Тынымбай Нұрмағанбетов: Менің достарым – шығармаларымдағы кейіпкерлерім

ӘДЕБИЕТ
9779

Қазақ әдебиетінде прозаға бүкіл өмірін, арман-үмітін, қала берді жүрегін арнаған қаламгердің бірі – Тынымбай Нұрмағанбетов. Ол бір сәт «Айқай» болып біздің заманға үн қатты. Адамның бір кездегі қателіктері алдынан күліп шығатынын ескертті. «Мешкейді» жазып, мешеу қоғамның дертіне диагноз қойды. Болмыс пен тағдырдың арасын жалғап тұратын шығармалары арқылы оқырманның сүйіктісіне айналған жазушы қазіргі қазақ прозасының мызғымас сеніміне, алтын қазығына айналды. Жазушы тілшімізге берген сұхбатында ауылды сақтау – ұлттық болмысты сақтаудың негізі екенін айтып, шығарма­шылық жауапкершілік, қазіргі әдеби орта мен жастардың шығармашылық әлемі, Мемлекеттік сыйлықты берудегі шикіліктер, жазушы міндеті туралы ойларымен бөлісті.

Тынымбай НұрмағанбетовТынымбай НұрмағанбетовСоқпақбаев: «үмітімді ақта», – деді

– Сізге келерден бұрын «Ата қонысты» қайталап оқып шықтым. Бұл әңгімеде құлазыған ауылдың, соғыстың, жастық шақтың бейнесі, ең бастысы, адамның жалғыздығы бар сияқты сезілді…

– Біздің ұлтымыздың мақтанышы болған, ұлт мүддесін қорғаған азаматтар, өнерімен аты шыққан тұлғалардың бәрі – ауылдан шыққандар. Өйткені ауыл – ұлттық тәрбиенің негізі. Тәрбие дегеннің өзі – адамды адам етудің ең басты шарты. Әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз адамға берілген ғылым далаға кеткенмен бірдей» деген мазмұндағы сөзі бар. Сондықтан біздің ұлт, ел-жұрт екеніміз, егеменді ел екеніміз рас болса, ауылға теріс қарауымыз – ешқандай қисынға сыймайтын нәрсе. Ондай көзқарас ұлттың өзіне-өзі қарсы шығуы немесе сол ұлттың құруға бет алуы болмақ. Жаңағы әңгіме туралы айтар болсам, ондағы идея адамның туған жеріне оралуы, соны сағыну мен іздеуі жайлы дер едім. Біздің ауылымыз – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы мен Шымкент облысы Созақ ауданының шекарасында орналасқан таулы, сулы жер. Бұлағы мен өзені сарқырап ағып жатыр. Ауылым аудан орталығынан шалғай болатын. Сондықтан электр сымдары да тартыла қоймаған кез, қысы қиын, жолы нашар еді. Осының бәрін ескеріп, менің он жасымда сондағы халықтың бір бөлігін Сыр бойына, енді бір бөлігін Қосүйеңкі деген елдімекенге көшірді. Мен – Сыр бо­йына көшкен ауылдың баласымын. Өйткені әкем дихан болды. Біз бала жасымыздан бастап еңбекке араласып кеттік, әке-шешемізге көмектестік. Аталған әңгіме – кейін есейген соң, бұрынғы ауылды сағынғаннан, ауылды сақтау мәселесінің үлкен проблемаға айналған тұстарында ойға келген шығарма. Туған жерді қадірлеу ұғымы, сосын әр түрлі тағдырлар да осы шығармаға енді. Аймүйіздің бошалап, өзінің туған жерін іздеп кетуі – табиғи нәрсе. Бұл жайт жануарлардың ішінде киелісінде ғана кездеседі. Сиырдың бәрі бошалап кетеді деген ұғым болмайды. Киелі малда сондай қасиет болады екен, өзі қай жерде туса, туар кезде сол мекенді іздеп кетеді. Бұл туынды менің алғашқы жазған шығармаларымның бірі болғанымен, жұрт жылы қабылдады. Осы әңгіменің желісімен сценарий жазып едім, оқыған режиссерлердің бәріне ұнады, бірақ сол туынды әлі кино ретінде жарыққа шыққан жоқ. Жалпы қазақы ұғымда жазылған дүниелерді біздің киностудияның басшылары түсінбейді. Біздің қазіргі қасіретіміз – еліміздің тағдырын өз қалпында, өз бояуында көрсете алмай отырмыз. Әңгімедегі кейіпкер – Мұқа шал өзінің туған жерін ұмыта бастаған, болған-толған, тіпті іздемейтін де жағдайға жеткен. Бұл әңгімеде адамның кейде мейманасы тасып кететін сәттерін есіне түсіруі, мо­йындауы, содан белгілі бір дәрежеде сабақ алуы сияқты дүниелер қамтылған деп ойлаймын.

– Осы шығарманы соңына дейін оқып шыққан адамға әрбір қазақ ауылында бір-бір Шынаргүл ақ жаулығы желбіреп, соқа басы сопиып отырғандай әсер береді… Сіз ата қонысыңызға жиі барып тұрасыз ба?

– Елге барған сайын туған жеріме баруға тырысамын. Жиі емес. Балалық шақ өткен жерді, ескі жұртты көру, ата-бабаларымыздың ізі қалған жерлерді еске алу арқылы да көп нәрсені сезінуге болады. Туған жердің өзіне тартатын бөлекше қасиеті бар емес пе?! Балалық шақ өткен жер өзге жерден ерекше, киелі көрінеді, әрине. Барған сайын балдәуренді ойша елестетіп, әр нәрсені ойыңа түсіресің. Мен көптеген шығармаларымда сол жердің географиялық жағдайын елестетіп отырып жазамын. «Шал, мая және жел», «Ата қоныс», «Бойтұмар», «Келін», «Жаздың қысқа түні» деген шығармаларды мысал ретінде айтуға болады. Жазушы әр шығармасын жазғанда, бір адамды ойша елестетіп отырумен бірге оның қызмет етіп жүрген мекенін де елестеткен дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, жаңағы «Шал, мая және желде» шығармаға арқау болған жердегі әр тау-тастың атын өз қалпында бердім. Шығармадағы оқиға шынайы өмірде де сол ауылда болған. Құрышжан деген шал сондай тағдыр кешкен. Белсенділер жалғыз маясын алып қойып, ботасының жетім қалғаны жанына батады. Сол үшін ол маясын сойып, етін ауылға таратады. Кейіпкердің басты ойлағаны – маяның зарынан құтылу. Бұл – шын оқиға. Мен бұған өз ойымнан тек желді қостым. Желді шалдың, маяның рухы деуге болады.

– Сіздің кейіпкерлеріңіздің көбі егде жастағы адамдар болып келеді. Мұның сыры неде?

– Жазушының шығарма жазуы оның өмірлік тәжірибесіне байланысты. Мысалы, біз алғаш бастағанда балалықты жаздық. Сол кездегі оқырмандар мені балалар жазушысы ретінде де жақсы біледі. Алғашқы шығармаларым «Қош бол, ата», «Қарлығаштың ұясы», «Менің інілерім» деп келеді. Ол сәтте менің қоржынымда балалық үміттерім, балалық сезімдер мен түсініктерім ғана бар еді. Ал ересек адамдар туралы жазу үшін олардың психологиясын, тағдырын жақсы білуің, әр түлі нәрселерді естуің, көруің керек. Кезінде Қызылорда облыстық радиосында жұмыс істеп жүріп республикалық «Жалын» журналы, сол кездегі Баспа істері жөніндегі комитет пен Қазақстан комсомолы орталық комитеті бірлесіп балалар әдебиетін дамыту үшін конкурс жариялағанда мен «Қош бол, ата» деген повесіммен қатыстым. Маған: «Бірінші орын алдың», – деген телеграмма келгенде, өзім қайран қалдым. Сол сәтте маған үшінші орын немесе ынталандыру сыйлығын берсе де, разы едім. Ең қызығы – маған бірінші орын беру үшін Бердібек Соқпақбаев кәдімгідей дау тудырып: «Осы шығармаға бермесеңдер, онда неге конкурс ұйымдастырасыңдар? Сіздер балалар оқитын жақсы шығарма іздеп отырсыздар, ал мен соны таптым», – деп қояр да-қоймай менің шығармама бәйге алып берген. Кейін ол кісіні «Жұрттың ыңғайына көнбейді» деп қазылар алқасынан шығарып жіберіпті. Өйткені сол конкурсты ұйымдастырып отырғандар жүлдені басқа адамға бергісі келген секілді. Солайша, жазушы Бердібек ағамыз менің алғашқы жолымды ашты. Бұл әңгімені мен Алматыға «Жазушы» баспасына қызметке келгенде барып естідім. Бекеңді әлі көрген де жоқ едім.
Бір күні Жазушылар одағының алдында бір кісілермен сөйлесіп тұр екен, қасына барып: «Беке, мен Тынымбай деген ініңізбін», – деп едім, кісіге сынап қарайды екен: «Сен екенсің ғой, мен саған бірінші орын алып беремін деп қазылар алқасы қатарынан шығып кеттім, бірақ өкінбеймін, мен әдебиетке талантты бір жігітті қостым деп есептеймін, айналайын, жолың болсын, менің үмітімді ақта», – деді. Кейін ол кісімен жақсы араласып кеттік, үйде қонақ болды, былай кездескенде де жылы қабақ танытып жүрді. Өзі талантты адам болған соң, жұртты да талантына қарай әділ бағалайтын кісі еді.

Адамды қажытатын нәрсе – әділетсіздік

– Алғаш қолға қалам ұстаған сәтте кімдерді ұстаз тұттыңыз?

– Бала кезде бәрін оқып-білуге тырыстық. Бірақ жазуды жаңа бастаған кезде «қай бағытта бастап жазу керек?» деген үлкен жауапкершілік тұрады. Өзінің бағыт-бағдарыңды бірден тауып алу – қиын іс. Мен пединститутта оқып жүрген кезде ұстаздар кімдерді мақтайды, кімдер туралы қандай пікір айтады дегенге назар аударатынмын. Мәселен, Әуелбек Қоңыратбаев – солардың бірі. Ол кісі қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті, шетел әдебиеті туралы жалпылама айтатын, әрине, өзі оқығанын айтады ғой. Сонда ол кісі шетел әдебиетінен әсіресе Бальзакты көп айтатын. Тұрбеков Ақтай дейтін ұстазымыз болды, ол кісінің бір қасиеті – шығарманы талдап беретін. Мәселен, Чеховтың әңгімелерін шынайы талдағаны есімде. Оның болмыс-бітімін, жазушының тілін, сосын кейіпкердің қоғамдық орнын, сол арқылы жазушының ой-өрісін, бәрін жіктеп беретін. Өзіміздің жазушылардан әрине Әуезовтен бастап, Майлинды түгел оқып өстік. Мектеп бітірген соң сол кездегі жас жазушылар Сайын Мұратбек, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақтардың алғашқы әңгімелері маған жақсы әсер етті. Бұлардың бәрі шығармашылығын жақсы бастады, туындылары да шынайы еді. Бірақ кейіннен осы жазушылардың әр қайсысы әр түрлі өзгеріске ұшырады. Бұл жағдай олардың талантының деңгейіне байланысты болуы мүмкін, екінші жағынан, олардың кейбірі қызметке, енді бірі басқаға ұмтылудың ықпалына ұшыраған болуы керек. Мысалы, Қалихан Ысқақты кино жеп қойды. Шукшин алғашында жақсы дүниелер жазған, кейін оның да талантын, уақытын кино саласы жеп қойды. Соңғы жазғандарының кино-сценарийге ұқсап кеткені байқалады. Ол кезде біздің орысшамыз тым керемет емес еді, бірақ есесіне жақсы аудармашылар болатын. Мысалы, Гогольдің «Тарас Бульба», «Диханка маңындағы кештер» сияқты повестерін оқығанымда, қатты таңғалдым. Жазушының образ жасауы, тілінің бояуы мені баурап алды. Содан кейін Тургеневтің «Мәңгілік сулар» атты шығармасы ұнады. Жазушының жас адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін беруі мені бейжай қалдырмады. Осыншама сезіммен шығарма жазу да мүмкін екен деген ойда қалдым. Джек Лондонның жігерлі әңгімелері, боксер туралы «Бір кесек ет» дейтін әңгімесі есімде ерекше қалды. Қолымызға түскеннің бәрін оқыдық қой. Маған Сайын Мұратбек қамқорлықпен қарады. КазГУ-де оқитын Сейсен Мұхтарұлы дейтін кластасым болды, сол маған Алматыдан хат жазатын. Менің алғашқы әңгімелерім екінші, үшінші курс оқып жүрген кезімнен бастап «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сияқты республикалық басылымдарға жарияланып тұратын. Сонда Сейсен Мұхтарұлы маған жазған хатында: «Сайын Мұратбек бір жиналыста сені мақтады», – деп хабарлайтын. 1969 жылы қыста Жазушылар одағында жас жазушылардың кеңесі өтті. Сол кезде Сайын ағамен кездесіп, шүйіркелестім. Мені жылы қабылдап, ерекше ықыласпен қарады. Сөз арасында: «Қазіргі орыс жазушыларынан Распутинды оқы, сосын Астафьевті де оқы, осылар саған қатты әсер етеді», – деп кеңес берді. Сол жылы Астафьевтің «Наш Современник» журналында «Пастух и пастушка» деген повесі жарияланған. Соны айрықша атады. Сайынның сол кеңесіне рақмет, осы күнге дейін осы екі жазушыны, әсіресе Распутинді үзбей оқып келемін. Оның алғашқы жазған «Деньги для Марии», «Последний срок» «Прошание с матерой» сияқты повестері әлі күнге дейін есімде. Менің кейінгі роман-повестерімнің жазылуына осындай шығармалар себеп болды. Оның Мемлекеттік сыйлық алған «Живи и помни» романын ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің табысы деуге болады. Мен осы екі жазушының шығармаларын оқи жүріп, олардың тағдырымен де, өмірбаянымен де таныс болдым. Екеуінің де шығармашылық үшін жұмысты тастағанына таңдандым, мен де солай істегім келді. Өйткені проза жазудың жауапкершілігі соны қажет етеді. XIX ғасырда жұмыс істей жүріп, шығарма жазған жазушыға жұрт «бұл қалай жазушы болады?» деген сыңаймен бір түрлі қарайтын болған. Мәселен, Достоевский жазушылықпен айналысу үшін кәдімгідей тәуір жұмысын тастаған. Толстой да, басқа жазушылар да тек жазу кәсібімен ғана айналысқан. Чеховтың өзі негізгі мамандығын дәрігерлік деп емес, жазушылық деп білген. Орыс әдебиетінде қаламгерлердің шығармасын талдағанда, олардың қызмет істеген-істемегені туралы ештеңе айтылмайды, тек шығармалары ғана сөз болады. Әлі күнге дейін солай. Распутин танылғаннан кейін Орталық Комитет өздерінше оған қамқорлық жасау туралы шешім қабылдап, қызмет тауып берсек деген ниетпен Кремльден бір жауапты қызметкер оған хабарласып: «Сізге жұмыс берсек, деген ойымыз бар. Үлкен кісілер осылай шешім қабылдады», – дейді, «Ол қандай жұмыс?» – десе, «Правданың» Иркутскідегі тілшісі болыңыз», – депті хабарласушы. Сонда Распутин: «Мен жұмыс істемей не істеп жүрмін?» деп жауап берген екен. Бұл – жазушының өз жұмысына, шығармашылығына деген адалдығы. Сол үшін де Распутин сондай биікке көтерілді. Ол Нобель сыйлығына да ұсынылды. Бірақ оған сыйлық берілген жоқ. Оның тағы бір ерлігі бар. Сол кезде өндіріс тақырыбына мемлекеттік тапсырыс беру деген тәртіп болатын. Оған көп қаржы бөлінеді. Сонда «Наш Современник» журналы: «Сіз өндіріс тақырыбына бір шығарма жазбас па едіңіз?» – деген ұсыныс айтады. Распутин қаржысына қызығады. Себебі жазушы алаңсыз жұмыс жасау үшін оның қаражаты толық болуы керек қой. Сол үшін ол тапсырысты қабылдап, ақшасын алады. Екі жыл өткен соң, «Наш Современник» журналының бас редакторының үстеліне «Живи и помни» романының қолжазбасын қояды. Олар оқып көрсе, ешқандай өндіріс тақырыбы емес, бірақ – классика! Соғысқа қатысқан жауынгерлер бәрі бірдей батыр болып кеткен жоқ қой, олардың ішінде қашқын да, опасыздары да болды. Солардың тағдыры және қашқындықты бастан кешкен адамның адамгершілік сезімі, махаббаты, өмірге деген көзқарасы айтылады романда. Егер Распутинның істегенін біздің жазушылар істесе, әлдеқашан соттап жіберуі де мүмкін. Ал олар бәрі жабылып, Распутинге алғыс айтады. Сол романы үшін оған кейіннен СССР-дің әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Осының бәрі адамға әсер етеді екен. Менің көбінде тек шығармашылықпен айналысуыма осындай оқиғалар себеп болды.

