АЙГҮЛ1.Түн ішінде телефон безектеді, жаны қалмай ойбайлады. Жеті қараңғыда кімге керек болдым дедім....
Верлибрді жатсынбаған Нұркен Нұрғазы
Жас ақындардың көпшілігінің кітаптары қолыма тие бермейді. Мүмкін олар кітап шығарып үлгермеген де шығар. Сондықтан ғаламторды ақтарып, әлеуметтік желіден аты-жөні таныс болып қалған біраз қыз-жігіттердің өлеңдерін оқып отырамын. Бірі қуантады, бірі ренжітеді. Бірі қуантып отырып ренжітеді, бірі ренжітіп отырып қуантады. Әйтеуір олардан күдер үзбеймін. Өйткені, қалай десек те, қазақ өлеңінде ілгері басушылық бар! Бірақ жас ақындардың ертерек дараланып шыққанын қалаймын. Әр гүлдің өз көркі, өз иісі болатыны секілді әр ақынның да өз ерекшелігі болуы керек.Нұркен Нұрғазының (өзімен әлі жүздескен жоқпын) жырларын оқи бастағаныма 2-3 жыл болды-ау деймін. Үлкен ізденістер үстінде жүрген АҚЫН ол! Ол дәстүрлі поэзияны да, қазір әлем поэзиясында кең өріс алып келе жатқан верлибрді де жатсынбай, өлең айдынында құлашын еркін сермейді. Оның бет алған көкжиегі көз ұшында, оған Нұркеннің шаршамай-шалдықпай жететініне сеніп отырмын! Бүгін – Нұркеннің туған күні. Ол бар-жоғы Саттар Ерубаевтың жасаған жасына жетті. Баламыздың шығар биігі, алар асулары көп болсын! Ұзақ ғұмыр тілеймін!
Байбота Қошым-Ноғай
АҢСАР
Сәттер өтті…
Сәттерден біздер өттік.
Сіз, – деп өттік,
Еһ, сосын Біз, – деп өттік…
(таңба болып қалатын) махаббаттың
Табылмайтын тұрағын іздеп өттік.
Кеше еді ғой,
Бәрі де кеше еді ғой…
Кешегі күн кешікпей көшеді ғой.
Терезеден қарайды телміріп кеп,
Есігімді қағады нешебір ой.
Қалай ғана ұғайын, еркем, мұны? –
Сағыну бар белгісіз ертеңгіні.
Кешегідей бар ма екен ертеңгіде –
Ай сәулесі,
Көктемнің көркемдігі,
Жаңбыр иісі,
Жаз таңы,
Құстың үні,
Тұмауратқан сәбидің түшкірігі..?
…Бір күндері аспанмен сырласармын,
Тоқтамаса жүректің ышқынуы.
Күтетін де шығармын бұзау-көзді…
Барлық заңдылықтарды бұзар кезді…
Ту биікке қалықтай жөнелермін,
Шешіп кетіп жаныма тұсау сөзді…
Сәттер келер…
Тағы да сәттер келер.
Өмір сүрмеу тиісті әттеңмен ер.
Маңдайынан сүйемін болашақтың
Өткенімді есіме сап бермеген.
* * *
Түскі асқа не пісірдің?
Ұмытпа кекісімді.
Шәй-қасық ала салшы,
Тағы да екі сүлгі.
Шекер қос. Араластыр.
Мойыл көз, қара қастым,
Өзіңдей жан барында,
Ішпейміз арам асты.
Орын бар кәуәпқа да,
Керегі тағат маған...
Ендігі дәмдеуішке
Сенсің ғой жауапты адам.
Шамалы тосылдың, ә?
Тәбетің ашылды ма?
Дәмге бас қоймас бұрын
Оқиық асыл дұға!
...Жөнің жоқ айыптауға,
Кетпес бақ тайып қолдан –
Сен жей бер, мен жемеймін –
Көркіңе тойып қалғам...
* * *
Білем, жаным, білемін!
Сен де білші.
Сенің жаның – жаныма дем беруші.
Дем беруші жүрекке – сендік жүрек,
Ал мен байғұс шипасыз емделушің
Болайыншы.
Болайын жасың сенің,
Досың сенің болайын,
сосын сенің
Махаббатың болайын,
жүрегіңде
жарық жағам,
Қалмаймын тосын сөніп.
Отын алып кіремін үй ішіне,
Оятамын кофенің иісімен.
Жастығыңа төгіліп шашың жатар,
Жо-жоқ, оған болмайды тиісуге.
Перделерді сырамын,
терезені
айқара ашам!
Бұзамын ережені.
Бірі ояу,
біреуі ұйқыдағы
жұбайларға жұпарлы жел еседі.
Саған...
Саған
Керемет жансың деймін.
Көздің жасы шамалы тамсын, мейлі...
