«Өнер білім бар жұрттар,Тастан сарай салғызды.Айшылық алыс жерлерден,Жылдам хабар алғызды&raqu...
Айбек Таңатбаев: «Қалыптасқан жағдайға бей-жай қарай алмадым»
Фотосурет ұсынылды
Биыл Қостанай облысының оңтүстік өңіріндегі Арқалық қаласы мен Аманкелді, Жангелдин аудандарына қарасты бірнеше ауыл мен қыстақтарды бір күннің ішінде су басты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қайрат танытқан жергілікті еріктілер күн-түн демей қызмет етті.
Сол кезде облыс орталығындағы, өзге елді-мекендердегі жұмысын тастап, су басып жатқан туған жеріне көмекке ұмтылғандардың қатары күннен күнге артты. Тасқын су басып жатыр дегенді естіп, басшыларынан сұранып, кіндік қаны тамған ауылына аттанған жанашыр жандардың бірі – Айбек Таңатбаев.
«27-ші наурыз күні күтпеген жерден қар суы мен тасқын су бірігіп, аудан орталығы Аманкелді кентін су басты. Бірнеше үйлер су астында қалды. Сол күні кешкі уақытта Қостанайда жұмыспен жүрген едім. Ауылдан Фархад Нұрланұлы есімді досым хабарласып, аудан орталығындағы жағдайдың ушығып жатқанын айтты. Қапшықтар да жоқ екен, «жетпей жатыр, су бөгеу үшін үй-үйлерден теріп жүрміз» дегенді естіп, қалыптасқан жағдайға бей-жай қарай алмадым. Өзімнің жұмыс жасайтын Қоғамдық келісім ұжымындағы басшым Наталья Рамазановаға айтып едім, ол кісі бірден көмек қолын созып, Этномәдени бірлестік өкілдерінің WhatsApp чатына жазды. Табиғат апатында ұлтқа бөлінбеген ҚХА мүшелері бірден қаражат жинап, үлкен қолдау білдірді. Біз бір мыңнан астам қапшық, инертті заттарды алып, Аманкелдіге жол тартты. Ауданға түнгі 12-де жеттік. Міне, осы күні қарқын сумен күресіп жатқан ауылдықтарға алғашқы көмек көрсету басталды», – деп еске алды Айбек Таңатбаев.
Сол түні алғашқы жедел штаб жұмысы аудан әкімі Талғат Қарбозовтың басшылығымен өтті. Бастысы адам шығынына жол бермеу еді.
Осыдан екі жыл бұрын Әулиекөл ауданында өрт болғанда жастармен бірге гуманитарлық штабта 7 күн, 7 түн қызмет жасаған Айбектің волонтерлік салада 10 жылдық тәжірибесі бар. Сондықтан ол аудан әкімі Талғат Қарбозовқа кіріп, жедел түрде гуманитарлық штаб ашу туралы ұсыныс жасады. Міне, осылайша белсенділік танытқан бауырымыз Аманкелді ауданындағы волонтерлер штабының басшысы қызметіне бірден кірісіп кетті.
«Амангелді ауданындағы төтенше жағдайға байланысты белсенді жастар волонтерлік мобильдік топ құрып, су тасқынынан жапа шеккендерге көмекке келді. Сол кезде 400-ден аса ерікті жұмыс жасадық. Волонтерлер штабы аудандық орталық кітапхананың ғимаратында орналасқан. Бірінші мобильдік топ Абай, С.Сейфуллин, М.Дулатов көшелеріндегі тұрғындарға, Есір, Қарасу, Қабырға, Байғабыл ауылдарына көмек көрсетті. Екінші мобильдік топ эвакуацияланған тұрғындарға 250 адамдық мешіт асханасында ыстық тамақ, құрт көже, бауырсақ пісіріп жатты. Сонымен қатар эвакуацияланған тұрғындарға екі «Газель» көлігімен Қостанайдан келген резеңке етік, шұлық, күртешелер таратылды. Екі миллион теңгеге жуық қаражатқа Астана қаласынан гуманитарлық көмек келді, оның ішінде эвакуацияланған тұрғындарға керекті матрас, төсек-орын, инертті құралдар, күрек, қапшық, шам сияқты аса қажетті заттар болды. Ал үшінші мобильді топ Қостанай – Амангелді, Астана – Амангелді бағытындағы гуманитарлық көмектерді тасымалдап жүрді. Оған қоса, жүргізуші жігіттер эвакуацияланған тұрғындарды тікұшақтан қарсы алып, арнайы дайындалған орындарға орналастырды», – дейді аудандық волонтерлер штабының басшысы.
