…Сұңғат таңалакеуімде пойыздан түсіп, қайда аяқ басарын білмей дағдарып тұр еді, күздің қара...
Құлпытас немесе өзіне-өзі ескерткіш қойған ақын
Абайға наз айтып кеткен бір ақын болса, ол – Жарасқан. Абайдай ақыны бар ел, ескерткішінің алдында итпен қыдырған астана болса, ол – Алматы. Бұны да айта-айта тіліміз жауыр болды. Абырой болғанда, астана кейінгі тарихтың шежіресінде басқа жаққа қоныс аударды. Өлеңге өнеге, әдебиетке абырой болса, енді қара сөздің қадірін басқаша ойлау керек шығар.
Жарасқанды бір білсе, білетін менмін. Әрі іні, әрі дос, әрі жанашыр, айналып келгенде, әдебиет деген әлем басымызды бір кемеде тоғыстырды. Ол 50-ден сырғып өтті де, айтарын төртінші мүшелде асығыс айтып кетті. Төртінші мүшелден әрі тоқтамады. Бұл күнде үш өлеңін жұрт жатқа айтып жүр. Жастар да, жасамыстар да, кәрілер де, әр нәрсенің тұрағы – үшем екендігіне таңғалғандай. Өмірде үшем деген өлшем бар. Адам да, табиғат та айналасына қарайды. Өмір мен өнердің үшемі бар. Жарасқан да өнердегі өз үшемін тауып, ешкімге салмағын салмай, өмірге еркін келіп, еркін кеткен азамат.
Ол жиырма үш жасында «Ақ бұлақтарды» жазды. Әуелі өлеңін оқиықшы.
Ақ бұлақтар!
Алқынған ақ бұлақтар!
Қазір – Көктем,
Алдың – Жаз,
шапқылап қал!
Тұнығыңды асыға тұр күтіп бақ,
көкірегін бір сезім – гүл қытықтап;
қылығыңды сағынып ақын біткен,
саған деген бір табан жақындықпен,
күміс сыңғыр күлкіңді жырға қосып,
жүр сонау бір құлпырған қырда тосып!
Жатыр аңсап – ортайған көлдер сені,
жатыр аңсап – қартайған шөлдер сені,
жатыр аңсап – жауқазын жаңа шыққан –
Қызылқұмда орнаған қалашықтар.
Қиялдағы қария келбетімен –
мың сан арна жоғалған жер бетінен
жатыр аңсап…
Алқынған Ақ бұлақтар!
Қазір – Көктем,
Алдың – Жаз,
шапқылап қал!
Бұны Жарасқан жазған. Бойында өлеңге деген Құдай берген таза таланты, қара сөзге деген ақ пейілі бар адам жазған. Ол ешкімді алдай алмайды, ол – өлең сөздің алдында пәк боп туған бір пенде.
Екінші өлеңі – «Қосу менен көбейтуден тұратын, Ақ махаббат – менің асыл мұратым» деп эпиграф қойған, ел-жұрттың есінен кетпейтін өлеңі – «Менің арифметикам».
О, махаббат,
сегіз әріп,
бір арман!
О, бір арман,
Қырық қыздан құралған!
Мұңды жырсың –
тебіренсем,
толғасам,
бір қыз болып жолығасың сен қашан?
Ол – өзінің жол серігін тапқан бақытты жан. Ол – өмірдегі, әдебиеттегі ақ кемесімен қол ұстасып, өзі тұңғиыққа аттанарда бар музасын «сегіз әріп, бір арманына» сеніп қалдырып кетті. Сөйтіп, өзі рақат әлемге батып бара жатты. Оған әдебиет әлеміндегі сапарластары куә. Ең бастысы, әдебиет пен қалам куә.
Үшіншісі – өлеңнің символы боп қалған, «Мұқағали Мақатаевқа» деп эпиграф қойған «Ақын кетіп барады» деген атақты өлеңі.
Ақын кетіп барады көшеменен,
екпінінен бір дауыл еседі ерен…
Жанарында найзағай семсер сілтеп,
Кеудесінде қара бұлт көшеді өлең! – деп, поэзия кемесіне Мұқағали екеуі ағалы-інілі боп қол ұстасып, бірге сүңгіп бара жатқандай күй кешеді. Өлең арпалысқа толы. Азабы да аз емес.
Қазақ тілін білмейтін қазақтарды
Көріп, бәлкім, ол іштей азаптанды?!
Ал мәңгүрттер деп осы ойың қалай –
Мықтылығын қойды ма мойындамай.
Оның философиясы айқын. Жарасқандық философия.
