Ұлы әнші біздің үнсіздігімізді жырлайды. Қазақ халқының үнсіздігін жырлаған, қара түнге...
Өтен Ахмет. Махаббатын жоғалтқан әйел монологі (әңгіме)
Сағындым. Сарғайдым... Жоқсың... Жоғалдың... Менің жаным қазір ескі көсеу сияқты күйелеш-күйеш. Әу баста алаулаған от болатын. Сол бетімде біржола өртеніп күл боп қалсам ғой. Енді міне, уақыт өте келе сөнбейтін, бықсымайтын, бірақ қызуын да жоғалтпайтын қозаға көмілген сексеуілдің қызыл шоғы сияқтымын. Осы қызыл шоқ ойымды, бойымды, тәнімдегі алпыс екі тамырымды түгел алып әлсін-әлі қанымды басыма шапшытып, бір мазам жоқ. Кеше емес. Бүгін емес. Ең кемі бір ғасыр болған шығар-ау... Иә, тап солай. Егер мына есалаң тірлікте жел ұшырған қаңбақтай қалбалақтаған әлсіз пенденің шақшадай басыңда кітаптарда айтылатын ғасырдан да ұзақ күндер осылай жиі-жиі қайталана берсе, ғасыр дегеніңіз түк болмай қалады-ау деймін. Иә, Сен... Сен есіме түскенде, денемді өрт шалғандай кенет өз-өзімнен күйіп-жанып, бет алды жөн-жосықсыз ыржалақтап, есі ауысқан кеңкелеске айнала бастаймын да, шошып кетем. Тежелемін. Бәрібір... әзіз жаныма тыншу жоқ. Мен бәрібір бишара міскінмін, көзімде жас, алдым қара түнек, түк көрмеймін. Демім бітіп қалғандай тынысымды да сезбеймін. Құдды бір есік-терезе дегеннен жұрдай қараңғы тар қапасқа жалғыз қамалған шарасыз сорлы бейбақпын...
Бұл – дерт. Менің дертім. Көп күтіп, ұзақ аңсаған махаббатым әбден сарғайып, асқына келіп ешқашан жазылмайтын тас шеменге айналып бара жатқанын сезгеннен. Бәлкім, мұнымды біреу естісе күлер, бүгін үйленген екі жас ертеңінде оп-оңай қайта ажыраса салатын, махаббат жоқ, махаббат өлді дейтін мынадай қиюы кеткен алмағайып аласапыран заманда бұл неғылған соншалықты ыстық ынтызар деп... Мейлі. Бір әдемі өлең бар еді ғой, қалай еді? Ә, иә, «Көзімді жұмсам да көрем сені»... Сол кеңкелес менмін ендеше.
Мен оған жүз рет, бәлкім, мың рет хат жазған шығармын.
Көбіне ойша. Жазда жағажайға барсам құм бетіне, сосын Қазақстан Республикасында сатып алуға болатын ең қымбат маркермен жақсы қағаздарға. Сөйтіп мен соңғы жеті жылдың ішінде, иә, бәрі де тура осыдан жеті жыл бұрын болған-ды, оған арнаған кемі бір мың хатымды жолдаусыз қалдырдым-ау деймін. Басында оны мазалауға жасқандым, бірақ Төтем деген мен үшін қымбат есім қайта-қайта ойыма оралып, еріксізден еріксіз қолыма қалам алдыра беретін.
Ол қасымда болғанда театр буфетіндегі ең қымбат шампанға мас болғандай күйге түсіп, шалқып-тасып жүретінмін. Шампанға қоса оның еркекке тән кейбір қылықтары менің жанымның нәзік қылдарын еріксіз қозғап, бебеу қақтырып қоятын. Ойын арасындағы үзіліс бітер еді. Спектакль аяқталар еді. Ал біз шампанды түгесеміз... Неге екенін білмеймін, арада қанша уақыт өтсе де, сол күндердегі ол екеуміз көрген ұзақ спектакльдің бірінші бөлімі мен екінші бөлімі арасындағы сол бір ақжарқын тәтті үзілістерді мен мүлде ұмыта алар емеспін. Мен бұған бүгін Фитнес – клубта болғанымда көзімді анық жеткіздім. Бес күнге созылған әдейі аштықтан кейін барған едім.
