Чешир мысығынан Бегемотқа, Макавитиден Мадам Норриске дейінгі әдебиет әлеміндегі мысықтардың ешқайсы...
Вангели Спиридон. Гугуцэ — кеме капитаны (әңгіме)
Орыс тілінен аударған Қабділрәшит Қайымов
ГУГУЦЭ
Гугуцэ қауқиған бөркін киіп те үлгермей-ақ қыс түсті. Сірә, қысқа бала мен оның бөркі қатты ұнаса керек.
Гугуцэні көрмек болып қар дүниенің төрт бұрышынан құйылды. Бала қарға көмілді. Домаланып, аққала тәрізді болды да қалды. Тек бөрік астынан түтін ғана будақтайды.
— Әкем-ау!—деп таңданысты қар қиыршықтары.— Мынау бөркінің астына от жағып тұрғаннан сау ма! Міне, ғажап! Әрине, мұндай бөркің болса, суықтың өзі тұра қашар!
Гугуцэ дем алғанда аузынан бу шығатынын қар қиыршықтары білген жоқ еді.
Аулаға қар қиыршықтары қожайындық етіп, баланы қақпаға қарай тықсырды. Ол көзін сүртіп жіберіп, айналасына қарап еді: не болғанын түсіне алмады. Сүрлеу жол жоғалыпты. «Дала да көзден ғайып болмады ма екен»,— деп, дуалға шықты. Жо-жоқ, ол орнында екен. Төбелер де бәз-баяғы қалпында. Тек барлығы да аппақ.
Бір ғажабы, аппақ төбелер ентелеп селоға сұғынып, жақындай түскен тәрізді.
«Қарай гөр! Мыналар қайтеді өзі?—деп ойлады Гугуцэ.— Е-е... бізбен бірге қыстап шықпақшы екен ғой».
Гугуцэ бөркін көзіне басыңқырап қойды:
— Оһо, қар дегенің біздің жаққа қаптады ғой өзі.
Қар қиыршықтары айналасында үйіріліп жүр. Олар будақтаған буды көрді де, Гугуцэнің бөркінің астына неге от жағып қойғанын түсіне алмай әуре болды.
ГУГУЦЭНІҢ БӨРКІ
Істің, бәрі әкесінің Гугуцэге қауқиған үлкен бөрік тігіп беруінен басталды.
— Әке, бөрік көзіме түсе береді.
— Ал сен оны, Гугуцэ, жоғары көтеріңкіреп қой. Mінe, бұл өзіңе бүкіл қысқа жетерлік жұмыс.
— Еһе, солай деңіз! Сонда Гугуцэнің басқа жұмысы жоқ па? Жарайды, оны уақытында көрерміз!
Гугуцэ ертеңінде үйдегілердің бәрінен де бұрын тұрды, аяғын ұшымен басып аулаға шықты да, қойларға асықпай жем берді. Әкесі келгенде Гугуцэ қойға мініп алып, шарбақтың ішінде мәз-мейрам болып жүрген.
— Қайырлы таң, Гугуцэ!
— Ә-ә! Қош келдің, әке!— Ол: «Жемді алып кете берсең де болады»,— дегендей қолын ербеңдетті.
Сонымен, Гугуцэ қойларды осылай күте бастады.
Аяз болса, күшейе түсті. Көшемен келе жатқанда, аяқ астындағы қар сықырлайды, бейне бір музыкалық аспаптың пернелерінің үстінде келе жатқандай сезінесің.
Гугуцэ жолда бірінші класта оқитын қызды қуып жетті. Бейшара әбден тоңған, көкпеңбек. Гугуцэ қыздың кітаптарын қолына алды, ал қыз қолын жеңіне тығып, оның соңынан секектеп ерді де отырды. Гугуцэ кітаптарды қолтығына қысып ұзақ жүрді, кенет оның басына бір ой сап ете түсті. «Кітаптарды бөрікке бастырып киіп алсам қайтеді, оған кітаптар да, басым да сыйып кетуге тиіс қой»,— деп ойлады. Гугуцэ бөркін басынан алды да, қызға қарап:
Тоңдың ба? Шыныңды айт,— деді.
— Аздап жаурадым,— деді қыз тісі тісіне тимей дірдектеп.
— Онда менің бөркімді ала ғой.
— Жоқ, Гугуцэ. Өзің тоңып қаласың ғой. Қыздар және де мұндай бөрік кимейді.
— Кигің келмесе — киме,— деді Гугуцэ.— Онда жолда-ақ жата берсін.
Сөйтті де, бөрікті қардың үстіне тастады.
Екеуі ілгері аяңдады — алдында Гугуцэ, соңынан қыз ілесіп келеді. Жүріп келе.жатып, арттарына жалтақ-жалтақ қарап қояды. Иесі қалдырып кеткен бөрік жападан-жалғыз жол үстінде жатыр.
Бөрік әрі тұрды, бері тұрды, сөйтіп, күш жинап алған соң, ауаны ішке сорды. Ауа жұтысымен-ақ, үп-үлкен болып өсті де кетті.
Гугуцэ мұны байқап қалды, қайта келіп бөрікті жерден көтерді де, дереу қыз екеуі басына киіп алды. Олар бірлесіп жүріп келеді, аяз бөріктен жасқанып, оларға тиісе алмады.
Содан бері Гугуцэ бірінші класс оқушылары шыққанша мектеп қақпасына келіп үлгеретін болды. Ол жеті немесе сегіз қызды бөрікпен бүркеп алады да, үйлеріне жеткізіп салады.
Бір күні тіпті балалармен бірге мұғалима да бөрік астында келе жатты. Мұны көріп, жұрт таң қалысты:
— Бөрік деп осыны айт! Үйілген бір мая шөп дерсің! Бұдан артық керемет бола қоймас.
Гугуцэ балаларды апарып салған соң, бөрік лезде кішірейіп кетеді, оны тіпті киім ілгішке іліп қоюға да болады.
Бірақ бөрік бір күні баланы алдап соқты. Гугуцэ оған әр түрлі уәде де айтты, еркелетіп те байқады, тіпті жалынып-жалбарынды — бірақ бөрік өспей қойды. Мұның дәл аяздан мектептегі қоңыраудың даусы қарлығып, бүкіл «Үш Лақ» селосында бірде-бір ит үре алмай қойған кезде бола қалғанын қайтерсің.
Гугуцэ мұның мәнін үйге келгенде ғана түсінді: ол ертеңгілікте қойларды жемдемей қойған екен! Гугуцэ маңдайын ұстай алды — атқаратын ісіңді ұмытқаныңа жол болсын. Сөйтіп, бөрік қайтадан оның дегеніне көнді.
Енді Гугуцэнің барлық үйлерімен қоса бүкіл селоны бөрікпен бүркегісі келді. Сондықтан, ол көршілерінің де қойларын жемдей бастады. Бөрік бүкіл аспан аясына сыйғанға дейін үлкейіп, өсе берді, өсе берді.
Бөріктің асты көктемдей еді. Ал онда электр жарығы күндіз де жанып тұратын. Бөрік астындағы тіршілік ештеме болмағандай машиналар гуілдеп, құдық қол шығырлары шықырлап, бұрынғысындай жүріп жатты.
Алайда адамдар бөріксіз жүрді. Өйткені, онсыз да жылы еді. тағы бір себебі — бөрік атаулының барлығы Гугуцэнің орасан зор бөркіне бірігіп кетіпті. Бүкіл селода санаулы ғана бөрік қалыпты, Ол бөріктерді қалаға халуа, қалаш алуға немесе өз шаруасымен баратындар ғана киеді екен. Өйткені, Гугуцэнің сиқырлы бөркінің астынан шыққан адам, қайтадан қақаған қысқа тап болады ғой.
БӘЙШЕШЕКТЕР
Бір күні Гугуцэ жеті тиын тауып алды. Аз да емес, көп те емес, дәл жеті тиын. Ол бақыр ақшаларды ең терең қалтасына сүңгітіп жіберді, үш күндей қалтасына қол сұққан жоқ: бәлкім, бұрынғы бақыр ақшаларына жаңадан тиын қосылар? Бірақ қалтасынан шегеден басқа ештеңе де таба алмады. Қарындасы да қалтасында өз-өзінен ақша пайда болмайтынын айтты. Үйде болмағандықтан, қарындасы мен ағасы әкесінің қалтасы туралы сөз қозғай алмады.
Жылына бір-ақ рет келетін ерекше күн жақындап қалды. Ол күні ер кісілердің барлығы әйелдерге сыйлық береді. Гугуцэ дүкенге селодағы ер кісілердің бәрінен бұрын келді. Ол жолшыбай шешесіне машина сатып әперуді ойлады. Әрине, шешесін Гугуцэ машинасымен өзі таситын болады.
Бала алақанын уқалап, дүкенге енді. Бірақ іздегенін таба алмады. Сатылып жатқан машиналарға шешесін былай қойып, тіпті Гугуцэнің өзі де сыймайтын болып шықты.
Іс осылай болған соң, Гугуцэ түйме сатып алды. Енді оның қалтасында үш-ақ тиын қалды. Түймеге көйлек сатып алып қосса, қатып кетер еді. Ол көгілдір түсті болса, тіпті жақсы. Бірақ дүкенде көгілдір көйлек жоқ екен. Әлде әне бір биік өкшелі туфлиді сатып алса қайтеді? Гугуцэ оны сатушы әйелден сұрауға оқталды, бірақ мөлшерін білмегендіктен мүдіріп қалды.
Ол үйіне қайтып келді де, кеш батып, шешесінің ұйқыға жататын мезгілін күтті. Шешесі тезірек ұйқтау үшін, Гугуцэ оған ханша туралы ертек айта бастады. Гугуцэ ертектің ортасына келгенде шешесі ұйқтап қалды, сөйтіп, ертектің жартысы айтылмай қалды. Несі бар, ханша өзінің Фэт-Фрумосын келесі жолы айтқанға дейін күте тұрсын. Гугуцэнің онымен ісі болмады.
Ол ұйықтайтын бөлмеден аяғын ұшынан басып шығып, жіп алды да, қайта оралды. Жіпті шешесінің аяғына енді сала бергенде, шешесінің саусағының қыбыр ете түскенін байқап қалды. Гугуцэ шешесінің саусағын алақанына салып, тербете бастады.
Төсек жұмсақ, түн тыныш,
Ұйықта саусақ тым-тырыс.
Осы өлеңді естігенде саусақ бірден ұйқтап кетті, Гугуцэ шешесінің табанын өлшеп алды да, төсегіне жатып, жіпті жастығының астына жасырды.
Гугуцэ таң ата салысымен дүкенге тұра жүгірді. Туфли атаулыларға өлшегіш жіпті салып, ең жақсысын таңдап алды. Бірақ туфлидің құнын білгенде, қатты қынжылды, оң жақ құлағын қасыды, үш тиынды қалтасынан бір алып, бір салды, қайта-қайта санады да, сол жақ құлағын қасып, туфлиді сөреге қойды да, сөйтіп жөніне кетті.
Егер сол кезде жаңағы жерде болсаңдар, сендер Гугуцэнің селодан қалай шығып, жолмен қалай адымдап кетіп бара жатқанын, дөңнен асқанда оның шошақ бөркінің қалай тасаланып, ұзақ уақыт көзге шалынбай қойғанын өздерің-ақ көрген болар едіңдер. Бұдан соң оның дөңнен бір құшақ бәйшешек көтеріп, қайтадан түсіп келе жатқанын да көруге болатын еді. Оның бәтеңкелері сүйретіліп, аяғына бөгет жасады, бөркі де басында бұлғақтап бара жатты. Бірақ бейшара бәтеңкелер мен бөрікке қарағанда Гугуцэ әлдеқайда қайратты болатын. Ол бәйшешектерді тұп-тура дүкенге алып келді. Гүл шоғының ең үлкенін сатушы әйелге, ал қалғандарын дүкенде болғандардың барлығына сыйлады.
Биылғы жылдың бәйшешектерін жұрттың ең алғаш көргені осы болатын. Барша жұрт Гугуцэні мадақтай жөнелді, ал сатушы әйел, ешқандай қатысы болмағанына қарамастан, бөрікті еркелете сипады. Дәл осы тұста Гугуцэ сатушы әйелдің көзінше қалтасынан үш тиынды ,алып, үш рет қайта санап шықты, туфлиге көзі түсті де, ауыр күрсінді. Бірақ сатушы әйел бұған елең де еткен жоқ.
Күн ұясына еніп, шуда бұлттар шоғырлана бастады, бірақ Гугуцэ шешесіне сыйлық ала алмады.
«Ештеңе етпес,—деп жұбатты ол өзін-өзі.— Ертең таң сәріден тұрып, тағы да бәйшешек теріп аламын».
Бірақ кешқұрым Гугуцэ терезеден жапалақтап жауып тұрған қар қиыршықтарының үйіріліп жүргенін байқады, мұндайды ол бұрын көрген емес. Аспан күңгірт тартып, төбелер ақ көрпе жамылды, ал бала тәтті ұйқыға батты. Шешесі келгенде терезе алдында ұйқтап жатыр екен. Қолына үш тиын мен түймені қысып алыпты. Түйме болғанда ғажап еді. Бұл түймені шешесі көптен іздеп, таба алмай жүрген болатын.
ЖАҢБЫР
Кіп-кішкене бұлттар күнмен жасырынбақ ойнап жүрді. Біреуі күнді көлегейлеп, қалғандары жақсылап жасырынатын жер іздеп, аспанды шарлап кетті. Әрине, жерде болса бір сәрі, онда қораның артына, маяның сыртына жасырынып, сәкінің астына еніп кетуге болады. Ал аспанда бұлардың бірі де жоқ, қандай өкінішті! Кішкене бұлттар аспанның қай бұрышына барса да, күн оларды тапжылтпай, сәулелерімен қармап алады.
Ойына қайдан түскенін кім білсін — кенет ең кішкене бұлт өзіндей бір кішкене бұлтқа қалқып барып, соның ығына жасырына қойды. Сөйтіп, екі кішкене бұлт қосылып, аспанда жаңадан үлкен ірірек бұлт пайда болды.
Бұл басқа бұлттарға да ұнап қалса керек. Олар дереу бірінің тасасына бірі жасырынып, орасан үлкен бұлтқа айналып кетті. Күн жасырынған кішкене бұлттарды іздеуге шығып еді — олардың бірде-біреуін таба алмады. Ол кіммен ойнарын білмеді. Бұлт аспанда қаптап кеткендіктен, ойнайтын жер де қалмаған болатын.
Күн ызаға булығып, отты сәулелерімен бұлтты осып-осып жіберді. Бұлт қақ айрылып, сатыр-сұтыр етті де, жаңбыр құйып кетті.
Ой, сонда не болғанын көрсең ғой! Әтеш мекиендерге былай бұйырды:
— Менің әміріме құлақ салыңдар! Дереу тауық қораға қарай зытыңдар!
Құстар жапырақ астын паналап, дыбыс шығармауға тырысты: байқамай сайрап жіберсе, жаңбыр естіп қойып, жапырақтарға бұрынғыдан бетер жауа жөнелмекші. Әп-әдемі көбелек қалбиған түйежапырақтың астына қонып алыпты, ол: «Қапелімде гүлдер мені байқап қалып: «Оның әлдебір түйежапырақты бізден жақсы көргені қалай!»—деп жүрмесе игі еді»,— дегендей мазасызданып отыр.
Сол шақта әйелдер керме жіптегі кірлерді жиып алып, терезелерді жапты, дауыстап балаларын шақырды.
Дарбаза алдында жападан-жалғыз Гугуцэ ғана қалды. Құлағының дәл түбінен алғашқы жаңбыр тамшысының зу ете түскенін, «тырс-тырс, тырс-тырс, тырс-тырс!»— етіп жол үстіне тамшылағанын сезді.
Бала жаңбырдың екі тамшысын қағып алып, былай деп, әндете жөнелді.
— Қиқарсың-ау, ә! Бұларың не? Бидайдың қайда егілетінін білмейсіңдер ме?— Сөйтті де:
— Жаңбыр, жаңбыр селдетпе:
Шатыр менен жол бетке,—
деп әндете жөнелді.
Оны жаңбыр тамшылары құлағына да ілген жоқ, шатырларды, қақпаларды сабалап ұрды дейсің келіп. Сол кезде Гугуцэ шалбарының балағын түріп алып, жолға шықты да, жаңбырға дүрсе қоя берді:
— Еріңдер, кәне, соңымнан!
Сөйтіп, жаңбыр жолды бойлай Гугуцэнің соңынан ілесе жөнелді. Шынын айтқанда, барлық жаңбырлардың жолға сыюы мүмкін емес қой, сондықтан олар жолшыбай үйге де ұрынып, аулаға да еніп кетті, тіпті, дуалдан да секіріп өткен кездері болды.
Село.сыртында жұмыс істеп жүргендер бос қапшықты бастарына бүркей салып, зытып барады. Бірі машинада, бірі арбада, әлдебіреулер атпен, тіпті кейбіреулері жалаң аяқ шалшық суды шолпылдатып кешіп жүр. Жаңбырды соңынан ілестіріп алып, алға қарай батыл қадамдап бара жатқан тек Гугуцэ ғана. Жаңбыр тамшылары оны қуып жетіп, жағасына жармасты, құлағынан шымшылап, тұмсығынан шертті. Бірақ: «Қылжақтаса, қылжақтап көрсін»,-— дегендей, ондай ұсақ-түйекке Гугуцэ назар аударған жоқ.
Сөйтіп, ол жаңбырды бидай өсіп тұрған егістікке алып келді.
Тұтасып өскен нәзік масақтар сорғалап жауған өздеріндей жиі және жіңішке тамшыларды қуана қарсы алды, тіпті олар қол ұстасып, бүкіл егістікті бойлай билей жөнелді.
Гугуцэ үйге малмандай су болып оралды. Ол ауласының үстінде кемпірқосақ пайда болғанын, оны бүкіл селодағы әйелдер терезелерін ашып қарсы алғанын көзімен көрді. Ал әтеш қораға шығып алыпты, қалай да кемпірқосаққа қонақтаудың ретін іздестіріп, ұмсынып-ұмсынып қояды, сөйтіп бүкіл жарық дүниедегі әтештерге бар даусымен бір кукарикуламақшы.
ЖАСЫРЫН СЫР
Үйректердің үрпек сары балапандары аппақ ересек үйректерге айналып, балапан қораздар терезе алдына тұрып алып шақыра бастаған кезде, Гугуцэнің туған күні таяу қалды деп санауға болады.
Бұл күндерде бала тіпті аттарды суаруды да ұмытып кетеді. Ол апта бойы қағаздан әр түрлі бояулармен оймышталған жалаулар жасап, оларды дуалдарға, үйге, қораға іліп тастайды. Гугуцэде мереке болатынын жұрттың барлығы осыдан-ақ білетін.
Селоның бір шетіндегі жалаушаларды әжесі ояна салысымен көреді де, елден бұрын алып-ұшып, Гугуцэге бір етек тәтті кәмпит әкеп береді. Ал одан соң Гугуцэнің құлағын созғылап, ілулі тұрған жалаушалардай, оның, шат-шадыман ұзақ өмір сүруін тілейді.
«Үш Лақ» селосының басқа адамдары да келеді. Олардың барлығы Гугуцэнің үлкен және күшті болып өсуін тілейді, өйткені елімізге дәл сондай балалар қажет. Гугуцэ ел туралы естісе-ақ болды, белбеуіне ағаштан жасалған қылышты қыстырып алады.
Шешесі Гугуцэні туған күнінің құрметіне қалаға апарды.
Олар базарға барды. Шешесі сәкіге тауық жұмыртқаларын шығарды, ал Гугуцэ мардамсып, шұбар әтешті қолына ұстап тұрды. Ол шоқып алудан тайсалмайтын нағыз тентек әтеш болатын.
Базардағы адамдар Гугуцэні айналсоқтап жүріп алды. Олардың барлығы әтештің құнын білуге ынтықты.
Көзілдірік киген бір кісі шұбар әтешті қолына алып, салмақтап-салмақтап қойды, екінші біреуі айдарына ептеп қолын тигізді, ал бір әйел тіпті қауырсындарын үрлеп көрді. Бірақ солардың бірде-бірі ең болмағанда: «Жігітім, мына әтешің шақыра ала ма, өзі?»— деп сұраған да жоқ. Егер сұрай қалса, Гугуцэ: «Шақырғанда қандай!»— деп жауап берген болар еді.
Бір әйел Гугуцэге ақшасын ұсынып:
— Балақай, әтешің қанша тұрушы еді, мынадан қажетіңді ал,— деді.
.— Сатқым келмей қалды,— деп тыжырынды Гугуцэ шұбар әтешті қолтығына қыса түсіп.
Бір теңізші бала таяп келгенде базар да тарқаған болатын.
— Ей, жігіт,— деп сұрады теңізші,— әтешің зор дауыспен шақыра ала ма?
— Шақырғанда қандай!— деді Гугуцэ.— Ал сен оны сойып жеп қоймайсың ба?
— Ол не дегенің!— деп теңізші таң қалды да, балаға көзін қысты.
Сөйтіп, Гугуцэ оған шұбар әтешті сатты.
Шешесі саудадан түскен ақшаға Гугуцэге әтеш-кәмпит, көкнәр себілген қалаш, жаңа шалбар сатып әперіп, оны алдымен шаштаразға, соңынан музейге апарды.
«Үш Лақ» селосына қарай келе жатқан автобус жолаушыларға лық толы болатын. Солардың ішінде Гугуцэден маңғазы жоқ еді: оның балаларға айтатын жасырын сыры бар.
Гугуцэ үйіне келісімен жаңа шалбарын киіп, баққа қарай тұра жүгірді, ағаш басына өрмелеп шықты да,кішкене мүйіз сыбызғысын кернейлете жөнелді. Қайдан шыға келгенін кім білсін, қолдарында дүрбілері бар және ағаш таяқты ат қылып мінген салт аттылар тұс-тұстан оған жүгіріп келді.
— Қәне, тұра қалыңдар!—деген Гугуцэнің әмірі «саңқ ете қалды.— Сендерге әскери құпияны сеніп айтқалы тұрмын. Ауыздарыңа ие болыңдар!
Салт аттылар ағашқа тақалып келіп, аң-таң болып тұрып қалды.
Менің шұбар әтешімді білетін боларсыңдар?
— Білеміз, білеміз!— деп шуылдасты балалар.
— Ендеше, сол әтеш бүгіннен бастап әскери кемеде қызмет атқаратын болды. ,Ол Қара теңізге жол тартты, күделікті флотты таңертең ұйқыдан ерте оятатын да сол.
— Ура-а-а!— деп айқайлаған балалардың даусы бүкіл селоға жетті.
Гугуцэ ағаш басынан секіріп түсе салысымен, қызыл салт аттыларға командир болып сайланды.
Бірақ салт аттылар кешке қарай ұйықтай алмай ұзақ жатты. Олар: «Шұбар әтеш неткен бақытты еді»,— деп ойлады.
КҮЗЕТШІ АТА
Күздің күні жүзім тиелген арбалар селоға кіріп келе жатқанда, дар база алдына шығып тұру бір ғажап. Гугуцэ оларды санайды келіп, санайды келіп, ал арбалар бірінен соң бірі келе жатады... Шіркін, тым болмаса Гугуцэнің дарбазасының алдына келгенде сондай арбалардың біреуі сынып қалса ғой!
Бірақ үшкір мүйізді өгіздер бөшкелері тау-тау болып үйілген шарап жасайтын орынға қарай жүзім тиелген арбаларды сүйретіп, бірінен соң бірі дәл қасыңнан өтіп жатады, өтіп жатады.
Жүзімдік селодан онша қашық емес. Жапырақтарға дәрі бүріккенде Гугуцэ сол жерде әкесімен бірге барған болатын. Егер барғысы келсе, ол қазір де бара алады. Арбалардың ізіне түсіп алып, тауға қарай жүре берсе болғаны.
Гугуцэ ізге түспей-ақ, бүйірдегі көшемен төтелей тартты.
Иті бар ауланың жанынан өткенде, дуал тақтайларының саңылауынан таяқ жүгіртуді де Гугуцэ есінен шығарған жоқ. Иттер қашан да біреуге арсылдап, аласұрып ұмтылуды өте ұнатады.
Гугуцэ село шетінен аппақ жүзімдері бар жүзім сабағын тапты. Жан-жағына қарап еді, ешкім де көрінбеді.
Ешкім жауап бермеді.
—- Бір шоқ жүзім үзіп алсам қайтеді?
Тағы да ешкім үн қатқан жоқ. Тек бір құс қана ұшып өтті. Сұрамай-ақ алуға бел байлады. Бірақ күзетшісі жоқ жүзімдіктен ақ жүзімді ұрлап алудың несі қызық. Қызғылт жүзім болса — бір сәрі.
Гугуцэ одан әрірек жүріп барып, қызғылт түсті жүзім шоқтары бар жүзімдікке кездесті. Маңайында ешкім жоқ. Сонау бір жерден жүзім теріп жүргендер көрінеді. Гугуцэ қызғылт жүзімді өте ұнатады. Айналада ешкім жоқ болса, рұқсат сұраудың қанша қажеті бар.
Гугуцэ ең үлкен жүзім шоғына көз тоқтатып, үзіп алмақшы болып, қолын созды. Ол ойламаған жерден жүзім сабақтарының арғы жағынан алдымен екі етекті, одан соң шалбардың екі балағын, соңынан пенжакты, пенжактан жоғарырақ делдиген мұрт пен мылтықтың қос аузын байқап қалды.
Гугуцэ қолын созған қалыпта қалшиып қатты да қалды. «Мәссаған, күзетші ата!»
— Келген кім десем, сен екенсің ғой,— деп оның мұрты бұған төне түсті.— Кімнің баласысың?
— Бөтен емеспін,— деп күбірледі Гугуцэ көзін мылтықтан алмай.
Ол енді тұтқындайтын болар деп күтті. Бірақ Күзетші ата олай жасамай, оның маңдайынан сипап, иығындағы асулы тұрған мылтығын балаға ұсынды:
- Meн темекі орап алғанша,ұстай тұр.
Бала өз құлағына өзі сенбесе де, мылтықты қос қолдап шап беріп ұстап: «Дәл қазір нағыз ұры келе қалса ғой. деп ойлады.
Күзетші ата аспай-саспай бір темекіні тартып бітіріп, екіншісін орады, бірақ көзге шалынған ұры болған жоқ. Кетерінде Күзетші ата ең ірі жүзім шоқтарының кайда салбырап тұрғанын Гугуцэге көрсетті де, мылтығын иығына асынып алып, із-түзсіз жоқ болды.
БАРАБАНШЫ
Ругуцэнің көршісінде бір қыз бала дүниеге келді. оның шешесі шамды түні бойы сөндірген жоқ. Сірә, қуанғаннан сөйтетін шығар. Қыздың әкесі — Михай .ағай көшедегі барлық балаларды жиып, арбаға мінгізіп алып қыдыртты.
Ол, тіпті, аттар «Үш Лақ» селосының дәл ортасынан заулап бара жатқанда да делбені Гугуцэнің ұстауына рұқсат етті.
Гугуцэ — Михай ағайдың өз адамы. Олардың үйлерінің аралығындағы шарбақ өте аласа — секірсең-ақ, сол аулаға топ ете түсесің. Ал ауланың ішінде кішкене көздерін ашып-жұмып, бесікке бөленген қыз жатыр. Ол тіпті күле де алады. Шешесі солай деген болатын.
Қызға Лили деп ат қоятыны жұрттың бәріне белгілі. Бірақ той жасамай, нәрестеге ат қоюға болмайды. Сондықтан да, Лилидің бір әжесі қамырдан қалаш жасап, екінші әжесі жаңа туған ай тәрізді иілген пряниктерді пештен алып жатыр, ал Михай ағай болса, музыканттар іздестіріп, бүкіл селоны шарлап жүр.
Гугуцэнің ересектерге кедергі болғысы келмеді. Сондықтан, ол шарбақтан секіріп еді — өз үйінің ауласына топ ете түсті.
Ол барлық көршідегі балалардың суреттерін салатын дәптерін тауып алып, баспалдаққа жайғасып орналасты да, қолына қарындаш ұстаған күйі қыздың бетін өз үйіне қаратып, суретін қалай салуға болатынын шамалап көрді.
Дәл осы кезде Михай ағай баспалдақтың қасына келіп:
— Гугуцэ, бері қарашы, сен осы барабан соға аласың ба?— деді. ,
— Әрине, Михай ағай, соққанда қандай!
— Мәселе былай болып тұр, Гугуцэ. Сен менің кішкене қызымның бар екенін білесің ғой. Қалай болғанда да, бүгін кешке үйде музыка болуға тиіс. Бірақ музыканттарды таласып-тармасып үйлену тойларына бөлісіп әкетіпті. Күні бойы табанымнан таусылып, ешкімді таба алмадым. Тек аккордеоны бар бір жігіт қана қолға түсті. Өзің білесің ғой, мұндайда ең бастысы—барабан.
— Онда, жарайды. Барабан соғатын ешкім табылмаса, мен-ақ барайын, Михай ағай. Бірақ менің барабаным жоқ қой,— деді Гугуцэ.
— Сөйтші, Гугуцэ. Ал барабан табу онша қиын шаруа емес.
Михай ағай дереу Қрецуляктың жесір әйеліне барып. күйеуінің барабанын бір кешке бере тұруын өтінді.Әйел шатыр астында жатқан барабанды алып, шаңын сүртті, сөйтіп Михай ағай барабанды иығына арта салды.
Гугуцэ шарбақтан ырғып түскенде, күн ұясына еніп бара жатыр еді. Ол қарғыған бойда-ақ барабанның қасына топ ете түсті, таяқшаларды да қолына алды. Аккордеоншы жігіт балаға қызғана қарады.
— Жарайды, сәл шыдай тұр, саған да соққызамын,— деді Гугуцэ оны аяп кетіп.
Даңғыр-дұңғыр!.. Сауық-сайран басталды да кетті. Аккордеонның үні дарбазадан аса алмады. Оның есесіне барабан бүкіл селоны дүр сілкіндірді.
Бұл барабан Теадор Крецуляк дүниеден өткен соң ұзақ, уақыт үнсіз жатып еді. Бір ғажабы: барабан шаң басып, шатыр астында жатса да, әндердің бірде-бірін ұмытпапты.
— Құлақ салшы, мынау Крецуляк барабанының даусы ғой. Барабаншының бәлесін-ай! Бұл кім болды екен?— деп көшеде келе жатқан адамдар қалт тоқтай қалып, ұйып тыңдап тұрысты.
Сөйтіп жұрт Лилидің үйіне ағылып келе бастады. Михай ағайдың меймандарды күтіп алу әбігерінен қолы босамады.
Гугуцэ аккордеоншымен бірігіп марш ойнады. Ал меймандар бөріктерін шешіп алып: «О, пәлі!»— деп айқайға басты.
Крецуляктың жесірі де музыка тыңдауға келді.
Гугуцэ барабан соққан кезде шыдап тұру қиын-ақ. Жұрт аяқтарын тарсылдатып, билеп жүр.
— Ей, Гугуцэ! Дамылдауға мұрша берші! Әбден сілеміз қатты!
Гугуцэ барабан соққанын сәл қоя қойды. Артынша тағы даңғыр-дұңғыр! Аула солқылдап, ағаштар теңселіп кетті; Гугуцэнің барабан даңғырлатқанын естісін деп, құстар ұясындағы балапандарын ұйқыдан оятып әбігер.
Сол күнгі кеште «Үш Лақ» селосында бірден үш үйлену тойы болып, үш-аулада барабан соғылып жатты. Бірақ оларға Гугуцэмен теңесу қайда! Михай ағай меймандарға көз жүгіртіп еді, олар аулаға сыймаған соң, тура көшеде билеп жүр екен. Осы кезде оған күйеу жігіттердің үшеуі бірдей жүгіріп жетті.
— Біздің үйлену тойымызға да меймандарыңнан берсеңші,— деп өтінді олар.
Даңғыр-дұңғыр!:. Күйеу жігіттер де шыдап тұра алмады, билеп ала жөнелді.
Міне, қалыңдықтар да жүгіріп жетті.
— Меймандарың бар болсын, ең болмаса күйеу жігіттерді тойға қайтарыңдар!
Даңғыр-дұңғыр!.. Сонымен қалыңдықтар да қол ұстасып, билеушілердің шеңберінде үйіріле жөнелді.
Күйеу жігітсіз, қалыңдықсыз той болушы ма еді? Ақыры, үш үйдегі үйлену тойыңдағы музыканттар да Лилидің үйіне қарай ағылды. Аспаптарын даңғыр-дұңғыр еткізіп, ең алда үш қарт барабаншы келе жатты.
Гугуцэ кішкене ғана Лилидің құрметіне қанша халықтың ойын-сауық құрып, би билеп жүргенін, қанша жұлдыздардың аспанда жамырап тұрғанын көріп, таяқшаларды аккордеоншыға берді де, үйіне ұйқтауға кетті. Қоштасарда жұрт оның бөркіне кәмпитті лық толтырды, ал Теадор Крецуляктың жесірі барабанды Гугуцэге басы бүтін бермекші болды.
ГУГУЦЭНІҢ ПАРТАСЫ
Көптен бері Гугуцэ ауладан көрінбеді. Оның ересек балаларға ісі түсіп жүр. Мектепте оқуға қажетті кітаптарды бүкіл селодан қарастырды. Ол төрт әліппе іздеп тапты, немере ағасының аспа сөмкесін сұрап алды.
Гугуцэ бірінші сентябрьге қараған кеште ауладағы балақайларға басқа дос тауып алуды тапсырып, өз ойыншықтарын қарындасына сыйлады. Тіпті, рульде жүргізушісі бар машинаны да соған берді.
Ол ерте жатқанмен, көпке дейін ұйықтай алмады, Байқаусызда балаларды аймалап ұйықтататын Ене қарт келіп, аспа сөмкесін алып кетсе қайтпекші? Аулаға жүгіріп шығып, Тарзанды байлаудан босатуға тура келеді.
Түні бойы Ене қартпен арпалысып шаршағандай-ақ, төбет үй іргесінде қыбыр етпей ұйқтап жатыр екен. Аспа сөмке де орнында тұр.
Гугуцэ екі құлағын бірдей жуып, жаңа костюмін киді, аспа сөмкесін иығына арта салып, бақтан гүл үзіп алды да, мектепке тартты.
«Бір кітаппен — біріншіге, екі кітаппен — екіншіге барады. Ал төрт кітаппен қай класқа баруға болар екен?»— деп жолшыбай Гугуцэ ойға қалды.
Мектеп табалдырығында директор тұр екен.
— Гугуцэмісің?— деп таңданды ол.— Бойың аспа сөмкеңдей-ақ екен! Бірінші класта оқу үшін әлі де бөрік бойы өсуің керек... Жарайды,— деді директор күліп,— келіп қалған екенсің, мектеп учаскесінен қарбыз алып жей ғой.
Гугуцэ ұялғанынан жерге еніп кете жаздады. Аспа сөмкесі кітапқа толы адамды бүкіл балалардың көзінше қарбыз жеуге жібереді деп кім ойлаған!
Гугуцэ өкпелеп, үйіне тартып отырды.
Директор Гугуцэнің ренжіп кеткенін түсініп, кешқұрым татуласпақшы болып келді. Балаға олай да, былай да айтып көрді, бірақ бабын таба алмай қойды.
— Гугуцэ, сен мектепте үзіліс кезінде қоңырау сылдырлатып тұрсаң қайтеді? Бұған қалай қарайсың?
— Жоқ, ол болмайды.
— Мереке кезінде мектеп сахнасынан тақпақ оқып беруіңе мен қарсы болмас едім. Сен бұған не дейсің?
— Ештеңе де айтпаймын.
Директор түк те өндіре алмай қайтты.
Ал Гугуцэ әкесіне былай деді:
— Әке, маған ауладан мектеп салып берші.
Әкесі желкесін қасып:
— Әйтеуір, салған соң, мектепті кәдімгідей етіп салу керек. Ал менде оны салатын көтергіш кран да, самосвал да жоқ,— деді.
— Онда парта жасап бер,— деп тақымдай түсті Гугуцэ.
— Несі бар, парта жасауға болады.
Гугуцэнің алдында бірнеше күннен соң кәдімгі парта тұрды.
Гугуцэ мектепте қоңыраудың соғылғанын тыңдап алады да, партаға отырып, сабақ оқуға кіріседі. Бұл кезде бүкіл селодағы балақайлар дуалдың саңылауынан сығалаумен әуреленеді. Егер мынадай партаға отырғызатын болса, олар не сұраса, соны беруге әзір. Гугуцэ оларды аяп кетті: несі бар, кітап тауып алып, құлақтарын жусын да, бір-бірден келе берсін.
Парта жайындағы сыбыс бүкіл селоға тарады. Бақтың маңынан өткен сайын ересек адамдар дуалдан қарап: «Үш Лақ» селосынан тағы бір ғалым адам шығатын болды»,— десіп шаттанды. Ал кейбіреулері тіпті баққа кірді.
Күндерде бір күн Гугуцэ үзілісте отырғанда қақпа есігін ашып, мектеп директорының өзі келді.
— Гугуцэ, партаңа мені де отырғызшы.
— Жарайды,— деді Гугуцэ.— Тек ол үшін біздің бақтан алма жеуіңіз керек.
ТАРАЗЫ
Бірде Гугуцэ қалаға барғанда, үлкен таразыны көрді. Таразының жанында ақ халат киген ақсақал өткен-кеткендерді өлшеп тұр екен.
Үйге қайтып бара жатқанда, Гугуцэ қорада өз таразысының тұрғанын есіне түсірді. Әке-шешесі таңертең ерте егістікке кеткен кезде Гугуцэ қарындасы екеуі таразыны шығарып, дарбаза алдына орнатты. Гугуцэ жейдесінің етегін шалбарына салмай бос жіберді (қаладағылардың көпшілігі осылай жүреді екен). Жейдесі аппақ және ұзын болатын. Халат десе де болмай ма? Қарындасы күрекпен бір түп картоп қазып алды. Онда ірі де, ұсақ та картоптар бар екен. Бұлардың — таразы тасынан қандай айырмашылығы бар?
Гугуцэ қағазға «4» деген цифрды жазып, бір тиындықтың суретін салды да, қағазды таразыға жапсырып, өзі қатарына тұрды. Барлығы да қаладағыдай болды, бірақ өткен-кеткендер қаладағыдай емес, көңіл аудармай, таразының қасынан өте берді. Жарайды, онда «4» дегенді өшіріп, «3» деп жазайық. Тағы да ешкім жолаған жоқ.
«Жақсы, олай болса, бағасын бір тиынға дейін кемітейік. Aha, мына бір ағай тоқтады, таразыға көз салды, бірдеңе айтқысы келді-ау деймін. Жоқ, бастапқы ойынан қайтты да, өз жайына кете барды».
Гугуцэ таразыдағы қағазды алып тастады. Тегін өлшеуге тура келді. Оған да ешкім келмей қойды. Сол кезде қарындасы бір етек алма, бір етек алмұрт алып келді. Таразыға өлшенген ер адамдарға — алма, әйелдерге — алмұрт бермекші болды. Бірақ әрлі-берлі жүргендердің бірде-біреуі келісіп алғандай, таразыға жоламай қойды. Оның есесіне — көрші-қолаңның ұсақ балалары жүгірісіп келіп, бас киімдерін өлшеді де, алма мен алмұртты түк қалдырмай жеп кетті.
Түскі тамақ мезгілі таяп қалғанда, дарбазаның жанынан Гугуцэге таныс арбакеш өтіп бара жатты. Ол аттарын тоқтатып, мән-жайды сұрап білді.
— Уайымдамай-ақ қой,— деді.— Саған не істеу керектігін үйретемін. Кәне, таразыңды арбаға әкеп сал. Қырманға барайық. Ондағы жиналған халықты көрсең!
Олар қырманға келді, таразыны жерге түсіріп, жан-жаққа қарап еді — халық дегеніңіз қаптап жүр екен.
— Е, халайық!— деп саңқ ете түсті арбакеш.— Салмақтарыңның неше пұт екенін білгілерің келсе, мына жас жігітке келіңдер.
Бірақ жұмыс істеп жүрген жұрттың бірде-бірі мойын бұрған жоқ. Гугуцэ таразының қасында жападан-жалғыз қалды. Ол жейдесін шалбарланып, таразыны қырманға қалдырмақшы болған кезде, күн ұясына еніп кеткен еді. Өлшенетін адам болмаған соң, таразының қажеті қанша?
Тосыннан көптің ортасынан Ион ағай шыға келіп, маңдайындағы тер тамшыларын сыпырып тастады.
— Кәне, жігітім, мені өлшеп жіберші!— деді.
Ол Гугуцэге кәдімгі гір тастарын тауып беріп, таразыға тұра қалды, сол кезде Гугуцэнің көздері қуанғанынан шоқтай жанды.
Гугуцэ гip тастарын салып, құлағының үстінде қыстырылған қарындашты жұлып алды да, санай бастады:
— Ион ағай, бес пұт болды.
— Бар болғаны сол-ақ па?— деп Ион ағай мұртынан жымың ете түсті.
Гугуцэ енді сия қарындашты алып, ағасының салмағын килограммға шағып, қайта есептеп шықты. Тұп-тура жаңағы есептегеніндей.
— Қәне, мынаны өлшеп жібер,— деп Ион ағай жымиып, астық салынған бір қапты таразыға лақтырып тастады.
Гугуцэ қаптағы астықты өлшеп, оны Ион ағайдың салмағына қосты.
— Әлі де келіңкіремей тұр,— деп Ион ағай басын шайқады.— Қәне, әне бір астық үйіндісін қосып жіберші.
Қараңғы түскенге дейін Гугуцэнің таразысында тыным болған жоқ. Әне, шамдар да жанды, жай және сия қарындаштар да мұқалып бітіпті.
— Жігіт екенсің!— деді Ион ағай жымиып.— Ал, кәне, мына бір үйіндіні де өлшеп жібер,— деп бұрынғыдан жеті есе үлкен астық үйіндісін көрсетті.
Гугуцэ — жұмыс десе, жан-тәнімен кіріседі. Ион ағай оған үлкен таразы және екі көмекші берді. Гугуцэ егістікте апта бойы болды, қарындасы оған қарындаш, тор көз дәптерлер және тамақ әкеліп жүрді. Күніне бір жаңа дәптер бастайды. Қарындашта есеп жоқ: Гугуцэнің бір көмекшісі тек қарындаш ұштаумен ғана болды.
Сегізінші күні Гугуцэ астық өлшеуді аяқтап, шыққан цифрларды Ион ағайға көрсетті. Ион ағай маңдайын тыржитып:
— Тағы да ойымнан шыға алмадың, ұлым. Біраз үстеп қосу керек тәрізді,— дейді.
Сөйтті де, тау болып үйіліп жатқан жүгері собығын, күнбағыстан үйілген төбені, жүзім шоқтары тиелген арбаларды нұсқады. Ион ағай Гугуцэге үшінші көмекші және ең үлкен таразы берді.
Күз мезгілі болатын. Мектепте сабақ басталғалы қашан. Гугуцэ дәптерлерін чемоданға салып алып, қарт мұғалімнен жәрдем сұрауға кетті. Мұғалім үшінші кластағыларды түгелдей жауып жіберді. Ұлдар мен қыздар сандардың бәрін алып болғанша күндер жылжып өте берді, сия сауыттағы сия да таусылды, Сөйтіп, шыққан цифрлар ұп-ұзын болып поезша созылып жатты.
Гугуцэнің балаларға тағы есеп бергісі келді, бірақ егілген астықты, балалар жеп қойған жүзімді, құстар шоқып жем еткен дәндерді қалай өлшейтінін біле алмады. Ол Ион ағайды тауып алып, поезд тәрізді шұбатылған цифрды көрсетті:
— Ион ағай, сенің салмағың жүз мың пұт екен. Miнe, қанша екенін көрдің бе!
— Жарайды, солай-ақ болсын. Енді бәрі де дұрыс болған тәрізді.
Ион ағай мұртын сылап, тағы да былай деді:
— Ал, Гугуцэ, сенің денің cay болып, өсіп жетіліп, бойыңа күш-қуат берсін. Сенен жақсы оқушы шығары сөзсіз.
АЯЗ АТАЛАР ТУРАЛЫ ГУГУЦЭ АЙТҚАН ЕРТЕГІЛЕР
Гугуцэ Аяз аталардың қайдан пайда болатынын біледі.
Олардың өз елі бар екен. Ондағы бұлттар суықтан қалш-қалш етіп, күн бізде болғандықтан, оған күннің жарығы түспейтін көрінеді. Онда тек айдың сынығы мен бірнеше жұлдыздар ғана бар екен.
Әлгі елде Аяз аталардың алуан түрлері — қарттары, кішкенелері, тіпті титтейлері де өмір сүреді.
Қыс Әже оларды былай өрбітетін көрінеді: титімдей Аяз аталарды қарға сеуіп, әрқайсысын бөрікпен бастырып қояды. Титімдей Аяз аталардан ертеңінде бөрік киген Аяз аталар өсіп шығады екен.
Қыс Әже оларды үш күн үйде сақтап, тек қар қиыршықтарымен қоректендіреді де, ернінің үстіңгі жағына мұрт, иегіне ақ сақал шыққанша күтеді. Сонан соң: «Өздерің жетіліңдер»,— деп оларды аулаға шығарып, жаңадан кішкене Аяз ата жасауға кіріседі.
Кішкене Аяз аталар қар үстінде бірін-бірі қуалап, таудан шанамен сырғанайды, бөріктерін ақ аюларға лақтырады. Ал үйде қалғандары қардан қуыршақ соғады. Аяз аталар мектепке бұғы мініп барады. Аяз аталарға бүкіл ғаламдағы барлық тілдер мен дүние жүзіндегі барлық жолдарды біліп алу үшін мектепте тек география мен шетел тілдерін ғана оқытады. Олар жазуды қара тақтаға емес, аппақ қарға жазады.
Қартайған Аяз аталар ойыншық фабрикаларында жұмыс істейді. Аяз аталардың біреуі қапылыста еріп кетпеу үшін фабриканың төбесін шатырламайды.
Жаңа жыл алдында, үйлерін қар басып қалған кезде, Аяз аталар ойыншықтарды қапқа салып, бұғыларға салт мінеді. Бұғылар ен далада аяқтарымен қар бұзып, мүйіздерімен орманда жол салады. Аяз аталар ешкімнен де қорықпайды. Өйткені, олар қасқырларды ит тәрізді пайдаланады. Олар аппақ ат қораға жеткенше жүре береді, жүре береді. Онда оларды түнде де жолды көре алатын бадырақ көзді аттар күтіп тұрады.
Бұғылар солтүстікке, Қыс патшалығына бағыттап, артқа қарай шаба жөнеледі, ал ақ аттар Аяз аталардың біреуін шығысқа, екіншісін батысқа, енді біреуін оңтүстікке алып кетеді. Тек шана табанындағы қар ғана сықырлап, қарлы борандар ақ сақалдарды желбіретеді, ал Аяз аталар аттарды ақ сақалдарымен қамшылап айдайды. Олар селолар мен қалалардағы барлық балаларға сыйлық жеткізіп береді.
Аяз аталар қапшықтары босап, балалардың барлық тілде Жаңа жыл шыршасында айтқан тақпақтары мен өлеңдерін жаттап алған соң, алды-артына қарамастан үйлеріне қарай зытады. Олар үйге келгенде, балаларға арналған өлеңдерді біріне-бірі айтып, тақпақтар оқиды, сөйтіп, тағы да Жаңа жылдың келуін тағатсыз күтеді.
Осы уақыттардың барлығында да Аяз аталардың елінде бұлттар суықтан қалшылдап, аспанда тек айдың сынығы мен бірнеше жұлдыздар ғана жарқырап тұрады.
ЖАҢА ЖЫЛ ТҮНІ
Шырша есікті өзі ашып, үйге енді. Оның соңынан орманшы да кірді. Орманшының қызы Дойна алақанын шапалақтап, шырша тұратын орынды көрсетпекші болып жүгіре жөнелді.
Алуан түсті құстар, тиіндер, қояндар тек шыршаның келуін күтіп жүрген болатын. Олардың біреуі бұтақтарға қонақтап, тағы бірі бұтақтардың астында теңселіп жүр. Шыршадағы шырақтар жанды. Жаңа жылды қарсы алуға бәрі даяр болды.
Молдаван селоларында Жаңа жыл еп-елеусіз болып өте салмайды. Ол Жаңа жыл түнінде адамдардың үй-үйді аралап жүріп, бірін-бірі құттықтауын, терезелер алдынан: «Гей-гей!»— деген айқай естіліп, қоңыраулардың сыңғырлауын қалайды.
Дойна терезе алдына отырып алып, қараңғыға көз тікті. Тек өте алыстан селода сыңғырлаған қоңыраулардың үні ғана естіледі.
Селоғаа Жаңа жыл келіп қойыпты,— деді қыз ішінен. Ал біздің терезенің алдында қоңырау әлі сылдырлаған жоқ. Енді оның үнін Жаңа жыл да ести алмайды, сөйтіп, ол бізді таба алмай қалатын болды. Біздің әкеміз үйді неге ғана орманға салды екен? Мені құттықтауға енді Гугуцэ де келе алмайды. Ол иттен қорықпайды, сондықтан оған селода қорқыныш жоқ. Aл орманда ше? Орманда әлдеқандай аңдардың кездесіп қалуы мүмкін ғой!»
Дойна тұнжырап кетті. Оған тіпті шырша да шырақтарын жабырқау жыпылықтатып тұрғандай болып көрінді.
Сағат түн ортасы болғанын білдірді. Шешесі, әкесі және атасы Дойнаны бас салып сүйе бастады, оған сыйлықтар беріп, Жаңа жылмен құттықтады.
Бірақ терезе алдынан: «Гей-гей!»— деген айғай естіліп біp рет те қоңырау сыңғырламаған соң қандай Жаңа жыл болушы еді? Әкем де қызық, үйді неге ғана орманға салды екен?
Қыз әбден ұйқысы келгенше қараңғыға көз тікті. Бірақ көзі іліне бергенде терезе алдындағы қар сықырла
ҚАРЫЗ
Гугуцэ ауланы тәртіпке келтіріп жүріп, немере ағасына бір тиын берешек екенін есіне алды.
— Ертең Жаңа жыл. Мүмкін, олардың ақшасы таусылған болар. Алған қарызды қайтаруым керек.
Шешесі үйде болмай шықты. Гугуцэ бір тиындықты бөркінің астарына тікті, жолда біреу-міреу тонап кетпеу үшін тапанша алды — мықты болса, енді тартып алып көрсін! Шешесінің фотосуретін қалтасына салып, жағасын көтерді де, немере ағасы тұратын көрші селоға қарай жүріп кетті.
Жолшыбай баланы бірде шаналы адамдар, бірде машиналар қуып жетті. Олар қуып жетсе-ақ болды, тоқтай қалады. Жүргізушілер, сірә, Гугуцэнің машинаға тегін отырмайтынын біліп алған болса керек.
— Мен жаяу-ақ жүре беремін,— дейді Гугуцэ.— Жаңа етікке аяғымды үйретейін деп едім.
Міне, Рэут өзеніне салынған көпірге де келіп жетті. Енді жүрер жолдың жарымы ғана қалды.
Гугуцэ мамасын сағынып, фотосуретті қалтасынан алды да, ауыр күрсінді:
— Байғұс, мамам-ай!
Алақанына бір үрлеп алып, алға қарай тарта берді.
Аяқ астындағы қар басқа бітірері болмағандықтан, сықыр-сықыр етеді.
Гугуцэні тағы да екі машина қуып жетті:
— Отыр, жігітім.
— Тауға қарай көтеріліп барасыңдар ғой,— деді Гугуцэ.— Машинаға ауыр болар. Біраздан соң қайтамын, сонда жеткізіп саларсыңдар.
Көрші селодағы балалар аула-ауланы аралап, үй иелерін Жаңа жылмен құттықтап жүр екен. Олар тілектерін дауыстап айтып, тамағы қарлыққанша: «Гей-гей- леп!» жар салды, қоңырауларын қағып, соған бақыр ақша мен қалаш жинап алыпты. Өте көп болғандықтан, балалар қалашты таяққа тізіп, иықтарына салып, көтеpіп барады.
Гугуцэ бөркін желкесіне қарай ысырып қойды (ойлағанда маңдайға ауырлық түспесін дегені), сөйтті де, өз-өзінен сыбырлап:
- Бір тиынға қоңырау сатып алсам қайтеді? Немере ағайыма таяққа толтыра тізілген қалаш апарсам, қатып кетер еді-ау!—деді.
Дәл осы кезде көрші ауладан бір ұл, бір қыз шықты, олар құртақандай болғандықтан, қоңырауды таяққа өткізіп алып, екеулеп көтеріп келеді.
Гугуцэ бөркін дереу маңдайына түсіріп: жоқ, ол мұндай құртақандайлармен бірге жүре алмайды, Гугуцэ тәрізділер түнде құттықтайды.
Бірақ Гугуцэ балақайлардың қоңырау сыңғырлатқанын естіген сәтте, бөркін қайтадан желкесіне апарып, тағы да ойға шомды. Бұл екеуі, бәлкім, Гугуцэні кішкене бала санап, өздеріне серік етпекші шығар. Солай болып жүрмесе игі еді! Гугуцэ оларға:
— Кәне, мені де құттықтап жіберіңдер!— деді де, ол сөздің аузынан қалай шығып кеткенін білмей, өзі таң қалды.
— Дәл осы арада ма? Жол үстінде ме?
— Енді қайда болушы еді? Мен бұл жерлік емеспін ғой.
— Біз жол үстінде құттықтамаймыз,— деді де, құртақандай бала әрі қарай жылжыды.
Ал қыз бала бастан-аяқ көз жүгіртіп, былай деп күбір ете түсті:
— Сен, бала аға, сонау аулаға кір, сонда біз сені құттықтаймыз.
Гугуцэ үш қадам аттап еді, ауладан шыға келді.
Құртақандай бала қамшысын сарт еткізіп, былай бастады:
— Отағасы, сіздерді құттықтауға,
Рұқсат па жаршы боп, жыр жырлауға?
Гугуцэ басын изеп:
— Рұқсат бердік?—деді.
Бұдан соң жаңа жылға арналған жырды қыз әндете жөнелді:
Троян ағайдың аты
Тұрды ұйқыдан ерте тым.
Деді ол былай кісінеп:
«Жер жыртуға бекіндім!»
Егер қалаш жесем мен,
Бұдан да бетер жырлар ем.
Жар саламыз: «Гей-гейлеп!»
Соқ,- қоңырау күмбірлеп!
— Сыйлықты қайсың жинаушы едің?— деді Гугуцэ.
Құртақандай бала алға ұмтылып шықты, Гугуцэ бөркінің астарындағы бақыр ақшаны сөгіп алды да, балаға ұсынды. Қалаш болмағандықтан, оның орнына тапаншасын беруге тура келді. Енді қарақшылардан несіне қорқады.
Балақайлардың қуаныштарында шек болсашы!
Гугуцэ оларға келесі жылы да ұмытпай құттықтауды айтып үйіне қайтты.
Немере ағасы келесі жылға дейін бірдеңе етіп төзе тұрады ғой, дәл Жаңа жыл алдында ұлын жоғалтып алған байғұс мамасының күйі не болды десеңші?
ЕТІКШІ
Гугуцэнің бір көршісі бар, оның үйі толы — бала.
Алғашқы қар жапалақтап жауа бастаса-ақ, әлгі көрші балға, ине-жіп, кішкене қалып алады да, қар түспейтіндей ұзын қонышты етік тігуге кіріседі.
Ол алғашқы бір пар етікті тігіп бітірісімен, ауладан сырғанап шыққан шана ізін айқын көруге болады.
Көрші енді келесі қалыпты қолына алады. Тағы да күн сайын ине жып-жып етіп, жіп ұшы шошаңдап, балға түн ортасы ауғанша толассыз тықылдайды. Енді бір көз салсаң, екінші пар етік те әзір болып, ауладан сырғанай жөнелген екінші шананың ізін көресің.
Көрші мұртын сылап, қалыптың басқасын алып, үшінші пар етікті тігуге отыра бергенде, алғашқы етіктердің жыртылып та үлгергенін көзі шалды. Ол көзілдірігін киіп, инесіне жуандау жіп сабақтап, қолына бұрынғыдан үлкенірек балға алады.
Түні бойы дамылсыз «Тық-тық!» еткен дыбыс естіледі.
Ал таңертең еденге топ ете түскен қос етіктің есіктен зып етіп шығып, аулада жүргенін бір-ақ көресің.
Оның есесіне көршінің өзі бүкіл қыс бойы үйінен шыға алған жоқ. Гугуцэ көршінің балаларымен бірге оған отын әкеп беріп тұрды, диірменге барды, аулаға иелік жасады.
Балалар істі тындырысымен шананың тізгініне жармасып, тауға тартып отырады. Бойы етіктен сәл қалыңқылары қарға малтығып Аксинтий шоқысына қарай кетіп бара жатса, ұзын бойлылары Рэут өзенінің мұзы арқылы өтіп, ұлтандарын аямастан, шаналарын жетектеп, тіп-тік Диірмен тауға тура өрмелеп шығады.
Балғаға тағы да түнімен тыным жоқ.
Кейде ескі етікті жамағаннан гөрі, жаңасын тігу әлдеқайда оңайға түседі. Ал көршінің әйелі бәрінен де шаналарды өртеп жіберу оңай деп есептейді.
— Ондай сөзді қой. Өзің бала болып көрмеп пе едің!— деп көрші әйеліне басу айтады.
Ол көзілдірігін тұмсығының үстіне іліп, балғасын қолына алды. Балғаның тықылынан үйдегілердің барлығы ұйықтады, тіпті терезе сыртында жауып тұрған қар қиыршықтары жерге баяу түсіп, қыстап қалған құс терезеден көз салды да: «Ағаш басындағы құстарға да жылы етік тігіп беретін осындай біреу болар ма еді»,— деп қиялдады.
Күндердің күнінде балалардың етіктері жыртылмайтын болды.
Көрші: «Әлде қыс аяқталды ма екен»,— деп, терезеден сыртқа көз жіберді. Жоқ, қыс аяқталмапты, тізеден келетін қалың қар жатыр. Тігетін де, шегелейтін де басқа ештеңе жоқ болғанына көрші қуанып кетіп, өз етіктерін жөндеуге кірісті. Түнде ұйқтап, асығып-аптықпастан тіге берді.
Бірде ол «Тық-тық! еткен таныс дыбыстан оянды.
Көрші орнынан тұрып, шам жақты. Барлығы да орны-орнында: басына қалып жастанған балға жым-жырт жатыр.
Көрші желкесін қасыды да, балғаны жастықтың астына сүңгітіп жіберді.
Біраздан кейін «Тық-тық!» еткен балға дыбысы тары да естілді.
Көрші шам жақпай-ақ, орнынан тұрып киінді де, тықыл шыққан жаққа қарай беттеді. Қараңғыда есіктің ысырмасын сипалап тауып, есікті ашты да, көшеге шықты. Гугуцэнің терезесінен жарық көрініп тұр екен.
Көрші бір көзін қысып, терезеден үңіліп еді: бір кездерде жұлынып түсуді доғарған ұлтандарға Гугуцэнің кішкене орындыққа отырып алып, пәрмені жеткенше шеге қағып отырғанын көрді.
— Міне, мәселе қайда жатыр!— деді мән-жайды ұққан көрші. Сөйтіп, ол мұртын сылап, үйіне барды да, жастығына жантайды.
Таңертең әйелі оған: «Жай жаттың»,— деп дүрсе қоя берді. Өйткені, балғаның түнгі тықылын ол да өз құлағымен естіген болатын.
Көрші тіл қатпады, мұртынан жымиып, ештеңе болмағандай, инесіне жіп сабақтап отыра берді.
САҒАТ
Кейде әкесінің қолы бостығын байқап қалып, Гугуцэ жүгіріп келеді де:
— Әке, сенің сағатың тозып, онда санаулы ғана минуттар қалғанда сағатыңды маған берші,— дейді.
Әкесі оны шашынан сипайды, оған Гугуцэ мәз болады: көндірді-ау, әйтеуір!
Күндер жылжып, апта артта қалса да, әкесі сағатын бермеді. Әсілі, сағаттағы минуттар саны әлі де көп болса керек.
Қалай болғанда да бұл минуттар таусылуға тиіс қой. Гугуцэ қолына сағаттың бауын тағып та алды, міне, әкесіне таяп келіп, бауға қарады да:
— Қызық, қазір уақыт қанша болды екен?— деді ішінен ғана.
Әкесі ештеңе де байқап отырған жоқ, ал атасы, неге екенін кім білсін, күнге көз салып қояды.
Ата, сен не істеп отырсың?— деді Гугуцэ.
— Не істегені несі? Уақыттың қанша болғанын білгелі отырмын.
— Ата, күн сенің сағатың ба?
— Иә, сағатым. Көптен бері-ақ соған қарап өмір сүріп келемін.
Гугуцэ атасының сағатын әкесіндегі сағатпен салыстырды. Әрине, атасының сағаты әлдеқайда жақсы. Әкесінің сағатын балғамен бір қойса, бірде-бір минуттары қалмай, быт-шыты шығады. Ал атасының сағатын зеңбірекпен атқыласаң да былқ етпейді. Оның үстіне ол жарық береді, жылытады. Аңдар мен құстар да соған қарап өмір сүреді. Сондай-ақ атасының сағатын бұрап жүргізудің де қажеті жоқ, ол тоқтаусыз жүреді.
Оның Гугуцэге ұнағаны соншалық, ол тіпті қолындағы сағаттың бауын лақтырып жіберді.
Дегенмен ол бір күні әкесінен:
— Сағатыңда қалған минуттардың саны аз ба, көп не, егер санаулы ғана минуттар қалса, сағатты лақтырып тастайтын бала керек емес пе?— деп сұрады.
Әкесі жауап берместен, сағатын сипалады да, жеңіне жасырып қойды.
— Бәрібір ең негізгі сағат — атамның сағаты!— деді Гугуцэ.— Сенің сағатыңды жөндегенде сағатшы оны атамның сағатына қарап тексерді.
Әкесі Гугуцэнің қолынан ұстап:
— Ақылыңнан айналдым! Осы бағытыңнан танба, сағатымды бердім саған!— деді.
Гугуцэ сағаттың бауын лақтырып тастағанына өкініп, дереу бауды іздеуге жөнелді.
Атасының сағаты кешке қарай ұйқыға кетті. Ал Гугуцэ өз сағатын құлағына тосып, мүлде ұйықтай алмай қойды. «Сағаттың минуттары бітіп кетер ме екен»,— деп зәресі де қалмады.
Алайда сағат таңертең де тықылдап жүріп тұрды.
Гугуцэ оны алақанына салып алып, селоға қарай жүгірді. Гугуцэ сағатын төсегінен тұрып жатқанға да, аулада жүргенге де, құдық басындағыға да, кезіккендердің барлығына көрсетіп шықты.
Сағатта санаулы минуттар қалған болуы керек, бірақ қанша уақыт екенін селоның білуіне сол қалған минуттардың өзі-ақ жетіп жатты. Ол кезде атасының үлкен сағаты аспанға әлі көтерілген жоқ болатын.
АТАСЫНЫҢ ТАЯҒЫ
Міне, сонымен атасының туған күні де келді.
Гугуцэнің шешесі атасына жейде, әкесі — үйде киетін кебіс, қарындасы — гүл, ал Гугуцэ — таяқ сыйлады.
Атасы гүлді вазаға салып, жейдені сандыққа тастады, ал оң қолында таяқ болғандықтан, Гугуцэні сол қолымен құшақтады. Түскі тамаққа отырғанда әлгіде ғана сөз болған таяқ атасының қасында тұрды. Әкесі әңгімені кебіске бұрмақшы болып, әлсін-әлсін төсек жаққа көз тастай берді, атасынан аяғы жаурамады ма деп сұрады, бірақ атасы жауап берудің орнына, оған таяғын көрсетті.
Гугуцэ кешкілік төсегінде ұзақ аунақшып жатты. Істің төркіні анық болды: таяқ атасына қатты ұнады, сондықтан, ол таң бозарып атқанша ұйықтамастан, таяқты таянып жүреді де қояды. Бұдан таяқ тозып, қысқарып қалады, өйткені, ол темірден жасалмаған.
