Иван Бунин. Асу да асу бел екен (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
2212

Иван БунинТүн еді, асуға жете алмай таудың жықпыл-жықпылында әлі сандалып жүрмін, екілене соққан жел, мұнартқан сыз тұман, оқтын-оқтын ішін тартып артымнан сүмеңдеп ерген ат тұяғының тықыры мен ер-тұрманның сылдырын ғана естимін.

Етегіне жал-жал қалың самырсын үйездеген жалаңаш құздың иек артпасына жете бере аяқ суыттым да төменде қалған меңіреу шатқалға көз тастадым: биікке шыққан адамның бойына қуат бітіп, көңілі орнына түсетін қашанда әдеті емес пе. Алыста, теңіздің тар қолтығында қалған қойнаудың жылтылдаған оттары әлі сөне қоймапты; қолтық шығыс көкжиекке көтерілген сайын ұлғайып, аспанмен астаса бозшағырмақтанып жатыр.Тау ішін тас қараңғы тұмшалап барады. Әп-сәтте көз байланды да мен тағы да орманды бетке алып ентелей жөнелгенмін, жақындаған сайын тәкаппар құздар үрей салып, өркеш-өркеш жақпарлардан дауыл қуған соқыр тұман жыланша ирелеңдеп сөлеңдеп келе жатыр. Дөңкиген жон арқалардан сырғанап келіп, қарысқан қияларға белдеу-белдеу боп іркіле бастапты, онсыз да үңірейген терең шатқалдар тереңдей түскен тәрізді. Енді міне, орманды бүркей, ағаш басын күңірентіп, ұйқы-тұйқысын шығарып жатыр. Қыстың ызғары шалқып, қарсы алдымнан қарлы дауыл тұрды... Желмен жарыса ұлыған тас кере-гелерді тімтініп, тұманды тас қараңғыда тұншығып ұзақ сенделдім.

"Асу да алыс емес шығар-ау. Осы қырдан түссем құлаққа маза, жанға жайлы жылы төсекке кешікпей жетермін" - деп іштей күбірлеп келемін...

Жарты сағат өтті, бір сағат өтті... Әр минут сайын кезең басына жарты қадам, бір қадам қалғандай көрінеді, бірақ жалаңаш тас шағыл тіпті таусылар емес. Қалың самырсын қарауытып төменде қалды, тырбиған бытқыл шыршадан да баяғыда өтіп кеткенмін, әрі шаршап, әрі тоңази бастадым. Асу алқымындағы орман ішінде жатқан бір топ мола есіме түсті, боранда опат болған отыншылардың қабірі десетін. Құлазыған шырқау биікте менен басқа тірі пенденің жоқ екенін сезіп келемін, аспаным тұман, алдым ор, атамзаманда тас болып қатқан тажал мүсіндей тұман арасынан төніп кеп қалатын жартастардың тұсынан сескенбей қалай өтерсің. Асуға жетсем ар жағында еңіс бар, мезгілден де, межелі жерден де жаңылып, қазірдің өзінде-ақ ес кетіп, жан шыққанда, елді мекенге жеткенше тырпым қала ма?

Алақаншық тұман арасынан әлдене қарауытқандай болды... Қалғыған аюға ұқсас дәу қойтас екен. Бір қорымнан бір қорымға секірем, тағасы тасқа шақырлап ат байғұс та сүріне-қабына зорға ілесіп келеді, өзегім талып енді жетгім-ау дегенде сүрлеуі құрғыр тағы да қасқайып тауға тартады.Тағы да торығамын, алақтап айналама қараймын. Әлде үрей, әлде шаршаудан ба, денем қалтырап барады, киімім малмандай, қарлы боран өңменнен өтеді. Айқайласам ба екен? Бірақ даусымды кім естір, түн баласында ұйықтамайтын малшы екеш малшы да қойын қотанға бекітіп, әлдеқашан ұйқыға кеткен болар-ау. Жан күйзелді-ау құрғырды...

