Сөз өнері халықтың ұлттық интеллектуалдық болмысын танытатын құдірет. Сондықтан оның тарихына үңілу...
Әлібек Асқаров. Боямасыз баяндар
(Бірінші әңгіме)
01.
Азамат соғысының дүрбелеңінде сол заманның зиялы қауымымен бірге Америкаға эмиграцияға кетіп қалған, соның әсерінен жетпіс жыл бойы аты аталмай келген орыс әдебиетінің классигі, шемонайхалық жерлесіміз Георгий Гребенщиковтың (1883-1964) арғы атасы қалмақ деседі, енді біреулер адал жүрегімен жазған жылы ниетті шығармаларына қарап, қазақ та болуы ғажап емес дегенді айтып жүр. Біздің білетініміз - болашақ жазушының Өр Алтай кержактарының («староверлердің») арасында өскендігі. Сондықтан да ол іргедегі қазақтардың өмірін жақсы білген, қазақтың тұрмыс-тіршілігінен бірнеше көркем шығарма жазған аса талантты қаламгер. Жазушының 1913 жылы жарық көрген «Ханство Батырбека» повесінде қазақ сақарасындағы жұт туралы мынадай сұмдық сурет бар:
«...недели через две в степь наехало много русских скупщиков сырья. Они стали покупать кожи еще на живом скоте, давая за них баснословно низкие цены и обязывая киргизов (қазақтар ғой) собственноручно снимать их с трупов. Мучаясь над этой операцией на морозе, вдали от зимовок киргизы походили на тех же голодных и злых волков, которые пировали рядом. Наконец, видя, что с застывших животных шкуры снимать трудно и что живых все равно ожидает неминуемая гибель, киргизы, чтобы спасти хоть кожи, стали убивать всех более слабых коров и лошадей дома, во дворах».
02.
Георгий Гребенщиковтың Төңкеріске дейін жазған шығармаларында қазақ даласының трагедиясы бар шындығымен ашылған. Переселендердің қазақ сахарасына сыналап қалай кіргені, соңынан мылтықтың күшімен шұрайлы жер, құнарлы мекеннің бәрін тартып алғаны, мал жаятын өрісті тарылтқаны, сөйтіп өзінің ата-баба мекенінде қазақ жазғанға өгей баланың күнін кештіргені нақты суреттеледі. Жазушының өзі сол зорлық-зомбылдықтың тірі куәсі болған, сол өзгерістерді өз көзімен көрген, қасіретті суреттерді көңіліне түйген. Сондықтан да оның шығармалары ащы, өксікті, жайбарақат оқи алмайсың. Жүрегіңді шымшылайды, көкірегіңе мұң ұялатады, ойға қалдырады. Мінеки, тыңдап көріңіз:
«Эта деревня появилась здесь как-то вдруг, неведомо когда и откуда. Лишь не многие из киргизов видели, что года три-четыре назад здесь появился громадный серый обоз из телег и бричек, нагруженных домашним скарбом, засаленными мешками, старыми столами и грязными люльками… Людей было много, и они показались киргизам грязными и злыми, с тягучей русской бранью и крикливыми ребятишками.
Приехали эти люди ранней весной и сразу же стали пахать цельную девственную степь, живя под телегами и под открытым небом. Потом косили и ставили огромные стога сена, а когда прошла страда и появилась на гумнах солома, они намешали ее с глиной и выложили низкие, подслеповатые избушки…
А теперь уже выросла целая деревня, в которой было несколько деревянных изб с тесовыми крышами. За последнее же время вырос из соломенных кирпичей огромный дом, покрытый железной зеленой крышей. Время шло, и шли незваные гости, числом все больше и больше. Наехали чиновники, молодые и сердитые, наставили столбов, и в привольной киргизской степи закопошилась новая, чуждая кочевникам жизнь. Киргизы оказались как бы загороженными в своих извечных просторах внезапно вырастающими новыми деревеньками...»
Осы көріністі қазақ қаламгері суреттесе - өтірік дер еді, «ұлтшыл» деп соңына шырақ алып түсер еді, тұқымын тұздай құртар еді.
