Театр - мәдениеттің алтын бесігі. Ұлттық театр - ұлттық мәдениеттің алтын қазығы. Театр - тағылым ме...
Ханбибі Есенқарақызының бір күні
Шымкенттің шырайлы күндерінің бірінде өлеңдері де өзі секілді өр:
Айтатыным, жазатыным – тек шыным,
Елден, жұрттан жасыратын жоқ сырым!
Аялайды, – бірі демеп, – ал бірі
Ұнатады қайрылғанын топшының.
Күліп көрдім. Жарасқан соң қонымды,
Жылап көндім. Жасырғам жоқ онымды.
Жармасқам жоқ, тұлпарлардың жалына,
Жалғасқам жоқ сақтау үшін орынды!
Құлагерді тұяғынан қақпадым,
Тентек болсын, Ақандарды жақтадым.
«Мынау ісім, қалай болар екен?» деп,
Мықтылардың қасы-көзін бақпадым! – деп жырлаған мінезді ақын Ханбибі Есенқарақызының үйін бетке алдық. Ақынның бір күні қалай өтетініне куә болмақпыз.
Есікті ашқан ақынның тірлігі ертемен басталып кетіпті. Кір жуып жатыр екен. Үшінші қабатта тұратын Ханбибі апай кірді терезе арқылы сыртқа тартылған жіпке жаяды екен. «Аңдып келгендерің менің тұрмыс-тіршілігім ғой, ал түсіре беріңдер!» деп апайдың өзі рұқсат берген соң, алаңсыз сыртылдатып түсіре бастадық.
– Өзім тым кірпияз жанмын. Ауылға барсам, қолымнан сыпырғы түспейді. Айналаны шашып тастаған балаларды жазалап жатсам, әкем: «Сен бұл мінезіңді қой. Дүниенің бәрін тап-таза қыла алмайсың. Шыбын бар жерде жұғын бар. Адам болған жер шашылады, көлденең шөп жатады. Сен осының бәрін жинаймын дейсің және өзгеден талап етесің. Сенің айтқаның болатындай, сенің айтқаныңмен жүретіндей өзгені сен жаратқан жоқсың ғой. Олардың барлығы – Алланың жаратқан пендесі. Әрқайсының өзіндік мақсаты, мұраты, жолы болады. Сен оларды жөндей алмайсың. Сондықтан сен жүйкеңе салмақ саласың. Бұл мінезіңді қой», – деді. Бірақ тазалық деген жақсы ғой. Ыдыс-аяқ жуылмай жатса, кір жиналып жатса «ақынмын» деп қарап отыра алмаймын.
Балаларым көрер көзге сүйкімді болмаса «ақынмын» деп қайтіп қарап отырамын? Сондықтан осылардың бәріне үлгеруге талпындым. Міне, қазір қыздарым бойжетті. Оларды да тазалыққа баулыдым. «Жуған, жайған кірлерің ақ шағаладай болып тұрсын», – деймін. Бірақ адамның бақытты болу, болмауы оның тазалығына, білімділігіне, алғырлығына, басқасына байланысты емес екен. Бақтың көзі соқыр дейді ғой, керісінше адамдарға қонып жатады. Менің өмірде ұққаным осы.
– Ал сіз ше? Өзіңізді бақытты адамдардың қатарына қосасыз ба?
– «Бақыттымын» деп айтуға ұяламын. Себебі менің маңайымда қаншама бақытсыз адамдар жүр. Абай айтпақшы, «Өзіңде бармен көзге ұрма». Мүмкін, бақытты шығармын. Жалпы, түзу өмір сүрдім. Және осы жол ары қарай да жалғасын табады ғой деп ойлаймын. Әрбір адамға, әрбір әйелге, әрбір ақынға не қажет болса, соның барлығын лайықты түрде алдым деп ойлаймын. Атақтан да кенде емеспін. Еңбек етсең, ел бәрібір білмей қоймайды. Ерте ме, кеш пе, еңбегіңнің жемісін сауасың. Ауылда жүріп-ақ халықаралық «Алаш» сыйлығын, ҚР еңбегі сіңген қызметкері атағын, «Парасат» орденін алдым. Сонау Мәскеудің С.Есенин атындағы алтын медалін алдым. Мерекелік медальдардың бірде-бірінен құр қалған жоқпын. Айта берсең көп. Осының барлығы менің еңбегіме берілген баға деп ойлаймын.
Ал біз жайғасқан мына бір бөлме ақынның кабинеті екен. Төрге Ханбибі апайдың өмірінің әр жылдарында бейнеленген суреттері ілініпті. Құдды, ханның қызы дерсің! Ақын Серік Тұрғынбеков:
Хан қызындай Ханбибі,
Таң жұлдыздай Ханбибі,
Гүл біткеннің ішінде,
Алқызылдай Ханбибі.
Жағалаудың жалқы өскен,
Жалбызындай Ханбибі.
Бірге өскен ғұмыры –
Жан құрбымдай Ханбибі.
Балдан тәтті қылығы,
Балдызымдай Ханбибі.
