Бауыржан Омарұлы. Қажымас Қайрат

ӘДЕБИЕТ
1051

(Бас оператор бейнесі)

Көзге көрінбейтіндеу кәсіп. Дәлірек айтқанда, жұмысы көрінуі мүмкін, бірақ өзі көзге шалынбайды. Жанұшыра қимылдайды. Жанығып түсіреді. Кейіпкердің қас-қабағын бағады. Оңтайлы сәтті аңдиды. Әдемі деталь іздейді. Әрине, сюжетті құлпырту жіберу – телерепортердің де негізгі міндеті. 

Бәрібір көп нәрсе операторға байланысты. Журналист оймақтай ойды көңілдің құтысына дәлдеп құюға тырысса, оператор әсерлі сәтті камерасына қақшып алуға даяр тұрады. Біз жұмыс істеген жылдарда «Хабардың» өңкей бір арыстан жалды, жолбарыс жоталы телеоператорларымен серіктес болдық. Шетінен сен тұр, мен атайын... Хасен Омарқұлов, Еділ Ермекбаев, Мұхит Құдықбаев, Қанат Қаматаев, Марат және Рашид Қырықбаевтар, Николай Кишенин, Дәурен Қажыбаев, Айдар Әбдешев... 

Бұл тізімге кейінірек Нұрсұлтан Мұқашов, Нұрсұлтан Айымдосов, Еркін Жалымбетов және басқалар қосылды. Қай-қайсысы да таспаға тартқанда қамшы салдырмайды. Кейде оларға асай-мүсейін арқалаған жарық беруші де еріп жүреді. Олар да алуан түрлі. Біреу жарықты айдалаға түсіреді, екіншісі кейіпкердің бет-аузына түсіреді, үшіншісі тұп-тура жүрегіне түсіреді. Әдетте, сюжет түсіруге бірге барған тележурналист оператордың әйтеуір бір дүниесін, мәселен, камерасын қоятын штативін көтеріп жүруге тиіс. Бұл енді жазылмаған заң. Сондықтан, телеоператор сюжетке қыз-қырқынмен емес, жігіт-желеңмен бірге барсам ғой деп, ептеп мысық тілеуге бой ұрып, алақанын ысқылап отырады. 

Журналистің де журналисі бар, олардың арасында бүкіл жүкті оператордың мойнына артып қоюға бейім тұратындары да болады. Оған телеоператор да жата қап ренжімейді. Себебі кәсіби міндетті сол атқаруға тиіс. Сондықтан сәл ғана қабағын түйіп, камерасын қолына ұстап, штативін арқалап, алға тарта береді. «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» деп Ерназар айтқандай, осы телеоператорлардың бәрін басқаратын бір оператор бар. 

Ол – бас оператор Қайрат Атакелдиев. Жүзі жылы, жайдары, жігерлі жігіт. Етек-жеңі мол, кең пішілген Қайрекеңді елдің бәрі жақсы көреді. Жұмыста жайраңдап жүреді. Жайраңдап жүріп түсірген сюжетін жайнатып, жұтындырып жіберді. Кейде режиссердің әмірімен, диспетчердің құлақтандыруымен берілетін тапсырмаға бас оператордың өзімен бірге барамыз. Мұндайда енді рахат! Қайрекең кеңінен көсіледі. Қайрат көсілген соң сен де еркін есілесің...

Мына бір суретті ілгеріде Шүкір Шахай журналистердің футбол сайысында түсіріп алыпты. «Хабардың» сұрмергені Қайраттың нағыз бабында тұрған кезі...

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...