Өзі көрген, өзі куә болған шындығын жасқанбай, жасырмай тура бетке айтқаны үшін Георгий Дмитриевичке мың да бір рахмет!
03.
Қазақ тарихшылары ауыздарынан тастамайтын, еңбектерінен цитата келтіріп, «сноска» жасап, құдайдай табынып жүретін В.В.Бартольд (1869-1930) бір хатында былай деп жазыпты: «Түземдіктерге олардың өз тілінде ғылыми мағлұматтарды тым көп бермеу керек, сондай-ақ сол арқылы олардың әдебиеті мен төл мәдениетін орнықтыра дамытуға жағдай жасаудың қажеті жоқ, мұның барлығы олардың орыстануына кесірін тигізеді».
04.
Халқымызда «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» деген аталы сөз бар. «Бәрін дер кезінде жасап қал, артынан өкінгеннен пайда жоқ» дегендей ұлағат қой.
Біздің баз бір ағайын халықтың тағдыры таласқа түскен шақтарда тасқа шаппақ түгілі қыннан қылышын да суырмайды. Алайда, «жау кеткен соң» олар ақыл айтып атойлап шығады, көсемсіп сөз сөйлейді, шешенсіп көп сөйлейді. Ақыр-соңында дана да, дара да, батыр да, баһадүр де осы екен деп қаласың.
Қазақтың бойындағы осы бір жағымсыз мінезге қатты күйінген Алаш көсемі Міржақып Дулатов 1917 жылы былай деген екен ((мұны Міржақыптың көптомдығынан көрнекті қаламгер Қайсар Әлім теріп ұсыныпты):
«Кешегі қара күндерде, жұлдызсыз, айсыз түндерде, жол таба алмай сенделіп, адасып Алаш жүргенде – бұл күнгі көп көсемдер, сұраймын, сонда қайда едің?
Ақыл таппай дағдарып, жанашыр таппай сандалып, барарын қайда біле алмай, жүрген бір күнде сен ғарып – есепсіз көп шешендер, жөніңді айтшы, қайда едің?
Сарыарқа сайран жерлерім, көкорай шалғын көлдерім, бәрін жауға алдырып, асқар тау, биік белдерім, қысылып қазақ тұрғанда – данышпандар, қайда едің?
Атадан бала айрылып, қанаты сынып қайрылып, қасірет толып жүрекке, тұрған бір кезде қайғырып – толып жатқан қамқорлар, елде жоқ едің, қайда едің?
Құландай үркіп елдерің, қалдырып мекен жерлерін, жаяу-жалпы, жалаңаш, қатын, бала ерлерің аштықтан қырғын тапқанда – сыпыра жомарт, қайда едің?
Кедейдің сорын қайнатып, майданға жасын айдатып, тіл жоқ, көз жоқ, басшы жоқ, өлімге басын байлатып, жіберерде – жаным-ау, жан ашыр жақын, қайда едің?»
05.
Ақмоланың тумасы, ұзақ жылдар бойы партия-кеңес жүйесінде қызметтер жасаған Амангелді Кенжинмен жаңа астанаға көшіп келген күннен бастап, он жылдан астам араласып, тату-тәтті көрші тұрдық. Мейрамдарда, той-томалақта сирек те болса бас қосып, шүйіркелесе кетеміз. Көршілердің сондай бір басқосуында Амангелді мына бір әңгімені айтқаны бар.
Біздің ауылда Дәлкен деген кекеш бір ақсақал өмір сүрді. Сол кісінің кекештене сөйлеп, үзіп-жұлып айтқан, жүрек шошытқан бір естелігі есімде қалыпты.
- Ашаршылық жылдары... Ол жылдары әсіресе Арқа жерінде өлім-жітім көп болды. Отбасымен оянбай қалған үйлер, тайлы таяғымен қырылып қалған ауылдар да кездесетін. Ол кезде біз мүлдем жаспыз, оң мен солын тани қоймаған балаларымыз. Бәріміз ашпыз, тыриған арықпыз, әйтеуір тірнектеп шөптің тамырын қазсақ та, торғай ауласақ та өлместің қамын жасап жүреміз. Бірде ағам Мәлкен екеуміз апамның ақық тастармен безендірілген күміс білезігін сандықтан ұрлап алдық. Тым болмаса сүтін сауып, өзек жалғайық деген оймен қаладағы базарға барып, бір ешкі сатып әкелдік. Жетелеп әкеле жатқан ешкіні ауыл шетіне жете, алдымен ағам Мәлкен сауды. Ол сауған кезде мен ешкіні мүйізінен тұқыртып ұстап тұрдым. Мәлкен босқа әуреленді, қанша созғылағанмен сүт шығара алмады. Артынша, ағама сенбей, отыра қалып мен саудым. Маған да сүт шықпады.
