Алматыда халықаралық деңгейдегі кинофестиваль өтіп жатыр
Бұл күндері Алматы қаласында «Almaty Film Festival» кинофестивалі өтіп жатыр.
Халықаралық деңгейдегі тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған мәдени іс-шара балаларға арналған отбасылық бағдарламамен ашылды. Фестиваль жас жұлдыздардың қызыл кілемдегі шеруімен басталды.
Фестиваль шымылдығын ашып, қызыл кілеммен жүріп өтуге кино және шоу бизнестің кішкентай жұлдыздары қатысты. Бірі актер, екіншісі фотомодель, енді бірі әнші. Сондай-ақ блогерлер мен тележүргізушілер де бар. «Almaty Film Festival»-дің алғашқы көрсетілімі де балаларға арналды. Олар Диснейдің әйгілі «Арыстан патша» мен «Көліктер-2» анимациялық фильмдерін тамашалады.
Бауыржан Байбек, қала әкімі:
- Дисней дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптейді. Достық пен адалдық, мейірімділік пен махаббат тақырыбын көтереді. Өзіңе, өзіңді алып шығар күшіңе сенуге, алға қойған мақсаттарыңа ұмтылуға тәрбиелейді. «Almaty Film Festival» – қала үшін маңызды оқиға. Және осы байқаудың балалар қызыл кілемімен басталғанына қуаныштымын.
Фестивальдің мәртебелі меймандарының арасында «Арыстан патша» анимациялық фильмінің продюсері әрі режиссері Роб Минкофф бар. Сондай-ақ «Уолт Дисней Компани ТМД-ның» бас директоры Марина Жигалова-Озкан да шақырылған. Жалпы 2011 жылдан бері «Болашақ» қауымдастығының бастамасымен 20-дан астам көркем және анимациялық фильм қазақ тіліне аударылды.
Марина Жигалова-Озкан, «Уолт Дисней Компани ТМД» компаниясының бас директоры (РФ):
- Біз бұл әріптестігімізді одан әрі жалғастырамыз. Болашақта Диснейдің тамаша өнімдерінің бірі Щелкунчик пен Ральф интернетке қарсы анимациялық фильмдерін аударамыз.
«Almaty Film Festival» 19 қыркүйекке дейін жалғасады. Қазақстан, Франция, Ресей, АҚШ және өзге де елдерден әкелінген 10 картина жарысқа түседі. Жеңімпаздарды ресейлік режиссер Сергей Бодров бастаған қазылар алқасы анықтайтын болады.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов