Соғыс басылар алдында бір қолынан айрылып, елге ерте оралған Жортақ деген көрші ауылдың жігітіне тұр...
Байыт Қабанұлы. ҚАЗ ДАУСЫНАН ҚАЙҒЫ-ШЕРІМ ЕСТІЛСІН
4924
Ей, қар бүркеген Қарақорым, сенен неге қара көңілім үріксін!?
Сен онсыз да жұмбақ едің, одан сайын жасырынып, қар астына кіріпсің.
Қане, мен де саған келіп, қар бүркеніп отырайын үн-түнсіз,
біздің ішкі зар бүркенген дүниеміз біріксін.
Сенің алтын топырағың талай қанды жұтты я сімірді,
Қызыл түсті талай таңды атырды да, талай жанды сіре қарға сіңірді.
Мен де ертең осы қар мен топырағыңа сіңермін де, мәңгі тыныш табармын,
Мұңға бөлеп қызыл иек іңірді...
Бір күндері қар да еріп, уақыттың қойны-қоншы ашылып,
Көш керуен алға кетер абыр-сабыр асығып.
Ал мен, сірә, тірі күнде мына жұмбақ сар даладан кетем бе?
Қанша батыр бабалардың жатқан жер ғой сүйектері шашылып.
Әй, дүние-ай, бірді-бірге аңдытқан,
Шымырды да шым-шытырық шырмауыққа шандытқан.
Содан шығар мына жерде қарауылға ілінгенде бір қасқыр
Анау таудан бір бөлтірік тілін тістеп, сусын етіп қан жұтқан.
Күн батқанда сенуші едім атарына таң қайтып,
Бүгін неге жылай бердім?..
қараңғыда өзді-өзінен өшіп бара жатқан анау шамды айтып.
Соның, сірә, зардабы ма өмір бойы өзегімді өртке қақтап кенеземді кептірген...
Орны толмас бір сағыныш күннен-күнге бара жатыр сарғайтып.
Мүмкін содан қайта-қайта келе берем Орхон судың жағасына айланып,
Көк тәңірдің астындағы көз көрмейтін көк жіптерге байланып.
Бұл далаға құлақ салсам, көк інгеннің боздағаны көктен жерге төгіліп
Көкірегімді көкбөріге жалатады: қалам сосын жайланып.
Таңданбаңыз талабы бар біреулерге сөз қонар,
Көз жасымды сусын еткен
сар даланың сары шөбі шаршағанда оранатын бөз болар.
Бір ғажабы бал татыған замзам суы
баспай қойған қырық күндік шөліңді
У татыған арақ басар кез болар.
Жебе тескен жер кеудесі әлі күнге ауыра ма нетеді?!
Кейде-кейде күңіреніп кетеді
Желмен бірге орасан бір мұң сызылып жетеді
Ағыл-тегіл мен жылаймын, себебі:
Аспан текті асқақ елдің ұлымын ғой ұл мен қыздан жаратылған некелі.
2019.01.14
***
Еркек қойдың тобығын тасмиықтың тасындай ғып тазалап..
Апаң сені ұл туады деп тосқан
Нар қайыстың иін әбден қандырып
нар садақтың адырнасын ауыстырып..
Әкең сені ұл туады деп тосқан
Иә сосын өрт жіберіп алау оттай арманға
Шешең сенің сені әкелді ұлағатты ұл әкелді жалғанға
Әуел бастан таң боп аттың, ән боп ақтың
Жарыққа кеп жарық болып қосылдың,
талғам қосып тарам тарам талғамға
Әке шешең маңайыңа жақындатпай кесірді,
Көңіліңді жықпау үшін көлді орнынан көшірді
Ал сен болсаң өрге шапшып лаулаған өрт едің,
Анаң болса өртті емізіп шүбірекке орап жүріп өсірді.
Енді бүгін сені көрем көремін де көкке қарап ойланам
Бабына кеп тұрған сынды бір арғымақ жүйрік атым байлаған.
Жан жағына өрт жіберген өлеңіңді оқимын да жадыраймын, жайланам
Жарық пенен жылулыққа қарық болып қалғандай ақ айналам...
- деген кезде әкемменен бір жасасқан ақсақал шал
ойран етіп сезімді
Өз еркімсіз ет жүрегім езілді
Дәл сол кезде
екі үш жылдың алдындағы ана жаққа аттанған
Әкем келіп ат ағашқа атын байлап жатқандай боп сезілді
2018.12.18
ДОМБЫРАМ
Айналайын жан домбырам тілі едің сен тілсіздің,
Үні едің сен үнсіздің.
Қазақ күлсе бірге күліп,
ал жыласа бірге жылап өксік атқан асылым,
Бүгін неге қолжаулығы болып кеттің мұңсыздың.