Мен өмірімнің 66 күн және 17 сағат уақытын онымен бірге өткіздім. Менің қасымда ең аз болған еркек те, соған қарамастан, маған ең көп естен кетпес ләззат сыйлаған еркек те тек қана сол Төтем еді. Бұлай дейтінім, кешіріңіздер, мен кейін бір бақабаспен тоғыз ай бірге тұрдым, бірақ ол сонша уақыт ішінде қанша тырысса да, менің Төтемнен бар болғаны 9 сағат ішінде тапқанымның шебіне де жақындай алмады. Сонда да мен оған, әйелмін ғой, біраз шыдап бақтым. Ғажайып «тоғыз сағатын» күттім. Әне болады, міне болады, жоқ, болмады. Мұндайда еркек пен әйел арасында түсініксіз ұрыс – керіс өз - өзінен өршиді екен. Сондай бір мәнсіз кезекті қырқылжың үстінде мен оның өзімен бірге сүйретіп жүрген бүйірі қабысқан ескі қытай сөмкесін табалдырық аузынан сыртқа қарай бір – ақ лақтырдым...
Мен Төтемнен өмірге нық сеніммен қарау керегін үйрендім. Ол таусылмайтын қым – қуыт пәлекеттердің бірінен соң бірін бастан кешіп жүрсе де, ешқашан қайғырмайтын, біреуге тіс жарып мұң шақпайтын. Бәрін өз ішінде ұстап, сыртқа шығармайтын. Сүлеймен әулиеше, бұл фәни дүниеде қуаныш та, қайғы да бір адамның басында мәңгі тұрмайды, бір күні өтеді де кетеді дейтін. Оның ұғымында, Арқаның кенет соғатын жынды құйыны, Алланың қолындағы желдеткіші, осыдан кейін ауа кәусардай боп қайта тазарады. Арқаның қыста сақылдаған сары аязынан, жазда жынды құйыны мен ми қайнатқан аптап ыстығынан хабары бар адамға мұндай пікірдің кісіде болар оптимизмнің шыңы боп көрінсе ғажап емес.
Төтемнің арқасында мен лап етіп ынтыққан ыстық сезімді тежемеу керегін де үйрендім. Менің тәнімнің ол зерттеп көрмеген, дәмін татпаған қалтарыс – қуысы, әлдебір шет бөлшегі қалмады – ау деймін, қалмады. Оның қасында болғанда, мен үстімдегі соңғы лыпама дейін шешіп тастағым кеп кететін. Әлі де жалаңаштана түссем-ау дейтінмін.
Ол менің тәнімнен эрогенді тұстарын іздеп әуре болмайтын. Оның айтуынша, әйел заты тұтасымен эрогенді аймаққа жатады, соның ішіндегі ең бастысы – миы дейтін. Ол, әрине, әйел мүшесіндегі G-нүктесі дегенді білетін, бірақ ол оны басқа жерімнен емес, тек менің миымнан ғана іздейтін. Және әрқашан бұлжытпай дәл табатын.
Ол мені бір басталған істің соңына дейін жетелеп апаратын. Әдетте күнәһар деп есептелетін, шын мәнінде, небір ғажайып ләззатты жерлерді аралататын. Күйсандықта Мәдина Ералиеваның әндерін ойнатып қойып, бір – бірімізбен аймаласқан сәттерде, жан – тән, сүйек қоса балқып, әлі де ери түссем-ау дейтінмін. Сондайда оның кеудесінде қос өкпенің орнында қос жүрегі барма деп деп те ойлап қалатынмын. Кім біледі, солай да шығар...
Иә, мен одан бәрін білсем деп тұратын жас баладай елгезек болуды да үйрендім. Ол өзі сондай-ды. «Білмеу» дегеніміз – қауіп – қатердің алдында дәрменсіз болу деген сөз, дейтін ол маған. Ал өзінің білсем-ау деп қызықпайтын нәрсесі болмаушы еді. Әуелде бәріне күдікпен қарап, жіліктеп шағып, әбден талдап - анықтап алғанша, ештеңеге сенбейтін.
Мен өзімді оның өміріндегі ең сұлу, ең сүйкімді әйелге баладым. Ол да мен не істеп, қандай қылық көрсетпейін – соның бәрі де мәнді, қажеттілік деп қабылдаушы еді.
Біздің бірге болған 66 күніміз бен 17 сағатымыздың ең соңғысында ол маған алқызыл роза гүлін сыйлады. Тасқаланың темір жол бекетінің буфетінде шампан ішіп отырғанбыз. Сосын ол қапелімде жоқ боп кетті де, бір кезде Алмалыға қарай жылжып бара жатқан пойыз вагонының терезесінен жылт ете қалды. Перронға жанұшыра жүгіріп шыққанымша, ол ұзай берген вагон терезесіне маңдайын сүйеп, түнере төмен қараған күйі алыстап кете барды. Темір жол бекетінен жападан жалғыз сопайып үйге қайтарымда, қолымдағы бір тал алқызыл раушан гүліне мына жалған фәниде маған сыйға тартылған дүниенің ішіндегі ең құндысындай әлсін-әлі жаутаңдап, үздіксіз қараумен болдым.
