Жүзі жылы, жүрегі сырға толы Естай ағаны тұңғыш рет 1974 жылдың қысында облыстық кітапханада к...
Руханиятқа риясыз қызмет
Жұмыр басты пенде болған соң, қалай болғанда да «жазмыштан озмыштың жоқ екендігі» сәт сайын байқалып келеді. Тіршілікте әр адамның өз соқпақ жолы мен тағдыры бар екен.
Руханият жанашыры, жүрегі елім деп соққан арда азамат Заман Самалбекұлы Төлеуов ағамызбен таныстығымыз көп уақытқа ұласпаса да, ол кісі туралы жақсы естеліктің қалғаны рас. Дүние – жалған демекші, ағамыздың арамыздан озғанына да жыл болып қалды. Өткен жұмада ғана ұрпағы мен Гүлмира жеңгеміз Құран бағыштап, ағамыздың жылдық асын өткізді. Барлық дұға-ниет, амалдар қабыл болсын дейміз!
2017 жылдың желтоқсан айы болатын. Сол кезде елордада «Ауыл» халықтық-демократикалық патриоттық партиясы ұйымдастырған дәстүрлі «Ауылым – алтын бесігім» республикалық әдеби байқауының қорытындысы шығып, Заман ағамыз драматургия жанры бойынша II орынмен марапатталған екен. Сол күні кешкісін біз қызмет ететін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Рух» халықаралық әдеби сыйлығының марапаттау салтанаты өтіп, ағамыз қуанышты жүзбен бұл кештің де қонағы болды. Қатар отырған екенбіз, жөн сұрастық. Жалпы ағаны білу жағдайым осылай басталды. Кейіндеу әлеуметтік желі арқылы ол кісінің жазбаларымен танысып шықтым. Бірде маған шығармашылық жұмыстары мен жоспарында жиған-терген көркем дүниелерін жарыққа шығару мақсаты бар екендігін айтып, қолжазбасымен таныстырды. Сондағы пікіріммен тағы да бөліскім келеді.
***
Жазушылық, көркем ойды кестелеп ақ қағазға түсіру – мехнаты зор ой жұмысы, әрі Тәңір сыйы. Мұнда сіз оқырман жүрегіне жол тауып, адам санасын қозғаған небір зілді ойлар мен сезім пердесіне саяхат жасай аласыз. Адамзат баласына эстетикалық ләззат сыйлап, жігерлендіресіз, рухани күш бересіз... Сондықтан да күллі оқырман қауым қаламгер иесінен тың серпіліс пен пенде болмысын тазалайтын туындылар күтетіні анық.
Әдебиет айдынының саласы аса үлкен. Әңгіме жанры – прозаның шағын түрі болғандықтан, мұнда кейіпкерлердің іс-әрекеті қысқа суреттеліп, уақыт жағынан да аз мерзімді қамтиды. Алайда, бұл оқырманға баяндалып жатқан оқиғаны тез түсініп, ойдың жинақтығы тұсынан көмектесе алады.
Жазушы, әдебиет жанашыры Заман Төлеуов ағамыз біраз жылдардан бері шығармашылық бағытта жұмыс жасап, тәуелсіз ой-пікірлері мен көркем дүниесін халыққа ұсынып келді. Мен танысқан бұл жинақта айтар ойы мен тұспалдап жеткізетін өрнегі бар «JACKPOT», «Өріктер гүлдегенде», «Шұғаның белгісін тыңдағанда...», «Сансыз сауалдар», «Арпалыс», «Зұлмат», «Адасқан шуақ» секілді әңгімелері мен шағын мысалдары жинақталыпты.
«JACKPOT» – атауы айтып тұрғандай, шығарманы ерекше ынтызарлықпен оқи бастайсыз. Мұнда өмірді ұтыс ойынындай қабылдап күн кешкен отбасы тірлігінің арпалыс тағдыры баяндалады. Өмірдің қызылды-жасылды бояуына алданып, «жалғанды жалпағынан басқан» сәтсіз тәуекелдер мұнда да опа бермейді. Әңгіме желісіндегі бас кейіпкерлер Айман ханым мен Еркін мырзаның арасындағы берекесіздік, отбасы мүшелерінің «бар дүниенің бағасын білмей масайрауы», бүгінгі қоғамдағы келеңсіз тұрмыс-тіршіліктің бір көрінісін бергендей... Әрине, бұл жат тақырып емес, адами құндылықтың, ішкі түйсіктің әлсіріп, өзін-өзі басқаруға ерік бермеуі, өкінішке орай қазіргі өміріміздің бір бөлігін дендеп барады. Сондықтан да автор дәл өмір суреттерін көрсете алған.
Өмірдің өзі әңгіме, новелла десек, автордың «Өріктер гүлдегенде» шығармасы – абстрактылы ойларға толы. Мұнда да кейіпкерлердің жан азабынан құтылып, ел қатарлы күн кешу мұраты алда тұрады. Адами тұрғыдан ойлап қарасаңыз, қоғамдағы қара халықтың арманы – ешкімнің қас-қабағына қарамай, біреуге мұқтаж болмай күн кешу. Бұл жерде де пенделік ойлар арқылы оқиға желісі өрбіп, сана тереңіндегі сынақтарға тап болып, содан басыбайлы құтылу азабы суреттеледі. Сондай-ақ, «сананы тұрмыс билейді» қиялы көрініс алған.
