Үкім заңды күшіне енген жоқ Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық соты парақорлық жасағаны үшін аудан әкі...
Ақбота КЕРІМБЕКОВА: Бізде әншілерді зерттейтін сыншы жоқ...
Көпшілік қауым бұл әншінің орындау шеберлігіне қарап, «Уитни Хьюстон» десе, енді бірі қазақтың «Селин Дионы» деп баға береді. Ақылына көркі сай, бірбеткей әрі ер мінезді. Ол – халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген «Серпер» сыйлығының иегері Ақбота КЕРІМБЕКОВА.
–Ақбота ханым, сіз кез келген журналистерге сұхбат беруге келісім бере бермейді екенсіз...
– Мен негізі кесірлі адам емеспін. Бірақ өмірде көңіл-күймен жүретін кездерім көп болады. Сол себептен болар, сол көңіл құрғырға байланысты сұхбаттасудың сәті түспейтін кезде журналистер өздерінше тон пішіп, әртүрлі пікір айтып жатады. Кейде көңіл-күйім болып тұрса, қолға алған тірлікті соңына дейін дөңгелетіп тастайтын сәттер болады. Алайда пендеміз ғой: отбасыңда өзің – әйел, өзің – еркек болған соң, қол тимейтін жағдайлар да көп. Бірақ ешкімге кесірлігім жоқ, мүмкіндігінше сұхбат беруге дайынмын.
– Интернет желісінде сізді «Қазақтың Селин Дионы» деген пікірді оқыған едім. Бізде біреудің талантын өзге біреумен салыстырып жатады ғой. Сіз осындай салыстыруға қалай қарайсыз?
– Әркім әртүрлі айтады: біреу Хьюстон десе, енді бірі Селин Дионға ұқсатады. Бірақ дәл соларға еліктеу мүмкін емес: әркімнің өз бағыты, өз дауысы бар. Бұл енді халықтың пікірі ғой. Әрине, өзім «Ақбота» болып қалуға тырысамын. Салыстыру дұрыс-ақ: кез келген әнші өнерге келмей тұрып, кішкентай кезінде алдыңғы буындағы аға-әпкелеріміздің керемет дауыс иірімдерін, өлеңдерін тыңдап, еліктеп өскеніміз рас. Өзім бала күнімнен Нұрлан Өнербаев пен Гүлмира Ақүрпекова сияқты гитарамен сахнаға шығып ән айтуды армандайтынмын. Осы аға-әпкелерім сияқты гитарамен ән айтсам деген асқақ арманым орындалып, алғаш сахнада гитарамен ән шырқағанмын. Жақсы адамдарға қарап бой түзеп, өзіңді өмірге де, өнерге де баулығаның жақсы. Бірақ біреуге қатты бейімделу қажет емес, әр адамның өз қалыбы болғаны дұрыс.
– Ресейдегі әншілер өз репертуарындағы әндерді көп ретте өз тағдырымен байланыстырып орындайды... Сіз орындайтын әндеріңіз жүрекке жақын, оларда қайғы мен мұң басым ғой... Соған қарап, Ақбота тағдырлы әнші деп айтуға бола ма?
– Иә, әр әншінің өзінің жүрегіне жақын бағыты болады. Менің ішкі жан-дүнием лирикаға бейім. Сондықтан мені әріптестерім лирик, романтик әнші дейтіні бар. Көптеген сазгерлер дауыс ерекшелігіме қарап, мұңлы әндер ұсынып жатады. Бірақ өз өмірімді азапқа толы, қиын тағдырлымын деп айтпаймын. Алладан қорқамын! Әке-шешем тәрбие беріп, жоқшылықты сезініп көрген жоқпыз. Құдай сақтасын, ауыртпашылық көріп, қиналмасам да, жүректі ауыртатын жағдайлар көп болды. Несіне жасырайын, жүрегім көп жараланды, көп алдандым, әлі де алданып келе жатырмын. Кей әндерді өміріме сәйкестендіріп жаздырғаным да рас. Бәлкім, мен орындаған әндер халықтың көңілінен шықса, тыңдарманым жылылыққа жүрегін жылытар деп ойлаймын. Өнер адамының міндеті – көпшілікке ой тастау, қуанту, талпындыру.