– Тек шығармашылықпен айналысу үшін сізге де қаражат керек қой, сіз оның шешімін қалай табасыз?

– Совет өкіметі кезінде кітаптарым шығып тұрды. Сосын пьеса жазумен де айналыстым. Совет өкіметінің тұсында «Енді қайтем?» дейтіндей қиналыс болған жоқ. Ал біздің қиындықтар тәуелсіздік кезінде басталды. Тәртіптің болмауы күрделі мәселелерге әкеп соқтырды. Жазушылар Совет өкіметі кезіндегі алып тұрған қаламақысынан, басқасынан айырылды. Әрине, жоғары жақпен байланысы барлар әлі де нан тауып жеп жүрген шығар. Біз сияқты айла-тәсілі жоқтар біраз қиналдық. Конкурстарға қатысып, бір-екі рет бәйге алдым. «Тозып кеттік» деп айта алмаймын. Ең бастысы, әдебиетке деген биліктің басқаша көзқарасы, сапаға мән бермеуі – бізді қинады. Мейлі, қай ортада, қандай жағдайда болмасын, адамды қажытатын нәрсе – әділетсіздік. Бәрібір ешқайда безіп кете алмайсың. XIX ғасырдағы орыс жазушылары қоғамға, билікке наразы болғанда, шетелге кетіп қалған. Себебі қалталарында қаражаты болды. Патшалық Россияның кезіндегі олардың қаламақысы өте қомақты еді. Сосын олар бірнеше тіл білген. Совет өкіметі кезінде қолынан жазу келген, жұрт сүйіп оқитын шығарма жазған адамның жағдайы жаман болған жоқ. Ал осы үрдіс біздің тәуелсіздік алған тұсымызға келгенде басқаша болып кетті. Тек әдебиет пен мәдениетте ғана емес, басқа салаларда да у-шу жетерлік.

«Айқайды» өзгеше ықыласпен жаздым

– «Айқай» атты шығармаңыз өмірде болған оқиға желісімен жазылған ба?

– Мен жалпы шығармаларымды тек өмірде болған оқиғалардың желісімен ғана емес, фантазиямен жазамын. Оны оқырман өзі де байқайтын шығар. Кейде ерекше бір тағдырлар адамды ойландырады ғой. Түркияға барғанымда жанымдағы кісілердің сондағы таныстары бізді ескі Анкараға алып барды. Мені толғандырғаны – түріктердің үнемі соғыс жағдайында өмір сүргені, сондай тосын апаттардан қорғануды мақсат еткені. Ескі Анкараның шығыс жағы – тік жар, одан адам өрмелеп шықпақ түгілі, құс ұшып өте алмайды. Тұрғындар жаудан қорғану үшін сол жарды, сондай жерді іздегені анық. Биік төбе, бір жағынан ғана кіресің, сол жағымен шығасың. Осы көрініс маған қатты әсер етті. Жазушылық кәсіпте «ол оқиға болған ба, жоқ па?» деген мәселе емес, «сондай оқиға болуы мүмкін бе, жоқ па?» деген сұрақ болуы тиіс. Жазушының мақсаты – болмағанды болдыру, бірақ сендіру. Мен бір шығарманы жазарда, ең бастысы, «ол немен аяқталады? Қандай оймен бітеді?» дегенді ойлаймын. Егер шығарманың түйіні мықты болмаса, шебер жаздым деген дүниең де адыра қалады. Мехметтің бүкіл тауқыметі, көз жасы, баласына деген соншалықты мейірімі соңғы – ой-түйінге негізделіп тұр. «Соңы үлкен оймен аяқталса» деген мақсатым болды. Осы шығарманы жазу барысында, көптеген түріктермен сөйлестім. Олардың дәстүрін білуім керек болды. Жаңақорғанға пойызбен бара жатқанымда, бір түрік бала дәлізде тұр екен. Барып жөнін сұрап едім, ол Қызылорданың бір колледжінде оқитын түрік жігіті болып шықты. Орын жоқтығынан, Шымкетнке дейін тұрып баратын болыпты. Мен сол жігітпен Шымкентке дейін сөйлесіп, Түркияның жағдайы, тұрмыс-тіршілігі, тамақ пен киімнің түрлері туралы сұрап, қағазға түртіп алдым. Одан да басқа түрік азаматтарымен тілдесіп көрдім. Қысқасы, осы шығармама соншалықты ықыласты болдым.