Біз қазақ прозасындағы шоқтығы биік шығармалар қатарына талантты жазушы Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повестін жатқызамыз. Бұл шығармамен кез-келген көзі қырақты оқырман таныс шығар. Заман ағамыз да «Шұғаның белгісін тыңдағанда...» атты дүние жазыпты. Оқиға желісі Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повестінің аудио нұсқасын Әдебиет порталында жариялануы арқылы өрбиді. Кейіпкерлер тағдыры мен шығарма мазмұны Б.Майлин повестімен пара-пар. Мұнда да өз теңіне қосылу үшін өмірлік күрес, адамдардың сол дәуір сипатындағы әңгіме, іс-әрекеті кейіпкерлер жан-дүниесі арқылы баяндалған. Автор осы тұрғыда классикалық үлгідегі дүние сарынымен өз ішкі бұлқынысы мен ой әлемін көрсеткісі келген. Әдебиетте «Шұғаның белгісі» арқылы идеялық-мазмұндық әсері бар туындылар жазылып жүр. Егер тереңірек қозғаса, мұның да көркемдік деңгейін күшейтуге болатындай.
Мықты ел болу, саналы ұрпақ тәрбиелеп, қалыпты қоғамда өмір сүру – қазір еліміз үшін маңызды дүниелер. Елдіктің берік қамалын жер, тіл, шекара, дін мәселелері құрай алады десек, бұлардың құндылықтары туралы ұзақ талдап, толғауға да болады. Ал қазір нәзік те өткір дін мәселесі, оның «алмас қылыштай» өзекті сәттері күн сайын айтылып келеді. Бүгінгі тұста дін тармақтары біздің өмірімізге тікелей енді. Айналаңызға қарасаңыз имани ұстанымдардың шынайы жақтарымен адамзат баласа рухани қаруланса, оны желеу етіп отбасы ішінде де іріткі шығуда. Тағы да ішкі әлсіздік, діни сауатсыздықтың күші пенде санасын жаулап алуда... Автордың «Адасқан шуақ» әңгімесі осындай ащы дүниенің бір парасын сипаттайды. Кейіпкер Ырысбай отбасындағы жағдай, жалпы оқиғаның баяндалу тәсілі дәл қазіргі дін тақырыбындағы «тағдыры қыл үстінде, шығар жол іздеп жанын шүберекке түйген, сан сауалдармен шырмалып жүрген» адам кейпін көрсетеді. Бұл күмәнді ой тұрғысындағы «ол сондай екен ғой...» тобындағы кейіпкер бейнесін аша түскен. Сондай-ақ байлық пен бардың буына малданып, алдамшы тірлікте «өзінше биіктік танытқан» персонаж «Сансыз сауалдарда» да Байғұт арқылы сомдалады. Қаламгер әдеттегідей кейіпкерлерді қоғам мен өмір иірімдері арқылы қиюластырған.
Заман аға айтар ойын бүгінгі өмір талабына сәйкес халық мүддесімен ұштастырып келді. Жинаққа енген шағын мысалдарда да астарлы қалжыңдар арқылы ой таразысынан өткізер дүниелерді ұсынған.
***
Жас ерекшелігіне қарамай, Заман ағамыз өте еңбекқор, ардың адамы еді. Әдебиетке деген құштарлығы сондай, проза бөлімі бойынша Алматы әдебиет мектебі мен халықаралық «Формула рассказа» семинарын бітірді. «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінің «шығарушы редактор» қызметін атқарып, жастарға жөн сілтеп отырды. Өмірінің соңына дейін ізденіп, толығумен айналысты.
2020 жылы халықаралық «Алтын қалам» әдеби конкурсына қатысып, «Қарақуыс» романы бойынша Бас жүлде иегері атанды. Қаламгердің бұл кітабы менің де қолыма тиді.
Роман сюжеті фэнтези жанрына негізделген. Осынау дүниенің у-шуынан мезі болған Ғалам кейіпкер жападан-жалғыз, қырық жыл отасқан жарынан қуыстанып, «Қарақуыс» тауына қарай бет алып, сонда мекендеуді жөн көреді. Оқиға желісі елес Ғалам мен әлеуметтік желі арқылы танысқан Қырмызы арасындағы екеуара диалог арқыры қоюлана түскен. Мұндағы әңгіме ар-ұят, азаматтық, сезім құрбандығы төңірегінде өрбіп, дүниенің тылсым сырларын ұғынуға бағытталады. Оқиға барысында өкіну мен сертке беріктік, жалпы адами болмысқа тән құндылықтар жан-жақты талқыға түседі. Роман соңында авторлық баяндауда мынадай монолог бар: «... Әркім өзін табиғатпын деп түйсінгенде ғана таралған тегі мен Жаратушысын танитын болар. Әншейін ғана құрмысқа тірлігіне қарап: олардың тіршілік тынысына таң қалып, о бастағы салтынан айнымаған беріктігі таң қалдырады. Санасы төмен деп соларға мызғымас жад берген қандай күш дерсің? Ал адамзат жадынан айрылуына не себеп? Ол сұраққа жауапты кім береді? Сіздің ойыңызша, менің құлағыма Тәңір сыбырлайтын кез келетіндей. Соны ойласам бойымды қорқыныш билейді! Мына жалған, бұрын: ертегі мен аңызды әспеттесе, енді қиял мен таңқалуға орын қалмайтын ақырзаманға айналып бара жатқандай... Рас, қазіргі жай-күйім кісі қызығарлық емес, орнынан қозғалып кеткен сең тәріздімін. Алдымдағы барша кедергіні жайпап барып, жетер жеріме жеткен соң, бірақ тоқтауым мүмкін. Әлдекім, мені қышқаштай қолымен қысып, жетекке алғандай».
Табиғатынан адам жанына жақын жүріп, руханиятқа риясыз қызмет еткен Заман ағамыздың екінші өмірі басталды. Пейіште нұрыңыз шалқысын, аға! Бақұл болыңыз! Сіздің жарқын бейнеңіз халықтың жүрегінде!
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты
Айнұр НАЙМАНБАЙ