Адайдан шыққан ақ бибім,
Ақыннан шыққан ақ тұйғын,
Шымкенттен шыққан шырайлым,
Толқытты менің жанымды,
Толқыны болып Каспийдің, – деп жырға қосқан кездегі Ханбибі апамыздың түр-келбеті дәл осы суреттегіден де әдемі болған шығар-ау.
Бір қабырға – иін тірескен кітап. Ақынның әдеби ортасы. Достары. Сырласы. Үш қызы – үш гүлінің суреттері.
Кір жайып болып, кабинеттегі орнына жайғасқан Ханбибі апай жайдары жүзбен әңгімесін бастады.
Дәл осы кезде Ақберен атты жиен немересі келіп, әжесін бір құшақтап, бізге көзінің астымен бір қарап, не істеп жатқанымызды тексергендей, іс-әрекетімізді бір бақылап кетті. Бұзық немересінің қылығына бір күліп алған ақыннан оның «Ақберен» аталуының сырын сұрадық. Ақын Ақберен Елгезекпен қандай да бір байланыс бар-жоғын сұрадық.
– Ақын Ақберенге еш қатысы жоқ. Немерелерімнің аттарын көбіне өзім қойдым. Мына өздерің көріп отырған Анитам 11-де. Ол 7-қараша күні өмірге келді. Оған атты “100 известных женщин” деген кітаптан таңдадым. Соның ішінде француздың Анита деген фантаст-философ жазушысының аты аталады. Мағынасы “күзгі көк алма” дегенді білдіреді екен. 7-қараша күз ғой. Өзі күзде туылды әрі француз жазушысының аты. Соның бәрін байланыстырып, «Анита» атадым. Одан үлкен тағы бір немеремнің аты – Алтынай. Алтынай деген құрбым болғанын, оған арналған ән дүниеге келгенін білесіздер ғой. («Алтынай» - Ұлықпан Жолдасовтың орындауындағы ән, – М.Ш.) Сол Алтынаймен дос боп жүргенде жаңағы немерем дүниеге келді. Атын Алтынай қойдым. Алматыда Сара деген немерем бар. Ол Сара Алпысқызы 60-қа толған 12-ақпан күні Алматыда дүниеге келді. Ол туғанда халық Сараның алпысқа келгенін тойлап жатыр еді. Құдаларым бірден “Немереміздің атын Сара қояйық” деді. Мен қарсылығымды білдірдім. Сонымен не керек, құдалардың арасында біраз талас-тартыс болды. Ұл – солардікі, менікі – қыз. Жеңілдім. Ақыры немерем Сара атанды. Мен: “Онда мен үшін Ақын Сара болады”, - дедім. Ол Ақын Сарамыз қазір 16-да. Төрт немерем бар: үш қыз, бір ұл.
Енді ақыннан күнінің қалай өтетінін, қазір немен айналысып жүргеніне тоқталдық.
– Жаңа жылдан бастап демалысқа шықтым. Жалпы, ақын-жазушылар үшін демалыс, зейнет деген болмайды ғой. Бұрынырақ ақын-жазушылар тұрақты қызмет істемей, таза шығармашылықпен айналысты. Себебі, оларды кітаптары асырайтын, қаламақы жақсы болды. Зейнетке келген кезде оларға: “Құжаттар әзірлеңіз, енді зейнетке шығасыз”, – десе, олар: “Ақындарға зейнетақының керегі жоқ. Біз зейнетке шықпаймыз”, – дейтін көрінеді. Мен де сол секілді зейнет жасымнан кейін 10 жыл істедім. Жалпы, еңбек өтілім – 50 жыл. 16 жасымнан жұмысқа кірістім. Биыл Жаңа жылдан бастап үйде отырмын. Зейнетке шыққанда қыздарым жиналып: «Мама, сен зейнетке лайық шықтың. Дегеніңнің бәріне жеттің. Өмірің арпалыспен, тайталаспен өтті. Бірақ сен үнемі жеңіске жетіп отырдың. Ал сол екі ортадағы қиыншылықтар сені мойытпады. Ұлы Отан соғысы 5 жыл болса, сен 50 жыл соғыстың. Енді қалған уақытыңда қаламмен айқас, қаламмен соғыс», – деді. Қыздарымның да ақылдылығы ғой. «Материалдық жағынан қам жеме. Сен үшеумізге инвестиция салғансың. Сол инвестицияны біз қайтарамыз», – деп қалжыңдап қояды. Шын мәнінде, әр ата-ананың инвестициясы – балалары.
