Торғын Жолдасбекқызы. Жынды (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
10113

Жақып арсалаңдап үйге жүгіріп кіргенде мен ортада отыр ем. Естірімді естіп, жыларымды жылап болдым деп ойлағам, оның әлде көң, әлде батпақ аяқпен кілем үстіне шыққанын көргенде егіліп қоя бердім. Шешем де атып тұрып орнынан, ағамды білегінен шап беріп ұстап:

- Өй тұқымың өшкір, келесау! Осы сенен көргенім-ай. Сені кім шақырды мұнда? – деп жатып желкеден түйіп-түйіп алды.

Жылаушы ма еді Жақып? Сәл ғана желкесін жасқап жатып:

- Жадыра жылап қапты, Жадыра жылап... – деп мені сұқ саусағымен көрсетіп, беті-аузын тыржың-тыржың еткізіп, күле берді.

Туғалы осы күлкісін көріп келемін. Анам тіпті тойған.

- Жыламаса, көзі ақсын қаншықтың. Қара жер қылды бізді. 

«Отызға кеп, құрсақ көтеріп байға тиді» деген сөзге қалды. Ағаларыңа қай бетіңмен қарайсың? – деп маған өкпелі болса да, қайта қиралаңдаған  ағамның жотасынан салып қалды.

Бұл кезде еден жуатын шелегін әкеп үлгерген жеңешем, кілем үстін сүрте бастаған. Дымы ішінде. Анам сонысынан қорқатын оның, бірден ағамды далаға сүйреп:

- Ақылы сау Қайратымды алғанша Алла есалаң сені алса ше... –  деп кетіп бара жатты.

Бұл анамның ең қиналған сәтте айтатын наласы. Өз кінәмнің қаншалықты ауыр екенін сонда тағы бір сезіндім. Жақыпты аулада өзіне арнайы соғылған бір ауыз бөлмеге жауып келген анам:

- Айт! Неше адам келеді? Қандай адамдар? Ең болмаса, соны білейін. Бір қызға ие бола алмаған соң, ағаларыңа не бетімді айтамын. Ел-жұртқа қалай қараймын? – деп күңіренді.

***

Арада тура бір апта өтіп, құда келер күн жеткен. Біздің неше күннен бері үй жаңартып, бақ тазалап, аула сыпырып, қора ақтағанымызға Жақып өз үйшігінің кішкене терезесінен мәз болып қарайды. Кішкене болуы сақтық үшін. Қақпадан аттаған ит-құсты көрсе, қуаныштан арадағы шыныны ұмытып кететіні бар. Оң жақ бетіндегі терең тілік жара содан.

Міне бүгін де, терезесінің маңынан кім өтсе соған қол бұлғап, арсалаңдап күліп, шақырып, мазасы кетеді. Дауысы қаттырақ шығып бара жатса, үйден атып шыққан шешем:

- Жап аузыңды, жап. Қаныш естісе ашуланады. Үндеме! Жазаңды тарттырады, – деп қолына бауырсақ ұстатады.

Бауырсақтың да, шешенің сөзінің де ғұмыры ұзақ емес, бірақ. Қылғытып алған соң:

- Қане-еш, Қане-еш, ойнайсың ба? – деп менімен тете ағамды шақырады.

Жақып ағам өзі үйдің тұңғышы. Шешемнің есебі бойынша, жасы 50-ден асқан. Туған күнін күтіп, атап жатпаған соң...

- Шық бері! – деп айқай салды Қаныш бір кезде әдеттегідей.

Өзімен ойнауға келген екен деген ағам сүріне-қабына далаға атып шықты. Дамбалы боқ. Оны өзі білсін бе, мәз. Негізі, ондайы жоқ. Күн ұзақ қамап қойған кінә өзімізден де бар. Дәл сол сәтте оны ұғар, бірақ, жан қайда? Көтеріліп кеттік бәріміз. Ылғи солай.

Менің жағдайым мынау... Оның әке-шешесі ұлдарына дәл менің жолыққаныма ренжулі боп шықты. Шешеме, үш күн бұрын көрісуге барғанымда жер боп қайтқанымды айта алғам жоқ. «Жақсы» дедім бәрі...

Ал енді мынаны көрсе не болады? Не ойлап, не шешеді олар мен жайлы?

- Төрт-бес сағатқа түк етпес, Ғалияның ешкі қорасына апарып жаба тұрамыз, – деп жатқанда, сол себепті, шетте үнсіз тұра бердім.

Боқтаса да, ұрса да, ағамды моншаға кіргізіп, жуындырып алған Қаныш оны дедеңдетіп отырып көрші үйге сүйреді. Шатыр астына жайылған дастарқанның үстіндегі тәттіні көрген бұл кері қашты.

