Мылтықты кезене бергені сол еді, кекіліктер дүр етіп сайдың екінші аласа қабағына қарай ұшты. Семізд...
Қазақ әдебиетінде ұрлықтың мыңдаған мысалы бар…
Бірде Өтағаңа көшеде жолығып қалдым. Көптен көрген жоқ едім. Сол бұрынғы сөз саптасы. Әңгімесінің арасында ол кісі:
– Қай сөзімнің кімде жүргенін өзім жақсы танимын,– деді.– Оны танитын өзгелер де бар. Бірақ олардың айтқысы келмейді. Менің де кілең жаманатты бола бергім жоқ.
– Сонда өлеңдерімді өзге біреулер ұрлайды дегенді айтып тұрсыз ба?– дедім мен нақтылай түскім келіп.
– Өлеңдерімді ғана емес, тұтас кітабымды ұрлайды,– деді ол.
Мен күлдім.
– Ол мүмкін емес қой, Өтаға.
– Неге мүмкін емес? Кітабыңның атын ұрласа, идеяңды ұрласа, ол кітабыңды ұрлаған болып шықпай ма?
– Ұрлықтың аты ұрлық қой, әрине.
– Ұрлық деп білсең, сол! Біреу ұрлық жасайды да, оны өзімнен басқа ешкім білмейді деп ойлайды. Ұрлаған нәрсесін теріс қаратып қойса, оны адам баласы танымайтын тәрізді сезінеді. Көшеде келе жатсаң, әлдебір танысың кезігіп қалады ғой. Сені көргісі келмейді немесе сенен өлердей қорқады. Содан соң көрмеген секілді болып жалма-жан теріс бұрылып тұра қалады. Сен қасынан өтіп бара жатасың. Ұрланып жүзін жасырып тұрған ол өзін сен танымай қалды деп ойлайды. Бірақ сен оны танып тұрасың. Танып тұрғанмен сенің де оған бұрылып қарауға құлқың жоқ. Ол ұрлық жасап тұр ғой. Солай ма?– деді Өтағаң.
– Ол ұрлық жасамаса да, ұрланып тұр,– деймін мен.
– Ұрлықты ұрланып тұрып жасайды ғой. Ашық түрде жасамайды ұрлықты.
– Иә.
– Мен “Менің махаббатым” деген кітап шығардым. Баяғыда. Фариза Оңғарсынова “Сенің махаббатың” деген кітап жазды кейін. Идея ұрланды ма? Ұрланды. Төлеген Айбергенов өлгеннен кейін оның негізгі кітабы “Мен саған ғашық едім” деген атпен жарық көрді. Қуандық Шаңғытбаев алғы сөз жазған. Фариза тағы бір кітап жазды, “Мен саған ғашық емес ем” деп. Идея ұрланды ма? Ұрланды. Ұрлаған нәрсесін теріс қаратып қоя салды. Ал жекелеген жолдар мен тіркестердің, ұйқастардың ұрланып жатқанын айтпай-ақ қой. Қазақ әдебиетінде оның мыңдаған мысалы бар.
Өтағаң осыған ұқсас бір пікірін “Жас қазақ” газетіне берген сұхбатында да қайталапты: “Әрине, кiм кiмнен көшiрiп алғанын жазып отырған адам ғана бiледi. Қазақтың барлық ақыны Өтекеңнен көшiру үстiнде. Менi ешкiм оқымайды деп ойламаңдар, күштi оқиды, тiптi лупамен оқиды. Сосын ойындағысын жасай бередi. Мысалы, Қадыр, Тұманбай, Оңғарсынова Фариза бәрi көшiредi. Бiрге оқыған кезде Кекiлбайдың Әбiшi де көшiрген. Бiрақ оған қалай ренжисiң, өйткенi, мен – халықтың қазынасымын. Менен де күштi ақын шыққанына мен қуанбасам ренжiмеймiн” (“Жас қазақ”, №32, 2008. Сұхбатты жүргізгендер Әмiрхан Балқыбек пен Мұрат Алмасбекұлы).
