Назерке ЖҰМАБАЙ. Оралханға сағыныш...

ӘДЕБИЕТ
1454

Оралхан Бөкейдің дүниеден өткеніне 17 мамыр күні 20 жыл болды. Осыған орай біз Асанәлі Әшімовты сөзге тарттық.

«Оралхан, Оралхан» дегенге таудай біреу екен десем...


Оралханмен біз кейінгі жылдары жақсы араласып, етене жақын болдық. Алғаш кездескенім де дәл бүгінгідей көз алдымда. Әлі есімде Жастар театрында жаңа спектакль қойылып, соның пре­мьерасы болып жатқан. Есіміне қанық болғаныммен, ол кезде Оралханды та­ны­маймын. Шашы иығына түскен, еңсесі биік, паңдау жігіт қасыма келіп отырды. «Оралхан деген сен бе?» – деп сұ­радым. Әдеттегі кербұғыға тән кер­бездігімен «иә!» деп кегжең ете қалды. «Оралхан, Оралхан!» дегенге таудай біреу екен де­сем, оймақтай ғана екенсің ғой» – деп қағыта қалжыңдап, күлдім. Өзі де әзілден алыс емес еді ғой. Астарлы, жұмбақтау қалжы­ңы болатын. Әп-сәтте әңгімеміз жарасып сала берді. Менен жасы кіші болса да, «Ас-аға!» деп құрдасындай қалжыңдасушы еді. Қазір атыңмен атап, «сен» дейтін жастар бар. Ал Оралхан «Асеке», «Ас-аға» дегеннен асқан жоқ, «сіз» деген сыйла­сыммен кетті ғой. Адам­ның жанына ерек­ше бір жақын, рухани үндес адамдар болады. Мен үшін Оралхан мен Кеңші­лік сондай жан еді. Адам­гершілік қасиетте­рін де, шығармашылық қарымын да айрықша бағалаймын. Қазір мұндай жігіттер аз. Сағынамын... 


«Жеті жетімнің» президенті болғанмын...

Бұл да бір қызық кезең болатын. Оралхан, Ақселеу Сейдімбек, Кәрібай Ахметбек, Серік Әбдірайым, Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбай, Қуаныш­бай Құрманғали бастаған жетеуге «Жеті жетім» деп ат қойып жүрген осы Орал­ханның өзі. Сол атақты Жетінің төртеуі – мықтылары кетіп қалды. Ең бірінші Оралхан кетті ортадан. Бірде: «Мен де жетіммін ғой, қатарларыңа қосыңдар» деп қалжыңдадым. Содан олар құрам­дарына алатын болып шешіп, «жетім­дер­дің» президенті етіп сайлады. Ол кез­де Оралхан бар еді, төрт көздері тү­­гел-тұ­­ғын. Кейін аяулы достар бақилық бо­лып, «жеті жетімнің» қатары сирей бастағанда: «Әй, жетімдер, өліп қала бе­ретін түрлерің жаман екен, мені қатар­ла­рыңнан тездетіп шығарыңдар» деп әзіл­дегенім бар. Жабыққан көңілдері кө­те­рілсін дегенім ғой, әйтпесе, ол дос­тар­дан айырылу қай-қайсымызға оңай тиген жоқ.

Дүбірі бөлек еді...


Қазір театрдан жазушылар қатарын сирек көресің. Ол уақытта жақсы еді, зиялы қауым спектакльге жиі келетін. Қойылымнан соң ой-пікірлерімен бөлісетін. Әсіресе, Оралханның театрға деген махаббаты ерекше еді. Жасында артист боламын деп армандап, бір жыл актерлік факультетте оқығаны да бар. Сондықтан ба екен, әйтеуір бізбен етене араласып, жақсы көретін. Театрға жиі келетін. Кейінірек өзінің де пьесалары сахналанды. Залда ине шаншар орын қалдырмай, үлкен аншлагпен өтті. Әнуар Молдабеков, Құман Тастанбековтер ойнаған «Құлыным менің» қойылымы сахнада табысты жүрді. «Қар қызының» бедері өзінше ерекше. «Текетіресі» қандай! Оралхан шын мәніндегі дүлдүл драматург болатын. Дүбірі бөлек еді...