– Түріктерді айтып отырмыз ғой, Орхан Памуктың шығармаларын оқыдыңыз ба, қалай әсер етті?

– Оның бірнеше шығармасын оқыдым. Ол – өте білімді жігіт. Бұл жазуынан да анық көрінеді. Өзі көп жағдайда шығармасына тарихи жағдайларды арқау етеді екен. Кейіпкерінің жан әлемін қозғайтын жазушылар сирек. Әлемде Памуктен жоғары тұрған жазушылар көп. Оның Нобельді алуы саясатпен байланысты. Біздің Айтматовтан үйренгеніміз өте көп. Оның шығармаларындағы лиризм – символизмдері ғажап! Ол – кейіпкердің жан-дүниесіне ене алатын жазушы. Айтматов шығармалары да Нобель сыйлығына ұсынылды. Бірақ сыйлық берілген жоқ. Себебін біз айта алмаймыз. Нобель сыйлығы да – көп қырлы саясат.

– Прозалық шығармаға юмор араластыра отырып жазу туралы не айтасыз? Бұл біздің әдебиетте кімдерде көп кездеседі?

– Юмор көп жазушылардың табиғатында жоқ. Сен мынаған мән бер. Қазақ жазушыларын сонау Абайдан, тіпті Әуезовтерден бастап зерделесең, юмор төрт-бес жазушыда ғана бар. Бейімбет Майлинде, Ғабит Мүсіреповте… Одан бері келе-келе Дулат Исабековте, сосын менде бар. Бұның ішінде бөлекше юмор – Майлинде. Ол кісі юмор іздеп әуре болмайды. Юмор оның табиғатында. Былай қарасаңыз, юмор – шығармаға дәм кіргізетін нәрсе.

– Құдды тамақтың тұзы сияқты ғой…

– Дұрыс айтасың. Ол бірақ кез-келген жазушыда бола бермейді. Жалпы мендегі еңбекқорлық, тілді білу, юмордың бәрі әкемнен келген. Әкем сауатсыз адам еді. Дихан, қойшы болды. Осы кәсібінің бәрі менің пайдама жарады. Мысалы, мал баққан кезде біз де ол кісінің бір жағында жүрдік қой. Совет кезінде қозыларды қойдан бөліп, сүтін өткізіп, жоспар орындайтын. Сол кезде жас болсақ та, қозы бағу біздің міндет еді. Әкем кейін егін шаруашылығымен айналысты. Оған да қолғабыс еттім. Осының бәрі кейін менің шығармашылығымның қажетіне жарады.

– Ақын-жазушылар жиын-тойларда көп жүреді, бірақ сізді ол ортадан көрмейміз, қайда жүресіз?

– Күндіз-түні шығарма жазып жүрген жоқпын. Мен тіпті жеңіл жазамын. Бірақ бітіре салып, ешқайда ұсынбаймын, 3-4 ай үстелімде тұрады, артынан толықтырамын, түзетемін. «Жұрттан ұялмау» деген ұғым бар. Өнер адамы, қалам ұстаған адам жұрттан емес, әуелі өзінен-өзі ұялмау керек. Шығармаңды қайтадан оқығаныңда, көңілің толуы тиіс. Мен қазір кейбір шығармаларымды қайталай оқығанымда, әрине, кей жерлерін түзеймін, бірақ өзіңе-өзің риза болатын, сәттер де болады. Мансап қуып, басқа қуып кетсем, жазушылығым жайына қалар еді. Бұл сала да спорт сияқты. Сәл тастап кетсең, өзіңнің бұрынғы мүмкіндігің азайып қалады. Біреулер у-дуды жақсы көреді. Мен өзімді оңашалау ұстаймын. Менің бұл әдетім әдейі жұртпен араласпау дегенді білдірмейді. Менімен жақын араласатындар мені өте тұйықтардың қатарына қоспайды. Шағын орталарда еркінмін, жаңағы юмордың да ондай ортада іске асатыны бар. Жалғыз жүрудің өзі әркімге әртүрлі әсер етеді. Біреулер жалғыздықтан қорқады. Толстой кешкі серуенге шыққанда: «Сен менің қиялымды бұзасың», – деп әйелін ертпейді екен. Кейде ертетін де көрінеді. Менің Толстой болып кеткен түгім жоқ. Бірақ оңаша жүруге, қыдыруға теріс қарамаймын. Жазушылықтың өзі оңашалықты қажет ететін, соны сүйетін кәсіп қой. Мүсіреповтың Майлин туралы әңгімесінде: «Жиылысқа келген сайын жұрт Майлинды сыйлайтын, қандай жиналыс болса да, жұрт: «Би-ағаң төраға болсын», – дейтін. Ол кісі содан қашатын. «Менен басқаларың да сөйлей аласыңдар, менен басқаларың да қағаз жаза аласыңдар», – дейтін. Кейде әдейі жиынға кешігіп келетін, кешігіп келсе де: «Ойбай, Би-ағаң келді, сол кісі басқарсын», – деп ол кісіні бәрібір төрағалыққа сайлайтынбыз. Ал Бейімбеттен басқаларымыз төрге шығудан қашқан емеспсіз, «бірдеңе бұйырар ма екен, төраға болмасақ та, соның хатшысы болу бұйырар ма екен?» деп дәмететінбіз», – деген екен. Сол сияқты маған Би-ағаңның сол қасиетінің бір ұшығын Жаратушы сыйласа керек. Асқа, тойға шақыру болады ғой. Сондай сәттерде алдымен ол жерде кімдер болатынын ойлаймын. Қазақта «Қатарың болмаса, тойға барма» деген сөз бар, бұл – тегін сөз емес. Мен әуелі соған мән беремін. Ал енді жастар болса, басқа болса, өзімді шеттетемін. Бұл адамның бейімделуіне де байланысты дүние.

– Сіздің достарыңыз кімдер?