-Иімей тұр, еміп көрейік! – деп келістік.
Алдымен астына жата қалып ешкіні Мәлкен емді салпылдатып. Түк шықпады деп түңіліп тұра берді.
Енді ешкінің астына мен жата кеттім. Бар өнерімді салып сорғыладым. Тыпыршыған ешкінің емшегінен қан шығып кетті, бірақ сүт жоқ.
Біздің ешкімен әуреленіп жатқанымызды көріп, Жолдыбай дейтін ауылдас шал бұрылды бізге қарай.
-Әй бүлдіршіндер, не істеп жатырсыңдар! - деп сұрады.
-Сүтін сауып ішейік деп мынау ешкіні сатып алып едік, сүті жоқ, көріңізші! - дедім мен қиналып.
Шал көрді де, баж ете қалды:
-Қарақтарым, мыналарың ешкі емес, теке ғой! - деді.
Мұны естіген Мәлкен шалқасынан құлап түсті, сол жерде тіл тартпай өліп кетті. Мен есім ауып, бас көтере алмай бір апта төсек тартыппын. Әйтеуір өлгем жоқ, бірақ әлгі оқиғадан соң өмір бойы кекеш боп қалдым.
06.
Әлдебір журналдан Ақселеу Сейдімбектің (1942-2008) «Өмір осылай өтіп жатыр» деген әзіл өлеңін кездестірдім. Бұл өзі әзіл ғана емес, өлең ғана емес, Кеңестік қоғамға деген сарказм, астарында терең пәлсапа жатыр. Тыңдап көріңіз?
- Уа, Бабай!
Ел-жұрттың халы қалай?!
- Е-е, балам-ай!
Ел аман? Жұрт тыныш демесе:
Әйел ерге қарады, ер – жерге қарады;
Қартымыз – қақбас, қатынымыз – қақпыш;
Шешеніміз – шерменде, көсеміміз – сергелдең;
Биіміз – жалтақ, батырымыз – қорқақ;
Данамыз – бала, баламыз – шала;
Әйел арынды, келін жеріді;
Бозбала – сайтан, бойжеткен – сайқал;
Азамат - әлсіз, арғымақ – жалсыз;
Сері – селтең, сал – мөлтең;
Көршіміз – кәпір, туысымыз – мүсәпір;
Жауымыз – атарман, досымыз – сатарман;
Тұлпарымыз – жабы, сұңқарымыз – жапалақ;
Өнеріміз – молақ, өнерпазымыз – олақ;
Дініміз – шала, тіліміз – шұбар;
Еліміз – азды, жеріміз – тозды;
Бүгініміз – тұман, ертеңіміз – мұнар;
Сенеріміз – жоқ, секеміміз – көп;
Жан – шыққан жоқ; үміт - өлген жоқ...
Өмір осылай өтіп жатыр!
(Екінші дәптер)
01.
Тарихшы-ғалым Исатай Кенжалиевтің зерттеулерін оқып отырсаңыз, Патша әкімшілігі 1830 жылдардан бастап қазақтарға үй салуды тежеуге кіріскенін байқайсыз. Олар үшін қазақтардың көшіп-қонып жүре бергені оңтайлы болса керек... Көктемде алаңсыз жайлауға көшкен қазақ күзге қарай қыстауына ойысқанда – құнарлы жер, шалғынды жондарын переселендер басып алғанын бірақ көреді. Переселендерде түрлі қару, мылтық бар, әрі үкімет те, заң-зәкүн де солар жағында. Қашанда олардың жергілікті жұртқа әлімжеттік көрсетуі, зорлық-зомбылық жасауы, тіпті «түземдікті» өлтірген қылмыстық іс-әрекеттері ақталып отырған. Мұндай жағдайда қара қазақ жалаң қолмен оларға қайдан қарсы шықсын... Тағдырдың маңдайына жазғанына амалсыз көнген.