Көп режиссер  Оралханды түсінбейді...


«Оралханның әңгімелерінен кино түсірсе қандай керемет болар еді» деп үнемі ойлаймын. Қай шығармасының да сюжеті қызық, киноға сұранып тұр.
 Сонау бір жылдары талпыныстар болды. Бірақ соңына дейін жеткізе алмады. «Қар қызының» да жолы болмай жүр. Меніңше, кінә – режиссерден. Көп режиссер Оралханды түсінбейді. Оның жазудағы қолтаңбасы ерекше: көбінесе фантастикалық, аңыздық стильде жа­зылады. Символдық астарға көп мән береді. Осы жағынан келгенде жапондық жазушылармен үндес дер едім. Киносы болсын, спектаклі болсын, Оралханға осы қырынан келу керек. Өйткені оның қазақы шеңберден шығып кеткен ойла­ры бар. Фантастикаға жақын. Қай жағынан барсаң да, өзінше астар тауып, жанда­­нып кетеді. Кейіпкерлер характері де өзге­ше. Анау шал... сұлу қыз... аппақ қар... таудың іші... Осының бәрі контрасқа шебер құрылған. Әдемі кино ғой! Тереңі­не бойлап, астарын аша алса болға­ны, қалғаны дап-дайын дүние. Ең басты­сы, бұл шығармаларда тағдыр бар. Адам­дардың бейнесі, мөлдір әлемі, боямасыз болмысы бар. Шукшин, Шолоховтар сияқты. Елестетіп отырып, бір деммен оқып шығасың. Экрандаса, режис­сер­лердің Оралханға әйтеуір бір айна­лып соғатыны заңдылық. Алайда Қазақстан­да соны қоятын режиссерді дәл қазір мен көріп тұрған жоқпын. Біздің режиссер­лер түсірсе, көпшілігі «қазақбайлап» қояды, тұрмыстық деңгейден ұзамайды. Ал Оралханның шығармашылғы одан әлде­қайда алыс, әлдеқайда биік. Онда таза­лық, мөлдірлік бар. Ең дұрысы, мұны шетелдік қоюшы мамандарға беру керек. Бәлкім, сонда Оралханның философия­сына бойлармыз, жақсы дүние шығар... 



Әлі талай өліп-тірілерміз...


Менің шығармашылығым жайын­­да баспасөз бетінде ең алғаш талдап мақа­ла жазған – Оралхан. Онымен журналист-жазу­шы, мен актер ретінде ортақ тіл тауып, ер­кін сөйлесетінбіз. Әңгімеміз жарасты. Спектакльдерімнің барлығына дерлік келіп қатысатын. Кейінірек се­риялы ма­қала жазды. Сол үш мақаласын, қазіргі тілмен айтқанда, кандидаттық жұмыс дең­гейінде жазылған дер едім. Өз басым шығармашылығыма берілген бағаға өте кірпияздықпен қараймын. Орал­ханнан артық баға берген адам кемде-кем. Жа­зады, бірақ көпшілігі баяндаудың дең­гейінен ұзай алмайды. Әрі талдап, әрі тура бағасын беріп, әрі әзіл араластырып Оралхандай жазғаны жоқ. Ақиқатын айтуым керек. «Иә, талай рет өліп-ті­рі­лермін...» деген мақаласы осыған дә­лел. Шекспирдің кезекті трагедиясын ойнау­ға шығып бара жатып «Әлі талай өліп-тірілермін...» деп айтқан сөзім ғой. Талай кейіпкерлерді ойнармыз, талай рет кездесерміз, әлі талай образ жасармыз деген ой астарын дәл түсініп, Оралхан осылай деп тақырып қояды. Алғашқы жазғаны «Асанәлі асуға беттеді» деп аталады. Өнерге берілген шынайы, әділ баға актер үшін тосын, жаңашыл ізде­ністерге бастау болады, алдағы қойы­лымдарға серпіліс, үлкен шабыт береді. Қанша өліп-тірілсең де асуға беттеуің керек, алда әлі талай ізденіс пен еңбек­ке толы ауыр да азапты жол бар екенін еске салады. Иә, әлі талай өліп-тірілерміз...



