сырт қалған жоқ, базарда баяғыдан жоқ бірінші қажеттіліктегі азық-түліктерді әкесінің құнына сатты. Кедей отбасылар аса қиын жағдайға тап болды, ең байлардың мұрты да қисайған жоқ. Оба өз тарапынан ешқандай алалықсыз әрекет жасағандықтан да біздің азаматтардың арасындағы теңдік жібін ширатып, нығайта түсуге тиіс болатын, бірақ жағдай керісінше болып шықты - індет кәдімгі өзімшілдік мүдделердің ойынын өршітіп, жұрттың жүрегінде әділетсіздік сезімін күшейтіп жіберді. Сақталғаны тек өлім теңдігі ғана, бірақ оны ешкім де тілемейтіні белгілі. Аштықтан азап шеккен кедейлер жұрты азат, наны арзан көрші қалалар мен елді мекендер туралы армандады. Жұрттың қарнын тойғыза алмайтын болса, олардың қалаған жағына кетуіне рұқсат етсін деген тілектер туындай бастады. "Нан немесе еркіндік!" деген сөздер ұранға айналып, үйлердің қабырғаларына да жазылып қалды, кейде бүл сөзді өтіп бара жатқан префектің артынан айқайлап айтатын болды. Бұл ұранның жұртты бас көтеруге шақырған дабылға айналып кетер түрі болды да, ол тез басып тасталды, бірақ істің насырға шабары байқалмай қалған жоқ. Жоғарыдан берілген бұйрыққа байланысты газеттердің ашықтан-ашық оптимизм рухында әрекет еткені белгілі. Оларға сенер болсаң, апат жылына бәрінен тән нәрсе - "тұрғындарға толғанарлық өнеге болған керемет сабырлылық пен салқынқандылық".
Алайда тас қып жабылған, құпия ештеңе қалмаған қалада біздің қауымдастық беретін "өнеге" жөнінен алданған ешкім жоқ. Жоғарыда аталған сабырлылық пен салқынқандылық жайында дұрыс ұғымың болу үшін біздің билік орындары ұйымдастырған карантинге немесе "оңашалау лагеріне" зер салса да жетіп жатыр. Шынын айту керек, өзге жұмыстардан қолы тимеген әңгімешінің өзі оларда болған жоқ. Сондықтан ол тек Таррудың куәлігін ғана келтіре алады.
Тарру өз күнделігінде қалалық стадионда ұйымдастырылған сондай лагерьге Рамбер екеуі барғанын шынында да әңгіме етіпті. Стадион қалалық қақпаның аузында дерлік жерге орналасқан, бір жағынан ол трамвайлар жүріп жатқан көшеге шығады, екіншісінде - қала еңсе көтерген жотаға дейін көсіліп жатқан ай тақыр жазыққа қарайды. Ол жан-жағынан биік бетон дуалмен қоршалған, сондықтан жұрт қашпау үшін төрт қақпаға төрт күзетші қойса жетіп жатыр. Оның үстіне көшеден биік қабырғамен бөліп тасталған карантинге түскен бейшаралардың өткен-кеткеннің әуестігінен қорықпауына кәміл болады. Оның есесіне күн ұзақ стадионда тап қасынан тасыр-тұсыр тарсылдап өткен трамвайдың даусы айқын естіліп тұрады, қалған әлемнен бөлініп қалған байғұстар жұрттың жұмысқа барғанын, қайтқанын байқап отырады. Сөйтіп, олар әзірге өздері үшін жолы жабық өмір бірнеше метр жерде жалғасып, қыз-қыз қайнап жатқанын, мынау бетон қабырғалар бір-біріне бөлек екі планетаға орналасқаннан да жат екі әлемді бөліп тұрғанына көз жеткізеді.
Тарру мен Рамбер стадионға жексенбі күні түстен кейін баруға келісті. Оларға келіп әлгі футболшы Гонсалес жабысты: Рамбер оны стадион қақпаларындағы қарауылдардың ауысып тұруын міндетіне алуға көндірді және лагерь бастығымен таныстыруға уәде берді. Өз серіктерімен кездескен Гонсалес дәл осы уақытта обаға дейін матчқа дайындалып, киім ауыстырып жататынын еске түсірді. Енді стадиондардың бәрі тартып алынғанда барар жер, басар тау қалмай, Гонсалес өзін бос жүрген сандалбай сезінеді, тіпті ұсқыны да соған келетін сияқты.
Міне, сол себепті де ол лагерь кезекшілігін мойнына алып, тек аптаның ақырғы күндері ғана істейтін болып келісті. Аспанды бұлт торлады, Гонсалес басын жоғары көтеріп, жауынды да емес, күнес те емес, осындай ауа райы футболдың қолы ғой, шіркін деп қиялдады. Табиғат сыйлаған ділмәрлық деңгейіне қарай ол тыңдаушыларына шешінетін жердегі иісті, трибуналардағы апыр-топыр сығылысты, қоңыр алаңдағы мәйкілердің ашық жолағын, үзіліс кезінде құрғаған тамақты жібіту үшін ішетін сусыннан мыңдаған көзге көрінбес мұз инелердің жұтқыншақты қалай шабақтайтынын жеткізуге тырысты. Қала шетінің ойлы-қырлы көшелерімен орталыққа жеткенше футболшының көзіне алғаш көрінген тасты теуіп келетінін атап өтеді Тарру. Кейде оны су агатын жылғалардың торкөз қоршауына қарай теуіп: "Бір де нөл - менің пайдама" деп дауыстап жіберетіні де бар. Шылымын шегіп болып, тұқылын ауаға түкіріп тастап, жерге түсірмей аяғымен қағып жіберді ол Стадионның өзінде футбол ойнап жүрген балалар добын бұларға қарай жіберіп алып еді, Гонсалес ерінбей-жалықпай оны тұра қуып, дәлме-дәл соққымен кері қайтарды.
Ақыры, олар стадионға да кірді. Трибуналардың бәрі лық толы. Алайда алаңда қаз-қатар сығылысып бірнеше жүз қызыл шатырлар тұр, ішіндегі зембілдер мен түйіншектер анадайдан көзге шалынады. Еріксіз әкелінгендерге қалқаның астында отырып, жаңбырдан немесе күннің аптабынан қорғануы үшін трибуналарды ыбырсытпау тапсырылған. Бірақ олар күн бата шатырларына тарауға тиіс. Трибунаның астында душ бөлімшесі бар, оны жөндеуден өткізіп, киім шешетін жерді кеңсе мен медпункт етіп қайта жабдықтаған. Еріксіз әкелінгендердің көпшілігі трибуналарды ұнатады, кейбіреулері шығар ауыз жақта қыдыруды жақсы көреді. Ал енді біреулер өз шатырының аузында жүресінен отырып, төңіректі шолады. Трибунала отырғандардың жүзінен күйзеліс байқалады, бәрі де бәз бірдеңе күтетін тәрізді.
― Ал олар күні бойы не бітіреді? - деп сұрады Тарру Рамберден.
— Ештеңе де бітірмейді, ештеңе де істемейді.
Шынында да, барлығы ұнжырғасы түсіп, алақанын ашып, қолын салбыратып отыр. Әдеттен тыс үндемес адамдардың осынау орасан жиыны оғаш әсер туғызады.
- Алғашқы күндері мұнда саңырау болып қалардай едік, - деп түсіндіріп жатыр Рамбер. - Ал сосын бара-бара сөйлесуден қалды бәрі.
Таррудың жазбаларына сенер болсақ, онда бүл бейшараларды кәміл түсінуге болады: алғашқы күндері олар шатырларға сығылысып шыбынның ызыңына құлақ түреді немесе денелерін қаны шыққанша тыр-тыр қасиды, аяушылық білдіріп тыңдар құлақ табылса, өзінің ызасы мен үрейі туралы айтады... Ал лагерь халыққа аузы-мұрнынан шығып толғаннан бері ондай аяушылар аз кездесетін болды. Сондықтан үндемей ғана көршіңе көз қиығын тастап, күмәндана қарауға тура келді. Кейде анау сұрғылт, сонда да шұғылалы аспаннан бәз біреу мынау алқызыл лагерьге күмәнділік пен сенімсіздік ұрығын себетін сияқты көрінеді.
Иә, олардың бәрінің түрінен сенімсіздік білінеді. Оларды қалған әлемнен бөліп тастаған соң, түр-түстерінің бір-біріне ұқсап кетуі де тегін емес, бәрі де қорқыныштан жапа шегіп, бәз бірдеңеден ақталғысы келетін сыңай танытады. Таррудың көзі кімге түссе де, бәрі де өмірінің мәнін құрайтын жанынан айырылысқанына опынатын, өзегі өртенетін сияқты. Ертеден қара кешке дейін өлім туралы ойлай бере ме, сондықтан олар жалпы ештеңе ойламайтын болған. Өздерін бір демалыста жүргендей сезінеді бәрі. "Алайда, ең сұмдығы, олардың ұмыт қалғандығы, - деп жазады Тарру, - және оны бәрі түсінеді. Оларды білгендер ұмытады, өйткені басқалар жайында ойлауға тура келеді және бүл орынды да. Ал оларды сүйгендер де ұмытады, өйткені оларды босатуға, әрекет жасап, әр алуан амал-айла іздеп, табанынан тозады. Өз жақынын тұтқыннан қайтсе шапшаң шығаруды ойлап жүріп, ол бара-бара кімді құтқарғалы жүргенін де ойламайды. Бүл да әбден түсінуге болатын жайт. Ақыр аяғында, ешкім туралы ешкім де нағыз ауыр сынақ туған сын сағаттың өзінде шындап ойлай алмайды. Өйткені біреу туралы шындап ойлау - ол туралы ұдайы ойлау деген сөз, ол үшін уақыт дегенді ұмытып, басқа пікірдің бәрінен бас тартып, шыбынның ызыңына да, дененің қышуына да, қарныңның ашуына да мән бермеу керек. Бірақ шыбын мен қышу қашанда болған, бола да береді. Өмір дегенің сондықтан қиын нәрсе. Олар болса, міне мұны өте жақсы біледі".
Олардың қасына лагерь бастығы келіп, мсье Отон деген біреудің көргісі келетінін айтты. Гонсалесті кабинетіне отырғызып, бастық қалғандарын трибунаға апарды, шеткерірек отырған мсье Отон бұлардың жақындағанын көріп, орнынан көтерілді. Ол еркіндіктегідей киініп алыпты, тіпті крахмалдаған тар жағасын да ағытпапты. Тарру одан бір-ақ өзгеріс байқады - самайындағы бір уыс шашы тікірейіп, бір бәтеңкесінің бауы шешіліп кетіпті. Тергеушінің түрі қалжыраңқы, сұхбаттастарының жүзіне бір рет те көз салған жоқ. Бұлар да көргеніне қуанышты екенін айтып, дәрігер Риэге бүкіл қызметі үшін алғысын жеткізуді өтінді.
Рамбер мен Тарру үндеген жоқ.
― Жак онша қиналмаған шығар деп сенемің, - деді аз-кем кідірістен кейін тергеуші.
Мсье Отон ұлының атын аузына алғанын Тарру алғаш естіп тұр, сондықтан өзге де өзгерістер барын түсінді. Күн көкжиекке қарай сырғанап, екі бұлттың арасындағы саңылаудан сығалап, трибунаға көлбеу түсіп, әңгімелесіп тұрғандардың жүзіне алтын нұрын шашыратты.— Рас, рас, ол мүлдем қиналған жоқ, - деді Тарру.
Олар кеткен кезде тергеуші ұясына қонар күнге қарап,тұрған орнында қала берді.
Кезекшілік графигін зерделеп жатқан Гонсалеспен қоштасқалы олар бастықтың кабинетіне бас сұқты.
Футболшы күлімдеп, олардың қолын қысты.
― Киім шешетін жерге түскеніме де тәубе, - деді ол Бастық оларды шығар ауызға бастап келе жатыр, кенет трибунаның астынан бірдеңе құлақ жарардай қатты сатырлады. Сосын жақсы заманда көпшілікке матчы нәтижесін хабарлап, болмаса командалардың құрамымен таныстыратын дауыстағыш құрал кешкі ас таратып берілетіндіктен еріксіз әкелінгендердің өз шатырларына тарауын талап етті. Жұрт жайлап трибуналардан түсіп, ілби басып шатырларына тартты. Бәрі тарап болғанда вокзалдардағы сияқты екі шағын автокар көрінді де, шатырлар арасындағы жолмен екі үлкен қазанды сүйреп, ілгері жылжыды. Оны қарсылаған жұрт екі қолын жайды, екі шөміш қазанға сүңгіп, ішіндегісін созылған қолдағы тәрелкелерге құйды. Электрокар сосын әрі жылжып басқа шатырлардың қасына бөгелді, әлгі қимыл қайталанды.
— Істі ғылыми ұйымдастыру осы, - деді Тарру бастыққа.
― Енді қалай, ғылыми тұрғыдан, - деді өзіне-өзі разы бастық келгендерге қоштасқалы қолын беріп.
Ымырт үйіріліп, аспан ашылды. Лагерьге айқын жұмсақ сәуле себездеді. Кешкі бейбіт ауаға жан-жақтан қасықтар мен тәрелкелердің сыңғыры көтерілді. Шатырлардың үстінен жарғанат қалқып қалай көрінсе, солай ізім-ғайым жоқ болды. Қоршаудың арғы жағында жолмен трамвай шақырлады.
— Бейшара тергеуші, - деп күбірледі қақпадан шығып бара жатып Тарру. - Ол үшін бәз бірдеңе жасау керек еді. Ал заңқойға қалай көмектесерсің?!
Біздің қалада басқа да лагерьлер болды және олар аз да емес, алайда әңгімеші инабат сақтап, нақты хабары болмағандықтан олар туралы айтпайды. Жалғыз-ақ айтары -осындай лагерьлердің болуы, олардан аңқып тұратын адам тәнінің иісі, құлақты жаратын дауыстағыштардың үні, құпия жасырып тұрған тылсым қабырғалар, қарғыс атқан сол жерден қорқу - бәрі-бәрі қосылып біздің азаматтардың жүрегіне зіл салмағын салатыны, еңсесін езіп, ұнжырғасын бұрынғыдан да түсіретіні. Басшылықпен қақтығыстарда жиілеп түрлі үрыс-керіс болды.
Сөйтіп жүргенде, қарашаның аяғына қарай салқын таңдар басталды. Нөсер жаңбырлар сараңсымай, көшелер мен көмкерме тастарын жалтырата жуып, бүлттан айыққан аспанды төменге елжірей қарайтындай қылды. Жазғы қуатынан айырылған күн қаламызға таңертең жарқын да салқын нұрын төгеді де тұрады. Ал кешкісін ауа қайта жылуда. Осындай кештердің бірінде Тарру дәрігер Риэге жан-жүрегін жайып салғысы келді.
Кешкі сағат ондарда зықыңды шығаратын ұзақ жұмыс күнінен кейін демікпе шалға кіріп шығуға жиналған Риэге Тарру бірге жүргісі келетінін айтты. Көне қотанның үстінде аспан мөлдірейді. Самал жел у-шусыз қараңғы шолақ көшелерді кезіп жүр. Демікпе шал меймандарын аяғы айғайға ұласып, құлақтың етін жеген мылжың сөзбен қарсы алды. Ол әу дегеннен жіліктің майлы басы қашанда жеген ауыз жесінге бұйырады десе, көпшілік соған сенбейді деп шағынды, тостаған суда қалқыса, оған менің басым несіне ауырды, -деп өзіне-өзі разы болып, алақанын және уқалап қояды. Дәрігер қарап болғанша, соңғы оқиғаларға түсініктеме беріп аузын жапқан жоқ.
Олардың төбесінен әрі-бері жүрген аяқ дыбысы шықты. Таңданған Таррудың түрін байқап қалған шалдың бәйбішесі бұл дыбыс шатырдан шықса керек, террасада көрші әйелдер кездесіп қалған ғой деді. Шатырдан айналаның көрінісі тамаша, террасалардың көбі жоғарыдан келіп түйіседі де, көршілер төмендегі пәтерге түспей-ақ бір-біріне қонақ бола беретінін хабарлады тағы да кемпір.
― Дұрыс, - деп қостады шал - Көтерілгілеріңіз келсе, көтеріліңіздер. Ауасы таза.
Үш орындық тұрған терраса бос екен. Онда көз жеткен жердің бәрі теп-тегіс террасалар алыста қарауытқан тастақ бірдеңеге барып бір-ақ тірелетін тәрізді, оны екеуі де жағалаудағы жота деп білді. Сонда да жанар екі-үш көшені бойлап, осы арадан көрінбейтін портты көктей өтіп, көкжиек сызығына тірелді, ол дөңбекшіген теңіздің аспанмен астасатын тұсы. Оған төніп тұрған жартастар тізбегінің үстінде арасына бірдей уақыт салып жарық жалт ете қалады, ал жарықтың көзі бүл арадан көрінбейді: ол -көктемнен бері басқа порттарға бет алған кемелерге бағыт беріп тұрған шамшырақтар. Дауылды желден кейін ашылған мөлдір аспанда жарқырап жұлдыздар жанды, шамшырақтың алыстағы жарығы ара-тұра оған жарқ-жұрқ еткен өз сәулесін қосып тұрды. Жел тас пен гүл иісін әкеледі. Айнала қаймағы бұзылмаған тыныштық.
— Жақсы, - деді Риэ орындыққа жайғасып жатып, - оба бұл араға ешқашан жетпегендей әсер туады екен. Тарру оған арқасын беріп тұрып теңізге қарады.
― Иә, - деді ол әлден соң. - Жақсы.
Келіп ол да қасына отырып, дәрігердің бетіне қарады. Аспаннан үш мәрте шамшырақ сәулесі жүгіріп өтті. Көшенің терең саңылауынан ыдыс-аяқ сылдыры естілді. Көрші үйдің баяу ғана есігі сықырлады.
— Риэ, - дегенде Таррудың үні өте табиғи шықты.
― Сіз осы менің кім екенімді білуге ешқашан тырысқан емессіз. Сенімімше, сіз менің досымсыз ғой?
— Иә, сізге доспын, - деп жауап қатты дәрігер. - Тек күні бүгінге дейін соған уақытымыз жетпепті ғой.
― Өте жақсы, енді мен тынышпын. Осы сәтіңізді достыққа арнауға қарсылық жасамаңыз.
Жауап орнына Риэ жымиды.
― Олай болса, тыңдаңыз...
Әлдеқайда көшеде бара жатқан машина дымқыл жолды ұзақ шиырлаған сияқты. Әйтеуір шиналардың шиқылы басылды, бірақ орнаған тыныштықты алыстағы түсініксіз айқайлар бұзды. Тек сосын ғана тыныштық аспан мен жұлдыздардың салмағын өңгеріп, екі еркектің еншісіне тиді. Тарру орнынан қайта тұрып, террасаның қалдайына кеп таяныш етіп, орындықтың арқасына шалқалап шаршап отырған Риэнің тап алдында тұрды. Дәрігер Таррудың сұлбасын емес, аспан аясынан бөлініп шыққан үлкен қарауытқан бірдеңені ғана көрді. Ақыр соңында Тарру сөз бастады, оның әңгімесінің жуық мәніндегі мазмұны мынандай.