Оо дариға жеткені ме құнсыз күн.
Жүректегі сөндірдік пе жалынды,
Сен де сарқып біткенің бе барыңды.
Сені Қазақ, ал Қазақты домбыра деп танушы ем,
Бүгін неге Қазақ сенің ұға алмайтын күйге жетті зарыңды.
О дариға енді кімге аманат қып тапсырамын арымды.
Айналайын жан домырам жүрексіздің жүрегі едің зарлаған,
Суға кетіп бара жатып талым едің қармаған.
Жүйрік едің жүз ғасырға жалғасқанда қажымаған талмаған.
Қанды қолға терісімді сойғызғанда тірідей,
Тері болып, алдауым ең көңілімді алдаған.
Бабалардан бізге жаткен бір мұра едің сырланбай-ақ, боялмай,
Абай да өткен қызығыңа, қылығыңа тоя алмай,
Қанша зарлап, дабыл қағып жатсаң арлап, дабыл қағып жатсаңа тоя алмай,
өксіген,
дағы қайтейін,
Тас керендер әлі жатыр оянбай.
.... Ой Алла-ай
2018.10.03
ЖАН ӘКЕ
О, туған жер, тағы келдім жатайын деп жайланып,
Кіндігімнен арқандаған қазығымды айланып.
Бәрі орнында амал қанша, асыл әке, сен жоқсың,
Бос орныңа қарай-қарай қамығамын қайғы алып.
Осы жерде қанша бабам көкке шығып көз ілді,
Соларды ойлап қаншама рет тауыстым мен төзімді.
Әйтсе дағы сені өсірген, мені өсірген бес тәңірдей Бессала
Сенсіз маған көшкен елдің жұртындай боп сезілді.
Сен бар кезім бүгін енді болып кетті
қол жетпейтін армандай,
О, дүние, айтқанынан қайтпайтұғын өлім деген заң қандай?!
Қарап қоям айналымды қоршап тұрған асқар-асқар таулардың
Әлдебірін біреу келіп алып кетіп қалғандай.
Қайран әке, өзің барда еш алаңсыз қарсы алушы ем әр таңды,
Қанды қылыш алдынан да қажет ете бермеуші едім қалқанды.
Енді бүгін аты ақсап, құсы қашқан серідей,
Жылап тұрмын Бессаланың тауларына тіреп алып арқамды.
Бірде маған: «Тек алға жүр, қарайлама артыңа,
Артқа қарау жанаспайды адамдықтың салтына.
Сендік дүние сенікі емес, бәрі артыңда қалады,
Сондықтан да тірі күнде талпынып қал...»
- деген едің көкірегіңде зар тұна.
Амал қанша, өтті ол күндер отыратын ақылыңмен сусындап,
Бүгін енді сөзің, ісің еске түсіп, екі көзден жас боп шығар шым-шымдап.
Сен кеткелі өзің тойға баптап мінер тор жорға атың секілді
Екі бірдей жыл айланды сауырынан су төгілмей сусылдап.
Қандай мәнді, қызықты еді әкесі бар күндерім,
Алыс-жақын қайда жүрсем мен өзіңмен бірге едім.
Осы күннің бір келерін білсем дағы қайран менің әкешім,
Осығұрша ауырлығын ойламадым,білмедім...
Сені ойласам өзегіме өшпейтін өрт жандырамын, жан әке!
Сағыныштан сар даланы запыранды зар қыламын, жан әке!
Сенсіз өткен күндерімнің айғыз-айғыз салып кеткен жарасын,
Айтыңызшы, кімге апарып таңдырамын, жан әке!?