Аға түгіл тыңдамай бала да ақыл,
Орнағандай басына заман ақыр…
Қайран ақын безініп бүгінінен –
Болашаққа адымдап бара жатыр…
Олар, Мұқағали екеуі, құшақтасып, қол ұстасып, болашаққа бет алып бара жатқанын ел-жұрттың бәрі біледі. Ағалы-інілі екеу – бір-біріне сенімді. Бірі Алатаудың ақиығы болса, бірі – Аралдың арманшыл баласы. Екеуін өмір үшін әдебиет жұптастырып жаратқандай.
Жарасқан ақырғы өлеңін жазып кетті. Эпиграфын былайша қойды:
Кей-кейде ешкімде жоқ қуат-дарын,
Оңаша ой сапырам,
Күй ақтарып!..
Еріксіз салады еске ертеңімді,
Әр өлең – ақырғы өлең сияқтанып…
Ақырғы өлеңін жазып кеткендер сирек. Жарасқан бұны айтты да, жазды да. Ол бәрін білді. Өлеңде де, өмірде де не істеу керектігін көзімен көріп, көңілімен сезіп, саналы түрде қоштасқандай болды.
Ақырғы өлең,
ең ақырғы
ақырғы өлең,
сұсты еді,
суық еді атың неден!
Сонда да қорықпастан,
торықпастан
жыл санап мен өзіңе жақын келем!
Жарасқан бәрімен бас изесіп қоштасып бара жатты. Әсіресе, өзінің өмірлік тағдыры – өлеңмен. «Ақырғы өлеңін» жазуы – адамзатпен қоштасуы, әдебиет әлемін қимай қоштасуы кім-кімді де таңғалдырды. «Жүрерсің Жазушылар Одағында, қадірін қаламдастың сез дегендей» деп, өлеңнің «Соғыстан соң туғандар» деген кітаптың ең соңына еніп, соғыстан соң туған бүкіл бір ұрпақтың атынан «Ақырғы өлең» боп айтылуы Жарасқан поэзиясына жарасып-ақ тұр.
Жарасқан қайсыбір жылы депутаттыққа кандидат боп ұсынылды. Ақын Жарасқан пәни мен бақиға қалай керек болса, жаңа құрылған жас ұжым – Қазақстан Республикасының Аграрлық партиясына да солай керек болды. Мен сенімді өкіл болдым. Ол сонда халық қалаулысы болып, ел мақтанына айналсам деп көңілі алабұртқан жоқ, өзінше өлең деңгейін байқағысы келді, сол арқылы әдебиет әлеміне барлау жасамақшы болды. Ақын тізім бойынша үшінші боп депутаттыққа кандидат ретінде тіркелді. Қызылорда, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында кездесулер болды. Осы кездесулердің қай-қайсысында да ол өзі туралы айтып, марапатқа бөленген жоқ, халықтың сұрауымен ескі де жаңа өлеңдерін жатқа оқыды. Қызылордада болған кездесуде жастар: «О, махаббат, сегіз әріп бір арман», «Шторм», «Ақ бұлақтар» секілді өлеңдеріңізді өз аузыңыздан естісек» деп, қолқа салды. Кездесудегілер: «Біз сіздің партияға бір кісідей дауыс береміз» деп, ағынан жарыла ақтарылды. Жарасқан саспады. Бәріне байыппен жауап берді.
– Поляктың Адам Мицкеевич деген ақыны көсемсөз жазуды қырық жасында бастаған екен, мен елуімде партияға кірдім. Мен елім мен жерімнің аманатын орындап жүрмін. Ар жағымда өлең тұр ғой, – деген еді.
Қызылорданың Шиелі ауданында өлең оқып, қолтаңба беріп, әбден шаршаған ол: «Жұрт мені қалада, «Дала, сенің ұлыңмын» деп, тек өлең жазады деп ойлайтын болуы керек, даланың алдындағы парызым біртіндеп өтеліп келе жатқандай» деп, сирек тістерін көрсетіп, риясыз күлімсіреді.
Оқу орындарында, астық қоймалары мен наубайханаларда, тіпті вокзалда пойыз келе жатқанда қолтаңба беріп тұрды. Сондай кездері ұзақ бөгелетін. «Игі тілекпен» деп сүйкей салу қолтаңба емес қой» деп, эпистолярлық жанрға өте жауапкершілікпен қарайтын. Ол депутат болған жоқ, бірақ әдебиеттің алдында адал болды. Қазір Парламент орындығында ел мен жер тағдырын талқыға салар кім бар екен осы?