Үйде отырды деген – аты. Күнде той, күнде іс-шара. Күні кеше ғана Түркістаннан оралдым. Өткен бір жетінің ішінде онда екі рет барып қайттым. 21-наурызда Түркістанның түркі әлемінің мәдени астанасы болып ашылуына байланысты барсам, 25-26 наурыз күндері сонда халықаралық айтыс өтіп, сонда қазылар алқасының мүшесі болдым. Кеше ғана Отырар кітапханасында біздің жерлес жазушымыз, қоғам қайраткері Қалаубек Тұрсынқұловтың кітап көрмесінің ашылуында болдым. Зейнетке шыққанның бір жақсы жері, іс-шараларға барғанда “Ана жұмыс қалып кетті, мына жұмыс істелмей қалды” деп күйгелектенбейсің, еркін отырасың. Жалпы, зейнет жасына абыроймен жету деген де үлкен нәрсе. Әдемі қартая білу де - өнер. Міне, Құдайға шүкір, қаламым бар. Қаламым зейнетке шықпайды. Ақындық деген – ананың сүтімен, атаның күшімен адамға қаннан келетін кәсіп. Ілеуде біреудің маңдайына жазылатын бақ. Сондықтан қаламмен алысып отырамыз, дегенмен күндіз-түні жазамын деп өтірік айта алмаймын. Бір жазғанда он шақты бет жазып қоямын да, сосын бір апта қағаздың бетіне қарай алмай жүремін. Немерелер бар, осылармен ойнаймын, осылармен уақыт өтеді. Бұл да бір әдемі кезең деп ойлаймын. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар.
– Ақын әйел ретінде үйдің бітпейтін шаруалары алдымнан кесе көлденеңдеп шығып тұрады. Көмекші ұстамаймын. Үйді немерелерім, қызым тазалайды. Кірді машина жуады, шаңды шаңсорғышқа тапсырдық. Осыдан 25 жылдай бұрын күтуші ұстағанмын. Сосын қолыма мамам келіп, онымен 20 жыл бірге тұрдық. Келді де, күтушіні қуып жіберді. Маған: “Неге үйіңде малай ұстайсың? Шаңсорғышың арқырап тұр, шаң түгіл адамды жұтып жібереді. Кіріңді мәшине жуып жатыр. Құлағын бұрап қойсаң, суың ағып жатыр, тағы бұрап жіберсең, отың жанып тұр. Енді неге көмекші ұстайсың?” – деді. Көмекшім өзге ұлттың адамы болатын. “Ол үйінде шошқа ұстап келеді, сөйтіп сенің қазаныңды, табағыңды ұстайды”, - дегенді және қосты. Анам тақуа кісі болатын. Намаз оқитын. Сол кезде 70 жаста. Сонымен не керек, жаңағы қызды жоқ қылып жіберді ғой. “Тоңазытқышыңның іші толып тұр. Газды бұрап жіберіп, тамақты өзім істеймін”, – деді. Мамам содан 86 жасына дейін тамақты өзі істеді. Үйді мен жинайтынмын. Содан бері көмекші ұстамаймын. Жұмысты беріліп істейтін жанмын.
Сұхбатымызға Ақберен кедергі келтіре берді. Оған бір мейірленіп алған әжесі:
– Машинада да тыныш отырмайды. Әкесі Ұлы жүз. Екі қызым да Ұлы жүзге барды. Жүргізуші: “Әкесі Ұлы жүз бе?” – дейді. “Иә”, - дедім. Баланың неге бұзық болғаны түсінікті болды дейді. “Сізге тартқан” деп тұрғаны ғой. “Адайларға тартқан мазасыз, тынымсыз” деген сөзі ғой. Бұған айдаладағы жүргізушіге дейін баға береді, – деді (күліп). Немересінің өзіне тартқанын айтып бір мақтанып алған апаймен сұхбатымызды ары қарай жалғадық.
– Сіз Адайсыз ба?
– Жоқ, менің жолдасым Адай болды. Өзім де Кіші жүздің қызымын. Адайдың анасының аты Ханбибі болған екен. Менің әкем атыраулық қой. Анам – Ұлы жүздің қызы, Ошақты. Рушыл емеспін, сен сұраған соң айтып отырмын. Күләш Ахметова, Мырзатай, Өмірбек Жолдасбековтер менің нағашыларым. Әкем де, шешем де репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары. Әкемнің Атыраудан келіп, осы жақта тұрақтап қалған себебі сол. Оралда оқу бітіріп, Ташкентке келген. 