Толқын Қажымұханқызы Қуатты қоғам кепілі – білімді ұрпақ

ӘДЕБИЕТ
1156

Әлем ақыл-ой, білім мен ғылым  негізінде өзгеріп отыратын үлкен орта. Қарқынды даму, заманауй технологиялар, инновация, креативті қадамдар заман талабы.  Мұның бәрінің артында білім тұр. Сондықтан да «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», – деп көреген атам қазақ әу бастан айтқан. Білімнің алып күш екенін өсиет етіп айтып, өнеге етіп көрсетіп те кеткен. Дамыған кез келген мемлекеттің жолы ойластырылған жүйе, темірдей тәртіп, әрине терең білім мен ғылымның нәтижесі.



Сағат, минут сайын құбылып отыратын кеңістікте бәсекеге қабілетті адам капиталын қалыптастырушы күш – білім! Әлемнің ажырамас бір бөлігі ретінде Қазақстан да осы үрдіске барынша мән беріп, ден қойып келеді. Сондықтан да тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап білім мен ғылым саласын әлемдік өркениет талаптарына сай әрі баршаға қолжетімді негізде қалыптастыруды мақсат етті. Түрлі деңгейде, түрлі мазмұнда қаншама реформалар қабылданып, қыруар жұмыс атқарылды. Нәтижесінде отандық білім мен ғылым саласы әуел бастағы талап үддесінен шығып, айрықша даму жолына түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Адам капиталын дамыту ісінде білім саласы негізгі рөл атқарады. Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан, бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз» - деген болатын. Бұл – өскелең ұрпақтың қарым-қабілетін дамыту үшін қолға алынған бастама. Және аса нәтижелі жұмыс болмақ. Білімдіге дүние жарық!

Елімізде тәуелсіздік жылдары жүйелі түрде жүзеге асқан тағы бір жетістік – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қалыпты дамуы. Қоғамның өзі талап етіп отырған ендігі қадам – мемлекеттік балабақшалар санын арттыру. Бұл мәселеде де жетістікке жеттік.

 Саланың 30-дан астам жылдық тарихына көз жіберер болсақ, оны бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Егер 1991-1994 ж.-білім беру саласының заңнамалық және нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру кезеңі десек, 1995-1998ж.– білім беру жүйесін және оның мазмұнын жаңартуға күш салынды. Ал 1999-2004 ж.- білім беруді басқару мен қаржыландыру, білім беру ұйымдарына академиялық еркіндік беру мәселелеріне көңіл бөлінді, 2005-2010 ж.-білім беру жүйесі нарықтық экономикаға бейімделді. 2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін-жаңа кезең, инновациялық дамуға бейімделген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудың ұлттық моделі қалыптасты. Білім беру саласында жүргізілген нәтижелі реформаларға сәйкес, бірқатар өзгерістерге қол жеткіздік. Білім беру мекемелерінің құзіреті кеңейді; жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді; үш тілде оқыту жүйесі енгізілді; шет ел азаматтарына Қазақстан Республикасында білім алуға рұқсат берілді; кредиттік жүйе мен білім беру гранты бөлінді; жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына кәсіби білім алу мен академиялық еркіндік беру арқылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік берілді. 

Қазақстандық білім беру жүйесінің құрылымы ЮНЕСКО ұсынған Халықаралық стандарттық білім беру бағдарламасының классификация өлшемдеріне сәйкес келтірілген. Қазақстанның Болон процесіне жедел кіруі нәтижесінде еліміз үш деңгейлі модельге енді: бакалавриат-магистратура- PhD докторантура. Жалпы, Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту арқылы, елімізде халықаралық озық тәжірибеге негізделген білім беру бағдарламаларын енгізуге мүмкіндік алдық. 

Алғаш рет кемел келешекті іске асыратын кадр даярлау мақсатында «Болашақ» халықаралық бағдарламасы, заман талабына жауап бере алатын «Назарбаев Университеті» құрылды. Қазіргі уақытта тәуелсіздік рухында тәрбиеленген, білімді, өзгерістерге икемді ұрпақ қалыптасып, еліміздің одан әрі өркендеуіне үлес қосуда. Еліміздің мектептегі білім беру жүйесі әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп  шығаруға әлеуетті екенін дәлелдеді. Оған еліміздің мектеп оқушыларының математика және жаратылыстану пәндері бойынша рейтингте алғашқы 10 елдің қатарына кіруін мысал ретінде айтуға болады.

Қазақстанда тұңғыш рет «Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданды. Бұл өз кезегінде мектеп мұғалімдерінің материалдық жағынан қамтамасыз етілуіне, моральдық тұрғыдан қорғалуына оң әсер етті. Қазақстандық ғалымдар әлемдік ғылыми ортада танылып, Тәуелсіз Қазақ Елінің атынан қаншама ғылыми жаңалықтар ашылды. 2017 жылдан бастап информатика, физика, химия және биология сынды жаратылыстану-математика циклындағы пәндер ағылшын тілінде оқытыла бастады. Бүгінде еліміздегі 525 мектепте бұл аталған пәндер толықтай ағылшын тілінде жүргізіледі. 2018 жылдан бастап мектеп түлектеріне Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік берілген.