Елең-алаңда Гугуцэ әкесінен темір сақина сұрап алды да, атасына қарай тұра жүгірді. Жолай кезіккендердің барлығынан:
— Таяқ таянған атаны көрмедіңдер ме?— деп сұрады. Оған біреуі иығын қиқаң еткізіп, енді біреуі қолын ербеңдетті. Сөйтіп, Гугуцэ таяқ таянған атасы бірдеңеге душар болып қалмады ма екен деп абыржи түсті.
Бір тәуірі — атасы жаңа ғана оянып, шешесі берген жейде мен әкесі берген кебісті киіп алып, үйде әрлі-берлі жүр екен. Гугуцэ сыйлаған таяқ жайбарақат шегеде ілулі тұр, ұшы тіпті мұқалмапты да. Сірә, Гугуцэ өзі аңғарып,ұшына темір сақина кигізгенге дейін атасы таяқты ұстамай қоя тұруға ұйғарған болса керек.
Үйде сіріңке жоқ екен. Атасы дүкенге барады, сол кезде Гугуцэ ұшында темір сақинасы бар таяқтың жүргенде атасына ауыр немесе жеңіл болатынын көрмек.
Бірақ атасы сіріңкеге Гугуцэнің өзін жіберді.
Келесі күні Гугуцэ таяқты өте ауыр болар деп ойлады. Оның ұшындағы темір сақинаны алды да, таяқтың ұшына жеп-жеңіл резеңке дөңгелек кигізді. Енді жеңілдеу болуға тиіс. Дәл осы кезде атасын қой қора салуға шақырған болатын. Ол қазір үйден шығады, сол кезде Гугуцэ ұшына резеңке дөңгелек кигізілген таяқтың атасына қолайлы немесе қолайсыз болатынын байқайды.
Бірақ Гугуцэні атасы өзімен бірге ертіп кетті де, таяқ сол шегеде ілулі қалып қойды.
Гугуцэ құрылыста бір минут та жұмыссыз болған жоқ. Ол ешқашанда қой қора салып көрген емес. Бағаналарды да өзі ұстап, атасына тақтайларды да өзі әкеліп берді. Барлығы жайлауда болғандықтан, қойға арнап есік салатын кезде оның қасында бірде-бір қой болмай шықты. Гугуцэнің құрылыста болғаны жақсы болды. Есік тура Гугуцэнің бойымен бірдей етіп жасалды.
Бұдан соң шопан Гугуцэге бір тостаған май суын және үлкен ағаш қасық берді.
Жаз өтті. Шешесі берген жейде оңып кетті. Әкесі берген кебіс жыртылып бітті. Тек таяқ қана бұрынғысындай шегеде ілулі тұрды.
Бір күні атасы Гугуцэні базарға ертіп барды. Олар сатуға ештеңе де апарған жоқ. Жай, әншейін, атасының басқа селодағы таныстарын көріп, әлдебіреулермен тілдескісі, біреулермен қалжыңдасып, тағы біреулермен шүйіркелесіп, әңгімелескісі келді.
Гугуцэ де қарап қалмады: оған атасы балмұздақ сатып әперді.
Бала оң қолымен балмұздақты ұстап, сол қолымен көп адамдардың арасында адасып қалмау үшін атасын жетектеп алды.
Базардан үйге қайтып бара жатқанда Гугуцэ батылдық жасап:
— Ата, сен менің таяғымды асыра мақтай отырып, оны шегеде ілулі қалпында қалдырғаның қалай?— деді.
Атасы баланың қалпағын көзіне түсіре кигізіп, иығынан сілкіледі де:
— Ал сонда сен не үшін қажетсің? Менің таяғым, Гугуцэ, сенсің!— деді.
ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ГУГУЦЭ
Шешесі Гугуцэні баяғыдан-ақ ересек санап, тіпті капитан деген атақ та берді. Бірақ әкесі оны күні бүгінге дейін кішкене деп есептейді.
Әкесі ертемен жұмысқа кетіп бара жатқанда: «Гугуцэні күн түсіп, тым ерте оятып жібермесін»,— деп пердені жабады, ал кешкілікте: «Әлі де құртақандай бала» деп, қояндар беріп жіберді» дегенді сылтауратып, нан әкеліп беріп жүрді.
Гугуцэ қоян сыйлаған нанға кенеліп, күн артынан күн жылжып өтіп жатты, алайда ол бір күні әкесінің аяғына қолын жіппен байластырып, ертеңгісін күнмен бірге тұрды.
Бірақ әкесі оны егістікке бәрібір апармады.
— Есейе түскенің жөн, сен әлі жассың,— деді. Әкесі үйден шығып кетті, ал Гугуцэ терезеден сыртқа қарап отырды да, үйден қашықтаған сайын әкесінің біртіндеп кішірейе түсетінін байқап қалды.
Гугуцэ көшені бойлай жүгіріп өтті. «Үш Лақ» селосындағы ересек адамдардың барлығы солай кішірейеді екен. Олар селоның бір шетіне жеткенде — қарындасының бойындай ғана, ал одан әрі барғанда — қарындасының башмағынан да кішірек, ақырында мүлде құйтақандай — көкнәрдің дәніндей ғана болып кетті.
Гугуцэ оларға қарағанда кәдімгі алып адам тәрізді, шыбықтан ересек адамдар мен үлкен балалар егістікке кеткенде Гугуцэнің король болғанына таңданатын не бар.
Кішкене балалар Гугуцэнің король болғанына келісті. Сөйтіп, олар алуан түрлі маңызды да шұғыл шаруалармен оның сарайына ағылып келе бастады.
— Ұлы мәртебелім, менің шатырымнан су ағып тұрғаны, шифер жібер!— деп бұйрық берді.
— Ұлы мәртебелім, диірменге астық апаруға маған ;арба керек!
Гугуцэ ешкімнің де көңілін қалдырмады, барлық істі ретіне келтірді.
Міне, сонымен оның дарбазасының алдына ат та емес, арғымақ та емес, әп-әдемі құлыншақ алып келді,
Гугуцэ құлыншаққа қарғып мініп, өз иелігіндегі дүниені аралап көруге аттанды.
Дәл дарбазаның алдында жасқа булыққан бір сәби оны тоқтатып, былай деді:
— Ұлы мәртебелім, Гугуцэ, мен үйрегімнің балапанынан айрылып қалдым!
Гугуцэ үш қайтара ысқырды, сол-ақ екен, қайдан келгені белгісіз, әлде аттар ма, әлде салт аттылар ма, шауып жетті. Қалай болғанда да олар салт аттылар тәрізді күбірлесіп, үйірлі жылқылар тәрізді тұяқтарын тасыр-тұсыр еткізді.
— Үйректің балапанын дереу тауып беріңдер!— деп бұйырды Гугуцэ.— Сірә, ол сай ішінде жүрген болар.
Сөйтті де, құлыншағымен желе жөнелді.
Ұлы мәртебелі Гугуцэнің қылышсыз-ақ, бас қорғаушысыз-ақ іс тындырып жүргенін айтпай кетуге болмайды.
Ол бір көшедегі үй мұржасынан қою түтіннің бұрқырап шығып жатқанын көрді. Гугуцэ құлыншағының басын тежеді.
— Бұл не? От неге жанып жатыр?
Үйден жеңі түрулі, алжапқышы бар кішкене қыз шыға келіп, былай деді:
— Ұлы мәртебелім, мен ата-анама түскі тамақ aпаруға тиісті едім. Күн төбеге көтеріліп кетті, егістік өте қашықта, тамақты уақытында пісіріп үлгермей қаламын ба деп тұрмын.
— Түсінікті,—деді Гугуцэ.— Құрметті ата-аналарыңа Ұлы мәртебелі Гугуцэнің ішкен асының жұғымды болуын тілегенін жеткіз.
Келесі көшеде Гугуцэ басына малақай, үстіне жүннен тоқылған кеудеше киген сәбидің үстінен шықты жаз ортасында бұлай киінуі ғажап-ақ.
— Ұлы мәртебелім, «Құдықтың түбінен қараса жұлдыз тіпті күндіз де көрінеді» деген сыбыс бар. Руқсат етші, мен құдыққа түсіп, түбінен жұлдызды қарай көрейін, соған қоса, құдықтың суын аршып, тазартамын,— деді сәби малақайын басынан шешіп.
— Малақайыңды басыңа киіп ал. Құдықтарды тек мереке күндері ғана тазалайды.
Сол екі арада салт аттылар үйректің балапанын тауып әкелді. Міне, олар Гугуцэнің портретін таяққа іліп алып, көшеде сап түзеп келе жатыр.
Иығында ырғай мылтығы бар салт аттылардың бірі Гугуцэні сарай алдынан күтіп алып, былай деді:
— Ұлы мәртебелім, патрондар оқтайтын білтеге зәруміз.
Гугуцэ білтені зығырдан жасайтынын білетін, құлыншағын ойнақтатуға босатты да, өзі салт аттылармен бірге тура сарай алдынан жер қашап, бүтіндей бір жүйекке зығыр егіп тастады.
— Енді патрон бүкіл жыл бойына жетеді!— деп салт аттылар мәз-мейрам болды. .
Түс ауа Ұлы мәртебелі Гугуцэ шалғынға барып, көбелек аулауды дұрыс деп тапты. Ол көбелектерді қалғамен аулады. Корольдің аңшылығы өте сәтті өтті. Көбелектер Ұлы мәртебелі корольдің тәжіне өз-өзінен келіп жатты. Сірә, король сарайына баруға олар да ынтық, болса керек.
Аса маңызды да кезек күттірмейтін ұлы істерді тындырып, қалжыраған Ұлы мәртебелі король кешке қарай ауланың шетіне шықты.
КӨҢІЛДІ ӘНДЕР
Иоанна әжейдің тауығына Гугуцэ кесек атқаннан бері «Үш Лақ» селосындағы адамдардың ешқайсысы күлмейтін болды. Гугуцэні жұрттың көзі шалса-ақ болды, бастарын салбыратып, түксие қалады. Тіпті шешесі де күлмей қойды. Не істесе екен? Қалай күлдірсе екен?
Жолда тауық, үйрек, күркетауықтардың жүргенін көресің. Бірақ олар күлкіні қайтсін, тұмсықтарын — дән шоқып, су ішкенде ғана ашады.
Гугуцэ Лука атайдың үйіне таяп келді. Бұл атай басқалардан ерекше. Ол өткен жылы Гугуцэге қарбыз берген болатын.
Гугуцэ есік қақты. Есік сықыр ете түсті де, одан Лука атайдың қалпағы көрінді.
— Гугуцэ, жай ма?
— Лука атай! Мүмкін сен күлкіге кенелтерсің?
— Мен ертеңгі асымды ішпекші едім,— деді Лука атай.— Сен, балақай, маған өкпелеп жүрме, мен аш қарында ешқашан да күліп көргенім жоқ.
Гугуцэ одан әрі жүріп, Тудора әжейді қуып жетті.
— Тудора әжей, кел, күлкіге кенелейік.
— Ол не дегенің, боташым! Мен табынға сиыр қосуға кетіп барамын.
Сөйтіп, әжей сиырын шыбықпен қақпалай айдап кетті.
Гугуцэ көрші көшеге қарай бұрылып, жұрттың құдық қазып жатқанын көрді. Олар су көріне ме деп үміттенеді, бірақ топырақ қана шығады. Гугуцэ жүрелеп отырды да, құдықтың түбіне қарады. Құдықтың түбіндегі адамдар оның қалпағынан да кішкене тәрізденіп көрінді. Жерді тесіп, Америкадан шығатын уақыт болды, бірақ су табылар емес. .
— Келіңдер, күлкіге бір кенелейік!— деді Гугуцэ дауыстап.
— Күлетін жерді тапқан екенсің!— деп ашуланды жұрт.
Гугуцэ үйге салы суға кетіп, мұңайып қайтты. Жұртты қалай көңілдендіруге болады?
«Бүйткенше,— деп ойлады Гугуцэ,— мұржаға түсіп, үстімді күйелеп, селода қап-қара қалпыммен жүрсем қалай болар еді. Сонда жұрт күлкіге кенеліп, маған ендігәрі ашуланбайтын болар. Болмаса, шешемнің көйлегін киіп алып, көшеде қыдырсам, тіпті жақсы болатын шығар».
Бірақ әлдекім құлағына: «Оныңнан түк те шықпайды. Онда жұрт: «Мынау Иоанна әжейдің тауығына кесек атқанымен қоймай, енді көшеде қылжалаңдап жүретінді шығарыпты ғой. Ой, ұятсыз!»— демей ме»,— деп сыбыр ете түскендей болды.
Енді не ойлап тапсам екен? Гугуцэ тұра қалып ойланды, бірақ есі дұрыс ештеңе ойына келмеді. Ол үй іргесіндегі топыраққа отыра қалды. Бірақ ол жерде де тәуір ой басьіна оралмай-ақ қойды. Осы тұста Гугуцэ шарбаққа өрмелеп шығып еді, ойына бір нәрселер сап ете түсті. Ойына алғанын естен шығарып алмау үшін, жұрт жүрген жаққа қарай тұра жүгірді.
Көшені бойлап, жүгіріп келеді. Аулаларда ешкім де көрінбейді. Бір кезде жол шетінде тұрған тракторды көзі шалды. Тракторшы ашуланып, тоқтаны қанша айналдырса да, трактор от алмады, міз бақпады.
— Ағай, ағатай!— деді Гугуцэ даусын қаттырақ шығарып.— Сен оған ән айтып бер.
— Қандай ән айтуым керек!— деп бұрқылдады тракторшы.
— Міне, мынандай ән айтып бер:
Трактор, трактор, тез отал —
Бізбен босқа ойнама!
Трактор, трактор, бол, қозғал —
Алға. Өзге аулаға!
Тракторшы мырс етті, ал трактор дүр ете түсіп, орнынан жұлқына қозғалды да, жүріп кетті. Тракторшы жүріп бара жатқан тракторды қуып жетіп, секіріп отырып алды, көңілдене күліп, балаға қол бұлғады.
Гугуцэ әрі қарай жүріп кетті. Жүзімдікте қарттардың кетпенмен арамшөп отап, жер қопсытқанын көрді. Кетпендері өте үлкен, батпандай екен. Қарттар маңдай терін жеңімен сүртіп жүр. Олардың арасында Лука атай да жүр.
— Атай, атай, сен кетпенге ән айтып бер, сонда кетпендер іске өздері-ақ кірісіп кетеді.
— Ән айту деген не ол?— деп күңкілдесті қарттар;
Гугуцэ Лука атайдың кетпенін алды да, былай деп әндете жөнелді:
Ей, төселер-кетпендер,
Тұрмаңдар қарап тек сендер.
Қажет болса ағаш сап —
Қопар жерді, өңде, шап!
Қарттар күлкіге әбден кенелді, ал кетпендер жарқ-жұрқ етіп, іске кірісіп кетті. Жұмыс өз-өзінен қызып, енді істейтін ештеңе қалмаған соң, қарттар қол ұстасып алып, үйлеріне қайтты.
Гугуцэ де үйіне қайтып барады. Кімге кезіксе де, оны шаттық жүзбен жылы ұшырап қарсы алды. Дегенмен де ол Иоанна әжей үйінің қасынан өтпеу үшін тар көшеге түсіп, бұрылып кетті.
ГУГУЦЭНІҢ ӘТКЕНШЕГІ
Гугуцэ күнде әткеншек жасамақшы болады. Балалар: «Әткеншек тебеміз»,— деп Гугуцэге күнде-күнде келеді, ал Гугуцэ күн сайын ұялғанынан жерге кіріп кете жаздайды. Екі бағана орнатып беруге әкесінің де қолы тимей қойды. «Бүгін де, ертең де қолым тимейді» деп жүргенде Гугуцэ де қартайып бітер, ал сосын мықты болсаң — әткеншек теуіп көр! Әткеншекті телеграф бағаналарының аралығына орнатып қойса қайтер еді? Бірақ абайсызда сым үзіліп кетіп жүрсе, телеграмма атаулының бәрі Гугуцэнің ауласына үйіліп қалмас па екен?
Гугуцэге әткеншек туралы ойламайтын да күн туды,
«Сірә, басқа бірдеңе ойлап жүрген болар»,— деген тұжырымға келді үйдегілер.
Расында да Гугуцэ әлдеқайда жоқ болып кетті. Оны шешесі іздеп-іздеп, аяғынан тозды, таба алмай-ақ қойды. Әкесі бұл кезде құдықтан бақшаға шелекпен су тасып, помидор суарып жүрген болатын. Іс біте берген кезде, қайдан келгенін кім білсін, Гугуцэ шыға келді!
— Сен қайда жоғалып кеттің?— деп ашуланды шешесі.
— Қайда кетуші едім, әкеме помидор суарыстым,— деп жауап берді Гугуцэ.
Әкесі біресе шелекке, біресе өз қолдарына қарап, қабағын түйді де:
— Байқа, ұлым!— деді.
Сенбі күні кешке Гугуцэ тағы да зым-зия жоғалды. Шешесі іздеп еді — таба алмады, айқайлап шақырып еді — жауап болмады.
Осы кезде көрші әйел гүлдерді суарып жүрген болатын. Құдықтың иін ағашы біресе жоғары, біресе төмен қозғалып тұрды.
— Олина апай, Гугуцэ көзіңізге түспеді ме?
Апай иығын қозғалтты, гүлге соңғы рет су құйды, дәл сол кезде жер астынан шыққандай, Гугуцэ пайда болды. Шешесі ұрсып жүр, ал Гугуцэ ақтала сөйлеп, былай деді:
— Мен Олина апаймен бірге гүл суарыстым ғой!
— Тоқтай тұр, сені ме, әкең жұмыстан келсін...
Кешке әкесі арбамен келе жатып, аттарды суармақшы болып, құдыққа кідірді.
Шешесі Гугуцэні иығынан сүйреп: «Енді ешқайда да құтыла алмайсың»,— деп, әкесіне алып келді. Наразылық білдіре бастағаны сол еді, Гугуцэ жоқ болып шықты. Әкесі аттарды суарып, арба енді жылжи бергенде, Гугуцэ де соңынан ілесіп келе жатты.
— Ал сен енді не айтар екенсің?
— Несі бар, әкеме аттарды суаруға көмектестім!
Әкесі мен шешесі біріне-бірі қарап, бастарын шайқады.
Келесі күні шешесі Гугуцэні дәрігерге апармақшы болды. Бірақ алдымен қиярларға су құю керек.
Шешесі құдыққа барды. Құдықтың қасында тастар жатыр екен. Су алатын иін ағаштың екінші басына ілінген себетте басқа жүк бар тәрізді. «Жарқыным-ау, мынау Гугуцэнің қалпағы ғой!»
— Е, сен мұнда екенсің ғой! Қәне, түс шапшаң!
— Түспеймін! Мен сенімен бірлесіп қияр суарып отырмын ғой!
Сол күні кешке әкесі әткеншек орнатып берді.
Көршінің балалары әткеншек тепті, ал Гугуцэ оларға қарап тұрды: өзіңді құдықтың иін ағашымен көтергендей аспандататын әткеншек, сірә, жарық дүниеде бола қояр ма екен?
ГУГУЦЭНІҢ БӘКІСІ
Аю араның ұясын қолтықтап алып, кішкене бұлаққа келді.
Жоқтан өзгеге әуес шыбыш аюды суға қанғанша күтіп тұрып, былай деді:
— Маймағым, қандай жаңалық бар?
Аю қолтығындағы ара ұясын көрсетіп тұрып:
— Көрдің бе! Нағыз радио! Мұнсыз өмір сүре алмаймын. Музыканы өте қадір тұтамын!—деді.
Құлағын түріп алып, шыбыш жайына кетті. Бірақ радио емес — жер жарылғандай тасыр-тұсыр еткен дыбыс естілді.
Бұл — қоянға салт мініп алып, шауып келе жатқан қанқыз еді.
— Шынымен-ақ естімедіңдер ме? Тоқылдақтың қандай телеграмма соққанын, расында да білмейсіңдер ме?
«Тыңдаңдар! Тыңдаңдар! Тыңдаңдар! ОРМАНДА ГУГУЦЭ ЖҮР!»
— Сен әлі сайрап келесің ғой!— деп радиосына қатты ашуланып, жерге дүрс еткізіп тастап жібере жаздады.— Қанқыз, құлақ салшы, ол жалғыз ба, қалай өзі?
— Кімді айтасың? Гугуцэ ме? Маймағым, бәкісі бар, бәкісі! Сені сұрады!
Аю радиосын құшақтап алып (өлсе — музыкамен қоса өлмекші ғой), зытып берді.
«ГУГУЦЭНІҢ ҚОЛЫНДА БӘКІСІ БАР!» деген үн бүкіл орманға таралып кетті.
Тиін ағаш қуысының пердесін жауып алды. Түлкі құйрығымен қоса борсықтың ініне кіріп кетті. Қасқыр түйетікенге тапжылмастан орнығып: «Гугуцэ ғайыптан кешегі мен қойын жеген селодан болып жүрмесе жарады!»— деп өзіне-өзі ие бола алмай, қалшылдады.
«Тыңдаңдар! Тыңдаңдар! Тыңдаңдар! ГУГУЦЭ БОРСЫҚ ІНІНІҢ ЖАНЫНА КЕЛДІ!»
Түлкі іннен атып шығып, Жөке тоғайына қарай аяғы-аяғына тимей зытып бара жатты да:
— Ойпырмай-ай! Қара тауықты бейсенбі сайын енді ала қашпауға ант етіп едім! Аяғы түскір, сендерсіңдер осыған кінәлы, менен сұрамай, өздерің тұра жүгіресіңдер!— деді.
Ал тоқылдақ:
— Соңғы минуттар өтіп жатыр. ГУГУЦЭ ТҮЙЕЖАПЫРАҚҚА КЕЛДІ!— деп тоқылдады.
— Ау-у-у!—деп ұли жөнелді қасқыр.—Аюдың ең болмағанда радиосы бар, жаңалықтарды тыңдап, қызықтайды. Ал мен болсам өзімнің сұп-сұр түсімнен-ақ құритын болдым! Ау-у-у!
Сөйтіп, қасқыр басы ауған жаққа қарай зытып отырды. Оң көзін бақташылар соғып, шығарып жібергендіктен, қасқыр сол жаққа қарай қашты.
«ҚОЛЫНА БӘКІ ҰСТАҒАН ГУГУЦЭ ЖӨКЕ ТОҒАЙЫНА КЕЛДІ!»
Аю мен түлкі сонда бас бағып жүрген. Жалғыз қалып қоямын ба деп қауіптеніп, радионы түлкі арқалап алған-ды.
Ормандағылар күні бойы әбігерленді, аңдардың аяғы сатыр-сұтыр сындырған шөпшектерден үрейі ұшқан балапандар ұядан құлап түсе жаздады.
— Шешетайым-ай! Не болып кетті өзі? Соғыс басталып кеткеннен сау ма?
Кешке қарай аю әбден титықтады:
— Шыдамым әбден таусылды. Басымды қорғағаным болмаса, бұтаға аунағандай, быт-шытым шықты. Түлкі, сен тоқылдаққа барып, Гугуцэнің кім екенін, оның келбетінің қандай екенін және бәкісінің мылтықтан қаншалықты қорқынышты екенін сұрап келші.
Тоқылдақтың күлкіден ішек-сілесі қатты, ол былай деді:
— Солай ма екен! Зәрелерің кетті білем! Өздеріңе де сол керек! Гугуцэ үйіне әлдеқашан барған. Ол таңертең келіп, бәкісімен сыбызғы жасап ала салып, балапан ерткен күрік тауықты суаруға кетіп қалған.
КЕЛІ
Бір күні шешесі ертеңгілік Гугуцэні оятып алып, былай деді:
— Ботақаным, Симион ағайға барып, келісін сұрап әкеле қойшы. Зығыр түйейін. Әкең зығыр сүтін Ішкісі келіп жүр.
Гугуцэ орнынан тұруын тұрғанмен, ұйқысын аша алмады. Сол ұйқылы-ояу қалпында көшенің екінші басына қарай жүріп кетті. Келе жатқанда: «Зығырдың да сүті бола ма екен? Майы болады десе — бір сәрі»,— деп ойлады.
Бір үйден кейін бір үй, тағы бір үй біртіндеп артта қалып барады. Міне, ағайдың қақпасына да келді. Дәл осы арада Гугуцэ есін жиып, басын қос қолдап ұстай алды: жолшыбай қанша жұртқа кездесіп, солардың бірде-біреуімен амандаспапты-ау
Гугуцэ бұрылып алып, артқа қарай жүгірді. Өткен-кеткендерді қуып жетіп: «Қайырлы таң!»—деді. Басқа ешкім көрінбей қойды, көрінбегендермен қалай амандассын? Кімнің қайда екенін агрономнан сұрап алып, егістікке қарай жүгірді. Бір төбеде қант қызылшасын, енді біреуінде темекі жинаушылар жүр екен. Гугуцэ солардың барлығынан таңертең өзінің көрген-көрмегенін сұрастырды. Біреуі көріпті, біреулері көрмепті, енді біреулері көрсе де есінде сақтамапты. Гугуцэ не де болса солардың бірін де қалдырмай, әрқайсысымен амандасты.
Жұрт Гугуцэден қандай тілекпен келіп қалғанын сұрағанда, бала: «Көмектесу үшін келдім»,— деп түсіндірді де, біреуінен кетпен, енді біреулерінен тағы бір нәрселер сұрап алды. Баққа барғанда сатымен ағаш басындағы өрікті жинасты. Сол кездерде ол жан-жағына қарап, машинада, арбада кетіп бара жатқандарға қалпағын бұлғап амандасуды да ұмытқан жоқ.
Тракторшыларға жеткенге дейін «Қайырлы таңның» мезгілі өтіп, «Қайырлы күн!»— деп айтуға тура келді. Гугуцэ жұрттың барлығы егістіктегі асханаға жиналып болғанша күте тұрып, олардың әрқайсысымен амандасып шықты, соның аралығында тракторшылардың түскі ас ішуіне де жәрдемдесіп үлгерді.
Бұдан соң ол ұн тартатын қырманға қарай кетті. Онда ер адамдар өте көп екен. Гугуцэ олардың барлығының қолдарын қысып, сол екі арада өз бойымен бірдей қаптардың бірнешеуіне астық толтырып берді.
Ең соңында тауық қораға кіріп, сонда жұмыс істейтін әйелдердің барлығына: «Кеш жарық!»— деді. Ал сол екі арада, жұмыртқаларды түгелдеп санауға жәрдемдесті.
Аяғын басуға шамасы келмей қалжырағанына қарамастан, үйге ол майданда жеңіске жеткен адамдай жігерлі келді. Төңірек қап-қараңғы болыпты.
— Гугуцэ, келі әкелдің бе?— деп сұрады шешесі.
Гугуцэ маңдайын сарт еткізіп ұрды да, Симион ағайдың үйіне қарай жүгіре жөнелді.
ЖАҢҒАҚ ШАҒАТЫН ҚЫШҚАШ
Қашан болса да, «Үш Лақ» селосында грек жаңғағын жинау Гугуцэсіз өтіп көрген емес. Ешбір сырықтың ұшы жетпейтін биік бұтақтардан жаңғақты дәл Гугуцэдей етіп кім түсіре алсын?!
Міне, сондықтан ағашы биік адамдардың барлығы, әрине, ең алдымен Гугуцэнің әкесіне барып:
— Құлағыңды сал, жекжат, қарға жеп, қарық болсын демесең, жаңғақтардан түскен түсімнің жартысын алсаң да анау бір кішкене ұлыңды жәрдемге жібер,— дейді.
Гугуцэнің ауласына қап-қап жаңғақтар келіп жатты.
Әкесі жұмыр жаңғақтардан жеріп, сопақ жаңғақтарды ала бастады, бірақ ертеңгілікте де, кешкілікте де, жаңбырлы күні де, аязды күні де, шыжыған ыстықта да Гугуцэ үйінің есігіне тыным болмады, шиқылдады да тұрды.
Бейшара әкесі үйден ағаш ұстасына, ағаш ұстасынан үйге есікті арқалап тасуды ғана білді, оның үстіне — есікті жөндеткенде төлеу үшін, шатыр астындағы қаптарды бірінен кейін бірін тасып берумен болды. Есікті орнатып үлгерместен-ақ ашып жіберіп, жаңғақты қояды да, «тарс!» еткізіп жаба салады.
Күз түсіп, грек жаңғағының тобарсыған қабығы жарылып түсе бастаған кезде, әкесі адамдардың тағы да дарбазаны қаға бастайтынын аңғарып, істі осы жолы сәтті тындыру мақсатында былай дейді:
— Гугуцэ, ұлым, бәлкім, сенің аяғың ауырып тұрған шығар?
— Ештеңе етпейді, әке, тәуір болып кетті.
Сөйтіп, ол тағы да өткен жылғы күздегіден де биік бұтаққа өрмелеп шықты, тағы да Гугуцэнің ауласына жаңғақ толы қаптар келді, тағы да үй есігі тарс-тұрс ашылып-жабылды.
Тіпті, ағаш ұстасының өзі де биылғы жылы жұмыссыз қалмайтынына шаттанып, Гугуцэні жаңғақ теруге шақырды.
Гугуцэнің әкесі енді жабырқаңқы жүрді.
Есік тағы да сарт-сұрт ете бастады, бұған ағаш ұстасы мәз болып, алақанын уқалады.
Күндердің күні ағаш ұстасына селода жұмыс болмай қалды. Ол қыдырып жүрді. Ағаш ұстасы Гугуцэнің үйінде есіктің шиқылдап тұрғанын естіді де, үйге кіріп, былай деді:
— Тыңдаңыздар, рақымы мол халайық. Мен сіздерге жаңғақ шағатын қысқаш жасап беремін.
— Міне-міне-міне!— деп қуанып кетті Гугуцэнің әкесі.—- Мен де осындай бір ойда едім, ал сен, жекжат, сол ойымды дөп бастың.
Сөйтіп, ұста жаңғақ шағатын қысқаш жасап берді.
Жаз өтті, жаңғақтың қабығы жарылып, ашыла бастады, бірақ ойда жоқта Гугуцэнің аяғы жиі-жиі ауыратын болды.
Жаңғақ шағатын қысқаш сандықта жайбарақат, тып-тыныш жата берді, дегенмен қысқаш: «Гугуцэнің аяғына не болды екен?»— деп ойлады.
ГУГУЦЭНІҢ ДИІРМЕНГЕ БАРУЫ
Күн төбеден ауып кеткен, бірақ диірмен әлі ашылған жоқ. Мариуца апай қазанға үш рет су еселеп құйды, ол өз шарбағынан отқа жағу үшін күнбағыстың кепкен сабақтарын алып та үлгерді, бірақ Ион ағай жүгері ботқасын жасауға қажетті ұнды әлі әкелген жоқ болатын. Мариуца апайдың ақыры төзімі жетпей, былай деді:
— Қызым, диірменшіге бар да, айт: егер ұн бермесе, оның шарбағы да маған отын болады.
Оған диірменші былай деп жауап қайтарды:
— Бар келгені үш-ақ адам, ұнды қалай тартпақпын? Диірмен тастарының тісеуінен не қалады!
Үш әйел сол кезде оның шарбағынан таяқтарды суырып ала бастаған болатын. Диірменші өз шарбағын сақтап қалу үшін диірменді жайына тастап, жалаң бас тұра жүгірді. Шарбақсыз қалған адамнан қандай қожайын шықпақ?
Суырылған таяқтардың санын есептеп үлгергенше, ол диірмендегі шарбақты әйелдердің бұзып жатқанын естіді. Диірменші енді солай қарай жүгірді. Қараса — шарбақтың тесігіне адам сыйып кеткендей. Диірменші тесікке тұра қалып еді, шарбақ бүп-бүтін болды да шықты.
— Мейірбан халайық,— деді ол айғайлап,— суырылған таяқтарды қайтарып бермесеңдер, шарбақтың тесігінен мен шықпай қоямын!
Әйелдер таяқтарды әкелуін әкелді, бірақ бастапқы таяқтар емес еді. Егер олар отта жанып жатқан бұрынғы таяқтарды жұлып алып, беретін болса, әрине, диірменнің өртеніп те кететіні сөзсіз. Бірақ диірменші таяқтардың алмастырылғанын байқаған да жоқ, көңілі жай тапты.
— Міне, енді істің жөні басқа!— деді.