Ол менің аса ардақ тұтқан көңілдесім, бір есептен әрі сыралғы құрбым да еді. Дәл бұндай хикаяттар қазір тек түрік пен кәріс фильмдерінде ғана көрсетіледі ғой. Ал мен оны қаптаған зауыттары мен шахталарының шудаланған қара түтінінен көк аспанын қысы – жазы ыс басқан Тасқала кенішінде өз басымнан өткердім. Ол маған бәрін берді, өтеуіне ештеңе алмады. Ештеңе сұрамады да. Бір мінезі - уәде беріп, ант – су ішу дегенді білмейтін. Үндемесе де, жүріс – тұрысымен – ақ, менің барым осы қалпым дейтіндей еді. Алайда, оның бұл мінезі көзге бадырайған үлкен кемшілігі де болатын. Аллам-ау, әйел заты үшін бар жан – тәнімен сүйе білетін әрі өзі сондай мейірімді де сенімді арыстай еркектің өзіңе сөз бермеуі дегеніңіз, жанға сыймас нағыз азап қой. Бірақ қайтерсің, осындай біртүрлі түсініксіздеу қалпымен – ақ ол менің жанымды таусылмас сиқырлы әсерлерге бөлеп қоюшы еді. Соған қарамастан, сезімтал әйелмін ғой, адамға тән қалыптасқан әдетпен ант берісу, сөз байласу сияқты уәделермен бектілмеген соң, бұл мәңгіліктің мерзімі – шолақ боп шорт кесіліп қалмаса екен деп, іштей қорқып та жүретінмін.
Менің мәңгілігім бар болғаны 66 күн 17 сағатқа созылды.
67-ші күннің 17 сағатында, иә, біз темір жол бекетінің буфетінде отырдық, қымбат шампан алып іштік. Иә, кенет ол жоқ боп кетті. Туалет жаққа шыққан шығар деп ойлағам. Сүйткенше күту залының терезесінен жылжып бара жатқан пойызды көзім шалды. Не болғанын бірден түсіндім де, жанұшыра жүгіріп перронға шықтым. Кеш қалыппын. Вагон терезесіне маңдайын сүйеп, түнере төмен қараған күйі ол соңғы рет көз алдымнан жалт етті.
Пойыз ұзап қиырға сіңіп жоғалды...
Мен жетім балалар үйіне уақытша деп тапсырылып, қайтып алуды ұмытып кеткен шарасыз сәбише шырылдадым да қала бердім. Сағындым. Күйзелдім. Мен оны бар жан – тәніммен құлай сүйген ем, сондықтан оған жаманшылық ойлау деген миыма кіріп те шықпайтын, соған орай күйзелісімде шек болған жоқ. Күйзелгенім сондай, шаршағанда жанымды жай тапқызатын сүйікті әншім Мәдина Ералиеваны тыңдаудан да бездім. Тіпті бүкіл қазақ біткенді жек көріп кеткендей болдым. Сонда да бір адамнан, тек Төтемнен ғана түңіле алмадым. Менің бойымда кекшілдік деген мінез мүлде жоқ екен...
Шешем қайтыс болды. Үш ай төсек тартып, қиналып жатып көз жұмды, мені жалғыз сүйреп, мәпелеп өсірген жан анам...
Шешемді бақилыққа жөнелткесін, кіндік қаным тамған туған жерді араладым. Шаңтимеске шықтым. Найзадай тік шаншылған биік шоқы үстінен бүкіл қазақ даласы көрінгендей. Дәл іргеде аққулар мекені – Айнакөл. Әріректе Естай, Қаныш туған Баянауыл, шығысқа қарай Бұқар жырау бабамыздың сүйегі жатқан Далба тауы, одан әріректе, арғы заманда өткен Қаздауысты Қазыбек би мен бергідегі Мәди ақын – сазгердің елі – Қарқаралы мен Балқантау. Тұнған тарих. Асқақ рух. Ал мен өзім қандаймын? Сол асқақ рухтың менің бойымда ең болмаса бір кішкентай мысқалы бар ма? Білмеймін. Әйтеуір, шексіз иен дала төсінде Египет пирамидасынан да үшкір боп оқшаулау тұрған жалғыз шоқының үстінде, шоқы басындағы жалғыз жетім моланың жанында, кеудемнен итеріп, етегімнен тартып жұлмалаған долы желдің сүйекті шаққан суық өтінде тұрып, аяғым астындағы құлама тік жарға қарап қойып, адамдар үшін аса маңызды болып көрінетін нәрселердің, сені допша домалатып ұшырып әкеткісі келетін мына суық долы желдің, алда - жалда сүрініп кетсең, ақ етіңді пәршалап, сүйегіңнің күл – талқанын шығаратын аяқ астындағы құлама тік жардың қасында түкке тұрғысыздығын ойладым...