– «Бүгінгі шоу-бизнеске мүлде көңілім толмайды. Қарныңды ашытатын дүниелер өте көп. Қолыма билік тисе, өнерді дарынсыздардан тазартамын» деп айтқаныңыз бар. Бірінші кезекте тазартатын дарынсыздарды атай аласыз ба?
– Иә, көңілім мүлдем толмайтын дарынсыздарға налитыным – шындық. Қазір олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Тіпті бала-шағамызға дейін біледі: кімнің өнерлі я кімнің қаражаяу екенін. Соңғы кезде қолды бір сілтеп, сахнадан, өнерден кетіп калғым келеді. Бүгінгі күні айтылатын әндердің сапасы, мағынасы, мазмұны тым жеңіл. Әлде халықтың талғам деңгейі төмен түсіп кетті ме деп ойлайсың. Дегенмен, әркімнің өз пікірі, өз көзқарасы бар: онымен де санасқың келеді. Бірақ, шыны керек, өнердің қадірі кетті: қарап отырсаңыз, еріккеннің бәрі әнші.
– Өнерді қор қылып жүргендер – әншілер сияқты ақшаны қырып табамыз дейтіндер шығар...
– Дәп солай болса, олар қатты қателеседі. Бұл мүлде қате ұғым. Эстрадада жүрген әншілердің 80 пайызы дарынсыздар деп толықтай айта аламын. Бұл – менің жеке пікірім. Жалпы, өнер – таза дүние, кіршіксіздікті қажет етеді. Сондықтан, адамға Алла берген талантпен шықпаған соң, басқаның бәрі бос әурешілік.
Бізде өнер саласын зерттейтін, БАҚ арқылы ойын айтып отыратын сыншы жоқ. Шындықты бетке айтатын сарапшы жоқ: тек кімнің пайдасы бар, кімнің қолынан не келеді – соның артынан жүріп, пайдасын көріп, сол адамға жағынып қалса – болды. Өнердің бойындағы тектілік жоғалып, бөлшектеніп, ұсақталып барады. Бұл да бір уақытша нәрсе шығар. Бірақ шынайы өнер, саф алтын бәрібір дараланып тұрады. Талғампаз көрермен шынайы әншісін таңдап, өз көкейінде іріктеп алады.
– Қандай авторлардың әнін қуана қабылдар едіңіз және не себепті?
– Мен авторлардың жақсы әндерін таңдаймын. Көбіне Арман Дүйсенов, Бауыржан Өскенбек, Индира Елубаева, Айгүл Бажанова және енді танылып келе жатқан жас сазгер Ғазизхан Шекербековтің біраз әндерін орындап жүрмін. Бірақ жан-жақтан басқа да көп ұсыныстар түсіп жатыр. Басқа дүниеге талғамым кем болса да, әнге деген талабым өте жоғары. Өйткені әншінің міндеті – сапалы әнді орындау. Қалғаны – екінші орында. Алайда айтып жатқан әнін өзге түгіл, өзі де түсінбейтін әншісымақтар көп.
– Өнер адамдарының біразы сахнадан тыс өмірде неге өзгеше болып көрінеді? Мәселен, өзіміздің Мақпал апамыз Жүнісова сияқты табиғи болмысты сахнада да сақтай білу қаншалықты қиын?
– Әркімнің санасы әртүрлі. Сол секілді әр әншінің түсінік-түйсігі де әр алуан. Біз, қазақ, отырып алып, біреудің сәл кемшілігін көрсек, тіксініп қалатын жаман қасиетіміз бар. Алдымен адам өз бойының мінін, болмысын түзетсін деп есептеймін. Ал Мақпал әпкемізге келер болсақ, ол мен үшін баға жетпес дара тұлға, елдің тарихында қалатын әншілеріміздің бірі. Өмірі болсын, өнері болсын – алдында басымды иемін, Мақпалдың табиғилығына бәрі жарасады. Тіпті оқта-тектегі «тентек» мінезі де – оның табиғи тұрпаты. Әлеуметтік желілерде жүрген Мақпал апам туралы сөздің бәрі оның таланты алдында түкке тұрмайтын былжырақ.
– Кей сұхбаттарыңызда саясатқа араласпайтыныңызды айтып қалдыңыз... Бірақ сол саясат сіздің тыңдармандарыңызды экономикалық тұрғыда тақырға отырғызып кеткені сізге әсер етпей ме?