Мұны тек тағдыр деуге болады...


Оралханның өмірінің өзі қызық. Тағдырлы қаламгер ғой. Бір перзентке зар болып тағдырдың тауқыметін көп тарт­ты. Кейде пендеге тән аяушылық сезім­мен аяйтынмын. Оралхан отырған жерде бала туралы әңгіме қозғаудан қашатын­быз. Кейін өмірінің соңына қарай Алланың қалауымен сәбилі болды, бірақ оларды көрген емеспін. Алғашқы қосағы Айман керемет жан еді. Бір-бірін шын сүйді. Осы сезім шынайылығы шығар, бала бол­мағанына қарамастан, бір-бірін қимай жиырма жылдан артық бір шаңырақ астында тұрды. Шынын айту керек, мұн­дай сынға кез келген ер адам шыдай бермейді. Кейбір адамдар болады, барлық күш-қуатын, жігерін шығармашылық жолына, ойға жібереді. Өмірден ұрпақсыз өтуіне осының да әсері бар шығар. Мә­селен, Димаш Ахметұлын алайық. Орал­хан бар. Тағысын тағылары. Мұны тек тағдыр деуге болады... 


Саны көп, іліп алар біреуі жоқ...


Оралхантану саласын ғылыми тұр­ғыда қолға алу керек. Ақиқатына келген­де, жазушылар берекесіздеу қауым ғой. Оларда ұйымшылдық, қауымдасып өмір сүру жоқ. Әрқайсысы өзі бір әлем, жеке ұжым. Сондықтан да қазір ешкімге кінә арта алмайсың. Оралханның елеусіз жатқаны рас. Тек туған-туыс, жерлестері ғана емес, оны әрқайсымыз іздеуіміз керек. Оралхантанушы өздерің болуға тиіссіңдер. Жалғыз ғана «Оралхан оқу­лары» байқауын білемін, басқа жағы тым-тырыс. Жазушылар арасында Орал­ханның атындағы сыйлық таға­йындау керек. Көшеге, театрға есімін беру жайы да кезек күттірмейтін мәселе. Бізде жиі аталып, ауыздан түспейтін бірді-екілі ғана ақын бар, қалғаны елеусіз, ескеру­сіз. Абайдың өзін ұялғаннан айтады. Алаш­­қа ортақ ұлдар өзіне лайықты бағасын алуы қажет. Жазушылар одағының мың­ға тар­та мүшесі бар. Көңілдеріне келме­сін, бірақ олардың біреуінің есімін ерек­шелеп, Оралхан сияқты айта ал­май­мын. Саны көп, іліп алар біреуі жоқ. Қали­хан, Әкім, Сайындар, әрине, өз алдына бір төбе ғой. Олардың талантына ешкім шәк келтіре алмаса керек. Мықты буын бо­латын. Оралхан да өз ортасын тасты тесіп өскен аршадай жарып шыққан еді. Қазір Оралхандар, Оралхандай қара сөзбен жырлайтындар... тұшынып оқитын дү­ниелер аз. 



Жаңалықтар

Талдықорғанда із-түзсіз жоғалып кеткен ер адам бір күннен кейін өртенген көліктің ішінен өлі табылға...

Жаңалықтар

Қазақстандық 18 жастағы азамат “Қырымға соғысқа барамын” деген хабарламаның салдарынан ш...