Университеттегі оқуым тәмамдалды, психолог деген мамандық алып шықтым. Менің бұл таңдауым түбі жақсы журналист болсам – ау дейтін бастапқы арманыммен ұштасарын білемін. Біздегі бір кенже қалып тұрған ілім – осы психология ғой. Елде қоғамдағы алған орнына, лауазым дәрежесіне, оқыған – тоқығанына қарамастан, үлкен – кіші арасында кеңкелестік мінез, іс - әрекет күннен-күнге көбейіп тұр. Біреу биік үйдің төбесінен, біреу құрылыс кранының басынан секіріп өлмекші, біреу үстіне бензин құйып өзін - өзі өртемекші. Туысын тонайды, жолдасын, тіпті қайын атасын атып тастайды. Айдалада өзімен - өзі жүрген жазықсыз жанды сыртынан қарақтайды, күндейді. Қайсыбір жас у іше салады. Арқанға асылып қылғынып өледі. Бұндай-бұндайға қазір әркімнің де еті үйренген. Ешкім де ондайға селт етпейді. Таңның атып, күннің батқаны сияқты үйреншікті құбылыс деп қарайды. Мен өзім мұны адамның табиғи қалауын, ұстанымын, мүмкіндігін ескермей, сүйт, бүйт деп тоқпақтай бергеннен жаңадан пайда болған мінездегі өзгеше дерт пе деп те ойлаймын. Қарапайымдап айтсам, психология деген адамның өміршеңдік көңіл күйі ғой. Бұрынғы атам қазақ: «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады», «Көңіл сыйған жерге – бәрі сыяды» деп, бекер айтпаған болар.
Психолог болатынымды осылайша іштей мақтан тұтып, дипломымды алып, Төрқалаға келіп, қалағанымдай журналистік қызмет тауып орналастым.
Төрқалада қалың қазақ арасынан биліктегі көкелерін, байлық ұстаған ағаларын жағалап жүрген пысық жігіттер жыртылып айрылады екен. Солардың талайы, расында, келе сала ақшалы жақсы қызметке күмп беріп, дем арасында қағанағы қарық, сағанағы сарық боп шыға келетіні ғажап. Мен түсінбейтін бір өзгеше құбылыс. Өзіңнің әйелдік жаратылысыңнан қайда қашарсың, сондай пысықтардың арасынан маған сөз салғандары да болды. Бірақ одан көңілімде ешқандай толқыныс жоқ, сезім суық, шуақ жоқ. Себебі, олардың тілі де, еріндері де, моншада денеңнің кірін ысуға пайдаланатын жансыз жөке сықылды, маған түк әсер етпейтін. Ал Төтем... Ол мені «жеп қоятын» еді ғой...
Соңғы уақытта жалғыздығымды қатты сезінетін болдым. Бөпелі болсам – ау деп армандаймын. Қазір менің нағыз бала табатын шағым. Жасым 35 – те. Болашақ баламның көзі, қасы, мұрны Төтемге ұқсаса екен деймін. Көзі қандай еді? Ұмытпасам, қой көздімін дейтін. Ал маған мөлдір қара сияқты боп көрінетін...
(Күзет жанындағы үстел жәшігінен кілт алып, бөлмесін ашып, ішке кіреді.)
Кабинетің де біраз уақыттан кейін, әбден ет үйреткесін, екінші үйің сияқтанып кетеді екен. Ұсақ-түйек керек-жарақтарыңды осында әкеп қоясың. Сабын, сүлгі, оқитын кітаптарың, тыңдайтын әндерің, шәйнек, қант, шай, кофе дегендей.
(Бөрте компьютерді қосып, қол созымдай оң жақ шетке дайындап қойған үстепке коньякты бір деммен тартты да жібереді. Үстепкені орнына қойып жатып, мұрнын тыржита бар денесімен қатты бір сілкініп алады да, клавишаны тысырлатып тез-тез жаза бастайды):
«Төтем! Егер осыны тауып оқысаң, сөзіме дұрыстап құлақ сал. Сен мені Қазақстандағы өз басымен қайғы ең сорлы әйел етіп қойдың. Құрт па, құмырсқа ма, сондай елеусіз кіп-кішкентай жәндіктердің біріне айналдырып жібердің. Сезімтал едің ғой, жаны ауырады демедің бе?»
