Төлен ТІЛЕУБАЙ – Президент сыйлығының лауреаты!

Фотосурет ұсынылды

Айна
287

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне орай Ақордада салтанатты жиын өтті. Оған республикалық ақпарат құралдары ғана емес, өңірлердегі жетекші телеарналардың, газет-журналдардың, ақпараттық ресурстардың өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, журналистиканың мәртебелі мамандық екенін атап өтті.


«Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.


Мемлекет басшысы жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысқанын, бұл салаға ағартушылық сипат бергенін атап өтіп, аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет екеніне тоқталды. Жиында бірқатар журналиске Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтары, гранттары және Алғысы салтанатты түрде табысталды.

Мемлекет басшысының өз қолынан марапат алған журналистердің қатарында «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай да бар. Соңғы 6 жылда елорданың республикаға таралатын басылымында табысты қызмет етіп келе жатқан әріптесіміз Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының иегері болды. Белгілі журналист, публицист, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеуші, ақпарат саласының үздігі, көптеген халықаралық және республикалық шығармашылық байқаулардың лауреаты Төлен Тілеубайға бұл жоғары деңгейдегі марапат отандық журналистиканы мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан жетілдіруге қосқан үлесі үшін берілді. Биыл 19 маусымда журналистік қызметінің 25 жылдығын, өзінің 50 жылдығын атап өткен қаламгерге төл мерекеміздің алдындағы бұл құрмет тамаша сыйлық болғаны анық.

Төлен Тілеубай 25 жылда тәуелсіз журналист ретінде ұлттық, мемлекеттік мәселелерді баспасөзде, әлеуметтік желілерде батыл көтеріп, бұқараның мұң-зарын, ойын билікке ашық жеткізіп жүрген журналист. 

«Көпшілігіңіз үшін журналистика – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауыңыз. Нағыз журналистер әсіре әуестіктен, бос сөзден және әлеуметтік желіде өзіне-өзі масаттанудан ада болады. Олар әрдайым оқиғаның ортасында жүреді. Халықты алаңдататын өзекті мәселелерді көтеріп, мазмұнды материалдар әзірлейді. Дәл осындай белсенді әрі пайдалы іс атқаратын тілшілер қауымы отандық журналистиканың бет-бейнесі саналады. Олар еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы тілге тиек еткендей, отандық медианың бет-бейнесі болып саналатын журналистердің қатарына біздің кейіпкерімізді де жатқызуға болады.  

Сөзіміз дәлелді болсын десек, Төлен Тілеубайдың Президенттің шешім қабылдауына түрткі болған бірқатар мақалаларына ғана тоқталайықшы. Ол еліміздегі құлдық мәселесін сонау 1999 жылдан бастап көтерді. Көптеген сараптамалық өткір мақалалар жазды. «Қазіргі заманғы құлдық» («Ақ жол Қазақстан» газеті, №9, 11 қазан, 2002 жылы), «Қазақстанда құлдың құны – 1000 S» («Жас қазақ» ұлттық апталығы, №45, 16 қараша, 2007 жыл), «Адам саудасы – құлдықтың қайталануы» («Жас қазақ» ұлттық апталығы, №34, 7 қыркүйек, 2012 жыл), «Тірі тауар» немесе Қазақстанда адам саудасы қандай дәрежеде?» («Астана ақшамы» газеті, № 56, 12 мамыр, 2018 жыл), «Тірі тауар» бизнесі қызып тұр» («Astana aqshamy» газеті, №68, 27 шілде, 2023 жыл). Соның нәтижесінде 2023 жылы 1 қыркүйекте 8-ші сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда адам саудасымен күресу үшін арнайы заң қабылданады» деп мәлімдеді. Ал биыл 22 наурызда Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлдады. 

Ұлыстың Ұлы күнін жаңаша тойлау, жас ұрпақтың санасына сіңіру тақырыбын да үздіксіз баспасөзде көтеріп, мәселені оң шешудің нақты жолдарын көрсетті. Бұл сөзімізге де дәлеліміз бар: «Наурызды жаңаша тойлау» немесе төл мерекемізді балаларға жақындатудың жолдары бар ма? («Астана ақшамы» газеті, №34-35, 22 наурыз, 2018 жыл), «Наурыздың насихаты мен нақ сипаты» («Astana aqshamy» газеті, №32, 20 наурыз, 2019 жыл), «Балалар Наурызға неге қызықпайды?» («Астана ақшамы» газеті, 21 наурыз, 2023 жыл) деген мақалалар жарық көрді. Ал, нәтижесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында («Егемен Қазақстан» газеті, 5 қаңтар, 2021 жыл) «Халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп жазды Президент. Биыл Наурыз мейрамы «Наурызнама» деген жаңаша форматпен 10 күн тойланды.

Төлен Тілеубайдың елордалық басылымда жарық көрген өткір сұхбаты биліктің назарына бірден ілікті. «Сәуле АЙТПАЕВА, сенатор: Баланы қорғауды туғаннан бастау керек" («Астана ақшамы» газеті, №64, 31 мамыр, 2018 жыл) атты көлемді сұхбаты қоғамдық пікірдің дұрыс қалыптасуына әсер етті. Ал нәтижесінде 2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді.
Одан әрі тізбелейтін болсақ, «Киік атуға мораторий жариялайық» («Astana aqshamy» газеті, 27 қазан, 2020 жыл), «Заң күшейтілгенмен, жауыздық жойылмайды» («Astana aqshamy» газеті, 22 қазан, 2020 жыл), «Байқоңыр қазаққа сор болып тұр, қайтейік!» («Аbai.kz» порталы, 5 сәуір, 2021 жыл), «Екі аяқты айуанмен арпалыс» («Астана ақшамы», №5, 17.01. 2019 жыл), «Браконьерге тыйым бола ма?» («Astana aqshamy» газеті, 30 қараша, 2023 жыл) деген тақырыппен жарияланған мақалалары қоғамда қызу талқыланды.  
Бұған дейін киік атып ұсталған адамға 300 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 3 жылға бас бостандығынан айрылатын еді. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілгеннен кейін, елімізде заңсыз киік атқан және бекіре тұқымдас балық аулаған адам 12 жылға дейін түрмеге қамалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы қызметін атқарған кезінен бастап браконьерлікке қарсы аяусыз күрес жүргізуді назарда ұстап келеді.

2019 жылдың 18 қаңтарында қазақтың батыр ұлы Ерлан Нұрғалиевтің жақындары мен туыстарына көңіл айтып, твиттердегі парақшасында: «Ерлан Нұрғалиев еліміздің қасиетті жануарын қорғап қаза тапты. Иманды болсын! Бұзақылар мен олардың жақтаушылары жазасын алуы тиіс. Батырымыздың ерлігі ел есінде мәңгілікке қалады» деп жазды. «Ерлан Нұрғалиевтің ісі» және «Қаныш Нұртазиновтің өлімі» сияқты оқиғалардан кейін халыққа Жолдауында Үкіметке браконьерлік қылмыс үшін жазаны қатайтуды тапсырды. Заңнама қаншалықты күшейтілді дегенге келейік. Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекске қасақана ауыр және аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша түзетулер енгізілгені мәлім. Мәселен, киік атып ұсталған браконьердің қаруы, автокөлігі, мүлкі кәмпескеленеді. Заңсыз аңшылық пен балық аулау «теріс қылық» деген санаттан орта дәрежедегі қылмысқа ауыстырылды. Ескі заң бойынша, заңсыз аң аулағандар 40 тәулікке қамалатын болса, бұдан былай бір мәрте браконьерлікпен айналысқандар да түрмеге қамалады. Жүйелі түрде браконьерлікпен айналысқандарға (6 жылға түрмеге қамалады), ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандарға (10 жыл түрмеге қамалады) бөлек-бөлек жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ заң жобасын жасаушылар табиғат қорғаушы инспекторларды құқық қорғау қызметкерлерінің санатына қосты, яғни оларға зорлық көрсеткендер заң бойынша 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қылмыстық кодекстің 339-бабы толық жетілдіріліп, жаза күшейтілді. Мысалы, айыппұлдар көлемі 7 575 000 теңгеден 17 675 000 теңгеге дейін ұлғайды...

Бұл бастылары ғана, ал Төлен Тілеубайдың баспасөзде, интернетте, әлеуметтік желілерде көтерген өзге де мәселелері назардан тыс қалмады. Мұның өзі журналистің өз мамандығына адалдығын, ұлттық мүддені бірінші орынға қоя білетін отаншылдығын көрсетеді. Өз кәсібіне адалдықпен қарап, ұлтының бүгіні мен ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген әріптесімізге мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!

Райхан РАХМЕТОВА

ШЫҰ саммиті 2024

Елордада 3-4 шілде күндері өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиті аяқталды, деп жазады madenipo...

ШЫҰ саммиті 2024

 Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізіліп жатыр. Бұл саммиттің Қазақста...