Айта кету керек, Аманкелді ауданында эвакуация жұмыстарына құзырлы органдармен бірге жергілікті жастар иық тіресе белсене атсалысты. Еріктілердің қатарында жетпістен асқан ата-әжелер де жүрген көрінеді. Ел басына күн туғанда ешкім үйде отырып қалмады. Бәрі де қолдан келген көмекті көрсетті.
Айбек Таңатбаевтың айтуынша, су тасқыны кезінде олар штаб жұмысының 4 бағытын айқындап алды. Біріншіден, ауыл азаматтарынан құрылған қол күші судың алдын бөгеу жұмыстарына кірісті. Екіншіден, еңбек адамдары механизаторлар мен тракторшылар, ауыр жүк көлігінің жүргізушілері бірігіп, техника күшімен құм, күл төкті.
«Қыздар, әпкелеріміз, апаларымыз ыстық тамақ, көже, шай ұйымдастырып, эвакуацияланған тұрғындарды, алыстан гуманитарлық көмек әкелген жүргізушілерді, құтқарушыларды тамақтандырып отырды. Төртінші бағыт бойынша гуманитарлық көмек ретінде келген азық-түлік, ыстық тамақ, киім-кешек, аяқ-киім, қаптар мен құрал-саймандарды сұрыптап, елге шұғыл таратып отырдық. Біздің қатарымыз бірден көбейіп кетті.
Волонтерлерді жас, кәрі деп бөлуге болмайды, қатарымызда жас та, кәрі де жүрді. Мысалы, 74 жастағы бір әжеміз күн сайын ыстық көжесін қайнатып, бауырсағын пісіріп, далада жұмыс істеп жатқандарға таратты. Мектепті су басып жатқанда оны бөгеуге қаншама жігіттер атсалысты. Солардың еңбегінің арқасында алтын ұя мектебімізді аман алып қалдық. Сол азаматтарға деген алғысым шексіз», – деген лебізін білдірген Айбек Таңатбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары барысында кездесуінен алған әсерімен де бөлісті.
Мемлекет басшысының қиын-қыстау кезеңде істің басынан, көптің қасынан табылған ерікті жастарға ерекше риза екені байқалды.
«Аманкелді ауданында ресми түрде тіркелген 394 волонтер жұмыс істеді. Қазір жағдай дұрысталған соң, гуманитарлық штабта 30 волонтер қалды. Жүк келген кезде түсіріп, сұрыптап, елге тарату үшін тағы 20 волонтер шақырамыз», – дейді Амангелді ауданындағы волонтерлер штабының басшысы Айбек Таңатбаев.
Қостанай облысының ұйымшылдық көрсеткен еріктілері қиналған кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, патриоттық сезімдерін сөзбен емес, іспен дәлелделі десек, артық айтқанымыз емес.
Ел басшысы атап өткендей, еріктілер өздерінің игі істерінің арқасында қоғамның дамуына елеулі үлес қосуда. Мейірімділік – қазақ халқына тән қасиет. Біздің халық әрқашан қиындыққа тап болғандарға көмек қолын созды. Қиын сәтте адамдар қиын жағдайдан шығудың жолын тапты.
Табиғи апатқа байланысты қиын жағдайға тап болған мұқтаж жандарға әлі күнге дейін көмек көрсетілуде. Бүгін ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері облыстың оңтүстік өңірінде тұратын Айман Казоваға баспана сатып алды. Оның Арқалық қаласының маңында орналасқан үйін қалпына келтіру мүмкін болмады. Міне, Алланың қалауымен, жанашыр жандардың қолдауымен жалғызбасты төрт баланың анасы үйлі болды.
«Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек. Осындай бірлік пен татулықтың арқасында кез-келген қиындықты жеңеміз. Халқымыз қай заманнан да татулықты ту етіп келеді. Тату, ұйымшыл еріктілер де, белсенді азаматтар мен жергілікті билік те бүгінгі күні әлде де қызмет жасап жүр. Айбек Таңатбаев сөзіне қарағанда, су тасқыны салдарын жою барысында үй аулаларын, қора қопыстарын көшелерді абаттандыру жұмыстарына белсене қатысып жүр.
«Еріктілер тобы әр сала мамандарының басын қосты. Бүгінде өздері біріне бауыр, біріне қарындас болып кетті. Бір үйдің баласындай. Арамызда мұғалім де, сантехник те, кәсіпкер де, зейнеткер де бар», – деп түйіндеді істің басы-қасында жүрген азамат.
Қостанайлық еріктілер «ең үлкен марапат – халықтың алғысы» жейді. Елінің амандығы, жерінің бүтіндігі үшін ел ризашылығына бөленіп жүргендер ештеңеден қайтпайды.