– «Достар» дегеннің өзі – шарты ұғым. Жазушының досы кім болуы керек? Ол – өзің сүйетін адам, ой-өрісін, мінезін, жалпы табиғатын ұнататын адам. Ол алыс па, жақын ба, руы анау ма, мынау ма, мен оған мән бермеймін. Оның жалпы табиғаты ұнаса болды, соны жақын тұтамын. Аттарын атап, тап сонымен доспын деудің керегі жоқ. Бір мәселеге байланысты шартты достық болады. Тіпті туыстарыңның өзі достыққа жарамауы мүмкін. Маған хабарласып тұратын, өзім іздеп тұратын адамдар бар, олардың жазушы болуы да шарт емес. Тек болмысын ұнатасың, әңгімең жарасады, солармен сөйлесе аламын. Менің шынайы достарым – шығармаларымдағы кейіпкерлерім. Мен оларды анда-санда қайталап оқып тұрамын. Жақында ғана «Бойтұмар», «Шал, мая және жел», «Айқай» – осы үш повесімді қайталап оқыдым, бір жағы теріп жатқан адамға қателері болса, түзету үшін. Эльдар Рязанов түсірген фильмдерге әуендер жазған композитор санкт-петербургтік Андрей Петров бір интервьюінде «Композиторлардан достарыңыз кімдер?» деген сұраққа «Шығармашылықта қандай да бір нәтижеге қол жеткізген жанда шынайы дос болмайды», – деп жауап бергені бар. Қаталдау айтылса да, осы ұғымды қостаймын.

Маған Майлин, Мүсірепов жақын

– Хемингуэйге бір журналист Фолкнер туралы: «Оның қай шығармасын жоғары бағалар едіңіз?» – деген сұрақ қойғанда, «Шал мен теңіздің» авторы: «Мен оның «Аю» атты повесін жақсы бағалаймын, шіркін, соны өзім жазсамшы деп қызығамын», – деп жауап беріпті. Қазақ әдебиетінде «сол шығарманы өзім жазға­нымда ғой» дейтіндей керемет туынды ретінде қай шығармаларды айтар едіңіз?

– Жазба әдебиеті Абайдан ал шын проза Әуезовтен басталады ғой. Бірақ менің Әуезовке шығармашылық табиғатым жақын емес. Маған Майлин, Мүсірепов жақын. Одан бері қарай айтқанда, Тәкеннің өнер адамдары туралы жазған әңгімелері ұнайды. Сосын Сайын Мұратбектің әңгімелері де – керемет дүниелер. Оның алғашқы әңгімелері – әдебиетіміздің мөлдір бұлағы. Бірақ оның жалғасын таппағаны, өзенге айналмағаны, көлге, теңізге құймауы – қасірет. Ол жақсы бастап еді, жалғастыра алмады. Мансап деген не өзі? Ол содан шаршады. Қызметте жүргенде мен ол кісімен араласпай қойдым. Мансапқа мән беріп кеткеніне, мінезінің өзгергеніне қатты ренжідім. Ренішімді білдірдім де. «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Жазушылар одағының екінші хатшысы болды. Мен сол кездерде ол кісінің алдына барған емеспін. Әйтпесе, баспаның директорына ісі түспейтін жазушы жоқ қой. Одақтың екінші хатшысы болып жүргенде, бірінші қабатта кездесіп қалдық. Амандықтан соң: «Келмейсің ғой», – деді, «Сіздер тым биіктеп кеттіңіздер ғой», – дедім, ары қарай үндеген жоқ. Бәрін тастаған кезінде, бір күні Жазушылар одағындағы бір жиналысқа кірсем, адамдар әр жерде топталып отыр, ал Сайын орта тұста жалғыз өзі ғана отыр екен. Мен ешкімге қайырылмай, Сайынның қасына барып жайғастым. Ол кісі қатты қуанып қалды. Сосын: «Бірден менің жаныма келдің ғой», – деді, «Енді сізді іздеуге болады», – дедім. Күлді, екеуіміз бұрынғыдай жақсы әңгімелесіп отырдық. «Осы шығарманы мен жазсамшы» дейтіндей біреулерді қызғану сезімі менде болған жоқ. Менің ұғымымда таудың баурайында бір ғана гүл өспейді, жүздеген гүлдер өсуі мүмкін. Оның әр қайсының өз орны, өз бояуы, өз иісі бар, олар бір-біріне кедергі жасап тұрған жоқ. Әдебиет те солай. Оралханның алғашқы әңгімелері маған қатты ұнайтын. Кейін ол да мансап қуып кетті. Оның Мемлекеттік сыйлықты алған романы маған ұнай қойған жоқ. Әбіш Кекілбаевтың да алғашқы шығармалары өте жақсы еді. Ал кейінгі Мемлекеттік сыйлық алған «Үркер» деген романын оқып шыққанда, таңғалдым. Көпсөзділік. Ол туралы Бельгер: «Оның бір сөйлемі жарты бет тұрады, ал қысып жіберсең, бір сөйлем әзер шығады», – дейтін. Бельгер маған Әбіш туралы көп айтатын, әрине, жанашырлықпен айтатын. «Ол досым ғой, ол бұрынғы ізденісінен айырылып қалды, сонда да аудардым», – деуші еді. Міне, осылар оқырман жақсы үміт күткен жазушылар ғой. Біз де оқырман қатарында оларды оқыдық, сүйсіндік. Орыстың тек табиғатты ғана жазатын жазушысы Пришвин бір күнделігінде: «Жас жазушылар маған үнемі келеді, жазғандарын оқимын, бірақ көңілім толмайды. Оларға көңілім толмағанын айту да қиын, – дей келіп, көп жыл колхоз басқарған дача көршісінен: – Осы менің қартайғаным емес пе?» – деп сұрайды. Сонда оның көршісі: «Адам жас кезінде талапшыл болса, қартайғанда сол талапшылдығы жетіледі, өйткені ол адамның өз табиғатынан шығады. Сен өзіңе-өзің солай талап қойғанда, басқалардан неге соны талап етпейсің? Сізді қостаймын», – деген екен. Мен қазір жастарды оқимын, бірақ аса көңілім тола бермейді.

– Мысалы, қай тұстарына көңіліңіз толмайды?

– Біріншіден, әңгімелерде толық­қандылық жетіспейді. Әңгіме бір жақты болмауы керек. Киімнің етегі, жеңі, қалтасы болатыны сияқты, әңгіме де әр түрлі детальдармен толығып отыруға тиіс. Екіншіден, кейбіреулері жазып отырған дүниесін жетік білмейді. Олай болмайды. Сен әуелі оны өзің көруің, сезінуің керек. Сен сол кейіпкерің болып күлуің, жылауың қажет. Оны жылату үшін алдымен өзің жылауың керек. Өзің жыламаған дүниеге жұрт жылай ма? Кейіпкер табиғатына шынайы берілу керек. Бізде көбі жазуды бастап алған, жазушы болуды ниет етіп алған, бірді-екілі әңгімесі шыққан соң, ары қарай да осы жолды жалғағысы келеді. Тұтастық пен фантазия мүлдем жоқ. Чеховтың «Даласын» айтшы, фантазия деген сонда. Мен осыны кемінде үш-төрт рет оқыған шығармын. Былай қарасаң, бұл шығармада оқуға бара жатқан бір баланың тағдыры бейнеленеді, бірақ оның жандүниесіне қанша дүние сыйып тұр. Чеховтың өзі мақтанбайтын адам ғой. Повесін жазған тұста күнделігіне ол: «Қазір жұрттың аузында тек менің «Далам», – деп жазады. Осы әңгіменің желісімен Бондарчук фильм түсірді. Атақты «Соғыс және бейбітшілікті» түсірген Бондарчуктың өзі осы әңгімеге назар аударады. Сонда Бондарчуктың да халықтың арасынан шыққанына көзім жетіп, тап осы әңгімеге фильм түсіргеніне тәнті болдым.