"Оңай болуы үшін әңгімені мынадан бастайық, Риэ, мен індет өршіп тұрғанда сіздің қалаға келмей тұрып-ақ обаға шалдыққанмын. Мен де сол жапа шегіп жатқандар сияқты көптің бірімін десем де болар. Алайда мұны білмейтін адамдар немесе сол обаның ырқына үйреніп кеткен адамдар болады. Сондай-ақ жағдайды бастан-аяқ біліп содан сытылып шығуға құлшынатын да кісілер бар. Сол сытылып шығып, құтылып кетуге құмар жан мен едім.
Жастық шағымда өзімді бейкүнә санап, ойсыз өстім. Мен мазасыздар қатарына қосылмаймын, керісінше, өмірге барлық бозбалалар қалай енсе, мен де солай қадам бастым. Барлығы қолымнан келді, ғылымды оңай игердім, әйелдермен тамаша тіл табыстым, мазасыздық бұлты үйірілсе, одан шапшаң арылдым. Бірақ зәуде бір күн ойға бата бастадым. Сонда... Айта кетейін, сіздерге қарағанда мен кедейлік деген не екенін білгенім жоқ. Әкем прокурордың көмекшісі болды, яғни недәуір көрнекті қызмет атқарды. Сырттай лауазымының әсері одан білінбейтін. Табиғатынан ол ақжарқын, ақкөшек жан болатын. Анам қарапайым әйел еді, барлығынан именіп, көп үндемейтін, мен оны жақсы көретінмін. Жақсы да көремін, алайда ол жайында көп айтпағанды артық көремін. Әкем маған көп айналшықтады, жақсы көрді, тіпті түсінуге де тырысты деп ойлаймын. Сыртта оның қастық, арандату әрекеті де болғанға ұқсайды, онысына енді көзім де жетті, қараңызшы, бірақ оған қазір титтей де намысым келмейді. Өзін ондай жағдайда қалай ұстау қажет болса, солай ұстады ол, ешкімді тұқыртқан да, састырған да жоқ. Қысқаша айтқанда, ол дара тұлға болған жоқ, әулие боп өмір сүрмегенмен, ақылсыз да адам болмағанына енді өзі өлгеннен кейін көзім жетіп отыр. Тірлігінде асып-таспай орта, кеуде тұсты ұстанды, әдетте адамдардың мұндай тобына жұрт ұзақ уақыт тәнті болады.
Алайда оның бір осалдығы бар-тын: Шэкстің "Үлкен теміржол" анықтамасы оның үстел үсті кітабы болатын. Ол саяхат жасаған жан емес, бар болғаны демалысын шағын ғана саяжайы бар Бертанида өткізетін. Бірақ Париж- Берлин пойызының келер-кетер уақытын мүдірмей айтып, тіпті Лионнан Варшаваға қатынайтын пойыз сияқты қара дүрсін маршруттарды сұраған жанға ұсынып жататын, ал қайсысын атасаң да, кез келген астаналардың арақашықтығын дәлме-дәл жатқа айтатыны және бар.
Мәселен, сіз, доктор, Бриансоннан Шамоникеге қалай жетуді сұрарсыз, оған тіпті вокзал бастығының өзі ойланып қалуы мүмкін. Ал әкем ойланбай-ақ жауабын сарт еткізетін. Әрбір қолы бос кеште ол осы саладағы білімін жетілдіруге тырысып, оны өзіне мақтаныш санайтын. Мені бүл сұмдық қызықтырып, оны жиі сынап көретінмін, жауабын анықтамамен салыстырғанда, ол ешқашан жаңсақтық жібермейтін. Осынау бейкүнә қарекет екеумізді жақындастырып, ол менің жанашыр тыңдаушы екенімді бағалайтын. Ал мен оның теміржол кестесі саласындағы артықшылығын басқалардан титтей де кем санаған емен.
Бірақ тым әуестеніп кетіп, осынау адал жанды асыра бағалап қоярмын деп қорқамын. Бұл мәселені тәмамдау үшін турасын айтайын; менің қалыптасуыма әкемнің тікелей ықпалы болған жоқ. Ең зор әсері - маған түпкілікті серпін бергені. Мен он жеті жасқа толғанда әкем сөзін тыңдату үшін сотқа шақырды. Төрешілер сотында бір маңызды іс қаралмақ екен, зайыры ол сонда сөйлейтін өзін маған пайдалы жағынан көрсетпек ниетте болса керек. Сондай-ақ жас қиялды баурап алуға тиіс бұл рәсім өзі таңдаған кәсіпке менің де ынтамды оятар деген үміті болды-ау деймін. Мен қуана келістім, біріншіден, әкемді сүйсіндіргім келді, екіншіден, оны үйдегіден басқа ролде көріп, сөзін тыңдау маған қызық көрінді. Бар болғаны осы, басқа ештеңе де ойлағаным жоқ. Сотта не болатынның бәрі маған бала күнімнен-ақ әбден табиғи әрі лажсыз болып көрінетін, бейнебір 14 тамыз мерекесі немесе сыныптан сыныпқа өткендегі мереке сияқты. Бір сөзбен айтқанда, заңнама жөніндегі түсінігім мейлінше үстірт еді, бірақ оның өмір сүруіме бөгеті болған жоқ.
Алайда сол күннен бастап менің жадым жалғыз-ақ бейнені - сотталушының ғана бейнесін ұстап қалды. Не үшін екенінде тұрған ештеңе жоқ, шын мәнінде ол кінәлі болды-ау деп ойлаймын. Бірақ сирек сары шашты отыздар шамасындағы бүл адам бәрін де мойындауға әзір тұрғандай, өз істегені, оның өзіне не істейтіні шынымен үрейлендіріп, зәресін ұшырғандай көрінді, сонан ба екен, бірнеше минөт өткенде мен тек соны, жалғыз соны ғана көрдім де отырдым. Неге екені белгісіз, ол тым шақырайып кеткен жарықтан шошынған жапалақты еске түсірді. Галстугінің түйіншегі жағасының астына жылжып кеткен. Ұдайы бір қолының, оң қолының тырнағын кемірді де отырды... Қысқаша айтқанда, бояуды баттастыра бермейін, өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз, ол онда тірі еді.
Ал мен кенет осыған дейін оны тек ойлауға өте-мөте қолайлы кейіпте "айыпталушы" деп қана ұғып отыр екенмін. Әкем туралы мүлдем ұмытып кеттім деп айта алмаймын, бірақ бірдеңе іші-бауырымды езіп, қанша тырысқаныммен сотталушыдан көз айыра алмадым. Ештеңені де тыңдаған жоқ сияқтымын, бірақ мұнда тірі адамды өлтірмек екенін сеземін, сол сезім, бой бермейтін бір түйсік толқын тәрізді көзсіз бірбеткейлікпен мені соған тартады. Содан мен әкем айыптау сөзін бастағанда ғана оянып ес жидым.
Қызыл прокурор қапталында өзіне ұқсамайтын, өзім білетін ақжарқындығы мен ақкөшектігінен жұрнақ жоқ, баяғы ізгі жанды әкемді танымай қалдым. Сөзін даурықпа тіркестермен тоғытып, аузынан ысылдаған жыландар шығып жатқандай болды. Менің түсінгенім - оның әлгі адамға өлім жазасын сұрап, оны да азсынып, басын шабуды талап етіп отырғаны. Рас, ол: "Бұл бас үзіліп түсуге тиіс", - деді. Бірақ мұнда тұрған айырмашылық қанша. Шынында да, ол басты алған соң бірде-бір болып шықпай ма. Соңғы шаруаны ол орындаған жоқ. Сотта сөйлеудің қорытынды сөзіне дейін зерделеген мен енді өзімді мынау бейбақпен қандай естен тандырарлық жақындық байланыстырып тұрғанын сездім, әкеммен арамызда мұндай ешқашан болған емес. Ал әкем қолданылып жүрген ғұрыпқа сәйкес, сыпайылап айтқанда, қылмыскердің "ақтық минутына" қатысуға міндетті, ал бұны бәрінен бұрын кісі өлтірудің ең пасық түрі деп атауға болар еді.
Сол күннен бастап Шэкстің анықтамасына жиіркеніштің дірілінсіз қарай алмайтын болдым. Сол күннен бастап сот әділдігіне ықылас аудардым, зәрем ұша отырып, өлім жазасы туралы үкімдерді, жазалап өлтірулерді зер сала оқыдым, оқи отырып, әкемнің қызмет бабымен сан рет кісі өлтіруге қатысқанын, дәл сондай күндері оның таңнан тұрып кететінін таңдана еске түсірдім. Иә, ол ондай күндері қоңыраулы сағатты әдейі бұрап қоятын. Бұл жайында анаммен сөйлесуге батпадым, бірақ байқатпай оны сыртынан бақылай бастадым, сонда ғана ата-аналарымның бір-біріне жат екенін, ана өмірі бастан-аяқ өзінен-өзі безу болғанын түсіндім. Сондықтан оны кешіре салдым. Кейін білсем, жарықтықтың кешетін де ештеңесі жоқ екен, тұрмысқа шыққанша бар өмірін кедейлікпен өткізіпті, сол кедейлік оны бағыныштылыққа үйретіпті.
Шамасы, сіз менен туған шаңырағымды бірден тастап шыққанымды естігіңіз келетін болар. Жоқ, мен үйде әлі ұзақ, бір жылдай тұрып қалдым. Жүрегім сыздап жүрді. Бірде кешкісін әкем анамнан ертең ерте тұруым керек деп қоңыраулы сағатты сұрады. Түні бойы көз шырымын алмай шықтым. Ол оралған соң келесі күні үйден кеттім. Әкем мені көрісіп кеңесейік деп іздеп тапты, бірақ арамызда ешқандай әңгіме де, арылу да болған жоқ: оған жайлап қана егер үйге күшпен қайтаратын болса, өзіме-өзім қол салатынымды айттым. Жалпы мінезі жұмсақ кісі болатын, ақыр аяғында менің ырқыма көнді, ұзақсонар сөз сөйлеп, соңында өзімше өмір сүремін деген талабымның игі екенін мойындады (менің кетуімді өз бетімен өмір сүру деп отырған соң, әрине, оған таласып қарсы дау айтқаным жоқ), онымен де тынбай қыруар ақыл-кеңес беріп, көз жасымды әрең іркіп отырдым. Осы әңгімеден кейін біраз уақыт үзбей барып анамның хал-жайын біліп тұрдым, сонда әкемді де ұшыраттым. Сол қарым-қатынас, меніңше, оны кәміл қанағаттандыратын секілденді. Өз басым оған қарсы ешқандай жаман ойым жоқ, бірақ жүрегім шерге бөгіп бір түрлі жатпай-ақ қойды. Ол қайтыс болғаннан кейін анамды өз қолыма алдым, тірі болса, әлі де менімен бірге тұрар еді.
Әңгіменің басын созып жіберген себебім, бұл шын мәнінде де барлығының басы болды. Бұдан әрі қысқа ғана баяндайын. Бұған дейін молшылықта тұрған мен он сегіз жасымда жоқшылықтың не екенін білдім. Күнкөріске бірдеңе табу үшін ненің басын шалмады дейсің. Біраз деңгейде бәріне де үлгеріп, табысқа да жеттім. Алайда мені бірден-бір қызықтырған мәселе - өлім жазасына үкім шығару болды. Маған сонау сары жапалақтың есесін қайтару арман-ды. Сондықтан саясатпен шұғылдануым заңды да еді. Жайдан-жай обаға шалдыққым келмеді - бар мәселе, міне, осында. Мен өмір сүрген қоғам өлім жазасын кесуге негізделген деп ойлаймын. Оған қарсы шығып, мен кісі өлтіруге қарсы күресемін. Өз басым осылай ойлаймын, басқалар да осылай айтады, қажет десеңіз, бұл көп жағдайда әділетті де. Сөйтіп, мен өзім жақсы көрген, әлі де жақсы көретін адамдардың қатарына қосылдым. Олармен ұзақ уақыт бірге жүрдім, ондай күреске мен қатыспаған ел Еуропада қалған жоқ. Жә, жарайды енді...
Әлбетте, ретіне қарай біз де өлім жазасы үкімін шығарғанымызды білемін. Бірақ мені мынау бірнеше өлім ешкімді ешкім енді қайтып өлтірмейтін әлем жасауымыз үшін қажет деп иландырды емес пе. Белгілі бір деңгейде бұл дұрыс та болды, бірақ мен бүл тектес дұрыстықты жалпы қолдай алмаймын. Бұл арада жалғыз-ақ даусыз нәрсе бар, ол - менің толқуым, қобалжуым. Алайда жапалақты еске алдым да, одан әрі өмір сүре бердім. Бұл кейін бір өлім жазасын орындау шарасына тікелей қатысқаныма (Венгрия) дейін осылай созыла берді. Ол да бір менің жас кезімде жеткіншектің көзін таңғандай естен тандырар оқиға болды, айырмашылығы - бұл жолы жеткіншектің орнында ересек еркек еді.
Адамды қалай ататынын сіз ешқашан көрмеген шығарсыз? Әрине, көрген жоқсыз, оған айрықша шақыртусыз қатыса алмайсыз, қатысушыларды және алдын ала іріктейді. Соның салдарынан бүл жөніндегі суреттер мен кітап жазбаларын ғана қанағат тұтасыздар. Таңылған көз, діңгек, сәл алысырақ бірнеше солдат тұрады дейсіз ғой. Жоқ, олай емес! Білсеңіз бар ғой, бәрі де керісінше, бір взвод солдатты атылатынның алдына бір жарым метр жерге сапқа тізіп қоятын шығар? Егер сотталған кісі бір адым ілгері аттап, мылтықтың аузына кеудесін тосса ше? Егер осы жақын жерден жүрек тұсынан дәл атса, оқ кеудені тесіп өтіп кетіп, орны жұдырық сыйғандай үңірейіп тұратын болар? Жоқ, бұдан сіз ештеңе де білмейсіз, өйткені ондайдың егжей-тегжейін айтуға болмайды. Кісінің ұйқысы - обаға шалдыққандардың өміріне қарағанда қасиетті нәрсе. Адал адамдардың ұйқысын бұзуға болмайды. Бұзсаң бұл әбес қылық болар еді. Шайналғанды қайта шайнаудың әбестік екені баршаға белгілі. Сол кезден бастап мен де нашар ұйықтайтын болдым. Әбес қылық кермек дом сияқты таңдайымда қалды да, қайтып қайта шайнауды, яғни ойлауды доғардым.
Міне, осы арада мен ұзақ жылдар бойы обаға шалдығып, ауру азабын тартып жүргенімді түсіндім, ал өзімді жанымның бар жалынымен обаға қарсы күресіп келемін деп сендіретінімді айтсайшы. Жанама болса да жүздеген, мыңдаған кісіні өлімге кескенімді, олардың ажалына себепші болғанымды түсіндім. Басқаларды бәлкім бұл жағдай абыржытпайтын шығар, бұл жайында және өз еркімен айтпайды да ғой олар. Ал мен тамағым құрғап қалғандай болып өмір кештім. Әрине, олармен бірге жүрдім, бірақ іштей жалғыз болдым. Күмән-күдігімді сыртқа шығару мүмкіндігі туғанында, олар маған мәселенің түптамырына үңіл деп, әсері жеткілікті-ақ деректер келтірді, олары тамағыма тұрып қалған түйінді жұтып жіберуге жарарлық та еді. Бірақ мен қарсылық білдірдім,
меніңше, обаға алдымен ұшырағандар - иығына қызыл қаптал жапқандар, мұндай жағдайда олардың да бұлтартпайтын деректер келтіретіні сөзсіз. Егер мен обаға ұрынған уақтардың төтенше және қажеттіліктен туған себеп-салдарларын қабылдайтын болсам, әлгі бастылардың дәлелдерін лақтырып тастауға хақым жоқ. Осыған орай маған ең жақсы тәсіл қызыл қалталдылардың дәлелін мойындау деген, бүл - өлім жазасына үкім шығаруды тек қана солардың құқығына қалдыру деген сөз. Ал мен өзім туралы ойладым, жалпақшешейлік танытып, жолыңды бір берсең, ар жағынан оның шегін таба аларсың ба? Адамзат тарихы менің дұрыстығымды растағанға ұқсайды, қазір жарыса өлтіріп жатқан жоқ па адамдарды. Олардың бәрін кісі өлтіру ызасы билеп алған, басқаша жасай алмақ емес.
Өзгелер қалай екенін білмеймін, өз басым бүл шешімге бәрін ойлап-пішіп келгенім жоқ. Мен үшін мәселенің бәрі әлгі сары жапалақтан шықты, обаға шалдыққан ауыздар аяқ-қолы бұғаулы адамды өлуге тиіс деп жариялаған лас тарихтан туды. Жылдай ұзақ түндерде өзімен-өзі іштей арпалысып, қашан кеп өлтірер екен деп кірпік қақпай күткен бейшараны о дүниеге аттандыру үшін бәрін де мұқият ойластырды емес пе олар. Басқаларды білмеймін, мен үшін бар мәселе - мынау кеудемде үңірейіп тұрған тесікте. Сондықтан да өз басым мынау қаскөй қанды қасаппен ешқашан келіспеске, тыңдап тұрсыз ба, ешқашан келіспеске және ешқандай желеу бермеске өзіме-өзім уәде еткенмін. Иә, өзім айқынырақ көретін күннің тууын күтіп, осындай көзсіз бірбеттілікте әдейі барғанмын, бұл жолды сапалы түрде таңдағанмын.
Сол кезден бері мен өзгерген жоқпын. Мейлі жанама болсын, мейлі ең ізгі ниеттен тусын, бәрібір кісі өлтіруге себепші болғаным үшін әлі күнге дейін ұяламын және өлердей ұяламын. Уақыт өте келе ең таңдаулы дегендердің өзі өз қолымен болсын, өзгенің қолымен болсын кісі өлтіруден тайынбайтынын байқамай қала алмадым, өйткені олардың өмір логикасы сондай, бүл дүниеде өлімге нартәуекел етпей, ешбір қимыл жасай алмаймыз. Рас, маған баяғыдай әлі де ұят, обаның ұясында өмір сүріп жүргенімізді енді түсіндім, әбден мазам кетті. Тіпті мен қазір де тыныштық іздеймін, жұрттың бәрін түсінуге тырысамын, ешкімнің де қас жауы болғым келмейді. Мен тек оба жұқтырмас үшін не істеу керек екенін білемін, осы жолы ғана тыныштық орнайтынына немесе адал өліммен бүл пәниден аттануға болатынына сенемін. Жұрттың жанын құтқара алмағанмен де дәл осылай сергітуге болады, тым құрыса кесір тигізбей, кейде жақсылық жасауға мүмкіндік туады. Міне, мен сондықтан да жақсылы-жаманды себептермен өлім сеуіп, біреуді өлтіруді ақтайтын әдетке алыстан болса да бас көтеріп қарсы шығамын.
