Үміт Зұлхарова – сатира саласында қалам сілтеп, шығармаларына қоғамдағы келеңсіз жайттарды арқ...
Гүлзина Бектас. Қалам ұшындағы құпия
Біз жазушы қаламынан шыққан кітаптарды оқимыз. Оқиғасына қызығамыз. Жан дүниемізге әсер еткен кейіпкерлерге еліктейміз. Ұқсап баққымыз келеді. Кітапқа құмар әр адам оқыған туындыларын өмір бойы жадынан шығармай жүретіні тағы бар. Ал сол жазушының өмірі туралы не білеміз? Оның қалам ұшындағы айтылмай, жазылмай кеткен құпия сырларына үңіліп көрдік пе?
Балалық кезең. Алтыншы сыныпта оқитын кезім. Кітапқа қызығатынымды білетін әпкем бір демалысында Алматыдан кітап әкеп берді. «Жасыл белес» деп аталады. Жатсам да, тұрсам да әлгі кітапты құшақтап, қолымнан тастамайтын едім. Мектеп бітіргенше бірнеше қайталап оқыдым. Авторын да жаттап алғам. Есім-сойы – Рахметолла Райымқұлов. Сол кітапты тоз-тозы шыққанша қолымнан тастамадым. Қаламгермен алғаш осылай сырттай танысқан едім. Кейін бүкіл кітаптарын сүйсініп оқыдық. Өмірбаянына қанықтық. Өмірбаян демекші, ол кісінің балалық шағы өте ауыр болған. Анасынан ерте айырылып, қиындықтарға мойымастан оқуға, жаңа дәуірге ұмтылған он үш жасар Рахметолланың үлкен қадамы Ташкент қаласынан басталған. Бастауыш класты Бостандық ауданы Қараманас ауылында молдадан сауат ашып, аудан орталығындағы мектепті бітіргеннен кейін жалаңаяқ туған ауылынан сол тарихи жылдардағы шығыс әдебиетінің астанасы атанған Ташкентке жаяу барады. Ол жерде оқуын 1933 жылы аяқтайды. Өзі оқыған мектепке мұғалім болып барады. Әдебиетке де ептеп қалам тарта бастағаны сол кездері болса керек. Жас маманды аупарткомның ұйғарымымен аудандық «Алға» газетінің редакторы етіп тағайындайды. 1937 жылы жазушы өзінің досы Әнуарбек Үмбетбаевпен бірге тауар пойызына отырып, Алматыға жетеді. Қаламгердің әдеби ортадағы өмірі осылай басталған.
Майданда жазылған өлеңдер
«Өзің туралы жазудан қиын нәрсе жоқ екен. Расында, не жазуға болады? Бір сөзді бастай берсең-ақ, ойыңа мынауың мақтан емес пе? – деп құлағыңа әлдекім сыбырлап тұрғандай, өзіңнен өзің ұяласың да, қалам-қағазды тастай бере, орныңнан тұра жөнелгің келеді. Бірақ осы кезде бір күш сені желкеңнен басып еріксіз отырғызады. Жазбауға әддің қалмайды. Ол күш – жазып берейін, жіберейін деп уәде еткен адамың. Өйткені ол сеніп, күтіп отыр. Алдауға хақың жоқ». Бұл – Рахметолла Райымқұловтың өзі туралы жазбасы. Биыл жазушының дүниеге келгеніне 110 жыл толды. Сонау «Түйелі адамнан» бастап оқыған жазушының өмір жолы бізге де қызық болғаны рас. Ара-тұра шығармаларын қайталап оқып қоятыным бар. Бірақ қаламгердің өзі туралы не білеміз? Бізді қызықтырғаны да осы еді. Жазушының қызы, белгілі композитор, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұловамен әкесі туралы сырластық. Толғанысын да жасырмады. Өткен шақтарға бірге сапар шеккендей болдық.