– Шығарманы ләззатпен жазудың бақыты бір бөлек демексіз ғой…

– Әрине, болмысты сондай керемет етіп беру… Чеховтың алдында Толстой, Гоголь тұрды. Менің Әуелбек Қоңыратбаев деген мұғалімім: «Талант нөлден басталмау керек, талант өзіне дейінгі өнердің немесе әдебиеттің келген дәрежесінен ары қарай көтерілуі керек», – дейтін. Түсіндіңіз бе, бұл сөз Чеховқа да, Бондарчукке де келіп тұр. Алдында анадай әулиелер болған адамның олардан төмен жазуға қақысы жоқ. Чехов түгілі анау Короленко, Куприндердің бәрі жаман жазбауға құлшынды. Егер жаман жазатын болса, жазудың керегі жоқ еді.
Нобель сыйлығын алған шығармаларды кейде оқып тұрамын, содан соң авторларының өмір тарихына да ден қоямын. Байқағаным, олардың орыс әдебиетінің мектебінен өтпегені жоқ. Керісінше, сөздерін Толстой, Достоевский, Чеховтардан бастайды. Бір жерлерде Чеховты Толстойдан да биік қояды. Мысалы, жаңылмасам, Шығыс Азия жақ, жапондардың өзі де солай деп есептейді екен. Бұл – заңдылық. Талантты бір-бірінен асырғанда, мін таба алмайсың. Тек өзіңе қайсысы жақын, соны айтасың.

Жазушы өз ұлтына ғана қажет

– Сіздің жазғандарыңыз қазақ әдебиетінің жауһарына айналды, оқырманды мойындатты, шығармаларыңызды әлем тілдеріне аударту ойыңызда бар ма?

– Біз орыс саясатынан көп зәбір көрдік, бірақ әдебиет пен мәдениетте олар бізге арамдық жасай қойған жоқ. Мысалы, Айтматовтың өсу жолын алайық, оны бірден әлем көтеріп әкетті. Баяғыда Мәскеу мойындаған шығарманы әлем күтіп отыратын. ХІХ ғасыр сыйлаған орыс әдебиетінің беделі күн тәртібінен түскен жоқ. Мықты жазушылар өзін насихаттауға бейімсіз келеді. Ал енді қазір ше? Біз қандай жағдайға тап болдық? «Алты тілге аударатын болдық», – деп Аударма Бюросы менен шығарма сұрады. Сосын мен «Жарайды» деп, Жазушылар одағына барып, келісім-шартты оқысам, менің құқығым алынады деген бар екен. «Бұл қалай?» – деп сұрап ем, «Жұрттың бәрі соған келісіп, қол қойып жатыр», – деді. Мен қол қоюға келіспедім. Әңгімені аударуға берсем, берермін, бірақ оған құқығымның не қажеті бар? Бір күні Аударма Бюросынан Әлихан деген жігіт хабарласып: «Әңгімеңізді жіберуіңіз керек, жоспарлап отырмыз», – дегенді айтты. Мен оларға: «Анау құқық алу деген не? Менің құқығымның сендерге керегі не?» – десем, ол: «Бәрі солай беріп жатыр, бізде осылай», – дейді. «Жазушының құқығын алу деген қай елде бар? Шығарманы Бюроның атынан жариялайсыңдар ма? Ол қалай? Жазушының фамилиясы тұрған жерде, оның құқығы өзінде болады. Бұндай жағдай ешбір елде жоқ, мен шығармамды бере алмаймын», – дедім. «Отыз жазушының әңгімелерін аударғанда, одан не өзгереді? Жазушы әлемге әңгімелерімен емес, повесть-романдарымен танылады. Егер қазақ жазушыларын өзге елдерге таныту ниеттерің болса, оқыған елдің оқырманын мойындататын шығармаларды неге іздемейсіңдер? Мен сондай шығармаларды тауып берер едім», – дегенді айттым. «Бізде келісім осылай, оны кейін көрерміз» деп тайсақтады. Бұның бәрі бізде ақша жеуге құрылып отыр. Сосын ол істе қандай береке болады? Адам бір өсімдікті еккенде, соған деген тілегі мен ниеті дұрыс болуы керек, сонда ол жақсы өседі. Ал бұл – әдебиет қой. Әдебиетте «әйтеуір осыларды ендіріп, пайдасын көрейік» деген пиғылдың өзі жиіркенішті. Жарайды, алты тілге аударылды, содан қандай нәтиже шығады? Көптеген елдерде жақсы жазылған дүниелерді мемлекеттік дәрежеде өздері қолдап, аударуға ұсынып отырады. Автордың өзі де құлшынады, бірақ бұл негізінен биліктің, мәдениет министрлігінің жұмысы. Тап қазір бәлен елде шығайын деп жатқан менің ештеңем жоқ. Жазушы ең алдымен өзінің ұлтына керек. Егер сенің шығармаңды өзіңнің ұлтың қабылдамаса, шетел сені не қылсын? Ең бастысы – шығарманы әдеби орта, оқырмандардың қабылдауы.

– Қаламгер үшін көп оқу мен көп жазудың қайсысы басым орында?

– Екеуі де керек. Бірақ өлшемді болғаны жөн. Қажетті нәрсені оқу қажет. Өсімдікке өсу үшін су қандай керек болса, қаламгер үшін де оқу солай. Мен көп оқыдым дей алмаймын, бірақ XIX ғасырдағы, одан бергі әдебиеттен өзіме керектілерінің дәмін таттым. Бәлен кітап оқыдым деген де – мақтаныш емес. Содан не табасың, мақсат – сол… Мен негізінен орыс әдебиетін оқыдым. Оқу жазушыға көп нәрсе береді.

«Ол елдің несі бар?» деп сұрамайды, «кімі бар?» – деп сұрайды

– Жуық жылдардан бері әдебиет номинациясы бойынша Мемлекеттік сыйлықты ғалымдар, журналистер алып жатыр. Бұл жағдай ары қарай үрдіске айналып кетпей ме?

