Ынтымақ Сәдуов: «Қара түнде хат жазамын Тәңірге...»

ӘДЕБИЕТ
2278

Ынтымақ СәдуовЫнтымақ Сәдуов

Ынтымақ Сәдуов, ақын һәм сыншы. 1972 Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданында дүниеге келген. Іле Педагогика университетінің Филология факультетін тамамдаған. Шинжяң Жазушылар қоғамының,Шинжяң Фолклоршылар қоғамының мүшесі. «Қорамсақ», «Аспанға ән жалғадым», «Жанымды мың бұрадым» қатарлы жыр жинақтарының авторы. «Ерте келген көктем», «Жүзден жүйрік», «Қарағай бастау», «ⅩⅩ ғасыр әдебиет қамбасы», «Қазақ қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» қатарлы оннан астам жинақтарға өлеңдері мен мақалалары кіргізілген. Қазақстанда жарық көрген «Күңгрт от» таңдамалы өлеңдер жинағында бір топ өлеңі енген. Елуден астам әдеби сын, зерттеу мақалалары жарық көрген. Өлеңдері қытай тіліне аударылған.


Құмырысқаны тас басып

Тастан аққан тамшыға    
Маңдайымды,таңдайымды төседім.
Әжем айтты: тамшы дайым тамған жерін теседі,
Берді сосын жеті атамнан мұра болған кесені.

Тастан құлап бытырады тамшы кіл,
Толастады маңымдағы бар тықыр.
Кенеземді сәл жібітіп алмасам,
Тірлігімнен алжасам... 
«Қатқан көнді» жібітуге талпыну,
Жарамайды болмаса! 

Сезімдермен сығаладым із қалды,
Әттең өмір сылаңдайсың қыз жанды. 
Менің тамшы татқанымды ол көрді,
Ол көрді де қызғанды...

Содан бері талай шөлді өткердім,
Қаңысыдым,өзегіме от көмдім...
Тамшыны да,тамшы тамған тасты да, 
Қиялыма бөктердім!?

Содан бері сол араға бармадым,
Сонда қалды қызыл көзді «ардағым».
Жортып келем кірпігіме мұз қатып,
Жанарымнан тамшылар да жүр қашып... 

Өркеш,өркеш ағындарды арқалап,
Жон терім де кетті білем қанталап.
Қызғанышқа қарғысымды оқтадым,
Тамшы болып бытырады оттарым!!!

Тасты жарған бұтаққа,
Табанымды,маңдайымды төседім.
Тікені мол құшақта,
Ұйықтап жаттым неше түн...

Болды ұйқымды,маңайымнан үкі ұшып,
Құмар ойнап,түнмен жүрген ұтысып.
Бұл маңды да мекендеуден безіндім,
Безіндім де топыраққа көмілдім...

Тыныштықтан талай дәме кетті өліп,
Мен отырмен еркіндіктен дес кеміп.
Адамдарға ақтық рет тіл қаттым,
Деп айтыңдар «Еркіндыгім қымбаттым!»

Ой кешемін содан бері сан түрлі,
(Деме біздің қызғанышқа балта ұрды.)
Көз алдымда өліп кетті құмырысқа,
Денесіндей көтере алмай алтынды!?

Көкек. 1993 ж. 

* * * *

Тәңірді де қарғадым,адамды да,
Шанағынан тұрғанда еркім асып.
Жарқанатпен бір ұшып қараңғыда,
Жарықтармен келемін қарсыласып.          

Ғашығымдай сезіліп құша алмаған, 
Қызыл нұрлы күн кетті таудан құлап.
Дидарымды беймезгіл сұсы арбаған,
Үміттерім сәбидей қалған жылап. 

Осып өтсе жаныңды қамшы қайғы,
Жасап берем,жаным-ау,өлмесем ем.
Жанарымнан қанды жас тамшылайды,
Мен әуелі өзім деп елге сенем.

Ойларымды айта алмай ала бөтен,
Өтіп барам көбіне өткпелі боп.
Боз тұлпарға оқ тиген жаралы екен,
Атам отыр қылышы,шекпені жоқ...

Мезгілінсіз жанымды осыпты алаң,
(Маздатамын намыстың отын қайтып?)
Бабам туғам өлкеге көшіп барам,
Қолда баққан иттерге қосымды артып.

29 қараша 1995 ж.