— Сонда, ұн қашан болады?— деді жұрт абыржып.
— Селоға барып айтыңдар, тағы да астық әкелсін!
— Сен диірменшісің — сенің баруың керек!
Жұрт диірменші екенін білу үшін ол пиджагын ұнға аунатып алып, орталық көшені бойлай, ал үш ер адам тар көшелерді қуалай жүріп, жар салды:
— Е-еһ-ей! Диірменге келіңдер! Астық әкеліңдер! Ұн тартқызып алыңдар.
Сөйтіп, диірменнің алдында, қайдан келгені белгісіз, әр жер-әр жерден жарты-жарты қап астық көріне бастады...
Диірменші қаптарды көзімен бір шолып өтіп: «Диірменнің шанағын бұлар толтыра алмайды»,— деді.
Жұрт диірменшімен бірге көгалға отыра қалып, тары да астық әкелетін, егістікке бармаған ер адамдардан кім қалғанын естеріне түсіріп көрді. Тек Гугуцэ ғана екен, басқа ешкім жоқ болып шықты.
Диірменші дереу май айыратын жерге барды да, қалтасын шекілдеуікке толтырып алып, Гугуцэге қарай жөнелді.
— Гугуцэ, мә, саған шекілдеуік берейін. Бұл саған берген сыйлығым! Айтпақшы, сен диірменге бармайсың ба? Саған ұн тартып берейін — жоғары сортты, өз қалауың бойынша, ерекше етіп тартамын. Одан жүгері ботқасын жасайсың — дәмі аузыңнан кетпейтін болады!
Гугуцэ диірменшінің терге малынып тұрғанын көріп, байғұсты аяп кетті де, қарындасына былай деді:
— Үйге сен қара. Ал мен — диірменге кеттім.
Ол бөркін астыққа лық толтырып, ұн салатын жақсы қап алды, диірменге жүгіріп келіп, бөркіндегі астықты тұп-тура диірменнің шанағына төкті. Шанақ бірден толды да, диірмен бар жүрісіне басып, іске кірісті.
— Бәрекелді, Гугуцэ!— деп айқайлап, ер адамдар бөріктерін аспандата лақтырысты.
Ал әйелдер баспалдақта тұрып алып, күйеулерін күтті.
Әкесі мен шешесі егістіктен оралған шақта, Гугуцэ табалдырық алдында қазандағы жүгері ботқасын былғайтын ағаш жонып отырған болатын.
ГУГУЦЭ ЖӘНЕ АҚҚАЛАЛАР
Гугуцэ жапалақтаған қар қиыршықтарының қалай жауғанын бақылады, олар оған аппақ лақ және ақ қозы тәрізденіп көрінді, соңынан ақ қоян, ақ қонжық, тіпті аппақ жолбарыс күшіктері пайда бола бастады. Тек қана ақ адамдар болмады — ең болмағанда біреу де болса, болғаны жөн еді.
Гугуцэ қолғабын шешті, аппақ лақтарды, қозыларды, қояндарды, жолбарыстың күшіктерін, қонжықтарды біріне-бірін араластырып жіберді де, аққала әйелдер жасады. Аққала әйелдер өте әдемі болып шықты, сондықтан Гугуцэ оларға аққала ер кісілер жасап берді. Көңілдірек болу үшін оларға бірінен соң бірін шұбырта аққала балалар пайда бола бастады.
Ымырт әбден үйіріліп, көзге түрткісіз қараңғы болған кезде аққалалар жүруге жаттықты, ал түн ортасында біріне-бірі қонаққа барып, кішкене аққалаларға мұз кәмпит (адамдар оны «сүңгі» дейді сыйлайды екен.
Құстар болмаса, олар осылай рақаттанып жүре беретін еді.
— Ұсқынсыз қарақшылар!— деп шуылдасты құстар,— Астықтарың қайда?
Қар адамдар қардан соғылған иығын қиқаң еткізді.
— Адамдар астық егеді,— десіп дабырласты құстар,— ал сендерде, бақшаның қарақшыларында не дән, не нанның ұнтағы да жоқ. Адамдар жер жыртып, егін егеді. Сендерде ол да жоқ!
— Біз нені жыртамыз? Қарды ма?— деді түсінісе алмай, қардан жасалған ер кісілер.— Не егеміз? Қар егеміз бе?
— Бұлай жасағандарыңа жол болсын!—деп бұрқылдасты аққала әйелдер.— Кастрөлді басымызға кептей салды, бірақ ботқаны неден пісіруді тіпті көрсеткен де жоқ. Қолымызда астық болса, құстарға жем шашар едік, олар бізді келемеждеуін қояр еді.
Құйтақандай аққалалар біріне-бірі қар қиыршықтарынан телеграммалар жолдады: «ГУГУЦЭ — ЫНЖЫҚ, ОНЫҢ ДОСТАРЫ — АШЫҚ АУЫЗ».
Аққалалардың өздерінен бірдеңе күтіп тұрғанын балалар түсінді де, әрқайсысының сол жақ қолына бір-бірден сыпыртқы қыстырды: аула үлкен, тек тұрмай, сыпырып қойсын.
Құстар дәл осыны күтіп жүргендей, көрші селодағы туыстарын дауыстап шақырды, аққалалардың басынан айналып өтті, ызаларын келтіріп, мәз-мейрам болды.
Аққала адамдардың шыдамы жетпеді. Олар түн болуын күтті де, көтеріліске шықты. Тек қоян тәрізді қар қиыршықтарынан жасалған аққалалар ғана шоланға жасырынып қалды. Олардан басқалары тура Гугуцэнің дарбазасына қарай топырлап, жылжи түсті.
Аққала ер кісілер ашуланып, сыпыртқыларын сілкіледі. Ал аққала әйелдер балаларын жетектеп, қолдарына тегеш пен кішкене шелек ұстап алыпты.
Олар Гугуцэнің үйін айналдыра қоршап алды. Ит арсылдады. Шамдар жанды. Әлдебіреулер терезеден үңіліп қарады. Бірақ Гугуцэнің ата-анасы ештеңе де аңғарған жоқ. Оның есесіне Гугуцэге мұның бәрі түсінікті болды. Үйдің қоршауда қалуы ойын емес қой.
Гугуцэ ауыз үйге шығып, ысырмасын жылжытты да, есіктің саңылауынан былай деп жөн сұрады:
— Не керек, өздеріңе?
Келесі күні таңертең қар адамдары түк болмағандай, бұрынғы орындарында тұрды, олардың барлығында астық дәні де, нанның ұнтағы да бар болып шықты.
АТАСЫНЫҢ МИНИСТРІ
Дәл Жаңа жыл қарсаңында Гугуцэ қалада тұратын ағасынан хат алды. «Қалада қалаштар көп, бірақ Жаңа жылмен кәдімгідей құттықтайтын адамдар сиреп барады» деп жазылыпты хатта. Гугуцэ соны ести сала, өгізше өкіретін тамаша аспабы — бұқасырнайды және ең үлкен қоңырауды таңдап алды, ал әкесі арбаға ат жегіп, баласын вокзалға дейін заулатып апарып салды.
Поезд ертегіде сипатталатын аттар тәрізді орман ішімен зымырап берді. Гугуцэ терезеге таяу барып, Жаңа жылдық құттықтауды ыңылдап айтып тұрды. Паровоз дәл: «Гей-гей!»— деп айтатын тұста ышқына ысқырды. Гугуцэ Жаңа жылды құттықтауға арналған жырлардың өткен жылғы және бұрынғы жылғыларын біріктіріп айтты, тіпті оларға бір жолды өз ойынан артық та қосып жіберді. «Қаладағылар ауылда тұратындардың барлығы тек бұйра күшік туралы тақпақтарды ғана біледі екен» деп ойламасын дегені ғой.
Вокзалда баланы ағасы қарсы алды. Гугуцэ дереу ағасына қышқыл квас әкелуді тапсырды. Өйткені, бұқа сырнай құйрығы қышқылға малынбаса, қанша әуреленсең де өкірмей қояды.
Жаңа жыл кеші басталды. Гугуцэ бәрінен бұрып ағасын құттықтады. Содан соң ағасы оған құттықтау қажет-ау дегендердің бірін қалдырмай, тізім жасап берді. Ол тізімде ақын Григоре Виеру да бар еді, ол ауылдан келген, сондықтан Жаңа жылдық жырды, сірә, сағынған болар.
Гугуцэ немере ағасына қаттырақ өкіру үшін бұқасырнайдың құйрығын қалай тартатынын түсіндіріп, өзі қоңырауды алды, сөйтіп, олар немере ағасы бес саусағындай жатқа білетін қаланы аралауға шықты.
Олардың көшеге шыққаны сол еді, Гугуцэнің қолындағы қоңырау өз-өзінен сыңғырлай жөнелді. Үйлердің есіктері бірінен соң бірі ашылды да, көшеге жұрт қаптап кетті. Олардың қолында қалаш емес, шелек-шелек қоқыс бар еді.
Гугуцэ үрейленіп, қаша жөнелмекші болды, бірақ немере ағасы қарқылдап күліп, қала дәстүрін түсіндірді; қоңырау сылдыры, оларға қоқыс алатын машинаның келгенін білдіреді.
Үйден атып шыққан адамдар көз қиығын салып, машинаны іздестірді. Солардың біреуі Гугуцэнің қолтығындағы керемет нәрсені аңғарып — ол бұқасырнай болатын — балаларды қолма-қол пәтеріне шақырды.
Ағайынды екеуі табалдырықта тұрып алып, бастай жөнелді:
Отағасы, сіздерді құттықтауға,
Рұқсат па жаршы боп, жыр жырлауға?
— Көсілтіңдер, балалар! Рұқсат.
Ағайынды екеуі бөлменің ортасына шығып алып, Троян ағай туралы білгендерін бар даусымен әндетті дейсің келіп. Бұдан соң олар балконда тұрып жар салды, Троян ағайдың жібек жүгенмен жүгендеп, атына қалай алтын ер салғанын бүкіл аула естіді.
— Міне, жыр деп осыны айт!— деді де әлгі кісі бұқасырнайды қышқыл кваспен суарып, біреуге телефон соқты.
Телефонның трубкасын ол Гугуцэге ұсынды. Трубкадан Жаңа жылмен құттықтауды өтінген дауыс естілді. Гугуцэ бұқасырнайын телефон арқылы өкіртті, ал үй иесі балаларға құттықтағандары үшін тағы бір-бірден қалаш берді.
Телефон тағы да шылдыр ете түсті! Сірә, Гугуцэнің келгені туралы сыбыс қалаға таралып кетсе керек. Лаж қанша. Телефонның трубкасынан бұқасырнайды қайта-қайта өкіртуден басқа амал қалмады.
Бұдан соң балалар ағасының жазып берген тізімін алып қарап, бір көшені, одан соң келесісін құттықтады, тіпті троллейбустар мен автобустарға да қайырлы болсын айтып, оларға өздері шығарған Жаңа жылдық жырды әндетіп берді:
Троян ағай секілді,
Биге құмар құла сұр ат.
Ұнатса да секіруді —
Желмей қойды ол бірақ.
Сонда Троян шыбыртқымен
Бұйрық берді қысқаша:
«Жегіл, кәне, өз еркіңмен,
Соқаны тарт, жер қаша.
Алдымен жер жыртылсын,
Соңынан күтіп би тұрсын».
Жар саламыз «Гей-гейлеп!»,
Соқ, қоңырау, күмбірлеп!
Бұқасырнайдың күші бәсеңдей берді, ал Троян ағай бабына енді-енді келіп, жұрттың қуаныш-күлкісі ұнап кеткендіктен, ойнақы атын қайта жегуден жалықпады.
— Ой, шіркін-ай!— деді Гугуцэ ағасына қайтып келіп,— Әкемді, шешемді, атамды және барлық ауыл-аймақты құттықтағым келіп тұрғаны-ай!
Ағасы телефон трубкасына қолын созды да, Гугуцэнің әкесіне әлі күнге дейін телефон орнатылмағанын есіне түсіріп, қолын дереу тартып алды.
— Оқасы жоқ. Бірдеңе ойластырармыз!— Сөйтті де, пальтосын иығына іле салып, ағасы шығып кетті.
...Жаңа жыл түні еді. Гугуцэнің әкесі, шешесі, атасы және қарындасы мерекеге арналған столдың айналасында телевизор көріп отырды. Шешесі олардың жанына Гугуцэнің де орындығын әкеліп, алдына шанышқы және бір тілім нан қойды.
Экранда фабрикада тігілген қаракөл бөркі бар үш жас жігіт Жаңа жылдық жыр айтып тұрды. Олардың біреуі қолындағы қағазға кез қиығын қайта-қайта аударып, енді біреуі ас ішпеген адамша, солғын дауыспен «Гей-гейлеп!» жар салды.
— Біздің Гугуцэ қайда жүр екен?— деп шешесі күрсінді.
—Ол әлгі бір қоңырау соғатын мұнараның биіктігіндей шыршаны айналып жүрген болар,— деді әкесі. Оған ауыл-аймақ бес саусақтай таныс болатын.
Тосыннан қарындасы айқайлап жіберді:
— Бұқасырнайды қара! Біздің бұқасырнай өкіріп тұр!
Экрандағы жас жігіттер ысырылып, алға Гугуцэ шықты да:
Отағасы, сіздерді құттықтауға,
Рұқсат па жаршы боп, жыр жырлауға?-
деді.
Үйде отырғандар аң-таң болып, ауыздарын аңқитып, бірде-бір сөз айта алмай қалды. Бәрінен бұрын шешесі есін жинап:
— Жар сал, құлыным, құттықта! Япырай, саған қалашты қалай берсек екен?— деді.
Гугуцэ бар даусымен әндетіп, жар салды, тура «Гей-гейлейтін» тұсқа жеткенде, қалпағын еденге салып қалды. Бұқасырнай да құйрығынан бір тұтам қалғанша аянбай өкірді.
— Мұны да көретін күн бар екен ғой!— деді әкесі.
Ал атасы стаканға шөпілдете шарап құйып алып, телевизор экранына тақалып келіп, Гугуцэнің экрандағы қалпағымен қағысты.
— Сенің денсаулығың үшін, атасының министрі!
ИОН КРЯНГЭНІҢ ӘРІПТЕРІ
Гугуцэнің атасы мектепте бар болғаны екі-ақ жыл оқыды, демек, оның екі кластық қана білімі бар. Ол әрі тұрып, бері тұрып, ақыры, бақтағы Гугуцэге әкесі жасап берген партаға барып отырды.
— Заманымыз жақсара түсті ғой, мектеп үй іргесінде тұр,— деді атасы.— Ал мен бірінші класты тоғыз шақырым «Стрымбу» селосына барып-келіп оқыдым. Шешем мені әтеш шақыра бастағаннан оятып, боқшама кітаптарды лықа толтыратын да, сия толы бір сауытты (ол кезде сауытты ырғайдан жасайтын) қолыма ұстата салатын еді, ал мен жолмен жүрмей, тоғыз шақырым Рэут жағасымен баратынмын, жолшыбай өзеннен алшақтап кетпедім бе деп жалтақ-жалтақ қарап қоямын, өйткені, адасып қалуым да мүмкін ғой.
— Ата, сен Ион Крянгэмен бірге оқыдың ба?
— Болмаған істі қайдан болды дейін. Крянгэ менен көп үлкен болатын. Ол сол кезде Яссада мұғалім болып жүрді. Сонда Қрянгэден оқыған бір адам біздің аймаққа келе қалды. Соз суыртпақтап отырып, біз оның қалай сауат ашқанын сұрап білдік. Саған соның тарихын айтып берейін. Гугуцэ, ол бір ғажап уақиға.
Крянгэнің мектепке келгенде, қолтығында қатырма қағаздан жасалған қорабы болады екен. Қорапта тер бар, әріп болғанда жай емес, май мен сүт қосып, бетіне қант күйдіріп жағып пісірген тәтті әріптер болса керек. Ол қораптан әріптерді бірінен соң бірін алып, класс тақтасына түйреуішпен түйрейтін көрінеді. Сонда қалай болса солай орналастыра салмай, әріптерден белгілі бір сөз шығатындай етіп құрастырыпты. Бұдан соң ол оқушыны тақтаға шақырып алып:
«Оқы,— дейді,— тек дауысыңды қаттырақ шығарып оқы, мұнда не жазылыпты өзі?»
Егер оқушы сөзді дұрыс оқыса, онда Крянгэ оған таңдаған әрпін алып жеуге рұқсат ететін болыпты. Кішкене бала оны жеп алып, тамсанады, ал Крянгэ тағы былай дейді:
«Тақтада не жазылғанын енді бір рет оқып шық, бірақ есіңде болсын, өзің жеген әріпті қоса оқуды да ұмытпа».
Ион Крянгэнің әріптерінің тәттілігін саған айтып беруге тіл жетпейді. Балалар тәтті десе, ондай әріптермен жазылған сөзді оқу үшін тақтада тапжылмай тұра беруге бар ғой. Ал Ион Крянгэнің өзі кедей болған. Тақыр кедей болса да кешке қарай сансыз балаларға өз жанынан күнделікті тәтті әріптер пісіріп берді.
— Ата, мен де сондай әріп жесем ғой, шіркін!
Атасы маңдайын тыжырынып, былай деді:
— Қонақ бөлмеге кіріп іздестіріп көр, бәлкім, Ион Крянгэнің қалаштары' бір жерлерде сақталып қалған болар.
Гугуцэ фотосуреттердің артын, кілемше, тұс киіздердің астарларын ақтарып-төңкеріп байқады, төбеде орнатылған арқалықтар аралығындағы кепкен базиликті (тропикте өсетін бұталы өсімдік) суырып алды — бірде- бір жерде қалаш болмай шықты. Сірә, тышқандар кеміріп қойса керек.
Атасы қайта оралып келгенде, Гугуцэ тағы сұрады:
— Ион Крянгэнің әріптері қай жерде, а? Ата, бәлкім, сен қалжыңдаған боларсың, солай ма?
Атасы оны қолынан жетелеп, қонақ бөлмеге апарды да, сөреде тұрған кітапты алды:
— Сүйіктім менің, Гугуцэ, Ион Крянгэнің пешінен шыққан дәмді әріптер, міне, мына жерде тұр. Қәне, дәмін татып көрелік, айталық мына бір тұсынан: «Лақтарым, шұнақтарым, айқара есік ашыңдар!» Қалай екен?
Гугуцэ кітапты абайлап қана қолтығына қысып алды да, былай деді:
— Ата, сенің екі-ақ класс оқығаның өтірік. Екі емес, сексен класс бітіріпсің!
ГУГУЦЭ
Көршілер Гугуцэні мектепке шығарып салуға жиналды. Қарындасы ағасының гүл апаруына жәрдемдесті. Әкесі баласының әйгілі партасын машинаға салып, Гугуцэнің соңынан жүріп отырды. Директор кеудесіне барлық медальдарын тағып алыпты, мектеп ауласының алдына шығып, Гугуцэге қол берді.
Партаны екінші класқа орналастырды, ал баланы бірінші класқа қабылдап, жаңа парта берді, онда бір кішкене қыз отыр екен.
— Сен кімсің?— деді оған Гугуцэ сабақ басталған кезде.
— Менің атым — Гугуца,— деді сабақ әбден біткенде, әлгі қыз.
Екінші сабақта нүктелер жазуды тапсырды. Гугуца жазған нүктелерін Гугуцэ көшіріп алмау үшін қолымен көлегейлеп алды.
Күн сайын — жаңа әріп. Мұғалима оны қара тақтаға ақ бормен жазады, ал оны оқушылар дәптерлерінің ақ парағына көшіреді.
Гугуца жаңа әріпті жазып үйренген соң партасының астынан қауын алып, Гугуцэнің көзін қызықтырып, тек иіскететін де, бүкіл үзіліс бойы жалғыз өзі жейтін. Ал қыз жалғыз өзі жеп бітіре алмайтынын білсе, Гугуцэге де бірер тілік беріп қояды.
Гугуца үлкен үзілісте терезені ашып, кұстарды оқуғa үйретті:
— Міне, мына жерге мен «ШИҚ» деп жаздым. Менің айтқанымды қайталаңдар. Тамаша! Ал енді мынау: «ШИҚ-ШИҚ» деген жазу. Тағы да қайталаңдар. Кәне, барлығымыз қосылып қайталайық: «ШИҚ-ШИҚ- ШИҚ!»
Гугуцэ мұндай түкке тұрмайтын іске араласпас еді, бірақ қалай дегенмен оның партасы да екінші класта тұр ғой. Гугуца әрбір жаңа әріпті жаза дәптерге көшіріп жазды. Осыдан болар, оның портфелі күніне бір әріпке ауырлай түсті. Оның үстіне протфельді тасығанда қызы күшті болсын деп шешесі оған тамақты молырақ салды.
Қыз партаға Гугуцэ сабаққа жауап беріп тұрғанда, күн сәулесінен тасаланатындай болып орналасты. Сондықтан, ол Гугуцэнің қол көтеріп, ұзағырақ жауап беруін тағатсыз күтіп отырады. Қыз күннен жасырынып, мәз болады, ал үзілісте Гугуцэге қауын сыйлап, былай дейді: «Сен енді менің қол шатырымсың, сондықтан, менің саған қамқорлық жасауым керек».
Күз бітті. Балаларға тек «Я» әрпін және басқа әріптердің ілгешек, қармақшалары мен құйрықшаларын ғана оқып үйрену қалған. Сол кезде мұғалиманың аудан орталығына мүлде ауысатыны туралы сыбыс та таралып кеткен болатын.
Мұнысы қалай? Балалар мұғалиманы «А» әрпіндей жақсы көретін, мектепке келе жатқан жолда кездескен тәуір нәрселердің барлығын: біреуі гүл, енді біреуі тағы бірдеңелерді мұғалимасына әкеліп беретін. Гугуцэ оған арқасында жиырма бір ноқаты бар сары қоңыз сыйлаған.
— Тағы біреу келер!— деп жұбатты мұғалима балаларды.
— Бізге одан да сіз әдемірексіз,— деп қоймады балалар.— Қыс келді. Біз сізді шанамен сырғанатамыз.
Мұғалима, әрине, шана тебуді ұнататын, бірақ «мұғалімдерге ұстаз бол» деп министрдің өзі шақырып тұрса, не істемекші. Бұл жерде, тіпті, директордың да шамасы жетпейді.
Сайып келгенде, мұғалима балалармен қоштасты да, мұғалімдер бөлмесіне кетті.
Гугуца да тұрып, портфелін алды да, пальтосын киіп, ере шықты. Бір бала оның мектеп қақпасының алдындағы баспалдаққа, портфелін тізесінің үстіне қойып, маңайынан ешкімді өткізбеу үшін қолдарын жан-жағына созып жіберіп, қалай отырғанын байқап қалды.
Сол-ақ екен, оқушылар кластан бірінен соң бірі шығып, қолдарына кітап ұстап, қақпа баспалдағына қызбен қатарласа отыра қалысты. Мұғалима мектептен кетпекші болып еді, мұнысынан нәтиже шықпады. Оның кірпіктерінен әлде ноқат, әлде кері үтір тәрізді жас тамшылары мөлтілдеп тұрды.
Мұғалима кеш болысымен тек Гугуца және Гугуцэ тұратын селода ғана қалғысы келетінін білдіріп, министрге хат жазды.
Келесі күні таңертең қыз староста болып сайланды. Сөйтіп, Гугуцэ партасының екінші класта екенін айтып мақтана алмай қалды.
КӨШЕ СЫПЫРУШЫЛАР
Гугуцэ өзінің бірінші класқа қабылданғанына қуанғандықтан, үйі мен мектеп аралығындағы жолды сыпырып шықты.
Мұны бірінші класта оқитын көршілес бір бала көре салып, ол да сыпыртқысымен көшеге келді. Сол-ақ екен, тұс-тұстағы басқа көшелерде де сыпыртқылардың сабы шолтаңдап көріне бастады. Бірінші класс оқушыларына кешке қарай тіпті сыпыратын жол қалмады.
Екінші кластағылар таң жұлдызымен бірге тұрды — олар ата-аналардың балаларының еңбекқор, әрі екінші класқа тектен-тек көшпегендігін көрсетпекші болды. Әрқайсысы өз үйлерінің алдындағы жол бөлігін таңдап алып, меншіктеді де, оған басқа сыпырушыларды жолатпай қойды. Үйінен мектепке дейінгі жолды сыпыруға тек Гугуцэ ғана ерікті болды.
Ал үшінші кластағыларға тек тұйық көшелер мен түкпірлер ғана қалды, оның есесіне олар аурухана маңындағы, колхоздағы жүзім шырынын сығатын орын қасындағы жақсы жерлерді, соған қоса, көше алмай екінші жылға қалып қойған балалардың үйлері маңындағы жер бөліктерін қамтып алды.
Көшелер мейманхана бөлмелеріндей тазарды. Күзетшілер село шетіне тұрып, селоға бара жатқандардың аяғының тазалығын тексерді. Аяқкиіммен жүргендері алдын ала қалтасынан щёткаларын алып, тазаланды, жалаң аяқтылары Рэут өзеніне барып аяқтарын жуды.
Жұрт Гугуцэнің бірінші класқа қабылданған әйгілі күніне дейінгі жолдардың қалай шаң, лас болғанын тіпті еске алмауға тырысты.
Тіпті жәрмеңкені селоның шетіне көшірді.
Қыста балалар қарды аяқтарымен таптап, бүкіл селоға жол жасап берді. Кішкене қыздар іңірде жүргенде қорықпау үшін ол жолдардың жиегіне Аққала-Әже соқты.
Көктем келді. Мектеп оқушылары сыпыртқыларын жаңартып, елең-алаңнан тұрды да, қаладағы кәдімгі аула сыпырушылар тәрізді іске кірісті.
Селоға «аула сыпырушы жас өспірімдерге жалақы төлейді екен» деген сыбыс таралды. Кейбіреулері медаль алуға үміттенді. Тіпті, кәмпит салатын қапшық дайындап қойғандары да болды.
Міне, Гугуцэ үйінің қасына қадірменді адамдар жиналды. Ақсақалдар ең алдымен жұмысқа қол ұшын тигізбеген балалардың қанша жер сыпырғанын есептеп шықты. Олардың сыпырған жерлері бір-ақ тұтам екен. Бұдан соң Гугуцэнің және оның жолдастарының қанша жер сыпырғанын есептеді. Олардың сыпырған көшелерін біріне-бірін қосып, тұйық көшелерді, түкпірлерді және шағын аулаларды қоса есептеді, сонда ұзындығы аудан орталығына дейін баратын жолдай болды. Әрине, ұзындығы осындай жолды балалар бір-ақ күнде сыпырып шығады ғой. Сондықтан, оны бір жылдағы күндер санына көбейтуге тура келді, сөйтіп, сыпырылған жолдың ұзындығы ұшы-қиырсыз болып шықты.
— Жол болған соң, сол жолмен жүргенге не жетсін!— деген ұсыныс білдірді қарттардың біреуі.
Машинаға отыруға болады деуі-ақ мұң екен, балалар дереу иін тіресе тиеліп алды. Жүргізушінің жанына Гугуцэ отырды, машина бетін Қара теңізге бұрып, одан тауға қарай жол тартты.
ПОЧТАЛЬОН
«Үш Лақ» селосына хаттың келуі сирей берді, жұрт почтальонға қарап, бастарын шайқап, былай деді:
— Иә, біздің почтальон қартайып барады! Аяқтары тың, жас шағында ол хаттарды көп әкелетін еді.
Мұны құлағы шалған Гугуцэ: «Егер почтальон мүлде қартайса қайттік? Иә, бұл деген қырсық!»— деп ойлады.
Төбедегі арқалықтар арасында сақталған ескі хаттары барлар сол хаттарды алып, айы, күні және жылын түзетіп, ескі хаттарды жаңа хатқа балап оқыды, тіпті көршілеріне көрсетісті. Ал ондай хаттары жоқтары дарбаза алдында тұрып алып, почтальон өткенде күрсінді.
— Қартайған адам жасара алушы ма еді. Басқа бір нәрсе ойластырған жөн.
Олар бір күні почтаның қасына жиналып, көгалда отырғанда мынадай пікірге келді: почтальонға ат-арба алып берейік.
Келесі күні почтальон бақандай екі хат әкелді. Сондағы қуанышты көрсең! Селодағылар түні бойы көз ілместен хат оқыды: бір үйдің шамы сөнсе, екінші үйдің шамы жанып тұрды. Ертеңгісін оқушылар хатты мектепке апарып, сабақта ондағы сөздерді тақтаға жазып, сөз таптарына бөліп, талдады.
«Үш Лақ» селосында бүкіл апта бойы ұлан-асыр той болды: жұрттың барлығы почтальонды құрметтеп, атына сұлының ең таңдаулысын берді.
Бірақ тағы да хат болмай қалды. Сөйтіп, атқа сұлы берілмей қалатын күндер жиілей түсті.
— Амал қанша?— деп ауыр күрсінді жұрт.— Почтальонымыз шынымен-ақ қартайып кетті.
— Ал ат ше?— деп таң қалысты балалар.— Бұл жерде аттың жазығы не?
Атшы тіпті почтальонға сес көрсетіп:
— Егер хат әкелмесең, атты алып қоямын. Ұқтың ба?— деді.
Гугуцэ бір қартқа жол жиегінде ат жаюға көмектесіп жүргенде, бұл қоқан-лоқыны өз құлағымен естіген болатын.
Міне, сол екі арада Гугуцэ хаттың қалай келіп жүргенін біліп алды. Мән-жайды түсініп алып, ол дүкенге жүгіріп барды да, еліміздің картасын сатып алды, оған селодан кеткен барлық адамдардың барған жерлерін белгіледі. Гугуцэ ер адамдар тұрақтаған жерге бөріктің суретін, ал әйелдер тұрақтаған жерге гүлдің суретін салды.
Бұдан соң ол село картасын өзі қолдан сызып жасады. Онда хат күткен үйлердің есігін ашық қалдырып көрсетті.
Мынау Қишиневте оқитын студенттің үйі. Гугуцэ Кишиневте қандай көшелер болатынын, ауа райының қандай екенін география пәнінің мұғалімінен сұрап алды.
Ертеңіне бала мамасымен бірге аудан орталығына барып, универмаг үйіндегі почта жәшігіне баса назар аударды.
Ал келесі күні студенттің шешесіне баласынан хат келді. Оның жазулары оқығанда көз ауырмайтындай бадырайған ірі әріптермен жазылыпты. Студенттің шешесі хатты ала салысымен көршісіне оқып берді, сөйтіп, Кишиневтегі кең көшелер мен тым күшті нөсер туралы әңгіме селоға тарады да кетті.
Міне, тағы бір үйдің есігі ашық. Үй иесі армия қатарында қызмет етіп жүр. Әйеліне не деп жазса, жөн болар еді?
Гугуцэ бөлмеде әрлі-берлі жүрді, солдаттарша «смирно» командасы бойынша түзеліп тұра қалып та көрді, бірақ солдат туралы басына ешқандай да ой оралмады. Бар келген ой біреу-ақ: «Әскери құпияға берік болу». Сол шақта Гугуцэ хат жазудың орнына көгершіннің суретін бейнелеп, конвертке салды да, марка жапсырды, сөйтіп, әкесінің станцияға баратын-бармайтынын білу үшін жүгіре жөнелді.
Арада бір күн өте салысымен, солдаттың әйелі бақытқа кенеліп, бүкіл селоны аралап жүгірумен болды:
— Менің күйеуімнің салған суретін қараңыздаршы!— дейді ол қуанып.
Ол тіпті көгершінді Гугуцэге ұстай тұруға да берді, ал соңынан хатты терезе әйнегіне қойып, әлсін-әлсін көшеге шығып, суретке алыстан сүйсіне қарады.
— Иә, басқасын кім білсін, ал мынадай көгершіннің суретін бұрынды-соңды ешкім де жіберген емес,— десіп жүр қарттар.
Гугуцэ ата-анасымен бірге бірде қалаға, бірде станцияға барғыштағаннан бері село картасындағы есігі ашық тұрған үйлердің саны барған сайын кеми берді.
Студенттің шешесі де, солдаттың әйелі де, Гугуцэнің басқа ауылдастары да хатты алысымен, оған жауап жазғаны сөзсіз. Сондай-ақ еліміздің картасындағы бөріктер мен гүлдер де тебіреніп, селоға хат жолдай бастады.
