МҰСТАФА НЕДЖАТИ СЕПЕТЧИОҒЛУ. ШЕГІРГҮЛДЕР СОЛМАУЫ КЕРЕК

ӘДЕБИЕТ
2373

"Құмырадағы гүл"
Ян Девидс де Хем

Қар жауып тұр. Ұйқысыз, қалаусыз, ләззатсыз адам мінезі секілді. Ауа – аспан мен жердің арасындағы бос кеңістікті нығыздап, уақыт сараңдығына келгенде еріген. Қар – осы сараңдық ішінде тұншықпау үшін бесікке бөлеген сәби сынды түсінде құты толы сүт көріп, пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр. Бұл көк пен жердің арасындағы ауытқу еді. Кешкі мезгіл. Қала табандылықпен жарығын жағып, құпия түнге дайындалып жатқандай. 

Адамдар үлкен тас жолды әрі-бері кезіп жүр. Ал олардың арасында қарға ұқсайтын жалғыз адам бартұғын. Тек қала тұрғындары өздеріне ұқсамайтын бұл жігітке мән бермейтін сыңайлы. Олар үшін тек Өздері ғана бар.

Оң-солын тани бастаған жігіт жылдың өте ұзаққа созылмағанын қазір ғана түсінгендей. Бір аяғымен ұзарған күнді басқанда, екінші аяғы суық мезгілден көтерілген... Қысқа-қысқа адымдап келеді. Жүзі де өте нәзік көрінді. Көздері абайсызда адасып қалған баланың жанарындай. Қасы болса екі көзді жапанға жалғыз тастап, маңайлатпай қашып жүргендей. Мұрын мен маңдай түйісетін жерде түйіспей, қайта бірін-бірі итеріп тұрғандай көрінетін.

Бұл қар соңғы қар болуы да мүмкін. Себебі ақшамдағы қаланың ылғалды ыстығы сапырылысқан сараң адамдарды аз да болса байсал кейіпке енгізіпті. Таң қылаң бере кербез жаздың алғашқы күндерінің иісі сезілетіндей. Әрі еріксіз жауған қардың артында бұлыңғыр бір үміт тұрғандай көрінеді. 

Әлгі жігіт тоқтады. Не үшін жүргенін, не істеп жүргенін нақты біле алмады. Оны тоқтатқан әлдебір ішкі күш еді. Аз ғана аялдаған. Қасынан наны мен арын табандарымен таптаған бір тобыр өтті. Бұл олардың жүзіне еріксіз үңілді. Белгісіз жолдарда адасқан баланың көзі шарасынан шыққандай. Халықты құшақтағысы келді; жауған қарды, күңгірт кешті, жанып тұрған шамдарды, қаланың жолдары мен үйлерін... бәрін... құшақтағысы келді. Сосын аспанды. Бәрінің тоңғанын сезеді. Жылытқысы келеді. Жылытып тұрып өзінің де жылынғысы келеді. Кенет көздері кішірейді, бұрынғыдан да бетер кішірейді. Түгі түскен пәлтенің қалтасындағы қолдары терлеп кетті. Құдды еріп, кішірейіп бара жатқандай. Азапты ыстық енді денесіне жайылып, демі тарылып, өзін жайсыз сезіне бастады. Бағанағы жұмсақ жүзі қатпарлана жиырылып барады. Айналасындағы адамдардың бәрі бөтен; бөтен көздер, бөтен күлкілер... барлығы бөтен. Бұл келген жақтағы адамдар мұндай емес-ті... Ол жақтың адамдары кісіге бұлай қарамаушы еді, күлкілері де мұндай жабайы, суық емес-ті, қадала қарамайтын. Ымырт мұншалықты мейірімсіз тәкаппарлықпен маңдайынан сипамайтын. Ол жақта бір әйел болған, бірақ мына кетіп бара жатқан әйелдер секілді көріксіз әрі қар секілді емес; жаздың күнінен ұзақ, қысқа қарай күлімдемейтін. 

Жігіт жүрегімен, көздерімен, жүзімен, қастарымен бұлардан құтылғысы келіп аспанға қарады. Үйлердің қызғылт жарығында қараңғылыққа қарсы бір үміт бар. Бірақ таба алмады. Қараңғылық пен қар терезелер мен перделерге де жақындап барады. 

Жігіт қаша жөнелді...

Сола сәтте көшедегі жұрт араларында жүрген бадырақ көз жігітті қалай байқамаған болса, енді оның қашып бара жатқаны да тап солай еленбеді. Тіпті бір екуіне соқтығысып қалды, бірнешеуінің жолына бөгет болды. Бірақ бәрі бір ешкім байқаған жоқ. Жігіт қарбаласқан адамдардың бірінің аяғын басып, екіншісін қағып-соққаны үшін ашуланды. Дегенмен ашу ұзаққа созылмады, тез ұмытылды.