Қорқыттың көрі 

Даланы мұжып арпалыс ұран,аттандар,
Күңіреніп күйлер тауларға тарап жатқанда ...
Жолаушы тағдыр ...жолаушы арман жетелеп,
Қанаты торды талқандап... бұлдыр елеске батқанда...
Ерменнің иісі кеңсірік жарып,
Қалақай,тікен тірсекті шағып,
Жұлдыздар жерге аққанда,
Ғаламат екен бабалар өткен кешегі
«Қорқыттың көрі» қазылып бопты деседі!
Бұлбұлдар әнін тоқтатып,сауысқан жырға басқанда,
Қызуы шығып,түтіні тарап оттар да...
Толқын да көкке көбін шашқан тоқтауда...
Бір ғұмыр өзін сыбызғы үнмен жоқтауда...
Бағытын бұрған бұйрықсыз атқан оқтар да,
Дүние бірақ құшағын соған ашқанда,
«Қорқыттың көрі» қазылып бопты о,тәубә!?

 * * *

Бәрін де қиып,бәрін де бүгін ұмыттым,
Жуаның гүлін,жусанның бүрін жиып мың,
Алдыңа әкеп үйіппін...
Даланың өңін қорғауға дәт жоқ сүйіктім...
Күйкі тірліктен Қорқыттан өтер бұйықтым.
Қазулы көрді көзімен көрсе жақсы екен,
Көре алмай барін ішінде тұрмын тұйықтың... 

 * * *

Келемін жалғыз... жалғыз мен баққа сан бардым,
Қызығын көрдім құшағы ашық жандардың.
Келемін жалғыз ... «Қорқыттың көрін» көрмедім,
Келемін жалғыз... өзіме өмір таңдаймын,
Бәрі де елес,елес боп қалған жан қайғым!

 * * *

Білмедім анық «Қорқыттың көрін» кім қазды,
Несіне олар тірлікті одан қызғанды?!
Несіне олар қорқыттың күйін тыңдайды,
Несіне олар қорқыт өлгенде мұңданды?

Кірпігі қатып,жаны үшін қиып ұйқыны,
Атанған еды соңғыға сорлы күйші ұлы...
Көмілмей көрге өзіне арнап қазылған
Қалу деген де күлкілі...

«Қорқыттың көрі» табытсыз қалған сан жерде,
Халық шығармыз кішкене жүрек,тар кеуде!
Аңырап жатса,табытсыз мола,күй боздап,
Тағы да онда жетеміз мүрде бар деуге!
Халықпыз рас,моладан ары тар кеуде! 

 * * *

«Қорқыттың көрі» секілді менің қайғым бар,
«Қорқыттың көрі» секілді менің алдым жар.
«Қорқыттың көрі» секілді менің бақытым,
«Қорқыттың көрі» кездесе берсін алдымнан.

Сумақы тірлік ұстатып маған асасын, 
Бұралқыларды деп қалам кейде жасасын.
Бүгін де,қалқам,қазулы көрлер көп ... бірақ,
Қорқыт тумады желмаясымен қашатын... 

 * * *

Қорқыт туады... туғанын көрмей келеміз,
Мықтылық үшін бас имей кеттік неге біз. 
Қорқытқа құшақ ашқанмен күллі табиғат,
Біз деген досым ит ұясында өлеміз!
... Қанаты талған қыран құс құздан құлады,
«Қорқытттың көрі» қазақ біткеннің қялы.
«Қорқыттың көрі» бақыт пен сордың тұрағы,
«Қорқыттың көрі» қайғылы жанның ұраны,
Дүниеден мынау қазақтар өшіп кеткенше,
«Қорқыттың көрі» мүрдесіз солай тұрады.
 
Желтоқсан. 1993 ж.

Елес сезім

Қара түн,қара мола.
Екеуі тіршіліктен дара жол,ә ...
Біз барып ақ толқынға көмілгенде,
Қалқиып қалып қойды жағада олар...

Қара түн, қара мола.
Қыршынынан қиылған нала,жала.
Табыттың орнына жаққан шырақ,
Шырақты паналаған қара бала...

Қара түн,қара мола,қара бала.
(Ақ жамылып шықпайды далаға ана!?)
Сен көрдің,мен де көрдім,жылап тұрмыз,
Тіршілік осы ма еді болар пана?!

Қара түн,қара мола басып ерік,
Қара дауыс,жүректі басып едік.
Көзімнің нұр шанағын кетті жұлып,
Баланың оқ боп тиіп жасы келіп...

... Бұл менің әр кез көрер түсім еді,
Қара мола әкемнің мүсіні өзі...
Қара бала кім еді ол,танымадым
Қара түннің теңесем күшіне бір!!!

28 желтоқсан. 1993 ж.

***

Қара түнде хат жазамын Тәңірге,
Қарап тұрмай қамшы үйірген әмірге!
Шындық үшін тас жұтады батырлар,
Осалдар бар жанын қяр жәбірге . 