Міне, сондықтан да мынау індет мен үшін жаңа ештеңе де ашқан жоқ, жалғыз-ақ оған қарсы сізбен қоян-қолтық жүріп күрескеніміз болмаса. Маған обаның әркімнің-ақ бойында бары әбден аян (оны, Риэ, өзіңіз де көріп жүрсіз, мен өмірді бүге-шігесіне дейін білмеймін), демек, дүниеде ол жанаспаған адам жоқ. Сол себепті әркім алдымен өзін-өзі бақылап ауру жұқтырмас үшін біреудің бетіне қарап түшкірмеуі керек. Өйткені микроб дегеніміз - табиғи нәрсе. Қалғандарының бәрі: денсаулық, тұрақтылық, тіпті тазалықтың өзі - бәр-бәрі ерік-күштің жемісі, сондықтан ерік-күш өзіне ешқашан дамыл-тыныштық бермеуі керек. Ешкімге ауру жұқтырмайтын адал, таза кісі ешқашан босаңсуға, осалдыққа жол бермейді. Ал талмаурап, естен танбас үшін, Риэге қанша ерік-күш, шымыр ширақтық талап етіледі десейші! Иә, обамен ауру шаршатады ғой. Ал оған қайтсем шалдықпаймын деп жалтақтау одан бетер шаршатады. Сондықтан да оба жағдайына тұрғысы келмей жанталасып, басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып жүрген азшылық әбден титықтап, шаршаудың шегіне жетеді, одан тек оларды ажал ғана құтқарады.
Енді міне, мынау дүние үшін түкке тұрмайтынымды білемін, кісі өлтіруден бас тартқан уақыттан бастап өзімді-өзім қайта оралмас қуғынға кескенмін. Тарихты басқалар жасайды. Сондай-ақ басқаларға төрелік айтуға да жарамайтынымды білемін. Салиқалы кісі өлтіруші боларлықтай қасиет менде жалпы жетіспейді. Демек, бұл артықшылық емес. Ал қазір қандай болсам, сондай боп қалуға көндіктім, қарабайырлыққа да үйрендім. Біздің жұмыр жерде апат пен құрбандық қатар жүреді деп қана санаймын, сондықтан мүмкін қадерінше бақытсыздық әкелетін апат жағына шықпау керек. Менің ой-толғамдарым қарабайыр болып көріне ме деп қорқамын, бүл өзі сондайлық оңай ма - ол жағын білмеймін, бірақ дұрыс екеніне иманым кәміл Әр алуан ой-пікірден құлағым сарсып, басым қатты, ал бұл пікірлер кісі өлтіруді қабылдату үшін қаншама бастарды айналдырмады десейші, сонан ақыр аяғында түсінгенім мынау ғана болды - жұрттың күллі соры айқын да түсінікті тілді пайдалана білмеуден шығады екен. Сосын мен дұрыс жолға шығу үшін әрі айқын сөйлеп, әрі айқын қимылдай бастадым. Міне, тағы қайталап айтамын, апат пен құрбандық қатар жүреді, басқа ештеңе емес. Егер осыны айта отырып, апатқа айналсам, бері қойғанда ол менің ырқымнан тыс. Мен бейкүнә кісі өлтіруші болуға тырысамын. Көріп отырсыз, онша зор ұмтылыс емес.
Әлбетте, дәрігерлердің үшінші тобы болуға тиіс, бұл нағыз дәрігерлер сирек кездеседі, оларды табу өте-мөте қиын. Міне, сондықтан да мен барлық жағдайда да әйтеуір апаттың құлашын шектеу үшін құрбандардың жағында жүріп үшінші топқа барар жолды іздеп көрер едім деп ойлаймын, тыныштыққа бастар соқпақ та сол ғой".
Сөзін тәмамдап Тарру салмағын бір аяғынан екіншісіне аударып, өкшесімен терраса еденін баяу тақылдатты. Сәл-пәл үнсіздік орнады, сосын дәрігер орындықта бойын тіктеп, Таррудан тыныштыққа барар қандай жолды таңдау керек екені жөнінде түсінігіңіз бар ма деп сұрады.
— Иә, бар, ол - жанашырлық және аяушылық.
Әлдеқайда алыста екі дүркін санитарлық машина пепілдеді. Жеке-дара маңқылдаған дауыстар қаланың шет жағында, шамасы, тастақ төбе маңында тұтасқан гуілге айналды. Сонымен бір мезгілде мылтық даусына ұқсас екі гүрсіл естілді. Сосын тыныштық қайта орнады. Риэ шамшырақтың екі жарқылын санады. Жел күшейіп, екпінімен үрлеп теңіз жақтан тұздың иісін алып келді. Енді жартасқа ұрып алқынған толқынның демі айқынырақ естілді.
― Шынтуайттап келгенде, мені жалғыз-ақ нәрсе қызықтырады, - деді Тарру жай ғана.
— Қалай әулие болатынын білсе ғой.
― Ал, сіз құдайға сенбейді емессіз бе?
— Ол - дұрыс. Қазір мені толғандыратын бір ғана нақтылы мәселе бар, ол - құдайсыз әулие болудың мүмкіндігі.
Әлгінде айқай шыққан жақтан аяқ астында жалт-жұлт етіп жарық шашырап, желдің ағыны шуылдаған дауыстардың бұлдыр гуілін жеткізді. Жарық кенеттен өшіп, соңғы терраса барып жартасқа жабысатын тұстан қып-қызыл жіңішке жолақ жылтырап тұрды. Желдің екпіні тобырдың айқай-ұйқайын айқынырақ әкелді, сосын дүркін-дүркін атылған мылтық гүрсілі мен түсініксіз гүріл шықты. Тарру көтеріліп құлағын тосты. Барлығы тынши қалды.
― Қақпада тағы да төбелесіп жатқан ғой.
— Төбелесіп те болды, - деді Риэ.
― Тегі мұндайлар ешқашан бітпес, тағы да құрбандықтар болады, бұл табиғи іс, - деп Тарру бұрқ етті.
— Мүмкін, - деп келісті дәрігер, - ал, сіздің қалай екеніңізді білмеймін, мен өзімді сол жеңіліс тапқандармен біргемін деп сезінемін, әулиелер жағын таңдамаймын. Жалпы ерлік пен әулиелікке деген талғамнан жұрдаймын-ау деп ойлаймын. Мен үшін бірден-бір маңыздысы - адам болу.
― Рас, біз екеуміз де бір-ақ нәрсені іздейді екенбіз, тек менің дәмем де, талпынысым да зор емес.
Риэ әзілдеп тұр ма деп Тарруға көзін төңкерді. Аспаннан себездеген әлсіз жарықта оның мұңлы, байсалды жүзін көрді. Жел тағы да көтерілді, Риэ бүкіл тәнімен оның жылы лебін түйсінді. Тарру басын бір сілкіп қойды.
— Біздің достығымызды нығайту үшін не істеу керек екенін сіз білесіз бе?
― Сізге керегінің бәріне келісемін, - деді Риэ.
— Жүріңіз, теңізге шомылып қайтайық. Ол дегеніңіз болашақ әулиеге де лайық рақат қой.
Риэ жымиып күлді.
― Рұқсат қағаз бізде бар, бөгенге дейін еш қиындықсыз жетеміз. Айтты-айтпады, жалғыз обамен ғана өмір сүру ессіздік емес пе. Әлбетте, адам құрбандықтардан сырт та күресуі керек қой. Ал егер оның сүйіспеншілігі осы шеңбермен ғана шектеліп қалса, онда күресіп қажеті қанша.
— Жақсы, барамын, - деді Риэ.
Арада бірнеше минут өткенде машина порт қақпасының аузына кеп тоқтады. Ай да туған еді. Аспан әлеміне сүттей ақ мұнар тартылып, көлеңке солғын, бұлдыр болып көрінді. Олардың арқа тұсынан қала төніп, ол жақтан жеткен ыстық, дімкәс леп оларды теңізге қуып тықты. Қарауылға рұқсат қағаздарын көрсетіп еді, ол саусағында оны әрлі-берлі айналдырып біраз тұрды. Ақыры ығысып жол ашып, олар бәз бір алаңқай арқылы бөгенге бет алды. Алаңға үйілген кеспектерден шарап пен балық иісі аңқиды. Тағы да бірнеше қадамнан соң йод пен балдырдың иісі шығып, теңіздің жақындығын паш етті. Теңіз шуылын олар содан кейін ғана есітті.
Таудың тастақты, алып кертпешінің етегінде теңіз баяу ғана сыбдырап жатыр, олар тағы да ептеп көтерілгенде қарсы алдарынан шалқар айдын ашылды. Теңіз керген барқыттай тұп-тұтас болып, жыртқыштың жон арқасындай бүлкілдеп, жылт-жылт етіп жатыр. Олар теңізге бетін беріп тұрған құзды ұнатты. Толқындар баяу көтеріліп келеді де, кейін лықсиды. Осынау сабырлы дем-тыныстан судың бетінде жылбысқы дақтар туып-өшіп, туып-өшіп дамыл көрмейді. Ал алда - шеті, шегі жоқ қараңғы мұнар. Алақанының астынан жартастың шешек осқандай бейнесін сезген Риэ керемет бір бақыт сезіміне бөленді. Тарруға бұрылып, ештеңені, тіпті кісі өлімін де ұмытпайтын досының байыпты, сабырлы жүзінен сол өзіндегідей бақытты аңдады.
Олар шешініп, Риэ суға бірінші кірді. Алғаш су оған сұмдық суық көрінді, малтыған кезде жылынып кеткендей болды. Бірнеше метр жүзгеннен кейін судың жылы екеніне көзі жетті, жердің жаз бойы аптаптан жиған жылуын әдетте су күзде өзіне тартып алады. Судың күзде айрықша жылы болатыны содан. Ол асықпай, біркелкі жүзді. Оның суды шалпылдатқан аяғынан көпіршіген жол қалып, омырауымен толқынды жарып, құлаштап та қояды. Арт жақтан күрс еткен шалпыл естілді, бүл суға күмп берген Тарру екенін Риэ түсінді. Риэ арқасына аунап түсіп, шалқасынан былқ етпей жатып, ай бастаған жүлдыздар кернеп кеткен аспан күмбезіне қарады. Ол терең дем алды. Құлаштаған қуатты қолдан көпіршіген судың сылдыры түнгі үнсіздік пен жалғыздықта таңданарлықтай түсінікті көрініп, жақын тартып кеткен сынды. Тарру жақындап қалып, дәрігер ұзамай оның тынысын сезді. Риэ қарнынан аунап түсіп, досымен бір ырғақта қатар жүзді. Тарру шапшаң жүзеді екен, дәрігерге барын салуға тура келді. Бірнеше минөт олар сол қарқынмен, сол қуатты серпінмен құлаштап қалған әлемнен алыс, қала мен обадан ақыры азат екенін сезіп, алға тартты. Бір сөзде айтып тіл қатыспай, екеуі де шапшаң жүзіп теңіз сыйлаған күтпеген рақатты жанына да, тәніне де сіңіріп алғысы келді.
Олар үнсіз киініп, үнсіз үйге беттеді. Алайда олар жүрегімен жақындасып, туысып кетті де, мынау түннің естелігі екеуінің жанына да сүйкімді сезілді. Олар ту алыстан обаның күзетін байқағанда, Таррудың қазір не ойлағанын Риэ сезе қойды, ол да Риэ сияқты, ауру бізді ұмытты, бұнысы жақсы, міне енді іске қайта кірісу керек болады деп ойлаған еді.
Иә, іске қайта кірісуге тура келді, оба ешкімді де ұзақ ұмытпайды. Бүкіл желтоқсан бойы ол біздің азаматтардың кеудесінде алаулап крематорийдің пешін лапылдатып, лагерьлерге қимылсыз көлеңкелерді қоныстандырды - бір сөзбен айтқанда, оба біркелкі қысқа секіріспен алға қарай жылжи берді. Қаланың билік орындары суық күндерге үміт артып, суық аурудың қозғалысын бөгейді деп есептеген еді, ал оба қаннен-қаперсіз қыстың алғашқы айының сынынан аман өтті. Тағы да күтуге тура келді. Ал тым ұзақ күтсең, жалпы ештеңе күтпейсің, сондықтан күллі қала келешексіз өмір кешті. Дәрігер Риэнің еншісіне тиген достық пен тыныштықтың қысқа сәтінде ертеңгі күн жоқ еді. Тағы да бір лазарет ашылды да, Риэ бұрынғы немесе басқа аурумен оңаша қалды. Алайда оның аңдауынша, індеттің мына сатысында оба өкпе ауруы түрінде жиі білініп, аурулардың өзі дәрігерге көмектесуге тырысатыны байқалды. Егер бастапқы күндері ауру делсалдық немесе есінен тану жағдайымен дараланса, енді емделушінің өзі халін түсініп, азап-шерін жеңілдетуге не пайдалы болса, соны талап етіп жүгіріп жүрді. Олар дамылсыз сусын сұрап, шетінен жылу іздеді. Дәрігер Риэ бұрынғысынша шаршап аяғынан сүрініп жығылар халде жүрсе де, өзін баяғыдай жалғыз, жалқы сезінген жоқ.
Бүл өзі желтоқсанның аяғына таман болатын, бірде дәрігер тергеуші Отоннан хат алды, ол күні осы уақытқа дейін лагерьде жатқан-ды; хатта карантиннің біткенін, бірақ бұндағы басшылық бұның қашан түскенін тізімнен таба алмай, қателіктен босқа ұстап отырғаны айтылыпты. Карантин мерзімін таяуда өтеген әйелі префектураға шағым айта барған екен, ондағылар бізден қате кетпейді деп өре түрегеліпті. Бүл шаруаны реттеуді Риэ Рамберден өтінді де, бірнеше күннен кейін алдына мсье Отонның өзі келді. Шынында да қате кеткен екен, Риэ біраз ашуланып та алды. Бұрынғыдан да қазылып жүдеген Отон қолын баяу сілтеп, әр сөзін шегелей отырып, әркімнің-ақ қателесетінін айтты. Дәрігер іштей тергеуші бірдеңеден өзгерген тәрізді деп ойлады.
― Ал, тергеуші мырза, не істемек ойыңыз бар? Сізді іс күтіп тұр, - деді Риэ.
— Әзір ештеңе істемек ойым жоқ, - деп жауап қатты тергеуші. - Демалыс алсам ба деп едім.
― Дұрыс, дұрыс, сізге демалғанның бөгеті жоқ.
— Жоқ, ол үшін емес. Мен лагерьге оралсам ба деп ем.Риэ таңданысын жасыра алмады:
― Апырай, сіз содан жаңа ғана шықтыңыз емес пе?
— Сіз мені дұрыс түсінбедіңіз. Маған ол лагерьге басшылық еріктілер жинап жатыр деген.
Тергеуші дөңгелек көзін оңды-солды төңкеріп, самайына түскен тұлымын сипап жатқызбақ болды.
- Сіздің мені түсінуіңізді қалаймын. Біріншіден, менің шұғылданатын шаруам болады. Ал, екіншіден, менің сөзім сізге ерсі көрінсе де айтайын, онда мен баламнан айырылғанымды азырақ ойлайтын болам.
Риэ тергеушіге аңыра қарады. Мынау қатыгез, ештеңе білдірмейтін көздерден кенет мейірім ұшқыны жалт етуі мүмкін бе? Бірақ олар тұманданып, айқын да жарқын реңкінен айырылып, төмен сүзілді.
Шынында да, дәрігер мсье Отон ісі жөніндегі бар әрекетті өз мойнына алды. Рождество мейрамына дейін оба жайлаған қаланың өмірі өз ырғағымен жылжи берді. Тарру бұрынғыша барлық жерде төбе көрсетіп, оның жер қозғалса қозғалмайтын сабырлығы жұртқа дәрідей эсер етті. Рамбер дәрігерге ағайынды егіздер арқылы әйелімен құпия хат алысудың орайы келгенін мойындады. Енді ара-тұра одан хабар алып тұрады. Рамбер дәрігерге осы арнаны пайдалануға ақыл берді де, Риэ оны құп алды. Ұзақ айлардан кейін қолына алғаш қалам ұстап еді, жазу оған қиынға түсті. Сөздік қорынан бірдеңелер жоғалып кетіпті. Не керек, хатты аттандырды. Алайда жауабы кешікті. Оның есесіне Коттар масайрап, айла-амалымен байып алды. Ал Гранға Рождество демалысы сәттілік сыйлаған жоқ.
Биылғы жылы Рождество евангелье мейрамы емес, тозақ тойы құсап өтті. Баяғы рождество демалыстарын еске түсірер ештеңе болған жоқ - бос қалған, қараңғы дүкендер, жарнама әйнектердегі жасанды шоколад, трамвайлардағы түнерген жүздер жұрттың көргені. Бұрын бұл мейрам жұрттың бәрін, байын да, кедейін де біріктіретін, бұл жолы мәртебелілер ғана жасырын жолмен лас дүкендерден ердің құнына қажетін алып, ел көзіне түспей астыртын той жасап, мәре-сәре болды. Тіпті шіркеулердің өзіндегі құдайға алғыс айтқан құлшылықтың шырышын жылау-сықтау бұзды. Тек өздеріне төнген қатерді түсінбейтін балалар ғана суық құрсаған жабырқаңқы қаланың көшелерін шулатып, асыр салды. Оларға құдайды еске салған, обадан бұрынғы жомарт адам қайғысындай көне, келешек үмітіндей жаңа жаратқан туралы ешкім ештеңе айтқан жоқ. Біздің жүрегімізде тек ежелгі, түнеріңкі жұрттың ажалды бойсұнып қабылдауына қарсы үмітке ғана орын қалды, ол тіпті үміт те емес, өмірге әншейін ғана жармасу болуы да мүмкін.
Соның қарсаңында Гран белгіленген мерзімде келген жоқ. Риэ алаңдап таңертең ерте бас сұғып еді, үйінен оны таппады. Сосын жұрттың бәрін аяғынан тік көтерді. Сағат он бірге кеткенде лазаретке Рамбер жүгіріп келіп, Риэге Гранды алыстан көргенін, өң жоқ, түс жоқ қасынан өте шыққанын айтты. Содан ұшты-күйлі қайда жоғалып кеткенін білмейді. Дәрігер мен Тарру машинаға отырып оны іздеуге шықты.