Сонымен, жұрт почтальон қартты анадайдан көзі шалып қалса болды, бас киімін алып, сәлемдесуге асықты, ал почта таситын ат тек сұлы мен балауса шөп қана жеді.
ГУГУЦЭ БІР ТҮНДЕ ҚАЛАЙ ӨСТІ
Дүниеде мұндай да бола береді екен ғой: дәл әкесі жаңа машина алған күні Гугуцэ екінші класқа көшті.
Міне, Гугуцэ сондықтан да шешесіне барлық жаңалықтарын айтып жеткізу үшін пәрмендете жүгіріп келеді, ал жаңа машина алған әкесі де селоның екінші шетінен үйге қарай, жұртқа сигнал беріп, қол бұлғап: «Жол беріңдер!»— деп аптығуда.
Селоның бір басындағы адамдар: «Гугуцэ әкесінің машинасын көруге асығып жүгіріп барады»,— деп, ал екінші басындағы адамдар: «Әкесі тек екінші класқа көшкен Гугуцэні тезірек құттықтау үшін ғана жаңа машинамен жүйткітіп барады»,— десті.
Гугуцэ жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, тосыннан Катерина апайдың ауласынан мынадай дауыс естілді:
— Мынау Гугуцэ емес пе?
— Енді кім деп едіңіз?
Апай оның қай класқа көшкенін сұрап білді. Гугуцэні үйге апарып, қалтасына печенье толтырып берді
Бұлай болғанда, басқа туған-туысқандарға да соға кеткені жөн емес пе?
Ал туған-туысқандары бір ауыздан келісіп алғандай: біреуі баланы ең құрметті орынға — төрге отыруға шақырып, енді біреуі қойнына жаңғақ толтырып берді, тағы біреулер портфеліне кәмпит салса, Мэриоара апай: «Екінші класқа көшу адам өмірінде бір-ақ рет болатын құбылыс»,— деп, екі балапанын қоса тауық сыйлады.
Гугуцэ абыржып қалды: балапандарды портфельге-ақ салып алады, ал тауықты не істемекші?
Ананы қара, қарсы алдынан әкесі жаңа машина айдап келеді. Гугуцэ таң қалып, аңырып тұрып қалды. Әкесі жаңа машинаның қуанышымен кабинадан басын шығарып қарады, бірақ Гугуцэні құттықтауды ұмытып кетті.
«Ой, әке! Саған жүк машинаны менің екінші класқа көшкенім үшін берген болар! Ал сен болсаң...»— деп ойлады да, тауықты қолтықтап алып, машинаға жүгіріп келді.
Әкесі оны тауықпен қоса құшақтады, сөйтіп, олар жүріп кетті. Тауықтың тынбай қырқылдағаны соншалық, алыстан оны жұрт жаңа машинаның сигналы екен деп, жолдан қашты.
Гугуцэ тұратын селода да сол кезде базар болып жатты. Жұрт дегенің ығы-жығы, біреуінде қаз, біреуі күркетауықты қолтықтап алған, әлдебіреу торайды шыбықпен қақпайлап келеді, ал енді бір жас жігіт қашарды бас жібінен жетектеген. Жұмыртқа толы себет пен дөңгелек жас сыр, тағы басқа әр түрлі нәрселер алып келе жатқандары бар, барлықтарының да көңілі көтеріңкі және баланы байқап қалса-ақ, қолдарын бұлғап, мәз болысады.
Ал Гугуцэ сонда: «Менің екінші класқа көшкенімді осыншама халық қайдан білді екен! Байқа да тұр, «Үш Лақ» селосында кешке ғажап серуен болады!»— деп ойлады.
Рэут өзенінің жасағында жұмыс қызып кетті. Гугуцэ әкесіне былай деді:
— Қарай гөр! Менің екінші класқа көшуім-ақ мұң екен, жұрт Рэут өзеніне көпір салуды бірден қолға алды.
— Биб-биб! Қиқ-қиқ-қиқ!—деп оған үн қосты машина, ал әкесі үнсіз ғана маңғаздана руль ұстап отырды.
Үй алдындағы ең биік ағашқа екі жалауша іліп қойыпты, сол екеуінің аралығында Гугуцэнің қалпағы шайқалып тұрды.
Әкесі машинамен аулаға енді. Терезелер, барлық. есіктер — алдағы есік те, сыртқы есік те, тіпті ұраның есігі де шалқасынан ашық.
Шарбақ кілемдермен безендіріліпті, Гугуцэнің бірінші класта киген киімдерінің барлығын, тіпті жейдесіне дейін керілген арқанға іліп қойыпты, ал шешесі үш шоқ сирень гүлімен алдарынан шығып, оның біреуін Гугуцэге, екіншісін әкесіне берді де, үшіншісін жүк машинаның терезесінен кабинаға апарып қойды.
Шешесі баласын көкірегіне қысып, көзіне жас алды:
— Ұлым, менің, құлыным! Көзді ашып-жұмғанша, армияға да баратын боларсың! Сонда кіммен қалар екенмін?
Гугуцэнің кеудесін қуаныш кернеді:
«Бір класты бітіру оңай емес! Қолхоздың әкесіне машина беріп, жүргізуші тағайындауы да, шешесінің оны армияға шығарып салуға даяр отыруы да осының құрметі ғой!»
— Гугуцэ, сен үйде ме едің?— деп, шелегін бос ұстап, Теадора Путинэнің қызы Гафия қақпаны ашты.— Жарқыным-ау, сен қалай үлкен болып кеткенсің!
Ол Гугуцэні кешеден бері көрмеген еді.
— Қәне, маңдайыңды төсей ғой, сені бір сүйейін деп келдім!— деді де, бос шелекті Гугуцэнің қасына қойды.
Е-е, енді түсінікті болды! Гугуцэ жалма-жан шелекті алып, құдыққа қарай зулады, сөйтіп, шелекті шүпілдете толтырып, оны көршінің ауласына апарды. Гафия ата-аналарымен сөйлесіп болғанша, бала оның барлық кастрөлдерін, қыш құмыраларын, табақтарын, құмандарын, шөлмектерін, кірленін, тіпті кеспегін де суға лық толтырып үлгерді — енді бұл су Теадора Путинэнің қартайған шағына дейін жетеді.
Таң сәріде бір ақсақал Гугуцэнің дарбазасының алдына сиырын байлады да, аулаға кірді. Бала дәл сол кезде машинаның фарларын сүртіп, әкесімен бірге кетуге әзірленіп жатқан.
— Бәрекелді, Гугуцэ!— деді ақсақал.— Кешегі кештен бері ауыл сені екінші класқа көшті деп шуылдасып жүр. Әлгінде сиырды жетектеп келе жаттым да: «Гугуцэге соға кетейінші, оның қандай болғанын көріп, бір шаттанайын!»—деген ойға келдім. Кеше сенің бойың мынадай-ақ еді, ал бүгін тіпті менің иығыма дейін жетіп қалыпсың ғой.— Ақсақал үй іргесіне отырды.
Түсінікті! Бақташыға сиырды бала апарып тапсырмаса, басқа кім апара қойсын!
— Е-е, Гугуцэ!— Бақташы бас киімін алып, сәлемдесті.— Әрине, әрине естіп жатырмын!— деді де, Гугуцэнің қолын қысты.
Гугуцэ де басқалардың халін түсінеді. Ол бақташыны үйіне қайтарды да, кешке дейін сиырды өзі жайды.
Әкесі тал түсте оған машинамен түскі ас әкелді, соңынан іле-шала почтальон велосипедпен келіп, бадырайған әріптермен жазылған шешесінің хатын берді.
Кешке қарай почтальонның сумкасын жанбасына салбыратып, Гугуцэ үйге қайтты, ал барлық телеграмма, газет, хаттарды сиырлардың өздері-ақ мүйіздеріне іліп, үйді-үйіне ала кетті.
Сөйтіп, бүкіл селода Гугуцэнің екінші класқа көшкенін білмей қалған бірде-бір адам болған жоқ. Ал Рэут өзеніне жаңа көпір салынып біткен соң, ол хабар басқа селоларға да тарады.
ШАШТАРАЗ
Гугуцэ шаш алғызатынын естісе-ақ, аяғы-аяғына тимей зытып береді! Кеш батқанша бір жерге тығыла тұрады, өйткені, селодағы шаштараздың шаш алғызуға тіпті патшаның өзі келсе де, кешке қарай қолына қайшы алмайтынын біледі. Оның мәнісі — жұрттың айтуына қарағанда, шаштараз бір күні іңірде біреудің құлағын шырпып алса керек.
Механизаторлардың қай-қайсысы болса да күні бойы жұмыс соңынан оның есігін қағып, марқабат таппайды. Тек қана: «Мейірбан жандар-ау! Мен үйде жоқпын. Ал егер кімде-кімнің өзіне құлағы артық болса, ертеңге дейін шыдай тұрсын!»— деген сөзді есік сыртынан әрдайым естуге болады.
Шаштараз айына бір мәрте халатын шешіп, шашын алғызу үшін велосипедпен станцияға барады.
Ол үйге оралысымен, түскі асын ішеді де, айнаның алдында тұрып, шашының қалай алынғанын қарайды, тек содан соң ғана селодағылардың барлығының шашын дәл өз шашындай етіп алады.
Сонымен селодағы барлық ер адамдардың басы шаштараздың басы тәрізді болады да шығады. Бір тәуірі, олардың мұрны, құлағы, пішіні жағынан әрқайсысы әр түрлі, әйтпегенде өз балалары әкесін қалай таныр еді?
Ал Гугуцэ шаш алғызуға барса-ақ болды, шаштараз оның басын тап-тақыр етіп сыпырады. Сол шақта дүние жүзінде одан сорлы бала бола қоймас! Оның тақыр төбесінен ең алдымен шертіп қалып, күнге қыздырып алмасаң: «Қарбызың әлі пice қоймапты»,— деп күледі, ал сыртқа шықса болды, кім көрінген шертеді, сөйтіп, Гугуцэ үйге жеткенге дейін қарбыз екен деп әлдебір сиырдың оны жеп қоймасына кім кепіл.
Мұндай күндері Гугуцэ қораға қамалып алып, қолдарын кеудесіне айқастырады, өліп кеткісі келеді. Ол көзін жұмады, сол кезде оған үйдегі айнаның бетіне мата жабылып, әйелдер шешесіне су шашып, әкесі сақалы алынбаған күйі аулада жалаң бас жүргендей болып елестейді.
— Қайран, Гугуцэ, сен тым болмаса маған қайғыңның сырын да айтпадың-ау!—деп көрші әйел жоқтау айтады.
Міне, жиегін қарамен көмкерген Гугуцэнің портретін көтерген оқушылар. Олардың соңында гүл ұстап шаштараз келеді... Осы тұста Гугуцэ есін жинап, есікті тағы бір кеспек ағашпен мықтап тіреп қояды. Мұндай күндері тауықтар көршінің қорасына барып жұмыртқалайды.
Ол қорадан кешке қарай үндіс болып шығады. Оның басындағы бас киімі ала-құла құс қауырсындарынан жасалған. Шашы әбден өскенше Гугуцэ қызыл тәнділер сымбатында жүре береді.
Шашын тағы да алғызатын мезгіл жеткенде бала үйден де биік қарағанның басына шығып алады. Шешесі төменде зыр жүгіріп: «Сені ме?»— деп сес көрсетеді, саты әкелмекші болады. Гугуцэге бәрібір. Шіркін, ағашта отырып-отырып, абайсызда құс болып кетсе ғой. Бірақ бұтақта қанша отырса да, Гугуцэ ағаштан бәрібір адам кейпінен аумай, жерге түсті, оның үстіне шашы да біраз өсіп қалды.
— Бас емес, қарғаның ұясы!— деп ашуланды шешесі.— Менің тіпті қарағым да келмейді!
— Қарамасаң, қарамай-ақ қой!— деп Гугуцэ басына қалпағын кие қойды.
Өкінішке орай, түскі ас ішкенде қалпақты еріксіз шешуге тура келді. Дегенмен, шаш қалпақ астында да өсе береді екен. Ал, Гугуцэ, тырысып бақ, іс насырға шабады! Шешесі баланы шаштаразға самса апарып беруге жұмсады. Гугуцэ самсаны есіктің босағасына қоя салып, шашын жалбыратқан бойы үйге қарай зымырай жөнелді. «Ұят жоқ онда!»— деп күңкілдеді байғұс шешесі шаштаразды мегзеп.
Бірақ өте дәмді самсаға аузы тиген кезде, шаштараз баланы қуып жетіп, өзіне сүйрелеп апарды да, бір кезде өзі шашын алып берген бір адамның кейін генерал болғанын лепіре айтып берді.
Бір күні тағы да генерал туралы айтқан сөзін естіп, Гугуцэ орындыққа отырғалы ыңғайланып, былай деді:
— Бұл бір ғажап екен! Шіркін, шаш алуды маған да үйретсеңіз ғой!
Шаштаразда ұл жоқ еді, ол сондықтан селода өзінен соң мұрагер болса деп ойлайтын.
Шаштараз басына жасанды шаш кигізілген, құлағы бар манекенді шатырдан сүйреп әкеліп, бетін айнаға қаратып отырғызды да, Гугуцэге қайшы ұстатып, былай деді:
— Міне, былай болсын. Бүгін оң жақ құлағының айналасындағы шашты аласың.
Қайшы шашты біртіндеп «қырш-қырш» қиып түсіріп жатыр, ал Гугуцэ болса, ол селодағы адамдардың қайсысын генерал етуді ойлап тұрды.
— Міне, міне!— деп мадақтады оны шаштараз.— Енді мына бір тұсын басып жібер... Міне, осылай... Несі бар, сені лезде-ақ жәрдемші етіп алуға болады.
Бұдан соң шаштараз самсаны жеп тауысып, табыс түспейтінін айтып налыды. Селодағы ер адамдардың жұмыстан қолы босамайды, жұмыста жүріп шаш алдыруды ұмытып кетеді. Қалпағы басына сыймағанда барып, шашы есіне түседі.
Міне, сондықтан да шаштараз арнаулы дәптерге кімнің, қашан шаш алдырғанын тіркеп отыратын болыпты. Егер бір адам көпке дейін келмей қойса, оған әйелін жібере қояды екен. Шаштараз есік ашып болғанша, әйелі барған үйдегі адам шашының қаншалықты ұзарғанын көрсетіп үлгереді.
Әлгі адам қалпағын шешкенде, шашының ұзындығы дәл шаштараздың әйелі айтқанындай болып шыға келеді.
Бірақ бір адамды дәптерге тіркеудің жөні болмай-ақ қойды. Ол қалпағының төбесінен шаш шығып тұратын тесік жасап алыпты да, жұмысын істеп жүре беріпті.
— Мұржалы қалпақ!— депті оған шаштараздың әйелі.
— Шашты қалай болса солай, кім көрінгенге алдырғанша, мұржалы қалпақ киіп жүру әлдеқайда жақсы!— депті келте жауап беріп әлгі.
Шаштараздың дәптермен ісі сәтті болды. Халықтың топ-топ болып келгені соншалық, оның тіпті станцияға баруға да мұршасы келмеді, шаштараздың шашы өсіп, құлағын жауып қалды, сондықтан ол енді жұрттың шашын өзінің бұрынғы фотосуретіне ұқсас етіп алатын болды.
— Істің жайы, міне, осылай болып тұр, мейірбан жандар. Өзімнің күтінуге де мұршам жоқ. Әлде селодағы ер адамдар көбейіп кеткен бе, әлде шаш алған сайын бастары қоса өсе ме?— деді шаштараз күліп, сөйтті де, шашын алдырып отырған адамның не айтқанын тыңдау үшін өзі шашын құлағынан ысырып қойды.
— Бұл не өзі!— десті кейбіреулер.— Қаладағы шаштараздар болса, бір сәрі. Онда тіпті әйелдер де шаш алғызады екен.
— Егер бізде сондай болса,— деп дауыстап жіберді шаштараз,— онда мен, сөз жоқ байып кетер едім!
Бір сенбіде Гугуцэ әдеттегісіндей самсаны шаштараз есігінің босағасына қоя салып, үйге тез кетіп қалмақшы болды. Бірақ шаштараз самсаны есіктің саңылауынан сезіп қалып, иісі бойынша оны кім әкелгенін де біліп қойды. Ол қуанып кетті, терезені ашып: «Шашыңды алмаймын»,— деп, Гугуцэні шақырды.
Бала қайтып келді, бірақ жаны қалмай қорқып тұрды.
— Тілеуің берсін, Гугуцэ!— деді самсаны бір тістеп үзіп алған қалпы шаштараз есікті ашып.— Міне, жігіт! Сенің келгенің қандай жақсы болды. Бері қара, сен менің шашымды алып берсең қайтеді? Ең болмағанда желкемдегі шашты, а? Шашым өсіп, аюдай болып кеттім, ұқтың ба! Аздап ақша тауып тұратыным рас. Бірақ жұрттың шашын аламын деп, өз шашыма ие бола алмай қалатын түрім бар.
— Несі бар, ағай, шаш алуды ұмытқан-ұмытпағанымды байқап көрейін,— деп, Гугуцэ батылданып кетті.
Селодағы ер адамдардың қайсысы генералға лайық екенін бала әлдеқашан анықтап алған.
Ол ақ халат киіп, машинканы үрледі де, шаштараздың желкесінен жалғыз доңғалақты қол арбаша сырғыта жөнелді. Жоғары-төмен, жоғары-төмен, оспақтап жүр...
Шаштараз еңгезердей болса да, орындыққа тұқыра түсті.
— Ауыртқан жоқ па?
— Уһ... Сәл тыныстап алайыншы,— деп өтінді терге малынған шаштараз, сөйтті де, қызарған желкесін сипады.— Осы бір тұста құлағым бар еді, байқа, қыршып алма.
Гугуцэ шаштараздың құлағын қалың шаштың арасынан тауып алып, қол арбаны желкесін бойлай тағы да «қырш-қырш» еткізіп жүргізе бастады.
— Әлі көп пе?— деп сұрады шаштараз.
— Сәл ғана қалды,— деп Гугуцэ терін сүртті.
Сол кезде шаштараздың екі құлағы жел өтінде қалғандай сезілді. Ол шап беріп басын ұстай алды, сөйтіп...
— Аттан! Ой, қарақшы, сен менің басымды не істеп жібергенсің?— деп шаштараз орындығын қолына ұстай, орнынан атып тұрды.
Гугуцэ машинканы бір жаққа лақтырып, өзі терезеден шыға жөнелді:
— Қайыр, қош болыңыз, ағай!
Шаштараз құты қашып, бір қолымен басын сипалады да, екінші қолымен шаш алғанда балаларды отырғызатын кішкене орындықты қармап, оны Гугуцэге қарай бар пәрменімен лақтырып жіберді.
Сол күні күн ыстық болғандықтан, құстар әуелеп көтеріле алмады, бірақ шаштараз көшеге үлкен сеңсең бөрікпен шықты. Жұрт оны, «қыста суық тиіп, жазда ауырған болар» деп ұйғарды, немен ауырғанын сұрады.
Қас қылғандай, дәл сол кезде село орталығында мектеп қоңырауының сылдыры естілді де, көшеге балалар толып кетті. Олар шаштаразға тұс-тұсынан келіп амандасты. Барлығына бірдей бірден қалай жауап берсін? Шаштараз абайсызда қалпағын басынан жоғары көтерді де, жалма-жан құлағына кептей салды, бірақ онысы кеш болған еді. Балалар ауыздарын аңқитып тұрып қалды. Үйлеріне жүгіріп келгенде, мектепте не оқытқанын естеріне түсіре алмай әуре болысты. Естерінде қалғаны тек бір-ақ нәрсе: шаштараздың шашы тап-тақыр етіп алыныпты!
Балалар ақырында өздерінің азаптарына ортақтасатын ең болмағанда бір ересек адамның табылғанына қатты қуанысты.
Ал ер адамдар қалпағының астындағы шаштараз басының бүгінгі сиқын көріп, ойға шомды. Олар шаштаразды станцияға барып келдіге санады да, «енді бүгіннен бастап барлығымыздың шашымызды дәл осылай машинкамен қырқатын болар» деп ұйғарды. Сонымен, олар сол сенбіден бастап шаштараздың үйін айналып өтетін болды, сөйтіп, бір апта өткен соң көпшілігі мұржалы қалпақ киіп алды.
ГУГУЦЭ — КЕМЕ КАПИТАНЫ
— Байқа, Гугуцэ, ешқайда кетуші болма!—деп айқайлады мамасы қақпаны жауып жатып.— Бізге күбі жасаушы келіп, бөшкенің түбін салып беруі тиіс.
Күбі жасаушы келсе, үні естілсін деп Гугуцэ қақпаға кішкене қоңырау ілді де, өз ісімен болды.
Міне, күн шырқау көтерілді, бірақ әлі ешкім келген жоқ, шешесі де бір жаққа кетіп, оралмай қойды.
Сарсылған Гугуцэ күбі жасаушыны «бөшкенің ішіне жатып алып күткен жөн болар» деп ұйғарды да, бөшкеге түсті, күн қыздырмасын деп бөшкенің түбін ысырып жапты да, қатты ұйқтап кетті.
Бұл селодағы күбі жасаушының бір құлағы мүкіс екенін сендерге айтып қойғанымыз жөн болар, ол сондықтан екінші құлағының дұрыс еститін-естімейтінін тексеру үшін үнемі ысқырып жүреді.
Гугуцэ енді ұйықтай бергенде, күбі жасаушы ма, әлдекім ысқырып келіп, ауладағы бөшкені көрді.
— Осы болар!— деп қуанып кетті күбі жасаушы ма, әлдебіреу. Шебер әп-сәтте бөшкенің түбін салып, құрсауын қиюластырды! Жайлап тықылдатты, оған аулада біреудің қорылдағаны еміс-еміс естілді.
Бұдан соң күбі жасаушы ма, әлдебіреу ауладан шығып кетті. Оянып еді, айнала көзге түрткісіз қап-қараңғы екен. Гугуцэ екінші бүйіріне аунап түсті, сонда бөшкенің іші жап-жарық болып кетті.
Ақырында Гугуцэ өзінің қайда жатқанын ұғып, ұшып тұрамын деп басын бөшкеге соғып алды. Шығатын жер жоқ! Бала тесіктен сығалады, бір жақсысы — тесік тығындалмапты: «Е-е. Мынау өзіміздің аула тәрізді ғой. Солай екен. Анау шатырдың тозған жиегі. Мынау тауықтар су ішетін кірлен... Құтқара көріңдер! Есік ашық жатыр. Ғайыптан қарақшылар келіп қалса ше?»
Гугуцэ бөшкені жұдырығымен ұрғылады, көршілерді шақырды, ешкім тіл қатпай қойды. Тек суарылмай қалған қашар ғана мөңіреп тұр.
Бөшкенің ішінде бүк түсіп жатқан бала шешесін, әкесін, балаларды жарқыраған күнді және өзенді сағынды:
— Ал, мен бейшара, жападан-жалғыз қалдым!— деді.
Сөйтті де, ол атасының үйіне дейін жолмен домалатып апармақшы болып, бөшкені бір жағына құлатып, теңселте бастады.
Бөшке «дүңк-дүңк» етіп домалағанмен, дарбазаға тура бара алмай қойды. Ол біресе тауық қораға қарай бұрылып, біресе ұраның шыға берісінде тоқтап қалды.
Бөшкедегі бір сағат Гугуцэ үшін бір жылдан кем болған жоқ. Ол әлсін-әлсін бетін сипап байқады: әзірге әйтеуір сақал өсе қоймапты.
Кенет бөшкенің іші қап-қараңғы болып кетті.
— Қартайғанда көздің нұры таяды деген осы да,— деп Гугуцэ күрсінді.
Осы кезде көшеде бір нәрсе күркірей жөнелді. Соңынан айнала жап-жарық болып, жарқ ете түсті, тіпті Гугуцэ сол жарықта аяқ-қолдарын да айқын көрді. Тағы да күркіреді, сөйтіп, бөшке ішінен жаңбыр иісі келді.
Жаңбыр болса қайтейін! Күркірей берсін күн, мейлі!
Қол шатырым — ол жаңа, маған жаңбыр тимейді!—
деп бала бөшкеден көңілдене айқайлады.
Жаңбыр өзін мазақтаған адамды іздей бастады, бірақ таппады, сондықтан ашу қысып, селоға нөсерлете жауды, лезде бүкіл аулалар мен көшелерге су толып, жылғалармен сыбдырлай өзенге құйылып жатты. Жаңбырдың барабанша даңғырлата жауғанын естіп, Гугуцэнің зәресі зәр түбіне кетті. Өйткені, оның үйі өзеннің жағасына мүлде төніп тұр еді.
«Су қазір ауланы алып, шарбақты құлатады, сөйтіп, бөшкені тұп-тура өзенге домалатып әкетеді. Түн ортасы болып, әтештер шақырған кезде мен Днестрге де жүзіп жетемін, ал күн шыққанда мені Қара теңізге күмп берді дей бер...»— деп Гугуцэ шошып кетті, ол жейдесін шешіп, бөшкедегі тесікті тығындады.
«Мен киттен қорықпаймын. Мына кішкене тесіктен ол бөшкеге қалай кіреді? Ал дельфиндер кездессе, жақсы-ақ болар еді. Олар: «Сөйлейтін бөшке!»—таптық деп мәз болып, мені серуендетеді ғой, ал одан соң олар маған теңіз түбінде жатқан кемені көтеріп береді, мен оларға бөшкемді беремін — онымен дельфиндердің балалары ойнап, қарық болады. Сөйтіп — Рэутті жоғары өрлеп, үйге келемін. Табалдырықтан аттай бере: «Қалай десеңдер, олай деңдер, папа, мама! Енді өзімізде де кеме бар!»— деп айқай саламын. Мамам аяқтарын кірлендегі суға лезде жуып алады да, папам үйдің есіктерін жауып бекітеді, тауықтар мен қашарды өзімізбен бірге аламыз, мен якорьді көтеріп, толық жүріспен австралиялықтарға мейман болуға тартып отырамыз! Мамам — кеме аспазы, папам — аға кемеші, ал мен — кеме капитаны!»
Жаңбыр басылған кезде Гугуцэ кемесімен Сары теңіздің тұсына жақындап та қалған.
Әсіресе палубаға шешесі шыққан кезде әкесінің де кеме жүргізгісі келіп кетеді. Онда не тұр? Бірер сағат штурвалда тұра тұрсын. Қашан қарасаң да мамасының: «Шеп-шеп-шеп!»— деп тауықтардың қасында жүргенін көресің. «Үйді сағынып жүрген жоқсыңдар ма?»— деп қояды. Ал қашар бір бәле болды: оны жағаға апарып жайып алу үшін, арал сайын кемені аялдатуға тура келеді. Кеме Австралияға жүзіп жеткенге дейін қашар еңгезердей сиыр болды да шықты...
Дәл осы кезде қақпадағы қоңырау сыңғыр ете түсті. Шешесі кіріп, бөшкеден жалбырап тұрған Гугуцэ жейдесінің жеңін байқады. Ол таң қалып, жейдені тесіктен жұлып алғанда, Гугуцэ мамасының аяғын көрді.
— Мама, мен мұндамын...
— Жарқыным-ау! Сен қалай онда тап болдың? Тірісің бе өзің?-
— Мама, тірімін.
— Қазір, бөшкенің түбін жұлып аламын!
Шешесі балғаға қарай тұра жүгірді де, райынан қайтты. Абайсызда балғаның тарсылынан баласының басына зақым келсе, қайтпекші. Оның үстіне жаңбырдан бөшке ісініп кетіпті.
Үйдің қасынан арбаның өтіп бара жатқаны жақсы болды: мамасы арбаны тоқтатып, арбакеш екеуі бөшкені арбаға салды да, күбі жасаушының үйіне қарай жылжыды.
Қолы бос, еріккен адамдар лезде-ақ арбаға жиналып, соңынан шұбыра ілесті.
Терезеден бөшке тиелген арбаны көре салып, «жаңа жасалған шарапты апара жатыр» деп ойласа керек, бір кісі бір қолында резеңке түтік, бір қолында стаканы бар, үйден атып шықты.
— Ағай, онда Гугуцэ отыр!— деді саусағын шошайтып, танымайтын бір балақай.
«Күбі жасаушыға жеткенше Гугуцэ әлсіреп қалмасын»,— деп мамасы анда-санда бөшкеге бір тілім нан тастап отырды.
Күбі жасаушының ауласына халық толып кетті.
— Мейірбан жандар-ау, не болып қалды?— деп күбі жaсayшы үйден үрейлене жүгіріп шықты.
— Сені де күбі жасаушы дейміз-ау, әйтеуір!— деп дүрсе қоя берді оған мамасы.— Ал, енді баланы бөшкеден шығарып бер! Маған неменеге бадырайып қарайсың?
Ақырында, күбі жасаушы күбіде біреудің бар екенін түсінді, ол балғасының басына шүберек орап, ысқырды да, бөшкенің үш құрсауын босатып алды, тағы да ысқырып, бөшкенің түбін жұлып шығарды. Бөшкеден сау-сәлемет Гугуцэ басын шығарды.
— Ай, тентегім-ай! Бұл «қалай болды өзі?— деді де, күбі жасаушы мамасына бұрылды.— Сен түсіндірші, мен бүгін ауламнан бір қадам да аттап шыққаным жоқ. Бөшкенің түбін салуға ертең бармақшы болатынмын.
— Оны шаштараздан өзге бөшкеге бөтен ешкім де қамаған жоқ,— деді Гугуцэнің көршісі.— Мен шаштараздың шашы машинкамен сыпырылған күннен бері-ақ, Гугуцэні бір пәлеге ұрындырарын сезгенмін. Оның үстіне дәл бүгін түскі тамақ алдында Гугуцэнің үйін айналсоқтап жүрген еді.
ГУГУЦЕ ШЕШЕСІНЕ ВЕЛОСИПЕД ТЕБУДІ ҚАЛАЙ ҮЙРЕТТІ
— Мама, мен сенің балаңмын ба, жоқ па?— деді ойламаған жерден Гугуцэ.
— Ботақаным, ауырып қалғаннан саусың ба?— деп шешесі Гугуцэнің маңдайын алақанымен басты.
— Егер сенің балаң екенім рас болса, онда мен саған велосипед тебуді үйретемін!
Шешесінің жүрегі орнына түсті. Бірақ велосипедтің доңғалақтары әкесі жүргізіп жүрген жүк машинасындағыдай төртеу емес, екеу-ақ екенін есіне алды. Сондықтан, сөзін басқа жаққа бұрып:
— Ендігі жетпегені велосипед қана еді! Немене, ұмыта қалдың ба? Біздің қарлығаштар бүгін-ертең жылы жақтан ұшып келуге тиіс, ал мен болсам, қораның қабырғаларын толық жөндеп үлгере алмай жүрмін. Қапелімде қарлығаш оған ұя салмай қойса, не істемекшісің?
Егер анық осы үйдің баласы екенің рас болса, сен одан да ерте тұрып, қолыңа шелек ала салып, маған жылқының тезегін әкеліп бермес пе едің, қабырға сылайтын лайға араластыруға ештеңе жоқ екенін көріп отырсың ғой.
Гугуцэ лық толтырып, үш шелек жылқы тезегін әкелді. Елең-алаңнан тұрған әйелдер барлық жолдарды қарап, ештеңе де таба алмады. Аттардың құйрығына кеше кешкісін дорба байлап жүрген жылпос бала, бүгін таңертең лық толтырып, міне, үйіне әкеліп отыр: «Мама, міне, менің істі қалай тындырғанымды көр!»— деді ол.
Гугуцэнің шешесі де пысық адам! Әйелдер: «Көрші болған соң бөлісіп алайық — жылқы бәрімізге ортақ қой»,— десіп, қаптарын алып келді. Ал ол болса:
— Қаласаңыздар, мен сіздерге күзде алма ағашынан алма үзіп салып, қаптарыңызды толтырып берейін. Бірақ тезекке қолқа салмаңыздар! Жылы жақтан қарлығаш ұшып келе жатыр, ал қорамыз әлі жөнделген жоқ!— деді.
Гугуцэ лайды аяғымен араластырып, қораға жеткізіп берді, ал мамасы оның мақтауын асырды. Ол ауық-ауық мамасынан сыйлық дәметті.
