Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, қазақ тіліндегі шығармала...
Бүгін – Ұлттық Ғашықтар күні
Фейсбукте Елеужан Серімов бауырым: «Сiздiң елжақтан шыққан Әл-Хорезмидiң 'Махаббатнамасын'' назирагөйлiкпен аударып көрiңiзшi, аға. Алма Қыраубаева, Өтеген Күмiсбаевтар түпнұсқадан алыс кетпеймiз деп, сөӡзн берсе де, сөлiн бермедi. Шығыстық бәйiт, гөзелдер қаламыңыздан төгiлiп түсетiндей!»- деп пікір қалдырыпты.Хорезми (ХІV ғасыр) – түркі ақыны. Ақынның “Махаббатнама” атты дастаны менің тәржімемде алғаш рет “Қазақ Елі” газетінің 1996 жылғы қаңтардың 12-сіндегі №2 санында, қаңтардың 19-ындағы №3 санында, қаңтардың 26-сындағы №4 санында жарияланғанын жазғаныммен оны қолға түсіріп оқуға көп уақыт кетеді. Ал көлемі қомақты дастанды түгел нұсқасында әлеуметтік желіде оқып отыру тағы да мүмкін емес. Сондықтан «Махаббатнама» дастанындағы ғазалдарды ғана іріктеп алып, Ғашықтар күніне орай назарларыңызға ұсынып қойғанды жөн көрдім.
ХОРЕЗМИ(ХІV ғасыр)
* * *
Сұлусың сен, асқақсың ақ қайыңдай,
Жасқанады раушан соны пайымдай.
Сен екен деп сүйемiн мен бұтағын,
Жас тал көрсем, басқаға бiр бой ұрмай.
Бейне Шолпан iнжу сырғаң көздерi,
Күннiң өзi қарайды көз айырмай.
Елестетер балапанын тотының
Самайдағы ұлпа шашың, дариға-ай!
Ернiң сенiң дүр секiлдi нұр шашқан,
Ондай жүзiк көрмептi бұл шайыр да-ай.
Еркелесек жөнi бар ғой, жараспас
Бұл еркелiк қай қыз бенен қай ұлға-ай?!
Шашың сенiң – бұғалығы үндiнiң,
Ал жанарың бейне түрiк оғындай.
Сұлулықтың тағындағы сұлтансың,
Пенде қылдың патшалардың сойындай.
Гүл бағы да қалғанындай бұлбұлсыз,
Ғашық болып бұрмаған соң мойынды-ай.
Келсе сол күн Хорезмидi шат қылып,
Шыдар ма екен гүл боп саған жайылмай?!
* * *
Дидарыңнан көрдiм, жаным, бал айын,
Шүкiрана, құрбандығың болайын.
Жарық қылар шықпаса да Күн көзi
Жүзiң нұры бұл құлыңның сарайын.
Аплатон да саған ғашық болса егер,
Ұмытады желге ұшырып бар ойын.
Бал-шекердей тәттi тоты тiлiмiз
Арбап алар сайдақтардың талайын.
Шақтап пiшкен береке мен бақытты
Бойыңызға киiмiңiз толайым.
Келiссеңiз, таңның нұры тәрiздi
Көркiңдi айтып жаһанға мен жаяйын.
Келдi өзiң деп, Хорезмидi есiрке,
Солай – қайтiп есiркер шаһ малайын.
* * *
Тән iшiне Жаратқан жан жаратты,
Сан аруға өзiңдi хан жаратты.
Күн сияқты жаратылған жүзiңе
Бiздi аспандай таң қалдырып қаратты.
Халайықтың құбыласы – жамалың,
Тәңiр солай болғаныңды қалапты.
Толған Айды су үстiне телмiртiп,
Ай iшiне гүл түйнегiн қадапты.
Жамалыңды жалау қылды жаһанға,
Сол суретке жанарымды қадатты.
