ҰҚК қауіпсіздік сертификатын пайдалануға арналған тестілеудің аяқталғанын хабарлады. Оны ұялы телефо...
ЖЕР НӘРІ - ЕЛ ЫРЫСЫ
Еліміздегі ауыл шаруашылығына тиесілі алқап көлемі 177,8 млн гектарды құрайды. Егер тарқатар болсақ: жайылым 146,9 млн гектар, егістік пен тыңайған жерлер 26,7 млн гектар, шабындық 4,2 млн гектар екен.
Соның ішінде жалпы 7,4 млн гектар жер кезінде пайдаланылмады. Осы игерілмеген жердің 3,36 млн гектарын жер алушылар қайта игере бастады. Біраз жалдау шарттары бұзылып, кей алқаптар ауыл шаруашылығы айналымына өтті.
Сонымен қатар барлық өңірлерде жер сапасының нашарлауы байқалады. Жер құрамындағы қарашірік, қоректі заттар, өсімдіктердің алуантүрлі құрамы жұтап, өнімділік қасиеті төмендеуде. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің әлеуетіне кері әсерін тигізетіні айдан анық.
Жыртылған жердің құнарлылығын арттыратын шаралар қолданылмайды. Сондай-ақ жайылымдарды баптап, оны суландыру мәселесі де жолға қойылмаған.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық жағдайын анықтайтын топырақтық және геоботаникалық зерттеулер толыққанды атқарылмайды. Сапалық жай-күйі туралы ақпарат жерді ұтымды және тиімді пайдалануға негіз болатын бір де бір қажетті шара.
Қорыта келгенде жер қатынастары саласында төмендегідей проблемалар айқындалған: жер сапасы мен өнімділік әлеуеті нашарлаған; топырақтық және геоботаникалық зерттеу мен топырақты бонитирлеу бойынша сапалы материалдардың қаттығы; ауыл шаруашылығына қатысты жерлердің кадастрлық құнын айқындайтын өзекті деректердің жоқтығы; алыс жайылымдардың қажетті түрде суландырылмауы және игеру деңгейінің төмендігі.
Осы орайда Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы аясында - жер қатынастарын жетілдіру бойынша арнайы жұмыстарды атқару көзделген.
Ұтымды пайдаланумен қатар деградациядан сақтау қарастырылып, осыған орай мынадай іс-шаралар іске асырылатын болады: ауыл шаруашылығына тиесілі жерлердің 33 млн гектарына топырақтық іздестірулер жүргізу; жайылым алқаптарының 33 млн гектарына геботаникалық іздестірулер жүргізу; ауыл шаруашылығы жерлерінің топырақ бонитетін 30 млн гектар жерден анықтау; сондай-ақ қалалық және ауылдық елдімекен жерлерінде 1175 есептік орамға арналған электрондық жер-кадастрлық карталарын әзірлеу; көлемі 66 млн гектарды құрайтын алқапта электрондық топырақтық және геоботаникалық карталар жасау; ирригациялық және дренажды жүйеге байланысты өзекті өзгерістер енгізу, су шаруашылығы құрылыстарын республикалық меншікке өткізу; су шығынын төмендету үшін қазіргі заманғы технологияларды қолданып, су шаруашылығын қалпына келтіріп және реконструкциялау жоспарланған.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығына қатысты жерлердің сапалық сипаттамалары туралы өзекті деректер жиналып, арнайы тексерулер жүргізіледі. Су және жел эрозиясынан сақтап, тиісті микроклимат қалыптастыру әдістері іске асырылады. Топырақ құнарлылығын арттырып, қар және ылғал жинау үшін ағаш-бұта екпелерін салу шаралары қолға алынатын болады.
Жерді бей-берекет пайдаланудың кесірінен азып-тозып, құнарын жоғалта бастады. Жердің иесі, елдің киесі осындай игілікті істі өз қолына алып, кешенді жұмысты жандандырса, елдің бойына қан жүгіріп, жердің бойынан нәр тамар еді.
З. Самалбекұлы