Жігіт қала шетіне дейін қашуға бар. Мына адамдарды, шындығы жоғалып, жалғанға айналған үйлерді, ағаштарды... ауасын жұтып, суын ішіп өскен қаланы тастай қашқысы келді. Аспан пен жердің арасында топырақ пен ағаштан басқа ештеңе болмайтын бір жерге барып тоқтағысы келді.  

Бірақ бұл ойы жол ортада қалды. 

Кенет айналасындағы адамдар яки пенделер азая бастады. Алыстан естілген бір дауыс бұның аяғын тұсап тастағандай болды. Әлде жүрегін... Аянышты, қорқақ, әлсіз бір дауыс. Бірақ, аянышты болса да, қорқақ, әлсіз болса да құпияға толы үміті бар ер кісінің дауысы еді. Жігіт еріксіз бұрылып қарады. Көздері алақ-жұлақ етіп, әлгі дауыс иесін іздеді. Әнеу бір бұрышта өңі дауысындай аянышты гүл сатушы отыр. «Шегіргүл!.. Күлгін шегіргүл!.. Үш десте ғана қалды...үш...»

Жігіттің жанарында ойнақшып шыға келген қуаныш тура жүрегіне шауып, тамырына жайылды. Гүл сатушыға жақындады. Қар толастаған секілді; ақшам расымен де таңға айналған және уағда бойынша жазды жақындатқандай.

Гүл сатушы қасынан зу етіп өте шығып, анадай жерге барып кілт тоқтап, кері бұрылған жігітті көрген сәтте пальтосының жыртық екенін ұмытып кетті. Үсіген қолдарымен үш десте шегіргүлді жігітке ұсынды. Дауысында жақсы адам-ау деген үміт бар. «Жаз осы шегіргүлмен бірге келеді, мырзам. Күлгін шегіргүлдерім... Үш десте қалды...»

Жігіт жанына жақындаған сайын керемет күйге еніп: «Үйіңізге үш десте шегіргүлмен бірге жаздың бір күні барады, мырзам. – деді, –  Бұлар гүл емес, күн... Қараңызші!..»

Жігітке гүл ұстаған қолын созды. «Бұларда жылу бар, мырзам. Жұбайыңызды қуантасыз! Жаздың алғашқы иісі...» Жігіт гүлді алмай қоя ма. Гүлім өтпесе суықта тағы біраз тұрып қалам-ау. Қас қарайып барады деп қорқатындай. Жігіт екі ойлы көрінген сайын дауысын үмітсіздік жайлайды. 

Ал жігіт гүл сатушыны үмітсіздендіретіндей халде емес еді. Жүзіне жылу жүгіріп, өзіне ұсынылған шегіргүлдерді ұстаймын деп гүл сатушының үсіген қолдарын қоса қапсырды. «Бес лира, мырзам. – деді гүл сатушы, –  Үшеуі бес лира. Жаздың алғашқы күні үшін бес лира көптік етпес?»

Жігіттің саусақтары шегіргүлдерге тиді. 

Гүл сатушының жүзінде үмітсіздік пен шаршау бар. «Бірақ, сіз қанша берсеңіз де... Кеш боп кетті... көріп тұрсыз. Соңғысы қалып еді. Қанша берсеңіз де...» – деп гүлдерді жігіттің қолына ұстата берді. 

"Офелия"
Джон Эверетт Милле

Жігіт шегіргүлдерді күлгін түсін оңдырып алмайын деген оймен аялай сипап, гүл сатушының тоқтамай сөйлей бергенін қалады. Сөйлей түссін, ұзақ сөйлесін. Шаршағанша, қар тоқтағанша, таң атқанша сөйлесін. Және Ол осында келгенше сөйлей берсе екен деп ойлады. Ол дегені бұған сенбей, ермей, сол жақта қалып қойған әйел... Бірақ сатушының гүлімді алмай кете ме деп уайымдап тұрғанын түсінген сәтте ойындағының бәрі мүмкін емесіне, қардың толастамайтынына, таңның атпайтынына, әйелдің келмейтініне көзі жеткендей болды. Бұл кезде гүл сатушы да сөзді доғарған. Шаршаған-ау шамасы. Жүдеу өңінен соны аңғарды.

Қалтасындағы умаждалған ақшаны гүл сатушыға ұстата салды. Соңғы он лирасы... Шегіргүлдерді еппен қолына алды. Солып қалады-ау, желге ұшырып алмасам етті деген қорқыныш бар.