Талма түстің кезінде аязда фиэ машинадан шығып, ағаштан долбарлай салатын айшықтар сататын дүкеннің жарнама әйнегіне жабысып тұрған Гранды анадайдан көзі шалды. Шенеунік шалдың көзінен жас парлап тұр. Парлаған көз жасын көргенде Риэнің жүрегі сыздап, өз тамағына да өксік кептелді. Ол Гранның Жаннамен сөз байласқанда осындай жарнама әйнектің алдында тұрғанын, қыздың басын сілкіп қалып бақыттымын дегенін еске алды. Алыста қалған жылдар қойнауынан мынау жастық албырттықтың қамалына Жаннаның жап-жас үні талып жетіп, Гранның құлағына құйылғанына оның күмәны болған жоқ. Махаббатсыз дүние - өлі дүние, түрмеден, еңбек пен ерліктен қажып, жадына жақын дидарды жаңғыртып, жүрегі елжіреп, соның алдында еркелегісі келетін шақ сөзсіз туады екен ғой деп ойлайды ол
Гран оның суретін әйнектен көрді. Көз жасын сүртпестен жалт бұрылып, әйнекке арқасын беріп жақындап келе жатқан Риэге қарады.
― Аһ, дәрігер, дәрігер! - деп күрсінді ол
Риэнің аузына сөз түспеді, қарттың көңіліне медет беру үшін жылы ұшырап басын изеді. Бүл торығу - оның да торығуы еді, жалпы жұртқа ортақ күйзелісті көргенде, кісіні буатын ашу-ыза мұның да жанын астан-кестең етті.
— Иә, Гран, - деді ол
― Менің хат жазып тастағым келіп еді. Ол, ол білсін деп... бақытты болсын деп... ары алдында опынбасын, өкінбесін деп...
Риэ белгісіз бір ызамен оны әйнектен жүлып алды. Ал Гран мөлтеңдеп еріп жүре берді, бірақ қайдағы бір түсініксіз тіркестерді келтіріп, бас жоқ, аяқ жоқ міңгірлеумен болды.
— Мұның өзі тым созылып кетті ғой. Енді қайтып қарсыласқың да келмейді, не болса о болсын! Ah, дәрігер, дәрігер! Мен сырттай ғана сабырлымын. Алайда әдеттегі шекте жүру үшін өзімді өзім ауыздықтауға қанша күш-жігер жұмсағанымды білсеңіз ғой. Ал енді арнамнан асып барамын.Тоқтай қап, тұла бойы қалшылдап, Риэге ойсыз көзбен алақтай қарады. Дәрігер қолын ұстап еді, күйіп тұр екен.
― Үйге барайық, кәне.
Гран сытылып шығып, тұра қашты, бірақ бірнеше адым ғана жасап тоқтай қалып, екі қолын екі жаққа кресше созып, ілгерілі-кейінді шайқатылды. Созып шеңбер жасап бір айналып, мұз құрсанған табанжолға құлап түсті, Kip-кір жүзінен көз жасы әлі жылжып ағып жатыр. Өткен-кеткендер бұларға алыстан көз тастап, кілт тоқтай қалады да, бірақ жақындап келмейді. Риэге Гранды машинаға дейін қолына көтеріп апаруға тура келді.
Гранды төсегіне салғанда, ол алқынып қырылдай бастады, шамасы, өкпесіне зақым келсе керек. Риэ ойланып қалды. Туысқан деген Гранда жоқ. Лазаретке апарғаннан не пайда! Одан да осында жатсын, Тарру қарай тұрар...
Жастыққа Гранның басы сүңгіп кетті, бетінің терісі жасыл реңк алып, жанары сөніп барады. Сонда да ескі жәшіктерді тамыздық қып, Тарру жаққан пештің өлеусіреген жарығынан жансыз көзін алмайды. От ораған өкпесінің тереңінен әрбір айтылған сөзбен ілесіп оғаш бір қырыл шығады. Риэ оған үндеме, кейінірек келемін деді. Қызық бір күлкі аурудың ернін әжімдеп, жүзінен бұрын байқалмаған нәзіктік білінді. Ол дәрігерге әрең деп ымдап:
— Егер осыдан айықсам, бөрікті сыпыр, дәрігер, -деді. Табанда ол дел-сал халге түсті.
Араға бірнеше сағат салып Риэ мен Тарру қайтып келсе, Гран төсекте отыр екен, аз уақытта аурудың оны мұнша мүжігенін көріп, дәрігер шошып қалды. Бірақ ес-санасы оралған сияқты, әдептен тыс қаттырақ дауыстап ол жәшікте жатқан қолжазбасын әперуді өтінді. Тарру оған парақтарды берді. Гран қарамастан оларды кеудесіне басты, сосын дәрігерге ұсынып, ыммен нұсқап дауыстап оқуын өтінді. Қолжазба қысқа, не бары елу шақты бет болатын. Дәрігер оларды парақтап, әрбір беттің сол баяғы таныс тіркестермен жазылғанын, олардың қайта-қайта өзгертілген, өңделген, кейбір тәуір, кейбір кебір нұсқаларын көрді. Бәрінен де мамыр айы, амазонка, Булон ормандары сәл өзгертіліп, сәл ауыстырылып келе береді. Оның ішінде түсініктемелері де бар, кейбірі оқып шығуға дәтің жетпейтіндей ұзақ. Алайда ең астында соңғы бетте әп-әдемі ғып бірнеше сөз жазыпты, сиясы әлі кепкен жоқ сияқты, қағазға таяуда ғана түскен дүниелері: "Қымбатты Жаннам менің, бүгін Рождество...". Ал жоғары жағында әдемілеп жазылған таныс тіркестердің тың нұсқасы. "Оқыңызшы" деп өтінді Гран. Амал не, Риэ оқи бастады:
― Тамаша мамыр таңында сымбатты сұлу амазонка таңғажайып торы арғымақпен Булон орманының жағажолымен гүлдердің арасында шауып бара жатты...
— Ал қалай, шығып па? - деп сұрады аптығып.
Риэ оған басын көтеріп көз тастауға батпады.
— Білем, білем, - деп міңгірлейді Гран төсегінде мазасыздана қозғалақтап, өзім де білемін. Тамаша, тамаша деген қалай болғанмен де ол сөз емес.Риэ оның көрпе үстінде жатқан қолын үстады.
— Қойыңызшы, дәрігер. Менің уақытым жетпейді...
Кеудесі көріктей кеулеп басылып, азаптана алқынып жатқан ол кенет бар даусымен айқайлап жіберді:
― Өртеңіздер ананы!
Риэ батылсызданып Гранға қарады, ал ол бұйрығын үрейлі де азапты үнмен қайта қайталаған соң, шыдай алмаған Риэ қолжазбаны оты сөне бастаған пешке сүңгіте салды. Бір сәтке бөлмені жарқ еткен жалын жарқыратып, ептеп жылытқандай да болды. Дәрігер төсекке жақындап келгенде ауру арқасын беріп, маңдайын қабырғаға тіреп жатыр екен. Тарру бұл көріністің өзіне қатысы жоқ жандай жайбарақат терезеге қарап тұрды. Ауруға сыворотканы шашып, Риэ досына Гранның таңға жетуі неғайбыл деген күдік айтты. Тарру оның қасында қалмақ болды. Дәрігер келісті.
Түні бойы ол Гран өліп қалады-ау деген оймен азапқа түсті. Келесі күні таңертең келсе, ол төсегінде Таррумен әңгімелесіп отыр. Ыстығы қайтыпты. Жалғыз-ақ кешегі мұрттай ұшырған аурудың салдары - жалпы әлсіздік қана.
― Аһ, дәрігер, - деді Гран өкініп, - кешегіміз бекер болды. Бірақ оқасы жоқ, барлығын жаңадан бастаймын. Есімде сақталған емес пе бәрі.
— Күтейік, - деді Риэ Тарруға қарата.
Алайда түс кезінде де аурудың жағдайы өзгерген жоқ. Кешкісін Гранның аман қалғаны айқын болды. Риэ бұл жексенбіде өлгендерден ештеңе түсінген жоқ.
Сол екі арада шамамен сол уақытта Риэге тағы бір ауруды алып келді. Ауру қыздың жағдайы үмітсіз деп тауып, басқа аурулардан оңашалауға әмір берді. Жас қыз сандырақтап жатыр, өкпе обасының барлық нышандары бар. Алайда таңға таман оның да ыстығы қайтты. Дәрігер Граннан көргеніндей мұны таңертеңгі сергіп бой жазуға балады, әйтпесе аурудың беталысы қатерлі. Алайда қыздың ыстығы түсте көтерілген жоқ. Кешке қарай сәл ғана көтеріліп, бір күннен кейін жалпы түсті. Қыз біраз әлсірегенмен де, тыныс алуы біркелкі әрі еркін. Риэ Тарруға ол күллі ережелерге қарамастан құтқарылды деді. Ал бір аптаның ішінде Риэ осындай торт оқиғаның куәсі болды.
Аптаның аяғында демікпе шалға соққан Риэ мен Тарру оны өте-мөте өрекпіген жағдайда кездестірді.
― Тағы да сыпылдап кіре бастады, - деді ол
— Кім?
― Кім болушы еді, егеуқұйрықтарды айтамын.
Сәуірден бастап, қалада бірде-бір өлген егеуқұйрықты еш пенде көрген емес.
— Қалайша бәрі қайтадан басталмақшы? - деп сұраулы кейіппен Тарру Риэге қарады.Шал қуана қолын уқалады.
― Сендер көрсеңдер ғой, қалай жөңкілгенін. Қызығына қарап отырудың өзі рақат.
Екі тірі егеуқұйрықтың қорықпай-үрікпей көшеден келіп кіргенін ол көзімен көріпті. Ал көршілері оларда да кеміргіштер пайда болғанын айтыпты. Құрылыс жағындағы біреулер ұмыт болған шиқыл мен суылды қайта естіпті дейді. Риэ болса, жалпы нәтижені шығаратын соңғы мәліметтерді күтіп жүр. Оны әдетте аптаның басында жариялайды. Оларға қарағанда, аурудың беті қайтқан сияқты.
БЕСІНШІ БӨЛІМ
Індеттің ойламаған жерден құлдырауына қарамастан біздің азаматтар алақайлап қуануға асыққан жоқ. Ұзақ айлар бойы олардың бұл пәледен құтылуға деген құлшынысы артқаны рас, алайда олар бүл мерзімде сақтық ғылымын да жете игеріп, індеттің таяуда аяқталатынына деген сенімге біртіндеп келді. Дегенмен, жаңалық жұрттың бәрінің аузында жүрді де, әр жүректің түкпірінде оянып, жасырын ұлы үміт жатты. Қалғандарының бәрі кейінге ысырылды. Обаның жаңа құрбандықтарының мәні бұрынғы естен тандырар жайттарға қарағанда аз сияқты көрінді, ауру көрсеткіші төмендеді. Денсаулық дәуірін күтудің бұлжымас бір белгісі азаматтарымыздың соңғы кезде обадан кейінгі тірліктің жоспарын ойластыра бастауы еді, рас, оған ашық сенбесе де, іштей тілеп, сырттай енжарлық танытты.
Барлығы келген жалғыз түйін - бұрынғы қолайлы тұрмыс төрт құбыласы түгел қайтып оралмайды, бұзу оңай, құрау қиын деген пікір болды. Әйтеуір, азық-түлікке байланысты қиындық болмайды, бүл да болса бір мәселе шешілді деген сөз. Ал, шын мәнінде, осынау ойдың астарында атойлаған үміт қана жатты, әйтпесе біздің азаматтар қандай жағдайда болса да қиындықтан құтыла қою дәл ертеңгі күннің ғана ісі емес екенін кәміл түсінді.
Шынында да, оба ертеңіне басыла қалған жоқ, бірақ барлық белгілеріне қарағанда күткендегіден тезірек төмендей бастады. Қаңтардың алғашқы күндері біз үшін оғаш қатты суық түсіп, қаланы сықырлаған аяз құрсауына көмді де тастады. Хрусталь күмбезге ұқсаған аспан ешқашан мұндай көгілдір көрінбеген шығар. Ертеден қара кешке дейін оның мызғымас мұз көркі сарқылмайтын салқын сәулесімен қаланы аялады да тұрды. Үш аптаның ішінде оба осынау тазарып айыққан ауада бірнеше мәрте құлдырап, жансыз мүрделердің сирек санымен қанағаттануға айналды. Қысқа мерзімде ол індеттің ұзақ айлары бойына жинаған қуатын түгел дерлік жойып алды. Оны басы өлімге сөзсіз тігілген Гран мен Риэнің уыз жас емделушісінің аман қалуынан да көруге болады. Кейбір қотандарда оба тағы да екі-үш күн дегенін істеп, көршілерінде сап тыйылды, дүйсенбіде құрбандарына әлі де тарпа бас салып келсе, сәрсенбіде барлық майданда шегінуге мәжбүр болды, оның діңкесі құрып, әбігерленгені, шамданып, шалдыққаны қуат-күштің қайнар көзі болған өктемдігі мен пәрменділігінен айырылғанын паш етті. Бұрын Кастельдің екпе дәрісінің түк әсері көрінбесе, қазір сәттілік бірінен соң біріне жалғасып жатты. Дәрігерлік шаралардың ешқайсы да бұрын тиімді екенін көрсете алмай келсе, қазір бәрі де сауықтыра бастады. Енді адым аттаған сайын аурудың өзіне қатер төніп, обаның әлсіреуі бұрын оған қарсы күреске жарамай мұқалып қалған қарулардың бәрін қайрап, қылпытып қойғандай әсер туды. Тек кейде ғана оба алқынысын басып бірер қарғиды да, дәрігерлер айығар деп жүрген бірлі-екілі ауруды тағы да қағып кетеді. Бұлар - былайша, үміт оянған тұста оба өлтіріп кеткен нағыз бейбақтар. Мәселен, өз өтінішімен карантиннен алып шығуға тура келген мсье Отонның тағдыры тап осындай болды. Тарру айтқандай, тергеушінің, шынында да, жолы болмады; өмірде ме, өлімде ме - қайсысында жолы болмағанын бір құдайдың өзі білсін.
Жалпы алғанда, оба барлық желіде кері шегініп, бұрын азаматтарымыздың жүрегінде ұяң әрі құпия үміт қана оятқан префектура мәліметтері енді жеңіске қол жетті, індет өз шептерін тастап шығып жатыр деген нық сенім орнатты. Ашығын айтқанда, мұның өзі шын жеңіс пе, әлде жалған ба деп дәлелдеу де қиын еді. Тек қана індет қалай аяқ астынан келсе, солай кетті деп түсінік беруге болады. Оған қарсы күресте қолданылған стратегия өзгерген жоқ, кеше жеміссіз болса, бүгін ол табыс әкеліп жатыр. Қалай болғанда да мынандай әсер қалыптасты: бәлкім ауру өз мүмкіндігін әбден сарықты, не болмаса, көздеген нысандарының бәрін құртып кері шегінді. Бәз бір мағынада ол өз рөлін ойнап бітті.
Соған қарамастан, қала сырттай өзгермеген сияқты. Күндіз бұрынғысынша бос, тыныш, кешкілік көшелерді бәз баяғы тобыр толтырады, денінің кигені - жылы пальто, мойнына салғаны - кашне. Кинотеатрлар мен дәмханалар бұрынғысынша зор табыс түсіреді. Зер салып, зерделей қарасаң, жұрттың жүзі онша жабыңқы, қатал емес, кейбіреуі жымиып күле бастаған... Шын мәнінде, ұзақ айлар бойы қаламызды тұмшалаған буалдыр мұнардың арасынан алғашқы саңылау көрінді, әрбір дүйсенбі сайын радио тыңдай отырып, жұрт бұл саңылаудың күннен-күнге ұлғайып, ақыр аяғында еркін тыныстауға мүмкіндік беретініне көз жеткізді. Әзір бұл бұлдыр жеңілдік еш қырымен де ашық көрінген жоқ. Бұрын пойыздардың аттануы немесе кемелердің келуі, қала берді автомобильдердің қала бойынша жүріп-тұруына қайтадан рұқсат беріледі деген сияқты хабарларды сенімсіздікпен қарсы алса, қаңтардың ортасынан бастап, керісінше, ондай хабарлар ешкімді таңдандырған жоқ. Әлбетте, бүл онша көп те емес. Бірақ іс жүзінде бұл нышан азаматтарымыздың үміт жолында қанша қарыштап ілгері басқанын айғақтайды. Сол сияқты тұрғындар титтей де бір үмітті аялай бастаған сәттен обаның нақты үстемдігі бітті деп те айтуға болады.
Сөйте тұра, бүкіл қаңтар айының он бойында біздің азаматтар болған жайдың бәрін қайшылықты қабылдады. Дәлірек айтқанда, жұрт қуанып тұрып ізінше мұңға батты. Статистикалық мәліметтер жақсы болып тұрғанның өзінде бірнеше адам қашып кетуге әрекеттенді. Бұл жағдай қала билік орындарын ғана емес, қарауыл күзеттерінің өзін таңдандырды, өйткені қашқындардың көпшілігінің жолы болып, құтылып кетті. Егер қатаң зерделер болсақ, қаладан дәл осы күндері қашқан жандар - табиғи сезіміне шынымен бой алдырғандар. Оба кейбіреулердің көңіліне күмәншілдік ұялатып, көбі содан арыла алмай қойды. Үміт оларға қайтып үстемдік ете алмады. Тіпті обаның уақыты өтсе де, соның тәртібімен өмір сүрді. Олар жалпы оқиғаларға ілесе алмай қалды. Керісінше, сүйгендерінен жырақта жүрген енді біреулерінің жүрегінде ұзақ сарылу мен сары уайымға салынудан кейін ескен үміт желі шыдамсыздық отын үрлеп, өзін-өзі билеуіне ырық бермеді. Құдай қырына алып, обадан опат болып қалсам, таяу тұрған мақсатыма жете алмай, шексіз сүйген жанымды көре алмай қалармын деген қауіп кейбіреулерді ақылға да келтірмеді. Айлар бойы түрме мен қуғында түнеріп, табандап күтумен жүрген оларға үрей мен үмітсіздік шайқалта алмағанның бәрін түп орнымен төңкеріп тастау түкке де тұрған жоқ. Қайтсек обаның алдын орап, сөреде оның жүрісіне салып митыңдауға енді шыдамы жетпейтін олар жынды адамдай бұзып-жарып берді де кетті.
Сірә, оптимизм нышандары өз-өзінен дәл осы кезеңде шаң берген сияқты. Баға да бірсыдырғы төмендегені байқалады. Таза экономикалық тұрғыдан өзгеріс түсініксіздеу. Азық-түлік жөніндегі қиындықтар әзір сол қалпы, қала қақпаларында бұрынғысынша карантин кордондары тұр, жабдықтаудың да жақсарып тұрғаны шамалы. Демек, біз адамгершілік сипаттағы жақсылықтың куәсі болып, обаның аласталуы өмірдің сан саласына әсер ететінін сезгендейміз. Осымен бір мезгілде оптимизм бұрын қауым боп өмір сүріп, оба кезінде таратылғандарға да оралды. Біздің екі монастырьдың екеуі де бірте-бірте бұрынғы қалпына келіп, діни бауырлар қауымдасып өмір сүре бастады. Осы екі жайттың өзі өте-мөте айқын нышан болды.
