ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 2020 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығыны...
Ақбота Кенжеқожаева. Лалагүл
Дауыл. Тынышы кеткен қараңғылық. Күн күркіреп, теңіз толқындарының ойыны үдей түсті. Жер-жаһан беймаза күй кешіп, найзағай падишасы Тор ғана осы сәттен ләззат алуда еді. Оң қолынан ұшқындаған жай оты жауыздықтай жан-жақты жалмап жатыр. Асаймұса ұстаған сол қолы сыңарымен салыстырғанда тіптен басқа сипатта болатын-ды. Асатаяғының жиегін өрнектеген лалагүлдер ақырын ғана қоңыраулатып тұр. Мейірімділік әнін шырқаған ізгілік гүлінің күлтесі үзіліп Жерге жол тартты...
...Шеберхана іші. Әлдебір америкалық әнші әйелдің әуені жансыз қабырғаларға да мұң сыйлаған. Ақ лалагүл. Ақ көйлекті кішкене қыз. Көрген жанды үйіріп әкететін сүйкімділігі лалагүлдің сұлулығымен таласқандай. Бейкүнә сүйкімділік. Тұңғиығымен арбап алатын жанары жұмулы еді.
- Күншуақ?
Жауап қайтармады. Әуезді ән жүрегіндегі пернелерді дөп басып, тамаша күйден арыла алмай отырған-ды.
- Күншуақ!
Тұнық түндей көздерін жоғары көтергенінде кірпіктері діріл қақты. Дауыс иесімен көзі түйіскен сәтте екі бетінің ұшы қызарып қоя берді.
- Қашан келдіңіз? – деді үндеместің амалын жасап.
- Сағынбадың ба?
- Сағындым, - деді қыз құшағын жайып.
- Құшақтамаймын.
- Ренжігіш, - қыз жүгіре келіп құшағына тығылды. Бауырына балғын мүсінді ерекше қамқорлықпен басқан. Бұйра шаштарын ұзақ иіскеді.
- Шәй ішеміз бе?
Үнсіздікті қыз бұзды. Терезе жанындағы диванға жайғасты. Ақ лалагүл төмен қарап, екеуінен ұялған кейіп танытты.
- Өзің сияқты қышқыл дәмді шәй ішкізесің бе?
- Жоқ, дәл мендей тәп-тәтті, - деді қыз стаканды ұсынып жатып.
- Бүгін ештеңе сала алмадым. Тек музыка, музыка... Өзіне бағытталған көзқарастан қысылған қыз сөзінің аяғын жұтып қойды.
- Түріңнен сенің!
- Не болыпты түріме? – бұртия қалды.
- Қас қарайып қалды. Жүр, сені жеткізіп салайын, - деді жігіт орнынан өре түрегеле.
Кеңістік. Қала шамдары жарқырап, сиқырлы мезгіл басталған. Көлік қозғалысы баяулап, тіршілік толасы бәсеңдеген. Машина жүйткіп келеді.
Өздерін ақсүйектер деп таныған әлдебір қоғам мүшелері мен бірінші сап өкілдері жиналған кезекті сурет көрмесі.
- Сен оны көзіңмен көрсең ғой! Ол сурет әлеміндегі теңдесі жоқ бояу, өзге өрім. Жанарына жұмбақ жасырған бет-әлпетінен сәбидің пәктігі сезіледі, - Дарын үздіксіз сөйлеп жатыр. Бұл көңілсіз.
- Әне, дәл өзі, - деп бүйірінен түртіп қалды. Ортаға күннің шапағы түсіп, жарық молая берді. «Дәл өзі» деді іштей.
- Сәлем, - деп қол бұлғаған Дарын қызға жақындады, - мен сендерді таныстырайын.
- Біз таныспыз, - деді қыз ақырын ғана. Бұл үндемеді. Бір сәтке көздері түйіскен екеудің шертілер сыры көп секілді. Дарын бұлардың құпиялары ортақ екенін ұғынғандай байқаусыз ысырыла берді.
Үнсіздік. Қыз күрсініп қалды. Дереу осынысынан қысылғандай сыртқа ұмтылды. Артынан ілесе шыққан жігіт тосылып қалды. Ұлпа қарды алақанына қондырып, өзімен-өзі жымиып тұр екен. Жақындаған жігіттті аңғарған қыз теріс бұрылып кетті.
