Хамит Айдарұлы. Менің алғашқы махаббатым

ӘДЕБИЕТ
3577

Хамит АйдарұлыХамит Айдарұлы

Өмір мен өлімнің арасы бір- ақ адым дегенге мүлдем сенбейтінмін, бірақ, өткінші өмір сендіреді екен!

…дәл сол күні екеуміздің бір-бірімізді көз-көрім жерден ең соңғы рет көруіміз екенін тарғалаң тағдыр құрғыр айтып тұрғанын білмеппіз, амал қанша!

Туған ауылым Бестөбені сағынып жүрген кезім, сағынышымды басу үшін Ұзынағаштағы ауылдан келген дос ағаның үйіне қонаққа келдім. Туған жердегі еркіндіктен айырылудың алғашқы дауылы ұйтқи бастаған кез. Ертесі көше жаққа шығып базар арлап жүріп ауылдас досымды кездестіріп қалдым, екеуміз құшақтасып еңіресе кеттік. Әйелі келіп «көктен түстің бе, жерден шықтың ба?…» деп таң қалсын…

Қош, орталық көшеде бүйтіп тұра бермеспіз деп бірден үйіне қарай тарттық. Аз жүргесін досым наубайханадан нан сатып алғалы бұрылды. Досымның әйелі маған қулана күліп қарап «мына үйде Айлы тұрады…»,-деді наубайхананың қасындағы кішкене қоңыр қақпалы үйді нұсқап.

 –А, олар қашан көшіп келген! дедім таңғалып. Жүрегім атқалақтап барады. Оны қасымдағы келіншекке сездірмеуге тырысқаныммен ол бәрін біліп тұр еді.

Бұлардың көшіп келгеніне бір жыл сегіз ай болды... деді. Жүріп келеміз. Шақырайған шілденің аптап ыстығы түс ауып бара жатсада қайтпаған. Соны себеп қылып өз ойымызбен әлек болдық. 

Қай сабақтастың тойы еді, мал дауалап жүріп сол тойға жайрақ барып қалдым, әсілі той жүргізбекші едім, осылай боларын біліп досыма табыстағам. Келген бойда тойға шашуымды беріп тұрғанымда жүргізуші досым оны ән айтуға шақырды. Айағының әнтек кемдігі болмаса көңілінің кеңдігі сол бәз-баяғы қалпында екен. Саханаға шықты да музыкант жігітке сыбырлады. Той залы адамдардың гүбірімен араның ұясындай дуылдап тұрған. «Аяулы ана» әнінің әуені залға қанат қаға бастады. «Аяулы ана, сағындым ғой сені мен…».

Оның мұңлы да сырлы сондай жағымды даусы шыққанда, дуылдаған зал сілтідей тынды. «Қандай ғажап дауыс, қандай тартымды ән»,-деп тамсанбаған жан қалмады. Әнді айтып болғанында, әншейінде үндемейтін тойшыл қауым хошеметпен ұсыныс қып, тағы бір ән айтуын өтінді.

«Өртенген сезімді қалайша өшірем,

Балауса кезімді қайтып мен кешірем…

алғашқы махаббат…»!

Сахана қасындағы үстелге қайтып барып алғанымды білмеймін, ән салып тұрып ризашылықпен жымиып амандасты. Менде басымды изедім…

Иә, ол екеуміздің алғашқы тұнық сезімдерімізге сол ортадағы сабақтастар куә еді. Куәшінің бірі келіп мені биге тартты. Оның тартымды даусымен айтылған әнге баяу ғана вальс биледік… «Аңсаған арманым сияқтанып…», «Алаулап күн батса қырды асып…» әндерді баяу ғана тамылжытып айтып тұрсың. Жанарың менде. Бұл екеуміздің мүлдем хабарсыз кеткен жылдарымыз болатын. Сол сәт екеміз жанарымызбен бір- бірімізді кешіріп тұрдық…

Ойым осы арадан арыға бара алатын емес, барған да жоқ. Ертесы күні күнеске қайтпақшы едім. Досымның дүкеніне аздан соң сегіз-тоғыз жасар ұл бала келді, маған тым жақын, жылы ұшырады. Балаға қайта- қайта қарай бердім. Берген сәлемін алып көз алмай тұрып қалыппын. Досымның әйелі және қулана күліп «тапшы, кімге ұқсайды екен?» дегенде барып бірден сен ойыма оралдың, Айлы. 

Нақ аузынан түсіп қалғандай екен ғой… дегенімше қақпаның алдына келіп ұлыңды шақырдың. Үшеуміз де жалт қарадық, мені көрдің де бұрылып қалқаға өтіп кеттің, досымның әйелі барып амандасып, сосын мені шақырды. Білмеймін, баруға батылдық етпедім. Біртүрлі беймаза күйде күнеске кеттім. Көше бойына шыққанымда дүкеніңнің сыртынан сені көрдім, бәлкім сен де мені көріп тұрған боларсың. Бұл соңғы жүздесуіміз екенін, мәңгілікке қоштасуымыз екенін сен білдің бе, білдік пе, Айлы? Өкініш!?