Біздің азаматтар іштей толғаныстың осы жағдайында жиырма бесінші қаңтарға дейін болды. Соңғы аптада өлім-жітімнің көрсеткіші күрт төмендеп, медициналық комиссиямен ақылдасқаннан кейін префектура обаның жолы кесілді деп жариялады. Рас, хабарда сақтық үшін қала әлі де екі апта бойы жабық болып қалады да, сауықтыру шаралары табандатқан бір ай жүргізіледі. Бұл шаруаны орандықтардың мақұлдайтыны сөзсіз делінді. Егер осы мерзім ішінде қатердің құйттай бір белгісі білінсе, "одан туындайтын салдарлармен бірге қалыптасқан бұрынғы жағдайды сақтау қажет". Алайда біздің азаматтар бұны таза стилистік тұрғыдағы қосымша деп санауға бейімділігін байқатып, жиырма бесінші қаңтардың кешінде бүкіл қала қуаныш толқыны құшағында болды. Ортақ қуаныштан сырт қалғысы келмей префект обаға дейінгі уақыттағыдай қалаға жарық беруге үкім шығарды. Шыңылтыр ашық аспан астында жарықпен жадыраған көшелерде күліп-ойнап, шулаған азаматтар қаптап кетті.
Әрине, көптеген үйлердің терезе қақпасы сол қалпы ашылмай қалды, кейбір отбасылар топтанған жұрттың даусынан сергіген бұл кешті ауыр үнсіздік үстінде өткізді. Алайда қаза тапқандарын азалап, әлі қара жамылып жүргендердің өзі ерен бір жеңілдік сезінді, бәлкім бұл обадан аман қалған жақындары үшін енді алаңдамаймын деп қуанғанынан, әлде өз өмірі үшін енді қауіп ойламайтынынан да болар. Жалпыға ортақ сауық-сайраннан әсіресе дәл осы сәт жақыны лазаретте хал үстінде жатқан отбасылар немесе карантинде не оз үйінде ауырып құдайдың қамшысы опат болған басқаларға ұқсатып, өзін қашан майып етер екен деп күткендер, әрине, бойын аулақ салды. Рас, бұл отбасыларында да жылт етсең үміт жоқ емес, тек оны кейінге сақтап, жариялауға толық құқығы болғанша, ол туралы ойламауға бекінді. Ал бұл күту, арпалыс пен қуаныштың орта жолындағы сергу оларға жалпыға ортақ шаттықтың ортасындағы ең қатты соққы секілді көрінді.
Алайда бұл басқалардың қуанышына көлеңке түсіре алған жоқ. Әлбетте, оба әлі біткен жоқ, оны ол дәлелдейді де. Әйткенмен әркім бірнеше апта алдағыға көз жіберіп, көз алдына, болат жолмен ысқырып пойыздар зулағанын, кемелердің жарқыраған теңіз айдынын соқалайтынын елестетті. Ертеңіне ақыл-ой арнасына түсіп, күдік қайта туды. Дегенмен, дәл сол сәт күллі қапа дүр сілкініп, тас тамырын тереңге жіберген жердегі көңілсіз ысқаяқ қалқасынан байтақ кеңістікке шығып, аман қалғандардың ауыр жүгін арқалап орнынан қозғалды. Сол кеште Тарру, Риэ, Рамбер және басқалары шадыман топпен бірге аттап, бірге шаттанып, жерге табаны тимей ұшып жүргендей сезінді өздерін. Тарру мен Риэ бұрылып, ту сыртындағы шат-шадыман шуды тіпті қаңыраған көшелерге сүңгіп, тарс жабық терезелердің түбінен өтіп бара жатып та ұзақ тыңдады. Қарғыс атқыр қалжырағанның салдарынан мынау жабық терезелердің ар жағындағы қайғы-шер мен сәл алысырақта қала орталығын кернеген шат думанның ара жігін ажыратуға шама жоқ. Жақындап келе жатқан азаттықтың жүзі көз жасымен жуылып, күлкімен жарқырайды.
Куанышты гуіл айырықша күшейген сәтте Тарру кенеттен тоқтай қалды. Қараңғы жол жиегінен сырғып бір көлеңке өтті. Мысық екен. Олар қалада көктемнен бері көрінбеп еді. Мысық бір сәт көшенің ортасына тоқтай қалып батылсыздау шоқиып отырды да табанын жалады, сол аяғымен оң құлағын айналдыра сипады да, үн-түнсіз қарсы жақтың табан жолына қарай жылжып қараңғылық құшағына еніп, көзден ғайып болды.
Тарру жымиып күлді. Міне, енді шал қайта разы болады!..
Ал енді оба кері бұрылып, көктемде үн-түнсіз жорғалап шыққан ініне қайта барып кіретіндей көрінгенде, қаладан оның кетуі қарадай қайғыға батырып күйзелткен бір адам табылды, Таррудың жазбаларына сенсек, ол адам - Коттар.
Ағынан ақтарылар болсақ, ауырғандардың көрсеткіші төмен түскен күннен бастап, Таррудың жазбалары бәз бір қызық сипат алды. Әлде шаршағандықтың салдары болды ма екен, ол жағы да беймәлім, жазуы түсініксіз және автор ұдайы бір тақырыптан екіншісіне шоршып шыға береді. Оның үстіне бұл жазбалар алғаш рет өзінің ежелгі әділеттілігінен айырылып, керісінше автордың жеке топшылаушылары көбейіп кеткен. Коттар жайындағы бірсыпыра ұзақ әңгіменің ортасында мысықтарға түкіретін шал туралы бірнеше сөз шашырап жүр. Таррудың сөзіне қарағанда, оба оның осынау кейіпкерге деген құрметін кемітпеген, ол оған індеттен кейін де ынта қойған, бірақ, өкінішке орай, енді оған ықылас аудара алмайды, дегенмен қарияға әлі де ілтипатпен қарайды. Ол оны көруге әрекет жасапты. Жиырма бесінші қаңтардан кейін бірнеше күн өткенде олардың шолақ көшесінің бұрышынан бақылап та көріпті. Мысықтар кездесетін ежелгі жерін есіне түсіріп, күннің көзінде маужырап, шуақтап жатыр екен Бірақ тиісті уақытында терезе тырс етіп ашылған жоқ. Осыдан келіп автор қария не ренжіген, не өлген деген қорытынды шығарады; егер ол өкпелеп ренжісе, оны оба жоққа шығарады, ал ауырып өлсе, демікпе шал сияқты әулие болған жоқ па екен жарықтық деп ойлауға болады. Таррудың өзі олай ойлаған жоқ, бірақ шалмен болған оқиға әлдебір "нұсқау" деп саналады. "Бәлкім, адам әулиеліктің табалдырығына жақындауы ықтимал, - деп жазылған қойын дәптерде. - Егер олай болса, қарапайым да қайырымды сайтандықпен қанағаттануға болады".
Коттар жайындағы жазбалармен алмасып ретсіз шашыраған тағы басқа көптеген ескертпелер кездеседі, олардың ішінде аурудан айығып, ештеңе болмағандай жұмысқа қайта кіріскен Гран туралы, дәрігер Риэнің анасы жайындағы ойлар жүр. Таррудың анамен әңгімесі бақайшақтап бүге-шігесіне дейін тізіліпті, бір шаңырақтың астында бірге тұрған адам үшін бұл сөзсіз қажет те: кейуананың жүріс-тұрысы, жымиысы, оба туралы ескертпелері - бәрі-бәрі бар. Әсіресе Тарру оның таңқаларлық байсалдылығын, кішіпейілділігі мен көзге түспеуге тырысатынын ойын тек қана қарапайым сөздермен бере білетінін, тыныш көшеге қарайтын терезеге құмарлығын, соның түбінде екі қолын тізесіне қойып отыратынын, іңір қараңғылығы бөлмені басқанша сырттан көз алмайтынын, өзі қара көлеңкеге айналып, қараңғылық жұтып қойғанша тырп етпейтінін, пәтерде жеңіл қозғалатынын, жан-жүрегін жарқырата жайып салатын мейірбандығын, әрбір қимылын, әрбір сөзін атап көрсетеді. Таррудың өзі үшін айрықша ештеңе жасалмағанымен, ол қарт ана барлығын оймен аңдап, ақылмен түсінеді, көлеңкеде үндемей отырып-ақ кез келген жарықпен тең түсе алады, тіпті ол мейлі обаның жарығы болсын деп жазады. Айтқандай, осы арада Таррудың жазуы әлсіреп қалғандай бір түрлі қызық, оғаш көрінеді. Бұдан кейінгі жолдарды ажыратудың өзі қиын, әлгі әлсірегенінің бір дәлелі жазбаның соңғы сөзі, сонымен бірге өзінің бірінші айтқаны болып шығады: "Менің де анам дәл осындай болған, оның еркімен көзге түспеу қабілетін жақсы көретін едім, бәрінен бұрын онымен бірге болғысы келетінін айтсайшы! Міне, сегіз жыл өтті, алайда, ол өлді деп айтуға тіпті де батылым бармайды. Жай ғана аздап именшіктеніп, енді бұрылып қарағанымша жоқ боп шықты".
Ал енді Коттарға оралайық. Індет азанға айналғаннан бері Коттар әр алуан сылтауларды ойлап тауып, Риэге келуін жиілетіп жіберді. Шын мәнінде, ол дәрігерден індеттің одан әрі өршуі жөніндегі болжамдарды білуге ғана келеді. "Демек, сіз әй жоқ, шәй жоқ, індет өз бетімен тоқтай қалады деп топшылайсыз ғой?" Бұл орайда ол сары уайымға салынуға бейім, әйтеуір өзін қайткенмен солай көрсетуге тырысады. Алайда оның беймазалығы іштей бұл жөнінде сенімі аздығын дәлелдейтін. Қаңтардың ортасынан бастап оның сауалдарына Риэ үміт ұшқыны бар көтеріңкі үнмен жауап беретін болды. Дәрігердің әр жолғы жауабы Коттарды қуанту былай тұрсын, ренжітіп, кейде уайымға батырды, кейде өкінішке қалдырды. Сосын Риэ оған жағымды нышандар мен жақсы мәліметтерге қарамастан, "алақайлап" айқай салуға әлі ерте дейтін болды.
— Басқа сөзбен айтқанда, ештеңе белгісіз ғой,-дейді Коттар көңілі орнына түскендей, -демек, бүгін болмаса да, бәрі қайта басталады ғой.
—Дәл солай, бірақ сол сияқты індет мұнан да шапшаң азаюы мүмкін.
Баршаны әрі әр адамды қобалжытып қойған бұл сенімсіздік Коттарға жұбаныш әкелді, сондықтан Тарру отырған жерде көрші саудагерлермен әңгіме-дүкен құрып, дәрігер Риэнің пікірін таратуға тырысады. Сірә, бұл айырықша қиындық туғызбайтын сияқты. Алғашқы жеңіс хабарынан бұрқ ете қалған қуаныш ізінше күдікке ұласып, префектураның мәлімдемесінен гөрі тұрақтырақ болып, жұртты қайта абыржытты. Қаланы қобалжытқан көрініс Коттарды сабасына түсірді.
- Ерте ме, кеш пе, - бәрібір, қаланы ашық деп жариялайды, - деп нығарлай түсті Тарруға ол - Міне, сонда менен бөрінің жалт бергенін көресіз.
Айтулы жиырма бесінші қаңтарға дейін-ақ орандағылардың бәрі Коттардың құбылмалы мінезіне назар аударған. Бүкіл қотанға күллі көршілеріне жағу үшін қаншама төзімін тауысты ол, бірақ онысынан ештеңе шықпайтынын білді ме, бірнеше күн бәрінен қол үзіп, үйінде қасарып отырды да алды. Ел-жұрттан безіп, өзінің кісікиік оңашалығына қайта оралды деген әсер қалдырды сырт көзге. Оны мейрамханаларда, театрларда, тіпті сүйікті дәмханаларында көрген тірі пенде жоқ. Әйткенмен де ол індетке дейінгі бір сарынды, елеусіз бұрынғы тірлігіне оралған жоқ. Үйден қия басып шықпай, астың өзін көрші шағын мейрамханадан алып ішіп жүрді. Тек кешкілік қана көшелерде безектеп, қажет бірдеңелерін сатып алып, дүкендерден атыла шығып, бос көшелерге жалт бұрылды. Тарру оның осындай жалғыз жүгіріп жүргенінде кездесіп қалып аузынан бір сөз ала алмады, қойған сұраққа әлденелерді міңгірлеп тайып тұрды. Сосын ешқандай себепсіз кенет Коттардың өз-өзінен көпшіл болып қалып, оба туралы ұзақ-сонар әңгіме көйітіп, басқалардың бұл жайындағы пікірін біліп, көшеде ағылған топқа арқа-жарқа араласты да кетті.
Префектураның декларациясы жарияланған күні Коттар көкжиектен жойылып, ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Екі күн өткен соң Тарру оны көшеде жалғыз қаңғырып жүрген жерінен ұшыратты. Коттар одан қаланың шетіне дейін шығарып сал деп өтінді. Ұзақты күн жұмыстан кейін қатты шаршағанын сезген Тарру жә, бәрекелді дей қоймады. Алайда Коттар табандап тұрып алды. Әдеттен тыс өрекпіген түрі бар, қолын қайта-қайта сермеп, екпіндей, еліре сөйлейді. Префектураның хабары індет шын мәнінде аяқталды дегенді білдіре ме өзі деп сұрады әудемнен соң. Әрине, Таррудың ойынша, әкімшілік мәлімдемелермен апаттың жолын кесе алмайсың, бірақ әлдеқалай тағы бірдеңесі шығып кетпесе, індет басылып келеді деп болжауға негіз бар.
― Дұрыс, - деп растады Коттар, - бірақ бірдеңе шыға келмесе. Ал ойламаған жерде бірдеңе қашан да болады. Тарру қарсы дау айтып, жалпы префектураның көрінбейтінді көре білгенін, қаланы ашық деп жариялай отырып, сауықтыру шараларына екі апта мерзім бергенін түсіндірді.
— Және жақсы жасаған, - деп мақұлдады, түнере түсіп өрекпіген Коттар. - Өйткені, оқиғаның барысына қарағанда, мынау декларацияны да бекер жариялаған.
Тарру да бекер болған деп келісті, бірақ, оның пікірінше, қала таяу уақытта ашылады, бәріміз де қалыпты өмірге қайта ораламыз деп ойлаған әлдеқайда игі, әрі жақсы.
― Айталық, - деп оның сөзін бөлді Коттар, - айталық, "қалыпты өмірге ораламыз" деген сөздің астарында не бар өзі, онымен не айтқымыз келеді?
― Ал, бері қойғанда, жаңа фильмдер көрсетіле бастайды, - деп жымиды Тарру.
Бірақ Коттар жымиған жоқ. Бұл оба қалада ештеңені де өзгерткен жоқ, түк те болмағандай ертең бәрі бұрынғыша жүре береді дегенді білдіре ме - оның түсінгісі келетіні осы. Таррудың ойынша, оба қаланы өзгертті, сөйте тұрып өзгерткен жоқ, азаматтарымыздың ең күшті тілегі - өздерін ештеңе болмағандай ұстау, екінші жағынан барлық ерік-күшіңді уысында ұстасаң да, бәрін ұмыту мүмкін емес - оба адамдардың жүрегінде ізін сөзсіз қалдырады. Тоғышар досы адамдардың жүрегі өзін титтей де тебірентпейтінін кесіп айтып, жүрек атаулыға түкіргенім бар деді. Оның білгісі келетіні басқару жүйесінде қайта құру болар ма, әлде мекемелер бұрынғысынша жұмыс істей бере ме, - міне, соған көз жеткізбек. Өзіне бұл жағы беймәлім екенін Таррудың мойындауына тура келді. Алайда індетке орай қожырап кеткен мекемелердің бірден толық қарқынмен жұмыс істеп кете қоюы қиын болар. Сондай-ақ олардың алдында қыруар жаңа мәселелер туындап, мұның өзі тым құрығанда бұрынғы кеңселердің қайта құрылуын талап етер деп ойлауға болады.
— Мүмкін, онда барлығының бәрін де қайта бастауына тура келеді, - деді Коттар.
Олар аяңдап Коттардың үйіне де келіп қалды. Коттар өрекпіп лепіре сөйлеп келеді. Оның өзіне қала өткеннің бәрін қидай сыпырып өшіріп тастап, бар өмірін жаңадан бастайтын болып елестейді.
― Олай болса, ақыр соңында біздің ісіміз де жөнге келетін шығар, - деді Тарру. - Белгілі мағынада жаңа өмір басталады ғой.
Олар кірер ауызда қоштасты.
— Сіздің айтқаныңыз дұрыс, - деді Коттар енді толғанысын жасыра алмай. - Барлығын нөлден бастау деген - керемет нәрсе.
Түкпір жақтан ойда жоқта екі көлеңке пайда болды. Тарру Коттардың мына кішкентай құстарға мұнда не жоқ деп сыбырлай сұраған даусын әрең айырды. Ал сәндене киінген шенеуніктерге ұқсаған құстары одан: Шынында да, Коттар, сенбісің? - деп сұрады; ол сайтан алсын деп бұрқ етіп жалт бұрылды да, қараңғылыққа сүңгіп, келгендер мен Тарру ауыз ашып үлгергенше көзден ғайып болды. Алғашқы таңғалу тарап, Тарру бейтаныстардан не керек екенін сұрады. Олар сыпайы да ұстамды жауап қатып, анықтайтын бір жайттар барын айтып, Коттар кеткен жаққа тартты.
Үйіне келе сала, Тарру осы көріністі қағазға түсірді де, шаршағанына шағынды (оны қолтаңбасы да айқындап тұр). Оған алда атқарар әлі көп іс барын қосты, бірақ бұл сылтау емес, қашанда әзір болу керек дей келіп, өзіне-өзі соған шынында да дайынсың ба деген сұрақ қояды. Өзіне-өзі жауап беріп, сонымен күнделікті жазу аяқталады. Түнде ме, күндіз бе - әйтеуір тәулік ішінде әрбір адамның қорқақты тойлайтын сәті болады, өз басым осы сәттен қорқамын,- деп бітіреді Тарру.