...Әкем 1913 жылы 11 мамыр күні Ташкент облысы Бостандық ауданы Қараманас ауылында дүниеге келген. Совет үкіметі кезінде Жданов колхозы атанған. Кейін Абай колхозы болып ауысты. Бала кезінде ауыл молдасынан сауат ашқан, кейін Ташкент қаласындағы қазақтың педагогикалық техникумына оқуға түседі. Оны 1933 жылы бітіріп, Ташкент облысының баяғы өзі төрт кластық білім алып кеткен Жоғары Шыршық ауданына мұғалім болып барады. Қазір мемлекеттік архивтен әкеме қатысты керемет-керемет фотосуреттерді тауып, қуанып жатырмын. Ол суреттердің бәрі әкемнің жас кезінен сыр шертеді. Менің анам Мәкиза – Зейін Шашкиннің қарындасы. Өзі филолог, ағасы туралы жазбалардың бәрін жинақтап, зерттеп, кітаптарын жиып, мұрасына ие болып отырды. Әкем соғысқа қатысқан адам. Бала кезімізде соғыс туралы сұрағанымда «Соғысты көрмей-ақ қойыңдар.
Ол туралы мен де ештеңе айтпай-ақ қояйын» деп отыратын. Сол соғыс жылдарында жазған жазбалары қолжазба күйінде мемлекеттік архивте сақталған екен. Оның көбі майдан даласынан жазған өлеңдері. Ол өлеңдердің бәрі бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған тың дүниелер. Әкем соғысқа 1941 жылдың күзінде аттанған. Елге 1946 жылдың қаңтарында қайтқан екен. Әуелі батыс майданында болған. Кейін әкемнің полкін шығыс майданына жіберген. Берлинге дейін барып, елге оралған. Соғыс тақырыбында әкеммен көп сөйлесе бермейтінбіз. Ол кезде тым кішкентай болғандықтан, бұл тақырыпқа көп бара бермейтін. Есесіне, атам (анамның әкесі) Дайырбай Шашкин көп әңгімелейтін. Ол кісі соғыс ардагері. Соғыс басталған алғашқы күннен майданға аттанған.
Ленинград (Санкт-Петербор) түбінде полк қырылады да, сол жерде жараланып, үш күн жалғыз қалып қояды. Бір кішкентай орыс қызы атамның ыңырсыған дауысын естіп, құтқарушыларды алып барады. Ол кезде елге атамның өлгені туралы қаралы қағаз келіп қойған. Әжем мен анам қырқын да береді. Бір күні анам мектептен келе жатса, анасының аңыраған дауысын естиді. Жүгіріп үйіне жетсе, әжемнің қолында хат тұр дейді. Соғыстан келіпті. Атамның қолы емес, басқа кісінің жазуы. Хатта тірі екенін, госпитальда жатқанын жазыпты. Сөйтіп, атам да 1945 жылдың тамызында елген оралған. Келгеннен кейін де соғыста алған жарақаты қайта қозып, ұзақ өмір сүрмеген. Анамның өмірі де жеңіл болмаған. Халық жауының ұрпағы болып, көп қиындық көрген. Аштық жылдарында анамды аман алып қалу үшін балалар үйіне өткізген. Әжем анамды сегіз жаста деп, алты жасында өткізген екен. Ең құрығанда, кішкентайын сақтап қалайын деген ойы болса керек. Тіпті, ол кісіні аман алып қалу үшін Шашкин деген фамилиясын өзгертіп, Теміржанова деп өткізген. Теміржан деген әжеміздің есімі. Ұзақ жылдардан кейін ғана Шашкин деген фамилиясын ақтап алды.
Басқаның қанатымен самғап ұша алмайсың...
...Әр әулеттің биік тұтатын адамы болады. Менің анам үшін Зейін ағасының орны бөлек еді. Анам 17 жасында тұрмысқа шыққан. Екі балалы болған. Тұңғыш ұлының аты – Амангелді. Одан кейін әпкем бар. Өнерге, әдебиетке өте жақын болды. Күйеуі өзінен жасы үлкен кісі болыпты. Ерте жесір қалған. Анам әкеммен танысқанда Алматыдағы Шығармашылық үйінің директоры болып жұмыс істейтін кезі екен. Онда ақын-жазушылардың бәрі Шығармашылық үйіне жиі барады. Анам өте сұлу кісі болған. Анамды көру үшін кей ақын-жазушылар әдейі барады екен. Әкем – табиғатынан сабырлы, біртоға кісі. Анамды бір көргеннен ғашық болып қалады. Атам да анама: «Жалғыз жүре берме. Әлі жассың. Тұрмысқа шық» деп айтып отырады екен.