– Ең бастысы, біздің билік – әдебиетке ықылассыз. 2000 жылдан бері Мемлекеттік сыйлық беру қолдан жасалып келеді. Бұл – Мұхтар Құл-Мұхаммед ойлап тапқан әдіс, сосын оны Әлібек Асқаров жүзеге асырып отырды. Өздерінің ойындағы адамды өткізу үшін сондай амал жасады, әлі де жалғасып келе жатыр. Өткен жылғы Мемсыйлықты беру кезінде де бұл әдіс жалғасын тапты. Және осы ісіне ұялып отырған билік жоқ. Бұл – тіптен ұялатын іс. Россияда Мемлекеттік сыйлықтың бағасы – 200 мың доллар. Соны олар бір адамға ғана береді және оны кездейсоқ адамға бермейді. Ахмадулинаға, Распутинге, Пазыл Искендірге, тағы біразына берді. Бәрі де белгілі тұлғалар. Ал бізде бәрібір. Бұл биліктің өресін танытады. Есіңде болсын, қай ұлттың болсын, басты байлығы – оның рухани байлығы. Ұлттың өресі бидайы, көмірі, мұнайымен өлшенбейді. Ұлт болмысы мен бітімін рухани биіктігімен өлшейді. Ал бізде бұндай көзқарас әлі қалыптаспады.

– Мәселен, орыстың байлығы Достоевский, Толстойлар ғой…

– Әрине, олар – ұлттың байлығы. Сырт жұрт «ол елдің несі бар?» деп сұрамайды, «кімі бар?» деп сұрайды. Мейлі, ол әнші, биші болсын, жазушы, ғалымы болсын, сол адамдардың ғана аты аталады. Ал «қандай компания бар?», «қандай губернатор бар?» деп ешкім сұрамайды. Мен айтып отырған осы нәрселерді сол комиссияда жүргендердің бәрі біледі, бірақ ешқайсысы айтпайды. Комиссиядағылар сол қызметтері арқылы жұртқа мазақ болып жүр. Олардың дауысы емес, қолдан жасалған есеп қажет болып тұр. Бізде бір нәрсе жетіспей тұр, оның аты – ұят. Қасиет атаулының биігі де сол ғой!
Совет өкіметі құлап, Россия дербес ел болғанда, Ресей каналдарының бірінен Говорухинның Америкаға Солженицынге барғанын көрдім. Барған адам сәлемдесіп болған соң: «Мінеки, Россия өз алдымызға ел болдық, осындай керемет болып жатыр, елге қайтасыз ба?» – дегенде, Солженицын: «Егер ұят болмаса, онда ештеңе де болмайды. Мейлі, мемлекет, мейлі адам, жеке мекеме болсын, онда ұят болмаса ештеңе де болмайды, сол ұят бола ма?» – деп жауап береді. Бізше ұят дегеніміз – тәртіп. Ал тәртіп дегеніміз – мәдениет. Жеке адамның ғана емес, сонымен бірге елдің, мемлекеттің мәдениеті жөнге келмей тұр. Бұл жай әрі-беріден соң мемлекеттігімізге де қауіп төндіре алатынын білмейміз бе, әлде білгіміз келмей ме? Түсініксіз.
Мен осы орайда барлық ақын-жазушы­лардың көкейінде жүрген бір жайды айта кетейін. Егемендік алып мәре-сәре болып жүрген кезде әрине барлық заңдар қайта жазылды. Әдебиетке қатысты жазыл­ған заңның жөнін айтар болсақ, барлық билікті баспалардың пайдасына жазған. Мәселен, қаламақы мәселесін тек баспа ғана шешеді. Олар Қаламақыға бөлінген қаражатты жазушыға берудің орнына Мәдениет министрлігіндегі мықтылармен бөліседі. Отыз жыл бойы жазушылар қаламақы алған жоқ. Алдым дегендердікі жиырма баспа табақ кітапқа 200 мың теңге десек, өтірік бола қоймас. Әрине мұның бәрі – жеудің амалы болатын. Осы мәселені жазушылар әр кезде айтып та келе жатыр. Еститін құлақ жоқ. Ал Мәденеит министрлігіндегі мықтылар өткен жылы осы жазушыларға бөлінген қаламақыларды жейміз деп топ-тобымен ұсталып, сотталып та жатты. Бірақ тәртіп өзгерген жоқ. Өйткені Мұхтар Құл-Мұхаммед министр болып тұрған кезде заң баспалардың пайдасына әдейі осылай жасалған. Бұл заң кейінгі министр А.Мұхамедиұлына да тиімсіз болған жоқ. Сотталғандар – сол кісінің кадрлары. Баспагер-жазушылар да сол заңды қостап кетті. Бірақ әдебиетті жасайтын жазушылар ғой! Сиырды аш қойып, одан сүт дәмететін пақырлар бізден басқа елдерде болды ма екен өзі?! Мен бұл арада Мәдениет министрлігіне өзімнің жеке өкпе-назымды айтуды да артық көріп отырмын. Өйткені жазушыларға жасалынып жатқан осы қиянаттың ұлттық, мемлекеттік мәні бар деп айтсам да қателеспеген болар едім.
Кітапты сатып алу сяасаты да тек қана жемқорлыққа бағынышты болып отыр. «Жаңа кітапты ғана сатып аламыз» әрі кітаптың құқын аламыз деп белгілі қаламгерлердің бетін қайырып жібереді де, біреулердің 30-40 баспа табаққа дейінгі қолжазбаларына ақша төленеді. Ол сатып алып жатқандарының қандай қойыртпақ екенін өздері ғана біледі. Сонда сапа деген ұғым қайда? Ертең оны оқырман оқитын дүние ме, әлде жоқ па, бұған да мән беру жоқ. Бізде әдебиет өссін, көркейсін деген ұғым бар ма? Бұрын болған сол ұғымнан жұрнақ қалды ма өзі? Әлде біз шынымен азуға, тозуға бет алдық па?

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Қазір ештеңе жазбаймын, оқып жүрмін. Бұрынғы дүниелерімді түзеймін, оқимын. Жазу деген өле-өлгенше жазыла бермейді. Ол да адамның қуатына, денсаулығына байланысты.

– Айтматов: «Сөзді де сезім сияқты үнемдеп жұмсау керек» демеуші ме еді?

– Америкадағы Фолкнер, Хемингуэйлердің өмірден өтуі әртүрлі болды. Біреу аттан құлаған, біреуі өзін мерт еткен. Бірақ бұлардың өліміне негізгі себеп – бұрынғыдай жаза алмауында. Ол кезде олардың шығармасына сұраныс болып тұрды, «Хемингуэй не жазар екен?», «Фолкнер не берер екен?» деп іздеп жатты. Олардың бұрынғыдай жаза алмауы – қасірет еді.

– Яғни, жауапкершілік бірінші орында болды ғой?

– Иә. Хемингуэй «Шал мен теңізді» жазардан бұрын оған Нобель Академиясы сыйлық бергісі келіп, бірақ Хемингуэй жазбай қалған жағдай болған. «Шал мен теңізді» жазғаннан кейін сыйлық алды. Олар үнемі жақсы жазуды ойлайды ғой, бірақ бұрынғыдай фантазиясы мен қуаты болмады. Қазір менде «осыны жазсам» деген ойлар болуы мүмкін, алайда оны бұрынғыдан асырып жаза алам ба, жоқ па, білмеймін.

– Сіз ақындардың шығармаларын оқисыз ба?

– Кейде оқимын. Біздің қазіргі поэзиямызда өсу бар, талантты жастар көп деп есептеймін. Өлеңдерін оқып отырып, риза боламын. 60-70 жылдары біз оқыған өлеңдерден қазіргілердің шығармалары – өрелі, ойлы бояулы. Ол жігіттер белгілі ме, белгісіз бе, ол жағы маңызды емес.

