Аспан денелері мен ғарышқа деген құштарлық әдебиеттегі фантастика жанрының пайда болуына себепші бол...
Жазушы Есбол Нұрахмет: Бізге өзгеріс керек
– Есбол, «Таусылмас түн» кітабың жарық көріп жатыр, құтты болсын! Қазіргі жазушының қызметі үш бағыттан тұратыны байқалады: кітапты жазу, шығару және сату. Сен қазір соның үшінші сатысында сияқтысың, кітап қалай өтіп жатыр?
– Бұны «жабайы кітап саудасы» деген дұрыс шығар. Негізінде жазушы тек жазумен айналысуы керек еді, бірақ амал жоқ, өзіміз жарнамалап, өзіміз сатуға тура келеді. Шын мәнінде «менің кітабым керемет, сатып алыңыз» деп жазушының өз кітабын өзі жарнамалап, мақтауы өте қиын. Жарнама ойлаған деңгейде болмайды деген сөз. Бір жағынан тәжірибесіздік те бар, оның үстіне биылғы пандемия жағдайы бар, кітап баяу өтіп жатыр. Кітаптарымыздың өтпеуі – оның оқылмай жатуынан шығар деп ойлаймын. Биылғы жағдайдағы кітаптың оқылмауының өз себептері бар, әсіресе елдегі пандемия жағдайы адамдардың назарын кітапқа аудартпай тұр.
– Осы сұрақты өрбіте түссек: сату тәжірибеңнен қандай пайым жасадың, «кітапты ешкім сатып алмайды» деген стереотиптің күні өтіп пе, жоқ әлде әлі тірі ме екен?
– Кітап өтеді. Өзім де кітапты тек сатып алатын оқырманның бірімін. Ең бастысы, талғамға сай кітап ұсына білу керек. Соның ішінде бүгінгі оқырман әдеби кітаптар арасынан махаббат тақырыбы мен фентези жанрларын көбірек ұнататын болса керек. Сосын балалар әдебиеті жақсы өтеді. Кітапқа құмарлық біздің елде енді оянып келе жатыр. Кітаптың сатылып, оқылуы үшін елде кітап нарығы жолға қойылуы тиіс. Ең бастысы қазақ тілді оқырманның әлеуметтік жағдайы қатты керемет деп айта алмаймын. Мысалы, қалталы оқырман өзіне ұнайтын автордың кітабын бүкіл шығармасын оқып алған болса да, сатып алып сөресіне қойып қояды. Ал кедей студент тамсана бір қарап өте беруі мүмкін.
Жақсы, сонымен, жазу және кітап маркетингімен айналысатын «әмбебап жазушылық» туралы түйінді пікірің қандай?
Жалпы, кез келген заттың заводта жасалуы, одан кейінгі жарнамасы мен супермаркеттерге дейін жетуі – тек бір адамның немесе бір компанияның жұмысы емес екені баршамызға анық қой. Кітап та солай болуы керек. Дамыған шетелдерде кітап нарығы тура солай жолға қойылған. Әдеби агенттіктер мен баспалар ынтымақтаса жұмыс істеп, автордың таланты мен кітап сапасының дұрыс болуын жіті назарда ұстайды. Себебі оларға түсетін табыс тікелей кітап өтімділігіне байланысты. Бізде осындай үлкен үш процесті бір-ақ адам – автордың өзі атқарып отыр, сондықтан жұмыс тым баяу жүреді. Жазушы тек жазумен, әдеби агенттер баспамен келісіп, автордың қаламақысын шығарып берумен, баспалар оқылатын, жақсы кітаптар сатумен айналысса – бұл тізбекте кем дегенде үш адамға жұмыс орыны ашылып тұр. Жұмыс та жылдамырақ, әрі сапалы жүрер еді. Шынымды айтсам, «әмбебап жазушы» деген нәрсе өзіме ұнаған жоқ.
– Шет тілдерге аударылу жоспарда бар ма? Қай тілдерге аударылғың келеді?
– Ойда бар, нақты жоспарға енгізбедім. Аударылған жағдайда тек өзімді ғана емес, қатарлас жастарды бірге аударып, топпен ұсынған дұрыс деп есептеймін. Бірі ұнамаса, бірі ұнайды. Бұл біздің әдебиеттің шетел нарығына шығуына жол ашар еді. Ең әуелі, орыс тіліне, қытай тіліне және түрік тіліне аударылу керек деп ойлаймын. Себебі, осы үш кеңістікте тынысымыз жақсы ашылуы мүмкін. Ағылшын тіліне аударылуға осы үш кеңістікте белгілі орынға қол жеткізген соң барып қана қадам басқан дұрыс шығар деп ойлаймын.