1948 жылы Сталинның жылымығы болып, ұрпақтарын қайта тексерген. Әкем бой тасалап Сарыағашқа келеді. Сонда сабақ беріп жүріп анаммен танысады. Анам Батырша болыс дегеннің қызы болған. Әкесін Шымкент түрмесіне қамап, дүние-мүлкінің бәрін тартып алады. Азғантай малымен қалады. Түрмеден шыққанынан кейін оны Сібірге жер аудармақ болады. Сонда олар Ташкентке қарай қашады. Менің шешем сол 1929 жылы 7 жасар қыз екен. Ташкентте біраз аялдап, жағдай болмағаннан кейін Ауған өтеміз деп, Тәжікстанға барады. Ол Тәжікстанда мақтаның гүлдеп тұрған уақыты екен. Тәжіктер: «Ары қарай өтпей, осында қалыңыздар. Біздер сіздерді қолдаймыз, ешкімге айтпаймыз. Бізге жұмыс қолы керек», – деп, күрішті қабымен әкеліп тастайды, барақ береді. Шешем: «Неге сонша жалынды десек, тау маңында тұратын тәжіктер жұмысқа жоқ екен ғой. Есек мініп жүреді, бастарына сәлде орайды. Өздері де, әйелдері де күліп жүреді. Сөйтсек, олар таудың баурайына көкнәр егіп, соны пайдаланады екен. Сол себепті көңіл-күйлері жақсы жүреді, мақтаны тере алмайды», – деп әңгімелеп берді. Анам ата-анасымен сонда 10 жыл тұрақтап қалады. Бірде өтіп бара жатқан жүк машинасының үстіндегі бір әйелдің «Ел қайда? Шіркін, ел қайда?» деп зарлап әндетіп бара жатқанын көреді. Отырған үйемелі-сүйемелі 30 үйдің есіне ел түсіп, қуғын-сүргінде елді ұмытқандарын түсініп, жылап, бір-бірімен көрісіп, жолға жиналады. Елдің де тынышталғанын естіп, 1940 жылдары осында қайтып келеді. Қайтып келген соң шешемнің Кемел, Медет деген екі ағасын әскерге алып кетеді. Олар сол кеткеннен мол кетеді, хабар-ошарсыз. Шешемнің әпкесінің де көрмегені жоқ. Ол көштен қалып қойған. Қазір соңғы 100 жылда қазақ әйелінің бастан кешкен азабы туралы жазып жатырмын. Жалпы қазақ көп нәрсені бастан кешірді. Оның ішінде қазақ әйелінің көрмегені жоқ. Анам жалғыз апасын іздеп осы Сарыағашқа келген екен. Сонда қалып қояды. Әкем осында сабақ беріп жүр екен. 1948 жылы екеуі шаңырақ көтереді. 1949 жылы мен дүниеге келдім. Өзімнен кейін алты бала бар.
– Бір естелігіңізден әкеңіздің өлеңге жақындығы туралы оқыған едім. Сіз әкеңізге тартқан болдыңыз ғой?
– Әкем өлең жазған болуы керек, бірақ өлеңдерін оқымадым. Бес жасар кезім. Соғыстан кейінгі уақыт. Қоржын тамда тұрамыз. Электр жарығы жоқ, шаммен отырамыз. Айдың сәулесі есік алдында өсіп тұрған талдарға түседі. Кинодағыдай әдемі көрініс. Сондай күндердің бірінде әкем бір сандық кітаптарды, дәптерлерді алып шығып өртеді. «Абай болмаған соң өлең жазуды қою керек қой» деген сөзі есімде қалыпты. Соған қарағанда, әкем жазған өлеңдерін өртеп тастаған. Әкем де, шешем де Абайды жатқа білетін. Әкемнің Ташкентте бірге оқыған курстастары бір зиялы қауым еді. Солардың бәрі Абайдың, Мағжанның өлеңдерін оқып жататын. Мағжан Ташкентте болған екен.
– Өлеңдері жайлы кейін сұрамадыңыз ба? Одан кейін жазғанын байқамадыңыз ба?
– Өлеңдеріме қатал сыншым үйде болды. Өлеңдерімді жұрт мақтаса, әкем тұта-тұтасын шығарып, сынап тастайтын. «Өстіп те өлең жаза ма?» дейтін. Өлең жазған сайын әкем үстімнен төніп тұрғандай әр сөзге, әр әріпке жауапкершілікпен қарайтыным сондықтан. Менің ең бірінші сыншым – әкем. Ол өте қатал адам еді. Бірақ өте білімді, бетіне жан қаратпайтын қайсар, айтқанынан қайтпайтын жан болды. Өмір сүру ол кісіге де жеңіл болмады. Елдің айтуынша, мен сол әкеме тартқан екенмін. Шешемнің айтуынша да солай. Ол кісі өте биязы, нәзік, қартайғанынша бірдеңе болса ұялып қалатын, қатты дауысы шықпайтын адам болды. Баласының біреуіне дауыс көтеріп ұрсып, айғайлап көрген емес. Шешемді көрген жұрт, бастықтарым: «Неге шешеңе тартпағансың?» – дейді. Ол енді менің қолымдағы іс емес қой. Шешем де: «Ойпырым-ау, тура әкеңсің ғой. Бір қарасам лапылдап жанып жатасың, бір қарасам сарқырап ағып жатасың. Ұқсамасаң тумай кеткір!» – дейтін.
– Өлеңді қанша жасыңыздан жаза бастадыңыз?
– Мектеп қабырғасында жүргеннен жаздым. Алғашқы өлеңдерім қабырға газетіне, кейіннен аудандық газетте, сосын облыстық газетте жарияланды. Солай сатылап-сатылап кете бердік қой. Бірақ жасыңдағы алған тәрбиең өмірбақи сенімен кетеді екен. Өзіме әлі күнге дейін сын көзбен қараймын.
– Ал әкеңіз сіздің ақын болуыңызды неге қаламады деп ойлайсыз?
– Ол ақындық жолдың ауыр болатынын сезді, содан балапанын аяды. Бір өлеңімде әкемнің аузына мынандай сөз салып беремін:
Өлең деген көкпарда,
Қосылатын соқпаққа,
Кеудеңде өзі шоқ бар ма?