Осылайша, үй салғызбау мақсатында Патша әкімшілігі «қақыра» (орысшасы – «мазанка») салығын ойлап тауып, үй салған қазақтардан жылына бір сом елу тиыннан жинап отырған.
02.
Қазан қаласына барған сапарымда өзімнің әріптестерім – Татарстан Ұлттық кітапханасын, Қазан университетінің Н.Лобачевский атындағы кітапханасын армансыз аралағаным есімде. Академик Сейіт Қасқабасов ағамның тапсыруымен, әсіресе көне жазбалар, ескі кітаптар бөлімдерін мұқият аралап, құмарта танысып, қызықтай бәрін көріп шықтым. Қазақстанның бас кітапханашысы – өздері арнайы қонаққа шақырған әріптесі келген соң олар да аянып қалған жоқ. Әншейінде басқа елдерден келетін ізденушілерге, ғалымдарға оншалықты иіле қоймайтын, көрсете бермейтін құпияларын мақтанышпен көрме жасап, менің алдыма жайып салысқан. Әріптестік ынтымақ деген осы шығар тегі!
Расында да, 18-19 ғасырларда Қазанда шыққан кітаптар бұл кітапханаларда жетіп артылғандай екен. Көз жауын алған көне кітаптар... Сөз жоқ, бұлар халықтың нағыз байлығы, ұлттың баға жетпес қазыналары. Көне кітаптардың осыншалық көптігін көргенде, жасырып керегі не, ішімізді ала мысық тырнағандай күйге түскеніміз шындық.
Дерек бойынша, осы қалада 1841-1918 жылдар аралығында қазақ тілінде де біршама кітаптар шыққаны белгілі. Олардың саны қазір 172 аталым деп айтылып жүр. Ол кітаптардың біразы Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Сирек қолжазбалар қорында сақтаулы (Ізденімпаз оқырманға қажет боп жатса – олардың тізімі менде бар).
Әңгіме онда емес, әңгіме басқада...
Татар тіліндегі тұңғыш кітап 1722 жылы жарық көріпті. Сол жылдан 1917 жылғы төңкеріске дейін осы тілде ұзын саны 15 мың кітап шыққан екен. Орыс тіліндегі кітаптар туралы сөз басқа, «олардың саны жүз мыңдап саналады» десті әріптестерім.
Көзге ұрып тұрған бір ерекшелік – татар мен башқұрт, қазақ тіліндегі кітаптар биттің қабығындай жұқа, сыртында қатырма қағаз жоқ, мұқабалары үлбіреп тұрған брошюралар. Ал орыс тіліндегілердің сүбесі кере қарыс, көз сүйсінткен қалың, сеп-семіз фолианттар. Мұқабалары қатты, оның үстіне көпшілігі ешкі терісімен, болмаса соған ұқсас дермантин сияқты материалдармен қапталған. Олардың безендірулері де ерекше, қазіргі конгрев дейтін заманауи технологияны сол кезде пайдаланған ба дерсің – бетіндегі әлем-жәлем оюлары, шрифтары бедерлі, өрнектері алтынмен апталып, күміспен күптелген.
–Қолдарыңызда тұрды ғой, татар кітаптарын неге мына орыстыкі құсап әдемілеп шығармадыңыздар? Татар ағайын жазуға еріншектік танытқан ба, кітаптарыңыз да жұқа екен? – деп мен әріптестерімнен әзілдей сұрадым.
Олар бастарын шайқап, күрсіне берісті.
Сөйтсек, ол дәуірде татардың да қолында дәрмен болмапты. Бұл мәселе бүгінгі менің әріптестерімнің де шымбайына бататын, намысын қозғайтын шетін жағдай екен.