Жігіт кетіп барады...

Гүл сатушы: «Мырза! – деп айқай салды, – Қалған ақшаңыз...»

Жігіт жолдың арғы бетіне өтіп кетті. Артына бұрылып қарамады да. Жанын ыстық бір сезім жаулап алған. Ал қолындағы шегіргүлдер құлпырып тұр. Гүлді құшағына қысты. Өзі үшін дәл қазір жер бетінде шегіргүлден басқа ештеңе жоқтай. Алыста қалған әйелдің күлімдеген көздеріндей шегіргүлдер ғана; және өзі... басқа тірі жан жоқ деп ойлады. Бірақ бұл сезім де ұзаққа бармады. Көше шамының астына келгенде шегіргүлдерді көзімен сүйгісі келген. Тек қорықты. Тұла бойы түршігіп кетті. Шегіргүлдер қурай бастаған екен. Маңдайынан суық тер бұр ете түсті. Сосын келген жағына кілт бұрылып, үрейлі көздерімен алақтап гүл сатушыны іздеді.

Гүл сатушы орнында жоқ...

Шегіргүлдер солып, өлуге айналған-ды. Уақыт – қап-қара түннің ішінде құбыжыққа ұқсаған жалғыздық секілді қорқынышты еді.

Гүл сатушы болса жолдың арғы бетінде, жыртық пальтосына оранып, қорқып кетіп барады. Ары-бері зулаған көліктерге қарамай гүл сатушының соңынан жүгіре жөнелді. Жеткен кезде гүл сатушы бұған кінәлі адамдай «Мен сіздің соңыңыздан айқайладым, мырза... – деп  жалбарына қараған,– Қалған ақшаны...»

«Керек емес, қалған ақша сен ал. Мен ол үшін келгем жоқ. Бірақ өтінемін, мына шегіргүлдеріңді қайтып ал, өлуге айналды...»

Гүл сатушы мырзаның сөзінен қорқып дереу шегіргүлдерді алды. Әлгі жігіт шегіргүлдердің гүл сатушының қолында қайта тірілгенін көріп, сасқанынан «Бұл қалай болғаны? Өліп жатқан еді...» – деп саңқ ете түскенін өзі де сезбей қалды.

Жігіт гүл сатушының үрейлі жүзі мен жанарына мән бермей терең дем алды: «Қай жаққа барасыз, әкетай?»

Гүл сатушы таңдана қарап, баратын жағын иегімен нұсқады. Жігіт: «Мен де барсам... Қасыңда біраз жүрсем бола ма? Егер жалықсаң айт, тайып тұрам».

Екеуі қатар жүріп келеді. Жігіт гүл сатушының қолында тіріле бастаған шегіргүлдерден көз алар емес. Тіпті қөздері қарауытып кетті. «Менің қолымда мына гүлдер өлуге айналды»  – деді сыбырлап. «Саған солай көрінген ғой, мырза. Әйтпесе бұл гүлдер ешкімнің қолында солмайды. Барлығын жақсы көреді. Жаздың алғашқы гүлдері бұлар».

«Менің қолыма түскеннің бәрі өледі» – деп қалды жігіт. «Барлығы... Сол үшін...» Үндемеді. Тамағына бірдеңе тұрып қалғандай. Біразға дейін үнсіз қалды.

Сәлден кейін жігіт тағы сұрақ қойды: «Үйің бар ма, әкетай?»

«Иә, қарағым... Жақын жерде. Қаланың кедейлер тұратын ауданы. Анау төбеде». Қаланың сырт жағын нұсқады. 

«Жақсы, ол жақта күтіп отырған біреуіңіз бар ма?»

Бұлар көше шамының қасына келген еді. Гүл сатушы бұған көк көздерімен тесіле қарады. «Бар. – деді, – Ұлымыз да, қызымыз да бізді тастап өздері жеке шаңырақ көтеріп кетті. Қараа басымыз қалдық. Кеш болып кеткен сияқты. Күткен адамым сабырсызданып отырған болар».

Нар тұлғалы жігіт сап-сары болып, қалшылдап кетті. Дереу кері бұрылды. Теріс қарап тұрып: «Түсіндім. – деді сыбырлап, – Шегіргүлдер менің алақанымда неге солғанын енді түсіндім...»

Гүл сатушы көше шамының қасында қалды.

Жігіт қараңғыға сіңіп бара жатты...

Түрік тілінен аударған: Бану Нақышбек


Жаңалықтар

Шерзат Полаттың туыстарының құқығын қорғайтын адвокат Карина Көшербаева қанды оқиға болған түні дүке...

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Талғардағы Нұрымовтар әулетінің басындағы ауыр жағдайды Ішкі істер...