Күш атасын танымас,
Кез боларсың шоқпарға
Қайта тұрып кететін
Көкірегіңде от бар ма?!
Жеңер үшін айтар ма,
Кез болдық деп байталға.
Кезі болмас айтпаған,
Қайт жолыңнан, қайт балам!
Оның да шет жағасын көрдік. Әйел ақындарды ер ақындар менсінбей, байталға теңеп, тіптен біреулер «Әйелден ақын шықпайды» деп жазып, бір замандасымыз «отының түтінін тұтатып, отбасын ұстап отырудың өзі қай ақындықтан кем?» деп сынады. Ақындық ер, әйел деп таңдамай қонатын нәрсе екен. Оны олар түсінбеді. Көптеген ер-азаматтардан жақсы жазатын әйелдер болған. Мысалы, өзіміздің Жамбылдан шыққан Ұлбике ақынды алайық. Ол менің түп нағашым болып келеді. Шешемнің аузынан көптеген өлеңдері маған жеткен. Сол Ұлбике ақынның күйеуі қатты қызғаншақ болыпты. Анда-мұнда барса, ере барады екен. Ере бармаса, келгенде таяқтың астына алады. Менің шешемнің өзі де айтыс ақыны болды. Соғыс жылдары Қажымұқан майданға ұшақ әперемін деп ақша жинап, ел ішінде өнер көрсетті ғой. Сол кезде ол жалғыз жүрген жоқ. Қасында концерт бригадасы болды. Сол бригадада менің шешем ән салған, өлең оқыған. Кейін айтысқа қатысқан. Ел ішінде оны білетіндер «Гүлзияның өлеңі еді» деп айтып жүреді. Үйдегі «Белинскийдің» ықпалымен шешем де поэзиясын жылы жауып қойған шығар.
– Ақын ретінде халықтың мойындауы бір басқа да, әкеңіздің мойындауы бір басқа шығар. Әкеңіздің өлеңіңізге сүйсініп, «нағыз ақын екенсің» деп баға берген кезі есіңізде ме?
– Жоқ, әкем «Сені ақын дейді ғой» деп сөйлейтін. Өмірі ол кісінің кеудесін мақтаныш сезімі билегенін көрген емеспін. Мүмкін әке-шешесі, бауырлары көгенделіп, тізбектеліп жер ауып кетіп, өзі интернатта өскеннен кейін бе, қатал болды. Әкем репрессияға ұшырағандардың ақталғанын көрмей кетті. Тұйық, өмірі артық сөйлемейтін, айтатын жерде сойып айтып салатын адам болды. Сол мінезінен талай таяқ та жеді. Мен де сондай мінезбен қызметке араласқан 50 жылдың ішінде талай жанмен арпалыстым. Алдымнан кедергілер шыға берді. Кейде әкемнің бақытсыз жолын жалғадым ба деп те ойлаймын. Дәл қазіргі кезеңде шындықты бетке айтқан, әділдікті ту еткен жан кімге жағады? Жаңа бақытсыздық деп қалдым ғой, ол бақытсыздық емес. Нағыз бақыт – сол. Махамбет те «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген. Сол Махамбет ақиқаттың жолында басынан айырылды. Шындықтың жолы – ауыр. Не жолыңды кеседі, не қолыңды кеседі. Жол кесілген кез де талай болды.
Ханбибі апамен әңгіме айтып отырып, қалай түс болғанын білмей қалыппыз. Осы уақытта жұмыстан Дана атты қызы мен күйеубаласы келіп, қонақ бөлмеге шәйға шақырды.
Біз ақын апайдың қаталдау мінезіне, еркекшора қимылына қарап, үй шаруасына жоқ па деп ойлағанбыз. Қателескен екенбіз. Ханбибі апай асүйге де осал емес болып шықты. Шәйін реттеп, мәнтісін қойып бәйек болып жатты. Көңілі түскен адамға – пейілі де көл-көсір екен.
Қазақстанның Халық жазушысы Мәриям Хәкімжанованың: «Ханбибі Есенқараева - талантты ақын, адал дос, мейірімді ана. Осының бәрі оның адамгершілік қасиетіне жарасып, үндесіп тұрады», – деп жазғаны бар еді... Бұған өзіміз де куә болдық.
Ең кереметі, Ханбибі апа өз қолымен дайындаған Наурыз көженің дәмін таттық.
Қонақбөлмеде біздің назарымызды аударған ерекше дүние пианино болды. Апайдан «Пианинода ойнайсыз ба?» – деп сұрап едік, басын шайқаған ол кісі: «Бұл өздерің жақсы білетін, Жұбаныш орындайтын «Нурикамал» әнін дүниеге келтірген пианино ғой», – деді. Түсіне қойдық...
