Шедевр – Айналайын, құтты болсын, мына тұсауы кесіліп, аттай шауып кеткелі, биіктерге сүр...
«...НОБЕЛЬДЕ ЕМЕС, МӘСЕЛЕ, БАСҚАСЫНДА...»
Келді. Жолықтық. Амандастық. Болды. Ары қарай үнсіздік. Ол да, мен де... Әлден уақытта барып, басын кекжитіп тұрып, былай деген: « Мына сендердің миларың атала болып кеткен бе, немене, мәселенің бетін қалқып, тереңіне сүңгіп жатпайсыңдар ғой мүлде! Қайсыбір қаламгерің де жар сала жақ ашып тұрып, «бізде «Нобель» сыйлығын алатындар бар ма, жоқ па?» деп қияға қиялап салады кеп! Ау, сыйлықты айтпас бұрын басқа жағын неге ақыл безбеніне салып алмайды екен? Мәселе «Нобельде» ме, басқада ғой, басқада...»
Сөз мырзаны осы жолы толық түсіне алмай, әрі-сәрі күйде тұрып қалғам-ды. Сонда не? Нені астарлайды екен маған? Сыйлық жайын сырғақтатып, бізді мүлде үміттендірмеудің сыры неде? Аз ойландым, көп ойландым – ақыры мынадай ойға табан тірегем. Ең алдымен, бастысы да осы, әлем әдебиетінің тайпалма жорға тәрізді озықтарымен тайталасқа түсе алар көркем дүние тууы керек. Ол бар ма? Көп деп лепіре сөйлеп, көпіріп кетсек, былайғы жұрт езулеп күліп жүрер! Алайда, қу шөппен ауыз сүрту де қиянат көшесіне бастайды, қазып іздесек, табылып та қалар.
Екіншіден, оны шет тіліне (айталық, ағылшыншаға) көркемдік қуатын сақтай отырып, барынша сапалы әрі мазмұнды етіп аудару аса қажет. Аудара алармыз ба? Ойланарлық сұрақ! Алғашқы бас қатыру, сірә, осы тұстан бастау алары анық.
Үшінші, тағы да маңыздысы, бір-бірімізді шын бағалап, мықтымызды мықты деп, өз ішімізде де, сырт жерде де қасқая тұрып ақтап-мақтап шыға алармыз ба? Тағы да сұрақ! Жауабы зіл батпан болар сұрақ!
Таяуда бір дерек көздерінен кішкентай ғана Норвегия елінен (бары-жоғы алты миллионға жетер-жетпес халық) біреу емес, бақандай үш бірдей қаламгердің осынау атышулы сыйлықты – Нобельдік марапатты иеленгенін оқығам-ды. Бізде, Аллаға шүкір, қазірдің өзінде 18,5 миллионға жуық халық тұрып жатыр. Тәуба делік, қалам ұстаған көркемсөз шеберлері де аз емес!
Поэзия, проза, драматургия... саласында жаңа толқын, жас толқын үздіктер ат ойната бастады! Бірақ...тіл неге күрмеле береді? Неге тартыншақ та жасқаншақпыз, а? Неге? Неге?.. Сонымен, ой таразысына салып қарасақ, бар мәселенің түйткілі жержүзілік сыйлықтың ауыр–жеңілдігінде емес, тап өзімізде, өз үйімізде үйелеп тұр ма? Сен соны меңзедің білем, Сөз мырза!
Солай ма, Сөз мырза?...