Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтардың лауреат...
Қуанышбек ШАРМАНОВ. Қасіретті күндерімнің құны еді...
Баянауылға арнау
Армысың, Бұқар бабам, бұқарасы,
Ұлтымның құрсағы алтын құт анасы.
Ғажайыпқа толы бұл жер әлемнің,
Алтын жіппен әрленген мұқабасы.
Олжабайдың ауылы, Жасыбайдың,
Өзің барда өзгеден жасымаймын.
Саған сірә дүниеде бәрі де ынтық,
Күннің нұры, сәулесі ғашық айдың.
Абылайды үш жүзге хан көтерген,
Бағаң қымбат мен үшін бар мекеннен.
Мұнша текті болмасаң «бұл маңайды,
Сенен асқан жер жоқ» деп, әндетерме ем.
Едіге би, ел сиған етегіне,
«Кең болсаң – кем болмайсың» жетеді де...
Бір келмеген адамның бір бағы кем,
Шоң, Шорман, Торайғыр би мекеніне.
Жаяу Мұса жырындай дүр намысың,
Мәшһүр Жүсіп бабаммен тұлғалысың.
Баянауыл, мен сені жақсы көрем,
Қаныш, Шапық, Марғұлан туған үшін.
Отқа түскен жұртым деп, оққа түскен,
Жүсіпбектей нар мінез тұлғаң үшін.
Анау алып күндерден сыр ақтарып,
Саған келсем, қайтамын қуаттанып.
Жақсылардың мекенін жарылқа, Алла,
Ақбеттаудан ай туды құлақтанып.
Тағдыр айдап әкелген алыс қырдан,
Менде, Сұлтанмахмудтай намыстыңнан.
Баянауыл, сен менің сүн анамсың,
Бір, Жаратқан, біздерді табыстырған!
Тамырымда тулап кетсе бір намыс
Тамырымда тулап кетсе бір намыс,
Жанарымнан өткіземін жылды алыс.
Көкті тіліп Шу бойынан шаңқ еткен,
Есіл, саған естілді ме тың дауыс?!
Мен едім ғой көкте ойнаған сол бір күн,
Сол жалынды қашан, қалай сөндірдім?
Беу, Астана, өр рухымды бер маған,
Сарайшықтан саған қанша жол жүрдім.
Қайта көтер, қайта соны бойға құй,
Билік бастан кеткеннен соң Шайбани.
Төрт ғасырдың төсін басқан ел болғам,
Осылай ғой, Қадырғали, Хайдари.
Осылай ғой, ей, абыздар, өткен жақ,
Текке тартып ел болдық қой өктемді-ақ.
Өріс ханның қос алмасы жарық етіп,
Оралған соң Көк ордадан кеткен бақ.
Төрт ғасырды табанымда билеткем,
Мен ақырсам төрт тараптан күй кеткен.
Бостандыққа сол намысым аманат,
Бодан жылдар құйрығына сүйреткен.
Сол қуатым, сол айбатым, жігерім,
Қайта тіріл, қайратыңа мін елім!
Мынау менің арман болған Ақ ордам,
Мынау менің қанды жасты тілегім.
Қасқа жол мен ескі жолдың жалғасы,
Нұрлы болса ол да елдің олжасы.
«Күн сөнгенше сөнбейді» - деп Рахманның,
Тағдырыңда тұрсыншы енді таңбасы.
Есілдің бойы...
Есілдің бойы еседі самал,
Самалда сырлы сарын бар.
Елім деп өткен кешегі солар,
Кешегі солар нар ұлдар.
Тізгінде қолы қарысып тұрып,
Тізерлемеске ант етіп.
Үзеңгіге табан жабысып тұрып,
Үзіліп кеткен жарқ етіп.
Бас қайғысына бас ұрмаған-ау,
Қайғысы қазақ бір ғана.
Солардың қанды жасындағы анау,
Дұғамен тұрған бұл қала.
Есілдің бойы есірген құйын,
Үйіріп кетіп барады.
Әділдік жолы кесілген биім,
Иіліп кетіп барады.
Өзгеге әлсіз, өзіне мықты,
Тіліне көнгіш таныстың.
Шор болып жара көзіне бітті,
Ақиқат, ар мен намыстың.
Сыртымыз жылтыр, ішіміз қыл-пыл,
Жақсыдан жаман қалдық па?
Бозторғай арман етесің шыр-пыр,
Бағасыз дүние-ай барлықта.
Ел болсам дегем ертеңі бекем,
Тыныштық мәңгі тіл қатшы.
Есілдің бойы ертегі мекен,
Ертегі соңы кіл жақсы.