Қазақстан Республикасының Аграрлық партиясы ауылдың өзекті мәселелері жайлы жазылған әдеби һәм көсемсөз шығармаларға Әбдіраштың Жарасқаны атындағы сыйлық тағайындады. Бұл – «Ауыл – қаланың анасы, Анасын ұмытпайды баласы!» деген партия ұрансөзінің арамызда жоқ авторына құрмет, аруаққа тағзым. Қайда болса да «Ақ бұлақтар» көп оқылып, Мұқағали туралы көп айтылды. Ол белсене бел буса мерейі үстем боп, ақын мен ауылдың арасы қабысып кетер ме еді. Ақын олай етпеді. Өзінің ел алдындағы, өлең алдындағы өмірін басқаша шешті.
Жәкең қара жер қойнына аттанар күні «Жас Алашта» «Асықтың ба, Ақбұлақ?!» деп соңғы сөзімді айттым, қырық күндігі қарсаңында «Би-Би-Си» радиостанциясынан қазақ өлеңіндегі ойсыраған орнын көрсетіп, пікірімді білдірдім. Жетпісіндегі сөз де жарым көңілге демеу болсын деген інілік ізгі ниет.
Жақсының артында сөз қалады. Ол – бір айтары бар сыншы еді. Айтқыштығы өз алдына. Арық денесіне білгіштігі сай, әдебиет теориясын бүге-шігесіне дейін тәптіштеп оқитындығы көрініп тұратын. Сөзі мен ісі жұртты жалт қаратып, көп жасамаса да адамдарға деген адалдығы көңілдердің түбінде қол бұлғап қалып қойды. «Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады» деген әйгілі сөзі бұл күнде аңызға айналды. Жарасқан қысқа сөйлейтін, айтса кесіп айтатын, сөз шығындамайтын, сөз қадірін білетін. Жеңгеміз ер-азаматтың келбетін қашан да алға шығарып, ақынды қадірлейтін.
Екінші көрініс – ауруханаға бас дәрігер кіріп, қоғамдық ұйымнан өкіл келетіндігін айтып, шашын тарап, қошемет көрсетіп жатқанда: «Иманғали келгенде тәуір боп кетіп, ұят боп қалмаса» деуі, өмірден күдерін үзген пәк адамның, нағыз ақынның қалам мен мұраны кейінгілерге амалсыз қиып кетіп бара жатқанын көрсеткендей.
Үшіншісі – үйінен ауруханаға алып бара жатқанда «Қош, шаңырағым!» деген соңғы сөзі. Ол қайтып келмейтінін білді. Өмірмен де, әдебиетпен де қош айтысып, қол бұлғап, үнсіз қоштасты. Оның бойында өзіне тән өршіл рух бар еді. Ол өлгенше сол қасиетін сақтап кетті.
Ең соңғы «Құлпытас» кітабына алғы сөз жазған Темірхан Медетбек асқақ рухты ақынның бет-бейнесін былайша бейнелейді: «Жарасқан поэзиядағы нағыз хас шебер еді. Оның өлеңдерінен селкеу тұрған бір сөйлемді, бос тұрған бір сөзді таба алмайсыз. Әрине, мен бұл жерде оның жырларының архитектоникасын ғана айтып отырмын. Яғни ақынның Сөз деген ұлы құдіреттің орасан қарсылығын жеңе білгенін еске сап тұрмын. Ал Сөздің қарсылығын жеңу, тіпті талантты деген көп-көп ақындардың да пешенесіне жазыла бермеген. Бұл ретте Жарасқан бірегейлердің санатында».
Жарасқан – өзіне-өзі құлпытас қойып кеткен ақын. Оны Темірхан Медетбек сөзімен айтсақ, былайша өрнектелер еді: «Бұл кітап – сонау ауытқып тұрған алмағайып заманда адамның ар-ұяты мен иманы таразы басына түсер кезде елінің еркіндігі үшін жанталасып, жерінің азаттығы үшін арпалысып өткен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, М.Жұмабаев, т.б. арыстарға қойылған құлпытас. Сонымен бірге бұл кітап – Жарасқанның өзіне-өзі қойып кеткен құлпытасы».
