Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әдебиеттанушы-ғалым, академик Серік Қирабаевпен (суретте) сұхбат&ndash...
Жас авторлардың әңгімелер жинағы жарыққа шықты
Өткен жексенбі күні American Space Almaty әлеуметтік алаңында «Екі жан» әңгімелер жинағының тұсауы кесілді. Кітапқа Жастар Әдебиеті Шеберханасында жазылған үздік туындылар енген, соның ішінде детективті, мистикалық, фантастикалық, психологиялық әңгімелер және ертегілер. Шеберхана 16-20 жас аралығындағы прозашыларға арналған, биыл екінші рет қазақ тілінде өткізілді. Бұл Алматылық ашық әдебиет мектебі (ААӘМ), «Шеврон» компаниясы және American Space әлеуметтік алаңының бірлескен жобасы.
Екі ай бойы шеберхананың жұмысына қатысып, жас авторлар жазушылық шеберліктің негізгі дағдыларын меңгерді. Шағын прозаның жанрларымен, композиция түрлерімен, стильдік тәсілдермен танысып, бір-бірінің жұмыстарын талдап, қазіргі әдебиет үрдістерін талқылап, танымал қазақ жазушыларымен кездесті.
Шеберхананың жетекшісі және жинақтың редакторы Мерей Қосын: «Меніңше, қазақ әдебиеті біраз уақытқа үнсіз қалды. Бірақ біздің қазіргі қоғам және уақыт өзіндік дауысы бар тұлғаларды дайындап жатыр. Шеберханада жас жазушылармен жұмыс істеу барысында мен осыны анық түсіндім», – деп өз пікірін білдірді. Жас қаламгер Сабина Игілік жобаның нәтижелілігін осылай бағалады: «Шеберхана маған көп нәрсені үйретті деп айта аламын. Атап айтсам, идеясы айқын, оқиғасы қызықты көркем шығармаларды жазудың, детальдарға мән берудің қажеттілігін түсіндім. Шеберханаға келгенге дейін көбінесе қазақ әдебиетін оқитын едім, ал қазір шетел авторларының шығармаларымен танысып, жан-жақты ізденіп жүрмін».
Келесі жылы Жастар Әдебиеті Шеберханасы өз жұмысын жалғастырады. Әдеби байқаудың жеңімпаздары анықталып, шеберханасында білім ала алады.
фото: Әсел Тян-Жаманқұлова
Дина Махметова