***
Астана, сені армандағанмын,
Армандап жүріп көргенмін,
Алты құрлыққа арлан бабамның,
Моласын тастап келгенмін.
Астана, сені қиялдағанмын,
Қиялдап жүріп көргенмін.
Төрт мұхит суын қиян даламның
Жасынан жиып бергенмін.
Бодан күндерге талақ айтамын,
Кегімен бірге кеудемнің.
Аллаға сансыз мадақ айтамын,
Астанасы бар елденмін.
Елдігім Хақтың қалауы бұл де...
Кемдікті уақыт жүгендер.
Қазтуған кешкен қаралы күндер
Маған да қайыр тілеңдер.
Құзғынмен қандас лақаб қырандар,
Анталап жүрген ана көп.
Өтірік ұлтшыл атаққұмарлар,
Өзекке тартса жарар ед(і).
Әй, олар сені тұлғалы етпейді,
Маңдайға біздің жазбағыр...
«Көк ту» деп жанын құрбан етпейді,
Көгілдір қанды азған ұл.
Соларға кейде төр ұсынасың,
Сый ұсынасың мың түрлі.
Солай-ақ мынау намысы басым,
Сынайсың бәлкім жұртыңды.
Әйтпесе текті, есті ұлың көп қой,
Елім деп ерен шырылдар.
Өзіңнен басқа ешкімім жоқ қой,
Сенің де менсіз кімің бабар
Алланың гүлі...
Ер болар ма еді ірі есімді елге,
Соңынан іріп мың сан үй.
Іңгәләп жылып күресін жерде,
Іңірде қалды бір сәби.
Ер болар ма еді күнінде дара,
Ел десе жаны тым бөлек.
Іңгәләп жатып іңірде ғана,
Үзіліп кетті бір бөбек.
Астана сені көрсем деп келген,
Олда бір жалын от шығар.
Бәйтерегіңдей өнсем деп келген,
Өлсем деп келген жоқ шығар.
Имансыз қоғам, ұлғайды дертім,
Жылылық қашты жанардан.
Басамын қалай бұл қайғы дертін,
Бағаналы Ордам, бақ Ордам?!
Қаншама сырды бүгіп ағасың,
Тынып ағасың, Есілім!
Ұлт үкім сұрар ұлы қаласың,
Ұғыссақ деп ем осы күн.
Кетер ме дүние жалғанын растап,
Үміт тұр, бойда күдік тұр.
Астана сенің арманыңды асқақ,
Имансыз қолдар жығып тұр.
Солардың сұрқын қашыра түссін,
Қажытып алған мазамды.
Алланың гүлі ашыла түссін
Шақыршы тағы азанды.
Тұман қала тұр үнсіз...
Кірпік қақсаң күйе саулап
қою түтін астында,
Тұман қала тұр үнсіз...
Көз жетпеске ойым жетіп,
Ой жетпеске иманымды жалғадым.
Сол иманға жетектетіп қалғанын,
Қоймақшы едім
көңілімді ақ қардан,
Арманымды азанменен айтсам деп ем ақ таңға...
Құдайды ойлап қайғырмайтын қаланың,
Тұрғынымын. Сақта, Алла!...
Бұл қалада екі топқа бөлінеді адамдар,
Байлы және кедейлі.
Не болмаса жомарттар мен сараңдар,
Екеуі де Құдай бар-ау демейді.
Тұман қала тұмшалаған сананы,
Ойланудан қалған барлық тіршілік.
Қу бақырға жасап жүрген құлшылық.
Керең құлақ, көрмейді екі жанары,
Неткен тірлік қаралы.
Иә, сондай-ақ қара жүрек түгелі,
Бұл қалада жүрегі жоқ адам қаптап барады.
Осыларға бара жатқан сыңайлы,
Кісі өлтіру мақтан боп.
Жүрексіз ғой,
Ал, әйтпесе Құдайдың,
Бар екенін естіп, білмей жатқан жоқ.
Жүрексіздер!
Кім алды екен жүрегін,
Ақшаменен санасатын қала ма?
Айтыңдаршы адамдар!
Енді қалай бұл қалада жүремін,
Балам бар....
Кірпік қақсаң күйе саулап
қою түтін астында,
Тұман қала тұр үнсіз...
Адасып барады бұл ғасыр
«Айда тұр»,
«Шапта жұр».
Көшеде қаптап жүр ұрандар.
Мың тарау ағым мен заулайды құранда.
Кешегі ғасырдан,
Екі есе асырған күнәсін.
Адасып барады бұл ғасыр!
Былығы көлемді,
Үмбетін тозаққа жүгірген.