«Гугуцэ айтқанынан қайтпады»,— деп күрсінді мамасы. Қалай дегенмен де оның баласы ғой — бірдеңе істеу керек-ақ.
Мамасы жұмысын бітіріп, қолын жуып:
— Қәне, бадырағым, енді саған не сатып әперейін?— деді.
Гугуцэнің мұрны балшық-балшық болып тұр екен:
— Саған мен бірдеңе сыйласам қайтеді?— деді.
Шешесі ұлын көкірегіне қатты қысқандықтан, оның мұрнының үстіндегі балшығы сүртіліп кетті, ол:
— Сыйла! Сыйла!— деді.
— Олай болса, мен саған бірдеңе үйретейін бе? Велосипед тебе алатын боласың! Менің саған жасаған сыйлығым сол болсын.
Ботақаным-ау, оған жұрт не айтады?— деді шешесі баласының көңілін аулап.
— Мен Женя апайға да үйретемін. Екеуің бірге тебетін боласыңдар.
Бұл ойы ұнады. Мамасы келіскендей болды. Бірақ кенеттен тағы да велосипедте тек екі-ақ доңғалақ болатыны есіне түсті де:
— Оны да, мені де күлкіге қалдырмақсың ғой! Велосипед менің не теңім? Өзің ойлашы, бұдан былай менің мазамды алма!—деді.
Гугуцэ: «Мамам қорқатын болар»,— деп мұңайды.
Содан бері ол қобалжып жүрді — мамасына көңілі жарым болды. Мүлде шыдамы жетпеген кезде Гугуцэ мамасына келіп:
— Мама, мейлі, мені сабап ал! Балаларыңның ішіндегі ең жаманы менмін!—деді.
Мамасы Гугуцэге қарап, не дерін білмей отырып қалды.
— Мама, ұршы мені, ұр!—деп өтінді ол. Бірақ шешесі оған қолының ұшын да тигізе алмады.
Гугуцэ өкіре жылап, үйден оқша атылып, шыға жөнелді, ол қарлығаш мекендеген қораға кіріп алып, көз жасы көл болғанша жылады. Қарлығаш оған дөңгеленген тарыдай көзімен қарады.
— Менің мамам қор-қа-ақ!— деп Гугуцэ қарлығашқа шағынды.
Ол сол күннен бастап күлкісін доғарды. Шешесі баласының көңілінде бір түйткілдің барын білді, бірақ одан сөз тарту қара тасқа тіл бітіргенмен бірдей еді.
Дәл осы арада мынадай оқиға бола қалды. «Үш Лақ» селосында өте сүзеген бір сиыр бар болатын. Оның бүлдірмеген дүниесі жоқ, иесі мүйізіне ескі қолғап та кигізді, мүйізінің ұшын орап та тастады. Сол сиыр кешкілік егістіктен келе жатып, бір әйелді көрді де, соған қарай тұра ұмтылды. Әйелді шарбаққа қысып, басын бұрып қалғанда, мүйізге кигізілген қолғап шығып қалып, сүзіп ала жаздады. Әлгі әйелдің тілі күрмеліп, аппақ қудай болып, өңі қуарып кетті. Көрші ауладағы еңгезердей ер адам аузын ашып, қалшиып қалды. Тек Гугуцэнің шешесі ғана шашы жалбыраған күйі шапшаң жүгіріп барып, қолын сермеп,— қолындағысы не еді дейсің ғой — жүгерінің сабағы — сиырды айдап жіберді.
Бала жүрегіндегі дерт тарқады. Шатырға шығып алып бар даусымен былай деп айғайлағысы келді:
«Ал, кәне, менің шешемді қайсысы «қорқақ» дер екен? Ертегідегі Иляна-Косынзяна да велосипед тебе алмаған болатын, бірақ сол үшін Фэт-Фрумос үш айдаһармен алысты ғой. Шіркін, батырлар күрзісімен оның айдаһарларды сабағанын айтсаңшы!»
Гугуцэ желмен бірге көшіп жүретін қаңбақ емес.
«Тоқтай қал!— деді ол ойын қортындылап.— Енді мамамның велосипед теуіп жүргенін көргендердің бірі де селода оны келемеждей алмайды. Кәне, Гугуцэ, жолың болайын деп тұр, қарап қалма!»
Гугуцэ шешесі үйде жоқ кезде велосипедтің доңғалақтарына жақсылап жел толтырып, отырғызғышын көтерді, үйдегі жастықтарды, көрпелерді, алашаларды, пальтоны, бөріктерді жүн толтырылған қаптарды жолдың екі жиегіне шашып, төсеп тастады.
Шешесі мұны көріп, қос қолдап басын ұстады:
— Не болып астан-кестеңі шыққан? Әлде менің көзіме бірдеңе көрініп тұр ма? Біздің үйді осынша шақ-шәлекей қылған қайсысы?— деді.
— Мама, оларды тасып шығарған мына мен. Енді велосипедтен құласаң да — қолың сынбайды.
— Саған не істесем екен? Әйткенмен, қарашы өзің, жұрттың барлығы үйлерінде ғой...
— Маматай, қазір, маңайымызда ешкім болмайды,— деп Гугуцэ билей жөнеліп, ауладан шығып кетті.— Мен келгенше әкемнің шалбарын киіп ал!— Гугуцэ дарбазадан:—Олика ап-а-а-ай!—деп айқайлады.
Қолына қамыр жұққан әйел сыртқа шықты.
— Антон атайдың ілгекті темірі сізде ме? «Дереу әкеліп берсін» деп жатыр. Ол таңертең ерте суға шелегін түсіріп алыпты, соны құдықтан шығара алмай отыр.
— Мен үйдегілерге: «Біреудің нәрсесін алсаң — тез қайтар»,— деген едім. Енді оның табалдырығынан қалай аттамақпыз? Гугуцэ, саған рақмет, көкнәр қосып, бауырсақ пісіріп беремін.
Касуня әж-е-ей!— деп Гугуцэ шарбақтан секіріп түсті.
— О не, Гугуцэ?—деп ұрадан мойнын созып қарады көрші.
— Сіздің бұзауыңыз көгалда мөңіреп жүр ғой!
— Сорлы басым-ай!— деп әйел басын екі қолымен ұстай алды.— Ол әлі суарылмапты-ау! Ұмытып кетпейінші деп аула ортасына әдейі шелек шығарып қойып едім. Ақылыңнан айналдым, жігіт бол!
— Кристина ап-а-а-ай!— Гугуцэ үшінші аулаға да келіп үлгерді.— Захария ағай: «Түскі асқа келе алмаймын: оқ ағашым сынып қалды»,— деді. Түскі тамағын егістікке апарып беріңіз. Өзіңіз кеше көбелектің суретін кестелеген орамалға нан орап әкелсін деді.
Екі көрші әйел қашып кетіпті, біреуі мүлде үйде болмаған екен, бірақ қоңқақ мұрын Кристина апай бірдеңе сезсе керек. Қақпасынан шығып кеткен тәрізді болды да, бұқпантайлап, шарбақтың артымен аяғының ұшынан басып келіп, тауық қораның сыртына жасырынып қалды. Біреу-міреу байқап қалған күнде де: жұмыртқасының бар-жоғын тексеріп, тауықты сипалап жүрген адамның сыңайын байқатпақ.
Гугуцэ велосипедті шыр айналып, дәл бір авиокон-структорша ұсақ-түйекті қалдырмай, мамасына толық түсіндірді. Шешесі сөзіне құлақ салғанмен де, қора жаққа жалтақтап қарай берді. Алдымен қарлығаштың ұшып кетуін күтті, тек содан кейін ғана велосипедке мінді.
Мамасы қанша тырысқанмен де, тақыр жерге құдай берді. Гугуцэ кез келген алашаны солай қарай сүйреп әуре болды, қолына жастық ұстап, велосипедтің соңынан жүгірді. Ол кезде мамасы біресе пияз егілген жүйектің үстіне, біресе кірленге құлады, бірақ қыңқ еткен жоқ. Тұра салып, велосипедке қайта мініп алады.
Әкесі жұмыстан келді, бірақ аулаға машинасын кіргізбеді. Машинаны дарбаза алдында қалдырды. Гугуцэнің мына ісі әкесіне ұнады — семьяда тағы бір адамның ең болмағанда екі доңғалақты машинаны жүргізе білуі неге жаман болсын.
Шешесі велосипедтен түспей қойғандықтан, әкесі алжапқыш байлап, кешкі тамақты әзірледі, өзіне-өзі «ас жұғымды болсын» айтып, тамақ ішуге кірісті.
Көрші әйел тауық қораның сыртында күрік тауыққа ұқсап, тапжылмай отырып алды. Одан неше рет және қай жерде велосипедтен құлағанын естігенде, Гугуцэнің шешесі қатты таң қалды.
— Көкетай, сенің шалбар киіп алғаның жақсы болды. Велосипед дегенің — таптырмайтын дүние. Велосипед сатып әпергенше Закарияның қыр соңынан қала қоймаспын мен де.
ҚОҢЫРАУ ДАУСЫ ЕСТІЛГЕНДЕ
Гугуцэнің сабалақ, жүнді үлкен иті бар, бірақ одан түк пайда жоқ. Ол үру былай тұрсын, ең аяғы аптасына бір рет көзін ашуға да ерінеді. Сондықтан, ол үретін даусын ептеп ішіне жинай береді.
Гугуцэ ауладағы шие пice бастағанын көре салысымен, үлкен төбетті оятып тұратын кішкене ит асырап алды. Түн ортасында сәл сыбдыр естілсе-ақ болды, үлкен төбет оянғанша тыным бермей, кішкене ит шәуілдеп қоя береді. Ал төбет үрсе, зеңбіректен атылған оқтай арс ете түседі. Айнала жым-жырт бола қалады, көршілердің терезелерінен шамның жана бастағаны көрінеді, сөйтіп, Никита атай мен Тоадер Путинэ (иттер бәрібір ұйықтатпайтын болғандықтан) Гугуцэнің шиесін күзетуге кіріседі.
Ал таңертең Гугуцэнің әкесі үлкен төбетті басынан сипап: «Бауымызға енді ешкім де түсе алмайды»,— деп иттерін оларға мақтайды.
Әрбір түн — дәл осылай өтеді. Ит үреді. Көршілердің терезелерінен шам жарығы жылт ете түседі...
Сөздің қысқасы, Гугуцзнің шиесі біткенде Никита атай қуанғанынан бір құмыра шарабын алып Теадор Путинэге келді.
Бірақ арада екі апта өтпей жатып, үлкен төбет көршілерді тағы да үріп оятты. Тағы да Никита атай мен Теадор Путинэ түні бойы күзетіп шықты, бірақ неге екенін өздері де білмейді. Тек таң атқанда ғана оның сыры ашылды: Гугуцэнің өрігі пісіпті.
Бейсенбі күні иттің үргенінен колхоз бастығы оянып кетті, ал жұма күні таңертең бастық Гугуцэні колхоз үшін «өте қажет жігіт» деп хабарлады: ең алыстағы жүзімдікті сол күзетпесе, басқа кім күзете алушы еді?
— Мама, мен кеттім,— деді де, Гугуцэ иттерін шақырды.
— Сорлы көршілер, біраз ес жиып алсыншы,— деді шешесі.— Обал-ақ! Сен мына бір кішкене оңбағанды әкелгеннен бері бейшара көршілер жастықтарын қолтықтап алып, көздері қызарған күйі жұмысқа барып жүр,
Сол күні таңертең ерте колхоз Гугуцэге күрке жасап берді де, баланы күндізгі күзетші етіп тағайындады, ал оның иттері жүзімдікті түнде күзетеді.
Іңір қараңғысында Гугуцэнің орнына түнгі күзетші келіп, мылтығын ешбір жан таба алмайтындай етіп жасырады, орнына үлкен төбетті қалдырып, өзі жастыққа жантая кетеді.
Үлкен төбеттің де күткені сол. Бір төмпешікті (ол оны күндізден-ақ өзіне қарастырып алған) басына жастанып, ол да ұйықтайды, үруге дауыс жинайды.
Оның есесіне — кішкене итте маза жоқ: оның бір құлағына шілделіктің шырылы, екінші құлағына күзетшінің қорылы келіп тұрады. Түн ортасында дөңнің арғы жағынан жарты ай қылт ете түседі. Кішкене ит:
— Қалған жартысы қайда? Аттан! Ұрлап кетіпті!— деп, «шәу-шәу-шәу!» етеді.
— Ррр-ауп-ауп!— деп даусы ауылды жаңғырықтыра үлкен төбет зеңбірек атылғандай гүрілдейді.
— Туысқан, тұр! Пәле! Үлкен төбет үріп жатыр!— дейді Теадор Путинэ Никита атайдың терезесін тықылдатып.
Жылы көкірекшесін иығына іле салып, Никита атай көршісімен бірге жүзімдікке қарай жүйткіп бара жатады.
— Тоқта! Атып жіберемін!—деді ұйқылы көзімен айқайлап, түнгі күзетші. (Ол да үлкен төбеттің үргенінен оянып кетіпті.)
Ол-мылтығын іздемекші болды, бірақ шаршағандықтан тауып алуға дәрмені жетпей, қайтадан ұйықтады. Үлкен төбет те төмпешіктегі орны жылы тұрғанда ұйқтап қалуға асықты. Тіпті кішкене ит те ұйқтап кетті. Ал Теадор Путинэ мен Никита атайға жүзімдікті таң атқанша ұрыдан күзетуден басқа түк те қалған жоқ!
Гугуцэ екі көршісіне таңертең екі кетпен, тамақ және екі жастық әкеп берді. Ал түнгі күзетші болса, селода аяғын алшақ басып жүрді:
— Мен күзетте тұрғанда жүзімдікке қам жеудің қажеті не?— деп мақтанады.
Ал күндіз біреу-міреу жолмен кетіп бара жатса-ақ болды, кішкене ит қатарынан үш рет шәуілдеп. үлкен төбет зеңбіректен атқандай арс ете түседі, соңынан жер астынан шыға келгендей, қолында мылтығы бар Гугуцэ қалтиып тұра қалады.
— Ай-ай-ай, ақсақал! Сен неге жүзім жемейсің? Ол пісіп тұр ғой. Әлде көрмей тұрсың ба?
— Кешір, Гугуцэ! Қазір дәмін татып көрейін.
— Жарайды, кешірдім. Бірақ қыста қоңырау даусын ести салысымен, тура Диірмен шоқыға қарай тарт.
— Келістік, Гугуцэ,— деді де, жолаушы жүзімді тойғанша жеді.
«Алдап тұрған жоқ па?»— деп, кейбіреулер жасқанды да.
— Жүгіріп барып, көзілдірігімді әкеле қояйын, әйтпесе байқамай, пice қоймаған көк жүзімді жұтып жіберіп жүрермін,— деп бір жылпос кетіп қалды да, сосын бұл жолмен жүрмей қойды.
Гугуцэ жүзімдік маңынан өтіп бара жатқан әйелге де жүзім жегізеді және үйіне алып кету үшін бір шоқ жүзім беруді әсте есінен шығарған емес.
— Қыста не болады екен?— деп сұрасты жұрт бірінен-бірі.— Қоңырау тегіннен-тегін сыңғырламайтын болар. Гугуцэ бізге жел диірмен салғызбаса не қылсын, шоқының аты болмаса, диірмен құрығалы қашан.
Ағаштардан жапырақтар түсіп болмай жатып, балалар қораға тығылып алып, ересектерден жасырып, бірдеңе істеумен шұғылданды. Екі бала қораға кіреді де, оның біреуі әкесінің тұлыбын керіп, екіншісі бірдеңелерді өлшеп, түн қараңғысы түскенше тықылдатады да жатады.
Алғашқы қар жауғанда Гугуцэ қора-қораны аралап, істің қалай жүріп жатқанын тексеріп шықты.
Қар үсті-үстіне жауып тұрды. Ақыры, бір күні жексенбіде, елең-алаңда үйдің мұржасынан алғашқы түтін будақтап көтерілген шақта, бүкіл село қоңыраудың сыңғырлағанын естіді. Қоңырау жұртты сағынып қалғандай ұзақ сыңғырлады, ол селодағы бүлдіршіндерден бастап, қарттарға дейін Диірмен шоқыға шұбырып жеткенше сыңғырлады.
Гугуцэ оларды жаңадан жасалған үш жүз қол шанамен шоқыда күтіп тұрып, қарсы алды.
— Жарқыным-ау!— деп бір әйел тіпті қарға құлап түсті.— Бізді басқа селоға көшіріп жібермекші ме, қалай?
— Мейірімді халайық!— деп бастады Гугуцэ, басынан бөркін алып, құлағы жаурап қалмау үшін сөзді өте қысқа сөйледі.— Жазда жүзімнен дәм татқандардың барлығы қазір шанамен сырғанайтын болсын,— деді де, дереу бөркін киіп алды.
Тұрған жұрт бір-біріне қарасты: мұрты, сақалы, шұбалаңдаған шәлілері,. тұлыптары бар — бұлар сөзсіз шанамен сырғанауға бөгет болады ғой.
— Не деген тіп-тік тау беткейін таңдап алған!— деді әлдебіреу.
— Бір шоқ жүзім үшін мені өзенге батырып жіберейін деп пе едің?— деп бір әйел балаға тұра ұмтылды.
— Одан да балалар сырғанасын,— деп мектеп директоры жағасын көтеріп қойды (ол да жазда Гугуцэден жүзімнің дәмін татқан болатын).— Ал біз оларға шана тасып берейік.
Сол кезде топ ішінен Теадор Путина сөз сөйледі:
— Никита, сен осындамысың?
— Мен осындамын!
— Олай болса, кел, іске кірісейік!— деп Путинэ бөркін көзіне түсіріп киіп, Никита атаймен бірге шанаға отырды.
— Жолдан былай тұрыңдар!—деп айқайлады қалпағында мұржасы бар адамның әйелі, сөйтті де, ол екінші шанаға отырып алды.
— Е-еһ-ей!— деп іле жөнелді жаңғырық.
— Қарай гөр, әлі ұмыта қоймаппыз!— деп даурықты қарттар.
Сол-ақ екен, барлығы мәз-мейрам болысты. Тіпті шана жетпей де қалды. Су астындағы балықтар ұйқысынан оянып, бақырайып қарап қалыпты. Селодағы қойлар маңырап, аш сиырлар мөңіреді, ал олардың иесі қараңғы түскенше Рэут өзенінің аңғарында қаннен-қаперсіз шанамен сырғанақ, теуіп жүр еді. Тек жазда көзілдірігін сылтауратып қашып кеткен жылпостар ғана тұнжырап шетте тұрды.
«Е-еһ-ей!»— деп тау күмбірледі.
Мектеп директорының шанадан әдемі құлап түскендігі сондай, оның қай омбы қарда қалғанын жұрт біле алмай-ақ қойды, ал колхоз есепшісі шоқыдан зулап бара жатып, мөрін жоғалтып алды.
Осылардың барлығы аяқталған кезде Диірмен шоқыға аққала жасалды. Оның басы — Гугуцэнің басынан аумай қалды! Сонан соң, оның аяғының қасынан қардан бірі үлкен, екіншісі кішкене — екі иттің мүсінін қалады.
ГУГУЦЭНІҢ ДҮРБІСІ ЖӘНЕ ҚАРШАДАЙ ЖАСЫЛ АДАМДАР
Гугуцэ де дүрбі пайда болды, бірақ дүрбі қазір кімге таң? Гугуцэ оны күндіз үй іргесіне тастап кетсе, кешке келгенде сол жерде жатқанын көреді, егер қақпаның қасында қалдырса, дәл сол жерден тауып алады.
— Ха-ха-ха!— деп сөзуар көрші баланы ыза қылды.— Рас, соғыста дүрбіге баға жетпеді. Әлі есімде, біздің генералдың дүрбісі бар болатын: ол дүрбіні көзіне таятса-ақ болды, неміс қолын көтеріп, жасырынған жерінен сүйретіліп шыға бастайды.
Гугуцэ несін айтсын. Дүрбі пайдалану үшін ол соғысты қайтадан бастай ала ма?
Гугуцэнің дүрбісін жұрт ұмытып та кеткен болар еді. Бірақ бір күні бала дүрбісімен селоға атты арбаның келе жатқанын көрді. Ал делбеші әлденені ойлап отырып, бір аттың доғарылып қалып, жол жиегіндегі шөпті жұлып жеп жүргенін байқамай, екіншісін өрге де, еңіске де қамшымен шықпыртып айдап келе жатты. Сол бетімен селоға енді.
Оған дүрбі ұстаған Гугуцэ қарсы жолығып:
— Ата, атыңның біреуін жоғалтып алыпсың!— деді.
— Сен не айтып тұрсың!— деп «аһ» ұрды қарт.— Ол қайда кетіпті?
Гугуцэ дереу дүрбісіне қарап, аттың Хыртоп дөңінің етегінде жүргенін көрді.
Қарт атты доғарып, салт мінді де, желе жөнелді. Міне, Хыртоп дөңіне де жетті. Қарт қуанғанынан табылған сұр атқа ауысып мініп, өзі мініп келген торы атты дөңнің етегінде қалдырып кетті.
Дүрбі ұстаған Гугуцэ тағы да қарсы жолықты.
— Ата, мына атты тауып әкелу үшін мініп кеткен атың қайда?
— Дүрбі деп, міне, осыны айт!— қарт қалпағының төбесін қасынды да, тағы да дөңге тартты.
Ол атты жетектеп келгенде, арбасын таба алмай қойды. Дереу Гугуцэнің үйіне тура тартып, дарбазасын қақты.
Гугуцэ дүрбісін алып, қораның төбесіне шықты. Мына қызықты қара! Қарт арбасын селоның бір жақ басында қалдырыпты, ал өзі оны мүлде басқа жақтан іздеп жүріпті.
Қарт кешке қарай Гугуцэге бір табақ тәтті ірімшік әкеліп берді, ал дүрбі жөніндегі сыбыс бүкіл селоға жайылды.
Енді жоқ іздегендер де, иесінің кім екенін білу үшін жоқты тауып алушылар да — барлығы Гугуцэге келетін болды.
Гугуцэ елең-алаңнан тұрып, дүрбісін қолына алып, жейтін тамағын орамалға түйіп, үйден де биік қарағанның басына өрмелеп шықты.
Тас төбелеріндегі Гугуцэні көрген жұрт: қалай болғанмен селода әуеден қарауыл қарап: «Барлығын көріп, баршаға жәрдемдесетін күзетші болғаннан артық не болушы еді»,— десіп қуанысты.
Төбеден сәл шуыл естілсе-ақ болды, Гугуцэ дүрбісін аспанға кезей қояды: шет жұрттық самолет болып жүрмесін? Шіркін, оны селоның үстінде ұшып жүрген жерінен ұстап алса ғой!
Мамасы: «Оның барлық өмірі ағаш басында өтетін болды»,—деп бұрқылдап жүр, бірақ баланың сусап шөлдегенін естігенде, өзі бөтелкеге су құйып, мойнынан жіппен байлап:
— Тарт, ұлым, жоғары қарай тарт!—деп бәйек болады.
Гугуцэ селода жұмысы болса-ақ, ұмытпай дүрбі ала шығады.
Бір күні Гугуцэ дүрбіге көз салып еді, колхоз бастығының үйіне жақын екі адамның жүргенін көрді. Оның біреуі үлкейе-үлкейе келіп, дүрбіге әрең сыятындай болып өсті, ал екіншісі кішірейе-кішірейе, мүлде көрінбей кетті.
Кешке қарай дүрбі барынша үлкейтіп көрсеткен адам бригадир болып тағайындалды, ал кішірейген кісіні бригадирліктен босатып тастады.
Гугуцэ содан бері бастықтың үйіне жиі-жиі айналсоқтайтын болды.
Бастық әлденені ойланып үлгергенше, селодағылардың барлығы жан-жақтан жүгіріп келіп, қайдан білетіні белгісіз:
— Гугуцэнің дүрбісі ананы көрсетіп жатыр, мынаны көрсетіп жатыр!— деп дүрлігеді.
Оның үстіне солардың әрқайсысы өз көңілдегісін ақтарып салып, селодағы жұрттың бәрі дүрбіге түсетіндей етіп көпірте баяндайды.
— Гугуцэлерің жалған айтады!— деп дауласты бастық, бірақ кейде оны өзі де мақұлдаған кездері аз емес.
Дүрбінің көмегі көп тиді.
Гугуцэ селода кімнің науқас екенін дәрігердің үйінен қарап көреді, қолма-қол ауру адам демде дәрігерге шақырылады, өйткені, бұл қалжың көтеретін іс емес қой!
— Шақыртып алдырғаныңызға рақмет, әйтпегенде қанша келейін деп оқталсам да мойным жар бермей қойып еді!— деді дәрігерге әлдебір әйел ризашылығын білдіріп.
Дәрігер әйелдің көзін кең ашқызып, денесінің қызуын өлшейді.
Гугуцэ дүрбісімен директордың қақпасынан кімнің. оқуға неліктен бармай қалғанын көрді. Қолма-қол ата-аналар балаларымен бірге және міндетті түрде олардың кітаптарын қоса алып, мектеп директорына келу туралы шақырту алды.
— Кіруге бола ма?— деп бір кісі бас киімін алды да, бірінші кластағы партаға отырып, ұлының орнына әр түрлі ілмектер мен дөңгелектерді жаза бастады.
Екінші класта оқитын қыздың шешесі бормен тақтаға «х+у=...»-— деп жазып қойды.
Алтыншы кластағы немересі үшін атасы мына тақпақты есіне түсірді:
Ғасыр бойы мүлгіген ұйқысынан,
Оянғанда алыптай ертектегі.
Сөз сөйледі ер халық — молдаван,
Халық ұйып тыңдады — селт етпеді.
Ата-аналар бұдан қалай болғанда да мектепте олардың балаларына тыным жоқ екенін ұқты, сөйтіп, оларды ертеңгілік класқа алақанына салғандай етіп әкеліп, тіпті оқуға барғанының ақысына қалталарына жылтыр қағазды үлкен шоколад салып берді.
Дүрбі пайда болғалы жұрт бір сағат ерте тұрып, екі сағат жай жатты, ал оның есесіне мәз-мейрам болып, қауіп-қатерсіз тыныш ұйықтады, олардың балалары да тез ер жетіп, жаңа туған айдай құлпырып өсті.
Соңғы кезде ұрлықтың тамырына балта шабылғанын көрген соң, қарауылшылар күзетке барудың орнына үйде көбірек отыратын болды.
Бірақ тұнжыраңқы, қолының сұғанақтығы бар (селода ондайлар да жоқ емес) адамдарға дүрбі ұнамады.
— Мен сенің бейбіт уақытта дүрбіні әурелеп жүргеніңді генералға жазамын да жіберемін,— деп сөзуар көрші Гугуцэнің қыр соңынан қалмады.— Сен неге мені дүрбімен көре бересің, қайдағыны қайдан ойлап шығарып жүрсің? Сенің менде қандай шаруаң бар?
— Солайы солай ғой, маған қаршадай жасыл адамдардың қалай өмір сүретіні қызық сияқты? Сізді де соңыңыздан қалмай еріп жүрген жоқ па екен деймін де?
— Қаршадай адамдарың не тағы?— деп ашуға булықты көрші.— Мен саған атынан айрылып қалған қарт қой деймісің!
Бала дүрбіні көзіне тақады. Айтқаны айдай болып шықты, қаршадай жасыл адамдар жүр, әне! Біреуі көршінің шалбарына жармасып, тырбың-тырбың етеді, екіншісі пиджагының түймесіне асылып алыпты, үшіншісі жеңінен мойнын созып, қылтиып тұр.
Гугуцэ көптен бері осы қаршадай адамдарды көзден таса жібермей қарап жүрген болатын. Көрші ұйықтаса болды, олар бақта тайраңдап, балаға келудің амалын жасайды, бірақ шарбақтан асып түсуге қорқады.
Көрші оларды біледі, бірақ жұмған аузын ашқысы келмейді — ол үшін мен бәстесуге бармын.
— Шайтан алғыр дүрбі!— деп көрші тісінен сыздықтата сөйледі де, қауіпті дүрбіден тезірек құтылудың жолын кеңесуге өзінен басқа да тұнжыраған екі адамға қарай кетті.
Келесі күні көрші Гугуцэге келді. Ол бір күшікті қолтықтап алыпты, ал өзі: «Бала дүрбісін күшікке айырбастамас па екен?»—деген ойда тұрды. Гугуцэнің мұны тыңдағысы да келмеді. Көрші дереу үлкен ит әкелді. Бала оған дүрбісін кезей қойды. «Е-һе! Айттым ғой, қаршадай адамдар, әне, жүгіріп жүр. Көрші дүрбіден шайлығып, табанын жалтырата, тайып отырды.
Ит дарбазада тұрып алып, балаға абалап үрді, қаршадай адамдар кіп-кішкене жасыл жұдырықтарын түйіп, сес көрсетті...
Көрші дүрбісін сатып та, ұрлап та алмақшы болды, бірақ одан түк те шықпады.
Дүрбі аяқ астынан жалбыраған бұтақтардан басқа еш нәрсе көрсетпей қойды. Сонда оған кім кінәлы? Кім болушы еді, Гугуцэнің өзі. Бұл оқиға, міне, былай болды.
Бір күні шешесі:
— Ботақаным, Пантелей ағайға барып келе қойшы. Тілеуің бергір, бізге келіп, үй безендіруге арналған оймыштарды қабырғаға сызуға маған көмектессін дей салшы. Әйтпесе мерекені сырланбаған үйде қарсы алатын түрім бар,— деді.
Гугуцэнің одан да маңызды ісі болып тұр еді,— безендіру оймыштары деген тағы қайдан шыға қалды! Ол дүрбісімен қарағандай сиық көрсетті де: «Пантелей ағай үйінде жоқ екен»,— деп өтірік айтты.
Қайткенмен де ана емес пе, баласының айтқанына иланды да, безендіру оймыштарын өзі жүргізе бастады, бірақ щётканы қалай жылжытса да, сызықтары бұралаңдап, қисық болып шықты. Ол әрі әуреленді, бері әуреленді, ақыры, Пантелей ағайды көшеден іздемекші болып жүгіріп кетті.
Гугуцэге айтқан өтірігі болмашы ғана, шай қасықтың көлеміндей өте кішкене тәрізді болып көрінді.
Бірақ шешесінің аулаға шығуы-ақ мұң екен, түймедей өтірік әп-сәтте қалпағын шекесіне шекірейте киген қаршадай адамға айналды да кетті.
— Қайырлы күн, папатай!— деп қаршадай адам қалпағын басынан алды.
Гугуцэ жан-жағына қарады — ешкім көрінбейді. Демек, онымен сөйлесіп тұрған тек сол қаршадай адам ғана болып шықты. Еңкейіп, мейманын бастан-аяқ қарады. Шашы көгерген зат тәрізді — жап-жасыл, титімдей болып, көршінің қаршадай адамдарынан аумайды, соларға ұқсап тұр.
— Папатай, қарным ашты!— деп тамақ сұрады әлгі мейман.
Гугуцэ қаршадай адамды алақанына отырғызып, алдымен нанның ұнтағын берді, бірақ қаршадай адамның оны жегісі келмеді, содан соң күнбағыстың шекілдеуігін ұсынды, қаршадай адам оны аяғымен теуіп жіберді.
— Қарнымды қампитуға тырысқанша, құлағымның құрышын қандыр! Біздің тамағымыз — жалған сөз!— деп қаршадай адам құлағын балаға тосты.— Сен менің не жейтінімді білесің бе? Бидайдың дәнін емес, өтіріктің нәрін жеймін!
Гугуцэ оған қарап, сасқалақтап қалды.
— Сонымен, сен Пантелей ағайды қайда дедің?— деді жасыл шашты мейман.
— Үйінде жоқ дедім,— деді бала күмілжіп.
— Ха-ха-ха!— деді де, қаршадай адам алақаннан секіріп түсіп, мәз-мейрам болып тоңқалаңдады және бойы да біраз өсіп қалған тәрізді.— Папатай, түскі асыңа рақмет!
Гугуцэнің көзі қаршадай адамнан да үлкейіп, шарасынан шықты, сөйтіп, бала одан құтылудың қамын жасады, аяғы-аяғына тимей зыта жөнелді. Ол жүгері егілген жерге де тығылды, қияр өскен жүйектен де секірді, картоп отырғызылған егіндікте әрлі-берлі сенделіп те жүрді, бұталардың арасынан қысылып та өтті, сонан соң шатырға шықты да, жапқышын қалай ашып алғанын өзі де аңғармай мұржаға барып тығылды.