Қысқасы, патша заманында орыс тіліндегі кітап пен бұратана халықтар тіліндегі кітаптардың айырмашылығы орасан үлкен болыпты. Жер мен көктей десеңіз де сияды! Орыс тіліндегі кітапқа қарағанда, мысалы, татар тілінде кітап бастырып шығару 25 есе қымбатқа түскен. Яғни, орыс тілді автор әр баспа табағына 10 тубль төлесе, татар ағайын кітабының әр табағына 250 рубль төлеуге мәжбүр болған. Сондықтан том-том кітап шығаруға шылқыған байдың да, шалықтаған көпестің де шамасы жете бермеген.
Ол заманда татар, башқұрт, қазақ тілдерінде шыққан кітаптардың тілдей жұқа, дәптер секілді ұсқынсыз, боршюра түрінде боп келетін себебі осы екен.
Қандай зымиян саясат еді десеңізші! Бұратана халыққа төл тарихын, мәдениеті мен дәстүрін ұмыттырып, оларды мәңгүрт етудің төте жолы, мінеки, осындай да болған секілді.
03.
Жетпіс жыл бойы совет адамдарына әкелген қасіреті, туған халқын қуғын-сүргінге ұшыратқаны үшін кейбір шетелдік қаламгерлер, әсіресе АҚШ-тың саяси қайраткерлері анау жылдары коммунистерге «анафема» жариялады.
Олары дұрыс та шығар... Ал өздері ше? Католик шіркеуін айтам, үш ғасыр адамзатты үркітіп-қорқытып, одағай ойлы жандардың соңдарына шырақ алып түсіп, қанап келгендері қайда? Үш ғасыр бойы адамдарды отқа жақты, өртеді, дарға асты. Ғылымның аузын жапты, өнер мен білімнің дамуына мықтап тосқауыл қойды. Тіпті ең соңғы отқа өртелген «ведьма» 19 ғасырда, Гетенің заманында болыпты. Сөйтіп Еуропа аспанын үш ғасыр қара түнекке батырды.
Коммунистер жетпіс – жыл, ал Католик шіркеуі – үш ғасыр. Ол жағдай жайында ауыздарын ашқысы келмейді.
Сонда әділет қайда деген ой келеді.
04.
Біздің ауылдың күншығысында күншіліктен мұнартқан «Александр» деген шошайған шың бар. Баяғы замандарда ол «Ақшоқы» аталған екен. Кейіннен «Алексан» деп аталып кетіпті.
Ұшар биігін бұлт тұмшалап, көкке тік шаншылған Алексанның басы қыста да, жазда да қақ күмістей ағарып жататын. Қыс айларында белгілі ғой, ақ қар, көк мұз дегендей... Ал жазда ақ бас болып жататыны – өн бойы тұтасқан аппақ қорым тастар екен. Олар күнге шағылысқанда тіпті құлпырып, аппақ боп көрінетін секілді. Картада бұл шоқының биіктігі 2367 метр деп белгіленген.
Бозбала күнімізде ауыл арасында мынандай бір ән-сымақ бар-тын.
Басынан Алексанның алдым қайрақ,
Атыма тоқым салмай міндім жайдақ.
Жақыннан, ауылымнан қыз табылмай,
Сайран сап, қызық қуып жүрмін бойдақ.
Ақшоқыны қазақтар неліктен «Алексан» атаған? Александр деген кім сонда?
Сұрастыра келе, үлкендерден мына бір әңгімені естіген едік...
Осы шоқының арғы астында Фадиха деген ауыл бар. Ол ауыл қалың терістің ішінде, жазда атпен, қыста шанамен ғана қатынайтын тау сілемінің төрінде жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін Фадиха – «Маралды» аталды. Өйткені ол ауыл атам заманнан марал өсіретін.
Мінеки, осы ауылда төңкеріске дейін Фаддей деген көпес өмір сүріпті. Мыңғыртып марал өсіріп, жүздеген жалшы ұстаған екен. Әрине, көпестің жалшылары жергілікті қазақтар, өзінің ауылдастары. Фаддей көпес мінезі қазымыр, оңбаған, мазасыз кісі болса керек, ауылдастарына жөн-жосықсыз тиісіп, күн көрсетпейді. Өзі аюдай ақырған қарулы адам екен, бірде мас болып жүріп, көшеде қарсы кездескен бір қазақты шықшыттан ұрып, сол арада сеспей қатырыпты. Көпестің озбырлығына күйінген қазақтар жиылып, жоғарыға шағым жазады. Тексеру келеді, келген пристав Фаддейдің үйінде үш күн той тойлап, қазақтардың өзін кінәлі етіп, араққа тойып шайқатылып қайтып кетеді.