Қала ашылардан бірнеше күн бұрын дәрігер Риэ үшінші тәулік дегенде үйіне түс әлетінде оралды, жол-жөнекей оз атына көптен күткен жеделхаты келді ме екен деп ойлады. Қазір де обаның өршіген кезіндегідей титықтағанша жұмыс істегенмен, түпкілікті құтылудың жақындығы шаршағанын білдірмейді. Ол енді алдан күтері барлығы үшін қуанады да үміттенеді. Өз ерік-жігеріңді ұдайы уыста қысып ұстай беруге болмайды, ұдайы шиыршық атып сіресіп жүруге және болмайды, күрес үшін жинаған бар күшіңді ақыр аяғында бір сілтеп әлсіретіп алсаң, ол қайдағы бақыт. Егер күткен жеделхаты жағдайлы болса, Риэ барлығын да басынан бастай алады. Мейлі бәрі де барлығын басынан бастасыншы деп ойлайды ол
Риэ күзетші бөлмесінің жанынан өтті. Терезе түбінде отырған жаңа қақпашы оған жымиып қойды. Баспалдақпен көтеріліп бара жатып Риэ кенет оның жүзін есіне түсірді, қарны тоя ас ішпеуден әрі шаршағандықтан боп-боз еді.
Иә, мынау шексіздіктің шаруасы біткен соң, ол аз да болса сәтін салса, барлығын басынан бастайды. Осы оймен ол есік ашып еді, қарсы алдынан анасы шығып, мсье Таррудың сырқаттанып қалғанын хабарлады. Ыстығы тым күшейіп, басы ауыратын көрінеді. Рас, таңертең ол орнынан тұрған, бірақ үйден шықпай, қайта жатып қалған. Мадам Риэ мазасызданып жүр.
― Бәлкім, әлі елеулі ештеңе жоқ шығар, - деді Риэ. Тарру төсекте ұзыннан көсіліп жатыр, қазандай салмақты басы жастыққа көміліп, көрпенің астынан қуатты кеудесі айқындала түскен. Ыстығы күрт көтеріліп, басы қатты ауырып шыдатпай жатыр. Ол Риэге нышандары әлі онша айқын емес, бірақ оба да болуы ықтимал деді.
— Жоқ, түбегейлі байлам жасауға әлі ерте, - деп Риэ ауруды қарай бастады.
Тарруды шөл қысып жатыр. Долізге шыға бере, дәрігер мүмкін, обаның басы болар деді анасына.
― Жоқ, - деп шошып кетті ол, - бұл ақылға сыймайды, әсіресе қазір!
— Оны өзімізге қалдырайықшы, Бернар, - деді ана табан аузында.
Риэ ойланып қалды.
― Олай жасауға қақым жоқ, - деді ол - Ал қала бүгін болмаса да, ертең ашық деп жарияланады. Егер сен болмасаң, тәуекелді өз мойныма алар ем.
— Бернар, - деді ана жалынышты үнмен, - екеумізді де осында қалдыршы. Әлгінде ғана маған вакцина сепкенін білесің ғой.
Дәрігер вакцинаны Тарруға да сепкенін, бірақ ол жұмыс, жұмыс деп жүріп соңғы егуді өткізіп алғанын, қажетті сақтық шараларын қабылдауды ұмытып кеткенін айтты.
Риэ өзінің кабинетіне өтті. Ол қайтадан жатынжайға кіргенде, Тарру дәрігердің сыворотка құйылған үлкен ампуланы әкеле жатқанын бірден байқады.
― Оһо, демек, өзі болды ғой, - деді ол
— Жоқ, жай ғана сақтық шарасы ғой.
Жауап орнына Тарру қолын созып, сабырмен тамшылата құйылған дәріні қабылдады, оны өзі де ондаған ауруларға жасаған-ды.
― Кешкісін не болғанын көрейік, - деді Риэ Таррудың бетіне тура қарап.
— Ал оңашалау жағдайы қалай?
― Әзір бұл оба деген ешқандай сенім жоқ.
Тарру қинала жымиды:
— Жә, білсеңіз бар ғой, менің тәжірибемде сыворотканы құйып алып, ауруды оңашаламау бірінші рет.
Риэ жалт бұрылды.
― Мамам екеуіміз сізді күтеміз. Сізге осында жақсы болады.
Тарру үндемей қалды, дәрігер ампулаларды жинап жатып, аурудың сөйлеуін күтті, сонда оған бұрылып қарауына мүмкіндік туар еді. Үнсіздікке төзе алмай, төсектің қасына ол қайта келді. Ауру Риэге тура қарады. Оның жүзінде шаршағандықтың табы жатыр еді, бірақ сұр көзінде сабыр ұйыған. Риэ оған жымия қарады:
— Ұйықтай алсаңыз ұйықтаңыз. Мен тез ораламын.
Табалдырықтан ол Таррудың шақырғанын естіді де қайтып келді. Бірақ Тарру бірден сөйлеп кеткен жоқ, ернінен үзіліп түскелі тұрған сөздердің өзімен күресіп жатқаны сияқты.
― Риэ, - деп ақыры сөзін бастады, - менен ештеңе жасырудың керегі жоқ, маған соның қажет.
— Сізге уәде берем.
Таррудың толық бетін зорланған күлкі қисайтты. - Рахмет! Менің өлгім келмейді, әлі күресіп бағам. Алайда іс насырға шапса, көрегенділігімді көрсетіп өлгім келеді.
Риэ кереуетке еңкейіп, аурудың иығын қысып:
― Жоқ, - деді. - Әулие болу үшін өмір сүру керек. Күресіңіз.
Кешкісін адуын нөсер мен бұршаққа орын босату үшін күндізгі қатты суық сәл сынды. Ал іңірде аспан сәл тазарып, суық сүйектен өтердей күшейді. Риэ үйіне кешкі астың алдында ғана оралды. Тіпті пальтосын де шешпей, бірден досы жатқан жатынжайға кірді. Риэнің анасы қолына тоқыған затын ұстап төсектің қасында отыр. Тарру таң атқаннан бері орнынан қозғалмаған тәрізді, тек безгектен ағарып кеткен ерні ғана ол арпалысып жатқан күрестің күллі қызуын паш етіп тұр.
— Ал, енді қалай? - деп сұрады дәрігер.
Тарру қуатты иығын сәл қозғалтып:бұның түп ізіне түскен бәсең ырғақты ысқырық естілгендей көрінді. Ол ымдап анасына барып ұйықта деді. Анасы басын шайқап, көзі жалт ете қалды, сосын өрнегіне қайта үңілді. Риэ көтеріліп, ауруға сусын беріп, орнына қайта отырды.
Тыныштықты пайдаланып әрлі-берлі өткендердің аяқ дүсірі терезеден естіліп тұр. Өткен-кеткендердің дүсірі де алыстап барып тынды. Ұзақ уақыттан бері дәрігер алғаш рет тыныштығын кешіккен бірді-екілі жаяудың дүсірі болмаса, жедел жәрдем машинасының гүрілі бұзған түннің де бұрынғылардан айырмашылығы болмайтынын түсінді. Сыртта -обаны сілкіп тастаған түн. Ысқаяқ суықтан, жарық нұрдан, топты адамнан қашқан ауру қаланың қараңғы қойнауынан шыға келіп мынау жылы жатынжайға кіріп ап, Таррудың сылбыр қозғалған денесімен ақтық жекпе-жекке түскен тәрізді. Қала үстіндегі аспанды құдайдың қамшысы осқылаған жоқ. Ол қамшы енді жатынжайдың ауыр ауасында ысқырып тұрған секілді. Оны ұйқысыз ұзақ сағаттардың өн бойында Риэ ғана естігендей, бірақ оның қашан сап болатынын, обаның түбегейлі жеңілісін қашан мойындайтынын күтуге тура келеді.
Күн шығар алдында Риэ анасына еңкейіп:
- Бар да дереу жат, әйтпесе сағат сегізде мені ауыстыра алмайсың. Тек жатарыңда тамағыңды шаюды ұмытып кетіп жүрме, - деді.
Мадам Риэ мамықтақтан көтеріліп, өрмегін бүктеп буып, көптен көзін ашпай жатқан Таррудың төсегіне таяды. Оның жазық маңдайына терден оратылып, шашы жабысып қалыпты. Ауыр күрсініп, ауру көзін ашты. Тарру өзіне төніп тұрған момақан жүзді көріп, безгектің үдере соққан толқыны арасынан күш жиып зорлана жымиды. Алайда қабағы ізінше қайта жабылды. Жалғыз қалған Риэ анасы отырған мамықтаққа ауысты. Көше тып-тыныш. Күн шығар алдындағы салқын бөлмені де кеулеп кетті.
Дәрігер қалғып кетіп, алғашқы таңғы көліктің тарсылынан оянды. Дір ете қалып, Тарруға қарап, шынымен мызғып кеткенін ұқты, ауру да ұйықтап жатыр екен. Алысқа сүңгіп ағаш доңғалақтың тырсылы мен тағалы ат тұяғының тықылы басылды. Сыртта әлі қараңғы. Дәрігер төсегінің қасына келгенде Тарру оған ештеңе білдірмейтін, әлі ұйқының қойнауынан шықпаған жансыз көзін аударды.
― Ұйықтадыңыз ба? - деп сұрады Риэ.
— Иә.
― Тыныс жеңілдеді ме?
— Ептеп. Ал оның бәз бір маңызы бар ма?
Риэ жауабын бірден берген жоқ, әудемнен соң ғана сөз бастады.
― Жоқ, Тарру, маңызы жоқ. Мен сияқты өзіңіз де білесіз. Бұл таңғы сергу, бой жазу ғой.
— Рахмет, - деді ол - Садағаң кетейін, алда да осылай жауабын дәл айтыңызшы.
Дәрігер төсектің аяқ жағына кеп отырды. Бір бүйіріне Таррудың ұзын қозғалыссыз аяғы білінді, оның жаны бар адамның аяғы емесін сезді. Тарру қаттырақ алқынды.
― Ыстық қайта көтерілді-ау деймін, солай ма, Риэ? - деп сұрады ол ентігуден үзіліп-үзіліп шыққан үнмен.
— Иә, көтеріліпті, түс болсын, сонда айқындалады.
Тарру әл-қуатын жинағандай көзін жұмды. Жүзінен қалжырағаны, қажығаны білініп түр. Ол тәнінің тереңінде бұлқына бастаған безгектің жаңа ұстамасын күткен сыңайлы. Сосын қабағы керіліп, лайланған жанары ашылды. Тек сонда ғана ол төсегіне еңкейіп төніп тұрған Риэні көріп жүзі жылып жүре берді.
― Су ішіңіз, - деді Риэ.
Тарру шөлін қандырып, қалжырап жастыққа құлай кетті.
— Бақсақ, бұның ұзақ екен ғой, - деп қалды ол
Риэ оның қолын ұстады, бірақ Тарру көзін аударып әкетіп, оны сезбеді. Кенет Риэнің көзінше безгек іштегі бөгенді бұзып шыққандай бұлқынып, төске өрлеп, басқа шауып, маңдайдан лыпып бір-ақ шықты. Тарру дәрігерге көз салғанда, ол бозарып кеткен жүзінен бір үміт аңдатқысы келді. Тарру жымиғысы келді, бірақ дірілдей тістенген жақ ақ көбік аққан ерінге күлкі жібермеді. Алайда оның сазарған жүзінде ерліктің бар жарығымен көзі жарқ-жұрқ етеді.
Сағат жетіде мадам Риэ жатынжайға кірді. Дәрігер өз кабинетінен лазаретке телефон шалып, өзін жұмыста біреу ауыстыра тұруын өтінді.
Сондай-ақ ол ауруларға бүгінгі кіріп шығуының бәрін кейінге қалдырып, осы кабинеттегі диванға қисая тұрғысы келіп еді, шыдамай атып тұрып жатынжайға оралды. Тарру бетін мадам Риэге бұрып, көз айырмастан орындықта алақанын екі тізесіне жапсырып отырған бір уыс көлеңкеге қадалды. Оның қадала қарағаны сондай, Риэ мадам баласын байқап, ақырын дегендей саусағын ерніне апарды, сосын түрегеліп бас жақта жанып тұрған шамды сөндірді. Күндізгі жарық пердеден тез өтіп, аурудың жүзі қараңғылықтан шыққанда қарт ана оның бұрынғыдай өзінен-өзі көз алмай жатқанын байқады. Төсекке еңкейіп, жастығын түзеп, термен бұйраланған шашын алақанымен сипағанда, ол тереңнен қырылдап шыққан дауыс естіді. Бұл рахмет айтып, барлығы жақсы болды деп жатқан аурудың даусы еді. Орнына ол қайта отырғанда Тарру көзін жұмды, оның қиналған жүзін күлкі нұрландырып тұрғандай еді, ал ернін жымқырып алған.
Талма түсте безгек шырқау шыңына жетті. Күркілдеген жөтел аурудың бүкіл денесін селкілдетіп, қан құстыра бастады. Бездері ісіп-кебуін тоқтатып, бүкіл буындарын бұрандамен бекітіп қойғандай бездері сипағанда тастай боп көрінді, сондықтан Риэ ісікті жарып көрудің қажеті жоқ деп тапты. Жөтел қысып, безгек ұстаған екі аралықта Тарру достарына көз тастады. Алайда ұзамай оның кірпігі жиі-жиі жұмылып, аурудан қиналған жүзін әлгінде ғана нұрландырып тұрған сәуле бірте-бірте сөнді. Оның тұла бойын ұстамалы дірілмен қалшылдатқан нажағай жарқылы біртіндеп сиретіп, Тарруды баяулап буырқанған түпсіз тереңге тартып бара жатты. Риэ қарсы алдындағы жастықта жатқан жүзден күлкі қайтып мәңгі оралмайтын жансыз бетпердені ғана көрді. Өзіне сондай жақын кісінің әзір бұзылмай жатқан сұлбасына тағдырдың сүңгісі қадалып, жан төзгісіз ауру өртеп, қатерлі аспан құйыны домалатып, көз алдында обаның түпсіз тұңғиығына шым батырды. Ал досы бұл апаттың бетін қайтара алмады. Риэ тағы да елсіз-күнсіз жағалауда жүрегі жұлмаланып, апатқа қарсы қолданар түк қаруы жоқ құрқол, жападан-жалғыз қала берді. Ақтық сәт туғанда дәрменсіздіктен Риэнің көзіне жас тығылып, ол Таррудың кенет қабырғаға кілт бұрылып, жан тәнінің тереңінде басты перне үзіліп кеткендей қатты бір ышқынып, жан тапсырғанын көрмей де қалды.
Келесі түн арпалысқан күрес емес, өлі тыныштық түні болды. Бүкіл әлемнен бөлініп қалған мынау жатынжайда жерлеу рәсіміне әзірлеп аруланған жансыз мүрде жатқан жерде тылсым тыныштық тұрды. Бұдан көп күндер бұрын қала қақпасына шабуыл басталғанда террасалар үстінде ол осылай ұйып тұрған еді. Риэ осындай тыныштықты алдында жазықсыз жұрт жаппай өліп жатқанда ойлаған-ды. Енді қайда да сол қысқа ғана тыныс, сол салтанатты арақашықтық, қайда да сол айқастан соңғы тыныштық, қайда да сол жеңіліс меңіреулігі. Алайда қазір досын тұмшалап тұрған тыныштық обадан арылған көшелер мен күллі қаланың жым-жырттығына ұласып, Риэ үшін бұл бейбітшіліктің өзін жазылмас азапқа айналдыратын соғыстағы түбегейлі, бұлтартпас жеңіліс сияқты болды. Дәрігер ақыр соңында Таррудың тыныштық тапқан-таппағанын білген жоқ, ал өзіне тыныштық мәңгі жоқ екенін сезеді. Бұл да дәл ұлынан айырылған ана үшін, досынан айырылған жігіт үшін қажет уақытша тыныштық тәрізді.
Анау сыртта - дәл кешегідей салқын түн, ал ап-ашық аспанда - жарқыраған сол баяғы жаураған жұлдыздар. Қаракөлеңке жатынжайға терезеге жабысқан суық жайлап еніп жатыр, одан поляр түндерінің түссіз тынысы сезіледі. Төсектің алдында өзінің үйреншікті қалпымен мадам Риэ отыр, оң жағынан оған шамның жарығы түсіп тұр. Қаракөлеңкеде жатынжайдың ортасында тұрған мамықтақта Риэ отыр. Ол бір сәт әйелін есіне алып, ізінше ол ойын аулақ қуады.
Түнгі аязды тыныштықта өткен-кеткен біреулердің өкшесі табанжолға тық-тық тиеді.
― Сен бәрін жасадың ба? - деп сұрады анасы.
— Иә, бәріне телефондап қойғанмын.
Қайтадан үнсіз тыныштық басталды. Ара-тұра мадам Риэ ұлына қарап қояды. Оның көзқарасын шалып қалса баяу жымияды. Әдеттегі тәртіппен көшеде у-шу бірін-бірі алмастырды. Әзір ресми рұқсат болмаса да, автомобильдер қалада ағылып жүр. Олар көшелерді гүрілге толтырып, сосын жоқ боп кетеді де, қайта шығады. Дабырлаған дауыстар, қуанышты үндер, ат тұяғының дүбірі, трамвайлардың тарсылы түнгі ауаны жаңғырықтырып, түн қайтадан әдеттегі тынысына көшеді.
― Бернар!
— О не?
― Шаршаған жоқсың ба?
— Жоқ.
Ол анасының не ойлайтынын біледі, оның дәл осы сәтте өзін сүйетінін де біледі. Сонымен бірге ол біреуді сүюдің онша дүние емесін де біледі, былайша алғанда, махаббат дегенің өзіне түр-әлпет табатындай онша күшті бола алмайды. Бұлар да анасы екеуі бірін-бірі қашанда үнсіз сүйіп өтеді. Күндердің бір күні ол да өледі тағдыр жетіп, немесе бүл өледі, сөйтіп өмір бойы бірін-бірі қандайлық жақсы көретінін жеткізер сөз таппай өтеді. Сол сияқты олар Таррумен де қоян-қолтық өмір сүрді. Міне ол бүгін кешкісін дүние салды, ал достықтары жер үстінде шындап көсегесі көгеріп жүре алмады. Тарру, өзі айтқандай, ойыннан ұтылды. Ал бүл, Риэ, не ұтты? Жалғыз-ақ - обаны білді, оны есте ұстайды, достықты таныды, оны есте ұстайды, жақсы көрудің не екенін түсінді, ендігі оның борышы - бәз бірде соны еске алу. Адамның обамен не өмірмен ойнағандағы ұту қабілетінің бәрі - білім мен зерде деген сөз. Бәлкім, Тарру "ойыннан ұту" деп дәл осыны айтқан шығар.
Терезенің түбінен зуылдап тағы да автомобиль өтті де, орындықта мадам Риэ қозғалды. Баласы оған қарап жымиды. Анасы түк те шаршағанын сезбейтінін айтып, оған қоса:
― Саған тауға барып демалу керек еді, - деді.
— Әрине, мама, барамын.