Көлікте өткен күндерді ойладым. Екеумізді табыстырған ортақ әуестік әдебиет еді. Сегізінші сыныптың алғашқы маусымы басталғанда сабақтасым алдымнан шығып «сыныпқа октабыр орта мектебінен керемет әнші қыз келді» деді. Алдыңғы партада отыр екенсің. Жалт қарағандағы жанарыңның жарқылы өжеттігіңді аңғартты. Сабақ соңында мұғалім алдағы аптада сыныптар ара көлемді концерт болатынын айтты. Оның жүргізушісі мен екенмін, қасымдағы сабақтасыма домбырамен «ана» туралы ән айтуды тапсырғанда, сабақтастардың бірі:«жаңадан келген Айлы әнді тамаша айтады екен» деді. Мұғалім болып біз болып бір ән салуыңды өтіндік. Орныңнан тұрып ана туралы ән салдың. Шешелері мархұм боп кеткен бірнеше қыздар мен мұғалім көздеріне жас алды. Міне, содан бастап мен саған ғашық болдым. Концерт жүргізгенімде сенде менің ойымды білдің. Сол күннен бастап жұбымыз жазылмады. Арамыздағы ортақ әңгіме еш уақытта таусылған емес.

Бір күні қатты жабырқап келдің, көңіліңді мен ауыртып алдым ба деп бәйек болдым. Кешке үйге қайтып бара жатқанда үйіңе бұрылатын көшенің түйілісінде кеудеме басыңды сүйеп: «ағаға қарағаның далаға қарағаның, жеңгеге қарағаның жерге қарағаның екен» дедің де қоштасып жүре бердің…

Сол күні жүрегім қатты ауырды, сені еш қашан ренжітпеуге өзіме-өзім серт бердім.

Он бір оқитын кезіміз болатын. Айт күні сенің үйіңде екеуміз ғана достарды күтіп шәй ішіп отырдық. Кітап сөреңдегі «Махаббат қызық мол жылдарды» алып парақтағанымда ішінен бір жапырақ қағаздағы жазуға көзім түсті, мені сүйетініңді жазыпсың. Ұяла күлдің, құшағыма қыстым.

Достар келгесін біздің үйге айттап бардық. Ауызғы үйден жеңгемнің шешеме «сері жігіттің жүріп жүргені ана ақсақ қыз ба екен, одан басқа төрт мүшесі сау айдай сұлуды шекесінен шертіп тұрып тауып алмай ма…» деген сөзін естіп қалыпсың. Жылаған бойы кетіп қалдың… Жеңгемді үйден қуып шықтым. Кейін бүлінген көңіл түзелмей қойды. Қалған көңіл шыққан жан болды.

Арада үш ай өткенде жеңгем үй әктеп жүріп орындықтан құлады да, көзіне шағылған шырақтың ұнтағы түсіп, бір көзі су қараңғы болды да қалды. Кейін менен кешірім сұрап қатты өкінді, бірақ саған баруды айтпады.

Мектеп бітірдік. Ең соңғы сабақтастар бас қосуына екеумізде бармадық.

Үш айдан кейін Лира телефон шалып, тұрмысқа шығатыныңды айтты.

Міне, мен қазірге дейін сен сияқты ешкімді шынайы сүйіп көрмедім, Айлы. Еш уақытта махаббаттан жолым болмады. Араға жиырма неше жыл салып өмірімді жаңадан бастау үшін туған жерге қош айтып туған елге келдім.

Сенімен оқыс ұшырасқан күннің ертесі Күнеске барып, қайта Алматыға қайтқалы жүргенімде Лира сенің қайтыс болғаныңды хабарлады! Сенгенім жоқ…

Таң атқанша егіліп жыладым…

Кейін естідім, мені көрген күні ұлыңды шақырып дүкен аштырып қойып, жолдасың екеуің Алматыға базарға барыпсыңдар. Шілденің шіліңгір ыстығы жүрегіңді әлсіретіп жіберген екен, үйіңе барып жығылыпсың. Дәрігер де, дәрі де өнім бермепті…

Солай, сені ең соңғы рет көріп, беймаза күйден арылмаған қалпымда қабіріңнің басында жылап тұрдым. Барлығымыздың мәңгілік бесігіміз болған өлілер мекеніндегі саған үнсіздікпен бар шер-наламды айттым. Кетерімде қоштасқаным жоқ…

Айлы, сен менің әлі күнге дейін тілім- тілім жүрегімдесің…

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...