Шет елдерде шығармасы сөзбе-сөз немесе жолма-жол ұрланбағанмен, идеясы қолды болып кетіп жатса, соттасады. Әйгілі “Святая Кровь и Святой Грааль” кітабының авторы ғалым Майкл Бейджент сол кітаптағы өз идеясының ұрланғанын айтып, ағылшын жазушысы Дэн Браунды сотқа бергенін әлем біледі. “Не секрет, что в феврале и марте 2006 года я и мой коллега Ричард Ли присутствовали в Верховном суде Лондона в качестве истцов по делу против автора “Кода да Винчи”. Мы обвиняли его в том, что он нарушил права интеллектуальной собственности, позаимствовав идеи из нашей книги “Святая Кровь и Святой Грааль””,– деп жазады оның өзі (Майкл Бейджент. “Бумаги Иисуса”. Москва, “ЭКСМО”, 2008. стр.297). Мен ол соттың қандай шешім шығарғанын айтпай-ақ қояйын. Бірақ Майкл Бейджент те, Дэн Браун да көлденең көк атты біреулер емес, әлемге мәшһүр тұлғалар еді…
Менің есіме ел елей бермейтін осындай “жиендіктердің” бірнешеуі қатар сап ете қалды. Көрнекті балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиевтің “Ағайынбыз бәріміз” дейтін өлеңі болатын. Мектепте оқып жүрген кездің өзінде-ақ оның:
“Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз”,–
дейтін жолдарын жатқа айтушы едік. Кейінірек Фариза апамыз да осы жолдарды “сәл ғана” өзгертіп алып, балаларға арналған “Достар әні” деген өлеңін жазғаны бар:
“Ақ, қарамыз, сарымыз –
Тату доспыз бәріміз”.
Өлеңді алғаш оқыған кезде мен қатты таңырқағанмын. “Апай балалар поэзиясын мұқият оқымайды екен-ау. Оқыса, мұндай сәйкестіктерге жол бермес еді”,– деп өкінгенмін. Ал мұндай “сәйкестіктерді” бір жерге шоғырландырып көрсең, пікіріңнің өзгере түсуі де мүмкін екен ғой.
– Мен “Ұрлықтың аты ұрлық” деген мақала жаздым. “Жұма-таймс” газетінде жарық көрді…– дедім мен әңгімеміздің тақырыбы басқа жаққа ауытқып кетпесін деген оймен.
– Білем. Сенен де ұрлап жатыр ғой…– деді Өтағаң.
Иә, Өтағаң өтірік айтып тұрған жоқ қой деп ойландым.
…Өтағаңның “Жас қазақ” газетіне берген сұхбатына артынша қарсы пікір жазған жазушы Құрал Тоқмырзаұлы: “Қазақ: “Өткір пышақ – қынға қас. Өтірік сөз – шынға қас. Мырзалық – қонаққа пайда, малға қас”,– дейді. Өтежан сөз ыңғайына қарай ылғи шындықтан жалтарады екен. “Менен бәрі көшіреді” дейді. Дәлел қайда?”– деп алып, өзі де Өтағаңды аяқ астынан қалай қолдап шыға келгенін аңғармай қалады. “Қазіргі оқырман Сатыбалдиев Меңдекеш деген ақын болғанын ұмытты. 1968 жылы мен Атырау (ол кезде Гурьев) пединститутына сырттай түстім. Меңдекеш облыстық газетте, әдебиет және мәдениет бөлімінде меңгеруші екен… Сырттан оқып жүргесін, редакцияға жиі барам. Фариза сонда отырады. Өлеңдері ол кезде жаңа-жаңа көрініп жүр. Сонда Меңдекештің Фаризаға: “Сен қыз менің стиліме ұрына берме!..”– дегенін бірнеше рет естідім”,– деп жазады ол (“Жас қазақ”, №39. Қазанның 3-і, 2008 жыл). Иә, әдебиетте біреудің ойын, біреудің идеясын иемденіп, біреудің стилін қаз-қалпында қайталаудың қыруар мысалы бар. Бірақ оны көшіріп алды, ұрлық деп дәлелдеу әурешілік қана…
Байбота Қошым-Ноғай,