- Қане-еш, саған да кәмпит беремін, жібере салшы, – деп қояды арасында.

***

Құда кетті. Жақыптан кейінгі ағамның ең соңында:

- Саған келген құданы бұлай жерге қарап тұрып күтерімізді кім білген? – дегені болмаса, бәрі орнымен...

Жүрегім сыздап кетті. Көкейіме кеп қалған өксікті өзгелерден жасырмақ боп, ағамның артынан, көрші үйдің қорасына өзім келгем. Жақып отырсын ба? Әлденені былдырлап, сықылықтап, қора ішін кезеді. Амандығын көрген соң, оған қарай асықпадым. Толып кеткен шерді шығармақ боп, шөп жиналған қораның бұрышына тығылдым. Ренжілу ем, өзіме, өмірге де, іштегі бала мен әкеге де...

Бір кезде көршінің кішкене екі ұлы кеп қалды. Шыға алмадым. Қалай шығамын? Қала бердім. Ал Жақып өйтпеді. Аталақтап, асыр сап, қол бұлғады бұларға қора ішінен. Сонда оған жақын барған бұл екеуі:

- Ей ауру, тағы кәмпит жейсің бе? – деп сұрады.

Кәмпиттен бас тартпайтын. Алақанын жайып ап, секіре қуанды. Бір біріне қулана қарап ап, уысына кәмпит салған балалар да көңілді. Қағып алды ағам әлгіні қағазымен.

- Айттым ғой, қағазға балшық орап берсең де жей береді, – деді бірі риза боп. Жақып та мәз. Соларға қосыла күлген екінші ұл:

- Картоп әкелші, картоп берсек те жер ме екен? – деп қызықтады.      

Мен сол кезде шыға келдім. Олар мұны күтпеді. Төмен қарап, сүмірейіп тұра қалды екеуі.

- Кәмпит жеп жатырмын, – деді Жақып болса аузы-басы тыржың-тыржың етіп.

Үн-түнсіз қораны аштым да, оны жетектеп кете бердім. Жылап келемін. Ол риза, оны білсін бе, әлгілерге қол бұлғап барады. Тоқтай қалдым да, қолынан аямай салып-салып кеп қалып:

- Ақылың қашан кіреді, есуас? Мазақ етіп тұр сені олар. Соны неге ұқпайсың? Өлдің бе кәмпиттен? – деп жыладым.  

Тежегім келген жоқ сезімді. Қақпадан да дәл солай аңырап кіре бердім. Ағайыным меймансыз шатыр астында шайлатып отыр екен. Сықылықтаған Жақып пен боздаған маған таңырқай қарайды.

- Бұлай сорлы боп біткенше өліп неге қалмайды бұл? – деп сұрадым, шешемнен.

Білемін, ол да мұны жиі сұрайтын төбеден. Тіл қатпады.

- Құдайы қонақпын! – деді сол кезде біреу арт жақтан.

Қария екен. Қолына ұстаған аса таяғы да бар. Үй іші тұра келді орындарынан. Жеңгелер шәугімдерін ала жөнелді. Тамақты жылытып...

Бәріміз асқа отырдық. Үнсізбіз. Жалғыз Жақыптың сораптап ас ішкен дыбысы шығады. Асығыс-үсігіс. Дәл өйтпесе, тартып алардай біреу тамағын. Қария мұқият қарайды біздерге. Маған да. Ағама да... Жанары өтімді. Бәрін, бәрімізді білетіндей...

Ас ішіп болған соң, қол жайған ол шешемнен:

- Не сұрайсың? Батамды берейін, – деп тіл қатты.

Күлкілі көрінсе де, онысы бәрімізге:

- «Не дейін, бәрі бар, ұлыма сана берсін» деп тілеңіз! – деп қалды анашым.

Оған тесіле қараған қария:

- Сыйлаған пейілің ұнады. Тағы бір мүмкіндік берейін, асықпа, расында сол ма керегі? Оған да керегі осы ма? – деп нақтылай сұрады.

Осы кезде асын ішіп болып, енді саусағын мұрнына апарған ағама бір қараған шешем:

- Осы ұлдың миы іске қосылып, оң-солын ажыратып, адам болғанын көріп өлсем, арманым жоқ. Бүгін кете беруге бармын, – деді күрсініп.

Ары сұрап жатпады қонағымыз. Алақанын жайып, екі ауыз гүмбірледі де, бетін сипады. Біз де сөйттік. Ол орнынан тұра келгенде де, қоса көтерілдік. Дорбасына анау-мынау сап берген соң, қақпаға беттеген қария:

- Айнығаныңды үш рет айтарсың, болмай бара жатса, – деді де шешеме, өз жолымен кетті.