Естiп пе едiң сұлулығын Жүсiптiң,
Сенi одан да артыққа Алла балапты.
Тәңiр тауып сұлулықтың кемелiн,
Айдай мiнсiз болсын деп нұр жалатты.
Ғажайып сол бiр-ақ тамшы суды да
Махаббаттың гауһарына кен еттi.
Хорезмидi мұқтаж қылып әуелден,
Сұлтан қылды ал ол сүйген қарақты.
* * *
Бақ iшiнде жағалатқан көзенiң
Iш шарабын өртенгенше өзегiң.
Таң самалы тербеткен-дi көгалды,
Гүлзар бақтан хош иiстi сеземiн.
Солды барлық гүлдер Жүсiп дидарлы,
Жаз өттi де, күзге бердi кезегiн.
Жерге шешек жапырағы шашылды,
Кен iшiнде ақықтың ол өзi едi.
Ұжмақ гүлi, отыр келiп көгалға,
Демей босқа қапырыққа төземiн.
Көтерелiк бегiмiздi қолпаштап,
Кiм болсаң да бар ма бұдан безерiң?
Әли сынды бұл Мұхаммед Қожабек,
Қан майданда нағыз тарланбоз ерiм.
Атқан оғы төске барып тисе егер,
Ел бiледi ұшы өңмендi кезерiн.
Қылышыңнан тамған қанға, қыраным,
Кiм бiлмейдi дұшпаныңның жүзерiн?!
Мәңгi ғұмыр берсiн саған Жаратқан,
Қызығыңа куә болсын өз елiң.
Ирак, Ұрым, Қанғанда да тең келер
Жан жоқ саған, сiрә дағы, гөзәлiм.
Хорезмидiң ақыл қашты басынан,
Жаны да жоқ, сонда да тiл безедiм.
* * *
Сен жаһанда теңдесi жоқ жан ба едiң,
Дертiңе еш жетер емес дәрменiм?!
Қол жетпеске қол создым мен, ей, жаным,
Көз тойдырмай құр сыртыңнан көргенiм.
Бүгiн саған көңiлiн бiр бұрмаса,
Кеудесiнде жан жоқ ол бiр пенденiң.
Көрiктi сен жетi ықылым iшiнде,
Сұлулардың сұлтанысың сен керiм.
Жолыңда мен ғашықтардың салтымен
Жарасады құрбан болып өлгенiм.
Елемейсiң бұл Мұхаммед Қожаны,
Онда бiздер емеспiз бе әлдекiм?!
Артығырақ сүйем сенi жанымнан,
Жалғаны жоқ, жөн бұл сөзге сенгенiң.
Бұлбұл болып сайрар едi Хорезми,
Ғаламда бiр бақ жоқ, содан кендемiн.
* * *
Талдай сұңғақ, гүлдей жұпар таратқан
Сұлуым, iш мөлдiреген шараптан.
Балбыраған балдай бала қызулы
Қалар сенiң нұр жүзiңе қарап таң.
Қараған жан таң дидарлы көркiңнен
Ләззат алар, бойына асау тарап қан.
Сұлулықпен қашырғанша дегбiрдi,
Төк мейiрiм таң тәрiздi жаңа атқан.
Сезiнер ем бiр жүргендей мәңгiлiк,
Қасымнан бiр өтер болсаң жанап паң.
Түсiмдегi көргенiмдей жарассақ,
Арманыма жеткiзбей ме Жаратқан?!
Тал бойыңа, гүл көркiңе тұтқын боп,
Торға түсiп қанша жүрек зар атқан.
Сұлулықтың шарабына маспын мен,
Сорлы ғашық сезiмiмдi тонатқан.
Түрiк қызы қылығымен қылыштай
Хорезмидi шығарды ғой санаттан.
Көп сырды айтқым келсе дағы қаншама,
Мысымды ол басты көзбен оқ атқан.
Көне түркі тілінен тәржімелеген Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ.