Алыптардың бірінің үстінен бірі айтқан сөздерінің дұрыс-бұрыстығына төрелік айтатын біз емес. Түптеп...
Құлбек Ергөбек. Шоқауыз
2103
(Шын сатирик Садықбек Адамбеков жайында шынайы сыр)
Немере ағам (Ергөбектің шөбересі) – айтулы күлкі күлігі Көпен Әмірбекті жоғалтып жер соғып отырғанымызға санаулы күн. Бүгін-ертең Алматыға аяулы ағамның Бейсенбілігіне жүргелі отыр едім. Сатираның диюы - Садықбек Адамбековтің қызы Маржан телефондасын. «Әкеміздің жүз жылдығының басы-қасында қашанғыдай Көпен ағамыз жүріп еді. Қашанғыдай жақсылап ұйымдастырып, жоғарылы-төмен сауын айтып, 25 қараша күніне кіндік қаны тамған Арыс қаласына жүз жылдықты белгілеп еді. Көрмейсіз бе, енді? Қапияда Көпен ағадан айырылып қалдық. Сұмдық өкініш. Енді, әкеміздің тойын не істейміз? Жұрт құлағдар. Қайттік, ағатай?» Маржан қиналды. Мен қысылдым. Ендігі амал: Ерсұлтанға бастатып інілерімді Алматыға аттандыру. Қазалы рәсімде жұртты күңірентіп шерленген қанаттас Мереке досқа (Құлкенов) Алматыдағы жаралы рәсімнің бұйдасын ұстату! Өзім ҚР Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетке мән-жайды айтып, Көпекең бастаған істің нүктесін қою үшін Жазушылар одағы Басқарма мүшесі ретінде Арысқа аттану!
Сөйтіп, аяулы ағамыз қолға алып, аяғына дейін жеткізуге тағдыр мұрсатана бермеген бір іс – сатираның бас сардары атанып, мектеп қалыптастырған ұстазы – Садықбек Адамбековтің 100 жылдығына Жазушылар одағы атынан қатысып, ұлы сатирикті халқымен қайта қауыштыруға бел будым.
«Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» секілді руханият шырақшылары (газеттері) Садықбек Адамбеков жүз жылдығына үн қата алмай қалды ма қайдам?! Ал, Мен көзін көрген Сәкең жайында минатюрамды әлеуметтік желіге жүктедім. Жүз жылдыққа қалай құры қол барайын?!
Әдебиеті дәуірлеген замананың адамдары едік.
Қызметтегі азамат құлқын сәріден күннің газет-журналын парақтайтын.
Шопан етігі қонышында “Жұлдыз” жорналы жүретін.
Ел ағасынан бастап көктеп келе жатқан өндір жасқа дейін әдебиет әлеміне келіп қосылған жаңа есімді біліп алып, шығармасын іздей оқу – ешкім міндеттемей-ақ - міндет, ешкім жүктемей-ақ - парыз. Кітап оқу, баспасөз жаңалығын қалт жібермеу күнделікті салтымызға, сол арқылы ұлттық дәстүрімізге айналған.
Кейбір жазушылардың жазғаны бедел, кейбір жазушылардың айтқаны аңыз!
Әлгі салттың арқасында көзімізді тырнай ашқан сәттен атын есітіп, жазған шығармасын оқып, айтқанына ден қойған жазушымыздың бірі – Садықбек Адамбеков!
Мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде Садықбек Адамбековтың ірілі-ұсақты шығармаларына қанып өстім. Ол жазған фельетон-кейіпкеріне шығарылған үкімдей көрінетін. Фельетонын оқып шығысымен “Сабазың осымен қызметімен қоштасатын-ақ шығар” деп түйетінбіз. Әсіресе “Ара” жорналынан Сәкеңнің өткір, уытты дүниелерін көбірек оқитынбыз. “Араға” жақындап, сатира жанрына жастай жан-тартуымыздың бір сыры – немере ағам Көпен Әмірбектің сын-сықақ жанрына әуестенуіне, жаза жүріп “бала сатирик” атанып үлгеруіне де байланысты болуы керек. Туасы Ергөбектен тарайтын оншақты үй таңның атысы, күннің батысы бір-бірін әзіл-қалжыңмен іліп-қағып жүретін әзілкештер ауылы дерлік еді. Ауылда айтылатын әзіл-қалжыңды тізіп, ақ қазға ешбір қоспасыз түзіп кеп жіберсе юморлық жинақ шыға келерліктей. Ал, оны белгілі бір сатиралық кейіпкер бойына жинақтаса – Ярослав Гашек, Карл Чапек, Әзіз Несін, Оспанхан Әубәкіров шығармаларындай желілі туынды шығарына еш күмән жоқ.
Өмірдегі осындай сайқы-мазақ ортаға өнердегі сатириктер келіп қосылған соң не болсын?! Сатиралық әдеби орта қалыптасты. Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Оспанхан Әубәкіров, Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин шығармаларын екінің бірі жатқа айтар еді біздің ауыл азаматтарының! (Көпен осындай ортадан шыққан). Оспанханның Алматыдан арнайы келіп Әмірбек ағаның үйіне қона жатуы тіпті аңызға бергісіз.
Қыл-қысқасы біз Садықбек Адамбеков есіміне мектепте оқып жүрген бала кезден қанығып өстік. Садықбек аға туралы ұғымымызды алпысыншы жылдары жарық көрген “Атылған қыз туралы аңыз” аталатын роман-сатираның бірінші кітабы тіпті жаңалап кетті. Көпен бастап Төпен, Сапаш, Бақыт, Нұржан дегендей бәріміз әлгі кітаптың түте-түтесін шығарып оқыдық. Пікір алмастық. Пікір жарыстырдық.
-“Өмірде болуы мүмкін”,
-“Өмірде болуы мүмкін емес”- бозбала жастар пікірінің екі жарылған жері – осы! Әдеби шарттылықпен шаруамыз жоқ. Өзара айтысып, таласып жаттық.
Жетпісінші жылы ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түстім. Оған да себепкер – Көпен Әмірбек. Алматыда Көпекең әдеби ортамен недәуір араласып үлгеріпті. Бізді қолымыздан жетелеп құрдасы профессор Мархаббат Томановқа айтып, тапсырып оқуға түсірген Әнуарбек Дүйсембиев. Көпенді құрдасындай қабатында ұстайды. Оспанхан Әубәкіров “аузына түкірген”, Садықбекпен сұхбат құрады, Ермек (Өтетілеуов) қамқор аға... Мен де Көпекең арқылы осы ортаға сығылап қарап, сыналап кіре бастадым... Ермек ағаның үйіне қонамын деп таң атқанша бүргеге таландым. Неге екенін, үй иелерін бүрге шақпайды. “Бізді таниды” – деп қояды Тұрар жеңгем. Үйренгенше бүргеге талана берейін бе, ақырын жылыстап кетіп, өзі дархан, жары Рәбиға мейірбан – бала мінезді балалар ақыны, ғажайып адам Әнуарбек Дүйсенбиев үйіне көбірек үйірсектейтін әдет таптым. Сәуле, Зәуре қарындастарыма, Ержан, Нұржан інілеріме айналды. Жамбылмен домбыра қағысатын Сәндібала әженің дайындайтын тәтті тамағы, Рәбиға жеңгемнің әрдайымғы ашық қабағы – тіпті ғажап. “Сенен балалар әдебиеті сыншысын тәрбиелеп шығарамын” – деп Әнуар ағам әуре.
Осындай күннің бірінде Көпен мені Садықбек ағамен таныстырды.
- Інім.
- О, жақсы. Бірдеңе жаза ма?
- Жазады.
- Сен сияқты, мен сияқты сатира ма ындынын құртқан?
- Жоқ.
- Енді?
- Сын. Сыншы болады.
- Ә.
Сәкең маған сынай қарап қойды.
- Әй, біздің ауылдың балалары жақсы бастап кейін тастап кетеді,- деді сосын.
Көз алдына бір образ елестеп өткендей жанары күлім қағып әңгіме сабақтады.
-Кесірткені білесіңдер ғой. Бізде құмда жүретін кесіртке бар емес пе? Өзге өңірдің азаматтары қолына үлкен тор алады. Торға кішкене кесіртке отырғызады. Кішкене кесірткенің аузына жұқа көк шөп тістетеді. Алдына жем, су қояды. “О, бұл мықты ғой” –деп әспеттейді.
Ал, біздің Қызылдың құмынан кісі көрсе құлағы қып-қызыл болып қызара ысылдайтын, ысылдаған сайын денесі дірілдеп пілқұлақтанып ісініп айбат шегетін келес кесіртке келеді.
Алматы ғой бұл енді.
Күндер өтеді.
Әлгілердің кесірткесі ысылдаған келеске айналады. Ал, біздің келес сабалақтанған күтімсіз жаман кесірткеге айналады.
Ол жұмбақтай сөйлеп отырды.
- Әрине, оған бұл балалардың кінәсі жоқ. Біз ғой кінәлі. Елден келген талантты балаларға аға болып қол үшін бере алмайтын, тәрбиелей алмайтын, – деді.
Түсінбедім.
Мен үшін жұмбақтау әңгіме еді. Оның үстіне осы бір бейтаныс та таныс адамды қайдан көргенімді есіме түсіре алмай, өзіммен-өзім әлек болып отырмын.
Бір кезде барып есіме түсті.
Қала автобусы. Гоголь көшесі бойымен келеміз. Шашын бір жағына қайырған ақсаңдай басатын ақсары кісі жап-жас жолаушы қызға төне сөйлеп тұр.
- Мен кино режиссерімін. Киноға түскің келе ме?
- Отыр. Отыр айналайын. Сенің отырғаның – менің отырғаным.
- Әкең бар ма? Шешең бар ма?
- А, күйеуің ше?
- Е, мен кино түсірем деп үйленбей қалған ағаңмын.
- Киноға түсуге қалайсың, а?
- Әрі қарай уыз жасқа махаббатын айтып та үлгерді.
Міне, таптым, таптым. Сол кісі – осы кісі!
Кезінде көкөрім (шамасы студент болса керек) қызға отырған жерінде өңкиіп үстіне түсердей болып сөйлеп тұрған недәуір ересек кісінің әрекетін ерсі көргем. Енді, сол кісі – Садықбек Адамбеков болып шыққанына таң қалдым. Күлкі қысты.
-Әй, Көпен, мынау інің жынды ма? Күлгені несі-ей? Жылайтын әңгіме айтып отырсам күледі - әй келіп.
Үндемедім. Көпен күлкіні одан әрман өрістетіп әкетті.
Бәріміз күлдік.
Қысқасы, біз ресторанға Садықбек ағаны “түсіру” үшін келген екенбіз. Зорлаған ешкім жоқ. Жалғызілікті жан Көпен Әмірбек, Бейсембай Сүлейменов секілді інілерін кейде осылай ресторанға шақырады екен. Мен тыңнан қосылып отырмын.
Іштік, жедік.
Сөз арасында Арыс қаласында бес жыл мектепте оқығанымды айтып едім, Сәкең тіпті жылыұшырай түсті.
Әңгіме арасында Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиевті сілейткен өлеңдерін оқыды. Ол өлеңдерге қарап “Сәкеңнің бұл айтулы екі ақынмен жүзі жараспаған екен ғой” – деп ойлайсың.
Кейін білдім.
Қимас достары екен.
Бір әңгіме есімде.
“Қазақ әдебиеті” газетінде қызмет істеп жүрген уақыты болса керек. Сәкең жорналист ретінде іс-сапарға шығады. Бас редактор Сырбай Мәуленов қаражатты қомақтылау етіп белгілейді. Сәкең Қызылорда бағытына “Қазақстан” поезына билет алады.
Жол жүретін күн. Достары Сәкеңді жолға шығарып салмақ. Құрдастар өзара ақылдасып алған. “Сәлем” рестораны. Ішім-жемнен дастарқан майысады. Төлейтін Сәкең. Қымбат арақ-шарап, қымбат тамақ. Басып-басып тапсырыс беріледі.
Сәкеңнің іс-сапарға арнап алған қаражаты ресторанға төлеуге жетпесі белгілі болады.
Құрдастардың қалжыңы өзінің қалтасын қағу екенін Сәкең де түсінеді. “Қазір келемін. Сендер еркін ішіп-жеп отыра беріңдер” – деп тысқа сұранып шығып кетеді, Сәкең. «Зәр қысты»-дейді көзі буалдыр тартқан достарына…
Достары – ресторанда!
Сәкең шыққан бойы такси жалдайды. Таксилетіп Жұбан досының үйіне келеді.
-Софья, Жұбан жұмсады. Тез-тез.
-Тыныштық па?
-Орталық дүкеннен саған ғажап норка шубасын көріп, алайын десе ақшасы жетпей қалды. Кезекте тұр. Мені ақшаға жіберді. Бол. Бол енді. Шуба таусылып кетеді.
Софья жеңгей Садықбектей құрдасының қолына сомадай ақша ұстатады.
Таксилетіп Сырбай досының үйіне келеді. Олар Қызылордада бірге оқыған.
Софьяға айтқан өтірігін Гүлжамал құрдасына да қиналыңқырап айтады.
-Әй, Садықбек, біздің Сырбай мен түгілі өзінің үстіне киім алмайтын еді ғой.
- Өзің білесің, ана Жұбан қатынының трусиіне дейін өзі сатып алады ғой. Сол Жұбан Софьяға норка шуба алған соң, Сырбайдың да намысы қозып, саған сыйлық жасағысы келіп... Қалтасында ақша жүре ме, Сырбайдың. Бейшара ғой ол, сенің қолыңа қараған. Гүлжамал, бол. Қай размер керегін қағазға жаз. Ақша шығар.
Артистік бұл “номер” де өтеді.
Таксилетіп Сәкең ресторанға жетеді.
Дуылдаса қызып отырған құрдастарына келіп ішім-жем үшін артығымен ақша төлеп, поезға мінеді. Үзеңгіге аяғын салып тұрып:
-Үйлеріңде сый күтіп тұр, тезірек қайтсаңдаршы! – дейтін көрінеді құрдастарына.
Қазақы қалжыңға пірі зор Сәкең осындай болатын.
Сәкең ресторанда қыз-қырқынға қырындамай сабыр сақтап отырды.
Қиялы жан-жаққа алып-қашып отырған Көпен мен Бейсембай даяшыға қырындай сөйлеп қалып жатса Сәкеңнің шыр-пыры шығады.
-Даяшыға қалжыңдауға болмайды, антұрғандар-ау, – дейді Сәкең ондайда, – Олар сендердің әрбір қырындағандарыңа он сом қосып есептейді.
Жәлеп көрмегендей не болды сендерге?
Сәкеңнің шыр-пыры шықты.
Ресторан дұрыс-ау.
Қолайсыздықтың көкесін Садықбек көкеміздің үйіне барғанда көрдік.
Қазіргі Қарасай батыр көшесінде шағын екі бөлмелі пәтерде тұратын ол тазалықты жақсы көреді екен. “Ана жерге отырма, мына жерге отыр”, “Олай отырма, былай отыр,” –деп есіңді шығарады. Оның үстіне алдына фартук байлап ақсаңдай басып қазан-аяққа өзі кірісіп, тамақты өзі дайындағанда кісі қолайсыз күй кешеді екен.
“Әйелі қайда Сәкеңнің?” – деген сұрау көкейімнен кетпеді. Әйел исі сіңбеген пәтер жетім кейіпте. Көңілді әлдебір аяушылық буды. “Өзі классик... Жалғызбасты...” Кісінің басына бермесін.
Қатыныңыз қайда? – деп сұрау әдепсіздік. Көпен мен Бейсембайдың айтуына қарағанда Сәкең күніне төсек жаңғыртады...
Кім білсін?!
Осы сұрауға жарым-жартылай жауапты кейін таптым. “Лениншіл жас” газетінде әдебиет және өнер бөлімінде қызмет істеген жылдары бірде Махфуза Байзақова есімді әртіс апай келді редакцияға! Айтулы ақиық ақын, айтыс өнерінің ақтанкері Иса Байзақовтың қызы. Көп жыл жастар театрында бірсыпыра рөл ойнаған Махфуза Байзақова соңғы жылдары қолына қалам алып, өнер жайлы ой-толғаныстарын қағаз бетіне түсіріп жүреді екен. Сол материалдарын жариялату үшін келген беті.
Міне, осы кісі Сәкеңнің жар қосағы, біздің жеңгеміз екен. Әттең, біраз бірге тұрып ажырасып кетіпті. Салихалы кісі еді, жарықтық. Шамасы, бар кінә біздің берекесіз ағамыздан болар-ау...
Сәкең тұратын пәтердің есігі Алдар Көсенің жел кеулеген жыртық шапаны секілді. Пырым-пырым. Құлыбы көп ауыстырылған. Және бір байқағаным – Сәкең кілтін есікке салардан бұрын тың-тыңдап біраз тұрады. Жан - жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Сосын ақырын кілтті құлып көзіне сұғады.