Жұмаққа жеткізер,
Келмейді,
ПАЙҒАМБАР жоқ енді.
Адасып барады бұл ғасыр!
Барды-бар,
Жоқты-жоқ,
Деп айтқан,
Ол ғасыр білімсіз наданы.
Бар бәлкім кешірім,
Ашқанда сананың сәулесін,
Кеуденің есігін.
Кеш құдай!
Дүние қаралы.
Білімді наданы, БҰЛ ҒАСЫР,
Адасып барады!
Шайтанның - ұраны,
Ұрпақты улаған.
Бір ойың, бір ойға ілікпей сынады,
Мың шатпақ, іліп ап зулаған.
Архимет заңдарын еске сап тұр әні,
Ақшаның адамы.
Бұл ғасыр адасып барады!
Былықтар басталды төбемнен,
Жоқ бәлкім төменді.
Шатасқан мұңым бар көлемді,
Жанымды қашаған.
Гүл аша бастаған өренді,
Жаныштап кететін қанішер әлемін,
Тақуа жасаған.
Өл,
Тіріл,
Келмейді,
ПАЙҒАМБАР жоқ енді.
Адасып барады бұл ғасыр!
Әкелер без бүйрек,
Аналар тез күйлеп, жеруде,
Түр әне шеруде,
Тастанды балалар.
Сезімсіз туылған оларда,
Етегін ерте ашқан қыздарың,
Есірек ұлдарың солар ма?
Ал енді таңды күт арайлы,
Болады тіпті де тоспаса.
Бар әлем батысқа қарайды,
Жартысы құдайдеп,
Жартысы басқаша.....қаралы....
Жүрегім жылады...
Жарнама әлемнің-құлағы, жанары,
Ұрандар....
Ұрпақты жетектеп барады.
Адасып барады бұл ғасыр!
Ойыңды төңкерген,
Санаңды сүйрейтін мың тарау тарапқа
Мынаның айтқаны түзулеу...
Жоқ бәлкім қисық ән...
Сан сала бөлінді ислам,
Қайсысы кіргізбек жәннатқа?
Жұқарған жүйкемен,
Төзімсіз тағатта,
Адасып барады бұл ғасыр.
Соғатын ақырғы сағатқа,
Асығып барады бұл ғасыр....
КЕШ ҚҰДАЙ.....!
Көкке атылғың келеді...
Бағаламай әр күнің батып құлап,
Қақпаңды дүркін қағып уақыт тұрад.
Әрбір таң атқан сайын кешегі күн,
Бүгінгіден көрінеді бақыттырақ.
Қиял қурап, кетсе де арман іріп,
Күнде ертеңге тартатын қайран үміт.
Кейде еңсеңді жығасың ойға бұғып,
Кейде әлемді шарлайсың айға мініп.
Туың құлап жатқанда туғаныңнан,
Безіп кеткің келеді қу жаныңнан.
Тіршіліктің бір боқтап жеті атасын,
Ақ жолыңнан таясың тура қылған.
Кейде күйкі тірлікті күлкің көміп,
Көңіліңнің тұрасың ұртын керіп.
Мақсатыңа бір табан қалған кезде,
Бұлтың қағып кетеді, сыртын беріп.
Өсер жерде өсе алмай өрең неше,
Еңсең кейде еңкейіп төмендесе.
Көп-көрім-ақ көтеріп тастайды екен,
Біреу саған қалтқысыз сенем десе.
Бір жылы сөз тәп-тәуір, қуат беріп,
Кейде жаның кетеді шуаққа еніп.
Көкке атылғың келеді кей күндері,
Боқ өмірдің артынан бір-ақ теуіп.
Диалог
- Қарашы жанарың жете ме?
Анау шың қырандар тұғыры.
- Биіктік бір әсер ете ме?
Олардың қысқа ғой ғұмыры.
- Ғұмырды сен қалай түсіндің?
Қанша өмір тілейсің шамамен?
- Досым-ау, мен мынау құсымның,
Тіпті де өлмеуін қалар ем...
Досыма хат
Жаның жүдеп тұрсадағы қатты айқын,
Жақын досқа айып, кінә тақпай тым.
1 кемшілік көре қалсаң бойынан,
60 себеп ізде оны ақтайтын.
Бұл баяғы ғалымдардың толғамы,
Дейді солар: досың "пенде" ол дағы.
Таба алмасаң 60 себеп ішінен,
Сен білмейтін басқа себеп болғаны.
Тарқат, Досым, өкпе, реніш, назыңды,
Тағдырың бар тар маңдайда жазулы.
Досыңа да керек шығар аз сенім,
Қасыңа да керек шығар аз үлгі.