Апайдың бұрынғы жолдасы Тұрдықылыш Ізтай композитор болатын. Бір тойда Тұрдекең жанында әйелі Ханбибі бола тұра Нурикамал атты аруға ғашық болып қалады. Үйге келгеннен кейін де, қызды ұмыта алмай аласұрады. Қайта-қайта осы пианиноны айналшықтап, белгісіз әуенді ойнай береді. Күйеуінің өзгеше күйде жүргенін байқаған сезімтал ақын: «Айта алмай жүргенің осы болар?» деп, бәрімізге жақсы таныс:
Нурикамал, Камалым-ай,
Күндей ашық жанарың-ай,
Қолым жетпей, сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым қабағыңа-ай, қарағым-ай, – деп келетін өлеңін Тұрдекеңнің қолына ұстады. Сол екі ортада ән дүниеге келеді. Ханбибі апаның парасаттылығын көрмейсіз бе, күйеуінің жағдайын сөзсіз түсініп, Нурикамалға қолқаны өзі салады. «Тұрдықылышқа үш қыз туып бердім. Мүмкін сенен ұлды болар. Ортамызда бір ерке жүрсін, көн», – дейді. Бірақ Нурикамал көнбейді. Ақыры не керек, бұл оқиғаның соңы Ханбибі мен Нурикамалдың жан аяспас құрбыларға айналуымен аяқталады. «Нурикамал» әнінің бұл тарихы туралы сұхбатқа келмей де таныс едік. Апайдың пианиноны айтып, мұңая қалған жүзін көріп, күйеуінің жағдайын сұрадық:
– Мен 18-ге келгенде әкем: «Балам, сұлтан сүйегін қорламайды. Сен адайға шық. Мына ұлдар кімді әкелсе, оны әкелсін. Олар адай болып саналады. Ал қыздар сендер кіші жүзге барыңдар», – деді. Біздің тәжік, қырғыз, өзбек, қарашай, әзірбайжан секілі өңшең кірмелерге толы ауылдан Адайды қайдан табайын деп ойладым да, қойдым. Содан мектеп бітірген соң оқуға түсе алмай, студенттікке кандидат боп Шымкентте алты ай жүрдім. Кандидатқа стипендия бермейді. Ақыры жағдайым болмай қайтып келіп, ауылдағы мектепке бастауышқа мұғалім боп орналастым. Арасында аудандық газетке мақалалар жазып тұрып, кейін сонда ауыстым. Сол кезде бірге тұратын қырықтарға келіп қалған, екі баласы бар Әлия деген апайымыз тұрмысқа шықты. Оның күйеуінің консерваторияда оқитын студент баласы бар екен. Каникулда ауылға келді. Ол кезде ұзын бұрымым бар, ауылдың әдемі қызымын. Әлгі жігіт соңымнан қалмады. Көрікті жігіт. Қолында гитара, бұтында джинсы шалбар, шашы дудырап басына сыймай тұр. Жантөриннен аумайды. Бір күні жігіттің руының Адай екенін білдім. Атамыз да, үйіндегі апасы да мені қатты ұнатты. "Ханбала" дейтін. Руын білген соң тиетінімді айттым. Дипломды алған күні шаңырақ көтеретін болдық. Дәл үйленеміз деп жүргенде әкесі қайтыс болып, біраз қиындықтарды бастан өткердік. Ақыры үйлендік. Оқуын бітірген соң оған Шымкентке жолдама берді. Содан Шымкенттен шыға алмай қалдық қой.
– Жалпы әйел адамға отбасы мен шығармашылықты қатар алып жүру оңай емес. Сіз қалай үлгердіңіз? Жұбайыңыз екеуіңіздің жолдарыңыздың екі айырылуына ақындығыңыз себеп болмады ма?
– Мен өмірдің тайқазанында әбден қайнадым. Мүмкін сол да көмек болған шығар. Егер қиыншылық көрмей, әке-шешеме ғана арқа сүйеп өскен қыз болсам, бұлай болмас еді. Кішкентайымнан өз бетімше өстім ғой. Осы маған септігін тигізді. Ешкімге салмағымды салмауға тырыстым. Тек өзіме, қайратыма сендім. Күйеуім де бастапқыда өлең жазушы еді. Кейіннен қойып кетті. Екеуміздің өлеңімізді салыстырып қарады-ау деймін. Кейіннен ән жазатын композитор болды. Бейімбет ақын болған, оның көптеген өлеңдері бар. Бірақ Ілияс «Күй» поэмасын жазғанда Бейімбет: «Поэзияға Ілияс келді. Мен прозаға кеттім», – депті. Сол айтпақшы, поэзияға мен келгеннен кейін ол композитор болып кетті. Консерваторияны бітірген. Кейде өлеңдерімді оқып, тыңдап, бағалап қалатын, кейде «Мен ақын алған жоқпын, қатын алдым» дейтін. Кейде анау-мынау іске жұмсасам: «Мен қатын емеспін», – дейтін. Көңілі түссе істейді, көңілі түспесе жауабы жаңағыдай. Сондықтан оған 100 пайыз сенім артқан емеспін. Үнемі бүгін бар, ертең жоқ адам деп қарадым. Бірақ кемшілік мен жақтан болмасын деп барынша шыдадым. 