Әкем де анама жолыққанға дейін отбасылы болған. Балалары болмаған. Сол себепкер болды ма екен, әкем бірінші әйелімен ажырасады. Ол кезде заман басқа. Ажырасқаны үшін ол кісіні партиядан шығарады. Анам екеуі 1962 жылы отбасын құрады. Екі жылдан кейін мен өмірге келдім. Әкем алғашында тіпті сенбепті. «Балалы боламын» деп ойламаса керек. Партиялық кеңесте жолдастарының бірі араша түсіп: «Адам баласы өмірге бақытты боламын, ұрпағымды көремін деп келеді. Балаларын тастап кетіп жатқандар да бар. Бұл кісі махаббатпен үйленді, сәби сүйейін деп отыр. Неге қиянат жасайсыздар?» деп, әкемнің партиялық билетін қайта қалпына келтіреді. Мен өмірге келгенде әкем анама: «Ұл бала болса, көз тиіп қалар еді. Одан да қыз туғаның дұрыс болды» деп жиі айтады екен. Жасы ұлғайғанда туған мені Ақтоты деп ырымдап қойыпты. «Тоты құстай түрленсін!» дегені шығар. Үнемі басымнан сипап отырып:
– Өз қанатың болмаса, басқаның қанатымен самғап ұша алмайсың, қызым! – дейтін еді. «Өзіңе сен» деген тілегі болар. Мен туғанда атымды Зейін аға «Айжан» деп қойғысы келген екен. Әкем кешірім сұрап: «Зейін аға, енді менің балам бола ма, болмай ма, білмеймін. Өзімнің сүйікті кейіпкерім бар еді, рұқсат етсеңіз, қызымның атын Ақтоты деп қояйыншы» депті. Зейін ағаның қыздары мені «Айтоты» деп еркелетеді әлі күнге дейін.
Одақтағы қызықты күндер ...
Балалықтың балдай тәтті күндері әлі күнге есімнен кеткен емес. Таңертең ұйқымнан асықпай тұрамын. Әкем екеуміз шәй ішіп аламыз. Анам ол кезде жұмысқа кетіп қалады. Папам менен: «Балабақшаға барасың ба, Одаққа ма?» деп сұрайды. «Одаққа» деймін. Жұмысы сағат 10-да басталатын. Қолымнан ұстап алады да, асықпай аяңдап, Одаққа келеміз. Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов және тағы басқа кіл классиктердің бәрі сонда отырады. Сырбай аға, Хамит аға, Ғафу ағаны жақсы білемін. Ол кісілер әкемнің жан жолдастары. Мұқағали аға үнемі мені мойнына отырғызып алатын. «Рахаңның бір тал гүлі» деп еркелететін. «Әкесінен аумайды» десе, папам оған мәз болатын. Мұқағали аға асханаға алып келіп, компот алып беретін. Бес-алты стақанға бірден тапсырыс береді. Артымыздан әкем келетін. Екеуі ұзақ әңгімеге көшетін. Мен жандарында жүгіріп, ойнап кетемін.
Асханадан шығып, саябаққа баратын. Ағалардың бәрі бірге жаяу жүреді. Әңгімелері ортақ – әдебиет туралы. Бала кезімде не әңгіме айтып жатқандарына көп мән бермейсің. Құлдыраңдап қастарында ойнап жүремін. Сосын әкем екеуміз кітап дүкеніне баратын едік. Өзіне, сосын маған кітап сатып алатын. Мұқағали аға әкемнің «Түйелі адам» повесі туралы рецензия жазыпты. Папама деген сүйіспеншілігі шығар, «адамдардың жан дүниесін іс-қимылдары арқылы шебер де жатық тілмен жан-жақты көрсетеді. Райымқұловтың тілі оралымды, өзіндік үн-сазы бар. Шектен тыс сөзбұйдалық пен орынсыз ділмарлық жоқ» деп баға береді.
