Құт қойдың құлағында (ғибратты әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
8108

Ерте заманда Сырлыбек дейтін кісінің ауылына кешқұрым қонақ келіп түседі. Ол ит-құстың тілін біледі екен. Дастархан басында отырғанда сырттан ұлыған қасқырдың даусын естиді. Оған ит үріп жауап беріпті. Қасқыр:

– Әй, ит екеш, інім. Әлімсақтан екеуміз туыс едік. Алла менің жеті несібемді желден, бір несібемді үйден жаратқанын білесің. Бүгін көзім осы ауылға түсіп тұр. Маған бір қой бер, – дейді. 

Ит:

– Қасеке, менің тоқтығым осы қойлардың амандығы емес пе? Қойды алдырсам, қожайынның алдында ұятты болмаймын ба? – деп көнбейді. Қасқыр:

– Ендеше, қонағыңның атын бер, – дейді қасқыр.

– Қазір босағадан сығалаймын. Қонақ маған сүйек берсе, атты бере алмаймын. Егер сараң болса, ала бер, – дейді. Қонақ мұның бәрін естіп отырады.

Бір уақытта, қонаққа ет тартылды-ау дегенде, ит жайлап келіп, босағаны сығалайды. Ол итті көріп, қолындағы жамбас сүйегін сыртқа лақтырып жібереді. Үй иелері түсінбейді. Кәде етіп, сыйлап берген асымызды далаға тепкені несі деп іштей ренжиді.
Тамақ желініп болған соң, бәрі ұйқыға кетеді. Таңертең қонақ абыр-сабыр айқайдан оянып кетеді. Түнде қасқыр шауып, қорадағы қойларды айдап кетіпті. Үй иесі қонаққа:

– «Қонақ жақсы болса, қой егіз табады, жаман болса, қораға қасқыр шабады» деген. Пиғылың лас адам екенсің, – деп ренжиді. Қонақ сыртқа шықса, батысқа қарай кеткен екі ізді, шығысқа жүрген төрт ізді байқайды. Қожайынға:

– Қам жеме, қойың аман. Шығыста жайылып жүр. Ал, итің қасқырмен жан алысып, жан берісіп жатыр. Батысқа кеткен із соны меңзейді. Итіңнің артынан барма. Ол ием келді деп саған алаңдап, қасқырға алдыруы мүмкін. Қасқырдың артынан барсаң, ол қорыққаннан артына қарайды. Итің бас салып талайды, – дейді. Сырлыбек қонақты ертіп, қасқырдың ізімен барады. 

Айтқандай, иті мен қасқыр бір-бірін ала алмай, көзбен арбасып тұр екен. Қасқыр арт жағынан келе жатқан адамды иісінен танып, жалт қарағанда ит тамағынан шап береді. Қасқыр мерт болады.

Сырлыбек қонағын ертіп шығысқа барса, сайдың ішінде қойлары жайылып жүреді. Буаз қойы егіз қоздап, қозыларын емізіп тұр екен. Сырлыбек қуанып:

– Аңдамай, ашумен айтқан сөзімді кешіріңіз. Жақсы қонақ келсе қой егіз табады екен. Сіз тегін адам емес екенсіз. Көңілімді қалдырмай, тағы бір күн қонақ болыңыз, – деп үйіне түсіреді.

Қонақ тағы бір күн қонақтайды. Ертесіне үй иесі одан:

– Не бұйымтайыңыз бар? – деп сұрайды.

– Итке қатты қызығушы едім. Көңілім бөрібасарыңызға ауып тұр. Қарғысын берсеңіз, жетектеп кетер едім, – дейді. Сырлыбек:

– Итіңіз не, марқа қой берейін, жылқы жетектетейін, – дейді.

– Жоқ, ниетіңізге рахмет. Итіңізді бұйымтай еттім, – деп, итін жетектейді. Ит кетіп бара жатып, киіз үйдің іргесінде жатқан шиге дәрет сындырады. Қонақ:

– Қожайын, мен ойландым. Иттен гөрі мына жаман шиді алсам, қалай қарайсыз. Кемпірім: «Ши әкеп бер», – деп қақсай беруші еді. Соның тілегін орындайын. Итіңізді қоя берейін, – дейді. Сырлыбек түсінбей, келіседі.

Қонақ шиді ала бергенде әлгі қойдан туған егіз қозының бірі шидегі иттің дәретін жалайды. Қонақ қайтадан Сырлыбекке бұрылып:

– Қожайын, шиді басқа жерден табармын. Көңілім жаңа туған қозыңызға түсті. Жас қозының етіне аңсарым ауып жүр еді. «Іздегенге сұраған» деген. Маған қозыны сойып беріңіз, – деп қозыға бата жасайды. Сырлыбек қонағының көңілін қимай, әлгі қозыны бауыздайды. Қонақ:

– Қозының басына ешкімнің қолын тигізбей алдыма тартсаңыз. Құмарым қанып, бір тояйын, – деп өтініш қылады.

Ас піскен кезде Сырлыбек қозының басын тартады. Қозының бір құлағы жоқ екен. Қонақ:

– Қожайын, қозының басына ешкім қолы тимесін деп өтініш етіп едім, құлағы қайда? – деп сұрайды.

– Жолаушы, айып етпеңіз. Жаңа ғана қозының басын қазаннан түсіріп, суытып қойғанбыз. Біздің көзді ала бере, үйдегі жүгірмектің бірі қозының құлағын кесіп алып, жеп қойыпты. Ат-шапан айыбымды өтейін, қаласаңыз, марқа қой сояйын. Тек бізге ренжімеңізші, – деп жалынады. Қонақ мырс етіп күліп:

– Шаңырағыңа тепкілесе де, кетпейтін бақ орнапты, – дейді де, естіп-білген оқиғасын бастан-аяқ айтып береді.

– Сенің ырысың итіңде екенін білгенмін. Алып кетейін дегенімде, итің айла жасап, дәрет сындырып, ырысыңды қалдырып кетті. Дәрет тиген шиді алмақ болғанымда, қозы келіп жалап, құт қозыға қонды. Қозының басын жеп, берекеңді аламын ба дегенімде, оны кенже ұлың жеп, маған бұйырмады. Құдай сүйген қылығың бар екен. Қонақжайлығыңды жоғалтпа, – деп батасын беріп, аттанып кетіпті.

Осыдан бастап ел аузында «ырыстың бірі қойдың құлағында» деген түсінік қалыптасыпты. Қонаққа бас тартқанда оның оң құлағын кесіп алып, үйдің бір мүшесіне береді екен. «Құт-берекеміз өзімізде қалсын» деп ырымдапты.

Жомарт қонақты ит те жақсы көреді екен. «Иесін сыйласаң, итіне сүйек сал» деген мақал осыдан қалған екен деседі.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...