1979 жылы кітабым шығатын болып, Алматыға жол жүретін болдым. Сонда күйеуім: «Мен сені ақын етіп Алматыға жібермеймін. Мына екі балаңды бірге алып кет», – деді. Қыздарымның біреуі алтыда, екіншісі үште болатын. Алып кеттім. «Жетісу» деген қонақүйде жатып, соларды қарап түнімен ұйықтамайтынмын. Сөйтіп жүріп кітапқа жетпеген біраз өлеңді сол қонақүйде Алатаудың бауырында, алакүңгірт бөлмеде балаларға алаңдап отырып жазып шықтым. Таңертең балаларды ертіп баспаға баратынмын. Ақын ғана емес, анамын да ғой. Қалай тастайын? Сөйтіп балаларды шұбыртып жүріп ақын болдым ғой. Күйеуімнің анау-мынау артық қылығын көрсем де, ұрсыса алмайтынмын. Жайшылықта қатты айтқаныммен, жалпы алғанда ұрсысуға жоқ адаммын. Басынан сөз асырмайтын әйелдерге қызығатын да кезім болған. Күйеуіммен ұрсысып қалсақ, сөзіміз таусылып қалатын. Оның айтқанын «сен сондайсың» десе, «өзің сондайсың» деп қайталаймын. Күйіп кеткен ол: «Сені ақын дейді, өз жаныңнан бір сөз тауып айта алмайсың», – дейтін. Сондай бір жолы:
Жаман сөз де қажет жерде бағалы-ау,
Маған неге үйретпедің анам-ау? – деп жаздым. Ақыры не керек, қыздарға үйірсектігі бар еді, елу келгенде, базардағы сауданың соңында жүрген бір әйелге еріп кетті ғой. Үй бердім, көлік бердім. Кеткеніне 18 жыл болды. Дүниеге келген бір ән жоқ. Кейде осындағы өнер жанашырларына: «Нурикамалды» дүниеге әкелген композитор ғой, іздесеңдерші», – деймін. Оған әйелі жақындатпайтын көрінеді... Бір қалада тұрамыз... Аман болсын деп тілеймін...
Апайдың жанарына жас үйірілгенін байқадық... Қанша жерден ақын болса да, халқының алақанында еркелеп жүрсе де, отбасын, балаларын бәрінен биік қоятын қазақ әйелі...
Жанында болған бір күнде ақынның тағы бір қырын білдік. Ол – сканвордқұмарлығы. Жазудан бір сәт демалғанда Ханбибі апай сканворд шешуге отыра қалады екен. «Небір қиын дегеніңнің өзін әп-сәтте шешіп тастаймын», - дейді ақын.
Қайтадан кабинетке келдік. Әңгімеміздің ауаны қазіргі поэзияның жай-күйіне ауысты:
– Біздің қазақ әдебиетінің алтын қазығын қаққандар сол 70-80 жылдардағылар деп айтуға болар. Одан кейін нарықтық заманға байланысты поэзияның сөніп қалған шам сияқты кезеңдері өтті. Қараңғыда өмір сүргендей болдық. Сосын мықты ақындар шыға бастады. Жалпы поэзияның жойылып кетуі мүмкін емес қой. Жақсы өлең қазір де бар, жазылып жатыр. Бірақ аз. Менің:
Ақындардың көбі ішпейтін боп алды,
Классиктер, шедеврлер жоғалды, – деп жазғаным бар еді. Ол кездегі өлеңдердің мықты болу себебі ақындардың ішкі қуатымен байланысты шығар. Оларды идеология уақытша алдаса да, цензура болып, өлеңдері жарым-жартылай шықса да, ақын-жазушыларымыз еркін еді. Мұқағали, Жұмекендер классикалық дүниелер тудырды. Қазір қоғам өзгерді ме, адам өзгерді ме, білмеймін. Сол кездегі ақындар ойындағысын ірікпей айтатын. Әрине, кезінде екі шоқып, бір қараса, қазір төрт шоқып, бір қарайтын болды. Олардың сақтығы бірінен-бірі қорғануға әкеліп соқты. Ешқайсысы бір-біріне сыр айтпайтын, бір-бірін оқымайтын болды. Олардың бәрі жалған сөз, жалған ақпаратпен өмір сүретін сияқты. Ал мен ақындарды бір ата, бір анадан туған рухани бауырлар санаймын.
– Апай, ақындардың ортасына барып өмір сүру туралы ойлаған кездеріңіз болды ма?
– Бір кездері сондай ниет болған. Қазір ол өшті. Әдеби орта сенің өзіңе байланысты. Қазір әдеби ортадан алатын азықтың мәні, мазмұны жоқ. Әдеби орта деген – кітапхана. Отыр да, оқы да, кез келген классикпен сырласа бер.
– Осындай пікірді осы Шымкенттегі Мархабат, Нармахан ағалардан да естіп жатырмын. Бұл сөздеріңіз әдеби ортаға бара алмағаннан кейінгі өздеріңізді жұбату емес пе?