– Кітабың қолыма тиді, бірнеше әңгімелеріңді оқыдым. Қысқа, астарлы жазасың. «Табақ бет, таңқы танаудағы» тұспал ойды «бір өзгермейтін жүйеден» шаршағандық деп қабылдауымызға бола ма? Оған қосарым, әр шығармадағы шешім маңызды ғой: соң жағында «айна тәсілін» қолданасың, мұны шарасыздық, көндігу ишарасы деп қабылдасақ, жалпы жағдайымыз соншалықты үмітсіз болғаны ма?
– Оқыған шығарманы қалай қабылдау – оқырманның жеке шаруасы. Мен оған араласқым келмейді. Араласу ақыл айту болады. Жағдайымыз үмітсіз дегеннен көрі, қатерлі деген дұрыс шығар. Үміт ешқашан өлмеуі керек.
– «Журналист, молда, киллер, және жезөкше» новелласында да көлеңкелі қоғамның алапес дақтары айқын көрініп тұр. Тағдыр дөңгелегін айналдырған көзге көрінбейтін күштерге қарсы шыққан шындық-журналисті киллер-зұлымдық бір оқпен қағып түседі, молда-шүкіршілік қарсылық көрсетпейді, ал бұл жердегі жезөкшенің интерпретациясын санамалап жату артық деп ойлаймын, қазіргі қоғамда сөздің де, әрекеттің де жезөкшелері толып жүр ғой. Новеллада көрінетін үлкен күш – ақша, сол ақша жайлы не айтасың? Шынымен, қоғам ақшаның құлы болып кете бере ме?
– Капиталистік қоғамда ең басты мотиватор ақша екені жасырын емес. Ақшаға құмарлық ең алдымен аштық қорқынышынан басталса керек. Тағы айтарым, шығарманы қалай түсіну – оқырманның жеке шаруасы. Маған оқырманымның ойланғаны ұнайды. Мен айта алмаған нәрсені, ақылым жетпеген нәрсені өресі биік оқырман ойлану арқылы өзі тауып алуы әбден мүмкін.
– Он жылдан кейін бізді не күтіп тұр?
– Қиын сұрақ екен. Көріпкел болсам тәп-тәуір бірдеңе айтар едім. Ең бастысы, қазіргі бетімізбен ештеңе күтіп тұрмағанын сезем. Бізге өзгеріс керек, тұтас ел болып басқаша ойлай бастауымыз керек.
– Қазір жаппай бетперде киюімізден астарлы мағына көресің бе?
– Сұрап отырғаныңыз – күнделікті аузы-мұрнымызды қалқалап жүрген бетперде болса, себебі түсінікті ғой. Ал тереңдей қарасақ, бетперде кию – мәдениетті қоғамның салтына баяғыда айналған нәрсе ғой. Өтірік күлу, өтірік қуану, бірге қайғырған болу, бірге жылаған болу – әлеумет үшін өзара қарым-қатынастың «биік өлшемі». Егер шын сезіміңмен өмір сүрсең, Камюдің «Бөгдесі» секілді қоғамнан аласталып кетуің ғажап емес. Бірақ адамдар жаппай шын сезімін көрсетіп, шынайы өмір сүретін күн де болатын шығар. Ол кезде «бұл жұрт тәрбиеден жұрдай» деп мұңаюымыз да мүмкін.
– Күнделік жазасың ба?
– Бала кезде көп жазатынмын. Мектеп оқып жүргенде жазған күнделіктерім бірнеше дәптер болған. Кейін сирек жазатын болдым.
– Неге сенесің?
– Әуелі өзіме, еңбегіме сенем. Кейде өзіме де сенбей қалатын кездерім бар. Себебі, тәжірибем мен білімім жеткіліксіз. Көп ізденіс керек.
– Алдағы жоспарың қандай?
– Жоспар аз, арман көп. Мүмкіндік болса роман жазуды ойластырып жүрмін. Адамзат болашағына қатысты өз қиялым. Антиутопиялық, фантастика мен философияға құрылған бір шағын романның жобасы бар іште.
– Мағыналы сұхбатың үшін рахмет, Есбол!
Әңгімелескен Анар Кабдуллина