2018.11.30
***
Сөйлейін оңды солды да шайқалса дүние шайқалсын,
Шайқалдырып жалғанды кім мендей етіп айта алсын
Әй бірақ қалды көңілім, тобырға сөзім өтпеді
Адамдық та жоқ, ар да жоқ бүгінім сайтан сайқалсың
Бүгінім сайтан сайқалсың түңілдім сенен түңілдім
Түңілмес едім жұлынды түгі де қалмай бүрімнің
Өз ұлың сені өрлетпей өзекке тепті қайтейін
Арғымақ едің қайран ел қу томарға да сүріндің
Соны айтып қайғы шегіп ем ағаларға жақпадым
Інілерге де жақпадым шағылмай қойды шақпағым
Көтере алмады иығым әлемнің мына шатпағын
Шындықты шағып айтсамда арылмай қойды батпағым,
Маған арнап күнде бір көр қазып жүрген жігіттер
Өлімінен Байыттың таң атқан сайын үміткер
Кешіріңдер әзірше қуанта алмай келемін,
Орындалар арманың шірене басқан шіріктер
Мен тұрып жатқан уақыт бөтенсің неткен, бөтенсің
Бөтендік етіп теңдеген жүгіңді мойным көтерсін
Итаяққа құйылған арам асқа семірген
Оо иттер-ай, иттер-ай қашан тояр екенсің
2018.12.01
ҚАЗ ДАУСЫНАН ҚАЙҒЫ ШЕРІМ ЕСТІЛСІН
Кезігуге тиісті бір кереметтен келгендей ақ кеш қалып
Көк жайлаудан жететұғын көш талып
Күзде келіп сенің ауылың қоңсы болып қонатын
Күрең таудың бөктеріне көп отырдым сол күндерді еске алып
Төрт аяқты жануарды қанаттыдай ұшырып
Келгенімде терін төгіп, сабылдырып ат алқымын ісіріп
Қараңғыда қарсы шығып мені тосып алушы едің ерке қыз
Кертөбелдің басын ұстап, аттан сүйеп түсіріп
Мына асқар тауларменен сері жаным егіз деп
Көп тіледім асқарлардан несібемді жегіз деп
Қамшы қалған жерге жігіт бір оралар дейтін еді бабалар
Мен де солай келіп тұрмын қамшымды емес сені іздеп
Есіңде ме сен дегенде кертөбелім терге талай малшынды
Саған келіп жоғалтып ем тобылғы сап қамшымды
Көп іздедім бұл жолы да таба алмадым, таппадым
Қамшымды алып қалған ару сен де әттең естімейсің жан сырды
Мынау өлке жанарыма мұң тұндырған мұнар шың
Сен дағы бір аттың басын бұрарсың
Қыз күніңнің күзеуіне келер болсаң бір күні
Мен туралы таулардан да, тастардан да сұрарсың
Мына жолмен әлі талай шұбатылып шұбыртпалы көш жүрсін,
Осы бір жұрт тұрған шақта қалай қайтып естелігім ескірсін.
Көктем келіп көлдер тасып, көкөрім тал көктегенде гүлденіп,
Қалқам сенің құлағыңа қаз даусынан қайғы шерім естілсін.
2018.10.31
****
Мөп мөлдір мұң тұндырған жанарлардай
Мына күз төгіп тұрған арай қандай
Барады кеткен қыздай қаздар қайтып
Артына қайта айланып қарай да алмай
Сарғайып сағыныш боп дала жатыр
Осылай сартап ойға салады ақыр
Сырғыған қыз иығынан көк көйлектей
Көңілден арман сусып бара жатыр
Сонау күз осы күздей мұңлы ма еді
Ашығын айтыңдарша кім біледі
Бір ару қайтқан құспен бірге кетіп
Көңілім мүлде осылай мүлгіп еді
Төзбейді ау бұдан ары төзім өрге
Сері күн не қалдырды сезінерге
Қоштасып меніменен кеткен қаздар
Мұңлы жанар сол қызға кезігер ме
Қайтқан құс сұңқылдап мұң табыстады
Қайда екен қайран ару жан ұшпағы
Уақыт боз жорғадай сусыл қағып
Қалдырып боз мұнарға алыстады
Ұлы көш көшін жолға шөгере ме
Тоқтаусыз белден асып жөнеле ме
Сарғайған жапырақтай армандарым
Көктемдей енді қайта көгере ме
Кім білсін көріндім бе күндерге ерсі
Өтінем түн пердесін түрмеңдерші
Аттанған бір сүйгізіп сол арудай
Аққулар келмей кетіп жүрмеңдерші
2018.11.25
САП-САРЫ АЙДЫҢ АСТЫНДА
Сап-сары Ай төніп тұрған қара аспанның,
Астында тағы жалғыз адасқанмын.
Баяғы сені іздедім. Есіңде ме...
Астында сап-сары Айдың жарасқан күн.
Бірдеме дәметкендей көне күзден,
Екеуміз адасқанда бөлек ізбен.
Сарлықтың сары қаймағы секілденіп,
Сап-сары Ай қарап тұрған төбемізден.
Мен айттым:
«Ешкім де жоқ жекеміз» - деп,
Сен айттың:
«Ай қарап тұр, нетеміз» - деп.
Күлістік һәм сүйістік Айға қарап:
«Қиылсын осылайша некеміз» - деп.
О дүние тәп-тәтті едің сонда қандай,
Ғашықтың толғау жырын толғағандай.
Ал бүгін сап-сары Айға телміремін,
Ештеме бұрын соңды болмағандай.
Ойлашы:
Жылдар жылжып кемді өтемді
Таңдадың жылап тұрып сен бөтенді.
Астында сап-сары Айдың салмақтанып,
Қидырдым басқа қызбен мен некемді.
...Білдің бе, бұл өмірдің сыры қандай,
Осылай жалғасады тыным алмай.
Сап-сары Ай туған сайын қарап қоям,
Аш қасқыр айға қарап ұлығандай.