Сәкен Иманасов. ​Тіл

ӘДЕБИЕТ
1770

Мін тағып ес білгелі "достың" көбі,

Барымды басқаша етіп кескіндеді.

Бермесем өзім жайлы өзім айтып,

Білсем деп жүрген де жоқ ешкім мені.


Жатпай ма ел: "түсі игіден түңілме", - деп

Бір жанмын білім де көп, мінім де көп,

Кетер ем баяғыда бақытты боп,

Келеді жібермей-ақ тілім бөгеп.


Туғалы тура сөзден іркілмеген

Дерт болып жабысқалы бұл тіл деген.

Жамандап мені біреу оңған емес,

Ешкімнен болған емес күлкім де кем.


Болған да жеріміз жоқ елден ығыр,

Өтуде ертелі-кеш төрде ғұмыр,

Қызыл тіл ақиқаттың ақ жолынан

Ауытқып,ала қашып көрмеді бір.


Бәрі де еркінде ғой бір алланың,

Мен оны басқа жаққа бұра алмадым.

Сұм десе, сұмырай десе иек қышып,

Тұрады көре сала ұрандағым.


Түгі жоқ демеңіздер қызығарлық,

Жарасып жақсы жердің қызын алдық.

Ермедім ырқына да майда тілдің,

Көрмедім "ой, кәпірдің" ізін аңдып.


Сөзіме құлақ түріп жүрген бала,

Сен неге жалт қарадың күлмең қаға.

Ол рас, сорымды да, бағымды да

Тапсам мен - тауып жүрмін тілден ғана!

author

Сәкен Иманасов

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...