Серік ТОМАНОВ. Ескі альбом. Есті әзіл

ӘДЕБИЕТ
9757

Ақындар туралы әңгіме болса қалса оның шығармашылығына, өлеңдеріне тоқталатынымыз анық. Дегенмен, ақындардың өз ортасында әзілқой, тапқыр, сөзді ұтымды пайдалана білетіндіктері туралы көп айтылады. Сондай ақындардың бірі – Серік Томанов. Сіздердің назарларыңызға 

«Ел көзіне түскен соң ерте гүлдеп,
Мен жайында аңыз көп, ертегі көп» - деп өзі жазғандай, ақынның ұтымды сөз,  ұтқыр әзілдерімен қоса,  ғұмырбаянынан сыр шертетін ескі суреттерін де қоса ұсынып отырмыз...


    Болашақта журналист болсам деп жүрген Жандос Жұмабеков және Құралай Сейсенбекқызы бастаған бір топ студент Серік Томановтың есігін күн ара болмаса да айына бір қағып тұрады. Секең үйінен табылған күні көңілді кеш болады, өлең оқылады. Сондай кештің бірінде Секең Құралайдың қолына бір жапырақ қағаз береді. Алақандай ақ қағазда ақын ағаның екі ауыз тілегі бар еді. Онда Секең:
«Айналғанда бұл Жандос Ұлы Абайға,
Ұлы Ұмайға айналсын Құралай да», - деп жазыпты...


                                                                                                                    ***


Секең құрдасы Дүйсенбек Айбековтың үйінде отырады.  Екеуі әңгіменің қызығына кіріп кетсе керек, Дүйсекең түшкіріп қалады.  Бірақ, Дүйсенбек оған елең етпейді. Сөйтсе Секең:
-Ойбай, Дүйсеке! Кешір, кешір! Мен саған «сау бол!» деудің орнына «Қош бол!»
 деппін ғой,-деп кешірім сұрайтын көрінеді. Оған екеуі рахаттана бір күліп алады екен...

Серік ақынның журналистика факультетінде оқып жүрген кезі болса керек. Барлық сынақтарын алған ағамыз емтиханға дейін біраз той тойлап кетеді. Тіпті, емтиханның қай күні екені де есінен шығып кетсе керек. Сондай күндердің бірінде Серік жолы түсіп КазГу- ге келсе, барлық группаластары бір аудиторияның алдында жиналып тұр екен.-Бүгін шетел әдебиетінен емтихан ғой, сен қайда жүрсің?-деп шу ете түседі олар.
-Жаудың беті қалай, «шығын» бар ма?-дейді Секең аудиторияның ішкі жағын нұсқап.
-Жарты сағат бұрын бес қыз кірген еді, кірген із бар да, шыққан із жоқ. Апай ашулы. «Тағы біреуің кіріңдер» деп кетті. Жүрегіміз дауаламай тұр,-дейді староста үрейленіп. О бастан қаны қызба Серік мұндайда қарап тұрсын ба? «Онда мен кіремін»- дейді де, әй-шәй жоқ ішке еніп кетеді. Билетін алып соңғы парталардың біріне жайғасады. Шетел ақындарының шығармалары жайлы сұрақтарды көрген Серік ептеп білетінін ұстаз алдында ежіктеп, мыжып отырғысы келмей, өзгеше «қулыққа» көшеді. Бір жағы ұстаздың көңілін көтеріп тастайын, кіре алмай жүргендерге жеңіл болсын дейді де өлеңге жүгінеді. Біраз уақыт өткеннен кейін өлеңін тәмамдаған Серік қолын көтерсе, бағанадан бері қабағынан қар жауып отырған мұғалім:
-Біз ұл балаларды оқымайды деп бекер кінәлаймыз. Ұл болса да сендердей емес, сабаққа дайындалып келіпті. Келе ғой, айналайын,-деп Серікті шақырады. Мұғалімнің қасына жақындай бере Серік:
-Апай, кешіріңізші мен білмейтін едім,-деп сыбыр ете қалады.
-Білмесең неңе жетісіп қолыңды көтеріп отырсың, шық аудиториядан!-деп дүрсе қоя береді. Сонда Серік:
-Апай, кіріп-шыққанымнан бір белгі болсын деп өлең жазып едім, оқып беруге рұқсат етіңізші,-дейді де өлеңін оқи жөнеледі.
Шатағым болған емес шетелменен,
Шетелдікті о бастан бөтен көрем.
Қазағымның жетеді Хеменгуэйі,
Бальзагіңді сұрама бекер менен.
Қара сөзі қайнаған өзегіңде,
Экзуфери жетеді өз елімде.
Мопассан да тең келмес Майлиніме,
Мұхтарымнан сірә да беземін бе?
Сондықтан да сұрама Жуль Вернді,
Ұлы Абайым Гетедей білді өмірді.
Болса егерде үшіңіз қоя салыңыз,
Артынан түзетерміз үлгерімді,- деп тоқтайды да, сынақ кітапшасын ұстаздың алдына қоя салады. Апайы сөзге келместен «бестік» деген бағаны қонжитады да:
-Мына отырғандар шетел ақын-жазушыларын оқымақ түгіл аттарын да білмейді. Өзің ақын екенсің, саған «оқыма!» деп тапсырма берсек те өзің үшін оқып аласың. Жолың болсын айналайын,-деп шығарып салады.