(Өзімен-өзі сөйлескендей бірдеңелерді іштей күбірлеп қойып, қолын клавишадан алмаған күйі көкейіне келген сөздерді талғап, екшеп жатпастан түйдектетіп жаза береді, жаза береді.
Тек ара-тұра үстепкеге біресе коньяктан, біресе «Таннан» құйып алып, там-тұмдап ұрттап қойып қана отыр. Ішкілік бойына батқан сайын көңілі де босай түскендей. Көз шарасы жасқа толып, ыршып-ыршып домалап кетіп жатыр. Ыстық жас тарамдала сорғалап, бетін жуғанын да елеген жоқ.)
«Мен қазір бұрынғы өткенімізді қоспағанда, шынтуайтында, көзге көрінбейтін жәй ғана виртуалды біреумін. Тіпті ауадағы періштеге ұқсауым да. Періште ешқашан көзге көрінбейді. Алайда, періштелер ғаламтор ойлап табылғанша да адамзатпен қоян-қолтық бірге жасасып келді ғой. Бірақ мен олардай емеспін, мүлде басқамын, олар адам қиялын қозғайды, қызықтырады, ал, мен, иә, мен жәй ғана виртуалды біреумін. Яғни ақ қанатты кіршіксіз пәк періштелермен ешқандай жақын-туыстығым жоқ. Бар болғаны ләззатқұмар күнәһар әйелмін.
Шынында, саған қатысты менің жасырын жоспарларым бар екен, мұны маған көзге көрінбейтін бір жұмбақ тылсым құлағыма ақырын сыбырлай қойды. Сүйте тұрып ол мені «бұның қатынский қулық» деп сөкті де. Тура бетке түкіргендей етіп былшитып салды.
Айтпақшы, сен оны білмейсің. Оның аты – Ақыл. Ол менімен «әй, Жүрек» деп, өзінше өктем-өктем сөйлеседі. Басқа, азан шақыртып қойған өз атымның барымен тіпті шаруасы жоқ. Өзі және сезім дегеннен жұрдай-ау, жұрдай. Мен оның әбден жынына тиіп, қажап қоймаған соң, ол да ақыры бар шыдамын тауысып, ішкілікке ауыз салды, мықтымсынған сабазың. Сосын қызып алып, әңгімені бірінші боп өзі бастады:
-Әй, Жүрек,- деді гүж етіп, -неге ішесің?! (Маған шынымен Жүрек деп ат қойғаны ұнады. Жүрек боп сөйлеуіме тура келді).
-Барматуха емес, коньяк қой,- деді Жүрек өзінің байырғы биязы үніне салып.
Сол сол-ақ екен, екеуара қызу айтыс басталды да кетті.
Ақыл: - Әй, Жүрек, сен немене, газет-журнал, кітап оқымайсың ба, тегі? Еркектер қашаннан бері әйел көңіліне қаяу түсіретін жайлар туралы бірдеңе білген еді. Ал сен оған, өмірі түк көрмегендей, тас кенеше жабысып алсам дейсің.
Жүрек: - Ақыл, сен бар ғой, жоғарыда тұрмын, биіктен маған бәрі көрінеді, бәрін білемін деп бөсе берме. Мен оған «кенеше жабысып» жүргем жоқ. Мен оны сүйемін. Ұмыта алмаймын.
Ақыл: - Егер сол адам мына күнделікті қарабайыр өмірдің дәл өзіндегідей қасыңда ұзақ бірге жүрсінші қалқиып, күндердің бір күнінде сен оның сөзі түгіл, өзінен де жалығып кетпесіңе кепілдік бере аласың ба?.
Жүрек: - Ақыл мырза, бұл сен ойлағандай соншалықты қарабайыр шаруа емес, тым нәзік нәрсе, сондықтан түсінбейсің. Тағы құяиын ба? Коньяк таусылып қалмай тұрғанда бәлсінбей тезірек айт. Ішіп алсаң, кім біледі, бірдеңенің иісін сен де сезіп қаларсың...
Біз өзі не туралы дауласып отыр едік? А-а, сен өз дамуыңда көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақтылықтардың шеңберінде қалып қойғансың. Нақтылық қиял-ғажайыптарды қабылдамайды, солай ғой.