Не ішіп, не жегенімізді ұқпағанымыз бар, құдалардың дегенін талқыламақ болғанымыз бар, қайта отырдық бәріміз дастарқанға.

- Шәй ішемісіз, апа? – деп сұрады жеңешем.

Жауап қатпады, бірақ, ол. Тіпті естімегендей көрінді. Аңтарылып,

Жақыпқа қарап қалыпты. Ол да бұдан көз алмай қарайды. Тек бұрынғы жымыңдаған емес, өзге қарас.  Ұға алар емеспін. Шешем де сөйтетін көрінді.

- Жақып?! – деді, бір кезде ол естілер-естілмес.

Ағамның жанарында шер бар еді. Мұны біз ғана емес, өзгелер де байқап үлгеріпті. Жәймен орынан көтерілген Қаныш:

- Жақып, саған не болды? – деп жанына бара беріп еді, жуытқысы келмегендей оған да жалт қарады ағам.

Шешеме қарағандай емес, басқа қарас болатын бұл тағы. Жасқа толы. Өкпе бар. Кілт тоқтады Қаныш.  Неге екені көзін де төмен түсірді. Осы кезде тұрды Жақып орнынан. Сөйтті де, отырған бәрімізге кезек қарап шығып, дастарқан басынан шықты да, өз үйшігіне бет алды. Моншақтап тамып жатты оның көз жасы. Қуарып кеткен шешем де, өзгелер де, сол бойы орнынан тұра алмады. Қалай екенін білмедім, оның соңынан ішке мен жүгіріп кірдім.

Дәрет пен тер иісі сіңген бөлме маған сол кезде алғаш рет адам тұрмас боп көрінді. Есік аузында тоқтай қалдым. Ол бөлменің қақ ортасында тұр екен. Жатын орны, өзі үңгіп тастаған қабырғалар мен алақандай терезеге кезек қарап жатыр. Бір кезде екі қолын көтеріп, алақанына қарады.

- Аға! – деп шақырдым мен сонда оны алғаш рет.

Жәймен бұрылды ол маған. Қарасы неткен өтімді еді. Зар мен мұң. Бесінші сыныпта ем. Сабақтан келе жатқанбыз. Көрші сыныптың балалары қақпадан шығып кеткен ағамды ұстап алған екен. Құйрығынан теуіп, қарға аунатып ойнап жүр. Бәрі мәз. Ол да.

- Жадыраның ағасы, – дегеннің бәріне сол күні:

- Оттапсың. Танымаймын. Сенің ағаң! – деп шапшыдым. Араша да болмадым.

Сол күн түсті есіме. Әлгінде ғана өлуін сұрағаным да... Ол да маған дәл қазір соны еске алған соң, еңкілдеп тұрғандай көрінді. Қаныштың неге жанарын жасырғанын сонда ұқтым.      

- Кешірші мені, жарығым! – деді тура осы кезде есік аузында тұрған шешем.

- Ыыы, – деп жанына батып кеткендей ыңыранып, аузы-басы кемсеңдеп, еденге тізерлей отыра кеткен Жақып болса, қара жерді төмпештей жылады.

- Айныдым! – дегенді анам алғаш сонда айтты.

Сол күні ағам бізді сол бойы жанына жуытпады. Сыртқа да шыққан жоқ. Апарған асымызға қол тигізбеді. Су да ұрттамады. Есігінің алдында, далада түнедік бәріміз. Қауіп сейілгендей көрінген соң, таңда кірдік үйге.

- Енді қайттық? – деп сұрады Жақыптан кейінгі ағам: – Жүйкесін емдесін. Мамандарға жүгінейік...

Не дегенін ол өзі айтып болған соң ғана ұққандай көрінді. Елу жыл жынды болған ағамды, ес кірген соң...

- Жүрегім! – деді шешем бір кезде. Тап бердік оған қарай. – Маған емес, шығыңдар! Жақыпқа барыңдар, – деді ол.

Шатаспапты ана жүрегі. Ағамды арқаннан шешіп алдық, үлгердік...

Ес-түссіз жатқан ағамның төсегінің басында отырған анам айнығанын сол жолы үш емес, тәспі аударғандай қайталады. Естіді төбе зарын, көріп көз жасын. Ағам ертесі күні таңда бірақ түк болмағандай, ойламағандай, туғалы ойлай білмегендей қайта бақытты боп оянды... 

Біз адамдар кейде жәй ойлай білетініміз үшін бақытсызбыз.

Торғын Жолдасбекқызы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...