Тіл бітсе егер тілсіз жатқан ғаламға,
Заман — қазан суға айналар бәрі онда .
Арулардың маңдайынан оқ тисе,
Басыңдағы ауырлатар алаңды ә!

Тұлпар біткен арықтаса қамшыдан,
Отқа түсер бойыңдағы бар шыдам .
Көкбөріні көп көремін түсімде,
Жол бастаған көзінде ойнап тамшы қан. 

Итке еркелеп жолын берген арыстан,
(Соны көрсең у ішесің намыстан.)
Желмаяның өркешінде ойнайды,
Ертелі-кеш ала қанат сауысқан.

Тас құласа,тау болады жаралы,
Өлім — көмбе, тіршіліктің аяғы.
Түнді ұзатып,таңды ойатқан азанға,
Пері қызы ақ қанатын жаяды.

Тіршіліктің қиқу-қиқу бәрі заң,
(Періште де айтады екен зарыға ән.)
Ұзайды адам тірлігінен көз көрім, 
Қуат алып бөліп жеген тарыдан. 

Шашын жайып түсіме енді Хауана,
Дүние — жау,жан мен тәнің садаға! 
Он сегіз мың ғалам сырлы қайшылық,
Қанатымнан қан тамып тұр, жан аға!
... ... ................................... 
Уақыт озып,ай бетінде гүл өнер,
Сонда нағыз ер қадырын біледі ел .
Тоқтамайды мекеніңнен жылқы үркіп,
Ата аруағы орныңнан түрегел!

Тамыз. 1999ж.

Айға ұя салған құстарым 

Недеген ғажап,аңсаулар,
Недеген азап,шаршау бар.
Айға ұйа салған құстарым,
Құшағым ашық,қонсаңдар.

Недеген ғажап,сағыныш,
Құстарым күнге алып ұш.
Бұлақ жыр — мөлдір ақ ботам,
Мейірің қансын,тағы да іш.

Шуағыңды шаш,ақ ботам,
Болса да жылу отқа тан.
Періштені ұтар жолыңды,
Ұмытып қалма ешқашан. 

Тәубесін келтір тастардың,
Бейіштің үнін жастанғын.
Қанатыңменен ақ құсым,
Жыртығын жама аспанның.


Недеген ғажап,құштарлық,
Айғыр жал отқа түс қарғып .
Күнге іліп қойам – нұр шашсын,
Тіршілік дейтін мыс сандық ...!


Недеген ғажап,аңсаулар,
Недеген азап,шаршаулар .
Айға ұйа салған құстарым,
Құшағым ашық қонсаңдар!

2006 ж.

Тас арыстан 

Қайда кеткен күрілі,қайда кеткен айбары,
Ашықса да байсалды,ашуы жоқ жайдары.
Маймыл ұстап құйрығын,тышқан тістеп құлағын,
Арыстанның халы осы —
Аянышты ... жыладым...

Түлкілер де назданып,құшақтайды мойынын,
Ұлылықтың құлауы— осалдықтың ойыны .
Жеті тектен жоғалған итке біткен салымы 
Арыстанның төсіне қанден келіп сарыды...

Рухы өлді ... тәні өлді,бұйырыпты екі өлім,
Осыны ойлап,от ұрттап,ұйықтамадым неше күн ...
Қолдан жасап орнатқан арыстанды көрген ұл,
Ұмытады күні ертең шын тектінің не екенін?

... Мен ойлаймын әр минут,тектілерді мүсіндеу,
Қадырлеуге жатпайды,
 қасиетін түсінбеу .
Шыбын дағы қорлайды тасқа айналған мықтыны,
Сосын дағы көргім жоқ, 
Өңім тұр ғой түсімде .
Жылан жосқан далада,
Тышқанда бар ығысу,
Торғайда жоқ пыр ұшу.
Тастан ойған арыстан —
Қянаты адамның,
Алданышы заманның!

Тамыз 2005 ж.


***
Сеніміңе тең келмес,
Тау көтерер нар күші.
Ұша алмаған құстардың,
Қанатында қайғысы .

Озатұғын тұлпардың,
Сезу үшін жан-күйін.
Шоқтығына байланып,
Кірпігінде қалғиын.

Уақыт өткір ақ алмас,
Ақиқатқа жол таңдар .
Мықты аталып оңалмас,
Шабақ жұтқан шортандар .
Сенімдермен емделіп,
Алаң қуып жанымнан .
Қара тауға ел қонып,
Қара қосқа табынғам!