Барды және таңба белгілерді ғана мойындау – қарабайырлық, ондайлар бұзылған үйдің үңірейген қаңқасы сияқты адамның бойында пәлендей жан шуағын туғыза қоймайды. Жаңбырлы күні маздап жанған ошақ басында отырып, шоқ қызуына жылынатын бақытты сәттерді аңсатпайды. Ал, Төтеммен тілдессем, сондай маздап жанған қызыл алаудың басында отырғандай күй кешем. Айналамдағы жадау тірліктің қам-қаракет күйбеңін ұмытам. Сол жылудан өзім де сарымайдай шылқып еримін, жалаңаштанғым кеп кетеді. Неге деп бұл сұраққа жауап іздеп өзімше талай-талай ойланғанда тапқаным: мен оның жанына ең жақын, ең қымбат жан шығармын деп шешкенімнен екен. Сосын да болар, мен өзімді оның өміріндегі жалғыз нақсүйеріндей сезінетінім. Осы ой ғой мені бастан-аяқ түгімді қалдырмай шырмауықша шырмап алған. Басымнан бұған дейін ешқашан дәл мұндай өзге түгіл, өзім де түсінбейтін ғажайып күй кешіп көрмеген едім.
Ақыл: -Түн өтіп, қаңырап бос қалған үйдегі сөнген оттың күлінен жаман не бар дейсің. Күлді шығару керек, бірақ шығаратын адам жоқ. Сен осы бір қарапайым жағдайды көзіңе елестетіп көрші, Жүрек ханым. Иә, қыбырлаған жан баласы тұрмайтын үй көрдей суық. Алайда күлін алып, пешке маздатып қайтадан от жақса ше?
Жүрек: - Ойланбаппын. Себебі, ойланбаймын. Менде тек түйсік пен сезіну ғана бар. Сен ғой ой ойлап бас қатыратын.
Ақыл: - Мен егер көзбен көріп, қолмен ұстағанды ғана білетін кәдуілгі қарабайыр біреу болсам, сен сонда, немене, дамудың шегіне жетіп қиялдан да озып кеткен сұңғыласың ба? Жоқ. Біз екеуміз химиялық өзгерістері үздіксіз жүріп жататын бір жердің топырағынанбыз. Таласпа, ханым, таласпа. Сен де, мен де жәй ғана химиямыз. Айырмамыз – сен басқаша, мен өзімше түзілемін. Мен – нейрондармын, орталық мимын, мишықпын. Ал сен сол нейрондарды жөнелтіп тұрушысың, ғылым тілімен айтсақ, допамин және катехоламинсің.
Сендегі химиялық түзілулер мендегіге қарағанда тезірек сарқылып қалуға тиіс. Ал мендегі сарқылмайды, жалғаса береді. Өйткені сендегі түзілулер жылу қуатын тым көп керек етеді. Соған сай сенің талап ететінің де көп, бергеніңді өзіңе қайтадан қайырып алатының да көп. Дәл сендегідей кернеу күшіне тіпті конвертор пеші де шыдамас еді. Сол себепті де сен түгің қалмай лаулап жанып біржола күлге айналып кетесің. Оның үстіне сен қолыңдағы отынды бір ошаққа ғана тұтатқанды білесің. Байқамаймысың, Жүрек ханым, тиемін деп жақсы көріп жүрген жігітіңе де басында лаулатып ошағына от жаққансың, сол отың қазір өлеусіреп сөнуге айналды ғой. Бықсыған қоламтасы ғана қалды. Қоламтаны қоздырып қайта тұтатамын десең, әлі де кеш емес.
Жүрек: - Ақыл, сен маған өзіңше ұлағат сөздер айтып отырсың-ау деймін. Бәрібір түсінбейтін нәрселерің көп сенің, өте көп.
Ақыл: - Бопты, бопты, Жүрек ханым. Саған не керегін мен білмейді ғой деймісің, білемін. Аңсағаның махаббат қой. Есіңде болсын, бұл өмірдегі өлшеулі нәрселердің ішіндегі ең ғұмыры қасқасы – махаббат. Сондықтан мәңгіліктен дәметпей-ақ қой. Өйткені сен уақыт пен кеңістіктің ажырамас бірлігінің ішінде емессің. Одан сырт тұрсың.