Тіпті дарқан дәулеті тасыса да,
біздің ғажап өмірді хан сүрмейді.
Екеуімізге жалғыз сәт жетпейтіні.
Екеуімізге жалғыз сөз жетпейтіні,
«Жаным!» – деген сөзіңді қия салшы,
Періштеге айналып кетпей тұрып.
КҮНӘҺАР
Пəктікке бас июмен өмір озбақ,
Сол пəктік пешенеге нені жазбақ?
Өтінем, гүлдерге айтып қоймаңызшы,
Күнəһар екенімді менің аздап...
Күнəһар екенімді аздап ғана,
Жүрмесін естіп аспан, қозғап дала...
Тек сізге айтудамын, əппақ ару,
Кеудеме толып қалған сөзді ақтара.
Тұтқынмын, жолдас жоқтай ақтап алар,
Өзімнің жүрегіме көп қамалам.
Көрші де білмейді екен бұл күйімді,
Анам да (бір жырымды мақтамаған)...
Екеуіміз жайындағы елес құрап,
Көмусіз көлеңкеммен кеңестім-ақ...
Сіз бүгін опа-далап жақпапсыз ғой,
Бұл деген опасыздық емес бірақ.
Қасыңыз қара аспанға тізген нұрын.
Шашыңыз кешеді ме күзбен ғұмыр?
Жұмақтың құшағындай жанарыңыз
Тұрмысқа шыққалы тұр сізден бұрын.
Тұрмысқа шығыңызшы – қуанар ем,
Сіз үшін дұға оқиын жұмада мен.
Болсыншы ендігəрі сұрамастай,
«Қалқам-ау, той қашан?» – деп сұраған ел.
Осы күн болып қалсын көмескі күн.
Уақыт зымырайды деп естідім.
Тəңірі кеше ме екен бар күнəмді
Бар күнəм – сізге ғашық еместігім.
АҢСАР
Біз кейде түнгі аспанда
жұлдыздардың
жымыңдап тұратынын
ұмытып кетеміз.
олар болса,
бізді есіне алмайды да –
себебі олардың есінде мүлде
болмағанбыз –
олар о бастан
ессіз.
ессіз болғандықтан ғой
олардың
үнемі жымыңдап тұратыны,
үнемі жарқырап тұратыны.
бəріміздің
жұлдыздардың сəулесін жерден
қызғанатын бұлттарды қармап,
кейде
үйіміздің маңындағы
аспанға
шығып алғымыз келеді.
NATORUN
Тəндерінің ашқарақтығы соншалық
өздерінің жанын да жеп тынған адамдар
кенет сенің де жаныңа көз салады...
көздерінің ағын қарашығы қылғытқан,
жүректері асқазанға айналып
біткен адамдар
тəніңді қатарға
қосқысы келеді,
қосады да.
шарқ ұрасың
өзгелердің тəнінен жасырынған жаның
өз тəніңнен жасырына алмай.
барлық мемлекеттің туы
төмен түсірілсе де,
күнге бойың жетпейді...
ақыры:
жаның
өзің тізген əріптердің ығына тығылады.
жəне сонда қалып қойғаны абзал.
АМАНАТ
Жарығым,
менің күртешемнің
сол жақ жанқалтасында
өткен түннен қалып қойған
қараңғылық бар.
қазір ол бұлқынып,
тырбанып
жұлқынып жатыр
басына орамал салынған қыздай
еріксіз...
сол қараңғылықты
келер түнге жеткізуім керек,
күннің сəулесіне талатып алмай
оттың ыстығына құлатып алмай.
тек қараңғылық
жүрегіме сіңіп үлгермесе болғаны,
жарығым...
ТҮРМЕ
Адамдардың бəрі де жүріп барады
жолдар ешқайда апармасын білсе де.
ескерткіштері де
сұлулары да
гүлдерге зəру емес əлем бұл.
өмірінің мағынасыздығын
өрмекші де білетін еді.
бірақ
біраз бұрын
ол өрмекші асылып өлді.
сағат тіліне.
уақытты тоқтатам деп ойласа керек.
ОРАЛУ
Бұл мекенге келген сайын
кеудемде бүлкілдеп тұрған ет
қайтадан жүрекке айнала бастайды...
ең алдымен көктемді іздеймін –
көкжиектегі кемпірқосақ
бұлттардың қолшатырындай
күн сəулесінен қорғану үшін жайылған.
тауып ап, кірпік қақпай қарап тұрамын...
күндердің бір күнінде
бұл мекеннің сұлулығын
қызғанған қабағым
көзімді мəңгіге жауып қалатынын
білем... –
міне,
менің
бала күнгі өзімнен
айырмам...
бұл мекеннен ұзап қайда барады екем
самалды күн ұшырылған
қағаз ұшақтай көңіліммен...
Нұркен НҰРҒАЗЫ