Иә, онда ол тынығады. Тынықпайтын несі бар? Еске түсірудің тағы бір себебі табылды. Ал бүл дегенің ойыннан ұтып шығуды білдіретін болса, онда білгеніңмен, есте ұстағаныңмен ғана өмір сүру тым ауыр, алдыңда күтер үміт болмаса бәрі бос. Зайыры, Тарру осылай өмір сүрсе керек, өзге-өзге, ол қиялсыз тірлік құрудың құр бос әуре екенін білудей-ақ білді. Үмітсіз тыныштық болмайды. Адамды өлімге кесу құқығына қарсы шыға отырып, Тарру тіпті құрбандығы жендет болса да, үкім шығарудан бас тарту ешкімнің қолынан келмейтінін білді, сондықтан ол өзіне-өзі қайшы келіп, іштей мүжіліп, үміт дегенді білмей өтті. Бәлкім ол сондықтан да әулиелікті көксеп, адамдарға қызмет етуден жанына рақат таппақ болған шығар. Шынтуайттап келгенде, мәнісі осылай ма - Риэ оны білмейді, білудің де маңызы шамалы. Оның жанында Таррудың санаулы-ақ бейнесі сақталған - оның мұны қалаған жерге тіл қатпай апаруға сақадай сайланып, екі қолын баранкаға артып рульде отырғаны немесе алпамсадай дененің қимылсыз елім аузында жатқаны. Өмір жылуы мен өлім бейнесі - міне, білім дегенің осы.
Міне, сондықтан да дәрігер Риэ таңертең зайыбының қайтыс болғанын хабарлаған жеделхатты алып, жаманатты сабырмен қабылдады. Ол кабинетте отырған еді. Анасы жүгіріп кіріп, жеделхатты ұстатты да, хат тасушыға шайлық бергелі шығып кетті. Оралғанда баласы түрегеп тұр екен, қолында - ашылған жеделхат. Баласына қадала қарап еді, ол порт үстіне көтеріліп келе жатқан ғажайып сұлу таң қылаң берген терезеден көз алмады.
― Бернар, - деп дауыстап жіберді мадам Риэ.
Доктор абдырап жалт қарады.
— Иә, жеделхатыңда не? - деп сұрады ана.
― Иә, - деп күрсінді дәрігер. - Бір апта бұрын...Мадам Риэ де терезеге бұрылды. Дәрігерде үн жоқ.
Сосын ол шешесіне жылаудың қажеті жоқ деді, өзі осыны күткенін, бірақ қалай болғанмен де ауыр соққанын айтты. Осылай дей тұрып, ол өзінің қайғы-шерінде кездейсоқтық жоқ екенін мойындады. Сол баяғы сарқылып сап болмайтын күйзеліс бірнеше ай бойы және соңғы осы екі күнде жанын азапқа салудай-ақ салды.
Ақпанның тамаша таңында күн шыға қала қақпасы да ашылды-ау, әйтеуір, бұл оқиғаны халық, газеттер, радио мен префектура өз хабарларында қуанышпен қарсы алды. Сөйтіп, әңгімешіге қақпаның ашылуына орай туған шадыман шақтың шежірешісі рөлінде ғана сөйлеуге тура келеді, бірақ оның өзі көпке ортақ қуанышқа бастан-аяқ сүңгіп кетуге демалыс уақыты жетпей қалғандардың қатарына жатады.
Бір күн, бір түнге тұтас созылған мереке ұйымдастырылды. Сол сәттің өзінде-ақ сапаржайда паровоздар екі иінінен демалып, шалғай теңіздерден келген кемелер порттарға кіріп жатқан еді, өз кезегінде олар айырылысып қауыша алмай зарыққандар үшін ұлы кездесу күнінің де куәсі болды.
Азаматтарымыздың көбінің жүрегін сыздатқан айырылысу сезімінің неменеге айналғанын кез алдына келтіру қиын емес. Күн ұзақ қаламызға келген пойыздар баяғыда біздің сапаржайлардан аттанғанындай аузы-мұрнынан шығып оралды. Жолаушылар осы күннің билетін екі апта бұрын алып қойып, қашан үшінші қоңырау қағылғанша преферектура қаулысын кенет бұзып қоймады ма екен деп дірілдеумен болды. Тіпті бізге келген саяхатшылардың өзі де күңгірт қорқыныштан арыла алған жоқ, өйткені жақындарының тағдырына және басқалардың, тіпті қаланың өз жағдайына қатысты білетіндері жуық мәнінде ғана болатын, қала олардың көз алдында үрейлі бірдеңе болып көрінді. Ал оба болған уақыттың ұзына бойына құштарлық деген өзегін өртемегендерге ғана тон сақтық еді. Өзегі өртенгендердің бәрі расында да ұрымтал ойлардың ырқында болды. Олар үшін өзгергені біреу ғана: бөлек тұрған айлардың өн бойында оқиғаның екі аяғын бір етікке тығып шапшаңдатуды, уақытты шабандамас үшін қолмен жылжытуды тіледі, ал енді қарсы алдынан қаламыз жарқ еткенде, пойыз тоқтай бастағанда-ақ уақыт өз жүрісін баяулатып, тіпті тоқтап қалуын көкседі. Күңгірт, сонымен бірге күйдіргі сезім, махаббат үшін жоғалған көп айлық тірлік тізгіндеген сезім қарымта қайтаруды талап етіп, қуаныш сағатының күткендегідей емес, екі есе шабан жылжуын қалады. Үйінде немесе перронда күткендер, Рамбер сияқтылар тағатсыздық пен абыржушылықтан бірдей азап шекті. Айтқандай, журналистің әйелі келуге рұқсат алғанын баяғыда ескертіп, хабарлап қойған-ды. Оба кезінде махаббат пен еркелік шексіздікке айналып, енді Рамбер жан тебіренісімен әлгі нәзік сезім мен ол арналған тірлік иесінің бетпе-бет келуін тағатсыздана күтеді.
Індеттің басында ол қандай болса, қазір де сондай болғысы келеді, онда басын тауға да, тасқа да соғып, қаладан сытылып шығып қайткенмен сүйгеніне жетуге жанталасты емес пе? Бірақ оның мүмкін емес екенін ол білді. Өзі де өзгерді, оба оның бойына кісікиіктік қасиет дарытты, оны ол бар күшін салып басқа жоққа шығарғысы келеді, жұрттан безу түйсігі бәз бір мылқау уайым сияқты жан түкпірінде әлі жүр. Кейде ол, оба ес жиғызбай тым тез тоқтап қалған жоқ па деп те ойлап қояды. Бақыт бар пәрменімен жақындап келеді, оқиға ағысы күткендегіден де асып кетті. Рамбер барлығы оған бірден қайтарылатынын, қуаныш шын мәнісінде күйікке ұқсап, ұзағынан сүйіндіре алмайтынын сезді.
Қалғандарының бәрі де осы жайды азды-көпті бастан кешірді, сондықтан бәрі жайында айтқан дұрыс болар. Әне-міне жеке өмірлері қайта басталуға тиіс осы жерде, яғни сапаржайдың перронында тұрып олар әзір өздерінің ортақтастығын түйсініп, түсіністік көзқараспен, жымиыспен ғана алмасты. Алайда паровоздың тұрбасынан атқылаған түтінді көргенде, тосырқаудың бойға сіңген сезімі құлақ тұндырар алапат қуаныш нөсерінің астында кенет ізім-ғайым болды. Кейбіреулер үшін осы перронда басталған айырылысу пойыз тоқтап, алақайлаған қолдар таныс денеге тигенде-ақ аяқталды. Рамбер де дәл солай жүгіріп келіп, бетін кеудесіне басқан жан иесін дұрыстап байқай алмады. Тек оны құшағына қысып, басын төсіне басып, жүзін көрмей, таныс шашын сипап, көзден аққан жасына ие бола алмады, мұның қазіргі бақыттың немесе жүректің түкпіріне жасырынған әлдебір күйзелістің көз жасы екенін ажыратар да дәрмені жоқ. Сонда да көзін кіреукелеген жастың иығына басын салып жабысып тұрған жанның ұзақ армандаған асылы, әлде бейтаныс біреу екеуін ажыратуға бөгет болғанын сезді. Оның осы күмәні дұрыс болған-болмағанын ол кейін түсінеді. Ал қазір перронда сапырылысқандардың бәрі сияқты, оба келеді, кетеді, бірақ адам жүрегінде ештеңені өзгерте алмайды дегенге сенгісі келді.
Бір-біріне жабысқан жұптар үйді-үйіне тарасты, дәл қазір олар ешкімді де, ештеңені де көрер емес, бұрынғы азабын да ұмытып, бүгінгі пойызда бірге келгендерін де ұмытып, перронда жақындарын таппай, көңілді көптен күпті еткен күдіктерінің расқа шыққанын көріп, бірақ обаның аласталғанына мәз болып барады. Әйткенмен жалғыз серігі жан күйігі болып, өздерін көзден бал-бұл ұшқандардың рухына бағышталғандар үшін бәрі де шарықтау шегіне жетіп, көңілін қабартты. Белгісіз орға тасталып немесе күлге айналып ғайып болған туысқан пендемен бірге өмірдің бар қызығынан айырылған аналар мен жұбайлар, ашыналар үшін оба бұрынғыша жүріп жатыр. Бірақ бұл жетім-жесірлерде жұрттың шаруасы қанша! Талма түсте таң атқаннан аспанды соқалаған ызғырық желдің екпінін ауыздықтап, күн қалаға мызғымас жарықтың тұтасқан толқыны боп құйылды. Күн орнында қатып қалған сияқты. Жотадағы порттан тас боп қатқан аспанға зеңбіректен дүркін-дүркін оқ атылды. Күллі қала көшелерге жамырап мынау ұмытылмас сәтті тойлауға асықты. Бұл азапқа түсу уақыты аяқталып, естен шығару уақыты басталмаған өліара шақ еді.
Алаңдардың бірінде би биленді. Бірер сағаттың ішінде қозғалыс күрт күшейіп, халық сыймай кеткен көшелерден неше сан машиналар әрең өтіп жатты. Түстен кейінгі уақыттың бірінде біздің қалалық қоңыраулар даңғырлады да тұрды. Олардың күмбірінен алтын түсті жалқын аспанға діріл толқыны тарады. Шіркеулерде алғыс айтқан дұғалар оқылды. Ал көңіл көтеретін орындарға да көпшілік сыймай кетті, дәмханалардың иесі ертеңгі күннің қамын ойламай, іркілген спиртті ішімдіктермен сауданы қыздырды. Үлдірік үстелдің алдында жұрт топырлап, олардың арасынан өз бақытын көпке паш етіп, құшақтасып алған жұрттар көрінді. Бірі айқайлап, бірі күліп жатыр. Несібесі артық бұл күні әркім өмірлік күшінің қорын жомарт шашып, кеудеде шықпаған жаны ғана жүрген айлардың есесін қайтарды. Ертең күллі сақтығымен абайлағыш өмір қайта басталады. Әзір қоғамның бар тарабының адамдары бауырласып, қоян-қолтық сайрандап жатыр. Қалаға төнген ажал орнықтыра алмаған теңдікке азаттықтың бақыты қол жеткізді. Бірнеше сағатқа ғана созылса да, теңдіктің аты теңдік.
Алайда осынау ызың-шу бәз бірдеңені астарына бүгіп қалды, түстен кейін көшеге шыққан жұрт Рамбермен келе жатып өздерін қыл үстінде жүргендей сезінсе де, жүрек түкпіріне нәзік бір бақыт сезімін жасырған сыңайлы. Шынында да олар қисапсыз қасірет шеккен жерлерге білдіртпей тәу еткен тәрізді. Жаңадан келгендерге обаның алапат және жасырын таңбаларын, індет тарихының бадырайған іздерін көрсетпекші. Басқа жағдайда орандықтар бәрін бастан кешірген, обаның замандасы болған гидтің міндетімен қанағаттанып, індетке байланысты қатер жөнінде сыбырлай айтып, ал үрей жөнінде жалпы ауыз ашпады. Сайып келгенде, көңіл аулаудың бейкүнә бір түрі. Ал енді бір жағдайда жан тебірентерлік сапарлар таңдалып, жігіт еске түсірушілердің тәтті мұңына батып ашынасына: "Дәл осы кезде сол бір сәтте сені құшып сүйгелі келіп, бірақ қасымда болмай қалдың" деп көңіліндегісін айтатын сәттер де ұшырасты. Құштарлық жетегіндегі туристерді бір көргеннен-ақ анықтауға болатын еді: олар сыбырласып, сыр ашысып, сөз айтысып топтанған жұрттың арасынан оңашалана қалатын. Әр бұрылыста ойнаған оркестр емес, міне, дәл осылар шынайы азаттықты паш етті. Өйткені бір-біріне жабысып алған сөзге сараң осы бір масайраған жұптар өз бақытының әділетсіз үзілгенін, оба тоқтап, қатер тыйылғанын салтанатпен жар салды. Көрінеу көзге ұрып тұрғанына қарамастан бір адамның өлімі шыбын шаққанмен бірдей болған ессіз әлемді алғаусыз қабылдаған біздің талғамсыздығымызды жоққа шығарды; сондай-ақ олар қоқыс өртейтін пештерге қуып тығылып, ауаға майлы түтін боп ұшқан, қалғаны өз кезегін күтіп үрей мен дәрменсіздік бұғауында жатқан есінен адасқан халық болғанымызды да жоққа шығарды.
Өзге өзге, бұл ең алдымен қала шетіне жетуге асығып, осы бір түстен кейінгі кезде қоңыраулар даңғырының, зеңбіректер гүрсілінің, музыка мен құлақ жарған айғайдың ортасында адымдап бара жатқан дәрігер Риэнің көзіне бұрын түсті. Ауру әлі мұрша бермей, оның жұмысы жалғасып жатыр. Қалаға ғажайып мұнартып жарық себездеп тұр, оған келіп қуырылған ет пен анис арағының бұрынғы таныс иісі келіп араласты. Риэ айналасынан аспанға тосылған жүздерді көрді. Ерлер мен әйелдер қолдарын айқастырып, бір-біріне оттай жанған алаулы көзбен қарайды, тілегін ыстық ықыласымен, ышқынған үнмен білдіреді. Иә, оба бітті, үрей де бітті, айқасқан қолдар індеттің сөздің терең мағынасында қудалау, айырылысу болғанын айтып келеді.
Риэ алғаш рет айлар бойы өткен-кеткеннің жүзінен оқыған нәсілдік ортақ белгілерді тапты. Оған көз жеткізу үшін айналаңа назар аударсаң да болады. Жұрт барлық қайғы-қасіретімен, жоқ-жітігімен обаның ақырына дейін жетті, олар ақыр соңында рөлін өздері баяғыдан ойнап жүрген эмигранттардың бешпентін киіп, түрі де, киімі де шалғайдағы отанынан жырақ жатқанын айғақтап тұрды. Оба қала қақпаларын жауып, олардың бірлігін айырылысу анықтағаннан бері барлығын ұмытуға көмектесетін кісілік жылылықтан көз жазды! Қаланың әрбір бұрышында ерлер мен әйелдер бәз бір қосылуды аңсады, оны әрқайсы әртүрлі жорамалдағанымен, бәріне бірдей ол қол жетпес арман болып қала берді. Көпшілігі барын салып жанында жоқ жанды аңсап, оның тәніне қол тигізуге, бауырына кіріп еркелеуге асықты, ежелгі дағдысын еске түсірді. Кейбіреу қалай болғанын өзі де білмей, адами достық шеңберінен тыс қалып, жұртпен әдеттегі қарапайым тәсілдердің өзімен - хатпен, пойызбен, кемемен қарым-қатынас жасай алмайтын болды. Аз болса да Тарру тәрізді басқа бір тобы өздері кім екенін анықтай алмайтын біреулермен қосылуға жан ұшырды, осы беймәлімдік олардың аңсаған арманы болды. Оны басқа сөз таппаған соң тыныс, тыным деп атады.
Риэ жүріп келеді. Ол ілгері жылжыған сайын тобыр қалыңдап, дауыстардың гуілі үдеп келе жатқан қала шеті орталықтан алыстап сырғып бара жатқандай көрінді. Біртіндеп өзі де даусы қатты мынау алып ағзаға сіңіп, оның айқайына ұйып, кей жағдайда ол өз үні де сияқтанып кетті. Иә, біз бұлармен тым ұзаққа созылған, төзуі қиын күндері тәні де, рухани да бірге азап тартып, қашар жолы жоқ айдауда, басар шөлі жоқ сусында бірге тірлік кештік. Үйілген мүрделердің, санитарлық машиналардың құлақ тұндырар гуілдерінің, тағдыр деп аталатынның берген белгілерінің, қауіп-қатердің тікелей төпелеуінің және жүректердің қаһарлы бүлігінің ортасында үрейленген пенделерді дүрліктіріп, шынайы отаныңды қайтсең де қайта табуың қажет деген күбір-сыбыр жүріп жатты. Барлығы үшін шын отан тұншыққан қаланың тас қабырғаларының сыртында болатын. Ол таулар баурайындағы тоғайлардың жұпар иісінде, жарқыраған теңіз айдынында, азат еркін елдерде, махаббаттың әлуетті күшінде еді. Олар соған, яғни бақытына оралуға құлшынды, сол үшін қалғанының бәрінен жеріп, көз де салған жоқ.
Шындығына келгенде олардың қудалануында, һәм мынау қосылуға құлшынуында не мән жатқанын Риэнің өзі де білмейді. Қақтығысып, соқтығысып жүре-жүре ол ептеп-септеп адамы аз көшелерге де жетті, осы арада ол мұның мәні бар-жоғының маңызы шамалы, ең бастысы - бұның адам үмітіне қандай жауап бергені деген ойға келді.
Қазірден бастап ол үмітке қандай жауап берілгенін біледі, оны қала шетінің таяу, тіпті бос көшелерінің өзінен байқады. Өзіне ғана бұйырған еш нәрседен айырылмай, жалғыз-ақ махаббат панасына оралуды аңсаған, кейде ол арманы орындалған адамдар болды. Әрине, күткенінен айырылған соң жападан-жалғыз қала көшелерінде қаңғып жүргендер де бар. Айырылысуды екі рет көрмегендері де бақытты, олар да індет басталғанша өз бақытының сарайын сала алмай, екі өмірді кіріктіретін келісімге келе алмай, бір-біріне қас екенін де, дос екенін де біле алмай жүргендер сияқты. Міне, бұлар - Риэнің өзі секілді, бәрінің ретін келтіреді деп уақытқа сеніп, жеңіл ақылдың жетегіне еріп кеткендер. Уақыт аяй ма, екеуін екі жаққа мәңгі бөлді де жіберді. Ал басқалар, мысалы Рамберді алайық, бұлтақтамай, бір бетінен қайтпай, енді жоғалтқан шығармын дегенін тауып алды. Дәрігер бүгін таңертең оған: "Ерлік. бұның ерлік болды, енді біз өз ісіміздің дұрыстығын танытуымыз керек" деді. Бұлар уақытша болса да бақытты. Бұл жарық дүниеде жетуге ұдайы талпыну керек болатын бірдеңе барын енді олар бек біледі, ол бірдеңе - адам мейірімі.