Жүрек: - Білемін, сен махаббатты жек көресің. Сондықтан кеме келгенде судан таятын қайық сияқты махаббат келгенде саған орын жоқ, көңіл төрінен дереу жылыстайсың қараңды батырып. Кәкір-шүкір сақталатын шоланнан барып бір-ақ шығасың. Жатасың сосын сол жерде кезегіңді күтіп тұншығып. Кезегің келгенше, махаббатқа кедергі жасап, зияныңды тигізбес үшін, сен жоқсың. Түсініп ал, Ақыл мырза, түсініп ал. Өзара табысқан қос жүрек махаббатының саған қарауға уақыттары жоқ. Олар күн демейді, түн демейді, тек бір – бірін ғана ойлайды. Біріне-бірі сүйсінеді. Тіпті кемшіліктерінің өзі оларға керемет сүйкімді боп көрінуі ғажап емес. Ақыл, олар сенен қорқады, сөзінен айнып қала ма деп үрейленеді. Сен келіссең де, келіспесең де махаббаттың болмысы, міне осындай. Махаббат қаншалықты ақкөз батыр болса, соншалықты жалтақ та әлсіз.
Ақыл: - Келісе алмаймын. Келіспейтінімді өзің де білесің, Жүрек ханым. Кейде шоланда жатып-ақ жанұшыра ышқынып айқайлаймын. Бірақ қос жүректің махаббаты мені естімейді. Құлақтары тас керең, айналада не боп жатқанымен жұмыстары жоқ. Айтпақтайын, Жүрек ханым, осының бәрін сен осы қайдан білесің, ә? Жә, тағы бір құйшы. Шоландағы пүшайман халімді еске салып, көңілімді тым қатты қобалжытып жібердің ғой. Ішкен соң дұрыстап бір ішейінші, құй, бір жүзді коньягыңнан.
Жүрек: - О, қатып кетті. «Қазақстан» коньягі. Іштің бе? Шынында жақсы коньяк, ә. Сен енді маған көмектес, Ақыл. Көмегіңе зәрумін. Өтінемін, мені бір мезгіл ар-ұятымнан ада етші, жоғалтып жіберші. Жаным қиналмасын.
Ақыл: - Жүрек ханым, сен бұлай бет алды лаққан былшылыңды қой. Ішкілік үстінде менен уәде аламын дегенің бос әурешілік. Онан да өз қалыбыңды өзің сақтай отыр. Рас, қазір сенің нақтылыққа қарай өзгергеніңді көріп, мен біртүрлі көңілім босағандай халдемін. Бірақ бұл сенің маған әлгіндей тұрлаусыз ұсыныс жасауыңа негіз бола алмайды. Әдептен озбағын, Жүрек ханым. Әсілі ар-ұятты біржола өшіріп тастау мүмкін емес қой. Олай ету менің де қолымнан келмейді.
Жүрек: - Ішкілікті пайдаланып сенімен саудаласайыншы деген жаман ойым жоқ еді. Ізгілік үшін көңілшектігің ұстап, көмектесе саласың ба дегенім ғой. Негізінде сенікі жөн, ар-ұятты саудалағаннан түк шықпасын өзім де жақсы білемін.
Ақыл: - Жарайды, бетпе-бет отырып ашық әңгімеге кірісіп кеткен екенбіз, ендеше өзің айтшы турасын, саған не керек? Әлгі Төтем дегенді ғаламтордан іздеп мазаң жоқ. Біресе мені допаминге тойдырып, өз-өзіңнен тымырайып үнсіз қаласың, біресе жын ұрғандай қалшылдайсың. Менің түн ұйқымды бұзасың, тіпті көз ілдірмей қоятын кездерің де аз емес. Мысалы, бүгінгідей. Осыншама азаптың саған не керегі бар. Болмасты еске алып, жаныңды босқа күйзелту үшін бе?
Жүрек: - Түсінсейші, Ақыл мырза, Төтем тым алыста, сондықтан ол қол созымдай жерде жүргендермен бәсекеге түсе алмайды, бірақ сонда да менің жүрегім қол созым жердегілерге мүлде селт етпейді-ау, селт етпейді. Алыста болса да тек Төтемді ғана ойлап аптыға лүпілдейді. Ар-ұят дегенің де бір жағынан кимелеп, сен қауіпті жолға түстің, дереу тыйыл, бұл түріңмен түбінде жүрегіңді құртып инфарк аласың, деп қорқытып қояды. Мен онымен әуелде іштей келіскендей де едім. Ұшық сияқты өтпелі сезім болса, өтер – кетер, ақыл мен пайым екі жақтаса бұл қиындықтан да оп-оңай алып шығар деп ойлағам. Босқа үміттеніппін. Қазір... бәрі де бәз қалпында бұрынғыша еш өзгеріссіз қала берсе екен деймін. Әй, Ақыл, бақаның денесіндей сап-салқын суық Ақыл, байқаймын, әй, сен бәрібір түсінбейсің ғой... Жә, тағы құяйын ба? Жылып кеткен шығар, менің өзім де жылып отырмын, алайда ештеңе етпес. Кәнеки, тос ыдысыңды.