- Ау, мұныңыз не? – деймін.
– Бала, дұшпаным көп, – дейді ол, – Байқамаса болмайды. Кезінде “Крокодил” жорналының меншікті тілшісі болып істедім ғой. Ол кезде маған мылтық ұстауға рұқсат ететін. Адамдар мені өлтіру үшін келіп талай рет есігімді бұзған ғой...
Сәкең қай-қайдағыны қозғайды. “Ара” жорналының өзі аз емес. Ал, ол кісі “Крокодил” жорналының меншікті тілшісі. Қастандық жасалса, жасалған да шығар.
Сәкең отанында бір-ер рет болған соң жиі баруға зауқым соқпады. Өзі де қайдағы бір әпенді әңгімелер айтады. Жазғаны дана дерлік, қайталанбас сатириктің өмірі сұрқай, айтары баланың әңгімесі секілді, ала-құла бірдеңелер.
Көшеде кездесіп қалса бұртиып өкпелеп, жер-жебіріңе жетіп ұрсып, мазаңды алады.
- Бір үйде бір өзім. Өліп қалсам қайтесіңдер? Сасып кетсем қайтесіңдер?
Сәкең бастырмалатады.
Біз желкемізді қасимыз.
Бірде Сырбай Мәуленовтің үйінде әңгімелесіп отырдық. Телефон шар ете түсті. Гүлжамал жеңгей Сырағаңды телефонға шақырды.
- Әй, құнсыз, қалайсың? Тірімісің? – дейді гүрілдеп, – Арам өліп қалып
жатқан жоқсың ба?
Әрине, телефон трубкасындағы жауап естілмейді, бізге. Ол да есесін жібермейтін болса керек. Оны Сырағаң жауабынан аңғарарлық.
- Сенің Садықбек ағаң ғой – дейді Сырағаң қайтып келіп, орнына жайғаса
беріп.
- Апыр-ай, ауыр айттыңыз-ау – деймін.
- Е, ол да мені оңдырады дейсің бе? Бәрімізді елге масқаралап болды ағаң.
Сырағаң оқ тиген кеміс қолымен жағын сипап-сипап қойды. Сөйтті де Садықбек Адамбековтің өзі жайында мазақтап шығарған өлеңдерін оқи жөнелді.
Риясыз күледі.
Ол өлеңдер дәлме-дәл есімде сақталмапты. Алайда, ұзын нобайы былай келетін.
Бір жылы Сырағаң Оңтүстікті сапарлайды. Ел аралап, “Сарыағаш” шипажайында ем-дом алып, есін жияды.
Сүйікті ақынға Оңтүстік азаматтары машина мінгізеді.
Алматыға көңілді оралған Сырбай аға Садықбек досын іздейді. Тауып алып сөзбен қажайды.
- Сенің ауылыңда болдым. Сенің атыңды айтсам, жан баласы білмейді. Ауылыңа бір түйір қадірің жоқ екен. Ал, мені сыйлап, машина мінгізді.
Мұндайда Садықбек аға қарап қалған ба?
Көтенінен теуіп, бір түнде
Өзінің Торғай даласы.
Біздің Сырбайжан бұл күнде,
Оңтүстіктің асыранды баласы!...
деп өлеңдете жөнеледі.
Бозбала шақтан қажасып бірге келе жатқан екі достың әзіл, қалжыңының беталысы осындай. Екеуі қимас дос еді. Сырағаң қайтыс болғанда еңкілдеп жылағанын көзіміз көрді.
Сен кетіп барасың,
Соңыңды қара орманға көшіріп,
Мен кетіп барамын,
Өзім жаққан отты өзім өшіріп, – дегендей (жатқа келтірілген өлеңде дәлсіздік болса ғафу өтінемін) кісінің құйқа тамыры шымырлайтын шумақты айтқан да Садықбек!
Сәкеңнің ендігі бір қимас досы – Жұбан Молдағалиев. Жұбағаң жайында Сәкең шығарған шымшыма шумақтар сүйектен өтерлік. Алпыс жылдығына орден берілмей, мақтау грамотасымен марапатталғанына көңілі толмай қоңылтақсыған Садықбек:
Сафуанға орден тапсырып,
Маған мақтау қағаз жапсырып,
Жалғыз адал досым деп,
Құшақтайсың қапсырып.