«Қаршадай адамды адастырған-ақ болармын»,— деп ойлағаны сол еді, әлдебіреу дәл құлағының түбіне өрмелеп келді де, сыбырлай бастады:
— Папатай, маған бір ой келіп тұр. Шешең келіп астымыздан от жағып жүрмесін. Ол: «Бүгін нан пісіреміз,— деп жүрген тәрізді еді ғой.
Гугуцэ мұржадан жабырқау шықты.
— Ой, папатай! Сен қап-қара, күйелеш болыпсың?
Қаршадай адам баланың бір иығынан екінші иығына ырғып түсіп, өзінің қалпағымен киімдегі күйені сілкіп түсіруге кірісті.
— Сонымен, сен, «Пантелей ағай үйде жоқ» деп айттым дедің бе?
— Қап, мынаның маған ошағанша жабысуы-ай!— деп ашуланды Гугуцэ шатырдан түсіп жатып.— Кәне, сен өзің қайда тұрсың?
— Міне, мұндамын, папатай! Менің адымыммен санағанда сенің сол жақ құлағыңнан үш қадам жерде тұрмын. Сен алдыңа қарайсың, мен арт жақты көремін. Сөйтіп, енді сенде төрт көз бар десе де болады.
Гугуцэ төбешіктің етегіне қарай зыта жөнелді. Рэут өзеніне дейін жүгіріп барып, Лушканың жанына келгенде, басын төмен салып, тұп-тура иірімге күмп беріп сүңгіді. Төзімі жеткенше су астында болып: «Қаршадай адамнан енді құтылған болармын»,— деп ойлады. Бірақ тыныстап алу үшін судан басын қылтитқаны сол еді, ананы қара — қаршадай адамның қалпағы дәл алдында жүзіп келеді, жасыл шашты мейман оның үстінде шалқасынан жатыр!
— Киіміңді шешуді де ұмытқансың ба, папатай!— деп мазақтап жүр қаршадай адам.
Көзді ашып-жұмғанша, ол Гугуцэнің басына ырғып шықты, одан суға сүңгіді, сөйтіп, қызықтыра сүйсіндіріп, жүзе жөнелді. Бұдан соң қайта-қайта сүңгіп, тоңқалаңдады, балаға су шашты. Жолай, үйге қайтып бара жатқанда былай деді:
— Ұйқым келді, папатай! О-о-оһ, шіркін-ай! Шомылған соң, қалжырап қалсам керек.
Гугуцэ қаршадай адамды үй шатырының астындағы торғайдың ұясына зорға кіргізіп, аузын бекітті де, жерге түсіп, сатыны орнына қойды, сөйтті де, дүрбімен мамасын қарады.
Дүрбіні олай да, былай да айналдырып қозғады, бірақ бірдеңесі келіспей қалыпты: әлдебір жасыл бұлттардан басқа ештеңе де көрінбей қойды.
— Әне, біреу келе жатыр, бірақ мамаң емес!— деген дауыс тұп-тура дүрбіден естілді.
— Сен енді дүрбіге де еніп кеткенсің бе? Кәне, жоғал дүрбіден!— деді Гугуцэ долданып.
Осы кезде қақпа ашылды да, аулаға агроном енді.
Бала жалма-жан дүрбісін қолтығына тыға қойды.
— Гугуцэ, қүлағыңды бері сал,— деп өтінді агроном.— Қәне, дүрбіңді бере тұршы маған. Селоның ана-бір қиырындағы жүгеріні қурай басып кетпеді ме екен, көріп ала қояйын. Алдыңғы күні қандай нөсер болғаны есіңде ме?
— Ағай, оныңыздың жөні бар, бірақ бере алмаймын. Дүрбіні немере ағайыма бүгінше бере қойып едім,— деп дүрбінің мына кейпін көрсе, агроном келемеждер деген жасқаншақтықпен Гугуцэ тағы да өтірік айтты.
Агроном кетіп қалды.
Ал Гугуцэнің өтірік айтуы-ақ мұң екен, тағы бір қаршадай жасыл адам пайда болды. Ол баланың қалпағына отырып алып, аяғын бұлғаңдатып:
— Папатай, сен бе мені шақырған?—деді.
— Хе-хе-хе! Біз енді екеу болдық!— деп мәз болды дүрбіде отырған бұрынғысы.
— Қара да тұр, екеуіңді де мысыққа жем етемін!— деп сес көрсетті Гугуцэ.— Қыр соңымнан неге қалмай қойдыңдар? Мен сендерге балапан басатын күрік тауық емеспін ғой. Е-е-е, дүрбісіз қалдырмақшысыңдар ма?
— Гугуцэ-э-э!— деп айқайлап шақырды әлдебір әйел көшеден.— Балам, тілеуің берсін, бастықтың қайда жүргенін қарап бере қойшы, оған Кишиневтің тура өзінен бір адам келіп тұр еді.
Гугуцэ дүрбісін алып, ағаштың басына өрмелеп шықты. Бірақ дүрбіні енді көзіне тақай бергенде, одан екінші қаршадай адам қараң ете қалды.
— Папатайымның дүрбісінен қанша дүние көрінеді өзі! Мына бір тауық қайда жүгіріп барады?— деп таң-тамаша болысты қаршадай адамдар. Ал бала дүрбіден жап-жасыл тұманнан басқа ештеңе де көре алмады. Гугуцэ дүрбісін олай сілікті, бұлай сілікті. «Жоғалыңдар дүрбіден!»— деп те көрді, бірақ қаршадай адамдарды түсіре алмады.
Міне, мамасы мен Пантелей ағай келе жатыр. Гугуцэ ағаштың басынан түсіп, дарбазаға жүгіріп жетті, қаршадай адамдар да қалпақтарын қолдарына ұстап, соңынан қалмай қойды.
— Мама!— деп Гугуцэ оның алдына тізерлей құлады.— Мейлі, мені үйге мүлде жолатпа, бірақ кешіре гөр, маматай, мені! Пантелей ағай үйде болатын.
Шешесі Гугуцэнің ақ сөйлеп тұрғанын көріп, орнынан тұрғызды да кешірім берді.
— Ойбай!— деген үн саңқ ете түсті Гугуцэнің ту сыртынан. Ол басын бұрып қарап еді, бірінші қаршадай адам зым-зия жоқ болды.
Тек оның шөпке ілінген қалпағы ғана қалыпты. Екіншісі аппақ қудай бозарып кетіпті, Гугуцэнің жеңінен тартып:
— Папатай, айтқан сөзіңнен қайта көрме! Сөзіңде тұр, папатай!— деді.
— Гугуцэ, сен кіммен әңгімелесіп тұрсың?
— Жай, әншейін. Әлдебір қаршадай адамдар ғой. Біреуі зытып та үлгерді...
Шешесі сәл жымиып күлді де, Пантелей ағаймен бірге үйге кетті, ал Гугуцэ дүрбісі туралы бар шындықты тезірек баяндау үшін агрономды іздестіруге тұра ұмтылды.
Ол үйге иығынан ауыр жүк түскендей, көңілді келді.
Содан былай дүрбіден де ешқандай жасыл бұлттар көзге шалынып көрінген жоқ.
Ауылдастары бұрынғысындай, бірдеңе бола қалса-ақ, Гугуцэге жетеді. Оның селосындағы күзетшілердің барлығы тігінші, етікші, ағаш ұстасы қызметтеріне ауысты. Ал біреуі қалаға көшіп барып, балмұздақ сатып жүр.
«ҮШ ЛАҚ» СЕЛОСЫНАН ШЫҚҚАН МУЗЫКАНТ
Атасы Гугуцэге қозы сыйлады. Қозы — үйде басқа қой болмаған соң, күні бойы баланың соңынан қалмай, еріп жүрді. Енді шешесі де бұрынғыдай ұлының соңынан жүгірмейтін болды. Өйткені, Гугуцэні тауып алу онша қиын емес. Гугуцэ кірген үйдің маңында қозысы бырт-бырт шөп жеп, жайылып жүреді.
Гугуцэ тұрған көше — селодағы ең таза көше, өйткені, үйлердің алдындағы шөптің барлығын қозы жеп қойыпты. Бір күні әлдебіреу қозының мойнына қоңырау тақты, сөйтіп, «Үш Лақ» селосында тағы бір музыкант пайда болды. Қозы көбелек соңынан жүгірсе, қоңырау: «Күңгір-күңгір! Сыңғыр-сыңғыр!» етіп сылдырлап тұрады.
Қоңыраудың үні естілсе-ақ болды, балалар қақпаны ашып, бақытты музыкантты қолдарына көтеріп, дәл маңдайынан сүйеді.
Дүйсенбі сайын қозының туған күні болып тұрады, Гугуцэ сол кезде қозыны қой қораға — енесімен бірге болып, көгалдан шөп жегізуге апарады. Онда қозыны — басқа қозылар асыға күтеді. Олар қозыдан қоңырауын сұрап, мұндай музыканттың кетпей, орталарында болуын өтінеді.
— О не дегендерің!— дейді музыкант Гугуцэнің соңынан томпаңдай еріп.— Менің селодағы жұмыстарым қаншалық!
Бір күні қайдан тап болғаны беймәлім, ғайыптан қозыға кішкене мүйіз шығыпты, Гугуцэнің әкесі марқаға дереу қаша орнатып берді.
Қоңырауын «Күңгір-күңгір!» еткізіп, музыкант мұңайып қалды.
Марқа қозы Гугуцэнің соңынан бұдан былай қалай ілесуін ойластырды. Қашаны сүйретіп кетуге болмайды, ал тіпті сүйреткен күннің өзінде де ол дарбазаға сыймайды, дарбазадан өткенмен де жол тар.
«Күңгір-күңгір! Сыңғыр-сыңғыр! Жәрдемдесе көріңдер — деп қоңырау да безілдеп тұр. Бірақ оны қой қорадағы енесі де, қозылар да естіген жоқ. Қашаның қақпасын бірде-бір бала ашпай қойды, неліктен екенін кім білсін, музыкантты да енді бұрынғыдай ешкім қолына көтеріп, маңдайынан сүймеді. Тіпті Гугуцэ де сирек келетін болды. Ол Рэут өзенінің жағасынан көк шөп әкеліп берді, бірақ арасында көбелек болмай шықты.
Бірде Гугуцэ қашаның қақпасын жабуды ұмытып кетті. Музыкант аулада серуендеп жүріп, кірленге көз салды. Мұнысы қалай? Судан қозы емес, қошқар қарап тұр. Марқа басын сілкіп жіберіп, суға қайтадан қарады. «Түу, оңбаған тағы да қошқар болып шықты ғой мынау!» Жайылып жүріп бір қақпадан екінші қақпаға жүгірді, шалшық суларға үңіле қарады: бәрібір қозы емес, қошқар көрінді. «Құрығыр қозы, қайда құрып кеткен өзі?»
«Сенің кесірің!— деп ол кірлендегі суды аударып тастады,— Тағы қайсысын сүзіп өтсем екен»,— деп айналаға көз жүгіртті.
Гугуцэ сенбі күні таяқпен кілемнің шаңын қақты.
«Е-һе! Сен екенсің ғой кінәлі!»— деп музыкант шарбақтан ырғып түсіп, кілемді мүйіздей бастады.
Гугуцэ оны көріп, қошқарға дереу мінді, баланың қолындағы таяғы қылышқа, кілем айдаһар жасырынатын орынға айналды да шықты.
Күңгір-күңгір! Тарс-тарс! Тарс-гүрс! Айдаһар жасырынған орыннан көтерілген будақ-будақ шаң мен опыр-топырдан өткен-кеткендердің көзі шарасынан шығып, қан майданға қарап, қалшиды да қалды.
Бұдан соң қошқар астауға қарай ұмтылды. Әлі де қошқар қалпында екенін көрген соң, мүйізін көтеріп алып, пәрмендете баланы сүзді. Ал Гугуцэ болса, мұны — музыкант киіміндегі шаңды қағып жүр деп ұқты.
Бала қошқарды енді жаңғақ жинауға ертіп барды. Музыкант ағашты пәрменімен сүзіп қалса — жаңғақтар төбеден жаңбырша жауады.
Әлдекім шарбағын немесе қорасын бұзғысы келсе, дереу Гугуцэ мен музыкантқа кісі жіберетін болды.
Сонымен, міне, бір күні Гугуцэнің дәл дарбазасының алдындағы батпаққа колхоз бастығының машинасы батып қалды. Жүргізуші машинаны әрлі-берлі теңселтті, бірақ доңғалақтар бой берер емес, малтығып тұрып алды. Кісінің жиналыстан қалып бара жатқанында доңғалақтардың шаруасы қанша? Енді тракторға кісі жүгірткелі тұрғанда, қошқарға мініп, Гугуцэ келе қалды. Қошқар шегіншектеп барып, машинаның артқы доңғалақтарын сүзіп өткенде, жүргізушіні рульден жұлып алды. Оның есесіне — машина батпақтан шықты.
Неге екені белгісіз, бастық жиналыста өзін кімнің неден шығарғаны туралы тіс жармады, тек маңдайындағы ісікті сипалап тұрды. Бірақ ісіктің көлемі ұлғайып, ауырта бастаған кезде бастық Гугуцэ тұрған үйдің жанындағы жолға қалайда көктемде тас төсеуге жиналыста отырғандарға уәде берді.
Ал қошқар болса, бас сұғарға жер таппады... Міне, қыс түсті, кар жауды, бірақ ол бәрібір қайтадан қозыға айнала алмай-ақ қойды.
«Сірә, Гугуцэ мына тон мен қарғыс атқыр мүйізді қасақана кигізген болар. Оның өзі де жазда қозы тәрізді ап-арық еді, енді қарашы, қалай толып кеткен және басына жүн өсіп шығыпты»,— деп ойлады музыкант.
Қыста Гугуцэ үстіне пальто киіп жүретінін, басындағы жүн деп жүргені бөрік екенін қошқар қайдан білсін.
Күндердің күнінде Гугуцэнің қайта арығанын байқаған қошқар: «Бастағы мүйіз түсіп, жуықта тоны шешілетін болар, сөйтіп, қайтадан талдырмаш, әп-әдемі қозы болып шыға келермін» деп жорыды. Ол әрі күтті, бері күтті, шыдамы таусылған соң шарбақтан секіріп түсті де, «кінәлы жазасын тартсын» деген үмітпен кез келген дүниені бірін қалдырмай мүйіздеп сүзді. Ақыры, Гугуцэ бір жексенбіде селодағы таяуда ғана тас төселген жолмен қошқарды мойнынан жетектеп қораға апарып қамады да, істі тындырды. Ал енді, басқа қошқарлармен қалай сүзіссе де еркі өзінде.
«Күңгір-күңгір! Сыңғыр-сыңғыр!»—деді де «Үш Лақ» селосы артта қала берді.
ГУГУЦЭНІҢ САМОЛЕТПЕН ҰШУЫ
Тұп-тура аспанның өзінен жаңа ғана келіп қонған самолеттің құйрық қанатына қол тигізіп көргеннен бері Гугуцэде маза жоқ. Көзі талғанша, аспанға қараумен болады. Қазір ол мейлі құсқа, мейлі шыбын-шіркейге болса да айналып кетуге әзір, әйтеуір аспанға ұшса жарады.
Ол қатырма қағаздан қанат жасап алып, село шетіндегі маяланған сабанға қарай жүгіріп кетті. Шіркін, сол қанаттармен ең болмағанда селосының үстінен ұшып өтуге жараса ғой! Ол сол жерде біраз болып, сылти басқан күйі үйге оралды.
Шешесі Бельцаға ертіп апарған сайын, Гугуцэ аэродромға бару үшін, әйтеуір бір сылтау ойлап табуға тырысады. Бірде ол аэродромға велосипедтің насосын ала келді: бәлкім, оған самолеттердің доңғалақтарына жел үрлеп толтыруға рұқсат етіп қалар? Бірақ рұқсат бермей қойды. Келесі жолы ол самолеттегі шаңды сүрту үшін әкесінің ескі пальтосының жеңін жұлып әкелді. Тіпті бұған да рұқсат бермеді!
Сонымен, бірде ол «Жүк машинасын Гугуцэ өзі бұрып, артқа қарай да жүргізе алады» деген жазуы бар қағазды әкесінен жалынып жүріп сұрап алып, мектептен «Гугуцэнің екі кластық білімі бар» деген мөр басылған анықтаманы қолға түсірді.
Алайда, бәрібір жолы болмады.
Бірақ Гугуцэ қолын қусырып отыра алмады. Ол Үлкен Аснашандағы бір шаруаның үш ұлының да ұшқыш екенін, олардың әрқайсысында бір-бірден самолет бар екенін және самолетке олар әлдеқандай Бельцада отырмай, ең үлкен аэропорттардан мінетінін біліп алды.
Сөйтіп, ақырында Гугуцэнің әкесі қазбалай сұрастыра отырып, әлгі шаруаның өздеріне жекжат болып келетінін, яғни, баланың оған туыстығы бар екенін айтты. Бірақ анықтай түсуге уақыт болмады. Екеуі жүк машинасына отырып алып, Үлкен Аснашанға тартып кетті.
Шаруа оларды дәмге шақырып, оның үстіне ол да өзі қол қойған анықтамаға қағаз берді. Шынында да «Үш Лақ» селосынан ең болмағанда бір адамның аспанға ұшпағаны жөн бе? Оның туысқандары әуеде ұшып жүр ме? Ұшып жүр! Бақандай үш ұшқыш бар. Сонда балақай ең болмағанда самолеттің құйрығындағы шаңды бір рет сүртіп алуға жарамай ма? Тіпті осыны да сеніп тапсыруға болмай ма!
Үй иесі абыржып, шатырдың жартысын жасап бітірместен, жүк машинаға отырды, сөйтіп олар Бельцаға жөнелді. Іс біраз оңға басқандай болды. Гугуцэ тіпті құйрығы әсем самолет таңдап, өзіне межелеп те қойды. Бірақ кенеттен біреудің:
— Мынау қай бала? Әлгі екі кластық білімі бар бала осы ма?— дегенін естіді.
Сонымен, Гугуцэге тек жерде ғана жүруге тура келді. Жолы болмағыр мөр басылған анықтаманы несіне ғана көрсетті екен! Әрине, екі класс деген, егер саусақ басып санаса, онша мәз дүние емес қой. Бірақ Гугуцэ қалған сегіз класты самолетте жүріп-ақ қуып жетуге әзір еді. Онда не тұр? Кітаптарды, класс журналын өзімен бірге ала кетіп, биікте жүріп-ақ географияны, астрономияны, тарихты... оқып үйрене бересің. Бағаларды да өзің қоясың. Елімізде қаншама самолеттер бар десеңізші? Сансыз көп қой. Оқушылардың әрқайсысына бір-бірден самолет бере алатыны да сөзсіз.
Гугуцэ аэропортқа бұдан соң да бірнеше рет барды. Кейде бақшадан сап-сары қауындар тауып алып, ішіндегі ең тәттілерін дереу аэропортқа апаруға асыққан күндері де болды. Самолеттің төбесін гүлмен безендірер деп, ол аэропортқа маутыгүл және былтыр өсірілген, бірақ әлі де хош иісі бұрқыраған базилик гүлін де апарды. Солардың біреуінің жәрдемі болсашы! Тіпті оған көз салмайды. Мөр басылған анықтама естеріне түссе-ақ болды, есікті тарс жауып алады.
Сонымен Гугуцэ фанерден жонып, басқа қанат жасай бастады:
Бір күні оның жаңғақ жегісі келді. Жаңғақ өскен тоғайлы тауға шығып бара жатып, күтпеген жерден ол тас жолға мүлде тақап келіп қонған самолетті көрді.
— Балақай, сен қайдан келесің?— деді ұшқыш.
— «Үш Лақ» селосынан!
— Дәл сол селодан маған бір адам керек еді!— деп ұшқыш оған қолын ұсынды.—«Алақай» селосынан жаңа ғана телефон соқты. Онда... е-е-е... қалай десем екен, қынжыларлық бір үлкен іс болды деп хабарлады. Балалар бақшасындағы тәрбиеші әйел балмұздаққа тойып алып, баспа болып, ауырып жатып қалыпты. Үш күннен бері балаларға ертегі айтып беретін ешкім болмапты. Соларға «Үш Лақ» селосынан, қалай еді... ия, айтпақшы, мейлі, қандай да болса бір ертекші атаны самолетпен ала келуді қатты өтінді.
Гугуцэ қолма-қол кеудесін көтере былай деді:
— Ертекші атаның орнына мені апарсаңыз қайтеді, а? Ал мен болсам, бір лағы бар ешкі туралы да, екі лағы бар ешкі туралы да, егер қаласа, тіпті төрт лақты, бес лақты ешкілер туралы, айта берсеңіз, қанша лақты ешкі қажет болса, соншасы туралы ертегілердің барлығын білемін.
Ұшқыш оған көз жүгіртіп, шолып өтті. «Несі бар,— деп ойлады ол,— бала «Үш Лақ» селосынан екен, сірә, олардың барлығы ділмәр келетін болар, сондықтан, алған жөн. Сөйтіп, картадан «Алақай» селосын іздестіре бастады.
Гугуцэ самолетке отырысымен-ақ, сөз төркінін басқа жаққа аударып жіберді:
— Мен ұшуын ұшамын ғой, бірақ сіз ең болмағанда кабинада біраз уақыт болуға рұқсат етіңізші.— Сөйтті де, машинаны бұру және артқа карай жүргізу туралы айғақ қағазды қалтасынан суыра бастады.
— Солай-ақ болсын, қалғанын көре жатармыз,— деп жауап берді (басқа енді не десін?) ұшқыш.
Сонымен, міне, олар әуеде ұшып барады, ал Гугуцэ астында егістік пен селолардың қалай қалып бара жатқанын аспаннан қарап, таң қалды.
- Кенеттен ол өз құлағына өзі сенбесе де мына бір сөзді естіді:
— Тілеуің берсін, кел, кабинаға кір!
Өйдейт дерсің! Гугуцэнің дәл штурвалда, ұшқыштың жанында отырғанын көрсеңдер ғой!
«У-у-у!»— деп мотор гулеп келеді, төменнен оны естіген жұрт бастарын шалқайта аспанға қарады. Дұрысырақ айтқанда, аспанға қарамай қойған адамдар да болды. Сондықтан, Гугуцэ ішінен: «Қарай гөр бұларды! Басын көтеру дегенді де білмейді! Ал соларға самолет жүргізе қой десе, шамалары келер ме еді? Түбі солай болып жүрмесін!»— деп күбірледі. Сөйтті де, ұшқышқа қарай бұрылып:
— Мүмкін, біздің селоның үстінен де ұшып өтуге болатын шығар? Мен сізге өзіңіз айтқан ертекші атаның үйін көрсетейін. Әйтпесе қапелімде келесі жолы сіз менің қолым тимей жатқанда келуіңіз де ықтимал ғой.
— Солай-ақ болсын!— деді ұшқыш.
Сонымен, самолет, міне, селоның үстінен ұшып барады. Бір өкініштісі сол — Гугуцэде ауылдастары оқып, аспанда кімнің самолетпен ұшып бара жатқанын білдіретін үндеу қағаз да жоқ. Кейін айтсаң — құр сөзіңе кім сенуші еді. Сөйтті де, көп ойланбастан, көзді ашып - жұмғанша, жейдесін шешіп, оны самолеттен тура селоға лақтырды, жейденің соңынан — шалбар, одан соң белдік, сандалдың бір сыңары, оның екінші сыңары... бірінен соң бірі ұшып жатты.
— Мұнысы несі екен?— деп село тұрғындары бірінен-бірі сұрап, әбігерленіп қалды.— Самолет өртенгеннен сау ма? Әлде шартты белгілермен тасталған жалаушалар ма?
Сонымен, барлық ауладан шыққан халық самолеттің соңынан сабылды, мына бір шабындыққа қонса да болады десіп, қолын, қолғаптарын, жаулықтарын бұлғап, жүгіріп жүр.
Ал самолеттегілер селода бір қолайсыздық болған екен деп, дереу үй-үйді айналып өтпекші болды.
— Жерге қонатын түрі бар!— деп айқайлады ұзын сирақ Костя, сөйтті де, орнынан тұра ұмтылды. Міне, ол самолетке жетіп үлгерді, ал қалғандары оның соңынан жүгіріп келеді. Олардың біреуі самса, біреуі жастық, енді біреуі су, тағы біреуі сүлгі ұсынып жүр.
Дәл сол кезде Гугуцэ самолеттен басын қылтитып, барлығын таң қалдырды. Оның күлкіге кенелгені соншалық — басы бас емес, тәттілігіне масаттанып жаңа ғана жарылған қауын тәрізді болып кетті.
— Оған не болған? Самолеттен неге шықпайды? Шынымен-ақ шығуға дәрмені жоқ па? Аяқсыз қалғаннан сау ма? Жарқыным-ау! Оны самолетпен қалай әкелді десем, бірдеңеге ұшыраған ба! Сорлы басым!— деп Гугуцэнің шешесі талып түсті (жұртпен бірге ол да жүгіріп жеткен болатын).
— Ей, бикеш, опат болып жүрме, көрдің бе, мен оған аяқ алып келе жатырмын!—деп айқайлады Михаил Епуре, ол Гугуцэнің шалбарын қолтығына қысып алып,. жүгіріп келеді.
Әлдебіреулер жейдесін әкеле жатты...
— Солай-солай,— деді ұшқыш әуеге қайта көтерілген кезде ойындағысын естірте.— Мен халықтың соңымыздан жүгіруін дұрыс деп санаймын. «Алақай» селосындағылар аты шулы «Үш Лақ» селосынан біз ертекші ата әкеледі деп күтіп жүр, түсінікті ме, ал оның орнына құттай жалаңаш Гугуцэ самолеттен шықса, не болар еді!— Сөйтті де, ол баланы киіндіріп, қайтадан дәл қасына отырғызып алды.
АҢШЫ
Селода аңшының бар екенін жұрт ұмыта бастаған еді, ойда жоқта Рэут өзенінің жағасынан «Тарс-тарс!» етіп атылған мылтық даусы естілді. Мылтықтың даусын ести сала аңшының әйелі жалма-жан қазанға су құйып, пешке от жақты.
Аңшы өз үйінің мұржасынан шыққан түтінді көрсе де, үйге қайтуға асықпады. Жабайы үйректі белбеуіне қыстырып алып, әлдебір істі сылтаурата бүкіл селоны қасақана алдымен аралап шықпақшы болды, ондағы ойы — алған олжасына жұрттың көзін қызықтыра түсу.
Гугуцэ аңшының соңынан басқа балалар сияқты үйрек көру үшін далбақтап жүгірген жоқ. Мылтықтың даусын ести сала дереу аңшының ауласына жүгіріп барып, әйеліне көмектесті. Аңшы әлдебір баланың отын жарып жатқанын көрсе де, оған назар аудармай, тек итімен ғана тілдесіп, Гугуцэнің қасынан үнсіз өтіп кетті.
Бірде жексенбі күні бір күзетші өзінің ұйқтап қалмағанына жұрттың көзі жетсін деп, еріккендіктен мылтығын аспанға қаратып тарс еткізді.
Аңшының әйелі дереу қазанға ұмтылды, сол кезде балтасын иығына салып, Гугуцэ де аулаға келе қалды.
Аңшы көлде жүріп, өз үйінің мұржасынан шығып жатқан түтінді көрді де:
— Үйдегілердің тектен-текке от жағуы қалай?— деп желкесін қасыды. «Бәлкім, өзі бірдеңе атып алғанға дейін үйдегілер пештің отын сөндіре тұруды аңғарар» деген оймен ол да мылтықтың шүріппесін басып қалды. Осы дауысты естіп, аңшының әйелі плитаға тағы бір қазан асты, ал пешке отынды тықпалағаны соншалық, мұржадан тіпті жалын атты.
Гугуцэ болмаса — өрт шығар еді! Аңшының әйелі шелекпен жүгіріп жеткенше, бала шатырға да шығып үлгерді. Мұржадан ұшқын шашырады. Гугуцэ оған құлаштап бір шелек су шашты да, шатырға кем дегенде төрт шелек су құйды. Ол басынан аяғына дейін суға малшынып, мұржа тазартушы тәрізді әбден күйеленді, оны енді тіпті туған анасы да танымаған болар еді.
Аңшы бір мұржа ғана емес, бүкіл үйдің түтінге оранғанын көріп, көлден үйге қарай тұра жүгірді. Барлық мүлкін жас ұланның құтқарып қалғанын білгенде, ол көңілденіп кетті:
— Сенің атың кім, бала?— деді де, Гугуцэге құрғақ шалбар әкеліп берді.
Гугуцэ ілбіп қана жүрсе де, үй оған бұл жолы жап-жақын тәрізді болып көрінді, оның үстіне ол киіп алған нағыз аңшы шалбарын жұртқа толық құмарынан шыққанша көрсете алмағанына қатты өкінді, Рас, шалбардың балақтары жерге сүйретіліп жүрді, бірақ онда тұрған не бар. Оның есесіне қожасының шалбарының ауладан шығып бара жатқанын көріп, аңшының иті Гугуцэге жіпсіз байланып қалғандай, соңынан бір қадам қалмай ілесіп отырды.
Сөйтіп, міне, бір мылтықпен екі адам, егер итті де санға қосатын болсақ, онда үш аңшы болып, аң аулауға шығатын күн туды. Мәселе олардың қанша уақыт құс аңдығанында емес аңшының жолының сәтті болуында: аңшы бір оқпен екі үйректі бірден атты — бұл бұрынды-соңды болып көрмеген жайт. Оның біреуін көлден ит алып келді, ал екіншісін қамыстардың арасынан Гугуцэ тауып алды.
— Сенің жолың болды!— деді аңшы, сөйтіп, қуанғаннан Гугуцэге үйректің жұмыртқасын сыйлады.
Ол баланың қолына жұмыртқа ұстата салды деп қалмаңдар. «Егер үйректер келесі жылы көктемде аңшы білетін бір жердегі ұяға қайта ұшып келгенде жұмыртқалайтын болса, ең алғашқы жұмыртқаны ол Гугуцэге сыйлаймын»,— деп уәде етті.
Олар үйге қайтқанда, әрқашан белгілі тәртіп сақтады: алда — аңшы, оның соңында — Гугуцэ, соңдарынан иті ілесіп жүреді. Бұл көрініске көшедегілердің бәрі қанық болатын, сондықтан бір әзілқой қарт Гугуцэге тіпті лақап ат ойлап тауып: «Аңшының Құйыршығы» деп атады.
— Мен саған күні бұрын адамға жаман ат тағушы болма деймін!— деп дау айтты оған басқа бір кісі— Күндердің күнінде Гугуцэнің өзі-ақ аңшының мылтығын иығына асынып алып шыға келмесе, менің Леонтий атым құрып кетсін!
Атылған үйректі қуалаймын деп жүріп баланың бір күні аяғын жаралап алатынын Леонтий қайдан білсін. Жарақаттан бала қатты тістеніп, аяғын сылти басқан күйі қамыс арасын шарлады. Аңдаусызда, қайдан келгені белгісіз, аңшының иті алдынан шыға келді.
«Ой, қарай гөр мұны!— деп ойлады Гугуцэ.— Сен мені атылған үйрек деп жүрсің ғой. Солай ма? Жағада жаңа ғана абалап тұр едің, мен көлге күмп еткенде, сен мені тауып алмақшы болғансың, ә? Солай емес деші, кәне? Менің қай жерімнің ауырып тұрғанын сенің білгің де келмей тұр ғой. Саған шап беріп тістеп алып, қожаңа апарып беру ғана керек. Сөйтіп, мені де жылы жаққа емес, үйректің орнына, әне бір жаққа жөнелтпекшісің... Гугуцэ осы кезде қамыстардың арасын ашып еді, өзіне таныс мұржадан түтін шығып жатыр екен, оған ашулана қарады. «Жоқ, оның бола қоймас, мен атылған үйрек болсам да, өз мекеніме жете аламын!»
Сол күні түнде бала дұрыс ұйықтай алмады, ұйқысырап шошып оянып, жабайы үйректерше: «Қырқ! Қырқ!» етіп барылдады.