Дамыған елдің Қазақстан Даму институты шығарған «Қазақ әдебиеті» Энциклопедиясы бар. Бұған қазақ әдебиеттану ғылымының жалпы түркітану саласында алатын орнын анықтайтын ұғымдар мен терминдер және қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан елеулі өмірбаяндық мақалалар енді. Әдебиетшілерге, аспиранттар мен студенттерге, орта мектеп мұғалімдеріне, жалпы қазаққа арналған көгілдір кітапқа зер салайықшы. Кезек Жарасқан Әбдірашқа келіпті. Оқиық: «Алғашқы жинағы – «Тұңғыш кітап» 1969 жылы жарық көрді. Кейін заман, қоғам мәселелері, замандастарымыздың жан дүниесіндегі жарқын қасиеттері, адамгершілік, ұрпақ борышы айшықты шешімін тапқан «Ақ қайран» (1970), «Найзағайлы жаз» (1971), «Саясат» (1972), ұлттық ой-сана тұрғысындағы тосын да дүбірлі тұжырым-толғамдар айқара ашылған «Дала, сенің ұлыңмын» (1975), «Соғыстан соң туғандар» (1977-1993), «Перзент парызы» (1980), «Сана соқпағы» (1988), т.б. өлеңдер мен поэмалар жинақтары, тапқыр ойға, әдемі әзілге, өткір юморға толы «Әзілің жарасса» (1989) кітабы, қазақ балалар әдебиеті мен поэмасының жекелеген мәселелері сөз болған «Парасат пен парыз» (1973) әдеби-зерттеу еңбегі басылды. Жарасқан Әбдірашев Р.Тагордың, П.Элюардың, Я.Купаланың, К.И.Чайковскийдің, А.Л.Бартоның, т.б.-лардың жекелеген туындыларын қазақ тіліне аударған. Оның көптеген шығармалары неміс, венгр, орыс, украин, өзбек, тәжік, әзірбайжан, түркімен, қырғыз, сақа тілдеріне аударылған». Ол – өз ерекшелігін тапқан бірегей тұлға. Азғантай ғұмырында бұл туралы аз айтылған жоқ. Біз де білгенімізді айттық. Әдебиет деген ақ кеменің үстінде өлеңге қосқан жетістігін жіпке тіздік.
Осы жұрт Жарасқанды неге жақсы көреді?
Көзімнің жеткені – ол адал еді, біреуге болса екен деп іші елжіреп тұратын; екіншіден – адамгершілігіне шаң жуыта алмайсыз, үлкенге – іні, кішіге – аға бола білді; ақындығын әбден мойындатқан, талайды тәрбиелеген біртуар талант; ол – сыншы, өзінің әдебиеттегі сыни көзқарасын толық дәлелдеп көрсете білді. Халық оны ақын ретінде бағалап, Есенин секілді ерте мойындады. Халық қалаулысы болсам деп қамданбады, өзінің уақытын босқа сарп етпеуді ойлады. Елмен еркін байланысқа шығып, өлеңге өр талап қоятын, сол арқылы әдебиетке барлау жасамақшы болды, әдебиеттің ар жағында таза әлем сығалап тұрғанын сезінді. Ақырында, бәрін де аз ғұмырында артына қалдырып кетті.
Жарасқанның қасында көп жүрдім, аға тұттым, талантына табындым. Бір білгенім – ол өмірде өлең деген ұстанымға ғана бас иген азамат еді. Басқаларды да білеміз, әркімнің ұстанымы әртүрлі. Ол кеңестік дәуірде де, аумалы-төкпелі заманда да өзіне Құдай дарытқан тума талантымен алған жолынан қайтпады. Бойына біткен өршіл рух – өлеңге адал болды. Дүңкиген дүңгіршектердің қызығы мен шыжығын да көрді. Бірақ өлеңнің алдындағы парызына бас иіп кетті.
Көп нәрсеге мойынсұнбады. Өлең оның өмірдегі бақыты болды. Фольклорды да көп білетін. Бұдабай ақынның: «Бай жақсы батырдан да, биліктен де, Әр істі ақша бұзар киліккенде» деген өлеңін көңілі тоғайған сәттерде сүйсініп оқитын. Сол өзі ақша ауысып жатқан шақ еді. Аумалы-төкпелі кезеңде қолды бір сермеп, өмірден өтіп кетті.
Мәңгілік үш өлең, үш болмыс, артында қалған азаматтық үш бейне – Жарасқан есімін осылайша жарқыратып ұстап қалды. «Бәрі өзгергенмен, ештеңе бүлінбейтіндігі» (Овидий) белгілі. Бұны біздің эрамызға дейінгі алтын ғасырдың ақыны Овидий «Метамарфоза» мен «Махаббат элегияларында» айтып кетіпті.
Біздің Жарасқан қай ғасырдың ақынына жатады екен?!
Соғыстан соң туған ұрпақтың бір өкілі қасқайып қарап тұр. Ол – Жарасқан Әбдіраштың болмысы. Ол – өлеңнің өзі. Ол – өзіне-өзі құлпытас қойып кеткен тұлға. Оған өлеңі куә.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