Бұрынғы өткен заманда
«Сырбай- лапша» аманда,
Айлы жаздың кешінде
Алабұтаның ішінде
“Шпанаға” талатпай,
Бұралқы итке жалатпай
Шыбыныңды қағып отырған досыңа
Көрсеткенің осы ма – ай? –
деп те шымшыма өлең шығарған.
Сөйткен Жұбан аға Желтоқсан оқиғасында қаһармандық көрсетті. Қоғамға назырқанды. Наразылық соңы бүйрек ауруының асқынуына әкеліп соқты да, қапашылықпен көз жұмды. Сонда Садықбек табан астында тауып айтқан “Жұбан – Жұбан болып туып, Махамбет болып өлді” – деген сөз бір демде қазақ жұртына кең тарап кеткен еді.
Садықбек ағаның драматургияда комедия жанрында, сатирада роман-сатирадан тартып әзіл әңгіме, фельетондарды аса көркем де, уытты жазғаны баршаға мәлім. Сонымен қатар, алдындағы Ғабит Мүсірепов сынды ағаларына, Қалтай Мұхамеджанов секілді қанаттас құрбы-құрдастарына арнап тотияйындай ащы, мейлінше тапқыр өлеңдерді табан астында суырып салып, айтып жіберіп қарап тұрар еді.
Өзі айтар еді: “Отауыз”, “Шоқауыз”, “Боқауыз” аталатын үш циклды үш дәптерге түздім” – деп. Өмірінің ақабалы сәтінде өзі туып өскен Арыс қаласына қоныс аударғаны белгілі. Арыстың сол кездегі әкімі Құртаев Әлімжан кейін жазушы музейі болар деген оймен сәулеті келіскен бір үй бөліп те берген. Кінә кімнен? Сатылып кетті әйтеуір. Сондай-ақ, әлгіндей шата сөздері мен шатақ өлеңдерін, шымыр шумақтарын сол кезгі әкім орынбасары Тазагүл Байлароваға “жазып ала бер” – деп өтініш айтқан едім. (Ол кезде мен облыс әкімі аппаратында қызмет істеймін.) Бірсыпыра материал жинақталса керек. Біразын мен де қойын кітапшама түсіріп отырдым. Амандық болса, алда ыждағаттармыз деген ойдамын.
Жоғарыда Сырбай, Жұбан, Қалтайға арнаған қалжың өлеңдерін алға тарттық. Олар қазақ әдебиетінің классиктері. Садықбек аға да өз жанрында өміршең туындылар қалдырған классиктер санатында. Қазақ қаламгерлері өмірде қалжыңдаса жүріп, қатар жасаған, өнерде қатар тұра қалып жыр қашаған қанаттас, қадірлес жандар!
Жасында балалар үйінде өсіпті. Фельетонына кейіпкер етіп, әкесін алса керек. Кім білсін?
Жас шағында “Оңтүстік Қазақстан” газетінде жорналист болып, қалам ісіне баулынды. Аталмыш газеттің көне тігінділерін ақтара парақтаған жан Сәкеңнің көптеген өлеңдеріне тап болады. Сәкең жасында жалындаған комсомол ақыны болған. Ақын жазған мәтіндерге Сыдық Мұхамеджанов сынды аты, заты бар сазгерлер ән шығарып, ол жұртқа кең тараған кезінде. Кейін Алматыға ауысты. “Ара”, “Крокодил” жорналында, “Қазақ әдебиеті” газетінде қызмет атқарды. Кейін келе шығармашылық жұмыспен бірыңғай айналысты.
Сәкең сатиралық дүниелермен қатар тілі шұрайлы, оралымды очерктерді де көп жазған, көп жариялатқан қаламгер. Өзі тұрған пәтердің балконында бір қоңыр кітап шкафы тұратын, онда – кітаптар. Газеттер бір бұрышта үйіліп жатар еді. Бір барғанда “Кітаптарыма негізінен көркем дүниелерім кіреді, ал фельетон, көркем очерктер міне жатыр” – деп әлгі газет, жорналдарды нұқыды.