– Шыны керек, менің саясаттан хабарым жоқ. Хабардар болғым келмейді. Себебі біздің елде жазылған заң бар болса да, оған бағына қойған ешкім жоқ. Осыдан 5–6 жыл бұрын өнерді тазалайық деп, басымызды қосып, мәселе көтергенімізде, екі ортада шыбын өледі демекші, өнерден шеттеліп қалған болатынмын. Қанша жүгіріп, қаншама тырыссақ та, сол кездері келісім берген әріптестерім жан-жаққа тарап кеткенде, жағамды ұстағанмын. Өнер адамдарының басын қосып, келісімге келу деген өте қиын. Әзірге қол сілтеп қойдым: ту сыртымда тіреп қойған ешкімім жоқ, жалғыз өзім не істей аламын?
Жастарға сын айтсаң, тағы да бәлеге қаласың. Ақырында жек көрінішті болып, жексұрын атанасың. Бүгінде ақыл тұрмақ, біруге жақсылық жасасаң да, бәлеге қаласың. Қорқатыным – балаларымның, өскелең ұрпақтың тағдыры қалай болмақ? Адамнан мейірім ыдырап, бәрі «роботқа» айналып кеткендей: иман жоқ, өтірік күле қарап, сыртыңнан ғайбаттайды. Айта берсең, саясатқа тірелетін мұндай сөз көп қой...
– Биылғы жылдан бастап әншілер өз өнері үшін салық төлейтіні сізді қаншалықты мазалап жүр?
– Енді не істейміз? Айтқан екен – ақыры салық төлеуге тура келеді. Үкіметтің жағдайы қиын екен... Айтып отырмын ғой, телеарна болсын, журналистер болсын – бәрі бізге қарап отыр. Әншілер болмаса, бәрі тақыр кедей болатын түрі бар... Енді, міне, үкіметтің жағдайын ойлайық деп, салық төлеуді бастаймыз...
– Сіздің сурет салатын қырыңызды, бильярдты мықты ойнайтыныңызды көпшілік қауым біле бермейді екен....
– Оның бәрі балалықпен, жастықпен кейін қалды... Қазіргі бар уайымым – үш ұлыма дұрыс тәрбие беріп, аман-есен өсіріп, өз ұяларына қондыру.
– Сіз бір сұхбатыңызда әнші болмасам, көп балалы ана, я әскери адам боламын деген екенсіз. «Орындалмай» қалған осы екі таңдауыңызды талдап беріңізші?!
– Шындығы сол – жарым жақсы болса, неге көп балалы ана болмасқа?... Әскери адам боламын деп армандағаным да рас. Мендегі «әскери адам» деген ұғым – кезіндегі милиция ғой. Бірақ бүгінгі «полиция» болғым келмейді...
Бұйыртса, әлі жаспын, «Ақботам» деп, менің жанымды түсінетін ер-азамат кездессе, әлі де 5–6 бала табуға мүмкіндігім бар... (күлді). Рас, көп балалы ана болуды армандаймын. Кішкене жағдайымды реттеп алсам, 2–3 баланы асырап алу да ойымда бар. Біраз қиыншылықты көріп, енді есімді жинап жатырмын. Бойжеткен кезімде, бай болсам, 4–5 қабатты зәулім үй салып, балалар асырап аламын деген үлкен арманым болды. Бұйыртса, оған да қол жеткізермін.
– Алдағы уақытта өтетін президенттік сайлауда дауыс беруге барасыз ба?
– Әрине, барамын! Елбасымен бірге көкейімде жүрген бір-екі азамат бар. Сол азаматтар президенттік сайлауға түсіп жатса, біріне дауысымды беремін. Елбасымыз да халқына талай жақсылық жасады. Ойлайсың кейде: елбасымыз халықтың қамын ойлап, шаршаған шығар... Бір патша баяғыда айтқан екен: «Бала тәрбиелеуден, ел басқару қиын» деп. Бақытты шығар деймін: аз жасқа келген жоқ, елді көркейтті, қаншама мүмкіндіктер жасады. Дегенмен, енді ел басына жастау адамның келетін кезі болды... Бір елдің басын біріктіріп, ел басқару – оңай емес.
– Ақбота ханым, ашық әңгімеңізге көп рахмет! Бала өсірем деген армандарыңыз орындалсын!
Сұхбаттасқан – Жансая ЕРТАЙ.