– Жоқ, бізді осыған өмірдің өзі алып келді. Ортадан мүлде тыс қалдық демейміз. Алматы мынау тұр. Астанада әдебиетшілер онша көп емес қой. Алматыдағы болғанда біз үлгі алатын ештеңе қалмағанын байқадық. Себебі, сол жерде сенделіп жүрген ақын бауырларымыздың барлығы бірін-бірі жамандайды, көре алмайды. Оларда жазудағы бәсекелестік, таза бәсекелестік жоқ.
– Ақын-жазушылардың арасы бұрын да осылай болмаушы ма еді?
– Жоқ, бұрын олай болмайтын. Бұрын жазуда бәсекелестік болатын. Сосын жағымпаз, біреудің арқасында өмір сүретін ақындарды өз іштерінде сынап, мінейтін. Ал қазір біреуді біреу сынамайды, себебі, қорқады. Біреуді сынау үшін өзіңнің артың таза болу керек қой. Сынамайды, тек сыртынан әңгіме айтады. Бұрын күншілдік деген нәрсе әртістердің арасында болушы еді. «Көш кері кетсе, ақсақ түйе керуен бастайды» дегендей, көш кері кетті. Кезінде әдемі киімді жазушылар кисе, бүгінде олардың орнын әртістер басты. Тұрмыстық жағынан алып қарағанда да олар әдемі виллаларда тұрады, бәрінің астында шетелдің қымбат көліктері, оларды асырап жатқан – халық, той. Мен оларға күншілдікпен қарап отырған жоқпын, қызығушылықпен қарап отырмын. Қоғамның бір кезеңнен екінші кезеңге байқатпай ауысатынына таңғалып отырмын. Кезінде осының бәрі қалам иелерінде еді ғой.
– Кейін шығып жатқан жас ақындардан кімдерді оқисыз?
– Ақын-жазушылардың шығармаларын баспасөзден, ғаламтордан міндетті түрде оқып отырамын. Жақсы өлеңді көргенде қуанамын. Қыздар жағы да жақсы жазып жүр. Оларды да «Жылауық өлең жазады, өмірдің сұрықсыз жақтарын жырға қосады» деп сынап жатады. Ал мен оларды кінәламаймын. Олар өмірден көргенін, білгенін жазады. Бастысы, олардың табиғилығы, шынайылығы. Бүгін махаббат туралы, біреудің алдап кеткені, біреуді жек көргені туралы жазса, енді бір 10 жылдан кейін поэзияға деген көзқарасы өзгеріп, ойлары толысып, басқа арнаға түседі, төселеді. Әсіресе, бізде ақын қыздарға өте қиын. 20 ақын болатын болса, сол 10 жылдың ішінде іріктеліп төрт-бесеуі қалады. Қалғандары табиғаттың заңы, тұрмысқа шығады, балалы болады, сонымен ақындықтың соңғы нүктесі қойылады. Сол себепті де біз ақын қыздарға аялай қарауымыз керек. Олар сирек құбылыс, оларға қолымыздан келгенше қолдау көрсетуіміз қажет. Жалпы поэзияда әйел, еркек деп бөлуге болмайды.
Өзіме Гүлнәр Салықбаеваның өлеңдері қатты ұнайды. Оның да жас ақын болып жүріп, жасамыс ақынға қарай өтіп кеткенін байқамай қалдық. Маржан Ершу деген жақсы ақын бар. Эпикалық жырлар жазады, алысқа шабатын ақын. Ол бірден поэма, эпостан бастап жүр. Сондай-ақ жақсы жазатын Танакөз Толқынқызы, Бақытгүл Бабаш, Жанар Әбсадық деген қыздарымыз бар. Батыстан Сәулеш деген ақын телефон соғып тұрады. Пікір алмасамыз. Осы Оңтүстіктен Арайлым Мұратәлиева, Раушан деген қыздар шығып жатыр. Бәрінен де үміт күтуге болады.
Ақын замандасы Темірхан Медетбек: «Сөз жоқ, Ханбибі – сой ақындарымыздың бірі, үлкен ақындарымыздың бірі. Ханбибі - арбасудың ақыны. Ханбибі - бал мен удың, қайғы мен қуаныштың, жамандық пен жақсылықтың, биік пен төменнің, жасық пен батырдың бір-бірімен ұстасатын, қилы кезеңдердің қатерлі сәтіндегі құбылыстарды ұстап алатын, мұз бен шуақтың ортасында жүретін, бір жағы мұп-мұздай, бір жағы жып-жылы болып тұратын қуатты ақын», – деп баға берген ақын апамыздың үйінен кешкі алтыларға қарай қайтып бара жаттық. «Бір күніңізді түсірейікші» дегенде, «Зейнеткердің бір күнінде не қызық болуы мүмкін?» деп өжет мінезімен бетімізді бір қайтарып алып, кейін қайта бауырына тартқан ақынның нәп-нәзік жүректің иесі екенін танып қайтқан едік, бұл жолы. Темірхан аға айтпақшы, Ханбибі Есенқарақызының болмысында өрлік пен нәзіктік, қаталдық пен жұмсақтық, бәрі-бәрі қарама-қайшы түрде астасып жатқандай...
27.04.2017
Суреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