- Қар саған ұқсайды!
- Қар? – қыз кілт бұрылып, бетіне үңілді.
- Аппақ, тап-таза, үлпілдек.
- Ммм.
- Және сондай салқын!
Өткен күндерге ойша көз жүгіртті. Көлікке мінгелі томаға-тұйық қалыптағы қызды түртті.
- Сонда «біз таныспыз» деуіңе не себеп болды?
- Олай демесем бәрі әдеттегідей болар еді. Еш қызықсыз!
- Қандай қызық?
- Әдепкі. Таныс-білістік. Қызығушылық, достық, ғашықтық, ақыры белгісіздік.
- Олай болса несі әбестік?
- Сіз ешбір қызықсыз адамсыз. Келбетті, ұзын бойлы. Талғаммен киінуге тырысасыз. Ортаңызға сыйлысыз. Ерік-жігері мықты, мақсат-мүддесі биік адам саналасыз. Алайда мен үшін дәл осы сипаттауларға кереғарсыз.
- Не?
- Солай...
- Ал екеуміздің кіршіксіз достығымыз?
- Достық? Тіпті, орын алмауға тиісті достықты қалыптастырдық.
- Енді?
- Баянсыздық әнін шырқаймыз қос дауыста.
- Алғашқы кездесуде рас айтқан екенмін. Сен шынында қар секілді тым салқынсың. Тым-тым.
Қыз күлімсіреді.
- Неге сонша ақылдысың? Неге тым ұстамдысың? Неге?
- Мен бе? Жо-жоқ! Мен – Күншуақпын. Менің күлкім сіздің жаныңызға жылулық ұялататын. Қылығым сүйсіндіріп, жүрегіңізге аяулы көктемді орнататын.
- Сен аяуды білмейсің.
- Аяулымын бірақ.
***
- Кітап оқи бересіз бе?
- Тыныш.
- Мен зеріктім.
- Сен де оқы.
Қыз музыка қосты. Тағы сол американдық әйел ұзақ әуеніне басты.
- Күншуақ?
- Иә, - деді билеп жүрген қыз ентігіп.
- Шаршамадың ба?
Қыз үн-түнсіз музыканы өшірді. Қасына келіп, теріс қараған күйі жата қалды. Құшақтамақ болып ұмтылып еді, қолын қағып тастады. Әлден уақытта пыс-пыс етіп ұйқыға кетті. Жамылғы жауып жатып, алқызыл еріндері әнтек ашық жатқанын байқады. Қарақат көздері жұмулы, қою кірпіктері ара-тұра әлсін-әлсін қимылдап қояды. Бір сәтке тыным таппайтын тентек қыз момақан кейіпте томпиып ұйықтауда. Тап қазір еркелеген кезінен де тәтті еді. Екі бетінің қызарып тұратын ұшы тарқап барады екен. Көз алмай біраз отырды да, терезе алдына келді. Лалагүл мұңды.
- Лалагүл, білесің бе? Мен оның тізесіне басымды қойып, алаңсыз ұйықтап кетуді армандаймын. Аппақ алақаны шашымды ақырын сипаса. Әлемдегі ең аяулы адамдық қасиет, ең шуақты ізгілік оның алақанының табында секілді. Осы бір кішкене қыз мені мен танып-білмеген орасан жылулықпен, алапат мейіріммен жақсы көреді, сезем.
Жүрек кебежесіндегі ойын лалагүл дәл ұққандай, сабағы иіліп, ақ күлтесі үзіліп түсті.
***
Кенепке бояуларды баттастырып жаға бастады. Тіпті, алақандарын аяр емес.
- Не деген туынды?
- Мәнсіздік!
- Баянсыздықтың қолынан басқа не келуші еді?!
- Шығыңыз шеберханадан!
Жігіт салқын жымиып диванға жайғасты. Қыздың сүйікті лалагүлдерінің қоңыраушалары да тәкаппар қалыпқа еніпті.
- Сіз ше? «Болашақтың Жазушысы»? Тындырған ісіңізді алға тартыңыз? – қыз бояу жұққан нәзік қолдарын ылғал шүберекпен сүрте жүріп үн қатты.
Жігіт жұмулы көзін ашпады . Терең күрсініс. Маңызды нәрсе айтылардай тамағын кенеп, әлсіз жөтеліп те алды.