    Алматы қаласынан Серікке бір шақыру түсіп, ол Алматыға жетеді. Сөйтсе, мұнда бір кафеге  біраз ақын-жазушылар, журналист-қаламгерлер жиналып отыр екен. Теледидарға түсірілім басталып, ақындар кезек-кезегімен өлең оқиды. Кезек Серікке келгенде оператордың камерасы жұмыс істемей қалады. Ыңғайсызданған оператор: «Мен телевидениеге барып, камера алып келейін. Сіздер отыра тұрыңыздар, Серік аға, өлеңді мен келгенде оқисыз» деп, рұқсат сұрап кетеді. Серік аға оған қарасын ба? Оның үстіне отырғандар Серіктің өлеңдері жай өлең болмайтындығын тағы біледі. Шашын артына сілкіп жіберіп, екі қолын алға қарай сермеп-сермеп, Секең өлеңдерін оқи береді, оқи береді. Жиналғандар ұйып тыңдайды. «Қап, камера келгенде оқу керек еді өлеңдерін...» дегендерге Серік: «Мен мұнда телевидениеге түсу үшін емес, өлең оқу үшін келдім» деген екен.

   Серік қай кезде де қасынан қалмайтын бір нөкер етіп жүретін. Бір кездері бір ұзын бойлы біреуді тауып алыпты. Өзі бір аудандық газетте журналист болып істеген бе, әйтеуір ептеп өлең жазатын. Онысы төгілтіп ұзын қара плащ, басына үлкен қара шляпа киіп алады да, кешке дейін Серіктің көкшіл сұр портфелін көтеріп соңында жүреді. Бірде Серіктің Әбиірбек Қонысбаев деген досы әлгі жігітті жақтырыңқырамай:-Мына біреуді қайдан тауып алғансың? Өзі де құлқиып, ұсқынсыз екен. Осыны ерткеніңді қойшы,-депті ренжіп.
- Енді сені ертейін бе?! Сен күніге кешке дейін осы құсап сөмкемді көтеріп, қасымда жүресің бе? Бұл сөмкемді көтеріп жүреді. Сөмкеммен бірге кабинетімді, асханамды көтеріп жүреді. Жазғаным да соның ішінде, «жазатыным» да соның ішінде, -деп алып, сұқсырдай болып портфел көтеріп тұрған әлгі жігітті сыртынан көрсетіп:
- Қарашы, «Ассошлойтен пресстің» тілшісі сияқты емес пе?- деп қутың-қутың етіп, мақтап қоятын көрінеді.


Әлем әдебиетінің бір классик ақыны өзі өмірден өтетін күні түнімен 17 өлең жазған екен. Осы әңгімені Серік ақын балаларына айтып беріпті. Бірде Секең түнде өлең жазып отырса жанына қызы Марал келіп: «Әке,  қанша өлең жаздың?» десе, Серік: «16» деп жауап беріпті. Сонда Марал: «Болды, әке, демалыңыз, қалғанын кейін жазасыз...» депті. Кейін Серік қызының осындай қамқорлығын ақындар арасында айтып, күліп отырады екен.
Ақын жаратылыстың ерекше туындысы болғанымен кейде өмір сүруге қабілетсіз келеді.Серік Томанов бүкіл қазақ жастарының жүрегіне жол тапқан «Сезімді қайтем тулаған» деген туындысын тастап, марқайып отырса, ұлы Еркін:
- Сезімді қайтем тулаған, дегенше, бала-шағамды қайтем шулаған, демейсіз бе,-депті...

Қазақ тілінен емтихан болады. Мұғалім ер адам. Билет сұрақтарына мүдірмей жауап берген Серікті енді қай жерден сүріндірсем деді ме екен, әлде бәрі бір күліп алсын деді ме екен, «Қатын» деген сөзді жіктеп беруін сұрайды.«Мен қатынмын» десе ыңғайсыз, «Сен қатынсың» дейін десе мұғалімі ренжіп қалар деп ойлаған Секең ректорат жақты нұсқап «Ол қатын» деген екен...

     ЭПИТАФИЯ

  (Құлпытастағы жазу)

Шаруа едім тірліктің көшіне ерген,
Таусап таттым жердегі несібемнен.
Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын,
Топырағым бұйырды осы жерден.

Ата-бабам, бауырым, туысым да,
Осы жерде: төбенің қуысында.
Алып кеткен өзімнің ештеңем жоқ,
Топырақ тек қалғаны уысымда.

Бір кісідей шайқап ем тірлігімде,
Жалған дүние жалт етпей тұрды кімде?!
Адамдарға айқайды салар едім,
Амалым жоқ қайтейін, білдіруге.

Ей, тірілер!
Өмір жоқ өлім барда.
Тілегім сол:соқпасын жолың жарға,
Қу тірліктің бағасын білгің келсе,
Көз қырыңды салып қой қорымдарға.

Ей, тірілер!
Құлақ ас өлілерге,
Есептесер қу тірлік сенімен де,
Ажал бір күн аптығып жетіп келсе,
Жарты қарыс жер қалмас шегінерге.


madeniportal.kz

author

Серік Томанов

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...