Ақыл: - Жарайды, Жүрек ханым, құйсаң құйшы...
Бөрте ойланып кеткен екен, селк етіп есін жиғандай боп компьютерін ақырын қайта тықылдата бастайды.
«Төтем, бұл Ақыл екеуміздің арамызда болған пікірталасымыз ғой.
Мен әр жерден оқып, зерделеп көрдім. Жер бетінде қыбырлаған барлық жан иесінің әртүрлі қауіп-қатер, жаманшылықтардан сақтап жүретін киесі болады екен. Оны төтем дейді екен. Сүйтіп сенің Төтем есімің кие деген ұғымды білдіретінін білдім. Бір кездері сенің туған күнің 7 қарашада жер шарының кем дегенде жарты көлемі ұрандатып той тойлап жатты емес пе. Бәлкім, кездейсоқтық та шығар, дегенмен, біртүрлі қызық, ә?! Кейде сені –өстіп есіме алсам болды, көзімнен жасым өз-өзінен парлай жөнеледі. Ішім тартып өксимін, бақырып жылап та аламын. Қабырғаның аржағынан біреу естісе, ести берсін. Себебін «Қазақстан» коньягінің қызуынан іздеудің керегі жоқ. Менің жанымды қоярға жер тапқызбай мазамды алып жүрген нәрсе тым қарабайыр, өте жұпыны, бар болғаны - сағындым... қатты сағындым... сағыныштан әбден сарғайдым...
Таң атып қалды. Сыртта жапалақтап қар жауып тұр. Қыс биыл ерте түседі білем. Бүгін қарашаның жетісі. 200... жыл. Күн демалыс. Бұл күнге арнап ұстайтын менің екі үлкен хрусталь бокалым бар. Әрине, кешкісін пайдалану үшін. Кешкісін міндетті түрде Мәдина Ералиеваны тыңдаймын. Шампан ашып ішемін. Сенің бокалыңа құйылған шампанды да ішемін. Туған күніңмен деймін... Егер саған ұқсас біреуді кездестіріп ұл тапсам, атын Төтем қоямын».
(Клавиашадан сәл шегіне шалқая беріп, қос алақанымен бетіндегі жас сорасы із салған айғыздарды сүртіп тастап, шекелігін, иегінің астын, желкесін ыспалап уқалап-уқалап жіберген. Ұйыған бойы әлгіндей емес, сәл-пәл де болса сергігендей боп біршама жеңілденіп қалды. Қос алақанын қаусыра қатар ұстап шашын артқа қарай жатқыза сипап жатып, кеше шаштараз Сәуле айтқан бір сөз қапелімде есіне түсіп кетіп, мырс етіп күліп жіберді. «Бүгін кешке шашыңды біреуге ұйпалатқандай болсаң, оп-оңай қобырап кетпес үшін қарапайымын қалайсың ба?», деген еді ғой. Қалай болғанда да шаштаразға барғаны үшін де, жұмыс орнына мезгілсіз келіп Төтемге деген сағынышын интернетке жүктегені үшін де, арасында мұңайып жылап алғанын қоспағанда, тап қазір өзіне-өзі шексіз риза сияқты.)
Ақыл-ойым, рухым, сен біраз суарылдың-ау деймін. Өзіне-өзі сыбырлай сөйлеп, тағы да мырс етіп күліп жіберді.
(Асықпай қимылдап, полиэтилен қалтаға жартылай ішілген «Тан» сусынын, коньяктан үштен бірдейі қалған екен, бөтелкесімен оны да салып қойды. Отырған жерін мұқият тазалап, үстел үстін ретке келтіріп, компьютерді, сосын шамды сөндірген. Сыртқы ауызда бұдан бірдеңе дәметкендей боп жолын тосқан күзетшіні де ұмытқан жоқ еді. Тас шайнап, тепсе темір үзетін алпамса жігіттің қолына, кілтпен бірге қомақты дорбаны да үн-түнсіз ұстата салған. Анау жас балаша екі езуі екі құлағына жеткенше мәз бола ыржаңдап, алдына түсіп есік ашып, құрдай жорғалады...)
P.S. Осыны моноспектакль түрінде ойнағысы келіп қызыққан актриса болса, мархабат. Хабарлассын.
Өтен Ахмет