– Мен есіктен кіріп келгеннен бері сіздің үйде классикалық әндер шырқалып тұрды. Жазудан шаршағанда қалай демаласыз?

– Музыка тыңдаймын. «Шалқар» радиосы үнемі қосылып тұрады. Сосын теледидардан орыс каналдарын қараймын. Олар талантты тұлғалар туралы деректі фильмдерді көп көрсетеді. Жақсы жұмыс істеген, жақсы сөз тыңдаған, жақсы дүниені көрген адам шаршамайды. Адамды шаршататын нәрсе – сен қаламайтын сөздер, сен қаламайтын істер, болып жатқан әділетсіздіктер.

– Сіз журналистерге көп сұхбат бермейсіз, неліктен?

– Сұхбат беру маған аса ұнамайды. Әрине, «керек емес» деп те айта алмаймын. Бірақ қаламаймын. Баяғыда сұхбат берген кездерім болған, олар оны апарып бұрмалап, бірдеңе жасайды. Жазушының өзін-өзі насихаттауы – жақсы жағдай да емес. Жазушының насихаты – шығармасы. Мен шығармаларым үшін ұялмасам, соның өзі – бақыт.

– Әлгінде бір сөзіңізде: «Өнер – дін сияқты», – деп қалдыңыз, осыны таратып айтып берсеңіз…

– Шын берілген адамға өнер – дін. «Діннен жоғары» деп айтуға қорқып отырмын. Тіпті соған шын берілген адамға діннен де жоғары болуы мүмкін. Былтырғы жылы вирус келіп, қаралы күндер көбейді ғой, сол кезде радиодан ауыр музыкаларды естіп отырдым. Қаза болғандарды замандастары ғана емес, XVII-XIX ғасырлар да жоқтады деп есептеймін. Халықты сол арғы ғасырлардың музыкалары жұбатып отыр. Ал өнерді құдіретті емес деп қалай айтасың? Қазақ елі, қазақ ұлты XIX ғасырға борыштар. Сол ғасыр бізге тілді де, музыканы да беріп кетті. ХХ ғасыр сол қордың бәрін жинады. Біздің музыкалық мәдениетіміз өте дамыған. Затаевич 1925-1926 жылдары біздің елге келіп музыка жинап қайтқан соң, Горький мен Репинге: «Сіздер қазақ музыкасын тыңдаңыздаршы», – деген өтініш жасаған екен, олар ол кезде қазақты аса біле бермейтін кезі болса керек, немқұрайды қарайды. Кейін 1936 жылы екінші рет қазақ музыкасын жинап барғанда Горькийге тағы айтады. Ол кезде Репин қайтыс болып кеткен. «Тыңдаңызшы, мен сізге тегін айтып жүргенім жоқ», – дейді. Сонда: «Ой, сен айтып қоймадың ғой, бір реті келгенде тыңдасақ, тыңдайықшы», – деп жүргенде, Горький де қайтыс болып кетеді. Осыны оқып отырып, мен қатты таңғалдым. Затаевич – бүкіл әлемнің музыкасынан хабардар адам. Қай елде қандай музыка барын, қай елдің өнерінің деңгейі биік екенін жақсы біледі. Сонда оның қазақ музыкасын анадай белгілі адамдарға ұсынуы тегін жайт емес. Олардың қазақ музыкасына риза болатынына, оларды қанағаттандыра алатынына көзі жетіп отыр. Осыдан біраз бұрын Мәди туралы хабар тыңдап отырғанымда, қазақ музыкасына тәнті болған басқа халықтың өкілдері: «Олардың ұрыларының өзі ән шығарады екен. Оны бүкіл халқы орындайды екен», – депті-міс. Ол жетіскеннен ұры болды ма, соған күлесің. Егер ол зорлықты, қуғынды көрмесе, ондай әндер тумауы мүмкін. Біз кейде Мұқағали туралы айтсақ, «Оның ойындағысы болмады», «Таршылық көрді» деп жатамыз. Егер ол бір журналдың бас редакторы немесе бір баспаның директоры болса, мынадай ұшан-теңіз поэзия туар ма еді? Жаратушы оған сондай қуатты өлеңдер жазатын күш әрі мұңлы тағдыр беріп отыр. Бір өлеңінде: «Сыбағам қайда, сыбағам?» – дейді. «Сыбағам» дегені, тамақ емес, Мемлекеттік сыйлықты айтып отыр. Мұқағалида мұң болмаса, мынадай деңгейдегі жырлары дүниеге келмес еді.

– Ең үлкен сыйлықты бірнеше адамнан ұйымдасқан комиссия емес, халық береді екен ғой…

– Әрине, Бауыржан Момышұлы мен Сәбит Мұқанов екеуі бір кісіні жерлеп, таудан төмен түсіп келе жатқанда Сәбең: «Осы, Бауыржан, сен де көп білесің ғой, бір елде осылай жерге көміп жатады, бір елде суға ағызып жатады, тағы бір елде өртеп жатады, бұл қалай?» – деп сұрапты. Сонда Бауыржан: «Сәбе, оның бәрі – жай нәрсе, ең бастысы – сол адамның халықтың жүрегінде қалуы», – депті. Сол айтпақшы, еңбек еткен адамның халықтың ойынан шығуы – баға жетпес бақыт.

– Жазушы деген кім?

– Менің есімде қалып қойған бір жай – жетпісінші жылдардың ішінде өзіміздің бір суретшінің: «Егер дүниеден қазақ ұлты мүлде жойылып кеткен жағдайда Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі кейіпкерлердің бейне-бітімін салу арқылы-ақ «Қазақтар осындай болған» деп дәлелдеуге болар еді», – деп жазғаны бар. Қай суретші екені есімде жоқ.
Осы сөз ұлт үшін де, қоғам үшін де әдебиеттің орнын да, жазушы кәсібінің мәнін де айқындап берген деп сеніммен айтуға болар. Қай ғасырда да халық тағдырында аумалы-төкпелі жағдайлар болып тұрады. Әсіресе аз халықтар үшін бұл – тіпті заңды құбылыс. Ол жайларды бейнелеп, әлде жазып, немесе әуенмен олардың жан-дүниесінің қуанышы мен тебіренісін кейінгілерге қалдырар мүмкіндік рухани саланың, анығырақ етіп айтар болсақ, әдебиет пен өнер адамдарының еншісіне жазылғаны дау тудырмайтын мәселе. ХХІ ғасырдың табалдырығынан у-шу болып аттап жатқан көп дүрмектің ішіндегі (ұлы дүрмек дей алмадым) таланттылары мен ойлылары «біз осы кезең әдебиетінің мәні мен абыройы үшін жауаптымыз» деген ұғымды жадында сақтай жүрсе ғана келер ұрпақ алдында рухымыз ұялмаған болар еді деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

qazaqadebieti.kz

author

Дүйсенәлі Әлімақын

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...