- Я строю мысленно мосты,
Их измерения просты,
Я строю их из пустоты,
Чтобы идти туда, где Ты.
Мостами землю перекрыв,
Я так Тебя и не нашел,
Открыл глаза, а там... обрыв,
Мой путь закончен, я пришел.
- Валентин Гафт?! – қыз жүзіне күлкі үйірілді. Жігіт басын шұлғыды.
- Ал маған оның ит туралы өлеңі көбірек ұнайды. Адамдардың екіжүзділігі шебер суреттелген.
- Әдебиет жайлы пайымдауларыңды кейінге қалдырсақ қайтеді? Мен сені серуендеуге шақыруға келген едім.
Жаймашуақ қалыптағы қыз қасына келіп отырды:
- Серуенге келесі жолы барсақ қайтеді, - жауап күтпей, - келіңіз,- деді тізесін нұсқап.
Жігіт жантайып, басын қыздың тізесіне асқан ұқыптылықпен қойды. Жұмулы көзін ашса, тәтті түсінен оянып кетердей одан сайын қаттырақ жұма түсті. Күншуақ ақ сүйрік саусақтарымен жігіттің шашын нәзік тарамдады. Құдды баласын әлпештеген қамқор ананың жұмсақ алақаны аялағандай.
- Менің көкейімдегіні оқитын сиқырың бар ма?
- Лалагүл айтты,- қыз күлкісі шеберхана ішін көктем күніндей көңілділікке толтырды. Қоңыраушаларын қаққан лалагүл сыңғыры елеусіз қала берді.
***
Жылауық Аспан мазасыз нәрестедей. Терезені тамшылар сұранып ұрғандай ақырын тырс-тырс соғады. Әдеттегідей, долы дауыл емес. Іші-бауырыңды өртеп, үнсіз егілген адам секілді. Лалагүлдің әсемдігі әлсіреген...
Екеуі бір-біріне теріс қарап, арқаларын түйістіріп отыр. Қыз құмығып жылауда. Дыбысын естіртпеуге тырысып-баққанымен, екі иығы сезік тудырады. Жігіттің жан-жүрегі сөгілді. Бүкіл сезімін, түйсігін, ағзасын бөгде адам қол сұғып ақтарып жатқандай азапты күйді кешті. «Жаңбыр жауса тырсылынан оянам, іздеп келіп есік қаққан сен бе деп». Жігіт қоңыр үнмен баяу әнге басты.
- Күншуақ? - Салтанат құрған тыныштық бұзылды.
- М? – жанарының жиегіне жиналған моншақтарын аңғартқысы келмей, жерге үңіле отыр.
- Бері қарашы. Қыз басын көтерді.
- Бүгінгі қоштасу ерекше екенін білесің ғой. Бұдан кейін кезікпейміз. Тыныш өмірімізді сүруге ұмтыламыз. Бірақ, бүгінгідей жаңбыр төгіліп, тамшылары тереземді қаққанда, мен сені іздеуге шығам. Сен де сол күні оралатын бол, - жігіт қыздың қолдарын қыса түсті. «Жоқ», - қыздың үні дірілдей естілді. Лалагүл қурап, жоғалуға айналыпты.
Арада көп уақыт өтті. Сол түннен кейін қыз бұл қалада ешқашан тіршілік етпегендей ізім-қайым жоқ болды. Ешбір дерексіз, ешбір баянсыз. Жүрегінің ең түбіне жасырған бұл өкініші көмескілене бастаған еді. Тек мына жауын... Сол түні осылай егілген еді Аспан... Киімі шылқыған су. Жылап келе ме, жоқ жаңбыр ма? Түсініксіз! Кенет, көзі әлдебір кереметті шалды. Қалқыған жаңбыр суына лалагүл қонақтапты. Әне тағы да... Тағы лалагүл. Күншуақтың тәтті күлкісі талып жеткендей... Лалагүлдер көбейіп келеді. Амалсыздан жазықсыз гүлдерді таптап өтуге мәжбүр болды. Қадам басқан сайын жүрегіне біреу біз тыққандай сол жақ тұсы сыздай түсті. Тапталып жатқан лалагүл емес, қорғансыз қалған ең ұлы сезім – махаббат еді...