Лоуренс Лоури. Әке мен екі ұл. 1950 жылҚыстың сүреңсіз күндерінің бірінде түске таяу анатомиялық инс...
Мәдени астанада балалар жазушысымен әдеби кеш өтті
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен 2021 жыл «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялануына байланысты Алматы қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №33 кітапхана-бөлімшесінде «Менің жасыл әлемім» атты әдеби кеш өтті.
Іс - шара балалар жазушысы, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарабоз» халықаралық сыйлығының лауреаты «Molia & DOS» баспахана кешенінің директоры, республикалық «Абитуриент», «Турист» газеттерінің бас редакторы Баян Болатхановaның «Менің жасыл әлемім» әңгімесін негізге ала отырып, қаламгердің шығармашылығына арналған оқырман мен жазушы арасындағы кездесу форматында ұйымдастырылды.
Әдеби кешке белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Аян Нысаналин, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінің Баспагерлік – редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымының кандидаты, профессор Жетпісбай Бекболатұлы, Әдебиет зерттеушісі, журналист, «Рух» баспасының директоры, белгілі баспагер Хабдина Балжан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген əртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сұлушаш Нұрмағамбетова, Талғар қалалық балалар музыка мектебінің вокал пәнінің мұғалімі Забира Атантаева және кітапхананың тұрақты оқырмандары, мектептердің оқушылары, кітапханашылары, ата-аналар қатысты.
«Әдеби кездесу өте қызықты, ерекше өтті. Себебі, балалар жазушы апайларының «Тұяқ» батыр, «Балықтар», «Мәңгілік ел» «Құрбақа айтқан әңгіме» ертектерін жатқа оқыды. «Бибіжар мен Бойтұмар» хикаятын, «Менің жасыл әлемім», «Қарақиядағы көкпар», «Итбалық», «Сарыкөжек» әңгімелерін мазмұндап, қызықтырған сауалдарын қойды. Кішкентай кітапқұмарлардың сұрақтарына жазушы жауап беріп отырды», - дейді Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №33 кітапхана-бөлімшесінің меңгерушісі Исабекова Қуаныш.
Қазақтың көрнекті ақыны, сыншы Аян Нысаналин қаламгер қарындасы Баян Болатханованың ең алғашқы еңбек жолын, республикалық «Лениншіл жас» газетінде бірге қызмет атқарған жылдары туралы естелігін әңгімелеп берді. Үзеңгілес замандастары, белгілі баспагер Хабдина Балжан мен жас журналистерге тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаз-ғалым Жетпісбай Бекболатұлы, Баян Болатханованың шығармашылығына жан-жақты тоқталып баға берді.
«Баян Болатханованың балаларға арналған әңгімелері мен ертектері әлі зерттелмеген тақырып. Балалардың ұлттық таным зердесін оятатын қанық бояуға толы көркем туындылар»,- деді Хабдина Балжан. «Баян Болатханова шығармаларын көптен бері зерттеп келемін. Ой-пайымдарым баспасөзге шыққан да болатын. «Қазақтың Қаршығасы», «Гауһартас» атты көркем деректі туындылары еліміздің мәдени мемуарлық әдебиетінен ойып тұрып орын алады», - деп атап өтті Жетпісбай Бекболатұлы.
Кеш барысында балалар күй тартып, мерекеге арналған тақпақтарын оқыды. Кеш соңында шараға белсене қатысқан оқырмандарға автор-жазушының қолтаңбасы қойылған «Қарагөз-ғұмыр» атты кітаптары сыйға беріліп, Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Қабиева Розаның атынан мақтау қағаздары тапсырылды.
Ал жас оқырмандарға жазушы Баян Болатханова: «Қазақ тілінің, әдебиетінің болашағы өздеріндей зерек, кітапты сүйіп оқитын балалардың қолында деп ойлаймын» деп сенім білдірді.