- Құдай-ау, шынымен-ақ адасқаным ба?

Әйтеуір түн. Алыстан шулаған орман сарыны келеді. Мезгілден жаңылсам да қара түнектің қоюлана түскенінен әйтеуір түн екенін сеземін. Ендігі ойдағы ауылдың оты да сөнген шығар, жер-көкті басқан мынау соқыр тұманнан енді қайтып таң атып, күн шықпайтын тәрізді: сарнаған орман, йен асудағы дүлей боран мен түн күзеткен алып құздар, қарақұрық дүниеден басқаның бәрі де қайтып оянбайтын мәңгілік ұйқыға батқан. Желден ықтап атқа бұрыламын. Жанымдағы естияр болар жалғыз тірі мақұлық осы ғана. Бірақ ол да менен жанарын тайдырып әкеткендей. Ердің ербиген қасы көрінеді, бауырынан су тамшылап, белі аспанға шығып кетіпті, құлағын жымитып, басын еңкейтті де дәрменсіз күрсінді. Ызадан тізгінді жұлқып қаламын да жылбысқы қарға малтып, ысқырған желдің өтіне тұншығып тағы да ілгері тартамын. Төңірекке көз тастасам, ақ сел боп аққан тұңғиықтан басқа тұтам жер көрінбейді. Тың тыңдасам, ысқырған желдің ызынымен бірқалыпты сыңғырлаған үзеңгі сылдырынан ала бөтен құлаққа ұрар бөгде дыбыс жоқ.

Бір ғажабы - кейде жаның күйзелсе жігерің қайнай түседі. Осы тартқан азабым үшін әлдекімге ыза боламын да алдымнан үміт оты жылт еткендей аяғымды өршелене басамын. Не салса да көндім, не болса да көрдім деген бір ой дүлей өлермендікке жетелегендей...

Міне, асуға да жеттім. Бірақ маған ендігінің бәрі бір. Сырмадай шұбатылған боз тұманды лекіте қуған өкпек жел тобықтан қағып, допша домалатады, сонда да жазық текшемен асықпай аяңдап келемін. Мазасыз жел, соқыр тұман меңіреу тауға түн әлетін баяғыда маңытып ап келген, ойдағы жұрт та қалың ұйқыда, жан баққан жартыкеш пенденің бәрі де бұйығып-бұйығып жатқан шығар, енді асықтың не, асықпадың не, өзімнен өзім тістенемін де атыма күбірлеймін.

- Аяңда, жануарым, аяңда! Қашан құлап түскеніңше аяңдай бер! Тірлікте жан құлазытқан талай асулар болған. Осынау қара түнектей буған қасірет бұлты талай рет көңілді күйзелтіп, тұрақсыз жардан түңілтіп, тұрлаусыз достан айырып, фәни тірліктен бездіріп жіберген күндер-ай! Көкірегіміз қарс айырылса да қаңғырып кете беретінбіз. Ал бақыт атаулының бәрі де қол жетпес биікте, жолы қиян, алдыңда түнек пен тұман, талай қырда өмірдің дауылына кезігіп, талай асуда жалғыздықтың азабын тартқанмын... Жә, жануарым, аяңда, аяңдай бер!

Өң мен түстей дүние, өзегім талып аяңдап келемін. Таң атқанша әлі қай заман. Таң атқанша сан еңкуден асармын, мүмкін сол таң шапағында сілем қатқанша бір ұйықтап, осынау ызғарлы түннен соң жан рақатына бататын шуақты күн туар...

Атар таңда жаныңды нұрға бөлер шуақ бар, сені алдарқатар жүзі жылы жандар бар... япырау, әлдеқайда қиюсыздан құласам, мәңгі ұйқының түнегі мен үскірігін бүркеніп, құлазыған йен құзда қалар ма екем мен бір күн.

author

Иван Бунин

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...