«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар» алғызған интернетке тәуелді емес жан жоқ шығар бүг...
ӘЛЕМГЕ ҚАЗАҚ СӨЗІН КІМ ТАНЫТАР?
...Бүгінде, қаламгері бар, қаламгер емесі бар, жұртты қызықтырып жүрген сұрақ бұл. Неге? Ұлттық әдебиетіміз әлемге бет алып жатқан тұста аса жауапкершілікпен қарайтын істің бірі осы. Себебі, үлкен істің мінсіз атқарылатын кезі сирек. Қандай жағдайда да ізінен «шылығын» ертпей жүре қоймайтын қазақи ортаның мінезін білетін көпшілік – өзіне қажет ақпарат жетпеген кезде «ұзынқұлақтың» ықпалында кететіні белгілі. Сондықтан бүгінде «әлемді жаулауға аттанған 60 қаламгердің» кім екені туралы алып-қашты әңгіме көп. Әзірге біздің білеріміз 30 ақын мен 30 жазушының шығармаларының басын қосқан қос томдық антология БҰҰ-ның жұмыс тілі саналатын алты тілде басылып шықпақшы.
Өткенде Алматыдағы «Достық» қонақүйінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын ағылшын, неміс, француз, испан, орыс, қытай, араб тілдеріне тәржімелеп жатқан аудармашылар мен шығармалары сол тілдерде жарық көргелі жатқан қаламгерлеріміздің басқосуы болған еді. Сонда көзімізге түскен бірқатар ақын-жазушыларға қарап, жазғандары өзге тілде басылып, шетел оқырмандарымен кімдердің қауышатынын шамаладық. Ол жиынға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Жүсіпбек Қорғасбек, Жұмабай Шаштайұлы, Нұрғали Ораз, Дәурен Қуат секілді жазушылар мен Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Гүлнар Салықбай және Маралтай Райымбекұлы, Ақберен Елгезек секілді ақындар қатысты. Демек бұл кісілерді «әлемді жаулайтын 60 жауынгердің» қатарына қоса берсек болады. Сондай-ақ аудармашылардың лебізінен Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей сияқты жазушылардың, Фариза Оңғарсынова, Светқали Нұржан, Ерлан Жүніс секілді ақындар шығармаларының тәржімеленіп жатқанын байқадық. Сондықтан біз Ұлттық аударма бюросына Жазушылар одағы тарапынан бекітіліп берген тізімде (шығармалары алты тілге аударылатын қаламгерлердің тізімі) кездейсоқ ешкім жоқ болса керек деген ойға тоқтағанбыз. Алайда...
Жиында сөз алған белгілі прозаик Дулат Исабеков сөз арасында «Мұндай жауапты іске мұқият болу керегін, шығармалары аударылатын қаламгерлер арасында өзіне бейтаныс, бұрын-соңды жазғандары көзіне түспеген бірді-екілі кісілердің бар екенін» айтып қалды. Қазақ әдебиетіне еңбегі сіңген беделді прозаик тектен-текке ілік іздеп, реніш білдірмесе керек. Демек, шетелге қазақ әдебиетін танытуы тиіс қаламгерлерді сұрыптағанда әлі де болса қаталдау қарау қажеттігі байқалады.
Жұрттың білгісі келіп жүрген тізімді біз де көре алмадық, бірталай белгілі қаламгерлермен телефон арқылы тілдесіп көргенімізде барлығы да аталған тізімге кімдердің енгенін біле бермейтінін айтып, өздерінің қай шығармасының аударуға алынғанын айтты да қойды. Естігенімізді айтсақ, Қажығали Мұқанбетқалиұлының «Ескі достар», Молдахмет Қаназдың «Қызыл дамбал», Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» хикаяттары алты тілге аударылатын шығармалардың қатарына енген көрінеді. Бұл біздің аты аталған кісілермен телефон арқылы тілдескенде естігеніміз. Ал кейбір қаламгерлер аталған мәселеге орай пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартса, бірталай адаммен хабарласуға мүмкіндік болмады...
Жалпы елдік мәселе бар қазаққа ортақ. Сондықтан болар, біз қозғап отырған «тізім мәселесі», тіпті әлеуметтік желілерде де сөз болып жатыр. Мәселен фейсбук желісінде «алты тілге аударылып жатқан қаламгерлердің арасында Мұхтар Шахановтың есімі жоқ» деген жазбаны көріп қалдық. Бұл рас па? Бұл жайында «Жалын» журналының бас редакторының бірінші орынбасары, жазушы Құдияр Біләлдан сұрағанымызда, «Шахановтың шығармалары аударылып жатқан ақындар арасында бар-жоғын нақты білмейтінін, бірақ Шахановтан ешкім аударуға шығарма сұратпағанын» айтты. Әрине, Мұхтар Шаханов өлеңдері бұрын да шетелге аударылып, бірнеше тілде кітаптары шыққан ақын. Десе де, қазақ әдебиетін өзгелерге тұтас танытуға арналған антологиялық жинаққа М.Шаханов секілді әлемнің талай жеріне танымал ақынымыз енбей қалса, ол да мақтанарлық іс емес.
P.S. Сонымен, алпыс қаламгерден бізге белгілісі он ақын, он бір жазушы болып отыр. Ал қалған отыз тоғызы жайында білгендер айта жатар. Жазушылар одағы 60 қаламгердің тізімін неге жарияламай отырғанын білмедік (егер бір жерде жариялана қалса, оның көзімізге түспегені үшін кешірім сұрауға әзірміз. Әзірге қанша іздесек те таба алмадық). Әрине, арғы-бергі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінен алпыс адамды таңдап алу оңай бола қоймас, бірақ талантын ел мойындаған есімдер бізде жеткілікті ғой. Соны қаламгерлер қауымы үлкен комиссия арқылы, жария түрде шешсе, былайғы жұрт жел сөзге ерік бере бермес еді деп ойлаймыз. Бұл – біздің ғана емес, біз сөйлесіп, пікірлескен белгілі қаламгерлердің де пікірі.