Батыр Бауыржан аға Момышұлы да әкеммен жақсы дос болды. Әзілхан Нұршайықов аңыз кітабы «Ақиқат пен аңызды» жазуына Рахаң себепкер болды» деп айтатын. Әкем ол кезде «Социалистік Қазақстанда» жұмыс істейтін кезі. Бауыржан ағадан сұхбат алуға келісіп, журналистерді жіберсе, сұрақтары ұнамай, қуып шығады екен. Содан бір күні Әзілхан ағаны жібереді. Ол кісі сұхбаттың қалай басталғанын романында баяндап жазды. Папамның жанында жастар көп жүрді. Смағұл Елубай ағаның бірде: «Мені жазушы қылған – Рахаң» деп айтқаны бар еді. Әкем іссапарға жиі шығады. Сондай сапарларының бірінде Смағұл ағаның ауылына барыпты. Әкем сол үйде қонақ болады. Смағұл ағаның әкесі: «Менің балам да бір нәрселерді шимайлап жүреді. Жазғанын қараңызшы» деп айтыпты. Сөйтіп, Смағұл ұялыңқырап, жазып жүрген дәптерін әкеп, әкемнің қолына ұстатады. Жазғандары көңілінен шыққан болуы керек, сонда әкем: «Алматыға кел. Журналистика факультетіне оқуға түсесің. Біздің үйге кел» деген екен. Әкемнің сол сөзі қанаттандырса керек, Смағұл аға Алматыға келіп, оқуға түседі.
Бірақ әкеме жолығуға бата алмапты. Әкем жастарға көп қолдау көрсетті. Екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Соған қарамастан, үйден адам үзілмейтін. Әсіресе, ауылдан келетін жастарға толып кететін. Кімнің баласы, қандай ру, оны әкем сұрамайтын. «Менің атымды атап келді ме? Менің есігім ашық» деп айтатын. Жаз басталса, біздің үйіміз кісіге толып кететін. Анам да қабақ шытпайды. Қалада тұрсам да, А.Жұбанов атындағы өнер мектебіне апарды. Ол кезде мектеп-интернатта тек ауылдан келген балалар оқитын. Әкем бар, тағы бірнеше кісі бірігіп, Қонаевқа хат жазады. Хатында балаларын өнер мектебіне оқытқысы келетін айтады. Сол хаттың арқасында бізге рұқсат беріпті. Әкем қайтыс боларының алдында үш бөлмелі пәтерге көштік. Әкемнің өлімі де жұмбақ күйінде қалды. Соғысқа қатысқан адам, жарты жыл сайын ем қабылдайтын. Сол жолы да әдеттегідей профилактика үшін ауруханаға жатқан еді. Күндіз анам екеуміз дәмді тамағымызды алып, әкеме бардық. Ауруханада Дарабаева дейтін мықты академик дәрігер болды. Әкемнің палатасында сол кісі отыр екен. Жылы жымиып, жақсы қарсы алды. «Бәрін тексеріп шықтым. Бәрі дұрыс. Келесі апта үйге шығады» деп бізді де көңілдендіріп қойды. Әкемнің жанында кешкі тоғыз жарымға дейін отырдық. Кезекші дәрігер келіп, «Кеш болды. Үйге қайтыңыздар.
Ол кісіге екпе салуымыз керек» деді. Тура сол күні дәрігерлер күні екен. Кезекші дәрігерден өзге ешкім жоқ. Бәрі мерекені тойлауға кетсе керек. Біз әкеммен қоштасып, жаяулатып үйге қайттық. Аурухана мен үйдің арасы аса ұзақ емес, 20 минуттай ғана жер. Үйге келсек, телефон шырылдап жатыр екен. Жүгіріп барып алып едім, «анаңды шақыршы» деді. «Рахметолла Райымқұловичтің жағдайы ауыр. Реанимацияға алып кетті» деді. Жүгіріп барсақ, кешігіп қалыппыз. Әкемнің демі үзіліп кетіпті. «Инфаркт» деген диагноз қойыпты. Ертесіне Дарабаева ұрыс шығарыпты. «Инфаркт болуы мүмкін емес. Алдын ала белгілері болуы керек еді» депті. Анам кейін «екпені дұрыс салмады-ау» деп күмәнданып жүрді.