Фаддейдің әйелі күйеуінен бетер адуын болыпты. Әлгі шағымнан соң бәйбіше одан әрмен ашуға мініп, қаймана қазақты отырса опақ, тұрса сопақ қылады. Екеуінің еңгезер бойлы, өгіз мойын күжірейген ұлы бар екен. Әкесі мен шешесін арқа тұтқан ол ауыл жігіттерінің басына әңгір таяқ ойнатып, қыз-қырқынға қырғиша тиеді. Бір жолы бойжеткен жас қызды орман ішінде зорлап кетеді. Қыз деген қазақтың намысы емес пе, ауылдастары бұдан әріге төзе алмайды. Жасырын кеңес құрып, сайланып мықты бес жігітті шығарады. Фаддейдің ұлы екі-үш адамға бой алдырмас күш иесі болса керек. Оның қыдырып етектегі Өрел ауылына кеткенін байқап, жігіттер аңдып жүреді. Содан екі күн жол тосады. Үшінші күні удай мас, тау ішін жаңғыртып өлеңдетіп қайтып келе жатқан жерінде Фаддейдің ұлын ұстайды ғой. Жігіттердің бірі арқанмен шалмап, екеуі жол шетіндегі жартастан үстіне қарғып, аттан құлатады. Содан жерде апыр-топыр арпалыс... Жігіттерге бой бермей, жұдырық сілтеген кезде жігіттің біреуінің мұрынын бет қылады. Қазақтар жау болса да өлімге қиған ба, байлап-матап, жуасытып, жөнге саламыз деп ойлаған ғой. Фаддейдің ұлы бесеуіне де күш бермей бара жатқан соң бір жігіт жерде жатқан қарағайдың бұтағымен бастан бір ұрады. Сөйтсе сынған бұтақтың пышақтай ұшы басына кіріп кеткен екен, тентек ұл сол арада жан-тәсілім етеді.
Енді не істеу керек? Пристав білсе ауылдың жарымы мойындарына қамыт іліп, ит жеккенге айдалмақ. Қалған қазақтың түбіне Фаддей мен бәйбішесі-ақ жетеді. Сөйтіп бұл ауыл тұқым-тұяғымен қоса құруы әбден мүмкін.
Бес жігіт Фаддейдің ұлын атқа өңгеріп, түнделетіп алыстағы биік шоқыны бетке алып тартып кетеді. Сонда апарып, адам аяғы баспас бір тастың қуысына көміп тастайды. Ит-құс қазып, денесін шығарып, ұрлықтарын әшкере етпес үшін үстіне ауыр тастарды домалатып, мақау бітеп тастайды.
Артынша айғай-шу, тентек ұлды іздеу басталады. Төменгі жақтан иықтары жалт-жұлт еткен бірнеше адам келіп, ауылды түгел тінтеді. Ауыл маңайын итпен іздейді, зиратты зерттейді, қазылған топырақ, үйілген төмпешіктің бәрін қопарады, бірақ түк таба алмайды. Сұраған қазақтар ауыздарын ашар емес. Құпия келіскен әлгі бес жігіттен басқасы бұл оқиғадан бейхабар болса керек. Ал, мұрыны бұзылған жігіт тірі жанға көрінбей, тау асып, Ұра ауылындағы нағашыларына кетіп қалады.
Фаддей көпес жалғыз ұлын қазақтар құртқанын сезеді. Шағымданып қалаға кетеді. Сол жақта тавернада қатты ішіп, төбелес шығарып, жүліктердің қолынан мерт болады.
Қазақтар ақбас шоқыны кейіннен «Александр өлген» атайды. Жылдар өте ол шоқы қазақы мақаммен «Алексан» аталып кетеді.