Керісінше, өзі де білмейтін, адамнан жоғары бірдеңеге ұмтылғандарға өмірдің жауабы жоқ. Зайыры, Тарру сол өзі айта беретін жетуі қиын әлемге қол жеткізген сияқты, бірақ өлгенде ғана, өзі ештеңеге керек болмай қалған кезде жетті. Міне, Риэ қазір көріп тұрған анау батар күннің жарығында өз үйлерінің табалдырығында бірін-бірі еркелете құшақтап, бірінің көзіне бірі қиыла қарап тұрғандар - нағыз қалағанын алғандар, олар және өзіне қатыстыны ғана сұраған ғой тағдырдан. Коттар мен Гран түратын көшеге бұрылып, Риэ қуаныштың ара-тұра болса да, сыйлық сияқты адами сыбағасы мен бейшара, қатерлі махаббатын қанағат тұтатындарды тауып тұруы әділдік-ау деп ойлады.
Хамсамыз аяғына жақындап келеді. Дәрігер Бернар Риэнің оның авторы екенін мойындайтын уақыты болды. Соңғы оқиғаларды баяндауға кіріспес бұрын ол өзінің ой-ниетін кей ретте ақтау ыңғайында неліктен әділ куәнің сарынын ұстауға тырысқанын баяндағысы келеді. Бүкіл індеттің он бойында кәсіби қызметіне орай оның көптеген оз азаматтарымызбен кездесуіне, олардың ағынан жарылған сырын тыңдауына тура келді. Сөйтіп, ол оқиғалардың ен ортасында болды, сондықтан көріп-білгенін мейлінше толық жеткізуге мүмкіндігі жетеді. Алайда ол мұны тиісті ұстамдылықпен жасау қажет деп тапты. Көп жағдайда ол өз көзімен көргендерді ғана айтуға тырысты, оба жөніндегі бауырларына олардың ойына кіріп-шықпаған пікірлерді таңғысы келмей, тек жағдайдың ырқына қарай қолына түскен құжаттарды ғана пайдалануға тырысты.
Қатерлі қылмыс жөнінде куәлікке шақырылғанда ол ақжүрек адал куәгерге тән белгілі ұстамдылық таныта білді. Сонымен бірге жан тазалығы заңын ұстанып, құрбандық жағына шығып, жұртпен, өз азаматтарымен қайғыда да, қуанышта да, қуғында да бірге болуға бел байлады. Сол себепті ол өз азаматтарымен олардың қауіп-қатерін бөлісіп, олар тап болған кез келген жағдайды өзіміздікі деп білді.
Барынша адал, арлы куәгер болуға талпынған ол негізінен тек құжаттарды, жазбаларды және естіген сыбыстарын ғана келтіруге тиіс болды. Алайда оның өз жеке басы жөнінде, біреуді күтуі, сынақтан өтуі туралы үндемеуіне тура келді. Бұл заңды ол өз азаматтарын түсіну үшін, оларды басқалар жақсы түсіну үшін жасады, өйткені біреу туралы біреудің пікірі қашанда бұлдыр болды. Ашығын айтқанда, бұл оған қиынға түскен жоқ. Өзінің жеке сырын обаға шалдыққандардың жүздеген үніне тікелей қотаруға тура келгенде, менде басқалар бастан кешіргеннен өзге күйініш те, күйзеліс те болған жоқ деген оймен қаламын ысырып қойған да кез болды, өйткені күйзеліс бұл дүниеде қашанда жалғыз, оның артықшылығы да осында. Жоқ, сайып келгенде, ол барлығы үшін сөйлеуге тиіс.
Алайда Оран тұрғындарының арасында ол үшін дәрігер Риэ сөйлемей қоймайтын бір адам болды. Бірде Риэге Таррудың айтқаны бар: "Оның жалғыз ғана қылмысы, оз жүрегінде балалар мен үлкендердің өлтірілуін мақұлдады. Сірә, қалғанының бәрінде оны түсінемін, сондықтан әлгі кінәсын кешіруге мәжбүрмін" деп. Сондықтан да хамсаның сол жүрегі соқыр, яғни жалғыз адам туралы әңгімемен аяқталуы орынды.
Дәрігер шулы да дулы мерекелі көшелерден шығып, Гран мен Коттар тұратын шолақ көшеге бұрылғаны сол еді, кенет полиция күзеті тоқтатты - өзге-өзге, мұны ол күтпеген-ді. Мерекенің алыс гуіліне құлақ түріп, қиялында Риэ тып-тыныш, үн-түнсіз, қаңыраған қотанды елестете бастаған. Амал не, куәлігін суырды.
- Бәрібір, болмайды, дәрігер, - деді полицей. - Онда бір есі ауысқан тобырға мылтық атып жатыр. Осы арада тұра тұрыңыз, көмегіңіз әлі керек болып қалар.
Сол сәт Риэ өзіне жақындап келе жатқан Гранды көрді. Ол да ештеңе білмейді. Оны да тоқтатты, оған белгілісі - мылтықтың өздерінің үйінен атылып жатқаны. Бұл арадан үйдің кешкі салқын күннің алып нұрымен жалтырап тұрған алғы беті айқын көрінеді. Үйдің алдында бос кеңістік бар, қарсы беттегі табанжолда да ешкім жоқ. Көшенің ортасында қалпақ пен бір май-май шүберек жатыр. Риэ мен Гран алысыраққа көз тастап, көшенің екінші шетінде өтер ауызды қорғап тағы бір полиция күзеті тұрғанын көрді, олардың ту сыртында өткен-кеткендердің сұлбасы. Абайлай қарап олар қолдарында тапаншасы бар бірнеше полицейді байқады, бұлар қарсыдағы қақпаға тығылып тұр. Үйдегі терезе қақпаларының бәрі жабық. Алайда екінші тәжде бір терезенің сыңар қақпасы ашылды. Күллі көше демін ішіне тарта қалды. Қала орталығынан жеткен саз әуенінің үзіктері естілді.
Сол сот қарсыдағы үйдің терезесінен тапаншаның екі дүркін атылған даусы шығып, сынған терезе қақпасының салдыр-күлдірі естілді. Сосын қайта тыныштық орнады. Қаланың орталығында күркіреген мерекелік шат-шадыманнан кейін мынау оқыс оқиға Риэнің ақылына қонбады.
— Мынау Коттардың терезесі ғой, - деп кенет абыржыған Гран дауыстап жіберді. - Ал ол бір жаққа жоқ боп кетіп еді.
― Неге атып жатыр? - деп сұрады полицейден Риэ.
— Оның назарын аударғысы келеді. Арнаулы машина күтіп тұрмыз, ал ол үйге кіруге әрекет еткеннің бәріне оқ атады. Бір полицейді жаралап та үлгерді.
― Ал ол неге атады?
— Барып өзінен сұра. Осында жұрт көшеде сайрандап жүрген. Алғашқы атқанда олар тіпті не үшін екенін түсінген де жоқ. Ал екіншіден кейін айқай-шу басылып, біреуі жараланды ма, барлығы тұра қашты. Шамасы, есі ауысқан жынды болуы керек.
Қайтадан орнаған тыныштықта минөтіңнің өзі сағаттай боп көрінді. Кенет көшенің арғы бұрышынан ит жүгіріп шыға келді. Риэнің көп уақыттан бері көрген алғашқы иті, кір-кір сабалақ спаниель екен, тегінде, індет кезінде қожайындары бір жерге тығып ұстаса керек, енді қабырға жағалап бүлкілдеп барады. Қақпаға дейін жетіп, батылсызданып тоқтады да, сосын шоқиып отыра қап жүнінің арасынан бүрге алып жей бастады. Бір кезде бірнеше ысқырық естілді - бұл итті алдастырып шақырған полицейлер еді. Төбет басын көтеріп, батылсыздау алға аттады, шамасы, көшеде жатқан қалпақты иіскемек болса керек. Алайда үшінші тәжден мылтық гүрс етті де, хайуан мұрттай ұшты, табада пісіп жатқан жұқа нандай дірілдеп, арқасымен жатып, аяғын қайшылап, бір бүйіріне аунап түскісі келіп жиырылды. Жауап ретінде қақпадан бес-алты дүркін оқ атылып, тағы да терезе қақпасына тиіп, жаңқаларын шашты. Барлығы қайта тынды. Күн көкжиекке еңкейді, Коттардың терезесіне сырғып көлеңке түсті. Риэнің сыртынан тежегіштің баяу шиқылы естілді.
- Келді олар, - деді полицей.
Машинадан полицейлер қарғып түсіп, арқан мен басқышты, резеңкемен қапталған матаға ораған тағы бір ұзынша екі түйіншек шығарды. Сосын олар осымен параллель Гран үйінің ар жағындағы көшеге өте бастады. Дарбазаның астында әбігер байқалды. Гран оны көріп жарытпаса да, іштей топшылап жүр. Содан соң бәрі қайта тынып, әлде бірдеңені күтті. Төбет тыпырлауын қойды, айналасы қоңыр қошқыл шалшық боп кетті.
Кенет полицейлер орналасқан үйдің терезесінен пулемет тоқылдап қоя берді. Терезе қақпасын нысанаға алған еді, ол күл-талқаны шығып, шын мәнінде жаңқаға айналды да, орнында үңірейген төрт бұрышты қап-қара тесік қалды, бірақ Риэ мен Гран тұрған жерінен жөндеп ештеңе көре алмады. Әлгі пулемет тоқтағанда іске бұрышқа таяу екінші үйде тұрғаны кірісті. Шамасы, тесікті нысанға алса керек, кірпіштің кесектері ұшты. Сол сот үш полицей көшеден жүгіріп өтіп подъезге кірді. Олардың ізімен тағы да үшеуі тұра ұмтылды да, пулемет атысы тоқталды. Тағы да бәрі іштен тынып, ақырын күтті. Үйден екі мәрте мылтық даусы шықты. Сосын гуілдеген дауыстар шықты да, подъезден сүйретіп, дәлірегі қолға көтеріп орта бойлы, бешпентсіз бір адамды алып шықты, ол дамылсыз бақырып бірдеңе деп келе жатты. Қиял-ғажайып таяқшаның сілтенгені сияқты барлық жабық терезе қақпалары ашылып, әйнектен әуесқой бастар көрініп, жұрт шұбырып көшеге шықты да, полиция бөгетінің төңірегіне топырлады. Барлығы сол оқ атқан кісіні көрді, енді оның қолы артына бұрап байланып, көшемен өзі жүріп келе жатты және бақырып қоймайды. Бір полицей жақындап кеп жұдырықпен беттен бар пәрменімен екі рет салып жіберді және шын ынта-жігерін сап есалаңдықпен соқты.
― Мынау Коттар ғой, - деп міңгірледі Гран. Ол есінен адасқан шығар.
Коттар ұшып түсті. Көшенің жиегінде жатқан оны полицейдің пәрмендеп келіп өкшесімен оңдырмай тепкенін жұрттың бәрі көріп тұрды. Сосын әуесқой топ әбіргерге түсіп, дәрігер мен оның кәрі досының төңірегіне жиналды.
— Тараңдар! - деп тобырға әмір берді полицей.
Топты адам жанынан өткенде, Риэ көзін аударып әкетті.
Гран мен дәрігер ымырттың соңғы жарқылымен қатар аттап бара жатты. Бұл оқиға тоңторыстықты бірден бұзып, қалғып бара жатқан қотан, орталықтан шалғай көшелер тағы да тобырдың шадыман шуына толды. Үйінің кіре берісінде Гран дәрігермен қоштасты. Жұмысқа отырар уақыт болды деді. Баспалдақтың бірінші сатысын аттай беріп айқайлап Жаннаға хат жазғанын, енді шын қуанышты екенін айтты. Ең бастысы ол баяғы сөйлемін сыптауға кайта кірісіпті. "Ондағы эпитеттердің бәрін алып тастадым" деп мәлімдеді ол
Қуақы күлкімен қалпағын көтеріп қойып, ол дәрігерге салтанатпен бас иді. Алайда Риэ Коттар туралы ойдан арылған жоқ еді, оның бетіне тиген жұдырықтың сартылы демікпе шалдың үйіне жеткенше жол бойы есінен қалған жоқ. Бәлкім, оған өлген адамнан гөрі қылмысты адам туралы ойлау ауыр болған шығар.
Риэ өзінің қарт емделушісіне жеткенше қараңғылық аспанды түгел жұтып қойды. Бөлмеге азаттықтың алыстағы гуілі кірді, ал қария баяғысынша бір кәстрөлден бұршақтарды екіншісіне аударып сапырылыстырып отырды.
― Олардың думандатып жатқаны дұрыс, - деді шал, - қалай болғанмен де түрлену ғой. Ал, әріптесіңіз туралы көптен естілмейді ғой, дәрігер? Оған не болған?
Оларға жарылыс сартылы жетті. Бүл - қауіпсіз, ойыншық снаряд жарып жүрген балалар ғой.
— Ол қайтыс болған, - деп жауап қатты Риэ, статоскопты шалдың қырылдаған кеудесіне қойып жатып.
― Ә-ә, - деп таңырқай даусын созды шал.
— Обадан кетті, - деп қосты Риэ.
― Иә, - деп үнсіз қалды қария, - қашанда жақсылар кетеді. Өмір солай. Ол өзі не істейтінін білетін адам еді.
— Неге олай дейсіз? - деп сұрады дәрігер статескопты алып жатып.
― Жай, әншейін. Ол босқа сөйлемейтін. Өзі маған ұнаушы еді. Шыны да сол Біреулер: "Бұл - оба, бізде оба болды" деп қоймайды. Бақсаң, сол үшін өзіне орден талап етеді. Ал, шынтуайттап келгенде оба не? Ол да өмір, бар болғаны осы.
— Ингаляцияны мұқият жасауды ұмытпаңыз.
― Оған алаң болмаңыз. Мен әлі біразға барам, бәрінің қырылып біткенін де көремін. Өмір сүре білем мен.
Оның жауабы алыстағы қуаныштың дуы мен шуы болды. Дәрігер батылсызданып бөлменің ортасында тұрып қалды.
— Егер мен террасаға көтерілсем, сізге бөгет болмай ма?
― О, жоқ, ол не дегеніңіз. Жоғарыдан аналарға қарағыңыз келетін шығар. Қараңыз қалағаныңызша. Бірақ та олар барлық жерде бірдей.
Риэ баспалдаққа беттеді.
— Айтыңызшы, доктор, олардың обадан опат болғандарға ескерткіш түрғызамыз деп жүргені рас па?
― Қалай болғанмен де, газеттер солай жазды ғой. Не стелла, не тақта қоятын шығар.
— Өзім де солай ойлап едім. Әлі қаншама сөздер сөйленеді десеңізші! - деп қылқына кеңкілдеді. - Қалай бастайтыны құлағыма келіп тұр: "Біздің өлілер...". Ал сосын тәбет ашарға, тіске басарға тартады.
Ал Риэ онда баспалдақпен көтеріліп бара жатқан. Үйлердің шатырлары үстінде көсіліп ысқаяқ аспан жарқырап жатыр, жоталардан жоғары ілініп тұрған жұлдыздар шақпақ тастай қатты көрінеді. Бүгінгі түннің обаны аз да болса ұмыту үшін Тарру екеуі осы террассаға көтерілген түннен онша айырмасы жоқ. Алайда қазір теңіз таудың жұлығына ондағыдан қатты соғып жатыр. Ауа жеңіл, тұрақты, күзгі жылы жел әкелетін тұзды иістен ада.
Бұрынғысындай террассаға толқындардың шолпылдаған шуындай қаланың дабыра дуы жетіп жатыр. Бірақ бүгінгі түн - бүліктің емес, құтқарудың түні. Анау алыстағы қызғылт жарқыл қараңғылықты көктей өтіп, саяжолдар мен алаңдар желісін айшықтап тұр. Мынау азат түнде тілек деген барлық бөгетті бұзып өтіп, оның гуілі мен шуылы Риэге жетті.
Қараңғы порттың үстінен ресми думанның алғашқы зымыраны да ағып өтті. Күллі қала оны қатты дауыстап ұзақ айқаймен қошеметтеді. Коттар, Тарру, Риэ жақсы көрген ол мен олар, өлісі, тірісі, жоғалтып алғаны, қылмыс жасағаны - бәрі-бәрі ұмыт болды. Адамдар қашанда сол баяғы қалпы деген демікпе шалдың қисыны дұрыс. Бірақ олардың күші де осында емес пе, кінәсіздігі де осында, өзінің күйініш, күйзелісіне қарамастан Риэ дәл осы арада өзін солармен біргемін деп біледі. Аспанға әлсін өлі фейерверктің түрлі-түсті арасаны шашырап, оның әр легі барған сайын күшейген айқай-сүреңмен қошеметтеліп, сол дауыс мында террассаға жетіп, дәл осы жерде дәрігер Риэ осынау тарихты жазуға бел буды, және ол осында тәмамдалды да. Жазғанда да сараңдық жасамай, обаға шалдыққандардың пайдасын көздеп, оларға жасалған әділетсіздік пен зорлықты жалғанның жарығына шығарып, бетін айдай етіп қана қоймай, опат жылдарының неге үйреткенін айту, адамдарды жек көруден гөрі, оларға қайран қалудың негізі көбірек екенін көрсету керек болды.
Сонымен бірге ол бұл хамсаның түбегейлі жеңістің тарихы бола алмайтынын да түсінді. Бәлкім, ол шалдығуды білмес қаруы бар үрейге қарамастан, жеке бастың күйзелісіне қарамастан адамдардың бәрі сөзсіз атқаруға міндетті істің куәсі ғана болып қалар. Ал адам әулие болуға, мүмкіндіктің жоқтығынан, апатты ысырып тастап, шипагер болуға ұмтылуы да ықтимал ғой.
Шынында да, қала орталығынан жетіп жатқан қуанышты айқай-сүреңге құлақ сала тұрып, Риэ кез келген қуаныш қатер аузында тұратынын еске алды. Өйткені ол мынау шат-шадыман тобыр білмейтін, тек кітаптардан ғана оқып көз жеткізетін жайды біледі. Обаның микробы ешқашан өлмейді де өшпейді және жойылмайды екен, ол ондаған жылдар бойы жиһаздың бұрандасында немесе киім-кешектің арасында ұйықтап жатуы, жатынжайда, шабаданда, қол орамалда және қағаздарда сәт сағатын шыдамдылықпен тосып жатуы мүмкін, сосын адамдарды тәубесіне келтіру үшін бір күні ояна келіп, егеуқұйрықтарды бақытты қаланың көшелеріне қаптатып кеп жіберуі кәдік.