Амал не, әкемізден солай айрылып қалдық... Бір жылда атам, әжем, артынан әкем қайтыс болды. Үш бірдей жақынынан айрылу анама оңай болған жоқ. Қиын шақтарда әкемнің жан жолдастары анамның жанынан табылды. Әсіресе, Ғафу аға, Сырбай аға, Қасым Қайсенов ағалар жиі хабарласып, халімізді біліп тұратын. Қасым аға кейде анама қоңырау шалып: «Мәкиза, дайындал. Кеңсайға Рахаңа барып қайтамыз» дейтін гүрілдеген дауыспен. Көлікті өзі жүргізеді. Батыр кісі ғой. Коммунистік журналистер институтында Амангелді Мұсабаев, Хамза Абдуллинмен бірге оқыды. Хамза ағаның тағдыры қиын болғанын жақсы білеміз. Ол кісі «Түркістан» легионында болған, кейін кеңес түрмесінде жантүршігерлік азапты бастан кешірген адам.
Ол кісі өзінің аянышты тағдыры туралы көп баяндай бермейтін. Біраз уақыт отбасымен біздің үйде тұрды. Әкемнің жанында жүрген әрбір жанның бейнесі менің жадымда сақтаулы. Олардың көбі қазір о дүниелік болып кетті. Бала болсам да, әкемнің жан жолдастарының құрметі, ықылас-пейілін сезініп өстім. Әкемнің көзі тірісінде бүкіл шығармасы жарық көрген жоқ. «Қара жорға» дейтін романы кейін шықты. Таңдамалы жинағы шықты. Ақтоты апай әкесі туралы әдемі естелігін осылай түйіндеді. «Рахметолла Райымқұлов ұлттық таным, ұлттық сипат тұрғысынан қалыптасқан жазушы болатын. Ұлттық сапасы жоғары, шұрайлы қазақ тілін бойына сіңіріп өткен қаламгер еді» дейді Мұхтар Мағауин.
Оның қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі де жоғары. Ал драматургиясы – бөлек әңгіме. Бірақ біз бір дүниені ұмытқан секілдіміз. Ол – сатиралық шығармалары. Сатирик Көпен Әмірбек «Бір тал үкі» жазбасында: «Елуінші жылдардың соңына таман саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналы жарық көрді де, әзілсүйер әлеуметті баурап, ауыл-ауылды аралап кетті. Таралымы көп «Араны» да асыға күтеміз. Күндердің күнінде, Рахметолла Райымқұловтың әзіл әңгіме, скетч, сынадай қағылған сын-сықақ, өткір фельетондары жиі жариялана бастады. «Е, бұ кісі сықақ та жазады екен ғой» деп таңырқап, журналдың редакция алқасы мүшелерінің тізіміне үңілдік. «Араның» алғашқы редакторы Ғабит Мүсіреповтің қатарында Дмитрий Снегин, Темірбек Қожакеевтен кейін Рахметолла Райымқұловтың да аты-жөні тұр екен. Қызығушылығымыз одан сайын артты. Мірдің оғындай мысқылдары мен ойып түсер оспақтарын іздеп жүріп оқи бастадық» деп жазады.
P.S. Осы күнгі жастар жазушы Рахметолла Райымқұловты білмеуі мүмкін. Кітаптарын оқымаған да шығар…
Алайда Рахметолла Райымқұлов артына Ақтоты Райымқұловадай керемет өнер иесін, көркем мінезді, ибалы, өнегелі, жаны жайдары жауқазынды қалдырып кеткенін екінің бірі біле бермес. Жазушы қаламынан туған шығармаларды перзентке балайтынымыз бар. Райымқұлов кітаптары бір перзент болса, оның төл перзенті Ақтоты Рахметоллақызы қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр. Адамдық бақыт шын мәнінде осындай-ақ болар!