Ал, Фаддейдің бәйбішесі күйеуі өлгеннен кейін де ауылда ұзақ жыл өмір сүріпті. Бірақ бұрынғы мінез жоқ, қазақтардан қатты сескеніп қалса керек. Революцияның апалас-төпелес жылдарында ол да қартайып өмірден өтеді.
Ауыл алдымен «Фаддейиха», яғни Фаддейдің әйелінің ауылы аталып, кейіннен ол атау да қазақы мақаммен «Фадиха» – «Падике» болып кетеді.
05.
Сақан Құрманов мұғалім бірде Өскемен қаласына барғанда маған акварель бояу сатып әкелді. Мұндай көп түсті жұмсақ бояу ауылда болмайтын. Акварель менде бұрын да бар еді. Бірақ ол бояулардың түрі аз әрі тастай қатты болатын. Суда да жібімей зықыңды шығаратын. Ал Сақан мұғалімнің әкелген бояуы өзгеше жұмсақ, ақ қағазға айғыздалып әп-әдемі боп түсе қалады екен.
–Әзірше орман-тоғай, тау-тасты салып қолыңды жаттықтыра бер. Соңыра Пушкинді, Лермонтовты, сосын Абайды саласың) – деді Сақан мұғалім менің жуықтағы болашағыма жоспар құрып.
–Ленинді ше? – деп сұрадым мен.
Бұл сұраққа мұғалім біртүрлі тіксініп қалды.
–Ленинде нең бар! – деді басын шайқап. – Қисық салып қойып, екеуміз де ұсталып кетіп жүрерміз!
Қазір ойласам, отыз жетінің ызғары бертіндегі алпысыншы жылдардың соңында да сақталған екен ғой!
06.
Жетпісінші-сексенінші жылдары әйгілі зергер, шебер ұста, шешен тілді Дәркембай Шоқпарұлының үйіне жиі барып тұратынбыз. Дәркембай ағамыз қазақтың қолөнерін насихаттап өткен елжанды азамат еді. Көпті көрген, көңіліне көп дүниені түйген әңгімешіл кісі-тін. Біз үйіне барамыз да, ағамызға еркелейміз, жалықпай әңгімесін тыңдаймыз, жасаған зергерлік бұйымдарын қызықтаймыз, олардың қалай жасалатынын тамашалаймыз. Бірде суретші досым Еркін Нұразханов екеуіміз аулаға кіріп барсақ, Дәркембай шеберханасында қайыңның безінен шоқпар шапқылап жатыр екен.
–Дәке, мынауыңыз не? – деп сұрадық.
–Көрмей тұрсыңдар ма, шоқпар ғой! – деп Дәкең гүж ете қалды.
–Немене, соғысқа дайындалып жатырсыз ба? – деп біз де тиісе сөйледік.
–Иә, соғысқа... – деді Дәкең бізге бұрылып. – Соғыс болғанда үлкен соғысқа...
–Шыныңыз ба?
–Шыным сол. Шыдамым бітті, таусылдым. Енді бүгіннен бастап имансыздыққа қарсы соғыс ашпақпын.
07.
Орыстарда «Адаптация к козлам» деген бейнелі сөз бар.
Осы сөз орыс ағайынды қайдам, қазіргі қазаққа көбірек келетін сияқты.
Біреудің сұмырай, біреудің сұмпайы екенін білеміз. Біреудің жетесіз, зердесіз сүмелек екенін тағы білеміз. Біле тұра сол адамның қасында түк білмегендей көзімізді төмен салып, монтиып жүре береміз. Онымен қоймай, ол кісімен әзілдесеміз, қалжыңдасамыз, әңгімелескен боламыз. Өзі ойсыз, санасыз, сөйте тұра қазымыр, жексұрын бастықтардың да талайымен жұмыстас, қызметтес боламыз. Оларға да «ләббай тақсыр» деп иіліп сәлем беріп, өтірік ыржиып кете береміз. Кейде оларды көпшілік ортада, жиналыстарда көзін бақырайтып қойып мақтаймыз, көпіртіп сөз сөйлейміз, көлдей етіп мақала жазамыз, өлеңдетіп ода арнаймыз.
Сонда біздің «адаптация к козлам» болмағанда – кім болғанымыз?
| |||||||