Айдан сауып ақ нұрды,
Қараша үйге жақтым от.
Сәбиімді мәз қылдым, 
Мәз жанына бақ тілеп.

О,аруақты ел ұялым,
Қалғи берсін қара түн .
Кетілмесін тұяғың,
Қайырылмасын қанатың!

Қызыр тосар жолыңнан,
Гүл ұсынар перілер.
Батыр жортқан жоныңнан,
Азаймасын бөрілер. 

Көтергенде нар уақыт,
Басын иген жол асау.
Тектілерге толғатып,
Жатыр біздің қара тау. 

Сеніміңе жалғассын,
Тау көтерер нар күші!
Қанаты жоқ құстардың,
Жырланбайды қайғысы!

Желтоқсан 2004 ж.

***
Өлімді көрдім.
Көк көйлек киген қыз екен,
Қасына барғым келгені,шіркін,шақыртпай ...
Жарқанат өмір қызғаныш қанын ұрттаған 
Қарашығымды қағып түсірді жаһұттай!

Жанарым өшті . құладым қара бояуға,
(Білемін жетпес,тірінің дәті аяуға?!)
Селт ете қалдым.
 жылаған қыздың дауысы 
Шырылдап ұшып жүргендей болды таяуда.

Адыра қалды,айран сәулесін сепкен күн,
Желегін жапты,желбіреп туы жеткен мұң!
Атаңа нәлет!
 Құдайға барып айтыңдар ,
Өмір мен өлім екеуіңді де жек көрдім!

Шілде 2008 ж. 

*** 
Аспаннан тамған қызыл нұр,
Қызғаныштарын сызып жүр.
Дәндеген қызыл мысықтар 
Қанменен бетін жуып жүр.

― Жанарын кім ол оқтаған 
Жауықпа,оған,
Кеш,балам!
Бесігін тастап қайраңға 
Есігін әлі ашпаған...


Халы сол... солай... шошынар 
От өріп кеткен қосына!?
Арбаған қызыл көбелек 
Жан емес олар есі бар...
 
...Таусылар бір күн тәубәлар,
Қосады емші қанға бал!
Бейішке алып қашады,
Жегілген итке арбалар!

Үміт туады там-тұмдап,
Қабырға көмген алтыннан ...
Барады көңіл салқындап 
Атадан қалған салтыңнан! 

Қуаныштарын егіз ғып,
Батырлықтарын сегіз ғып.
Арыстан мінген мықтыға 
Маймылдың миын жегіздік!

***

Өлгенде батыр серт еткен,
Ажалға байлап нар басын!
Сүртер деп әжем ертекпен,
Жылаған таудың көз жасын!

Ол заман кеткен баяғы
Әуенін жылдың өшіріп.
Періште айға таяды
Тәңірдің қосын көшіріп...

Әуенім әннен талықты
Аспанға қарап әрлі мың!
Күн қызы орап алыпты 
Әжемнің аппақ жаулығын!

Бұл қандай қайғы?
Қайталау
Жоқтау жыр айтып талды үнім...
Көз бойап жүрген бейшара 
Әжемнің қайтар жаулығын!!! 

Жалаңбас әже,зар үнді
Дудыратып ап ақ шашын...
Елжірете алмас Тәңірді
Бейіштің қақса қақпасын!!! 

Күн қызы берші,жалынам
Әжемнен қалар асылды!!! 
Тұншықтырмашы зарына
Берейін кесіп басымды!

Келеді күрең кеш кіріп
Күн жақтан күлкі естіліп...
«Жаулыққа жаным түюлі»
Жаулықта ғана тектілік...

Тәңірге батыр серт еткен...
Әкеден бала озбасын
Содан ба қазыр ертекпен
Сүртпейміз таудың көз жасын!!!
 
27 қараша 2014 ж. 

***
Шаршатып,шамырқантып мазамды үзді,
Өкпесі бар секілді маған күздің.
Су шашты көңілімнің жанарына,
Жапырақ кесесімен «жаман қыздың»

Далаға қаталдықтың қанын құиып,
Уақыт жаз перінің жанын қиды.
Жарысып болашақпен таңды оятқан,
Білмеймін тербетеді әнің кімді?

Үмітім бұтағынан құлап түсіп,
Қанатын қара түннің жылап құшты.
Періштем әр таң сайын ұшырады
Басыма жыр сыйлаған гүл― ақ құсты!!!

Көзіңе бояу жаққан атырапта,
Сан ғұмыр қол бұлғайды жапыраққа...
Тәңірдің арбауына түспеуді ойлап
Жанымды түйіп қойдым топыраққа!!
author

Ынтымақ Сәдуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...