Әрине, кітаптарға енген дүниелер сақталар. Тасқа басылған дүниелер табылар. Табылар да жанашырлар қамқорлығымен қайта басылар. Ал, әлгі газет, жорналдарда басылған дүниелер Сәкең кейін елге қоныс аударып, үйі жөндеуге түскенде жоғалып кетіпті. Ешкім білмейді. Өкініші сол. Кім ыждағаттап жиып, кім ол очерк, фельетондарды кітапқа топтастырып, жарыққа шығара қояр?! Әй, қайдам? Соры қайнаған Садықбек ағам-ай?!
Ғылымға айналдырсақ деген оймен Садықбек Адамбековтың әдеби мұрасын кандидаттық диссертацияға тақырып ретінде Тұрсынай есімді қыз балаға ұсынғам. Сәкең марқұмның фотосуреттері, кейбір құжаттарын осы ізденуші қыз бала жинақтап қолына ұстап отыр. Оған да шүкіршілік!
Садықбек Адамбеков өмірінің ақырғы жылдарында Оңтүстікке қоныс аударды. Арыс қаласында тұрды. Қала әкімшілігі, немере інісі, ағайын-туыс дегендей қолдарынан келгенінше қаламгерді ардақтап бақты. Денсаулығының әлсіздігіне қарамастан шығармашылық іспен айналысып жатты. Бір роман дилогия жазды. Сүйегі – Желтоқсан оқиғасы. Жарияланған үзіндісіне қарағанда соншалықты қызықты дүние еді деп айтуға келмейді.
Садықбек Адамбеков өмірін жетім балалар үйінен бастап, “салт басты сабау қамшылы” ғұмыр кешкен, аяғын жалғыз басты жетім халде түйіндеген трагедиялық тұлға. Бәлкім өзінің өмірге жалғыз келіп, жалғыз кетіп барамын – дейтіні сондықтан шығар.
Өмірде жалғызбасты ғұмыр кешкен пенделер көбіне дінге беріліп, тақуа тіршілік жолына түседі. Түрік тақуасы Федулах Гулен өмірін мысалға жүгіндіруге болады. Ал, біздің Садықбек Адамбеков ағамыз тақуалық қайда, өткір сатиралық дүниелер жазумен бірге өзі де сатиралық шығарма кейіпкерінше өмір сүрді. Бәлкім, өзі өмір бойы бүге-шігесіне дейін үңіліп, еркін игерген жанрдың шарапаты шығар. Мұны жанрға басыбайлы беріліп кеткен жанның кейіпкержандылануы десек жарасар. Өмір бойы аярлықпен алысып “Өлі жандар” секілді дилогия жазып, ақырында тіршіліктен баз кешіп, адам ретінде ауытқып, ғажайып классикалық дүниенің екінші кітабын өртеп тынатын Н.В.Гогольдің тағдырына жақын күй кешті Сәкең.
Өзінің 510 беттік “Желтоқсандағы қара түн” романын 95 беттің шамасына түсіріп, қырқып тастады. “Желтоқсандағы айлы түн” аталатын осындай көлемде жазылған романын отқа жағып жіберді.
Пәнәйі себеппен көшірме даналарынан әлдекімнің қолында бірдеңелер сақталып қалған болса көреміз. Әйтпесе, қазақ елін тәуелсіздікке жетелеген желтоқсан (1986) оқиғасына арнаған дилогия Н.В.Гогольдің “Өлі жандарының” кебін киді деуіміз керек. Өкінішті.
Демек, трагедия оның жеке өмірінде ғана емес, шығармашылығында да.
Өзінің жетпіс жылдығына орай шығармаларын екі, немесе үш кітапқа жинақтамақ еді. Сәті түспеді. Қатарларына бұйырған шығармалар жинағы Сәкеңе бұйырмады. “Жазушы” баспасын басқарып отырған бір інісіне (Дулат Исабековке) құлаққағыс жасаған екен. “Сіз түгілі өзімнің екі томдығымды жарыққа шығаратын қағаз таба алмай отырмын” – деген жауап алыпты. Құлағын басып алды да, ешқайда шағымданбай тыныш жүрді.
1999 жылдан мен де Оңтүстікке біржолата қоныс аудардым. Облыс әкімшілігінде басшылық қызмет атқарған жылдары Садықбек ағаны мәжілістерге шақырып тұрдық. Барып халін біліп жүрдік. Әсіресе әдебиетке жақындау облыс басшысы Сапарбаев Бердібек Сәкең қадір-қасиетіне жетіп, ұдайы сұрағыштап, сыртынан тапсырма беріп, қамқорлық жасаумен болды.
Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен 2002 жылы жазушылардың кезекті съезі болды. Насыр Фазылов бастаған Өзбекстандық қонақтарды, Садықбек Адамбековті съезге алып барып қайту маған жүктелді. Ақсақалдарға шәй жасап, дастархан жаю үшін жарым – Баянды сапарға бірге ала жүрдім. Диктофонды дайындап үстел үстіне қойдым. Осы сапар Алматыға барғаннан Шымкентке қайта келгенше дегендей Сәкеңді диктофонға сөйлетіп алдым. (Таспа менің архивімде сақтаулы.)
Алматыға келіп жеткен соң қарт кісі, қонақ үйде жағдайы бола қоймас деп, үйде күтуді ойладым. Ақсақал қарсы болды.
- Мені енді қанша жүреді деп отырсың. Қаламдастардың арасында
болайын. Қолым қалт етсе “Кеңсайға” барып, пайғамбар ағаларым, құрдас-құрбы жігіттер рухымен сырласып, қоштасайын. Енді мен Алматыға келмеспін. Рұқсат ет!
Сақалы шошайған бір шөкім шал соншалықты жайбарақат сөйлеп тұр. Алайда көзінде мұң.
Жүрегім дір ете түсті.
Зират аралатып қайтуды ойладым. Тәуекелім бармады. Өзі де жалғыз барғанды хош көрді.
Кешке шаршап-шалдығып келіп тұр. Әбден болдырған. Көңілінде бір ғана “ойға алғанымды орындадым-ау” деген медеу-ой!
Қайтып келеміз.
Түн.
Әлдене тықыр-тықыр етеді.
Ет желінген, шәй ішілген. Енді не тықыр?
Көмек керек болып қалар ма деген оймен жоғары сыпадан төменге түстім. Сөйтсем, Сәкең стол үстіндегі арақты уысына құйып алып, денесін сылап отыр.
Іргелес жатқан қалжыңға жүйрік Насыр аға (Фазылов):
- Ағаңның мас емес жері қалмады... – дейді. «Шүкісіне» дейін мас…
- Е, кішбұрыштар, сендер мұны ішесіңдер. Ал, мен к... ді жуамын, – дейді
Сәкең жайбарақат.
– Ойбай, ағаң боғауыз сөз айтты. «Анау» жаман сөз, – дейді Насыр аға!
– Қандай сөз?-деймін жорта.
– Айтуға болмайды.
Аузым бармайды – дейді Насыр аға.
Міне, Алматыдан осылай әзіл-қалжыңмен қайта оралған едік Оңтүстікке.
Ұзамай Сәкең көз жұмды. Көз жұмарында “Адамбек тоғайына жерлеңдер” – деп аманат айтыпты. Ол жеңіл көлік жүре алмайтын, жүк машинасы зорға жететін бір қиян. Шет жер. Сырдария жағасы, қалың тойғай арасы.
Ағайын-туғандарымен ақылдаса отырып, Сәкең тәнін Түркістанға аталмыш зиратқа жерлемек болдық.
Дулат аға Исабеков:
-Немене Арыс Түркістаннан кем бе?
Өлсем мені де Түркістанға сүйремекпісің? – деп маған біраз тіктенді.
-Түркістанда боздақ Бекзат Саттарханов жерленген. Қаланың әкімі Өмірзақ Әметұлы екеуміз кеңесіп “Мұстафа Шоқайдың сүйегін Алманиядан алдырып, осында қойсақ, сөйтіп “Зиялылар зиратын” жасасақ” деген ойымыз бар. Сәкең сүйегін сонда қойсақ – деген ой еді біздікі.
Дүкең саябырсыды.
Қазақ сатирасының классигі Садықбек Адамбеков Түркістанда зиялылар мазаратында ескерткішке айналып, тас-тұғыр үстінде тұр. Ол айтқанда тауып айтатын, күлдіріп айтатын, күйдіріп айтатын, әдеби ортаның өзін ықтырып жүретін шоқауыз қаламгер болатын.
-“Өз шырағымды өзім өшірдім-ау” – деген бірде өкінішпен Сәкең. Кім білсін? Өмір шырағы өшсе-өшкен шығар, ал өнер шырағы өшпек емес... Талай жүректерді нұрландырып жасай береді. Айтқаны алмас қылыштай қиып түсер отауыз ақын үнемі біздің есімізде!