 2019 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерге Аймақтану хрестоматиясы, 5-7 сыныптарда «Қазақстан тарихы», «География», «Қазақ әдебиеті», «Музыка» пәндерінің қосымша құралы енгізілді. Орта білім ұйымдарының желісі жеке мектептермен, лицейлермен, гимназиялармен, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептермен толықты. Барлық сыныптар білім берудің жаңартылған мазмұнына көшірілді. Білім мазмұны жаңартылған бірнеше Назарбаев зияткерлік мектебі құрылды. Қазіргі уақытта дәл осы мектептердің тәжірибесі еліміздің бүкіл білім жүйесіне енгізіліп жатыр. 

Қазақстан тәуелсіздігінің тағы бір жетістігі-Ұлттық білім сапасын бағалау жүйесінің қүрылуы. Бұл ретте білім сапасын бағалаудың ішкі және халықаралық құралдар қолданылады. Қазақстандық оқушылар алған білімдеріндегі жетістіктерін тәуелсіз халықаралық бағалауға мүмкіндік беретін PISA, TIMSS, PIRLS сынды зерттеулерге де қатысады. Педагогикалық корпустың сапалық құрамын жақсарту үшін 2018 жылдан мұғалімдерді аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізілді. Ұлттық біліктілік тестін сәтті тапсырған педагог біліктілігіне байланысты жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы алады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Педагог мамандығының мәртебесін арттыру үшін жүктеме 18-ден 16 сағатқа дейін қысқартылып, мұғалімдердің есеп-қисап беретін құжаттарының саны 10-нан 2-ге дейін азайтылды. 2 млн-нан астам мұғалім курстық дайындықтарда, конференцияларда, семинарлар мен вебинарларда біліктіліктерін арттырды. Орта білім ұйымдарында жұмыс істейтін педагог-магистрлардың саны артты. Осыншама қыруар жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыру үшін Балалар жылы деп аталған ағымдағы 2022 жылы мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік бюджеттен 511 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Адамзатқа әйгілі Әбу Насыр Әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Үлкен ғылым, әлбетте, кішкентай ғана мектеп табалдырығынан басталады. Тәуелсіздік таңында атқарылған істер ұшан-теңіз. Олардың ішінде бір ғана «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханалары толықтай кітаппен толықты. 

Тәуелсіздік жылдарында елімізде 1800-ден астам мектеп салынды. Нәтижесінде 4 ауысымда жұмыс істейтін мектептер түбегейлі жойылып, 3 ауысымда білім беретін мектептер саны қысқаруда. Және бұл мәселе де білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында біржола шешім таппақ. Соңғы жылдары ірі мегаполистерден бөлек, шалғайдағы ауыл мектептеріне дейін түгел интернет желісіне қосуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде еліміздегі білім ордаларының 96,8 пайыздан астамы жылдамдығы секундына 4 мбит болатын шапшаң Интернетпен қамтамасыз етілген. Білім беру саласындағы әлемдік озық үлгілер Қазақстанда да қалыпты үрдіске айналды. Қазақстанда соңғы үш жылда 41 IT-мектеп ашылған. Қазір онда 55 мың оқушы білім алып жатыр. 

Еңбек әуелі – нәтиже бергенде, содан соң – шын бағаланғанда ғана еңбек. Отандық білім беру саласында осының екеуі де бар. Халықаралық олимпиадалар Қазақстанның көк туын желбіреткен білім бәйгесіндегі ұл-қыздарымыз қаншама. Бір ғана 2022 жылдың өзінде 200-ден аса қазақстандық оқушы халықаралық олимпиадаларда еліміздің атын шығарып, медальмен оралды. Мемлекет тарапынан олардың еңбегі ескеріліп, 73 миллион теңгеден астам сыйақы берілді. Ұстаздардың ерең еңбегін бағалап, шабыттандырып, әр-түрлі конкурстар ұйымдастырылуда. Ұстаздарымыз «Үздік педагог-2022» республикалық байқауында 3 миллион теңгеден қаржылай сыйақы алды. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайда?» демекші өскелең ұрпақтың ертеңі алаңдататын елдің ісі бұл. Кез келген елдің әлемдік бәсекедегі қабілеті мен алар орны оның өркендеп, дамыған ғылымымен өлшенетінін білсек, жүйелі білім, сол жүйелі білімнің арқасында қалыптасатын мықты ғылымың болуы үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын көзіміз көріп отыр. Әлемді мойындату, кез келген бәсекенің бел ортасында жүру, сондай-ақ елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту сапалы білім мен ілімнің жемісі. Осы бір қарапайым да күрделі қағиданы басты назарда ұстаған Қазақстанның білім беру саласы бұдан ары да қарыштап дами бермек. Сапалы білім үшін әлемнің кез келген есігін ашпақ. Ертеңің үшін елеңдеген елің барда қарыштап дамы, оқы және тоқы дер едім. Бәсегеге сай, қабілетті, мықты мемлекеттің күші білімде!


Информатика пәні мұғалімі

Астана қаласы «Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицей» ШЖҚ,МКК


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...