Келесі күні таңертең аңшы тіпті таяқпен ұрып алуға болатын жердегі үйректі атып ала алмады. Құс оған құйрығын шолтаң еткізіп, «Египет қайдасың» деп ұшып кетті. Ал Гугуцэ оны қол бұлғап шығарып салды. Баланың сол қылығы үшін аңшы баяғы өзі сыйлаған үйрек жұмыртқасын қайтарып алуға аз-ақ қалды.
Аңшы бұдан соң Гугуцэні көлге апармай қойды. Бірақ оның Гугуцэсіз ісі өнбеді. Шүріппені енді басқалы отырғанда, ақай-тоқайсыз ит үре бастады. Үйрек «Пыр- р-р-р!» етіп ұша жөнелді, аңшы аузын ашып қала берді.
Бір күні көршілердің біреуі оған дәл селоның маңындағы егістікте қояндардың пайда болғанын айтты. Аңшының жүрегі орнығып сала берді.
«Үш Лақ» селосындағы әлдебіреу қоян туралы естіп, тіпті екі санын шапалақтап: «Шіркін, мылтық болса ғой!»— деді. Бірақ ұзын құлақ мейманға жаны ашыған адамдар да көп еді... Ал аңшы болса, ол тіпті қоянды жексенбі күні белбеуіне қыстырып келгенде селода салтанат маршын ойнайтын кернейші жалдап алды.
Аңшы сенбі күні кешке күндегіден ертерек ұйқтап қалды. Күтпеген жерде жапалақ шақырып, соңынан құдықтың шығыры сықырлады, ал одан соң терезенің дәл түбіне келіп алып: «И-һи-ии, и-һи-ии!»— деп жылқы кісінеді.
— Ей, бәйбіше!— деп аңшы төсектен көтерілді.— Мынау жылқы емес. Жапалақ та емес. Кім де болса, менің ұйқымды әдейі бұзып жүрген біреу.
Таңертең ол ашуланып тұрды да, кернейшіден басқа тағы екі музыкантты: скрипкашы мен барабаншыны оятты. Аңшы оларға қолма-қол алдын ала ақша да төледі: кернейде, скрипка және барабанмен өзіне арнап ерекше бір марш ойнасын дегені ғой!
Сонымен, аңшы, міне, қояндар жайылатын екі дөңнің аралығында жүріп келеді. Маңайында тірі пенде жоқ. Тек күн ғана қабағын керіп, мылтықты адамға көз салды.
Абайсызда бәтеңкесі бірдеңеге ілініп қалды, сол-ақ екен, шөп арасынан қоңыраулар сыңғырлай жөнелді. Аңшы жоңышқамен жүрді, біраз жүрген соң тағы да бәтеңкесі тіреліп, сүрінді де, тағы да қоңыраулардың сыңғыры естілді. Аңшы жалаң аяқтанып алды, бірер аттағаны сол еді, екі құлағына бірдей «күңгір-күңгір!» еткен дыбыс келіп, тағы да мазалады. Қарғыс атқан қоңыраулардың үнін өшіру үшін: «Тарс! Тарс» еткізіп мылтықтан оқ атқылады. Сол кезде қояндар жоңышқа арасынан атып шығып, сау-сәлемет жүгері еккен жерге еніп, көзден таса болды.
Аңшының тағаты таусылды, бір бәтеңкесін батысқа, екіншісін шығысқа лақтырып жіберді де, енді несіне асықсын, қояндарды іздеп әуреленді.
— Хи-хи-хи! Ха-ха-ха! Тс-с-с! Тыныштала қалыңдар!— деген дөң жақтан дыбыр естілді. Бұл — ерте тұрып, қасына екі баланы ертіп, қоңырау тізілген жіпті жоңышқа арасына керіп қойған Гугуцэ еді, олар аңшының ізін бағып, мәз болып жүр. Аңшының иті де соларға ілесіп алыпты.
Селода, әлдеқайда бір мұржадан бұрқырап түтін шығып жатыр. Ал село шетіндегі оқиға одан да бетер: онда кернейші кернейін, скрипкашы скрипкасын, барабаншы барабанын қолдарына алып, аңшының жолын тосуда, алданған ашық ауыздар қаншама десеңізші, и-ого-го!
ШЕКАРАШЫ
Гугуцэ дүние жүзіне саяхат жасаған адамдарды ести сала: «Бұл нағыз мен шұғылданатын іс екен»,— деп ұйғарды.
Ол Кишиневтегі ағайының үйіне қонаққа барды. Онда глобус бар екен. Гугуцэ болашақ сапарына қолайлы жол таңдап алу үшін глобусты айналдыра бастады. Ал соңынан ағайының мазасын алды. Ағайы туып-өскен село қиян шетте, дәл шекарада екен, онда бармағалы жиырма жыл болыпты.
— Сен оған жаяу барып кел!— деп өтінді Гугуцэ.— Сонда жұрт көптен бармағаныңды кешіреді. Менің де шекарада бір құпия ісім болып тұр.
Бірде ағайы таңертең төсектен ұшып тұрып:
— Шынында да жаяу барып келуге болмас па екен?— деді.
Бала тек беліне белбеу тартты да, жолға әзір бола қалды. Ал ағайы қапқа азық-түлік, кішкене шелек, жастық, тағы бірдеңелерді салып, күйбеңдеп ұзақ жүрді. Гугуцэ қапқа тіпті өзін де тығып жібере ме деп қорқып қалды. Ал үйден шығып болсыншы. Бір тәуірі, Гугуцэ әйтеуір есіктен ағайын сыртқа итеріп шығарды.
Үйдің үшінші қабатындағы апай ұйқылы-ояу қол бұлғады, ал Тэнасе деген мысық тұмсығын терезе әйнегіне басып, олардың соңынан ұзақ қарап тұрды.
Төрт аяқ — олардың екеуі үлкен, екеуі кішкене — «Рышканов» орманын басып өтті, енді сайды бойлап, «Грэтиешта» селосына қарай кетіп барады.
Қайдан шыққаны белгісіз, аңдаусызда олардың үстінен бір вертолет пайда болды. Ұшқыш жүгері егістігін бойлай үп-үлкен қаптың кетіп бара жатқанын, әрине, көрді.
«Қолға түскен боларсың, көгершінім!»— деп ұшқыш, сірә, алақанына түкіріп, қапты іліп алуға ілмек темірлі арқан тастамақшы болған шығар.
«Ойбай астында әлдебіреу бар екен ғой. «Үйіме апарып сал» деп әуреге түсірмесіне кім кепіл»,— деген болу керек, вертолет «тр-р-р-тр-р-р!» етіп дөңнен асты да жоқ болды.
Ағай келе жатып, балаға көз қиығын тастады, ол: «Гугуцэнін аяғы талып, поезға немесе арбаға отыратын болармыз» деген үмітте еді. Алайда Гугуцэ тауға еліктің лағындай орғып шықты. Ол тіпті ағайы тынығуға тұрғанда жеңілдік жасасын деп қап сүйемелдейтін басы айыр таяқ та тауып әкелді.
Бір селоға келді. Шаруа балаларына не болып кеткен! Саяхатшыларды көру үшін бірі қалмастан дарбаза алдына жүгіріп шықты.
Екеуі бір шаруаның үйіне қонды: жұмсақ диван, қардай аппақ жайма төсекте жатты. Ағай түні бойы көз ілген жоқ. Сірә, жастығын өзімен бірге ала келгеніне ұялған болар.
Ол келесі күні қаптың аузын шешіп, примусты алды да, құлаштап тұрып, жыраға лақтырып жіберді. Жастықты ол селодан шыға беріп, үй іргесіне тастай салған, міне, сондықтан Гугуцэге ағайы енді «Үш Лақ» селосынан еріп келе жатқан шаруа тәрізді болып сезілді.
Айтпақшы, Гугуцэнің ағайы жол бойында өсіп тұрған көгілдір гүлді көре салып, кісінің алдында тұрғандай, гүлге қалпағын басынан алып, иіліп сәлем берді.
— Егер мен қылқалам шебері болсам,— деді ағай,— шөптердің иісін суретке салар едім.
Ұясына еніп бара жатқан күн Онешт төбесіндегі орманға енді-енді үзіліп түскелі тұрған бүлдіргеннің үп-үлкен жидегіндей болып көрінді. Ағай бар даусымен әндетті:
Жасыл орман өс, көгер,
Тек үй тұрар орын бер!
Гугуцэ әнді ұйып тыңдады. Осы сәт оның мұрнын тәп-тәтті самал лебі жыбырлатып жіберді. Сөйтіп, мұрынның да пайдасы тиді: соның жәрдемімен олар бақшаға тура барды. Күркеде тірі пенде жоқ екен..Онда сап-сары қауындар үйіліп жатыр, ортасына барып, бір отыра қалсаң, бүкіл өміріңде сол жерден кете алмайтын тәріздісің. Әрине, егер ағай туып-өскен селодағы шекарада Гугуцэнің құпия ісі болмаса, тіпті сол жерде қалуға да болар еді.
Сол түні олар ағайы екеуі бақшаны күзетіп, елең-алаңда көз көрім жерге ұзап шығып кетті. Таңғы шықтан олардың шалбарлары малмандай су болды.
Бір шаруа кездесіп:
— Мейірбан жандар, қайда кетіп барасыңдар?— деді.
— Шекараға.
— Оһо! Машинамен бару керек қой!
Шаруа жолдың қай дөңдердің аралығынан өтетінін көрсетті.
— Жоқ, аяғымыз аман болса, біз тіке жаяу тартамыз.
Шаруа иығын қиқаң еткізіп:
— Шекараға дейсіңдер ме. Жаяу барамыз дейсіңдер ме? Мұндайды естісем, бұйырмасын! Тек сона бір жылдары ғана сол жаққа жаяу барушы еді,— деді. Ол мәнісін енді ғана түсінгендей болып күлді де, қалталарын ақтара бастады.— Бәлкім, қалталарыңда соқыр тиын да жоқ шығар? Әуелден-ақ солай деп турасын айтпайсыңдар ма!— деді.
Ағай қалтасынан ақшасын алып көрсетті. Шаруа саяхатшыларды көзімен бір шолып өтті, олар бұл кезде қалың өскен күнбағысқа еніп те кетті, сол жермен жүре-жүре кешке қарай Цибирикаға барып жетті.
Олар ферма маңындағы шөп тиелген арбаға түнеп шықты. Бір бала олардың шөп үстінде ұйқтап жатқанын көрді де, екі өгізді қосақтап жегіп, шөп тиелген арбаны жолға салды, сөйтіп, өгіздерді —«шүу-шүулеп», тартып отырды.
Гугуцэ түс көрді, ол түсінде әткеншек теуіп жүр екен, ал ағай қалпағын көзіне баса киіп, жұдырығын басына жастанып алыпты, әбден қалжырағандықтан, қорылдап ұйқтап жатты.
Әтештер екінші рет шақырғанда, шөп тиелген арба Қышладағы дөңге де жеткен. Әлгі тентек шөп тиелген арбаны ұйқтап жатқан саяхатшыларымен бірге дөңнің ең биік төбесіне қалдырды да, өгіздерді доғарып, фермадан дәл сондай басқа арба алды, оған өгіздерін жегіп алып, «шүу-шүулеп», қайтадан Цибирикаға кетті.
Таңертеңінде Қышлада тұратын адамдар дөңге жиналып, аю ойнаған цирк көргендей болды, олар: «Мына екеуі шөп тиелген арбаны осыншама биікке қалай шығарды екен?»— деп бастарын қатырып, әуреге түсті.
Дәл сол кезде Гугуцэ мен ағай да оянып, арбадағы шөптен жерде тұрған адамдарға қарады да:
— Не болып қалды, мейірбан халайық!— деді.
— Біздің соны сендерден білгіміз келіп тұр,— деді төменнен біреу.
— Гугуцэ, біз бұған тек бір ғана жауап бере аламыз. Сірә, сен екеуміз ұйқтап жүріп-ақ мына бір арба шөпке жегіліп, оны сүйретіп осында әкелген болармыз. Қарай гөр, адам ұйқтап жүріп те керемет істер жасайды екен-ау!
Олар Згрэдештен өтіп, Козештке жетті. Ағай бір аулаға айран сатып алуға кірді.
Үй иесі әйел олардың тура Кишиневтен бері жаяу келе жатқанын білгенде:
— Әй-әй-әй! Соңдарыңнан бір машина қуып жете алмайтындай жаяу соншалықты жылдам жүргендеріңе жол болсын!— деді таң қалып,— Ал бізде тіпті сиырды шалғынға велосипедсіз апаруға да аяқтарын аттап баспайды!
Олар Жаңа Сынжерейге беттегенде, кеш болды. Ағай Гугуцэні көтеріп келеді, өзінің де көздері ісініп, аяқтары талған-ды. Дөңдер түн қараңғысында мұнартып, аспан теңселіп тұр, жұлдыздар дөң етегінен енді-енді жамырап шыққан, төңіректегі шілделіктердің шырылы құлақ тұндырады. Ағай бір от көріп, соған қарай бұрылды.
Гугуцэ таңертең оянса, қой қора шатырында жатыр екен.. Қойдың құйыршығынан сәл ғана қалқыңқы бір кішкене қыз қойларды қораға қамшымен айдап кіргізді, ал ағай шопанға қой суарысып жүр. «Кіш, оңбаған!— деп кішкене қыз қойдың құмалағын әтешке қарай лақтырып жіберді,— Осыдан Гугуцэні оят, мен содан соң сені көрейін!» Бірақ әтеш саяхатшылардың Бельцаға баратын мезгілін біліп алғандай, шақырып қоя берді.
Олар Бельцадан түскі ас кезінде шықты, әне-міне дегенше Гледянға да таяп қалды. Гугуцэ осы күндердің ішінде жер шарын үш рет айналып шығып, глобустағыдан да көп елдерді көрген тәрізді болды; бір қызығы — сол елдердің барлығы молдаван тілінде сөйлейді екен...
Тағы да бір таң қылаң берді, сөйтіп, алдарынан шекара көрінді. Ағай бас киімін шешті. Оған өзі осы жерде тіпті бала кезінен бері тұрғандай болып сезілді. Өзеннен ұшқан көгершіндерді ол: «Біреу, екеу, үшеу...»— деп, тап сондағыдай санап шықты. Ол аулаға кіріп келгенде, анасының қалай жылайтынын да көзге елестетуге болады.
Ағай жан-жағына қарап еді, Гугуцэ жоқ екен.
— Шекарашыларға барып-келе қояйын,— деген үн өзен аңғарынан талмаусырап қана естілді.
Кішкене саяхатшының капитанға не айтқанын кім білсін, әйтеуір капитан соңынан сенсеңіз де, сенбесеңіз де ықтиярыңыз білсін, балаға шекарадан бір орын алып берді, тіпті Гугуцэге винтовка да табылды.
Гугуцэ қолына да, аяғына да қарап қояды, оған тым болмаса торғайдың тіліндей айна сынығы табылса ғой, сонда ол шекарада винтовка ұстап тұрған дәл өзі ме екен?— жүзін анықтап көрер еді. Оның бірнеше күндей жаяулатып келген құпия ісі — міне, осы екен. Сонау бір қарға: «Қарай гөр! Иесі винтовкадан да кіші екен!»— деп ойлап отырған болар, сірә. «Мен болмағанда, кім деп едің?»— деп бала кеудесін көтеріп қойды. Қазір шешесі сиыр сауып отыр. Егер ол шекараны кім күзетіп тұрғанын біле қалса, сиырды дереу жамыратып қуанғанынан бұзауды енесін сарқып емуге қалдырып кетер еді. Ал атасы әжесіне: «Кемпірім, Гугуцэнің мұрны, құлағы, маңдайы маған тартыпты деп жүрген осы сен емес пе едің?»— деп, барлық жұрт сол құлақты және маңдайды көрсін дегендей аулада әрі-бері бас киімсіз жүpep еді. Ол мұрнын мейлінше жоғары көтеріп, оны гүлді қол орамалмен ғана сүртетіні де сөзсіз...
Міне, бала үш шаруаның ағайды әкеле жатқанын көріп тұр.
— Қәне, капитанды шақыр!—деп өтінді олардың біреуі Гугуцэден.
— Ал, мен мұнда не үшін тұр ғой деп едіңдер?— деп Гугуцэ қатал сұрақ қойып, өз ағайына қарай бұрылды.— Сіздің документтеріңіз бар ма?
Гугуцэ ағайының паспортын әрі аударып, бері аударып, мұқият қарап шықты, бір көзімен фотосуретке,. екінші көзімен ағайына назар салды.
— Біздің жерлікпін дейді,— деп аптығып тұр шаруа,— Ұқсап тұрған түгі де жоқ! Біз өз адамдарымызды мөрсіз-ақ танимыз!
Дәл осы кезде, шалғысы бар екі адам жолмен келе жатты. Ағай біреуінің шалғысын сұрап алып, күйініштен шалғыны құлаштай тартып еді, екі шаруа қабаттаса: «Біздің адам!»— деп айқайлап жіберді.
— Ой-бой-ой!—деп үшінші шаруа қолындағы қалпағын жұмарлай бастады.— Мынау әлгі Ионның ұлы Георгийдің немересі, Василийдің шөбересі екен ғой. Оның әкесі де шалғыны осылай сілтеуші еді, марқұмның топырағы торқа болсын. Сонша уақыттан бері сен. қайда жоғалып кеттің?
Шаруалар ағайды бірінен кейін бірі құшақтап, сүйектерін сықырлата қысып, оны үйлеріне қонаққа алып кетті.
Ал Гугуцэ болса, шекарада күзетте қалды.
АТА
Алдыңғы күні кештен басталған кар әлі тынбай жауып тұр. «Үш Лақ» селосындағы қардың қалыңдығы — кісі бойы. Жұрт жылы үйден шықпай тынығуда, бірақ терезеден көз алмайды. Көшеден тек санына дейін жететін ұзын қонышты етік киген адамдарды ғана көруге болады.
Бірақ атасының ауласы астан-кестен болып жатыр, тіпті ондағы қардың өзі тым сұрықсыз еді..
Үйдегі шам бірде жанып, бірде өшіп тұрды.
Көршілер киіміндегі қарды тыжырына сілкіп: бір жолды күреп ашып жатса, екіншісін қар басып қалғанын көресің деседі.
Қап тиеген шаналар дарбазадан шығып, диірмен жаққа қарай кетіп барады. Ит түнімен ұлып еді, енді кірерге тесік таба алмай жүр. Қойлар бастарын кекжитіп, қашада тұр. Иін ағаштың бір ұшына құс тәрізді мұз тұрып, құдықтың қол шығыры қатып қалыпты. Атасы әл үстінде жатыр... Тіпті Гугуцэ көтере алатындай, кіп-кішкене. Тек мұрты ғана делдиеді.
Ауылдастары оппа қарда малтығып, атасымен қоштасуға келіп жатыр. Біреуінің қалтасында жаңғақ, енді біреуі жұмыртқа немесе қалаш, енді біреуі тағы бір нәрселер алып келді.
— Бізді тастап кетпекшісің бе, Штефан-ау?— деп, Александра апай қоштасуға келді.
Атасында үн жоқ.
— Менің сөзімді естисің бе?— деді оның құлағына сыбырлап.— Менің Теадорыма — қонақ бөлмеге жаңа еден салғанымды, сиырдың кеше еркек бұзау туғанын, бірақ әлі аяғымның ауруы жазылмағанын айта бар.
Бұдан соң иығы қар-қар болып, Касуня апай келіп кірді:
— Кешігіп қалдым ба, Штефан ата? Жарайды, оған да тәубе. Менің Костигіме айта бар: моласына бару үшін қаражат жинап қойдым. Ол Германияда қандай күйде жатыр екен, бейшара? Немісше бір ауыз сөз білмеуші еді.
Лукерия үлкендігі доңғалақтай қалаш әкелді.
— Менің Ионым сонау бір ашаршылықта өлді. Оған мына қалашты көрсет. Өзіне ас бергенде келген халыққа тартатын ештеңе болмай қалған еді. Оның есесіне қазіргі күнге көз салшы, бір Георгийдің өзі диірменге қанша астық апарды — ал, ата, саған бата оқығанда берілетін ас мүлде керемет болады!
Көшеде қар құйып тұр. Атасының бүкіл өмірінде көрген қары бір-ақ жауғандай болды.
Гугуцэ, әрине, атасының жанынан шыққан жоқ. Ол енді не істесе екен? Мүмкін, жалаң бас жүргені қолайлы болар.
— Бөркіңді киіп ал. Әлі кеудемнен жаным шыққан жоқ,— деді атасы.
Гугуцэ көшеге шықты. Үй мұржаларының үстінен ақ бауыр бұлттар бірінен соң бірі шұбырып өтіп жатыр. Бала үнсіз тұрып қалды.
Гугуцэ жоғарырақ, шатыр астына көтерілді, күннің бұлттан шығуын жалбарына тіледі, даусын барған сайын күшейтіп, күнді шақырды, құлағын піл басып қалғандай, күн мелшиді де қалды.
Қар әлі тынбай құйып тұр.
Сонымен, бала аяқ астынан жұрттың бәріне өкпеледі: олар неге ас беруді сөз етеді, шырақтарды не үшін жағады? Атасын қалай өлімге қиюға болады? Ол үйге ұрланып кіріп, барлық шырақтарды жинап алды да, шатыр астына тығып тастады...
Диірменге бармақшы болған көршінің әйелі ымырт түсе кенеттен алқынып, үйге енді.
— Оля апай! Ей, апай!— деп әйел қатты абыржып жүр.— Аттар үйге жаңа ғана өздері оралды. Бидайдың барлығы қапталған күйі шананың үстінде жатыр, ұн болып тартылмапты! Ал Георгий жоқ!
— Ойбай-ай, ойбай!— деп әжей жоқтау айта бастады.— Аспаны түскірді алай-түлей бұлт жауып кетті, жерде не болып жатқанын адам түсінбейді...
Алқынып-аптығып Георгий де жетті. Көшенің екінші шетіндегі диірменнен аттардың өз бетімен келгенін кім естіп-білген!
— Әрине,— деді Георгий,— осындай ауа райында диірмен жүруші ме еді? Мен не істедім десеңші! Шананы тиеулі қалпымен дар база алдында қалдырып, диірменшіге жүгірдім. Қайтып келіп қарасам — ат та жоқ, шана да жоқ...
Сонда атай диірменнен қаптардың өзі қайта оралғанын ести салып, есін жиып, былай деді:
— Демек, маған ас беретін күн әлі туған жоқ екен, әлі де тұз-дәмімнің таусылмағаны ғой бұл...
Кешке қарай ол тұздалған қияр сұрап жеді де, соңынан қалғып кетті. Ал оянған кезінде — көздері нұр жайнады.
— Әлгі қиярды жеп едім, құр атқа мінгендей болдым ғой,— деп атасы көңілденді.
Келесі күні ол кәдімгідей әңгімелесетін болды.
— Болды енді! Сөйтіп, әлі де татар дәмім таусылмаған екен,— деді ол әжейге ертеңгісін.— Ал Гугуцэ қайда кеткен? Мен оны көрмедім ғой.
— Мектепте шығар, басқа қайда болушы еді,— деді әжей даусы қалтырап, сөйтті де, енді кімді жоқтамақшы екенін атай сезіп қоймасын деп, үнсіз жылай бастады.
Бейшара Гугуцэ кешеден бері Бельцадағы ауруханада болатын, оның аман-сау оралуының өзі неғайбыл. Шешесі оны төсегінің басында қарауыл тәрізді күзетіп тұр. Бельцада қар қалың болған соң, әкесі ауруханаға бульдозермен барды.
— Жалаң бас жүрудің зардабының қандай. екенін енді білген боларсың,— деді көршісі.— Тұра тұр, сонда да Ваня-цыганның шарбағы жанынан тауып алуы қалай?
— Гугуцэ! Бірдеңе деп тіл қатшы...— деп өтінді шешесі. Гугуцэ есіне еміс-еміс бірдеңелерді түсіре бастады. Жоқ, тағы да ойына түк түспей қойды.
Ал кеше атасы өзіне әкелген жаңғақты жеді, бүгін жұмыртқаны тауысып, қалаштың жартысын енді жей бергенде, көршісі есік қақты:
— Естіген жоқсың ба? Түнде құдық опырылып, ортасына түсіпті!
Атай дәл соны күтіп жатқандай:
— «Ол мүлде тозып кетті» деп мен айтып едім ғой. Оны менің әкем жасаған екен. Жұрт құдық қазып, суының жақсы екенін көрген соң, сол жерге село қоныстаныпты. Ештеңе етпейді, мен оны жөндеймін. Селодағылар әкем шығарып берген суды ішіп жүрсін,— деді де, әжейге тіл қатты:— Оля, менің жібім қайда?
Әжей біресе «бұзау жеді», біресе «құдыққа түсіріп алдым» деді ант-су ішіп, ақыры жіпті сөренің астынан алып, бір ұшын есіктің тұтқасына байлады.
Атай жіптің екінші ұшынан ұстады да, өзіне қарай саумалдай тартып:
— Міне, ақыры тұрдым. Пай-пай! Бұл жіпке тіпті баға жетпейді!— деді.
Сонымен, атай орнынан тұрып кетті, ол тоқсанға жақындаған болатын.
Гугуцэ әлі ауруханада жатқан, әжей әлдебір нәрселерді алмақшы болып шатырға шықты да, шырақтарды тауып алды.— Гугуцэ оларды өзінің қолғабына салып қойыпты.
Әжей кіп-кішкене қолғапты қолына алып, көзіне жас алды, ал атай егістіктен бәйшешек теріп әкелді де, оларды қолғаптың үстіне қойып, қолғаппен сөйлесті:
— Гугуцэ, көктем келді!
Гугуцэ ауруханадан шыққан кезде, Касуня апай Германияға кетіп қалған болатын. Атасы Гугуцэні селоға кіре берісте кездестірді. Атасы қолына таяқ ұстап алыпты.
— Гугуцэ, рақмет саған, сен менің өмірімді ұзарттың,— деп атасы баланың алдында бас киімін шешті.— Міне, құдықты цементтеп қойдым. Әйтеуір, соңынан бір тыныға жатармын.
Кешке үйге келгенде Гугуцэден атасы:
— Демек, аттар үйге өздігінен келмеген екен ғой? Көше ақай-тоқай болып тұрғанда, сен қалай диірменге барып жүрсің?— деп сұрады.
— Мен жалғыз емес едім,— деді Гугуцэ,— сенің итің де менің жанымда болды.
— Байғұс Келцун-ай! Ажалың содан болған екен ғой!— деп күрсінді атасы.
Гугуцэ жылан шағып алғандай атып тұрып, бірдеңе сұрағысы келіп еді, алқымына әлдене тығындалғандай болды.
— Есіңде ме?— деп атасы оның иығына қолын салды.— Ваня-цыган сені шала-жансар өз шарбағының қасынан тауып алып, түнде үйіне апарыпты...
Гугуцэ атасына қарап еді, бетін жас жуып тұр екен.
— Сен ауруханада жатқанда, ит сені таба алмай, қайта-қайта цыганның үйіне барыпты. Ал бір күні түнде ит табалдырықта отырып алып, ұлиды-ай келіп!.. Темір ұстасы ұйқылы-ояу жүріп, «қасқыр қамаған екен» деген оймен, шой балғаны қолына алып, көшеге шығады...
Атасы әңгімені басқа жаққа аударып:
— Сонда сен шанадан қалай құлап қалдың?— деді.
— Қалай дерің бар ма, аттарды көпірден жетектеп өткізейін деп шанадан түстім. Сол кезде аттар пысқырып, шегіншектеді де, кенеттен жұлқи ала жөнелді. Мен құладым да қалдым...
— Ата,— деді де Гугуцэ көзін төмен салып,— сондай аязда сен өлімнен қорықтың ба?
Атасы мұртын сылап:
— Суық — үйреншікті іс қой. Ал тастай қараңғылықты айтсаң — ол қорқынышты, түбінде бәріміздің де барар жеріміз сол ғой, онда ай да, жұлдыз да жоқ, түсіндің бе! Оның үстіне жұмыссыз, екі қолыңды қусырып отырасың келіп, отырасың келіп! Айтты-айтпады жаурайтының да рас,— деп атасы күлді.— Әжең ең болмағанда мына бір тұтам жіпті өзіммен бірге жіберсе ғой, анда-санда талпыныс жасап, қараңғыдан шығуға тырысар едім. Сен тегінде мен жіп байлайтындай етіп моламның бір шетіне қазық қағып қой. Жарай ма?
Гугуцэ келесі күні қақпаны ашып қарап, атасының аулада тізерлеп алып күнбағыс егіп жүргенін көрді. Аула деген үлкен емес пе, тізерлеген күйі атасы ауланың біресе ол шетіне, біресе бұл шетіне барады.
— Ата, тұр! Мұны мен-ақ орындаймын!— деп Гугуцэ оған жүгіріп келді.
— Ой, ол болмайды! Өз қолыммен егуім керек. Қара да тұр, күнбағыс өсе келе аттан да биік болады. Ал бастарында қалпақ пайда болғанда қандай әсем болады десеңші! Қалпақ болғанда да жай қалпақ емес қой — икон тәрізді алтындай жылтылдаған ғажап қалпақтар шығады. Тізерлеп жүру деген сөз бе екен. Ең бәлесі! — еңкейе алмаймын, белім ауырады. Тегінде есіңде болсын: топырақтың жолы үлкен, оның алдында тізе бүгу айып емес. Топырақ — ол күн тәрізді, құс тәрізді, кішкене бұлақ тәрізді. Жалғанда арамза адамның алдында ешқашан тізе бүгуші болма!—дейді де атасы күнбағыстың тұқымын себеді келіп, себеді келіп. «Адам соңынан титтей де болса сәуле қалдыруға ұмтылуы керек» дегені де оның бекер сөз емес.
Атасы кешке төсекке әрең шығып, шешінуге мұршасы келместен ұйқтап кетеді. Гугуцэ оның киімін шешемін деп әуреленіп жүреді де, ол да атасының қасында ұйқтап қалады.
Әжей олардың киімшең жатқанын көреді де, екеуінің үстіне көрпе жабады. Шам жағып әуре болмайды — кешкі ас ішетін басқа ешкім де жоқ...
Таңертеңінде ең алдымен атасы көзін ашады:
— Оля, әлгі жіп қайда?— дейді ол.
Одан соңғы сөздері:
— Міне, осылай! Тағы да бір рет! Міне-мі-не...— Сөйтіп, атасы үйден шығады.
Ана жер, мына жерді қазып, шұқылап жүрді. Сөйтіп жүріп, бос қалған ит қораны көрді. Қылқаламды қолға ала салып, оған Колдунның суретін бейнеледі. Бірнеше тауық суретін салуға да бояу жетті — атай қалған бояумен тауық қораның есігін өрнектеді, өйткені, атасы ауырып жатқанда тауықтардың суреті мүлде азайып қалған болатын.
Жақыннан ғана көретін әжей суреттегі қара тауықты сипалап, жұмыртқасының бар-жоғын тексерді. Оны көріп, атай ішегі қатып күлді.
— Тәп-тәуір тауық екенін көріп тұрмын, сірә, таяуда жұмыртқалайтын болар,— деп әжей ақтала бастады.
Атай бұдан соң құдықты айналдыра қоршады, үстін шатырлап, қоршаудың қабырғалары мен шатыршаның жиегіне құдықтан су ішетін малдар мен хайуанаттардың: сиыр, қой, ешкі, қоян, түрлі құстар, көбелектер, қозылардың суреттерін, су әкеле жатқан әйелдің, дәл ортасына үлкен аттың суреттерін бейнелеп салды. Ойланып жүріп-жүріп, күнбағыс гүлдеген кезде атай ерттелген атқа Гугуцэні мінгізіп, бұрынғы суретті толықтырды.
Гугуцэ атасына тартқан ғой, жақыннан көретін әжесі суретке қарап тұрды-тұрды да, қолын бір-ақ сермеді:
—О, бар болғыр! Мен атқа кімді мінгізер екен деп, өзімше басқа біреуді шамалап жүрсем. Ақсақал-ау, оған өзіңді апарып мінгізіп қойғаннан саусың ба? Сенің атқа міну не теңің!
Атай мәз болып күледі, аттың маңдайына жұлдыз, баланың қалпағына — күннің суретін салды, ал ол кезде күні әлі шоқыдан төмен түсе қоймап еді.